Құстардың болжамынша бәрі де өзгеше болуы тиіс еді. Күн нұры шалқыған жасыл бақ, ықтасыны мол, қою жапырағы төгіле біткен ну ағаш, әр адым сайын кезігіп тұратын бунақ-бунақ майлы қызыл құрт, шашылып жатқан түрлі ырызғы болса керек еді. Құстарға керегі бәрінен де бұрын ашық аспан ғой. Төбеңде айнадай мөлдіреген, көк торғын аспан мың құбылып, төңкеріліп тұрса, күн нұры шуағын мейлінше шашып, тіршілік иесіне анадай елжіресе, құс біткенге одан өзге не керек. Ал соның бәрі мүлде басқаша боп, қиюы кетіп, қырсық шалғанын қайтерсің. Келгендеріне де онша көп болған жоқ. Сол уақыт ішінде жылт еткен күн көзін көрудің өзі құстарға қияметке айналды. Аспанды зілбауыр, сұрқай бұлт тұмшалап, суық ауа дым бүркіп тұнжырады да тұрды. Ұзақ уақыт сілбелеп тынбай жауған жауыннан кейін ұйытқып соққан суық жел жоныңнан өтеді, байғұс құстар қайтсін, мұндайда бір-бірімен құшақтасып, ұйысып өскен ақ қайыңның көгілжім жапырағының арасын пана етіп, бүріседі де отырады. Егер тосыннан бір мейірімді жан кезігіп, оның шарапаты тимегенде жағдай қалай болар еді, кім білсін.
Күн жексенбі еді. Ойында еш нәрсе жоқ Елжан тысқа шықса, бір топ құс есік алдында дән теріп тынбай сапырылысып жүр екен. Бала қарады да, аңырып тұрып қалды. Мүлде бейтаныс бөгде құстар екен. Және құс болғанда осы уақытқа шейін көрмеген құстары. Ал осы уақытқа дейін көрген құстарының ішіндегі ең ғажабы, төресі осы десе де болғандай еді. Бүкіл өн бойын тігінен иір-иір толқын жасап, қызғылт қоңыр рең көмкеріпті. Қанаттары бейне алтынның буына малып алғандай. Алуан түрлі құбылып, жалт-жалт етеді.
Әсіресе, ерекше көзге түсетін жері омырауы екен. Екі топшының ортасында қиыла біткен сәл жазаңдау алқым тұсы
меруерт төгілгендей, яки гауһардың ұшқынын сепкендей сәт сайын өңін өзгертіп, түрлі-түрлі түске бөленіп, сан қилы көрініс аңғартады.
«Шіркін, табиғат неткен шебер, — деп тамсанды бала ішінен, — тіпті көрмегеніміз көп екен ғой. Мына құсты жаратушы адам баласына сұлулықтың не екенін көзбен көруге және сұлулыққа табыну үшін жаратқан болар. Мұндай құстарға оқ атпақ түгіл, маңына тас лақтыруға болмайтын шығар. Жан-жағына тұзақ құрып, от жақпақ түгіл, ешкімнің ешбір жамандыққа көзі қия қоймас. Өйткені бұлар — қос қанатты сұлулық тәңірі. Ал сұлулықты бағалау, сүйе білу пайғамбар сүннеті, адамдардың адал парыздарының бірінен саналса керек».
Құстар өзара күбірлеп, күңкілдесіп те қояды.
— Шіркін-ай, бір ізгі ниетті жанға кез болар ма едік, — деп егделеу ана құс арман айтып еді, өзгелері, оның сөзін іліп әкетті.
— Әттең десеңші.
— Осындайда біз зарығып іздеген алтын дәндерді өзінің жомарт қолымен оңды-солды шашып тастаса.
— Ал біз болсақ, сол маржан дәндерді қызыға-қызыға теріп жатсақ.
Осы кезде есік алдына шыққан бойы селтиіп тұрған бала ішке қайта еніп кетті. Несі бар, дән керек болса шашады да тастайды. Мұндай ғажап құстардан еш нәрсені аяуға болмайды.
Есжан ауыз үйдің бұрышында ағаш жәшіктің ішінде сақтаулы қып-қызыл дәннен қос уысын толтыра алып шықты да шашып-шашып жіберді.
Бөгде құстар әу баста оқыс қимылдап үркіп қап, дүр көтеріліп ұшты да, ізінше қайта қонды.
— Рақмет, — деді айдары желкілдеген ата құс бәрінің атынан алғыс айтып. — Құстар дегдар әрі ақылды келеді. Олар өздеріне жасаған бөтен біреудің жақсылығын еш уақытта да ұмытпайды. Біз де саған егер қолымыздан келсе әруақытта қол ұшын беріп, көмек көрсетуге әзірміз.
— Сендерге де рақмет, құстар, — деді бала. — Келгендерің қандай жақсы болған. Ағаш керек пе, әне тұр. Ұя керек пе, жасаймын. Дән қажет пе, табылады.
Оның бұл сөзіне құстар шу ете түсті.
— О, қандай жақсы адам!
— Лебізі неткен ыстық.
— Мұндай кеңпейілді болар ма!
— Біз мұны өмір бойы ұмытпаймыз.
Есжан айтқанының бәрін орындады, бір емес, төрт-бес ұя жасап, үй артындағы ақ қайыңның бұтағына іліп қойды. Құстардың сүйікті асы — алтын дәнді ертелі-кеш қағыс қалдырмай, молынан шашты. Ал құстардың балаға үйір болғаны соншалық, оның төбесі көрінді бітті, айналып ұшып, алды-артын қаумалап, қармап алатынды шығарды. Бала үйден ұзаған сәтте де біраз жерге дейін төбесінде толқи ұшып, шығарып салып, кейін сол тобын жазбаған күйі қайта күтісіп алып жүрді. «Табиғаттағы не нәрсе болмасын, адамдардың игілігі үшін жаратылған, — деп ой топшылады бала ішінен, — сондықтан да олармен тек тіл табыса білу керек. Тілін тапсаң олар да өз тіршілігінен сыр шертеді. Қиналғанын айтады, қуанғанын айтады, өзіңмен ой бөлісіп, мұңын шағады. Шіркін, сондай шуақты шақтар қисапсыз мол болса ғой».
Әуелі мына қызықты қараңыз. Кей-кейде бала ұйықтайтын бөлменің терезесінің ашық көзінен ішке кіріп, кереуеттің басына шкафтың үстіне тізіліп отырып, қонақтап та жүрді. Сондықтан бұл ерке құстарға Елжанның бөлмесі, оған қажетті заттардың бәрі айдан анық таныс еді.
Сонымен жаз өтіп, күз жетті де, бөгде құстар Елжан бөлмесінде ақырғы рет түнеп шығып, түстік елдеріне қарай ұшып кетті. Елжанның бар қызығы бөгде құстардың қанатына ілесіп, солармен бірге кеткендей еді. Баланың көңілі құлазыды. Ол жалғыздық табын сезінді.
Елжанның жылда бір рет оқудан қол үзіп, өзінің ауыспалы ғажап сандықшасымен түстік елдеріне саяхат жасап, сейіл құрып, біраз ғылыми зерттеу жұмысын жасап қайтатын әдеті болушы еді. Биыл да сол дәстүр қайталанып, ауыспалы сандықшамен жүзіп шыққан бала көк теңізде ұзақ жүзіп, ақыры адасып, ең соңында танымайтын жабайы аралдың үдесінен бір-ақ шықты.
Бұл өзі бір адам баласынан алыс жатқан жұмбақ сырлы ғажап, сұлу арал екен. Сандық қайықшаны аралдың шетіне қалдырып, өзі бейғам жүріп келе жатыр еді, алдынан қазанның түп күйесіндей қап-қара өңшең жабайы адамдар шыға келді де, баланы табанда бас салып ұстап алып, ұрандаған, шулаған қиқу салған күйі көсемдерінің алдына бір-ақ алып келді. Бала өзіне қауіп төнгенін анық сезді. Бірақ саспады. Қалайда құтылудың сәтін ойлап, күреспекке бел буды.
Жабайы адамдар мекені қалың пальма ағашының дәл ортасында екен. Қай жаққа қарасаң да ағаштан қиып, қамыспен қиюластырып жасаған дүниеден көз тұнады. Тіпті көсемнің өзі биік еңселі қамыс үйде тұрады екен. Көсем ауру еді. Сондықтан ол тұтқынға түскен балаға иттен қорыққан ешкідей үңірейіп ұзақ қарап тұрып-тұрып, аяғында бірдеңе деп қыр ете қалды. Бала қайдан ұқсын, көзі жыпық-жыпық етіп, шөкелеп отыр еді, құбыжықтың қыр ете түскен үні естілгенде етпетінен жата кетті. Көсем ұнатпаған, ызалы қалыпта тағы бір нәрсе деп еді, оған қошеметшілері жауап қайтарып, даурығысып кетті. Өз тілдерінде әлденелерді айтып, даурығысып жатты. Бірі бірдеңе деп, қолын көтеріп, көзін алайтып, жан-жағына зәрін шаша қарса, енді бірі әлденені жұлып жердей болып, өз-өзінен долырып, қаһарын төкті. Ыңғайы, бұл жабайылар өздерінше бірдеменің байыбына бара алмай, байбалам салып жатса керек. Бала ештемені анық ұға алмады.
Сәлден соң баланы дедектетіп көсем алдынан әкетіп, басқа үйге қамап тастады. Көсемнің дүниеде білмейтіні жоқ, жүзден асқан жасы бар, көпті көрген басы бар, бір кәрі бақсысы болушы еді. Өз ұлығын осыған дейін талай пәледен сақтап, талай аурудан айықтырса да осы мәрте жолы болмай әбден жүнжіп, кіріптар болып жүрген.
Сол сұм пиғылды бақсы мана ақ нәсілді баланы көргенде көктен іздегені жерден табылып, қуанғанынан ыршып-ыршып түсіп, кейде жата қап домалап сақ-сақ күліп, екі санын сабалап, көсемнің алдынан бір-ақ шықты.
Басын жерге жеткенше иіп:
— Дат, тақсыр, — деді.
— Датың болса айт, — деді көсем.
— Айтсам, мен сіздің дертіңіздің емін таптым.
— Ол не екен?
— Қолға түскен тұтқын бала — тәңірінің сізді емдеп жазу үшін жіберген құрбандығы.
— Оны қайт дейсің?
— Сол баланы тірідей шыжғырып, майын өне бойыңызға жақсаңыз, сауығасыз да кетесіз.
— Әбден болады, қамқоршым. Ал еміңді қашан қолданбақсың?
— Бұйырса, екі күннен кейін.
— Жақсы. Бұған да келісуге болады.
Көсем иегін қағып қалып еді, бақсы еңбектеген күйі ортадан шығып кетті.
Не істерін білмей, басы қатқан Елжан өзінше ермек болсын деп өзі қамалған үйдің бір тал қамысын суырып алып, содан сыбызғы жасап алып еді. Тегінде білген өнердің зияны жоқ қой. Көкірегі жерге, жүрегі мұңға толы бала өзі білетін әндерді ойнай жөнеліп еді, дүниеге бір түрлі сиқырлы саз жауып кеткендей болды.
Елжан өзі білетін әндерді бірінен соң бірін құйқылжытып ойнай берді. Уәделі күні көсем ордасына алып келді. Бүгін көсем ордасы адам айтқысыз көңілсіз екен. Көсемнен бастап, айналасындағылардың бәрі өңдері сұп-сұр болып, демдерін ішіне тартып, түнеріп алыпты. Босағаға таяу тұста құрғақ отын лаулап жанып жатыр. Дүние бір сәт тұнжырап, өлім лебін таратып тұрғандай екен.
Елжанның жүрегі дір ете түсті.
Сонымен бұдан ары не болар екен деп ойламаған бала қолындағы қамыс сырнайды мың құбылтып ойнай жөнелді. Бала небір ғажап әндердің сарынына салды. Жазғы даланың ыстық лебі, аяулы жанның жалын атқан іңкәр үні, бұлақтың майда сазы, ақ қайыңның нәзік сыбдыры естілуші еді бұл әндерден. Елжанға қой деген ешкім болмады.
Ал жас өнерпаз тіптен қанаттанып, түрлі-түрлі саздарды тамылжытып, төпеп төге берді, төге берді.
Сыбызғы үнінің әсер еткені сонша, сарай қызметкерлері өзін-өзі ұстай алмады, әуелі жауар бұлттай тұнжырап, түйіліп тұрды да, артынша үнсіз еңіреп жылай бастады. Кейбір көңілі бостары бірін-бірі құшақтап зар еңіреді.
Тұтқынға түскен сарай бишісі өңкей қара қарғаның ішіндей жалғыз аққудай жас тұтқын қыз болса шыдап тұра алмай, ортаға секіріп шығып, ғаламат биге басты. Сырнайдың нәзік сыңғырына жас арудың алуан қимылды әсем биі қосылып еді, сарай ішінде осыған дейін болмаған ғажап салтанат орнады.
Кенет көсем сұқ саусағын шошайтты. Онысы тоқта деген белгі еді. Өйтпеуге әбдісі қалмаған. Себебі өзі де бордай босап, кәрілігі есіне түсіп, еңіреп жылауға шақ тұрған. Елжан сырнайын қолына алды.
От әлдеқашан өшіп, күлі суып қалыпты. Көсем жас өнерпазға қарап жымиды да:
— Әкетіңдер баланы, — деді гүж етіп. — Көптен бері күлкі дегеннің не екенін ұмытып қалып едім. Ал ол менің көңілімді ашты. Бұдан былай ол бос, еркін жүрсін. Бірақ айырылып қалмаңдар. Ендеше, бәрің де боссыңдар.
Кіргендердің бәрі ізінше сыртқа бет алды да, сарай іші құлазып бос қалды. Сөйтіп Елжан мен жас ару сол күннен бастап көсем сарайының көңілашар қуанышына айналды.
Ертесі Елжан сейіл құрып жүр еді, кенет өзін қаумалап бір топ құс сау етіп қона бастады. Қараса, жаздай өзімен бірге болған бөгде құстар. Бала қуанғанынан не дерін білмей жылап жіберді.
Айдары желкілдеген ата құс:
— О, адам, сен неге жылайсың? — деді сыпайы тіл қатып. — Сен неге жылайсың? — деп әуелгі сөзін және бір қайталады. — Сен әуелі неге жылайсың, бізге соның мәнісін айтшы. Біз әуелі сені жылатқан неткен жағдай, соны білгіміз келеді. Ал сен жасқанба, жалтақтама, не болғанын бізге толығымен баяндап шық. Оның бұл айтқанын қалған құстар да қостап, қуанғандарынан қанаттарын қағып-қағып жіберіп, тілеулес күй танытты.
— Сендерді көргеніме қуанғанымнан жылап тұрмын, — деп бала өзінің барлық бастан кешкендерін айтып берді.
— Жағдайым қиын, — деді бала. — Менде ауыспалы сандықша бар. Ол сулы жерде қайық болып жүзеді де, көк аспанда ұшақ болып қалықтайды. Бір өкініштісі, сол ауылдан жүзіп шыққанда сандықты ұшаққа ауыстыратын кілт үйде қалып қойыпты. Қанатты достарым менің, сендерге айтпағым сол, сендер маған сол кілтті тезінен әкеліп берсеңдер жақсы болар еді. Мүмкіндігінше соны тезірек әкеліп беріңдер.
Құстар:
— Мақұл! — деді де мықты төрт-бесеуі ошарылып ұша жөнеліп, содан табандатқан жеті күн дегенде әлгі кілтті әкеліп берді.
— Міне, кілтіңіз, — деді әбден шаршап, құр сүлдесі қалған құстар.
— Рақмет, — деді бала күлім қағып.
— Біз саған еліңе жетуге өз көмегімізді аямаймыз, — деді құстар. — Тек басыңа ауыр күн туғанда сырнайыңды тартсаң болды.
— Әрине, тартам, — деді бала.
Кілт қолға тигесін жағдай мүлде өзгеріп сала берді.
Бұдан кейін көсем сарайында екі-үш рет қыз екеуі өнер көрсетті де, үшінші күні қыз екеуі серуендеп арал жағасына келді. Қараса сандық қобдиша сол орында тұр екен. Бала жүгіріп келіп отырды, қыз да артынша келіп, ол да жайғасты.
Осы кезде кәрі бақсы бастаған қара түлейлер де өз қайықтарына отыра бастап еді. Елжан сәл жүзіп барып, ұшақтың кілтін өз тетігіне салып бұрап қалып еді, қайық лып етіп ұша жөнелді.
Содан талмай ұзақ ұшты. Талай теңіз, талай аралдардан өтіп, бір жерге келгенде тұтасқан қою қалың бұлтқа көз болды да, амалсыз жағалауға келіп қонды. Сәлден соң Елжан екінші бір кілтті бұрап кеп қалып еді, ұшақ қайыққа айналды да кетті. Қыз екеуі өзара сөйлесе алмаса да ыммен түсінісіп, қайықты суға әкеп түсірді. Үш күннен соң күн ашылып, теңіз бетіндегі сұрапыл сойқан басылды. Алып айдаһардай мың бұралып дөңбекшіген таудай-таудай толқындар саябырсып, моп-момақан күйге ауысыпты. Теңіз беті мың миллион алтын ұнтақтарын шашып тастағандай жалт-жұлт етеді. Алыс көк жиекті сағым көмкеріпті. Сонау бір қиырда желкендері қараңдап, жолаушы кемелері баяу жүзіп барады. Кеме мұржасынан шыққан қою қара түтін сәл түйдектеліп тұрып, артынша қара жіптей тарқатылып, сұйылып, созалаң тартып артта қалып барады.
Еркін жүзіп, баяу жылжып келе жатқанда алдарынан үлкен кеме кез бола кетті. Үлкендігі сондай, тура қара жердің бір бөлшегі көшіп келе жатыр ма дерсің. Кемемен салыстырғанда қайық қарағайдың қасындағы жалғыз тал жаңқадай сезіледі.
Бала жайлап қасына келді. Қыз қуанып қол бұлғады. Сол сәтте кеменің сыртқы кемере жолына өңшең бір ішіп алған, удай мас жандар шықты да айғайлай бастады.
— Балақай, қайығыңды бері бұр, — дейді біреуі өзеуреп, — бері кел, келе ғой, біз сенің қасыңдағы бикешті көргіміз келеді.
— Дұрыс айтады, — деп қоштады екіншісі. — Кел, жақындап келе ғой...
— Ей, ағайын, — деді бала ашық үнмен, — қалжыңды қойыңдар, одан да айтыңдаршы. Пәлен жерге қалай жетуге болады. Біз адасып қалдық. Жол көрсетіңдерші құдай үшін.
Кемедегілер даурығысып кетті.
— Не дейді өзі?
— Есі ауысқан-ау деймін.
— Қайдан келген неме өзі.
— Бәрі құрсын, қызы әдемі екен. Мен соған қызығып тұрмын.
— Былай болсын, жігіттер, қайықты тұтқындап, қызды өзіміз алайық та, ана немені қайығымен қоя берелік. Жүрсін ләйліп көк теңіздің үстінде.
— Дұрыс айтады.
— Дәл айтты.
— Ендеше, іске кіріселік.
Есер топ кемені қайықшаға таяу әкелді де қатар жүзді.
— Ей, маубас, — деді біреуі екіленіп, — кел бері, пароходқа мін.
Әйтпесе адасып өлесің.
— Рақмет, — деді бала. — Одан да жол көрсетіңізші.
— Мен саған не айтып тұрмын, — деп тепсінді әуелгі сөзді айтқан дәу. — Сөз ұқпасаң, өз азабың өзіңе. Қазір алып кеменің жал-жал толқындарының арасында қаласың. Қайығыңмен қоса аждаһа толқынға жұтылып тынасың. Көк теңізге жем боласың. Сен емес, сенің көкеңдейдің талайы осы көк теңіздің оқпанында кеткен. Сорлы бала, өлмесіңді ойла, біз саған біле білсең, жанымыз ашып тұр. Сен соны дұрыс түсін, миғұла неме.
— Сендерді есалаң топ деп атайды, — дейді бала екілене сөйлеп. —
Кәллаларыңда торғайдың миындай ми болса, құдай атсын. Сол үшін де мен сендер мен тілдескім келмейді. Сендер соны анық түсініңдер.
— Қап, мынаның құтыруын-ай, — деп жұлқынды кемедегілер. — қап, қолдың жетпей тұрғанын қарашы. Әттең, мына қол жағасына бір жетсе...
— Ақымақ екенсіңдер, ағайындар, — деді бала ашуланып. — ал, аулақ кетіңдер.
Оның бұл сөзіне ашуланған топ, кемені қайыққа қарай бұрып, жылдамдығын арттырып, тездете түскені сол еді, қайық лып етіп көтерілді де, шағын ұшаққа айналып ұша жөнелді.
Елжан осылайша бар қиындықты артқа тастап, бейтаныс жас аруды серік етіп, туған жер, ұшқан ұясына қарай тура бағытпен зулап келе жатты.
Дәнеш Ахметұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі