Өлең, жыр, ақындар

Өр, еңіс, сай, жазық

Қоғабай қаусырына түсті.

Сыртта жаңбыр бүркіп тұр. Жауса екі-үш күн қатарынан сілбелене созылып, жуыр маңда басыла қоймайтын күздің кәдімгі жылауың ақ жауыны.

Белі бұраңдап төмен домалаған тамшылар автобус әйнегін сызғылайды. Лықылдаған дымқыл төмен тартып, салбыраған қарынымен жоталардың басын сызған тұман бірте-бірте сайға құлап марғау жылжиды. Жайшылықта төбеден төніп, асқақ қарайтын жота-жоталар жаңбыр тамшылары құрып тастаған селдір перде астында бозамық тартып, шын қалпын танытар емес. Су сорып, қарайған телеграф бағаналарында қолтоқпақтай күйкентайлар мойындарын ішке тығып, бұйығып-бұйығып отыр. Есік ашылған сайын қаулап кірген ауадан шіри бастаған шөптің, кеш піскен бүлдіргеннің білінер-білінбес жұқа исі сезіледі.

Тау арасын қуалаған жол сорабына етпеттей жабысып, жаңбыр астында сүметіліп келе жатқан кертеш тұмсық кішкене автобуста үш-ақ адам отыр. Олар — бетін маңдай әйнекке біреу желімдеп жапсырып тастағандай ауылдан шыққалы артына әлі бұрылып қарамаған шофер, алдыңғы орындықта бұйра шашы қылтылдап отырған он жетілердегі жас қыз, сосын күздің көңілсіз, күніндей бұлдыр ойын құрықтап жатқан Қоғабай.

Дөңгелегі шұқанаққа түсіп кеткен автобус бір лоқып, көтеріп тастағанда Қоғабайдың көзі театрдың айналмалы сахнасы құсап жай бұрылып, ізетпен кейін ысырылып қалып бара жатқан қорым жартас бетіндегі аппақ жазуларға түсті. «Эту дорогу построила бригада Когабая Ныгметжанова, 1946 г». Қоғабай орнынан тұрып кетердей қопаңдап алға ұмтылып еді, маңдайын әйнекке соғып алды. Саусақтарымен шекесін уқалай бергенін сезген, ал ауырғанын, құдай ақы, сезген жоқ. Жаңбыр шайып, айқындай түскен жазудан көз айырмай, еріндері дыбыссыз қыбырлай береді. «Япырай, сол, шынымен сол ма? Отыз жылдан асса да бедері өшпепті, ізі кетпепті-ау».

Е, ол бір тердің тұзы сіңе-сіңе көнге айналған гимнастерканы сыпырып тастап, күні бойы қайланы қаршылдатып, көктасқа ұрғанда қыңқ демейтін темір маңдай заман еді ғой. Сарымайға түскен салқын жүзді кездіктей тауды қақ жарып өтетін осы жолды жыл ішінде салып шыққан. Ол кезде Қайша бүгінгі қызыл иек қыңыр кемпір емес, бетінен қызылы кетпейтін үрме етек келіншек. Ол ас-судың әлегімен күні бойы кең құрсақ қара қазанға түсіп жүрсе, бұлар таңның атысы күннің батысы көктаспен алысатын.

Тік жаға гимнастерка, екі құлағы ербиген галифелі сол бір жігіттер — қазір шалқайып жатып пенсия алатын бір-бір үйдің ақсақалы.

Қайша болса үйден қанша адым ұзап шықса қыңқыл-сыңқылды сонша еселеп қайтатын қырыс қара кемпір.

Дәл өзі... Өзі ең аяғы шайдың қызылы келіспесе ұрыс-керіске бір табан жақын қырқылжың шалдың нақ өзі. Қарадай қызынып сала беретін мінезінің арқасында қызыл көз шал деген атағы және бар.

Сөйткен қотиын Қоғабайдың еңсесі соңғы бір-екі жыл жүзінде күрт түсіп кетті. Кірпияз мінезі көбейіп, үйден қарға адым шығуды қойды. Өткен айда қарағайдан қиып салған жаңа үйінің шайыр аңқыған қабырғасы төбеге шығып, төбе төмен еңкейіп шыр көбелек айналып, аударыспақ ойнап сала бергенін қайтерсің. Ақ келін, көрші үйдің ақ қайраң келіні, жауын жауса балтырлары бір түрлі бұрынғыдан да ағарып сала беретін доғдыр келін мұны алай аударып, былай аударып, аңыры алқызыл ернін қыршып тұрып: «Жүрекке шапқан ревматизм»,—деді. Сосын басып ішке алып, жанарының жалтылын сөндіріп тұрып; «Біздің қолдан келмейді. Ауданға бармасаңыз болмас», — дегенді тағы үстемелеген. Мезгілсіз маусымдағы мына сабылма жүріс — сол бар-жоғы алты сөздің қуғыны.

Автобус еңіске қарай құдиып сырғи жөнелді. Табан астындағы сай түбінде бес-алты үй жайрап жатыр. Күн ашылыпты. Шығысқа беттеген қорғасындай қалың бұлттың қойнынан нажағай оқтын-оқтын көзін қысып, солғын жарқылдайды. Жота-жота ығына көлеңке құлапты.

Шеткі үйді сүзіп тастардай тұқжия ағызған автобус қабырғадағы тамшы айғыздаған қарала-торала іздер таң қаларлықтай айқындала қалған шақта кілт бұрылып, он шақты қаз-үйректі үркіте тоқтады.

— Бес минут аялдама! — деді де шофер қарғып түсіп, сыртын жапамен ұрып тастаған шарбақ қораны айналып кетті.

Аяғы ұйыпты. Жерге түскен бетте тізесі бүгіліп бара жатқасын есік жақтауына сүйене беріп еді, қыз жүгіріп кеп қолтығынан демеді. Көз аясы орнықты, кекілі жалбыраған сүйкімді бала екен. Құдайға шүкір, кейінгі балалар ретті өсіп келеді ғой.

Бір топ жалаңбас, жалаңаяқ бала әр жерде әйнек сынығындай жылтырап шашырап жатқан шалшықты кешіп, санын шапақтай шапқыласып жүр. Бір-бір көкөрім талды ат қып мініпті.

Аппақ етім кеп-кеп,

Тотияйын сеп-сеп.

Көшені кесе сүмеңдеп ит өтті. Орамал астынан шашы бұрқыраған жас әйел шелектегі шайындыны шеткі үйдің баспалдағынан шашырата салды да, бұрыла беріп, балаларды көрді ме, қайырылып тұра қалды.

— Жаның шыққыр, жалаң аяқ су кешіп жүргенің не? Қаншама қақсасам да жетеңе жетпеді-ау, желкең үзілгір.

Топтан қара торы бала бөлініп шықты.

Бала ышқыры кең шалбарын әлсін-әлі көтеріп қойып, алдын кесе өтіп бара жатыр. Мұрны тәмпиген әп-әдемі бала.

— Қойсаңшы, апай! Ол әлі жас...

Жас қыз тұтығып, сөзінің аяғын жұтып қойды.

Әйел екі бүйірін таяна қалып, қызға көзінің жыланын сап шақшия қарады.

— Зекісем өз ішімнен шыққан шұбар жылан! О несі, өл де маған. Одан да шикі өкпе тауып ап, әуелі соған ұрсып ал. Құйысқанға қыстырылмай кетші әрі!

Қоғабай баспалдаққа көтерілді де, әйелді жолынан ысыра таяқпен түртіп, есікті ашты.

— Шырақ, кірші! Кіре қойшы!

Келіншек құс тұмсықты жуан, жұмыр таяққа бір қарады да, жып беріп үйге кіріп кетті. Іштен қоңғыр-қоңғыр сөйлейді.

Қыз бала маңайында ұршықтай айналып, елп-елп етеді.

— Аға, қайтесіз...

Автобусқа отырысты.

Жүрегі екі-үш мәрте бұлқынып барып, талмау соғысын қайта тапты.

«Жап-жас... Япырау, өзі бала болмады ма? Шыны сынығынан «кесе жинап», қуыршақ жасап ойнамады ма? Ең қымбат көретін жаннан қарғыс естіген бала өзгеден не күтеді, басқаға көрсетер өнегесі не? Әлде бұл тілді келіннің соғыс жылдары өзегі талып, өңірі ашылып, кем кетікте өткен балалың шағынан қайтарған есесі шығар. Сол соғыс сорлатты деп төгілген көз жасты қазір у ғып шаша берсең, өмір өртеңге айналар. Жоқ, олай етуге тіпті де қаңымыз жоқ. Біз қан майданды кештік, азабын тарттық, со да артығымен жетіліп артылар. Соғыстың суық демі кейінгі ұрпақты шарпымасын... Шарпыттырмаймыз! Бұл заң, нақ солай — заң!»

Денесін салқын ұстап тоңазып қапты. Ауыл — артта. Мұржадан шыққан селдір түтіндер ауаға баяу таралып, жасқаншақ көтеріледі. Әуе тап-таза, тек шығысқа аунаған бұлт қана аспан етегіне түскен жалпақ жамау секілді. Күн төмендеген сайын қызара, үлкейе түсіп, көкжиекке құлдилай бастаған. Жүзін сәуле жалаған нарттай қызыл шағыл жартастар бетін батысқа бере телміріп қапты. Сай табанымен салған лақ-ешкілер ауылға саулап барады.

Бір топ тал түбінен екі жігіт түрегеліп, автобусты тоқтатты. Бұжыр бет шапыраш серігі ешкімді танымаса да, басын үсті-үстіне изеп, сәлем берді. Көзінің кемдігіне өзі кінәлідей жүзі төмен, жасқаншақ. Тіркемесіне шөп лықа тиелген трактор жол шетінде қаңтарулы тұр.

Кекілді сары қыздың қасына жайғасып үлгеріпті. Бұжыр бет шапырашы шоферге еңкейіп, қайта-қайта кешірім сұрай береді.

— Трактор бұзылып... Күн салқын... Білесіз ғой...

Шофер бек түсінген сыңаймен оның арқасынан қағып-қағып қойды. Тегі жаңбырлы, сызды күнге сызаттай болса да өздерімен бірге өзгеріс ала келген екі жігітке іші жылып қалған тәрізді.

— Қай ауылдан түсуші едіңдер? Ә, Сарши ме? Ұйқыны соғып, отыра беріңдер, өзім оятамын. — Жігіт ақша ұсынып еді, мекіреніп алмады. — Қалтаңды тесіп бара жатқан жоқ шығар, салып қой. Бәріміз де жолдың адамымыз, түсінеміз.

Кекілді сары қызға қылжақтай бастады.

— Қарындас-с, қай өлкеденсіз?

Ұзақ жол... Өр, еңіс, сай, жазың... Жастың шағын ойлап кетті. Соғыс... Одан соң отызды еңсеріп қалған шағында оңу іздеп, қалаға кетті.

Жүрегі тағы шаншып кетті де көзін жұмып, кеудесін сипалап біраз отырды.

— Атыңызды естуге құштармыз, қарындас... Уақыт бар, әңгіме дүкен құрайық. Көңілді көтермесе кір басады.

Жағы-жағына тимей зарылдаған кекілді сарыны қыз шорт кесті:

— Әңгімеге құлқым болса өзім айтамын, — Ысырылып сырт айналып отырды. Жігіт те беті қайтпастың нақ өзі екен, бөгелмеді.

— Білесіз бе, қасында отырып, қызды әңгімеге тартпау барып тұрған әдепсіздік. Бір кинодағы бикеш қасындағы бозөкпе жігітке осылай деп ұрысып тастаған. Оған қалай қарайсыз? Қате ме, жоқ па? Жауап беріңіз. — Жігіт қыз тарапынан енді бәрібір жылы қабақ танылмасын сезіп, ұятты жиып қойып, әдейі ашық келекеге көшіп отыр.

— Балам, мазасын алмасайшы. Қарындасыңның көңіл-күйі жоқ екенін көріп отырсың...

Кекілді сары Қоғабайға жалт қарады да, шылымның тұқылын терезеден саусақ ұшымен сыртқа ытқытып жіберіп, тіптен көсіле отырды. Шапыраш көзін бірде ашып, бірде жұмып, манаурай қалғиды.

— Ағай, айтасыз ғой... Біле білсеңіз бұл қыз менімен танысқысы келіп-ақ отыр.

Қыз қол орамалын суырып, пыш-пыш етеді.

— Айналайын, қарағымның қадірін ұқ та қарындасыңа маза бер.

— Құп, тақсыр.

Кекілді тонның жағасын көтеріп тастап, теріс қарап отырды.

«Қылығын ертең жіпке тізіп айтып берсең құдай біледі, қызылы бетіне қайнап шығып, жат та ұялар еді. Он сегіз жас желкен керіп, мұхитқа алғаш шыққан жас балықшы тақілеттес ауытқымалы кезең-ау. Ауды әйтеуір балыққа тыпырлатып толтыру керек екенін жақсы білсе де, қай иірімнен қалай ау салады, оны сұрай көрмеңіз, таза-тақыр мақұрым».

— Әй, қыли, бері кел!

Шапыраш орнынан өңкиіп тұрды да, кекілдінің қасына кеп отырды.

— Жеп қоймаймын, бері жаңында!

Анау тақалып отырды.

— Айта қойшы, мынау нешеу? — Кекілді екі саусағын жоғары көтерді.

Шапыраш түкке түсінбей аң-таң. Анау сұрағын қайталады. Көз қиығында аяр күлкі жылпылдап жүгіреді.

— Ек... екеу.

— Түу, тауып айттың. Қалай ғана үстінен түстің, ә? Әй, математика факультетіне түспей ғылымға қыруар зиян келтіріп жүргеніңді білесің бе? Галуаның орны әлі бос деп естігемін... — Майпаздай шапыраштың шашынан сипап отырып, қыз жаққа ұрлана қарап қояды. Қостауды күткен сыңайы бар. Шапыраш қисық тістерін көрсетіп күледі. Дымды ұқпаған қаңғыма күлкі.

Қыз екеуіне де алара қарап қояды.

— ...Ендеше Жәмилаға барғаныңды айтшы.

Шапыраш басын шайқады.

— Неге?

Шапыраш езуіне ерік бере жаздап, қызға жасқана қарады да, төмен қарап кетті.

— Қысылма, қарындасқа да қызың керек. Жол жалықтырды, қане, баста. Жәмилаға қашан барып едің?

— Әртістер келген күні.

— Жалғызсың ғой?

— Жоқ, қасымда Қасымның шофер ұлы бар-тын.

— Оны неге ертіп ең?

— Қорықтым...

— Кімнен?

Үнсіздік.

— Кімнен деймін? Ауласындағы итінен бе? — Кекілді қолды-аяққа тұрғызбай қуырып барады.

— Жә... Жәмиладан.

Кекілді қарқылдап кеп күлді. Тоқтау жоқ. Ішін басып, жауырыны бүлкілдей күледі. Сырттай қараса жылап отырған сияқты.

— Қорықтым де. Басы екеу ме? Әлде жалғыз көзді шығар?

Шапыраш әбден жүнжіп, бұғып алған. Тырнағы алынбаған май-май саусақтарымен орындықтың былғарысын пәрменсіз тырмалай береді. Ала шыт көйлегінің етегі шолақ тонының сыртына шығып кеткен.

Қыз терезеге телміріпті. Кейін қарауға қорқатындай шофер рульге жабысып алып, ызғытып келе жатыр. Күжірейіп, орындыққа бар денесімен батып шөге түскен.

Қоғабай ауыр қозғалып, оң жамбасына ауысып отырды. Демалысы жиілей түсті. Басын шалқайтып орындық арқалығына салды да, өңірін ағытты. Автобус төбесіндегі қара көлеңке бұрыштан өрмекші тор тоқыпты. Бармақтай бал арасы соған оратыла салбырап тұр.

Кекілдінің даусы шың-шың етеді.

— Сонымен үйінің қасына бардыңдар...

Анау тұқшиған күйі мұрнын қос-қосынан тартты.

— Қыли, саған айтам.

— Содан соң... Қасымның шофер ұлы бір баланы жұмсап әлгі нені... Жәмиланы шақыртты.

— Келді ме, сөйлестіңдер ме?

— Келді.

— Сөйлестіңдер ме деймін. Әй, қыли, қашанғы жас Балаша тәй-тәй жетелей беремін? Аузың бар, ақылың бар, езіп малталамай сөйлесейші.

Шапыраш мыңқ етті.

— Сөйлестік. Содан кейін... екеуі клубқа кетіп қалды.

— Кім екеуі?

Жәмила мен Қасымның шофер ұлы.

— Ха-ха... Ой, қасқа, жарадың.

Кекілді сөйлей алмай күлкіге шашалды. Кезі жасқа толып, жүзі қып-қызыл боп кеткен. Күліп-күліп, құмары қанғасын, шапырашқа қайта шүйлікті.

— Жәмила қазір қайда?

— Күйеуге шыққан. Қасымның шофер баласына...

— Тойына шақырған шығар?

— ?!

Кекілді жауап күтпестен қарқылдай жөнелді. Отырып күледі, тұрып күледі, аяқтарын созып жіберген күйі тақасымен жер тепкілеп күледі. Маңдайына түскен селеу кекілі шашау-шашау. Шапыраш оң жағына бір, сол жағына бір алақтап қарады да, күле салды.

Шофер жылдамдықты қоса түскен.

Қыз бетін басып жылап жіберді.

Орнынан қалай атып тұрғаны Қоғабайдың есінде жоқ. Көзінде күлкі ізі суып үлгермеген кекілдінің, таңырқай қараған шапыраштың бетінен жандыра тартып-тартып қалды. Одан ары...

...Аспан қап-қара емес, көгілдір еді ғой. Күн қайда? Зембілде жатыр ма өзі? Мынау аурухана ма, жаным-ау? Өзі алыстан ат шаршатып іздеп келген аурухана! Ақыры... жетіп тыныпты.

— Инфаркт....

— Ішке алып жүріңдер!

Қара аспан шайқалып тербеле бастады. Қадау-қадау жұлдыздар жылтылдайды. Біреу, екеу, үшеу... Аз, өте аз. Қара аспанның бір шетінде қыздың жүзі қарауытады. Екінші пұшпағында кекіл желпілдейді.

— Ағай, кешірерсіз. Үндемеді.

— Менен бір білместік... — Алақанына ыстық тамшы тамғанын сезді. Қоғабай кекілдінің қолын әлсіз қысты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз