(роман)
Құдайым-ай, мейіріміңді төге гөр, ақылынан алжасқандарға, есалаң еркектер мен әйелдерге рақымыңды түсіре гөр! Олардың бұл жалғанда не үшін өмір сүріп жүргенін, олар неден осындай болғанын және олардың албастыға айналмауы қалай мүмкін еді-ау екендігін бір өзі ғана білетін жаратқан ием бұларды албасты деп айта алар ма?
Шарль Бодлер
Тереза, талайлар сені өмірде болмаған жан деп айтар. Бірақ сенің өмірде бар екендігіңді мен білемін: өйткені талай жылдан бері сені бақылап келемін, сен жанымнан өткеніңде кідірістеген кездерім аз емес және сенің бет-бейнеңді мен аймандай етемін.
Тәлпіш сылқымдарға қарағанда жуасыңқы сот шенеуніктері сенің тағдырыңды шешіп жатқан қапырық сот залында жұқа ерінді қуарыңқы жүзіңді бозбала күнімде көргенім есімде.
Кейінірек сен менің көзіме туыс кемпірлер мен маубас күйеуі өздерінің бәйектігімен жынына тиген жас әйел кейпінде алпауыт үйінің қонақжайында көріндің. "Бұған не болған? — десіп жатты олар. — Біз оның бар тілегін айтқызбай аңғаратын сияқты едік қой".
Ал содан кейін сәнді, бірақ соншалықты кішкене емес қолыңды өзіңнің әдемі жазық маңдайыңа тіреп, ойға шомып отырғаныңда мен саған талай мәрте сүйсінгенмін! Сенің отбасы деп аталатын торда бейне қасқырдың қаншығындай аласұрғаныңды және ашулы да мұңды жанарыңмен маған тыжырына қарағаныңды мен тордың жанды шыбықтары арасынан сан рет көргенмін.
Менің басқа кейіпкерлеріме қарағанда әлдеқайда жексұрын бейнені қалай жасағаныма көп адам, бәлкім, қайран қалар. Қалайша маған ешқашан мейірім шуағын төккен, жүрегі жарқын жандарды ортаға шығарудың сәті түспейді? Алайда "жүрегі ашық" адамда.қасіретті оқиғалар бола қоймайды, ал маған адамның лас болмысымен етене астасқан тұйық жүректердің хикаялары таныс.
Тереза, қиналу сені Құдаймен табысуға алып келгенін қалаған едім, сен қасиетті Локуста есіміне лайық боларсың деп ұзақ үміттендім. Бірақ онда азғын және қаңғыбас жандардың, дегенмен, күнәларын жуып-шаятындарына сенетіндердің көпшілігі зымияндық туралы жар салар еді.
Қалай болғанда да, сенімен у-шулы көшеде қоштаса тұрып, сені жалғыз қалмайды деп үміттенемін.
I
Адвокат есікті айқара ашты. Сот залының бүйір есіктері жанында дәлізде тұрған Тереза Дескейруді суық қармап, күзгі салқын ауамен терең тыныстады. Ол көшеде әуес адамдар күтіп тұрғандығынан сескенді, сондықтан да сыртқа шығуға батылы бармады. Жағасын көтеріп алған пальтолы адам ағаш діңінен бері қарай жүрді, бұл әкесін таныды. Адвокат:
— Істі қысқартты! — деп айғай салды да Терезаға бұрылды: — Шыға беруіңізге болады, ешкім жоқ.
Бұл ылғал басқыштармен түсті. Шағын алаңда шынында да ешбір жан жоқ екен. Әкесі қызын сүйген де, тіпті оған қараған да жоқ, ол адвокат Дюродан жай-жапсарды сұрап жатты, ал ол әлдекім бұларды тыңдап тұрмасын деп қорыққандай, ақырын ғана жауап берді. Терезаға әңгіме еміс-еміс естіліп тұрды:
— "Қылмыс құрамы болмағандықтан" істі қысқарту туралы ресми хабарламаны ертең аламын.
— Бұл жерде әлдебір күтпеген нәрсе болмай ма?
— Жоқ, былайша айтқанда іс бітті, қу кетті.
— Бұл менің күйеу балам айғақ бергеннен кейін анық болды ғой.
— Анық... анық... Өмірде не болмайды.
— Оның өзі айтса болды да, ол ешқашан тамшыны санап тұрған емес қой...
— Біле білсеңіз, Ларок, мұндай істерде жәбір көрген жанның айғағы...
Тереза ышқынып кетті:
— Жәбірлік жоқ.
— Өзінің абайсыздығынан болған жәбір деп айтайын деп едім. Әңгімелесуші екеуі де жамылғы оранған жаураған жас әйелге бұрылды да, оның боп-боз, қан-сөлсіз жүзіне бір сәт қарап қалды. Бұл тарантастың қайда тұрғанын сұрады; әкесі жұрттың назарым аудармас үшін көшірге қаланың сыртында Бордоға барар жолда күтуді тапсырған екен.
Сәтіне қарай, бұл қараңғылық тез түсетін кез еді. Шет аймақтың осы бас қаласының ең тыныш көшелерімен ол жерге дейін жетіп алуға болатын. Тереза ортада, серіктері оның оң жағы мен сол жағында келе жатты; олар осы арада бұл жоқтай тағы да өзара сөйлесіп кетті, бірақ бұл олардың орталарында келе жатқандықтан екеуіне кедергі келтірді, олар мұны шынтақтарымен жанап кетіп жатты. Сондықтан бұл шамалы кейіндеу жүрді және сол қолынан қолғабын шешіп, өздері жанынан өтіп бара жатқан ескі тас дуалдардан мүктерді түсіре бастады. Кейде мұны велосипедпен келе жатқан әлдебір жұмысшы немесе шаруа арбасы басып озады; шылқылдаған лайсаңның шашырандысынан қашып Тереза қабырғаға тақалды. Ымырт жүзді жасырып, адамдардың мұны танымағаны жақсы болды. Осы шағын қалада кештерде шығатын жаңа піскен нанның және дымқыл тұманның иісі бұл үшін дағдылы нәрсе ғана емес еді, Тереза одан өзіне ақыры қайта оралған өмір нәрін тапты; бұл мүлгіп кеткен жер мен ылғал шөптің тынысын сіміре көздерін жұмды және қызына бірде-бір рет мойын да бұрмаған, көз қырын да салмаған қысқа қисық аяқты тәпелтек адамның бәдігін естімеуге тырысты — бұл жол шетіне құлап кетсе, ол да, адвокат Дюро да мұны байқамаған болар еді. Олар енді самбырлай сөйлесуден қорыққан жоқ.
— Дескейру мырза тамаша айғақ берді. Бірақ осы жерде дәрі қағазы тағы да алдан шықты емес пе! Іс жүзінде әңгіме жалғандық жасау туралы болды... Содан доктор Педмэ сотқа шағым берген...
— Ол шағымын қайтып алды ма...
— Бірақ, дегенмен... Ол не түсінік берді! Қайдағы бір бейтаныс адам оған дәрі қағазын берген...
Шаршағандықтан ғана емес, талай апта өзінің құлағының құрыш етін жеген осы сөздерді бұдан әрі естігісі келмегендіктен де, Тереза қадамын баяулата түсті, бірақ қашықтық әкесінің шаңқылдаған даусын баса алмады:
— Қаншама рет айттым мен оған: "Басқа бірдеңе ойлап тап, бейбақ... Басқа бір нәрсе ойла..."
Расында да, ол айттым ғой дейтіндей, бұған жеткізіп-ақ айтқан. Енді неге ол әлі де алаң? Ол айта беретін өз отбасыларының абыройы аман қалды, сенат сайлауына қарай ешкім де бұл оқиға туралы есіне алып та жатпайды. Тереза осылай ойлады және мына екеуінің алысырақ кеткенін өте қалады, бірақ даудың қызуына түскен олар жолдың ортасына тұрып алып қолдарын шошаңдатып, айтып жатты, айтып жатты.
— Ең алдымен батыл болу керектігіне шүбә жоқ, Ларок; дүрсе қоя беріңіз, "Сеятельдің" жексенбілік нөміріне мақала басыңызшы. Егер қаласаңыз, бұны мен колға алайын. Тегеурінді тақырып беру керек, мысалы, "Жаптым жала, жақтым күйе"...
— Жоқ достым, жоқ! Болмайды! Не деп жауап беруге болады? Тергеудің үстірт жүргізілгені айдан анық қой, тіпті қолжазуды зерделеушілердің сараптамасына жүгінбеген де. Меніңше, амал біреу ғана: үндемеу керек, сөйтіп жабулы қазан жабулы қалсын. Мен өзім де әрекеттенемін, бар күш-жігерімді жұмсаймын, бірақ отбасының мүддесі үшін мұның бәрін ұмыту керек... ұмытқан жөн...
Әңгімелесушілер одан әрі жүріп кетті де, Тереза адвокаттың не айтқанын ести алмай қалды. Ол өзіне өлімші тұншығу қатері төніп тұрғандай түнгі дымқыл ауаны қомағайлана жұтып, терең тыныстады және кенет өзіне беймәлім нағашы әжесі Жюли Белладты есіне алды; оның түрі Терезаға бейтаныс еді; Лароктардан немесе Дескейрулерден ол әйелдің әлдебір портретін, дагерро типін немесе суретін іздеу бекершілік болатын — оның үйден кетіп қалғанынан басқа ол туралы ешкім ештеңе де білмейтін. Бір қиял Терезаға бұның да тап солай жоғалып кете, келмеске кете аларына мегзеді және кейін мұның қызы кішкентай Мари отбасылық альбомнан өзін дүниеге әкелген осы бейнені таба алмас еді-ау. Ал қазір Мари бала бөлмесінде ұйықтап жатыр, енді Аржелузға тым кеш барса да Тереза оған кіреді, қараңғыда сәбидің ұйқылы тынысына құлағын түреді, төсегіне еңкейіп, бейне бір шөліркегендей мүлгіп жатқан өмір нәрін ерінімен аймалайды.
Жол маңындағы сайда аттылы үсті ашық тарантас тұрды, оның шамының жарығы жегілген тарамыс қос аттың сауырына түсіпті. Жолдың оң жағы мен сол жағында тұтасқан қалың орман көрінді. Жолдың екі бетінде бөктерлердегі алдыңғы қарағайлар ұзын бұтақтарын біріне-бірі қарама-қарсы созып, жоғары жақтары түйісіп кеткен, сөйтіп осы жасыл күмбез астындағы жол сырлы тылсымға бастап жатты. Төбеде қарағайлардың ұйысқан бұтақтары арасынан аспан көрінеді. Көшір Терезаға анық әуестікпен қарады. Тереза өздері Низан стансасына соңғы пойызға үлгере аламыз ба деп сұрады, ол мұның көңілін жайландырды, бірақ, дегенмен, аялдай бермеген жөн екенін айтты.
— Мен сізге жұмыс тауып бердім-ау, Гардер. Бірақ бұл соңғы рет.
— Бұдан былай келмейтін болдық қой?
Бұл басын изеді, ал көшір бұдан әлі көзін алмады. Өмір бойы жұрт бұған осылай көз салып өтер ме екен?
— Қалай? Ризасың ба?
Әкесі мұны енді ғана байқағандай болды. Тереза оның кейісті күрең жүзіне жылдам сынай көз тастады; тарантастың шамдары оның жағын көмкерген сақалының самай қылшықтарын айшықтап тұрды. Бұл әкесіне ақырын жауап қатты:
— Мен сондай қажып кеттім... Тіптен қалжырадым...
Сөйтті де бұл үнсіз қалды: ол туралы несіне айтып тұр? Өйткені әкесі бұны тыңдап тұрған жоқ, тіпті көзіне ілмейді. Қызының күйзелгенінде не шаруасы бар! Ол үшін бір-ақ нәрсе маңызды: Терезаның шатағынан ("Қатын біткеннің бәрі долы немесе нақұрыс") шайқалған әзінің мансабы — сенат биіктеріне өрлеу. Абырой болғанда, қызының тегі енді Ларок емес еді, ол Дескейру болатын. Қызы ақылдастар сотынан құтылды, сөйтіп әкесінің тынысы жеңілдеді. Бірақ дұшпандарының мұның қотырын қасуына қалай ғана кедергі келтірсе екен? Ол күні ертең департамент басшысына барады. Құдай қарасқанда, "Ланд консерватрис" газетінің иесі жасөспірімді азғырған деген дау-дамайдан мұның уысында... Ларок мырза Терезаны қолтығынан демеп жіберді.
— Отыр тезірек, жүретін уақыт болды.
Сол сәтте адвокат залымдық пиғылмен әлде қоштасарға Терезаға жай бірдеңе айтқысы келіп: бүгін кеште Дескейру мырзамен кездесесіз бе? — деп сұрай қалды. Бұл: "Әрине. Мені күйеуім күтіп отыр ғой...", — деп жауап берді, міне осы сәтте ғана — соттан кейін алғаш рет, енді бірер сағаттан соң өзі наукастан әлі онша айыға қоймаған күйеуі төсек тартып жатқан босағаны аттайтынын әрі талай күн мен түн сол адаммен қоян қолтық тұруға тура келетінін көз алдына елестетті.
Тергеу әуел басталғаннан-ақ бұл әкесінің қала сыртындағы үйіне жайласып алған-ды және, әрине, бүгінгідей талай мәрте дәл осылай сапар шекті, бірақ ол кезде бұл күйеуіне қалай дәлме-дәл жеткізіп, оны хабардар етуді ғана ойлады; тарантасқа отырар алдында бұл өзінің күйеуі жаңадан болатын тергеулер кезінде беруі тиіс жауаптар жөнінде Дюроның соңғы пысықтауларын құлағына құйып алатын әрі ол күндері Тереза қазір науқас күйеуіммен бетпе-бет келемін-ау деген ой келе қалған кезде еш қиналған емес, ешқандай ыңғайсыздық сезімін бастан кешкен жоқ: өйткені ол кезде әңгіме шын мәнінде не болғаны туралы емес, қайта нені айту немесе нені айтпау маңызды екендігі жайлы болды. Қорғану қажеттігі оларды жақындастырып жіберді және бұлар тап сол күндердегідей еш уақытта нақ осылай жымдасып кетпеген еді, оларды өздерінің қан-селі кішкентай Мари біріктіріп тұрды. Бұлар тергеуші үшін оның сұңғыла ойын қанағаттандыратындай қарапайым да қисынды оқиғаны ыждағаттылықпен ойлап шығарып отырды. Тергеу күндері Тереза өзін қазір де күтіп тұрған нақ осы көлікке мініп жүрді, бірақ ол кезде әр жолы өзінің түнгі жортуылдары тезірек біткенін қалайтын, ал енді қазір бұл оның шексіз созыла бергенін армандады! Тереза ол кезде өзінің таран-тасқа зорлана мінетінін, отыра сала Аржелузға жетуге асығатынын жадында жақсы сақтап қалыпты, ал жол үстінде бұл тіптен бейтаныс бір адам өз дәрігерінің дәрілік қағазымен дәрі жасатып беруді, өйткені оның дәріханашыға ақша қарызы болғандықтан дәріханаға өзі бара алмайтынын айтып жалынғанын... бірде кешке әйелім айтқан деп тергеушіге мәлімдеуден қорықпаған Бернар Дескейру өзінен қандай гәп күтіп жатқанын есіне түсіріп алатын. Бірақ адвокат Дюро тым елігіп кетуге болмайды дейтін Бернарға және осындай абайсыздығы үшін әйелін кінәлағаны да өзінің есінде екенін айтып сендірудің қажеті жоқ деп санады...
Міне, қорқыныш сейілді, енді бүгін кешке бұл Бернармен не туралы сөйлеспек? Ол күйеуі өзін күтіп отырған орман арасындағы үйді көзіне анық елестетті; кафель еденді жатын бөлмені, үстел үстінде газеттер арасындағы бәкене білте шамды және дәріхана құтыларын қиялында көрді... Келген пәуеске оятып жіберген күзетші иттер аулада шабалана үріп-үріп, сонан соң тына қалады, сөйтіп құсық тастаудан қатты азаптанған Бернардың қалай қиналғанына қарап тұрған бейне сол бір түндердегідей сап тыныштық қайта орнайды. Тереза қазір өздері шарпысатын алғашқы көз тастауды елестетуге тырысты. Ал түн қалай өтеді және Бернармен екеуі бастан өткерген жайдың ыңғайлы жай-жапсарын бірлесіп ойластыру енді қажет болмайтын бұл үйде ертең және арғы күні, одан кейінгі күндер мен апталарда не күй кешпек. Енді бұлардың арасында іс жүзінде болған нәрсе... рас болған жайт қана тұрмақ. Қорқынышты үрей билеген Тереза адвокатқа бұрылып міңгірледі (ол мұны шын мәнінде әкесі үшін айтты):
— Мен күйеуіммен бірнеше күн үйде болмақпын. Ал ол тәуірленген кезде әкеме қайтамын.
— А, солай ма? Жо-жоқ, қарағым, жоқ, болмайды!
Көшір ерге қонды, ал Ларок даусын бәсеңдете үстемелеп жіберді:
— Сен не, тіптен ақылыңнан алжасқансың ба? Осындай кезде күйеуіңнен кетуге бола ма? Жоқ, енді айырылмайтын боласыңдар, айырылмайсыңдар. Естідің бе? Өле-өлгенше...
— Дұрыс, әке. Бұл менің басыма қайдан келе қалды? Онда бізге Аржелузға өзіңіз келіп тұрасыз ба?
Неге? Мен сендерді әдеттегідей, әр бейсенбіде — жәрмеңке күндері өзіміздің үйде күтетін боламын. Бұрын келгендеріңдей келіп тұрасыңдар!
Әдептен кішкене ғана аттап кету өзі үшін және бәрімізге қаншалықты қауіпті екенін әлі күнге пайымдамағаны тіптен сұмдық қой. Бұл өлім! Түсінікті ме? Оның бұған көзі жетпей тұр ма? Бұл отбасына қаншама абыройсыздық әкелді!..
Күйеуің не айтады, соның бәрін істейсің. Өте анық айтып тұрмын ғой деп ойлаймын.
Сөйтті де Ларок мырза қызын тарантасқа итермелеп кіргізіп жіберді.
Адвокат Терезаға тырнақтары өсіңкі қолын селқос созды.
Жақсы біткеніне ризашылық етейік, — деді ол шын көңілімен, өйткені іс өз жөнімен жүргенде бұл үшін тіптен тиімсіз болатын еді: Лароктар мен Дескейрулер отбастары Бордо сот округінің адвокаты Пейрекавты қорғаушылыққа шақырар еді. Иә-иә, бәрі іс ойдағыдай аяқталды.
II
Терезаға ескі көліктерге тән көн терінің иісі ұнайтын. Өзі темекісін ұмытып кетіпті, бірақ оған онша өкіне қойған жоқ, өйткені қараңғыда шылым шегуді хош көрмейтін. Шамдар жарығы жол бөктеріне, қырыққұлақтар шашақтарына, алып қарағайлар діңдерінің төменгі жағына түсіп келеді. Қиыршық тас үйінділері тарантастың көлеңкесін алуан құбылтады. Анда-санда қашыр жегілген арбалар өтеді және қашырлардың өздері оңтайланып бұрылып кетеді, ал қалғып отырған арбакеш көзін де ашпайды. Терезаға ешқашан Аржелузға жете алмайтындай көрінді, өзі де жете алмай қалсам деп үміттенді; Низан стансасына дейін бір сағаттан астам жүреді, одан әрі көрінген стансаға тоқтай беретін тар табан жол пойызы бар. Бұл Сен-Клерден түседі, ал содан соң пәуескемен тағы он шақырым (ол жолдың жайсызы сондай бірде-бір автомобиль түнде жүруге тәуекел ете қоймайды). Әлдебір бұрылыста тағдырдың жазғаны болып, мүмкін Терезаны қорқынышты кездесуден құтқарар. Былайша айтқанда, тағы да қиялы шарықтап кетті, егер сот қарсаңында тергеу айыптауды қолдап шыққанда, онда Тереза жер жұтып кеткенін армандап, тағдырға сөзсіз мойынсұнған болар еді. Бұл шағын қалпағын шешіп, былғарымен қапталған хош иісті жақтауға бетін сүйеді; селкілдеуден оның кішкене басы шайқалақтап, қуарыңқы беті діріл қақты, ол жолдың теңселткеніне ырықсыз көне берді.
Осы кешке дейін бұл ит қосып қуған аңдай өмір сүрді, міне, құтылды да, қатты шаршағанын енді ғана сезінді. Жақтары суалған, шықшыттары сопайып шығып кеткен, жұқа еріндері жарылған және әдемі жазық маңдайына сызат түскен. Былайша айтқанда, оның түрі өлімші жанның кейпі еді. Иә, сотта мұны кінәлі деп таппаса да, бұл мәңгі жалғыздық тақсыретіне ұшырады. Мұндай көзге ұрушылық, егер бейнетін бүркемелей білмесе, өздерінің жасырын азабы, күйдірген жан жарасы жүздерінен білініп тұратындардың бәрінен де аңғарылады (ал бұл бұрын көпшілік ортада еріксіз мойын бұрғызар сылқым саналатын). Тарантастың бұрышына тығылған Тереза, әшкере болған бұл кәрім, қарағай орманның қалың көлеңкесіне салынған ойқы-шойқы жолмен келе жатыр, тірідей отқа қақталған азапты жан өзінің жүзін оң қолымен жайлап сипап қояды. Өзінің көрнеу жалған айғақ беруімен мұны құтқарып қалғаннан кейін күйеуі кездескен сәтте бұған не айтар екен? Әрине, ол бүгін ештеңе сұрай қоймайды... Бірақ ертең? Тереза көзін жұмды, сонан соң көзін ашып жан-жағына қарады; аттар шабандап келеді, бұл қай жер, неткен өр екенін бажайлауға тырысты. Аһ, кездесу жайын ойлап не керек? Мүмкін бәрі бұл ойлағаннан гөрі әлдеқайда жеңіл болар. Алдын ала кесіп-пішпеген дұрыс. Көз шырымын алғаны жөн... Бұл неге енді тарантаста емес? Жасыл мәуітімен жабылған үстел, оның басында әлдебір адам отыр. А-а, бұл тергеуші... тағы да сол.. Бірақ ол істің қысқарғанын жақсы біледі ғой. Алайда ол басын теріс шайқайды: істің қысқаруы мүмкін емес, тың дерек табылды. Жаңа айғақ? Дұшпаны өзінің бұзылып кеткен түрін көрмесін деп Тереза теріс айналып кетті. "Қазір жақсылап еске түсіріңізші, ханым, ылғи тек қазан айында кептер атуға аңшылыққа шыққанда ғана киетін ескі жамылғының ішкі қалтасына ештеме жасырған жоқсыз ба? Сол жамылғының қалтасында сіз ештеңе ұмыт қалдырған жоқсыз ба?" Бұлтару мүмкін емес. Тереза алқынып кетті. Тергеуші өз нысанасынан көзін айырмай, үстел үстіне қызыл сүргішпен жабылған бүктемені қойды. Тереза бүктемеде не жазылғанын жатқа айта алар еді, ал тергеуші өзінің қатаң үнімен жазуды ежіктеп оқи бастады:
Хлороформ -10 грамм
Аконитин — 2 грамм
Дигиталин — 0,2 грамм
Тергеуші масайрай қарқылдап күлді... Тежегіш үйкелісі дөңгелекті шиқылдатып жіберді. Тереза оянып кетті, кеудесін кере дымқыл ауаны жұтты (Ақбұлаққа түсер еңіс басталған сияқты).
Балауса шағында да бұған бітіру емтихандарын қателесіп кайта тапсыруға мәжбүрлеп жататын осындай түстер талай енетін, міне қазір де ол сонау бір алыс жылдардағыдай қорқынышты түстен оянып кету әкелер бойын жеңілдеткен қуанышты сезімді бастан кешті. Тек істің қысқарғаны туралы ресми құжаттың жоқтығы ғана мұны біршама алаңдатты. "Бірақ алдымен адвокатқа хабарлайтынын өзің де білесің ғой..."
Азат! Бұдан басқа тілері бар ма? Енді мұның Бернардың жанында өмір сүруі әлдеқайда жеңіл болмақ. Көңіліне ештеңе бүкпей, оған бүкіл жан сырын жайып салғаны жөн — міне, құтқарар амал. Жасырып келгеннің бәрін жалғанның жарығына шығаруы және бүгежектемей оны бүгінгі кештен қалдырмауы керек. Бұл шешім жүрегін қуанышқа бөледі. Аржелузға жеткенше жайдары жазғы демалыс күндері әр сенбі сайын мұның тақуа құрбысы Анна де ла Трав айта беретіндей, өзі "тәубеге келуге дайындалып" үлгереді. Сүйкімді сіңлім, әзиз жан, Анна, осы бір оқиғада сенің алар орның ала бөтен! Ең пәк адамдар өздері әр күні, әр түні неге килігетінін және өздері балауса шақта аяқ басқан жерлерінде қандай улы тұқым қылтиып шығарын аңдай бермейді.
Әрине, сол бір балаң оқушы қыз ақылды да жайдары өз құрбысы Терезаға: "Жаныңның баршасын жайып салып, күнәларыңнан арылғанда қандай тазару сезіміне бөленетініңді сен пайымдай да алмайсың, ескінің бәрі өшеді, сөйтіп өмірді жаңадан бастауға болады",— деп нығырлағанда өте жөнімен айтатын. Иә, расында да, Терезаның ағымнан жарыламын: "Бернар бәрін білсін, мен оған түгін қалдырмай айтамын...", — деп бел байлағаны сол-ақ екен, шынында да жеңілдеп қалды.
Ал бұл оған не айтпақ? Мойындауды неден бастағаны жөн? Сол бір қара ниеттің, шешімнің, төтен қылықтың неден шыққанын, шырғалаңды сөзбен жеткізе алар ма? Өз қылмыстарын мойындағандар тәубесіне қалай келеді? "Бірақ мен өз қылмысымды мойындаған жоқпын ғой. Маған кінә етіп тағып отырған нәрсені менің жасағым келген емес. Не істегім келетінін өзім де білгенім жоқ. Іші-сыртымды кернеген бұла күш қайда апарып соғарын аңдай алмадым. Ол тегеурін өз жолында қанша нәрсені қиратты десеңші! Тіпті өзім қорқып кеттім..."
Керосин білтемен ысталған шамның жарығы Низан темір жол стансасының әкпен ақталған қабырғасына және есік алдына тоқтаған арбаға түсіп тұрды. (Жарық төңірегіне қараңғылық қалай үйіріледі, ә!) Қосалқы жолға қойылған пойыздан паравоздың мөңіреу мен зарлы маңырауға ұқсаған дабысы естіледі. Көшір Гардер Терезаның жол сөмкесін алып жатып бұған тағы да сұқтана қарады. Сірә, әйелі: "Бар, жақсылап қарап ал қазір қандай болғанын, түрі жоқ...", — деп тапсырған болуы керек. Тереза әкесінің көшіріне бұрынғыдай өзіне тән рабайсыз жымиды, осы жымиысына қарап адамдар: "Жақсы әйел ме, әлде жоқ па, аңдап болмайсың, тек өзіңді баурап бара жатқанын аңғарасың...", — дейтін. Тереза Гардерден өзіне билет сатып әкелуін өтінді, екі фермер әйелі себеттерін тізелеріне қойып жайғасып алған күтушілер залы арқылы өзінің кассаға баруға жүрегі дауаламады, олардың екеуі де бастарын шайқай әңгіме соғып, тоқыма тоқып отыр еді.
Көшір билетті әкеліп берді, Тереза оған ұсақ тиын-тебенді өзіңе қалдыр деді. Ол қолымен фуражкасын қозғап қойды да, сонан соң ерге отырды, сөйтіп божыны түзеп алып, өз қожайынының қызына көз тоқтатып қарау үшін ақырғы рет мойнын бұрды.
Құрам әлі құрастырылмаған екен. Бір кездері жазғы демалысқа келе жатып немесе оқу жылының басталуына қалаға қайтып бара жатып Тереза Ларок пен Анна де ла Трав Низан стансасында ұзақ аялдағанға қуанушы еді. Олар асханада майлы шұжық қосып қуырылған жұмыртқа жеп алатын, сонан соң бір-бірінің мықынынан құшақтап, жолмен қыдыратын. Қазір бұл жер қап-қараңғы әрі тұнжырап тұр, ал келмеске кеткен сол бір жылдары Тереза осының бәрін ай нұрына шомылған жап-жарық күйде көретін. Құрбылар өздерінің қосылып кеткен ұп-ұзын көлеңкелеріне қарап мәз-мейрам болушы еді. Әрине, мұғалималары туралы, құрбылары жайлы әңгіме соғатын; бірі өзінің әдірият пансионына, екіншісі өзінің лицейіне шаң жуытпайтын. "Анна!" — Тереза қараңғыда дауыстап жіберді. Бернарға алдымен Анна туралы айту керек... Бірақ Бернар нақты-нақты ұнатады ғой. Ол сезім біткенді бір беткейлікпен бұтарлайды, әрқайсысын бөлек-бөлек қарайды және олардың арасында қандай күрделі тарамдар, өткелдер мен астасулар жатқанын ұққысы да келмейді. Тереза бастан кешкен әрі азап шеккен бұлыңғыр тіршілікке оны қалай ғана енгізуге болады? Ал бұл өте қажет. Бір-ақ нәрсе қалып тұр: бүгін кешке Бернардың жатын бөлмесіне кіріп барып, оның төсегінің жанына жайғасып, қашан ол мұны тоқтатып: "Мен енді түсіндім. Тұр. Мен сені кештім" дегенше, оған өзінің әр басқан қадамын байыппен баяндап беруі керек.
Бұл қараңғыда станса бастығының бау-бағы арқылы өтті, бақыт гүлінің иісін сезгенімен, гүлдердің өзін байқай алмады. Бірінші сыныпты купеде ешкім болмады. Шамның күңгірт жарығында мұның жүзін бәрібір ешкім тани қоймас та еді. Оқи қою мүмкін емес, оның үстіне кез келген роман Терезаға өзінің сұмдық өмірімен салыстырғанда татымсыз көрінер. Бұл мүмкін ұяттан, сағыныштан, ар азабынан қажып өлер, бірақ еш іш пысудан емес.
Бұл бұрышқа тығылып алып, көзін жұмды. Иә, сондай парасатты әйел бола тұра, қалайша бүкіл осы қасіретті оның мәнісі түсінікті болатындай етіп баяндап бере алмайды? Иә, солай. Бұл әңгімені аяқтаған кезде Бернар мұны тұрғызып: "Жақсылық жолдасың болсын. Тереза, енді алаңдама. Біз Аржелузда, осы үйде өле-өлгенше бірге өмір сүреміз және болған нәрсе еш уақытта біздің арамызда кесе көлденең тұра алмайды. Мен шөлдеп тұрмын. Ac үйге өзің түсіп, маған бір ұстаған сусын дайындашы. Ол егер бұлдыр болса да, мен оны сіміріп салайын. Егер оның дәмі бір кездері мен күнде таңертең ішетін шоколадтың дәміндей бір түрлі болса да, мен шошымаймын. Есіңде ме, сүйіктім, қалай менің жүрегім айнитыны? Өзіңнің сүйкімді қолдарыңмен сен басымды сүйемелдейтінсің, менің асқазанымнан шығып жатқан жасыл запыраннан көз алмайтынсың, құсу бүруі сені үрейлендіре қоймайтын. Бірақ сол бір түні менің аяғым ұйып, семіп қалғанда, сенің құп-қу болып кеткеніңді байқағанмын! Қалшылдап кеткенім есіңде ме? Ал әлгі маубас доктор Педмэ қызуымның өте төмен, ал тамырымның соғуы тым жиі болғанына қайран қалды ғой...", — дер.
"Аһ, жоқ, — деп аласұрды Тереза, — ол түсінбейді. Ең басынан бастау керек..." Ал біздің қылықтарымыздың басы қайдан басталатын еді? Біздің тағдырымыз оны бөлшектегіміз келгенімен, жерден бүкіл тамырымен қопарып жұлып алу мүмкін емес өсімдіктер тәрізді. Терезаның мүмкін балалық шақтан бастағаны жөн шығар? Бірақ балалық шақтың өзі бас-аяғы, соңы бар нәрсе ғой.
Терезаның балалық шағы — ең лайсаң өзендердің таза, мөлдір бұлағындай. Лицейде бұл бәріне де селқос сияқты еді, өз құрбыларын арбайтын ұсақ оқиғаларды елемейтіндей көрінетін. Мұғалималары оларға Тереза Ларокты жиі өнеге ететін: "Тереза өзін жоғары адамгершілік сезімдердің бейнесі санауға болатынын қуанышты сезінуден өзге марапатты іздемейді. Ар-ұят — міне, оның жалғыз темірқазық жұлдызы. Өзін таңдаулы жандар қатарына жатқызған асқақ ой оны жазалану алдындағы қорқыныштан гөрі сенімді сақтайды..." Мұғалималардың бірі бұл туралы осылай өрекпи айтатын. Тереза ойланып қалды: "Ал мен бақытты ма едім? Мен жүрегіммен сондай таза болдым ба? Күйеуге шыққанға дейінгі бүкіл өмірім неке түніндегі естен кетпес былғанышқа қарама-қарсы сөзсіз нұрлы да мөлдір кейіпте көз алдыма келеді. Лицей және тұрмысқа шыққанға әрі балалы болғанға дейінгінің бәрі маған енді жұмақ секілді. Бірақ ол кезде мен мұны түсіне қойған жоқпын. Өмірім әлі басталмай жатып мен нағыз өмірді сүргенімді сол жылдары біле алдым ба? Иә-иә, мен кіршіксіз едім, періште едім! Бірақ құштар көңіл періште едім. Мұғалималарым өздерінше не айтсын мейлі, мен де азаптанатынмын және басқаларға жапа шектіретінмін. Әлдекімді қинай алатыныма масаттанатынмын және құрбыларымның жанымды ауыртқанына риза болатынмын. Біздің қамығуымыз өте риясыз еді, оған ешқандай ар азабы араласпайтын: қайғымыз бен қуанышымыз бізге бейкүнә алданыш әкелетін".
Сезімге берілу Терезаға бұлар жаз айларында Аржелуз емендері түбінде кездесіп жүретін Аннаның рақаттануынан еш кем түспейтінін ләззат әкелетін. Сол кезде бұл Сакре-Кер келеңшелерінен тәлім алған ол қызға: "Сен сияқты тақуа болу үшін маған сендердің ана иісмай қалталарың мен мінәжат міңгірлеулерің керек емес", — деп айта алатын. Оның үстіне Анна де ла Травтың тазалығы негізінен оның үстірттігінен туындап жататын. Тәрбиеші келеңшелер шынайы өмірді өз тәрбиеленушілерінен жасырып, оны қабат-қабат жабумен жаба бүркемелейтін. Ізгілік пен пасықтықтың ара жігін ажырата алмайтындықтары үшін Тереза оларды жаратпайтын. "Қымбаттым, сен өмірді білмейсің",— дейтін бұл Аннаға Аржелуздағы сол бір алыс, соншалықты жырақтап кеткен ғажап жазғы демалыс күндері... Ақыры орнынан жылжыған тар табан темір жол пойызында міне осылар туралы ойлай отырып, Тереза егер бұл бәрінің басын ашып алғысы келсе, нақ сол күндер туралы естеліктен бастауы керек деп түйді өзіне. Айтса нанғысыз, бірақ ақиқаты солай, өміріміздің арайлы күні дүлей дауылға қарсы қауқарсыз. "Таңертең ашық аспан — күндіз не әлде кешке дауыл басқан". Ал дауылдан соң нөсер жаншыған гүлзарды, сынған бұтақтарды және лайсаңды көресің. Бір заманда Тереза бейқам өмір сүрді, болашағын болжамады, оның өмір жолында оқыс бұрылыстар жоқ еді, бұл орден абайлап түсіп келе жатты, бас кездегі баяу жүріс барған сайын үдей берді. Енді міне, сол бір алыста қалған жазғы демалыс күндері жайраңдаған балауса жас қыз өлексе әйелге айналды, бүгін күзгі кеште сол баяғы Аржелузға түн жамылып, ұрлана қайтып келеді.
Бұл сондай қажыды! Болары болған істің астар себебін іздеп не керек? Терезе әйнегінен мұның өлген жандай сүреңсіз, сөлсіз жүзі елес берді, ал терезе сыртынан ештеңе көрінбейді; дөңгелектер рельсте енді басқаша сыртылдап, паровоз ұзақ дабыс берді, пойыз жайлап стансаға келіп кірді. Қараңғыда әлдекімнің қолында көтерген шамы шайқатылады, біреулер бір-біріне дауыстап, жергілікті диалектіде бірдеңелерді айғайлайды, вагоннан түсіріп жатқан торайлар жағымсыз шыңғырады. Бұл Юзест стансасы. Ал келесі – Сен-Клер, одан әрі Аржелузға дейін пәуескемен баруға тура келеді. Өзін қорғауға дайындалу үшін Терезаға тым аз уақыт қалды.
III
Аржелуз шынында да қиыр шетте, одан әрі барар ештеңе жоқ. Жергілікті тұрғындар оны "қиян" деп атайды: мұнда шіркеу де, әкімдік те, зират та жоқ, қара бидай егістігінің төңірегіне шашырай орналаса салған бірнеше ферма ғана бар; ол шағын Сен-Клер қалашығынан он шақырым жерде, онымен жалғыз әрі сондай нашар жол жалғастырып жатыр. Өн бойы қазынды, ойдым-ойдым жол Аржелуздан әрі құмдаққа ұласады да, содан сонау мұхитқа дейін сексен шақырым бойы көрерің тек батпақ, аралшықтар, қураған қарағайлар, құмшауыттар, мұнда қыстың аяғына қарай жүндері күлгін сұр түске айналатын қойлар бағылады. Сен-Клердің барша дәулетті отбасылары осы меңіреу түкпірден шыққандар. Өткен ғасырдың ортасында қарағай қара майы мен сүрегі Аржелуз тұрғындарына өз қой отарларынан алатын болмашы табыстарына үстеме пайда бере бастағанда, Сен-Клердің қазіргі әйгілілерінің ата-бабасы осы қалашыққа қоныс аударды, ал олардың Аржелуздағы бұрынғы үй-жайлары фермаларға айналды. Үй төбесінің оймышты арқалықтары мен кей жерлерде сақталып қалған мәрмәр тас ошақтар үй иелерінің ауқатты тектен шыққанын паш етіп тұр. Бірақ жыл өткен сайын бұл үйлер бірте-бірте шөгіп, баз бір жерлерде шатырдың салбыраған кең жиегі жерге тиюге сәл-ақ қалған.
Осы ескі үйлердің арасында екі үй әлі ажарын жоғалтпаған. Лaроктар отбасы мен Дескейрулер отбасы бағзы құрылысты өз ата-бабаларынан мұраға алған күйінде сақтап қалды. Б. қаласы департаменті бас кеңесінің мүшесі әрі әкімі Жером Ларок өз ордасын астанаға кіреберістегі қосалқы префектурада ұстады, бірақ өзіне марқұм әйелінен қалған аржелуздік үйінде ештеңені өзгерткісі келмеді (ол Терезаны босанғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болып, бұл емізулі сәби күйінде қалған-ды). Ларок мырза қызының жазғы демалысты Аржелузда өткізгенді ұнататынына таңырқай қоймайтын. Бұл шілдеде келіп, әкесінің үлкен апайы, ол да "осы оңаша түкпірді" ұнататын керең кәрі қыз Клара апайының көз алдында жүретін, өйткені оның айтуынша бұл жерде ол әлдекімдердің еріндері қалай үнемі жыбырлап жататынын көрмейді әрі мұнда қарағай ормандағы жел шуылынан басқа еститін де ештеңе жоқ. Ларок мырза өзін қызына қарайлап жүруден құтқарған Аржелуз оны тұрмысқа шығар Бернар Дескейрумен жақындастыра түсетініне қуанды, екі отбасының келісімі әлі ресми сипатта болмаса да, олар осыны қалайтын. Бернар Дескейру Аржелузда Лароктар үйімен қатар тұрған үйді әкесінен мұраға алған-ды; бірақ аңшылық маусым ашылған күнге дейін мұнда келе қоймайтын және тек қазан айында ғана түнеуге қалатын, өйткені жақын маңнан өзіне "күркешік" жасап алды да, кептерлер ату кезінде сонда жайғасатын. Осы бір пайымды бозбала қысты Парижде өткізетін, сонда заң факультетінде оқитын еді. Жазда ол отбасында шамалы ғана күн болады, өйткені өгей әкесі Виктор де ла Травты суқаны сүймейтін, жесір қалған шешесі Дескейру ханым оның қалтасында көк тиыны болмаса да оған тиіп алған-ды, ал оның ысырапқорлығы бүкіл Сен-Клердің өсек-аяңына арқау еді. Бернардың өкіл қарындасы Анна де ла Трав оған көз салуға тұрмайтын кішкентай қыз көрінетін. Ол Тереза туралы да бас қатыра қойды ма екен? Бүкіл төңірек бұлар Бернар екеуі үйленуі тиіс деп есептеді, өйткені олардың атақоныстары бас біріктіру үшін жайғасқандай еді әрі парасатты бозбала жұрттың осы пікірін құп көретін. Бірақ ол жазмыштың еркіне ештеңе қалдырмау әрі өміріңді жақсы жолға қоя білу мақтануға тұратын ұлы қасиет деп пайымдады. "Адам тек әз кінәсінен ғана бақытсыз болады", — дейтін ол Жастығына қарамастан тым толық еді. Үйленгенге дейін еңбек етуге де, көңіл көтеруге де бірдей қарады: жақсылап тоя жегенді де, ішкенді де қалайтын, ең бастысы аң аулауға аса құмар болды. Есесіне заң ілімімен де "құлшына" шұғылданды, оның анасы айтатынындай, күйеуі білімі жөнінен әйеліне қарағанда жоғары тұруы тиіс қой. Тереза балғын күнінде-ақ ақыл-парасатымен көзге түсті, ал ақыл еркін ойлауға бастайтыны белгілі. Бірақ Бернар әйелдің буынына қалай түсуді білетін, оның үстіне анасы оған тәптіштегеніндей, еркін ойлайтындар арасында арқа сүйерінің болғаны да теріс емес, әрі Терезаның әкесі Ларок мырзаның да бұған пайдасы тиюі мүмкін. Сөйтіп, бұлар "күні бұрын әбден сыралғы болған еді", Бернар Дескейру Италияға, Голландияға және Испанияға саяхаттап кайтқан соң жиырма алты жасында соншалықты қылықты бола қоймағанымен ("бірақ оны көрсең болды-ақ, ол алғыр ма әлде аңғырт па, аңғартпастан, тартымдылығымен бірден баурап алатын"), бүкіл өлкедегі ең бай және ең ақылды қыз Тереза Ларокқа үйленуге тиіс болды.
Тереза тіпті күліп те алды, осы сөзді айтқан Бернар мұның қиялында сондай күлкілі көрінді. "Бірақ, шын мәнінде де, ол мен үшін мүмкін күйеу жігіттердің көпшілігінен көш ілгері еді-ау". Құмдақ өңірдің әйелдері еркектеріне қарағанда әлдеқайда нәзік келеді — өйткені ерлер мектеп партасынан бастап тек өзді-өздері ғана араласады да, сезім нәзіктігі бойларына сіңе қоймайды; олардың көңілі құм дала деп алып-ұшып тұрады, есі-дерті ылғи құмдақ, оларға өздері құмда көретін қызықтан басқа ештеңе жоқтай; егер олар өз фермерлеріне ұқсауға тырысуды доғарса, жергілікті диалектіде сөйлемесе, дөрекі дағдылардан және жабайы ауызданудан бас тартса, бұл оларға туған жерден қол үзу ғана емес, оған деген сатқындық сияқты да көрінер еді. Ал осы тұрпайы сырт кейіптің арасында Бернарда оның өзіне тән ізгілік жоқ па? Ол өлім аузында дерлік жатқан кезде фермерлер: "Ол өле кетсе, бұл жерде нағыз қожайынды енді таба алмайсың", — десті. Иә, оның бойында қайырымдылық та, парасат та, адамгершілік те бар — ол еш уақытта өзі білмейтінді айтпайды, өзінің ақылы мен қабілетін асыра бағаламайды. Аңқыма бозбала өзіне-өзі риза еді, бірақ қыз қырқын қуғаннан гөрі құм далада қоян аулағанды хош көрді.
Маңдайымен вагон терезесіне жабысып, көзін жұмып алған Тереза алайда тіпті оны көріп отырған жоқ еді, бұның ой көкжиегінде алаңсыз күйеу жігіт Бернар емес, оның кіші қарындасы Анна елес берді: міне, ол баяғы алыс күндері таңғы сағат тоғызда беті қызара бөртіп велосипедпен Сен-Клерден Аржелузға тартып келеді, күн әлі ыси қоймағанымен, жегі құрттар жарқ-жұрқ етіп қарағайдан — қарағайға ұшып жүр және мөлдір аспан астында алқызыл жалын ата қызған пеш сияқты жерден ыстық леп ұра бастады. Қаптаған шіркей қалың өскен биік арша гүлдер үстіне көтеріле түскен. "Иығыңа жамылғыңды жауып ал, әйтпесе біздің қонақжайда ұрадағы сияқты салқын", — деді Тереза, ал Клара апайы: "Қызым, ішуге салқын сусын беремін, әрине, бірақ шамалыдан кейін, деміңді басқан соң, әбден терлеп кетіпсің",— деп қостады. Анна саңырау Клара апайға дауыстап сәлем берді. "Өңешіңді жыртпай-ақ қой, жарқыным, ол бәрін еріннің жыбырынан түсінеді..." Бірақ Анна оймақтай аузын қисаңдата әр сөзді іждағатпен айтып шықты. Апайлары өзінше лаға жауап қатты, ақырында шыдай алмаған құрбылар еркіншілікте мәз-мейрам болу үшін баққа жүгіріп кетті.
Тар купеде Тереза әз балғын шағының сондай пәк, түсініп болмас алабұртқан мамыражай, қуаныштың осы бір жайдары жарқылдары мұның жер бетіндегі бақыттан алар жалғыз үлесі екені әлі беймәлім сол күндерін еске алды. Мұның өмірінде ыстық жаздың қайнаған күндері қара көлеңке қонақжайда қызыл матамен тысталған ескі диванда тізесімен альбомды ұстап суреттерді қарап отырған Аннаның жанына жайғасқан сол сәттерден жарқын сәт бола қоймайтынын ештеңе, еш нәрсе мегзеп тұрған жоқ еді. Бақытты шақ сонда қайдан келді? Анна мен Терезаның талғамдарында титтей де болса ұқсастық бар ма еді? Анна кітап оқығанды суқаны сүймейтін, тек тоқу тоқып, әр нәрсені бөскенді және күле бергенді ұнататын. Ол ештеңенің байыбына барып жатпайтын. Ал Тереза болса Поль де Коктың романдары мен Сент — Беваның "Дүйсенбілік әңгімелерін" және Тьердің "Консулдық тарихын", былайша айтқанда, қала сыртындағы үйдің шкафтарында тұрғандардың бәрін құмарта оқи беретін. Талғамдарында ортақ ештеңе бола қоймаса да, олар бір нәрседе мәмілелес еді: аспан жалынынан бөлмелердің көлеңкесіне тығылуға тура келген сол бір жаздың аптап күндері бірге болғандары екеуіне де ұнайтын. Ыстық басылып келе ме деп қарау үшін анда-санда Анна орнынан тұрып кететін. Бірақ ол терезе қақпағын ашқаны сол-ақ екен күн сәулесі балқыған металл ағынындай лап беретін де, еденде өсімдік өрімі өртенгендей болатын, сөйтіп қайтадан бәрін тарс жауып, шыжғырған сәуледен жасырынуға тура келетін.
Тіпті кешке қарай, күн қарағайлар діңдерін тек төменгі жағын қызыл түске бояп, соңғы шегіртке жерге қонып, тынымсыз шырылға басқан кездің өзінде емендер түбі әлі қапырық болар еді. Құрбылар қара бидай егістігінің шетіне көл жағасында отырғандай жайғасып алатын. Алуан кейіпке құбылатын дауыл бұлты үстерінде будақтайды; Анна аспаннан көрген қанатты әйелді Тереза бажайлап үлгергенше өзгеріп кеткен құбылыс әлдебір қорқынышты хайуанға айналып бара жатады.
Қыркүйекте сәскелік астан кейін сусыз аңызақ өңірді кезіп кетуге болады — Аржелузда бірде-бір жылға жоқ, Юр деп аталатын өзеншенің бастауларына жеткенше құмдардың арасымен ұзақ жүруге тура келеді. Ол қандағаштар тамырлары арасынан шып-шып шығып, шөп басқан тар жылғалармен бүлкілдей ағатын сансыз бұлақтардан бастау алады. Олардың мұздай суында жалаң аяқтар көгеріп кетер еді де, табандары құрғаса болды-ақ жер қайта күйдіре жөнелетін. Қазан айында аңшылар кептерлерді аңдып жасырынатын "күркешіктердің" бірі Тереза мен Аннаға жайлылығы қара көлеңке қонақжайдан кем емес ыстықтан тығылатын баспана болды. Оларға айтатындай ештеңе қалмады, сөйлегілері де келмеді, олар бір-біріне тіл қатпады; осы бір ұзақ алаңсыз дамылдау минуттары өтіп жатты, қыздар құс үйірінің ұшып келе жатқанын естіп, серігіне: "Тыныш!" деп белгі беретін аңшы сияқты қимылдаудан қорқып тапжылмады. Және қос құрбыға тіл жеткісіз әрі сондай пәк бақыт сезімі елеусіз ымның өзінен ғайып болатындай керінді. Мүлгуден оянып, Анна лашықтан бірінші болып шықты да керіліп алды, ол күн батарда бозторғайлар атуға асықты. Тереза бұл ермекті қаламаса да құрбысының соңынан ілесті, одан айырылғысы келмеді. Анна шегеде ілулі тұрған аңшы мылтығын алды, атар кезде бере қоймады. Қара бидайды кешіп ішіне кірген аңшы қыз бейне күнді өшіргісі келгендей оны көздегенін Тереза бөктерде тұрып бақылады. Тереза құлақтарын жапты. Қысқа жаңғырған гүрсіл көк жүзінде жұтылып кетті де аңшы қыз жараланған бозторғайды көтеріп алды, оны алақандарында абайлап қысып ұстап, қауырсындарын ерінімен аймалап тұрып, кенет оны тұншықтыра салды.
— Ертең келесің бе?
— Сен де қызықсың! Күн сайын емес қой!
Аннаның құрбысымен күнде көрісуге құлқы болмады. Оның қонымды жауабына қарсы айтар ештеңе таппады. Анна сирек жүздесуді қалайтындықтан, Терезаның да ойына таласу келе қойған жоқ. Әрине, оған күнде келуге ештеме бөгет болмас еді, бірақ несіне жиі кездесе бермек. "Әйтпесе келе-келе бір-бірімізді жақтырмай қалуымыз да мүмкін ғой", — деді ол "Иә... жөн... Ең бастысы өзіңді қинамау, қалаған уағыңда ғана, басқа еш тәуір ермек таппағанда келерсің"деп жауап қатты Тереза. Талдырмаш, балғын бейне көз ұшынан көрінбей кетті, қараңғы түсіп қалған жолдан велосипедтің дірілдеген қоңырау үні естіліп тұрды.
Тереза үйге қайтып келе жатты; фермерлер мұнымен алыстан иіліп сәлемдесті, балалар бұған жуымады. Бұл кезде қойлар емендер түбінде шашырай жайылып жүрген болатын, кенет бүкіл отар тым-тырақай қаша жөнелді, ал қойшы оларға бақырып жатты. Есік алдында немере сіңлісін күтіп отырған Клара апайы саңырау адамдарға тән әдетпен сарнай жөнелді, Тереза қарсы сөйлемесін деп тоқтамастан самбырлады. Неден осылай көңілсіздік басып кетті? Кітап оқығысы келмеді, ештеңе істеуге зауқы соқпады, сөйтіп Тереза жүріп келуге қайта шықты. "Алыс кетпе, қазір тамақ ішеміз". Тереза жолға шықты, онда көкжиекке дейін жан жоқ еді. Ac үй босағасындағы қоңырау сылдыр қақты. Білте шам жағатын уақыт болыпты. Клара апайы үстел басында дастарқанға қолын айқастырып, қимылсыз отыр, тыныштық балғын ерке Тереза үшін қаншалықты терең болса, осынау керең кәрі кемпір үшін де соншалықты тұңғиық еді.
Бернар, Бернар, көр соқырлар тұқымына, бәрін қарабайырлап жіберетін мейірімсіз адамдар тегіне жататын сені осы бір сырлы әлемге қалай ғана енгізсем екен? "Жоқ, — деп ойлады Тереза, — ол алғашқы сөзден-ақ мені тоқтатып: "Неліктен маған тұрмысқа шықтың? Мен сенің артыңнан жүгірген жоқпын ғой...", — дейді. Расында да, бұл неге оған күйеуге тиді? Ол шынында да ынтызарлық көрсете қойған жоқ. Бернардың екінші рет байға тиген шешесі — де ла Трав ханым көрінген кезіккенге де, көлденең өткенге де: "Ол сабырмен жүре тұратын еді, бірақ қыздың өзі мұны қалады, иә, өзі қалады. Өкінішке қарай, оның ұстанатын қағидаттары біздікіндей болмай шықты, мысалы, бұл қыз темекі тартады; паровоз сияқты бұрқылдатады, міне, оның мәнері. Дегенмен, оның мінезі тік, ашық, турасын айтады. Біз оны тез жөнге саламыз. Әрине, бұл некелесуде бәрі бірдей ойымыздан шығып тұрған жоқ... Иә, солай... Міне, мысалы, оның нағашы әжесі анау Беллад... біз білеміз ғой... Бірақ мұның бәрі ұмыт болды емес пе? Ол кезде істі жылы жапты, дау-дамайға жеткізбеді. Айтыңызшы, сіз тұқым қуалаушылыққа сенесіз бе? Мұның әкесінің де ойы ала құйын, бірақ мінезі мақтауға лайық, тура тақуа жан. Ол қызына ылғи тек жақсы өнеге көрсетті. Мұның үстіне оның тамыр-таныстары да көп, олар әрдайым керек болуы мүмкін. Және ақырында, кей нәрсеге көз жұму да керек қой. Бұдан басқа — сенсеңіз де, сенбесеңіз де — Тереза бізден гөрі байырақ. Айтса нанғысыз, бірақ ақиқаты солай! Оның үстіне ол Бернардың алдында иіліп тұр, ал мұның зияны жоқ..." деп баяндай жөнелетіні Терезаның жақсы есінде.
Иә, бұл Бернарға табынатын, бұнысы өзіне қиынға соқпайтын. Аржелуздағы кездесулерде — қонақжайда немесе емендер түбінде, қара бидай егістігінің шетінде — Терезаның оған көз салуы мұң екен, жігіт мұның көзқарасында ақ пейіл ғашықтық сезім туғыза алатын. Аяқ астынан мұндай олжаны көру Бернарға, әрине, мақтаныш, бірақ ол бұған таңданбайтын. "Ол қызбен абай бол, — дейтін шешесі, — оның іш пыстаны ішінде".
"Менің оған күйеуге шыққан себебім..." Қастарын жиырып, алақанымен көздерін жауып, Тереза есіне түсіруге тырысты. Біріншіден, осы некенің арқасында Аннаның жеңгесі болатындығына балалық қуану сеп болды. Бірақ ол ең алдымен Аннаны қуантты, Тереза болса мұндай туыстық қатынасқа мән де берген жоқ. Шынын айтқанда (бұл жерде қысылатын не бар?) Бернардың екі мың гектар өз иелігі болғаны бұны бейжай қалдырмаған еді. "Меншікке құштарлық мұның қанында бар". Әкесінің үйінде ұзақ тамақтанудан соң үстел үстінен ыдыс-аяқтарды жинап алып, спирт ішімдіктерін берген кезде Тереза көбінесе еркектер қауымының ортасында қалып, олардың фермалар туралы, фермерлер жайлы, бай орман, қарағай қара майы және иісмай жөніндегі әңгімелерін құлақ қоя тыңдайтын. Цифрлар, есеп-қисаптар бұны қызықтыратын. Осындай үлкен қарағай ормандар қожайыны болмақ ой мұны еліктіргені сөзсіз. "Айтпақшы, ол да менің қарағайларыма құмартты". Бірақ мүмкін Терезаны қазір бұл басын ашып алғысы келіп отырған әлдебір бұлыңғыр сезім жетелеген болар: мүмкін ол осы некеден орасан әл-ауқат, байлық емес, басына пана іздеген шығар. Мұны осы некеге итермелеген де үрей сезімі емес пе еді? Жас та болса бас пайдасын білер, бала күнінен шаруаға төселген қыз өзіне лайық ортаға кіруге, онда біржолата тиісті орнын алуға асықты. Бұл әлдебір көзге көрінбейтін қатерден пана тапқысы келді. Ол өзінің Ернармен некелесуі кезіндегідей еш уақытта пайымды болмаған шығар, бұл отбасы әулетіне "сіңіп кетуге", ізгілік әлеміне енуге, өзін құтқаруға ұмтылды.
Сақина алмасқан сол көктемде олар Аржелуздан Вильмежаға алып баратын құмды соқпақпен қыдыратын. Қара дақтарымен көгілдір көк жүзін алағаттаған қураған жапырақтар емендерде әлі ілініп тұрды, күрең тартқан былтырғы қырыққұлақ жерге жабысып қалған, ал одан улы жасыл түсті жаңа өскіндер қылтиып шыға бастаған. Бернар: "Абай болыңыздар, темекі тастамаңыздар, өрт шығып кетуі мүмкін — құмдақта еш су қалмады", — деп айта жүрді. Тереза: "Қырыққұлақта улы қышқыл бары рас па?"— деп сұрайтын. Уланып қалу үшін қырыққұлақта у жеткілікті ме дегенді Бернар білмеді. Сондықтан қалжыңға бұрып: "Өлгіңіз келіп пе еді?", — деді. Тереза сықылықтай күлді. Ол бұған әр нәрсеге әуес бола бермеу керектігін айтты. Тереза өзінің қалай көздерін жұмғанын, ал екі үлкен қол мұның басын қысып, шіңкілдеген дауыс құлағына: "Бұл баста басқа да желөкпе ойлар бар-ау, рас па?"— деп сыбырлағанын есіне алды. Бұл: "Ол ойларды аластаңызшы, Бернар", — деп жауап қатқан-ды. Бұлар Вильмежа фермасына жапсарлас құрылыс салып жатқан өрушілердің қалай жұмыс істеп жатқандарына әуестікпен қарады. Оның Бордода тұратын иелері бұл ферманы өздерінің "көкірегі дімкәс" ұлы үшін жазғы жай ретінде арнаған еді. Ол баланың апайы да осы науқастан қайтқан. Сол Азеведоларды Бернар жаратпайтын. "Олар еврей емеспіз деп ант ішіп, құдаймен қарғанып жатады... Ал оларға бажайлап қарау жеткілікті! Оның үстіне бәрі де құрт ауруына және басқа да кеселдерге шалдыққан". Терезаның жаны жайлы еді. Көп ұзамай тойға Сен — Себастьен әдіриятынан Анна келеді. Неке қию кезінде ол алпауыт Дегилемнің ұлымен бірге қайырмалдық жинауға тиіс. Анна Терезадан "қайту поштамен" жауап беруді, хатта қалыңдықтың басқа құрбылары қалай киінбек екендіктерін сипаттауды, "Маталардың үлгілерін салып жіберуге болмас па екен? Өйткені бір-біріне үйлесімді реңктерді таңдап алу біздің ортақ мүддеміз ғой..." деп сұраған. Тереза бұған дейін еш уақытта осылай жаны жай тапқанын сезінбегенді, бұл сәт оған мамырақан көрінді, ал шын мәнінде ол мұның көкірегінде тығылып жатқан зәрлі мақұлықтың мүлгіп кету, ұйқымен қату сәті еді.
IV
Той Сен-Клерде тар шіркеуде өтті, әйелдердің ауыз жаппауы сырылдаған фисгармония үнін естіртпеді, ал олардың әтірлерінің өткірлігі иісмайдан да өткен еді, міне қапырық атқан сол күні Тереза өзінің құрдымға кетіп бара жатқанын сезінді. Өзі айкезбе тәрізді төрге кіргенде ауыр есік гүрс жабылған кезде барып кенет есін жиды. Ештеңе өзгермегендей, бірақ бұдан былай бір өзі ғана күйреумен тынбайтынын түсінді. Отбасылық ұстындар мен қағидалардың терең қазанында бұл көкбұталар өскіндері арасынан жалмаңдаған от сияқты жалынымен бір қарағайды, сонан соң басқасын шарпитын болады, ағаштан ағашқа өтеді, содан барып тұтас орман орасан от құшағына оранбақ. Топырлаған қонақтар арасында тек Аннадан басқа бұл өз жанарын тоқтатқысы келген бір жан болсайшы. Бірақ кіші құрбысының балалық шат көңілі оны Терезадан кес-кестеп бөліп тұрды. Ол неге қуанады? Бүгінгі кеште оларды тек ара қашықтық қана емес, Терезаның азап алдында тұрғаны да ажыратарын ол аңдамайды, мұны өзінің бейкүнә тәні көруі тиіс амалсыздық та алыстатып жіберді. Анна пәк жандар жүретін жағалауда қалады да, Тереза бәрін бастан кешкен әйелдер тобына араласып кете барады. Шіркеуде бұл өзіне жайдары жүзін тосқан Аннаны сүймекке еңкейген сәтте Терезаның көз алдына кенет төңірегіне беймәлім мұң мен белгісіз қуаныштың тұтас әлемін жасаған түпсіз тұңғиық пайда бола кеткені; бір мезет мұның жүрегінде буырқанып жатқан қара күштердің және аңқылдаған, опамен әлем-жәлем баттасқан сүйкімді бейненің арасында өлшеусіз айырмашылық ашылып сала бергені есіне келді.
Сен-Клердегі және Б. қаласындағы сол күннен кейін адамдар осы Гамаш тойы туралы көпке дейін айта жүрді (жүзден астам фермер мен қызметші емен астында тойлаған-ды), қалыңдық "сұлу болмағанымен тартымды" екендігін еске алды, ол сол күні барша жұртқа сүйкімсіз ғана емес, тіпті сұмпайы көрінген-ді. "Ол өзіне өзі ұқсамайды, тіпті өзгеріп кетіпті..." Адамдар оның өңі өзгеріп кеткенін ғана байқады және мұны Терезаға жараспаған неке көйлектен, ыстықтан көрді, олар мұның шын кейпін көріп тұрғанын аңғармады.
Осы бір дала мен қала үрдісі аралас той күні кешке қонақтардың, әлем-жәлем киінген қыздардың бір тобы жаңа некелескен жастар мінген автомобильдің жолын кес-кестеді және у-шу құттықтаулармен шығарып салды. Ақ мамыр гүлдер шашылған жолда бұлар масаң шаруалар аттарын айдаған бұралаңдаған арбаларды басып озды. Тойдан кейінгі түнді ойласа Тереза: "Ол бір сұмдық болды", — деп күбірлейді, сонан соң тәубесіне келіп: "Жоқ, соншалықты сұмдық емес қой...", — дейді. Өздерінің итальян көлдеріне саяхаты кезінде бұл сондай қиналды ма? Бұл "сыр бермей" астарлы ойын ойнады. Күйеу жігітті алдау қиын емес, ал күйеуді алдау!.. кім де болса өтірікті судай сапырып айта беруі мүмкін, алайда тәнді алдауға өзге өнер керек. Ынтығу, ләззаттану, рақаттана шаршау кейпін көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тереза өз тәнін осындай қылымсуға бейімдей алды және оның ащы дәміне малданды. Еркектің мәжбүрлеуімен бастан кешкен өзіне беймәлім сезім әлемінде өзін бақыт күтіп тұрған болар-ау деп қиялдады, бірақ ол қандай бақыт? Бұның алдында бейне қалың жаңбыр торы көлегейлеп тұрған жазира бардай көрінді және ол ашық күнде қалай болар еді деп елестетуге тырысты. Тереза ынтығу дегеннің не екенін осылай ашты.
Бернарды, өзіндік көзқарастан мақұрым, мұражайларға қойылған картиналар нөмірлері жол сілтеуіштің көрсеткендеріне сәйкес келмегеніне алаң көңіл, қысқа мерзімде көруге болатынның бәрін көріп үлгергеніне мәз өзінің қосағын бос жанарымен алдау қиынға түскен жоқ. Ол қомағайлана қорсылдап, науаға қарай жүгіргенін қарап тұру қызық жылтыр торайлар сияқты бүкіл жан-тәнімен ләззатқа кенелді. ("Мен сол науаға айналдым", — деп ойлады Тереза). Мұнда да әлгі торайлардай асығыстық, құлшыныс, маңғаз кейіп және сондай тәсілқойлық бар еді. "Осылай бола ма? Осы жақсы ма?", — деп кейде сұрауға батылы баратын таңырқаған Терезаның. Ол мұны күле жұбатады. Ол төсек ләззатына қатысты сезімді жіктеуді, ізгі жанға тән аймаласуды қаныпезердің қылықтарынан айыра білуді қайдан үйренген? Бұл ретте ол ешқашан ауытқыған емес. Бұлар қайтар жолда тоқтаған Парижде бірде Бернар сонда көрсетіп жатқан спектакльге ашуланып, мюзикхолдан әдейі шығып кетті: "Ойлап қарашы, осы жиіркеніштіні шетелдіктер көреді-ау! Қандай масқара! Міне, осындай сауықтарға қарап бізді бағалайды!.." Осы ұятты кісінің енді бірер сағаттан соң қараңғыда мұны өзінің ойлап тапқан қинауына төзуге мәжбүрлейтіні қайран қалдырды.
"Байғұс Бернар, ал ол өзгелерден осал емес. Бірақ құмарлық әйелге жақындаған еркекті сол адамға тіптен ұқсамайтын әзірейілге айналдырып жібереді. Бізді өз сыбайласымыздан оның сезімінің мұқалуындай ештеңе алыстата алмайды. Бернардың төсекте дөрекі аласұрғанын көріп, бұл есалаң, мына мылжың сәл қимылдасам мені қылғындыратындай, сіресемін де қаламын. Көбінесе ең ақырғы ләззат үстінде ол кенет бұл орайда өзі ғана рақаттанғанын енді байқайтын; қатулы шабыт тыйылады: Бернар менің толқын жағалауға лақтырып тастағандай, тісімді қарыстырып, сұп-суық, мұздай күйде жатқанымды сезіп, доғаруға ыңғайланады".
Аннадан бір ғана хат келді — ол хат жазуды онша ұната қоймайтын, бірақ оның әрбір сөзі әлдебір ғажаптықпен Терезаға жағатын: өйткені хаттарда біз өзіміздің шынайы сезімімізді емес, арналып отырған адамға ләззат әкелуі тиіс сезімді ғана білдіреміз ғой. Анна енді Вильмежа жаққа қарай велосипедпен бара алмайтынына шағыныпты — қазір онда Азеведо деген жас жігіт тұрады, бұл оның қырыққұлақ арасында тұрған тербелме орындығын алыстан ғана көрген, құрт ауру науқастардан Анна қатты қорқады.
Тереза бұл хатты қайта-қайта оқып шықты және Аннадан басқа хабар күткен жоқ болатын, сондықтан тастап кеткен мюзикхолдан кейінгі келесі күні пошта келген уақытта үш конверттен Анна де ла Травтың қолтаңбасын көргенде таңырқап қалды. Әр түрлі поштамптардың "сұрау салғанша" бөлімдері ерлі-зайыпты Дескейрулерге Парижге бір буда хатты соңдарынан жолдап жеткізді, өйткені саяхатшылар, Бернар айтқанындай, "өз ұяларына жетуге" асығып, ал шын мәнінде бұлар енді ұдайы бірге бола алмайтын себептен кейбір қалаларда аялдамаған-ды; күйеуі өзінің аңшылығынсыз, өзінің ит терінсіз, "еш жерден таппайтын сондай татымды қышқыл шарап" беретін деревня асханасынсыз зерігіп кетті; оның үстіне сондай күлегеш, суық, жұбайлық төсектен ешқандай ләззат алмайтын әрі қызықты нәрселер туралы айтуға құлықсыз әйелі мынау!.. Ал Тереза Сен-Клерге тезірек оралуға асықты — сотталған, жөнелту абақтысында қапаста жатқан жанның өзін мәңгі каторгоға айдаған аралды көруге осылай ынтығатыны болады. Тереза үш конверттің әрқайсысындағы пошта мөр таңбасымен олардың салынған күндерін зорға ажыратты, сөйтіп ең ескі хатты ашпақшы бола бергенде кенет Бернар құмыға үн шығарып, бұған бірдеңе деп айғайлады — бұл сөздерін естімей қалды: терезе ашық болатын әрі нақ осы бұрылыста автобустар ышқына жылдамдығын ауыстыратын. Бернар ұстарасын былай қойып, анасының хатын оқуға кірісті. Оның шолақ жең жазғы көйлегі, жалаңаш бұлшық етті қолдары, таңғаларлықтай аппақ және кенет қызарып кеткен мойны мен жүзі Терезаның көз алдында қазіргідей. Шілденің сол бір ертеңгілігінде-ақ қапырық ыстық ұрып тұр еді, қайнаған көкте жарқыраған күн балкон алдында көрініп тұрған ескі үйлердің көрінісі қандай кір-қожалақ екенін әйгілейді. Бернар Терезаға жақындап келіп дауыстап жіберді:
— Бұл деген тіпті оңбағандық қой! Сенің сүйіктің әдемі-ақ! Ой, Анна! Менің қарындасым осындай қылық шығарды деп кім ойлаған!..
Терезаның сұраулы жанарына жауап ретінде мынаны айтты:
— Қарай гөр жас жігіт Азеведоға ғашық болып қалыпты! Иә, ата-анасы Вильмежада жапсарлас үй салып берген әлгі құрт ауру бозбалаға ғашық бопты... Және бұл жерде іс насырға шауып тұрған сияқты. Кәмелетке толуды күтіп жүрмін және өзім ұнатқан адамға шығамын деп мәлімдепті ол... Қызым ақылынан алжасты деп жазыпты анам. Тек Дегилемдер білмесе болар еді. Әйтпесе, жас Дегилем аты шыққан деп айнып қалады да, құда түспей қояды! Сен хат алдың ба? Мынау содан ба? Кәне, қазір бәрін білеміз. Тезірек аш.
— Үш хаттың бәрін рет-ретімен оқиын деп едім. Оның үстіне мен оларды саған көрсеткім жоқ.
Осы жерде бұл өз мінезін көрсетіп қалды — ылғи бүйректен сирақ шығарып жүретіні-ай. Дегенмен, маңыздысы сол — Тереза қыздың есін жиғызуы тиіс.
— Менің әке-шешем саған үміт артады, өйткені сенін Аннаға ықпалың зор. Иә-иә, таласпа. Олар сені өздерінің құтқарушысындай күтіп отыр.
Ол Тереза киінгенше жеделхат жолдап, Оңтүстік жүрдек пойызына екі билет алып қайтуға кетті. Терезаға жинала бер деп айтты.
— Иә, сен неге ана мақаудың хатын оқымайсың?
— Сенің кеткеніңді күтіп отырмын.
Ол есікті жауып кеткеннен кейін де Тереза қарсы беттегі үйдің балконында бекітілген үлкен ілмектің алтындалған, бірақ көмескі тарта бастаған әріптеріне көз тігіп диванда ұзақ жатты, темекі тартты. Ақырында бұл бірінші конвертті ашты. Жо-жоқ, мүмкін емес. Осыны өзінің кішкентай мақау Аннасы, әдірият пансионатының тәрбиеленушісі, шектеулі қыздың жазуы мүмкін емес! Оның қауырсын қаламынан осындай жалынды сөздер шығуы мүмкін бе! Жо-жоқ, оның қасаң жүрегінен, ал Тереза Аннаның жүрегі қасаң екенін байқайтын, алғашқы махаббатына жолыққаннан ынтызарлық баураған, сүйініштен зарыққан әйелдің бақыт кернеген мұңы, әннің әні төгілуі мүмкін емес.
"...Мен онымен кездескенімде, соның өзі екеніне сенбей де қалдым: ол итімен ойнап, көңілдене дауыстап, жүгіріп жүретін. Оны науқасы ауыр адам деп ойлау мүмкін емес. Әрине, ол тіптен ауруға ұқсамайды, тек өз отбастарында сондай қайғылы оқиға болған соң туыстары оны қорғаштауға тырысады екен. Ол әлжуаз емес, тек арықтау. Және ол өзін еркелеткенге, әлпештегенге дәнігіп алған. Сен мені танымай қалар едің: өйткені мен ыстық басылған кезде жамылғы әкеліп оның иығына жабамын..."
Егер осы сәтте Бернар бөлмеге кіріп келсе, төсекте отырған әйелінің кейпін көріп таңғалған болар еді — бұл Терезаға ұқсамайтын әлдеқалай біртүрлі бейтаныс әйел еді. Ол ширыға темекісін тастай салды да, екінші конвертті жыртты.
"...Мен қанша қажет болса, сонша күтемін, мені ешқандай тыйым қорқыта алмайды, менің махаббатым ондайды елемейді. Мені қазір Сен — Клерден шығармайды, бірақ Аржелуз одан соншалықты қашық емес қой, біз Жанмен екеуміз жолығудың жақсы амалын білеміз. Біз екеуміздің аңшылық күркешігіміз, есіңде ме? Осындай бақытты бастан кешер орынды сен алдын ала таңдап қойған екенсің, қымбаттым. Бірақ сен бізді әлдебір жаманшылық жасап жүр екен деп ойлама. Ол сондай ізетті. Мұндай бозбала туралы ұғым сенің ойыңда да жоқ. Ол көп нәрсені үйренген, көп оқыған (сен сияқты), бірақ жігіт мұнысымен маған үстемдік етпейді және кемсіте сөйлеу бірде-бір рет ойына келген емес. Аһ, менің де сен сияқты оқымысты болғым келеді. Жаным менің, сен қазір маған әлі беймәлім кейіптің дәмін татып, рақат күй кешіп жүрген шығарсың, мен оған жанап кетсем болды бүкіл дегбірімді алатын бұл ләззат неткен ғажап еді! Біз Жан екеуміз аңшының лашығында (сен өзіміздің сәскелік тамағымызды ала келетін сол лашық) кездескен кезде, ол мені құшақтап, қолы төсімде тұрып қалады, ал мен оның жүрегі дүрсіл қаққан кеудесіне алақанымды қойғанда (ол мұны "аймаласудың мүмкін шегі" деп атайды), мені бақыт сезімі кернеп кетеді, елжіреп сала беремін, мен оған қол жүгіртуім де мүмкін-ау. Жан бүкіл боп-боз күйінде қайтып кеткен кезде, аймаласқанымыз туралы ойыма түсіру, ертең не боларын күту есімді алады, мен туыстарымның шағымдарына, мұң-зарларына және жәбірлеулеріне құлақ қоймаймын да, өйткені олар мұны еш уақытта бастарынан кешпеген және кеше де алмайтын байғұс жандар ғой. Кешір мені, қымбаттым, мен саған сен әлі сезінбеген бақыт туралы айтып тұрған сияқтымын: бірақ мен сенің қасыңда тіптен балаусамын ғой және сен жан екеуміздің жағымызда болатыныңа, бізді азаптаушыларға қарсы шығарыңа сенімдімін."
Тереза үшінші конвертті жыртты, онда асығыс жазылған қысқа хат бар екен.
"Тезірек кел, қымбаттым. Олар бізді ажыратты, мен аңдудамын. Олар сені өздерінің жағына шығады деп ойлап жүр. Мен оларға сенің пайымыңа жүгінемін дедім. Мен саған қазір бәрін түсіндірейін: ол ауру емес... Мен бақытымды таптым, азап шегіп жүрмін. Мен ол үшін жапа шеккеніме бақыттымын және оның күйзелгенін көріп қуанамын — өйткені бұл оның мені сүйетінін дәлелдейді..."
Тереза бұдан әрі оқымады. Парақты конвертке қайта салып жатып ол оның ішінен бұрын байқамаған суретті көрді. Терезеге жақын келіп, шашы сондай қою болғандықтан басы үлкен тәрізді көрінетін бозбаланың суретіне мұқият қарады. Тереза суреттен оның қайда түсірілгенін таныды: Жан Азеведо інжілдегі Дәуіт сияқты кеудесін кере тік тұрған жер таныс қалашық (оның сыртында қойлар жайылған құм шағыл көрінеді). Ол күрткесін білегіне асып алыпты, көйлегінің жағасы ашық... ("ол мұны аймаласудың мүмкін шегі" деп атайды"). Тереза көзін көтерді және айнадан өз кейпін көріп қайран қалды. Қарысқан тістерін ажыратып, сілекейін жұтпаққа зорланды. Әтірмен маңдайын, шекесін сүртті. "Сөйтіп Анна махаббат ләззатын татты... Ал мен ше? Ал менде қалай? Неге мен татпадым?" Сурет үстел үстінде қалды, жанында жылтыраған түйреуіш жатты.
"Мұны мен істедім... Иә, мен істедім..." Ылдида кенет жүрісін үдеткен пойыз селкілдеткен Тереза өзіне-өзі: "Иә, мен солай еткенмін. Екі жыл бұрын қонақ үйдің бөлмесінде суретке, адамның жүрегі тұратын жеріне түйреуішті қададым және мұны ызамен емес, осылай еткенім жөн деген байыппен жасадым, сонан соң тесілген суретті қиқымдап жыртып, әжетханаға тастадым да, суын ағызып жібердім", — деп ішінен құптап қойды.
Бернар келген кезде әйелінің бұл жоқта бәрін пайымдап, әрекет ету жоспарын пісіріп қойғандай байыпты жүзін көріп қуанып қалды. Парасатты әйел. Тек өз ағзасын улап соншалықты темекіні көп шегетіні бекершілік-ақ. Терезаның пікірінше, балаң қыздың қыңырлығы зор мән беруге тұрмайды. Оны жөнге салу қиын бола қоймас... Бернарға орнықты сөзді естігені жақты, қайтуға екі билет қалтасында жатқаны да жанын жайлатты, ең бастысы — өзінің туыстары мұның әйелінің көмегіне жүгінгені көңілін масайратты. Ол қайту алдында мұнысы қаншаға түссе де әйелін Булон тоғайына жақсы мейрамханаға таңғы ас ішуге алып барамын деп түйді. Таксиде өзінің аңшылық маусымға арналған жоспарлары туралы ауыз жаппастан әңгімеледі: ол қорықшы Бальон бұған арнап Аржелузда үйретіп қойған итті салып көруге асықты. Анасы күйдірген емнің арқасында атың енді ақсамайтын болды деп жазыпты. Мейрамханада адамдар әзірше аз екен; даяшылардың сонша көптігі бұларды біршама иментті. Ол мейрамхананың өзіне тән иісі әлі күнге дейін Терезаның мұрынында қалыпты: қазтамақ пен әр түрлі басытқы дәмдердің иісі аңқып тұр еді. Бернар бұған дейін ешқашан рейнвейн шарабын ішіп көрген емес еді: "Шайтан алсын, оны бұл жерде енді тежей алмайсың!". Бірақ не істейсің, оқасы жоқ, күнде мейрам емес қой! Бернардың кең жауырыны залды Терезаның көзінен көлегейлеп тұрды. Үлкен әйнекті терезелердің сыртында автомобильдер кинодағы сияқты сырғып келіп, дыбыссыз тоқтап жатты. Тереза Бернардың құлағының маңында шықшыты қалай ойнап тұрғанын көрді, ал шекесінің бұлшық еттері жиырылып бара жатты. Шарапты алғаш ұрттағаннан-ақ Бернардың өңі қызарып сала берді: далада өскен осынау әдемі жігітке міне бірнеше аптадан бері кеңістік, тамақ пен шарапты бойға сіңіретін күнделікті қимыл жетіспей жүрген-ді. Тереза мұны ұнатпай отырған жоқ, бірақ сондай жалғыз өзі қалғысы, өзінің азабы туралы ойланғысы, әсіресе қай тұста ауыр болғанын есіне түсіргісі келді, Бернарды жай қасында жоқ, өзін-өзі тамақ ішуге, жымиюға, өз бетінің құбылысын қадағалап отыруға, жанарын аударып әкетуге зорлаудың қажеті жоқ деп сезінгісі, емін-еркін жасырын мұңайып алғысы келді: құрбысы елсізді аралап қашып кетті, ол қайда екен, ал сен оны өмірінің соңына дейін өзіңнің қасыңда айналшықтап жүруі тиіс деп қиялдадың-ау; ол сені басқа адамдардан бөліп тұрған тереңді кешіп өтіп соларға қосылып кетті. былайша айтқанда, енді басқа планетада өмір сүріп жатыр... Жо-жоқ, онда "қайдағы басқа планета!" Анна қашан да қарапайым адамдар тобына жатады. Өздерінің оңаша демалыстарында ол қыз мұның тізесіне басын қойып ұйықтап жатқан кезде оның балғын өңіне Тереза ұзақ көз салатын. Алдамшы кейіп! Шынайы Анна де ла Травты — қазір Сен-Клер мен Аржелуз арасындағы беймәлім тастанды аңшы күркесінде Жан Азеведомен кездесуге жүгіріп жүрген сол Аннаны бұл ешқашан білген емес.
— Саған не болды? Неге тамақ ішпей отырсың? Бұларға ештеңе қалдырмау керек, осынша ақшаға алғанда, жай қалдыра салу обал ғой. Әлде қапырықтан мазаң кетті ме? Есіңнен танып қалудың несі жақсы? Әлде ішің бүріп тұр ма? Әлден-ақ па?
Тереза жымиды — оның тек еріндері жымиды. Аннаның тірлігі туралы ойлап отырмын деді (Анна туралы қыстырып қойғанды жөн көрді). Тереза бұл істі өз қолына алайын деген екен деп Бернардың көңілі енді толық жай тапты, міне осы кезде бұл сұрақ қойды: неге әке-шешең осы некеге қарсы? Ол Терезаны өзіне күліп тұр деп пайымдап, мұның "бүйректен сирақ шығармауын" сұрайды.
— Біріншіден, бұл Азеведолар — еврей екені өзіңе мәлім. Анам Азеведе қарияны, шоқынудан бас тартқан ол адамды жақсы біледі.
Бірақ Тереза Бордода түбі көне португал еврейлер өте текті отбастарына жатады ғой деп жауап береді.
— Біздің кедей бақташы ата-бабаларымыз батпаққа малшынып, безгектен қалшылдап жүргендерінде Азеведолар әп-әжептәуір дәулетті адамдар болатын.
— Тереза, тыңда, сен жай қырсықтықпен тәжікелесіп отырсың. Еврей біткеннің бәрі бірөңкей... Оның үстіне Азеведолардың бәрі азғын туғандар, шетінен көксау, ол кім-кімге болсын мәлім.
Бұл темекісін қол сермей тұтатты. Осы қылығы ылғи Бернардың қытығына тиетін.
— Бернар, есіңе түсірші, сенің атаң мен бабаң неден кайтты? Ал сен маған үйленгенде менің анам неден өлгенін сұрадың ба? Қалайша сен өзіңнің де және менің де әулетімізде құрт ауруымен, мерезбен ауырғандар бола қоймады деп ойлайсың? Табылады, достым және күллі елге жұқтырарлықтай мөлшерде табылады.
— Тереза, сенің тым тереңдеп бара жатқаныңды айтып қояйын! Тіпті қалжыңдап та, тіпті менің қытығыма тию үшін болса да, сен біздің әулеттерімізге тиіспеуің керек.
Ол дәрменсіз еді, айбарлана кеудесін керді, оның үстем түскісі келді, Терезаға күлкілі көрінуді қаламады. Бірақ бұл да айылын жия қоймады.
— Менің де, сенің де әулетіміз көрмес аяқ астында жатқанды да кермес өздерінің әсіре сақтығымен әуре. Олар баршаға белгілі аурулардан шошынады, алайда әлдеқайда толып жатқан, бірақ көзден таса жан мен тән кемшіліктеріне тіптен жайбарақат. Міне, сен өзің кейде "жасырын аурулар" деген сөзді қолданасың, рас қой? Ұрпақ үшін ең қауіпті аурулар нақ жасырын аурулар болып қала береді, біздің отбасыларымызда олар туралы еш уақытта ойланбайды, өйткені біздің туыстарымыз әулеттің былғанышын жаба жасыруды жақсы біледі; егер малайлар болмағанда, ешкім ештеңені біле алмас еді. Сәтін салғанда, малайларда ауыз бар...
— Мен саған жауап бермеймін: сен ерініңді жымқырған кезде, қашан деміңді шығарғанша күте тұрған жөн. Менімен тәжікелесу ештеңе емес, сенің қалжыңдап отырғаныңды білемін. Бірақ біздің үйде бұның жүре қоймайды. Біз отбасының абыройын қозғайтын қалжыңды ұнатпаймыз.
Отбасы! Тереза темекісін өшіріп, бір нүктеге тесіле қарап қалды. Ол көз алдында сансыз жанды тормен шырмалған, іші құлақ пен көз тола қапасты көрді. Соның ішінде бұрышта бүктетіліп, қолдарымен тізесін құшақтап, тізесіне иегін тіреп Терезаның өзі де отыр және жан тәсілімін күтіп осылай отыра береді.
— Тереза, не болды? Қазір түрің қандай құбылып кеткенін көрсең ғой!
Бұл жымиды да, қайтадан бет пердесін өзгерте қойды.
— Жә, бұл жай ғой... Сен сондай аңғалсың-ау, қымбаттым.
Бірақ қайтып келе жатқанда таксиде Бернар мұны құшпақ болғанда қолымен қағып, итермелеп, оны жуытпады.
Туған жерге қайту алдындағы осы соңғы кеште бұлар сағат тоғызда ұйықтауға жатты. Тереза дәрі ішті, бірақ ұйқыны бекер күтті, ұйқы тіпті келмей қойды. Бір ауық бұл қараңғылықта өзімен-өзі қалғандай болып еді, бірақ осы сәтте Бернар бірдеңені түсініксіз міңгірлеп, аунап түсті, бұл оның алып әрі ыстық денесі өзіне жанасқанын сезінді; оны итеріп тастап, мына ыстық шарпысудан құтылу үшін төсектің ең шетіне ығысты, бірақ бірнеше минуттан соң ол тағы да бұған қарай жылжыды, санасы ұйқыда болғанымен тәні сергіп, тіпті ұйқылы күйдің өзінде дағдылы олжасын іздеп жатқандай. Бұл күрт итеріп, оны тағы да аулақ салды, бірақ одан ол ояна қоймады... Аһ, бұдан бір жолата құтылса ғой! Төсектен жұлып алып әлдебір қараңғыға лақтырып жіберер ме еді.
Аржелузда айлы түндері иттердің жарыса шабаланғаны, тауықтардың бірінен-бірі асыра шақырғаны сияқты түнгі Парижде автомобиль дабыстары дамыл таппады және көшеден бір үп еткен самал леп соқпады.
Тереза білте шамды жақты да жастыққа шынтағымен тіреліп, жанында қимылсыз жатқан жанға-жиырма жеті жас ішіндегі жігітке мұқият үңіліп қарады; ол жеңіл жамылғыны ысырып тастап алаңсыз ұйықтап жатты, тіпті оның тыныс алғаны да естілмейді; үрпиген шаштары оның әлі жұмсақ маңдайына, бірде-бір әжімсіз самайына түсіп тұрды. Ол ұйықтап жатыр, осы бір бейқам әрі жалаңаш Адам-ата терең де бейне мәңгі ұйқыда жатқандай еді; әйелі жамылғыны осы қимылсыз дене үстіне тастай салды да, төсектен тұрды, өзі әлі аяғына дейін оқып шықпаған хатты тауып алып, білте шамға жақындай түсті.
"Егер ол менің үйден қашып шыққанымды қаласа, мен бәрін мансұқ етіп, еш алаңдаусыз жүре берер едім. Біз шектен аспаймыз, "аймаласудың ең мүмкін" шегінде оның еркімен басыламыз, менің қарсылығымнан емес, қайта ол тежеледі, ал мен маған беймәлім, оның айтуынша оған бір енуден тіл жетпес ғажайып басталып кетер соңғы шекті атап өтуге бейілмін; оны тыңдасаң, әрдайым осы бетте қала беру керек сияқты, ол басқалар ұстамдылық көрсетуге қауқарсыз, төмен сырғи жөнелетін еңісте кідіре алатынын мақтаныш етеді".
Тереза терезені айқара ашты, үш хатты да қиқымдап жыртты, тек қол арба дөңгелегінің тысыры естілген осы бір таң алдындағы сәтте тас шыңырауға еңкейді. Қағаз қиқымдары әуеде қалықтап, төменгі қабаттардың балкондарына қонып жатты. Тереза көк өскін кәусәрін сіміре жұтты. Осынау асфальт тақырға жел оны қай даладан қуып әкелді екен? Тереза көпір үстіне құлап түсіп, быт-шыт өліп кеткенін, оның мүрдесінің маңына адамдар — полицейлер мен түнгі қаңғыбастар үймелей қалғанын көз алдына елестетті... "Жоқ, Тереза, тым қиялдай берме, сен өзіңе-өзің қол салмайсың". Иә, оның расында да өлгісі келмеп еді, оны шұғыл міндеттер күтіп тұрды және мұны кектенуден, жек көрушіліктен емес, бақыттың мүмкін екендігіне сенген Сен — Клердің осы бір желөкпе мақауын үйрету үшін орындау қажет еді. Жер үстінде бақыт жоқ екендігін Тереза сияқты ол да білсін. Егер Тереза мен Аннаның ортақ ештеңесі болмаса, бұлар үшін бір ғана нәрсе — зарығу, асқақ мақсаттың, мәртебелі парыздың болмауы ортақтыққа айналсын және бұларды күнделікті күйкі күйбең тірлік пен екеуі жалғыздық қана күтіп тұрсын. Таң шапағы шатырға түсті. Тереза өз төсегіне қисайып, ұйықтап жатқан күйеуінің жанына қайта жайғасқаны сол-ақ екен, ол іле бұған қарай икемделе бастады.
Бұл ұйқыдан ойы анық, көңілі алаңсыз, пайымды оянды. Соншалықты алысқа үңіліп не керек? Отбасы өзін көмекке шақырып отыр, демек, отбасының талаптарына орай әрекет етуі қажет, сол жөн болады, тым құрығанда дұрыс жолдан адаспайсың. Сөйтіп, егер Аннаның осы жігіт Дегилеммен некелесуі жүзеге аспай қалса, бұл күйреудің нақ өзі болады деп Бернар жүз қайтара дәлелдегенде, Тереза онымен келісе кетті. Дегилемдер бұлардың аясындағы адамдар емес, олардың атасы бақташы болған... бірақ бүкіл өлкедегі ең жақсы қарағай ормандар соларда ғой; Анна болса, түптеп келгенде, соншалықты бай емес, оның әкесінен Лангон маңындағы батпақты ойпаттағы жүзімдіктерден басқа ештеңені күтудің қажеті жоқ, оларды жыл сайын дерлік су басып жатады! Аннаға Дегилем сияқты күйеу жігітті қандай жағдайда да уыстан шығаруға болмайды. Таңғы ас үстінде Терезаның шоколад иісінен жүрегі айныды, бұл жеңіл басқа белгілерді қуаттай түсті: екіқабат болып үлгерген! "Бірден балалы болған жөн, — дейді Бернар, — сонан соң ол туралы ойламауға да болады", ол езінің болашақ мұрагерін, сансыз қарағайлардың жалғыз иесін бойына бітірген әйеліне сүйсіне қарады.
V
Сен — Клер жақын қалды! Сен-Клер... Тереза жүріп өткен өмір жолын есіне алып, оймен шолып шықты. Бернарды тым болмағанда осы шепке дейін жеткізуге шамасы келер ме екен? Оның мына бұралаң жолды осылай баяу қадаммен жүріп өтуге келісе қоюына үміттену қиын, өйткені бұл әлі елеулі ештеңе айтып үлгерген жоқ қой. "Өзім жеткен асуға дейін онымен бірге жеткен кездің өзінде мен әлі оған жайып салмаған қаншама нәрсе қалады". Сөйтіп бұл өз жанының жұмбағымен ойланып қалды, Сен-Клерге қоныстанғанда парасаттылығын барша жұрт мақтаған, күйеуі бар сол бір жас әйел жан сырын ақтаруға кірісті; Бернардың ата-анасының салқын әрі қараңғылау үйінде тұрған алғашқы апталарын есіне алды. Қала аланына қараған терезелердің қақпағы үнемі жабық тұратын, бірақ тордың сол жағында сүйелжазарлар, қазтамақтар, меңдуана тұқымдастары көз қызықтырған бақ көрінеді. Тереза бірінші қабатта тұмшаланған шағын қонақжайда күннен тығылған ерлі-зайыпты де ла Травтар мен сыртқа шығуға тыйым салынып, бақ жолдарымен серуендеп жүретін Анна арасында сенімді өкіл қызметін атқарды. Тереза ата-енесіне: "Жұмсақтау болыңыздар, оның бір нәрселеріне көніңіздер, мысалы, ол әлдебір шешімге бекінгенше өздеріңізбен бірге саяхаттап қайтуды ұсыныңыздар. Мен оның баруға келісімін алып берейін. Ал сіздер жоқта мен бірдеңелерді ойластырармын", — деді. Ерлі-зайыпты де ла Травтар Терезаның жас Азеведомен жолыққанын қалады. "Тіке шабуылдан нәтиже шығара қою қиын, анашым", — деді Тереза. Құдайға тәуба, де ла Трав ханымның пікірінше, әлі өсек-аяң жоқ. Тек пошта қызметшісі Моно бикеш қана істің жайына қанық-ол Аннаның бірнеше хатын ұстап алыпты, "бірақ ол қыз жұмған аузын ашпайды. Ол біздің уысымызда, сүйреңдей қоймас".
"Байғұс қызды орынсыз азып-тозудан құтқару керек", — деді Гектор де ла Трав. Ол қалай болғанда да әкесі ғой, күні кеше Аннаның кез келген ең шолжаң еркелігін көтеруге әзір ол енді әйелімен бірауызды еді: "Ағаш кескенде, жаңқа ұшады, не істейсің" немесе "Бір кезде ол бізге рахмет айтатын болады әлі", — дейді. Солайы солай ғой, бірақ ол ауырып қалса ше? Ерлі-зайыптылар үнсіз қалды және екеуінің де көзі бұлдырап кетті, олардың қыздарын ойша бажайлап өткені, тамақ ішуден тыжырына бас тартып, азып қалған қыздарының шыжыған күн астында қалай кезіп жүргенін көзге елестеткендері анық; ол гүл бағында гүлдерді тап-тап кеткенін байқамайды, жабайы лақ сияқты торға жабысып, саңылау іздейді. Басын шайқай отырып, де ла Трав ханым: "Еттің сорпасын мен оның орнына іше алмаймын ғой, рас па? Ол дастарқаннан дым татпау үшін бақта жеміс-жидекке тойып алады", — деді. Ал Гектор де ла Трав: "Егер біз оған келісім берсек, байғұс (балаларды туып қоздатқаны үшін де кейін бізді кінәлар еді", — деп өзін жұбатты. Оның әлдебір ақталу іздегендей болғанына әйелі ашуланды. Дегилемдердің әлі орала қоймағандары қандай жақсы. Сәтін салғанда, олар ұлдарын біздің Аннаға қалай да қосқысы келеді... Терезаның бөлмеден шығып кеткенін күтіп, сонан соң олар бір-біріне: "Әдіриятта бұл қыздардың санасына не сіңірген? Өйткені үйде көргені жақсы енеге және біз оның қандай кітаптар оқитынын ылғи қадағалап жүрдік. Терезаның айтуынша "Алаулаған арман кітапханасының" ғақлия романдары жас қыздардың басын қатты қатыруы мүмкін, бірақ Тереза ылғи бүйректен сирақ шығарып жүреді. Оның үстіне Анна, құдайға тәуба, кітап оқуға соншалықты құмар емес, мен бұл орайда оған еш уақытта ескерту жасаған емен. Ол тамаша от анасы бола алар еді. Рас, егер біз оны бізбен бірге жүруге көндіре алсақ, жағдайды өзгерте алсақ... Есіңде ме, ол қызылшамен ауырған соң және қолқасы қабынғаннан кейін біз оны Салиге алып барғанда, теңізге шомылу оған қалай жаққаны? Ол қай жерді қаласа, иә, нақ қалаған жеріне барайық. Байғұс қыз, аяйсың!" Күрсінген де ла Трав мырза бәсең үнмен: Бізбен қыдыру оған қуанышты бола қояр ма екен!",— деді. "Не дедің?", — деп қайта сұрады әйелі, оның құлағы ауыр еститін болып қалған еді. "Ештеңе, ештеме емес", — деді бұл. Ауқатты әйелдің үйіне жайлы жайғасып алған бұл шалдың есіне кенет нақсүйері жасаған саяхаты түспеді ме екен, ғашық болған жастық шағы есіне келмеді ме екен?
Тереза бақ ішінен Аннаны іздеді. Байғұс қыздың азып кеткені сондай, былтырғы көйлегі үстінде киімілгіште тұрғандай ілініп тұр еді. Құрбысын байқап қалған ол: "Не?" деп қатты дауыстады. Табан жолдардағы күлгін — сұр қиыршақ тастар, кеуіп кеткен, аяқ астында тысырлаған шөптер, күнге күйген қазтамақтар иісі және тамыздың тымырсық күнінде күн өткен гүлдерден де солғындау көрінген мына қыз, — осының бәрінен Терезаның жаны ауырып кетті. Нөсер жаңбыр кейде бұларды әйнектелген гүлзарға тығылуға мәжбүр етті; ірі бұршақтар терезені тарсылдатып жатады.
Неге саған бой жазып қайтпасқа? Сен бәрібір оны көріп жүрген жоқсың ғой.
Иә, мен оны көріп жүрген жоқпын, бірақ оның таяу маңда, осыдан небәрі он шақырым жерде екенін білемін. Жел шығыстан соққанда ол да мен сияқты бір уақытта шіркеу қоңырауын естиді. Саған Бернардың Парижде әлде Аржелузда болғаны бәрібір ме?
Сен — Клер жақын қалды! Сен — Клер... Тереза жүріп өткен өмір жолын есіне алып, оймен шолып шықты. Бернарды тым болмағанда осы шепке дейін жеткізуге шамасы келер ме екен? Оның мына бұралаң жолды осылай баяу қадаммен жүріп өтуге келісе қоюына үміттену қиын, өйткені бұл әлі елеулі ештеңе айтып үлгерген жоқ қой. "Өзім жеткен асуға дейін онымен бірге жеткен кездің өзінде мен әлі оған жайып салмаған қаншама нәрсе қалады". Сөйтіп бұл өз жанының жұмбағымен ойланып қалды, Сен — Клерге қоныстанғанда парасаттылығын барша жұрт мақтаған, күйеуі бар сол бір жас әйел жан сырын ақтаруға кірісті; Бернардың ата-анасының салқын әрі қараңғылау үйінде тұрған алғашқы апталарын есіне алды. Қала аланына қараған терезелердің қақпағы үнемі жабық тұратын, бірақ тордың сол жағында сүйелжазарлар, қазтамақтар, меңдуана тұқымдастары көз қызықтырған бақ көрінеді. Тереза бірінші қабатта тұмшаланған шағын қонақжайда күннен тығылған ерлі-зайыпты де ла Травтар мен сыртқа шығуға тыйым салынып, бақ жолдарымен серуендеп жүретін Анна арасында сенімді өкіл қызметін атқарды. Тереза ата-енесіне: "Жұмсақтау болыңыздар, оның бір нәрселеріне көніңіздер, мысалы, ол әлдебір шешімге бекінгенше өздеріңізбен бірге саяхаттап қайтуды ұсыныңыздар. Мен оның баруға келісімін алып берейін. Ал сіздер жоқта мен бірдеңелерді ойластырармын", — деді. Ерлі-зайыпты де ла Травтар Терезаның жас Азеведомен жолыққанын қалады. "Тіке шабуылдан нәтиже шығара қою киын, анашым", — деді Тереза. Құдайға тәуба, де ла Трав ханымның пікірінше, әлі өсек-аяң жоқ. Тек пошта қызметшісі Моно бикеш қана істің жайына қанық — ол Аннаның бірнеше хатын ұстап алыпты, "бірақ ол қыз жұмған аузын ашпайды. Ол біздің уысымызда, сүйреңдей қоймас".
"Байғұс қызды орынсыз азып-тозудан құтқару керек", — деді Гектор де ла Трав. Ол қалай болғанда да әкесі ғой, күні кеше Аннаның кез келген ең шолжаң еркелігін көтеруге әзір ол енді әйелімен бірауызды еді: "Ағаш кескенде, жаңқа ұшады, не істейсің" немесе "Бір кезде ол бізге рахмет айтатын болады әлі", — дейді. Солайы солай ғой, бірақ ол ауырып қалса ше? Ерлі-зайыптылар үнсіз қалды және екеуінің де көзі бұлдырап кетті, олардың қыздарын ойша бажайлап өткені, тамақ ішуден тыжырына бас тартып, азып қалған қыздарының шыжыған күн астында қалай кезіп жүргенін көзге елестеткендері анық; ол гүл бағында гүлдерді тап-тап кеткенін байқамайды, жабайы лақ сияқты торға жабысып, саңылау іздейді. Басын шайқай отырып, де ла Трав ханым: "Еттің сорпасын мен оның орнына іше алмаймын ғой, рас па? Ол дастарқаннан дым татпау үшін бақта жеміс-жидекке тойып алады", — деді. Ал Гектор де ла Трав: "Егер біз оған келісім берсек, байғұс балаларды туып қоздатқаны үшін де кейін бізді кінәлар еді", — деп өзін жұбатты. Оның әлдебір ақталу іздегендей болғанына әйелі ашуланды. Дегилемдердің әлі орала қоймағандары қандай жақсы. Сәтін салғанда, олар ұлдарын біздің Аннаға қалай да қосқысы келеді... Терезаның бөлмеден шығып кеткенін күтіп, сонан соң олар бір-біріне: "Әдіриятта бұл қыздардың санасына не сіңірген? Өйткені үйде көргені жақсы өнеге және біз оның қандай кітаптар оқитынын ылғи қадағалап жүрдік. Терезаның айтуынша "Алаулаған арман кітапханасының" ғақлия романдары жас қыздардың басын қатты қатыруы мүмкін, бірақ Тереза ылғи бүйректен сирақ шығарып жүреді. Оның үстіне Анна, құдайға тәуба, кітап оқуға соншалықты құмар емес, мен бұл орайда оған еш уақытта ескерту жасаған емен. Ол тамаша отанасы бола алар еді. Рас, егер біз оны бізбен бірге жүруге көндіре алсақ, жағдайды өзгерте алсақ... Есіңде ме, ол қызылшамен ауырған соң және қолқасы қабынғаннан кейін біз оны Салиге алып барғанда, теңізге шомылу оған қалай жаққаны? Ол қай жерді қаласа, иә, нақ қалаған жеріне барайық. Байғұс қыз, аяйсың!" Күрсінген де ла Трав мырза бәсең үнмен: "Бізбен қыдыру оған қуанышты бола қояр ма екен!",— деді. "Не дедің?", — деп қайта сұрады әйелі, оның құлағы ауыр еститін болып қалған еді. "Ештеңе, ештеме емес",— деді бұл. Ауқатты әйелдің үйіне жайлы жайғасып алған бұл шалдың есіне кенет нақсүйерімен жасаған саяхаты түспеді ме екен, ғашық болған жастық шағы есіне келмеді ме екен?
Тереза бақ ішінен Аннаны іздеді. Байғұс қыздың азып кеткені сондай, былтырғы көйлегі үстінде киімілгіште тұрғандай ілініп тұр еді. Құрбысын байқап қалған ол: "Не?" деп қатты дауыстады. Табан жолдардағы күлгін-сұр қиыршақ тастар, кеуіп кеткен, аяқ астында тысырлаған шөптер, күнге күйген қазтамақтар иісі және тамыздың тымырсық күнінде күн өткен гүлдерден де солғындау көрінген мына қыз, — осының бәрінен Терезаның жаны ауырып кетті. Нөсер жаңбыр кейде бұларды әйнектелген гүлзарға тығылуға мәжбүр етті; ірі бұршақтар терезені тарсылдатып жатады.
— Неге саған бой жазып қайтпасқа? Сен бәрібір оны көріп жүрген жоқсың ғой.
— Иә, мен оны көріп жүрген жоқпын, бірақ оның таяу маңда, осыдан небәрі он шақырым жерде екенін білемін. Жел шығыстан соққанда ол да мен сияқты бір уақытта шіркеу қоңырауын естиді. Саған Бернардың Парижде әлде Аржелузда болғаны бәрібір ме?
Мен Жанды көрмесем де, оның жақын маңда екенін білемін. Жексенбіде мінәжат үстінде мен мойнымды бұрып, ол шіркеуде бар ма деп қарауға тырыспаймын да, біздің орнымыздан тек мінбер ғана көрінеді, жуан бағаналар бізді бәрінен тасалап тұрады. Бірақ шығар кезде...
— Өткен жексенбіде ол болған жоқ қой?
Тереза оның болмағанын білетін, бірақ шешесі қолынан жетектеген Анна көпшілік арасынан сүйікті бейнені зарыға іздеген-ді, Жан жоқ еді.
— Ол мүмкін науқастанып қалған болар... Мүмкін оның хаттарын ұстап алған шығар. Маған ештеңе белгісіз.
— Қалай дегенмен, оның саған бір жапырақ хат беруге мүмкіндік таппағаны қызық екен.
— Тереза, егер сен қаласаң... Жо-жоқ... Сенің ыңғайсыз жағдайда екеніңді білемін ғой.
— Саяхаттап кайтуға келіс, мүмкін маған сен жоқта реттеп қоюдың сәті келер...
— Мен одан тым қашыққа кете алмаймын.
— Ол бәрібір бұл жерден кетеді, қалқам. Бірер аптадан соң ол Аржелузда болмайды.
— Аһ, айтпашы! Ой жеп барады. Одан бір хабар жоқ! Мен бұлай өмір сүре алмаймын. Зорға тыныс аламын. Өліп кетпес үшін мен оның мені шаттыққа бөлеген сөздерін сәт сайын есіме алып жүремін. Мен ол сөздерді қаншама рет қайталадым, қазір енді соның бәрін ол айтқанына сенер-сенбесімді білмеймін. Жоқ, тұра тұр, біздің соңғы кездесуімізде оның: "Менің өмірімде сенен басқа ешкім жоқ..." деген сөздері әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Иә, ол нақ осылай айтты, ал мұның мәнісі: "Өмірдегі ең қымбаттым сенсің..." деген сөз. Дәлме-дәл есіме түсіре алмай тұрмын.
Қастарын керіп, ол осы бір жұбаныш сөздердің жаңғырығына құлақ тіккендей болды және олардың мәнін барған сайын кеңейте түсті.
— Түрі қандай ол жігіттің?
— Сен елестете де алмайсың?
— Ол басқа жастарға соншалықты ұқсамай ма?
— Мен оны саған сипаттайын десем, сөз таба алмаймын... Түптеп келгенде ол саған кәдімгі біреу көрінер. Бірақ оның ондай еместігін мен білемін.
Қыз енді оның басқалардан ерекшелігі неде екенін өзі де айта алмады, бұл оның өзіне деген махаббатының көз қарықтырар нұрына бөленіп тұрды. "Ал мені, — деп ойлады Тереза, — іңкәрлік одан әрі қарақты ете түсер еді, ұнатқан адамымның бойындағы ештеңе менің кезімнен таса қалмас еді".
— Тереза, егер мен баруға келіссем, сен оны көресің бе? Оның сөздерін жеткізесің бе? Хаттарымды оған салып жібересің бе? Егер мен барсам, егер баруға тәуекелім жетсе...
Тереза үйге оралды, нұр мен аңызақ әлемінен шықты да, Аннаның ата-анасы ыстықтың беті қайтуын, қыздары жөнге келуін күтіп отырған бөлмеге қараңғыға кіріп кеткен ара сияқты кайта енді. Әке-шешесімен баруға Аннаның ақыры келісуі үшін әлі талай делдалдық келіссөз қажет болды. Егер Дегилемдердің жақын арада келетіні туралы хабар шықпағанда, Терезаның оны көндіруге шамасы келмеуі де мүмкін еді. Анна содан қауіптеніп абыржып қалды. Тереза оны жас Дегилем бай күйеу жігіт қана емес, "ажарлы да жігіт болар" деп алдаусыратты.
— О не дегенің, Тереза! Мен оған көз тоқтатып қарай да алмаймын, көзілдірік киеді, басы таз, кәртамыс.
— Ол жиырма тоғыз жаста ғой.
— Айттым ғой кәрі деп! Кәрі ме, кәрі емес пе, бәрібір...
Міне, енді ерлі-зайыпты де ла Травтар кешкі тамақ үстінде Биаррица туралы айтып, онда қандай қонақ үйге орналасатындарын сөз қылды. Тереза сіресіп, үнсіз қалған Аннаны андап отырды, жаны жоқ сияқты. "Кәне, өзіңді зорлашы, бірдеңе жесеңші... өзіңді зорлауға болады ғой", — деп қайталап бәйек болды де ла Трав ханым, Анна қасықты аузына рабайсыз апарды, көздерінде нұрдың ұшқыны да жоқ. Ол үшін қиялы өзге ешкім де, еш нәрсе де жоқ еді... Кейде езуіне күлкі үйіріледі: оның есіне арша гүлдер нуы арасындағы "лашықта" ол бұған арнап айтқан әлдебір сөздер, аймаласу, Жан Азеведо ебедейсіз қимылымен бұның нымшасын жыртып қоя жаздаған сол бір оқиға түсіп кетті. Тереза тәрелкеге бас қойған Бернарға көз салды: ол жарыққа арқасымен отырғандықтан бұған оның жүзі көрінбейтін, бірақ оның маңғаз асықпай шайнап, азу тістерімен тамақты мылжалап жатқаны естіліп тұрды... Тереза үстелден тұруға асықты. Енесі: "Ол айналасындағылар ештеңені байқамағанын қалайды. Мен оны ынты-шынтыммен әлпештер едім, бірақ ол бәйек болғанды ұнатпайды. Аяғы ауыр болғандықтан мұндай мазасыздық табиғи нәрсе. Бұдан да жаманы болады. Қанша айтсақ та ол темекіні өте көп тартады. — Сонан соң де ла Трав ханым өзінің алғаш жүкті болған шағы туралы еске алды: — Бернар, мен саған аяғым ауыр кезде резеңке допты иіскеуге ынтық болдым, сонда ғана жүрегім айнығаны қоятын", — деп әңгіме айтты.
— Тереза, қайдасың?
— Мұнда, орындықта отырмын.
— Ә, иә, темекіңнің шоғын көріп тұрмын.
Кенет оның күдікшілдігі сыр берді: тамақ ішуді қойды, тәбеттен айырылды. "Сен неге дәрігерлерге көрінбейсің?" Ол мүләйім селқостықпен иықтарын қиқаңдатты — шын мәнінде оны әрі — сәрілік мүмкін өлім үкімінен кем қорқытпады. Түндерде Тереза кейде оның алқына қырылдағанынан оянып кететін. Ол өзінің жүрегі қалай іркіс-тіркіс соғып жатқанын Тереза сезсін деп, әйелінің қолынан ұстап оның алақанын өзінің кеудесіне қояды. Тереза оның жүрегі қалай іркіп-іркіп соғып жатқанын естіді. Тереза орнынан тұрып шырақ жақты, ұстағанға жүрек дәрісін тамызды. "Валерьянканың емдік дәрі екені шындап келгенде бекершілік,— деп ойлады Тереза. — Ол неге өлтіріп жіберетін у болмасқа? Өйткені мәңгілік ұйқыдан басқа еш нәрсе бізді тыныштандыра алмайды, ештеңе нағыз ұйықтата алмайды. Мынау өлімнен неліктен сонша қорқады? Ал ажал оны бір жолата тыныштандыра салар еді". Бернар бұдан бұрын ұйықтайтын. Осы мол дененің қасында оның қорылы кей-кейде талмаусыраған ыңырсуға ұласқанын тыңдап жатқанда қайдан ұйқы келе қойсын. Құдайға тәуба, қазір Бернар беймаздығын қойды — күш-қайрат жұмсайтын барша қимылдың ішінде тән ләззатымен тояттау оған жүрек үшін ең қауіптісі көрінді. Таң алдында тауықтар шақырып, фермалардағы адамдарды оятады. Шығыс желі Сен — Клерден азан үнін жеткізді — онда таңғы қоңырау соғылып жатты. Терезаның көзі жаңа ілінді. Бірақ енді жанында жатқан күйеуі атып тұрды да, жедел киініп, бетін суық сумен шала-шарпы шая салды. Сонан соң ашқарақ иттей ас үйге ентелеп асадалдан кешегі кешкі тамақтың қалғандарын шығарды, тауық сүйектерін мүжіп, салқын картоп түйірлерін қомағайлана асап, асығыс тамақтанады немесе жүзім шырынын ішіп, қыша жағылған нан қабығын жейді және осы асыға-аптыға ішкен таңғы дәм ол үшін күні бойғы жалғыз ұнамды асы болар еді. Ол иттері Фламбо мен Дианаға тамақ түйірлерін тастайды, олар лақтырған нәрсені ұшып келе жатқанда қағып алып, тістеріне басады. Тұманнан күз иісі шығатын. Бұл Бернардың жабырқауды доғарып, өзінің жастық бар күш-қайратын қайта сезінген сағаттары еді. Көп ұзамай кептерлер ұшып өтеді, көргенде көздерін тұндыратын жем тастаумен, дәніктірумен айналысу қажет. Сағат он бірде ол үйге оралды да жатын бөлмеге кірді, Тереза әлі төсекте еді.
— Қалай? Әлгі Азеведоны қайтесің? Анамыз Биаррнцада бізден хабар күтіп жатқанын білесің ғой.
— Сенің жүрегің қалай?
— Маған жүрек туралы айтпай-ақ қойшы. Міне, сұрап есіме салдың да, мен қайтадан оны сезіне бастадым. Бұл, әрине, бәрі де жүйкеден екенін дәлелдейді... Сен де мұны жүйкеден деп ойлайсың ба?
Тереза еш уақытта оның қалағанындай жауап берген емес:
— Мен қайдан білейін? Не сезінетінің өзіңе ғана мәлім ғой. Әкең көкірек талмасынан кайтқан, бірақ бұл, әрине, сенде де... дегенді білдірмейді, оның үстіне сенің жасыңда... Рас, жүрек Дескейрулердің бәрінін осал жері. Өзіңнің өлімнен қорқуыңмен Бернар сен қандай күлкілі едің! Қалайша, мысалы, менің сезінетінім сияқты, біздің еш пайдасыздығымызды түйсіну сенде де жоқ? Жоқ қой? Біз сияқты адамдардың өмірі елікпен барабар көрінбей ме?
Бернар иықтарын қиқаң еткізді. Әйелі өзінің оғаш қылықтармен мұның жынына тиеді. Өзіңнің қыңыр ойлылығыңды көрсету қиын іс емес, тек бәрін қисынға қарама-қарсы айтсаң болды. Бірақ Тереза соған күшін бекер жұмсайды,— деп қосып қойды,— одан да ол қайратын жас Азеведомен әңгімелесуге сақтағаны жөн.
— Қазанның ортасында оның кететінін білесің бе?
Сен — Клердің алдындағы соңғы Вилландро стансасында Тереза ойға шомды: "Мен оған бозбала күнінде еш ғашық болмағаныма Бернарды қалай сендірсем екен? Ол сірә мені есім кете ғашық болды деп қиялдайтын шығар. Махаббаттан мақұрым барша көр соқыр сияқты, ол мені айыптайтын әлгі қылмыс тек ғашықтық ынтықтықпен ғана түсіндіріледі деп қиялдаса керек". Сол кезеңде Бернар маған көп ретте ұнамсыз болса да, мен оған деген жек көрушіліктен ада болғандығымды ұғынуы тиіс; басқа еркекті артық бағалау деген ой мұның басына келмепті. Түптеп келгенде Бернар соншалықты сүйкімсіз де емес еді. Бұның романдарда сипатталатын, бірақ өмірде еш кездеспейтін керемет тұлға кейіпкерлерді суқаны сүймейтін.
Өзі білетін еркектерден бұл өз әкесін ғана ерекше жан деп санайтын-ды. Бұл осынау бір бет, ешкімге сене бермейтін, бәйгеде бірнеше атқа бірден бәс тігетін төтен адамның рухын асқақ көрді: әкесінің жері де, өнеркәсібі де бар еді (Б. қаласындағы ағаш тілу кәсіпорнынан басқа, ол өзінің Сен — Клердегі шағын зауытында өз иелігінен және өзінің көптеген туысының қарағайлықтарынан өндірілген қара майды өңдеумен де айналысты). Ларок мырзаның басты ісі саясат еді, оның кесіп айтатыны өзіне зиян келтіріп жатса да, әкімдікте оны тыңдайтын-ды. Ал ол әйелдерді, тіпті бәрі Терезаның ақылына тәнті болып жүрген уағының өзінде мұны да жаратпайтын. Қызында отбасылық қасірет басталғалы бері ол адвокатқа: "Бұлардың бәрі нақұрыстар немесе жындыпаштар", — деп нығырлап қояр еді. Діншілдікке бой ұра қоймаған осы жан өзін таза адам ретінде көрсетуге тырысатын. Ол кейде Беранженің әлдебір әнін айтқан болғанымен, оның көзінше әңгімеде кейбір тақырыптарды қозғағанды суқаны сүймейтін және ол кезде жас балаша қызарып кетер еді. Ларок мырза жігіттігі бұзылмай үйленді дегенді Бернардың де ла Травтан естігені бар. "Ол қазір де талайдан бері тұл еркек болса да, оның ашынасы жоқ, — деп сендіреді жөне таныстары. — Сенің әкең қызық жан ғой!" Иә, елден ерек. Бірақ Тереза әкесінен алшақ жүргенде оның әсіре бейнесіне малданса, ал онымен кездескен кезде бұл оның қарабайырлығын бірден сезінетін. Ларок мырза ерлі-зайыпты де ла Травтармен жолыққанды ұнатпайтындықтан Сен — Клерде сирек болатын-ды, Аржелузға жиі келетін. Үйде келісім бойынша саясат туралы айтуға тыйым салынғанымен, қонақтар болған кезде түскі аста дастарқанға сорпа қойылғаны сол-ақ екен, мәнсіз басталған дау көп ұзамай қыжылға айнып кетер еді. Оған араласу Терезаға ұят, сондықтан бұл дау дін тақырыбына ойысқанша шыдамдылықпен аузын ашпайды. Ал ана сәтте бұның шыдамы таусылып, әкесіне көмекке ұмтылады. Бәрінің де қатты өңештенетіні сондай, тіпті Клара апайдың өзі сөздерді аракідік ұғып отырса да, айқасқа ол да кірісіп кететін; керең адамның жағымсыз даусымен әрбір сөзді айғайлай айтып: "Иә, иә, әдірияттарда не былықтар болып жататыны бәрімізге мәлім", — деп, кәртамыс төтен жан өзінің саяси аусарына ерік беретін. Шындап келгенде, — деп ойлайтын ол кезде Тереза, — Клара апайы Құдайға де ла Травтардың қай — қайсысынан да артық сенеді, ол кері ауызға өзін керең әрі ұсқынсыз әйел, махаббаттың, ләззаттың не екенін білмей-ақ дүниеден өтеді деуге дейін барғаны үшін қарсы шығып отыр. Ыза кернеген де ла Трав ханым үстелден тұрып кеткен сол күннен бастап, екі жақты келісім бойынша қайсы бір пәлсапалық даулардан қашқақтайтын болғанды. Алайда, өзіңді қарсы қойып алу үшін саяси тақырыптар да жеткілікті болатын, бірақ өздерінің көзқарастарының алуандығына қарамастан, олар ең басты нәрседе бір ауызды еді: бәрі де бұл дүниедегі жалғыз игілік-меншік және бұл жалғанда өмір сүруге тұрарлық ең құнды нәрсе — жерге иелік ету деп білді. Сонда бұлар неге дауласып, қырық пышақ болып жатады? Егер көздерін шаң басқанын қаламаса, онда, дегенмен, шамаларын білуі керек қой. "Меншік сезімі қанында бар" Тереза мәселенің мейлінше қарапайым қойылғанын қалайтын — бұл өз әкесінің және де ла Травтардың өздеріне тән ортақ құштарлықтарын бүркелемеген қыздырма қызыл сөздерін жек көретін. Әкесі өзінің "демократияға айнымас адалдығы" туралы мәлімдеген кезде бұл: "Несіне өзеурейсіз. Біз өзіміз ғана отырмыз ғой!" деп оны тежейтін. Тереза саясаттағы бөспеліктен жүрегім айниды дейтін, бұған таптық тартыстардың қасіретті астары түсініксіз еді — өйткені бұл кедейдің өзінің ұлтарақтай болса да жері және оны ұлғайта түскісі келетін жерге деген жаппай ынтасы бар, аңшылық құмарлық, тойып жеуге және қанып ішуге бейімділік буржуалар мен шаруалар арасында әлдебір бауырластық байланыс жасайтын өлкеде өсті ғой. Ал оның үстіне Бернары білімді, "Оның ой-өрісі төңірегіндегілерге қарағанда кеңірек" дейтін жұрт ол туралы. Күйеуінің әңгімелесуге лайық сондай адам екендігіне Терезаның өзі де қуанатын: "Жалпы алғанда, оның өз ортасында өресі әлдеқайда биік". Жан Азеведомен жолыққанға дейін бұл осылай ойлады.
Бұл жайт түнгі салқын таңертең кете қоймай, ал таңғы астан соң бірден күн қанша қыздырса да ымыртқа дейін тұман үйіріліп тұратын ерте күзде болған еді. Кептерлердің алғашқы үйірлері ұшып келгенді, Бернар үйге тек кешке қарай оралатын. Бірақ сол күні таңертең ол жайсыз еткізген түннен соң дәрігермен кеңесуге Бордоға кеткен еді.
"Менің ол кезде ештеңеге зауқым жоқ-тын,— деп еске алды Тереза. — Екіқабат әйелдерге жаяу жүрген пайдалы болғандықтан мен жолмен бірер сағат қыдыратынмын. Орманға тереңдеп енбеуге тырыстым — өйткені сол аңшылық күркешіктерге байланысты сәт сайын кідіруге, ысқырып белгі беруге және өтуге болады деп аңшы дауыстағанша күте тұруға тура келер еді, бірақ кейде жауапқа ұзақ ысқырық естисің, демек ұшып өтіп бара жатқан құс үйірінің емен орман ағаштарына қонғаны, онда тығылып, тыныш отыра тұруың керек. Сонан соң мен үйге қайтып, қонақжайда немесе ас үйде от түбінде мызғып алатынмын, Клара апай бәрін менің алдыма тосады, ал мен өз сарайында мүләйім абызға көз қиығын да тастамайтын құдай ана сияқтанып осы бір кәрі қызға ешқандай зер салмайтынмын: фермерлерден және аспаздардан естіген қилы хикаяларды мыңқылдақ даусымен балпылдап айтып жатады, сөйлей береді, тоқтамай самбырлайды, өйткені оған сол кезде басқа адамдардың сөздерін есту үшін ешқандай тырысудың қажеті жоқ болады; ол әрдайым дерлік өзі жақсы білетін, науқастанып қалғандарын жанын сала күтіп, ынты-шынтымен емдейтін фермерлердің өмірінен көңілсіз әлдебір жайттарды көңірсітіп отырады. Ол фермаларда қарттарды қалай аштан қатыратыны, өлгенше жұмсайтыны, мүгедектерді ешқандай күтімсіз қалдыратыны және әйелдерді жұмысқа салып қалай қанайтындары туралы әңгімелейтін. Ол жергілікті қарадүрсін диалектіде адамдардың ең қатыгез сөздерін рақаттана жеткізер еді. Расын айтқанда, ол күллі әлемде тек мені ғана жақсы көретін, ал мен оның алдымда бәтеңкемнің бауын ағыту, аяқтарымнан шұлықтарды шешіп, аяқ-басымды кәртамыс қолдарымен жылыту үшін тізерлеп отыратынын міндеті санайтынмын.
Егер келесі күні таңертең Сен — Клерге баруы қажет болса, қандай өкім болады деп Бальон келіп кетеді. Клара апай оған жүктелетін сатып алынуы тиіс нәрселер мен тапсырмалар тізімін жасап, күллі Аржелуздағы науқастардың бөрінің дәрілік қағаздарын беріп жатып: "Алдымен дәріханаға кіріңіз — осы дәрі-дәрмектердің бәрін дайындау үшін оған тұтас күннің өзі жетпейді...", — деп тәптіштейді.
Менің Жанмен алғашқы кездесуім... Бұл жерде бүкіл мән-жайды, әрбір ұсақ-түйекті еске алу қажет. Мен бір кезде Анна екеуіміз бесіндік тамақ ішкен, оның айтуынан маған белгілі болғанындай, Азеведомен кездесіп жүрген аңшының сол бір тастанды күркесіне бас сұғуға ұйғардым. Жоқ, ол жерді қасиет түту менің тіптен ойымда жоқ. Жай, сол маңда қарағайлар биік өсіп кеткендіктен ол жерде кептерлерді анду мүмкін болмай қалыпты, сондықтан аңшыларға кедергі жасаудан қорықпауға болатын. Лашық олар үшін жарамсыз еді: оның төңірегінде өсіп кеткен орман көкжиекті жауып тұратын; олжасын аңдып жатқан аңшы зәулім қарағайлар қатары арасынан үйірдің ұшып келгенін көретін аспанның кең жолағы көрінбейді. Қазан айының күні әлі күйдіріп тұрғанын, маған құммен жүру қиын болғанын әрі шыбындар маза бермегенін де ұмытпау керек. Ал ішімді көтеріп жүру маған қандай ауыр еді! Лашықтағы тозық орындыққа құйрық басып демалғанды жөн санадым. Мен есікті ашқан кезде одан тақыр бас әлдебір жас жігіт шыға келгені; Жан Азеведонды бірден тани кеттім және әуелгіде ынтық кездесуге кедергі жасадым ба деп ойладым, оның жүзі ұялыңқы еді. Менің кеткім келгені сол-ақ екен, бір ғажабы, ол мені қалай кідіртуді ойлапты: "Жо-жоқ, кіріңіз, сіздің маған еш кедергі жасамағаныңызға ант ішейін", — деді. Ол лашықтың ішінде болып жатқан нәрсе сырттан көріне ме деп неге сұрады? Мен оның қиылып сұрауымен ішке ендім де, онда ешкімнің жоқтығына таңғалдым. Мүмкін бақташы қыз басқа есіктен сытылып кеткен болар? Бірақ бір талдың да сынған тысыры естілмеді. Ол да мені танып, бірден Анна туралы айта жөнелді. Мен отырдым, ол суретіндегідей кейіпте түрегеп тұрды. Мен оның жеңіл көйлегіне қарап, суретінде түйреуішпен тесіп өткен кеудесіндегі жер қайсы екенін аңдауға тырыстым; мен оған әуестікпен, бірақ ешқандай толқусыз қарадым және Аннаның маған жазғанын еміс-еміс есіме алдым: "Мен алақанымды оның кеудесіне — жүрегі лүпіл қаққан жерге қоямын... ол мұны аймаласудың ең мүмкін шегі... , — деп атайды..." Ол сұлу ма еді? Жалтыраған қасқа маңдайы, оның тұқымына тән мақпал көздері, толыса бұлтиған жақтары және шүпірлеген безеулері, ең бастысы — бозбаланың қаны ойнағандығының белгісі — ол менімен қол алыспас бұрын асығыс қол орамалымен сүрткен ылғал алақандары. Бірақ көздері мен жалындаған жанары ғажап еді. Маған оның үлкен аузы да, сәл ашылған өткір тістері де ұнады, ыстықтаған жас төбет тәрізді тілін салақтатып жіберетіндей де көрінген. Ал мен қандай едім сонда? Есімде қалғаны — Дескейрулер отбасының рухына толық сай келгенім. Мен оны "абыройлы отбасына ылаң мен жанжал әкелгенімен" айыптап, өктем сөйлестім. Оның еш қулықсыз таңырқағаны еске түседі — бозбала шын көңілден қарқылдай күлген еді: "Мені Аннаға үйленгісі келетіндей қиялдайсыз ғой? Соншалықты әспеттейді деп пе едіңіз?" Мен қайран қалдым және ынтызарлы Анна мен мынау селқос бозбала арасында қандай терең шыңырау жатқаны маған бірден түсінікті болды. Ол өзеурей қорғанды: әрине, сондай көркем қыздың арбауына қалай түспеске. Бірақ ойнап-күлуге тыйым жоқ қой, міне сондықтан да бұл жерде некелесу туралы сөз болуы мүмкін де емес, зиянсыз көңіл көтеру ғана. Өзі, әрине, Аннаға ниетін құптайтындай сыңай көрсеткен... Мен оны өктемдікпен үзіп тастағанында, ол өзінің әдептен аспағанын Аннаның өзі дәлелдей алады — мен еш уақытта тым терең кеткен жоқпын деп қызулана қарсыласты. Түптеп келгенде, де ла Трав бойжеткен бәлкім өзінің бүкіл сүреңсіз өмірінде жалғыз рет сағаттар бойы басынан кешкен осынау шын іңкәр ләззат үшін бұған қарыздар болар... "Сіз айтасыз, ол жапа шегіп жүр деп, бірақ маған сенсеңіз, бұл оның тағдырдан күткенінен әлдеқайда жеңілірек. Мен сізді естігендерім бойынша білемін және осының бәрін сізге айтуға болады деп сенемін, өйткені сіз осы жердің тоғышарларына ұқсамайсыз. Сен — Клерлік көне кемеге мініп көңілсіз сапарға жүзіп кетер алдында мен Аннаны алуан сезімнің және алабұртқан арманның қорымен жабдықтадым, сол оны мүмкін жанкештіліктен, тым болмағанда топастанудан құтқарар". Мынау шектен шыққан көкіректік, мына сипаттау менің жыныма тиді ме әлде тіпті қайта маған ұнады ма, қазір есімде жоқ. Иә, расын айтқанда, оның шапшаң сөйлейтіні сондай, мен бастапқыда осы көп сөзділіктен мағынаны шала ұқсам да, бірте-бірте оған үйрендім. "Қалай! Сіз мені осындай некені жарата қояды деп ойлайсыз ба? Мына құм далаға зәкір тастап немесе өз иығыма салмақ салып, мақау қызды Парижге соңымнан ертіп алып бармақпын ба? Аннаның сүйкімді бейнесі, әрине, менің жадымда қалады, мен осында нақ соны ойлап отырғаным сәтімде кенет үстімнен түстіңіз... Бірақ адамның бір жерді шиырлап жүріп қалғаны жөн бе екен? Адамға осыған дейін бастан кешкендерінің әрбір сәті ерекше қуаныш әкелуі тиіс.
Бір адамның бойында осынау жас хайуанға тән құштарлық пен күмәнсіз ақылдың үйлесуі маған сондай ерекшелік болып көрінді де, мен оның сөзін үзбей тыңдай бердім. Қайран қалып, көзім тұнды. Рас, арзан жылтыраққа екен!
Бірақ көзім қарыққан еді. Табынның жақындап келіп қалғанын білдірген қойлар тұяғының үздіксіз тысыры, қоңыраулардың сыңғыры, бақташылардың бұрқыраған айғайы есімде қалыпты. Мен ол бозбалаға мына лашықта екеумізді байқаса, әбес көрінуі мүмкін екендігін айттым; мен оның: "Кетпеңіз, кәне, тығыла тұрайық, сөйтіп табын өтіп кеткенше тып-тыныш күтейік", — деп жауап қатқанын тіледім. Біздің бейне бір қос сыбайлас сияқты үн-түнсіз күткенімізге қуанышты болар едім. Кенет менің де аңсарым ауып, әрбір сәт маған да тәтті ләззат бергенін қаладым. Бірақ Жан Азеведо сөзге келместен лашықтың есігін ашты да, сыпайы ысырылып, мені алға өткізді. Ол қарсы еместігіме көз жеткізіп барып, мені Аржелузға дейін шығарып салды. Маған біздің жүрісіміз жылдам сияқты керінді, бірақ осы уақыт ішінде менің серігім өз әңгімесінде талай тақырыпты қозғап үлгерді! Ол мен жақсы білемін деп ойлаған жайттың өзін жаңа қырынан сипаттап берді. Мысалы, ол дін туралы айтқан кезде мен, әдетте, үйде айтатынымды айттым, ал ол мені үзіп: "Иә, иә, әрине... бірақ бұл әлдеқайда күрделі ғой...", — деп қойды. Ол пікір таласымызда өзінің төтендігімен мені қайран қалдырған уәждер келтіріп отырды. Ал таңдай қағарлықтай не айтылды сонда?.. Ол мені қарық қылған қойыртпақты мен қазір де қайталап айта алатын сияқтымын — мен: ең бастысы — өзіңе-өзің тереңдеп бойлау, Құдайға құлшылық ету, — деп мәселені әріге тіредім. Ал ол: "Ескілікке шырмалған, бәрін білем деп кісімсіген, мүлгіп жата беру үшін өзіне ін қазып алған жерінде бір орында үйелеп қалған адамдардан өлім қаупінен қашқандай кемеге мініп теңіз кешіп кете аласың ғой. Мен оларды көпке дейін жек көріп жүрдім...", — дегені.
Ол менен Рене Базеннің "Фуко әкейдің ғұмыры" деген кітапты оқыдыңыз ба деп сұрады. Мен құптағандай күлкімен жауап қаттым. Сонда ол бұл кітап өзін қайран қалдырғанын айтты. "Қауіп-катердің арасында өмір сүру, осы сөздердің терең мағынасында алғанда, — деп жалғастырды ол, — бұл адамның іздеп жүргенін емес, Құдайға табынғанын, оған құлшылық ете отырып, оны төңіректейтінін білдіреді..." Ол "дәруіштердің тірлігіне" таңдай қақты, олардың өмір салтын алуға мойын бұрғыза бермейтін өзінің тоңмойын болмысына шағынды, — "тіпті өзімнің балаң шағымды есіме алсам да пәк тұрқым ойыма түспейді", — деді. Бәрін ақтарып салған мына ашықтық, мынау жеңілдік біздің әрқайсымызға өзіміздің ішкі сырымызды сыртқа шығартпайтын далалық тұйықтыққа, үндемеушілікке қарағанда, расын айтқанда, тіпті қызық та көрінді! Сен — Клердегі өсек-аяң көбінесе сыртқы мән-жайға қатысты болады да, жүрегіміз ылғи тұйық қалады ғой. Шынтуайтына келгенде, мен Бернар туралы не білемін? Мүмкін оның мен оны білемін дейтін келемеж келбетінен бөлек әлдеқайда мәнді, әлдеқандай өлшеусіз маңызды бір қасиеті бар шығар. Жан сөйлеп келеді, ал мен үнсіз тыңдай бердім, ауызға тек өзіміздің кәдімгі сөз саптауымыздың таптаурын тіркестері ғана келеді. Біздің құмдақта арбаны ылғи "арнаға сай етіп", яғни дөңгелектерін жүрілген жол атымын дөп түсетіндей кең алыммен жасайтыны сияқты, менің барлық ойым бұған дейін әкемнің және ата-енемнің арнасымен жүріп келіпті. Жан Азеведо жалаңбас келе жатты, боз-баланың тар кеудесі мен тым жуан мойнын үшбұрыш саңылау жасай ашып тұрған оның жағалы көйлегі әлі күнге көз алдымда. Мен оған елігіп кеткенімді сездім бе? О, құдайым-ай, жоқ! Бірақ, міне, маған бірінші рет ең маңыздысы — парасатты өмір деп есептейтін адам кездесті. Ол өз ұстаздарының есімдерін атады, өзінің париждік достары туралы баяндады, олардың сөздерін айтты, кітаптар жөнінде әңгімеледі, мен оны әлдебір ғажайып жан екен деп есептей қоймағаныммен, ол өзін "нағыз өмірді сүріп жатқан таңдаулы ақыл-ой иелерінің" мол қатарына енгізді. Мен оларды білмеуім мүмкін-ау деп ойламастан, ол әлдебір есімдерді атап жатты, ал мен оларды өмірімде бірінші рет естіп тұрғанымды білдірмеген кейіп таныттым.
Жол бұрылысынан кейін Аржелуздың қара бидай егістігі көрінгенде мен еріксіз: "Келіп қалдық!"— деп дауыстап жібердім. Астығын жинап алған осы сидам алқапта от қойылған арам шөптердің түтіні шығып жатты; жол жиегіндегі еңіс арқылы ластанған сүт ағыны сияқтанып қой отары жылжып келеді және одан өте сала қойлар шөп орнына құм иіскегендей шашырай жөнелді. Жанға алқап арқылы өзіне Вильмежаға кету керек болатын. Мен оны шығарып салуға ұйғарып: "Бұл мәселелердің бәрі мені өте қызықтырады", — дедім. Бірақ кенет бізде айта қоярлықтай еш әңгіме болмай қалды. Алқапта сабақтардың өткір ұштары сандалымнан өтіп, аяғымды ауырта кіріп-кіріп кетті. Жан тезірек бір өзі қалып, еш кедергісіз өз ойымен өзі болғысы келгендей көрінді. Мен біздің әлі Анна туралы сөйлесіп бітпегенімізді оның есіне салдым. "Біз әңгімелесу үшін де, иә, ойласу үшін де тақырып таңдауда ерікті емеспіз бе, онда дәруіштерді қош көріп, солардың қағидасымен жүру қажет болар..., — деді ол маңыздана. — Біз сияқты адамдар үнемі ағыспен ағады, кедергісі аз жолмен ғана жүреді". Бір сөзбен айтқанда, ол бар ойын сол бір кезеңде оқыған кітаптарынан келтірді. Біз Аннаны қайтеміз дегенді талқылау үшін тағы да кездесуге ұйғардық. Ол шашыраңқы сөйледі, кенет менің қойған сұрағыма жауап қатпастан еңкейді де, әлдебір балалық шаттықпен маған ақ саңырауқұлақты көрсетті, оны иіскеді, сонан соң ши қалпағын ерніне қыстырды".
VII
Бернар Терезаны есік алдында күтіп отырды. "Менен ештеңе таппады! Ештеңе! — деп дауыстады ол ымыртта мұның сұлбасын көріп. Қарашы, менің мына кейпіммен де қан аз болады екен! Айтса сенгісіз, бірақ ақиқаты солай! Сырт көрініс алдамшы деген осы. Енді емделуді бастаймын... Фаулер тамшысын ішемін — оның құрамында күшала бар. Маған қайтадан тәбетімнің ашылғаны өте керек..."
Терезаның есінде, бастапқыда бұл өзінің шіміркенгенін тіпті сезінген де жоқ: Бернардың қылықтарының бәрі әдеттегіден ерек мұның қытығына тие қоймады (оның сөздерді мен самбырлағандары алыстан талып жеткендей болды). Бұл оны естімеді, бұл енді жан-тәнімен басқа әлемге-құштар жандар өмір сүретін, әркім бір ғана нәрсені — тануды, қанығуды және Жан терең қанағаттанғандық кейіппен нығырлағанындай, "әркім өзімен-өзі" болуды қалайтын әлемге ұмтылмақ еді. Бұл дастарқан үстінде онымен кездескені туралы айта бастағанда Бернардың даусы шығып кетті: "Маған, неғып бірден айтпадың? Дегенмен, сен қызық әйелсің! Иә, қалай? Не туралы келістіңдер?"
Тереза аяқ астынан жоспар ойлап таба қойды, оны кейін, расында да, өздері жүзеге асырды: Жан Азеведо Аннаға хат жазады, онда жұқалап отырып оның үмітін біржолата үзеді. Ол жігіт Аннаның қолынан ұстауға соншалықты іңкәр еместігін Тереза хабарлағанда Бернар жек көре қарқылдады. Азеведо деген қайдағы біреу де ла Трав бикешке қол жеткізуді армандамайды екен, ә! "Сен есіңнен шатасқан шығарсың? Ол бұл жерде ештеңе шығара алмайтынын біліп отыр, ал ол алаяқтар өздерінің беті қайтарын күні бұрын сезіп отырғандықтан, тәуекелге бара қоймады. Көгершінім, сен әлі қандай аңғал едің".
Бернар масаға байланысты білте шамды жақтырмағандықтан, өзін Тереза қандай жек көре қарағанын байқаған жоқ. "Менің тәбетім қайта ашылды", — деді ол Бордоға бекер бармапты — доктор оның өмірін жалғады.
"Жан Азеведомен жиі жолықтым ба? Ол Аржелуздан қазанның аяғында кетті... Біз бес-алты мәрте бірге қыдырдық. Біз ол екеуміз ойласып Аннаға хат жазған сейіл туралы айрықша айтуым керек. Аңғал бозбала жанға батпайтындай сөздер іздеді, бірақ мен оған бұл туралы айтпағаныммен, ол сөздерінің бүкіл қатыгездігін сезініп тұрдым. Біздің кешегі қыдырғандарымыз есімде бұлыңғыр қалыпты. Жан Азеведо маған Парижді, өз жолдастарының ортасын сипаттады, мен бір ғана заң: өзіңмен-өзің болу үстемдік ететін оның әлемін елестетуге тырыстым. "Сіз бұл жерде өмір бақи жалғандыққа белшеден батасыз". Ол мұны неге айтты? Әлде бір астары болды ма? Ол менен нені күдіктенді? "Сіздің мына тұншықтырар ахуалға қалай төзетініңізді елестете алмаймын, — деп салды ол — Мынау байтақ та біркелкі кеңістікке, бүкіл жан біткенді құрсаулап жатқан анау мұз басқан батпаққа қараңызшы! Кейде жарықшақ пайда болып, қара су көрінеді: әлдекім соңғы күшін сарқып тырмысқанымен, тұңғиыққа батып кетеді де, мұз қабыршақ қайта жабылып қалады... барлық жердегі сияқты мұнда да әркім өз пешенесімен дүниеге келеді, бар жердегі тәрізді әркімнің өзіндік тағдыры бар; бірақ тақсыретке жұртпен бірдей көндігуіңе тура келеді; кейбіреулер бұған қарсы шығады, міне, сонда іштерінен қан жұтқандарымен, қадірлі отбасыларында ол туралы жұмған ауыздарын ашпайды. Әлгі айтыла беретініндей: "Үндемеу керек..."
"Бұл рас!" — деп айғайлап жібердім мен. Біздің әлдебір туысымыз — суреттері барлық альбомнан жоғалып кеткен немере атам немесе әжем туралы сұрағанымда мен ешқашан жауап ала алған емеспін; тек біреуі жайлы ғана: "Ол кетіп қалды... оған кезін жоғалтуға мәжбүр етті..." деп айтқан-ды.
Жан Азеведо менің де басыма осы келеді деп қауіптенді ме екен? Ол Аннамен мұндай нәрселер туралы әңгімелесу ойыма да келмес еді, — деп сендіріп бақты, — өйткені ол қыз өзінің бұған деген өршіл сүйіспеншілігіне қарамастан, өте қарапайым, өзі үшін табандап тұра қоюы екіталай және көп ұзамай ауыздықталатын, аптығын басатын болады. "Бірақ сіз! Әр сөзіңізден мен сіздің жұтаңданып қалғаныңызды, сіздің қалай тойымсыз құштарланатыныңызды, өрекпитініңізді сеземін..." Біздің сөздерімізді Бернарға дәлме-дәл жеткізу қажет пе? Оны бірдеңе түсіне қоюға шамасы бар деу іс жүзінде аңғалдық болар еді! Менің күрессіз беріле салмағанымды ол, дегенмен, біліп қойғаны жөн. Бірде мен ол бозбалаға сен жылтыр сөздермен адамгершіліктің азғындауын еш жиіркенбей қабылдауды бүркемелейсің деп қарсы айтқаным есімде. Мен тіпті бізге лицейде айтылған адамгершілік уағыздарына жүгіндім. "Өзіңмен-өзің болу? — деп қайталадым мен. — Бірақ бұл өз өмірімізді өзіміз қалай сүретініміз хақында ғана болуы мүмкін". (Бұл ойды өрістетудің қажеті жоқ, бірақ Бернар үшін оны өрбіткен жөн-ақ болар еді.) Жан Азеведо өзіңнен-өзің бас тартқаннан жаман құлдырау жоқ деп өзеуреді. Өз болмысын еңсеру үшін бүкіл ерік-жігерін жұмсамаған және талай мәрте қайрамаған бірде-бір қаһарман, бірде-бір тақуа табыла қоймас деп мәлімдеді ол. "Құдайды табу үшін өзіңді-өзің жеңуің қажет", — деп нығырлады. Және айтқаны: "Өзіңді-өзің еңсеру — бұл біздің ең сұңғылаларымызды өзімен-өзі күресуге, бірақ ашық, қулық айла-шарғысыз адал шайқаста күресуге міндеттейді. Және азаттыққа қол жеткізген ол құлдардың өз бастарын ең бұйығы дінмен байланыстыратын жағдайлары талай болып жатады".
Мұндай иманшылдықтың қаншалықты негізді екені туралы Бернармен сөз таластырудың қажеті жоқ, қайта мұның бәрі болымсыз сопылық екеніне онымен келіскен жөн, бірақ ол бұл сөздер мен сияқты қарабайыр әйел үшін қандай тартымды болғанын және Аржелузда өзіміздің асханамызда әр кеш сайын нені бастан кешкенімді түсінгені артықтық етпес еді. Жанымда ас үйде Бернар аңшы етігін шешіп, аңшылығы сәтті өткенін, қандай олжа әкелгенін айтып жатты. Үстел үстіне тастай салған қапшық ішінде ұсталған кептерлер тыпырлап, оны қампайтып жіберді; Бернар өзіне тәбеті оралғанына қуана, асықпай тамақтанды, сонан соң Фаулер, тамшыларын тұшырқана қағып салды. "Денсаулық деген осы" деп қойды ол. Тас ошақта ағаш лапылдап жанып жатты, Бернарға шарабын ішіп отырған күйі үйдегі киіз кебісті киіп алған аяғын отқа созуы үшін өз орындығын жылжытса болды еді. Оның қолында "Птит Жиронд" шарабы, бірақ көзі ілініп кетіпті. Ол кейде қор-қырағанымен, көбіне тыныш тыныстайды, онысы естілмейді. Бальонның әйелі ас үйде аяғын сыртылдақ тәбішкемен сырт-сырт басады, ол кейін шырағдан әкеліп қойды да тыныштық, Аржелуз тыныштығы орнады! Біздің меңіреу өлкеде болмаған жан тыныштықтың не екенін біле қоймас: түнде бәрі де жай таба қалатын ормандағы сияқты ол қою зілімен үйді меңдеп алады, тек кей-кейде үкі шақырады (міне, сол қараңғылықта әлдекімнің еңірегені естілгендей болады).
Осы жегі тыныштықты мен әсіресе Жан Азеведо жүріп кеткеннен кейін қатты сезіндім. Оған дейін мен күндіз онымен қайта кездесетінімді білетінмін, оның болуы терезе сыртында қоюлана түскен түнекті елеусіз етті; Жанның таяу маңда ұйықтап жүргені, оның рухы бүкіл меңіреу дала мен түнгі қапасты серпіп тұрады. Міне, ол Аржелуздан аттанып кетті, біздің қоштасар кездесуімізде бір жылдан кейін жолығамыз деп уағдаластық және ол уақытқа дейін менің азат болатыныма үміт білдірді. (Шынымды айтсам, ол мұны ойланбай айта салды ма, әлде бір астарлы оймен айтты ма, білмеймін. Бұл париждік жігітке біздің тыныштық, біздің аржелуздың айрықша тыныштығы төзгісіз болып кетті— ау және ол мені өзінің жалғыз тыңдаушысы ретінде қадірлесе керек деген ойға бейілмін). Бірақ біз екеуміз қалай айырылыстық, мен бейне бір түпсіз, барған сайын түнек меңдеген, меңіреу басқан тұңғиыққа енгендей болдым. Шыға аламын ба, самал леп жұта аламын ба әлде сонда тұншығып қала беремін бе? Мен қаңтарда босанғанға дейін еш оқиға бола қойған жоқ..."
Осы жерде Тереза Жан кеткеннен кейін үшінші күні Аржелузда өз үйінде болған жайттан ойша қашқақтап, кібіртіктеді. "Жоқ, жоқ-жоқ! — деп ойлады ол. — Мұның қазір мен Бернарға түсіндіруге тиіс нәрсеге еш қатысы жоқ қой. Ешқайда апармайтын соқпақпен сандалып уақыт жібере алмаймын". Бірақ адамның ойы өршіл ғой, оның бет алғысы келген жағына ұмтылуына тосқауыл болу мүмкін емес: Тереза қазан айының сол бір кешін ойынан шығарып жібере алмады. Екінші қабатта ұйқы бөлмесінде Бернар шешініп жатты. Тереза төменде ағаштың жанып бітуін тосып отырған, сонан соң бұның жоғары шығуы керек, ал әзірше бір сәт болса да жалғыз қалғанына қуанышты еді! Қазір Жан Азеведо не істеп жатыр екен? Мүмкін ол бұған әңгімелеген шағын шарапханасында шалқып отыруы, мүмкін өзінің досымен бірге автомобильмен Булон тоғайының бос жолдарымен қыдырып жүруі (өйткені түн сондай жылы еді). Мүмкін жазу үстелінде жұмыс істеп отырған шығар, ал Париж алыста тынымсыз гулеп жатыр. Жан тыныштықты өзіне-өзі жасай алады, оны улы-шулы дүниеден тартып ала алады; жым-жырттық оған Терезаны тұншықтырған меңіреуліктей сырттай таңылған емес; Париждегі тыныштық қолдан жасап алуға болатын шаруа, ол білте шам жарығынан, сөрелерге қойылған кітаптардан әрі жайылмайды... Міне, Тереза не туралы ойлап отырды. Кенет есіктің сыртында ит үре жөнелді де, іле қыңсылай кетті, дәлізде естілген таныс, сондай әлжуаз үн төбетті тыныштандырды — Анна де ла Трав есікті ашып кіріп келді; ол қараңғы түнде Сен — Клерден жаяу жетіпті; оның кебістері баттасқан лас еді. Кішкентай, әбден жүдеу тартқан жүзінде көзі жәудірей жылтырайды. Қыз орындыққа қалпағын тастай бере: "Ол қайда?" — деп сұрады.
Тереза мен Жан хат жазып, оны поштамен жөнелтіп, іс бітті деп шамалаған-ды — бірақ олар Анна өз бақытынан бас тарта қоймайды деп еш ойламапты. Адам өз өмірі туралы сөз болып тұрғанда қисынды уәждер мен пайымдауларға көне қояр ма екен! Аннаға шешесінің қадағалауынан сытылып, пойызға отырып, тартып кетудің сәті түсіпті. Аржелуздың қараңғы жолында аспан мен қарағайлар басы арасынан сыналаған боз жолақ оған жолын сілтеп алып келген. "Қалай болғанда да онымен жүздесуім керек. Егер біз жолықсақ, мен қайтадан оның бетін қарата аламын. Онымен көрісуім қажет". Сөйтіп Анна сүрініп-қабына, ой-шұқырға аяғын тығып, майыстыра ұмтылған; ол Аржелузға жетуге бар мұршасымен жанталаса асыққан. Солай жеткенде Тереза Жан кетіп қалды, ол Парижде деп қарап тұр. Анна сенген жоқ, басын шайқай берді. Жоқ, олай болуы мүмкін емес, бұл төзе алмайды, бұл қазір осы жерде қажудан және арпалысудан құлап түседі.
— Сен алдап тұрсың! Сен ылғи жалған сөйлейсің!
Тереза бұл сөзге ашуланған кезде Анна бастырмалатып жіберді:
— Иә, міне, біздің отбасы рухының сені меңдеп алғаны-ай! Сен өзіңді еркіндікті сүйетін әйел етіп көрсеткің келеді... Ал іс жүзінде, қалай байға тидің, солай отбасына айналшақтап қалдың... Иә, солай, сен әрине, жақсылық істедім деп ойладың — менің игілігім үшін мені саттың, құтқарғың келеді, рас па? Түсіндірмесең де болады, онсыз да бәрі түсінікті.
Ол шығар есікті итеріп жіберді. Тереза:
— Қайда барасың? — деп сұрады.
— Вильмежаға, оған.
— Мен саған айттым ғой, оның одан кетіп қалғанына екі күн болды.
— Саған сенбеймін.
Ол шығып кетті. Сонда Тереза дәлізде ілгекте ілулі тұрған шамды жақты да, оның артынан жүрді.
— Анна, сен жаңылыстың, бұл Биуржге баратын жол, ал Вильмежаға ана жаққа қарай бұрылу қажет.
Бұлар шалғын үстінде көтерілген тұман белдеуі арқылы өтті. Иттер оянып кетті. Ақыры Вильмежа мекеніне де жетті; жоқ, бұл ұйқыдағы үй емес, өлі қоныс. Анна осынау қаңыраған мәйітхананы айнала жүріп тарсылдатты, есігін жұдырығымен соққылады. Тереза шамды шөп үстіне қойып, орнында тапжылмай тұрды. Құрбысының көлбеңдеген сұлбасы төменгі қабаттың әр терезесіне еңкейе жанасқанын көрді. Анна сүйіктісінің есімін атағанымен, айғайламайды, оны шақырмады, бекершілік екенін білетін сияқты. Ол бірер минут көрінбей кетті — үйдің сыртын айналды, сонан соң қайта келді, есікке тағы барды, баспалдаққа түсіп отырды да, қолдарымен тізесін құшақтап, оған бетін төседі. Тереза оны зорлап орнынан тұрғызып, жолға алып шықты. Анна теңселе басып келе жатып: "Ертең таңертең Парижге кетемін. Париж соншалықты орасан емес, мен Парижде тауып аламын...", — деп қайталай берді. Бірақ ол мұны бұдан әрі қарсыласуға дәрмені жоқ, мойынсұнуға әзір, қалжыраған баладай айтып келе жатты.
Бұлардың даң-дұң дауыстарынан оянған Бернар желеңін жамылып, қонақжайда күтіп отыр еді. Қарындасы мен ағасының арасында болған жайт туралы Тереза ойынан шығарамын деп бекер әлектенді. Қажыған қызды қолынан дөрекі қысып ұстап, басқышпен үшінші қабатқа сүйреген, ұйқы бөлмесіне итеріп жіберіп, есігін құлыптап қойған күйеуің, — сол Бернар енді екі сағаттан кейін сенің де биің болады Тереза. Отбасының рухы оны қайраттандырады, қандай да бір әрі-сәрі күйге түсіп жатпайды. Бернар кез келген жағдайда отбасы мүддесі үшін не істеу керектігін біледі. Міне, сен көңілсіз әрі қауіптене ұзақ-сонар қорғану сөзін дайындап әлексің, бірақ ұстанымы жоқ жандар ғана басқалардың уәжіне көнуі мүмкін. Бернардың сенің ақталуыңа түкіргені бар: "Маған не істеу қажеттігін өзім шешемін" дейді ол Иә, ол өзі қайткені жөн екендігін әрдайым пайымдай алады. Егер кейде сасып қалса, онда: "Біз мұны отбасы ортасында талқылап, осылай ұйғардық..." дер еді. Ол саған әлі үкім шығарып қойған жоқ деп қалай ойлайсың? Сенің тағдырың біржолата шешілген, одан да көз шырымын алуға тырыс.
VIII
Аннаны мойын сындырып, де ла Травтар Сен — Клерге әкеткеннен кейін Тереза босанғанша ешқайда шықпастан Аржелузда тұрды. Міне, сол кезде бұл тым-тырыс дегеннің не екенін қарашаның ұзақ түндерінде шындап сезінді. Бұның Жан Азеведоға жолдаған хатына жауап келмеді. Сірә, ол ел ішіндегі әлдебір әйелмен өнбейтін хат алмасудың қажеті жоқ деп ұйғарса керек. Оның үстіне мұның аяғы ауыр, бұдан соншалықты қызықты әңгіме өрбімейді ғой. Мүмкін енді қашықтан қарағанда Тереза ол мақау жігітке тұшымсыз көрінген болар? Ол үшін, әрине, әйелдің қылымсыған қылықтары мен ерке назы әлдеқайда тартымдырақ! Ол мұның сол бір алдамшы қарапайымдылығын, өзіне тура қараған жанарын және әрдайым бекем қимылын түсіне алмағаны да? Сірә, ол бәрін тастап өзімен қашуға әзір болған Анна сияқты, бұны да өзінің сөзіне жармаса кетер деп есептеді-ау. Жан Азеведо қайтымы тез әйелдерге сенбесе керек, өйткені тықсырушы адам алданып бейқам қалады. Оны бәрінен бұрын жеңіске жету, жеңісінің жемісін көру үрейлендіреді. Тереза осы бозбаланың жан дүниесін ұғуға тырысты. Бірақ Жанның таңдайын қақтырған, бұл Бордодан алған әлгі кітаптар бұған түсініксіз көрінді. Бұл мейлінше алаңсыз өмірін сүріп жатты. Болашақ дүниеге келетін баласына қам жасау ойына кіріп те шықпайтын, "бұл оның қолы емес" деп мысқылдады де ла Трав ханым. Деревняларда қаншама әйел толғақ үстінде қайтыс болып кетіп жатады. Тереза өз анам сияқты өліп кетермін, маған өмір сүру жоқ, бұған кәміл сенімдімін деп, Клара апайын жыларман ететін. Және "өлгенде тұрған не бар" дегенді қосып қоятын. Қандай жалғандық! Бұл еш уақытта өмірге тап қазіргідей құштар болған емес, Бернар осыған дейін ешқашан бұған нақ осылай өбектемепті. "Иә, ол маған емес, менің ішімдегі тұқымына қамқорлық жасады. Ол өзінің ұнамсыз жергілікті сөйлеу мәнерімен: "Тағы да езілген картоптан алшы... Балық жеме... Сен бүгін тым көп жүріп қалдың..." деп бекерге бәйек болады. Онысы мені ешқандай толғандыра қоймайтын — өйткені жалдап алған емізуші әйелді де сүті жақсы болсын деп, осылай күтеді. Атам мен енем мені өздерінің болашақ ұрпағын көтеріп жүрген қасиетті ыдыс ретінде қадірледі, бірдеңе бола қалған жағдайда олар мені осы ұрпақтары үшін қиып жіберер де еді. Мен өзімді өз басым үшін өмір сүріп жатқан жан ретінде сезінуден қалдым! Мен жүзімдік бұтасы ғана едім: бүкіл отбасының көзіне менің бойымда жетіліп жатқан тұқым ғана маңызды болды.
Желтоқсанның аяғына дейін қара түнек үйде тұруға тура келді. Сансыз қарағайдың көлеңкесі аздай-ақ, толассыз жаңбыр біздің түнеріңкі үйдің маңын мың сан жыбырлаған айқыш-ұйқыш су жылғаларымен үсті-үстіне торлап тастады! Сен — Клерге қатынайтын жалғыз жол жүруге жарамайтындай болу қаупі туған кезде мені осы қалаға Аржелуздағы біздің жайдан гөрі жарығырақ басқа үйге алып келді. Үлкен алаңдағы кәрі ағаштар жел мен жаңбырға өз жапырақтарын әлі бере қоймапты. Клара апай менің жанымда күтушім болып Сен — Клерде тұрғысы келмеді — кемпір Аржелузда ғана тұра алатын еді, бірақ ол өзінің деревниялық пәуескесімен өте жиі, кез келген ауа райында келіп тұрды әрі маған бала күнімде сондай ұнатқан және оның ойынша мен әлі күнге жақсы көретін тәттілер: бидайдың бал қосылған сұр томпақ нанын, "фугас" немесе "румаджад" деп аталатын тәтті самсаларын алып келетін. Аннамен тек дастарқан басында көрісіп жүрдік, ол маған бір сөз де айтпайтын, көндіккен момақан кейіпте еді, бірден реңін жоғалтты. Артқа қарай таралып, тығыз жиналған шашы оның көріксіз қалқан құлақтарын ашып тұрды. Жас Дегилемнің аты ауызға алынбайтын, бірақ де ла Трав ханым Анна әлі "қойдым" деп айтпағанымен, бірақ енді қасарыспайды деп сендірген-ді. Аһ, Жан қалай бұл туралы дәл айтқан: бұны жүген салып, жуасыту үшін көп уақыттың қажеті болған жоқ. Бернар өзін беймаз сезініп жүрді, сондықтан қайтадан түскі тамақ алдында "тәбет үшін" деп бір-екі рюмка қағып жіберетін. Менің төңірегімдегі бұл жандардың әңгімесі не жайлы еді. Олар ғибадатхана священнигі туралы жиі сөз қылатын (біз нақ шіркеу үйінің қарсы бетінде тұратын едік). Бәрін, мысалы, кюре-пірәдардың неліктен бір күн ішінде төрт рет бір жаққа алаң арқылы кетіп, басқа жолмен қайтатыны қызықтыратын...
Өзінің Жан Азеведомен кейбір әңгімелері есінде жүрген Тереза осы әлі қартая қоймаған священникке енді әлдеқайда мұқият назар аудара бастады: ол мінәжат етуге келушілермен аз араласатын, сондықтан олар мұны өр көкірек деп есептеді: "Бұл жерде мұндай қылық жарамайды" десетін. Ол де ла Трав мырзаларға сирек те болса келген кезінде Тереза оның маңдайы ашық екенін, самайы бозғылт тартқанын аңғарды. Бұл адамның бірде-бір досы жоқ. Ол кештерді қалай өткізеді? Неліктен осындай өмірді қалады? "Ол барлық қағиданы қатаң сақтайды, — дейді де ла Трав ханым, — әр кеш сайын дұғасын оқиды, бірақ жүзінде иманы жоқ екенін білсеңіздер. Оны тақуа жан деп айта алмайсың. Ал біздің қайырымдылық қоғамымызды тіпті ескерусіз қалдырды". Кюре қоғамның қамқорлығымен ұйымдастырылған оркестрді таратып жіберді деп шағынды; ата-аналар оны жасөспірімдерді футбол кездесулеріне апармайтын болды деп ренжіді. "Оның кітаптан бас алмай отыратыны өте әдемі-ақ, бірақ бұнысымен ұзаққа бармайды, келушілерден айырылып қалады". Тереза оны тыңдау үшін бірнеше рет шіркеуге барды. "Қалай, қымбаттым, сізге не ой келді? Сіздің жағдайыңызда шіркеуге мінәжатқа келмеуіңізге де болады..." Священниктің уағыздары имандылық ұстындарын, қағидаттарын қамтығанымен, тартымсыз еді. Бірақ Терезаны оның даусының құйқылжуы, қимыл-қозғалыстары, басқалардан гөрі салмақтырақ көрінген кейбір сөздері қызықтырды... Аһ, ол мұның ойлары мен сезімдерінің ию-қию шатасуын шешуге көмектессе ғой, сондай елден ерек, ол да өмір тақсіретін тартқан жан-ау; ол өзінің іштей жалғыздығына діни киінген адам төңірегінде қалыптасатын бос кеңістікті қосып алған. Ол шіркеу ғұрыптарын күнделікті орындаудан қандай демеу тапты екен? Тереза мінәжат етуге жай күндері, шіркеуде түйір нанға тәжім етіп, мінәжат сөздерін күбірлеп отыратын қызметші бала мен священниктен басқа ешкім болмайтын кезде барғысы келді. Бірақ мұның әуестігі бүкіл отбасы мен қалашық тұрғындарына оғаш көрінер еді: бұны христиандыққа мойынсұныпты деп дабырлата жөнелер еді.
Тереза ол кезде қанша қиналғанымен, тек босанған соң ғана өзінің мұндай өмірге төзе алмайтынын сезінді. Сырт қараған жанға бұл ештеңемен көзге түсе қойған жоқ, мұны мен Бернардың арасында ешқандай жанжал болған емес, оның ата-аналарымен бұл өзін оның өзінен де гөрі кішіпейіл ұстады. Қасіреттің өзі де сонда — бет ашу үшін титтей себеп те, күнделікті күйбең тірлікпен өле-өлгенше жүре беруге кедергі жасайтындай көрініп тұрған бөгет те жоқ еді. Алауыздық туғызатын қақтығыс үшін әлдебір негіз болуы тиіс қой, бірақ Тереза Бернарды көбіне көрмейтін, ал оның ата-анасымен одан да сирек жолығады; оның үстіне олардың сөздері бұның құлағына жете бермейді, бұл олардың ескертулеріне құлақ асуды ойламайтын да еді. Өйткені бұлардың сөздері әр қилы шығады. Ең сорақысы — бұлар бір сөзді әр түрлі мағынада қабылдайтын. Ал егер әлдебір нәрсе Терезаның шын көңілінен аузынан шығып кетсе, онда отбасында бұл бет-жүзге қарамай айтып салғанды қалайды деген ұғымға сая салады. "Мен естімеген кейіп көрсетемін, — дейтін де ла Трав ханым, — ал егер ол өз дегенінен қайтпаса, мен оның сөздеріне мән бермей қоя саламын. Бізбен бұлай сөйлесудің жөні бола қоймайтынын ол біледі".
Дегенмен, де ла Трав ханым келінінің шәлкес қылықтарын зорға көтеретін: таныстарының сәби Мари аумаған анасы деп таңдай қаққанын Тереза ұнатпайтын. Мұндай жағдайда әдеттегі әзілдер ("Мұндай қыздан қалайша бас тартарсың..." деген сияқты) мұның өте жынын келтіретін, бұл барлық кезде бірдей онысын жасыра да бермейтін. "Ол маған еш ұқсамайды, — деп өзеурейді Тереза. — Қараңыздаршы, бұл қандай торы, көздері көмірдей қап-қара. Ал менің суретімді көріңіздер, мен ап-арық аққұба қызбын".
Бұл Маридің өзіне тартқанын қаламады. Анасы осы өзінің қан-сөлінен жаралған қылтанақтай қыздың еш жері ұқсамағанын тіледі. Содан да қалада Тереза Дескейру аналық мейірімнен жұрдай екен деген өсек-аяң қаулап кетті. Бірақ де ла Трав ханым Терезаныц қызын сүюі өзгеше деп сендіріп бақты. "Әрине, одан сәбиді қалай шомылдырып, жаялығын ауыстырып жатқанын қадағалауды талап етудің қажеті жоқ, — бұлай өбектеу оған тән емес, — бірақ оның тұтас кеш бойы бесік жанында отыратынын көріп жүрмін, тіпті темекі де тартпайды, ұйықтап жатқан бөбегінен көзін алмайды... Айтпақшы, біздің ғажап, өте жақсы әбжіл күтушіміз бар, оның үстіне Анна да осында. Ал Аннадан тамаша ана шығатынына ант ішуге болады!.." Және расында да, үйге сәби келгелі Аннаның өмірі өзгерген-ді. Бесік барлық кезде әйелді тартады ғой, ал Анна бөбекті қолына алғанда тіпті бақыттан шаттанып кетеді. Ол баланың бөлмесіне емін-еркін келіп тұруы үшін Терезамен татуласты, бірақ бұрынғы шуақты достықтан тек өбектеген дағдылы қимылдары мен сөздері ғана қалған еді. Анна Терезаның аналық қызғанышы оянуынан өте қорқатын: "Өйткені бөбек өзінің анасынан гөрі мені жақсы таниды: көрсе болды — ыржыңдайды. Өткен жолы Мари менің қолымда-тын, Тереза оны алғысы келіп еді, қыздың жылап, шыңғырып сала бергені. Ол анасынан гөрі мені анық жақсы көреді, тіпті маған ыңғайсыз", — дейді.
Анна ыңғайсызданбаса да болатын еді. Өмірінің бұл кезеңінде Терезаның жан дүниесі басқалардан қандай алшақ болса, қызынан да сондай аулақ-ты. Адамдарды да, заттарды да, өзінің тәнін де, тіпті жанын да бұл әлдебір елес іспетті, бейне бір әуеде қалықтап тұрған тұман арасында көрді. Міне, осы өңмен мен түстей күйде тек жалғыз Бернар ғана: оның іркілдеген денесі, маңқылдаған даусы, өктем үні, өзіне-өзі мәз кейпі жексұрын ақиқатқа айналды. Бұл болмыстан қалай сытылып кете алады... Жолы қалай? Және қайда барады? Алғашқы ыстық күндер Терезаға жайсыз әсер етті. Алайда, бұның ойында жасауға бейіл әлдебір әрекеттің ешқандай нышаны да жоқ-тын. Сол жылы не болды? Бұл ешқандай өрескелдікті, ешбір ұрыс-керісті есіне түсіре алмас еді, тек Құдай тәні күні таңертең бұл қақпақ арасынан саңылау арқылы крест шеруіне қараған кезде Бернар бұның көзіне айрықша жиренішті кейіпте көрінді. Бернар осы шеру ішіндегі жалғыз еркек екен. Көшеге әшейінде шауып жүретін қошақанның орнына арыстанды қоя бергендей, қалашық дем арасында қаңырап қалыпты... Адамдар бастарын жалаңаштамау немесе тізерлеп отырмау үшін үйді-үйіне тығылып-тығылып қалған еді. Тек қауіп сейілген соң ғана есік-тесіктер бірінен соң бірі ашылып жатты. Тереза көздерін тарс жұмып алғандай кейіпте және екі қолымен өзінің оғаш затын ұстап келе жатқан священникке ыждағаттап қарады. Оның еріндері жыбырлайды: осындай қасіретті кейпімен ол не деп жалбарынады екен? Оның артынан өкшесін ала маңғаздана басып "өзінің борышын орындаған" Бернар келе жатты.
Апта артынан апта өтті және осы уақыттың ішінде бір тамшы да жаңбыр жаумады. Бернар үнемі үрейде жүрді — орманның өртенуінен қорықты әрі қайтадан жүрегі ауыра бастаған еді. Луш жақта бес жүз гектар қарағай орман өртеніп кетіпті. "Егер жел солтүстіктен соққанда, онда Балисактағы менің қарағайларым құритын еді". Тереза бірдеңе тосты, осы ашық зеңгір көктен не күткенін өзі де білмеді... Мүмкін жауын енді ешқашан болмайтын шығар... Сөйтіп, күндердің бір күнінде айналадағы бүкіл орманды от жалмап, тіпті қалашықтың өзі жанып кетер. Құмдақ далада мекендер неге өртенбесін? Жалынның ылғи ағаштарды шарпып, адамдарға тимеуі қандай әділетсіздік. Дескейрулер отбасы апаттың себептері туралы ылғи сөз етіп, таласып жатты: мүмкін әлдекім сөнбеген темекі тұқылын тастай салған болар. Ал мүмкін бұл әдейі от қою шығар? Тереза түнде тұрып, еппен үйден шығып, аршагүл қаптаған орманға барады да, тұтатылған темекіні сонда тастай салады, таң алдында орасан түтін бұлты аспанға жетіп тұрады деп қиялдады... Бірақ ол бұл ойды серпіп тастады: қарағайларды жан-тәнімен сүйетін еді — бұл өзінің жек көрушілігін қарағайларға аудара алмайды.
Өзінің не істегеніне көзді ашып қарайтын сәт келді. Бернарға қандай түсіндірме бермек? Оған әр басқан қадамын есіне сала отырып, мұның бәрі қалай болғанын айтып беруден басқа ештеңе қалмады. Ол Мано маңын үлкен өрт жайлаған күні болып еді. Бүкіл отбасы асығыс-үсігіс таңғы тамақтанған асханаға бәрі жиналған еді. Біреулері от Сен — Клерден өте қашықта жанып жатқан сияқты деп сендірсе, басқалары дабыл қағар кез келді деп өзеуреді. Сол қапырық күні ауада жанып жатқан қара майдың иісі шығып тұрды, ал күн көзін ыс басып кетті. Терезаның көз алдына Бернардың түрі келді: ол Бальонға мойнын бұрып оның сөзін тыңдады, ал қою жүн басқан қолымен дәрі құтысын ұстаған үстінде ұстап тұрды, Фаулер тамшылары суға үсті-үстіне тамып жатқанын аңғармайды. Ол ұстағандағыны бірден қағып салды, ал ыстықтан мазасы кеткен Терезаның оған дәрі мөлшерін еселеп ішіп жібергенін айту ойына да келген жоқ. Бәрі үстелден тұрып кетті, тек бұл ғана осы бір абыржуға селт етпей, мына көрініске және өзінің жай-күйінен басқаның бәріне де селқос күйі пышақпен жас баданды еріне аршуын жалғастырып, қалып қойды. Дабыл қағыла қоймады. Бернар ақырында қайтып келді. "Тереза, сен абыржымай осы жолы дұрыс істепсің, — алыста Мано жақта жанып жатыр екен...", — деді. Сонан соң: "Мен тамшы дәріні іштім бе?" — деп сұрады және жауапты тоспастан ұстағанға дәрі тамызды. Бойкүйездіктен, шаршағандықтан болар, Тереза үндемеді. Сол минутта бұның ойына не келді? "Менің әдейі үндемей қалуым мүмкін емес!"
Алайда, түнде жүрегі лобып әрі гөй-гөйлеп жатқан Бернардың төсегі жанында доктор Педмэ күндіз не болып еді деп сұрағанда, бұл үстел басында не көргені жайлы тіс жармады. Ал өзіне күмән келтіртпестен, Бернар күшаланы көп қабылдап қойды деп, доктордың назарын аударуына болатын еді. Бұл мысалы: "Сол сәтте менің ойыма келмепті... Біз бәріміз осы өрттен қатты әбігерлендік... Бірақ қазір мен оның дәріні екі еселеп ішіп жібергенін растай аламын", — деген сияқты сөздерді айтуы керек еді ғой. Алайда, бұл үндемеді. Мұнда оны айту ниеті болды ма өзі? Мұның өзіне білдіртпей жанын жайлап алып, әлі орныға қоймағанымен, санасына сыналап енген қара ниет таңертеңгілік ас үстінде болмысының ең қойнауынан бас көтеріп шыға бастады.
Доктор кеткен соң бұл ақыры көзі ұйқыға ілінген Бернарға ұзақ қарап, ойлады: "Мұның содан ауырғанына айғақ жоқ қой. Мүмкін басқа белгілері білінбегенімен, оның соқырішегі жарылған шығар, жоқ... мүмкін жұқпалы тұмау болар". Бірақ бір күннен кейін Бернар аяғын басып кетті. "Бәрі содан болуы да әбден мүмкін екен-ау". Бірақ Терезаның бұған көзі анық жетіп тұрған жоқ еді, ал мұның сенімді болғысы келді. Міне, солай. "Мен жалмауыз әзәзілдің ықпалындамын деген ой менде тіптен болған емес, мені әуестіктік жетелегендей көрінді — рас, оны жүзеге асыру катерсіз емес еді. Бірақ бірінші күні мен Бернар асханаға келгенге дейін дәріні оның ұстағанына тамыздым да, өзіме-өзім: "Тек анықтау үшін бір рет қана... сонда мен ол әлгіден ауырды ма дегенді білетін боламын. Жалғыз-ақ рет — сонымен бітті" деп іштей қайталадым.
Пойыз жүрісін баяулатып, ұзақ дабыстады, содан соң қайтадан жылдамдатып жүріп кетті. Қараңғылықта екі-үш от қана көрінді: келесі Сен — Клер стансасы. Терезаға енді талдайтын ештеңе қалған жоқ: бұл қылмыстың үйіріп алатын тұңғиығына осылай қойып кетті, қылмыс мұны тартып әкетті; бұдан әрі не болғанын Бернар мұның өзі сияқты жақсы біледі; оның науқасы қайта шықты да, Тереза оны күні-түні күтті, өзінің де қайраты қажыды. Ол кезде бұл бір түйір нан да сіңіре алмайтын. Бернар тіпті мұны Фаулер тапшыларымен емделіп көруге үгіттеді, сөйтіп олар доктор Педмэден дәріге қағаз алды! Бейшара доктор! Бернар әлдебір жасыл түсті сұйық запыран құсқанда ол қалай қайран қалды. Науқастың тамыр соғысы мен қызуы арасында осындай сәйкессіздік болады дегенге ол еш уақытта сенбес еді; қылау кезінде науқас қатты қалтырағанымен, тамыры бірқалыпты соққанын ол бірнеше мәрте көрген-ді, бірақ дене қызуы қалыптан төмен кезде тыныстың жиілеуі нені білдіреді? Жұқпалы тұмау екені күмәнсіз. Тұмау — бәрі соны білдіріп тұр.
Кеңесу үшін білгіш дәрігерді шақыру де ла Трав ханымның ойына келген, бірақ ол өз үйлерінің ежелгі досы доктор Педмэні ренжіткісі келмеді. Оның үстіне Тереза Бернарды шошытып алудан қорықты. Алайда, тамыздың ортасында, әсіресе жан мұрынның ұшына келген қысылудан кейін доктор Педмэ өзінің беделді әріптестерінің бірінің пікірін білуді өзі қалады. Сәті түскенде, келесі күні Бернардың күйі тәуірленіп, үш аптадан соң ол айығып келемін деп айта бастады. "Оңай құтылдым, — деп әзілдеді Педмэ. — Медицина әлемінің білгіштерін шақырып, емдеу абыройы маған емес оларға тиетін еді".
Бернар күзгі кептер аулау өзін біржолата сауықтырып жібереді деп есептеп, бұған Аржелузға алып баруын талап етті. Сол кезде Терезаға жеңіл соқпады — сірескен құяң Клара апайын төсектен тұрғызбады, сөйтіп Клара апайының мойнындағы түрлі міндет пен істі былай қойғанда, үйдегі екі науқас, сәби күтімі бәрі жас бибіге жүктелді. Тереза Аржелуздағы бейшараларды күтуде апайын ауыстыруға бар ынтасымен тырысты. Бұл бүкіл ферманы жүгіріп шықты, Клара апайы жасайтындай, науқастар үшін дәрілік қағаздары бойынша дәрілер тапсырды, оларды өз қалтасынан төледі. Вильмежаның фермасы жабық болғанына қынжыла қоймады. Жан Азеведо туралы, басқалар жайлы да ойына алмады. Бұл үңгір арқылы бас айландырар қараңғылықта жалғыз келе жатты, ештеңені ойламай, қара түнектің тұншықтырар түтінінен таза ауаға шығу үшін аң сияқты жүре беруге, алға ұмтыла беруге тиіс болды. Тезірек! Тезірек шықса екен!
Желтоқсанның басында ауру Бернарға айналып соғып қайта жабысты; бірде таңертең ол қалшылдап — дірілдеп оянды, ал аяқтары жансызданып, ештеңе сезбей қалды. Бұдан кейін не болды? Кеңесу үшін де ла Трав мырза кешке Бордодан дәрігер алып келді; ол науқасты қарап, ұзақ үнсіз қалды. (Тереза білте шамды қолымен көтеріп ұстап тұрды, кейін Бальонның әйелі бибінің өліктей боп-боз болып кеткенін есіне түсірді). Жарық болмашы түскен баспалдақ алаңында Педмэ тіксініп қалған Тереза естімесін деп дауысын бәсеңдетіп, әріптесіне дәріханашы Даркей өзіне доктор Педмэнің өзі қол қойған, алайда жалған екі дәрі қағазын көрсеткенін айтты; әлдекімнің қылмысты қолы бір дәріқағазына "Фаулер тапшысын" қосып жазса, ал екіншісіне хлороформный, дигиталиннің және аконитиннің айтарлықтай күшті мөлшерін жазыпты. Бальон бұл дәрілік қағаздарды дәріханаға басқа да көп дәріқағаздармен бірге әкелген. Даркей улы заттарды бергеніне қауіптеніп, келесі күні Педмэге жүгіріп келген... Иә, мұның бәрін Бернар Терезаның өзінен кем білмейді. Бернарды іле санитарлық пәуескемен Бордоға жөнелтіп, сонда емханаға жатқызды, сол күннен бері ол тәуір.
Тереза Аржелузда жалғыз қалды, бірақ оның жалғыздығы қаншалықты меңіреу болғанымен, ол төңіректі кернеп кеткен азынауды естіді: ініне тығылған хайуан төбет иттер үйірі жақындап келе жатқанын сезінді. Оның бейне өкпесі өше жүгіргеннен әл-дәрмені қалмағандай, бар күшін сала жүгіріп нысанаға енді жетіп, міне қолын соза бергенде, оны кенет жерге алып ұрғандай еді, бұл шалып жібергендей құлап түсті.
Бірде қыстың аяғында кешке әкесі келіп, бұдан өз басын айыптаудан арашалап алуын талап етті. Әлі де құтылуға болады. Педмэ дәріқағаздарының бірін тұтасымен өзінің қолымен жазылмағанын сеніммен айта алмаймын деп мәлімдеп, соттан берген арызын кері қайтарып алуға келісіпті. Аконитин, хлороформ және дигиталин дәрілерге келсек, оның әрине, оларды мұндай мол мөлшерде жазуы мүмкін емес, бірақ науқастың қанында бұл заттардың кішкентай де мөлшері табылмағандықтан...
Тереза Клара апайының төсегі жанында әкесімен болған түсінісуді есіне алды. Бұлар білте шамды жаққылары келмеді де, бөлмеге тас ошақта алаулаған оттың жарығы ғана түсіп тұрды. Тереза сабақты жаттап алған оқушы сияқты бір сарынды сөйледі (ол бұл сабақты ұйқысыз ұзақ түндерде жаттап алған еді):
— Маған жолда бір адам кездесті — бұл жердікі емес, Аржелуздан емес. Сөйтіп, мен Даркейдің дәріханасына кісі жұмсап жатқандықтан, ол маған өзінің дәріқағазы бойынша дәрі жасатып беруімді сұрады, оның өзінің Даркейге ақша қарызы болғандықтан, дәріханада төбе көрсеткісі жоқ екен... Ол маған өзінің аты-жөнін де, мекенжайын да айтқан жоқ — дәріге өзім келемін деді...
— Тереза, басқа бірдеңе ойлап тапшы! Біздің отбасымыздың абыройы үшін сұраймын! Басқаша бір нәрсені ойластыр, бейбақ!..
Әкесі өзінің қояр кінәраттарын нығырлай қайталап жатты, керең апайы жастыққа сүйеніп босқа құлағын түріп әуреленді және Терезаға төнген өлімші қатерді сезініп: "Ол саған не айтып тұр? Оларға сенен не керек? Саған әлдебір жаманшылық істемек пе?" — деп ыңырсыды.
Тереза ауру кемпірге жымиюға және оның қолынан ұстауға күш тапты, ал өзі дін сабағындағы оқушы қыз сияқты жаттауын бір сарынды қайталаумен болды: "Жолда маған бір адам кездесті. Қараңғы еді, мен оның түрін анықтап қарай алмадым, ол маған бір фермада тұрамын деп айтқан... Жақында кешке ол өзінің дәрісіне келді... Қырсық шалғанда, оны үйде ешкім де байқамапты".
Міне, Сен — Клерге де келді. Тереза вагоннан түсті, оны ешкім таныған жоқ. Бальон мұның билетін өткізіп жатқанда, бұл вокзал үйін айналып, төселген тақталардың ара-арасымен пәуеске тұрған жолға шықты.
Енді мұның бас сауғалары осы пәуеске: сайрап жатқан жолда таныстардың кездесіп қалуынан қорқатын ештеңе жоқ. Бірақ оның сондай қиындықпен есіне түсірген қылмысының баяны быт-шыт болды, дайындаған сыр ашудан ештеме қалмады. Бұған өзін қорғап айта қояр дәнеңе жоқ, тіпті әлдебір себепті тілге тиек ету мүмкін емес; ең оңайы — үндемеу немесе тек сұрақтарға жауап беру. Енді бұл неден үрейленеді? Басқа түндер сияқты бұл түн де өтеді, ертең күн шығады; бұдан әрі не болса да, бәледен құтылғанына сенімді. Мұны бүкіл әлемнен, тіпті өзін-өзінен айырып тұрған осы немкеттілігінен, мына оқшау қалғанынан өткен жаман ештеңе болмас. Иә, енді тірі өлік — бұл тірі адам қаншалықты сезіне алуы мүмкін өлілікті өз бойынан сезініп тұрды.
Көзі қараңғылыққа үйренді, жолдың бұрылысында бұл фермаға көз тастады, оның бәкене құрылыстары жерге жабысып ұйықтап жатқан малдарға ұқсайды екен. Осы тұста Анна велосипед дөңгелегіне ұмтылатын иттерден ылғи қорқатын. Одан әріректегі қандағаштар нуы ол арадан ылғалды жыра өтетінін білдіріп тұр, аса аптап күндері мұнда құрбылардың қызарып кепкен беттерін өпкен салқын самал соғады. Велосипед тепкен қыз, ол жымиғанда жарқырай көрінетін аппақ тістері, оның күннен қалқан кең жиекті қалпағы, велосипед қоңырауының сыңғыры және қыздың: "Қара! Рөлден ұстамай келе жатырмын!" деген шат даусы — осы бір бұлыңғыр бейне, өткеннен нәр алатынның, қажыған жүрек сая табатынның бәрі Терезаның көңілінде әлі сайрап тұр. Сөйтіп, бұл тепең желісті кәрі ат тұяғының ырғақты тықылына ілесіп: "Зая өмірім, еш өмірім – жападан-жалғыздығым — бейшара тағдырым" деп қайталай берді. Бәрін де жай таптырар жалғыз-ақ нәрсені Бернар істемейді. Аһ, ол ештеңе сұрамай бұған құшағын жайса ғой! Бұл пенденің кеудесіне басын тығып, жан-тәнді сезініп, солқылдап жыласа!
Бұл бір кезде ыстық күні Жан Азеведо отырған астықты алқап жанындағы сол бөктерді аңғарды. Ойлап көріңізші, сол шақта бұл мына дүниеде өзінің бүкіл болмысы гүл жарып ашылар — адамдар арасында мұны түсінер, мүмкін бұған тамсанар әрі өзінің махаббатын сыйлар сондай бір орын бар деп қиялдады-ау! Бірақ жалғыздықтан алапеске жабысқан жарадай арыла алмады. "Ешкім де мен үшін ештеңе істей алмайды; ешкім де маған қарсы ешнәрсе істей алмайды".
— Әне, біздікілер алдымыздан шығыпты.
Бальон делбені тартты. Екі көлеңке жақындап келді. Демек, Бернардың әлі әлсіз бола тұра алдынан шыққаны — демек, оның сот немен аяқталғанын білуге тағатсызданғаны. Тереза орындықтан көтеріліп, әлі алыс болса да айғай салды: "Істі қысқартты!" Жауап келте қайырылды: "Бұл белгілі еді ғой". Бернар кәртеміс апайдың пәуескеге көтерілуіне көмектесті, божыны ретке келтірді. Бальонға бұдан әрі жаяу жүре бер деп тапсырды. Клара апайы жұбайлардың арасына ортаға отырды. Бұның бәрі ойдағыдай бітті деп оның құлағына айғайлауына тура келді (айтпақшы, оның болған оқиғадан хабары да шамалы еді). Керең кемпір әдеттегідей сарнай жөнелді, демі біткенше сөйледі, олардың қолынан келетіні ылғи бір-ақ нәрсе, "Жала жаба берсең, күйе жаға берсең — әрдайым бірдеңе қалады" дейтін Дрейфустің ісі қайталанып отыр. Олар күш алып кетті, республикашылар бекер қырағылық көрсетпейді. Бұл сасық хайуандарды еркіне жіберсең болды-ақ, олар адамдарға шабады... деп мәлімдеді апай. Оның балпылдауы жұбайларды сөйлесу қажеттігінен құтқарды — бұлар бір-біріне тіл қатпады.
Сонан соң Клара апай жағылған шырағданды ұстап ауыр тыныстай, уһілеп басқышпен көтерілді.
— Сіздер әзір жатпайсыздар ма? Тереза қажыған болар. Ұйқы бөлмесінде, қымбаттым, саған тостаған сорпа мен салқын шөже қалдырдық.
Бірақ жұбайлар әлі кіреберіс дәлізде тұр еді. Кемпір Бернардың қалай қонақжай есігін ашып, Терезаны бірінші өткізгенін, сөйтіп оның артынан есікті жауып алғанын көрді. Мына нәлет саңыраулық болмағанда бұл ендігі есікке құлағын тіккен болар еді... ал қазір ешкім де бұдан қауіптенбейді — бұл тірідей табытқа таңылғандай. Дегенмен, Клара апай шырақты өшіріп, сипалап жүріп бірінші қабатқа түсті, құлыптың саңылауынан сығалады: Бернар білте шамды ауыстырып қойып жатыр екен, жарық оның жүзін анық көрсетіп тұрды, жүзі үрейлі әрі сонымен қатар насатты сияқты. Тереза арқасын есікке беріп отыр; ол жамылғысы мен қалпағын орын таққа тастапты, аяқтарын отқа созған және оның ылғал бәтеңкесінен бу шығып жатты. Бір сәт ол басын күйеуіне бұрды, Терезаның жымиысын көріп апайы қуанып қалды.
Тереза жымиды. Ат қорадан үйге дейін шамалы қатар жүрген сол аз ғана минутта-ақ бұл өзін Бернармен қалай ұстауы керектігін түсінді немесе түсінгендей кейіп танытты. Бернарға алғаш көз тастағаннан-ақ оған өзімнің қылығымды түсіндірсем, оған ағымнан жарылсам деген бар үміті быт-шыт болды. Алыста жүргенде өзіміз жақсы білетін адамдар туралы түсінігіміз қалай өзгеріп кетеді. Бүкіл жол бойы бұл бар ниетімен Бернардың жаңа бейнесін жасауға, одан өзін түсінетін немесе тым болмағанда түсінуге тырысатын адамды табуға тырысты, бірақ алғашқы көзқарастан-ақ оны шын тұрқы қандай болса, сондай кейпінде көрді — еш уақытта бірде-бір рет өзін басқаның орнына қоя алмайтын және өзінің қарсыласы көріп тұрғанды көруге тырыспайтын адамды көрді. Жоқ, расында да, Бернар мұны тыңдар ма еді? Ол төбесі аласа дымқыл бөлмеде әрі-бері жүрді, кейбір жерлері шіріген еден оның аяқтарының астында сықырлап жатты. Ол әйеліне қараған да жоқ — ол алдын ала дайындап қойған сөзіне беріліп кеткен еді. Иә, Терезанын өзі де қазір оған не деп айтарын білді. Ең қарапайымы ылғи да біз бұрын ойламаған амал екен ғой. Қазір бұл оған: "Мен көзімді жоғалтамын, Бернар. Мен туралы алаңдамай-ақ қойыңыз. Егер қаласаңыз, дереу, бүгін түнде-ақ кетемін. Орманнан да, қараңғылықтан да қорықпаймын. Олар ескі достарым, бір-бірімізге талайдан қанықпыз. Мен ұшып өтер құстар мен жабайы қабандардан басқа тірі жан жоқ осы бір түз өлкенің болмысында, соған ұқсап жаралғандаймын. Мен қуылған жан болуға мақұлмын. Менің бүкіл суретімді өртеп жібер, ешкім де, тіпті қызым да енді қайтып менің атымды естімей-ақ қойсын, бүкіл сенің отбасың мені еш уақытта болмағандай есептесін".
Сөйтіп, Тереза аузына келгенді айтып салды:
— Маған қарамды батыруға рұқсат етіңіз, Бернар.
Мұның даусының үніне Бернар бұрылды да, бөлменің алыс бұрышынан бұған ұмтылды; оның маңдай тамырлары білеуленіп кетті, ол кекештене іркіс-тіркіс сөйледі:
— Не?! Сіздің өз пікіріңіз бар ма? Әлде бір тілек білдірмек ойыңыз бар ма? Жетер! Енді аузыңызды ашпайсыз! Сіз тек қана тыңдауға, менен өкім алуға, менің шешімдерімді сөзге келмей орындауға тиіссіз.
Ол енді кекештенген жоқ, мұқият дайындап алған сөздерімен сөйлей жөнелді. Тас сөреге сүйеніп тұрып, қатаң үнмен айтты, қалтасынан жазылған парақ қағазды алып оған қарап қояды. Терезадан үрей кетіп, тіпті қарқылдап күлгісі келді. Ол күлкілі еді, тіптен күлкілі кейіпте еді. Оның жазып қойғанының, оның үстіне тек Сен — Клерде ғана күлмейтін ұнамсыз мәнердегі сөздерінің не мәнісі бар? Бұл бәрібір кетеді. Бүкіл осы қасіреттің қажеті қанша? Егер осы ақымақтың көзі жойылғанда соншалықты маңызды кісіден айырылатын ба еді? Оның қолында дірілдеп тұрған ақ қағаз парақта күтімсіз тырнақтары анық көрініп тұрды; ол, әрине, жиектеме кимейді, ол өз үйшігінен шыққанда тұлғалы көрінетін еркек сымақтар қатарынан, ал олардың өмірі ешкімге де керек емес ешбір іске де, ешбір идеяға да, ешбір жанға да. Жалпы, кез келген адам өміріне жай дағдымен сондай өлшеусіз мән беріледі. Робеспьердікі жөн, Напольон да дұрыс айтқан және басқалар да... Бұның күліп отырғанын байқап, Бернардың ашуы қайнап, даусын көтерді. Терезаның қаласын — қаламасын тыңдауына тура келді:
— Бірақ сіз менің қолымдасыз!.. Түсінікті ме? Отбасылық кеңесте біз қабылдаған шешімге бағынуға тиіссіз, әйтпесе...
— Әйтпесе не болады?
Тереза әдейі мүләйімсуін ысырып тастап, қатаң да кекесінді үнмен сөйлеп кетті, тіпті айғайлап жіберді:
— Тым кеш! Сіз сотқа менің пайдама куәлік еттіңіз және енді сөзіңізді кері қайтарып ала алмайсыз. Әйтпесе, сізді жалған куәлік жасағаныңыз үшін жауапқа тартады...
— Қашанда әлдебір жана мән-жай ашылуы мүмкін. Менің құпия жәшігімде бұлтартпас айғақтар сақтаулы. Бұл жерде, құдайға тәуба, ескіру мерзімі белгіленбеген.
Бұл селк ете қалды.
— Менен не қалап тұрсыз? — деп сұрады.
Ол өзінің жазбаларын ақтара бастады, ал Тереза бірер секунд Аржелуздың меңіреу тыныштығына құлақ түрді. Тауықтар шақырар шаққа дейін әлі талай бар еді, бірде-бір бұлақ, судың бірде — бір жылғасы бұл шел далада сылдыр қақпайды, сансыз қарағайдың ұшар басын селт еткізер үп еткен жел де жоқ.
— Мен өзімнің жеке басымның мүддесін көздеп отырғаным жоқ. Мен жауырды жаба тоқып тұрмын, мен үшін тек отбасының мүддесі ғана маңызды. Менің барлық шешімім қай кезде де отбасының мүдделерін көздейді. Отбасының абыройы үшін мен сотты алдауға бардым. Үкімін Құдайдың өзі айтар.
Мына көпіру Терезаның қытығына тиді. Бұл Бернарға қарапайым тілмен-ақ айтшы демек те болады.
Біздің отбасымыз үшін маңыздысы — біз тату-тәтті өмір сүріп жатқан жұбайлар болып көрінгеніміз және мен жұрттың көз алдында сіздің кіршіксіздігіңізге сенімді жүруім қажет. Екінші жағынан, мен өзіме қатер жоқтығына сенімді болғым келеді...
Мен сізге қорқыныштымын ба, Бернар?
Ол міңгірледі:
Қорқынышты? Жоқ. Сұмдық! — деді де, одан әрі сөзін жалғап кетті: — Кәне, жылдамырақ келісейік, бәрі біржолата шешілсін.
Ертең екеуміз осы үйден шығып біздің отбасымызға тиесілі үйге қоныстанамыз, сіздің апайыңыздың көз алдымда көлбеңдегенін қаламаймын. Бальонның әйелі тамақты сіздің жатын бөлмеңізге әкеліп береді; барлық басқа бөлмеге баруыңызға тыйым салынады; орманды қанша шарласаңыз да еркіңіз білсін. Жексенбі сайын біз Сен — Клерге мінажат етуге бірге барамыз: сіздің менімен қолтықтасып келе жатқаныңызды ел көрсін; ал әр айдың алғашқы бейсенбісінде Б — да жәрмеңке болғанда біз ашық тарантаспен сіздің әкеңізге бұрынғыдай қонаққа барып тұрамыз.
— Мари ше?
— Мари ертең күтушісімен Сен — Клерге кетеді. Сонан соң менің шешем денсаулығымызды күтеміз деген сылтаумен оны Оңтүстікке алып кетеді. Қызды сізге қалдырады деп өзіңіз де ойламаған боларсыз? Оны да қауіп-қатерден аулақ ұстау керек. Мен өле кеткем жағдайда, ол жиырма бір жасқа толған соң мұраны иеленер еді. Күйеудің көзін құртқан соң баланы да неге жоймасқа?
Тереза айғайлап жіберуге сәл-ақ қалып, атып тұрды:
— Мен осыны сіздің қарағайларыңыз үшін жасады деп ойлайды екенсіз ғой?
Демек, мынау ақымақ мұның қылмысқа баруының сырт көзге елеусіз көптеген мән-жайларын көрмей, ең төте себепті ойлап тапқам екен.
— Әрине, қарағайлар үшін... Басқа қалай? Әлдебір өзге желеуді көрсетіңізші... Әйтсе де, оның енді ешқандай маңызы жоқ және мені еш толғандырмайды да, ойландырмайды да, сіз енді ешкім де емессіз, бірақ, өкінішке қарай, адам атыңыз бар. Бірер айдан кейін, жұртшылық біз тату-тәтті өмір сүріп жатыр екен деп есептеген кезде Анна жас Дегилемге күйеуге шығады... Дегилемдердің кейінге қалдыра тұруды сұрағаны сізге белгілі болар? Олар әлі де ойланып көрмек... Жөне Аннаның тойынан кейін мен Сен — Клерге қоныстанатын боламын, ал сіз осында қаласыз. Жүйкесі ауырады деген немесе басқа бірдеңе себеппен...
— Мысалы, есі ауысқан.
— Жоқ, бұл кейін Мариге залал келтірер еді. Бірақ дәлелді уәждер қашан да табылады ғой. Міне, солай.
Тереза бәсең айтты:
— Аржелузда... өле-өлгенше?..
Тереза терезеге келіп, оны айқара ашты. Бұл сәтте Бернар аса шаттанып тұр еді: ол ылғи осы әйелдің алдында кібіртіктеп қалатын, өзін төменшік сезінетін. Бірақ бүгінгі кеште оны қалай билеп — төстеді десеңізші! Тереза жұрттың бәрі өзін жек көретінін ұғынуы тиіс! Бернар өзінің ұстамдылығына масаттанды. Бернарға тіптен тақуа жан екендігін өзіне де ла Трав ханым үнемі айтып жүретін, бүкіл отбасы оның ізгілігін мақтан тұтатын; ол өмірінде алғаш рет өз жанының асқақтығын сезінді. Терезаның мұның өміріне қастандық жасағаны емханада оған өте абайлап жеткізілген кезде ол салқынқандылық көрсетті, сол үшін мұны дәріптеді, бірақ бұл ол жайт үшін ешқандай күйіп-пісе қоймаған еді: өйткені сүйе алмайтын адамдарға шынында ештеңенің де үлкен мәні бола қоймайды ғой. Бернардың жүрегінде сүйіспеншілік болмағандықтан, ол қатерлі қауіптен құтылғанына қатты қуанды; ұзақ жылдар бойы өзі білмей есалаң жарымеспен тығыз жақындықта өмір сүргенін кенет білген адам ғана сірә өзін осылай ұстар. Бірақ бүгінгі кеште Бернар өзінің күшін сезінді — жағдайды уысында ұстап тұрды. Өмірдің ешқандай қиыншылығы өзі сияқты сондай бір бет әрі парасатты адамды күйрете алмайтынын түсінуі оның көкірегін кернеп кетті; дауыл соғып өткеннен кейін ол өзінің бақытсыздығына әркім өзі кінәлі деп пайымдауға бейіл еді. Мұның басынан аса қатерлі қасірет өтті, ал ол кез келген істі оясына келтіретіндей, мұның да "жөнін тапты". Мұның қасіреті туралы ешкім дерлік білмейтіндей болады, әдептілік сақталды, ешкім де енді мұны аяп жатпайды (бұл ешкімнің де мүсіркегенін қаламайды). Жалмауызға үйленгеніне намыстанатын не бар, бұл түптеп келгенде оны ауыздықтады емес пе? Айтпақшы, бойдақ өмірдің өз ұнамды жақтары бар, ал бұл өлім аузынан әупіріммен аман қалғандықтан мұның бүкіл құштарлығы — өзінің иелігіне, аңшылыққа, өзінің автомобиліне, дәмді тамаққа, жақсы шарапқа — бір сөзбен айтқанда, өмірге іңкәрлігі керемет еселене түсті, артып кетті.
Тереза терезе алдында ұзақ тұрды; қараңғыда ағараңдаған жол бұлдырап көрінді, қой отарынан қорғайтын бақ шарбағынан бақыт гүлінің иісін сезді. Қоршаудың сыртында еңселі емендер қарағайларды көлегейлеп тұтасып қалған, бірақ түнгі дымқыл ауаға қара май иісі сіңіп қалыпты. Қарағай орман көзге көрінбей тым тақап қалған жау жасағы сияқты үйді қоршап тұрғанын Тереза біледі. Бұл құмығыңқы шыққан мұңын сезініп тұрған осынау түнеріңкі күзетшілер мұның ұзақ қыс бойы қалай азап шеккенін, мұның аптапты жазда ыстықтан қалай аласұрғанын көреді, олар мұның тұншыға баяу өлуінің куәсі болады. Бұл терезені жапты да Бернарға келді.
— Сөйтіп, сіз мені осында күшпен ұстамақсыз ба?
— Қалай десеңіз, олай деңіз, бірақ есіңізде болсын, бұл жердей сіз тек қолдарыңыз байлаулы ғана шығасыз.
— Асыра сілтеп не керек? Сіздің қаныпезер болып көрінгіңіз келгенімен, ондай еместігіңізді мен білемін ғой. Отбасыңызда осындай масқара болғанын қалайша сіз қалайсыз? Жоқ, мен бұл турасында абыржымаймын да.
Сонда Бернар пайымды, бәрін өлшеп-пішіп қойған адам ретінде бұған қашу өзінің кінәсін мойындауды білдіретінін түсіндірді. Масқара осылардың отбасына келеді және онда одан құтылудың бір-ақ жолы қалады: тәннің жарақаттанған бөлігін кесіп алып тастау, қылмыскер сайқалдан бүкіл елдің алдында бас тарту.
— Нақ осы шешімге алғашқыда менің анам бейіл болған еді. Егер бұл жерде Аннаның тағдыры мен Маридің тағдыры килікпегенде біз соттың өз жөнімен өткенін қалаған да болар ма едік. Бірақ бұлай жасауға әлі де кеш емес. Жауап беруге асықпаңыз. Мен сізбен ертеңге дейін қоштасамын.
Тереза бәсең айтты:
— Менің әлі әкем бар ғой.
— Әкем? Біз онымен толық бір ауыздымыз. Оның өз өмірі, саяси мансабы, жан — тәнін салатын партиясы бар. Ол осы дабыра істі қалай да жабуды, қалай болғанда да жабуды ғана ойлайды. Сіз үшін оның талай нәрсе істегеніне келісерсіз. Істің үстірт жүргізілгені нақ соның аркасы. Оның сізге өзінің көкейіндегісін білдіргені, үзілді-кесілді айтқаны сөзсіз. Солай ма?
Бернар қайтып даусын көтермеді, қайтадан сыпайы бола қалды. Ол Терезаны аяп тұрды деп айтуға болмас. Әйтсе де үміті үзілгендей көрінген, аяққа тапталған бұл әйел ақыры өзіне лайық орнын алды. Бәрі орын орнына келді. Басқа біреу болса, мұның, Бернар Дескейрудің басына түскен осындай соққыдан кейін бүкіл өмірінің бақытын қолынан ұшырып алар еді, ал бұл жағдайды түзей алды деп, мақтанышпен ойлады. Әрбір адамның қателесуі мүмкін, иә Тереза жөнінде бәрі де, тіпті өз таныстары туралы өте жылдам әрі дұрыс пайымдай қоятын де ла Трав ханым да жаңылысты деп кесіп айтуға болады. Және мәніс қазір қағидаттарға аса мән беріле қоймайтынында, Тереза алғандай тәрбиенің қаншалықты қауіпті екені бажайлана берілмейтіндігінде болып отыр. Тереза туралы сыртынан не айтылсын мейлі, ол, әрине — жалмауыз, ал егер ол құдайға сенгенінде... қорқыныш — ақылға келудің алғашқы сатысы ғой. Бернар осылай ойлады. Бүкіл қала бұлардың отбасының масқарашылығын келемеждей мысқылдауға бейім, бірақ әрбір жексенбі күні мінәжатта тату жұбайлар жұбын көргенде мысқылшылдар қалай аузын жабар еді деп тағы ойлады ол Ертерек жексенбі болса екен, олардың қисайған тұмсығын көретін... Ал әділ жазаның бұдан ештеңесі кемімейді. Ол үстелден білте шамды алып, оны қолымен биік көтеріп ұстады, жарық Терезанын еңкейген басына түсті.
— Сіз әзірге өзіңізге жатын бөлмесіне бармайсыз ба?
Тереза естімеген сияқты болды. Ол мұны қараңғыда қалдырып шығып кетті. Басқыштың төменгі сатысында бүктетіліп Клара апай отыр еді. Оның өзіне алаңдай қарағанын көріп, Бернар өзін жымиюға мәжбүрледі және оны қолтығынан демеп, орнынан тұруына көмектесті. Бірақ ол өліп бара жатқан қожайынының төсегінен кеткісі келмеген кәрі ит сияқты тырысып қалды. Бернар білте шамды тас еденге қойды да Клара апайдың құлағына: Терезаның күйі қазір әлдеқайда жақсы, бірақ оның бірер минут оңаша болғысы келеді деп айғайлайды.
— Сіз оның мінезін білесіз ғой.
Иә, кемпір оның құдай ұрған қылықтарын білетін, сіңлісі жалғыз қалғысы келген кезінде оған талай барған; Клара апайы есікті ашқан бетте — ақ көбіне өзін шақырылмаған қонақтай сезінетін.
Ол Бернардың қолына сүйеніп қинала көтерілді де, үлкен қонақ — жайдың үстіндегі өз бөлмесіне беттеді. Бернар оның соңынан ілесе кіріп, қамқорлық жасап оған үстел үстіндегі шырақты жақты, сонан соң оның маңдайынан сүйіп шығып кетті. Кемпір бұдан көзін айырмады. Ол адамдардың сөздерін ести алмағанымен, жүздерінен — ақ талай нәрсені аңғара қоятын! Ол Бернардың өз жатын бөлмесіне кіріп кетуін күтті де, жайлап өзінің есігін ашты... бірақ оның әлі басқыш алаңында тұрғанын және жақтауға сүйеніп темекі уқалағанын көрді; ол жылдам қайта кіріп кетті, аяғы дірілдеп сала берді, тынысы тарылды, шешінуге шамасы келместен, көздері ашық күйде төсекке киімшең жата кетті.
X
Ал Тереза қонақжайда қараңғыда отыра берді. Тас ошақта көмір басқан күл астынан от жылтыңдайды. Тереза қыбыр еткен жоқ. Енді әдіре қалған кезде есіне өзі пойызда дайындаған тәубелік сөздерінің кейбірі түсті. Сол ойлаған мойындауын пайдаланбағаны үшін өзін-өзі кінәлағаны жөн бе екен? Ақиқатын айтқанда, соншалықты тігісі жатық оқиға шындыққа онша сай келе бермейтін. Мысалы, Жан Азеведомен әңгімеге несіне соншалықты үлкен мән бермек болды? Міне, ақымақтық! Сол бозбаланың мылжыңы қаперге алынатындай! Жоқ, әрине, жоқ! Бұл терең әрі мызғымас заңға мойынсұнады. Бұл отбасын күйрете алмаса, енді отбасы мұның түбіне жетеді, олардың мұны жалмауыз деп есептеуге негізі бар, бірақ бұл да оларды албасты санайды ғой. Олар ниеттерін сыртқа шығармастан, мұны асықпай, тәсілқойлықпен құртып тынбақ. "Енді маған қарсы бүкіл отбасы жабылып, бар амал қолданылады. Өйткені мен оны күйрете де, оның уысынан сытылып шыға да алмадым. Негізгі себептен басқа дәлелдерді іздеудің түкке де қажеті жоқ, бар гәп мынада: көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме. Керегі бетіңді жылтыратып, әдеп сақтауға тырысу, көз алдау еді. Бұл үшін менің шыдамым екі жылға да жетпеді; ойлап көріңізші, басқа адамдар, мен сияқты жандар өле-өлгенше төзеді, сірә оларға жағдайға бейімделу табиғи қабілеттері, көндіктірер дағды күші көмектесетін болар, түптің түбінде олар топастанып, мәңгіріп қалады, есесіне құдіретті отбасы ортасында жүреді. Бірақ мен ше, мен?.."
Бұл орнынан тұрып, терезені ашты. Таң алдындағы салқын леп соқты. Неге қашып кетпеске? Терезеден шықса болды емес пе. Олар мұны қурар деймісің? Мұны қайтадан сот төрелігінің тезіне сала ма? Дегенмен, бақыты үшін әрекеттеніп көруге тұрады. Не болса, о болсын, тек осы таусылмайтын азаптан құтылғаны керек. Тереза орындықты жылжытып, оны терезе алдына тіреп қойды. Бірақ мұның ақшасы жоқ қой. Бұның мың-мыңдаған қарағайы бар, алайда оның бәрі әдіре қалып тұр: Бернардың рұқсатынсыз бұл көк тиын да ала алмайды. Одан да құмдақ арқылы, бір кезде кісі өлтірген Дагер қашып, соңынан қуғандағыдай, төтелеп тартқан жақсы, Тереза бала күнінде оны қатты аяйтын (оны іздеген жандар есінде қалыпты; Бальонның әйелі оларға ас үйде шарап құйып берген болатын); сормаңдай Дагердің ізіне Дескейру мырзаның иті түскен-ді. Аштықтан есінен танып жатқан оны қалың көк бұта арасынан ұстап алған еді. Тереза оның аяқ-қолын байлап, шөп салған арбамен әкеткенін көрген. Оны Кайеннаға жетпей тұтқындар кемесінде өліпті дейтін. Тұтқындар кемесі... Каторга... Ал бұлар мұны сот төрелігіне бермек болғандарындай, өткізіп жібере алмайды дейсіз бе? Бернар қандай айғақ туралы айтты? Сірә, алдаусыратып тұрған болар... егер ескі жамылғының қалтасынан у бар буманы тауып алмаса...
Тексеру керек деп шешті Тереза. Бұл сипалап сатымен көтерілді. Жоғары көтерілген сайын жарық бола бастады — сірә таң шапағы терезеге түскен сияқты. Міне, шатыр сатысының алаңы, онда ішінде ескі киім ілулі шкаф тұр, ол киімді әлі күнге ешкімге бермейді, өйткені оны аңшылыққа киеді. Өңі оңалып кеткен жамылғының терең қалтасы бар; Клара апайы лашықта кептерлер аңдыған кезде оған өзінің тоқымаларын салып қоятын. Тереза қалтаға қолын салып жіберді де ораулы қалтаны алып шықты:
Хлороформ -10 грамм
Аконитин — 2 грамм
Дигиталин -0,2 грамм
Ол бұл сөздерді, мына сандарды қайта оқыды. Өліп кетсе ше? Бұл қашанда өлімнен қатты қорқатын. Ең бастысы өлімнің көзіне тура қарамау, тек не істеу керектігін ғана ойлау қажет: ұстағанға су құйып, ұнтақты соған ерітіп, сіміріп салады да, төсекке жатып көзін жұмса жетеді. Өлген соң не болатынын ойламауға тырысқан жөн. Басқадан гөрі мәңгі ұйқыдан неге көбірек қорқады? Егер қазір бұл қалтырап кетсе, ол ылғи да таң алдындағы салқыннан. Тереза басқышпен түсіп, Мари ұйықтап жатқан бөлменің жанына келіп тоқтады. Күтуші әлдебір хайуан ырылдап жатқандай қатты қорылға басқан. Тереза жайлап кірді. Қақпақ саңылауларынан ағарып келе жатқан күндізгі жарық сығалап тұр. Қараңғыда шағын темір кереует ағараңдайды. Жылы жамылғыдан екі кішкентай қол шығып жатыр. Қырынан қисайған баланың басы жастыққа сүңгіп кеткен. Тереза Маридің шешесінікі сияқты үлкен құлағын таныды: қызы аумаған анасы деп дұрыс айтады. Міне, ол ұйқыға бөгіпті. "Мен кетемін. Бірақ менің мынау бөлшегім жүрегімде қалады, ол өзінің маңдайына жазылғанын көреді, оны еш өзгерте алмайсың". Ақыл-парасат, бейім, қанына тарту — айнымайтын заңдылық. Жаны алқымына тірелген өзіне-өзі қол салушылар балаларын өзімен бірге о дүниеге ала кетеді дегенді Терезаның оқығаны бар. Басына түспегендер: "Қалай ғана қолы барды?" — деп, жаны түршіге газетті тастап жібереді. Тереза жалмауыз болғандықтан мұның әбден мүмкін екенін сезеді, енді сәл болмағанда өзі... Бұл тізерлеп отырды да жылы жамылғы үстінде жатқан кішкене қолға ернін тигізді, бір ғажабы мұның жан түкпірінен бірдеңе көтеріліп көзіне келіп жетті, мұның бетін күйдіріп барады: бұл ешқашан жылап көрмеген әйелдің сараң, көз жасы еді!
Мұнан соң Тереза орнынан тұрып, балаға тағы да көз тастады да, ақырында өз бөлмесіне кетті, ұстағанға су құйды, сүргіш мөрді сындырды, сөйтті де үш удың қайсысын алсам екен деп батылсыздана кідірді.
Терезе ашық еді; тауықтар өздерінің шақыруымен тұманды сейілткендей, ал оның буалдыр пердесі қарағайлардың бұтақтарына ілініп қалғандай. Бәрін де айнала таң шапағы жайлап алған.
Осындай шұғыланы қалай қиып кетуге болады? Өлім деген не? Өлімнің не екенін ешкім де білмейді. О дүниеде тіршілік бар екеніне Тереза сенімді емес еді. Бұл ол жақта ешкім де жоқ деп кесіп айта алмады. Өзінің қорқып тұрғаны үшін өзін жек көріп кетті. Басқа адамды тұңғиыққа итергісі келгенде бұл әрі-сәрі болмаған-ды, ал өзі кенет табандай қалғаны. Қандай масқара қорқақтық! Егер жаратқан бар болса (бір сәт есіне Құдай тәні мейрамы түсіп кетті: қапырық, ыстық күн, алтындалған ауыр киімді киген жалғыз адам, ол екі қолымен ыдысты ұстап алған, еріндері жыбырлайды және жүзі мұңды), иә, егер жаратқан бар болса, егер оның үкімі сол болып, бейшара соқыр жан босағадан аттауы тиіс болса, онда алдымен өзі жасаған жалмауызды құшағына алсын. Тереза суы бар ұстағанға хлороформды құйды — оны атауы әлдеқайда үйреншікті еді де, одан онша қорқа қоймады, өйткені ұйықтап кететін сияқты көрінді. Асығу керек. Үй іші оянып келеді: Бальонның әйелі тықылдатып барып Клара апайдың ұйқы бөлмесінің терезе қақпағын ашты. Саңырау кемпірге не деп айғайлап жатыр? Ол әдетте мұны ернінің жыбырынан түсінетін. Біреу есікті тарс жапты да, сатымен жүгіре жөнелді.
Тереза уы бар қалтаны жасыру үшін өзінің орамалын үстел үстіне тастай салып, әзер үлгерді. Бальонның әйелі есікті қақпастан ентелей кірді.
— Апайымыз өліп қалыпты! Мен келсем ол төсегінде жансыз жатыр, киімін де шешпеген. Жаны шығып кетіпті.
Құдайсыз өткен қария Клара апайдың саусақтарын қос-қостап орап, қолын кеудесіне айқастырып қойды. Фермерлер келіп тізе бүкті, кереуеттің аяғында тұрған Терезаға көз қиықтарымен қарап, шығып кетіп жатты ("Кім біліпті, мүмкін бұл кемпірді де жайғастырған шығар"); Бернар туыстарға хабарлау және қажетті шаруалармен айналысу үшін Сен — Клерге кетті. Сірә, ол бұл өлім дер кезінде келді — назарды басты нәрседен аударады деп ойлаған да болар. Тереза мүрдеге, кәрі адал жанға көз салды, бұл өлім тұңғиығына қойып кеткісі келген сол бір сәтте мұның аяғына жығылып еді-ау. Бұл не? Кездейсоқтық па? Сәйкес келу ме? Егер бұған әлдекім бұл жаратқанның айрықша әмірімен болды деп айтса, өзі нықтарын қиқаң еткізіп қоя салар еді. Адамдар күбір — сыбыр шүйіркелесіп жатты: "Көрдіңдер ме? Ол тым болмаса, әдеп үшін көзіне жас алсайшы!" Ал Тереза енді жоқ жанмен өз жүрегі арқылы сырласып тұр еді: "Енді мен қалай өмір сүремін? Тірі өлікке айналғаным және мені жек көретіндердің уысында қалғаным ба? Қапастың сыртында не бар екенін көруге де болмайды ма?"
Жерлеу кезінде Тереза өзіне тиесілі орында болды. Ал таяу жексенбіде бұлар Бернар екеуі қолтықтасып шіркеуге кірді және бүйірдегі жағалаумен өз орындығына өтудің орнына, ол мұны әдейі орталықпен жүргізді. Тереза енесі мен күйеуінің ортасына өз орнына отырған соң ғана қаралы бетпердесін түріп тастады. Шіркеуге келгендерге бұл бағандардың тасасынан көрінбейтін, ал мұның қарсы алдында тек әншілер тұғыры ғана бар еді. Мұны жан-жағынан қоршап алды: артында — тобыр, оң жағында Бернар, сол жағында — де ла Трав ханым, мұның тек алды ғана қамаудан бұлқынып өгіз жүгіріп шығатын алаң сияқты ашық еді — міне, осы бос кеңістікте екі қызметші баланың арасында ерекше киінген бір адам қолдарын оңтайлы қойып алып, бірдеңені жыбырлап айтып жатты.
XI
Кешке Бернар мен Тереза Аржелузға қайтып оралды, бірақ енді талай жылдан бері ешкім тұрмаған Дескейрулер үйіне келді. Мұның тас ошағы түтіндеп кетеді екен, терезелері нашар жабылады, тышқандар кеміріп тастаған есіктің астынан жел үрлейді. Бірақ сол жылы сондай жайлы күз болып тұр еді де, бастапқыда Тереза бұл жайсыздықтарды байқай қоймады. Бернар күні бойы аңшылықка құрып кетіп жүрді. Үйге келе сала ол ас үйге жайғасып алатын, Бальонмен бірге тамақтанады — Тереза шанышқылардың тықырын, бір сарынды үнді ғана естиді. Қазан айында қараңғы тез түседі. Көрші үйден алдырған кітаптарды Тереза жатқа біліп алды. Әйелінің Бордоның кітап дүкенінен жаңа кітаптар алдыр деген өтінішіне Бернар құлақ аспады, ол тек темекі қорын толықтырып отыруға ғана рұқсат етті. Бұл кеш бойы не істемек? От жағушы болып тас ошақтың шоғын аударыстырып отыра ма? Бірақ жел бөлмеге қара майлы ағаштардың ыстық түтінін қуып, мұның тамағы ашитын, темекі тартудан онсыз да тітіркенетін көздері де ашиды. Бальонның әйелі қол тие қоймаған тамақ қалдығын әкетісімен Тереза білте шамды өшіріп, төсекке жатады. Бұл зорлана ұйқы тосып, жылы көрпенің астында қаншама сағат дөңбекшиді? Аржелуз тыныштығы бұған ұйқы бермейтін: түнде жел соққаны жақсы — қарағайлар басынан естілетін көмескі азынау әлдебір адамы аялау сияқты еді. Тереза осы бір әлди әнге жанмен ұйи қалатын. Күнмен теңесер шақтағы мазасыз түндерде тып-тыныш түндерге қарағанда жақсы ұйықтап кететін.
Ұзақ сонар кештер қаншама қажытқанымен, Тереза күн жарықта сейілдеп қайтатын, сонда мұны көрген әлдебір фермер қатыны баласын қолынан ұстай ала аулаларына кіргізіп жіберуге асығатын немесе бұл түрін де, атын да білетін бақташы мұның сәлемдескеніне жауап бермейтін жағдайлар болып тұратын. Аһ, адам қаптаған үлкен қалаға сіңіп, көрінбей кеткені қандай жақсы еді. Аржелузда әр бақташы бұл туралы біледі (тіпті Клара апайының өлімін де бұдан көретін). Бұл осында өзгенің босағасынан аттай алмайтын, үйден бүйірдегі қақпа арқылы шығады; фермаларды айналып өтеді, алыстан шаруа арбасы дөңгелегінің тысыры естілсе, үлкен жолдан сүрлеуге бұрылып кетеді; бұл жылдам жүреді, ал жүрегі аңшыдан үріккен құстай алаңдаушы еді; велосипедтің дірілдеген қоңырауын естіп, бұл қалың аршагүл арасына тығылады және велосипед мінген адам өтіп кеткенше демін ішіне тартып отыра тұрады.
Жексенбі сайынғы Сен — Клердегі мінәжат кезінде бұл ешқандай үрей сезімін бастан кешпей, біршама жеңілдеп қалады. Қалашықтың жұртшылық пікірі мұны мүсіркейтін сияқты. Әкесі мен де ла Травтар отбасы бұны жала жабылып, өлімші халге түскен бейкүнә жазықты етіп сипаттағанын бұл білмейтін. "Байғұс оңала алмай ма деп қорқамыз, оның ешкімді де көргісі келмейді және дәрігерлер бұған қарсы келе бермеңдер дейді. Бернар оны қамқорлыққа бөлеп отыр, бірақ оның психикасы өзгеріп кеткенін білесеңіздер ғой".
Қазанның соңғы түнінде Атлантикадан жеткен құтырған жел ағаштардың басын ұзақ шайқады және Тереза осы мұхит гуіліне ұқсас шуға ұйқылы-ояу құлақ түрді, алайда таң алдында оны оятқан орманның осынау азынауы емес еді. Бұл терезе қақпағын ашты, бірақ бөлмеде әлі қараңғы — тын: шаруашылық жайлардың қыш тақташа шатырларынан, емендердің әлі қалың жапырағынан су боп аққан ұсақ та калың жаңбыр жауып тұрды. Сол күні Бернар аңға бармаған еді. Тереза темекісін тартып болып, лақтырып тастап, басқыш алаңына шықты және осында тұрып күйеуі төменгі қабатта бөлмеден бөлмені кезіп жүргенін естіді; күшті түтік шылымының иісі Тереза тартатын темекінің иісін басып, мұның ұйқы бөлмесіне енді — бірден мұның бұрынғы өмірінің иісі келді. Күздің жауын-шашынды алғашқы күні... Бұның алдында осы бөлмеде, көмір зорға тұтанатын тас ошақ жанында әлі қанша қамалу тұр! Бұрыш-бұрышты зең басып, ылғалдан тұсқағаздар ажырaп кеткен; қабырғаларда осында ілінген тектік портреттердің ізі әлі білінеді, Бернар оларды қонақжайды безендіру үшін Сен — Клерге әкеткен болатын және енді керегі болмай қалған тот басқан шегелері шығып тұр. Тас сөреде әлі тұрған қолдан жасалған тасбақа пошымды өрнекті рамадағы бейне бір қайтыс болған адамдардың тұлғасындай тартымсыз үш сурет: Бернардың әкесінің, әжесінің және Бернардың өзінің кекілі маңдайына, бұйра шашы иығына дейін түскен бала күнгі суреті қажетсіз қалған тәрізді. Осы жерде бүкіл күнді өткізеді, ал сонан соң осында апталар, айлар өте береді...
Жарық түсе бастағанда Тереза шыдай алмады: жайлап есікті ашты да басқышпен төмен түсті, ас үйге кірді. Аласа орындықта ошақ алдында отырған Бернар атып тұрды, Бальон қару тазалауын қоя қойды, ал оның әйелі қолынан тоқымасын түсіріп алды. Үшеуі бірдей Терезаға абыржи қарағандықтан, бұл:
— Не, менен қорқып кеттіңіздер ме? — деп сұрады.
— Сізге ас үйге кіруге тыйым салынған. Сіз мұны білмейсіз бе?
Тереза ештеңе деместен есікке қарай беттеді. Бернар мұны дауыстап тоқтатты.
— Кездесіп қалған екенбіз... мен сізге бұдан былай менің мұнда болуым қажетті емес деп есептейтінімді хабарлайын. Біз Сен — Клерде сізге мүсіркеушілік ахуал жасай алдық, бәрі де сізді біршама... жүйкесі шалдыққан деп пайымдайды немесе солай санайтын кейіп көрсетеді. Біз барша жұртты сіз жалғыз тұрғанды көбірек қалайды, ал мен сізге жиі келіп тұрамын деп сендірдік. Бұдан былай мен сізді мінәжатқа бару міндетінен босатамын...
Тереза мінәжатқа бару өзіне "соншалықты ұнай қоймағанын" айтып міңгірледі. Бернар мәселе сізге ұнауда немесе ұнамауда емес деп жауап қатты. Діттеген нәтижеге қол жетті, бітті.
— Әрі мінәжаттың сіз үшін еш мәні жоқ...
Тереза аузын ашып, бірдеңе айтқысы келді де, үнсіз қалды. Ал Бернар өктем үнмен: осыншалықты жылдам әрі төтен табысқа бұл бір ауыз сөзімен, әлдебір шәлкес қимылымен кесір келтірмей, өзін ұстай білуі тиістігін мәлімдеді. Мари қалай деп сұрады Тереза. Бернар: Маридің жағдайы жақсы әрі ол ертең Аннамен және де ла Трав ханыммен Больеге жүріп кетеді: сонда біршама уақыт болады — екі-үш ай, одан артпас, деп жауап берді. Сонан соң ол есікті айқара ашып, ығысып Терезаны өткізіп жіберді.
Күңгірт күзгі таңда бұл Бальонның қалай ат жегіп жатқанын естіді. Содан соң Бернардың даусы шықты, аттың күйсегені және бірте-бірте алыстай түскен дөңгелек тырсылы естілді. Және шатырға, тершіген терезеге, шол далаға, бүкіл жүз шақырым құмдақ пен батпаққа, әлі беки қоймаған жылжымалы соңғы құм шағылдарға және мұхитқа жауған жаңбыр қайта құйып берді.
Тереза бір темекіге екіншісін тұтатып, үсті — үстін тартты; сағат төрттің маңында су өтпейтін жамылғы жамылып алып жауынның астында жүргенді қош көрді. Қараңғыда бойын қорқыныш билеп, өз бөлмесіне қайта оралды. Тас ошақтағы от сөніп қалыпты, бұл суықтан дірілдеп, жылыну үшін төсегіне жатты. Сағат жеті шамасында Бальонның әйелі бұған майлы шұжық қосылған жұмыртқа әкеліп берді. Тереза тамақтан бас тартты: шошқа майының дәмі мен иісі мұның жүрегін айнытты. Күн сайын бұқтырылған майлы ет немесе майлы шұжық. Бальонның әйелі бұдан басқа ештеңе жоқ деп сендіріп бақты. Қожайын құс союға тыйым салыпты. Және өзін басқышпен көтеріліп — түсуге Тереза бостан — босқа мәжбүрлейді деп шағынды, ал мұның, Бальонның әйелінің, жүрегі ауырады әрі аяғы ісіп кетеді. Оның жұмысы ауыр. Тек Бернар мырза үшін ғана осы істі қолға алыпты.
Түнде Тереза қалшылдап жатты, бірақ басындағы ой анық еді және өзінше Париждегі өмірін қиялдады. Міне, бұл Бернармен болған мейрамхана, бірақ енді Бернармен емес, Жан Азеведомен және әлдебір жас әйелдермен бірге отыр. Міне, бұл үстел үстіне өзінің тасбақа бейнелі темекі сауытын қойып, "Абдолла" темекісін тұтатты. Міне, бұл өзінің ішіндегісін актарып әңгіме айтуда, ал осы кезде оркестр сазды әуенді сызылтып ойнап жатты. Мұның әңгімесіне ықыласпен құлақ қойған — төңірегі сондай зейінді, бірақ таңырқап жатқан ешкім жоқ және бір әйел: "Менде де нақ осылай болған... Иә, иә, мен де осыны бастан кешкенмін..." дейді. Әлдебір жазушы мұны былай шығарып алып былай деді: "Сіз басыңыздан өткенді жазып беруге тиіссіз. Біз оны журналымызда "Осы күнгі әйелдің жан сыры" деп басамыз". Мұны үйге бұған аңсары ауған бір жас жігіт өз машинасымен әкеле жатыр; бұлар Бульон тоғайының арасындағы жолымен келеді, мұның өзі толқып отырған жоқ, бірақ сол жағындағы бозбаланың көңілі кеткені өзіне ұнайды. "Жоқ, бүгін кешке болмайды, — дейді бұл оған, — бүгін мен құрбыммен тамақтанамын". — "Ал ертең ше?" — "Ертең де болмайды" — "Демек, сіз ешқашан кешке босамайтын болғаныңыз ғой? " — "Еш уақытта десе де болатындай... еш уақытта".
Бірақ мұның өмірінде адамы бар, бұған онымен салыстырғанда бәрі де байғұс сияқты көрінеді; ол адамды бұлардың ортасында ешкім де білмейді, ол өте қарапайым, ешқандай танымал емес, бірақ Терезаның бүкіл өмірі тек мұның өзінің ғана көзіне көрінетін осынау күннің төңірегінде айналады, тек бұл бір өзі ғана оның құшағының ыстығын біледі. Париж қарағай ормандағы жел сияқты гулеп кетті. Сүйіктісінің бұған жанасқан денесі сондай жеңіл, мұның тынысын тарылтады, бірақ, мейлі, бұл тұншықса тұншықсын, тек ол осында, қасында болса, болғаны. (Сөйтіп Тереза әлдекімді құшақтағандай қимыл жасап, оң қолымен өзінің сол жақ иығын қысты, ал сол қолының тырнақтары оң иығына батты).
Бұл орнынан тұрды, жалаң аяқ терезеге келді, оны ашты; түн салқын емес, бірақ бұл кезде тым болмаса бір күн жаңбыр жаумаса екен деп үміттену қиын: таңертеңнен кешке дейін жауыннан — жауын, бітпейтіндей құяды. Мұның ақшасы болса, Парижге қашып кетер еді де, тура Жан Азеведоға барар еді, оған сенім артар еді; ол бұған жұмыс тауып берер еді. Парижде бір өзің тұрсаң, оның үстіне өзің тапқан жалақымен күн көріп, ешкімге тәуелді болмасаң! Мына отбасынан сытылып шығу қажет. Жүрек өзіне қаны туыстарды емес, жаны да, тәні де жақындарды таңдасын; өзіңе шын мәнінде рухтас адамдарды тапқанға не жетсін, тіпті олар көп болмай-ақ қойсын, тіпті олар дүниенің әр жерінде шашырап жүрсін, мейлі... Ақыры бұл терезе ашық тұрған күйі ұйықтап кетті. Таң алдында суықтан және ылғалдан оянды; бұның тоңғаны сондай, тістері сақылдап кетті, бірақ орнынан тұрып, терезені жабуға құлқы болмады, тіпті қолын созып, түсіп қалған жылы жамылғыны алып жамылуға дәрмені жоқ еді.
Бұл күні Тереза ақыры орнынан тұрмады, жуынбады, өзін-өзі күтпеді. Темекі тарту үшін бұқтырылған еттен бірер түйір аузына салды да, кофе ішті: бұл енді аш қарынға темекі тарта алмайтын еді, асқазаны ауырады.
Бұл өзінің түнгі қиялына қайта оралуға тырысты; күндіз Аржелузда шу үдеген жоқ, ал түстен кейін түн сияқтанып қараңғылық басты. Жылдың ең қысқа күндері, оның үстіне тынышсыз да тынымсыз жауын-шашында бәрі де: таңғы, кешкі, күндізгі сағат сапырылысып кетіп еді, таң қараңғылығы кешкі ымыртқа тез ұласатын, ал айнала мүлгіген тыныштық. Терезаның енді ұйқысы келмеді, сөйтіп оның түсі өңінде одан сайын айқындала түсті; бұл өзінің өткенінен ұмыт болған бейнелерді, өзін еліктіріп әкетер еріндерді іздеді; бұл түнгі қиялында өзінің пәк денесін аймалаған кездейсоқ еркектер туралы бұлыңғыр естелігін қайта жаңғыртты. Бұл өз бақытын оймен тапты, өмірдің шаттығын сипаттады, қиял жетпес ғажайып махаббат туралы ертегі ойлап шығарды.
— Ол енді төсектен тұрмайтын болды, — деп баяндады біраз уақыттан кейін әйелі Бальонға, — ештеңе де жемейді, бұқтырмаға да, нанға да қолын тигізбейді. Бірақ абыржымаңыз, бүкіл шишаны тауысып қояды. Бұл жексұрынға қанша шарап берсең де қағып салады. Оның үстіне темекісімен өзінің жамылғышын күйдіріп алатынын қайтерсің. Ол ерте ме, кеш пе, мұнда өрт шығарады. Темекіні тоқтамай тартады — тіпті саусақтары мен тырнақтары сарғайып кетті, бұл солардың арасына кіріп кеткен сияқты. Жамылғышы қандай жақсы, үйде тоқылған еді. Мен саған жайманы жиі ауыстырады деп күтпей-ақ қой, жарқыным.
Терезаның бөлмесін сыпырудан, төсегін ауыстырудан қашпаймын, бірақ оның көрпенің астынан шыққысы да келмейді деп шағынды Бальонның әйелі. Осы үшін тырысудың қажеті де бар ма өзі? Бальонның байғұс кемпірі ыстық су құйылған құмыраларды алып өзінің ауру, ісіп кететін аяқтарымен басқышпен көтеріледі, бірақ оларды таңертең есік алдына қалай қойса, оларды кешке дейін солай тұрады.
Терезаның ойы өзінің көңілі үшін ойлап шығарған беймәлім сүйіктісінің бейнесінен ауытқып кетті, мұны енді қияли бақыты шаршатты, бұл оған тойған еді, енді қиялы мұны ақиқаттан өзге жолмен алшақ әкетті. Міне, бұл өлім аузында төсекте жатыр. Төңірегінде адамдар жүрелеп отыр. Мұның төсегіне өліп бара жатқан баланы (Терезаны көрген кезде қаша жөнелетіндердің бірі) әкелді; бұл оның басына никотиннен сарғайып кеткен қолын қойды, сол кезде бала сауығып орнынан тұрды. Мұнда басқа да тіптен қарапайым армандар пайда болды: міне, бұл теңіз жағасында өзіне үй салып алған; бұл бақты, жаздық бастырманы, бөлмелердің орналасуы мен арналуын көз алдына анық келтірді; бұл ол бөлмелерді жайластырды, әрбір зат үшін орын іздеді, ана жер — мына жерге Сен — Клерде өзінде болған жиһаздарын қойды, маталар сатып ала жүріп, өзімен-өзі дауласты. Сонан соң көрініс бұлыңғырланып, бақтағы демалыс жайы мен теңіз жағасындағы орындық қалды. Тереза әлдекімнің иығына басын қойып, сол орындықта отыр. Тамаққа шақырған қоңырау соғылды; бұл орнынан тұрып, қараңғы жолға түсті, біреу қасында келе жатыр және кенет мұны екі қолымен құшақтап, өзіне тартады. "Сүйісу, — деп ойлады бұл, — уақытты сездірмеуі тиіс"; махаббатта шексіз сәттер болатын сияқты көрінді — мұның қиялы осылай шарықтады, осы болжамы дұрыс па? Бұл мұны еш уақытта біле алмайды. Бұл қайтадан ақ үйді, құдықты көрді; аулада сорая ырғатылған, жаңа ғана су құйылған сүйелжазар гүлдерінен хош иіс аңқиды; кешкі ас мұны кешке және түнде тосып тұрған бақыт алдындағы демалыс іспетті. Түсіндіріп болмас, түріне қарап тоймас бақыт шексіз, адам жүрегінің оны сыйғызуға шамасы жетпейді. Сөйтіп, Тереза талай адамнан көрмеген махаббат мұның өн бойын кернеп кетті; ол Терезаны баурап алған еді. Бұл Бальонның әйелінің таңқылдаған даусын естіген де жоқ. Мына кемпір анда не деп айғайлап жатыр? "Бернар мырза ерте ме, кеш пе ескертусіз Оңтүстіктен келеді. Сіздің бөлмеңізге кірген кезде ол не айтады? Бұл деген нағыз шошқа хана ғой. Қане, ханым, тұрыңыз, әйтпесе сізді күштеп тұрғызуға тура келеді". Тереза төсекке отырып, таңырқаған топас жүзбен өзінің аяғына қарады. Аяқтары құр қаңқа ап — арық, аяғының бастары үлкен көрінді. Бальонның әйелі бұған желеңін кигізіп, орын таққа итермеледі. Тереза өз маңынан темекі іздеді, бірақ қолы таяқ сияқты қақиып қалды. Күннің қызусыз сәулесі ашық тұрған терезеден түсті. Бальонның әйелі күйбеңдеп, еден сүрткішпен ырсылдап — гүрсілдеп қимылдап жүр, ұрысып қояды, ал осы Бальонның әйелін де қайырымды жан деп айтады — ау. Ол бордақылаған қабанын рождествоға арнап сойғанда көз жасын төгіп алады. Ал оның ашуы Тереза өзіне еш жауап қатпағандықтан келіп тұр: үндемеуді Бальонның әйелі өзі үшін қорлау, жек көрудің белгісі деп біледі.
Бірақ Терезаның жауап қатарлықтай әлі жоқ еді. Өзінің тәні таза жайманың жаңа екендігін сезгенде бұл оған "рахмет" деп айтқан сияқты болды, бірақ іс жүзінде мұның ернінен бір дыбыс та шыққан жоқ. Бальонның әйелі кетер кезде: "Бұл ақ жайманы күйдіріп алмассыз!" деп ысылдады. Кемпір темекіні алып кеткен екен деп Терезаның зәресі қалмады, сөйтіп түнгі үстелшеге қолын қорқа созды: ол жерде темекі болмай шықты. Бұл темекісіз қалай өмір сүрмек? Бұл саусақтарының арасынан осы құрғақ та былқылдаған таяқшаны сезінуі керек, қайта-қайта темекіні иіскеп, уқалап отыруы, өзі ішіне жұтып, аузынан шығаратын будақтаған түтін бұлты бөлмені басып жатқанын көруі қажет. Бальонның әйелі енді тек кешке ғана келеді, күні бойы темекісіз отырмақ. Тереза көзін жұмды, ал оның сарғайып кеткен саусақтары темекіні баптап жатқан сияқты әлі сол дағдылы қимылын жасап жатты.
Кешке сағат жетіде Бальонның әйелі келді, шырақ әкелді, үстелге сүт, кофе, түйір нан салынған табақшаны қойды. "Қалай? Сізге басқа ештеңе керек емес пе?" Ол Терезаға мысқылдай қарады, темекі сұрар деп күтті, бірақ Тереза бетін қабырғаға беріп үнсіз жатты.
Бальонның әйелі терезені нашар жапқан болуы керек, ол желдің екпінімен ашылып кетті де түнгі суық бөлмеге лап қойды. Терезаның көрпені серпіп тастап, орнынан тұрып, жалаң аяқ терезеге баруға дәрмені жетпеді. Ол қасымен және маңдайымен желдің ызғырық тынысын сезіп, бүктетіліп, көрпені көзіне дейін тартып алып, қимылсыз жатты. Қарағай орманда мұхиттың гуіліне ұқсас толассыз шу басылмады, дегенмен онда тыныштық, Аржелуздың терең тыныштығы басып тұр еді. Тереза егер өзім азап шеккенді қаласам, көрпені осылай бүркеніп алмас едім ғой деп ойлады. Ол көрпені серпіп тастап көрген еді, бірақ суыққа тек бір сәтке ғана шыдады. Сонан соң одан да біршама ұзағырақ шыдай алды — бұл ешқандай есепсіз, ешқандай құлықсыз ойын ойнап жатқан сияқты еді; азаптану мұның жалғыз шаруасына, бәлкім, кім біледі, оның бұл дүниеде өмір сүруінің мәніне айналған болар.
XII
— Қожайыннан хат келді!
Тереза өзіне ұсынылған хатты алмады, бірақ Бальонның әйелі: сірә, мұнда қожайын қашан келетіні айтылған шығар, мен өзім бәрін уақтылы дайындап қоюым үшін мұны білуім керек, — деп тақақтап қоймады.
— Мүмкін менің оқығанымды қаларсыз?
Тереза: "Оқыңыз! Оқыңыз!", — деп жауап берді де, қашандағыдай Бальонның әйелі қасында тұрған кезде жүзін қабырғаға аударып әкетті. Бірақ Бальонның әйелінің дауыстап ежіктей оқығаны мұның жынын қоздырып жіберді:
"Бальонның хабарынан біздің Аржелузда бәрі ойдағыдай екенін біліп өте қуанып қалдым..."
Бернар машинамен келетінін, бірақ жолда кейбір қалаларға аялдамақ ниеті болғандықтан, өзінің келер күнін дәл айта алмайтынын жазыпты.
"Қалай болғанда да желтоқсанның жиырмасынан кешікпей ораламын. Таң қалмаңыздар, Аннамен және Дегилеммен келемін. Олар Больеде сақина алмасты, бірақ бұл әлі ресми некелесу емес. Дегилем алдымен қалайда сізбен жолыққысы келеді. Мұны әдептілік жөні деп болмайды, кейбір мән-жайлар туралы — қандай екенін, әрине, ішіңіз біледі, өзі қанығып алғысы келетінін сезіп тұрмын. Бұл сынақтан абыроймен өтетініңізге ақыл-парасатыңыз жетеді. Сіздің науқас екеніңіз, жүйкеңіз шалдыққаны есіңізде болсын. Жалпы алғанда, мен сізге сенемін. Егер сіз Аннаның бақытын күйретуге тырыспасаңыз, біздің отбасымызды барлық жағынан қанағаттандыратын жоспардың ойдағыдай жүзеге асуына кедергі жасамасаңыз, мен сізге разы болар едім. Әйтпесе, сіз титтей де зиян жасамақ әрекетіңіз үшін көресіні көресіз. Алайда, біз қорқатын ештеңе бола қоймайтынына сенімдімін..."
Бұл күні ауа райы ашық әрі суық еді. Тереза Бальонның әйелінің ырқына көніп төсектен тұрды және оның қолына сүйеніп бақта біршама жүрді, бірақ таңғы ас үстінде шөженің бір түйір жас етін әрең жеді. Жиырмасыншы желтоқсанға дейін әлі он күн бар. Бальонның әйелі егер Тереза дүр сілкініп, бойын жиып, үйден шығатын болса, таза ауа жұтса, аяғын тез басып кетеді деп сендірді.
"Бұл ашумен қырсығып жүрген жоқ, — деді әйелі Бальонға, — бұл жай әбден жүнжіп кетті. Бернар мырза миғұла иттерді үйрете біледі: сәл бірдеңе болса жағын қарыстыра тұмылдырық кигізе қояды. Мынау көп әуреленген жоқ, көрдің бе, жер бауырлап қалғанын. Дегенмен, бұған сенбеген дұрыс..."
Тереза расында да қиялшылдықтан, мүлгуден, өзін-өзі ұмытудан бас тартуға бар күшімен тырысты. Ол өзін аяқ басуға, тамақ ішуге, ең бастысы — ой анықтығына қайтадан жетуге, заттар мен адамдарға салауатты қарауға итермеледі; егер бұл өзінің кінәсінен өрт шалған құмдаққа барса, күл қабатын кешер еді, күйіп кеткен күйелеш қарағайлар арасымен жүрер еді, — бұл осылай отбасының — өз отбасының ортасында әңгімелесіп, күліп жүруге бейіл еді.
Он сегізінші желтоқсанда, бұлыңғыр, бірақ жауын-шашынсыз күні Тереза өз жатын бөлмесінде тас ошақ жанында басын орын тақ арқалығына тастап, көздерін жұмып мызғып отырды. Кенет оны мотор шуы оятып жіберді. Сонан соң бұл дәлізден Бернардың даусын, сондай-ақ де ла Трав ханымның даусын естіді. Бальонның әйелі есікті қағуды ұмыта жатын бөлмесіне алқына кіргенде Тереза жатын айна алдында тұр еді, өзінің бетін қызғылттап, еріндерін бояп жатты. "Әйтпесе, Аннаның күйеу жігіті шошып кетер..." деді бұл Бернар қателік жіберіп алды — алдымен әйелінің бөлмесіне көтерілмеді. Өз ата-анасына "қырағы" болуға уәде берген жас Дегилем ері тарапынан болған мұндай ықылассыздыққа назар аударды және бұл "кейбір ойға жетелейді" деп түйді. Ол Аннадан сәл ығысып, жылы пальтосының үлбір жағасын көтерді және "деревняның қонақжай бөлмесіне от жағып әуре болудың қажеті жоқ" деп айта кеткенді жөн керді. Ол Бернардан: "Сіздерде үй астына ұра жасалған ба?" деп сұрады. "Жоқ па? Олай болса, едендеріңіз оның астына бір қабат цемент төсемесе, шіри беретін болады..."
Анна тиін жамылғы жамылған және таспасы да, байлауы да жоқ киіз қалпақ киген еді. ("Бұл қалпақта ешқандай әшекей болмаса да, — деп мән берді де ла Трав ханым, — ол біздің бұрынғы қауырсынды және әшекейлі қалпақтарымыздан қымбат. Мұның киізі тамаша: Лельгакадан сатып алынған, ал сәнін Ребудың өзі келтірген"). Жанып тұрған тас ошаққа де ла Трав ханым аяғын созды, бірақ бәрібір өктем де торсық бетімен есікке қарап тұрды. Ол Бернарға сыр бермеуге уәде еткен-ді, бірақ оған: "Маған оны сүй деп сұрама" деп ескерткен. Шешесінен мұны өтінуге болмайды ғой. Онымен қол алысып амандасуға тура келеді-ау деген ойдың өзінен-ақ мен тітіркеніп кетемін. Оның қандай сұмдықтарды жасағанын бір Құдай біледі, бірақ онысы енді менің жыныма тимейді, кез келген арамдыққа бара алатын адамдар барын білеміз ғой, оның екі жүзділігі ашуын келтіреді. Міне, бұл қауіпті. Сен бір нәрсені: "Апа, мына орындыққа отырыңызшы, сізге ыңғайлы болады" деп мүләйімситінін есіңе алшы. Сені "шошытып" алам ба деп қалай қорқатын! "Байғұс, қымбаттым, өлімнен сондай қорқады, егер біз кеңесу үшін дәрігерлерді шақырар болсақ, ол кеңес бұның түбіне жетеді..." Құдай біледі, мен ештеңеден күдіктенген жоқпын, бірақ оның аузынан "байғұс, қымбаттым" дегенді естігенде, тіптен қайран қалғанмын..."
Бірақ қазір өздерінің Аржелуздағы үйінде де ла Трав ханымды бір ғана нәрсе: осындағылардың бәрі бастан кешіп тұрған ыңғайсыздық алаңдатты; бұл өзінің сауысқан көздерін Бернарға тіккен Дегилемді мұқият бақылап отырды.
— Бернар, сен барып көріп келмейсің бе Терезаның не істеп жатқанын... Мүмкін оның мазасы болмай тұрған шығар.
Болуы мүмкін нәрсенің бәрінен бойын аулақ салғандай селқос тұрған Анна таныс қадам үнін бірінші болып естіді: "Міне, ол, басқышпен түсіп келеді". Бернар қолын кеудесіне апарды: жүрегі қайтадан тарсылдап кетті. Мұнда кеше кешке келмегені қандай нақұрыстық болған! Бұл көріністі Терезамен алдын ала дайындап алуы керек еді. Ол не айтады? Ол өзін кінәлайтын ештеңе істемей — ақ бәрін бүлдіре алады. Басқышпен қалай баяу түсіп келеді! Бәрі де орындарынан тұрып, есікке қарай бұрылды, ақыры Тереза есікті ашты.
Бернар осы бір жабырқау жан, осы бір кіп-кішкентай, боп-боз әрі боянып алған бейне көзіне көрінгенде, басына ең алдымен келген ойды — "Ақылдастар соты" картинасын елестеткенін ұзақ жылдар бойы есіне сақтағаны анық. Бірақ ол ой Терезаның қылмысымен байланысты келмеген еді. Ол кенет өз ата — анасының Аржелуздағы бағында қаусаған дамыл жайды безендіріп тұрған көптеген картинаның арасынан "Птн паризьеннің" түрлі-түсті қосымшасын есіне алды; бұл бала кезінде шыбын ызыңдаған, шөп арасында шегіртке тынымсыз шырылдаған аптап күндері "Пуатье қорғанының тұтқыны" бейнеленген түрлі-түсті осы картинаға үрейлене қарайтын.
Міне, қазір де ол сол қан-сөлсіз, арыған бейнеге үреймен қарады және өзінің жете ойламағанына қынжылды: не болса да бұл сұм әйелді бірден құрту керек еді, әне-міне жарылуы мүмкін бомбаны қалай суға лақтырып жіберетіні сияқты, мұны да лақтырып тастау қажет еді. Тереза әркімге түсінсін — түсінбесін әлдебір қасіреттің, ең жаманы — қылмысты оқиғаның болғаны туралы ой тастады, оның не қылмыскер немесе зәбір көруші екені даусыз... Қонақжайға жиналған туыстар оны шынайы таңырқай әрі мүсіркей дауыстап қарсы алды, Дегилем өз тұжырымына күмәнданын, не ойларын білмей дал болды. Ал Тереза жуып-шайып жатты.
— Мұның бәрі жай ғой. Ауа райы нашар болды, мен тіптен сыртқа таза ауаға шықпадым, тәбетім қашты. Тіпті нәр татпадым. Бірақ толып кеткеннен гөрі арыған жақсы емес пе, рас па?.. Кәне, Анна сен туралы сөйлесейік. Мен қуаныштымын...
Тереза оның қолынан ұстады (бұл отырды, Анна түрегеп тұрды) да оған ұзақ қарады. Арыған, сылып тастағандай жүзден Аннаға сондай таныс көздер қарап тұрды: балалық бір кездері оның жанарын аудармай қарайтыны мұның жынына тиетін, сөйтіп бұл Терезаға: "Сен неге маған солай қарайсың? Қой!" дейтін.
— Анна, сенің бақытты болуыңа сондай қуаныштымын.
Терезаның еріндерінде Аннаны оның "бақытымен" құттықтаған және Дегилем мырзаны, оның таз басын, жандармдық мұртын, жұмыр иығын, оның шолақ сүртігін және қара сұр жолақты қонымды шалбар киген тырсиған борбайын (иә, былайынша айтқанда — күйеу жігіт, еркектің аты еркек) шолып өткен жымиыс қылаң берді. Сонан соң көзін қайтадан Аннаға аударып.
— Қалпағыңды шеш... Мен енді сені танып тұрмын, жаным, — деді.
Анна енді өте жақыннан Терезаның қисайған аузын, оның еш уақытта жас шықпайтын көздерін көрді, бірақ ол нақ осы сәтте Терезаның не ойлап отырғанын білмеді. Дегилем мырза: егер әйел өз ұясын сүйсе, деревнядағы қысты соншалықты ауырсынбас деген ой айтты. "Үйде жұмыс көп..."
— Менен неге Мари туралы сұрамайсың?
— Рас, рас... Мари туралы айтшы...
Міне, осы жерде Аннаға қайта сенімсіздік кіріп, жауыға қалды — бірнеше ай бойы анасына: "Мен оған бәрін кешірер едім, түптеп келгенде, есі жарымжан адам ғой, бірақ оның Мариге селқостығына төзе алмаймын. Өз баласына енжар ана бола ма? Бұл жерде қандай ақтау келтірсеңіз де, мен мұны сорлылық санаймын" деп бір сөзді қайта-қайта айта бергені бекер емес екен.
Тереза Аннаның не ойлап тұрғанын аңдай қойды: "Ең алдымен Мари туралы сөз қозғамағаным үшін ол мені жек көріп тұр. Бұған қалай түсіндірерсің? Мен өзіммен — өзім әлек екенімді бұл түсіне алмас еді. Анна балалы болуды, өзінің анасы сияқты, отбасының ұйытқысы барлық әйелдер тәрізді балаларын мәпелеуді аңсайды. Ал мен ылғи өзім туралы ойлауым қажет, өзіме — өзім келуге ұмтыламын... Анна көп ұзамай өзінің жастық шағын да, менімен достығын да, Жан Азеведоның аймалағанын да ұмытады — тіпті өзінің сырт киімін де шешпеген мына ергежейлі албастыдан туатын сәбиі алғаш шаптырған кезден — ақ бәрін ұмытады. Үйкүшік әйел өзінің даралық кейпін жоғалтады. Бүкіл әулет үшін осындай құрбандыққа бару қандай ғажап, мен келбетіңді жоғалтудың, өзіңді ұмытудың әдемілігін сезіп тұрмын... Бірақ мен, менің жөнім бөлек қой..."
Тереза төңірегіндегілердің не айтып тұрғанын естімеуге, тек Мари туралы ойлауға тырысты; құртақан қазір былдырлайтын болуы тиіс. "Оның былдырын естіген тамаша — ау, бірақ ұзақ емес, ол мені тез жалықтырып жіберер еді де, тезірек өзіммен — өзім жалғыз қалғанды қалар едім..." Бұл Аннадан:
— Маридің қазір тілі шыққан шығар? — деп сұрады.
— Естігенінің бәрін қайталайды. Керемет қағып алады. Тауық шақырса немесе машина дыбыс берсе, ол дереу саусағын көтеріп: "Естіп тұрсың ба? Бибип айғайлап тұр" дейді. Сондай тәтті! Сондай сүйкімді!
Тереза: "Олар анда не деп жатқанын тыңдау керек. Менің басымда түк ой жоқ... Күйеу жігіт мырза не деп бөсіп тұр?" деп ойлайды. Сөйтіп, өзіне жігер беріп, құлақ түрді.
— Менің Балисақта иелігім бар, бірақ біздің қарамайшылар мұндағыдай өлермен емес: қара майды жылына төрт рет жинайды, ал Аржелузда жеті, тіпті сегіз рет жинайды екен.
— Иә, сіздердің қарамайшыларыңыз тіптен жалқау екен, ал қара майдың бағасы қымбат қой.
— Иә, иә. Қазір қарамайшы күніне жүз франк қаржы табады! Бірақ біз сіздің зайыбыңызды шаршатып жібердік — ау деймін.
Тереза басын орын тақтың арқалығына шалқайтты. Бәрі орындарынан тұрды. Бернар Аржелузда түнеуге ұйғарды. Дегилем машинаны өзім жүргіземін, ал ертең шопыр оны қайта айдап әкеледі әрі Бернардың жүгін жеткізеді дегенді айтты.
Тереза орнынан тұрмаққа ұмтылып еді, бірақ енесі оны ұстап қалды.
Сонан соң Тереза көзін жұмды және Бернардың анасына не айтқанын естіді:
— Бұл Бальондарды ма! Қазір мен оларды жақсылап шыжғырып аламын, талайға дейін естерінен кетпейтін болады!
— Тыңда, сен, дегенмен, қызып кетпе, әйтпесе олар есеп айырысып жүрер, ал оның бізге қажеті қанша: біріншіден, олар тым көп нәрсеге қанық, оның үстіне иелік бар... Оның бүкіл шекарасын тек бір Бальон ғана біледі.
Бұдан соң Бернардың Тереза ести алмаған әлдебір қарсы сөзіне жауап бере тұрып, де ла Трав ханым үстемелеп былай деді:
— Дегенмен, абай бол, бұған онша сене берме, оның әр қимылын бақ, оның ас үйге немесе асханаға кіруіне ешқашан рұқсат берме!.. Жоқ, ол есінен танып қалған жоқ, ол мүлгіп кетті немесе әдейі істеп отыр...
Тереза көзін ашты, Бернар мұның алдында тұр екен, қолында ұстағаны бар:
— Мә, жылдам ішіп қой. Бұл испан шарабы, өте күш береді, — деді.
Ал сонан соң ылғи ойына алғанын істейтін Бернар ас үйге барып, өзінің зәрін төкті. Әңгіме жергілікті диалектіде болды. Тереза Бальонның әйелінің барқырағанын естіп: "Бернар бірдеңеден қорқып кетті! Неден екен?" деп ойлады. Ол қайтып келді.
— Меніңше, сізге өз бөлмеңізде емес, асханада тамақтанғаныңыз ыңғайлы болар. Сізге дастарқанды бұрынғы кездегідей асханада жаюға әмір бердім.
Бернар расында да терегу күндеріндегідей мұның жақтасы, мұны бәледен қалайда алып шығуды тілеуші бола қалды. Ол қалай да мұның сауығып кеткенін қалады. Иә, оның шошып кеткені сөзсіз. Міне, ол мұның алдында отыр, көсеумен тас ошақтың шоғын лаулатып шығарып жатыр. Тереза оны бақылап отырды, бірақ оның шығыңқы көздерінің алдына лапылдаған жалында қандай бейне келіп тұрғанын білмейтін еді, ал ол жалыннан "Пти паризьенге" қосымшаны — "Пуатье қорғанының тұтқыны" қызыл — жасыл суретті елестетіп отырды.
Жауын қанша құйса да, Аржелуздың құм шауыт топырағында бірде-бір шалшық қалмайды. Қыстың ең ортасында күннің бір сағат қылтиғаны жетіп жатыр, қарағайдың құрғақ та серпімді инелерінен кілемше төселген жолмен жіп табанды туфлимен алаңсыз қыдыра беруге болады. Бернар күні бойы аңшылыққа құрып кететін, бірақ кешке үйге келгенде үнемі Терезаның халі қалай деп сұрап отырды, ол еш уақытта бұған мұндай қамқорлық көрсетпеген еді. Бұлардың қатынасында қырғи — қабақтық тумады. Ол әр үш күн сайын мұны таразыға тартылуға зорлады, темекіні тек тамақтан кейін ғана және екі темекіден асырмай тартуға рұқсат етті. Оның кеңесі бойынша Тереза орманда өте көп жүрді: "Дене жаттығуы тәбетті кез келген дәрі-дәрмектен жақсы ашады".
Тереза енді Аржелуздан қорықпайтын болды. Қарағайлар жол беріп, өз қатарын ашып, бұтақтарымен бұның еркіндікке кетуіне белгі беріп тұрғандай көрінді. Бірде кешке Бернар бұған: "Аннаның тойына дейтін күте тұруыңызды сұраймын". Бүкіл құмдақтағылар бізді тағы да бірге көрсін, ал сонан соң сіз азатсыз" деген. Сол түні мұның көзі ілінбеді: қорқыныш пен қуаныш бұған ұйқы бермеді. Таң алдында бұл тауықтардың шақырғанын естіді — олар бір-біріне үн қатып жатқандай емес, қайта бәрі бірге қосыла шырқап, аспан мен жер арасын бірыңғай шат-думанға толтырып жіберген сияқты көрінді. Сөйтіп, Бернар бір кезде өзі үйрете алмаған жабайы қабанды құмдаққа қоя бергені тәрізді, мұны да еркіне жібермек. Анна өз Дегилеміне күйеуге тигеннен кейін адамдар не деп оттаса да мейлі. Бернар Терезаны Парижге алып барады, бұл қаланың шырмауына енеді, ал ол үйге қайтады. Бұлар осылай келісті. Ешқандай ажырасу, еш ресми "үй бөлісу" болмайды, сырт көз үшін себеп — мұның денсаулығын күтуі. ("Ол тек саяхаттаса ғана өзін жақсы сезінеді"). Бернар қара май жинаудан түскен табыстан мұның үлесін бұған үнемі салып тұрады.
Бернар Терезадан оның жоспарлары туралы сұрамады, қайда кетсе, онда кетсін. "Ол осы жерден көзін құртқанда ғана тыныш табармын, — деді ол анасына. — "Ол өзінің қыз күнгі тегіне қайта көшіп алар деп үміттенемін... Алайда, ол қайтадан өз дегеніне басатын болса, сені таппай қоймайды". Бірақ Бернар Терезаны "Есеңгіреп жүріп не істегенін білмей қалады" деп тұжырды. Ол өзін еркін сезінсе, мүмкін, ақылы кірер. Қалай болғанда да, тәуекелге бел буу қажет. Ларок мырза да осындай пікірде. Түптеп келгенде, Терезаның көз алдарынан кеткені жөн: сонда ол ертерек ұмыт болып, адамдар бұл туралы сыпсыңдауын қояды. Енді, ең бастысы — үндемеу. Бұл ой олардың басына сіңіп кеткені сондай, олар енді одан бас тарта алмады: Терезаны ертерек есеңгіреуден шығару керек. Ah, олар мұны ертерек істеуге қалай асықты, десеңші.
Тереза жер мен орман жалаңаштанған кыстың соңын өте жақсы көретін, қоңырқай тартқан кебу жапырақтар емен бұтағына жабысып, ажырай қоймаған. Бұл күндері ол Аржелузда тыныштық жоқ екендігіне көзін жеткізді. Ең тыныш ауа райының өзінде орман өз тағдырына жылағандай ыңырсиды, өзін-өзі жұбатады, тіпті мүлгіп тұрғанның өзінде, оның тынымсыз сыбыры түнімен естіледі екен. Мүмкін мұның қиялы жетпес келешек өмірінде бұның осылай таң шапағын жалғыз қарсы алуына тура келер, бұл Аржелуздағы таңғы ояну сағаттары туралы, сансыз тауықтардың шат-шадыман шақырыстары жайлы аңсайтын болар, сөйтіп талай жыл жаз кезінде бұл күндіз шырылдайтын шегірткелерді және қара шегірткелердің түнгі шиқылын есіне алып жүрер — ау. Париж. Айнала адамдар қинаған қарағайлар емес, адамдар, қауіпті жандар болады. Сыңсыған ағаштар орнына қаптаған адамдар болады.
Ерлі-зайыпты Дескейрулер өздерін бір-бірімен жайбарақат сезінетіндіктеріне өздері таңғалды. Терезаға біз өзіміз үшін жайсыз адамдармен көршілікті, егер олармен айырылысатындығымызға сенімді болсақ, байсалды төзе алады екенбіз деген ой келді. Бернар енді Терезаның салмағы қанша болғанына да, оның қалай пайымдайтынына да ден қойды: бұл да оның көзінше бұрын еш бұлай сөйлемеген еркіндікте көсілді. "Парижде... мен Парижге барғанымда..." Бұл онда қонақ үйге жайласады, мүмкін өзіне пәтер тауып алар. Бұл дәрістер, баяндамалар тыңдап, концерттерге бармақ — өзінің білімін көтеруді басынан бастамақ болды. Енді Бернар мұны бақылауды ойынан шығарды, дастарқанда қауіптенбей сорпа, шарабын ішіп жүрді. Бұларды кейде Аржелузға баратын жолда кездестіріп қалатын доктор Педмэ әйеліне: "Қызық, бұлар тіпті көз алдау ойнап жүрмеген сияқты" дейтін.
XIII
Наурыздың жылы ертеңгілік күнінде сағат он шамасында адамдар легі Париждің көшелерін кернеп, Бернар мен Тереза үстел басында отырған "Кафе де ла Пэ" дәмханасының алдынан ағылып өтіп жатты. Тереза темекісін тастап, құмдақ адамдары істейтін дағдымен тұқылды өкшесімен мұқият жаншыды.
— Асфальт жанып кетеді деп қорқасыз ба?
Сөйтті де Бернар жорта күлді. Ол Терезаны несіне Парижге дейін шығарып салуды ойлағанына өзін кінәлап отыр еді. Әрине, бұлар Аннаның тойынан кейін ғана аттанып кетті және жұртшылық пікірін ескеріп, шығарып салу да керек болатын, бірақ ең бастысы — ол Терезаның дегеніне көнген-ді. Расын айтқанда, ыңғайсыз жағдай жасауға келгенде бұл әйелдің таланты тіптен: әзірге өзі мұның өмірімен әлдеқалай байланысты болғандықтан да бұған әлі оның парықсыз тілектерін талай орындауына тура келер; ол әйел бұл сияқты байыпты, сондай кемел жанның өзіне әлдебір ықпалын сақтап қала алған. Енді, міне, онымен қоштасар сәт келгенде бұл өз еркінен тыс мұңды сезімді бастан кешті, ал мұнысын ешқашан мойындамас еді: сірә, осындай қамығушылық жат, оның үстіне Терезаға қатысты жабырқау ойына да келмейтін тасбауыр адамды табу қиын болар. Сондықтан да ол жан толқынысынан ертерек арылғысы келді. Оңтүстік жүрдек пойызына отырған кезде ғана еркін тыныстар. Автомобиль мұны бүгін кешке Лангонда күтеді. Осы стансадан кейін Вилландроға барар жол бойында іле-шала қарағай ормандар басталады. Бұл Терезаға қырынан қарап, оның жанары өтіп бара жатқан тобырдың арасында қылт еткен әлдебір бейнеге қадалып, ол көзден ғайып болғанша соның артынан көз алмағанын көріп отырады. Кенет Бернар былай деді:
— Тереза... Менің сізден сұрағым келген еді...
Ол көзін тайдырып әкетті, өйткені мына әйелдің қарағанына төтеп бере алмады, сөйтті де үстемелеп жіберді:
— Сіз неге соны істедіңіз? Мені жек көрдіңіз бе? Мен сізге жиіркеніш туғыздым ба?
Ол өз сөзін өзі таңырқай әрі өкінішпен тыңдады. Тереза жымиды, сонан соң өте байсалды кейіппен бұған көз салды. Ақыры сұрады — ау! Бернар бұл оның орнында болса ең алдымен ойына келер сұрақты қойды — ау. Бұл ұзақ дайындаған — сонау түні алдымен Низанға барар жол үстінде пәуескеде, сонан соң өзін Сен — Клерге жеткізген тар табан жол пойызында сондай құлшына, сондай табандылықпен есіне түсірген, өз қылығының бастау көздерін табу үшін азаптана күш жұмсаған ағынан жарылуы мүмкін бекер кетпес. Мүмкін өзін — өзі қинау, қазбалау бұған қайтарымын берер сәт ақыры туған шығар. Бұл Бернардың жан дүниесін оның еркінен тыс астан-кестен етіп, бәрін шатастырып жіберген болуы тиіс. Міне, енді ол өткен жайт өзіне онша түсінікті еместіктен, өзі бұл туралы не ойларын білмейтіндіктен, бұған сұрақ қойып отырғандай. Енді ол өз пайымдауларында соншалықты қарадүрсін және соншалықты қатыгез емес. Тереза өзі үшін осы тосын Бернарға мүсіркей, әйелдік мейіріммен көз тастады. Алайда, жауабы кекесінді шықты:
— Ал сіз бәрінің себебі қарағайларыңыз екенін аңғармадыңыз ба? Мен сіздің қарағайларыңызға бір өзім иелік еткім келді.
Ол иықтарын қиқаң еткізді:
— Егер мен бір кезде бұған сенген болсам, ал қазір сенбеймін. Сіз неге солай істедіңіз? Сіз маған енді айта аласыз ба?
Тереза әлдеқайда алысқа қарады; адамдардың қалың тобыры ағылып жатқан лас табан жолда бұл адамдар ағынына қойып кетіп, арпалысу немесе мойынсұнып, тұңғиыққа батып кету алдында тұрған нақ осы мезетте кенет мұның алдынан бозарып шұғыла қылаң берді: бұл сырлы да мұңлы өлкеге, бүкіл қиялға берілген, өзінің ішкі әлеміне сүңгіген жете — жетілуге, Құдайын іздеуге... кеткен Аржелуз тыныштығындағы өмірге қайта оралу мүмкіндігін көрді. Кілемшелер мен шыны моншақтар сатып жүрген қаба сақал саудагер марокколық мұны өзіне күліп отыр екен деп ойлап, қасына келді. Тереза әлі де сол кекесінмен:
— Мен сізге: "Соны неге істегенімді білмеймін" деп жауап бергім келіп еді, бірақ, енді өзім де дал болып отырмын. Мүмкін мен оны қазір сіздің көзіңізден осы сәтте байқалып отырған алаңдаушылықты, әуестікті, былайша айтқанда, аласапыранды көру үшін жасаған болармын, — деді.
Ол Терезаға өздерінің үйлену саяхатын еске салған ашулы үнмен:
— Сіздің ақырғы сәтке дейін шымшылап қалмақ ниетте екеніңіз көрініп тұр... Жоқ, расын айтыңызшы, неге?
Бұл күлкіні тыйып, қайыра сұрады:
— Ал сіз, Бернар, өз тірліктеріңіздің себебін ылғи білесіз бе, а?
— Әрине... Меніңше, солай деп ойлаймын.
— Мен сізден ештеңе жасырын қалмағанын өте қалар едім, біле білсеңіз, мен бәрінің басын ашамын деп әбден қажыдым. Бірақ, түсініңізші, мен келтіре алар себептердің бәрі, мен сөзбен айта бастағаннан-ақ өзіме жалған көрінер еді...
Бернар шыдамсыздана мұны үзіп жіберді:
— Бірақ, дегенмен, сіз тәуекел еткен, сіз соны жасаған бір күн бар ғой...
— Иә, Мано маңында үлкен өрт болған күн.
Олар бір-біріне жақындай отырып, бәсең үнмен сөйлесіп кетті. Париждің осы бір кісі қаптаған көшелерінің бір бұрышында қоңыр салқын күн жарығында және шиыршықталған шетелдік темекінің иісін әкелген әрі дәмхана алдындағы аумаққа орнатылған сары және қызыл қалқалардың жиек тілдерін желбіреткен едәуір өкпек самалда Терезага Аржелуздың аптап күні туралы, түтін бұлты торлаған аспан жайлы, ыс басқан көк жүзі жөнінде, өртенген қарағай орманынан жеткен күйіктің тұншықтырар иісі турасында және меңіреу бойкүйездіктен семіп қалған жүректің бірте-бірте қылмыстық ойға алып келген сырын ақтарып жату бір түрлі қисынсыз көрінді.
— Міне, бұл қалай болды. Біз асханада отырдық — ыстық кездері біз онда ылғи терезе қақпағын жауып қоятынбыз да, сондықтан қаракөлеңке болатын еді ғой. Сіз басыңызды Бальонға бұрып, онымен сөйлесіп тұрдыңыз да, ұстағанға тамған тамшыларды санауды ұмытып кеттіңіз...
Тереза Бернарға қарамады, тек қана бір нәрсені: егжей — тегжейдің титтейін де ұмытпауды ойлап, айта берді, кенет оның күлкісін естіді, сол кезде барып оған көз салды — ол өзінің әдебиеттегі дарақы күлкісімен сықылықтап отыр екен, ол сонан соң: "Шындығыңыз осы ма! Сіз мені кім деп отырсыз?" деді. Ол бұған сенбеді (Иә, расын айтқанда, мұның айтқандарына сенуге бола ма?) Ол зәрлене қиқылдады, Тереза өзін ақымақ қылуға бере қоймайтын, менмен, масайраған баяғы Бернарын таныды. Ол езінің бұрынғы қалпына келді де, бұл тағы да ойынан шатасты. Ол мысқылдай:
— Демек, бұл ой сізге кенеттен, жоғарыдан жіппен өрмелеп түсе қалған екен ғой, солай ма? — деді.
Ол Терезадан сұрамақ болғаны үшін өзіне күйінді. Өйткені ол мына бетімен бұған деген жек көрушілік сезімінен, осы есуасты тұқыртып ұстаған үстемдігінен айырылып қалуы мүмкін ғой және бұл, шайтан алғыр, басын көтере бастапты! Несіне аяқ астынан мұны ұғынбақ ниетке бейіл бола қалды? Иә, есі ауысқан қатыннан нені түсінбек? Осы бір сұрақтың тілінің ұшынан шығып кеткенін қарашы... Төтеннен, ойланбастан...
— Бернар, тыңдаңызшы, мен өзімнің кінәсіздігіме сізді сендіру үшін айтып отырған жоқпын, тіпті олай емес!
Сөйтіп, бұл сондай құшырлана қызулықпен өзін-өзі айыптауға кірісті: мейлі бұл айкезбе сияқты ес-түссіз әрекет еткен — ақ болсын, бірақ бұның сөзіне қарағанда, солай ету үшін қылмыс туралы ой, қылмысты пиғылға бейілдік талайдан бері жүрек түкпірінде пісіп — жетілуі керек қой. Бұл анық көрініп тұр. Алғашқы әрекеттерінен кейін бұл өз ниетін жүзеге асыруды саналы түрде, өршелене, өжеттене, қандай жалғастыра берген.
— Мен қолым дірілдеген сол минутта — ақ өзімді қылмыскер сезіндім. Сіздің жан азабыңызды соза түскенім үшін өзіме күйіндім. Мен ақырына дейін бару керек деп есептедім. Әлдебір сұмдық парызды өтеу қажет деп пайымдадым. Иә, бұл борыш сияқты көрінді.
Бернар мұны үзіп жіберді:
— Даңғаза сөзді қойыңыз! Нені көздегеніңізді айтуға тырысыңызшы. Тырысып көріңіз.
— Нені көздедім? Менің нені қаламағанымды айту әлдеқайда жеңіл түсер еді. Менің жорта сылқым бибі көрінгім, қасаң қылықтар жасағым, таптаурын сөздермен сөйлегім келмеді, әр жолы сайқал Терезадан бойымды аулақ ұстағым келді... Міне, Бернар, шындықты айтқым келеді, ал неліктен екенін қайдам, сезім жалған шығады!..
— Жай сөйлеңіз, алдымызда отырған анау мырза бұрылып қарады.
Бернар енді бір ғана нәрсені: түсінісудің тезірек аяқталғанын қалады. Бірақ ол мынау ауыш әйелдің барлық ішке бүккен жай — жапсарды қопаруға бар бейілімен әзір екенін сезінді. Және Тереза да бір сәт өзінің жан дүниесіне жақын келген мына адам қайтадан өзінен алыстап кеткенін, шексіз қашықта тұрғанын түсінді. Бұл сонда да өршеленді, тіпті бір кезде Бернарға сондай ұнаған өзінің тартымды жымиысының сиқырымен де, өз дауысының бәсең, сырылды үнімен де арбап көрді.
— Ал енді, Бернар, аршагүл нуы болмашы нәрседен өртеніп кетуі мүмкін екенін есте ұстай, темекісінің тұқылын түйсігімен сөндіретін Тереза, өз қарағайларын өзі санауды ұнататын, қанша қара май жиналғанын тәптіштейтін Тереза, Дескейрулердің біріне тұрмысқа шығып, құмдақтағы отбасылардан аса қадірменділерінің бірінде өзіне лайықты орын алғанына, бір сөзбен айтқанда, жақсы жайласқанына риза Тереза, сол Тереза — өмірде бар екені соншалықты ақиқат болса, бірақ басқа Тереза да — сол сияқты ақиқат, өмірге соншалықты ынтық және осы екіншісін мансұқ етуге ешқандай титтей де негіз жоқ!..
— Тағы қандай "екіншісі?"
Бұл не айтарын білмей дағдарды, Бернар сағатына қарады. Бұл айтты:
— Дегенмен, маған кейде жұмыспен әрі Мариді көру үшін барып тұруға тура келеді.
— Қандай істер бойынша? Біздің мүлкіміз ортақ, оларды мен өзім басқарамын. Біз бұл мәселеге қайта оралмаймыз, бәрін шештік емес пе? Сіз барлық ресми рәсімдерде өз орныңызды аласыз, ол жиындарда адамдар мені біздің атымыздың абыройы және отбасымыздың мүддесі үшін сізбен бірге көруі тиіс. Біздің сондай көп туыстарымызда, құдайға тәубе, той — томақ пен өлім-жітім аз болмайды. Мысалы, Мартен ағай күзге дейін жетсе, жақсы болар еді. Міне, сіз үшін келуге сылтау табылады, әрине ұзақ уақытқа емес, өйткені сізге біздегінің бәрі жек көрінішті сияқты еді ғой.
Атты полицей ерніне ысқырықты апарып еді, көзге көрінбейтін арна ашылып кетті де, көпірдің қара асфальт жолына такси нөпірі лап қойғанға дейін жаяулар легі көшені асыға кесіп өтіп жатты. "Маған Дагердің істегеніндей, бір түнде Оңтүстік құмдаққа әлдеқалай кетіп қалу қажет еді. Сол тұлдыр жерде өсетін солғын қарағайлар арасымен қашан әл кеткенше жүре беру — жүре беру керек еді. Менің тұншығып өле қалу үшін қалдық шалшыққа басымды тығып, суда ұстауға шамам келмес (былтыр Аржелуздың бір бақташысы солай істеген, өйткені жеңгесі оған тамақ бермей қойыпты). Бірақ құмға жата кетіп, көзімді жұму қолымнан келер еді... Тек қарғалар да, құмырсқалар да күтіп тұрмайды ғой..."
Тереза қазір өзі қойып кетейін деп тұрған адамдар өзеніне көз салды, сонда мұны қатты ағыс іліп әкетіп, домалатпамен ағыза, сүйрей жөнеледі. Енді ештеңе істей алмайсың, Бернар қайтадан сағатына қарады.
— Он бес минутсыз он бір. Қонақ үйге кіріп шығуға зорға үлгеремін.
— Сізге жолда ыстық болмай ма?
— Қайдағы! Қазір кешке автомобильде жылырақ киінуге тура келеді.
Бернар машинамен жүретін жолды Тереза ойша шолды, батпақтың, қара майлы қиқымдардың, өртенген арамшөптер түтінінің, жалбыздар мен тұманның иісін мұрынға әкелетін суық жел оның бетін қалай өбетінін елестетті. Бұл Бернарға қарады да, құмдақ әйелдеріне: "Терезаны көрікті бикеш дей алмайсың, бірақ сондай тартымды!" дегізетін жымиысымен күлді. Егер Бернар: "Мен сені кештім. Кеттік" десе, бұл орнынан тұрып, артынан ілесіп жүре берер еді. Бірақ бір сәт орынсыз толқуға беріліп кеткендей болған және сонысы үшін өзіне кейіген Бернар енді төтен қылықтарға және адамдар күн сайын бір-біріне айтып жүргендерінен ала бөтен ерек сөздерге тек тыжырынып тұрды. Бернар жол атымына бейімделіп жасалған Аржелуз арбасына ұқсас еді, — оған жүрілген, дағдылы жол керек және бүгін кешке Сен — Клерге оралып, асханаға кіргеннен ол өзінің қалыбына түсіп, жаны жай табады.
— Бернар, менің сізден соңғы рет кешірім сұрағым келіп тұр.
Тереза бұл сөздерді тым салтанатты әрі үмітсіз айтты – бұл оның әңгімені қайта қозғамақ болған соңғы талпынысы еді. Бірақ Бернар қарсылық білдірді:
— Бұл туралы айтудың енді қажеті жоқ.
— Сіз өзіңізді өте жалғыз сезінетін боласыз; мейлі мен ол жақта болмай-ақ қояйын, дегенмен менің де алар орным бар ғой. Егер мен өліп кетсем, сізге жақсы болар еді, ә.
Бернар иықтарын жеңіл қиқаң еткізді де, көңілдене: "болмашы нәрсеге абыржымауын" өтінді.
— Дескейрулердің әрбір ұрпағында өздерінің кәрі бойдағы болған! Бұл менің маңдайыма бұйырыпты. Менің бар жай-күйім осыған сай келіп тұр (сіз менімен келісерсіз деп ойлаймын). Тек бізде ұл емес қыз туғанына өкінемін, атым өшетін болды. Рас, егер біз бірге тұра берсек те, екінші балалы болғымыз келмес еді... Солай, жалпы алғанда, бәрі жөнімен жүріп жатыр. Тұрмай-ақ қойыңыз. Осында әлі отыра тұрыңыз.
Ол белгі беріп такси шақырды да, бәрі төленгенін бұған ескерту үшін Терезаға бір секунд жанасты.
Бұл Бернардың түбінде шамалы портвейн шарабы қалған бокалына ұзақ қарап отырды, сонан соң қайтадан өткіншілерге қарай бастады. Біреулер әлдекімді күтсе керек, ілгері-кейін теңселіп жүр. Әлдебір әйел екі рет бұрылып, Терезаға жымиып қарады (қызметші, мүмкін қызметші сияқты киінген жан болар). Бұл сағатта тігін шеберханалары бос еді. Тереза дәмханадан кетуді ойлаған да жоқ — бұл зерігулі де, мұңлы да емес. Бұл сол күні Жан Азеведоға бармауға ұйғарды, сөйтіп жеңіл тыныс алды, мұның онымен тіптен жүздескісі: қайтадан сөйлескісі, айтатын сөз іздеп жатқысы келмеді. Бұл Жан Азеведоны біледі, бірақ жақындасқысы келетін адамдарын білмейді, тек білетіні — олардың бұдан сөз талап етпейтіні. Тереза енді жалғыздықтан қорықпады: егер мұның денесі Оңтүстік құмдағында қимылсыз сұлық жатса, бұған құмырсқалар үймелеп, иттер жүгіріп жететіні сияқты, бұл қимылсыз ұзағырақ отырса, төңірегінде күңгірт құйын, әрі-сәрі алаң көңіл көтеріле бастайтынын сезеді. Бұның тамақ ішкісі келді, орнынан тұрды және көне ағылшын мәнерінде ойылған, салынған үлкен айнадан өзін көрді: несі бар, бұл жас әйелге жол киімі өзінің үстіне құйып қойғандай өте жарасып-ақ тұр! Бірақ бұл Аржелузда қамалған кезден бері мұның өңі әлі қажыған, арыған күйде еді, бұл сылынған сияқты, шықшыттары шығыңқы, мұрны тәмпіш көрінді. Бұл "Мен өңін бермеген әйелмін" деп ойлады. Руаяль көшесінде түстік тамағын ішті (өзінің қиялында көбіне осылай жасайтын). Мұның қазір қонақ үйге оралғысы келмеді. Жарты шиша шарабын ішкеннен кейін жағымды жылу бүкіл бойын биледі. Бұл темекі сұрады. Көрші үстелде отырған әлдебір жас жігіт шақпағын сырт өткізіп, бұған от ұсынды; бұл жымиып қойды. Ойлап қараңызшы, осыдан небәрі бір сағат бұрын бұл кешке Бернармен бірге Вилландро жолы арқылы қайтқысы, қарағай орманның түнерген тұңғиығына барған сайын тереңдей енгісі келіп еді-ау! Ал әлдебір өлкені, қарағайды немесе үйеңкіні, мұхитты не жазық даланы сүю соншалықты маңызды ма? Енді мұны ет пен сүйектен жаратылған адамдардан басқа ештеңе де қызықтырмайды. "Маған ұнайтыны — осынау тас қала емес, мұражайлар емес, дәрістер емес, осында толқып жатқан жанды орман, ол нулы ешқандай дауыл тең келе алмайтын соншалықты алапат аласапыран билеп тұр. Аржелуз қарағайларының түнгі тыныштықта ыңырсуының қорқыныштылығы — оның адам үніне ұқсастығында".
Тереза біршама шарап ішті, үсті-үстіне темекі тартты. Риза кейіппен өзіне-өзі күлді. Беті мен ернін мұқият бояп алып, көшеге шықты да, беті ауған жаққа қарай жүріп кетті.
Аударған Ақайдар Ысымұлы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі