«Дұрыс» деп Тұраш айтты,
«Бұрыс» деп Бораш айтты.
«Рас» деп Раш айтты,
«Жалған» деп Жарас айтты.
Қайсысы жалған айтты,
Қайсысы рас айтты?
Кей кісі ауырса бір,
Елді етер абыр-сабыр.
Елді етпес абыр-сабыр,
Бәрінен де тәуір сабыр.
Байқап-байқап тал арала,
Тал ішінде талар ара.
Араласаң, қала арала,
Таппай сені қалар ара.
Топ, топ бала, топ бала,
Ойнап жүрген көп бала.
Жүгірсе де қаншама,
Қуатыны доп қана.
Үш ұшқыш алды
Үш кірқысқыш,
Үш тісысқыш.
Кірқысқыш қымбат па?
Тісысқыш қымбат па?
Алма базарда
Алма алма алар ма?
Ақ алма алар ма?
Әлде алары анар ма?
Шұғайбай
Шығайбайға:
– Су қайда, әй? – деді.
Шығайбай
Шұғайбайға:
– Шық, ойбай! – деді.
Жақсы атты
Әп-сәтте Асқаттар
Ақсатты.
Ақсақты,
Тоқсақты
Жаза алмай бас қатты.
Ақсатса жақсы атты
Кім болар жақсы атты?!
Құла құланнан туған туған құла құлын құнан құланнан
Туған құла құлынның құлағынан да келмейді.
Тас, тас, тасбақа,
Асты-үстінде тас-тапа.
Келсін қасқа – асқа, ата,
Берші бата, досқа, ата.
Көбейсін ат ұстар,
Болмасын атыстар,
Болса мол атыстар,
Қалмайды ат ұстар.
Құман от басында,
Жүген ат басында.
От басынан құманды алыс тастасын ба?
Ат басынан жүгенін ап, ноқта салсын ба?
Суда сең келеді,
Сегіз серке тең келеді.
Суға сақалын мала, сілке,
Суға сақалын мала, сілке.
Қарамайлы қарағайды
Кесейін бе, кеспейін бе?
Қазықтағы қара тайды
Шешейін бе, шешпейін бе?
Ай, ай, Айдарбай,
Иір мүйіз сиырды
Үйіңе айдай бар!
Шуақтаған ботамды,
Шуға апарып шуладым.
Шудалаған шудасын,
Суға салдым,
Судан алдым,
Суға малдым.
Қаладан алғаным -
Алты - арба асқабақ
Алты - арба асқабаққа жеккенім -
Жеті - ала тарғыл баспақ,
Тайпақ мүйіз, ақ бөксе баспақ,
Ақ бөксе баспақ.
Төбесі төбел төрт бөрік
Төртеуі де көк бөрік.
Тоғайда шоғайна
Жабысар борбайға.
Кей бала ондайда
Басады ойбайға.
Уәли атты ағасы
Украинадан келемін деп,
Уәлихан жүр, қарашы,
Уақытын күтіп елеңдеп.
Шырша сыпырғыштың
Ұшы шырпылсыншы.
Барша сыпырғыштың
Ұшы қырқылсыншы.
Шымшық шымшықты шымшылады.
Шымшықтар
Тыныштықты тыншымады.
Шыбыс дыбыс шығарды,
Шығысқа шыбыс ығысты,
Қасқыр шыбысқа қарай жылысты.
Шешесі қыз іздеп барады,
Көкесі біз іздеп барады.
Ағасы тұз іздеп барады,
Баласы көшеде: «ыз...ыз...ыз!» деп барады.
Шешендер шебер,
Шынайы шенер.
Шенелген шіркін,
Шөмиіп шөгер.
Шеңгел! Шеңгел!
Шеңгелге енген де,
Шеңгелде сенделген де
Еріншек Ерден бе?
Шекілдеуікті шаққыштар,
Шөпшекті жаққыштар жақсыншы.
Шалбарын тапса,
Байпағы жоқ.
Байпағын тапса,
Қалпағы жоқ.
Салаққа мұндай
Айтарым жоқ.
Шақшалы шал бақ шарлар,
Ақ шашты шал ат байлар.
Шақпақ тасты, аппақ тасты
Шақпақшы шал
Шығып, шашты.
Шағалаға
Камал аға
Қадала қарады.
Камал аға
Шағалаға
Қалада емес
Далада қадала қарады.
Хатипа мен
Хатипаға,
Харьковтегі Қамарға
Хамит аға
Хат жазғын, — деді
Фархат ферғаналық Фазылов,
Фатих фрунзелік Фазылов.
Үлгілілік — үйретуден.
Үлгерулік - үйретуден.
Үлгілілік - үздіктен,
Үздіксіз үйретуден.
Үйреншікті істі,
Үйреткішсіз-ақ
Үйреністі.
Үйге кіріп киім ілді,
Сыртта шешіп, үйде киді,
Бірін тастап, бірін киді.
Ұшы үшкір, ұшқыр үш жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
Ұстара, ұстара!
Шаш алуға құштар, ә!
Құштар, ә!
Ұстарада күш бар, ә!
Ұстара, ұстара!
Ұстара мұрт алуға
Құштар, ә!
Құштар, ә!
Ұрыспаз, ұғымтал-ұғымпаз,
Ұғыспаз, ұрыншақ-ұрынпаз.
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі