— Ата, ата, анаң қара! Қарлыға-аш!
Атасының жанында саяжайда жүрген Алдан жерден жеті қоян тапқандай мәз. Дауысының қатты шығып кеткенін де байқамай қалған. Расында, бұл биыл жазғытұрымғы көрген алғашқы қарлығаштары еді.
— Тыныш, балам, қатты дауыстама. Шошытып, үркітіп аласың. Кел одан да қозғалмай отырып, олардың әрекетін бақылайық,— деп Орман қарт немересін қасына шақырып, өздері суғарып жүрген тақтаның жиегіндегі көкмайсаға жайғасты.
Алғашында Алданның қаттырақ шыққан үнінен жасқаншақтап, кері серпілген қос қарлығаш сәлден соң қалықтай келіп, бұлардың алдындағы суғарылып жатқан тақтаға қайта оралды.
— Су іздеп жүрген болар? — Сыбырлай сөйлеген немересі атасына сұраулы кейіппен қараған.
— Тс-сс, асықпа, балам. Қазір көреміз.
Қалықтай келіп текшеленген тақта үстіне қонған олар алдымен тіп-титтей сүйір тұмсықтарына іліп жерден бір-бір тал шөп қиындысын алды. Екі-үш күн бұрын шабылған шөптің қурай бастаған қалдығы. Тістеген әлгі шөптерін енді беті дымқылданған топыраққа ары-бері үйкеп алған қос қарлығаш жерден лып көтеріліп әлдеқайда асыға ұшып кетті.
— Су іздесе, батпақта нелері бар, ата? Қарлығаш та шөп жей ме?— деген Алдан аң-таң.
— Үндеме,— деді атасы әлі де болса, сыбырлай сөйлеп. — Олар жақын маңға ұя салғалы жүр. Қазір тағы оралады.
Атасы айтып болғанша зуылдай келіп, тақта үстіне қонған қос қарлығаш тура жаңағы әрекеттерін қайталай, тұмсықтарына бір-бір тал шөпті ілген бойда тағы да ұша жөнелді. Өздері тым асығыс, жұмыстары қауырт секілді.
— Шөпті қайтеді? Оны неге батпаққа батырып, былғап жатыр?
Немересінің сауалына еріксіз мырс еткен атасы:
— Құлыным-ау, былтыр ауылға, Сәлім ағайыңның үйіне барғанда қора жақтауына салынған қарлығаштың ұясын көріп едің ғой, есіңде ме?— деді.
— Әрине, есімде. Тұмсықтарын соза, ауыздарын ашып, тамақ сұрап шиқылдап жатқан балапандарын да, енелерінің оларға қалай тамақ әкеліп беретіндерін де көрдік қой.
— Ендеше, міне, мына қос қарлығаш та өздеріне дәп сондай ұя салуға кірісіп жүр. Жаңағы балшыққа шыланған ши шөпке аттың қылын немесе жүн-жұрқа араластырып, ұя қабырғасын қиюластыра қалап шығады. Тұп-тура кірпіш қалаушы құрылысшылардай.
— Бұлардың бұрынғы үйлері қайда мықты, берік болса?..— деді Алдан тынымсыз қарбаласқан қос қарлығашқа көмекке асыққан сыңаймен.
— Байқаймысың, бұлар биыл ғана табысқан жұп секілді. Сенің Арман ағайың мен Гүлім жеңешең сияқты. Олар да жаңа отау құрып, жаңа үй салып жатқан жоқ па?— деп, Орман қарт немересіне түсінікті болу үшін нақты мысалмен сөйлеуге тырысып бағуда.
— Қарлығаш та адам секілді болғаны ғой сонда?..
— Әрине, барлық тіршілік иесі адамға ұқсас тірлік кешеді. Және олар адамдардан демеу күтеді. Оның ішінде, әсіресе, қарлығаш адамға өте жақын. Өздері мен балапандарын жауларынан қорғау үшін ұяларын адамдарға жақын жерге, үйлердің маңдайшалары мен бұрыштарына салады. Ең жанашыр қамқоршыларының адам екенін жақсы түйсінеді,— деп тоқтаған атасы күрегін алып, немересін жетектеп, үйге қарай бет алған.— Жүр, құлыным, қарлығаштардың жұмыстарына кедергі болмайық. Керектерін жасқанбай, емін-еркін тасып алсын.
Осылай істесе, қарлығаштарға көмегі көбірек тиерін түсінген Алдан да орнынан тұрып, тынымсыз қайшыласқан қос қарлығашқа қызықтай қараған күйі атасына ерді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі