Бұдан бірнеше жыл бұрын, мінез-құлқы әрі-сәрілеу, париждік бір танысым, Монтизар маңына екі-үш күн аялдайтынымды біліп, менің сол жердегі музейге баруымды, сол музейге қалайда қойылуға тиіс оның атасы Леруаның суреттерімен танысуымды өтінді. Қолын жайып, күлімсіреген қалпы ол маған бір бұлыңғырлау оқиғаны айтып жатты, ал мен, шынын айтар болсам, оның әңгімесіне соншалықты зер салып, құлақ қоя тыңдай қойғам жоқ. Өйткені мен бөгде біреулердің жеке өмірлері туралы мәселелерге ынта қойып, ықылас танытуды ұната бермейтінмін, оның үстіне, ең бастысы, әлгі досымның қиялына да ылғи күмәнмен қарайтынмын Оның айтуынан ұққаным, Жапон соғысы тұсында атасы өзінің Петербордағы пәтерінде қайтыс болады да, ал Париждегі пәтерінің заттары саудаға түседі, сол бір аласапыран кезде түсініксіздеу жағдаймен оның портреті Леруа туылған қала музейінің иелігіне көшеді. Менің танысым, ол портреттің сол музейде бар-жоғын, егер бар болса, онда оны қаншаға сатып алуға болатынын білгісі келетінін айтты.
Оны тыңдап тұрып-ақ, ішімнен бір шешімге келіп қойғам: ауырып қалдым, немесе маршрутым өзгеріп кетті деймін. Қандай бір елеулі көрікті жерлерден, мейлі ол музей, мейлі ол көне ғимараттар болсын, аулағырақ жүргенді қалайтын мен, бұл арсын-гүрсін сөйлейтін досымның әңгімесін, әйтеуір бір айтыла салған сөз ретінде қабылдағаным да содан. Бірақ бірде, қай жаққа қарасаң да собордың шпильдері сорайып тұратын, қаңырап бос жатқан Монтизер көшелерімен жазатын қағаз сататын дүкен іздеп жүріп, қатты нөсерлі жаңбыр астында қалдым да, еріксіз бой тасалайтын жер іздедім. Бір үйдің шатырының астын паналамақ боп, дәл музейдің алдынан бір-ақ шығыппын. Бұл бір алашұбар тастармен салынған, шатыр астындағы үшкіл маңдайшасы фрескалармен безендірілген, есікке кіретін қос қапталында арыстанның тас аяқтары көрініп тұрған, колонналы шағын үй екен; іш жағы үңірейіп көрінетін ол есіктің бір жағы ашық тұр. Мен басқыш үстінде бірқатар уақыт тұрып қалдым да, жаңбырдың жуық арада толастай қоймайтынына әбден көзім жетіп, музейдің ішіне кірмек болдым. Вестюбльдің күңгірлеп қоя беретін тас еденіне аяқ басқаным сол еді, түкпірдегі бір мүйістен астындағы орындығын тарс еткізіп қозғап, қолындағы газетін тастай сап, маған көзілдірігінің үстімен қараған музей күзетшісі көтеріліп келе жатты, — бос жеңі салақтаған кәдімгі мүгедек. Мен ақшамды төлеп, ішке ендім.
Бәрі де музейге тән қалыпта: сұрғылт түс, қалғып-мүлгіген дүниелер, заттың бейнесінен жоғалған заттар; барқыт үстінде жатқан көне монеталар қойылған шкафтар, ал шкаф төбесінде екі байғыз отыр — біреуі дәлме-дәл аударсақ "Ұлы князь", екіншісі "Орта князь" деп аталынады; шаң басқан картондарда минералдар дамыл тауыпты; әр түрлі көлемдегі, көзге мүлде тосын көрінетін, қара шарлардың үстіне таңырқай қараған, шоқша сақалды бір кісінің суреті ілініпті: олар аязды күні қатып жататын тезекті еске түсіретін еді, мен олардың құрамы мен не нәрсеге пайдаланатынын өзімше анықтамақ боп ұзақ қарап тұрдым. Белгілі бір қашықтықта менің соңымнан ақырын басып келе жатқан күзетші, сыңар қолын артына қойып, маған жақындады. "Мыналар не?" — дедім мен оған шараларды көрсетіп. "Ғылым оны әлі білмейді, — деді ол жаттап алған сөзін қайталап. — Оларды, — деді ол сол жалған даусын соза түсіп, — мың сегіз жүз тоқсан бесінші жылы муниципал кеңесшісі, құрметті орден кавалері Луи Продье тапқан", — деді ол даусы қалтырай шығып, саусағымен суретті көрсетіп. "Ал, жақсы, — дедім мен — бірақ олар музейден орын алуға лайықты деп кім шешкен?" "Ал енді сіз мына бас сүйекке көңіл аударыңыз!" — деді шал тақырыпты өзгертіп, саңқылдай сөйлеп. "Олардың неден жасалынғанын білу қызық қой", — дедім мен оның сөзін бөліп. "Ғылым..." — деп бастай берген ол кілт мүдіріп, саусағына шыны үстінен жұққан шаңға қарап кетті.
Мен теңіз офицері алып келген қытай вазасын; асыл тастарды; майлы спирт ішіндегі боп-боз құртты; XVII ғасырдағы Монтизердің қызыл-жасылды жоспарын; қара лентамен қосақталып байланған, тот басып кеткен аспаптарды — күректі, кетпенді, сүйменді қарадым. "...Өткенді қазу", — дедім мен іштей салғырт қана ойлап, бірақ витриналардың арасымен менің соңымнан ілесіп келе жатқан күзетшіден түсінік сұрағам жоқ. Бірінші залдан кейін екінші залға өттік, оның ортасында жуылмай қалған кір-қожалақ ванна сияқты саркофаг қойылыпты, қабырғаларына картина ілінген.
Жадау көңілді екі пейзаждың арасындағы ер адамның портретіне көзім түскен мен, оған жақын кеп қарадым да, осы уақытқа дейін сандырақ ретінде қабылдап келген, сол суреттің дәл үстінен түскенімді білдім. Майлы бояумен қалай болса, солай салынған үстіне сүртік киген, бакенбардты, баулы пенсне таққан, түрі Офенбахқа келетін ер адамның бейнесі шартты түрде орындала тұра, оның түр-түсінен менің кәнігі досыммен алыстан қосылатын ұқсастық байқадым. Ол портреттің бұрышында қарамен жазылған "Лepya" деген жазу көрінеді, — шығарманың өзі сияқты дарынсыз жазу.
Дәл желкемнен біреудің кермек демін сезінгенмен, артыма бұрылып күзетшінің мейірімді жүзін көрдім.
— Айтыңызшы, — дедім мен оған, — егер мен мына картинаны, немесе басқа біреуін сатып алғым келсе, кімге жолығуым керек?
— Музейдің қазынасы — қаланың ар-ұяты, — деді шал, — ал ар- ұят сатылмайды.
Оның жаттанды сөзінен қашқанмен, тез келісе қойдым да, музейге қамқорлық көрсететін адамның адресін сұрадым. Ол менің көңілімді саркофаг туралы әңгімеге бұрғысы кеп тырысып бағып еді, мен айтқанымнан қайтпай қойдым. Ақырында шал Годар деген бір мырзаның атын атап, оны қалай табуға болатынын түсіндірді.
Маған, турасын айтқанда, портреттің бар боп шыққаны ұнады. Өзіңнің ғана емес, басқа біреудің арманының жүзеге асуы да көңіліңді көтеріп жіберетіні сөзсіз ғой. Бір нәрсені бастасам, оны аяқтамай тынбайтын әдетіммен бұл істі де тезірек бітіріп тастағым келді. Музейден асығыс түрде, дүбірлете басып шығып бара жатып жаңбырдың толастағанын, көгілдір аспанның шеті едәуір түріліп қалғанын, шұлығы су-су боп қалған бір әйелдің күміс түстес велосипедпен кетіп бара жатқанын, тек шалғайдағы тау басында ғана бұлттардың бұлыңғырланып жатқанын көрдім. Ән айтып бара жатқан жастарды сықап толтырып алған қызыл автокардың астына түсіп қала жаздаған мен асфальтті жолды кесіп өтіп, бір минөттен кейін мосье Годардың есігін қағып тұрдым. Ол түрі тазыға келетін,
галстугіне інжу қадалған, биік жағалы, ап-арық кексе кісі боп шықты, — оның үстіне ол, мен оның шағын, бірақ үстел үстіне малахит сия сауыт, камин төбесіне көзге өте таныс қытай вазасы қойылған бай жиһазды бөлмесіне кіріп барғанда, ашық конвертті ит құсап жалап жатты. Оның ағарып кеткен бір уыс желкесі көрініп тұрған айна үстінде екі семсер мен бірнеше соғыс кемелерінің суреті ілініпті.
— Не шаруаңыз бар еді? — деді ол, желімденген конвертті қоқыс кәрзіңкесіне лақтырып жатып: оның бұл қылығын ерсі көре тұра, ештеңе дегем жоқ. Мен оған келу себебімді қысқаша айтып шықтым, досымның музейдің шартын білмей, алдын ала айтпа деген тапсырмасына қарамай, ірі ақша көлемін атап та жібердім.
— Мұның бәрі дұрыс қой, — деді мосье Годар, — тек сіз қателесіп отырсыз: ондай картина біздің музейде жоқ.
— Қалай жоқ? — дедім мен жұлып алғандай. — Мен оны жаңа ғана көріп шықтым ғой! Гюстав Лeypa, орыс дворяниннің портреті.
— Леураның бір портреті біздің музейде бар екені рас, — деді мосье Годар, дәптерін аударыстырып, бір саусағын табылған жолға қадап тұрып. — Бірақ ол портрет емес, деревня тақырыбына салынған сурет: өрістен қайтқан мал
Мен бес минөт бұрын ғана ол картинаны көргенімді қайталап, оны ешкім де жоққа шығара алмайтынын айттым.
— Келісем, — деді мосье Годар, — бірақ менің де есім өз орнында. Мен бұл музейдің қоймашысы болғаныма жақында жиырма жыл толады, сондықтан оның каталогын бес саусақтай жақсы білем. Мұнда "Өрістен қайтқан мал", — деп жазылған, яғни мал өрістен қайтып келеді, бәлкім, сіздің досыңыздың атасы бақташы ретінде бейнеленген шығар, сондықтан оның портреті бізде бар дегенге сенбеймін.
— Ол сүртік киген, — деп айқайлап жібердім мен, — оның сүртік киіп тұрғанын дәлелдеу үшін қарғануға бармын!
— Жалпы қалай, — деді мосье Годар маған күмәндана қарап, — сізге біздің музей ұнады ма? Сіз саркофагты қалай бағалайсыз?
— Құлақ салыңыз, — дедім мен, даусым жарықшақтанып естілді, — онда менің сізге қояр шартым бар, біз қазір сол жаққа барайық, егер портрет сол орнында тұрса, онда сіз оны маған сатасыз.
— Ол жоқ боп шықса ше? — деді мосье Годар маған қызыға қарап.
— Онда мен сізге сол соманы берем.
— Жақсы, — деді ол. — Олай болса, сіз мына қарындашты алыңыз да қызыл жағымен осы айтқандарыңызды жазып беріңіз.
Мен ойланбастан оның талабын орындадым.
Менің жазуымды оқып шығып, орыс аты-жөнін айту өте қиын екенін айтып, оның астына өзі де қол қойды да, оны тез-тез бүктеп нымшасының қалтасына салды.
— Жүріңіз, — деді ол, манжетін жөндеп жатып.
Жол-жөнекей ол дүкенге соғып, жабысқақ кәмпиттер сатып алды да, оларды маған тыққылап берумен болды, ақырында олардан әбден мезі боп, бас тартқанымда, ол сонда да қоймастан, зорлағандай боп, қолыма бірнешеуін салып жіберді, мен қолымды сілкіп қалғанда олар шашылып қалып еді, ол еңкейіп оларды теріп алып, мені қуып жетті. Біз музейге жақындаған кезде, оның алдында тұрған іші бос автокарды көрдік.
— Иә, — деді мосье Годар тоғайған дауыспен, — байқап тұрмын, бізге бүгін келушілер көп екен.
Ол қалпағын алдына ұстап, басқышпен маңғаздана көтеріліп бара жатты.
Музей іші абыр-сабыр боп кетіпті. Саңқылдаған сөз, сақылдаған күлкі, жойдасыз айқай-шу. Біз бірінші залға кірдік; ол жерде күзетші шал омырауларына мерекелік эмблема тағып алған екі жігітке қатаң ескертулер жасап жүр екен. Сол селолық-спорт корпорациясынан келген жігіттердің бірсыпырасы спиртке салынған құртты, бірсыпырасы бас сүйекті келемеж етуге кірісті. Қалжыңқой біреуі экспонат ретінде қойылған жылу құбырын мадақтап, ал басқа біреуі жұдырығының арасынан саусағын шығарып байғызды дәлдеп тұр. Отыз шақты адамның сапырылысы мен жүріс-тұрысынан музей іші даңғырлап кетті.
Мосье Годар алақанын салып қап, плакаттағы жазуды көрсетті: "Музейге дұрыс киініп келу керек". Алдымен ол, сонан кейін мен, — сығылысып жүріп екінші залға өттік. Сол-сол екен, қалғандары да біздің соңымыздан жүрді. Мен Годарды портрет жаққа икемдеп алып жүрдім, ол оның алдында қатты да қалды, сонан кейін қатты қызығып кеткендей шамалы артқа шегінем деп өкшесімен әлдекімнің аяғын басып кетті.
— Тамаша картина, — деді ол шын жүрегімен, — не болғанда да ұсақтық көрсетпейік. Сіздің айтқаныңыз рас боп шықты, каталогта қателік кеткен болу керек.
Ол осыны айтып тұрып, салғырт қана қалтасынан әлгі қағазды алып, оны қиқалап жыртты да, қоқыс салатын кәрзіңкеге тастай салды.
— Мына бір маймыл кім болады? — деді үстіне жолақ жейде киген біреу, ал суреттегі танысымның атасы қолына сигара ұстап отырғандықтан екінші біреуі қалтасынан папиросын шығарып, оны тұтатып алмақ боп портретке жақындап қояды.
— Бағасына келісейік, — дедім мен. — Сөйтейік те бұл жерден кетейік.
— Біздерге жол беріңіздерші, мырзалар, — деп айқайлады мосье Годар, жиналып қалғандардың арасымен қысыла-қымтырыла өтіп бара жатып.
— Мен өзім ештеңе шеше алмаймын, — деді мосье Годар, дауысын көтеріп. — Шешім, тек заңдылық жолымен атқарылуы тиіс. Мен алдымен мэрмен ақылдасып алуым керек. Ол жақында қайтыс боп кетті, ал оның орнына әлі ешкім сайланған жоқ. Сіз портретті сатып ала алмайтын шығарсыз деп ойлаймын, солай бола тұра сізге өзіміздің басқа да қазыналарымызды көрсеткім келеді.
Біз аумағы едәуір залға келіп кірдік. Ондағы шыны астындағы ұзын үстелдің үстінде сапасыз парақтарын саржағал дақтар басқан нашар шығарылған кітаптар жатыр екен. Қабырғалардың бойында кең қонышты етік киген қуыршақ әскери адамдар тұр.
— Ал енді талқылап көрейік, — дедім мен мосье Годарды бұрышта тұрған диванға қарай алып жүрмек боп. Бірақ маған күзетші кесір жасады. Біреуі басына жез шлем киіп алған, улап-шулаған бір топ жастарды соңына ерткен, қолын сермеп сөйлеп келе жатқан ол бізді қуып жетті.
— Шешіңіз, шешіңіз! — деді Годар жанұшыра айқайлап, сол кезде шлем, әлдекімнің итеріп қалғанынан, бұзақының басынан жерге ұшып түсті.
— Әрі қарай кеттік, — деген мосье Годар, мені жеңімнен тартты. Біз антикалық мәдениет бөлімінен бір-ақ шықтық.
Мен бір сәтте алып мрамор аяқтардың арасында адасып қалдым да, мосье Годармен қайта кездескенше бір аса үлкен тізені екі айналып шықтым, ал мосье Годар мені келесі бір алыптың тасасынан іздеп жүр екен. Ол алыптың үстіне өрмелеп шығып кеткен, басына бір ыдыс төңкере салған біреу, әп-әжептеуір биіктіктен тас еменге құлап түскені. Едәуір қызып алған оның достары оны көтермек боп жатты, мосье Годар оларға қолын бір сілтеді де келесі бөлмеге өтіп кетті. Ол бөлмедегі маржан таспен безендірілген кілемге жүгіріп бара жатқан аңшы иттердің бейнесі салынып, жолбарыс терісінің үстінде садақ пен қалқан жатыр, ал шығыс маталарының әсемдігі көз тартады.
Бір таңғаларлығы, кеңістік пен алашұбар дүниелер мені қажытып жіберді, — келіп жатқан көрермендердің қасымыздан ұбап-шұбап өтіп жатқанынан ба, әлде ұзарып бара жатқан музейден тезірек шығып кеткім келгендіктен бе, жоқ әлде тып-тыныш жерде мосье Годармен бетпе—бет отырып бастаған шаруаны бітіру керек деген ниеттен бе, әйтеуір, бірдеңе менің көңілімді күпті етіп алаңдатып алып бара жатты. Солай бола тұра біз тағы бір залға өттік, оған киттің тұтас қаңқасы қойылғандықтан, ол зал тіпті үлкен екен, ол залдан кейін де залдар ашылып жатты, олардан жауар бұлттар салынған полотнолар, діни тақырыптағы кескіндемелер көрінеді, тағы да біз кірген залдарда басып жатқан ауыр тұманның перделері ысырылып, люстралар жағылып, жарық түскен аквариумдағы балықтар мың құбылып жүзе жөнелді, сонан кейін біз басқыштармен жоғары өрлеп бара жатып төмен қарағанымызда ғаламшардың аса зор моделін қызықтап жүрген ақ шашты адамдардың тобырын байқадық.
Ақырында бумен жүретін машиналардың тарихына арналған бұлыңғыр, бірақ керемет ғимараттың ішінде, мұның бәріне түк болмағандай қарап келе жатқан қасымдағы кісіні бір сәтке болсын тоқтаттым.
— Жетеді, — дедім айқайлап, — мен кетем. Біз ертең әңгімелесеміз.
Ол қасымда жоқ боп шықты. Мен бұрылдым да екі адым жерде биік доңғалақтары терлеп-тепшіп тұрған локомотивті көрдім, сонан кейін вокзалдың макеттерінің арасынан қайтар жол іздей бастадым... Дымқыл рельстердің арғы жағындағы тұттай қараңғылықтағы белгі беретін оттар бөлек бір түрмен жанып, менің байғұс жүрегім сығылып бара жатты... Кенет бәрі де өзгеріп сала берді: менің алдымда қатар-қатар қойылған кеңсе шкаптары мен асығып— үсіккен адамдар қаптап кеткен жүретін жол пайда болды, мен бір қапталға жалт бұрылып мыңдаған музыкалық аспаптардың арасынан бір-ақ шықтым, — ал залдың қақ ортасындағы бассейнде жасыл тастың үстіне қойылған Орфейдің қорғасын мүсіні тұр. Қайда барсаң да алдыңнан шыға келетін су, мұнымен біте қойған жоқ, өйткені артқа қарай серпіліп кеткенмен фонтандардың, бұлақтардың, көлшіктердің қоршауында қалдым да, олардың әрі бұралаңқы, әрі тайғақ жағалауларымен жүру маған қиынға соқты.
Бірі оң жақтан, бірі сол жақтан шығып менің зәре-құтымды қашырып жіберген тас басқыштар бұлыңғыр тұманды құз-жартастардың арасына созылып жатыр, ал ол тұстан ысқырықтар, ыдыс-аяқтың салдыры, жазу машиналарының сартылы, балғалардың тарсылы, тағы да толып жатқан басқа да дыбыстар естіледі, бейне бір ол жақта жабылып жатқан, немесе салынып жатқан көрме залдары бар сияқты. Сонан кейін мен қараңғылық ішіне кіріп кеттім де, жиһаздарға тіреліп, қызарған бір отты көріп, платформаға шықтым... ал оның арғы жағынан ампир стилінде салынған жап-жарық, талғаммен жиналған қонақ бөлме ашылды, бірақ ішінде жан баласы жоқ... Тұла бойымды түгел үрей билеп алғанмен, келген жағыммен кері қайтайын деп кілт бұрылсам-ақ, мүлде басқа дүниенің есігі ашылады, — түрлі-түсті құлпыраған шөптер өсіп тұрған қысқы бақ, оның түкпірінен жасанды түн қарауытады. Ақырында мен киімілгіштерге қап-қара пальтолар мен қаракөл тондары ілінген бөлмеден бір-ақ шықтым; есіктің арғы жағындағы түкпірден ду қол шапалақтаған дауыс шықты, мен есікті бар күшіммен жұлқып ашып қалып ем, театр ішінде ешкім де жоқ боп шықты, тек жұп-жұмсақ боз тұман ішінен әдемі жасалынған шамдардың жарығы сығыраяды. Олар маған жарық боп көрінді! Солай қарай жүрдім де, бірден мен жаңа ғана әбден сергелдеңге түскен бостекі сұмпайы әлем ішінен шынайы таныс тіршілік ішіне шыққанымды білдім. Аяғымның астындағы тас — көшенің тасы. Оған жауған қар үстінен адамдардың жүрген іздері қарауытады. Мына мүлгіген тыныштық та, түннің дымқыл ауасы да, менің сергелдеңді адасуларымнан кейін, сондай жаныма жақын, етене боп көрінеді. Мен енді қай жақтан шықтым, қар қайдан пайда болды, мына қоңырқай қараңғылықта буалдырланып жанып тұрған шамдар, қай жердегі шамдар деп, есімді толық жия алмай тұрмын. Мен жан-жағыма қарап, тіпті қасымдағы биік тасты еңкейіп ұстап та көрдім... сонан кейін дымқылданып қалған алақанымнан әлдеқандай түсінік табатын адамдай, оған ұзақ қарап тұрдым. Өзімнің тым жеңіл киінгенімді сезіндім, бірақ музейдің қалың жынысты-жықпылдарынан еркіндікке нағыз өмірдің өзіне шыққанымды бүкіл ой-санаммен ұғынған мен, алғашқы сәтте таңқалыс та, қорқыныш та сезінгем жоқ. Жан-жағыма асықпай қарап тұрған мен жанымда тұрған үйге қарадым. Жүрегім шаншып кеткендей болды, сонан кейін әлдеқандай бір мазасыздықпен аппақ қар басып жатқан көшеге қарадым, көше үстінен сұрғылт аспанға дейін ұзын қара жолақ созылған, ал аспаннан бір түрлі жарықтар жылжып өтеді, — сонадай жерден көпірдің қос жақтауы көзге түседі: оның астынан әлденелер сықырлап, әлдене қайнап жатқандай бұрқылдаған дыбыс шығады, одан әрі, қараңғылық басқан ойпаттың арғы тұсынан түкті оттардың тізбегі созылып жатыр. Су боп қалған аяғымнан қарды сықырлата басып бара жатып оң жақтағы қараңғы үйге қайта-қайта қарағыштай берем: оның тек бір терезесінен ғана шыны қалпақтың астынан көмескі шам жарығы көрінеді, — міне, тарс жабық ағаш қақпа, міне, қалың ұйқыға кеткен дүкеннің терезе жақтаулары, — шам жарығынан әлдеқандай бір жарнаманың соңғы сөйлемдері көрінеді. "Жоқ, мен қазір оянам", — дедім мен дауыстап, жүрегім атқақтап соғып, дір-дір етем. Сонан кейін бұрылдым да, шамалы жүріп, қайта тоқтадым, — жақын бір маңнан баяу, бірақ бір қалыпты басқан ат тұяғының дыбысы шықты, сандықтастың үстіне аппақ қар шошайып қонып алыпты, мен енді қайда тұрғанымды білетін сияқтымын. Қайдан! Бұл менің жадымдағы Ресей емес еді. Шетелдік костюм киген жартылай елесті тұлға қазан айының бір түніндегі қар үстінде Мойкада ма, Фонтанда ма. әйтеуір бір жерде, қалқайып тұр, — құдай-ау бірдеңе істеу керек қой, жүру керек, қашу керек, әйтеуір, не болғанда да, өзімнің өмірімді құтқаруым керек емес пе. Мен түсімде мұндай жағдайлардың талайын көргем, бірақ бұл түс емес, өмірдің өзі болатын. Қар ұшқындап тұрған ауа да, әлі мұзы қата қоймаған канал да, балық қоймасы да, қара және сарғылт терезелердің шаршы жақтаулары да. Тұман ішінен басында құндыз бөрік, қолтығына портфель қыстырған бір кісі маған қарсы шыға келді де, маған бір түрлі таңғала қарады, сонан кейін өтіп бара жатып, тағы да көз салды. Ол қайтадан тұман ішіне сіңіп кеткенше, мен аялдай тұрдым, содан кейін ғана қалтамда не бар соның бәрін шығарып жыртып, қарға лақтырып, таптай бастадым — қағаздарды, Париждегі қарындасымнан келген хатты, бес жүз франкты, орамалды, папиростарды, тағы-тағыларды, — мен осылай етіп қана эмигранттық бөлек-салақтардың бәрінен құтылғым келді, мен мұнымен де тоқтамай үстімдегі киімдерімді де, аяқ киімімді де, бәрін-бәрін жыртып, олардың көзін жойып, мүлде жалаңаш қалдым, жалғыздық пен суықтан қалшылдап кетсем де, қолымнан келгеннің бәрін істеп бақтым.
Енді жетер. Мені қалай ұстап алғанын, одан әрі не көріп, не болғанын айтпай-ақ қояйын. Тек қана шетелге қайта оралу үшін қаншама әлек пен әбігерге түскенімді айтсам да жетер, содан бері әлдеқандай біреудің ессіз тапсырмасын орындамауға өзіме-өзім серт еттім.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі