Өлең, жыр, ақындар

Шайтан шал

У-у-у-у-у-у!..

Қызылды-жасылды дүние-әлем әткеншегінде елжірей елітіп, тербеле түс көріп рахаттанып жатыр екен. Жастықтан басын жұлып алды. Шалы ғой, бейшара!.. Күндегі гөй-гөйі…

Төр үйдегі төсекке ылажсыз таңыл­ған отағасын тірі өлік дерсіз, жағына пышақ жанығандай. Көз­дері шыңырау құдық түбіндегі сарқынды тамшыдай жансыз қос ноқат. Бұрынғы алпамсадай дене арса-арса. Сөйлеуден тыйылғалы ишара-ыммен жеткізеді ойын. Бас­тапқы күндерде ышқына айқайлай­тын. Соңғы күндері тосын өнер бас­тады, уілдейді өстіп.

У-у-у-у-у-у!..

Үдеп барады уіл. Жөпшеңкіге қор­қа қоймайтын шүйкедей шұбар кемпірдің бас терісі қусырылып, ашу-ызасын тежей алсашы:

Өз басыңа көрінсін!.. Өз басыңа көрінгір-ай!..

Дірілдеп-қалшылдаған ұлы де­н­е­сін зорға игеріп, ширығып алған. Кебісі тырп-тырп ете жапсарлас бөл­медегі табалдырықты аттаған. Ащы ішектей созыңқы уіл миын шан­шып өтті тағы.

Қолдағы кенже ұл мен келіні мей­маншылап кеткен. Олар бол­ған­­да бүйтіп үрке ме тәйірі. Жалғыз жан­ға әзәзіл әуес білем, қараңғы бөл­­меде қараң-құраң біреулер жүр­ген­дей ме, немене?!

Астафиралла!

Кемпірдің тарамыс қолдары бо­сағаны қармады.

Қуарған!.. Қайтейін!..

Дауысы қырылдап әрең естіле­ді. Кейуана қу сүйек шалына жаны ашыды ма, күбірлей сөйлеп отыра кетті шөкелей:

— Аса қамқор Раббым! Кешір күнәһар пендеңді!

***

Тесілген бе түбі аспанның; қара жаңбыр құйып тұр. Алға әрең жыл­жы­ған ескі «Волганың» моторы қырылдап-сырылдап өшіп тынды. Шофер қасындағы жалпақ бет, домаланған ақсары адамның даусы қоса-қабат шықты.

— Айналайын, абайла!

— Қасақана дейсіз бе?! Атаңа нә­лет нөсер-ай! Қайыршыға жел қар­сы!

Өз екпінімен недәуір жерге бар­­ған мәшине жылдамдығы бір­те-бірте саябырлап, жол жиегіне тоқтады. Дәтке қуаты — қар жұқа.

Бауырым, ашуландың не, ашу­лан­­бадың не?! Болары болды, бояуы сіңді. Кері қайтатын Ақмола алыс.

Ақылды адам қалаға тасушы еді соғымын. Сіз болсаңыз, кері­сін­ше…

Алдыңғы бір дөңгелек жарылыпты. Біраз уақыт әуреленіп, өз­гесін ауыстырып салды.

Жаңбыр толастар емес. Үсті-ба­с­ы суға малшынған шофер ка­бинаға сөйлей кірді:

Апырым-ай, заманына қарай ауа-райы да құбыла ма?! Қақаған қаңтарда қара жаңбыр жауады деп кім ойлаған?! Тұзым жеңіл осы ме­нің. Нем бар еді елп етіп. Осы бей­нет, алды-артыма қаратпай алып шық­қан.

Жақыпжан жақ ашқан жоқ. Не десін?! Өкінгенмен не пайда?!

Әсілі, оқу мен ғылымның соңы­­­на түсіп, ала қағазды кемірген жан­ның тіршілікке бейім болмайтыны рас. Жақыпжан да шалғай­дағы қа­зақ ауылынан он жылдықты тә­мам­­даған соң Алматыға келіп уни­­верситетке түскен. Сабақтан қо­лы босай қалса, орталық кітап­ха­­наға тартып, ақ қағазға шұқш­иып, қалың-қалың томдарды ақ­тарып-төңкеріп, жа­­­зып-конспектілеп қа­раңғы түс­кенше отыратын. Сол әде­тінен бес жыл бойына жаңылған жоқ. Төккен тер, еткен еңбек елен­ді. Жоғарғы оқу орнын қызыл дип­ломға бітірді. Студент шағының өзін­­де-ақ рес­публикалық газет-жур­налдарда жаз­ған мақалалары дүркін-дүркін жарияланып жатты. Одан соң аспирантураға түсті. Соң­­ғы курста тұңғыш жинағы шық­­ты. Кан­дидаттық атаққа қолы жет­ті. Қаз-МУ-дің қазақ әдебиеті ка­федрасында ширек ғасыр жұмыс іс­теді. Ана жылы Ақмола астана бол­ғанда ұлттық университет рек­торының шақыруымен қызметін ауыстыр­ған. Елуден асқан адамның қоныс аударғаны оңай емес, үйрен­шікті орныңнан қозғалып нең бар деп жанашырлық білдірген әріп­тес­­теріне жауап айтып, сөз қай­тар­ған жоқ. Бұл шешіміне әйелі де, ба­ла­лары да қарсы келмеген. Ойлап отырса, кіндік қаны тамған туған жері Ақмолаға тиіп тұр. Әке-ше­­шесі ертеректе қайтыс болға­ны­мен, іні-қарындастары елде болатын.

***

Жақыпжан жаңа жұмыс орнымен танысқан соң жатақханаға ор­­наласты. Жеті айға жетпей төрт бөл­­мелі пәтер алып, жаз шыға үй ішін көшіріп әкелді.

Қазан айының ортасына таман сыныптас досы Қайырбекке еріп, Көкшетау жақтағы орман шаруа­шы­­лығы бастығының үйінде қо­нақ­та болған. Кейінгі жобамен са­­лынған қос қабатты коттедж жұ­ты­нып тұр. Үрлеген шардай дома­лан­ған, жылтыр бет, қысық көз отағасы аста-төк дастархан жайып, меймандарын мейлінше риза қыл­ды. Үш елі қазыны кертіп жеп, аузынан ақмай ағызып отыр. Қызды-қызды әңгіменің бір тұсында Жа­қыпжан үй иесіне:

— Бәке, соғымыңыз семіз екен, — деді таңданысын жасыра алмай.

— Ақ адал малым. Күздің ба­сын­­да біреуін, жаңа жылдың қар­саңын­да екіншісін сойып аламыз, — деді тоқ пейілмен.

— Астанаға жаңа келіп жатырмыз, бізге де қарассаңыз.

— Соғымға ма?

— Иә.

— Нарқы қымбат! Қалтаңыз көтере ме?!

Үй иесінің қысық көздері жұ­мы­лып, кеңк-кеңк күлді. Жақып­жан намыстанып қалды.

— Сонда, бағасы қанша т­ұ­ра­ды?

— Семізі 300 мың, орташасы 250 маңайында.

— Бізге орташасы да жарайды.

Келістік.

Жақыпжан үйіне көңілді оралды. Екі сөзінің бірі — Бәкең.

Байлықты ұстауға да бас керек. Кісі танысам, Бәкең уәдеге берік жан. Қысқы соғым жеткізіп беретін бол­ды. Қамсыз отырмайық, бәй­бі­ше.
Астанаға қар бекіп, желтоқсан айы­ның ызғарлы күндері жетті. Көр­ші-қолаңның біразы жылқы сойып, қазы-шұжықтарын айналдырып, жора-жолдас, туған-туыс бірін-бірі шақырысып, қонақжай қазақ өміріндегі соғым басының қызығы басталған. Қазіргідей қал­та телефон жоқ, үйге де телефон ор­­натылмаған еді. Кафедрадағы әріп­тестеріне ел жақтан хабар тосып жүргендігін қайыра-қайыра тәп­тіштеп, тапсырып қойған.
Бейсенбінің бесіні ауа лекциясын өткізіп келіп, кабинетте қағаз қарап отырған. Шар-р еткен сары телефон құлағын көтерген хатшы қыз:

— Жақыпжан аға, сізді сұрайды, — деді.

— Әл-өу!.. Әл-өу!.. — Аржақтағы дауыс ақырын естіледі.

— Тыңдап тұрмын, айта бері­ңіз.

— Ғалым Жақыпжан Жақанұлы ма?

— Дәл өзі.

— Шалқар ауылынан хабарласып тұрмын.

— Құлағым сізде.

— Білетін шығарсыз… Соғым апа­рамыз…

— Қашан?

Бүгін.

Меймандар түнделете жетті. Әкел­гендері үлкен мал болуы керек. Төртбақ денелі, қара шалдың қа­­сындағы екі жігіт қолы-қолдай, си­рағы-сирақтай бұзылып, мү­ше­ленген еттерді әп-сәтте балконға әке­ліп үйіп тастады. Ақкөңіл Жа­қып­жан балаша қуанып еді, томар­дай-томардай еттің түрін көріп көңі­лі нілдей бұзылды. «Мыналары несі?! Ауру малдың еті болып жүр­месін…»

Күдігін бірден ақтара салмай, істің соңын бақты. Әйелі де үнсіз, шап­шаңдата дастархан жайып, шәй құйды.

Ныспым Шауқаман деп таныс­тыр­­ған қара шал Көкшетаудағы ор­ман шаруашылығы бастығының ту­ған жездесі екен. Жасым жетпіс жетіде дегенде таң қалды. Әжімсіз беті жып-жылтыр. Жылпос, қу екен­дігі сөзінен байқалады.

— Інішек, — деді көздері ойнақ­шып. — Сеніңкіремей отырған секілдісің. Өмірімде бөтен адам­ның ала жібін аттаған жан емеспін. Мұқым Шалқар елі біледі. Өзіңіз жайлы күйеу балам — Бәкең атақты ғалым, сыйлы кісі деп құлағыма құйған. Мақтаған сізді.

— Айыпқа бұйырмаңыз, бір сұра­ғым бар.

— О, не дегенің айналайын, сұра?

— Ет неге қара?

— Ой-бу, інішек-ай! Жылқының еті қандай болушы еді?!

— Қайдам-м!

Қолда тұрып семіртілген жыл­қының еті осындай болады. Сізді ал­дап, не көрінді маған?! Тура екі елі­дей қазысы бар! Қам жемеңіз!
Жақыпжан ертеңінде санын соқ­ты. Асқан еттері төрт сағатта зор­ға пісті. Соның өзінде сіңірше со­зылып, тіс батпайды.

— Енді не істейміз? — деді әйелі әбіржіп.

— Қайдан білейін?!

— Ашық ауыз, аңқаусың! Лақса малдың еті екенін мен ә дегеннен білгенмін.

— Айтпадың ба, сонда?!

— «Сөздің иесіне емес, жүйесіне жығыл» деуші еді. Сөзге қонақ бер­ді ме ана кісі.

Жә, болары болды! Бұйырғаны осы!

— Ана шалдың күйеу баласына хабарлас, айт жағдайды. Етті қай­тарып беремін де.

— Қалай айтам?! Ұят емес пе?!

Бетіңнен мөрің төгіліп тұрады екен?! Кімнен ұяласың?! Бұл алаяқ­тың ісі! Сөйтіп алдай ма адам­ды?! Ба­­ла емес, шаға емес, үп-үлкен кісі.
Бәкеңмен телефон арқылы тіл­дескен Жақыпжан машина жалдап, ауа райының құбылғанына қарамастан жолға шығып кетті.

***

«Волганың» моторы тағы сөн­ді.

— Бензин бітті, — деді шофер ашу­ланып.

— Әттеген-ай! — Жақыпжан сөз қай­тара алмай дағдарды. — Ана кө­рінген елді-мекен емес пе?!

— Болса қайтейін. Көрінген ауыл­дан, көрінбеген бұлт жақын.

— Көңілге медет.

Өи-й, медетіңізді…

Машина руліндегі шегір көз жі­­гіт­тің аузынан балағат сөз шы­ғып кетті. Ғалым ағасын түтіп жей­­­­тіндей қабағы түйілді.

Өзін кінәлі санаған Жақыпжан қар­сы уәж айта алмай тосылды. Бір­­деңе деп жауап қайтару қажет­тей:

— Апырым-ай, жаңбыр жауды ма, қар араласты ма, жарықтық күн де бұзылып, — деді мұрны астынан естілер-естілмес міңгірлеп.

— Ерсілі-қарсылы тыным тап­пай­тын көліктер де тым-тырыс! — Машина жүргізуші қалтасынан те­мекі қорабын шығарды. — Осылай боларын біліп едім.

— Жол кесу жөн емес! Алланың ісі.

— Ақиқатын айтыңызшы, аға?! Ға­лымдар мен ақын-жазушылар­дың ләуқи-қияли болатыны не­лік­тен осы?!

— Бауырым, қайтесің қажап. Онсыз да жаным кейіп отыр.

— Мойындағаныңызға, мың да бір алғыс.

— Кемедегінің жаны бір деген.

— Бұл жерде философия жүр­мейді!

— Айналайын інішек! «Сабыр­дың сарайы алтынға толы» деуші еді қазақ атам. Сабыр сақтайық. Қайтеміз қаржасып?! Алға жылжу­дың амалын ойластырайық одан да?!

Оның амалы — біреу! Аса құр­метті ғалым ағатай, сіз қолыңыз­ға шелек аласыз да, ан-оу көрінген ауылға тап-қазір жаяу барып, бензин әкелесіз! Басқа амал жоқ!

***

Жол-жөнекей Көкшетауда бірер сағат ұйықтап, ауылға ертеңінде түске тақау жетті. Қаладан тоқсан шақырым Шалқар еліндегі Шау­қаман шалдың үйін сұрастыра жүріп жылдам тапты. Қоршау шар­бағы биік кең аула ішінде, сыртқы қақпа мен үй арасындағы сымтемір бойымен шынжырланған тайыншадай екі ит арлы-берлі зыр жүгі­ріп жүр. Бөтен адамды маңайлатар емес. Көк шатырлы үлкен үйдің оң жағы іркес-тіркес жалғаса салын­ған сарай мен мал қоралары.

Үй іші жылы шыраймен қарсы алды. Қожайын Қостанай жаққа жол жүріп кетіпті. Жетпістен асқан иман жүзді шұбар кемпір келініне шәй қойғызып, төр алдына жаңа­дан төр көрпе төсеттірді. Жол азабын шегіп келген меймандар ысы­тылған еттен асап жеп, ыстықтай шәй ішіп жан шақырысты. Құда түсуге келгендей екі жақ та үнсіз. Жақ ашпайды. Үйеме табақ қуыр­даққа қатынаған қасықтар мен сораптай ішілген шәйдің дыбысынан өзге ештеме естілмейді. Шұбар кемпір тоң-торыс. Шалы­ның ке­зекті қулығын естіп айран-асыр. Қалай ақталады?! Уәжі қайсы?! Туған інісі түнде телефон шалып, жездесінің «соғым саудасын» жет­кізген. Ұят-ай! Көресінді осы шалдан көріп-ақ келеді. Шалқар елі Шауқаманды шайтан шал ата­ғалы қа-шан?! Қоймады арамдығын. Біреуді алдамаса, қулығын асырмаса ас батпайтындай ел-жұртқа шүйдемен қарамаса, көрсетер бет жоқ. Жастау кездегі өтірікті шындай сапырған сумақайлығы өтті делік. Ата сақалы аузына түскендегі мына қылығына не жорық?! Ауыл­дағы өзі құралпас шалдардың көп­шілігі тәубаға алдақашан келіп, кейбіреуі сәждеге жығылып, тып-тыныш өмір сүріп жатыр.

Шәй ішіңіздер! — деп қояды шұбар кемпір қант-кәмпит, құрт-ірімшік, бауырсақтарды мей­ман­дардың алдына қарай ысы­рың­қырап.

Шәйдан соң мәшинедегі жыл­қы етін түсіріп алды үйдегілер. Жа­­­қыпжан аттанарда:

Шауқаман кәрияның баласы қайсың? — деді бойлары сорайған екі-үш жігітке жағалай қарап.

Қараторы өңді сүйкімді жас жі­гіт:

— Мен, — деді именіңкіреп.

— Кенжесі боларсың?

— Иә.

Балам-ай, сенің келешегіңді ойласа етті әкең?!

Әдемі жүзі қызарып, қатты ұял­ған жас жігіт жердің жарығы болса түсіп кетерлік халде болатын. Басын әнтек көтергенде ашық аспандай тұнық қара көздерінен қос тамшы домалап түсті.

***

Жазға қарай Жақыпжанға Шал­­қар елінен суық хабар жетті. Шау­­­қаман шал қатты науқас­тан­ғаннан, тіл-жақтан айрылып, жатып қалыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз