«Саруалының арығы деген жерде үйір-үйір құлан жатыр» деген хабарды естіп Жошы ханның жалғыз ұлы өзінің құралайды көзге атқан мергендерімен жолға шығыпты. Ханның ұлы құланды көргеннен кейін, үстіне қызыл шекпен киіп, қолына қаруын алып, ордалы құланмен жалғыз айқаспақшы болып, басқаларға тоқтау салады. Басқа қу шоқайлы сұр мергендер сай-сайдың тасасымен бет-бетіне аң аулап кетеді. Сол кезде үйір ішінен ханның баласына қарсы шапқан жалғыз құлан жер тартып, пысқырып ханның баласын айнала шауып ойқастап өткендей болады. Жер бетін қара түнек тұман басады. Мергендер бір-бірінен адасады. Сөйтіп жүргенде, бір құдіретті өктем дауыс: «Қу шоқайлыдан қаша жүрің, қызыл шекпендінің үстін баса жүрің!» — деп жар салып өтеді. Осы өктем үннен кейін лезде қараңғы түнек сейіліп, жер беті жап-жарық болып шыға келеді. Енді мергендер келіп қараса, ойнақ салған құлан да жоқ, онымен айқасқан ханның баласы да жоқ. Мергендердің тапқаны ханның баласының жалғыз шынашағы екен. Сол шынашақты алып, олар аулына қайтады.
Хан өзінің баласының оралмағанына күйініп қаһарына мініп, елге жарлық айтады:
— Менің балам аман-есен оралатын болсын! Баламның суық хабарын естімейтін болайын. Кімде-кім «өлді» деген хабар айтса, көмейіне қорғасын құйғызамын. Баламның бір хабарын естімейінше, азық-түлік беру тоқтатылсын, — деп хабарлап, бүк түсіп жатып алады. Хабаршы болып ханның алдына баруға жан шықпайды. Сөйтіп, қалың ел қатты торығып, күйзеліп тұрғанда Кербұқа деген домбырашы шығып:
— Баласының өлімін домбырамен мен естіртейін, — деп дүйім жұртты өзіне қаратады. Ханның босағасына келіп, тізелеп отырып бір күй бастайды. Бұл күйі құланның жүрісі мен айбар шеккен сәтін суреттейді. Екінші күйін шалады. Бұл күйде хан баласының қаза болғаны анық айтылады. Сонда мұны түсінген хан басын көтеріп:
— Сенің мына күйің «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой, — деп тіл қатады. Сонда Кербұқа:
— Ей, тақсыр! Балаңыздың өлгендігін өз аузыңыздан естіп отырмын, — депті. Сонда, хан қатты қапаланып: «Қап, мен сөзден жығылдым. Қорғасынды домбыраның көмейіне құйыңдар! Домбырашыны айдаһар алдына апарып тастаңдар! Жылан жұтсын» деп бұйырған екен. Домбырашы жыланның алдында да күй тартады. Жылан күйге балқып, бауырын жазып, тұмсығымен, жұдырықтай алтынды күйшінің алдына домалатып әкеп тастайды. Кербұқа өлімнен құтылып, еңіреген елдің батасын алып, олжаға батып, жөніне кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі