Жанақ ақын ел аралап, өлең айтып жүргенде, «Балқаштың арғы бетінде Рүстем деген төре бар, өзі салтанатты, жомарт» деп естіген соң жанына бір жолдас алып, Рүстемнің еліне барады. Сұрастырып отырып, төренің ауылына келсе, маңайында мал дегеннен тышқақ лақ жоқ, жанында қара лашығы бар бір үлкен ақбоз үй тұр.
Ақын ойланып: «Апырым-ау, бұл қалай? Елдегілер бірдеме жетпей айтпаса игі еді», — деп жан-жағына қарайды. Дауыс жететін жерде тағы бір ақбоз үй көрінеді. «Көшуге әзірленіп жатқан үй екен ғой», — деп ойлады Жанақ ақын. Бірақ көшіп жатыр деуге келмейді, маңайдағы көгалдың қыры да сынбаған. Енді келіп жаңадан қонып жатыр дейін десе, оған да ұйғара алмайды. Не келіп жатқан жүк жоқ, не қылса да сұрап білмесе болмас деп дауыстайды. Бір жігіт шығып сәлем беріп, жөн сұрайды.
Жанақ тұрып:
— Арқа бойындағы орта жүздің ішінде Жанақ дейтін ақынмын, Іле бойында Рүстем деген төре бар деп естіген соң, көрейін деп іздеп шығып едім, үйін білемісің? — деді. Жігіт:
— Төренің үйі осы болады... Жанақ:
— Тегі бұл құдыққа жаңадан қонып жатқандарыңыз ғой?
— Қонғалы көп болған.
— Әлде көшіп жатырсыздар ма?
— Әзір көшетін ойымыз жоқ. Жанақ көзі бақырайып:
— Апыр-ау, төренің ауылы мен малы жоқ болушы ма еді? — деп сұрайды.
— Бар. Бірақ олар басқа жерде отырады. Мұнда нөкерлерімен өзі ғана тұрады.
— Төренің өзі үйде ме?
— Үйде жоқ, кешке таман келеді, — деді. Сонан кейін Жанақ:
— Ендеше түсейік, — деп ыңғайлана бастайды.
Жігіт: «Анау қонақ үйге түсіңіздер», — деп бағанағы оңаша тұрған боз үйді көрсетеді. Бұлар барып аттарын матастырып, қонақ үйге кіріп отырады. Әлі отыр, бері отыр... не бұлардың жанына келген кісі жоқ, не ішкен тамақ жоқ. Сонымен кеш те жетті.
Қонақтар іштері пысып далаға шықса, күнбатыс жақтан мінгендері ыңғай жирен, қылыш-найзалары жарқырап, бір топ кісі саусылдап келе жатыр. Санап тұрса, он бестен қақ жарылған отыз жігіт. Орталарында жирен жорғалы, толықтау, сақалды біреу бар. Тура барып бағанағы үлкен үйдің сыртына сау етіп түсе-түсе қалысып, аттарын екі жерге үйістіріп тастап, үйге кіріп жатыр.
Олар кіріп болғаннан кейін қонақтар да өз үйлеріне кіріп отырады. Әрі-беріден соң бір жігіт есіктен сәлем келді де: «Сіздерді төре шақырады, қобызыңызды ала жүріңіз», — дейді. Бұлар жігітке еріп төренің үйіне келді. Есіктен: «Ассалаумағалайкум, алдияр!» — деп кіргеннен жан-жаққа қараса, керегенің басында саусылдап ілулі тұрған қылыш, найза, үйдің екі жағында жүгініп отырған жігіттер. Төрге таман аяғын көсіле салып, түсі суық біреу (Рүстем төре) отыр. Берген сәлемді құрмет алған кісі болмады. Тек жігіттердің кейбіреулері ғана игені болмаса, төренің өзі түзу де қараған жоқ.
Сол секілді салтанат пен айбарды көргеннен кейін Жанақтың бір жағынан есі шығып, бір жағынан қорқу түсіп, не төрге шығарын білмей, қалтылдап тұрды да қалды.
Сөйтіп тұрғанда, бағанағы ертіп келген жігіт төрге қарай иек қаққан соң, қобызын ақырын ғана босағаға сүйеп қойып, жаңа аяқтанған бұзаудай тәлтіректеп төрге барып отырды. Әрі- беріден соң төре Жанаққа қарамастан:
— Қай жердікісің? — деді. Жанақ қибыжықтап қозғалып:
— Алдияр, Ален бойынікі боламыз, алыстан сіздің атағыңызды естіп, сәлем беріп қайтайын деп шығып едім, — дейді. Төре оған дәнеңе деген жоқ. Үндемей тағы біраз отырғаннан кейін:
— Сені ақын дейді ғой, өлең айтшы? — дейді. Жанақ босағадағы қобызға қарап, не барып аларын білмей, не әпер деп айта алмай қипақтайды. Сонымен әлі отыр, әлі отыр. Бір мезгілде төре:
— Енді қашан айтады? — дейді. Бір жігіт түрегеліп (Жанақтың қимылын байқап отырса керек):
— Алдияр, ақынның жолдасы босағада қалды, соған қарайлап отыр-ау деймін, — деген соң, төре:
— Е, ол ағашта не тұр екен? Әпер ендеше, — дейді. Жігіт тұрып қобызды алып береді. Жанақ қобызды қолына алып, құлағын олай бұрады, бұлай бұрады, келтіре алмайды. Айтпай қоюға жол жоқ. Ақырында буыны қалтырап, жүрегі дірілдеп өлеңді бастайды. Айтқан өлеңі — белгілі баяғы ақындардың өлеңі. Төренің затын мақтайды, өткен-кеткенін қозғайды. Өзінің кім екенін әм келген жәйін баяндайды. Әйткенмен Жанақта бұрынғы екпін, баяғы айғай жоқ. Не айтып не қойғанын да білмейді. Тек даңғыл көкірекпен соғып отыр. Бір мезгілде төре отырып:
— Жә, болар енді. Құлағым ауырды, — дейді. Жанақ төбеге ұрғандай тоқтады.
Біраз отырғаннан кейін төре: «Мына қонаққа мал әкеліңдер», — деді. Бір-екі жігіт тұра жөнеліп, әлден уақытта мойнына шылбыр салған бір кісіні есіктен біреуі итеріп, біреуі жетектеп кіргізіп келе жатыр. Қараса, сақалы беліне түскен, жылаудан көзі қып-қызыл боп кеткен, бурыл басты еңгезердей бір сарт.
Жігіттің біреуі Жанаққа қарап, «иләһи әмин!» деп қолын жайып, жүресінен отыра қалды. Онсызда сартты көріп, жаны мұрнының ұшына келіп отырған Жанақ қолын жайып дүрсе қоя берген соң зәре-құты онан жаман қалмады. Не айтарын білмей қалтырап біраз отырғаннан кейін, әйтеуір, төре тұқымы мен сарттың өш екенін есіне түсіреді. Сондықтан Құдай аузына салып: «Төренің мерейін үстем, сарттікін төмен қыл, аллауәкбар!» деп бата қылды.
Есікті қайырып ашып қойды. Сартты сүйретіп далаға шығарып алып соғып, қол-аяғын байлап, есік алдындағы жер ошаққа қорқыратып бауыздап жатыр. Бауыздап болғаннан кейін есік жабылды. «Мені де сондай қылады ғой» деп ойлаған Жанақта үрей жоқ. Әйткенмен әзір оған көңіл аударған адам да жоқ.
Бір мезгілде төрт табақ ет әкелді. Бір табағын төренің алдына, бір табағын Жанақ пен жолдасының алдына, екі табақты екі жақтағы жігіттердің алдына тартты. Төренің етін бір жігіт жүгініп отырып турап берді. Өзге жігіттер жапырласып жеп жатыр. Қонақтар сорлы қорқумен, қысылумен не жеп, не қойғанын да білмейді. Ет жеген жоқ, дерт жеді.
Төре өзі болғаннан кейін табақты қолымен ақырын ғана ысырып қойды. Әлгі ет тураған жігіт төренің табағын алды да, анадай жерге барып өзі жеді. Сонымен ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін қонақтарға жатуға рұқсат берілді. «Құдай-ау, рұқсат деген сөзді құлағымызбен еститін күн болар ма екен», — деп әрең отырған қонақтар, жығыла-сүріне шыға жөнелді. Шыға бергенде, төре бұларға: «Таңертең күн шыға, анау асудан асыңдар. Егер түнде қашып кетсеңдер, өкпелемеңдер!» — деді. Қонақтар шығып қонақ үйге келді.
Жатайын десе, жата алмайды. Ұйқы келу қайда? Қашып кетуге әлгі сөз бар. Амалдары құриды. Арыздасып, жыласып, имандарын айтып, «таң ата өлуіміз хақ» деп отырып таңды атырды. Таң атқан соң аттарына мініп алып, айтылған асуға қарай жөнелді. Асудан бұлар да асты, шашырап күнде шықты. Асудың ар жағына түсе бергенде, алдарынан өңшең қара ат мінген, кешегі отыз жігіт қасында, астында қара жорғасы бар Рүстем төре сап ете түсті. Енді бұларда өлмедік деген ой жоқ. «Осы арада бізді өлтіргелі тосып жүр екен ғой», — деп жандарынан күдер үзіп, сұп-сұр болып, күбірлеп имандарын айта бастайды. Жолыққан жерде дауыстары қалтырап, әзер дегенде шығып, төреге: «Ассалаумағалейкум, алдияр!» — деп сәлем берді. Төре: «уағалейкуммәссалам, бәрекелді қашып кетпей, айтқанды оңына келтірген жақсы қонақ екенсіңдер, жүріңдер», — деп, қара жорғаны борбайға бір тартып, жосытып ала жөнелді. Артынан өз жігіттері де, қонақтары да бірге еріп келеді. Бұлар жарты дөң аспай-ақ бір сайға келді. Қараса, сайдың іші толған жайылып жүрген түйе, тігулі тұрған қос, шашылып жатқан тоғанақ, өліп жатқан сарттар. Бір сарт қостың ішінде өліп жатыр, біреуі тысында, кейбіреулерінің басы кесілген. Кейбіреуі бауыздалған, қайсы бірінің ішек-қарны ақтарылып жатыр. Құдай салмасын, баяғы қорқу ма? Жанақтың жаны жаңа көзіне көрінді. «Құдай енді бізге ақ иманды бере көр, жұмысымыздың біткен жері осы екен ғой», — деп ішінен еңіреп келеді.
Төре бұларды ерткен бойымен қостарды аралап болған соң, бағанағы шашылған тоғанақтардың жанына келіп тұрып Жанақты «Бері кел, ақыным!» деп шақырып алды да: «Мынау тоғанақтардан таңдап екеуін ал! Жерің алыс қой? Бір түйе жеткізе алмас? Екі түйеге артасың, мен саған кешеден бері ілтипат қылып, сыйлық көрсеттім, онымның мәнісі — түсін бояп, орыс жақтан келген бір тыңшы ма дегендік еді. Тыңшы болсаң, Құдайыңа тапсырдым, бола бер, Құдайсыз орыс маған не қылады, мен оған не қыламын? Егерде шын Жанақ болсаң, ренішіңді кешу қыларсың, көңіліңде кетпесін. Мынау оқиғаның жайын айтайын, біздің ата-бабамыздың ежелден сартпен өштігін еститін шығарсың. Оның бер жағында кеше Саржан мен Есенгелдіні өлтіргенде бектер бегінің ақылшыларынан болған кешегі көз алдыңда бауыздалған сарт көптен қолға түспей жүруші еді. Құдай мынау он бес қос керуенмен сайда кез қылып, біреуін аман жіберместен түгел қырып, арманыма жетіп тұрмын», — деді. Сол орыннан бір жігіт жіберіп, түйе алғызып, тоғанақтап арттырып беріп, қош айтысарға келгенде: «Қане, ақыным, өлгенше құлағымда жүрсін, бір ауыз өлең айтшы», — деді. Жанақ сонда қобызын алып, айғайлап мынау өлеңді айтыпты:
— Болғанда қырғыз қырда, орыс ойда,
Бек-сұлтан бұлғаңдайды жиын-тойда.
Бір сайда он бес сартты бірдей қырған
Жауынгер Рүстемдей төре қайда?!
Сонда Рүстем төре шаттанып, күліп келіп: «Жарайсың, ақыным!» — деп жаурынға қақты. Жанақ ақын Рүстем төремен қоштасып, берген сыйын алып, аман-есен еліне қайтқан екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі