Сағыныш
Сағымдай сабылып тұрдым,
Көрмесем сағынып тұрдым.
Жаныңнан жаным іздесең,
Табылып тұрдым.
Сен даланың ақ бұлты едің,
Мен қаланың самалы едім.
Көзе толы шарбат сынды,
Сырға толы жанар едім.
Не силар деп атар таңдар келесі,
Есерліктің ербеңдеді елесі.
Ысқырып кеп көкірегіме қадалды,
Уға малған қара тілдің жебесі.
Жан жүрегім жетім қалған қозыдай,
Сүт сәулесін түнге төкті қозып ай.
Тұл ғаламның түртіндірген бауырын,
Мына өмірдің шыныменен тозығы ай.
Лақтырып қамытын азап күннің,
Кері қарап артыма мазақ қылдым.
Шай қайнатым өмір ғой сынағы мол,
Білейін деп қадірін азап күннің.
Жүрегіңе сенбегенде,
Өз өзіңе келмегенде,
Пәк сезімге шөлдегенде,
Мені ізде…
Қайран күн қалтарыста күледі ме,
Түн тірлік тұншықтырма түнегіне.
Жем таппай шырылдап жүр бозторғайлар,
Ем таппай мен жылаймын жүрегіме.
Өмірімнің нұры сынды гүл өлең,
Мен өзіңсіз қалай өмір сүрер ем.
Сен кеудемнен төгілгенде маржан боп,
Күй кешемін бір ерен.
Жарқырап тұрған жақұтым ба едің,
Басыма қонған бақытым ба едің.
Сандалып бекер сағымды куып,
Өтіпті талай уақытым менің.
Тірліктің тілер түнегін,
Қайраты қайда жүректің.
Даламның әсем гүлі едім,
Жанымды неге мұң өптің.
Көктемнің аппақ жаңбыры,
Құйып тұрды сіркіреп.
Таңдардың ғажап тағдыры,
Көзіме жасым іркілет.
Қара түнді қақ жарып аласұрдым,
Арғымағын көңілдің таң асырдым.
Алтын нұрын төбемнен себелетіп,
Құшағын ашты тағы жанашыр күн.
Менің сұлу сезімім сетер еді,
Көңілімді аспанға көтереді.
Айдай әсем арманға асықтырып,
Жұлдыздардың ішіне жетеледі.
Кеудесін ерлік кернеген,
Намысын жатқа бермеген.
Көк түріктердің ұрпағы,
Егескен сайын ерлеген.
Бүгін сенің туған күнің екен ғой,
Өмір деген кейде тәтті шекер ғой.
Кей шақтарда мазалайды бекерге ой.
Жүрегімді құлыптадым кеудеме,
Ақ қайыңның жаңа атқан бүршігі едім,
"Көктемнің күні маған күлші " дедің.
Өзіңсіз мына әлемді елестетсем,
Жабығып жан дүнием түршігемін.
Көктеміне көңілдің шуақ шашқан,
Басымды ием мен саған қуатты аспан.
Жүрегімнің түбіне жасырынған,
Қасиетті Тәңірім бұлақты ашқан.
Шырқамақ боп тірліктің батыл әнін,
Өксік толып көмейге аһ ұрамын.
Артта қалған жылдарға жоқтау айтып,
Күз жылайды төгілтіп жапырағын...
Өр рухым аспанға ұшып өрледі,
Сүлдерімді көзге ілместен жердегі.
баяны жоқ бақыттарға бағынған,
Адамдардың бәрі қандай шерлі еді?
Ұяң бала, қалды ауылда ұяң қыз,
Ұмыт болған тәп-тәтті бір қиялмыз.
Тұншықтырған жөргегінде сезімді,
Балалықтың бал елесін жиярмыз.
Қойнына қара түннің құлап тұрып,
Ағады сылдыр-сылдыр бұлақ күліп.
Мен сені жүрегімнен жұлып алып,
Жібергем әлде қашан лақтырып.
Қуаныш-қайғы егіз дүние,
Аспанның неге суық қабағы.
Толқыған мынау теңіз дүние,
Ішінен ғана тынып қарады.
Болашаққа біздер солай жол алдық,
Аппақ,адал сезімдерді обал ғып.
Бұлдыр-бұлдыр елестерді қуалап,
Бұйра-бұйра бұлтқа сіңіп жоғалдық.
Тудыратын бөрі кеуде, тау ұлын,
Тарқатпаған сайраны мен сауығын.
Аңқылдаған,жарқылдаған қауымы,
Адалдықтың бесігісің ауылым.
Маған мұңын шағатұғын түн сырлы,
Көк аспанда құлазыды күрсінді.
Сен алыстап кеттің неге арманым,
Уысымнан сусып түскен құм сынды.
Құлазыды көңілдің гүлді бағы,
Шымырап қарашығыма түн құлады.
Көңілімнің көмескі терезесін,
Сағыныштың елесі ұрғылады.
Қасқайып тұрды көк аспан,
Шуағын төгіп тым асқақ.
Жер ару мыңдап бұлақтан,
Бұрымын жайды құлаштап.
Терезе алдында тұрды гүл,
Сарғайып еріні кезерген.
Жүректен төгілер мұңлы жыр,
Менімен жаның бір сезем мен.
Ұшырдым көңіл құсын саған қарай,
Қалауын бұл жүректің табам қалай.
Үміт қуып үздігіп өмір бойы,
Арман қуып аһ ұрған адамдар-ай.
Сарғайғанда, сағыныштан гүл өрем,
Жапырақтар жанарына түнегем.
Жүрегіме ұя салды ымыртта,
Ғарыш жақтан ұшып келіп бір өлең.
Өң мен түс арасында аласұрып,
Тіледі жүрегімді қарасуық.
Көңілдің жер тарпиды арғымағы,
Шайнаған ауыздығын таңасырып.
Баса алмай кеудемдегі жарылысты,
Көңілдің көгершіні тағы да ұшты.
Кірпігімді тіреу ғып көтеремін,
Кілкіген көзімдегі сағынышты.
Күзгі жаңбыр жауып тұрды, күзгі шақ,
Жүрегімді жылтсын қайдан мұз құшақ.
Дала жатты сағыныштан жүдеген,
Төркініне жете алмаған қызға ұқсап.
Адастырма о, ұлы асыл үміт,
Көкжал болып шақырды ғасыр ұлып.
Менің тәтті шақтарым жоғалмашы,
Жылғасына жылдардың жасырынып.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі