Өлең, жыр, ақындар

Ана

Жердегі бар тағамнан.
Ана сүті нәрлі екен.
Бұл жалғанда анамнан,
Сүйікті адам бар ма екен?

Ф. Оңғарсынова

"Ана" әлемнің бар жақсылығы мен махаббатын сыйғызуға болатын жалғыз сөз. "Ана" дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын "Ана" сөзінің астарында теңіз сияқты терең ой жатыр. Ана туралы, ананың мейірімділігі мен шапағаты туралы қанша жазсамда артық етпес. Әлемнің ақиық ақындары мен ұлы жазушылары да еңбектерінің 80%-ын асыл жандарға арнаған. Бір қолымен беіскті тербесе екінші қолымен әлемді тербейтін аяулы аналар. Әрбір адам баласы дүниеге келгенде ана сүтінен нәр алып, жылы құшағына бөленеді. "Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың" - деп бекер айтпаған. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаға қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдыңдағы парызды өтеу.

Адамзат өмірінде ананың орны аса ерекше. Адам бойына әдептілік пен жан-дүние сұлулығы ең алғаш ана сүтімен дариды. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ екені бәріміхге мәлім.

Бір үйдің ұйытқысы болып. Үй тірлігіне де, бала тәрбиесіне де, тіпті күйеуінің көңілін тауып үлгеріп жүретін қандай мықты жандар десеңізші. Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиындық болса да көтеруге дайын. Өйткені олардың жанын нәзік жүрегін берік етіп жаратқан.

Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін деп баланың амандығын тілеп жүретін жалғыз жан. Әйтседе, "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада"- демекші бүгінгі күні көп жасөспірімдер ана қадірін түсінбейді, барында бағаламайды. Ананың біз үшін жасаған жақсылығын, қарызын өтей алмасақ та, ең болмаса, ананың қабағына кірбің түсірмеуге тырысуымыз керек. "Балам, ананы үйте салшы, мынаны бүйте салшы!" - деген ананың сөзіне түрлі сылтау айтамыз. Ал біздің сілкініп айтқан сөзіміздің ананың жұдырықтай жүрегіне ауыр тигенін білеміз бе? Өйткені аналар еш нәрсені білдірмейді, сездірмейді, көрсетпейді. Олар – өте құпия жандар.

Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Ботагөз ИНАБАТОВА
№187 IT мектеп-лицейінің бітіруші түлегі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

????

Өте керемет жазылған????????????

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз