Өлең, жыр, ақындар

«Су тапшылығы — әлемдік мәселе»

     Су — халықтың өміріндегі ауадан кейінгі маңызды табиғи ресурс, тіршіліктің қайнар көзі болып табылады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қазақ халқы ертеден-ақ суды қадірлеп, оның бағасына жете білген. Алайда қазіргі таңда судың тапшылығы бүкіл әлемге ортақ мәселеге айналып отыр.

Су біздің планетамыздың 70%-ын алып жатса да, бұл оның әрдайым мол болатынын білдірмейді. Жер шарындағы судың тек 3%-ы ғана тұщы су, яғни күнделікті тұрмыста қолдануға жарамды. Оның өзінде бұл тұщы судың үштен екі бөлігі қолжетімсіз — мұздықтарда немесе қолайсыз жерлерде орналасқан. Нәтижесінде әлемде шамамен 1,1 миллиард адам ауызсуға қол жеткізе алмайды, ал 2,7 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығын бастан өткереді. Жалпы, дүние жүзі халқының шамамен 50%-ы су тапшылығын сезінеді.

Су тапшылығының бірнеше басты себебі бар:

Біріншіден, ауа райының өзгеруі. Климаттың жылынуы, аптап ыстықтың күшеюі көлдер мен өзендердің тартылуына әкелуде.

Екіншіден, халық санының артуы. 1980 жылдан бері тұщы суға деген жаһандық сұраныс жыл сайын шамамен 1%-ға өсіп келеді.

Үшіншіден, су инфрақұрылымының тозуы мен техникалық қызметтің жеткіліксіздігі де маңызды факторлардың бірі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, санитарлық жағдайдың нашарлығы 2,4 миллиард адам үшін үлкен мәселе болып отыр. Бұл халықтың едәуір бөлігі тырысқақ, іш сүзегі сияқты су арқылы таралатын жұқпалы ауруларға ұшырап, зардап шегуде. Жыл сайын шамамен екі миллион адам, көбіне балалар, диарея салдарынан көз жұмады. Су — ортақ байлығымыз. Әр адам өз жеке бас гигиенасын сақтап, суды үнемдеуге дағдыланса, бұл жаһандық мәселенің салдарын азайтуға үлес қосары анық.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Назерке Бабасбай


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер