Өлең, жыр, ақындар

Қарқабат туралы аңыз

Бір сапар қасымда інім Қарпыш бар. 1956 жылы Жосалыға бара қалдық. Машинадан түсе қалып, сөйлесіп тұрған бір үш әйелге келіп:

— Тәуірсіздер ме? — деп амандасып едім. Үшеудің ішіндегі бір жастау әйел:

— «Тәуірсіздер ме» деп ауру адамға айтушы еді, осы Қаракесектің амандасуы да бір форым екен! — деп тиісе кетті.

— Тәуірсіздер ме, есенсіздер ме, амансыздар ма деген сөздердің үшеуінің де мағынасы бір, амандықтың желісі ғой. Біреу мен біреу аразды татуластыру үшін «жарастыру керек», «жанастыру керек», «жаластыру керек» дейді. Бұл үш ауыз сөз болғанменен татуластырудың желісі. Сені мен біз қарға тамырлы қазақпыз қашаннан-ақ, жегжатымен ел өсіп жасаңдамақ. Ер қадірін білмейтұғын, ел қадірін білмейтұғын жаман қатын жеңіл сөйлей, орынсыз шошақдамақ, — дедім мен. Сонда әлгі әйел тағы бірдеңе дейін деп еді, қасындағы кексе әйелдердің бірі:

— Сен енді шошаңдама, жығылғаныңды біліп, бұл кісілерді үйіңе апар, сен лақтырып тастайтын кісі сияқты емес, үйіндісіне қарамай,.. — деді.

— Мен жығылдым, енді үйге жүріңіздер, — деп, әйел бізді үйіне ертіп келіп күте бастады. Жайланып отырғаннан кейін, мен отырып:

— Шырағым, біріміздің туысымызды біріміз біле отырайық, тегің кім болады? — деп жөн сұрадым. Сонда әйел:

— Мен табаны жап-жатақ Қуандықтың қызы боламын. Бір жақсысы:

Қап-қара Қаракесек күңнен туған,
Би болып Қазыбегің кірін жуған, —

деп, Шөже айтқандай, күңнен тумаппыз, — деді.

— Мен, шырағым, саған күңнің мәнісін айтайын, тыңдап отыр.

Біздің бабамыз Мейрам алыс жерден — Кіші жүзден үйленіпті. Сонда алыс жерден ұзатқан қадірлі қызды жалғыз жібере алмай, «апарып салып қайт» деп қасына сүйікті жеңгесін және қыздың ағасының баласы Қарқабат деген қызды қосыпты. Ол кезде қазақ — қалмақ арасында шапқыншылық жиі болып тұрады екен. Жаугершіліктен арғы ел әрі кетіп, бергі ел бері ұзап кетіп, қыздың жеңгесі мен сіңлісін еліне қайыра алмай, қалып қойыпты. Олар келіп ала алмай, бұлар апарып салалмай арада екі-үш жыл өтіп кетіпті. Сонда Мейрамның бәйбішесі айтыпты:

— Мынау екеуі мені жалғызсыратпаймын деп еріп келіп еді. Ақыры елден-жұрттан безіп, отырып қалды. Әйелдік қып әркімнің олжасында кетпейік, осының екеуін де сен алшы, ұрықсат еттім, әлде болса бірімізді біріміз көріп отырайық! —  деген екен күйеуіне. Сонымен ол екеуін де Мейрам алыпты. Қыздың жеңгесінен Шұбыртпалы, сіңлісінен Болатқожа (Қаракесек) туыпты. Кейінгі алған екі тоқалдан екі ұл, бәйбішеден төрт ұл туады. Төрт тоқалдан туған төрт ұл мен бәйбішеден туған төрт ұл ақыры еншіге таласады. Бәйбішеден туған ұлдар еншіні ұл басына бөлмек болады, тоқалдан туған ұлдар, елдің ежелгі дәстүрі бойынша әйел басына бөлмек болады. Бұлай бөлгенде де бәйбішеге таңдаулы үлес тиеді екен, бірақ бәйбішенің ұлдары оны місе қылмайды. Сөйтіп, екі жағынан егес туып, тоқалдан туған төрт ұл бар малды айдап алыпты.

Болатқожа басқасынан сүйегі кесек, қуатты әрі өжет болған екен. Малына таласқан бәйбішенің балаларын қолына түскен таспен, кесекпен ұрып жыға беріпті. Сондықтан ол «Қаракесек» атанып кетіпті.

Сонда Бәйбіше айтыпты:

— Бұны Қарқабат бітіруге жарайды, хан-қараға, би-төреге барудың қажеті жоқ, Қарқабатқа сөз салу керек, — дейді.

— Маған салса, мен бітірейін! — дейді Қарқабат. Сонымен Қарқабат бәйбішенің балаларын шақырып алып:

— Сендерге жақсы айғырдың үйірін, таңдаулы аттарыңды бөлемін, сендер малдың санына таласпаңдар. Екінші, әйелге қарай бөлінетін, бәйбіше таңдаған үлесін алатын ата салтын бұзбаңдар, — дейді.

Енді тоқал балаларын шақырып алып:

— Сендердің еншілеріңді сан жағынан жеткізейін, кемітпейін. Сендер малдың сапасына, ажарына қызықпаңдар, — дейді.

Сөйтіп, Қарқабат енші бөліп беріп екі жағын да тыныштандырған екен. Бәйбіше Қарқабатқа разы болып, балаларына осыдан кейін былай депті:

— Сендер өлген аруақты тебірентіп не қыласыңдар. Бұдан былай ер сүрінгенде, ат мүдіргенде «Қарқабаттан» ұран шақырсаңдар да болады, — дейді. Содан былай Қаракесекке Қарқабат ұран болыпты...


Пікірлер (4)

Sem

Біздің ұран Ақжол ғой

Әже

Ақжол - жалпы Арғынның ұраны болса керек әкемнен естігенім бойынша

Myrza

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз