Қазақ халқының рухани өмірінде газеттің алар орны ерекше. ХІХ ғасырдың екінші жартысы – қазақ қоғамында ағартушылық идеялар, ұлттық сана мен мәдени жаңғыру кезеңі болды. Сол дәуірде қазақ тілінде жарық көрген алғашқы басылымдардың бірі – «Түркістан уалаятының газеті». Бұл газет ұлттық журналистиканың бастауы ретінде тарихта мәңгі қалады.
«Түркістан уалаятының газеті» алғаш рет 1870 жылы 28 сәуірде Ташкент қаласында жарық көрді. Ол Түркістан генерал-губернаторлығының ресми баспасөзі ретінде айына төрт рет, екі нөмірі өзбекше және екі нөмірі қазақша шығарылды. Газеттің орыс тіліндегі нұсқасы «Туркестанские ведомости» деп аталды, ал қазақша бөлімі сол басылымның қосымшасы ретінде таратылды.
Газеттің редакторы – Шахмардан Мирасұлы Ибрагимов, Шоқан Уәлихановтың танысы, әрі Омбы кадет корпусында бірге оқыған. Газетті шығару ісінде Хасен Жанышев, Заманбек Шайхәлібеков, Жүсіп Қазыбековтер әрі аудармашы, әрі әдеби қызметкер болып табылған.
Басылым беттерінде ауыл шаруашылығы, сауда, жергілікті әкімшілік мәселелері, әйел теңдігі, білім, ғылым жайлы мақалалар жарияланды. Газет тек ресми хабарлармен шектелмей, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі және әдебиеті туралы материалдар да басып отырды. Мысалы, тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты біртуар тұлғалардың өмірі мен еңбек жолдарымен танысуға мүмкіндік берді. «Түркістан уалаяты» газетінің бетінде өзбек халқының революцияшыл ниеттегі демократ ақыны Мұқимидың және ағартушы ақыны Фурхаттың, орыс әдебиетінің классиктері Крыловтың, Пушкиннің, Толстойдың шығармалары басылды.
Негізінен сол уақыттағы газеттер қазақ халқының мүддесін ойлап, мәдени тұрғыда дамыту үшін емес, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейтіп, жарлықтарды қазақ тілінде жариялау мақсатында шығарылды. Мысалы, басылымның 1875 жылғы 29 нөмірінде , «Ташкенттің апат болғаны тақырыптары» мақаласында Түркістан уалаятындағы жұрттар дәулетті Россияға қарағаннан бері тыныштық тауып, жұрттың шаруашылығы жақсарғаны жайлы жарияланды. Арзаншылық болып, әрбір адам егін егуге шын көңіл бөліп, көпір салынып, көшелерде шырақ жағылғаны туралы мәлімет беріледі. Тіпті Ташкент қаласына телеграф орнатылып, бір сағаттың ішінде хабар алынатұғын делінген. Бұл мақаланы оқи отырып Ресей патшалығының қазақ халқының өміріне қалайша араласқанын біле аламыз. Әрине, бұл да халықты отаршыл өкіметтің ығына жұмылдыру үшін жазылған материал болуы мүмкін.
Сонымен қатар, 1875 жылғы 20 нөмірінде, «Қоқан жұртында болған уақиға» мақаласында қыпшақ жұрты мен қырғыз елі көп уақыттан бері Қоқан жұртының ханына мойын қоймай, жұртты талап жүреді деген екен. Қыпшақ жұрты мен қырғыз елі өз алдына бөлек билік құрып, Қоқанға қарсы шығады. Осыған орай халықтың еркіндікке деген ұмтылысын байқауға болады.
Газет негізінен отаршылдық саясат ұстанды десек те, басылымның сол кездегі рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бұл баспасөз «Дала уалаятының газеті», «Қазақ» газеті сияқты ұлттық басылымдардың дамуына жол ашты. Қазақ тілінде газет шығарылуын жұртшылық қуана қарсы алды. Семей жағының қазақтары бір жиында бұл газетті оқығанын, көңілдеріне ұнағанын, бұған дейін тек татар тілінде намаз оқуды үйрететін кітапшаны оқитындарын айта келіп, «Біздің қазақты бір жұрт біліп, біздің тілімізде газет бастырғаны үшін» алғыс айтады деп қуанды.
Қорыта айтқанда, «Түркістан уалаятының газеті» – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы. Газет бетінде жарық көрген материалдар бүгінгі таңда қазақ журналистикасының тарихын зерттеуде баға жетпес дереккөз. Ол – қазақ баспасөзінің алғашқы мектебі, ұлттық ой-пікірдің, ағартушылықтың бастау бұлағы. Бүгінгі таңда бұл газет – тәуелсіз Қазақстанның рухани тарихындағы ұлы мұралардың бірі. Оның ізін жалғаған қазіргі қазақ журналистикасы – дәл сол алғашқы қарлығаштың қанатынан қуат алған ұрпақ.
Майлыбекова Гүлназ, ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.
Ғылыми жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі