Бір күні Қанатқа шопан ағасы таудан сүйкімді қара күшік әкеліп берді. Бұған Қанат қана емес, онымен бірге оқитын Талғат та, Болат та қуанды. Үшеуі күшіктің құлағынан кезек-кезек тартып көріп еді, анау ырылдап айбат шекті. Қабаған екен деп қуанып қалды олар. Күшікке Мойнақ деген ат қойылды. Балалар Мойнаққа сүт ішкізіп, алдына нан тастап әлекке түсті. Алғашында ол бұлардан жасқанып, сүт те ішпей қойып еді, келе-келе өзі қыңсылап сұрайтынды шығарды.
Әрине, өз күшігің болмаған соң қызық емес. Басқа балалар ешқашан Қанаттың күшігін Талғаттікі немесе Болаттікі деп айтпайды. Ендеше қызығы, Мойнақ сияқты күшік асырап, оған кинодағыдай Көксерек, Алыпсоқ деген сияқты мықты иттердің атын қою керек. Талғат осылай ойлады. Үйіне барған соң әке-шешесіне Қанаттікі сияқты күшік тауып беріңдер деп әлек салды.
Келесі күні әкесі оған да күшік әкеліп берді. Талғат оған Алыпсоқ деп ат қойды.
Мұнан кейін Болат та күшік асырады.
Әйтсе де, Талғаттың Алыпсоғы да, Болаттың Таймасы да Қанаттың Мойнағындай мықты болып шықпады. Талғаттың Алыпсоғы құлағынан көтерсең, қыңсылап қоя береді. Бір таяқты лақтырып жіберіп, «әкел» деп қолыңды созсаң, ол бұл бұйрықты Мойнақтай мінсіз орындай алмайды. Иіскеп-иіскеп, жейтін нәрсе емес екен дегендей қайтып келеді. Ал Қанаттың күшігі әупілдеп үріп, балалардың соңынан қуатынды шығарған.
Бір күні қызық болсын деп, Қанат пен Талғат күшіктерін таластырды. Әрине, олар үлкен иттердей бірін-бірі аямай тістеп, қатты жұлысқан жоқ. Мойнақ Алыпсоқты бас салып құлағынан тістесе, ол мыңқ етпейді.
Балалар Талғатты күшігің жаман деп мазақтады. Оған Талғат ыза болды. Мойнақтан өш алуды ойлады. Ауланың ортасында еркінсіп шауып жүрген қара күшікті ұстап алып, тоғанның суына апарып лақтырып жіберді. Қара күшік жағаға шығуға қанша талпынса да, ағыны қатты су ерік бермей ала жөнелді. Мойнақтың маңдайының ағы біресе көрініп, біресе көрінбей ұзап бара жатты. Қолына ұзын таяқты ұстай сала, іле Талғат көмекке ұмтылған. Бірақ жетіп үлгермеді.
Ертеңіне Талғат Қанаттың үйіне барды.
Балалар бір нәрсеге үймелеп қалыпты. Ол не деп мойнын созып қараса, кешегі тоғанның суық суы өтіп кетсе керек, ортада Мойнақ сүлесоқ жатыр. Бұлардан көмек сұрағандай, қыңсылап қояды. Үні сондай аянышты. Қанат алдына біресе сүт қойып, біресе нан жібітіп салып, әуреге түссе де, қара күшікте оған қарайтын дәрмен жоқ-ты. Ол тіпті өзі анда-санда тісі ауырғанда басатын «анальгин» деген дәріні күшікке ішкізбекші де болды. «Осыны ішсең құлан-таза айығып кетесің» деп еді, Мойнақ қанша ақылды болса да, мұны түсінбеді. Уақыт өткен сайын қыңсылауы жиілей түсті. Кенет:
— Мойнақ жылап жатыр, қараңдаршы, — деп, Болат айқайлап жіберді.
Шынында да, Мойнақ жылап жатыр еді. Мұны көргенде, манадан бері күшігін аяп қиналған Қанат: «Мойнақ, Мойнақ»,— деп, еңіреп қоя берді. Талғат тіпті бұлай болар деп ойламаған. Ол Мойнақты да, Қанатты да аяп кетті. Содан кейін өзі де шыдамай жылап жіберді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі