Өлең, жыр, ақындар

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ

 

Мұрат Әлия Мәдиқызы

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің

4 курс студенті

Мырзаш Мерей Алмасқызы

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің

4 курс студенті

 

 

INCLUSIVE EDUCATION SYSTEM IN THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN

 

 

Murat Aliya Madikyzy

Karaganda University named after E. A. Buketov

4th year student

Myrzash Merey Almaskyzy

Karaganda University named after E. A. Buketov

4th year student

 

  Аңдатпа. Бұл мақалада Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы, оның құқықтық негіздері, арнайы білім беру қажет балаларға жасалған жағдайлар мен қолдау көрсету тәсілдері талқыланады. Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қоюы осы бағыттағы маңызды қадам болып табылады. Мақалада инклюзивті білім беру жүйесінің артықшылықтары, мектептерде арнайы қолдау қызметтерінің рөлі, психологиялық-педагогикалық қолдау және инклюзивті оқытуды тиімді ету үшін қабылданатын негізгі шаралар толық баяндалады.

  Abstract. This article examines the development of inclusive education in Kazakhstan, its legal foundations, the conditions for special needs education, and the support measures in place. The government is placing special emphasis on the development of inclusive education to ensure that children with special needs have access to high-quality education. A significant step in this area was the signing of the law “On amendments to some legislative acts regarding inclusive education” by President Kassym-Jomart Tokayev in 2021. The article explores the advantages of the inclusive education system, the role of special support services in schools, the place of psychological and pedagogical support, and the main actions aimed at improving the effectiveness of inclusive education.

  Түйін сөздер: инклюзивті білім беру, ерекше білім беру қажеттіліктері, арнайы білім беру бағдарламалары, Қазақстандағы инклюзивті саясат, арнайы педагог.

  Keywords: inclusive education, special educational needs, special educational programs, inclusive policy in Kazakhstan, special teacher.

 

 

  Әлемдік білім беру жүйесінде әр баланың сапалы білім алуға құқығын мойындайтын оң үрдістер байқалады. Бұл оқу әдістерінің икемділігімен, үлгерімді бағалау жүйесімен және теңдік, қатыстылық пен ынтымақтастық құндылықтарына баса назар аударылуымен көрініс табады, осылайша инклюзивті білім беру ортасы қалыптасады.

  Инклюзивті білім беру ортасы тек білім беру мекемесінің физикалық кеңістігімен шектелмейді, ол оқушылардың әртүрлі жеке мүмкіндіктері мен ерекше қажеттіліктерін ескеретін кешенді жүйені қамтиды. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметі ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы №4 және №6 бұйрықтары, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 25 тамыздағы №377 бұйрығымен реттеледі. Бұл құжаттар инклюзивті білім беру жүйесіндегі қызметті ұйымдастыру үшін маңызды нормативтік актілер болып табылады [1].

  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 26 маусымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында заңға өзгерістер енгізу туралы Заңға қол қойды. Заңға сәйкес, мемлекет ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дамуына жағдай жасап, оларға жалпы білім беру жүйесіне кіріп, өз қабілеттерін дамыту мүмкіндігін береді. Қазіргі уақытта арнайы оқу бағдарламалары әзірленіп, мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдары барлық балаларды, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдауға міндетті [2].

  Инклюзивті білім беру дегеніміз – бұл барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды да, бір білім беру жүйесіне қосып, оларға тең мүмкіндіктер ұсыну мен әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін мемлекеттік саясат. Бұл саясат балалардың білім алу процесінде кемсітушілікке жол бермейді және оларды тең деңгейде оқытуға негізделген. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін оқыту процесінде арнайы жағдайлар жасау басты назарда.

  Инклюзивті оқыту балалардың жалпы білім беретін мектептерде басқа оқушылармен бірге білім алуын қамтамасыз ететін тәсіл болып табылады. Бұл тәсіл балаларды ешқандай айырмашылыққа қарамастан қабылдауды және оларға арнайы қолдау көрсетуді көздейді. Мұның нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқу табысы мен өмірлік орнын табу мүмкіндігі артады.

  Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны жыл сайын өсіп келеді. Мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде инклюзивті оқытуға арналған арнайы бағдарламалар мен қызметтер кеңеюде. Мәселен, Қазақстанда бүгінде 161 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бар, олардың ішінде психикалық дамуында тежелген, сөйлеу қабілеті бұзылған, көру және есту қабілеттері шектеулі балалар да бар.

  Инклюзивті білім беру жүйесінің тиімді дамуы үшін арнайы мектептер, оңалту орталықтары және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қазақстанда сондай-ақ 177 ресурстық орталық ашылып, бұл балалардың білім алу мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасайды [3].

  Мемлекет білім беру жүйесінде инклюзивті білім беру үшін түрлі құрылымдар мен бағдарламалар енгізуде. Мектептерде арнайы жабдықтар орнату, пандустар мен көтергіш құрылғылар құру арқылы “кедергісіз аймақтар” жасалуда. Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға белсенді араласуына мүмкіндік береді.

 Қазіргі уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға оқу мекемелерін таңдауда еркіндік берілген. Сондықтан оқу процесі барысында олардың білім, дағды және әлеуметтік бейімделу жағдайларын ескеру маңызды. Әр баланың білім мазмұны оның жеке даму ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы керек, ал басты мақсат — дені сау балалармен тең деңгейде білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

  Ерекше қажеттіліктері бар балалардың тиімді әлеуметтік бейімделуі үшін олардың кемшіліктерін түзету, қосымша қиындықтардың алдын алу және білім беру арқылы оларды түзету маңызды. Бұл процесс психикалық немесе физикалық шектеулерге байланысты қажеттіліктерді толық қанағаттандыру жолымен жүзеге асады.Есту, көру, немесе қозғалыс мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы жағдайлар қажет екендігін ұмытпау керек. Бұл шектеулер баланың тұлғалық дамуына әсер етуі мүмкін, сондықтан оқыту барысында тек академиялық біліммен шектелмей, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруға да көңіл бөлінуі керек. Мұндай дағдыларға кеңістікте бағдарлану, уақытты дұрыс пайдалану, әлеуметтік қарым-қатынас орнату, мінез-құлықты реттеу және өмірге деген оң көзқарасты дамыту жатады.

  Арнайы оқыту мен тәрбиелеу тығыз байланыста болғандықтан, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар жасалуы тиіс. Оларға:

- Жалпы білім беру және түзету-дамыту бағдарламаларын әзірлеу;

- Балалардың даму ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы техникалық құралдармен түзету-педагогикалық процесс ұйымдастыру;

- Қажетті жағдайларды қамтамасыз ету;

- Тифлопедагог, сурдопедагог, логопед, арнайы психолог секілді мамандарды тарту, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік көмек көрсету.

   Әр бала білім алу деңгейінде әртүрлі нәтижелерге жетуі мүмкін, бұл оның даму ерекшеліктеріне, танымдық қабілеттеріне және ұсынылған арнайы жағдайлардың сапасына байланысты. Кейбір балалар жалпы білім беру деңгейін толық игеріп, жоғары оқу орындарында да білім ала алады.Ерекше білім беру мазмұнын жетілдірудің тиімді жолы — заманауи психологиялық және педагогикалық зерттеулерді қолдану. Бұл зерттеулер балалардың мүмкіндіктерін толық ашуға және дамытуға көмектеседі.

Арнайы мектептердегі білім мазмұнына қойылатын талаптар:

- Оқытудың түзету-дамыту бағыттылығы;

- Нәтижелі оқыту, яғни білім жүйесін қалыптастыру;

- Оқушылардың жас және танымдық ерекшеліктерін ескеріп, оқытудың қолжетімді болуы;

- Ғылыми негізделген мазмұн;

- Оқу материалының өмірлік тәжірибемен тығыз байланысы;

- Пәнаралық байланысты қамтамасыз ету;

- Оқу бағдарламаларын заманауи талаптарға сай әзірлеу.

  Бұл талаптар білім беру стандарттары, оқу жоспарлары және бағдарламаларда нақты бекітіледі. Осындай шараларды жүзеге асыру ерекше оқытуды қажет ететін балалардың қоғамда өз орнын табуына және сапалы білім алуына мүмкіндік береді [4].

  Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім алуда тең мүмкіндіктер беруге бағытталған маңызды қадамдармен ерекшеленеді. Мемлекет осы санаттағы балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдап, білім беру ұйымдарында қажетті инфрақұрылымды дамытуда. Инклюзивті білім берудің мақсаттары - әр баланың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, толыққанды білім алуына, әлеуметтенуіне және қоғамда өз орнын табуына жағдай жасау. Инклюзивті оқыту арқылы балалар бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара қарым-қатынас орнатады, бұл олардың әлеуметтік және эмоционалдық дамуына оң әсер етеді. Осылайша, инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы еліміздің білім беру саласындағы теңдікті, толеранттылықты және адамгершілік құндылықтарын нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.

 

 

               ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1. https://uba.edu.kz/storage/app/media/2024%202024%202024%202024%20%20KZ%20%20%20KZ%20%20%20KZ%20%20%20KZ.pdf «2024-2025 оқужылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Әдістемелік - нұсқау хат

2. https://inbusiness.kz/kz/news/kazakstanda-inklyuzivti-bilim-beru-salasy-kalaj-damyp-zhatyr

Қазақстанда инклюзивті білім беру саласы қалай дамып жатыр?

3. https://baq.kz/inklyuzivti-bilim-kazakstanda-erekshe-balalar-kalay-bilim-alady_244410/

Инклюзивті білім.Қазақстанда «ерекше» балалар қалай білім алады?

4. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жолдары: Әдістемелік нұсқаулық. - Алматы, 2019. -13б


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар