Қазыбек бидің елге белгілі болған кезі екен. Бірде бір бала үшін дауласып, екі әйел алдына келіпті. Әйелдердің бірі:
— Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалтып алып едім. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, білмеймін, әйтеуір асырап алыпты… Бүгін баламды танып, тауып алдым. Бірақ мына әйел «өз балам» деп бермейді, — дейді.
Екінші әйел тұрып:
— Мынау босқа жармасып тұр. Бұл — менің балам, — дейді.
Қазыбек екі әйелді мұқият тыңдайды. Сосын ойланып отырып қалады. Сәлден кейін:
— Бірің балаңды жоғалттым, енді бірің таптым дейсіңдер. Бірақ оның шын-өтірігін білетін куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, — дейді Қазыбек би.
Ол баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қояды да, өзі алдаспанды жоғары көтереді.
— Екеуіңе баланы қақ бөліп берейін, осыған ризасыңдар ма? — дейді.
Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
— Біреуге тірі бергенше, жартысы болса да, өзімде қалсын. Бөлсең, бөл! — дейді безеріп. Ал баланы таныған әйел:
— Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! — деп безек қағады.
Сонда Қазыбек би:
— Бала мына жоғалтқан әйелдікі екен. Өйткені баланың амандығын тілеп тұр. Баласын өзіне бер, — деп билік айтыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі