Кәдімгідей күрделі сұрақ, солай емес пе? Бұл сұраққа ешкімді ренжітіп алмай қалай жауап берсек екен… Шынында оған жауап баяғыда-ақ берілген, оның үстіне дәл айтылғаны сондай, алып-қосар ештеңеміз жоқ. Әңгіме адамның нені қанша айтатыны немесе қандай телешоуларды көретіні жайында емес, бұл жерде адамның не істейтіні маңызды.
Өткен ғасырдың өзінде италиялық тарихшы-экономист Карло Манлио Чиполла ақымақ адамның қам-қарекетінің қарапайым формуласын түзіп шығарды. Енді сол мәселенің жай-жапсарына үңіліп көрейік.
Адамдардың әр түрлі топтарын зерттеп көру арқылы К. Чиполла бүкіл адам төрт топқа бөлінеді деген ой түйді, олар аңқаулар, ақылдылар, қарақшылар және ақымақтар. Егер Дастан өзіне пайдасы тиіп, Арманға зияны бар бірнәрсе істесе, онда Дастан — қарақшы адам, ал Арман — ашықауыз аңқау. Егер Дастан өзінің әрекеті арқылы өзіне де, Арманға да пайдалы нәрсе істесе, онда ол ақылды адам. Егер де, Арман ақымақ болса, ол өзіне де, Дастанға да зиян келтіретін нәрселерді істейді.
Ақылдылар, аңқаулар және қарақшылар әр түрлі жағдайда, өз рөлдерін ауыстырып, әр-алуан аймақта жүре беруі мүмкін екенін ескертейік. Ақылды қарақшы болып, қарақшы аңқау болып кетуі мүмкін. Тек ақымақтар ғана көбіне ақымақтың қылығын істеп жүре береді. Нақұрыс ақымақ кез келген жағдайда ақымақтық аймағында қала береді.
Қанша жерден күлкілі болса да, ақымақ адам — адамдар ішіндегі ең қауіптісі. Олар қарақшылармен бірге теріс мәнді аймақта болғанымен, қарақшының ойын түсінуге болады. Ол тек өзінің игілігін ойлап, басқаларды ойламайды. Соған байланысты оның не істейтінін жорамалдап білуге, оған қарсы қорғаныс құруға мүмкіндік бар.
Ақымақтың не істеп-не қоятынын болжап білу мүмкін емес, ол сізге еш себепсіз, еш мақсатсыз, еш ойламаған жерде, ең бір қолайсыз кезде кесірін тигізеді. Нақұрыстың қашан келіп килігетінін күні бұрын жорамалдай алатын еш амалыңыз жоқ. Тіпті оның шабуылдап жатқанына көзіңіз жетіп тұрса да, одан қорғану қиын, өйткені оның шабуылының миға қонымды ештеңесі жоқ.
Сонымен, ақымақты қалай айқындаймыз? Оның қам-қарекетіне көз салыңыз. Егер оның бар әрекеті басқа адамға немесе адамдар тобына зиян келтіріп, ал өзіне еш пайда келтірмей, немесе өзіне зияны тиіп жатса, алдыңызда тұрған адам — ақымақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Каусар
Керемет екен
Каусар
Күшті
Ақмарал
Толық оқымадым бірақ керемет екен