Алматыдағы SmaArt.Point ғимаратында «Династия» жобасының қатысушыларын марапаттау шарасы өтті. Қазақстан Отбасылық бизнес ассоциациясы серіктестерімен бірлесе отырып, «Династия» жобасы отбасылық кәсіпкерлік пен қаржылай сауаттылықты дамыту және қолдауды жүзеге асырды. Нәтижесінде, Қазақстанда жаңадан 4 компания ашылып, 4 серіктестік жоба құрылды. Оған қоса бас демеуші «Хоум Кредит Банк» жеңімпаздарға үш қаржылай грант берді. Жалпы, жобаға қатысушылар кәсіпкер ретінде заңды мәртебесін алды.
Жобаға Қазақстанның 12 ауданы мен 8 қаласы бойынша 300-ден аса адам қатысты. Оның басым көпшілігі 25-55 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Үш айлық оқу бағдарламасында білім беруге арналған 8 мастер-класс және қосымша 4 эксперт мамандармен кездесу өткізілді.
Бұл жобаның басты мақсаты — Қазақстанның барлық аймағы бойынша кәсіпкерлікпен айналыса бастағандар мен қандайда бір кәсіппен айналысқысы келетіндерге отбасылық ресурсті қолдана отырып, өз ісін ашуға, жаңа мүмкіндіктер табуға үйрету. Оқу курсын толығымен өткендер өз компаниясының қаржылай негізімен танысып, күнделікті тіршілікте маркетингтік құралдарды пайдалануды, жаңа серіктестер мен тұтынушылар табуға мүмкіндік алды.
— Жалпы, статистика бойынша отбасылық бизнес – табысты бизнестің бірі. Бұл менің ашқан жаңалығым емес, ол әлем бойынша зерттеліп, анықталып, дәлелденген нәрсе. «Отбасылық бизнес ашу мүмкін емес» деген стереотипті мүлдем жою керек. Әсіресе біздің елде ұлттық, отбасылық құндылықтарды жоғары қоямыз. Сондықтан да бұл отбасылық іс бастауға жақсы негіз. Екіншіден, қандайда бір идея болса, оны бірінші кімге айтасыз, кімнен көмек сұрайсыз және сізді кім қолдайды. Әрине, жақындарыңыз. Біз соларды бір бірімен жұмыс істеуді, өзара берік серіктестік орнатуды, ісінің дамуына, алға жылжуына көмектесеміз», – дейді Қазақстан Отбасылық бизнес ассоциацияның төрайымы Яна Исакова.
Оның айтуынша, жобаға кез келген адам қатыса алады, тек тіркелсе болғаны. Бір ғана талап – жобаға қатысушы туыс адамымен келуі керек. Қатысушылардың көпшілігі жобаға келген соң отбасының қолдауын алып, өз істерін ашқан. Осы арқылы әр қатысушы өзінің ғана емес, жақындарының да өмірін жақсартуға тырысуда. Тіпті, жоба нәтижесінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытатын орталық ашылмақ.
«Шыны керек, ең басында бұл жоба жайында білгеніміз айтарлықтай аз болатын. Бірде Қазақстан Отбасылық бизнес ассоциациясының төрайымы Яна Исакова хабарласты. Ол Алматы ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша «кәсіпкер боламын» деген адамдарды жинап, бизнес ашудың жолдарын көрсеткісі келетінін жеткізді. Сол кезде ең алдымен бізден қаржылай емес, жаңадан бизнес ашамын деген адамдардың қаржылық сауаттылығын ашуға көмек беруімізді сұрады. Біздің Банк бес жыл бойы қаржылық сауат ашу жағынан көптеген жобалар ұйымдастырған болатын. Сондықтан Янаның бастамасы ойымыздан шықты. 3 ай бойы біз отбасылық кәсіпкерлермен тәжірибемізбен бөлісуге тырыстық» дейді «Банк Хоум Кредиттің» қоғаммен байланыс менеджері Эльвира Нұрбаева.
Жобаға қатысушы Алматыдағы 80-ге жуық отбасылық жұп үш ай бойы әр апта сайын мастер-класқа қатысты. Сонда Банк қызметкерлері болашақ кәсіпкерге қажетті негізгі қаржылық құралдарды айтып, экономика мен қаржы жағын бастан аяқ оқытып шықты. Оның үстіне қандай да бір кәсіпті бастамас бұрын қандай нәрселерге баса назар аудару керектігін көрсетіп, ақыл-кеңестерін берген екен.
— Жалпы, барлық кездесулер өте қызықты өтті. Оның ішінде ресми ғана емес, бейресми кездесулер де болды. Сол аралықта барлық қатысушы өзара достасып, бір-біріне бауыр басып кеткендеріне куә болдық. Оған қоса осы жоба банкіміздің «Ғажайып өмір үшін» деген ұранымызды қолдаған болды, – деді Эльвира Нұрбаева.
Бұл жобаға демеушілік көрсеткен «Атамекен» Қазақстан республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесі мен Алматы Менеджмент университеті болатын. Сонымен бірге, бас демеуші «Банк Хоум Кредит» үш қатысушыға грант берді. Өз кәсібін тауып, ісін енді жүргізгелі тұрған отбасылық кәсіпкерлер үшін ол әрине қомақы көмек. Отбасының бүкіл мүшелерімен жобаға бірге қатысып, өз ісін ашқан Архаровтар әулетіне 250 мың теңге берілді. 150 мың теңге гранты екі баланың анасы, декреттік демалыста отырған Жанар Байболоваға бұйырды. Кәсібін одан ары дамытуға мүмкіндік алған жас Син отбасына 100 мың теңге берілді.
Сәуле АРХАРОВА:
Жоба арқасында шығармашылық шеберханамыз ашылды
— Осында келгенімде тіпті бизнес-жобаны қалай жазу керектігін де білген жоқпын. Өзіміз өнер адамдары болған соң, негізгі табысты тойдан табамыз. Сол тойды атқарып шығып, ақшаны аламыз да шығындарымызды жауып, екінші бір тапсырысқа кетеміз. Міне, күніміз осылай өтетін. Ал мына жерде әр сабақ сайын үй тапсырмасын орындай отырып, біраз нәрсені білдік. Үш ай бойы әр апта сайын кездесіп тұрғанның өзі бір-бірімізді қолдауға, көмектесуге үйретті. Мәселен, кәсіпкерлер палатасы бизнес жүргізу бойынша тренинг өткізеді. Бірақ одан гөрі, осы жобадан көп сұрағыма жауап алдым. Мұнда 80-ге жуық отбасы қатысып, өзара жарысып қана қоймай, достасып, бір-бірімізге жақын болып кеттік.
Бұрын мерекелік кештерді ұйымдастырумен айналысатынмын. Басында бұл жобаның пайдасы болатынын отбасым сенбеді. Сабаққа қатысқан соң, олардың ойлары өзгерді. Бүгінде ұлым, қызым, жолдасыммен бірге «Архаровтар шығармашылық шеберханасын» құрдық. Оны ашу идеясы да, аты да осы жерде туды. Ендігі мақсат – ақша табу емес, адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлау.
Жанар БАЙБОЛОВА:
Пайдама жарайтын білім алдым
— Жоба жайында достарымнан біліп, тіркеуден өттім. Негізі қандайда бір ұтыс үшін келгенім жоқ. Бастысы — пайдама жарайтын білім алу. Жалпы, жобаның ұйымдастырушысы Яна Исакованы бұрын сырттай білетінмін. Бұрын Астанада әкімдікте заңгер болып істегенмін. Бүгінде екі баланың анасымын. Киім-кешек дизайнері көптігін байқап, әйелдерге арналған сумканы жасау жолын таңдадым. Апам да, анам да қол өнерге жақын адамдар. Міне солармен бірге енді отбасылық бизнес аштық.
Диана СИН:
Баламның арқасында ісімді аштым
— Бұл жобаға мені күйеуім шақырды. Әрине, басында күмәнмен қарадым. Қандайда да бір нәрсе тегін болады десе «неге?», «не үшін?» деген сұрақтар туындайтыны белгілі ғой. Бірақ қазір келгеніме өкінбеймін. Өйткені осы жерде көп нәрсе үйрендім. Бастысы, бұл біз үшін жақсы бастама болды. Себебі, бұған дейін «немен айналыссам болады» деп ойланып, үйде отыратынмын. Біздің айналыспаған нәрсеміз қалмады. Қытайдан әшекей-бұйымдар алдырып, сатып та көрдік. Бірақ одан ештеңе таппадым. Баламен үйде отырған соң артық еш жерге шыға да алмайсың. Бұған қоса баламыздың қантқа да, консервіге де аллергиясы болды. Оған не беретінімізді білмедік. Содан жеміс-жидектерді қоспасыз кептіру ойға келді. Бүгінде жеміс-жидек чипсы мен үй пастиласын шығарамыз. Бұл өнімнің балаға зияны жоқ. Оны өз баламызға да беріп жүрміз. Аллегриямен ауыратын балалар үшін таптырмас өнімге айналды. Әрі денсаулыққа да пайдалы.
Фото Kursiv.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі