Өлең, жыр, ақындар

Ақтабан

Кішкентай ғана қап-қара күшік болатын. Інім екеуіміз көршіміздің корасына түсіп, ұрлап әкелгенбіз. Әр аяғына біреу аялап аппақ етік кигізгендей екен. Атын Ақтабан қойдық. Ол біздің үйде қалды. Ерке. Аяғыңа оратылып, соңыңнан қалмайды. Кішкентай ит жүрегіне қуаныш толып, қашан көрсең де арсалаңдап жүргені. Содан кейін мен мектеп бітіріп, ауылдан кеттім. Ол туралы мүлде ұмытқанмын. Жазғы демалысқа келгенімде мамам “Ақтабан қауып алмасын. Төмен етектіні көрсе жыны бар. Аулақ жүр” деген. Аулада байланып жатыр екен. Дәу қап-қара төбет болыпты. Сұсты-ақ. Ақырын жақындап “Ақтабан” дедім. Құйрығы қозғалып барып басылды. Мен еркінсіп жақындай түстім. Арт жағымнан жеткен шешем “Ойбай, жолама. Бір жеріңді жұлып алады. Жынды ғой бұл” деп шыр-пыры шықты. Ауыл арасында әйелдерді қауып әбден зәрезап қылғаны көрініп тұр. Ақтабан тарапынан ешбір жақтырмаушылық байқамағаннан кейін мамамды зар қақтырып қойып, қасына жақындап басынан сипадым. Ол қапқан жоқ! Тіпті шалқасынан түсіп, көзін жұмып сипай түс дегендей болады. Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Көзі енді ашылған күшік кезінде есінде қалдым ба екен әлде? “Біздің үйдің адамы екеніңді иісіңнен таныған ғой” дейді інім масаттанып. “Жақсы ит — құт”. Ол біздің үйдің бір мүшесіне айналды. Тек мысық тұрақтатпайды. Бас салып, мылжалап өлтіріп тастайды. Не жыны бар екенін кім білсін. Біз мысықты жақсы көреміз. Он екі жыл ішінде талайы өтті ғой. Кейбір ақылдысы, амалын тауып, аман қалады. Түйсігі бос, ақымақтауларының ажалы — Ақтабан. Бірде ауылға барғанымда, үйдегі Ақ мысықтың Ақтабанды әбден мазақ қылғанына куә болдым. Қақпаның кішкентай тесігінен көшеге өтіп кетіп, керіліп тұр. Маңғаз. Ұйқылы-ояу кейіпте. Бер жағында ызадан жарылып кетердей болып Ақтабан жүр аласұрып. Тесіктен өте алмай қор болып жүр. Жөнімен кетер мысық жоқ. Ұзақ тұрды. Мүмкін барлық ағайындарының кегін осылай алған шығар... Мамам “Осы ит емес, адам” деп жиі айтатын. Ақтабан бәрін түсінетін. Үйде қайғы болса, оның да ұнжырғасы түсіп, тамаққа тәбеті шаппай қалады. Қаладан келерде әрқайсымыздың Ақтабанға арнайы базарлығымыз бар. Көздері. Көздері баз бір адамның көзінен мағыналырақ, тереңірек еді. Сөйлеп тұратын. Сол Ақтабан өліп қалды. Он екі жыл жүріп, үйді қорып, барлығымызды жақсы көріп. Байқұс Ақтабан...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз