Әншейінде байқамайды екенмін. Қара ауыз нағыз иттің төресі екен. Ақлима апайдың немересі Асхаттың көзін ашпай тұрғанда қойынына тығып әкелген күшігі. Алғашқыда қыңсылап, енесін іздеген қара ауыз бірте-бірте жүні тікірейіп, шәу-шәу етіп үретінді шығарған. Күшіктің Асхат десе жаны бір басқа. Жанынан қарс елі қалмайды. Құлтыраңдай жүгіріп әрі-бері ойқастап, иесіне кеп асылады. Әлде нені ұзата лақтырып жіберсе, тістеп алып келеді. Алдыңғы аяқтарын көтеріп амандасады. Құдды цирктің үйретілген күшіктері сияқты.
Қара ауыз өсе келе тұмсық тұсы шымқай қара, құлағы тікірейген ірі сұсты төбет болды. Бірақ әдетін тастаған жоқ. Әрқашан Асхаттың жанында. Әлде кім әзілдеп Асхатқа тиіссе, Қара ауыздың жүні тікірейіп ырылдап қоя береді. Тайыншадай төбеттің сұсынан қорықпай гөр. Тісін ақситып, кеудеңе асыла түссе, саудаңның біткені. Бірақ Қара ауыз әлде кімді талап тастапты деген сөз естіген жоқпын. Оның үстіне Қара ауыздың мойнына шынжыр байланған емес. Мінезі шығар. Күшік күніндегідей тауық қуалап, көрінгенге шәуілдеп, тентектік танытпағалы қашан. Үйдегі қара-ала мысық әрқашан Қара ауыздың қойнынан табылатын. Құдды екеуі дос сияқты. Тіпті алдындағы тамағын ұрлайтын кішкене кәндектерге де көз алайтпайтын. Түнде үруге еріншек. Бірақ қақпаға бейуақытта кірген адамды қайта шығармайтын әдеті бар. Бірде апам су таситын арбаны алмақ ниетпен Асхаттың үйіне барып, екі-үш сағаттан соң зорға оралған. Сөйтсе ол үйде ешкім жоқ екен.
— Құдды адам сияқты. Күзетші Күзеубай Қара ауыздың жанында түкке тұрмайды, — дейді апам көрші итін мақтап. Екі-үш сағат бойы Қара ауыздың «тұтқыны» болғаны есінен шығып кеткен сияқты. Апам Қара ауызға нан да беріп көріпті. Бірақ күзетші — Қара ауыз мән бермепті. Тек Асхат келгеннен соң барып:
— Ау, Қара ауыз. Мұның не? Көрші апа емес пе. Мұның жөн қылыққа жатпайды, — деп басынан сипағаннан соң жіберіпті.
Асхатты ел боп әскер қатарына шығарып салдық. Қара ауыз иесінің ұзақ жолға кеткенін білген сияқты. Басынан сипаған Асхатқа екі-үш рет гүр-гүр етіп үрді де, құйрығын бұлғаңдатты.
— Ии....мақұлық-ай. Қу іші біліп тұр ма екен, — десті маңайындағы тұрғандар.
— Ал, Жомарт. Қарауызға бас көз бола жүр. Тентек балалар тас лақтырып есін шығармасын. Ит атқандардан сақ бол, — деді Асхат маған Қара ауызды тапсырып.
Орнынан қозғалған автобуспен бірге ілескен Қара ауыз сол күні ұшты-күйлі жоқ болды.
Бір күн өте Қара ауыз үйге оралды. Ұзақ жолдан келген жолаушыдай, есік көзіндегі күркесіне кіріп ұзақ жатты. Сырттан бақылап қоямын. Көруге келген көшенің балаларына тіпті назар салар емес.
— Асхатты ойлап, мұңайып жатқан шығар, — дейді Ботабек.
— Шіркін-ай, менің де осындай итім болса ше? Асхаттың атын естіген Қара ауыз елеңетіп басын көтерді де, қайта мызғып кетті.
— Қара ауызды Асхат неге бірге әкетпеді екен, — деді Боранбай деген кіп-кішкентай бала.
— Шекарашыларға да қырағы күзетші керек қой.
— Шынында да, — деп қостайды қалғандары.
— Қара ауыз шекарашылардың итінен бір кем емес. Аулаға кірген бөтен малды да ажыратады, — деді Арман.
— Басқа иттердей шу көтермей ырылдап қойып, қақпадан шығарын салады.
Біздің айтқанымыз, тек әңгіменің бергі жағы екен. Қара ауыз ақылдылығын күннен күнге дәлелдей түсті.
Асхат кеткеннен кейін Қара ауыздың да мінезі өзгерді. Сабаққа кетерде ертеңгісін мені күтіп алып, мектепке барады. Алты сабақ біткенше мектеп есігін торуылдаумен есі шығады. Шамасы Асхат шығып қалады деп ойласа керек. Одан қалса, иесі барады-ау деген достарының үйлерін шолып өтеді. Қайтып келіп, үйшікке кіріп ұзақ уақыт ұйықтайды. Ертеңгісін кейде Асхаттың апасы екеуі табынға мал қосады. Әлде қалай иесінің аты аталса Қара ауыз сол жерден табылады. Асхаттың хатын оқығанда апасына жаутаң-жаутаң қарап, «ауп-ауп» деп гүрілдей үреді. Онысы «менің Асхатымды қайда жібердіндер. Ол менің жанымда жүрсе керек еді» деп мұңын шаққаны шығар. Ондайда Асхаттың апасы: «Ау, Қара ауыз-ау, Асхат үлкен жігіт емес пе. Әскерге барып елін қорғап жүр. Сен мені күзетсін деп тастап кеткен. Оны көп іздеме. Уақыт деген сынаптай сырғып өте шықпай ма. Екі жыл деген не тәйірі» деп күңкілдеп алады. Осы сәтте кейбіреулер:
— Е, қойшы, жеңеше. Қара ауыз сенің не айтқаныңды түсіне ме. Мақұлық емес пе, — деп күлсе, Асхаттың апасы кәдімгідей-ақ ренжиді. Қабағын шытып: — О құдай жаратқан сен де Қара ауыздың қыспағына бір түссең-ау. Ол адам білмегенді біледі. Жаман-жәутік адамың Қара ауыздың тырнағына татымайды, — дейді ол. Шындығыңда Асхатгың апасы дұрысын айтады. Оның үстіне белгісіз бір күш мені Қара ауызға таңып тастағанына таңмын. Қара ауызды көргенде ойыма Асхат түседі. Ол әскерден қайтарда Қара ауызды алдынан алып шықсам ба деймін. Асхат сонда не дер еді. Бәрінен де Қара ауыздың сол бір сәтін айтсаңшы. Кеудесіне асыла түсетін шығар. Тек Қара ауызды аман сақтау керек деймін. Әуелі ауылдағы балаларға Қара ауыздың жайы белгілі.
Жыл өте Қара ауыз маған қартайып кеткен сияқты көрінген. Бірақ Асхатты ұмытпады. Аты естілсе, құлағын тікірейтіп жаныңа жетіп келеді. Мұндайда ит болады екен деп таң қаламын.
Кешеу күздің қысқа қараған шағы еді. Ертеңгісін сабаққа кетуге дайындалып жатқанмын. Ойда-жоқта есік қағылды. Сиырларды көршілердің табынға кезектесіп айдайтын әдеті.
Солардың бірі ме деп ойладым да асықпадым. Есік бұрынғыданда қаттырақ дүрсілдеді. Әлде кімнің:
— Қара ауызды өлтіріп кетіпті, — деді қырылдаған үн.
— Не дейді? Дауысым қатты шықты. Жүгіре шыққан маған шашы жаулығының сыртыңда қобырай көрінген Ақлима апам сұқ саусағымен қора жақты көрсетті. Сөйткенше жан-жақтан көршілер де жиналып қалды. Қақпаның сыртқы бетіндегі шарбаққа таяу жер- де үсті басы қан-қан боп созылып Қара ауыз жатыр. Кеудесіне қара қошқыл қан ұйыпты.
— Иттің баласы, кім болса да нағыз қанішер екен. Пышақтап кетіпті, — деді әлде кім. Есік пен төрдей жердің ойран-топаны шығыпты. Дала-дұласы шыққан шүберектердің қиындылары. Түнде жаңбыр жауса керек. Балшық бетінде айқұш-айқұш іздер.
— Қарала сиыр мен бұзауын алып кетуге келген екен. Қара ауыз ұрыларға қарсы тұрып, жанын қиғанша алысыпты, — деді Асхаттың апасы көзіне жас алып. Еңіреп жібере жаздадым. Пиғылы қара адамдардың тіршілік атаулыға деген аяушылық сезімі қара тастай қатып қалған шығар. Қара ауыздың жазығы не?
Екі-үш күн өте ұрылар ұсталды. Олар Қара ауыздың қайсарлығын жасырмапты. Алып соғып, үстіне отырып алған соң, пышақ салыпты. Ех, иттер-ай. Олар мына дүниеге несіне келді екен.
Бірақ еңді ақылды Қара ауызды қайдан табамыз. Бәрінен де Асхатқа не деймін. Екі-үш күн өте Ақлима апай: — Әй, қарағым Жомарт. Асхатыма Қара ауыздың өлімі туралы ләм деме. Жаны ауырады ғой. Жолдастарыңа да ескертіп айт, — деді күрсініп. Басымды изеймін.
Көз алдыма Қара ауыздың әскерден оралған Асхатты қарсы алғаны елестейді. Кеудесіне асылып «Асхат, мен сені сағыңдым ғой, не қып сонша кешіктің» дейтін сияқты. «Қайран Қара ауыз, сенің жөнің бөлек еді ғой!»
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі