Қазақстан Республикасы Білім және
Ғылым министрлігі
Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кенті
№39 гимназия
5 «В» сынып
Орындаған: Батырханов Омархан
Абстракт
Зерттеудің мақсаты
Халқымыздың сөздік қолданысында кездесетін қарғыс сөздердің халық өміріндегі алатын орнын анықтау. Қарғыс сөздердің жастарға тыйым болып, тәрбиенің бір құралы іспеттес екенін дәлелдеу.
Гипотезасы
Ерте заманнан келе жатқан халқымыздың қарғыс сөздерінің халық өмірінде алатын орны қарастырылып, ауыз әдебиетіндегі ерекшелігі анықталды.
Зерттеу кезеңдері
Қазақ салтындағы қарғыс сөзді талдай отырып, халқымыздың бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп сөзбен тоқтау айтып, тыйым салғанына назар салу. Халық ауыз әдебиетінде кездесетін қарғыс сөздерді саралап, айтылуын қарастыру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және дербестік дәрежесі
Халқымыздың өмірінде орын алған қарғыс сөздердің әдебиеттегі кездесетін түрлерін жүйелеп көрсету.
Зерттеу нәтижесі мен қорытындысы
Сот, түрме, жазалау лагері дейтін нәрселерді білмейтін ертерек уақыттағы қазақ қоғамында ата-ананың, ауыл ақсақалдарының батаға керісінше теріс тілеу білдірген сөздері де жастарды қатты шошындыратындықтан, олар жаман сөз естімеуге, қылмысты іске ұрынбауға ұмтылған. Қарғысқа аса сақтықпен абайлап қараған бабаларымыз. «Қарғыс алма, алғыс ал. Өйткені баталы ұл - арымас, батасыз – ұл жарымас» деп ұрпағына өнегелі өсиет қалдырған.
Қарғыс сөздердің қазақ өміріндегі негізгі атқаратын қызметтері:
-Жамандықтан жирендіреді;
-Жазалау құралы ретінде пайдаланылған;
-Қылмысты іске жоламауға ұмтылған;
-Адамгершілікке, тыйымға шақырған;
Мазмұны
І. Кіріспе
ІІ. Зерттеу бөлімі
1. Қарғыс сөздердің түрлері
2. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады
3. Халық ауыз әдебиетінде кездесетін қарғыс сөздер
ІІІ. Қорытынды
ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер
І. Кіріспе
Ата-бабаларымыз өмір тәжірибелерінен, халықтық әдет-ғұрып болып қалыптасқан дәстүрлерінен үлгі-нұсқаларды өне бойы үлгі етіп, ұрпақтарына үлгі етіп отырған, тілек тілеп, бата беріп, жастарды жақсы жолға бастаған. Бата – адам баласына тек жақсылық тілеу, ертеден қалыптасқан дәстүр. Кейіннен тілек айту, сол тілекке жету құдіретке байланысты деген сеніммен батаның нұсқалары қалыптасты.
Жалпы қазақ халқы батаны үшке бөледі.
1. Ақ бата. 2. Теріс (қарғыс) бата. 3. Серттесу батасы (баталасу),
Ақ бата – шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан-қрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнама. Ақ батаның негңзгң мақсаты – ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, бірін-бірі ынтымақ-ырысқа, береке-бірлікке шақыру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асырылатын мақсат, мүдделерді белгілеу.
Теріс бата – қарғыстың, жазаның һте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесі сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып тұрып берген. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген, оларға сенім артпаған, дос болмаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, Аллаһ Тағаладан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалған. Тірі болса, ата-анасы: «Теріс батамды қайтып алдым», - деп айтқан.
Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» -қарғыспен тең. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды.
Сабырлық пен парасатқа, ақыл мен білімдарлыққа, адамгершілілк пен имандылыққа баулыған ақ батамен қоса кейде сирек жағдайда теріс бата беру салты да кездеседі. Алғысқа қарама-қарсы мұндай ұғым қарғыс деп аталады. Демек қарғыс – зәбір жапа-шегіп, адамның жәбірлеушісіне ашынып айтқан, зілді, кейіс сөзі, лағынеті. Қарғыс – парапсихологияда тіршілік иесінің жәбірлеушіге кері әсерлі қуат күші ретінде аталады.
Өтірік қарғау. Нағашылы – жиенді, қайын-жеңге, қыз-жігіттер, құрдастар, жора-жолдастар тағы басқа әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар арасында да әзілдеп қалжыңдау кездеседі. Тыңдаушылары еш кек тұтпайтын мұндай қалжың түріндегі немесе өтірік қарғауға «Тұқымың құрғыр! Тұқымың өскір! Жолың болғыр! Басқан ізің артыңда қалғыр!» дегенге ұқсас зілсіз сөздер жатады. Кейбір өтірік мәнді тіркестер көркем әдебиетте кейіпкердің мінез-құлқының күлкі жақтарына қатысы айтылады: адыра қалғыр құлқының құрысын. Өтірік қарғау түріне балаға, малға, дүние-мүлікке қарата айтылған қарғыс түрлері де жақын келеді. Атап айтқанда балаға айтылатын қарғыстар шын ниетімен жамандық тілемейті, зілсі, кексіз, тек кейіс түрінде әншейін айтыла салған ренішке жатады.
Малға қатысты айтылатын зілсіз қарғыстар. Күні бойғы жұмыстан шаршап шыққан кезде, не болмаса түрлі себептен көңіл күйі болмаған кезде адамдар малға қарата да қарғыс мәнді сөз айтады. Басқа қарғыстың түрінен малға қарата айтқан қарғыстың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ашыну, зілденуден гөрі кею мәнде айтылу басым. Малға қарата шын мәніндегі жамандық тілеу болмайды. Тілдегі малға қарата айтылған тілек мәнді сөздер қазіргі тілімізде сол қаз-қалпында сақталғанымен, қарғыс мәнді сөз тіркесінің бірқатары қазір ауыспалы мағынада және штампы сөздер ретінде қолданылады. (сайтан алғыр,қараң батқыр) \2.43-бет\.
Ант су ішіп қарғану. Ант – жеке тұлғаның ең қастерлі сөзбен өзге бір адамды не адамдар қауымын өзінің адал ниетіне сендіру, уәде беру, куәлік етуі. Ел арасында ант – су ішіп қарғану адамдар бір-біріне уәде бергенде, серт еткенде де жиі қолданылады. Ант –су ішу – қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде қалыптасқан, билер соты іс қарағанда пайдаланылған рәсім.\1.1том6 384-бет\
Кейде адамдар жазықсыз жала жабылып, зәбір көрмес үшін өзінің ақтығын, кінәсіз екенін дәлелдеп, ант-су ішіп қорғанады, тыңдаушысының райынан қайтуын сұрайды. Ақ безер де көк безер болып, ант-су ішудің, таусыла қарғана қорғанудың қарғыс түрінен елеулі айырмашылығы бар. Мұндай қарғану қарғыстың шартты түріне жатады. \3.221-бет\
Табалау. Қарғыс мәнді сөз саптауға адам бойынан көрінген кемшілік пен қиындыққа орай кемсітіп айтатын табалаушылық та жатады. Табалаушылық жек көру сезіммен байланысты. Адамның жеке басындағы кісілік қасиетінің жоқтығы, мінез-құлқының ұнамсыз жақтарымен танылуы, өзінің азаматтық борышына немқұрайлы қарап, қарым-қатынас жасаудағы жағымсыз оғаш әрекеттері жек көру сезімін тудырады. \1.8-том6 157-бет\
Халық ішінде жауыздығымен, қылмысты қиянатты істерімен әшкере болған адамдар жазасын алғанда ашынған жұрт оларды табалайды. Сондай-ақ біреуден зәбір-жапа көріп, өш ала алмағандар да өз қастандары бақытсыздыққа ұшырағанда әдет бойынша отырған орнына құйрығын жерге түйіп оларды табалайтын болған. Сондай таба сөздерді естігендер «таба болды», «табасына қалды», «келеке, мазағына қалды» деп түсінетін. «Достың күлкісуінен, жаудың табасынан сақта» деп тілеу тілеген. Дей тұрсақ та табалаушылықтың өзі әр түрлі. Қызғаншақтық, бақталастық, жек көрініш сияқты жағымсыз мінез-құлықтан туған табалушылық біреудің кемшілігі мен тартқан қиыншылығын көріп, түзелсін деген ниетпен емес, керісінше, оны жасытып, жігерін мұқалту мақсатында жаулық ниетті көздеп айтылады. Өзгенің теріс қылығын көру, адамгершілік пен жанашырлық пиғылмен ұштасқанда ғана табалаушылық ізгілікке бастар достық сынға айналмақ. \3.323-бет\.
Кею мен кекесін. Көңіл күй лебіздерінің қынжылуы, аздап ренжіген, налыған, күйінген қалыпты білдірумен, сондай-ақ кекесінмен байланысты айтылатын кезі болады. Зілсіз қарапайым сөзді әзіл-қалжыңға ұстата қолданып, оған қарама-қарсы мағына жүктеп, біреуді мінеп, шенеген пікірін ой желісінен, сөйлеу қалыпынан, дауыс ырғағынан аңғартуды кекесін дейміз.
Кекесін тәсіл қолданудың әсерлігі жағымды сөздермен сөз саптай отырып, жағымсыз мінезбен іс-әрекетті шенеп, мінеп, сықақтап көрсететін тапқырлық пен қарама-қайшы жай-жапсарды тартыстыру арқылы ойды жасырын түрде жеткізе білетін көркемдік шеберлікте. Қатты кейіс кей тұста ашумен ұласады. Бұл ыза, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы . «Ашу-дұшпан, ақыл-дос, ақылыңа ақыл қос» деген ұлағатты сөз бар.
Зеку. Жекіру, ұру, ақыру да жақтырмағандықты, кейігендікті, ренішті білдіреді. Мүлдем ұнатпай назалануды танылатын зеку жағымсыз қылыққа риза болмаудың түріне қарай қарата айтылатын адамның жынысына, жас ерекшелігіне қарай әр жағдайда әртүрлі деңгейде көрініс табады. Онша дауыс көтермей зілдене тыйым салудан бастап адамның көңіл-күйіне қарай қатты ақыруға дейін баратын зеку мұның нақылы айғағындай.
Лағынет пен назалану. Теріс бата лағынет түріне жатады. Сөге жамандап лағынет айту мән-мағынасы жағынан қарғыстың бір түріне жатады. Зорлық-зомбылық, әділетсіздік, өктемдік пен озбырлық, қиянат жасалған жерде адамгершілік қасиет жойылады. Жеке басының мүддесін көздеп кісіні кемсітіп зорлық көрсету, қиянат жасау – жеке адамның рухани қажетін қанағаттандыруға кедергі жасайтын жағымсыз әрекет. Қарғысқа мән-мағынасы мен айтылу себептері жағынан жақын лағынет пен балағаттау, зеку, сөгіс пен жерлеу сияқты жағымсыз көңіл-күй лебіздері – негізінен адамдар арасындағы дау – жанжалда, ұрыс-керісте айтылатын сөздер.
«Ақ сүтін көкке сауды. Анасы қатты назаланып, алақанын теріс жайып, аналық қарғысын айтып, теріс бата берді» деген сөз жас ұрпақты шошындырады. Мұсылмандық құқықта бір іс-әрекетке риза болмағанда, намысына тигенде айтылатын қарғыс түріндегі аластау, мансұқтау сөздері болады. Ондай сөздер дәстүрлі қазақ қоғамында лағынет, назалалану үғымын білдіреді.
Қатты күйзеліп, ашу-ыза кернеп назалағанда «қу құдай, сығыр құдай, шұнақ құдай, қыңыр құдай, қасқа құдай» деген сөздер айтылады.
Балағаттау, ғайбаттау. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте, адамдардың әр-қилы қарым-қатынасында айтылып қалатын қарғыс, кейіс, қарғау, сөздеріне мән-мағына жағынан жақындау келетіні, боқтау мен балағат сөздер. Ғайбаттау – жеке адамның белгілі бір топтың жақсы қасиеттерін көре алмаушылықтан да туындайтын ашу-ыза мен қызғаныш сезімінің жағымсыз көрінісі. Балағаттауға адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, әдепсіздіктен анайы түрде кемсіту жатады. Дана бабаларымыз балағат пен ғайбат сөзді көп айтатын. Адамның ұрпағына сол сөздер қарғыс болып жазылып қалады деп сақтандырған. «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар» деп кесірлі ауыздан естілер кесапатты сөзге тоқтау салып, тілін тыйып ұстауға үндеген. \3.233-бет\.
ІІІ.Қорытынды
Қазақ халқы жаратылысынан текті, намысқой, жаны таза, тілге шебер ел болғаны ақиқат. Оған өткен тарихымыз, хандарымыз бен батырларымыздың, би-шешендеріміздің қалдырған істері мен әділ де тапқыр, жақсылық пен жамандықтың арасын ақ пен қарадй ашып айтқан асыл сөздері куә. Осы сөздер арқылы қасиетті аталарымыз, ақ жаулықты аналарымыз көрегенділіктің, мәрттіктің, тәлім-тәрбиенің небір жақсы жол-жобасын, жөн-жосығын айқындап кетті. Мұны олар жазу-сызусыз-ақ ұтымды ой, өткір сөз, өтімді тіл арқылы құлаққа құйып, қанға сіңіріп, көңілге толқытып жасай білуі де халқымыздың өзіндік бір ғажап болмысын әрі ерекшелігі екенін еріксіз мойындайсыз.
Бұрынғы аталарымыз ел мен жер, қазына, ұлағатты тәрбие, салт-дәстүр қалдырып кетті. Қазақ «текті» «жақсы» деген бір ауыз сөз арқылы адамды өсіріп, «тексіз», «жаман» деген бір ауыз сөз арқылы адамды өшіріп отырған. «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын» деп ажар бедеріне қарамай, жер-жебіріне жеткізіп, ақ алмастай кесіп айтқан. \8.67-бет\
Халық ұғымында жан-жануарлар да қуана алады, қиналғанда жылап та шағына алады. Тіпті өсімдік те, жер ана да, әруақтар да өзін қорлаушыларға қарғыс айтады деп жас ұрпақтың санасына табиғатты аялауды сіңіруге тырысқан.
Мұсылмандық құқықта намысқа тиер бір іске, қиянатты қылыққа қатты наразы болғанда айтылатын қарғыс түріндегі аластау мен мансұқтау сөздерін лағынет деп те айтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында лағынет сөзі қарғыс ұғымын білдіреді. Адамның алуан түрлі жағдайына, тәлім-тәрбиесіне, өскен ортасына, жағымсыз іс-әрекетке, көзқарастарына, білім-парасатына қарай қарғыс мәнді сөзді айтудың өзіндік ерекшеліктері болады.
Түкке тұрмайтын болар болмас нәрсеге, ұсақ-түйекке бола бей-берекет айтылған қарғысты халық ұғымында жақсылыққа жорымайды. Қарғысты қалай болса солай әрі жиі айтатын адам өз өмірінде бақытсыздыққа душар болады деп сенген. Өйткені жауап ретінде бөгде адамдардың өзі «қарғысы қара тасқа», «қара тілегі далаға кетсін», «тіл көзің тасқа», «қызыл тілің қырқылсын», «тіліңе теріскен шықсын», «тіліңе шоқ түссін», «тілің кесілгір», «тілің қырқылғыр» т.б, деп жамандықты жөнді себепсіз қарғыс айтушының өзіне бағыттаған. Жан дүниесі бай, мейірім-шапағаты мен білім-парасаты мол, жоғары мәдениетті жандар қарғыс пен балағат сөз айтпауға тырысқан.
ІҮ.Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 1-8том, Алматы, 2006 жыл.
2. Төлекова С. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс мәнді фразеологизмдер Канд.Дис., 1974 ж.
3. Көңіл-күйі лебіздерін білдіретін сөз орамдары. \құраст.С.Бизаков – Алматы:ТОО «Самар-Принт», 2007 ж.
4.Ұ.Асылов. Ж.Нұсқабайұлы «әдептану» Алматы: «Мектеп» баспасы 2001ж.
5.Батырлар жыры
6.Ғашықтар жыры.
7.Ертегілер.
8.С.Кенжеахметұлы, Жеті қазына –Алматы «Ана тілі» 2007ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі