Апаларым Дәмеш пен Ұлпашқа – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Апаларым Дәмеш пен Ұлпашқа» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.06.2022
  • 0
  • 0
  • 737
Біріңді бірің
Жетелегендей болып,
Біріңнен соң бірің
Кетіп қалғандарың-ай!
Қай бір күнде де
Қай бір кезде де
Мені іздеп
Мені күтіп
Өзегі талғандарым-ай!
Енді сендер жоқсыңдар!
Кішкентай кезімде
Қара суықтарда
Ықтасын болып
Қалқалап бағатын едіңдер.
Жер лайсаң,
Аласапыраңдарда
Мектепке дейін
Арқалап баратын едіңдер.
Енді сендер жоқсыңдар!
Қандай бір
Қатты болсам да
Сендердің құшақтарыңда
От тиген
Қорғасындай болып
Балқып кететін едім.
Қаншама
Жадап жүрсем де
Сендерді көріп
Шалқып кететін едім .
Енді сендер жоқсыңдар!
Біздерді
Қу тірлікке тастап
Қара жерге
Мәңгілік жайланғандарың-ай.
Әр көрген сайын
Жүрегі елжіреп,
Бауыры езіліп
Айналып-толғанатын,
Айналайындарым-ай.
Енді сендер жоқсыңдар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері