Күндер қалды көңілін көлшік еткен
Күндер қалды көңілін көлшік еткен,
Құса қылмай, келші, жаз, келші, көктем.
Желтоқсанның жаңғырған жотасына
Ақ жалауын көтеріп елші кеткен.
Күндер қалды көңілін көлшік еткен,
Құса қылмай, келші, жаз, келші, көктем.
Желтоқсанның жаңғырған жотасына
Ақ жалауын көтеріп елші кеткен.
Толқыны асау толқыған өр өзен ем,
Сусын бастым кепкенде кенеземен.
Қара талы жылаған қараша боп,
Жылдар өтіп барады терезеден.
Көгілдір кеште самала болып шам жанған,
Қанатын жайып ұша алмай құс боп қалды арман.
Қалғумен қалған қараңғы түннен жалықтым,
Ақ сәуле көргім келеді менің таңдардан.
Тағы ештеңе бітіріп үлгермедім,
Тырна қылып ұзатам күндер легін.
Қап-қара боп көздері, кірпік қақпай,
Терезелер айтады түн келгенін.
Сені көрдім өмірдің ауласында,
Жарқыраған күн тұрды тау басында.
Сұлу бейнең сурет боп дірілдеді
Шыр айналған құдықтың қауғасында.
Шығып қалсаң құрғақтау құрлыққа,
Тіреледі тағдырың тығырыққа.
Замандастың маңынан сая іздейсің,
Өкінішің жұмылып жұдырыққа.
Мені гүлім сағынатын сияқты,
Бүгін тағы суармасам болмайды.
Мені ұлым сағынатын сияқты,
Хат жазады, махаббатын жолдайды.
Жолыма әкеп қызғалдағын төсеген,
Жүріп келем мен бір шулы көшемен.
Нені күтіп, кімді көрсем дейді екен,
Дүрсілдейді сорлы жүрек кешеден.
Елу деген ел бар ма, бар болса егер қайда екен,
Ұрты толған май ма екен, мінген аты тай ма екен?
Бауырына тігіліп алты қанат ақбоз үй,
Толықсыған күн бе екен, жарқыраған ай ма екен?
Өмір деген бітпейтін мәңгі майдан,
Талықсыған күресте талдым, айнам.
Тіршілігің өксіген көк өзендей,
Арты ұйық секілді, алды қайраң.
Мың сәлем саған, Париж бен Лондон, Москва,
Таусыла жаздап кірпігін ашты жас тұма.
Жанардың жасын ақ жаңбыр қылып төктім мен,
Көктемде шықққан жап-жасыл күннің астына.
Дүрсілін жүрегімнің есітемісің,
Жанымның ғажап күйді кешкені шын,
Сен мынау көк аспанға алғысыңды айт
Алқынып ақша бұлты көшкені үшін.
Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды,
Күлімдеген, өйткені, күн сұрайды.
Кібіртіктеп көлеңке кідіріп тұр,
Келе жатқан секілді жыл шырайлы.
Айналасын қуанышқа кенелтіп,
Тұра қалды жұпар иіске жел елтіп.
Желбегейін шешіп жатыр жасыл жаз,
Тырналарын жылы жаққа жөнелтіп.
Бір сәлем сынды жолданып қалып жетпеген,
Дүрілдеп аппақ лайнерлер ұшты көкпенен.
Қарсы аққан бұлттар жол беріп жатыр жөңкіліп,
Қарсы аққан бұлттар көз жасым сынды төкпеген.
Естілерді жеңіп кетіп ептілік,
Тексіздікпен тіреседі тектілік.
Жаңбырдан соң көкжиекте керіліп,
Кемпірқосақ бояуымен кепті үміт.
Мағыналы өмірдің бағамында,
Қаңтар еріп барады табанымда.
Қайран жүрек көзінің жасын жұтты,
Жарық шалқып, көшенің бағанында.
Жаратқанның тілегін тәңір берді,
Махаббатқа малынып мамыр келді.
Құстар біткен көшірді әуеніне
Әлемдегі әдемі әмірлерді.
Әуезімен алма ағашын гүлдеткен,
Сіздің өнер жолыңыз да бір мектеп.
Үніңізден жапалақтап ақша қар,
Әніңізден жаңбыр жауған дірдектеп.
Армысың, ана қыран, шаңқылдаған,
Аралдың шағаласы, саңқылдаған.
Тарылған тар заманда ғұмыр кешіп,
Айналдым екпініңнен тартынбаған.
Қалқыды қайран өлке қазыналы,
Жазықта ән қанаты жазылады.
Ал маған мынау байтақ ғаламдағы
Бәрінен бозторғайдың сазы ұнады.
Нұрланып махаббаттан шіркін әлем,
Ырғалды ынтызарлық ырқыменен.
Пушкинннің тарантасы барады өтіп,
Қырдағы жатақ ауыл сыртыменен.
Сулар біткен ақты да, сені ойлады,
Көше шамын жақты да, сені ойлады.
Сені ойлады, еске алып тебіренді
Туған жердің жап-жасыл кең аймағы.
Замандасым, құлақ салып тыңдашы,
Жамырайды бағанада жыл басы.
Бесік болып адамзатқа тербеліп,
Жер-ананың бітпей қойды іңгәсі.
Өмір өтіп бара жатыр, не білдің,
Құл болдың да, қамытыңа жегілдің.
Жаңбыр болдың жапыраққа төгілдің.
Іңгәладың, күлдің, өстің, егілдің.
Өмір өксіп талдардың өзегінде,
Жүрек тулап тірліктің өзенінде.
Бақыт құсы басында адамзаттың,
Жүрген кезде шаттанып өз елінде.
Шіркін-ай, сары дала, сары дала,
Ол-дағы мендей болып зарыға ма?
«Ертеңнен үмітіңді үзбе» деді,
Жалтылдап жұлдыздардың жарығы ана.
Көктем, көктем, көктем деумен тұр әлем,
Жаздым мен де көктем жайлы бір өлең.
Сулар ақсын сыңғыр қағып жылғамен,
Қызғалдақтар қаулап өссін нұрамен.
Сізге айтамын сырымды, замандасым,
Самал шамдар тербетсе баған басын.
Аппақ сәуле қаптаған кеңістігім
Тоқтай қалып, бұрады маған басын.
Ұйқыдағы ғаламның сандырағы,
Бірте-бірте ап-анық ән құрады.
От өрілген, біртіндеп көтерілген
Сол әуеннің дауысы жаңғырады.
Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын,
Күз тұрды өзгертпестен салқын қалпын.
Қаймағы сағыныштың кілкілдеді,
Сары күн, қайда кетті жарқын қалпың?
Сыр айтумен сарсылды сырлы күнім,
Гүлге оранған қаланың тұрғынымын.
Бүлдіршіндей талпынған өтіп жатыр,
Көз алдымда бір сәтім, бір қылығым.
Қария айтқан бір сөз бар арлы ұғымда,
Сексеуілді сындырмас қарлы құмда.
Жүрек құрғыр саңқылдап сөйлеп кетсе,
Дауыстаймыз, болмайды қарлығуға.
Сары желдің сарсылды сағынышы,
Ақпа суға толғанда ағын іші.
Шартараптан шаттығын таба алмады
Шарықтаған даланың тағы құсы.
Дірілдейді қауызы көктем гүлі,
Жауып жатыр наурыздың көктен нұры.
Алып ұшқан жүректей мың тырнаның
Сыңсып келіп, мен жаққа өткен бірі.
Бүршіктер сынды күтпеген жерден көктеген,
Шықты да бұлттан, аппақ ай жүзді көкпенен.
Арман бар менде толықсып туған ай сынды,
Ұшсам да оған, созсам да қолым жетпеген.
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі