Адақ батырдың өмірінде жұрт таңырқарлық ерекше үш әдет болыпты. Бірінші әдеті — өзіне тән атын кім мінсе де қоймайды. Қиналғанына ренжімейді. Екінші әдеті — сыйлы қонақта, тойда, аста алдына қандай тағам қойылса да талғамай, жей береді. Үшінші әдеті — жауға қарсы жорықтарда, басқа да шабуылдарда күші басым құрулы топтан қаймықпайды.
Ел адамдары батырдың бұл әдеттерін әлденеше рет сынап байқады, бос сөз емес, шын екендігін іс жүзінде анықтады. Ақырында сондай іске әдеттенуіне не себеп болғанын батырдың өзінен сұрады. Бұл сұраққа ол тұжырымды жауап қайырды.
— Бірде жалғыз өзім жазық далада келе жаттым, — деп бастады ол сөзін, — күн кешейді. Атымнан түстім де, екінді оқыдым. Намазымның екі басын оқығанда, атым жүріп кетті. Ол үшін намазымды бұзғаным жоқ, қалған екі басын оқып, артыма қарасам, атым көрінбейді. Мүлде ұзап кетіпті. Күн батып, қас қарайды. Киімшең, жаяу жүгіріп қажыдым. Маңайда тірі жан жоқ. Жапан далада жатып, тынығуға тура келді. Таңертең тағы іздедім, таба алмадым. Құлын күнінен өзім күтіп өсірген, қандай жағдайда болса да өзіме серік бола алады деп сенген атым төрт бас намазымды аяқтауыма қарамай, айдалаға қаңғытып тастап кетті. Сол опасыздыққа налыған кезімде: «атымды ешкімнен қорымаспын, кім мініп қинаса да ләм демеспін» деп серт еткенмін. Бір күн, бір түн ел таппай, жаяу сенделіп жүргенде мейлінше ашықтым да шөлдедім. Сол ауыртпалық жағдай үстінде: «бұдан былай қандай тағам кездессе де, талғамай жей беремін» деп өзіме өзім ант еткендей болғамын. Қай жерде, қандай жиында болса да алдыма қойылған асты талғамай жей беруіме — себеп осы.
— Самсаған қарулы топтан қаймықпауыма да себеп болды, — деп батыр сөзін одан әрі жалғастырды. — Бір топ адам аң аулауға шықтық. Бәріміз де атқан оғымыз жерге түспейтін, шапқан қылыш, найзамыз мүлт кетпейтін мергендерміз. Кенет алдымыздан бір қоян тұра қашты.
оған оқ жұмсауды лайық көрмедік. Қоянды айнала қоршап алып, найзагерлік, қылышкерлік қабілетімізді байқалық дестік. Қоян қамауда қалды. Көзі бақырайып, әрқайсымызға жаутаң-жаутаң қарайды. Әр жақтан берілген түрткі дыбыстардан қорыққан қоян қамаудан шығып кетуге әрекет етті. Кенет маған қарай жүгіріп келді де, жанымнан секіріп кетті. Сілтегенім қате кетпейтін қылышым да, найзам да тимеді, қоян зымырап кете барды. Жолдастарым бұл мүлт кетуімді табалаған жоқ, бірақ ол өзіме ауыр соқты. Дегенмен одан мәңгі есте қаларлық қорытынды жасадым. «Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі» деген нақыл осындай тәжірибеден туған ғой. «Қандай ауыртпалық, қандай қатерлі жағдай кездессе де, одан қаймығып шегінбеспін» деп жолдастарым алдында серт еттім.
Бұл сөздер, батырдың ерлігі, төзімділігі жұртқа ұнады.
Роза
Пайдам жарады