Мына сәтсіздікті қараңыз, өзінен әлдеқайда үлкен деп жүрген қара бала Едикпен сыныптас болып шықты. Ана боймен, ана денемен он жаста деп оны кім ойлаған? Сол біреудің бөлек оқығаны әбден-ақ жақсы болатын еді. Амал нешік…
Қара бала шүу дегеннен-ақ, мінез көрсетті. Едик екінші қатарға келіп отырып жатыр еді, ол:
— Бұл сенің орның емес… қорқақтардың орны анау, — деп ең соңғы партаны нұсқады.
Балалар түгел жалт қарасты.
Едик өзін онша қорқақ баламын деп санамайтын. Жолдастары да оны ойлағанын ірікпей айтып салатын, бетті бала деп есептейтін… Ал оның түнде далаға жалғыз шығуға жүрегі дауаламайтынын, ит көрсе, безіп беретінін жолдастары сезе бермейтін. Мұнысын ол қатты жасырушы еді… Енді, міне, аяқастынан ши шығарып алды.
Едик түк дей алмай, артқы партаға беттеді. Оның үндеместен ыға жөнелгені бұған деген көзқарасты мүлде нашарлатты. Намыссыз, жігерсіз, жасық! Әйтпесе, жөнсіз киліккен тентекке бірдеңе десе керек еді ғой… Кейбір балалар мұны сездіріп те салды. Сыныптағы бой жағынан ең кішкентай, жұқа өңді, үйі Ставропольден келген Коля:
— Фу, мынау не қылған бала өзі?.. Біреу тұр десе, кете бере ме екен? — деп қасындағы жолдасына қарады.
Осындай наразылықтар сынып ішінде әр жерден сезілді. Бәрінің көзі Едикке қадалып, жеп барады. «Жасықсың! Жігерсізсің!» деп тұрғандай бұл көздер.
Осыны ұқты ма, әлде әбден ашуы келіп, намысына тиді ме, Едик артқы орынға отырды да, мойнын қара балаға бұрды.
— Мені қуғанда өзі үп-үлкен болып алда қоржиып қалай отырар екен, көрейік, — деді ол мысқылмен.
Бойындағы мінге қатты намыстанатын — балалардың әдеті. Қара баланың аты Рудик еді. Ол өзінің денелілігін кемшілігіне санап, неге осынша жұп-жуан, зор болдым екен деп кейде қынжылатын. Оның ұғымында денелілік өзінің сиқын алып тұрғандай сезілетін. Осы «мініне» қорқақтың аяқастынан шап беруі оған батып кетті. Бірақ іштей шыжалақтаса да, алдағы уақыттарда қысылтаяң жерде «мінін» бетке басып, балалардың жармаса кететінін ойлап, ол бұған мән бермегенсіп, әуелгі беттегі қарқыннан таймады.
— Ой, мен сені сақау ма десем, тілің бар екен ғой… Қане, аузыңды ашшы, тіліңді көрейік…
Бұл сөзіне балалар ду күлер деп ойлап еді. Алайда ешкім езу тартпады.
— Барбосты шақырайын ба, бәлем… — Осыны айтып, ол өзі күлді.
— Шақыр!..
— Батырсынуын ұзын құлақ қоянның.
— Мен қоян болсам, сен, сен… — деп Едик асқа қақалған адамша шашалып, тұтығып қалды.
— Иә, кіммін? Айтып көр… — деп қара бала орнынан атып тұрып, Едикке төнді.
— Неменеге қорқасың? Айт, — деді Коля сыбырлап.
Демесінді байқаған Едик қоқиланып:
— Түк те қорықпаймын, айтамын, — деп қара балаға ежірейе қарады:
— Сен бар ғой, сен аюсың!..
— Аю?
— Қараңдар, әне, құдды аю, қорбаң-қорбаң етеді.
Оның бұл теңеуі балалардың көкейіне қона кеткендігі сондай: Едикке әлгіндегідей емес бәрі де сүйсіне қошемет көрсетіп, ду күлісті.
— Мишка, Мишка, қисық аяқ Мишка! — деп өлеңдетті біреулер.
Дәл осы минутта мұғалім кіріп келмегенде, мұның аяғы жақсылықпен тына қоюы екіталай еді…
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі