Өлең, жыр, ақындар

«Соғымбасы» деген не?

Бүгін Нартайлардың үйі күндегіге қарағанда қарбалас. Кілем, текеметтер қағылып, үй іші тап-тұйнақтай болып, ретке келді. Түстен кейін қарбалас қазан-ошақ жаққа қарай ауысты.

Нартай шыдамады. Үлкен астауға құрт езіп отырған əжесінің қасына барды.

— Əже, бүгін үйге қонақ келе ме?— деді сыр тартып.

— Иə. Сен білмейсің бе?— деді əжесі өзіне қайтара сұрақ тастап.

— Жоқ. Мен білмеймін. Маған ешкім айтқан жоқ қой…

— Атаң екеуіміз осыдан бір апта бұрын көшенің басындағы Серік ағаңның үйіне соғымбасына барып едік қой. Сонда атаң сол үйге жиналған кісілерді бүгінгі күнге біздің үйге соғымбасына шақырып қойған.

Соған ғой қарбалас болып жатқанымыз.

— Əже, соғымбасы деген не?— деді Нартай енді əңгімені басқа тақырыпқа бұрып.

— Соғымбасы деген қарағым жақсы нəрсе. Қысты күні елдің бəрі соғым сояды. Біз де өткен жолы кер атты сойдық қой. Соғымбасы — сол соғымға сойылған малдың етінен асып, көршілер мен ағайын-туысқа дəм татыру. Бұл сонау ата-бабамыздан келе жатқан салт, дəстүр. Адамдар бір-бірін шақырып, əңгіме-дүкен құрып, өнерлілері өнерін көрсетіп, мəре-сəре болатын думанды басқосу. Жыршылар жыр айтады, ақындар бір-бірімен айтысады, ал үлкендер өнегелі əңгіме айтып, жастарды жақсылыққа баулиды. Сен секілді балалар бір-біріне ертек айтып, қызыққа батады… Енді білдің ғой соғымбасының не екенін?

— Иə. Білдім,— деді Нартай басын изеп.

— Онда кешке балаларға айтып беретін

ертегіңді əзірлей бер…

Кеш те болды. «Ас-салау-у-мағалəйк-у-м» деп дауыс көтере сəлем берген үлкен-кіші қонақтар бірінен кейін бірі келе бастады. Ақ сақалды аталар құшақ айқастыра амандасып, ал əжелер қол алыса көрісті. Онан кейін жағдай білісті. Сөйтіп, аяқ асты қауқылдасты да қалды.

Біраздан соң бəрі дастарқан басына жайғасты. Бата беріліп, шай құйыла бастады.

Осы тұста Нартайдың əкесі:

— Қош келдіңіздер!— деп жұрт назарын өзіне аударды.

— Халқымызда «Соғымбасы — берекенің басы» деген сөз бар. Бір шəугім шай — бөлінбеген еншіміз. Сол еншімізді бөлісіп ішейік деп, үйдегі үлкендердің бастамасымен өздеріңізді соғымбасына шақырып отырған жайымыз бар. Бір ауылда тұрсақ та бір-бірімізді көп көре бермейміз. Əңгіме айтып, ішіп-жеп отырыңыздар!

Қонақтар ұзақ отырды. Көптеген əңгімелер айтылды. Шай ішілді, ет желінді, тағы да шай ішілді. Əжелер қосылып əн салды. Нартай бастаған балалар да өнер көрсетіп, тақпақ айтты, əн салды. Сөйтіп қонақтар ризашылықпен: «Соғымдарың шүйгін болсын! Бала-шағаға бұйыртып жегізсін!» деген тілектерін айтып тарасып жатты.

Осының бəрін өз көзімен көріп, біраз қызыққа батқан Нартай іштей: «Соғымбасы деген той сияқты екен ғой» деген ойда қалды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз