Еңбек сабағынан мұғалім қағаздан үйшік жасап келуді тапсырған. Әлденеге тыпыршып, байыз таппай отырған — Ақтай ғана. Кеше әкесінің көмегімен жасаған үйшігін әлгінде ғана, үзіліске шығар алдында парта үстіне қойып кеткен сияқты еді. Ұшты-күйлі жоғалды. Аң-таң. «Мүмкін емес, — деді ол. — Кім болса да біреу алған». Сол сәт парталас Дариғамен ренжісіп қалғаны есіне түсті. Иә, сол әдейі қастықпен жоғалтып жібермесіне кім кепіл? Сыныпқа мұғалім кірді. Аралап көре бастады.
— Сен ше? — деді мұғалім.
— Әкелген едім... — деп күмілжіді Ақтай. — Жоқ... жоғалтып алдым.
— Мүмкін, ұмытып, үйде қалдырған шығарсың?
— Жоқ, әкелдім. Мына жерге қойғанмын...
— Ендеше, кім алады?
— Дариға... — деді Ақтай бірден. Оқушылардың назары енді Дариғаға ауды.
— Мен алғам жоқ, — деді ол жыламсырап.
— Осы... басқа ешкім емес, — деп нығыздады Ақтай. Дариға жылап жіберді.
— Жарайды, — деді мұғалім. — Кейін анықтала жатар.
Дариға мектептен қайтқан соң да, жол бойы жылаумен болды. Оны ешкім де жұбатпады. «Жыла, — деді Ақтай іштей келеке етіп. — Біреудің затын ұрлаған қандай болады екен?!»
Үйге келді де, бірден өз бөлмесіне енді. Сөмкесін қоя бергенде, терезе алдындағы өзінің кешегі үйшігі көзіне түсті. Сенбей, ұстап та көрді. Дәл өзі. Ұялғаннан бетінен оты шықты. Дариғаға жөнсіз жала жауып, қатты ренжіткеніне өкінді.
Ақтай үйден шыға сала жүгіре жөнелді. Дариғадан кешірім сұрауы керек қой.
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі