Өлең, жыр, ақындар

Жаралы жауынгер күнделігінен

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 528
Кемел Бакировке

Ерттеп бір мінгендей-ақ шабыт желін,
Басылар әр қияға барып көңіл.
Оқталған зұлымдыққа от жүрегім
Шығардай көкірегімді жарып менің.
Қиылып қарар көктен қыз – ай маған,
Көлбеңдеп, көз алдымнан ұзайды анам.
Әрбір түп, елестетіп әр төбесін
Аумағын ауылымның жүз айналам.
Көңіл де жер дегенде тасымаған,
Жерім ғой тіршілікті асыраған.
«Оралмай қайда жүрсің, балам-ау?!» – деп,
Елжіреп тіл қатқандай тасы маған.
Ұғушы ем адам жанын қас-қабақтан,
Болады қашан таза аспан оқтан?
Айрылып екі аяқтан, мен жатырмын,
Айрылған құстай болып қос қанаттан...
Отынан Отанымның ұшқын аппын,
Ұшқыннан өміріме күш құраппын.
Жан бітіп кең дүниеде ұшып жүрген
Бір уыс топырағымын «Үшбұлақтың»...
Дәл мұндай тірлігіме шын өкіндім,
«Қара жер, мені алшы!» – деп мың өтіндім.
Ұшырып қиял-арман шағаласын,
Тіл қаттым толқынына Днепрдің!
Уақытпен сетінесін төзім мейлі,
Сырт көзге жан азабым сезілмейді.
Жастанып жатсам шалғай бір төбені,
Күзетіп ай-жұлдыздар көз ілмейді.
Көңілді емші қыздың сөзі емдеуде,
О, қалай тыныштыққа төзер кеуде?!
Жастанып осы жерді қалғып кетсем,
Жүреді жаным менің өзендерде...
Кім менің өмірімді тұншықтырар,
Өмір боп көздеріме бір шық тұнар.
Жанымның баяндап бар ой-арманын,
Қурай-шөп жоқтап мені сыңсып тұрар.
Тағдырдың дей алмаймын тауын бұздым,
Келмейді туған жерден тамырды үзгім.
Айтсам деп армандаймын аруыма
Аңызын «Қалқаман мен Мамыр қыздың».
Асыққан ақ желкенмін жағалауға,
Жасама, өтінемін, маған арба.
Бұлттанған туған елдің аспанына
Жұлдыз ғып жүрегімді жаға алам ба?
Болып бір майдандағы ұлына алаң,
Жүр ме екен жүзін жаспен жуып анам.
Келеді өмір сүргім, жүз жасаған
Жамбылдың жігер беріп жыры маған.
Армандай ай-жұлдызын құшып көктің,
Нөсерін бұлтты аспанның ішіп кеппін.
Аяқсыз, қос қолымды қос қанат қып,
Келеді туған елге ұшып кеткім...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Білмеймін кімге жылап, кімге сенем

  • 0
  • 0

Білмеймін кімге жылап, кімге сенем,
Шоқ іздеп қолым күйді күл көсеген.
Мұнарды көңілімді мұң басқанда,
Сәуле ішкім келеді бір Күн кеседен...

Толық

Жар басында

  • 0
  • 0

Тәкаппарсың, сұстанып, керіп қабақ,
Толқын шашын табаны өріп, тарап.
Жар тұратын, жалықпай жүзін көріп,
Төбесінен өзеннің төніп қарап.

Толық

Берілмесін тек соғысқа еркіндік

  • 0
  • 0

Еркін дем ап тыныс алсын бұл кеудем,
Кең далаға шығайықшы жүр, сәулем.
Еркіндіксіз тұншыға бір күлгеннен,
Еркіндікпен жылағаным бір дәурен.

Толық

Қарап көріңіз