Өлең, жыр, ақындар

Ассалаумағалейкум, ата

— Ой, жолың болғыр, мынау мені жерге қаратты-ау, ә. Сөйлеген сөзін тыңдап көр. Құдды тау көтеріп келгендей. Қираттым деп тұрсың ба? Осы тұрған жерінде қамшының астына алайын ба?

Әкесі Саматқа төніп келіп тоқтады.

— Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым...

— Оның несі әулие? — деп Самат аузы қомпылдап жанары жасқа шыланып шыға келді.

Шындығында бәрін бүлдірген Саматтың өзі. Ойында ештеңе жоқ, арбаның доңғалағын майлап жатқан әкесінің жанына келіп көрген-білгенін айта бастады.

— Әке, әке, әлгінде мектепке Шатырбайдың атасы келді. Әлгі Байсақал деген қарт бар ғой, — деді Самат.

Әкесі күйбендеген күйі жұмысын жалғастыра берді.

— Өзі бір қызық адам екен. Үстінде үлкен ішік. Басында тұмақ. Бәрімізді шетімізден сыпыртып шықты. Әуелі, маған «Әй, қара пұшықтың баласы. Шұнақ әкеңнің қалы қалай» — деп маған тиіскен соң сәлем бермей қойдым.

— Не дейді? Сәлем бермегені қалай? — деді жұмысын тастай бере кеудесін көтерген әкесі.

— Солай. Ол неге сені қара пұшық дейді. Құлағыңда да несі бар? — деді Самат кектенген пішінмен.

— Әй, сен менің жоғымды жоқтамай-ақ қой. Ол адамның сен кім екенін білесің бе? — деді әкесі ашу білдіріп.

— Мен қайдан білейін. Әйтеуір бір шал.

— Шал, шал. Ол жақсы адам. Тіпті кім болса да үлкен адамға сәлемдесуің керек.

— Ондай адамға сәлем бермеймін, — деп шорт кеткен Самат. Әлгіндегі текетірес осыдан шыққан еді.

Самат жалт бұрылып үйге еніп кетті. Аузы қомпылдап әкесімен ұрысты. Немересінің қабағын байқаған әжесі Саматтың жанына кеп, асты-үстіне түсіп, бәйек болды да қалды. Мәселенің мәні-жайына түсінген әжесі:

— Ау, балам-ай, сенікі дұрыс емес екен, — деді күрсініп.

— Адамның түріне қарап бағаламайды. Әкеңе сөйлегені қалжындағаны ғой. Байекең біздің елге күйеу, әкеңе жезде.

— Е, мейлі.

— Олай деме. Әрбір сөзіңді ойлап айтқаның жөн. Байекеңнің сүйегі асыл, ақылы зерек.

— Пау шіркін, үлкен адамдардың бірін-бірі мақтайтын әдеті емес пе, — деді Самат күңкілдеп.

— Әй, балам, қысқарта сөйле, өзім болдым, толдым деп отырсың ба? Байекеңнің тірлігіне сен. Ол әкеңді де, мені де сұм ажалдан арашалап алып қалған, — деді әжесі ашуланып.

Осы бір сөзден соң Саматтың дымы өшті. Ойпыр-ау, әкем мен әжемді өлімнен құтқарыпты, деді күбірлеп. Бірақ шүйкедей шалдың қолынан не келді екен?

Бұл сәтте сыртқа шығып кеткен әжесі оралды.

— Әже, әже. Шын айтасыз ба? — деп батымсыз күңк еткен Самат. Ашулы әже тырысып үңдемеді.

— Әжетай, кешірші.

— Кешірімді Байсақал атаңнан сұра. Сәлем бермедім деп бұлданады, бұл. Екі ортада бәрімізді ұятқа қалдырдың, — деді әжесі сыртқа беттеп.

Сәлден соң кереуетке қисайған Саматтың көзі ілініп кеткен еді. Ауыз үйден шыққан қатқыл дауыстан оянып кетті.

— Баланы еркелетіп, бетімен жібергенсіңдер, түге. Бұл не деген әдепсіздік, — деді әжесі, әкесі мен шешесіне ұрсып.

— Біз үйретті дейсің бе, әжесі-ау. Осы күнгі балалардың діні қатты ғой, — деп шешесі Ажар.

— Бір ұлың екеу бола ма? Жұмыс-жұмыс деп балаға көз қырларыңды салуды қойдыңдар. Үлкен адамға сәлем бермеу деген не сұмдық!

Әкесі де, шешесі де қарсы жауап қатпады. Тек сәлден соң:

— Апа-ау, Байсақалды үйге шақырып, дәм татқызып жіберейік, — деді әкесі. Әжесі жығылып сала берді.

— Онан да сөйтіп жөндеріңе көшпеуші ме едіндер. Ниғандікіне түстенген шығар. Алда-жалда біреу ертіп кетіп жүрмесін. Мен тамақ салып қояйын. Сақтап жүрген сүрім бар еді, — деді ол ағынан жарылып.

Самат жаман састы. Әжесі бұрын бұлай ашуланып көрген емес. Әуелі үй ішінің, бәрінің шаңын аспанға қағып ұрысты. Қап, сәлем бере салуым керек еді. Енді не істедім? Оның үстіне Байсақал қарттың өзі үйге келеді. «Басқа үйге кетіп қалса екен» — деді ішінен тілеп.

Бірақ бәрі керісінше болды. Қызыл іңірде шүйкедей шал тізгін тартып атынан түсті. Әкесі де, әжесі де келген жанның шылауына оралып, үйге беттеді. Самат апыл-ғұпыл киініп, есік көзінде Байсақал қартқа:

— Ассалаумағалейкум, ата, — деп сәлем берген.

— Уағалейкуммассалам, жасың ұзақ болсын, — деп бетінен шөп-шөп сүйген қарт. Бір қызығы Саматтың тірлігін әкесі де, әжесі әуелі Байсақал қарт та ішіне бүгіп қалған сияқты.

Бұл күні Самат қызықты әңгіме боларын күтпеген. Иегінде шоқ сақалы бар, аласа қарттың әңгімесі адамның жанын түршіктіреді екен.

— Топырағың торқа болғыр, Нағашыбай. Соның ақылының пайдасы ғой. Көлдің бақа-шаянын талшық қылғанды кім білген. Басқа түскен соң, жазмыштан асасың ба. Сол күндер кейде түсіме кіреді. Қайран қыршыннан кеткен боздақ. Талайы қырылып кетті-ау, — деді  қарт. Онда сен етегіңді жаңа жапқан баласың.

Отызыншы жылы Жетісу аймағында аштық басталыпты. Малы көп байлар тәркіленген кез. Тігерге тұяқ жоқ. Оның үстіне құрғақшылықтың кесірінен егін өспей қалған. Күздің алғашқы айы басталып талай ел ағайындарына бас сауғалап кете бастайды. Уақыт өте ауру қарттар өліп, артынша нәубет басқаларға тырнағын батырады. Ашыққан жұрт қырдағы жиналған қырманның қарын күреп, әр жерде шашылған түйір дәнге құмырсқаша жабылады.

— Ойпырмай, ертеден қара кешке дейін жарты кесе бидай тапсақ төбеміз көкке жетуші еді, — деді әжесі Байсақал қарттың сөзін бөліп.

— Қаудыраған тері тапсақ, отқа пісіріп талшық қылдық қой. Ауылда өлген адамды жерлейтіңдер табылса ше? Осы бір қиын-кыстау шақта Байсақал ағайындары жиырма шақты үйдің басын қосып, Жайылма деген жерге көшіріп, көл бойына қоныс тебеді.

Киіз үй тіктіріп, сыртын қамыспен қаптайды. Ау тоқып, Қожамбердінің мұзын ойып, қармақ салып, балық аулайды. Аштықта көл тіршілігі де адамдарға талшық екен. Ел бойын жиып, күн көріске көшеді. Ол кезде бөліп-жару жоқ. Жиырма шақты үйдің жалғыз тайқазаны бар екен. Күніне үш уақыт тамақ ішкен жұрт, қондана келе аң-құсқа да шыға бастайды. Балықтыткептіріп, оны диірменге тартып ұн жасайды. Балық
көже де бір талшық екен.

— Шіркін-ай, сондағы Қожамбердінің балығы-ай. Ірі еді ғой. Пендешілік-ай, құдды тоқты сойғандай қып, кермеге іліп тастаушы ек. Сап-сары боп, сүр еттей қақталушы еді, — дейді әжесі тамсанып.

— Байеке-ау, жаны тірі ағайын өзіңе риза ғой. Осы күні жастар оны білсе ғой.

— Иә, — деді күрсінген Байсақал қарт. Оларға ақыл айтушы азайды ма, кім білсін. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман жоқ. Адам кейде мына өзің сияқтылар қонаққа шақырып, қала берді жүздесіп қалсаң, өткенді еске алып бір жасап қалмаймыз ба?

— Иә, дұрыс, Байеке. Сіз тұрмақ біз де бірталай іс тындырғанымызды елге айтып, дардай боп жүреміз, — деп әкесі Байсақалды қуаттап, — Біз соғысты көрдік қой.

— Сендер де өмірдің ащы-тұщысының дәмін татып қалдыңдар, — деді Байсақал қарт.

— Бәрін айт та, бірін айт. Мен бір нәрсеге таң қаламын. Кездескен адамның сәлемі саған сыйлаған сыйы сияқты екен. Қартайғаныңда бір нәрсе тындырғаныңды сезінесің. Үлкендіктің белгісі сияқты. Оның үстіне қазекең сәлемнің құлы емес пе.

Саматтың бетінен оты шықты. Байсақал ата мұны мезгеп отырған сияқты. Қозғалақтай берді. Әкесі де көз астымен қарап қойды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар