(Көрініс)
(Сахнада анасы қызын мектепке дайындап жатыр. Айзеренің үстінде Айсафтың формасы. Шашында бантик. Қолында ойыншық аю.)
Анасы:
— Қызым, ойыншығыңды таста! Сөмкеңді ал! Енді ойыншықпен емес, кітаппен дос боласың.
Айзере:
— Анашым, әпкем мектепке ойыншығын апарып жүр ғой? Неге маған болмайды?
Анасы:
— Әпкең аптасына бір—ақ күн "Сахна тілі" үйірме сабағына апарады. Ал сендерге бүгін ол сабақ болмайды.
Айзере:
— Анашым, мұғалімдер қорқынышты бола ма?
Анасы (күліп жібереді):
— Оны қайдан шығардың?
Айзере:
— Әпкем кейде: "Апай мені өлтіреді! Үй тапсырмасын орындауды ұмытып кетіппін!"— деп жатады ғой?
Анасы:
— Әсірелеп айтқаны ғой. Мұғалімдер ұрсуы мүмкін, бірақ оқушыларға қол көтермейді.
Айзере:
— Сонда біз мұғалімдердің жанына барғанда, олар екі қолдарын өстіп тұра ма? (Екі қолын сарбаздарша денесіне жабыстырып тұра қалады)
Анасы:
— Ой, сұрағы таусылмайтын ботам-ай! Мың естігеннен, бір көрген артық! Кеттік мектепке?! Өзің көресің қазір... (Екеуі қол ұстасып шығып кетеді.)
ІІ — сахна
(Мектеп. Бірінші сынып. Екі парта, төрт орындықта оқушылар отыр. Мұғалім оқушыларға қалай отыруды, қалай сұрануды үйретіп жатыр)
Мұғалім:
— Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар!
Оқушылар:
— Сәлеметсіз бе, мұғалім!
(Бір оқушы алма жеп, бір оқушы чуппа-чупс сорып, біреуі шармен ойнап кетеді. Мұғалім барлығына қарап тұрып, столды тақылдатады.)
Мұғалім:
— Оқушылар! Сіздер қайда отырсыздар?
Оқушылар:
— Мектепте!
Мұғалім:
— Ал, мектепте қалай отырады?
Оқушылар:
— Тыныш, шуламай! (Әмина қол көтереді)
Мұғалім:
— Айта ғой Әмина?
Әмина:
— Сабақ үстінде тамақ жеуге, ойнауға болмайды! Анам айтты. Үзілісте ғана жеу керек!
Мұғалім:
— Тамаша! Дұрыс айтасың Әмина. Қане, барлығымыз Әминадан үлгі аламыз!
Айзере:
— Апай, менен де үлгі алсыншы?! Мен де тәртіпті оқушымын ғой...
Мұғалім:
— Жақсы, Айзереден де үлгі алыңдар! Болды, сабағымызды бастаймыз! Балалар, бүгін біз «танысу» сабағын өтеміз. Сіздерді мектеппен таныстырамын. Сондықтан екі қатарға тізіліп, сапқа тұрыңдар! (Оқушылар сапқа тұрады. Мұғалім оқушылардың жанына келіп шашын артқа қайырады.)
Айзере:
— Мұғалім, сізге олай істеуге болмайды.
Мұғалім (түсінбей):
— Қалай?
Айзере:
— Қолыңызды көтеруге болмайды!
Мұғалім:
— Қолымды көтеріп, шашымды қайыруға болмай ма?
Айзере:
— Шашыңызды қайыруға болады. Қолыңызды көтеруге болмайды.
Мұғалім:
— Қызық екен! Оны кім айтты?
Айзере:
— Анам айтты! "Мұғалім оқушыларға ұрысса болады, қол көтерсе болмайды" — деп.
Мұғалім (күліп):
— Енді түсінікті болды! Анаң: "Мұғалім оқушыларды тек ұрса алады. Бірақ ұра алмайды!"— деген. Сен дұрыс түсінбепсің.
Айзере:
— Ааа! (Күледі).
Мұғалім:
— Құрметті оқушылар! Бүгін сіздер алғаш рет мектеп табалдырығын аттап "бастауыш сынып оқушысы" атандыңыздар! Төрт жыл бойы біз сіздердің екінші аналарыңыз, ұстаздарыңыз, тәрбие беретін тәлімгерлеріңіз боламыз! Біздер сіздерді қатты жақсы көреміз! Бірақ... үй тапсырмасын орындамай, айтқан сөзді тыңдамай, нашар оқушы болсаңыздар, онда ренжіп қаламыз... (бұртияды). Қалай? Жақсы оқимыз ба?
Оқушылар (бәрі бірге):
— Ия!
Мұғалім:
— Тәртіпті боламыз ба?
Оқушылар (бәрі бірге):
— Ия!
Мұғалім:
— Дәлізде жүгіреміз бе?
Оқушылар:
— Ия!
Мұғалім (оқушыларға таңданып қарайды):
— Дәлізде жүгіруге болмайды. Тек жаймен жүреміз. Олай болса кеттік! Білімге аттаған алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын! (Барлығы бірге шығып кетеді.)
Г. Қасенбай
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі