Өлең, жыр, ақындар

Исаак Левитан

Суретші Саврасовтың тарамыс қолы діріл қағады. Ол бір стақан шайдың өзін кір-кір кенеп дастарқанға төгіп-шашып әзер ішеді. Суретшінің қобыраған қаба сақалынан нан мен арақ иісі шығады.

Самауырдың ащы түтініндей, ақшулап наурыз тұманы Мәскеуді бүркеп тастаған. Ымырт үйіріліп барады. Су ағатын қаңылтыр кернейлердің мұзы еріп түсіп жатыр. Ол жағажолға гүрс-гүрс құлап, быт-шыт жарылады да, шоқат-шоқат болып, үйіліп қалады. Өткен-кеткендердің лас табанымен мұз үйінділері әп-сәтте еріп, лай суға айналады.

Ұлы постың құрметіне қағылған қоңыраулар үні ескі Мәскеудің тығырықтары мен отын қоймаларының үстімде — өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы Мәскеу үстінде күңіреніп күй шертеді.

Саврасов сарғайып кеткен көне рюмкадан арақты тартып отыр. Оның шәкірті Левитан —  үстіне жамау-жамау шатыраш пиджак, бұтына шолақ шалбар киген арық бала, үстел басында Саврасовты ұйып тыңдайды.

— Ресейдің жыршысы жоқ әлі, — дейді Саврасов. — Мен қаршадайымнан тілемсек әжеммен бірге жүруді ар көруші едім, сол сияқты. біз де Отанымызды сүюге арланамыз... Қызыл көзі жыпылықтап жүретін бір момын кемпір еді байғұс, қайтыс боларда маған Сергий Радопежекийдің иконың берді. Үзілердегі соңғы сөзі: "Міне, қарғам, осындай сурет салуды үйрен аспан-жердің көркінен көңілі қобалжып, ет-бауыры елжіресіп жұрттың". Иконда өсімдіктер мен гүлдер бейнеленген екен — кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген, ескі сүрлеу жиегіндегі өсетін гүлдер мен көктерек тоғайы көмкерген қол де баяғы. Сөйтсем, әжем әр нәрсенің парқын білетін қу кемпір болып шықты! Ол кезде мен акварель жазып, Труба базарына апарып, сондағы ұсақ-түйек алып-сатарларға өткізіп жүретінмін. Со замандары не жазып, не қойғанымды қазір айтуға да аузым бармайды. Сән-салтанатты күмбезді сарайлар мен алқызыл құтандар жүзген хауыздар суретін салатын ем. Масқара ұят! Сонау қылшылдаған жігіт күнімнен қарттық қалжыратар шаққа дейін, жаным қалаған нәрсені жаза алмай еткен, қырсық шалған бір бейбақпын ғой мен.

Бала ұялғаннан үн қатпады. Саврасов жер май шамын жақты. Қайыс әбзел жасайтын көршінің бөлмесінен әнші құс сайрай жөнелді.

Саврасов бос рюмканы селқос жылжыта салды.

— Петергоф пен Ораниенбаумның көріністерін көп салғаным сонша, санаған кісі болса, ұштығына шыға алмас еді. Біз сияқты жарлы-жақыбайлар мұндай сән-салтанатты көргенде есіміз қалмайды. Осынау сарайларды, гүлстан жайларды салған шеберлердің құдіретіне тәнті болып, бас иеміз баяғы. Міне, осыдан кейін дымқыл даламыз бен мыжырайған үйлерімізді, иірім-иірім тоғайларымыз бен аласа аспанымызды біз сорлылар көзге ілгенбіз бе, көңілімізге түйгенбіз бе? Әрине, жоқ! Біз қайда, біреу қайда!

Саврасов қолым бір сілтеп, рюмкаға арақ құйды. Ол рюмканы тарамыс саусақтарымен айналдырып, көп отырды. Көшеден салдырап ауыр шана өткенде рюмкадағы арақ шайқалып, діріл қақты. Саврасов оны қолма-қол қағып салды.

— Францияда Коро деген бір асқан шебер сурет салып жүрген жоқ па, — деді Саврасов шашалып. — Ол бозғылт тұман мен сұрғылт аспаннан, әлі судың өзінен таңғажайып сұлу сыр тауып жүр емес не! Сыр болғанда қандай десеңізші! Ал, біз ше... Соқырмыз ба сонша, жақсы мен жарықты көрмейтін. Біз — жапалақпыз, түн аңдитын жапалақпыз, — деді ол кіжіне орнынан тұрып. — Көрмес — түйені көрместің тап өзіміз, ұят, масқара деген осы да.

Левитан енді кететін кез болғанын сезді. Шала мас Саврасов әңгіме қызығына түсіп, шәкіртіне шай беруді де ұмытып кетті.

Левитан сыртқа шықты. Арбаларын қапталдап, қар аралас шалшықты шылпылдата кешіп, арбакештер кетіп барады. Жапалақтап жауған қар бульвардағы сидиған жалаңаш ағаш бұтақтарына қонып жатыр. Трактирлерден тап бір монша сияқты бу бұрқырайды.

Левитан қалтасынан отыз тиын бақыр тапты, бұл — сурет пен мүсіндеу училищесінде бірге оқитын серіктерінің сыйы, олар анда-санда кедей құрбысына тиын-тебендеп ақша жинап беретін. Левитан трактирге кірді. Машина қоңыраулары сыңғырлап, "Калуганың қара жолымен" деген өңді шырқай жөнелді. Мыжырайған даяшы текше қасынан жүгіріп өтіп бара жатып, ыржың етті де:

— Мына жебірсіз немеге шұжық пен қара нан берші, — деді қожайынға дауыстап.

Левитан үнемі аш-жалаңаш жүретін тіленші бала еді, Ковен губерниясындағы Кибарты деген жердің раввинінің немересі болатын; сол тұлдырсыз жетім енді Мәскеу трактиріндегі үстел басында, Короның суреттерің көз алдына елестетіп отыр. Алба-жұлба, кір-қожалақ адамдар дуылдасып, шуласып жатыр. Қайдағы бір зарлы өлеңдерді айтып сарнайды, ащы темекіні бұрқырата, мүжілген ескі шыны-аяқтардан ыстық суды пысылдай тартады. Терезенің қап-қара әйнегіне жапалақтай жауған дымқыл қар шылп-шылп жабысып жатыр, манаураған қоңырау үні келеді сырттан.

Левитан ұзақ отырды — асыққанда қайда барады. Ол Мясницқаядағы училищенің сақылдаған суық сыныптарына, "жын соққан" деп аталатын күзетшіден жасырынып барып түнеп жүретін. Жап дегенде жалғыз бауыры, кім көрінгеннің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген апасы, інісін зәуде бір тойындырып, ескі пиджагын жамап-жасқап беретін. Шалғай жерден Мәскеуге шеге келді, келмей жатып, Левитанмен апасы екеуін көшеге қаңғыртып тастап, әке-шешесінің неліктен қайтыс болғанын пақыр бала түсіне де бермейді. Мәскеуде күн көру деген қиын-ақ, әсіресе жалғыздықтың жапасын шеккен өзі сияқты еврейге қиын.

— Жебірей немеге тағы да нам бер, — дейді ойыншық маймыл сияқты аяқ-қолы ербеңдеген даяшы. — жәһиттің құдайы бұл байғұсты ішер асқа жарытпайды білем.

Левитан ұнжырғасы түсіп, мөлиіп отыр. Оның егіліп жылағысы келеді. рақаттанып ұйықтағысы келеді. Ыстықтан аяғы ісініп, сырқырап отыр. Ал. меңіреу түн болса. терезе әйнегіне наурыздың дымқыл қарын былш-былш соғып жатыр.

1879 жылы полиция Мәскеуден Левитанды жұрт саяжай салатын Салтыковка деген жерге көшірді. "Орыстың ежелгі астанасында" еврейлер тұруға рұқсат етпейтін патша жарлығы шыққан. Левитан ол кезде он сегіз жаста еді.

Салтыковкада тұрған сол жазды Левитан кейінірек өмірінің ең бір қиын шағы деп отырар еді. Қапырық ыстық күндер булығып өтіп жатты. Күн сайын аспанды бұлт торлайды, шатырлап күн күркірейді. ескен желден терезе түбіндегі қурай ызыңдайды, бірақ бедірейген аспаннан тамшы тамбайды.

Әсіресе, ымырт үйірілер кез ауыр-ақ. Көрші саяжайдың балконына шам жағылады. Түнгі көбелектер құжынай ұшып барып, қалбақтап шам шынысына соғып жатады. Крокет алаңынан соғылған доп даусы келеді. Гимназистер мен қыздар әзілдесіп күлісіп, алысып-жұлысып жүріп, ойынды аяқтайды. содан кейін, кешкі жатар мезгілде, бау ішінен мұңлы романс айтқан әйел даусы естіледі.

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз