Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты.
Сол Абылай хан Алатаудағы қырғызға, қалмаққа аттанып жорыққа бара жатқан жолында өрдегі қаз дауысты Қазыбек бидің елінде бір үлкен асқа кез болып, сол аста барып тұрғанда, Шаншар деген елде желбас бозбалалары аңыз қылыпты:
— Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсірер ме еді, не қалар қылар еді? — деп.
Сонда қаз дауысты Қазыбектің інісі — «мөр таңдайлы Балапан» деген арт жағынан барып, андаусызда ханның басындағы бөркін шыбықпен қағып түсірді. [Хан] дәнеме демеді, жердегі бөрікті басына кимеді, қалған бойымен жерде қала берді.
Замандардан заман өткенде қаракесек, төртуылдың қалашысы Қызылжар, Көкшетауға базар шығып барғанда, сол басынан бөркін қағып түсіргенін ұмытпай жүр екен, соны сөз қылып қозғап, төртуылдан Ботақанды, қаракесектен Жанай дегенді байлап алып қалыпты дейді.
Қазымбеттің баласы — Қанай, Жанай,
Ортаншысы — Атымбай, кенжесі — Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ қара қалған,
Қол тигесін сұраймын, әлде қалай? —
дейтұғын өлеңге қосылған Жанай соқыр — Бибаланың әкесі, қаз дауысты Қазыбектің немересі.
Ботақан байланғанына ызаланып, долданып, ызаланып, ас-су ішпей, тұтқында жатып өліпті де, Жанай байлауда жатып, отын оттап, суын ішіп жата беріпті.
Базаршы келген соң, төртуыл, қаракесек намыс қылып, көтеріле атқа мінді дейді. Қаз дауысты Қазыбектін баласы Бекболаттың алпыс бестегі күні екен, Едігенің жиырма бестегі күні екен....
Сол күнде Бекболаттың қыстауы Жамандалбада батырдың Бейсені қыстап отырған «Қаратомар» деген жер дейді. Едіге бидің қыстауы «Қарағайлы бұлақ» деген жерде, үлкен тоғайдың түбінде екен. Бекболат пен Едіге атқа мініп, бес Мейрамның баласына ат шаптырды, қол жиды дейді: «Абылайды шабамыз» деп.
Күлік Шобалай Жаңабатыр биге кісі жіберді дейді: «Дуагөй болсын» деп.
Жаңабатыр бидің қартайған кезі екен, өзі жүрмеді дейді, баласы Жанақты жіберіпті дейді:
— Бекболат пен Едігеге сәлем де! Ханын жаулаған қалмақ оңбаған. «Ханын шайқаған қара оңбайды».... «Абылаймен ұрыс қылмасын, бітім қылып жарассын, — дейді, — арашашы бол!» деп қосты дейді.
Үш мың кісі жиылып, Мейрам болып атқа мінді дейді. Бұл хабарды естіп, керей, уақ дүрлігіп үркіп, ішке түсіп кетті дейді. Көп замандар өткеннен кейін Тұрлыбек атқа мінген соң, керейді көшіріп алып келіп, қалың Шұбарды қоныс қылып берді. Сонда да уақтың бәрі іште қалды дейді.
Бұл хабарды естіп, «Мейрам болып атқа мінді, сонан ауыр қол келеді, деп, істі қол келеді» деп сескеніп, Абылай Көкшетаудан қозғалып, Жолдыөзекке қарай кешті дейді.
— Мұның басшысы Бекболат шығар, дәуде болса: «Абылайдың басын алмасам, не қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің әруағы ұрсын!» — деп атқа мінген шығар. Қара қазанды жұртқа тастап, көшіңдер. Жұртта қалған қазанды қақ жарып, ашуын бассын, — дейді, — серті сынсын және мұның ішінде орта жүзге ұран болған Олжабай бар шығар, туын қандамай, оның ашуы басылмайтын.Сиыр атаулыны жұртқа тастап көшіңдер, соны сойып, туын қандасын. Сонан соңғы жай белгілі, сонан соң жарасып, бітімге көнер, — дейді.
Қара қазанды жолына қалдырып, сиыр біткенді қалдырып, атығай, қарауыл қопарыла көшті дейді.
Ауыр қол Көкшетаудағы қоймасын талап, сиырды сойып, туларын қандасып, мәре-сәре болып жатты дейді.
— Бұған елші жіберелік, — деп ақылдасып, орманшы Ақсары- Шотананың Шотанасын Абылай ханға елшілікке жіберді....
Шотана барып, Бекболат пен Едігенің алдына отырып сөйледі дейді:
— Ханға бардым. «Алдияр» деп, алдына тікемнен тік тұрып, сонан соң отырып:
— Жол болсын! — деді.
— Әлей болсын! — дедім, — сонан соңғы сөз мынау, — дейді, — Мейрам болып атқа мінді, үш мыңдай қол келді, Бекболат пен Едіге жіберді. ... «Байлауда өлген Ботақанның құнын берсін, Жанайды босатсын! Мың кісінің жолына бас-басына «жетім» бастатқан «тоғыз» және мың кісінің жолына бас-басына түйе бастатып «тоғыз» берсін. Қалған мың кісіге мың ат, мың шапан берсін! Бұған көнбесе, тұрысатұғын жерін айтсын!» — деп жіберді, — дедім.
Сонда Едіге мен Бекболат Шотананы арқаға қағысқан екен:
— Тауып айтқан сөзді аузыңнан айналайын, сені тапқан анаңнан айналайын, — дейді, — [олар] не дейді? — деді.
Сонда:
— Ертең Жолдыөзеннің бойынан табысайық, — деді.
Сонда Олжабай батыр:
— Мені «бұл қолда бар ма» деп сұрады ма? — депті.
— Сұрады, — деді.
— Ендеше бізбен ұрыса алмайды, — деді, — пәлен сарттың қорғанын талағанда, даруазасы қалайы мен оқам қорғасынмен бекітілген екен. Сонда туды Абылайға беріп, наркескенмен аттан түсе қалып, шапқылап едім, иленген нандай бөлек-бөлек қылып түсіріп, артыма қарасам, Абылай туды ұстай алмай, екі қолына кезек-кезек ұстап, селкілдеп, дірілдеп, тұра алмай тұр екен. Менің әруағымның күштілігімен бойын тоқтата алмай тұр екен. Енді ол сарт бізбен қарсыласуға жарамайды, — деді.
Сол күн батып, таң атты. Таң атқан соң шеру тартуға ойланды да, қойды. Жан-жаққа қараса, екі кісі келе жатыр Абылай жақтан.
— Бұл кім? — деп тұрса, бірі — Абылай ханның өзі, бірі — Балтакерей Тұрсынбай батыр. Екеуі келе жатқанын көрген соң, көпті шулатпай, Бекболат пен Едіге атқа мініп:
— Сіздер тоқтаңыз, — деп жөнеліп, ханның алдынан шықты дейді. Сонда Қозған Құлыке — «Бекше мерген» деген ауызға алынған атақты мерген болған кісі екен дейді, атқан оғы құралайдан өтеді екен:
— Сол сартты атып тастасам қайтеді?! — деп мылтығының сирағын тігіп, атайын деп тұрғанда, Жаңабатыр бидің баласы Жанақ батыр келіп:
— Атпа! — деп мылтығын ұстай алды.
Хан анадан мұның бәрін көріп, белгіледі дейді. Ол жақтан Абылай мен Балтакерей Тұрсынбай батыр, бұл жақтан Бекболат пен Едіге атқа мінді де, сәлемдесіп, Абылай хан сөз бастады:
— Көтерген де өзің, к.. ке қол салған да өзің! — деп тұрғанда, озып келіп, Күлік Көтеш ақынның бала күні екен, билерді сөйлетпей, көлденеңдеп барып өлеңді қоя берді дейді, оның баяны:
— Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ерді жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне Ақ ордаңның қол келтірдің!
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң.
Жанайды бүгінгі күн босатпасаң,
Болады жетім-жесір қатын-балаң! —
деген соң, хан сөзге келмей, жарасып, бұлардың айтқанындай қылды дейді.
— Мылтықты бізге қарай сирағын тіккен кім еді? — деп сұрады.
— Бекше мерген, — деген соң:
— О, талай жерде жолдас болып [жү]ріп ек, адамзат бірін-бірі өлімге қия береді екен-ау! Мылтығын тіккенде, біреу аузын келіп ұстай алды, ол кім? — деді.
— Жаңабатырдың баласы Жанақ, — деді.
Сондағы Абылай сөзі:
— Мынау мылтығыңның аузы қырсықпасын, — деді, — деп бір түйе бастатқан «тоғыз» байлады, — дейді, — жүгіріп келіп ұстаған Жанақ деген соның бас арашашыға қосқаны ғой. Оның атасы — Жаңабатыр. Қазақ ішінде он кісінің босағасына түйе бастатып «тоғыз» байлаушы Бейсен би еді. Қазақ ішінде сый берсе, сол кісі айтқанымен болушы еді «ат шаптыр» десе, шаптырушы еді. «Шаптырма» десе, шаптырмаушы еді. Және «тарқа» десе, тарқаушы еді. Анық Құдай жаратқан шын би еді. Және ол заманда қаралы үй болады. «Күйіндіге көш келсе, келерміз» деп, келгенге шейін босағаға найза шаншып, қарадан жалау байлап қояды. Жыл өткен соң, сол кісіге құлақ естіген жерден жалауын алып, найзасын сындырушы еді. Босағасына ат байлап, шапан «жол» қылушы еді. Өз заманында ол кісіден өткен жан жоқ еді. Сөйтіп ол көштің жолына бір ат, шапан болсын, — деді.
Сөйтіп, қарашасымен жарасып, үйіне қайтқан екен. «Абылай аспаған сары бел» деп атанған жері осы екен» дейді. «Кешегі өтіп кеткен хан Абылай, соғыпты құбыладан ескен желдей. «Сонау бір сары белден аспадым» деп, кетіпті арман қылып біздің елді-ей».
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі