(бастауышпен қоштасуға арналған көрініс)
(Сахнаға мұғалім шығып, оқушыларға былай дейді)
Мұғалім:
— Құрметті оқушылар! Жаңа сендер түскі асқа кеткенде, сыныпта өте бір қызық оқиға болды. Сендер күнде дене шынықтыруға, гимнастикаға, цифрлық сауаттылыққа кеткенде, сыныпта жиналыс болады екен. Қане, барлығымыз сыныптан шығып, ашық есіктен бірге тамашалайықшы..?! Жиналыс не жайлы екен?
Оқушылар:
— Жарайды!
(Оқушылар сахнаны босатады. Сосын сахнаға А әрпі шығады.)
А:
— Уа, әріптер! Қайдасыңдар? Кей қыздар бізді қарадай қорлап бітті ғой? Маған қараңдаршы? Бір аяғым ұзын, бір аяғым қысқа. Белім де қисық буылған. Басым кекжиіп, мойным қисайып тұр! Мені дәл осылай кім жазды деп ойлайсыздар?
Ә:
— «А» аға! Сізге анықтап қарауға денсаулық қайда? Сіздің түріңіз тәуір ғой. Маған қарасаңызшы? Кейде шалқайтып қойса, кейде еңкейтіп қояды. Кейде теріс қаратып «6» санына ұқсата салады. Мұғалім дәптер тексере бастаса, қалтырап қоя берем. Тағы да қызыл сызықпен бастырып тастай ма деп?! (жыламсырайды)
А:
— Сен кімнің дәптерінен келдің?
Ә:
— Әминаның...
А:
— Әмина көп қой? Қайсысы?
Ә;
— Білмедім. Өзі әлі аты-жөнін дұрыс жаза алмайды.
А:
— Ал мен Айшаның дәптерінен келдім.
Ә:
— Қай Айша? Біздің сыныптағы Айшалар түгелдей үздік оқиды.
А:
— Демек, өзге сыныптағы Айша!
Б:
— Ееей, дауысты дыбыстар! Маған қарағанда бастарыңыз орнында ғой. Мен байғұсқа қарасаңыздаршы..?! Басым мойныма ілініп тұр. Бір бүйірім қабысып, омыртқама жабысып тұр. Беу, дүние-ай! Мені алып өзгертіп, әдемілеп жазатын оқушы бар ма екен?
(Осы кезде сахнаға ақсаңдай басып «Н» әрпі шығады.)
Н:
— Сәлем, қырық бір бауырым! Бармысыңдар! Мына оқушылардың дәптерінен ешкімнің түрін танып, амандаса алмайтын болдық қой?! Мені теріс қарап тұрған «4» екен деп қалмаңдар! Бір аяғы тізеден төмен жоқ «Н» әрпімін. (Көз жасын сүртіп) Өмірі осылай бірде — ақсақ, бірде — тоқсақ, бірде аяқсыз, бірде қолсыз жүріп жатқан жайым бар... (Жылап отырып қалады.)
Р:
— Еңіреп отырған «Е» ме десем, өзіміздің үнді, дауыссыз «Н» әрпі екен ғой?! Аяқ-қолды алып тастаған ешнәрсе емес, жоқ нәрсені жалғап, арқаңа ауыр жүк арқалатып қойғаннан қиыны жоқ! Мені мұғалім үнемі «ф» әрпімен шатастырып, ал оқушылар «саңырауқұлақ» деп те жатады.
Ж:
Жарайды, жарайды «Р», жылай берме «жүк, жүк»-деп. Нардай «Н», сен де налыма..! Жақында оқушылар дұрыс жазуды үйреніп, қол-аяғың бүтінделер. Жарқырап өңің де кірер!
О:
Ойпырой, осылай ойланып, ойға шомып отыра береміз бе? Көтеріліске шықпаймыз ба?
Қ:
— Қ-қ-қалай? Қайтіп қарсы шығамыз? Қарсы тұрар қайрат бар ма, бізде?
М:
— Мммм, менде бір ой бар! Осы қалпымызбен тобымызды бұзбай бірінші сыныптарға барып, ақылға шақырайық! Егер тыңдамаса, менсінбесе, мобилограф шақыртып, Инстаграмға шығайық?!
Ш:
— Шшшақырсақ, шақырайық?!
Қ:
— Қыздар! Қайдасыңдар?! (айқайлап шақырады)
Ә:
— Әріптердің әңгімесін тыңдаңдар! Әкіреңдеп, әлекке салмамаңдар!
(Қыздар сахнаға шығады. Қолдарында телефон. Ауыздарында чуппа-чупс. Таңдана әріптерге қарап, ауыздары ашылып қалады.)
Қыздар:
— Мәссаған!
— Бұл не? Әріптер ме?
— Қыздар, қараңдар! Шын әріптер! Бұлар қайдан шықты?
— Өңім бе, түсім бе?
Ө:
— Өңің, өңің! Өңкей мүгедек әріптерді жазған өзің! Өкпелеме, өте қиын жағдайың. Қайта жазып, жөндемесең, өкінерсің әрдайым!
Қыздар:
— Қалай жөндейміз?!
Ж:
— Жаңа дәптер ал да, жаңадан жаз, жалықпай!
Ә:
— Әдемі болсын әр әріп!
Қ:
— Қисайтпай жаз, қақитып! Қалмасын құлап, құнтиып. Қол-аяғы шұнтиып!
Ш:
— Шимайлама шатасып! Қалмасын сия баттасып!
Қыздар:
— Жарайды, жарайды! Ашуланбаңдаршы...?!
— Біз сендердің бұлай жиналатындарыңды білген жоқпыз.
— Енді әрқайсыңды барынша әдемі жазатын боламыз!
— Біз өзгереміз!
— Ең үлгілі оқушылар боламыз!
— Уәде береміз!
Б:
— Баяғыдан бері солай жазуларың керек еді?! Енді біз мұндай қорлыққа көнбейміз! Егер тағы да сүйкімсіз, сиықсыз етіп жазсаңдар, біз бұл сыныптан кетеміз. Әдемі жазатын сыныпқа барып, сондағы оқушылармен ғана дос болып өтеміз!
Ж:
— Жә, жә, Жарайды! Жамырамай жобаға келейік! Жалқауларға бір мүмкіндік берейік?! Жаман жазуын тоқтатпаса, жақсы оқитын сыныпқа кетейік?!
Д:
— Дұрыс! Дөп сөз! Қосыламын!
Барлық әріптер бірге хормен:
— Қосыламыз!
Қыздар:
— Біздің сыныпқа бір мүмкіндік бергендеріңе рақмет! Бізді кешіріңдерші достар! Біз сендерсіз қалай оқимыз? Қалай жазамыз? Енді жалқау болмаймыз! Қисық-қыңыр жазбаймыз! Уәдеміз-уәде!
Әріптер:
— Көрерміз... (Бір-бірден шығып кетеді. Қыздар жалма-жан қолдарына дәптерлерін алып, әдемі жазуға кіріседі.)
Мұғалім:
— Балақайлар, енді мұндай қателікті қайталамаңдар! Менің есіме бір нақыл сөз түсіп отыр. «Кім білімге көңіл қоймайды, сол ойынға тоймайды. Кімнен білім қашады, одан бәрі қашады!»- деген. Сондықтан дәптерлерімізді таза, әдемі, ұқыпты толтырып ұстаймыз! Келістік пе?!
Қыздар (бәрі бірге):
— Ия! Бұдан былай өте әдемі жазамыз!
Мұғалім:
— Олай болса әріптердің ашуы басылсын. Қане оларға арнап әдемі тақпақтар айтып берейік?!
(Барлығы сахнадан кетеді. Тек тақпақтар айтатын оқушылар қалады.)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі