— Бұл — сол әйелдің дәл өзі. Оған менің титтей де күмәнім жоқ!
Капитан Хэйдок досының сабырлы жүзіне бұрылып бір қарады да, күрсініп қойды. Оның «тек өзімдікі дұрыс» деп қасарысатын бірбеткей мінезін іштей ұнатпайтын. Теңізде өткізген көп жылдар кісі ісіне қол сұқпауды жақсы үйреткен еді. Ал қылмысты істерді тергейтін бөлімнің бұрынғы инспекторы, бұл күнде марқұм болып кеткен Эванстың өмірге деген көзқарасы мүлде басқаша болатын.
— «Істі қолға түскен деректерге сүйене отырып, тергеу керек» дейтін қағида — Эванстың жас кезінен бергі ұраны-тын. Келе-келе ол ондай деректерді өзі іздеп табатын дәрежеге де жетті.
Қылмысты істерді тергеу мекемесінің инспекторы Эванс ақылды, көзі ашық офицер болатын. Лауазымы да таза еңбегінің арқасында көтерілген. Тіпті бертінде, инспекторлық қызметтен біржола қол үзіп, ұзақ жылдар бойы армандаған саяжайға қоныс аударғаннан кейін де, сезімталдығы мен кәсіби түйсігі сақталған еді.
Бір көрген адамды жазбай танимын дегенді мақтанышпен, бірнеше дүркін қайталап:
— Иә, бұл сол Энтони ханымның дәл өзі. Сіз Мероудии ханым дегенде-ақ мен оны бірден тани кеттім,— деді.
Капитан Хэйдоктың мазасы кете бастады. Себебі, Мероудиндер оның ең жақын көршілері болатын. Ертеректе болған аты шулы оқиғаның бас кейіпкері мен Мероудин ханымның бір адам болып шығуы оны шынымен қатты толғандырған-ды.
— Ол оқиғадан бері талай жыл өтіп кетпеді ме?— деді бәсең үнмен.
— Тоғыз жыл болды,— деп, іле жауап қатты Эванс.— Тоғыз жыл, үш ай. Оқиға есіңізде ме?
— Еміс-еміс есімде.
— Энтонидың өзін уланып өлгенге санап, әйелін ақтап босатып жіберіп еді ғой.
— Иә, босатып жіберсе ше?
— Олай етпеуге ешбір лажы болған жоқ, әрине. Қолда бар дерекке сүйенді ғой. Ешбір қате жоқ.
— Ендеше бәрі де дұрыс екен ғой,— деді Хэйдок.— Бас қатырып қайтеміз осы.
— Бас қатырған кім?
— Бүйректен сирақ шығарып отырған сен емессің бе?
— Құдай сақтасын!...
— Болары болып, бояуы сіңген нәрсе ғой,— деп тұжырымдады капитан.— Бір кезде бақытсыз жайға ұшырап жауапқа тартылған екен. Кісі өлтірді деген айыптан ақталып шығыпты, ал солай екен деп енді...
— Қылмысқа тартылып ақталып шыққан адамның бәрі бірдей байғұс екен деп мүсіркей беруге болмайды,— деді Эванс.
— Ойымдағының не екенін сен біліп отырсың — деді капитан Хэйдок жақтырыңқырамай.— Байғұс әйел азаптан құтылған екен. Енді ескі жараның аузын тырнағанның не жөні бар?
Эванс жауап қатпады.
— Жә, болар, Эванс, әйелдің кінәсі жоқ. Жаңа ғана өзін солай дегенсің.
— Мен оны бейкүнә дегенім жоқ, ақталып шықты дедім ғой.
— Бәрі бір емес пе?
— Жоқ, бәрі бір емес.
Бұл кезде капитан Хэйдок трубкасын алып, орындығының қырына қағып тазалай бастап еді, онысын қоя салып, ойланып отырып қалды.
— Е-е-е... Солай де... енді түсіндім көкейіңді. Әйел — қылмыскер деп отырсың ғой?
— Дәл солай дей алмаймын. Әзірше өзім де білмеймін. Энтони апиыншы болатын. Апиынды оған әйелі тауып беретін. Бір күні ол қателесіп, апиынды тым көбірек қабылдап қояды. Алайда, өзі қателесті ме, әлде әйелі қателесті ме, бұл арасын ешкім де айта алмайды. Деректің жеткіліксіздігінен сот әйелді ақтаған болатын. Бәрі де дұрыс. Мен бұл жерде сотқа кінә тағып отырғаным жоқ. Дегенмен көзімді анық жеткізгім келеді.
Капитан Хэйдок назарын трубкасына аударып, тағы бір қарап қойды.
— Иә,— деді ол байсалдылықпен,— бұл бірақ біз кірісетін шаруа емес.
— Мен олай дей алмаймын.
— Сонда қалай...
— Бір минут құлақ салшы. Әлгі Мероудннді айтамын, өткен түні лабораторияда тәжірибе жасап жүр еді ғой. Есіңде ме?
— Иә! Марштың у жөнінде жасаған тәжірибесі туралы айтқаны құлағымда. «Бұл өте-мөте мына саған таныс болуы керек»,— деп күлгені де есімде.
— Егер ол бір сәт ойланғанда, саған олай демеген болар еді.
Эванс капитанның сөзін бөліп жіберді.
— Әйелінің кім екенін білсе, олай демеген болар еді дейсің ғой. Олардың үйленгеніне қанша уақыт болып еді, алты жыл болды демеп пе едің. Неге бәстессең де, мен дайынмын. Мен білсем, Мероудин әйелінің бір кездегі аты шулы Антони ханым екенінен мүлдем бейхабар.
— Оған жеткізе қоятын адамың мен емес,— деді капитан Хэйдок жақтырмай.
Эванс оған мән берместен, сөзін одан әрі жалғастырды.
— Сен менің сөзімді аяқтатпадың, Марш тәжірибесінен кейін Мероудин шыны түтікке бір нәрсе салып қыздырды да, содан соң түбінде қалған шөгіндіні суға ерітті. Оған күміс нитратын қосып, судан бөліп алды. Бұл хлоратты алу үшін жасалған тәжірибе болатын. Онша мән беруге тұрмайтын қарапайым тәжірибе. Бірақ столда ашық жатқан кітаптан мынадай сөйлемді көзім шалып қалды: «H2S04 хлоратқа қосылса СL204 пайда болады. Бұл қосындыны қыздыратын болса, ете күшті қопарылыс береді. Сондықтан да оны суық жерде сақтап, аз мөлшерде пайдалану қажет».
Хэйдок досына тесіле қарады.
— Иә, онда тұрған не бар екен?
— Мәселе былай. Кісі өлімін анықтау үшін, біз де талай рет тәжірибе жасағанбыз. Ондайда айғақтардың басын құрап, өлшеп-пішесің, жаңсақ пікір мен дүдәмал деректердің бәрін еске ала отырып қорытынды жасайсың. Алайда өлімді анықтау үшін және бір тәжірибе жасауға болады. Бұл тәжірибе де дәл нәтиже береді, бірақ өте қауіпті! Кісі өлтірген адам, әдетте, бір ғана қылмыспен тынбайды ғой. Уақыт оздырып, мүмкіндік берсең болды, ол екінші қылмысқа барады. Айталық, бір адамды ұстадың. Әйелін өзі өлтірді ме, әлде жоқ па? Кесіп-пішіп дәл айтуға дәлелің жеткіліксіз. Ондайда сен оның өткен жолына үңілесің. Егер оның бірнеше әйелі болып, олары өле беретін болса, қандай қорытындыға келер едің? Мұнда бір мән бар емес пе дер едің! Мен мұны мысал үшін айтып отырмын, әрине, істің моральдық жағына көз жеткізу үшін ғана айтып отырмын. Ар жағында не жатқанын білген соң жаңа дерек іздей бастайсың.
— Иә, сонымен не демексің?
— Қазір аяқтаймын... Өткен өміріне үңілгенде іске пайдасы тиетін бір нәрсе табылса, әрине жақсы. Ал қылмыскер бірінші рет қолға түсіп отырса ше? Онда жаңағы тәжірибеден келетін пайда шамалы. Ал енді ақталған қылмыскер басқа ат жамылып өмірін қайта бастады делік. Осыдан кейін ол қылмысқа тағы бара ма, әлде бармай ма?
— Мынауың қиын екен.
— Біздің шаруамыз емес деймісің?
— Иә, деймін. Мероудин ханымды қылмыскер деуге ешбір дәлелің жоқ.
Полиция инспекторы біраз уақыт бойы үндемей отырып қалды. Сәлден соң ол жайлап былай деді: «Мен сараң сол әйелдің өткеніне үңіліп ешнәрсе таба алмадың дегенмін. Бірақ олай емес. Оның өгей әкесі болған. Он сегіз жасар кезінде бір жігітке көңілі кетіп еді, егей әкесі кедергі жасап, екеуінің басын қостырмады. Бірде қыз бен әкесі серуенге шығып, тік жартасты жағалап келе жатады. Қездейсоқта қыздың әкесі жаңсақ басып, жартастан құлап өледі».
— Сен сонда оны қыз өлтірді демексің бе?
— Бұл кездейсоқтық. Кездейсоқ оқиға! Егер өгей әкесінің қалай өлгенін жұрт білмегенде, бұл әйел сотқа еш уақытта да тартылмаған болар еді. Менің саған айтарым, Хэйдок, бұл әйел жүрген жерде тағы бір кездейсоқ оқиға бола ма деп қорқамын.
Қарт капитан түкке түсінбеген адамша, иығын тағы бір қомдап қойды.
— Оны болдырмауға сенің қолыңнан келер қандай шара бар екенін біле алмай отырмын.
— Өзім де білмеймін,— деді Эванс қиналып.
— Мен болсам басымды қатырмай қоя салар едім,— деді капитан Хэйдок.— Кісі ісіне қол сұққаннан келген пайданы көрген жоқпын.
Бірақ капитанның бұл ақылы инспектордың көкейіне қонбады. Ол шыдамады, әрі өз дегеніне жетпей қоймайтын қайсар адам болатын. Досынан шыққаннан соң істі неден бастаса сәтті боларын ойластырып, кешеде едәуір жүрді.
Біраз марка алмақшы болып почтаға қарай бұрылып еді, Мероудинге соқтығысып қалды.
Профессор аласа бойлы, ешнәрсемен ісі жоқ, кішіпейіл әрі мүлдем ұмытшақ адам болатын. Эвансты танып, жылы жүзбен амандасты да, қақтығысып қалғанда жерге түсіп кеткен хаттарын көтермекші болып еңкейе берді.
Эванс одан бұрынырақ қимылдап, хаттарды жиып, иесіне қайтарды да, кешірім өтінді.
Хаттарын беріп жатқанда біреуінің адресіне көзі түсті. Сол-ақ екен, көпшілікке белгілі қамсыздандыру фирмасының атын көріп, ойындағы күдігі қайта жанданды...
Эванс шешімді бірден қабылдады. Қулық-сұмдыққа жоқ Джордж Мероудин инспектормен қалайша бірге келе жатқанын білмей де қалды. Тіпті, әңгіменің өмірді қамсыздандыру жайына қалай ауысып кеткенін де аңғармады.
Эвансқа көкейіндегісін орындау онша қиындыққа түскен жоқ. Мероудин өз өмірін әйелінің пайдасына жаңа ғана қамсыздандырып келе жатқанын сұрамастан сампылдап айтып берді. Ол енді Эванстан жоғарыда айтылған қамсыздандыру фирмасы жөніндегі пікірінің қалай екенін білгісі келді.
— Мен бір ақылсыз іс жасадым, соның нәтижесінде акцияға салған ақшадан түсетін кіріс азая бастады. Олай-бұлай боп кетсем, әйелім таршылық көріп қалатыны хақ. Ал, мына қамсыздандыру істі біршама түзетуге тиіс.
— Қамсыздандыруға жұбайыңыз қарсы болған жоқ па? Кейбір әйелдер мұндайды жаман ырымға санайтыны бар ғой?
— О не дегеніңіз? Маргарет жақсы мен жаманды ажырата біледі,— деді Мероудин күлімсіреп.— Ол ырым-сырым дегенге сенбейді. Қайта, бұл — соның ықыласымен істелген шаруа. Керегі қанша деп едім, болмады.
Эвансқа керегінің өзі де осы еді. Көп ұзамай ол Мероудинді өз жөніне қоя берді. Еріндерін жымырып ойланып қалды. Марқұм Энтони мырза да өлерінен екі-үш апта бұрын өзін әйелінің пайдасына қамсыздандырған еді.
Сезімі алдап көрмеген Эванстың өз ойының дұрыстығына сенімі мол болатын. Бірақ ойды іске асыру оңай шаруа емес. Ол қылмыскерді қылмыс үстінде ұстағаннан гөрі, сол қылмыстың алдын алып болдырмау жағын ойластырды. Бұл, әрине, оңайға түспейді.
Күні бойы ойға шомды. Сол күні түстен кейін жергілікті бір ауқатты адамның ауласында Дзриаэлиді1 еске түсіруге арналған жәрмеңке өткізілген болатын. Соған барып, аттракцион ойындарын қызықтап, тіпті ақша шығарып біразына қатысып та көрді. Сыйлық ұтып алам ба деген дәмемен елдің бәрі құлшына кіріскен. Эванстың қызыққаны сонша, бір балгер әйелге жарты крон ақша беріп, «келешектен хабар айтатын» айнашарға біраз қарап тұрды. Кезінде қызмет бабымен бақсы-балгерлерге қырғидай тиетіні есіне түсіп, өзінің қазіргі істеп тұрғанына күліп те алды.
Балгер әйелдің сәуегейлік сөздеріне онша мән бермей тұр еді, оның соңғы айтқандары құлағын елең еткізді.
— ...Көп ұзамай, жуық арада өте бір қауіпті іске, бір кісінің өмірі мен өліміне байланысты шаруаға кез боласыз.
— Немене дейсің? — деді Эванс жұлып алғандай.
— Сіз бір шешім қабылдайсыз, шешім деймін. Бірақ өте сақ болуыңыз керек. Егер болар-болмас қате жіберсеңіз, иә, титтей ғана жаңылыс бассаңыз...
— онда не болады?
Балгер әйел дірілдеп кетті. Эванс оның айтқандарының құр сандырақ екенін біле тұрса да, біртүрлі ойланып қалды.
— Мен сізге ескертіп тұрмын. Қателесе көрмеңіз. Мен бәрін де ап-айқын көріп тұрмын. Қателессеңіз, мерт боласыз.
«Сандырақ... нағыз сандырақтың өзі! Мерт боласыз,— дейді. — Көріпкелін қарай гөр мұның!».
— Қателессем, өлем ғой, солай ма?
— Дәл солай.
— Ендеше,— деді Эванс орнынан тұра бере, балгерге тағы да жарты крон ұстатып,— менің қателеспеуім керек, естіп тұрсың ба?
Айтуын айтса да, балгердің шатырынан шыққан соң ол көп ойланды. Айтуға оңай, әрине, ал іске асыру оңайға түсейін деп тұрған жоқ. Оның жаза баспауы керек. Өйткені, адам тағдыры шешілейін деп тұр ғой.
Эванска қол ұшын берер ешкім табылмады. Ол анадай жерде тұрған Хэйдок жаққа қарап қойды. Одан қайыр жоқ. «Сен тимесең, мен тимеймін» ғой оның ұраны. Бұл жерде олай істеу жарамайды.
Хэйдок бір әйелмен сөйлесіп тұрған болатын. Әйел әңгімесін аяқтаған соң Эванс жаққа қарай бет алды. Инспектор оны бірден тани кетті. Бұл Мероудин ханым еді. Эванс жалма-жан шешім қабылдап, әйелдің қарсы алдынан шығуға ұйғарды.
Мероудин ханым өте сұлу, жалпақ қасты, әдемі қоңыр көзді, жайдары жүзді әйел болатын. Шашын қақ жарып өріп, құлақ тұсына түйіп қоятындықтан ба, әйтеуір ол итальян мадоннасын көзге елестететін. Даусы жіңішке, сызылып шығатын.
Әйел Эвансқа күлімсірей амандасты.
— Мен сізді бірден таныдым, Антони ханым... Мероудин ханым дегенім ғой,— деді Эванс жайбарақат үнмен. Ол жорта қателескенін әйелге сездірмей, оның бет-әлпетін бақылады. Әйелдің көзі бақырайып, демін ішке тартқанын сезіп қалды. Бірақ көзінен қорқыныштың нышаны байқалмады. Керісінше,өзіне тесіле қарап, сыр бермей тұр.
— Күйеуімді іздеп келе жатыр едім,— деді жай ғана,— ол кісі көзіңізге түспеді ме?
— Жана ғана ана жаққа кетіп бара жатқан.— Мероудин ханым Эванс жөн сілтеген жаққа қарай қозғалды. Инспектор әйелден көзін ала-алмай таң-тамаша болып келеді. «Неткен әйел! Өзін қалай ұстайды! Жүріс-тұрысы қандай жарасымды! Иә, айтары жоқ, керемет әйел, алайда өте қауіпті жан. Сөз жоқ, өте қауіпті».
Өзінің алғашқы әрекеттеріне іштей риза болғанмен, Эванс әлі де болса мазасызданып келе жатқан. Әйелді көптен танитындығын да сездірді. Енді ол өзін сақ ұстауға тырысады. Алайда асығыс әрекет жасауға қақысы жоқ.
Ендігі мәселе Мероудин мырзада. Егер оған күні бұрын ескертіп қойса ғой шіркін...
Профессорға кезіккен кезде, ол бір пенни ақшаға ұтып алған, шыныдан жасалған қуыршақты аударып-төңкеріп тамашалап тұрған. Әйелінің «үй жаққа жүрсек қайтеді» дегеніне бірден көнді. Мероудин ханым инспекторға бұрылып: «Бізбен бірге жүріп, үйден шай ішіп кетпейсіз бе?»,— деді.
Үнінде жекпе-жекке шақырып тұрған кекесін бар ма қалай? «Солай болуы керек» деп түйді Эванс ішінен.
— Рахмет, Мероудин ханым, шай ішуге болады.
Жол-жөнекей олар әңгімеге ұсақ-түйекті арқау етіп келе жатты. Күн жарқырап баяу ғана самал жел есіп тұрған. Айнала әдеттегідей кез тартады. Ескі мәнермен салынған сәнді коттеджге келіп жеткен кезде, Мероудин ханым қызметші қыздың аттракционға кетіп қалғандығын ескертті де, өз бөлмесіне барып, бас киімін шешіп келді. Сосын шайдың қамына кірісті. Отқа жақын тұрған сөреден столға үш шыны-аяқ алып қойды.
— Біз бір ерекше қытай шайын ішеміз,— деп түсіндіре бастады Мероудин ханым.— Біз оны нағыз қытайлардың өздері сияқты, яғни кеседен емес, астындағы тарелкасына құйып ішетін боламыз. Біз ылғи сөйтеміз.
Ол сөзін тия қойып, кесенің түбіне үңілді. Сосын басын шайқап, бірнәрсе деді де, оны басқа кесемен ауыстырды.
— Джордж, сенің мынауыңа жол болсын. Шай ішетін кеселерді тағы да пайдаланыпсың ғой.
— Кешірім өтінем, жаным,— деді профессор кінәлі адамша,— бұл кеселер менің жұмысыма сондай ыңғайлы. Ал, заказдарым әлі келмей жатыр.
— Бүйте берсең бір күні бәрімізді уландырып өлтіресің ғой,— деді әйелі күлімсіреп.— Қызметші қыз кеселерді ылғи сенің лабораторияңнан алып шығады. Көзге көрінетін ештеңесі болмаса, оларды жақсылап жумайды да. Айтпақшы, сен олардың біріне бұрнағы күні цианды калий құйып жүр емес пе едің. Шынында да, бұл өте қауіпті деймін, Джордж.
Бұл сөз Мероудиннің қитығына тиіп кетті.
— Маридың менің лабораториямда несі бар?! Онда тұрған затқа тиісуге ешбір қақысы жоқ қой.
— Алайда, шайдан кейін ыдыс-аяқты лабораторияда жиі қалдырып кете беретініміз де бар. Мари қайдан білсін, ненің не екенін.
Профессор міңгір-міңгір етіп лабораториясына кіріп кетті. Мероудин ханым жымиған күйі шай демдеген шәйнекке қайнақ суды еселеп құйды да, отты сөндіріп қойды.
Эванс аңырып отырып қалды. Әйткенмен, ол бір түйткілді сезді. Қалайша екенін кім білсін, Мероудин ханым ойын сездіріп алды. Жоқ, әлде бір кездейсоқтық па бұл? Жаңағының барлығын күні бұрын дәлел болсын деп әдейі естіртіп отырса ше? Мәселен, кейінірек кенеттен күйеуі өле қалса, мені куәға тартпақ қой, сірә, Мұнысынан ешнәрсе шықпас сұмпайы әйелдің, себебі одан бұрын...
Кенеттен Эванс демін ішіне тартып тына қалды. Әйел үш шыныға да шай құйып үлгеріпті. Бірін Эванстың алдына, екіншісін өзіне, ал үшіншісін отқа таяу тұрған, қасында орындығы бар шағын столдың үстіне қойыпты. Күйеуі, әдетте, сол арада отыратын. Соңғы шыныны қойып жатқанда әйел күлімсірегендей болған. Эвансты сескендірген ол сол күлкі болатын.
«Сыры белгілі болды!».
Сұлу әйел — сұмпайы әйел. Дәл қазір, тапа-тал түсте, өзін куәға тарта отырып, іске асырмақшы ғой арам пиғылын. Әйелдің батылдығына Эванс шынымен-ақ қайран қалды.
«Неткен ақыл, неткен қулық». Осылай етсе, Эванстың еш нәрсені дәлелдеуге шамасы келмей қалады. Әрі мұндай жауыздық осылай, тез арада, бола қояды деп мұның. ойламайтынын да есепке алып тұр-ау. Қандай айлакер!
Эванс терең дем алып, алға қарай еңкейді.
— Мероудин ханым, басыма неше түрлі сұмдық ойлар келіп отыр. Соның бірін сыртқа шығаруға рұқсат етіңіз.
Мероудин ханым ешбір күдіксіз, бірақ «мұнысы несі?»деген адамдай, жалт қарады.
Эванс орнынан тұрып, әйелдің алдында тұрған шайды алып, оны кішкене столдың үстіндегі шаймен алмастырды да, профессордың кесесін Мероудин ханымның өз алдына қойды.
— Мына шайды өзіңнің ішкеніңді жөн көремін. Көздері түйісіп қалды. Кірпік қақпай тесіле қарасты. Бірте-бірте әйелдің өңі қуара бастады. Ол қолын созып, алдындағы кесені көтерді. Эванстың демі тоқтап қалғандай болды.
«Бағанадан бері өзі қателесіп отырса не болады?»
Кесені аузына апара беріп, ең соңғы сәтте дір-дір етіп сәл еңкейді де, әйел қолындағы шайды папоротник өсірілген ыдысқа жылдам құя салды. Сөйтті де, орнына қайта отырып, «қолыңнан келгенді істеп ал» дегендей, Эвансқа бедірейе қарады.
Эванстың жүрегі орнына түсіп, бір күрсінді де қайта отырды.
— Иә, сонымен не демексіз?— деді әйел.
Даусы өзгеріп кетіпті. Мысқылмен, тиісе сөйлейді. Эванс даусын көтермей жайлап жауап қатты.
— Сіз өте ақылды әйелсіз, Мероудин ханым. Мені түсіндіңіз ғой деп ойлаймын. Жаңағы сұмдықты екінші қайталап жүрмеңіз. Нені айтып тұрғанымды сезіп тұрсыз ғой?
— Иә, сезіп тұрмын... Әлгіндей емес, жуасып қалыпты, үнінде кекесін сезілмейді.
Өзіне-өзі риза болған Эванс басын изеді. «Бұл ақылды әйел екен» деді ішінен. «Дарға асылғысы келмейді өзінің».
— Сіздің ұзақ өмір сүруіңіз үшін, ханым, сонымен қатар еріңіздің де өмірлі болуы үшін,— деді, Эванс алдындағы шайынан бір ұрттап.
...Сол-ақ екен, түсі өзгеріп сала берді. Бет-пішіні адам айтқысыз кейіпке еніп, қисайып кетті. Орнынан тұрмақшы болып талпынып, айғайламақшы да болды. Бірақ денесі ырқына көнбей, сіресіп қатты да, өңі күлдей боп қуарып кетті. Орындығына шалқалай құлаған кезде, аяқ-қолдары серейіп қалды.
Мероудин ханым еңкейе беріп, құрбандығының бетіне үңілді. Езуіне күлкі үйіріліп, ол Эвансқа қарап байыппен сөйлеп жатыр.
— Қателестіңіз, Эванс мырза. Өзіңізше, мен Джорджғa у береді деп қалдыңыз. Қандай ақымақтық десеңізші!
Жан тапсырған адамға тағы біраз қарап тұрды. Эванс Мероудин ханымның жолын торып, сүйген адамынан ажыратпақшы болған үшінші құрбандығы болатын.
Күлімсіреп еді, өңі нұрланып шыға келді. Біраздан соң ол дауыстап күйеуін шақырды.
— Джордж! Ay, Джордж! Тезірек келші мұнда. Кездейсоқ оқиғаның көкесі болды ма деп қорқып тұрмын... Байғұс Эванс мырза...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі