Жол үстінде едім. Тамақ ішейін деп вагон-ресторанға бардым. Екі даяшы жүр. Бірі қалың ерін, дудар бас, жирен шаш ұзын әйел. Барылдап сөйлеп, жер-көкті көшіріп жүр.
Бет бақтырмайды. «Заказ алыңыз» дегенге «келгенің жаңа ғой. Әкетіп бара ма?» деп, «тамағыңызды тезірек әкеліңіз» дегенге «отыра тұр. Қызметіңнен қалып бара жатпаған шығарсың», — деп үнемі нығыртып керімал сөйлейді.
Ал, екінші бір бөлмеде талдырмаш бір қара торы қыз жүр. Аяғын ұшынан басады. Жұрттың бәріне де езу тартып күледі. «Қазір» деп қалқи жөнеледі. Енді біреулерге «Айып етпеңіз, сәл күтіңкіреп қалдыңыз ғой деймін» деп, қолын кеудесіне басып иіледі. Ал жолаушы болса: «Оқасы жоқ, сіздің қолыңыздан тамақ жегеннің өзі бір ғанибет емес пе», - деп қояды. Әне бір ортадағы терезе алдында отырған екі жігіт кітапшасын сұрап алды. Содан кейін бірдемелер жазды да, күліп, қыздың қолын қысты.
Байқап отырмын. Сол қыз қызмет етіп жүрген жақта келушілер де көп. Ал біз отырған бөлмеде төрт — бес-ақ адам бармыз.
Мен екі даяшы қыздың қылығы мен ісіне қайран қалып бақылаумен болдым.
Бір заманда дудар басты шақырдым.
— Әкетіп бара ма? — деп гүж етіп қасымнан өтіп кетті ол. Үндемедім. Шыдап отыра бердім. Ақыры дудар бас даяшының өзі келді. Мен есебін бердім де:
— Сізден бір сұрайтыным бар еді, — дедім.
— Ол не сұрақ? — даяшының қабағы жазылар емес.
— Жоқ, ашуланбасаңыз ғана сұраймын.
— Келген-кеткенмен тәлкектесер уақыт жоқ — деп ол жүріп кетті.
Келесі күні тағы да ресторанға бардым. Бергі бетте кісі тым көп екен. Қара торы талдырмаш қыз кешегі бір қалпында подносын көтеріп, жұрт арасында қалқып жүр. Ал арғы бетте бір ғана жолаушы бар. Дудар бас әйел аяғын қаси салып буфеттің алдында отыр.
Мен сол жаққа өттім. Даяшыға тіс жарып ештеңе демедім. Тамағымды ішіп есебімді айырдым да, тұра бердім. Сол кезде дудар бас әйел сәл езу тартты:
— Кеше не сұрамақ болып едің менен?
Мен қайта отырдым.
— Жоқ, ашуланбасаңыз ғана айтамын.
— Ал ашуланбайын, сұрашы, — деді әуесқұмарлық жеңген әйел.
— Рас ашуланбайсыз ғой?
— Рас ашуланбайын.
Мен оны қасыма отырғыздым.
— Сіз неге дөрекісіз?
— Сол ма? — Әйелдің қабағы қыртыстана қалды.
— Сол, — деп күлдім мен.
Даяшы жаулығы да, татулығы да жоқ бір кейіпке келді.
— Білесің бе? Ана қызды көргенде жыным ұстайды менің. Ылғи қылмыңдап, жылмыңдап жүргені. Әдейі істейді. Жаныма тиетіні де сол, - деді дудар бас әйел.
Менің аңғарғаным да осы еді.
Қара торы қыз мына дудар бас әйелдің дөрекілігін көріп жібектей ширатыла түседі. Сөйтіп келушілерді өзіне үйіріп алады екен. Ал оның осы мінезіне мына дудар бастың жыны келіп, дөрекілене түсетін көрінеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі