Өлең, жыр, ақындар

«Түркістан уалаятының газеті» – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы

«Түркістан уалаятының газеті» – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамында білімге, ғылымға деген сұраныс артып, мерзімді баспасөз халыққа жаңа ақпарат жеткізудің маңызды құралына айналды. Қазақ тіліндегі алғашқы басылымдардың бірі – «Түркістан уалаятының газеті». Ол ресми сипатта шыққанымен, қазақ халқының тұрмысына, әлеуметтік өміріне жақын тақырыптарды жиі қозғады.

  Газет 1870 жылдан бастап Ташкент қаласында шығып тұрды. Алғашында орыс тіліндегі «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Оның қазақ тіліндегі нөмірлерінде ресми әкімшілік хабарлармен қатар халық ауыз әдебиеті үлгілері, мақал-мәтелдер, ертегілер, тарихи жырлар жарияланды. Бұл қазақ сөз өнерін жазба түрде сақтау мен таратудың алғашқы қадамы болды. Газет бетінде тек ресми жарлықтар ғана емес, халыққа пайдалы танымдық мақалалар да жиі берілді. Мысалы, 1879 жылғы бір санында қазақ даласында кең тараған «Мал індеті» туралы мақала жарық көрді. Онда: «Малдың қырылуының себебі – жұқпалы ауру. Бұған қарсы таза қора, дұрыс жайылым һәм жаңа дәрі-дәрмектер қолдану керек» деп жазылды. Бұл үзіндіден біз басылымның тек ресми ақпаратты ғана емес, халыққа күнделікті өмірде қажетті кеңестерді де ұсынғанын байқаймыз. Аталған мақала қазақ шаруалары үшін ерекше маңызға ие болды. Бұрын мал індетімен күресудің халықтық ем-домдарын ғана қолданған ел үшін жаңа ғылыми тәсілдермен танысу — тың жаңалық еді. Демек, «Түркістан уалаятының газеті» тек саяси-әкімшілік міндетті атқарып қана қоймай, ғылыми ағартушылық мінберге айналды.

  Осы тұрғыда ғалым Х. Бекхожин осы газет туралы «Қазақ публицистикасының алғашқы мектебі» деп айтса, Б. Кенжебаев оны «Қазақ баспасөзіне жол ашқан алтын көпір» деп бағалады. Бұл пікірлердің дәлелі ретінде мал індетіне арналған мақаланы алуға болады: басылым халықты еңбекке, ғылымға жақындатып, тұрмысын жеңілдетуге ықпал етті. Сонымен қатар, газет беттерінде «Мың бір түн» ертегілерінің қазақша нұсқалары, Шоқан Уәлиханов еңбектеріне қатысты жазбалар, егіншілік пен сауда-саттық мәселелері де жарияланды. Мұның бәрі қазақ оқырмандарының дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сананың оянуына ықпал етті.

 «Түркістан уалаятының газеті» қазақ жазба әдеби тілінің қалыптасуына ерекше үлес қосты. Публицистикалық стильдің дамуына жол ашып, кейінгі «Дала уалаятының газеті», «Қазақ» секілді ұлт баспасөзінің өркендеуіне негіз болды. Бұл басылым – қазақ халқының алғашқы жазба мінбері, ұлттық журналистиканың бастау бұлағы. Ол халықтың ой-санасын оятып қана қоймай, елдің саяси-әлеуметтік дамуына зор ықпал етті.

                                                  Мүсірова Балауса

                                    ҚазҰУ-дың 1 курс студенті.

                      Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к. доцент Р.                         Жақсылықбаева

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар