Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 90 жылдық тарихы бар Қазақстанның бетке ұстар жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Негізі қаланғаннан бері әртүрлі жоғары белестерді бағындырып, қазіргі таңда әлемдік оқу орындарының арасында өз дәрежесін нық орнықтырған білім және ғылым ордаларының алпауыты болып саналады.
Осындай алдыңғы қатарлы білім ордасында болашақ мамандардың тұтас педагогикалық үдерісті және басқару ісі бойынша кәсіптік-психологиялық құзіреттілігін қалыптастыру мен дамыту мақсатында "Басқару психологиясы" пәні оқытылады.
Аталған пәннен психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жұбаназарова Назираш Сулейменовна 1 курс магистранттарына "Лидерлік дағдыны түсіну және қолдану" тақырыбында дәріс оқыды. Семинар сабақтарында іскер адам психологиясы,кәсіби қарым-қатынас түрлері, іскерлік этикасы тақырыптарын талдап, пікір алмастық. Сабақ соңында дәріс пен семинарда айтылған ақпараттарды қорытып “Лидерлік дағдыларды түсіну және қолдану” туралы психологиялық жоба құрастырдық.
Бүгінгі заманның даму қарқыны басқаруды тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын айқын көрсетуде. Жаһандық өзгерістер, нарықтың үнемі құбылуы және технологиялық инновациялар ұйымдардың икемділігін, жеделдігі мен бәсекеге қабілеттілігін талап етеді. Осыған байланысты басқаруды тиімді ұйымдастыра білу – тек жеке кәсіпорындар үшін ғана емес, қоғамның барлық салалары үшін маңызды. Тиімді басқару – ұйымдардың ресурстарын оңтайлы пайдалануға, қызметкерлердің мотивациясын арттыруға, жоғары сапалы қызметтер көрсетуге және инновациялық шешімдерді қабылдауға жол ашады. Сонымен қатар, дұрыс ұйымдастырылған басқару жүйесі ұзақ мерзімді тұрақтылық пен өсуге негіз болады, бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары, осыған орай, басқару психологиясының қыр-сырын зерттей отырып, қоғамның белсенді мүшесіне айналу жолында маңызды қадам жасауда. Университетте осы пән бойынша білім алып жатқан магистранттар түрлі жағдайларда тез әрі дұрыс шешім қабылдауға, адамдармен тиімді жұмыс жасауға, ұжымның ынтымақтастығын арттыруға бағытталған практикалық және теориялық негіздерді игеруде.
Тиімді басқаруды ұйымдастыру және өзге қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынас орнатудың жолдарын оқыту барысындағы маңызды бағыттың бірі – лидерлікдағдыларды түсіну және қолдану. Лидерлік – жай ғана басшылық қызмет атқару емес, бұл адамдарды шабыттандыру, ұжымды ортақ мақсатқа жетуге бағыттау және қажетті нәтижеге қол жеткізу қабілеті. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамында көшбасшылықтың рөлі ерекше маңызға ие болып отыр, өйткені елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың әл-ауқаты және қоғамдағы өзгерістерге деген көзқарасы көзі ашық, белсенді көшбасшыларға байланысты.
Психолог-ғалым Л.Д. Столяренко «Психология управления» еңбегінде лидерлік дағдыларды жеке тұлғаның даму жолындағы басты фактор ретінде көрсетеді. Оның пікірінше, нағыз көшбасшы болу үшін адам тек кәсіби тұрғыда дамып қана қоймай, өз эмоцияларын басқаруды, адамдармен қарым-қатынасты сауатты құруды және ұжымды біріктіре білуді меңгеруі тиіс. Бұл қасиеттер ұжымда шығармашылық пен инновацияның дамуына ықпал етіп, жұмыс өнімділігін арттырады. Столяренко көшбасшылық қабілеттерді дамытудың негізін жеке бастың ішкі мотивтері мен өзін-өзі тәрбиелеу деп есептейді.
Лидерлік қасиеттерді түсіну – бұл жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның даму деңгейіне әсер ететін фактор. Қазақстанның алға қойған мақсаттары мен стратегиялық жоспарларын орындау үшін көшбасшылық қабілеті бар азаматтардың санының өсуі аса маңызды. Әр салада, әсіресе мемлекеттік басқару, білім, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік бағыттарда лидерлік позицияны ұстай білетін тұлғалар елдің алға жылжуына ықпал етеді. Көшбасшылар өз кезегінде халықты жаңа жетістіктерге жетелеп, әлеуметтік және экономикалық реформаларға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, көшбасшылық дағдыларды меңгерген тұлғалар қоғамдағы әділеттілікті, тәртіпті және тұрақтылықты қамтамасыз ете алады. Елдің экономикасын дамыту үшін де, әлеуметтік салаларды ілгерілету үшін де көшбасшылықты жетілдіру – заман талабына сай қажеттілік.
Зерттеуші ғалымдар көшбасшылықтың адамның жеке қасиеттерін дамытатын маңызды фактор екенін айтады. Психолог әрі ғалым В.А. Петровскийдің зерттеулері бойынша, көшбасшылық адамның әлеуметтік ортада өзін табуға, өз мақсатына жетуге, қоғамға пайдалы іс-әрекеттер жасауға септігін тигізеді. Қазақстандық жастарға осы қасиеттерді бойына сіңіру арқылы елді жаңғыртуға үлес қосуға болады. Көшбасшылық – ел болашағы үшін стратегиялық мәні бар қабілет, өйткені көшбасшылық қоғамның мәдени, экономикалық, саяси салаларында оң өзгерістерге бастау бола алады.
Басқару психологиясын меңгеру – бұл тек оқу процесінің бір бөлігі ғана емес, болашақ көшбасшы тұлғаның дамуы үшін қажетті алғышарт. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары осы пәнді игеру арқылы өзінің көшбасшылық қасиеттерін жетілдіріп, қоғамға ықпал ететін белсенді азаматтар ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады. Қазақстанның даму жолында осындай білікті және жауапты көшбасшылардың көп болуы – елдің болашағының жарқын кепілі.
Жубаназарова Н.С.
Психология ғылымдарының кандидаты,
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры
Болтаева А.М.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
психология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Әбділәшім А.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Әлихан Бөкейханов
- Мұстафа Шоқай
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі