Өлең, жыр, ақындар

Китекеңнің хикаялары

Байғани ауданының Оймауыт совхозында еңбегімен еленген, құрметке бөленген Қитық байда жалшылықта жүріпті. Совет өкіметі жылдарында қырық жылдай колхоз қойын бағып, Отан дәулетіне мол үлес қосып, алпысыншы жылдары дүниеден өтті.

Сол Қитық ақсақал адал еңбегі нәтижесінде үкімет наградасына ұсынылып, 1948 жылы сол награданы тапсыратын аудан орталығындағы үлкен жиынға шақырылыпты.

Қитекең өмір бойы мал қамымен аудан түгіл, колхоз орталығына да келіп тұрмайды екен. Ел басынан өткен қиыншылық жағдай ол кездегі ауыл өмірінің киер киім, ішер астың тапшылығы адамдардың мәдени өсуіне де бөгет болғаны белгілі. Міне, осы салтанатты жиынға киетін дұрыс киім таппай, көршілес шопанның көнетоз бешпент-шалбарын киіп келіпті. Аудан орталығында ол кезде қонақ үй қайдан болсын, Әбдіғали деген қызметкер жиенінің үйіне түсіп, қонып шығады.

Ертеңгісін беті-қолын жууға тысқа шығып, жуынып, үйге кірсе, төр алдындағы көрпеден төменірек, шағын өрнекті мата жаюлы жатады. Қитекең әрі ойлап, бері ойлап жаюлы мата үстіне келіп отырып алады. Шай жасауға келген келін:

— Ата, шай жасайын, жоғары көрпеге отырыңыз, — депті сыпайылықпен. Бір жағынан үлкендігі бар Қитық ақсақал:

— Қайдан білейін, қарағым! Қонағына жайған төсеніші болар деп отыра салыппын, — деп ысырылып, көрпеге отырады.

Жиналыс кештеу басталатын болып, Қитекең үйде уақытында барармын деп отырып қалады да, үй иесі ертеңгісін жұмысқа кетіп қалады. Жиналысқа бармақ болып Қитекең бешпент-шалбарын киейін деп ілгішке келсе, екі бешпент-шалбар ілулі тұр екен. Өзінің киіп келгені қайсысы, оны біле алмай (жаратылысынан ұяң, кісінің ала жібін аттап, қиянат жасап көрмеген қарт) үй иелері келгенше үйде отырып қалып, жиналысқа қатыса алмай қалыпты деп аңыз етеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз