Жеке шумақтар
* * *
Көзінен көкте бұлт жас парлатып,
Шаншылды бір қою бұлт асқарға тік.
Бет тосып қарсы алдынан тас бұлақтың,
Кеткендей қойынына аспан батып...
* * *
Еркекпін деп ол ұрсады әйелге,
Осы үйде менен күшті кім дейді.
Бұл дүниеге сол әйелде әуелде,
О, жасаған, жаралғанын білмейді!..
* * *
Бел тұтатын біреулер бар мансабын,
Санайтұғын өзге алдында тау басын.
Мансап деген ақ көбікті ол сабын,
Жуып өтсе келтірмек бір тәубасын...
* * *
Қабағына кейбіреудің суық тым
Қарап тұрып мен де қабақ суыттым.
Уақытпен түспей жаның әр күйге,
Бұл өмірге ат шалдырмақ суыт кім?!
* * *
Айқасып аппақ білектер,
Жазылса қайта мен емес.
Өмірін ұқса жүректер,
Махаббат ұстаз тілемес.
* * *
Күйіп-жанған қайда қазір құмарлық,
Көздің алдын әкететін тұман ғып.
Бізде бар тек, құпия бір қимастық,
Бізде бар тек ерекше бір сыйластық.
Бізде бар тек бойға сіңген сабырлы үн,
Соны түсін, түсін соны қадірлім!..
* * *
Іңкәрлікті мендегі бар тергесең,
Неге апарып, неге теңеп, шектеймін.
Көк нөсер боп құйып өтсең жерге сен,
Көктем болып көріктене көктеймін.
* * *
Түсім бе бұл, әлде, жаным, өңім бе,
Көңіл деген аунақшиды сан күйге.
Қандай қиын, қандай қызық, өмірде,
Ана болу алғашқы рет сәбиге...
* * *
Біртін-біртін орын теуіп таң көшіп,
Үзілмейді үйімнен бір ән-күйім.
Тербеледі сықыр-сықыр тал бесік,
Жалғасады әлдиіме әлдиім.
Түн көгінен әйнегіме тамып шық,
Дала жатыр тартып түрлі таң күйін.
Түні бойы талып қарым, талықсып,
Тұңғышымнан өзім бұрын қалғимын.
Біртін-біртін орын теуіп таң көшіп,
Көкірегімде күмбірлейді мол ағын.
Тербелгенде сықыр-сықыр тал бесік,
Бір өмірді тербеткендей боламын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі