Өлең, жыр, ақындар

Арсеньевтің өмірі

БІРІНШІ ДӘПТЕР

Көргенің мен көкейдегің хатқа түспесе көң басып кебініңмен бірге кетеді, ал жазылып қалса — жан азығы

Мен жарты ғасыр бұрын орталық Ресейде, деревняда, әкемнің қара орманында дүниеге келіппін.

Бізде тірлігіңнің бастауы мен талғамыңның таусылар сәтін сезіну деген жоқ қой. Маған қашан туғанымды айтып қойғаны қандай өкінішті. Егер айтпағанда, бәлкім, қанша жасқа келгенімді білмейтін бе едім, оның үстіне тіршіліктің тауқыметін тартып та үлгерген жоқпын, демек он, болмаса жиырма жылдан соң өлемін-ау деген уайым миыма кіріп те шықпас еді ғой. Елсіз аралда туып өссем өлім деген шіркіннің бар-жоғы қаперіме кірер ме. Кейде "осыған жетер бақыт бар ма" дегім келеді. Бірақ кім біліпті? Мүмкін қасіреттің үлкені де осы шығар? Өзекті жанға бір өлім дегенді шынында сезбес пе едім? Осы біз шыр етіп жерге түскенде-ақ ажалды шаранамызбен бірге ала келген жоқпыз ба? Ал өлім барын сезбесек, өмірге осыншама құштар боп, өмірді сүйемін деп несіне өніп-өшеміз?

Арсеньевтер әулетінің арғы тегі жайында дым білсем бұйырмасын. Жалпы, біз осы не білеміз? Менің санамдағы бар болғаны: "бұлардың ата тегі бағы заманның бұлыңғырына барып таусылады" дейтұғын шежіре. "Кедей болсақ та тектіден" екенімізді білемін. Өмір бойы сол тектілікті малданып, мақтанып, әйтеуір құл-құтан еместігімізге дәсердей боп, соған семірген жалған тәкаппарлық. Аруақтар күнінде шіркеу біткен қоңыраулатып, "марқұм боп кеткен арғы-бергіні еске алуға шақырады." Сол күнгі мінәжаттың салтанаты неге тұрады!

— Жаратқан ием, сонау Адам-Атадан бері өзіңе құлшылық еткен пенделерді ата-бабаларымыз бен бауырларымызды, дос-жарандарымызды рақымыңнан, Авраамның шапағатынан құр қалдыра көрме! — деп жалбарынады.

Осы жалбарыныштың өзі тегін емес. Жаратқанға жалбарынып өткен сол "ата-бабаларымыз бен бауырларымыздың, туысқандарымыз бен жұрағаттарымыздың" жалғасы екенімізді сезінудің өзі шексіз қуаныш емес пе? Түп-тұқиянымыздан бастап, фәни мен бақиды мойындаған кейінгі ата-ана, оның ұрпақтары "бүкіл ғаламды жаратқан Құдіреттің ғибратлы ілімін, пәк те адал жолын" пір тұтқан жоқпыз ба; тіршіліктің мәңгі, тынымсыз екеніне сендік; от құдайы Агнидің бұйрығына көніп, қанның тазалығын, тегіміздің "бүлінбеуін" қасиет деп танып, жарық дүниеге келген әр ұрпақтың тазара түсуін, түбіміз бір бауырлас, туысқан екенімізді, "бүкіл тіршіліктің иесі Құдіреттің" құлы екенімізді қастерлеумен келеміз.

Біздің тұқымда талай-талай тентектердің болғаны да рас. Бірақ аталарымыз: бекзаттылығыңды ұмытпа, ата тегіңнің абыройына кір келтірме деп ұрпақтан-ұрпақтың құлағына құюмен болды. Кейде мен әулетіміздің ен-таңбасына қарап отырып бойымды ерекше бір сезім билейтінін айтып жеткізу қиын. Серілердің сауыт-сайманы, қауырсын қадаған дулыға. Одан төмен қалқан. Көгілдір қос етектің ортасында шынайы адалдықтың белгісі — сақина, оның екі қапталынан айқыш-ұйқыш көмкеріп тұрған крест сапты үш бірдей сайыс қылышы.

Менің отанымның орнын басқан бұл елде маған пана болған қалалар толып жатыр. Кезінде атағы атыраптан асқан шаһарлар еді, бүгінде күйкі тірліктен кедейленіп, мүжіліп, шегіп кеткен. Дегенмен, крестоносецтер заманынан қалған сұрғылт мұнаралар әлі де тозған дүниенің төбесінен телміріп, маңдайына баға жетпес әшекей киген алып соборларды әулие-әнбиелердің тас мүсіні ғасырлар бойы күзетумен тұр, ұшар биіктегі крестке қонақтаған "қораздар" аспан әлеміне шақырған жаратқанның жаршысындай.

II

Алғаш менің кез алдымда қалған сурет көңілсіз де сұрқай көрініс еді. Сарша тамыздың сарғыш сағымына бөленген абажадай бөлме, терезеден түстікке қарай созылған сағымды белес... Бар болғаны осы, бар болғаны бір-ақ сәт! Түкке тұрмайтын осы бір көрініс, осы бір күн, осы бір сағат, осы бір сәт өмір бақи өшпестей болып есімде қалғанына таңым бар. Осыдан басқа бүкіл дүниенің бәрі сол сәтте-ақ өше қалғаны несі екен?

Мен сәбилік кезімді есіме алсам қапа боламын. Сәбилік шақ қашанда қапалы: үміті бұлыңғыр, өмірге әлі аяқ баспаған, тіршіліктің бәрі жат, бұл да тіршілікке бөтен, әлсіз де нәзік жанға тым-тырыс дүние әмәнда тымырсық. Фәнидің ғажап жұмағы! Жоқ, бұл аянышты да ауыр сезімнің азабы.

Мүмкін, менің сәбилік шағым әр түрлі жағдайға байланысты мұңға толы болған шығар? Расында мен меңіреу түкпірде туып өстім. Құла дала, қу медиен, дін ортасында жапандағы жалғыз үй... Қыста ұшы-қиырсыз теңіздей қар жамылған мылқау өңір, жазда тағы да теңіздей толқыған егін мен бетегелі жазира... Сол даланың дым сызбайтын тыныштығы мен жұмбақ кереңдігі... Бірақ меңіреу түкпірде, тым-тырыс тыныштықта жатқан әлдебір суыр, болмаса боз аспандағы бозторғай мұңын шағып көрді ме екен? Жоқ, олар еш нәрсенің мәнісін сұраған да емес, еш нәрсеге таңғалған да емес, адам жанының сағынышын оятар тіршіліктің әсем шақтарын сезінген де емес, зырлаған уақыт, кең дүниенің рақатын көрген де емес. Ал мен осының бәрін сол кезде-ақ білгенмін. Тұңғиық көк аспан, ұшы-қиырсыз дала фәниден тысқары әлдебір сыр шашқандай, кеуіліме қиял мен мұң ұялатып, қол жетпейтін арман болып неғайбыл дүниеге деген сағыныш пен махаббатымды оятқан.

Сол кезде пенде біткен қайда жүрген? Мекеніміздің аты Каменка хуторы еді, негізгі қара орман Задонскіде болатын, әкем жиі-жиі сонда кетіп, ұшты-күйді жоғалып алатын, ал хутордағы шаруа мардымсыз, адам басы аз... Сөйтсе де қыбырлаған тіршілік мұнда да жоқ емес... Ит бар, жылқы, қой, сиыр деген сияқты, жүмысшылар, арбакеш, шаруа басы, аспазшы, малшы, тәрбиеші, шешем, әкем, гимназист ағаларым, ылғи бесіктен шықпайтын қарындасым Оля... Бірақ неге менің есімде жалғыздықтан басқа дәнеңе қалған жоқ? Мінеки, жазғы кеш кіреукеленіп келеді. Батар күн үйден асып, бақты сағалап қалған, кең ауланы көлеңке кеулеп барады, ал мен (жападан жалғыз) дым тартқан көгал үстінде түпсіз көк аспанға телміріп, ғажайып бір танысымды тапқандай қара шаңырағымның аясында жатырмын. Боз күмбездің биігінде дөңгеленіп, бірте-бірте пошымын өзгертіп ақ бұлт жылжып барады... Көз тоймайтын әсемдік! Осы ақ бұлтқа отырып алып сонау ұшар биікте аспан әлемін шарласам-ау, жаратқанға да жақын барып, ақ қанатты періштелердің аспандағы мекенін көрер ме едім! Міне мен ауланы тастап түзге шықтым. Кәдімгі сол кеш, тек көкжиектен қадалған күн шапағы, мен тағы да жалғызбын. Қай жағыңа қарасаң да қалғып тұрған қара бидай мен ақ сұлы, қалғыған масақтың қалтарысында бөдененің жымы бар шығар-ау. Қазір олар үнсіз, қазір бәрі де тым-тырыс, тек сәлден соң шалғынға оралған сары қоңыздар божылдап, егінді жазық құлақ тұндырған гуілге ығады. Мен солардың біреуін шырмаудан босатып алып қадалып кеп қараймын: бұл өзі не нәрсе, сары қоңыз деген неткен жәндік, мұның мекені қайда, қайда ұшып барады, бұл шіркінде ой-сана, сезім деген бар ма екен? Мінеки, алақанымда жыбырлап жүр, ашуланатын секілді, қауырсын тоны ашылып, астынан қуқыл сары қанаты көрінді, енді бір сәтте қауырсын тоны сықырлап, қанатын әсем жайып аспанға көтерілді де, ауаны боздатып ұша жөнелді, әрбірден соң көзден де ғайып болды: мен тағы да жалғызбын, жалғыздықтың мұңын арқалап қала бердім.

Үйге кірсем де сол кеш, тағы да сол жалғыздық. Күні бойы иен зал мен қонақ бөлмесін адақтаған күн сәулесі сағал-сағал боп енді бақ ішінде қаңғып жүр, өлеусіреген қызғылт сағымы еденнің бір (бұрышы мен атамзаманғы орындықтың талтиған сирағын ғана паналап қалыпты — япырай, осы бір тылсым шақтың қоңыр мұңы неткен ғажап еді! Қас қарайған шақ, бақтың нобайы ғана қарауытады, мен бәсіре төсегімде жатырмын, терезеден әлдебір мылқау жұлдыз маған биіктен қадалады... Менде не шаруасы бар екен? Мылқау шіркін маған не айтып, не ескертіп, қайда шақырып тұр екен?

III

Ептеп ес кіргенде мен де өмірді тани бастадым — кейбіреулердің бет-пішіні, отбасының кейбір тіршілігі, кейбір оқиғалар.

Солардың ішінде ылғи да көз алдымда тұратыны, бұдан соңғы саяхатыма еш ұқсамайтын қызығы мол ең алғашқы сапарым. Әкем мен шешем қала деп аталатын естімеген елге аттанды да, мені қоса ала кетті. Тұңғыш рет көптен бергі арманымның орындалатынына қуанып, енді сол арманым орындалмай қала ма деп керемет қорыққаным есімде. Аула ортасында күнге қақталып тұрып зықымның кеткенін, ертеңгісін карета сарайынан алып шыққан тарантасқа қайта-қайта жалтақтап, бұл шіркінді қашан жегер екен, жол әзірлігі қашан бітер екен деп тықыршығанымды әлі күнге ұмытқаным жоқ. Жол маған таусылмайтындай көрінген, бұрылыс-қалтарысы көп кіре соқпағында, сай-салада қисап жоқ, тағы бір есімде қалғаны: кешқұрым еді, жан-жағымыз қалың бытқыл, қарсы беттегі қиядан бұта-қарағанды қақ жарып "қарақшының" шыға келгені, белінде балта, бүкіл өмірімде қайтып көрмеген мұжықтарымның ең бір қорқынышты да дүлейі. Қалаға қайтып кіргенімізді білмеймін. Есесіне ертеңгі қала есімнен кетпейді. Биік-биік үйлердің тар тиындық күмісті атып түсіретін еді, жаныңды елжірететін жайдарылығы неге тұрады, қажет болса гитарада да тамаша ойнап, бабалар заманынан қалған ескі бір әндерді салғанда ерекше толғанатын сәттерім де маған қымбат...

Енді міне, күтушімізді де тани бастадым, осы үйде балалардың тағы бір жанашыры бар екен: еңгезердей қатал да сымбатты әйел өзін ылғи да осы үйдің күңімін деуші еді, ал шындығында отбасының бір мүшесі, тек анам екеуінің жиі-жиі ұрсыса беретіні бар, мұның өзі де жорта, бірін-бірі жақсы көретін жандар әуелі ұрсысып алып, кешікпей жыласып-сықтасып, татуласып жататын әдеттері. Бауырларым менен едәуір ересек еді, тірліктері де маған беймағлұм, тек каникулда ғана келіп кетеді; есесіне екі бірдей қарындасым бар, екеуін екі бөлек жан тартқаныммен бәрібір екеуін де жақсы көремін: әсіресе көзі тұздай күлегеш Надяға ерекше елжіреп тұрамын, әуелде қарақат көз Оляның бесіктегі орнын тартып алып еді, келе-келе оның ойыншығына ортақтасып, ақыры қуанышы мен ренішін бөліп-жаратын сырлас-мұңдас болып кетті. Оля күйгелек еді, әкем секілді аяқ астынан ашуланып, тез басылатын сезімтал, жаны жомарт қарындасым кейін менің ең сенімді досым болды. Ал анама келсек, мен оны жұрттың бәрінен бұрын танып білдім. Өзімді жарық дүниеде бар екенімді сезгеннен бастап көз алдымда анам тұрды, мен үшін елден ерекше, менімен жаны бірге, өзегі бір жан еді...

Менің бүкіл өмірімдегі махаббатымның шексіз мұңы анама байланысты. Кімді қалай жақсы көрсек — біздің азабымыз да сол, жақсыны жоғалтып аламын ба деген қорқыныш өмір бақи ойыңнан шықпайды. Мен тал бесіктен бермен анама деген махаббаттың тауқыметін тарттым — мені өмірге әкелген анам, менің жанымды алдымен мұңға бөледі, өйткені, оның бүкіл болмысы перзентке деген махаббаттан жаралған да бүкіл жаратылысы тек мұңның қордасы болса керек: бала күнімнен қаншама көз жасын көрдім, мұңға толы қаншама әнін тыңдадым!

Бүл фәниден мәңгілік ұмыт болып жырақтағы туған жердің топырағында жатқан шығар, атың ардақты, аруағың періштенің аузында болсын! Құдай-ау, орыстың түкпірдегі тозған бір қаласында, бұта басқан зираттың белгісіз моласының түбінде жатқан қураған бас, қына басқан сүйек мені қолынан түсірмей тербеткен сол анам ба? "Менің Жолым сіздің жолдан даңғыл, Менің санам сіздің санадан биік."

V

Өстіп менің сәбилік жалғыздығым жылыстап артта қалған сияқты. Есімде: күз еді, түн ішінде ояна келсем елестей бұлыңғыр сағым бөлмені буып тұр екен, пердесіз терезеден өңі қашқан жүдеу ай сонау биікке көтеріліп алып, иен бақтың төбесінен мұңдана сығалайды, мынау жалған дүниеге жанасымы жоқ жалғыздығынан, өз мұңынан өзі ләззат алғандай, менің де көңілімді әлдебір тәтті мұң торлап, өңі қашқан жүдеу айдың шерлі уайымын бөліскендей болдым. Бірақ мен бұл дүниеде жалғыз емес екенімді, әкемнің кабинетінде жатқанымды жақсы білемін, сонда да жаным күйзеліп жыладым, жыладым да әкемді оятып шақырып алдым... Осыдан бастап менің өміріме басқалар да араласа бастады, осыдан бастап мен де көптің бірі екенімді сезінетін болдым.

Бүл жарық дүниеде тек жаз ғана емес, күз, қыс, көктем деген де болады екен, анда-санда болмаса үйден де ұзап шыға бермейді екенсің. Бірақ мен мұны әуелде білгенім жоқ, өйткені, баланың зердесінде көбіне жарық күн, жадыраған жаз ғана қалады емес пе, сонсоң да менің есімде сұрғылт күзден басқа тамсанар екі-үш (бұлыңғыр көріністер ғана қалыпты: қыстың бір кешінде алай-түлей қарлы боран соғып берсін, бір сұмдығы, үлкендердің айтуынша бұл "Қырық Құрбанның" амалында қайталанып тұратын көрінеді, таңғаларлығы сол, боран үдеген сайын жылы үйде бұйығып жата берген тіпті рақат екен де; таң атқанда тағы бір таңғажайыпқа таң болдық: үйдің іші күңгірт, аулада төбедей болып аппақ бірдеме үйіліп жатыр, сөйтсек, дауылдың түнімен іргеге нығарлап тастаған қар екен, жұмысшылар соны күні бойы тазалаумен шаршады; бұдан кейінгі есімнен кетпейтіні сәуірдің көңілсіз бір күні, иығында сүртіктен басқа лыпасы жоқ қомытаяқ әлдебір сорлыны өкпек жел біздің аулаға қуып тыққан, бір қолымен төбесіндегі картузын басып, екінші қолымен далақтаған өңірін кеудесіне қымтаған болады... Бір сөзбен, қайталап айтсам, менің балалық шағым жаз күндерінде ғана қалыпты да оның бар қызығын әуелі Олямен бөлісіппін, қалғанын осындағы бір шақырым қашықтағы Выселка дейтұғын азғантай түтінді деревнядағы мұжықтардың балаларымен бөліп-жарыстым.

Жаз қызығының да жарытқаны шамалы, баяғы етік майы мен шолақ қамшыдан да қысқа. (Адам қуанышы қашанда мардымсыз, өзіңді өзің алдарқата жүр деп әрқайсымыздың ішімізде әлдекім отырған сияқты) Мен қайда туып, қайда өстім, не көрдім? Не тауы, не көлі, не өзені, не орманы жоқ, тек сай-саладағы бұта-қарағаны, Заказ, Дубровка маңындағы ала-шұбар ағаш болмаса әншейін қу дана, ұшы-қиырсыз егін мұхиты. Бұл мыңғырған қой өріп шығатын түстіктің түкті даласы да емес, сағат бойы сандалсаң таусылып бермейтін, үйлері ақ шаңқан, көшесінде қылтанақ жоқ, құжынаған жұрты бар байлыққа батқан селолар мен станицаларға да ұқсамайды. Бұл бар болғаны қыр өңірі, даласы бұйрат, белес-белес қыраттар, адам тұрмақ құдайдың да есебінен шығып қалған, қолат-қойнауға тығылған деревнялар, олардың өзі де қызыл тастың үстінде отыр, пенде біткен көмпіс те жабайы, жаны жөке шарқай, жамбастағы сабанымен бір туғандай. Мен осы түкпірде, кедей де болса керемет өңірде дүниеге келіп, өмірді тани бастадым: қайнаған талма түс, мөлдір аспанда ақ бұлт жүзіп барады, бірде қоңыр самал шалқиды, енді бірде ыстық жалын болып егін мен бетегенің хош иісін қуалап келеді, дөңбек қабырғасы боз тартып, сабан шатыры қарайып тас болып қатып қалған астық сарайымыздың сырт жағы шыжыған аптап, лапылдаған күннің ыстық жалынында қара бидайдың жал-жал толқыны күмістей жалтырайды. Күн көзіне сан құбылып, желмен жөңкілген киіздей тұп-тұтас егінжайдың бетінде аспандағы ала бұлттың көлеңкесі қыдырып барады...

Ауламыздың ортасы ұйысқан көгал еді, беті сартап, асты сап-салқын, жалаңаяқ кешсең жан рақаты, көгал ішінде көнеден жатқан астау тас бартұғын, соның далдасына тығылып жасырынбақ ойнайтынбыз. Астық қамбасының іргесінде бір түп меңдуана бар екен, бір күні Оля екеуіміз тоя жеп, ақыры сүт ішкізіп зорға тірілтіп алған: сондағы басымыздың дөңгелек айналып, құлағымыздың шулағанын айтпа, денеміз ұлпадай қалқып, қалаған жағымызға ұша жөнелуге бар едік... Гүжілдеген ашулы барқыт түкті ала бөксе у араның ұясын да осы қамбаның астынан тапқанбыз. Бақшада, қора-қопсы, үй іргесінде жеуге жарайтын неше түрлі өсімдік дәні мен тәтті тамырларда қисап жоқ екен ғой!

VI

Үй сыртындағы мал қорасының іргесінде құлағы қалқиған ошаған, кісі бойламайтын қалақай өсетін, қызғылт сабақты түйе тікеннің боз моншақтары мөлдіреп тұратын, бір-біріне ұқсамайтын әрқайсысының түр-түсі де, иісі де бөлек, дәмі де ерекше. Бұрын атын да естімеген малшы керемет қызық бала екен: үстіндегі кенеп көйлегі мен бұтындағы лыпасы алба-жұлба, күнге күйген аяқ-қолы шырыш-шырыш, ошағанның жапырағы, қатқан нанның қабығы, итмұрынның дәні ме, әйтеуір малжандай берген соң еріні быт-шыт жалақ боп кеткен, екі көзі жалт-жұлт етіп ойнақшып кеп тұрғаны: өзі не жесе соның бәрін бізге тықпалап, арадағы осы достықтың түбі күмәнді екенін де түкпіш неме жақсы біледі. Бірақ біз үшін бұл да бір дәурен. Жан-жағына жалтақтап, жұрттан жасырып бізге жыр қып айтатын хикаясы қаншама! Ұзын бишігін сарт-сұрт сілтегені де ғажап, біз де соны істемек боп тыраштанғанымызда қайыстың ұшы құлағымызды осып түседі де, ол болса ішегі үзілгенше жатып кеп күледі-ай дейсің...

Жерден шығатын ен байлық мал қотаны мен атқораның екі ортасындағы бақшада еді. Малшы балаға еліктеп тұздаған қара нанның қабығын қойынға тығып алып, көк пияздың сабағын, қызыл шомыр, ақ шалқаммен бұрап соқсаң ғой, қалың жапырақтың арасында көгенде жатқан бұжыр-бұжыр қиярды үзіп алсаң жерден жеті қоян тапқандай боласың. Осының бәрі неме керек еді, ашпыз ба? Жоқ-ә, бірақ осы қажақ-құжақтың өзі санамыздан тыс бүкіл тіршіліктің тірегі жер дейтұғын қасиетті дүниеге байлап, соған деген сезімімізді оятты. Есімде: шақырайған күн көзі шалғынды қуырып, тас науаны қыздыра бастады да, ауа бірте-бірте тымырсық тартып, аспан кілегейленіп, бұлттар ақырын жылжып тұтасып алды, көкжиекті қызыл ұшқын пышақтай тілгілеп, әрбірден соң аспанның алыс түкпірінен алып гүріл естілді, содан кешікпей тарсыл-күрсіл үдеп, әлдебір ғаламат күш жер бетін қақыратып ұрды-ай келіп... О, осы бір ғажайып құбылысқа тамсанбасқа, соны жасаған жаратқанға табынбасқа шараң қайсы! Кенет төңірек түнеріп, от пен дауыл араласты да көлбей соққан бұршақты жаңбыр тіршілікті жұтып қоятындай аспан мен жерді тулақтай қақты, терезелердің пердесін жауып, көне күміс ризамен апталған қара иконның алдына шырақ жағып: "Свят, свят, свят, мейірімді құдай Саваоф!" — деп қайта-қайта жалбарынып, шоқынумен болдық. Есесіне астан-кестен басылып, төңірек тым-тырыс болған кезде даладан ескен дымқыл да таза ауаны көкірек кере жұтып керемет бір жасап қалдық, перде біткен ашылды, әкем терезе алдында, әлі де күн көзін көлегейлеп, көкжиекке барып ұйлыққан қара бұлтқа қарап отырып, мені бақшаға барып шалқанның ең үлкенін жұлып әкел деп жұмсады. Шалғын арасындағы шалшық суды жалаңаяқ шалпылдата кешіп жүгіргенім, шалқанды жұлып алып, сары балшық кептелген құйрығын құшырлана шайнағанымды бала күндегі ең бір қызықты сәттеріме балаймын...

Бара-бара еркінсіп мал қорасын, карета сарайын, жабық қырманды тінткілеп, Провал, Выселка деревняларын қыдыратын болдық. Дүние көз алдымызда бірге-бірте кеңейген секілді, бірақ біздің назарымызға алдымен іліккен адамдар, солардың тіршілігі емес, өсімдік пен хайуанаттар еді, таңдайтынымыз адам жүрмейтін тыныш жер, түс ауа жұрт шырт ұйқыға кеткен кезде тіпті рақатқа батамыз. Бақ іші көкорай, әрі көңілді, бірақ бізге бәрі таныс; тек ұнайтыны — бұталы бытқыл, аяқ баспаған сонысы, құстың ұясы (егер шырпыдан тоқылған жұмсақ ұлпаның үстінде қап-қара көзі мөлдіреп шұбар ала бірдеме жатса тіпті жақсы), содан соң таңқурайдың іші, өйткені, сүт пен қантқа бұлғап үйде жейтін жидектен бұл анағұрлым тәттірек. Мінеки — мал қорасы, атқора, карета сарайы, астық қырманы. Провал...

VII

Әр нәрсенің бір әсемдігі бар.

Мал қорасы күні бойы бос тұрады, ауыр есігін сықырлатып зорға ашқанымызда божыған қи мен шошқа тезегінің танау жарған ащы иісі мүңк ете қалады.

Атқорада өмір басқа, мұнда ақырда тұрып алып күрт-күрт шөп шайнап, жем жейтін жылқы өмірі. Бұлар қашан, қалай жусайды? Арбакештің айтуынша, анда-санда аттар да жата қалып ұйықтайтын көрінеді. Бірақ мұны көз алдыңа елестетудің өзі қиын -жылқының жатып-тұруының өзі азап емес пе? Мүмкін түн ортасында жаңа жусайтын шығар, әйтпесе ақ сұлыны езуі ақ көбік болғанша малжаңдап, шөпті жұп-жұмсақ барқыт еріндерімен таңдап қана тамсап тұрғандары және де шетінен сурет дерсің, шоқтығына қол жетпейді, сауыры тақтайдай, сипап көрудің өзі бір ғанибет, қыл құйрығы жерге дейін төгілген, ал жібектей жалы мап-майда, ара-тұра шақырайған көзінің қиығымен кектене бір қарағанда арбакеш айтқан қорқынышты әңгіме есіңе түсіп зәрең ұшады: әр жылқының жылына бір келетін Флора және Лавра дейтін сағынышты күні бар дейтін, сол күні олар кісі өлтіргісі келіп тұрады, себебі, бұл адам тепкісінде өткен құлдық өмірінің кегі, қашан жегер екен деп, не тасытар екен деп, қайда шапқылар екен деп күтумен өткен азапты міндетінің азасы болса керек... Бұл жерде де иістің жетісіп тұрғаны шамалы, мұнда да қи мүңкиді, бірақ мал қорасындағыдай емес, жылқының тері мен қомыт-сайманның, борсыған шөптің буымен араласқан тек атқораға тән үйреншікті ауасы.

Карета сарайы толған тарантас, бабамның атамзаманғы арбасы; осының бәрі жиылып, алыс бір саяхаттың арманын еске салады, тарантастың көттігінде мен білмейтін құпиясы көп жол жәшігі, арба баяғы бір күндердің долбарын көз алдыңа әкеледі, бабамнан қалған көненің кезі іспетті де, бүгінгіге он екі де бір нұсқасы ұқсамайды. Қарлығаштар қара жебедей зуылдап біресе көк аспанның тұңғиығына шарықтап, енді бірде сарайға қайтадан қойып кетіп, шатыр астындағы асқан шеберлікпен қалаған, тоқпақтасаң бұзылмайтын әп-әдемі ұяларына барып қонады. Бүгінде жиі-жиі ойланам: "Бір күні өлесің, сонда мынау көз үйреніп, қайнасып кеткен қимас дүние — көк аспанды, тоғай мен құстарды, тағы да талай-талай нәрселерді қайтып көре алмайсың-ау!" Әсіресе қарлығаштарды қимайсың: неткен ерке де сүйкімді, тап-таза әсемдік, найзағайдай шаншылатын шапшаңдығының өзі өнерге бергісіз емес пе, қызыл төс, аппақ бауыры, қара көк басы, дәл сондай арқасына айқастырып сала қоятын қара көк қос қанаты көз қанбайтын ғажайып сурет, таңдай қаққан үні қандай тамаша! Сарайдың қақпасы қашанда ашық жататын, қашан кірсең де саған шық деп ешкім айтпайды, қарлығаштың шықылын тыңдап отырып, осының біреуін ұстап алсам-ау деп те ойлайсың, арба ма, тарантас па, әйтеуір біреуіне отырып алып, алыс бір сапарға аттансам... Адам баласы неліктен сәбиінен алысқа, шексіз кеңістік пен түпсіз тереңге, қол жетпейтін биікке құмар, бар ғұмырын соған сарп етіп, бақыр басын біреу үшін құрбандыққа шалуға, біреу үшін жан пида етуге неге құштар? Егер барға қанағат, "құдай берген" қара жер мен қысқа ғұмырға шүкір деп отыра берсек ше? Құдайдың бізге бергені бұдан да көп болса керек. Бала кезімде естіген, оқыған ертегілерімді есіме алып отырсам, соның ішіндегі ең қымбат, ең тәттісі маған белгісіз, беймағлұм құбылыстар екенін күні бүгінге дейін сеземін. "Әлдебір патшалықта, әлдебір елде, сонау жер түбінде... Сеңгір-сеңгір таулардың, шексіз жазираның, көк теңіздің арғы бетінде... Патша-Ханшайым Василиса Премудрая..."

Сабан шатырлы жабық қырман кендігімен, үңірейген бос қуыс, қараңғы қапастығымен қорқытатын, қақпа астынан еңбектеп кіре қалсаң, сыпсыңдаған жел сабан қоқымын қуалап құйындатады да тұрады; шаң басқан бұрышта сиқырлы тақтайша ілулі тұрушы еді, түн баласында соған сайтан келіп қонақтап, таң атқанша жынойнақ толастамайды дейтұғын. Құлаған жар қырман мен астық кептіретін ескі шатырдың ар жағында, сұлы егісінің іргесінде болатын. Жар онша терең де емес, түбінде қурай басып кеткен үңгірі ғана үрей шақыратын қорқынышты. Менің зәремді алатын да осы жер. Тірі адам аяқ баспайтын меңіреу қуыс. Біреуді аяп, әлдекімді сүйсең ғұмырың біткенше осында келіп отырып алсаң ғой! Жар жағасында сабағы қоңыр, гүлі қан қызыл әдемі өсімдік киіздей шалғын арасында желкілдеп тұратын. Шалғын арасынан естілетін шымшықтың мұңды шіңкілі әлі де құлағымда. Тю-тю-тю-тю-ю...

VIII

Балалық дәурен барған сайын өзгере бастады. Қара орманның тіршілігі де енді маған таңсық емес, жиі-жиі Выселка мен Рождествоға, Новоселкаға жүгіріп, Батуринодағы әжеме де қатынап тұратын болдым...

Ертеңгісін күн шықпастан торғай шырылымен әкем тұрады. Жұрттың бәрі соған еруге міндетті секілді, қатты қақырынып: "Самауыр!" деп айқай салады. Біз де аяғымыздан тік тұрамыз, басқаларды қайдам, өзім күн нұрына еліріп, бауға жүгіремін де күн кептіріп, торғай шұқып тастаған тәтті шиені жұлғым келеді. Мал қорасының қақпасы сықырлап, ар жағынан бірі мөңіреп, бірі қорсылдап, маңырап сиырлар, шошқалар, майдан домаланып қалған бұп-бұйра қойлар шығып жатады, бишік сартылдап, жылқыларды суатқа айдайды, тұяқ дүбірінен жер дүңкілдейді, ал үйдің ас бөлмесінде от маздап, пеш маңында аспазшылар таңғы тамақтың қамына кіріседі де иіске бола ашық терезе мен баспалдаққа жүгірген иттер әлдекімнің таяғынан қыңсылап қашып жатады...Шайдан соң әкем кейде мені ертіп егін даласына барады, мезгіліне қарай не жыртып жатады, не егіп жатады, болмаса орып жатады: жер қыртысын қипалақтатып аударған шиқылдауық ауыр соқаның соңынан шайқалақтап ерген жалаңбас, жалаңаяқ мұжықты, соқаны созыла тартқан аттарды көресің, немесе тарының, әлде картоптың арам шөбін отаған ала-құла киімді қыздардың уайымсыз дарақы күлкісі мен сызылта салған әндері қандай тамаша; мойнында белбеу, ыстықта қара терге малшынған көйлектің өңірін ағытып тастап, шалғымен жарыса ырғақтап сырылдатып егін шапқан орақшылар, солардың соңында еңкейіп-тоңқайып, мойынға қадалған масақтың қылтанағымен арпалысып, сабанды тізесімен нығарлап бау байлаған қатындар... Шалғының жүзінде жалақтаған қайрақтың сырылы мен темірдің сыңғырын айтып жеткізе алармысың! Бөспейтін мұжық жоқ: бірі бөдененің ұясын шауып тастадым, екіншісі бөдененің өзін ұстап ала жаздадым, енді бірі жыланды қақ бөліп кеттім десіп жатады. Ал қатындардың жайы белгілі ғой, ыстық күнде дән төгіліп қалады деп кейде айлы түнде де бау байлайтындары бар, түнгі жұмыстың өлеңге бергісіз әуені өз алдына емес пе...

Осындай қызықты күндердің есімде қалғаны көп пе? Аз, өте аз, ертеңгі таңды қазір есіме алып отырсам, көз алдымда әр түрлі үзік-үзік көріністер ғана. Талма түс: қайнаған күн, ас бөлменің танау жарған тамаша иісі, жұмыстан қайтқан жұрттың ас алдындағы еміне тамсанған кейіптері — алдымен әкем, одан соң жорғасын малтып жеткен күнқақты жирен бұйра сақалды староста, гүл аралас арбаға төселген шөп үстінде шалқайып орақшылар аулаға кіргенде арт жаққа тастай салған шалғылар күнге шағылысып жалт-жұлт етеді, сәлден соң суға шомылған жып-жылтыр аттарды құйрығынан су сорғалатып қуалап келеді... Осындай талма түстің шағында бір күні Николай ағамды көрдім, ол да шөп төсеген арба үстінде, қасында Сашка деген Новоселовканың қызы. Екеуі туралы маған түсініксіз үй ішінің бір әңгімесін естіп едім, түсініксіз болса да жүрегімде жылы бір әсер қалдырыпты. Енді екеуінің арба үстінде қатар отырғанын көріп, балауса жастықтың көркі мен қуанышын титтей сезінгендей болдым. Қыз ұзын бойлы, арықша келген уыз жас, бет әлпеті жұп-жұқа, қолында құмыра, ағама ту сыртын бере жалаңаш аяғын арбадан салбыратып жіберіп кірпігін көтерместен тұқырайып отырған; ағамның басында ақ картуз, үстінде қисық жағалы бәтес көйлек, жағасын ағытып тастаған, тотыққан жүзі тап-таза, жап-жас, қолы божыда, күлімдеген көзі қызда, оған бір нәрсені қуана, аса бір ынтықпен айтқан боп жатты.

IX

Ғибадат қылып Рождествоға барғанымыз да есімде.

Бұл күн ерекше салтанатты, мерекелі: арбакеш сары жібек көйлек, жеңсіз мақпал бешпент киіп үш ат жеккен тарантастың көлденең тақтайында отыр; әкем қалаша киініп, жылтырата қырынып алған, басында қызыл жиекті дворян картузы, оның астынан әлі кебе қоймаған, самайдан қасына дейін ескі әдеп бойынша әдемілеп жіберген қара шашы көрінеді, шешемнің үстінде қос етекті жеңіл де сәнді көйлек, мен сыланып-сипанып жібек көйлектің ішінде бар ықыласыммен мерекені күтумен келемін...

Дала тымырсық, әрі ыстық, егін арасындағы жол тым тар, оның үстіне шаңдақ, жорта жуансып, бар жоғын үстіне жапсырып тойға бара жатқан мұжықтар мен қатындарды арбакеш басып озды. Селоға кіреберістегі тастақты дөңнен ағызып түскенде жүрегің аузыңа тығылып, әлем-жәлем көшеге кіргенде көңілің жай табады: мұжықтардың баспанасы мейлінше үлкен, дәулетті екені сыртынан-ақ көрініп тұр, қора-қопсылары кәрі емендердің қоршауында, айналасы омарта, отағасы жайдары, әрі жалпақтауы да жоқ, шетінен ұзын бойлы зор адамдар, тау етегіндегі қалың талдың көлеңкесін бойлай ирелеңдеген қарасу ағып жатыр, сол жақтан шулаған ұзақ пен қарғаның қарқылы, өзен бойындағы тал, теректердің ылғалды лебі келеді. Мөлдір бұлаққа шөгіп кеткен тас көпірден қарсы бетке өтсең шіркеу алдындағы алаңда қаптаған жұрт: қыз-қырқын, қатындар, етегі солаңдаған шекпен, бастарына телпек жапсырған бүкірейген өлмелі шалдар. Шіркеудің іші сығылысқан халық, жалпылдаған шырақтың иісі мен күмбезден түскен күн көзінен қапырық ауа кеңсірік ашытады, сонда да іштей бір тәкаппарлық бар: біз көптің алдында едік, ақсүйек екенімізді танытып, салтанатпен жаратқанға жалбарынып болған соң священник иіліп сәлемдесіп, мыс аңқыған кресті сүюге ишарат білдірді... Ғибадаттан соң Данила шалдың ауласында шай ішіп, ағаш табақ тола бал жаққан шелпекті алдымызға ала отырып дем алдық. Данила мәймеңке, мойны қақтың бетіндей шырыш-шырыш боп күйіп кеткен бурыл самай, орманның перісі секілді кәрі шөңге саусақтары иілмейтін қап-қара қолымен сап-сары балды балауызымен қоса аузыма тығып жіберіп қатты қорлағаны өмір бақи есімнен кетпейді...

Біз тақыр кедей болып қалғанбыз, әкем Қырым науқанына бар-жоғын шашып, Тамбовта жүргенде талай дүниесін картаға ұттырып жібергенін де білемін, елде жоқ парықсыз адам енді бүгін тігерге тұтқыш қалдырмай бәрін сатамыз деп өзін-өзі қорқытқан болады; Дон сыртындағы ежелгі мекеннің құрығанын да білемін, одан енді бізге қайыр жоқ; дегенмен сол күндердің тоқтығы мен рақатын біраз көрген сияқтымын. Есімде қалғаны, түскі ас кезіндегі көңілді сағаттар, майы кілкіген мол тағамдар, көкөніс, терезеден түскен сағым, бақтың қоңыр салқын көлеңкесі, қайшыласқан қызметкерлер, ашық есіктен үйге телмірген құмай тазылар, қаптаған шыбын, әдемі көбелектер... Түстіктен соң бырдай боп тәтті ұйқыға басқан осы үйдің жан біткені... Мені ертіп алып кешкі серуенге шыққан ағаларымның қызықты әңгімелері... Бәрі есімде: ғажайып бір айлы түн, ай астындағы ақ ұлпадай қалқыған алакеуім түстік көкжиек, айға шағылысқан тұңғиық көктегі сирек жұлдыздар, ағаларым — бұл бізге беймағлұм бөтен әлем, бақыт та, тамаша өмір де мүмкін сонда шығар, мүмкін күндердің күнінде біз де сонда болатын шығармыз деуші еді... Әкем мұндай түндері үйде жатпай, аулада, терезе түбіндегі арбада ұйықтайтын: арбаға шөп толтырып, оның үстіне төсеніш тастайтын. Терезе көзінен күмістей жалтырап қайтатын ай сағымының астындағы ұйқы ерекше тәтті шығар деп ойлаушы едім, тәтті ұйқыға жетер рақат бар ма, түні бойы ай сағымын, сағым буған дүниені тәніңмен сезініп, ғажайып қыр түнін, туған жер, қара орманыңды түсіңде көргеннен артық не бар!

Тек бір ғана күтпеген қайғылы оқиға менің бал дәуреніме кірбең түсірді. Бір күні кешқұрым жылқы қайырған бақыршы бала аулаға шапқылап кіріп, Сенька ат-матымен Орға құлап кетті деп айқай салды, қурай басқан ор түбі ұйық деуші еді. Әкем, ағаларым, жұмысшылар бірі қалмай Сеньканы құтқарамыз деп Орға жүгірісті. Үрейден жым-жырт болдық та қалдық. Құтқара ма, жоқ па? Күн де батты, ымырт түсті, бірақ ол жақтан еш хабар болмады, жұрт қайтып оралғанда бұрынғыдан бетер үрей басты — екеуі де өліпті, Сенька да, ат та... Тездетіп становойға хабарлап, мәйітті күзетуге кісі жіберу керек деген қорқынышты сөз есімде қалыпты. Бұл сөз неге құлаққа жат естілді? Демек, мұны бұрын да естіген болдым ғой?

X

Өлім дегенді жұрттың бәрі сезіне бермейді. Сәби күнінен өлімнің барын қатты сезініп, өмір бақи өлімді күтумен өтетіндер де бар ( өмірге келген соң өлімді сезіну де хақ шығар). Протопоп Аввакум балалық шағын еске ала отырып: "көршінің малы өлгенін көрсем де сол түні құдай суретінің алдында жаным күйзеліп жылап тұрып, өлім барын, мен де бір күні өлемін-ау" деп ойлаушы едім" дейді. Мен де сондай адамдардың тобына жатамын.

Мен сәби кезімде-ақ зұлым пері, жын-шайтан, соларға ерген киелі "аруақ" туралы көп естіп едім. Марқұм боп кеткен ағаларымыз, аталарымыз туралы, аруақтардың рухы бақида жүреді екен деген әңгімені үлкендер айтып отыратын. Соларды тыңдаймын деп қараңғы бөлмеден, шатыр ішінен, тас қараңғы түннен қорқатын әдет таптым, шайтан, елес десе, қысқасы, түн баласында тіріліп кеп қыдырып жүретін "аруақтардан" зәре-құтым қалмайтын.

Құдайға деген сенім, ол туралы түсінік пен сезім менде қалай, қашан пайда болды? Меніңше, өлім туралы ұғыммен тетелес қомған сияқты. (Шешемнің түнемелінде тұратын шырақ құтысы мен алтын жалатқан қара икон соның куәсі болса керек). Мәңгілік деген ұғым да осыған байланысты. Құдай көкте, қол жетпейтін биікте, жерден тым шалғай, төбемізден төніп тұратын теңдессіз күш: бұл менің алғашқы жер басқан күннен бастап жан тәніме сіңген, алдымызда ажал бар десек те әркімнің кеудесінде қонақтаған жан бар, сол жан өлмейтін мәңгілік деген сенімге пара-пар ұғым. Бірақ өлімнің аты өлім, оны мен де білемін, кейде жер бетіндегі тіршіліктің бәрі өлуге тиіс екені есіме түскенде зәрем кетеді, бәрі бір күнде жоғалмаса да кез келген уақытта, әсіресе Ұлы оразаның кезінде. Сол күні біздің үйде кешқұрым жұрттың бәрі керемет сыпайы болғансып, иіліп сәлемдесіп, бір-бірінен кешірім сұраса қалатыны бар; бәрі бір-бірін жоғалтып алатындай, бұл түн жарық дүниедегі ең соңғы күндеріндей арыздасып жатқаны. Мен де осыны ойлап басым жастыққа тиісімен жазымыш бұйрығымен Қияметтің сотына түсем бе деп, "бақидан қайтқандардың" қаһарына, одан да сұмдығы "марқұмдардың көтерілісіне" тап боламын ба деп жүрегім сыздап түнімен қиналамын. Бұдан соң Ұлы ораза басталады, алты жұма бойы өмірден түңіліп, оның бар қуанышын тәрік қылмаққа керек. Мұнан кейін Қасірет жұмасы, бұл күндері Христостың өзі де өлген.

Бұл жұмада мерекелік әбігерге қарамастан жұрттың бәрі жабырқап, ауыз бекітіп, ораза ұстайды, тіпті әкем де мұңға батып, аузына нәр салмай қояды, жұма күні шіркеудің мехрабына кебін апарып қоятынын да білемін, бүл өзі Христостың табыты секілді қорқынышты бір нәрсе, бұрын көрмесе де ол жайында анам мен күтуші әйел тәптіштеп айтып берген. Ұлы сенбінің кешінде біздің үйдің іші-сырты тап-тұйнақтай тазарып, жарқырап кетеді де бақыт, береке тілеп, тым-тырыс Христостың ұлы мерекесін күтеміз. Мінеки, сол мереке де басталды - сенбіден жексенбіге қараған түнде дүниеде ғаламат бір өзгеріс болыпты-мыс, Христос өлімді жеңіп, ажалдың пысын басыпты. Ертеңгілік бізді салтанатқа апарған жоқ, дегенмен жарылқаушы игілікті күннің рақат сезімімен ояндық, енді қайтып қайғы-қасірет қайтып оралмайтындай көрінген. Бірақ уайым деген пәле тіпті Пасха күндерінде де иықтан зілдей басып тұрды. Қызыл мұнарт шөккен көктемгі даланың тып-тыныш кешінде алыстан "Христос о дүниеден қайтып келді" деген дауыс бірте-бірте жақындап, елірген айқай қайта-қайта жаңғырығып, әрбірден соң ақ матадан белбеу тағынған жалаңаяқ жас жігіттер дәу кресті аспандата көтеріп шыға келді, соңдарында ақ орамалмен шіркеу икондарын құшақтаған ақ көйлекті қыздар. Салтанатты өлеңмен аулаға кіріп, баспалдаққа жете бере үлкен бір іс бітіргендей жүздері жадырап, үнсіз тоқтай қалысты, содан соң екі туып бір қалғанындай бәрімізбен сүйісіп шығысты, еріндері жұп-жұмсақ, әрі сүйкімді де жып-жылы. Крест пен икондарды абайлап үйге кіргізді де залдың бұлыңғыр бұрышындағы шырақ қойған үстелдің үстіне су жаңа жапқыш төсеп икондарды соған жайып, кресті бидай масағымен қымтады. Бір көргенге ғажап! Бірақ мұң мен үрейді қоса ала кіргендей. Бәрі де жақсы-ау, көңілге жұбаныш, көктемнің көгілдір ымыртында қоздаған шырақтың жалыны да мап-майда. Десек те осында шіркеу мен құдай құдіретінің ызғары бар, демек, өлім мен қасіреттің ызғары. Мен анамның залда жалғыз қалып шырақтың алагеуім жарығында крест пен иконның алдында жүрелеп отырып мұңды кейіпте жаратқанға сан жалбарынғанын бір емес талай көрдім... Сонда жанын қажаған не қайғы? Өмір бойы, тіпті қайғыруға себеп жоқ кездің өзінде де түн ішінде сағаттар бойы дұға оқып, жаздың жадыраған тамаша күндеріңде де терезенің алдында далаға сүзіліп отырып жылай беретін. Жаны жомарт еді, тіршілікке, тіршілік кешкен пенде атаулыға, әсіресе біздерге, жақын жұрағат пен туысқандарға деген сүйіспеншілігінде шек жоқ еді, тумысында күйрек адам жалған дүниенің өтер-кетерін, қысқа ғұмырдың қайтып оралмайтынын, өмірде айырылысу, ауру, қайғы-қасірет, орындалмайтын арман, жеткізбейтін үміт барын, оның ақыры өлім екенін жақсы білетін.

Өлім туралы түсінікті есіме салған Сенька да емес. Мен оған дейін де ептеп сезетінмін. Дегенмен сол оқиғадан кейін өмірімде (бірінші рет көзбен көріп, қашсаң құтылмайтын құбылыс ретінде біздің ошаққа да келгеніне куә болдым. Өлім күн көзін жапқан қара түнек бұлт секілді тіршіліктің бүкіл қасиетін қадірсіз етіп, адамның өмірге деген құштарлығынан аяқ астынан жерітетінін сезген соң осы жалған дүниеде ғұмыр кешудің қажеті бар ма деген ойға қалдым. Ол шіркін естен кетпес сол бір кеште қырман мен қойманың арғы бетінен, Ор жақтан келіп еді. Кепке дейін сол жақта әлдебір зауал жатқандай, қасірет те сол жақтан келетіндей көрініп еді, не ойлап, не көрсем де есімнен Сенька кетпей, тұншығып жатқанда не күйде болды екен, қазір қандай боп жатыр екен, ол неге сол кеште өлуге тиіс еді деген албаты сұрау көкейімнен көшпей қойды.

XI

Күн жиылып аптаны, апта жиылып айды құрайды, жазды күз ығыстырады, күзді қыс қуалап, көктем қысты ағызып жібереді... Бұл туралы мен не айта аламын? Әйтеуір көпке ортақ тірлік: байқамай сол жылдары саналы өмірге аяқ басқан секілдімін.

Есімде: бір күні шешемнің түнемеліне кіре беріп айнадағы өз суретіме көзім түсті (есіктің қарсы алдында жаңғақ ағашымен жиектелген трюмо тұратын) де қалшиып тұра қалдым: ұзын бойлы, арықша келген сыптығырдай бір бала маған едірейіп қадалып қарайды, үстінде қисық өңірлі қоңыр көйлек, жылтырақ қара шалбар, тоза қоймаған былғары етік. Бұдан бұрын да айнаға сан тесілгенмін, бірақ дәл осындай мән берген жоқ едім. Ал қазір не болды? Асылы, бойымдағы бір өзгеріске қорқа қараған шығармын, соны танып таңданған шығармын, кейде адамың бір жаздың өзінде-ақ өзгеріп салатыны болады ғой. Қашан, қай мезгілде. Қанша жаста екенім де есімде жоқ. Мөлшері күз болса керек, өйткені, баланың күңқақты жүзі бозара бастапты, жасы жетілер шамасында, ал анық білетінім, оның сұңғақ бойы, күнге күйген қоңыр шашы, шырайлы бет әлпеті маған қатты ұнады, мені таңдандырған да осы болса керек. Бұл да ненің әсері? Шамасы, ойда жоқта өзімнің сымбатты екенімді байқаған шығармын (бөгденің көзімен), неге екенін білмеймін, осының өзі бір түрлі мені мұңға бөлеген тәрізді - сұңғақ тартқан бойым, қызылаш денем, сабырлы да ойлы бет әлпетім: бір сөзбен, күтпеген жерден енді бала емес екенімді, өмірімде бір өзгерістің болғанын, жақсылық па, жамандық па, кім білсін, әйтеуір бопсалап болса да сезгенім...

Ойлағанымдай солай болып шықты. Сол кезден бастап еске сақтар бақытты күндер таусылған сияқты, пендеге бұл да аз жүк емес, жер басып жүрген соң сезімге шабар, ойыңды қажар, бұрын-соңды танып білмеген жайсыз құбылыстар көп қой. Кешікпей, менің бағалауымша, тамаша бір кісімен таныстым, менің адам болуыма аздап болса да, септігін тигізген сол кісіден сабақ ала бастадым. Ең алғаш қатты ауырғаным есімде. Алдымнан тосқан қаралы күндер — Надяның өлімі, одан соң әжем дүние салды...

XII

Жазға салымның қарлы-жаңбырлы желді күндерінде ауладан көрген сүртікті адам біздің үйге тағы келді, қашан екенін ұмыттым, әйтеуір есімде. Расында бұл адам нағыз бақытсыз жан екен, бақытсыз болғанда да ерекше, өзін-өзі бақытсыз қылып, содан өзінше ләззат тапқан әпенде, қысқасы, кейін жүре келе естияр кезімде көрген орыс жұртының пәтуасыз өкілі. Аты-жөні Баскаков, аса бай, текті тұқымнан, ақылды әрі талантты, жұрттан артық болмаса кем өмір сүрмейтін жағдайы болыпты. Қырсаң қызылы жоқ тырыли арық, бүкіш, танауы қолақпандай, беті қарабұжыр, ел оны "албасты" деп атайтын: характері жынды тәрізді, лицейде оқып жүрген кезінде әкесімен ұрсысып қалып, үйінен қарғыс естіп шыққан екен: кейін әкесі өлген кезде ағасымен енші бөлісе алмай акт қағазын быт-шыт қылып, "бүйткен дүниені лағынет атсын" деп туысқанының бетіне былш еткізіп бір түкіріпті де туған шаңырағының есігін біржола тарс жауып кетіп қалыпты. Содан бері қаңғыбас: не бір жерде, не бір үйде айдан асып тұрақтай алмаған. Әуелде біздің үйден де қоныс таппаған еді: келе сала әкем екеуі аулада қылыштасып қала жаздаған. Екінші дүркін келгенде қызық болды: Баскаков өле-өлгенше осы үйден кетпеймін деп мен гимназияға түскенше үш жыл бойы біздің үйде тұрды. Адам көрсем ит көрген ешкікөзденіп тұрушы едім, ал сендерге деген ықыласым бөлек деп мойындағаны бар, әсіресе мені жақсы көретін. Ол маған әрі тәрбиеші, әрі ұстазым болды, уақыт өткен соң мен де оған бауыр басып кеттім, мендегі әр түрлі қиғаш-қиғаш сезімнің бастауы содан жұққан.

Ерекше әсершілдік тек әкем мен шешемнен ғана емес, кезінде орыстың ағартушылық қоғамының өзегі болған көптен бөтен-ала аталарымнан, бабаларымнан сүйекке сіңген мінез. Тұқымнан мирас боп қалған сол қасиетті Баскаков дамыта түсті. Жалпыға таныс тәрбиеші, ұстаз дейтін ұғымға оның үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Кездейсоқ кітаптардың арасында жатқан Дон-Кихоттың орысша аудармасын тауып алып, сол арқылы мені оқу, жазуға тез үйретті, ал оның ар жағында не істеу керектігін білмейтін, білгісі келіп қиналып та жатпайтын. Шешемді қатты сыйлап, онымен француз тілінде сыпайы сөйлеуші еді. Мені де осы тілге үйрет деп шешем өтініш жасаған. Баскаков мұны да қуана-қуана орындап, арман қарай тағы да тоқтап қалды: қаладан қайдағы бір оқулықты сатып алып, гимназияның бірінші класына түсу үшін қажет деп мені тапжылтпай отырғызып қойып ал кеп жаттатсын. Оның маған деген әсері соншалық, ақыры бүйректен сирақ шыққан тәрізді. Жалпы ол тағы секілді томаға тұйық жан еді. Кейде керемет көңілді, сүйкімді де сыпайы, сөзшең, тіпті орақ ауыз, әңгімеге де шебер. Бірақ көбіне тас керең, әлдебір ой үстінде жүргендей көкесін езу тартып, өзімен-өзі күбірлесетіні бар, мұндайда үйде де, шықырда да безектеп, қомыт аяғы шитиіп теңселеді де жүреді. Бұл кезде онымен сөйлесу мүмкін емес, сөйлесе қалсаң ащы кекесін, болмаса дөрекі жауаппен бетіңнен алып тастайды. Ал мені көрсе болды, өзгеріп сала береді. Жүгіріп келіп иығымнан алады да далаға жетелейді, әйтпесе оңаша бір бұрышқа апарып әңгіме айтады, дауыстап әлде нені оқиды, өзі туралы менің кереғар сезімде отырғанымда жұмысы жоқ.

Әңгіме айтқанда бет-аузы сан құбылып, қолы ербеңдеп, даусы да өзгеріп кететін. Кітап оқығанда сол көзін қысып, қағазды алдынан алыс қойып отыратын әдеті. Мені әр түрлі сезімде қалдыратыны, менің жасымды мүлдем ескермей, өзінің басынан кешкен қайдағы бір көңілсіз де қиын сәттерін, пенденің бейшаралығы мен қатыгездігін сөз ететіндігі, ал оқуға таңдайтыны - ересен ерлік, адамның тамаша қасиеттері мен адам жанының жомарттығы жайындағы кітаптар, соны тыңдап отырып кейде менің зығырданым қайнайды да кейде жұрттан тартқан азабына бола оған жаным ашып, енді бірде қуаныштан жадырап, іштей егілетін едім. Алысты аңғармайтын қысық көзі қашанда қызыл жалқақ, бет-жүзінен ылғи да ызғар теуіп тұратын. Жүргенде иә жүгіргенде бурыл шашы жалпылдап, ескінің жұрнағындай көне сүртігінің екі етегі далпылдап жөнеледі. "Біреуге ауыртпалығымды салмаймын" дейтін қырсықтығы және бар, шылымнан шегетіні тек махорка, жаз бойы амбарда жатады да қыстағы қонысы қаңырап бос қалған жалшылардың лашығы, ал тамақ десе, оны ескінің кертартпа нанымы дегенге құдайдай сенеді, дастархан басында таңдайтыны арақ пен сірке қышқылына езген қыша. Бұл қалай тірі жүрген деп жұрт таңғалады...

Ол маған өмірінде небір "жексұрын сұмдармен" арпалысқанын, бір кезде Мәскеуде оқығанын, Еділ бойының меңіреу орманында қаңғырған шақтарын жыр қылып айтатын. Менімен бірге "Дон-Кихотты", "Дүниежүзілік жиһанкездер" дейтұғын журналды, ешкім білмейтін "Жер және адамзат" атты кітап пен Робинзонды жарысып оқыды... Акварельмен сурет салып, суретші болсам деген арманымен қызықтыратын. Бояу салған жәшікті көрісімен-ақ тағатым таусылып, таңнан кешке дейін қағаз шимайлайтын едім, көк аспанның мөп-мөлдір күмбезіне, тал түстегі күн көзімен шағылысқан көгілдір сағымға, көгілдір сағымға шомылған ағаштардың ұшар бастарына қадалып отырып жер мен көктің тәңір берген ғажайып бояуын көкейіме қондырғандай болушы едім. Қорыта келгенде, өмірдің маған берген осынау еншісіне еш баға жетпейтін секілді. Ағаш басынан, жыбырлаған жапырақтардан жамырап түскен осы бір көгілдір сағымды өліп бара жатып та көз алдымда елестететін шығармын...

XIII

Әкемнің кабинетінде ескіден қалған аңшының қанжары ілулі тұрушы еді. Әкем оны анда-санда қынынан суырып сырмалы жібек шапанының өңірімен жалтыраған жүзін сүртіп жатқанын көргенмін. Мұп-мұздай қылпылдаған жүзіне қолым тиген сайын төбем көкке жеткендей мәз болушы едім. Сүйіп алғым келіп, көкірегіме басып, сосын бір нәрсеге сабына дейін бойлата сүңгітіп жібергім келеді. Әкемнің ұстарасы да болаттан жасалған өткір, бірақ мен оған мән бермейтінмін. Ал болат қару көрсем күні бүгінге дейін қызығамын, бірақ бұл сөзімнің қайдан пайда болғанын өзім де білмеймін. Бала кезімде нәзік те мейірімді секілді едім, сөйте тұра қанаты сынған бір ұзақты аямай кескілегенім бар. Есімде, аула жым-жырт, үй де тым-тырыс болатын, әлдебір қап-қара құс қанатын сүйретіп бір жамбастап шөптің үстімен амбарға қарай жорғалап бара жатқанын көріп қалдым. Дереу кабинетке жүгіріп кіріп, қанжарды ала салып терезеден қарғып шықтым... Мен қуып жеткенде ұзақ тапжылмай тұра қалды да кенет ыршып түсіп, кекті көзін менен алмастан өліспей беріспеймін дегендей ысқырып, аузын ашып тұмсығын сақ-сақ еткізді. Өмірімде бірінші рет тірі мақұлықты аяусыз өлтіргенім мен үшін ұмытылмас оқиға болды да, бірнеше күн дел-сал болып жүрдім, ішімнен құдайдан да, құдай жаратқан жалпақ дүниеден де күнәмді кешіре көріңдер деп жалбарынып жаным қиналды. Бірақ не пайда, қу жан үшін арпалысып, қолымды қанға бояп, ақтық демі біткенше төбелескен байғұс ұзақты өлтіргенім рас, содан ләззат алғаным да рас.

Атамның ба, бабамның ба, қай заманғы қылышы жатыр дегенге сеніп Баскаков екеуміз шатырдың ішін қаншама тінттік. Қара-көлеңкеде тік баспалдақпен күшеніп, мықшыңдап жүріп көтерілетін едік. Мәтке, бөренелерді аттап-бұттап, күл-қоқырды кеше бүкшеңдеп жөнелеміз. Шатыр іші қапырық, түтін мен ыстың иісі қолқаны қабады. Былайғы дүниеде аспан бар, күн бар, кең жазира дала бар, ал мұнда бұлыңғыр қапас, милықтан басқан мылқау зіл. Даланың еркін желі шатыр төңірегін еңіретіп тұрады, ал мұнда оның екпіні өзгеріп, сиқырлы сұмдық боп естіледі... Қара көлеңке бірте-бірте қаша бастайды, пештің көмейі мен кернейін айналып өтіп, жыртиған терезенің бірде боз, бірде көкшіл қаңғырған сәулесінде меткенің астын, итарқаның қуысын тінткілеп күлдің астан-кестеңін шығарып ақтарамыз... Құрғырды сол қылыш табыла қойса ғой! Мен қуаныштан жарылып кетер ме едім? Бірақ ол маған неменеге керек болды десеңші? Құр әншейін мақсатсыз құмарлық қайдан пайда болды?

Десек те, осы жалған дүниенің өзінде не мақсат бар, сонда бұл өмір неме қажет — мен осыны да түсіне бастаған сияқтымын.

Құр бекер әуреден әбден шаршап, демалуға отырамыз. Бүкіл өмірін өзі тоздырып, мақсат-мүддесіз кезбелікпен күн кешкен түсініксіз жұмбақ адам менімен бірге шаршап мәткеге құйрық басады да, махоркасын орап өзінше ойға батады, түбі менің құмарлығым мен қиялымды түсінетін де жалғыз осы болар, ал мен жыртиған терезеден жарық дүниеге телміремін де тұрамын. Шатыр іші әлгіден көрі жарық тартқан, әсіресе терезенің маңы, желдің ызыңында да әуелгідей үрей жоқ. Біз өзімізбен өзіміз, төмендегі тіршілік мүлдем басқа, жайымен өтіп жатқан өмір. Тура аяғымның астындағы күн нұрына шомылған көк жасыл бақтың төбесінен қарасаң тіпті тамаша. Іші толған торғай, бауыры көлеңке, басы күн сәулесіне сан құбылады, соны көріп тұрып: осының бәрі не үшін деп ойлаймын. Бәлкім қызық үшін шығар? Бақтың арғы бетінде, көкжиекке барып тірелетін жазық даланың шетінде орман жиегіне ұқсаған Батуриноның төбесі қарауытады, сол жердегі мекен-жайда биік шатырлы, ою-өрнекті терезелі атамзаманғы ескі үйде шешемнің шешесі, менің нағашы әжем, неге екені белгісіз, сексен жыл бойы ғұмыр кешіп жатыр. Сол жақта, күн көзінің шаңытында Новоселка; шалғынды сай, бау-бақша, мұжықтардың қора-қопсысы, көше бойындағы тозығы жеткен лашықтар... Соншама тауықтардың, бұзау-торпақ, иттердің, су таситын арбалардың, тісі ақсиған қатындар мен сұлу қыздардың, дударбас енжар мұжықтардың кімге керегі бар? Николай ағам күн сайын сол жаққа неменеге қайта-қайта бара береді? Тек қана Сашканың сүйкімді жүзін, сымбатты денесі мен жалаңаш ақ балтырын көріп, аппақ мойнына жарасқан арзан шыт көйлегін қызықтау үшін бе?.. Сол бір арзан мата маған да ұнаушы еді, мен де содан бірдеме тіккім келеді, бірақ не тіксем екен? Не үшін, неменеге бола тікпекпін?

Бірақ менің есіл-дертім шатырда жасырын жатқан қылышта еді. Дегенмен ара-тұра Сашканы да есіме алып қоямын: бірде оның біздің үйге келіп, баспалдақ алдында тұқырайып тұрып шешеммен сөйлескенін көргенім бар, не айтқанын кім білсін, әйтеуір сол кезде тұла бойым шымырлап, адам баласына тән алғашқы бір тәтті сезімнің ұшқыны жарқ еткенін білемін...

XIV

Жазу-сызуда маған әліппе болған Дон-Кихот, сондағы суреттер, серілер заманы туралы Баскаковтың әңгімелері мені ес-ақылымнан айырды: қайдағы бір қорғандар, айыр тісті қабырға, биік мұнаралар, баспалдақ көпір, сауыт-сайман, найза мен садақ, соғыс пен сайыс жатсам-тұрсам көз алдымнан кетпей қойғаны. Серілер санатына мен де кірсем деген қиялмен ойға кетіп отырып, шашы жалбыраған жас жігіттің иығынан осып түскен алдаспанды елестеткенімде тұла бойым тітіреніп жөнелді. А.К.Толстойдың хатында мына бір жолдар бар: "Вартбургте керемет тамаша! Онда XII ғасырдың құрал-саймандары да бар. Азия әлемінде отырып жүрегің қалай бұлқынса, серілер дүниесінде де жүрегің атша тулайды, білемін, мен де бір кезде осылардың бірі болғанмын." Иә, мен де бір кезде солардың бірі болғанмен, мен өз ғұмырымда Еуропаның талай-талай ғажайып қорған-ғимараттарында болғанмын, соларды аралап жүріп таңғалатыным: мен де Выселканың көп можантопай балаларының бірі едім, сөйте тұра, махорка шегетін жарымес қарттың әңгімесін тыңдап отырып көне қорғанның көне тіршілігін қалай дөп басып, суретін қалай айнытпай салғанмын? Иә, мен де сол кезде осы тіршіліктің ортасында болғанмын. Мен де өлермен католиктің бірі болған шығармын. Акрополь де, Баалбек те, Фива да, әулие София да, орыс кремльдерінің көне шіркеулері де күні бүгінге дейін готикалық соборлармен таласа алмайды. Алғаш рет костелге кіріп келгенімде (бала кезімде) органның үніне ғажап қалғаным есімде, оның өзі де бар болғаны Витевскінің костелі болатын. Жер жиһанда мұндай жаныңды толқытар әсем саз жоқ шығар деп едім, кейде күркіреп, кейде жаңғырық боп естілген қаһарлы үннің аласапыранында аспаннан жеткен періштелердің даусын құлағым шалғандай болған...

Дон-Кихот пен серілер мекенінен соң менің көз алдымда тұратын ғажайыптар: теңіз, кемелер, Робинзон, тропика мен мұхит дүниесі. Әрине, мен мұнда да болғанмын. Робинзон мен "Дүниежүзілік саяхаттағы" суреттер, оған қоса жер шарының ескі картасындағы оңтүстіктегі ұлы мұхиттар, Полинезияның ноқаттай-поқаттай аралдары менің қиялымда мәңгілік қалып қойды. Сүмпиген жеңіл қайықтар, сүңгі, шоқпар ұстаған жалаңаш адамдар, кокос орманы, салпайған дәу жапырақтар мен соның көлеңкесіндегі күркелер - осының бәрі маған әрі таныс, әрі жақын сияқты көрінген, сол күркеден жаңа ғана шыққандай болып, кеше ғана талма түстегі мүлгіген тыныштықта солардың қасында отырғандай сезінетінмін. Сол суреттерді көріп отырып армандай тәтті елестерді, отанға деген қымбат сағынышты бастан кешкенім бар. Пьер Лоти: балалық шағымда "колония" деген сөздің мен үшін "сезім толқытар сиқыры" бар еді деп жазады. "Менің кішкентай Антуанеттамның колониядан келген көптеген заттары бар еді: тотықұс, тор ішінде отыратын түрлі-түрлі құстар, жәндіктер мен қауашақтардың коллекциясы. Анасының мүккамал үстелінен хош иісті дәндерден жасалған әдемі моншақты көргенмін. Анда-санда шатырға шыққанымызда аңдардың терісі, әр түрлі қаптар, жәшіктер жататын, содан Антил аралдарындағы қалалардың адресінде оқуға болатын..." Ал Каменкадан осындай заттарды тауып көр?

"Жер мен адамзат" кітабындағы суреттер бояулы еді. Солардың ішінде ерекше есімде қалғандары екеу: бірінде құрма ағашы, түйе, мысыр пирамидасы, екіншісінде — кокос пальмасы, соның шашақты бұтағына қылдырықтай мойнын созып, біздей тілімен жалмап тұрған әйелдің жанарындай қыли көзді шұбар ала жираф, тура соған қарай жұдырықтай боп атылып келе жатқан арыстан. Осының күллісі - түйе, құрма ағашы, пирамида, кокос пальмасының түбіндегі жираф, арыстан да кез қарықтырар екі-ақ бояумен: шақырайған көк аспан, сосын құм түстес сары бояумен салынған. Мөп-мөлдір көк аспан мен сары сағымды көргенде лапылдаған аңызақ пен ащы күннің аптабында қалғандай, әйтпесе жер жаннатында отырғандай бойымды қуаныш сезімі билейтін. Тамбов даласында, Тамбов аспанының астында жүріп осы көргендерімді көңіліме тоқып жүріп, кейін Мысыр мен Нубияда, тропикада болғанымда, тәңірім-ау, мұның бәрін баяғыда басымнан кешіп, осының бәрін осыдан отыз жыл бұрын білген едім ғой деп есіме алғанмын.

XV

Пушкин "Русланға" жазған кіріспесімен мені ғажап қалдырған:

Теңіз жағасында жасыл емен, Алтын шынжыр дүміне ілген...

Бір қарасаң түкке тұрмайтын нәрсе — мейлі, жап-жақсы шумақ, сирек кездссетін тамаша елең болсын-ақ. Бірақ менің бүкіл ғұмырыма азық болған, жер басып жүрген шағымда басымнан кешкен шексіз қуанышым. Ойлап отырсаң миға сыймайтын сандырақ -жалғанда жоқ қайдағы бір жаға, оған қайдан барғаны белгісіз "білімпаз" мысық, оның өзін еменге арқандап тастаған, қайдағы бір құбыжық, русалка, сұлбасы жоқ сүрлеуге түскен көзге көрінбейтін аңдардың ізі. Бірақ бар гәп ақылға сыятын болмысты нәрседе емес, осы қисыны жоқ сандырақта болса керек; мұның кереметі сонда, осы "сандырақты" әлдебір масаң "білімпаз" ақынның құлағына құйып отырған сияқты: бір ғана сиқырға толы шырайналыстың өзі неге тұрады ("күн-түн демей білімпаз мысық, шынжырын сүйреп шыр айналған"), "сұлбасы жоқ сүрлеу" мен "көзге көрінбейтін аңдардың ізі" ше? — аңдардың өзі емес, іздері ғана! — енді "таң шапағы туралы", таңғы шапақтың өзі емес,түсінікті, дәлме-дәл, айқын бастама (теңіз жағалауы, жасыл емен, алтын шынжыр) ақырында — түс, елес секілді қым-қуыт шатасу, теңіз жағалауында, қалың орманның ортасындағы әлдебір теріскей елдің бұлт ораған таңғы тұманындай сан құбылып қалықтаған маужыр көрініс:

Ғажапқа толы орман мен дала,

Шапаққа шағылысқан толқынды қара

Құм басқан тылсым иесіз жаға

Отыз сері толқыннан шықты

Сымбаты келіскен өңшең дара

Қастарында теңізші аға...

Маған ерекше әсер еткен Гогольдің "Көненің помещиктері" мен "Қорқынышты кегі". Қандай ғажайып суреттер! Бала күнімнен менің қаныма сіңіп, Гогольдің өзі айтқандай "өмірлік бітім-болмысымды жасаған" қайталанбас әсерлі әуен күні бүгінге дейін көкейімде сайрап тұр. Сол бір "әншіл есектер", бақты шулатқан сол бip жазғы нөсер, бақ сыртындағы орманды жайлаған тағы мысықтар, шырмауық қаусырынған кәріағаштардың діңі жүнді балақ кептердің сирағы сияқты" болып көрінуі... Ал "Қорқынышты кек ше?!

"Киевтің шеті дүрліккен топыр: есаул Горобец ұлының үйленуін тойлап жатыр. Есаулға қонаққа келген адамдар да ұлы-жіңгір...".

"Днепрдің арғы бетінен жас қатыны Катерина мен бір жасар ұлын ертіп есаулдың теліме ағайыны Данило Бурылбаш та келіпті. Қонақтар пани Катеринаның қағаздай аппақ бетіне, неміс барқытындай қап-қара қасына, күміс нәлісі бар етігіне қызыға қарасты, онан да бетер таңғалысқаны кәрі әкесінің ере келмегені...".

Бұдан әрі:

"Дүние жарқырап сала берді: тау иығын айдың тесіп шыққаны ғой. Құдды Дамаскінің қардай аппақ матасындай Днепрдің жайпауыт жағасын бүркеп, көлеңкені одан әрмен самырсынды орманға қуалап тастады... Днепрдің ортасында қайық жүзіп келеді. Екі жігіт алдында отыр: қазақтың қара сеңсең бөркін көздеріне баса киген, ескек астынан шашыраған су моншақтары ошақтан жамыраған ұшқын секілді...".

Ұйықтап жатқан баланың бетін орамалмен желпіп Катерина күйеуімен сыбырласып сөйлесіп отыр: "Орамалда қызыл жібекпен кестелеген жапырақ пен жидектің суреті бар-ды". (бұл да мен көрген, өмір бақи ұмытпайтын сүйкімді сурет). Мінеки, ол "қалғыған суға жанарын қадап үнсіз қалды; су бетін самал дірілдетіп, түн ішіндегі қасқырдың жон арқасындай бүкіл Днепр жыбырлап жөнелді..."

Тағы да таңғалатыным: баяғыда, Каменкада отырып осы суреттерді қалайша қателеспей дәлме-дәл көз алдыма елестеттім екен! Бала көңіл сол кезде-ақ ненің жақсы, ненің жеркенішті екенін, ненің әйбәт, ненің жаман, ненің қажет, ненің қажет еместігін айыра білсе керек. Бір нәрсеге салқын болдым да тез ұмыттым, енді бірді қуана қабылдап, ғұмыры ұмытпайтындай жадыма тоқыдым - осының бәрінде талғам мен сезімім ешқашан жаңылған емес.

"Бәрі де далаға шықты. Доң астынан сабан шатыр көрінді. Бүл Данилоның атасынан қалған мекен-жай. Оның арғы жағы да белес, оның арғы жағы қу дала, жүз шақырым жүрсең де қазақты емге таппайсың..."

Иә, маған керегі де осы еді.

"Пан Данилоның хуторы екі белестің ортасындағы Днепрге құлайтын тар қолатта. Үйі онша биік те емес; сыртынан қарағанда қарапайым қазақтың лашығынан айырмасы жоқ, жалғыз терезе... Қабырғасы шыр айналдыра шегелеген сөрелер. Оған қатар-қатар мескей, құмыраларды тізіп қойыпты. Солардың арасында сыйға тартқан, соғыста олжалаған күміс тостақ пен құтылар. Одан төмен қымбат мушкеттер, қылыш, аңшы сырнайы, найзалар ілінген... Қабырғаның етегінде жылмита үстіріктеген емен тақтай; соның қасында, сәкінің қарсысында шығырықты арқанмен төбеге іліп қойған бесік. Бөлменің еденін жып-жылмағай тегістеп, балшықпен сылап тастаған. Пан Данило мен әйелінің жатар орны сәкі, ал қызметкер кәрі әйелдің төсегі едендегі тақтай болса керек; бесіктің иесі кішкентай сәби, ал жігіттердің қоналқысы тақыр еден...". Эпилогқа айтар жоқ:

"Пан Степан үшін, князь Семиградскийдің бодауына екі қазақ ғұмыр кешуде: Иван мен Петро..."

"Қорқынышты кек" менің санамда ерекше асқақ сезімді оятты, бұл әркімнің жүрегінде мәңгі бақи сақталатын қасиетті сезім, уақыты жеткенде зұлымдық аяусыз жазасын алып, адамгершіліктің жеңісі салтанат құруға тиіс. Бұл сезім жаратқанға деген құштарлықтың, соған деген сенімнің айғағы. Жақсылық жеңіске жетіп, зұлымдықтың тамырына балта шапқан сәтте пенденің жаны түршіксе де арман тілегі орындалғандай өрекпіп, содан да ләззат алмақ, шындығында бұл біздің жаратқанға деген, жақынға деген әп-сәтте бұрқ еткен шексіз сүйіспеншілігіміз...

XVI

Менің естияр шағым осылай басталды. Өмірдің өзінен, шынайы тіршіліктен алған ләззатым шамалы, көбіне өзім ойлап тауып, өзім көксеген өтірік дүниесіне мәз болдым.

Нағыз өмір қызыққа кедей еді.

Қайталап айтсам, мен еуропалықтардың түсіне де кірмейтін қу далада туып өстім. Маңайымыз бұдыры жоқ, шегі де жоқ кең жазира: мекен-жайымыз көз жетпейтін жазыққа барып ұласатын. Менің бар көргенім сол дала мен түпсіз аспан ғана.

Колония! Менің білетінім Рождестводағы "колония" ләпкесі. Менің түсінігімдегі колония — пасха кезіндегі аткөпір кепкен жеміс, онан соң жылтыраған қара бұжыр қуыс қатырма, оның да дәмін Рождествоның жәрмеңкесінде татып көргенмін, әрине, жіңішке сымға оралған бөтелке сыртындағы жидек суреттері де қызықтыратын (херес, мадера), сол сымдарды ары созып, бері созып ермек қылатын едім, соңғы кезде бұл да біздің үйде көбейіп кетті, өйткені, әкем тағы да жиі-жиі ішетінді шығарды. Рождествода майысқан молшылықты да көрдім: шіркеуден. Наннан басқа, шалғын мен шаңдақ жолдан басқа, қара майлы арбадан, тауықтың қорасынан басқа, шарқай мен кенеп көйлектен басқа түк көрмеген көзге, бозторғайдың шырылы, тауықтың қаңқылы мен балапанның шиқылынан басқа дым естімей тас-керең тыныштыққа үйренген құлаққа бәрі таң: ақбауыр бұлттардың етегін түрткен көкжолақ күмбез, қаһарлы да ақ шашты Саваоф, алтын иконостас, алтын қырсаулы құдай суреттері, бірін-бірі балқытып, бір-біріне сүйене алтын сағым шашқан, мереке алдында ғана қадалған балауыз шырақтар, дьякон мен қоңыраушының түсініксіз гүжілдеген даусы, священниктің шекпені, түсініксіз тілде күңіренген ән, тағзым ету, қара майдың түтінімен аластау, темір құтыдан шалқыған соның хош иісі, жоғары-төмен серпілген күміс шынжырдың жарқылы — осының бәрі патша көңілді сергітіп, жаныңды нұрға бөлейтін ерекше салтанат...

Бұған қоса мен жұтаған дворяндардың ортасында өстім, өзін-өзі құртуға әуес орыс жұртының табиғатынан хабарсыз еуропалықтарға бұл да жат. Бұл әуестік тек дворяндарға ғана тән емес. Орыс мұжығы неге қайыршының күнін кешіп отыр? Еуропа шаруасының түсіне де кірмеген байтақ жер, байлық дегенің игерусіз жатқан жоқ па? Жұмыссыз-дәйімсіз өзінің салбөксе еріншектігін, қысыр қиялын көршідегі помещик жерінің ұлтарақтай пұшпағын тартып алуға батпадым деген сылтаумен ақтағысы келеді, ал помещик болса жылдан-жылға тозып барады. Неліктен көпестердің өлермендік дүниеқоңыздығын қарғап-сілеп, ысырапшылдықтың ел көрмеген тағылығымен тұсап тастадық, сөйте тұра нағылет атқан тағдырын маскүнем көздің өтірік жасымен бұлап, неліктен қайыршылық пен қаңғыбастыққа, дуаналыққа өліп-тіріліп құмар болдық? Япыр-ау, бұл не сұмдық, Ресейге не болды, қас пен көздің арасында, көз алдымызда өліп кеткен жоқ па!

Менің туысқандарым мен жақындарымның ішінде бетін жаспен жуып, мұңға батып, оразамен, жалбарынумен күн кешіп, өмірден түңіліп отыратын шешемді ғана түсінуге болатын еді: қашанда көңілі қаяу, тіршілікте жан рақаты жоқ, қасіретке толы фәнидің қысқа ғұмыры тек о дүниенің мәңгілік жұмағына дайындық дегенге қатты сенетін. Ал одан басқалары ше, анау жеңілтек көршілер, туысқандарымыз, әкем, Баскаков? Өз өмірін өзі қор қылған Баскаков туралы айттым. Ал өз байлығын өзі шашқан, қажыр-қайраты мол, жомарт та кеңпейіл, бірақ аспандағы құс секілді қамсыз әкем ше? Баяғы бір байлықтың жұрнағына мәз болған Арсеньев әулетінің бейшара ұрпағы мына біз ше? Сашкаға бола, деревняның сандалбай бос қызығына бола Николай гимназияны тастап кетті. Ағам Георгий каникулдағы бүкіл бос уақытын Лавров, Чернышевскийлерді оқумен өлтірді. Ал менің қаншалықты арманым болғанын мынадан-ақ білуге болар: бірде Николай менің болашағым туралы бопсалағаны бар. Әзіл-шыны аралас сондағы айтқаны — ақыры тақыр кедей болдық, өскен соң сен де бір оқуға түсерсің, қызмет істерсің, үйленесің, балалы-шағалы боласың, жиған-тергеніңе үй сатып аларсың дегенде болашақтың қайыршы тірлігінен жаным түршігіп жылап жібергенмін.

XVII

Каменкада өткен соңғы жылдары мен алғаш рет қатты ауырдым, бұрын ауыр науқас дегенді естіп қана жүрген басым, шындығында басқа бір дүниеге барып қайтқандай болдым. Мезгіл қара күз болатын. Сонда мен пақыр не күн кешті дейсіз ғой? Аяқ астынан әлім құрып, көңілден ниет қашып, буын-буыным бос қалды да жанға қажет бес сезімнен айырылдым — жанар өшті, таңдайдан дәм кетті, құлақ керең, танау бітелген, түйсік жоқ; тіпті өмір сүргім келмей қалды, былайша айтқанда, тамаққа да, сусынға да тәбет жоқ, ең жақын қимас жандарға деген сүйіспеншілік сезім де жоғалды; күндіз де, түнде де өмірде жоқ сияқтымын, анда-санда ғана өң мен түстің арасындағы елестер, оның өзі де дүниедегі қайдағы жоқ жексұрын құбыжықтар арпалысып от пен жалынның ортасында өртеніп жатады (әлгі адам санасындағы тозақтың оты секілді). Ептеп ес кіре бастаған сәтте қасымда отырған анамның алыптай зор тұлғасы елестейтін, бөлмеде емес, қараңғы қапырық қырманда жатқандай боламын да еденге қойған шырақ зорайып, соның жалынында неше түрлі аң мен албасты секіріп-билеп жатады. Осы тозақ дүниесінен жарық дүниеге қайтып оралғанда жанымның жай тауып, қарапайым да таныс тіршілікті көргенімде тәтті тыныштықты жұмақтан артық санағанымды айтсай! Сол кезде мен қара нанға құмар болдым, қара наннан деревняның сағынышты жұпар иісі аңқып тұрғандай еді.

Мен ауырып тұрған соң екі айдан кейін Святканың аяғында Надя қайтыс болды. Святка жақсы өтіп еді. Әкем ішіп кетті, күн сайын, ертеңнен кешке дейін аузы құрғаған жоқ, үй тола қонақ... Шешем көңілді: отбасы түгел жиналса, оның қуанышында шек жоқ, әсіресе ағам Георгий каникулға келгенде, ал ол Святканы құр жібермейтін. Осы даңғаза абыр-сабырдың үстінде аяқ астынан Надяның ауыра қалғаны, алдында ғана билеп-секіріп, айғайға басып, көкшіл жанары жарқылдап жұрттың бәрін таңғалдырып жүр еді. Мереке осымен бітті, ағам кетті, қонақтар зым-зия жоғалды, қарындасым ес-түссіз күйіп-жанып жатыр, балалар бөлмесі ала күңгірт: терезе пердесі қымталған, өлеусіреген шырақтың сәулесі ғана. Құдайдың бүкіл отбасының қуанышы Надяны таңдағаны несі екен? Бәріміз де қайғыдан шөгіп қалғандай болдық, бірақ аяғы жамандықпен бітеді деп ойлаған жоқ едік, кешкі ымыртта ас бөлменің есігін асыға серпіп тәрбиеші әйел Надя әл үстінде деп айқайлап кіріп келді. Осы бір "әл үстінде" деген жан түршігерлік сөзді мен қараңғы қыстың ішінде, қар басқан иен даланың шетіндегі жапандағы жалғыз үйде отырып естіген едім. Түн ішінде, бүкіл үйді басына көшірген апалаң-топалаң басылған кезде менің көргенім: залдағы үстелдің үстінде, қаралы шырақтың жарығында қап-қара кірпігі сәл ашылып, өң-түс жоқ, қан сөлсіз әдемі киіндірген қуыршақ тырп етпей жатыр екен... Бүкіл өмірімде бұдан соң дәл осындай сиқырлы түнді көрген емеспін...

Ал көктем шыға әжем қайтыс болды. Көкек айының тамаша бір күні еді, анам ашық терезенің алдында отырған, үстінде қара көйлек, жүдеген, өңі сұп-сұр. Кенет амбар сыртынан салт атты бір мұжық шыға келді де еліріп шешеме бірдеме айтты. Шешем де қуанған секілді көзі шарасынан шығып алақанымен кәсекті бір салды... Отбасының тыныштығы тағы да ойламаған жерден бұзылды. Тағы да бұрын мен көрген бей-берекет әбігер басталды арбакештер ат жегуге жүгірісті, әкем мен шешем киініп әлек. Құдайға шүкір, әйтеуір біздерді ертпей кетті...

XVIII

Надяның өлімі мен көрген ең бірінші өлім, енді ғана тани бастаған өмірге деген менің сезімімді көпке дейін өшіріп кетті. Мен де өледі екенмін деп, кез келген сәтте Надяға келген зұлматтан мен де қашып құтылмайтынымды түсіндім, жалпы өзекті жанға бір өлім дегенді үйден шығарып бара жатқанда Надяның кеберсіп, қарайып кеткен ерніне қарап тұрып сезіндім. Зәре-құты қалмаған, әлдебір нәрседен масқара болып қорланған менің қу жаным пана тілеп, құтқара көр деп құдайға жүгінді. Кешікпей менің бүкіл ой-сезімім бір-ақ нәрсеге күрмелді — іштей құдайға жалбарыну, тыным таппай аяушылық сұрап, мынау төбемнен төніп тұрған ажал дейтін сұмдықтан құтылудың жолын көрсет деп шыр қақтым.

Анам да күндіз-түні құлшылық ұрумен болды. Тәрбиешінің де маған айтатыны осы:

— Балақай, жаратқанға жан-тәніңмен жалбарына біл. Сен түгілі әулиелер де құлшылық етіп, ораза ұстаған, өздерін өздері азапқа салған. Надя үшін жылау күнә, қайта қуану керек, — дейтін көз жасын сорғалатып тұрып, — Ол қазір жұмақта, періштелермен бірге...

Сонымен мен тағы бір жаңа да ғажайып дүниеге кіріп кетейін: жалықпастан әулиелер мен тақуалардың тіршілігін жатпай-тұрмай оқи бастадым, оны да маған кәсібі үшін қалаға жиі баратын Выселканың Павел деген етікшісі әкеліп беретін. Павелдің күркесі ылғи да былғары, ащы желімге қоса көгерген сыздың иісі мүңкіп тұратын. Сөйтіп, өңез иісі мәңгілік менің танауымда, қиналып мың қайтара оқыған биттің қабығындай жұқа кітапшалар есімде қалды. Өңез иісі танауыма келсе, мен үшін қымбаттылығы сонша, көз алдыма сол бір ерекше қысты алып келетіні бар: өзін-өзі азапқа салған алғашқы христиандарға есім кеткенше еліріп таңғаламын, қайдағы бір алаңда тағы жыртқыштар талап өлтірген бойжеткендер, қатыгез өз ата-анасының қолынан басы шабылған таза да пәк, лилия гүліндей патшаның сұлу қыздары, Иорданияның қаңсыған шөлі, сол шөлде өкшесіне дейін өсірген, өз шашымен жалаңаш тәнін жауып, дүниеден зинақорлығын жасырған Мария Египетская, Киевтің үңгірлері, сол үңгірлердегі шулаған жын-шайтандар мен бейпіл албастылар, жер астындағы қараңғы қапаста жылап-еңіреп жалбарыныш кітабын оқимын деп өзін-өзі тірідей көмген пақырлардың етін жеп отырған құбыжық перілер... Мен үй шаруасынан мүлдем қол үзіп, осы суреттерді іштей пайымдаумен ғана өмір сүрдім, өзімді-өзім шаршатып, өзімді-өзім қинап, азаптанумен ертегі-елес дүниесіне өзімді-өзім қамаумен күн кештім. Мен де сол азапқа түскен құрбандықтардың қатарында болсам деген арманда едім, бос бөлмеге ұрланып кіремін де сағаттар бойы тізерлеп арқанның үзігінен жинаған салпыншақтарды беліме буатынмын, ішкенім тек қара су, жегенім тек қара нан...

Бүкіл қыс бойы көргенім осы. Ал көктем келе бәрі де ұмытыла бастады. Күн көзі жылынып, қос терезенің ортасындағы шыбындар да тіріліп қалды — назарыңды бөлер ермек көбейді, оның үстіне дұға оқу, құлшылық ету сүйсінерліктей ләззат берген жоқ. Сәуір келе, жарқыраған бір сәулелі күнде қысқы терезенің сыңары да алынды, үй іші абыр-сабыр, еден толы қоқыр-соқыр ыбырсық, ақыры жазғы жалаңаш терезені ашып тастап еді, келе жатқан жас өмірдің, жаңа өмірдің лебі кернеп, таза ауа, дымқыл жердің иісі танау жарды, қайтып келген ұзақтардың еріншек шиқылы да құлаққа жағымды естіледі... Батыстағы қызыл жалқын көкжиек көпке дейін өшпей, сол тұсқа көктемнің көкшіл бұлттары жиналатын болды, көктемнің көз байланар ымыртында келер түнде селдетер жылы жаңбырдың куәсіндей танаптағы тоғаннан ұйқысыраған бақалардың шұрылы кешқұрымды қоса қалғытқандай... Сөйтіп, міне тағы да, біздерді өмір бақи алдаумен жұбатқан жер-ана тағы да құшағына алды...

XIX

Сол жылдың тамызында мен маңдайында күміс танасы бар көк картуздың иесі болдым. Кешегі Алеша жоқ, әлдебір ерлер гимназиясының бірінші класының шәкірті Арсеньев Алексей болып шыға келдім. Жаз шыға қыс бойғы дене сырқаты мен жан күйзелісінен дым да қалмаған сияқты. Сол жылы ала жаздай аспан ашық болды, үй ішінің көңіл күйі де ақжарқын көңілді еді, соған лайық мен де сабырлы, көңілді болдым. Надя да өткен бір күндердің естелігіне айналды, тіпті анам мен тәрбиеші де оны аспандағы сәби-періште деп түсініп, мәңгілік көк тұрағы ретінде қуанышпен сайран салып жүр деп ойлайтын; кейде екеуі де оны сағынатын, әредікте әңгіме қылып, ара-тұра жылап та алатын, бірақ баяғыдай емес, қазіргі көздің жасында күлкі аралас еді. Ал әжем мүлде ұмыт болды, ұмыт болғаны былай тұрсын, үй іші бір түрлі жадырап сала берген секілді: біріншіден, Батурино біздің меншігімізге айналды, осыған байланысты жағдайымыз да жақсарып қалды, екіншіден, күзге қарай сонда көшіп бармақпыз, оған да іштей қуаныштымыз, адам қоныс аударса содан бір жақсылық күтетін әдеті емес пе, тіпті болмаса сонау өткен күндерді, көшпенді кезді есіңе алғаныңның өзі ғанибет қой.

Шешемнің айтуы бойынша, әкем екеуінің Батуриноға асығыс барғандағы жағдайды көз алдыма елестеттім: көкек айының тамылжыған күні, шаруа жайының ортасындағы тап-тұйнақтай аула, қос баспалдақты, ағаш бағаналы баяғының үйі, етегі көгілдір, маңдайы қызыл күрең залдың биік терезелері, соның алдында бір-біріне теліген екі үстелге шөп, оның үстіне дәке жапқан, сол жерде екі қолын көкірегіне айқастырып шілтері ақ кепеш киген өңі құп-қу кемпір жатыр, оның бас жағында кәрі қыз кірпік қақпастан боздатып бір нәрсені оқып отыр, әкем мұны жақтырмағандықтан кекетіп "сұңқыл" деп атаушы еді. Осы сөзді мен жиі-жиі есіме алатынмын, расында бұл үнде адамды делсал қылатын сүйкімсіздік, оған қоса бойды балқытатын сиқырлы әсер бар. Елес боп ұшыраған осы көріністердің өзі де сүйкімсіз. Бар болғаны жағымсыз көрініс қана. Әрине, күнәһарлық болса да айтайын, әжемнің тамаша мекен-жайы енді біздікі ғой деп ойлағанда әуелгі сүйкімсіз сезімді ұмытып, көңілің жай табады, құдай бұйыртса мен келесі каникулда екінші кластың оқушысы болып осы үйге келетін шығармын, әкем әжемнің аттарын таңдап жүріп маған бас білетін бір биені мінгізетін болар, ол мені жақсы көріп, ысқырсам болды, қайда жүрсе де жетіп келер ме екен?

Жаз бойы анамнан, Олядан, Баскаков пен туған шаңырақтан жырақ кетіп қаламын-ау деген қобалжу, бұрын бет-жүзін көрмеген қаланың бөтен жұртының, қайдағы бір гимназияның мундир киген қазымыр ұстаздарының ортасында жалғыздық кешемін-ау деген қорқыныш биледі; анам мен Баскаковтың бет-жүзін көрген сайын жүрегім шы-ым-м ететінді шығарды, сірә, олардың да мені көргенде жүректері сыздайтын болар; ал әзірге ол күн әлі алыс қой деп өзімді-өзім жұбатып қоямын: мен де гимназист боламын, форма киемін, мен де қалада тұрамын, жолдастарым да көп болады, солардың ішінен сенімді дос таңдайтын шығармын деген көңілде қуаныш та жоқ емес... Бәрінен де сол жаңа өмірдің қызығына құштар қылған ағам Георгий, ол маған ерекше бір қымбат жан боп көрінетін: ағам бозбаланың көркемі еді — артық еті жоқ, онша арық та емес, жарқыраған кең маңдайлы, жалтылдаған жанар, екі бетінің ұшы қызыл күрең, бұл кезде ол әлгі мен бармақ гимназияны алтын медальмен бітіріп, императорлық Мәскеу университетінің студенті болатын.

Ақыры тамыз айының ортасында мені емтиханға алып барды. Тарантастың салдыры естілуі мұң екен, анамның да, тәрбиеші мен Баскаковтардың да түсі өзгеріп сала берді. Оля жылап жіберді де, әкем мен ағаларым ыңғайсызданып күлген болды. "Ал, тізе бүгелік" деп әкем зірк еткенде бәріміз де шөге қалдық. Минут өтпей жатып "бір құдайға тапсырдым" деген зілді даусы естілгенде бәріміз де шоқынып орнымыздан тұрдық. Зәрем ұшқаннан буын-буыным ұстамай қалғаны, шешем жылап келіп мені шоқындыра бастаған, жылап тұрып шоқындырып, қайта-қайта сүйіп болғанша мен де есімді жиғанмын, ішімнен: " құдай дес бергенде емтиханнан өтпей қалсам екенмін" деп тұрғам.

Амал қанша, өтіп-ақ кеттім. Осы бір салтанатты күнге мені үш жыл дайындап еді, ал маған бар болғаны елу бесті отызға көбейт, амаликитяндардың кім екенін айт, "қар аппақ, бірақ дәмсіз" дегенді әдемілеп жаз деді, одан соң: "Алқызыл шапақ шығысты бүркеп..." дегенді жатқа айтқызды. Тіпті аяқтатқан да жоқ, "табын ылғалды сайға жете бергенде" деп бастағанымда кілт тоқтатып (алтын көзілдірік киген танауы шелектей жирен оқытушы), ар жағын өзі де білетін болса керек:

Жә, тамаша, болды, болды, біледі екенсің, — деді.

Иә, ағам дұрыс айтқан екен, пәлендей қорқынышты еш нәрсе бола қойған жоқ. Мен ойлағандай емес, бәрі де оңай, әрі тез, дабырайтпай шеше салды. Ал, шындығында мен қандай босағаны аттап кірдім десеңші!

Сонау алғашқы саяхатымнан кейін қайтып көрмеген қаланың кіреберісіндегі ертегідей таңғажайып көше, одан соңғы керемет таңсық болған қаланың өзі — бәрі де баяғыдай емес, таңғалатын да, тамсанатын да түгі жоқ екен. Михаил Архангельдің қасындағы қонақ үйі де мыжырайып қалған секілді, биік қорғанның ішінде, тас төселген ауланың түкпіріндегі үш қабат гимназияның ғимараты да мұндай үлкен де тап-таза үйге бұрын-соңды бас сұғып көрмесем де маған ежелден таныс сияқты көрінді. Алтын түймелі фрак киген оқытушылары да кісі қорқатындай емес, бірі жирен, бірі күйедей қап-қара, шетінен ірі, тіпті директордың өзі де қорқау қасқыр секілді екен.

Емтихан бітісімен-ақ әкем екеумізге менің қабылданғанымды, бірінші қыркүйекке дейін демалыста екенімді хабарлады. Әкемнің иығынан ауыр жүк түскендей, менен емтихан алып біткенше тоса-тоса әбден зеріккен, ал мен болсам одан әрмен. Мұндай жақсылықты күтпеген едім: емтиханнан да өттім, алда үш апта еркіндік және бар. Керісінше, кейісем керек еді, шыр етіп дүниеге келгеннен күні кешеге дейін еркіндікте жүрген қайран басым, жоқ жерден үш-ақ жұмаға бостандық алып құлдықтың құрығына іліктім, бірақ менің есіл-дертім басқада: құдайға шүкір, тура үш апта, құдды сол үш апта мәңгілік таусылмайтындай.

— Ал, енді тігіншіге барамыз — деді әкем гимназиядан шьғысымен көңілденіп, — сосын түстенеміз.

Біз сирағы бір тұтам қортық кісіге кірдік, менің таңғалғаным, пытыр-пытыр тез сөйлейді екен де сөзінің аяғын жұтып қойып кіржиіп кеп тұрады, құрша жорғалап жүріп қас пен көздің арасында тұрқымды өлшеп алды, одан соң шаң басқан "бас киімдердің мекеніне" бардық, онсыз да қаланың қапырық ауасынан бөлме іші тұншығып тұр екен, текшелеп үйген қораптардан аяқ алып жүргісіз, оның өзі де ыбырсып әр жерде шашылып жатыр, мүлік иесі түкпір-түкпірді ұзақ тінткілеп, көрші бөлмедегі қағаздай аппақ қатынға ара-тұра айқайлап қояды. Дүкен иесі еврей екен, бірақ тұрпаты бөлек: қапсағай келген шалдың үстінде жылтыр шұғадан тігілген сүртік, төбесіне жапсырған шұға телпек, көкірегі қаптай, қолтығы қомпиған, қабағы ренішті, көзінен басталған күйектей қара сақал алқымын кептеп жатыр, бір сөзбен, қорқынышты әрі қаралы адам сияқты. Ақыры маңдайына күміс моншақ қадаған әдемі картузды да маған осы шал тауып берді. Осы картузбен мен үйді де таптым, анамның қуанышында шек жоқ, басқалар да мәз-мейрам, бірақ қуанатын да түк жоқ еді:

— Солардың амаликитяндарда не шаруасы бар екен? — деп әкем өте дұрыс айтқан.

XX

Әкем тамыздың аяқ кезінде ұзын қонышты етігін киіп, оқшантайын беліне байлап, боқшасын иығына ілді де, қабырғадағы қосауызын қолына алып маған айқай салды, сосын өзінің сүйікті қоңыр Жалмасын шақырды, сөйтіп үшеуіміз егінжайды жағалап соқпақ жолмен тоғанға тарттық.

Әкемнің үстінде қисық жағалы шұбар көйлек, басында ақ картуз, шақшиған күннің ыстығына қарамай мен гимназия формасын киіп алған едім. Егіннің сарғайған сабағын жапыра адымдай басып, әкем сорайып алда келеді, иығынан аса будақтаған темекінің түтіні, оң жағын ала салақтап мен келемін, соңынан ергендерді оң жағына ұстайтын аңшылардың әдеті, мен де соған жаттыққанмын. Анда-санда еркелете ысқырып қойса Жалма құйрығын бұлғаңдатып, танауымен иіс алып алға түседі де, шалғын арасын тінткілей жөнеледі. Дала иен, алқап кеңейіп қалған кез, бірақ жаздың жаймашуағы таусыла қойған жоқ. Ыстық аңызғақ тына қалса күн көзі шыжғырып ала жөнеледі, сол кезде шегірткелердің ысқырығынан құлақ тұнғандай, ал лүп етіп жел тұрса, тақтақ жолдың шанын көтеріп, бара-бара құйынға айналады да, ұршықтай ширатылып қасымыздан зу етіп өте шығады. Бізді соңынан еліктіре қырға қарай жетелеп бара жатқан Жалмадан көз алмай аңдып келеміз. Ол аракідік тоқтап, ілгері ұмтылып барып оң аяғын көтереді де бізге белгісіз әлдебір нәрсеге сүзіліп қарайды. Сол кезде әкем "бас!" деп қалады, ит секіре бергенде тура аяғының астынан семіз бөдене пыр етіп көтеріледі де, қадам ұзамай мылтықтың оғынан тас кесектей егін арасына төп ете түседі. Мен жүгіріп барып көтеріп аламын да әкемнің дорбасына әкеліп саламын.

Өстіп қарабидай алқабынан, картоп еккен алаңқайдан да өттік, оң жағымызда мал таптап тастаған тақыр белестердің жылғасында айдыны жарқырап тып-тыныш тоған қалып барады. Белестердің әр жерінде құмалақтай шашылып ұйқылы-ояу ұзақтар қалғысып отыр. Әкем осыларды көріп, мінеки, ұзақтар да күзгі кеңеске жинала бастады, қай жаққа ұшамыз, қайда барамыз десіп отырған болар дегенде маған да айырылысар күн жақын-ау деген көңіліме қобалжу түсті: жазбен де қоштасармын, түкпір де болса маған ең қымбат қимас дала; мен осыдан басқа дүниеде не көрдім, менің ешкім білмеген, ешкімге қажеті жоқ сәбилігім, балалық шағым тып-тыныш осы өңірде өткен жоқ па...

Кешікпей жыртып тастаған жалпақ сүдігерді кесіп өтіп Қорыққа бұрылдық. Бұл әзірге біздің жеріміз еді, торы құнан кеуіп қалған қара топырақты тілгілеп борана сүйретіп жүр екен, бір кезде бұйра құйрық, енесінің емшегін сорған қомытаяқ құлын еді, маған бәсіреге мінгізген болатын, енді міне рұқсатсыз, сұраусыз, ұят демей жұмысқа жегіп алыпты. Аңызғақ жел ұрып тұр, жаздың аптабынан айнымайтын тамыздың ащы күні атызды жалап тұр, құман баяғы құлын емес, зорайып өсіп қапты, мойнында кендір тәжілі қомыт, соңында темір тісті бұрана былғақтап қара жерді бауырдай тіліп келеді, арқан делбені қос қолымен тас қылып ұстаған шарқайлы бозбала. Осы көрініске ұзақ қараймын деп менің көңілімді тағы да мұң басты...

Орманды қорық айтарлықтай аумақты, иесі жарыместеу помещик еді, жалған дүниемен жағаласып, Рождествоның іргесіндегі қара орманын қабаған иттерге күзеттіріп қойып өзінше қамал жасап тырп етпей жатыр, әйтеуір, екі бірдей елді мекеннің мұжықтарымен соттасады да жүреді, сондағы келіспейтіні — жұмыстың парқы, осының салдарынан жыл сайын егіні шала орылып, қара күзге дейін далада шіріп, одан қалған мыңдаған шөмеле қар астында босқа құриды. Биыл да сол. Біз қорыққа жеткенше мал таптап тастаған сұлының үстін басып өттік. Жалма тағы да екі-үш бөдене үркіткен, мен оны да жүгіріп жүріп жинап алдым. Қорықты айналып екінші алапқа түскен едік, дәннен басын көтере алмай шұлғыған тарғыл тары күн көзіне жібектей жылтырап, аптап ыстықта моншақтай сылдырап аяқ астында төгіліп жатыр. Қапырықтан қаны бетіне шапқан әкем өңірін ағытып, қаталап барамын, қорықтың тоғанына жетелік деді. Егінжай мен орманды қақ бөлген арықтан өтіп ептеп сарғая бастаған ағаш ішіне кіргенде ғажайып бір патшалыққа келгендей болдық — тамыздың мөп-мөлдір аспаны, таза ауа сусыз да шөліңді басқандай.

Құс тым аз екен, тек әбден тойынып алған бозғылт торғайлар ғана топ-топ болып ағаш басында шуласып жүр. Орман мүлдем бос қалыпты, ағаштары да сирек, жамыраған күн сәулесі алаңқайларды қақ жарып сонау жазық даламен ұласып жатыр. Бірде кәрі қайыңдардың көлеңкесін сағалап, бірде қу тақыр ойпаңға шықтық: дөңгелек жазықтың әр тұсында ептеп жапырағы сарғая бастаған шанжау-шанжау емендер кең ойпатты толтырып теңкиісіп-теңкиісіп отыр. Ағаш бүрінен жерге түскен көлеңке шұбар ала, күзгі жапырақтың иісі қандай тамаша, қураған шөп те сусыма, көз ұшында сарғайып жалпақ жазық жатыр, оның ар жағынан енді ғана желкілдеп келе жатқан үйеңкінің жас көшеттері қарауытады. Осы бытқылдың арасындағы сүрлеумен тоғанға бұрыла бергенімізде қалың бұтаның түбінен ойламаған жерде сарала бұлдырық пар етіп ұша жөнелгені. Мезгілсіз бұл қайдан жүр деп әкемнің таңғалғаны сонша, абдырап тұрып атқан болып еді, бірақ тигізе алмады. Ерте келген қонаққа ренжігендей, әрі тигізе алмағанына өкініп, орнынан тұрды да тоған жағасына мылтығын тастай беріп тізерлеп алақанымен көсіп-көсіп су ішті. Сосын рақаттана күрсініп аузын сүртті де, жағаға жата қалып темекі тартты. Тоған суы тап-таза, мөлдірлігінен түбі көрініп жатыр. Аң мен құс болмаса ешкім аузын тигізбейтін орман ішіндегі бұлақ біткен қашанда осындай ғой. Аспанның түпсіз тұңғиығындай тұп-тұнық айнасында жел шайқаған ағаштың ұшар биігі баяу теңселеді. Әкем екі қолын жастанып, салқын самалдың лебінде қалғып кетті. Жалма да шөлін қандырып алып бұрқ етіп суға қойып берген, қалқан құлағы салпайып, танауы судан ербейіп біраз жер малтып барған еді, кенет терең тұңғиықтан шошынғандай жағаға қарғып шықты да, қатты сілкініп біздің үсті-басымызды су қылды. Сосын тілін салақтатып әкемнің қасына барып отырды, жалтақтап біресе маған, біресе айдалаға қарап қояды... Мен тұрдым да ағаштың арасымен өзіміз келген сұлылы алқап жаққа аяңдадым...

XXI

Орман жиегіндегі қарағайлардың саңлауынан сарғайған күнқақты даланың шеті көрінеді, жаздың соңғы жылымығы мен ақселеу жарығы, соңғы рақаты да сол жақтан есіп тұрғандай. Оң жағымдағы ағаштардың ту сыртынан қайдан келгені белгісіз ақ бұлт қалқып шықты да, әп-сәтте сан құбылып көгілдір аспанда баяу жылжып жүре берді. Бірнеше қадам өткен соң мен де бір-біріне жабысып өскен апалы-сіңлілі ақ балтыр қос қайыңның көлеңкесіне екі қолымды жастанып жата кеттім; шөп сусыма, күн нұрына бөленген ағаштар мені шыр айналып жүрген секілді, төбемде қайыңның сырғалы бұтақтары салбырап тұр, біресе ағаш саңылауынан жалтыраған сары далаға, біресе аспандағы ақша бұлтқа қараумен болдым. Іргедегі жазықтан ескен құрғақ самалдан орман жыбырлап, мазасыз сыбдыры бірте-бірте құмығып, алыстап бара жатқан сияқты. Енді бірде сол сыбдыр қайтадан үдеп, жердегі ала-шабыр көлеңке жылжып кетеді де күн сәулесі жалт-жұлт ойнап, ағаш басы иіліп көгілдір аспанның тұңғиығын ашып тастайды.

Жатып алып ойға қалам, ой дейтін бір жетіскен ой да емес. Әрине, гимназияны ойладым, содан көрген бір түрлі жат адамдарды есіме алдым, оқытушы деп аталатын шіркіндердің тұқымы мүлдем бөлек сияқты, өмірдегі бар бітірер міндеті оқыту, қорқытумен шәкірттердің зәресін алу, осыны ойлағанда құтым қашып, неге мені туған шаңырақтан, Каменкадан, мынау орманнан аластап солардың құлдығына апарып тастамақ деп қатты қынжылдым... Сүдігерде бағана сүйреткен құнанды ойладым. Өзімше сондағы түйгенім: жарық дүние дегеніміз жалған дүние екен-ау — айталық, торы құнан менікі еді ғой, ал оны менен сұрамастан басқа біреу иемденіп алыпты... тілерсегі тылтиған үркек, тынышсыз көп құлынның бірі еді, ойыншыл жұрттың бәріне үйірсек еді, тұп-тұнық қарақат көзі қандай еді десеңші, ерекше бір мейіріммен оқыранып іздеп жүретін енесінен басқа ешкімге бағынбайтын еркін де қамсыз тентек... сол құлынды маған сыйлаған күні өзімді бақыттымын деп санағанмын, саған басыбайлы бердік деген соң керемет қуанып, екеуміздің ертеңгі күнімізді қиялдағанмын, бәсіремді көріп малсақтығым оянған, кейін бірте-бірте суынып, оны да ұмыта бастадым, демек, жұрт та ол құлынның менікі екенін ұмытқаны да. Менің де біржола есімнен шығып кеткен жоқ па, күндердің күнінде Баскаковты да, Оляны да, тіпті аңға шықса жарбаңдап қасынан қалмайтын, дүниеде ең жақсы көретін әкемді де ұмытармын, әр қуыс, әр қалтарысы көзіме ыстық Каменка да есімде қалмас... Арада екі-ақ жыл өтіпті, сол жылдар тіпті болмаған секілді — сол тентек те ақымақ құлын қайда? Барана сүйреткен торы құнан жүр — баяғы мінезі, баяғы еркіндігі қайда? Мойнында қомыт, барана сүйреп қара топырақты айғыздап барады...Бүгінгі менің кейпім кешегі сол құлынның күнін кешкен жоқ па?

Амаликитяндардың маған қанша қажеті бар еді? Сонда менің бұл дүниеге не қажетім бар деп тағы да таң қалып, өзімнен-өзім торықтым. Қайыңның тасасынан қалқып шыққан ақша бұлт та өзгеріп қалыпты. Бұл шіркін неменеге өзгере береді? Орман күн сәулесінен сан құбылып, қалғып кеткендей сыбдыры да алыстап барады... Қайда, не іздеп барады? Оны тоқтата қоятын амал бар ма? Көзімді тарс жұма қойдым: түсім шығар, түсініксіз бір түс шығар! Қашсам да құтылмайтын мынау қиыр даланың арғы бетіндегі қала, сол қаладағы менің болашағым, Каменкада қалып Пара жатқан менің өткен өмірім, еңкейіп бара жатқан күн астындағы мынау алтын күз, менің өзім, ойым, қиялым, сезімім — бәрі түс! Мұң ба, уайым ба? Жоқ, қайткенмен де осының өзі де көңіл ғой, бақыт қой...

Осыны растағандай менің ту сыртымнан бүкіл орманды күңірентіп мылтық даусы күрс ете қалды да иттің абалағаны, құстың қиқылдаған жан даусы естілді, тегі пар етіп ұшқан құстың үйірі, қақалып-шашалған Жалма болса керек: мылтық атқан әкем шығар. Табан астында әлгі бір ойды серпіп тастап солай қарай тұра жүгірдім — әлі жып-жылы, оқ-дәрі мүңкіген құстарды қанын сорғалатып жинап алуым керек қой.

ЕКІНШІ ДӘПТЕР

I

Мен Каменканы тастап шыққан күні қайтып оған оралмайтынымды білгенім жоқ, гимназияға жаңа жол Чернавамен шыққан едік, сонда ғана көне жолдардың поэзиясы ұмытылып, орыстың көне тарихына көмілгенін сездім. Кіре жолдың күні өткен. Чернаваның өзі де тоза бастапты. Бұрынғы кең сұлбасын шөп басып, оңды-солды тармақтары құлазып, онсыз да жабырқау көңілді зеріктіріп жіберді. Жол жиегіндегі найзағай қиратқан дәу молақ әлі есімде. Төбесінде күржиіп қара қарға отыр еді, әкемнің айтуынша бұлар бірнеше жүз жыл өмір сүреді, мүмкін бағы заманғы татарларды да көрген шығар дегеніне ғажап қалғанмын... Сонда мен әкемнің сөзіне неге таңғалып, нені сезіндім? Ресей менің отаным екенінен бе? Сенің жеке басыңның тіршілігі мен өткен бір заманның байланысын, жал дүниеңе демеу берер ортақ өмірді, сол ортақ дүниеге сенің де қатысың барын сезіну ме?

Әкемнің айтуынша осы жермен бір кезде Мамай Мәскеуге жорыққа аттанып, жол-жөнекей біздің қаламыздың күлін көкке ұшырса керек, онан соң айтқаны — алдымызда қарақшылардың ордасы болған Становой деген үлкен деревня бар, әсіресе Митька деген қанішермен атағы шыққан, зұлымдығының жұртқа батқаны соншалық, қолға түскен кезде жай ғана жазалап қоймай төртбақтап өлтірген деседі. Дәл осы мезгілде, Становой мен екі ортадағы үлкен жолдың сол жағынан бұрын мен көрмеген пойыздың жүріп өткені есімде. Батар күннің сәулесі желкемізде еді, бауырында зырылдаған доңғалақтары бар бірі сары, бірі жасыл үйшіктерді сүйреткен қуыршақ секілді кіп-кішкентай бақырауық паровоз бізді басып озып, қалаға қарай заулап жөнелген. Паровоз, соның ішінде мен де отырсам-ау деп армандаған үйшіктер, күн көзімен шағылысқан әйнектер, зырылдаған доңғалақтардың ысылы — осының бәрі маған бір түрлі қызық көрінген; бірақ менің бүкіл ой-санамды қажаған теміржолдың арғы бетіндегі төбесі қарауытқан әрі жұмбақ, әрі қорқынышты Становой болатын. Татарлар, Мамай, Митька... Сөз жоқ, дәл осы кеште алғаш рет өзімнің орыс екенімді, қайдағы бір уездің, қайдағы бір болыстың Каменкасында емес, Ресейде тұратынымды, оның бүгіні мен өткенін елестетіп, оның қорқынышы мен тағылығына қарамастан жан-тәніммен Ресейдің перзенті екенімді сезіндім...

II

Менің балалық шағым шіп-шикі орыс табиғатының ортасында өтті.

Басқасын айтпағанда Становойдың өзі де жетіп жатыр. Кейін Становойда сан рет болғанымда қарақшы тұрмақ көлеңкесі де жоқ екеніне көзім жетті. Алайда оның тұрғындары шетінен о бастан-ақ баукеспе боп туған деген бір ұғымнан құтыла алмай-ақ қойдым. Оның үстіне Становойдың мүттәйім үңгірі де аңыз болып кеткен. Становойдың тұсында үлкен кіре жол терең сайға келіп кіретін еді, біз оны үңгір деп атайтынбыз, жылдың қай мезгілі болса да кешіккен жолаушы соған жеткенде зәре-құты қалмайтын, жас кезімде менің өзім де сол үңгірден жанымды шүберекке түйіп өтетін едім. Чернава трактысының бойында аңызға айналған жерлер толып жатыр. Түн баласында тас-керең тыныштықта алыстан жеткен қоңырау сылдырын, болмаса арбаның сықырын ести салып сай-сала, суағар жырадан жырынды болған жігіттер жол бойын ториды екен. Бірақ солардың ішінде Становойдай лақап болған ешқайсысы жоқ. Әсіресе түн ішінде жаның түршігіп не істеріңді білмейсің — атқа қамшы басасың ба, әлде ақырын аяңдатып, тырс еткен дыбысқа құлақ түресің бе? Көзіңе елестемейтін нәрсе жоқ: қолында балта, белін тас қылып буынған, көзін бөркімен жауып әлдекім жолыңды кескестеп алдыңнан шықты да зілді бір дауыс: "көпесім тоқтай қал!" деп зірк етті. Қайсысы қорқынышты: жазғы мылқау далада, үніңді шығармастан бұйрыққа көну ме, әлде қыстың ұлыған ақтүтек боранында, болмаса күздің шақырайған жұлдызды аспанының астындағы бұлыңдаған өлі даланың шетіне жете алмай, қатқақ жолда доңғалағыңды тарсылдатып, арбаңды шарқылдатып қашқаның жөн бе?

Становойдан өткен соң кіре жол трассаға барып тіреледі, дәл осы торапта шлагбаумды бекет бар: міндетті түрде тоқтауың керек, алабажақ қаралы дүңгіршектен Николай солдаты шыққанша, ол барып алабажақ сырықты босатқанша, осы сырық щынжыры сылдырлап, дірілдеп-қалшылдап көтерілгенше күтуің керек ( сол үшін қазнаға екі тиын салық төлеуге тиіссің, ары өткен, бері өткендер мұны қып-қызыл тонау десіп жүр). Бұдан әрі жол ежелгі Беглая Слободаның бойымен жағалап, атын айтудың өзі жеркенішті, сасыған батпақтың іргесінен өтеді де көне бекініс пен ескі монастырдың ортасындағы тас жолға түседі. Қаланың өзі де көнелігін мақтаныш тұтатын, оған қақысы да бар еді: расында бұл қара топырақты ұлы жазықтың ортасында жатқан орыстың ең ескі қаласының бірі, бір кезде "бейтаныс тағы дала" деп аталатын ұшы-қиырсыз кең жазираның шекарасында тұр; Суздаль мен Рязань князьдігінің тұсында орыстың аса маңызды тірегі болса керек, жылнамашылардың айтуынша, төбесінен төнген азия бұлтының дауылы шаңына, қаһарлы ызғырығына алдымен арқасын тосатын да, күндіз-түні солар салған зауал өртін алдымен көретін де, келе жатқан қасіретті Мәскеуге бірінші болып хабарлап, қанды қырғынға алдымен бас тігетін де осы қала деседі. Кезінде тағдыр жазмышымен бұл қаланың басынан кешпегені жоқ: пәлен ғасырда пәленше хан, түген ғасырда түгенше хан, келесі ғасырда тағы бір хан тырпын қалдырмай тонапты, багы бір заманда тып-типыл өрт жалмап, одан қалғанын ұлы дерт сипан-таза құртып кеткен... Осындай-осындай қияметтің кесірінен, әрине, көзге түсер ескерткіштерін сақтай алған жоқ. Бірақ көненің белгісі әр нәрседен сезіліп-ақ тұр: оны саудагерлер мен мещандардың бірбеткей табиғатынан, өзен жағасындағы сарыбалшық биік жарлардың төбесінде отырған Черная Слобода, Заречье, Аргамачи секілді мекендердің жігіттерінің жұдырығынан, тентек мінезінен танисың, сол жардан татардың әлдебір князі ат-матымен құлап кетіпті деген де аңыз қалған. Бұл қаланың иісінің өзі әлемде жоқ шығар. Көз ұшындағы жалпақ жазықта, күнге шағылысқан сансыз шіркеулердің күмбезі шошайысымен-ақ иісі мүңки бастайды: алдымен атының өзі адыра қалған іргедегі батпақтың күңірсігі кеңсірік жарады, онан соң былғары зауытының, одан кейін күнге қаңсыған темір шатырлардың, ақыры сауда-саттыққа бола базарға жиналған мұжықтардың қолаңсасы, одан арғысын ажыратуға танаудың шамасы жетпейді, қойшы әйтеуір, орыстың ескі қаласына тән бүкіл көңірсіктің бәрі осында...

Мен гимназияда төрт жыл Ростовцев деген кедей мещаниннің үйінде пәтерде тұрдым: басқадай баспана табу қиын еді, ауқатты қала тұрғандарына пәтершінің бес тиындық құны жоқ-ты.

Алғашқы тіршілігімнің азабын адам басына бермесін. Қала көрмеген маған әуелгі кештің өзі қияметтей болды, бұл әке-шешеден жырақта, бөтен де суық ошақта өткізген бірінші кешім еді: аядай екі бөлме, көзің де, көңілің де отықпаған жат адамдар, өзімше бұларды тексіз тобыр деп санайтын байбатшаның тұқымы едім, енді келіп солардың маған билік жүргізе бастағанына жатып жаным түршікпесін бе. Ростовцевтардың менен басқа да пәтершілері бар екен, менімен жасты кластасым, батуриндік бір помещиктің некесіз ұлы Глебочка деген жиренбас сары бала; екеуміздің арамызда ол кеште пәлендей байланыс бола қойған жоқ, ит көрген ешкі көзденіп бұрышта отырды да қойды, бір ауыз тіл қатпастан қабағының астынан маған қадалып қарай береді, мен де оған жалпылдап жармаса қойғаным жоқ, оның үстіне аш нәледен қаш пәле дегендей, маңайынан аулағырақ жүретін бір түрлі сүйкімсіз жан сияқты көрінді: мен мұнымен бірге тұратынымды Каменкада жүріп-ақ естігенмін. Бірде біздің тәрбиешіміз мұны шатадан туған деп жамандап отырғанын құлағым шалып қалған. Қас қылғандай тыста да қарақұрық, кешке қарай жаңбыр сіркірей бастады, терезеге телміріп отырмын, шұбатылған тас жол иен жатыр, қарсы беттегі үйдің қорасында өскен жартылай қу ағаштың басында күржиген қара қарға жамандық шақырғандай күшене қарқылдап қояды, сонау темір шатырлы үйлердің арғы жағындағы, қарақұрық аспанды тесіп тұрған биік мұнарадан әлдебір нәзік саз талып жеткендей... Әкем мұндай кештерде айқайын салып шам жақтырып, самауыр қойғызып, мезгілі жетпесе де кешкі асты әкелдіретін де: "мұндай ібіліс басқан ымыртты жаным жақтырмайды!" дейтұғын. Ал мұнда шам жағу жоқ, мезгілсіз дастархан да жайылмайды, бәрінің де шартты уақыты бар. Бүгін де солай: шам әбден қараңғы түскенде жағылды, дастархан да қалаға кеткен қожайын келген соң жайылды. Үй иесі ұзын бойлы, қара сақалды, атжақты, келісті кісі еді, иегіне ептеп ақ қылшық жүгіре бастаған, сөзге тым сараң, өзіне де, жұртқа да талабы қатаң, қашанда ақылшы болуға тырысатын, жұрттың да, үй ішінің де "бүгінгі ақымақтар емес, кешегі әкелер мен бабалардың" сызып берген тәлімінен озбауын бұзылмас қағида деп санайтын тақуа жан. Бар кәсібі астық, мал сатып алып, соны қайтадан саудалап жүргені, сонан соң, да көбіне жолаушылап кетеді. Тіпті үйде жоқ кезінде де отбасында (сүйкімді де сабырлы әйелі, мойны сорайған екі бойжеткен, (он алты жасар ұл) әке орнатқан қатаң да сабырлы тәртіптің пысы басып тұратын: үнсіз тыныштық, ибалы тәртіп, бос күйбеңі жоқ, артық сөзге бармайтын тиянақты шаруа... Енді міне, кешкі ымыртта әйелі де, қыздары да кесте тігіп отағасының кешкі асқа келуін зарыға күтіп отыр. Сыртқы қақпаның сықыр етуі мұң екен, бәрінің де қас-қабағы жадырап сала берді.

— Маня, Ксюша, дастархан жайыңдар! — деп бәйбіше орнынан тұрып ас бөлмеге жөнелді.

Отағасы тар дәлізге кірісімен картузын, сырт киімін шешіп, кестелі қисық жағалы көйлек, жеңсіз камзол, қонышы оюлы етікпен қалғанда оның орыстық сымбаты ерекше көзге түсті. Әйеліне сыбырлап қана жылы сөз айтты да, ағаш күбінің астында тұрған жез легенге қолын жуып, саусақтарын сығып тұрып қайта-қайта сілікті. Кенже қызы Ксюша сызылып келіп оған етектей үлкен орамал ұсынған, ол асықпай қолын сүртіп жымиып күлді де орамалды қызының басына жаба салды. Ксюша сықылықтап күлді. Бөлмеге кірген соң отағасы бар пейілімен сәндеп қана шоқынып, бұрыштағы құдай суретіне тағзым етті.

Ростовцевтің үйіндегі алғашқы менің қонақасым ерекше есімде қалыпты — бұрын мен көрмеген тағам болғандықтан да емес. Әуелі сылдыр көже берді, одан соңғы ағаш тостаққа бұқтырған ішек-қарынның да иісі ғажап екен, үй иесі оған қолына уыстап отырып тұздаған қарбыз тұрады, ең соңында алдымызға сүт қатқан қыша талқанын қойған. Мен көжеқатық пен қарбызды ғана жеген едім, отағасы маған көзінің қиығымен екі-үш рет қарады да:

— Мырза бала, бәріне де отыққан жөн, — деді. — Біз орыс деген қарапайым жұртпыз, тағам талғап жатпаймыз, алдымызға келгенді кейін итермейміз.

Оның соңғы сөзі маған қатқыл да өктем естілгендей болып еді, кейін, қалада өткен күндерімде мені мас қылған тәкаппарлық дейтұғын сезімге алғаш тап болғаным да осы еді.

IV

Ростовцевтің сөзінен қашанда тәкаппарлықтың иісі аңқып тұратын. Бұл қайдан келген тәкаппарлық? Әрине, біз Ростовцевтар орыспыз, нағыз орыстармыз деген паңдықтан туған, біз ешкімге ұқсамайтын қарапайым, сырт көзге жадағай өмір сүретін жандармыз, нағыз орыс тіршілігі деген осы, бұған жетер өмір жоқ, болған да емес, өйткені бұл оның сырт сипаты ғана, ал шындығына келгенде мұндай ен байлық еш елдің еншісіне бітпеген, тек орыстың ежелгі табиғатынан туған орыс халқына ғана тән, себебі, Ресей байлығы аста-төк, әлемде мұндай күшті де даңқты ел жоқ. Жалғыз Ростовцев қана мақтаншақ па еді? Жоқ, оның жалғыз еместігіне кейін көзім жетті: мүмкін сол кездегі заман белгісі ме, тек біздің қалада ғана емес, мақтаныш сезімі жалпақ Ресейдің жағасынан аңқып тұрған.

Ресей өліп бара жатқанда сол мақтаныш қайда қалды? Кезінде болмысына да, болашағына да соншалықты сенген, мақтанышпен көкірек қағатын орыстарымыздан қалайша айырылып қалдық? Қалай дегенмен де білетінім, мен орыстың аса қуатты да ересен саналы кезінде туып өстім. Бозбалалық шағымда көргенім көш бойынан аспаса да сол танып-білгенімнің өзі мақтануға тұрарлық еді. Иә, келе-келе, көре-көре оған да көзім жетті, жалғыз Ростовцев қана емес, мұндай монтаны сөзді талай ауыздан естідім — біз момын жұртпыз, патша ағзам Александр Александровичтің өзі тозған етігін майлап киеді дейтұғын, енді байқасам бұл тек біздің қалаға ғана лайықты көпірме емес, тамам орысқа тән сезім екен. Әрине, сезімнің бәрі сенімді емес, көбісі жорта, мәселен, собалақ шұға шекпенді әуейлер әр бұрышта тақпақтап бірдемені көкіп жатады, шіркеу көрсе шәпкесін шешіп шоқынып, басы жерге жеткенше тағзым еткен болады; әуелгі әуенінен жаңылып, өмірге қисыны жоқ мылжыңы сезімге ұрмайтын, әр сөзі бір-біріне қайшы келіп жататын мыжыма. Бірақ осының шыны қайсы, өтірігі қанша?

Терезе кәсегіне бормен сызылған әлдебір белгілерді көрсетіп тұрып Ростовцевтің бір күні айтқаны:

— Вексель деген немене! Бұл орыстың табиғатында жоқ нәрсе. Баяғы заманда вексельді ешкім білмейтін де, саудагер қай адам қанша қарыздар екенін бормен өстіп сыза салатын. Борышкер мезгілін өткізіп алса, саудагер сыпайы ғана есіне салатын. Екінші рет ұмытса — ескертетін: әй, байқа, үшінші рет ұмытып кетіп жүрме, әйтпесе мына белгілерімді өшірем де тастаймын. Сонда бетіме қарай алмай өзің ұятқа қаласың.

Әрине, Ростовцев секілділер аз болатын. Өзінің кәсібіне сай ол "кулак" болатын, бірақ өзін кулакпын деп санамайтын, санайтын жөні де жоқ-тын: жай ғана саудамен күн кешкен пендемін дейтұғын, кулактарға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, көпшілік қала тұрғындарынан бөлек жан болды. Кейде ол біздерге кездейсоқ кіріп келетін де ойда жоқта күлімсіреп:

— Бүгін сендерге тақпақ жаттауды тапсырған жоқ па? — деп сұрайтын.

— Тапсырған, — дейміз біз.

— Қандай тақпақ?

— "Аспанда шолғыншыдай ай күргейлеп, сығалайды мұз басқан терезенің өрнегінен" деп біз күңкілдеген боламыз.

— Мыналарыңның тіпті ұйқасы жоқ қой, — дейтін ол. — "Аспанды шолғыншыдай ай күргейлеп" — бұларыңды мен түсінбедім.

Біз де түсінбейтінбіз, себебі "күргейлеп" деген сөзден кейінгі үтірге мән бермейтін едік. Расында сөйтіп сөз ұйқасын жоғалтып алады екенбіз. Біз оған не айтарымызды білмей отырып қаламыз, ол тақымдап:

— Тағы да? — деп қоймайды.

— Тағы ма? "Кәрі еменнің көлеңкелі саясы, әнші құстың болған екен ұясы..."

— Жөн, бүл енді әжептәуір, құлаққа жағымды. Енді әне бір "үлкен шатыр астындағы" түнгі мейрам туралы оқышы.

Мен сонда күмілжіп бастайтын едім:

— "Бейшара пендем келе ғой, қуаныш дабылын қағып тұр, құлшылық етер түнгі той..."

Ол көзін тарс жұмып тыңдар еді. Одан соң Никитинді оқи бастаймын: "Көгілдір аспанның күмбезінде жатып, көз жетпес даланың шалғайын көремін..." Бұл қиырсыз ұлы даланың ғажайып суреті, Ресейдің есепсіз байлығы мен құдіреті, тіршілігі хақында еді. Мен өлеңді: "Бұл сенсің менің айбынды отаным, бұл сенсің дінімнің ошағы!" дейтін қуаныш сезіміне толы астамшыл шумақпен бітіргенде Ростовцевтің шықшыты білеу-білеу болып, түсі өзгеріп салатын. Ол көзін ашып, сабырмен орнынан тұрады да шығып бара жатып:

— Мінеки, өлең деп осыны айт! — дейді. — Мұны жатқа білулерің керек. Бұны кім жазғанын білесіңдер ме? Біздің бауырымыз, жерлесіміз, мещанин!

Қаланың "саудагер" атанған ірісі бар, уағы бар басқа пенделері Ростовцевтей бола алған жоқ, сөз жүзінде ғана игі-жақсының санатында болғансиды: әр ісінің өзі қарақшылық, өлінің де, тірінің де төрт қабат терісін сыпырып алуға даяр, баукеспе жүліктердей кем пішіп, кем өлшеп, ар-ұяттан безіп, өтірікті судай сапырып дөрекі де арам тірлік кешті, бірін-бірі жамандап, бірін-бірі менсінбей, бірінің сыртынан бірі ғайбат сөз айтатын, қызғаныштың қызыл итін айтақтап, қалада өріп жүретін кемтарлар мен мүгедектерді, дуаналарды аяусыз қорлап, мұжықтарды көрсе өшпендігін жасырмай оларға шекесінен қарайтын, өтірік көлгірсіп, өтірік күліп алдап-арбайтындары да сол мұжық байғұстар. Ростовцевтің опека отандастары да әулие емес-тұғын — орыс шенеунігінің, орыс нәшәндігінің, орыс пендесінің, орыс мұжығы мен орыс жұмысшысының кім екендігі әлемге әйгілі. Бірақ солардың ішінде де қадір-қасиет қонғандары болған жоқ па. Ресеймен, орыспен мақтанатындар да қисапсыз еді. Никитиннің: "сен менің айбынды отанымсың" дейтін шалқыма сөзін естігенде өңі құбылатын жалғыз Ростовцев қана емес еді ғой, немесе Скобелев, Черняев туралы, азаттықтың ұраны ақ патшамыз, таупықты, шексіз биліктің кемеңгері, ұлы тақсырымыз Александр Александровичті мадақтап, соборды күңіренткен ақселеу шаш, алтын шекпенді диаконның зор даусына толқымайтын кім бар — сол бір сәтте орыс тәжінің әлемдегі қаншама тайпа, қаншама ел, жер жүзіндегі қаншама енсіз байлықтан, тіршілік қуаты — тыныш та рақат өмірдің тынысынан биік тұрғанын санасымен сезбейтін жан бар ма!

V

Гимназиядағы менің алғашқы күндерім түсіме де кіріп шықпаған сұрқай тіршіліктен басталды. Қалалық бірінші кешті көргенде-ақ осымен біткен шығармын деп ойладым. Бұдан да өткен сұмдығы, көп кешікпей тағдырдың жазғанына көне кеткенім, егер өлімнің ерекше сезімталдығымды ескермегенде, менің тұрмыс-халім гимназия өміріне әбден жатығып алды. Глебочка екеуміз алғаш гимназия есігін ашқанда ертеңгісін күн ашық еді, осының өзі-ақ көңілге қуаныш әкелген. Оның үстіне киіміміз қандай сәнді еді! Жіптен жаңа шыққандай, әрі мықты, әрі жеңіл, көз тойдырады: жалтыраған етік, сұрғылт шұғадан тігілген панталон, күміс түймелі сұр мундир, сәндеп күзелген баста жылтыраған көк картуз, былғары аңқыған сықырлауық боқшада кеше ғана сатып алған оқулықтар, пенал, қарындаш, дәптерлер... Одан соңғы бірден көзге ұшырайтын гимназияның мерекелік салтанаты: мұнтаздай тас төселген аула, күнге шағылысқан терезелер, кірер есіктің жез тұтқалары, жаз айында қайта сырланған дәліз тап-таза саңғырлап тұр, жап-жарық класс, зал, баспалдақ, жазғы демалыстан қайтқан балалардың бір-бірімен қайта табысқан қуанышты айқайы мен дабырласқан дауыстары, сабақ басталар алдында собор залында өткен салтанатты мінажат, "екі қатардан аяқты нық басыңдар!" деп бұйрық беріп класқа айдаған нағыз әскери, отставкадағы капитан кекірейіп алдымызда келеді, партаға таласқан алғашқы төбелес, ең ақырында бірінші рет класқа енген оқытушы: үстінде тырна құйрықты фрак, жылтыраған көзілдіріктен бақырайған үркек көз, сақалы көкте, қолтығында портфель... Бірінші күн өткен соң дүниеге бұдан басқа тіршілік жоқтай бәрі де зеріктірген жаттанды өмірге айналды. Зымырап күндер, зырлап апталар, асығыс айлар өтіп жатты... Оқуға онша қиналғаным жоқ, өзіме ұнайтын кейбір пәндерден өте жақсы, қалғандарынан орташа, тек өле жек көретін славян тілінің өткен шағы болмаса, бір оқығанды қағып алатын зеректігімнің арқасында ел қатарынан қалғаным жоқ. Бізге оқытқан сабақтарының төрттен үшінің керегі жоқ еді, оның үстіне топас ұстаздарымыздың мәнсіз мылжыңынан миымызға дым жұқса нағылсын. Олардың көпшілігі надандау, санасы да бәкене, іштерінде ылғи да жұрттың мазағына ұшырап жүретін екі-үш дәлдүр, екі-үш нағыз жарыместер де бар болатын. Соның бірі қылығымен есте қалыпты: жамбасына жуалдыз тықсаң да үн шығармайтын, кір-қоңнан қатты қорқып, жұрт жанап кетсе де, демі тисе де жеркеніп, көшенің тек ортасымен жүретін, гимназияға кірісімен қолғабын шешіп, есіктің тұтқасын ұстау үшін қалтасынан орамалын суырып алатын, сол орамалмен кафедра алдындағы үстелді де сүртеді; бойы бір тұтам, тыртиған арық, қоңыр бұйра шашын желкесіне қарай серпіп тастайды да, қасқа маңдайы жарқырап, қаймақтай жұқа сұп-сұр беттегі тас болып қатып қалған тұңғиық жанары қашанда дөйдалаға телміретін де тұратын...

Гимназиядағы жылдарым жайында тағы да не айтсам екен? Бұл жылдары мен бозөкпе баладан бозбалаға айналдым. Бірақ қалай есейгенімді бір құдайдан басқа ешкім білмейді. Әрине, сырт көзге өмірім бірыңғай күйбеңмен өткен секілді көрінер. Баяғы сол күн сайын гимназияға бару, күн сайын өзіңді өзің зорлап ертеңгі сабаққа дайындалу, жүрсең-тұрсаң алдағы каникулды аңсау, Святкаға жете алмай, жазғы демалысты көксеп, күн санаумен уақыт өлтіру, япырай, сол уақыт шіркін тезірек жылжыса екен!

VI

Мінеки, қырқүйектің бір кеші. Қаланы шарлап жүрмін, мені Глебочка секілді құлағымнан созып ешкім сабаққа отырғызбайды, содан ба, ол байғұс күн өткен сайын ызақор, еріншек те қияс болып бара жатыр. Таусылмайтындай көрінген жаздың зыр етіп өте шыққанына өкінгендей көңілде мұң, мың сан жоспарыңды сол жаз келмеске ала кеткендей, көшеде арлы-берлі сабылған атты, жаяулыға, базардағы сатушыларға, ләпкені жағалаған жандарға араласа алмағаның да мұң... Бәрінің де өз шаруасы, өз әңгімесі бар, әркім шаруақордың үйреншікті тірлігімен өмір сүріп жатыр, тек соларға еш қатысы жоқ өз мұңын арқалаған жалғызбас гимназист қана. Қала өзінің байлығынан, қаптаған халқынан майысып тұр: бұрын да бай еді, қысы-жазы Мәскеумен, Волгамен, Ригамен, Ревелмен де сауда жасайтын, қазір одан да асып түсті — деревня ертеңнен қара кешке дейін өнімін қалаға тасып әлек, ертеңнен қара кешке дейін әр бұрышта үйілген астық, базар мен алаңқай атаулыда сан түрлі жеміс-жидек пен көкөніс тау болып жатыр, мұндағы ісін бітірген соң көңілі тасып, бір-бір шкаликті тастап алған мұжықтар дабырлай сөйлесіп көшенің қақ ортасымен тіске басарын жол-жөнекей жұлып жеп көліктеріне асығып барады. Күні бойы сол мұжықтарды айналдырған делдалдар да жағажол бойында борс-борс желіп, еліре көпіріп келеді — тотыққан, үсті-бастары шаң, шетінен әсіре пысық алыпсатар мещандар, таң атпай мұжықтарды қала шетінен тосып алысып еді, енді соларды бірінен-бірі қақпайлап, базар мен дүкендерге таратып қайтқан беттері; бұлар да трактирдің шай-суынан ермек қылып өздерінше дем алмақ. Қаланы қақ жарып түрме мен монастырьге шығатын оқтай түзу көшенің өң бойы құла шаң, сол көшенің қасқа маңдайында шақырайып батып бара жатқан күн сәулесі құла шаңды алтын бояуға шомылдырып, желпініп бара жатқан, желіп бара жатқан жұртты сап-сары қоймалжыңға бөлеп тастаған, бұлар да осы қаланың мақтанышындай — сібер-сылқымы қаншама, хатшысы мен піркәншігі қаншама, тотықұстай түрленген бояулы бикештер қаншама, жас қатындарын қасына алып, делдиген шалбарларын көптің көзіне мақтанышпен көрсету үшін аттарын қайта-қайта тежеген керсен бөксе көпестер қаншама. Кешкі мінажатқа шақырып қоңырау қаққан собор, жайлы трашпеңкеге семіз ат жеккен қауға сақал арбакештер әлдеқандай боп шіреніп, қолдарына балауыз шырақ ұстап, тұла бойына әлем-жәлем жапсырған аттан семіз көпестің кәртеміш қатындарын, өліктей сұп-сұр тыртиған қызылаш бибілерді солай қарай алып бара жатыр...

Мінеки, собордағы салтанатты ибадат күні де келіп жетті. Сонда апарардың алдында біздің капитан аулаға жиналған балалардың түймесіне дейін түгел тексеріп шығады. Оқытушылар мундир киген, бастарында үш бұрышты қалпақ, өңірлерінде орден. Көшеде келе жатып сезетінім, жұрт бізді бүгінгі салтанатқа қатысуға міндетті, соның сәнін келтіретін қазнаның жартылай әскери меншігі деп түсінеді. Соборға жан-жақтан басқа да "мекемелер" ағылып келіп жатыр, тағы да сол мундирлер, ордендер, майлы эполеттер. Соборға жақындаған сайын қоңырау үні күңгірлеп, күңіреніп, салтанатты естіледі. Шіркеуге кіреберістегі баспалдаққа жетісімен "қалпағыңды сыпыр", қысылып-қымтырылып, тәртіпті бұза сап-салқын ашық порталға кіреміз, сенің келгеніңді қош алып, ерекше ишарат білдіргендей қоңыраудың мың батпан даусы енді тас төбеңнен өкіреді. Ығы-жығы халық, төбесінен балағына дейін алтын құйғандай жарқыраған иконостас, сары ала шекпенді шіркеу қызметкерлерінің тұрпаты, қадау-қадау шырақтардың сағымы қандай ғажап, қызыл шұға төселген амбон баспалдағының алдына топталған шен-шекпенділер де қаптап жүр. Балаң жүрекке осының бәрі оңай жүк емес: көпке созылған көпірме мінәжаттан, лепірме сөзден, ары-бері сабылыстан, гүжілдеген өкірме дауыс пен клиростың сыңсыма үнінен, жан-жағыңнан қысқан күбідей ыстық жуан қарындардан, төбеңнен төне қарайтын шолақ мундир, күміс белдікті полицей-мейстрдің қабан тушасынан әрі-беріден соң басың айналады...

Мұндай күндерде кешке жақын қала қызыл жалқын отқа оранады: тротуарларға қойылған шырағдандардың көңірсік иісі, жалау қадаған әр үйдің маңдайындағы алаулаған сағымда адам аттарының алғашқы қарпі мен тәж сұлбасы көзге ұрып тұрады - осының бәрі қалаға келгелі алғашқы көрген қызығым, ең бір есімде қалған ұмытылмас көріністер. Ол кезде қалада серуен деген жиі болушы еді. Бір күні Ростовцевтің алтыншы класта оқитын ұлы Глебочка екеумізді қала бағындағы осындай бір серуенге алып барды. Мені таңғалдырған, бас аллеямен баяу жылжып, шаң қауып, әтір мүңкіген иін тірескен халық, аллея түкпірінде түрлі-түсті жарықтың астындағы кепешті қалқаймада вальстің баяу сазы қалықтап, әскери оркестрдің күміс кернейі мен литавры күмпілдеп жатты. Қасында құрбысы бар, бізге аллеямен бетпе-бет келе жатқан әдемі бикешке кілт тоқтап Ростовцев қызарақтаған күйде әзілдеген болып өкшесін сарт еткізіп честь беріп еді, қыз сәнді шляпасымен бетін көлегейлеп өте бір сыпайылықпен езу тартты. Тағы бір есімнен кетпейтіні, қалқайманың алдындағы алаңда, аумақты гүлдің арасынан атқылаған үлкен фонтан, сол фонтанның шашыраған буымен шалқыған гүлдің хош иісі, салқын леп; кейіннен білсем, оның атын әншейін "Темекі" деп қоя салыпты: есімде қалған себебі, сол бір хош иістің әсерінен алғаш рет махаббат сезіміне ұшырап, бірнеше күн ғашықтықтың тәтті дертіне шалдықтым. Бұған да дәнекер болған уезд бикеші, мен күні бүгінге дейін "темекінің" иісі танауыма келсе толқымай тұра алмаймын, ал мен туралы ол қыздың ойына да ештеңе кіріп шықпаған шығар, мен болсам оны өмір бойы мезгіл-мезгіл есіме алып, фонтанный салқын лебі мен әскери музыканың үнін ұмыта алмай жүргенімді қыз шіркін қайдан білсін...

VII

Алғашқы бозқырау да түсті: қара күздің қорғасындай салмақты еріншек күндері. Қала терезесін екінші әйнекпен қымтап, пеш жағып, жылы киініп, қысқа қажет дегендерінің бәрімен қамданып жатыр, күні бұрын жылы баспананың рақатын сезініп, жыл сайын қайталанатын, жүздеген жылдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ескі әдетін есіне алғандай.

— Қаздар қайтып барады, — деді Ростовцев, үстінде жылы күрте, жылы картуз, жайдары сөйлеп, тыстан салқын ызғарды ала кірді.

Тұтас бір үйірін көріп келдім... Бір мұжықтан екі арба капуста сатып алдым, қабылдап ал, Любовь Андреевна, қазір әкеледі. Капуста болғанда қандай!

Менің көңілімді бір түрлі қуанышты мұң кернеді. Гимназияның кітапханасынан алып келген Вальтер Скотты тастай беріп ойландым — іштегі әлдебір сезімді көкейде толғатып, сыртқа қалай шығарсам екен дедім. Қаланы қиялмен көріп, аралап жүрмін. Сонау кіреберісте еркектердің монастыры тұр... жұрттың айтуынша соның әр бөлмесінде, әрбір құдай суретінің артында монахтар тыққан шұжық пен арақ бар деседі. Глебочканың ойлайтыны — монахтардың шекпенінің астында дамбал бар ма екен, жоқ па екен деп қиналады, ал менің ойым монастырь, ораза ұстап, құлшылық етіп, әулие болсам деген қияли уақыттарым есіме оралады, оған қоса, кешегі өткен заманда бір емес, бірнеше рет татарлардың басып кіріп, өртеп, тырпын қалдырмағаны ойымнан шықпайды: осының өзінен де ләззат алып, әрі қиналып, поэзия тілімен өлеңге түсірсем деп те армандаймын... Бұдан соң қалаға кері қайтқанда монастырьдің сол жағындағы Долгая дейтұғын көшеден бұрылатын әрі кедей, әрі лас шолақ көшелер табанында өзен жатқан сасық сайға барып тіреледі, бұл жерде тері жібітіп, одан соң соны борсытатын еді: өзен тайыз, түбінде қарайып қабат-қабат терілер жатады, сасық иіс те содан мүңкиді, жағада тері илеп, кептіретін ұзын дөңбектер, дабырласып, темекі шегіп, боқтасып жүретін алпамсадай, бет-жүзін май басқан нойыс та жексұрын адамдар да осы маңда жұмыс істейді... бұл да көненің көзін көрген баяғының мекені, үш жүз бе, төрт жүз бе, кім білсін, мен осы бір лағынет атқан жер туралы да ойдан құрсам да жақсы бір лебіз айтсам деймін... Өзен саласының ар жағында, биік жардың басында Черная Слобода, Аргамача, оның астында мың жылдар бойы түстікке, Донға барып құятын өзен жатыр, бір кезде осыған татардың жас князі құлап өлген деседі: сол туралы да қиыстырып өлеңмен бірдеме жазғым келеді; аңызда, оны құдай ана иконының киесі атса керек деседі, сол икона күні бүгінге дейін Аргамачаның қарсысындағы өзен жағасындағы ең көне шіркеуде тұр, қашан көрсең де шырақ қойған бейненің алдында қара жамылған әйтеуір бір әйел саусағымен мандайын басып шоқынады да отырады, мұңға толы жанары шырақтың алакеуім жарығында жалтылдаған иконаның алтын түсті рамасында, оның ар жағындағы тесіктен жіңішке тақтайдан ойылған оң қолдың көкірекке басқан нобайы көрінеді, одан сәл жоғары шағын ғана жүзін қасірет шалған ортағасырлық күңгірт бейне басын сол иығына сүйеп отыр, бейненің айналасы күміс өрнек, ұсақ алмас, інжу мен лағыл тастармен көмкерілген... Өзеннің арғы бетінде, қала шетінде бүкіл жазыққа көсіліп Заречье жатыр: бұл өзі бір қала, тұтасымен темір жол патшалығы, төбесінен көгілдір суық аспанды қақ жарып күндіз-түні алыс бір жаққа топ-топ қаздар ұшады да жатады, оған мұздай көк күмбезін тесіп кейде мұңды, кейде шақар паровоздар үн қосады, Ресейдің түкпір-түкпіріне күндіз-түні жол шеккен пойыздардың түтінімен араласқан қуырма бәліш, самауыр, кофенің иісіне мелдектеп вокзал отыр...

Мен мұндай күндердің талайын көрдім: көңілсізін де, қарға адым қысқасын да, ойға батыратын үйдің жайма-шуақ тыныштығын да, сол үйдің терезесінен көсіліп жатқан күзгі даланы да, қаланың өткені жайлы қиялға батыратын тәтті күндерді де. Таусылып бермейтін сол бір күндерде гимназияның класында отырып, әйтеуір мен білуге тиіс дейтұғын нәрселерді оқи-оқи әбден зеріктім, екі бірдей жып-жылы мылқау бөлменің тыныштығын бұзатын Любовь Андрееваның кестелі жапқышты комодының үстіндегі сағаттың тықылы, күні бойы кесте тігумен отыратын Маня мен Ксюшаның кесте бізінің тырсылы — осының бәрі бірқалыпты жылжымайтын уақыт, таусылмайтын баяу тірлік кенет кілт тоқтай қалады: көз қарауытқан мұңды бір кештің ымыртында сырт дарбазаның қақпасы сарт етіп, одан сенектің, кіреберістің есіктері ашылады да, ойда жоқта әкем кіріп келеді, басында құлақты тері бөрік, үстінде айқара киген түлкі ішік, мен жүгіріп барып мойнына асылып, жып-жылы ерін мен қырау шалған едірек мұртқа тұншығып, тас қып құшақтап аламын: осы сәт ол маған қаланың бірде-бір пендесіне ұқсамайтын, мүлде бөлек, бәрінен артық болып көрінетін еді...

VIII

Көшеміз қаланың бас-аяғын қақ жарып өтетін. Біздің тұсымызда ел жоқ, қашанда йен тұратын көпестердің өңшең бір тас үйлері.

Есесіне орта шені ығы-жығы, базар да осында, не керектің бәрі де осында: трактирлер, қатар-қатар ләпке, таңдаулы дүкендер, ең тәуір қонақ үйлері, айтпақшы, Долгая көшесінің бұрышындағы ғимарат Дворяндар үйі деп тегін аталмаған: мұнда тек помещиктер ғана тоқтайтын, төменгі қабатының терезелерінен ары өткен, бері өткендер дәмді тамақтың иісін алып, ақ қалпақ киген аспаздарды, кіреберістегі шынылы есіктен қызыл шұға жапқан жалпақ баспалдақты көріп қызығатын.

Мен гимназияда оқып жүрген кезімде әкем дәулетінің соңғы қызығын көріп қалды: Батуриноға көшіп қонған соң оны кепілдікке беріп, Каменканы сатып жіберді — әуелде әжептәуір шаруашылық жоспары да бар еді, осыдан соң өзін тағы да дәулетті байбатша сезініп, қалаға келген сайын Дворяндар қонақ үйінің ең жақсы бөлмесіне тоқтайтын болды. Әкем келгенде мен де Ростовцевтіц үйінен басқа бір дүниеге кіріп кеткендей боламын, уақытша тағы "барчук" атанам да бәрі де маған жымия қарасып, тағзым етіп жатқаны — кіреберістегі "пысықтар", сол жердегі швейцар, дәліз қызметкерлері мен үй сыпырушылар, тіпті көлдей фрак, ақ галстук тағынып шіреніп жүретін бұрынғы шереметьевтің басыбайлы құлы тақырбас Михеичтің өзі де мүләйімсіп бағады, ал бұл шіркін бар болғаны бір кезде Париж бен Римді, Петербург пен Мәскеуді бүкіл ғұмырында бір көріп қайтқан екен, енді бүгін меңіреу түкпірдегі қайдағы бір Дворяндар қонақ үйінде лакей боп күн кешуде, мұндағы игі-жақсылардың өзі де өтірік мырзамсынған болады, ал былайғы жұрт Михеичтің сөзімен айтқанда әншейін уездік "байшыкештер", өтірік жуансып, арақтан қарлыққан барылдақ даусымен жоқты талап еткені болмаса мырзалықпен қоңсылығы шамалы.

— Сәлеметсіз бе, Александр Сергеевич! — деп есік көзіндегі жандайшаптар жалбалақтап жатқаны. — Көңіліңіз қош болса, мүмкін арбакеш күте тұрар, әлдеқалай кешке таман циркке бара қалғандай болсаңыз...

Баяғыда құрып кеткен дәулеттің буына күпінген әкем бай адамның рөлін ойнап, жоқ-жұқананың жалбағына разы болады да, қонақ үйдің қасында көліктің неше түрі қаптап тұрса да ақы-пұлының артық бағасына қарамастан арбакешке күте тұрасың деп бұйрық береді. Шынылы есікті кіреберіс жып-жылы, жарқыраған шамдар көзге ұрып тұрады да кірген бойда барлық пен байлықтың ләззатын еске салады. Бағы заманнан дворяндардың жиыны мен съездері дәл осы түкпірдегі ескі қонақ үйінде өтетін әдеті еді. Бірінші қабаттағы ресторанға апаратын дәлізден айғай-шу естіледі, әлдекім дауыстап: "Михеич, албасты басқыр, графқа айтсаңшы, біз оны күтіп отырмыз!" — дейді. Ал екінші қабаттың баспалдағына көтеріле бергенде мұжық екені белгісіз, князь деуге де келмейтін тон жамылған әлдебір дәу қырғи көзі шаншылып, шешемнің қолынан сүйеді де, таңғалған пішінде лепіріп кем жармасады. Жоқ жерден әкемнің де ақсүйектігі ұстап кетіп:

— Жүріңіз, князь, төрлетіңіз, бек қуанышытымыз! — дейді.

Үстінде қисық жағалы бәтес көйлек, аяғы бір тұтам күбідей тағы біреу дедектеп жүгіріп келеді, шашын жылмита тараған, шағыр көзі шарасынан шығып, масаң кейіпте сонадайдан қақалып-шашалып (тіпті екі туып бір қалғанымыз болмаса да) қуаныштан жүрегі жарылатындай айқайды кеп салады:

— Қымбатты көкетайым, қанша жаз, қанша қыс өтті! Жұрт: "Арсеньев, Арсеньев!" — деп шуласады, сен бе, сен емес пе деп... Амансызба, сүйкімді апайым! — деп шешемнің қолына жармасқанда бұл да амалсыз маңдайынан иіскеуге мәжбүр болады.

— Александр, қал қалай? — деп менің амандығымды да сұрап үлгереді. — Дәу жігіт боп қалыпсың ғой! Мен әлгі құдай атқыр Кричевскийді күткеніме бес күн болды, банк борышын өтеуге ақша берем деп еді, ал өзі, сайтан алғыр, Варшаваға тайып отырыпты, қашан келерін бір Мордахай ғана білетін шығар... Сен тамақтанып қойдың ба? Төменге түселік, ұлы-жіңгір сонда...

Әкем оны бар ықыласымен құшақтап, неге екенін өзі де білмейді, жоқ жерден дәм татуға төменге шақырып, аста-төк тамақ пен арақ-шарап жеткіз деп Михеичке тапсырма береді... Өтірік туысымыздың ішіп-жеуінде қисап жоқ! Сөйлегенде ерні ерніне жұқпайды, еліріп, қарқылдап, таңқылдап өліп қалады. Құлағымнан әлі күнге оның қырылдаған даусы мен мың қайталайтын:

— Көкетайым-ау, сен шынымен мені сондай сұмдыққа барады деп ойлайсың ба? — дейтұғын жарапазаны.

Кешінде біз ағайынды Труццидің күлімсі сасыған мұздай кең шатырында отырамыз, кәдімгі цирктің күлімсі иісі. Гуілдескен жұрттың лепірген даусынан аренаға далпылдап ұшып шыққан тотықұс, жүгіріп келіп жорта жалп ете қалатын қызыл шашты, бетін үнмен бояған кең балақ шалбарлы клоундар, аяғын сүйрете басқан кәрі шабдар ат, оның бүкірейген жон арқасында тұла бойына жылтырақ жапсырған қысқа сирақты бикеш тырсиған бұтына бишінің тыртиған қызыл дамбалын керіп тұрып киіп алған. "Ивушка, ивушка, зеленая моя" деп қақсаған музыка, басында түбекті қалпақ, үстінде фрак, аяғына ұзын қонышты саптама киген керімсал қара сақалды директор аренаның ортасында тұрып алып ұзын бишікпен шықпыртқанда ат байғұстар мойнын иіп шеңбер бойымен шыр айнала шапқылайды дейсің, сауырында жүрелеп отырған бикеш ат екпінімен қопақтап, қарсы алдында шталмейстерлер көрген қағаз шымылдықты қышқырып барып қақ айырады. Содан соң қауырсындай қалқып арена ортасындағы үйілген құмға секіріп түседі де, көпке қырық бұрала тағзым етіп, буынсыз қолдарын майыстыра сермеп, ду қол шапалақтаған жұрттың қошеметімен балаша жүгіріп аренадан жоқ болады. Музыка кілт тоқтайды (клоундар әлдебір қаңғыбас жарыместердей сенделіп, тілін шайнап: "тағы да жарым-жарты камаринскийді!" деп айқайласып жатады), цирк тым-тырыс болғанда шталмейстерлер жайталасып абажадай темір торды аренадан сүйрей жөнеледі де, кулистің арғы жағынан әлде не жұрттың үрейін ұшыра күркіреп, әлдекім құса алмай тұншығып лоқсып жатқандай, ақыры уһ деген күңіреніс ағайынды Труццидің шатырын қақыратып жібере жаздайды...

IX

Әке-шешем кеткен соң қалада ұлы оразаның күндері басталады.

Неге екені белгісіз, олар ылғи да сенбі күні қайтушы еді, дәл сол күні кешқұрым мен Воздвиженье шіркеуіне құлшылық етуге баруым керек-ті. Шіркеу гимназияға іргелес тұйық көшенің түкпірінде тұратын.

Аспаны аласа қара күздің мұңға толы бұлыңғыр тым-тырыс кеші менің есімнен кетер емес. Дәстүр бойынша бізді салтанат басталардан бұрынырақ алып келді де, қара көлеңкеде тырс етпей ұзақ күтіп тұрамыз. Бізден басқа тірі жан жоқ, тек бұрышта екі-үш кемпірдің нобайы қарауытады, солардың жаратқанға жалбарынған күбірі мен алтарьдағы азғантай шырақтардың баяу тырсылынан басқа дыбыс та жоқ. Ымырт бірте-бірте қоюланып, көгілдір терезелер көңілге мұң шақырып, кетер күннің соңғы сағымы өшіп барады... Мінеки, жылы шекпен, қонышты кебіс киіп алтарьға бет алған шіркеу қызметкерлерінің майда тықыры естіледі. Бұдан соң да мылқау тыныштық біразға дейін созылады, тағатсыз күтеміз, қызыл шымылдықпен бүркеген алтарьдің ар жағында әлдебір құпия дайындық жүріп жатыр, шымылдық ашылған соң да шоқынар тақты қойғанша тағы күтеміз, әлден уақытта амвонға диакон шығады да, асықпай салтанатты дауыспен: "Востаните!" деп созғанда алтарьдің арғы түкпірінен: "Слава святей и единосущносней и животворящей и нераздельней Троице" деген мұңды да шарасыз, қамықты үн жауап қатады, бұған "Аминь" деп созылта салған хор музыкасы қосылады...

Мен бұған да ерекше толқимын. Мен әлі түбітиек бала болсам да әу баста-ақ осы бір сезіммен дүниеге келгенмін, одан бері де қаншама жылды бастан кештім: келер сәтті күні бұрын еске салатын тылсым тыныштықты, күңіренген үн мен оның артын іле-шала сол үнді көміп тастайтын "аминь" деп аяқталатын хорды — осының бәрі менің жан дүниемнің сарқылмас сазындай, шіркеу қызметшілерінің әр сөзі күні бұрын көкейіме оралып, соған жан-тәніммен, бар табиғатыммен бас ұрамын. Алтарьдің ар жағынан "Слава святей, единосущней" деген таныс та сүйкімді дауысты естимін де, кеш біткенше есімнен айрылғандай тапжылмай тұрамын да қоямын.

— Келіңіздер, құлшылық етелік, келіңіздер, құлшылық етелік... Жаратқан ием, менің жанымды жарылқай көр" — деген дауыс құлағымда, сол екі арада диаконның соңына ерген священник жол-жөнекей икондарға табынып, қолындағы шырақтың хош иісімен ауаны толтыра бүкіл шіркеудің ішін аралап шығады, ал менің көзіме жас толып, бүл дүниеде мұнан ғажап, мұнан артық еш нәрсенің жоқтығына кәміл сеніп тұрамын. Мейлі, Глебочканың айтуынша, шашын шала күзеген кейбір жоғарғы кластың оқушыларының құдай жоқ дегені рас болған күнде де, менің сана-сезімімді тербеткен дәл осы сәтке еш нәрсе жетпейді: күмбірлеген қоңыр үн, күңіренген ән, көне иконостастың үстіндегі шырақтың қызыл-жалқын жалыны, менің тұсымдағы алтын бағанға салынған жаратылысында әулие атанған аруақты батыр Александр Невскийдің қолын көкірегіне басып жаратқанға таупық етіп тұрған қаһарлы жүзі... осының бәрі менің көз алдымда...

Дуалы сиқырдың ағысында шек жоқ. Пенде шіркіннің жоғалтып алған жұмағының наласындай, әлде соның елесіндей салтанат шымылдығы сан рет ашылып, сан рет жабылады, тіршіліктегі дәрменсіздігіміз бен осалдығымыздың қасіретін, құдай жолынан дәмелі көңіліміздің нәшін айғақтағандай толассыз оқылған қасиетті дұға, адам жүрегін үміт сәулесіне бөлеп, алдағы азап күнінен арылудың нышанындай шіркеу күмбезі сансыз шырақтың сәулесімен жарқырай түседі, жаратқанның жомарттығына хақ сенім білдірген диаконның дұғасы: "О дүниедегі шыбын жанымыздың пәктігін тілеген... Бүкіл дүниенің тыныштығы мен құдай жолындағы қасиетті шіркеудің амандығын сұрап..." Бұдан соң тағы да баяу қалықтап, бәрін тұйықтаған қоңыр дауыс: "Қашан да сенің даңқың шексіз шарықтасын, қашан да жаратушы құдайдың қасиетіне, әулиенің рухына ақ ниетпен күн сайын және мәңгілік таупық етіп өтелік..."

Жоқ, готикалық соборлар мен орган туралы айтқандарымның бәрі де бекер: сол соборлардың бірінде де дәп Воздвиженье шіркеуіндегідей жылаған емеспін; тып-тыныш қаракөлеңке кеште әке-шешемді шығарып салып, өзімнің тып-тыныш ала көлеңке қара шаңырағымның жып-жылы аласа бөлмесіне кіргендей сезініп, собалаңдаған ұзын шинельдің ішінде шұлғып тұрып: "осы дұғам жаратқанның құлағына жетсе екен" дейтін шерлі дауысты, болмаса "игі де әулие, көк тәңірі, мәңгі өлмейтін Исус Христостың жарық дүниедегі атағы дәуірлей берсін" дейтін жан тебірентер әуенді естігенім және бар, осы үнге балқып тұрып әлдебір сиқырлы ымыртты ойша көретін едім: "Көкжиекке жеткен күн кешкі ымыртты жыртқан-ды"... жұмбаққа толы шерлі сәтте тізерлеп құлшылық еткен кезде бүкіл шіркеуде тағы да тыныштық орнайды да шырақтың бәрі өшіп, ғимаратты көне ғұмырдың тас қараңғы түні басады, одан соң бірте-бірте сыздықтап атқан таңның алыстан баяу жеткен шапағындай: "Көк тәңіріне құрмет, тіршілікке тыныштық, адамзатқа рақым" дейтұғын үш дүркін қайталанатын әрі қуанышқа, әрі қайғылы өксікке пара-пар қалың шердің арасында: "Жаратқан ием, маған араша боп қайырымды батаңды бер!" — деп тағы да жалбарынамыз...

X

Бұдан соң да орыс түкпірінің талай-талай сұрқай да ызғарлы қыстарын, балшыққа мелдектеген жазғасалымғы бұлыңғыр күндерін өткердім, ежелден табиғатқа табынышты орыс жұртының мінезі ғой, адамдардың ажары қашып, әбден зеріккендіктен бе, иенде біткенді жек көріп, тек өз тіршілігін ғана емес, жалған дүниені талақ қылатын әдеті...

Кейде апта бойы толассыз ұрып кеп тұратын азияның бұрқсанында қаланың қаптаған мұнаралары да көрінбей қалады. Қара жерді қақ айырып, көне Русьтің өшіп қалған өткенін еске салатын қаңтардың қақаған аязын да көрдім: қасат қардың тау-тау үйіндісіне шөккен қаланың төбесінен түн баласында алқара көк аспаннан жарқырап Темірқазық төніп кеп тұратын еді, ал ертеңгісін көкжиекте құлақтанып екі күн тұрады, сыңғырлаған тастай суық ауаны жылыта алмай бүкіл қаланың бүкіл мұржалары ақ түтінді құсып жатқаны, жаяудың ұлтаны, шананың табанынан дүние ысқырып, шиқылдап жөнеледі. Осындай бір аязда собордың баспалдағында жарымес Дуня қатып өлді, байғұс жарымаған қалада жарты ғасыр қаңғырып еді, тірісінде қайырым жасамаған сол қала өлгенде патшадай ардақтап жерледі-ау...

Бір қызығы, бұдан кейінгі бірден менің есіме оралатыны — әйелдер гимназиясында өткен бірінші бал, мен қатысқан алғашқы бал. Сол күні де аяз тым қатты еді. Сабақтан соң үйге қайтып келе жатып Глебочка екеуміз әдейі бұрылып әйелдер гимназиясы тұрған көшені жанап өттік, ауласын қардан тазартып, бас қақпаға апаратын сүрлеудің жиегіне жаңадан әсем шыршалар қадап қойған екен. Күн көкжиекке құлап бара жатқан, ауа шытқыл, шыныдай тап-таза, қар басқан көше, қар жамылған шатырлар, ақшаңқан үйлердің қабырғасы, айнадай жарқыраған терезелер — бәрі де батар күннің қызыл шапағына малынып тұрған, кәусардай шымыр ауаның лебі көкірегіңді керіп, сарайыңды ашады. Қарсы жолыққан гимназияның қыздары тон киіп, мойындарына шәлі ораған, бастарында әдемі бөрік, аяқтарында қысқа қонышты етік, қырау қонған кірпіктерінің астынан ойнақы көздері жалт-жұлт етеді, кейбіреулері жүре сөйлеп: "сауық кешіміздің қонағы болыңыздар" — деп жылы да нәзік үнмен тіл қатады, осы бір жылы сөз, қырау шалған ұзын кірпік, жылтылдаған ыстық жанар, аяздан алабұртқан сүйкімді жүздер көкейімнің түкпірінде тыныш жатқан тәтті бір сезімді үркітіп оятқан еді, сол сезім кейін де менің бүкіл еркімді жаулап алды...

Балдан соң өзімді де, өзгені де көз алдымнан қайта өткіземін деп әбден мас болдым: әуелі есімде қалғаны — су жаңа мундирлі, ақ қолғап киген сәнқой да әсемпаз қуақы гимназист қолды-аяққа тұрмай жортақтап, сыланған сұлу қыздардың ортасына қойып кетіп, бірде дәлізде, бірде баспалдақта құйғытып жүрді, біресе буфеттен сусын ішіп, енді бірде атлас парашок сепкен паркет үстінде тайпала билеген бұраң белдердің арасында балықша жүзіп, аппақ залдағы аппақ люстраның астында күмпілдеген әскери оркестрдің музыкасын қызықтады, бұрын мұндай балға қатысып көрмеген сарауыз балапанға салтанаттың тымырсық ауасы да кәусардай боп басын айналдырса керек, көзіне түскен әр туфли, әр кеудеше, қыз мойнындағы қара барқыт орамалдарға сұқтанып кеп қадалсын, бастағы жібек шашпау, вальстен соңғы көкірек тепкен қос анарды да көзден тыс қалдырған жоқ...

XI

Үшінші класта директорға қатты сөз айтамын деп гимназиядан шығып қала жаздадым. Грек тілінің сабағында ұстазымыз бізге әлденені түсіндіріп, өзінше осыдан бір ләззат алғандай бормен тақтаны қайта-қайта тарсылдатып бірдемені жазып жатқан, мен ең жақсы көретін кітабым Одиссеяның бетін ашып қойып, Павзикаяның қызметші қызды ертіп теңіз жағалауына кір жууға бара жатқан тұсын жүзінші рет оқып отырған едім. Жоқ жерден директордың класқа кіріп келгені. Дәлізді шарлап жүріп, әр есіктен сығалай беретін әдеті болатын, кіре салып маған жетіп келді де, қолымнан кітапты жұлып алып:

— Сабақ біткенше бұрышқа барып тұрасың! — деп айқай салғаны.

Мен орнымнан тұрдым да:

— Маған айқайламаңыз, сосын "сен" деп сөйлемеңіз. Мен сізге бала емеспін! — деп жауап бердім.

Расында мен балалықтан кеткен едім. Бойым да, ақыл-ойым да тез есейді. Бір ғана сезіммен емес, соған барынша тежеу салып, көргендерім мен білгендеріме естиярлықпен қарап, бастан кешкендеріме, маңайыма биіктен баға беретін дәрежеге жеттім. Балалықтан бозбалалықтың баспалдағын басып тұрып мен осыны сезіндім. Бұл сезім есейген сайын үдей түскен секілді. Мереке күндерінде Глебочка екеуміз қалада қыдырып жүріп байқағаным, мен орта бойлы жұртпен теңесіп қалыппын, тек бозбаланың сыптықтай қызылаш денесі, әлі де түбіт шала қоймаған жып-жылмағай бет-жүзім болмаса айырмам шамалы екен.

Сол жылдың қыркүйегінде, төртінші класқа көшкен кезімде ойламаған жерден Лопухин деген бір жолдасым дос болалық деп жабыса кетті. Үлкен үзілістің кезінде қасыма келеді де білегімнен ұстап мөлиген отсыз жанарын маған қадап тұрып:

— Біздің топқа кіргің келе ме? — деді. — Қайдағы бір Архиповтар, Заусайловтармен араласпас үшін біз дворян-гимназистердің тобын құрғанбыз.

Ол қай жағынан болса да менен ересек еді, өйткені әр класта екі жылдан отырған, бойы ұзын, кеудесі иықты, көк көз, ақсары шашты, иегіндегі жирен қылшық та едәуір тебіндеп қалған. Өмірдің ұңғыл-шұңғылын білетін түкпіш, басынан бәрін де кешкен алаяқ екені көрініп тұр, бұған өзі әбден разы, жасының үлкендігін де тектілікке саятын болса керек: үзіліс кезінде етігін еденді шарқылдата сүйретіп, екі қолын кең панталонның қалтасынан шығармастан өзінің байбатшалығын танытқысы келгендей жұртты менсінбейтіні бар, аяқты серпіп басып, маңайын кекесін көзбен тіміскіп ысқырып жүретін әдеті, егер сөйлесе қалса тек "өз таныстарына" ғана ілтипат білдіріп, надзирательді көре қалса қырық жылғы құдасындай иек қаға салатын... Ол кезде мен адамдарды тани бастағанмын, жұртты сырттай бақылап, оларды сорт-сортқа бөліп, біреуді жек көріп, енді біреуді жантартып, жек көргендермен біржола ажырасып тынатын едім. Лопухин де сол мен жек көретіндердің тобына жататын. Дегенмен ұсынған қолды әрі итерген жоқпын, дворян тобын да мақұлдаған болдым, ол бірден бүгін кешке кел деп қалалық баққа шақырды.

— Сен алдымен біздің топтың кейбір жігіттеріне ұнауың керек, — деді ол — Екіншіден, мен сені Наля Р-мен таныстырамын. Ол әзірге гимназистка, әке-шешесі өте кірпияз адамдар, бірақ от пен судан, қияметтің қылкөпірінен өткен қыз, албастыдан да ақылды, француженкадан да жеңілтек, бір бөтелке шампанды ешкіммен бөліспей- ақ сіміріп сала береді. Бойы сырықтай, аяғы су періштесінен де сүмбідей... Түсіндің бе? — деді ол әдетінше менің көзіме қадалып, соның өзінде де әлденені ойлап тұрғандай сыңай танытты.

Мінеки, осы әңгімеден соң ойламаған жағдайға тап болдым: өмірімде бірінші рет Лопухин суреттеген Наляға керемет ынтық болдым, бұл баяғыда Сашканы көргендегі бір сәттік жеңіл-желпі, жасырын да ғажайып ынтызарлық та емес, мереке күнгі бозбала Ростовцев пен бойжеткенді көрген кездегі лап еткен сезімге де мүлдем ұқсамайтын, кәдімгі ер адамның төсекқұмарлығы бойымды кернегендей болды. Алдағы кешті асыға күттім. Өрекпіген көңіл ақыры жеттім бе деп тұр! Сонда неге жетіпті? Маңдайға баяғыда жазылып қойған, еріксіз мен аттап басатын былғаныш дүниесінің рақаты... Менің ойымша, не болса да бүгін болады, әйтпесе бүгіннен басталмақ. Шаштаразға бардым, ол неме "бобрик" жасаймын деп шашымды едірейтіп қойды да, иісмай сасыған тарақпен өрлі-қырлы қасысын келіп, үйге жетісімен тура бір сағат бойы жуынып, таранып, баққа таянғанда қолымның ұйып, құлағымның өртеніп бара жатқанын сездім. Тағы да күмпілдеген музыка, шаптырған фонтан, содан бүріккен сірке жаңбырдың лебінен салқын ауа шалқиды, батар күннің қызғылт сағымынан құлпырған гүлден әйелдердің алқымынан аңқитын хош иіс мүңкиді. Халық тым аз екен, солардың ішінде қоқиып оңаша жүру, қайдағы бір "дворян-гимназистерімен" игі-жақсылардың татымайтын ақсүйек әңгімесіне араласу мен үшін ұят секілді. Кенет әлденемен төбемнен қойып кеп жібергендей дір ете қалдым: бізге қарсы аллеямен аяғын тық-тық басып, сәнді де қарапайым киінген бітімі қуыршақтай кішкене ғана әйел заты келе жатыр екен. Келе салып, жанары жарқылдап, қара қолғап киген кішкене саусақтарымен қолымызды қатты қысып, жайраңдап амандасты да сөзге араласып, наз күлкісімен маған бір-екі дүркін көз тастап қойды. Мен тұңғыш рет әйел табиғатындағы ерекше бір құбылысты аңғарып, тамсанғандай болдым — езу тартқан әйелдің күлкісінде не сиқыр бар, сәби дауысындай әйел үні неге дуалы, әйелдің құлын мүсінді қос иығында, қылдырықтай белінде не жұмбақ тұр, тіпті әйел қылтасында жанарыңды жаулайтындай не қасиет бар екен — осының бәріне де мен пақыр жауап таба алғаным жоқ.

— Наля, мынаны ептеп бізге қарай икемдерсің, — деді Лопухин, селт етпестен кекесінді түрде иегімен мені нұсқап, бетбақтықпен әлдебір нәрсені меңзегендей болды да намыстан менің ішім қазандай қайнап, тісім сықырлап кетті білем.

Бақытыма орай Наля кешікпей губерниялық қалаға кетіп қалды, нағашы ағасы, біздің вице-губернатор қайтыс болған екен. Оның үстіне біздің отбасымызда үлкен бір оқиға болды: ағам Георгий түрмеге қамалды.

XII

Бұл оқиға тіпті әкемнің де дегбірін тауысты. "Жердегі құдай" деп аруағын аспандатып, аяғын жерге тигізбейтін "патшаға қарсы тұру" бір кездегі қатардағы орыс адамына қаншалық әсер еткенін бүгінде ойға алудың өзі мүмкін емес, Александр Екіншінің ізін бағып, тіпті оны өлтірген күннің өзінде де ол әркімнің жүрегі мен санасында аса қадірлі бейне болып қалыптасып қалған-ды. Сондай-ақ "социалист" деген сөз де мистикалық ұғымға айналды, себебі, бұл неше түрлі зұлымдықты бойына жиған масқара сұмдық болып көрінген. Ағайынды Рогачевтер мен апалы-сіңлілі Субботиналар секілді "социалистер" осы өңірде де пайда болыпты деген лақапты естігенде уезге тырысқақ пен библиялық алапес келіп қалғандай біздің үйдің зәресі кетті. Бұдан соң тағы да бір сұмдыққа тап болдық: аяқ астынан ең жақын көршіміз, Петербургте әскери-дәрігерлік академияда оқып жатқан Алферовтың ұлы жоғалып кетті де артынан Елең түбіндегі су диірменінде қарапайым жүкші болып істеп жүр екен дегенді естідік — аяғында шарқай, үстінде ескі-құскы, сақалын қауғадай қылып қоя берсе де танып қойыпты, "насихатшы" деген айыппен ұсталып, Петропавл бекінісіне қамалса керек, бұл да бізге керемет үрей боп жетті. Әкеміз сауатсыз адам емес-ті, кертартпалығы да жоқ, ешнәрседен қорқып жатпайтын, бала кезімде Николай Біріншіні Николай Палкин, бурбон деп қыжыртып отырғанын да талай естігенмін; бірақ ертеңгісін сөзі мүлдем басқа, "мархабатты император Николай Павлович" деп ауыз толтыра мадақтайды келіп... Бәрі де әкемнің байбатшалық мінезінен туған көңіл күйіне байланысты, бірақ соның есте қаларлығы қайсы? Әлгі сақалды жас жігітті, жүкшіні ұстап әкетті дегенде де таңғалып жатпай құр әншейін қолын сермей салған:

— Бақытсыз Федор Михайлович! — деп кәрі әкесіне аяушылық білдірген. — Бәлкім ол немені дарға асатын шығар. Иә, міндетті түрде асады, — деді қашанда осындай қиын жағдайға елегзіп отыратын әдетімен. — Өзіне де обал жоқ, сол керек! Әрине, шалға қиын, бірақ қиын деп есіркеуге болмайды. Бүйте берсек француз революциясының кебін киіп жүрерміз. Естеріңде ме, айтып едім ғой, осы бір үңірейген тасмаңдай түбі түрмеге кетіп, бүкіл отбасын масқара қылады деп.

Мінеки, сол масқара сұмдық біздің басымызға да келді. Қалайша, неліктен? Георгий дым сызбайтын тасмаңдай емес-ті. Оның "қылмысты істерінің" сиқы Субботин бойжеткендерінің қылығынан да сорақы жалған бопса секілді, ол байғұстар да дәулетті, текті дворянның тұқымы бола тұрып әйелге тән аңғалдықпен, әлде қайдағы Рогачевтердің азғыруына түсіп қалуы да мүмкін.

Сондағы ағамның "қылмысы" не, университетте оқып жүрген жылдарын қалай өткізді, одан мен бейхабармын. Бар білетінім, оның бұл әрекеті сонау гимназияда, әлдебір Доброходов дейтұғын "қадірлі тұлғаның" айтағымен басталған. Бірақ ағамның онымен бөліп-жаратындай ортақ несі бар еді? Ағам кейіннен оны дәсердей қылып мақтап, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын, қайыспайтын беріктігін, "самодержавияға деген бітіспейтін өшпендігін, халыққа деген өшпейтін суйіспеншілігін" жыр қылып айтып отыратын; сол қасиеттің ең болмаса біреуі аға бойынан табыла ма, әйтпесе оған соншалықты неге тәнті болды? Сөз жоқ, Радищевтер, Чацкилер, Огарев, Герцендер шашы ағарғанша арыла алмаған дворян тұқымына тән сүйекке біткен желөкпелік пен даңғойлықтың әсері болса керек; сонсоң да Доброходов бейнесі өрлік пен ерліктің үлгісі болды; бұдан соңғы қарапайым себеп — Доброходов десе, өзінің қызыққа толы бозбалалық дәурені елестеген болар: бозбалалық дәуреннің есер шағы, сол шақтың "күнәһарлық" ұмытылмас тәттілігі, құпия үйірмеге қатысу, мерекелі жиын, ойын-сауық, қызыл сөз, қауіпті жоспар, күдікті әрекет...

Япырай, орыстың мерекеге деген таусылмайтын құмарлығы- ай! Өмірге деген құштарлық та емес, құмарлық — рахат үшін емес, кәдімгі қомағайлық — айықпас кайфке, ауыз құрғатпай ішуге жанталасамыз да, кәнігі тірліктен зерігіп, күнделікті еңбектен беземіз! Ресей менің уақытымда ерекше кең тынысты, қарекеті мол еді, жыл сайын жұмысшы саны, дені дұрыс, қайратты адамдардың қарасы көбейіп келе жатқан. Орыстың революцияшылдығының басты себебі шексіз бостандықты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсау мен қашанда ырду-дырдуға даяр тұратындығын да жасыра алмаймыз. Жалпы орыс протестанты, бүлікшіл, революционер дегеніміз кім, болмысқа мысқалдай қатысы жоқ, шындықты жек көретін, ақылға ешбір көнбейтін, есеп дегенді білмейтін, қызметке жоқ, күйкі тірлікті күндейтін жандар емес пе? Па шіркін! Қоғам тірлігіне сабақты жіптей ғана сілекей қосып, губернатордың кеңсесінде шікірейіп отырса! Қой, айта көрме — " күйме әкеліңдер, күйме!"

Гимназияда да, университетте де ағамыздың үлкен ғылыми болашағы бар деп сәуегейлік айтып еді. Бірақ ол кезде оның ғылымға деген құлқы болды ма! Қалайда ол "қара басының қамынан мүлдем безініп, қасірет шеккен халқының уайымын ойлауы керек болды". Ол жомарт та қайырымды, жаны таза жас жігіт еді, сөйтіп жүріп өзін-өзі алдады, дұрысын айтқанда, мыңдаған тұстастары секілді ойдан құрған өтірік тіршілікпен өмір сүрді. Дворян ұрпақтарының "ел ішіне" баруы, өзімен-өзі күресіп алпарысуы, жасырын жиын, талас-тартысы, жалынды сөз, жалған әрекеті неден туған? Түбін қусақ, дворян тұқымдары қан-жынымен де, өзек-өтімен де өз өмірін босқа құрбандыққа шалған әкелерінен аумайды. Мейлі, идея десін, бірақ белсенді әрекет дейтұғын сылтаудың әдібінде әлгі бозөкпе революционерлердің мақсатсыз думанға деген құмарлығы жатқан жоқ па; жиын-таласқа мас болып, айқай-сүрен, өлеңдетіп жүріп қауып-қатерлі жасырын іске бой ұсыну, Субботиналар секілді сүйкімді бикештермен "қол ұстасып", тінту мен түрмені, дақпыртты сот процесін көксеу, ақыры дос-жаранмен Сібірде, Терістік шеңберінде қаңғыру — осының бәрі қысыр қиял секілді-ау. Өзінің ерекше қабілетінің арқасында гимназияны да, университетті де өте жақсы бітірген ағамның бүкіл жастық жігерін "жасырын жұмысқа" сарп етуіне мәжбүр қылған не себеп? Пила мен Сысойканың ащы тағдыры ма? Сөз жоқ, солар туралы оқып отырып талай рет көзіне жас алған. Бірақ оның пікірлес серіктері де, өзі де сол Пила мен Сысойкаларды өмірден, мынау Новоселкадан, Батуринодан көріп пе? Жоқ, ол бар болғаны әкесінен озған жоқ, әкеміз екі-үш тостақ арақты тастап жіберіп:

— Керемет тамаша! Ішкенге не жетсін! Адамды жасартады! — деп отыратын.

"Жасартады" деген бопса баяғыдан шарапханадан қалған әдет, шарап ішкен адам, жасарып қалдым, жадырап қалдым, әлдебір тәтті ләззат бойымды балқытты деп ақылының адасқанына, күнделікті күйкі тірлікті ұмытқанына мәз болып отыратын. Мұжықтар арақ туралы: "Араққа не жетсін! Арақтан анаңнан қайта туғандай боласың!" дейтіні бар. "Орыс — ішімдіктің думаны" деген тегін айтылмаған сөз. "Думанның" дуаналықпен, қаңғыбастық, қайыршылық, құрбандық пен бүліншілікке туысқандығы жоқ па екен, тіпті орыс әдебиетіндегі көл-көсір сәнқой боямалықтың, сөз тәттілігінің төркіні қайда жатыр?

XIII

Ағам жалған атпен мекен ауыстырып көпке дейін жасырынып жүрді. Содан қауіп-қатер өтті-ау дегенде Батуриноға келген. Бірақ ертеңінде тағы да ұстап әкетті: оның келгенін көршіміздің приказщигі айтып қойса керек.

Бір қызығы, Батуриноға жандармдар келген күннің таңында приказщикті ағаш басып өлтірді. Бақ ішіндегі дәу үйеңкіні жығындар деп бұйрық берген өзі екен. Сол күнгі оқиға менің көз алдымда ұмытылмас елес боп қалыпты: айналасы ат шаптырым ескі бақ, алғашқы бозқырау, күзгі жаңбыр, қара дауылдан ырсиып қалған ағаштар, сарала күздің боран бастаған сарғыш жапырақтары еденде кілемдей құлпырып көпсіп жатыр, шыныдай таңғы таза ауа, ағаш арасынан сағал-сағал жамыраған күннің ащы кірпігі, етектен соққан ызғар, көлеңкені қуалай ескен бозғылт түтіндей әлі де сейіле қоймаған ертеңгі тұман, екі соқпақтың түйісіндегі жүз жылдық үйеңкі бұтақтары бұладай көсіліп, төбесімен көк тіреп, бұлыңғыр тұманды жыртып тұрды, жалаңаш қалған сырықтай бұтақтарының әр тұсында жалпақ жапырақтар желмен желбіреп, құлаш жетпейтін жуан діңіне өткір балта кірш-кірш қадалған сайын дір-дір етеді, желбегей жейделі мұжықтар телпектерін желкесіне қарай түріп тастапты, приказщик екі қолы қалтасында, үйеңкінің қалшылдаған ұшар басына қадалыпты да қалыпты. Мүмкін, социалисті қалай ұстап берген қулығын да есіне алып тұрған шығар. Кенет ағаш ыңырсып барып еңкейді де, қаспен көздің арасында көрші ағаштардың бұтақтарын жапыра сатыр-сұтыр жерге бұрқ етті...

Бүл имениеде мен кейін де сан дүркін болдым. Тегінде ол шешеміздің меншігі еді. Бір нәрсені қолма-қол жытыра қоятын әкем оны баяғыда-ақ сатып жіберген. Жаңа қожайын өлген соң оның Мәскеуде тұратын жесіріне тиді де бірден тозып кетті: жерді мұжықтарға жалға берді де, бақ бір құдайдың билігінде қалды. Жиі-жиі іргесіндегі кіре жолмен өтіп бара жатып, бар-жоғы бір шақырымдық мекенге жан-жағын емен көмкерген аллеямен баратын едім де үлкен ауладағы атқораға көлігімді қалдырып үйге беттеймін... Орыс әдебиетінде йен қалған қаншама имение, қаншама тозған бақты жылап отырып жаны күйзеліп жазды десеңші! Осының әсері ме, тозған түкпір, қараң қалған қу медиен десе орыстың жүрегі елжіреп сала береді. Мен үйден өтіп, үй сыртындағы баққа кірдім... Атқора, жұмысшылардың баспанасы, амбар, қора-қопсыда қисап жоқ, бәрі де тозып, бұта, қурай басқан бақша қол тимеген соң жабайыланып, іргедегі жазықпен ұласып кетіпті. Сұрғылт тақтаймен қапталған ағаш үй жыл өткен сайын шіріп, шөгіп бара жатыр, жыл өткен сайын ол да маған сағынышты, әсіресе оның жыпырлаған ұсақ рамалы терезелеріне қарап тұруды ұнататын едім... жұмбаққа толы йен үйдің ұмыт болған өткен өмірін ойлап тұрып, ұрлана кез тастаған сәттегі мұңға толы сезімді айтып жеткізе алмайсың. Әрине, үй сыртындағы бақты жартылай отап тастаған, әйтсе де атамзаманғы жөке, үйеңкі, күміс қабықты италия терегі, қайың, емендер әлі де толып жатыр, бұлар да жападан жалғыз йен қалған бақта заманын өткеріп, кәріліктің ақырғы да әсем қызығын бұлдағандай, қартайған сайын құлпырып, тым-тырс жетім тірлікте өздерінің табиғи тәкаппарлығымен ескерусіз қалғандарын да ескермейтін тәрізді. Көгілдір аспан, кәртамыш ағаштардың да өздеріне тән бойы бар, ойы бар, жаны да бар - соларға қарап тұрып көз тояр ма?! Мен бақты ұзақ аралап, әр ағаштың ұшар басына ұзақ қадалып, әр бұтақтың тербелісінен, әр жапырақтың сыбдырынан сыр ұққым келетін, әр қайсысының түр-түсін жаттап алғым келетін, іргедегі қырға шығып алып, шалғын басқан емен томарларының қарайып кеткен түбірлерін санаймын да ойға қалып отырамын, сай түбіндегі мөлдір бұлақтардың сылқылы әлі күнге құлағымда... Шыбын жан өлі денені тастап, мұң мен ізгі даналықты өзімен ала кеткенде тіршіліктен аулақтап барып адамзаттың "пендешілік ғұмыры" хақында не ойлады екен? Сонда ылғи да мен кәрі үйеңкінің астында қалып, сонымен бірге өлген бейшара адамды есіме аламын, сол бейшараның кесірінен қор болған ағамның тағдырын ойлаймын, сақалды екі жандарм күздің салқын бір күнінде оны қалаға, баяғыда өзім көрген, темір тордың ар жағында бір тұтқынның батар күнге түксие қарап тұрған үрейлі түрмеге алып кеткен...

Әкем мен шешем сол күні-ақ үш атты парлап жеккен қазына трәшпеңкесін қуалап салып-ұрып қалаға жетіп келісті. Әбден естері кеткен. Шешемнің көзінде жас та жоқ, мөп-мөлдір тұнық жанары шарасынан шығып кеткен. Әкем оған да, маған да тіктеп қарай алмай қайта-қайта темекісін сораптап:

— Қисыны жоқ сандырақ! — деп қояды. — Сенсеңдер, екі-үш күн өтпей-ақ бұл қимыжықтың арты ашылады!

Сол күннің кешінде-ақ ағамды арман қарай Харьковқа алып кетті. Оны тұтқындауға себеп болған әлгі жасырын ұйым дейтін лақаптың шыққан жері сонда еді. Біз вокзалға шығарып салуға бардық. Мені таңғалдырған бір нәрсе, вокзалға келген соң біз үшінші кластың залына кіруге мәжбүр болдық, өйткені, ағам жандармдардың күзетінде сол жерде пойыздың келуін күтіп отыр екен, жөні түзу жұртпен қатар отырып, шүйіркелесіп шай ішуге де, жүрек жалғауға да мүмкіндігі жоқ. Азан-қазан даңғараға кіріп келісімен-ақ ағамды көріп жүрегім мұздап сала берді: қор болған бейшара тұтқын екенін өзі де сезсе керек, еріксіз езу тартып күлген болды. Жападан жалғыз шығар ауыздағы бұрышта отыр екен, сүйкімді жүдеу жүзін мұң шалған, жұқа сұр костюмнің үстіне әкемнің бұлғын ішігін жамылып алыпты. Маңайында адам да жоқ, тұтқынға түскен тірі социалисті көргісі келіп анталаған жұртты жандармдар қақпайлап қуып тастап жүр. Әсіресе селолық бір қария өндіршектеп қояр емес, басында биік тышқан бөрік, аяғында шан басқан шұңғыл кебіс, көзін ағамнан алмастан сыбырлап жандармдарға сұрақты жаудырып жүр, оған жауап беріп жатқан да ешкім жоқ. Жандармдар ағама тентектік жасаған бұзақы бала деп қарайтын секілді, әйтеуір бұйрық бойынша оны амалсыздан күзетіп, апарар жеріне жеткізіп салуға міндетті, біреуі шешеме мүсіркей, жымиып қана жылы сөйлеп:

— Қамықпаңыз, сударыня, құдай оңдаса, жақсылықпен бітер, — деп қояды. — Қасына барып отырыңыз, пойыздың келуіне әлі жиырма минут бар... Қазір менің серігім ыстық су алып келеді, сіздің қалауыңыз бойынша жол азығын да әкеледі... Тон кигізгендеріңіз жақсы болған, әйтпесе түн баласында вагон іші тым суық...

Әлі есімде, осы кезде анам жатып кеп жылағаны, ағамның қасына барып отырып, бетін орамалмен басып солқылдады дейсің, әкем бет-аузын тыржитып, қолды бір сермеді де аулаққа тайып тұрды. Ол қашанда біреудің күйзеліп қайғырғанына шыдай алмайтын, әрі жақтырмайтын, содан өзін аулақ ұстау үшін жалтарып кететін әдеті, ол тіпті болар-болмас қоштасу сәтінен де қашқақтап, жолаушыны ұзақ ұстау орынсыз деп қабақ түйіп кілт үзіп тастайтын. Әкем буфетке барды да екі-үш рюмка арақты тастап жіберіп, ағама бірінші кластан орын сұрау үшін бекеттің жандарм полковнигін іздеуге кетті...

XIV

Мен кеш бойы дел-сал күйде сенделіп жүрдім де қойдым... Ағамды алып кетті, әкем мен шешем де кетіп қалды... Жан күйзелісі сабасына түскенше біраз уақыт өтті.

Неге екені белгісіз, әкем мен шешем ертеңінде таң атысымен жүріп кеткен. Қазан айы бізде қашанда ашық болады. Терістен соққан суық жел қаланы ызғырыққа қамап тұр, дүние тап-таза, тынысқа кең, көшелер айнадай, көз ұшындағы қыр да бозамық тартып бос қалғандай, мөлдір аспанның әр тұсында ақ шаңқан бұлттар асыға жылжып барады... Әке-шешемді монастырь мен түрмеге дейін шығарып салдым. Дала тоң, суыртпақтай созылған кіре жол да суықтан сіресіп, күн көзінен ала-шұбар болып шағылысып жатыр. Осы тұсқа келгенде тарантас кілт тоқтады. Біз шыққаннан бері едәуір көтеріліп қалған күн көзі ала бұлтқа бір сүңгіп, бір шығып, бозарған сәулесі жер бетін жылыта алмай тұр, йен далаға іліне бергенде қара суық тіпті қатайып, арбакеш тұқырайып бұға түсті, тон қаусырынып, қысқы тымақты милықтата киген әкемнің суық желден мұрты желбіреп, көзіне жас үйірілді. Арбадан түсуім мұң екен, шешем мені құшағына алып тағы да ағыл-тегіл жыласын, әкем болса, мені асығыс шоқындырып, мұп-мұздай қолын менің ерніме тигізді де арбакештің ту сыртынан:

— Тарт! — деп айқай салды.

Қалқанды тарантас сол сәтте-ақ салдыр-күлдір жөнелді. Дүпке жеккен мығым торы басын кегжең еткізгенде қоңырау безілдеп, қосардағы қос торы шоқырақтап бірден шабысқа басты. Кіре жолда көз талғанша ұзақ тұрдым: көз алдымда көкжиек, зырылдаған артқы қос доңғалақ, тарантас қалқанының төбесінен желпілдеген дүптегі жуан торының жалы, екі қапталдан жарқ-жұрқ еткен қосардағы аттардың тағасы, құмыққанша құлағымнан кетпеген доға астындағы қоңыраудың даусын қинала тыңдадым. Үстімде жұқа шекпен, ызғырық желге бір қырымды беріп, кеше кешкісін Дворяндар қонақ үйінде кешкі аста отырғанда айтқан әкемнің сөзін есіме алдым. Шарапты сораптап отырып:

— Түкке тұрмайтын нәрсе! — деп кесіп тастап еді. — Оны дабырайтатын түгі де жоқ! Мейлі, сотталған екен, мейлі, айдап кетсін, мүмкін Сібірге әкетер, соз жоқ әкетеді. Айдалған жалғыз сол ма екен? Тобыл, Елец пен Воронежден жаман болып па? Жалпы, осының бәрі бос әуре! Жақсылық та өтер, жамандық та кетер, бәрі де өткінші деп Тихон Задонский айтқан.

Әкемнің бұл сөзі мені жұбатудың орнына көңілімді онан сайын жабырқата түсті. Мүмкін бұл қисынсыз сандырақ шығар, бірақ менің өмірім осы сандырақпен өтіп жатқан жоқ па, ендеше мен түкке тұрмайтын сандырақ үшін несіне қиналуым керек, менің бар сезім-болмысым күні бүгін із-тозсыз күйкі тірлікке бола неге күйзелмек? Түкке тұрмайтын бос әбігер болсын-ақ, дегенмен ағамды алып кеткен соң мына дүние мен үшін мәнісі жоқ йен қалған қу медиен секілді, жапанда жалғыз қалғандай көкірегімді шер басты, бұл жаһанға керексіз пенде секілдімін, ал осы жалған дүниеде менің де көретін қызығым, махаббатым, қуанышым бар емес пе еді! Мен оны жақсы көретін едім, ежелден жақсы көретінмін, кеше ғана тон жамылып вокзалда отырған сұр пенжақты сорлы "социалисті", бейшара тұтқынды беймағлұм жаққа алып кетті, бас бостандығынан, бақытынан, бізден, бүкіл пендешілігінен айырып. Бұл да түкке тұрмайтын нәрсе ме? Мынау өмірде өңі бұзылған ешнәрсе жоқ, бәрі де баяғысындай, бәрі де бақытты, бәрі де еркін, басы байлы тек сол ғана, бақытсыз да тек сол ғана. Мінеки, жол жиегін жағалай, ызғырық жел қуған әлдебір жуас ит өз уайымы өзінде, қалаға қарай сүмеңдеп барады; ал ол болса көзден ғайып, түстіктің бір иен даласында, күңсіген қапырық купеде, қарулы екі жандармның ортасында қайдағы бір Харьковке кетіп бара жатқан шығар. Міне, торлы терезелері күн көзіне шағылысып, қарсы беттегі монастырьге бежірейе қарап түк болмағандай, түк көрмегендей түрменің сарғыш үйі түр, кеше ғана ол осы үйде бірнеше сағат отырып еді, артына тастап кеткен мұңы болмаса, бүгін мұнда қарасы да жоқ, Харьковте де оны осындай бір үй күтіп тұрған болар. Ара тісіндей ырсиған кертпеш-кертпеш монастырь қабырғасының ар жағынан соборлардың алтын бояулы күмбездері жалтырайды, зират басындағы зәулім ағаштардың сидиған ұшар бастары шаншылып тұр, осы бір тамаша суретті енді ол көре алмайды, осы бір сәттің қуанышын ол енді менімен бөлісе алмайды... Монастырьдің далақтай жабық дарбазасында ұзын бойлы, өңдері өлік жуғандай кейісті екі архиерейдің бейнесі тұр, мойындарында көлдей орамал, қолдарында жерге дейін созылған жазулы пергамент; бұлардың дәл осылай тұрғандарына неше жыл болды екен, бұлардың өмірден өткендеріне неше ғасыр болды екен? Бәрі де өтер, бәрі де кетер, уақыты келгенде бұл өмірден әкем де кетер, шешем де кетер, ағам да кетер, мен де кетермін, бірақ мына орыстың көне қарттары даналық қасиетті жазуларын қолдарына ұстап, мұңды жүздері мізбақпастан дарбазада тұра беретін шығар... Мен картузымды шештім де көзім жасаурап, қақпаға қарап шоқындым, минут өткен сайын мүсіркеу сезімі бойымды буып, ағамды, өзімді де аядым, өзімді де, оны да, әкемді де, анамды да қиянатқа қия алмайтынымды сездім, екі әулиеден көмектесе көріңдер деп жатып жалбарындым, өйткені, қаншама қасірет шексең де мынау беймағлұм дүние ғажап қой, соның қызығын көріп, бақыт құшағында бір-біріңді қадір тұтып өткенге не жетсін...

Мен артыма қарай-қарай кері қайттым. ЬІзғырық жел барған сайын үдей түсті, күн көтеріліп қалған, оның ертеңгі шапағы көңілді желіктіріп, алда өмір бар дегендей жарық дүниені, бүкіл қаланы нұрға бөледі — бос қалған Шепная алаңын, биік қорғанға тығылған монастырьдің өліктей тым-тырыс ауласы мен алтын жалатқан күмбездердің аспанға шаншылған ұшар биігін, зират тоғайын, терістік көкжиекке қарай көз жетпейтін ұшы-қиырсыз жазықты тіліп өткен кіре жолын — күздің бозғылт аспанында будақ-будақ ақсұр бұлттар қалықтап барады, алашұбар көк жүзі жап-жарық, бұлтқа оқтын-оқтын сүңгіп кеткен күн көзінен жер бетінде селдір көлеңке жылжиды, қызығып қарағанға осының бәрі әдемі салынған сурет секілді. Мен қайта-қайта тоқтап, қайта-қайта жан-жағыма қадала қарап, тағы да ілгері тартамын... Сол күні мен қайда бармады дейсің!

Мен бүкіл қаланы шарлап шықтым. Жартылай қирап қалған бүкір тас көпір арқылы жидіген теріден борсып кеткен сасық өзеннен өттім де, Шепная алаңымен құлдилап қара лашықтардағы былғары зауытына соқтым, одан қарсы беттегі әйелдердің монастырына көтерілдім - ақ қышпен сылап тастаған қабырғасы күн көзіне жарқырап шағылысып тұр екен, қақпадан жап-жас монашка шықты, аяғында долбар башпақ, үстінде олақ тігілген қара киім, бірақ белі қылдырықтай, бағы заманның иконындағы суреттей қас сұлудың өзі екен, мен аузымды ашып аңырып қалдым...Собор сыртындағы жар жағасында мещандар баспанасының шіріп кеткен тақтай шатырларына қарап тағы да біраз тұрдым: өзен бойын қуалай белес-белеске жапсыра салынған қиқы-жиқы үйлердің ауласы да былығып жатыр, соларды көріп адам ғұмыры жөнінде ойға қалдым, бәрі де өтер-кетер, өтер де қайталап қайтып келер, қурай басқан сары балшық белдерде бұдан үш жүз жыл бұрын да шірік шатырлы күрке тамдар тұрған шығар-ау, бұдан соң елсіз-күнсіз ен далада трашпенкемен ағызып бара жатқан әке-шешемді көз алдыма елестеттім, Батуриноны көрдім, қаншама уайым шеккенмен тыныштықта қалғыған жанға жайлы ежелгі қара орманға не жетсін; ағам Николайды көрдім, он жасар қарақат көз Оляны да ұмытқам жоқ, екеуміз саясында ойнайтын терезе алдындағы зәулім шырша, жапырақсыз сидиған күзгі бақ, ұйтқыған қара жел, батып бара жатқан күннің кешкі шапағы - көңілім соларға алып ұшқанмен, сан түрлі ойға қалғанмен көкейімнен ағамның кетпей-ақ қойғаны. Кір басқан қоймалжың құла өзеннің беті жыбыр-жыбыр, ирелеңдеп құла жартасқа барып соғады да, түстікке қарай кілт бұрылып көз ұшынан жоғалады, бұл да сонау печенег заманынан толас таппаған болар. Заречьенің шетіндегі қызыл шатырлы вокзалға қарағым келмейді, кеше кешкісін ғана сол жерден ағамды алып кетіп еді, кешкі салқын ауадан құмығып паровоздардың мұңды күңкілі талып жетіп тұр... Монастырь қақпасынан шыға келген көркем қызға деген тәтті бір тамсанысым болмаса, бұл күнгі бар көргендерім аға бейнесімен араласып көңілге ешқандай қуаныш әкеле қойған жоқ.

Анам бұл кезде ұлының амандығын тілеп, өмір-бақи ораза ұстаймын деп құдайға ант берді, сол антын көз жұмғанша бұзған жоқ. Жаратқан оны мүсіркеп қана қоймай, бағына қарай шексіз жарылқады: жыл өткен соң анам босанып, күтпеген қуаныш — "полиция бақылауымен" үш жыл Батуринода тұруға рұқсат алды.

XV

Жыл өткен соң мен де рұқсат алдым — гимназияны тастап, ата-анамның қасына келдім, бұл өз өмірімдегі ұмытылмас ең бір ғажайып күндер еді.

Бұл бозбалалықтың басы еді, әр нәрсеге таңғалып, қызығатын бұла шақ, ал мен үшін көпте жоқ кейбір сезімнің арқасында тіптен де ерекше болды: мәселен, менің жанарым аспан әлеміндегі жеті жұлдызды түгел көретін, кешқұрым даладағы суырдың шаңқылын шақырымнан естіп, тозған кітаптың күңірсік қаңсығына, інжу гүлдің хош иісіне мас болатыным бар.

Бұл шақтағы менің өмірімдегі сырттай өзгерісті айтпағанда, бүкіл жан дүниемде күтпеген, жазымыштың табиғат берген ерекше бір таңғажайып сыйы болды.

Көктемнің жапырақ жайған ағаштары қандай ғажап. Егер ол аяқ астынан бұрқ-сарқ бірден қуаныш ала келсе. Егер көктемнің көзге ілінбейтін, сыздықтап кіріп, жанардың жауын алатын әсем көрінісі бірден жарқ ете қалса! Бір күні ертеңгісін ағаш бүрінің жаппай күшіктеп тұрғанын көріп қайран қаласың. Енді бір мезгіл өткенде бүршіктер жарылып, сидиып тұрған жалаңаш бұтақтар жасыл бұйра өрнекке бөленеді. Артынан аспанды алғашқы бұлт орап, алғашқы нажағай ойнап, алғашқы нөсер төгіп береді — дүниенің тіл-көз жетпес сиқыры да осы: кешегі жалаңаш ағаштар көкжасыл көрпесін жамылып, бұтақтары жан-жағына құлаш жайып, алақандарын енді жазған жас жапырақтардың әсемдігіне көзің тоймайды... Осы кез менде де дәл осындай бір құбылыс болған еді. Сол ғажайып күндердің бірінде...

Көктемгі көркем далама,

Көл болып сай мен сала да,

Қиқулап аққу келгенде,

Муза кеп қонды санама...

"Сандалып жүріп сарқылған әкелердің" ұрық-шарқына лицейдің бағы да, царское селоның аққулы көлдері де бұйырмаған. Бірақ жаратқан берген ұлан-ғайыр жаңғыру, "тіршілік әкелген" жаңа бір қуаныш, жас жүректі жадыратқан жұмбаққа толы тылсым дала, айнадай жалтыраған тыныш көл, жасқаншақ та болса естен кетпес алғашқы рет музамен қауышу — осының бәрі де менің басымнан кешкен. Әу баста Пушкин жырлаған таныс та дуалы шумақтар еді мені сиқырлаған. Менің жанымның тіленші қылын дөп басып тербеткен, тұнықта жатқан сезімді түртіп оятқан аққудың сырға толы сұңқылы еді! Сол сырдың құпиясын аша алсам айып па? Соны айтуға, жеткізуге тіл таппасам қайтейін!

XVI

Адам біткеннің тағдыры көптің тағдырымен біте қайнасқан... Менің жастық дәуренім болашақ бүкіл тағдырымның кілтін ашты. Өткеннен қалған ескі бір өлеңде айтылушы еді:

Қара орманым, жатырқамай қарсы алдың,

Кіндік кескен даламды көріп тамсандым.

Жарасты көңіл, жайдары жандар келбеті,

Жанымды менің ыстық құшағымен тербетті...

Мен гимназияны неге тастап, қара шаңыраққа неге қайтып келдім? Бір қарағанда осы бір түкке тұрмайтын оқиға болмағанда менің жастық дәуренім, болашақ өмірім қалай қалыптасар еді?

Әкем кейде айтатын, сен гимназияны ойда жоқта себепсізден себепсіз ақымақтықпен тастап кеттің дейтұғын, өзінің әдеті бойынша "ермексіз дворянның еркелігі" дейтұғыны тағы бар, мисыз тентек деп балағаттап, соған ерік берген мен деп өзін де кінәлайтын. Бұдан басқа да айтатындары бар, жалпы ол кісінің пікірі қашанда кереғар келіп жатады, сенің мінез-құлқыңа қарағанда қылығың да ақылға сыйымды деп сол сөзді напа-нақ, сіберлікпен сыздатып отыратын.

— Жоқ-ә, - дейтін, — Алексейдің маңдайына жазғаны көптің күйбеңі емес, шаруа да емес, мұның жан-сезімі поэзия үшін жаралған. Құдайға шүкір, шаруа дейтін де ештеңе қалған жоқ. Кім біледі, дүниеге мүмкін екінші Пушкин, әлде екінші Лермонтов келген шығар?..

Расында, көптеген жағдай менің қазыналық білім алуыма ерік бермеді: кез келген дворянға енші болып бұйырмаған сол кездегі Русьтің еркіндігі, қанымда жатқан, тұқымға тән әке мінезінен жұққан бірбеткейлік, содан соң сол кездің өзінде қалыптасып қалған "ақындық болмысым", ең соңында, күтпеген жерден ағамды Сібірге айдамай Батуриноға жер аударғаны.

Гимназияда өткен соңғы жылдары буыным қатып, тез есейдім. Бұған дейін бойымда шешемнің қасиеті басым сияқты еді, кенет әкеме ұқсап шыға келдім — қаймықпайтын өміршеңдігі, қиындықты қиналмай көтеретін өркөкіректігі, сезімпаздығы, сол сезімді қажымас қол, қайтпас қайсарлыққа жеңдіре білуі, көздеген бір мақсаты болса соған жетпей қоймайтын өлермендігі. Ағамның басына түскен уайым бір қарағанда түкке тұрмайтын нәрсе болғанмен біздің отбасымызға әуелде оңай соққан жоқ, мен де сол уайымнан көпке дейін арыла алмай жүрдім, дегенмен осы оқиғаның өзі менің тез есейіп, күш-жігерімнің қуат алуына әжептәуір әсер етті. Әке ақылының орынды екенін түсіне бастадым: анда-санда қызып отырып, "сәмбі тал секілді сүмірейіп өмір сүрме", "қайткенмен өмір деген қимас та қымбат дәурен" деп құлаққа құятын, мен де сол ғажайыпты санамен қабылдап, онда сөз өнерінің де бар екенін мойындадым. Менің көкейіме қонақтаған үзілді-кесілді бір шешім — қайткен күнде де бесінші класқа көшіп, содан соң біржола гимназиямен қоштасып Батуриноға қайтып келу, "екінші Пушкин, болмаса Лермонтов", әйтпесе Жуковский, Баратынский болу, бұларға деген өзімнің туыстық жақындығымды әу баста-ақ, алғаш суреттерін көргеннен аталасымдай танып-білген сияқтымын.

Бүкіл қыс бойы еңбекпен өмір кештім, ал көктем келе тіпті тыраштанудың да қажеті жоқ еді. Қыс кезінде менде бір үлкен өзгеріс болған секілді — ең алдымен бойым өсті, бозбала тартқан тірі жанның әуелі түбітиек боп, қол-аяғының ерепейсіз үлкен көрінетін әдеті емес пе? Осы кездің өзінде де менде ешқандай дөрекілік болған емес, бірақ көктегі жүн-жұрқа тебіндей бастады, жанарым ерекше жанып, жақ-шықшытым шығып, бет-жүзім тотығып қалды. Сонсоң да емтиханнан бұрынғыдай емес жеп-жеңіл өттім. Ұзақты күн сабақты жаттаумен болдым, осының өзінен ләззат алғандай табандылығыма таңғалдым, құдды емтиханға емес, діни мерекеге, тәубеге келіп, ғибадат етуге дайындалғандай көңілде бір қуаныш бар. Тәулігіне үш-төрт-ақ сағат ұйықтаймын да ертеңгісін атып тұрып рақаттанып жуынамын, таза киініп, оң ниетіңді бергей деп жаратқанға бар пейіліммен жалбарынып, кешегіден бергі миға тоқығанымды ойда қайталап, соларды төкпей-шашпай жеткізу үшін сабырмен тысқа шығамын. Осы әбігерден құтылған күні мені тағы бір қуаныш күтіп тұр екен: мені Батуриноға алып кетуге әкем де, шешем де келген жоқ, ержетіп қалды десе керек, пар ат жеккен тарантас жіберіпті, арбакеш көңілді бір жас жігіт екен, жол бойы шүйіркелесіп дос болып кеттік. Батурино үлкен де дәулетті деревня, үш бірдей помещиктің мекен-жайы баққа малынып тұрады, бірнеше тоғандардың жағасы жайлау, мен келгенде төңірек көкорай, дүние гүлдеп тұр екен, көлдің тұнығына, желекті көкорайға, бұлбұлдың әні мен бақаның шұрылына да керемет қуандым.

Жазда Николай үйленді. Біздің тұқымға біткен сабырлы адамның бірі еді, қарекетсіз бос сандалыстан зеріккен болар, Васильевское селосындағы қазыналық имениенің іс басқарушының қызын таңдапты. Бүкіл жазға созылған той-думан, отбасына жаңа бір жас әйелдің қосылуы мені онан сайын есейтсе керек.

Бұдан соң аяқ астынан Батуриноға ағам Георгий келе қалды. Мамыр айының кеші еді, ауланың көгалына шық қона бастаған, тып-тыныш кешкі салқында, рақат өмірдің полотнодағы көне суретіндей шатыры тозған ағаш бағаналы біздің ескі үйіміз тұр, өрен-жаранымыз түгелімен бақ ішіндегі сәкіде шай ішіп отырған, мен ауланы кесіп өтіп, ат ерттеп алайын деп атқораға бара жатыр едім, ойым — үлкен жолға шығып серуендеп қайту болатын, кенет бұрын-соңды деревняда көріне бермейтін қала күймесі қақпадан кіріп келгені. Менің әлі күнгі есімде қалғаны, ағамның әрі таныс, әрі бөтен, қағаздай аппақ қуқыл жүзін көріп қайран қалғаным...

Бұл біздің отбасының өміріндегі ең бір бақытты кеші еді, үш жылға созылған рақаты мол тыныштық осы күннен басталып, ақыры тоз-тоз болып осымен аяқталған сияқты...

XVII

Сол жылдың көктемінде мен Батуриноға нағыз бозбалалық көңіл-күймен оралдым. Ағам Николайдың Васильевское селосына қалыңдық ойнай барған сапарының бар қызығын да бөліп-жарыстым: кіші бесіннің кезі, бітік өскен қарабидайдың алқабын қақ жарып өтетін қара жолмен лекіте жортқан үш аттың екпіні, көгал мен гүлге малынған қайыңды тоғайдан күңкілдеген көкек даусы, долырған батыс көкжиектегі құбыжық бұлттар, кешкі селоның танау жарған иісі, жыпырлаған үйлер, әсем бақ, сылқым өзен, шарап бөктіретін зауыт, басқарма үйіндегі кешкі ас, кенже қыздарының ойнатқан аристонның ғажайып үні, үстел үстіндегі бір құшақ ион гүлі, бізді қошеметтеп күткен неміс отбасының ақ жарқын жүздері, іштей жан тартып менімен "сен" деп сөйлесе бастаған, соншалық көрікті болмаса да сүп-сүйкімді біздің үйдің болашақ келіні...

Құдалыққа жүруге мен әлі жараған жоқ едім, бірақ жарамасам да құдалық салт бойынша міндет атқаруға тура келді, қолымда аппақ бес саусақты қолғап, шікірейіп су жаңа мундир киіп алғанмын, жанарымда ойнақы нұр бар, жылпылдаған жібек шұлықты қалыңдықтың аяғына атлас туфли кигізіп, қос теңбіл көкті пар жеккен күймемен Знаменье селосына алып бардым. Күн сайын толассыз жаңбыр, ат тұяғынан ұшқан білем-білем қара балшық, әлі де піce қоймаған қарабидайдың торсиған масақтары ылғалдан бастарын көтере алмай жол бойында иіліп сәлем беріп қалып жатыр, нөсер шымылдығының арғы бетінен батуға айналған күннің алтын сағымы оқта-текте жарқ етіп жамырайды да жоқ болады — ырымға сенсек бұл да жақсылықтың нышаны деседі — күйме терезесінен көз жасындай мөлтілдеп жаңбыр тамшылары сорғалайды, қорап іші тар, ақ шаңқан үлде мен бүлдеге малынып отырған қалыңдықтың иісмайынан мен де мас болып отырмын, қолыма ақ батаның жоралғысы деп құдай суретін ұстатып қойған еді, анда-санда қалыңдықтың домбыққан жасты көзіне қарап қоямын... Ал неке қию кезінде мен алғаш рет сонау бағы заманның аманатын жаңғыртқан жұмбақ бір ғажайыптың ерекше қуанышын сезіндім, әсіресе, жұпыны болса да деревня шіркеуінің жан-жақтан жамыраған шырағдан сағымының салтанаты, село клирінің күмбез күңіренткен даусы қандай, ашық есіктен кешкі көгілдір аспанның етегін көлегейлеген қыз, қатындардың жүзінде де қуанышты мүсіркеу бар... Біздің үйге жастармен кірген жаңа леп, жаңа қуаныш күтпеген жерде ағайым Георгийдің келуімен аяқталды да отбасымыздың төрт көзі аяқ астынан түгелденіп қалды, ендігі жерде гимназияға қайтып оралсам деген менің ойым әншейін бос әуре секілді.

Күзде қалаға қайтып келдім де, класқа барып жүрдім, бірақ сабаққа деген құлқым жоқ, оқытушылардың сұрағына басым ауырып отыр деп бұлтарып, жауап беруді де қойдым, олар бұған қуана-қуана бір деген бағаны басып-басып қоя салады. Уақытты өлтіру үшін күні бойы қаланы шарлаймын, қаңғырып Слободаға, Заречьеге барып, келген-кеткен пойыздарды күтіп алып, шығарып саламын, таласып-тармасқан жолаушыларға қарап тұрып, бума-бума жүк арқалаған жұрттың "алыс сапар" дейтұғын вагондарға мініп жатқанын көргенде керемет қызғанамын. Бір кезде солаңдаған ұзын шекпенін сүйретіп алпамсадай швейцар залдың ортасына шығады да даусын соза, бүкіл вокзалды басына көтеріп, көптің зәресін алып, қай пойыздың қай жаққа баратынын хабарлағанда бір орында тырп етпей тұрасың да қаласың... Өстіп Әулиелер күніне дейін уақыт өлтірдім. Енді демалысқа шығасыңдар дегенді естігенде жын қаққандай жүгіріп үйге жеттім, бес минут жиналдым да Ростовцевтармен, Глебочкамен зорға қоштасып (ол деревнядан көлік күтіп отырған, мен Васиьевскос арқылы темір жолмен қайтпақпын), чемоданымды алдым да тысқа атып шықтым. Әйтеуір көзіме іліккен кірешінің мұз қатқан сұп-суық кошовкасына қойып кеттім де іштей: "қош бол, гимназия!" — дедім. Ұйпалақ шабдар тырақы бірден шаба жөнеліп еді, жолдың ұңғыл-шұңғылында шарқ-шұрқ секірген шана ішегімді түйгіштеп, шекпенімнің жең-жағасынан гулеген суық жел мен бетімнен осқан қар ұшқыны денемді түршіктіріп, бойымды сергітіп тастады. Қала қарақұрық бұрқасынға көміліп жатса да менің көңілім көк тірегендей. Жолды бөгеп тастаған омбының кесірінен вокзалда екі сағат отырғаным... Шіркін, боранды Ресейге не жетсін, қараңғы түн, соқыр борасын, сосын темір жол! Бұған жетер бақыт бар ма — ақ ұлпаға оранған пойыз, жып-жылы вагон, әлдеқайдағы пеш көмейінде сатыр-сұтыр атқылаған от тырсылы, ал тыста сықырлаған аяз, саңылауы жоқ түтеген боран, енді бір сәтте қоңырау даусы естіледі де әлдебір бекеттің оттары жылтырап, вагондардың төбесі мен етектен ұйтқыған ақ түтіннің арасынан әбігерге түскен адамдардың бұлдыраған сұлбасын көресің, тағы да паровоздың айқайы, жұлқа жөнелген вагон, белгісіз боранды түнекке сүңги жөнелесің де маржандай жылтыраған боз қыраулы терезеден платформаның шамы бұлыңдап қалып бара жатады -содан соң тағы да қараңғы түн, қағынған боран, желмен жарысып ұлыған булық, ал сен болсаң солқылдақ барқыт диванның үстінде көгілдір шымылдықтың ар жағынан түскен жұп-жұмсақ сәуленің астында, толассыз тербелген ілгешектегі тоныңның әткеншегіне көзіңді талдырып қалғып-шұлғып ұйқылы-ояу жатасың!

Біздің бекеттен Васильевекіге дейін он шақырым еді, ал мен бекетке түн ішінде келдім, мұнда да өрекпіген боран, кересін түтіні сасыған суық та күңгірт вокзалда түнеп шығуға тура келді, қолдарында шам, қабат-қабат қымтана киінген тауарлы пойыздардың кондукторлары кіріп-шыққан сайын мұз құрсаған есіктер шарқ-шұрқ етіп онсыз да даңғарадай иен вокзалды қақыратып жібере жаздайды. Дегенмен осының өзі де бір рақат. Әйелдер бөлмесіне кірдім де диванда бүрісіп жатқанмын, минут сайын оянып таңның атуын күттім, оның үстіне ұлыған боран мен әлдекімдердің әлдеқайдан дабырласқан айқайы маза бермеді, бұл аз болғандай пысылдақ паровоз терезе түбінде тұрып алып көксаудай күрс-күрс жөтелді-ай дейсің. Сонан таң бозара атып тұрып тысқа шықсам, дүние тым-тырыс, қолқа қапқан сары аяздан сергіп сала бердім...

Бір сағат өткенде Васильевскіде жаңа туысымыз Вигандтың үйінде, жып-жылы дастархан басында, қысылсам да қуана-қуана кофе ішіп рақаттанып отырдым: Ревельден келген жап-жас жиен қызы Анхен кызмет көрсетіп құрақ ұшып жүр...

XVIII

Батурино мекен-жайы әсем-ақ, әсіресе қыс күндері. Кіре берістегі тас діңгектер, шана табанымен тілім-тілім болған ауланың ақша қары, жым-жырт тыныштық, жарқыраған күн сәулесі, сықырлаған аязды тіле шалқыған асхананың танау жарған тәтті иісі, асханадан үйге, үйден атқораға, басқа да қора-қопсыға жалғасатын шым-шытырық іздерде үй тіршілігінің көңіл идірер жып-жылы сүрлеуі жатыр... Тыныштық, аппақ дүние, қар жамылған аппақ шатыр, карға мелдектеген аласа бақта ағаштардың сидиған қызғылтым бұтақтары тарбаяды, жүз жасаған кәрі шыршаның көк күмбезіне шаншылған жап-жасыл ұшар басы шатыр сыртынан ыздиып кеп тұрғаны, қарлы таудың қиясын тесіп шыққандай ербейген екі грубадан еріншек түтін шалқиды... Күн көзінен жылымық тартқан баспалдақтың арқалығында бір-біріне тығылып екі ұзақ отыр, әншейінде мылжыңдап сөйлесе беретін еді, қазір тым-тырыс; шағылысқан күн сәулесінен, ақша қардың қылауынан ұялғандай кәртәміш терезелердің әйнектері сықсияды... Қар басқан баспалдақты суықтан сірескен пимамен сықырлата оң жақтағы бас сәкіге бұрыласың да қалқан астынан өтіп, көнеріп, қарайып кеткен емен есікті ашсаң ар жағынан ала көлеңке ұзын сенекті көресің. Терезе жақтауы дөрекілеу жалшылар бөлмесі күңгірт әрі салқын, әйнегі теріске қарайтын болған соң пеш жағып қойған, сол жақтан гүрілдеген жез кернейдің дыбысы естіледі. Оң жақтағы тұрғын бөлмеге апаратын дәліз де күңгірт, тура қарсы алдыңда залдың емен есігі, бұл да заманы өтіп қап-қара болып оңып кеткен. Залға от жақпайды, кіре қалсаң ызғардан тісің-тісіңе тимейді, қабырғада басына парик киген атамыздың портреті қатып отыр, қасында қызыл жағалы мундирде кертпеш танау император Павел, бұдан басқа да ешкім танымайтын портреттер мен суреттерді керексіз болып қалған кәрі буфетке қалай болса солай үйіп тастапты, бала кезімізде осы буфеттің шыны қақпағынан сығалап та ләззат алушы едік. Есесіне бұл бөлме жарқырап тұр, жып-жылтыр жалпақ еденде қызғылт сағым ойнап, оюлы терезеден түскен күн сәулесінен маржандай неше түрлі суреттер көз қызықтырады. Сол жақтағы теріске қараған терезені дәу үйеңкінің салбыраған жалаңаш бұтақтары шырмап алыпты, ал түстіктегі жарық қапталда қар басқан қысқы бақ жатыр. Ортадағы терезені ербейген қос кернейдің ортасынан ыздиған сабалақ шырша бүркеп тастапты: тыстан қарасаң оның қардан иілген қалың бұтақтары керемет әсем... Аяз қысқан айлы түндегі ғажайыпты айтып жеткізе алмайсың. Кіріп барсаң, залда шам да жоқ, тек терезе сыртындағы жарқыраған толған ай. Зал бос, тіпті үлкейіп кеткен секілді, сабалақ шырша қардан кебін жамылып, терезе сыртында тәкаппар шіреніп, сүмпиген ұшар басы көк күмбезін түртіп тұрғандай, сол тұстан күмістей жалтырап Орион шоқ жұлдызы жамырайды, одан төменірек, етектегі көкжиекте анамның ең жақсы көретін Сириус жұлдызы алмастай жарқырап, инелі кірпігімен кемерге қадалып қалыпты... Селдір түтін секілді боз сағымда, терезе торынан еденге түскен айқыш-ұйқыш көлеңкені таптап қаншама жүрдім екен, жастық шақтың арманын тауыса алмай, Державиннің текті бір тентек жолдарын қаншама қайталадым екен:

Қара-көк теңбіл аспанда

Алтын табақ ай жүзіп...

Тереземнен нұрын шашқанда

Алтынмен өрнек ән сызып,

Төрімді менің сан сүзіп

Алтынды мөрін басқанда...

Жаңа бір сезім оятқан осы үйдегі алғашқы қысым тамаша өтті. Соның көбі серуенмен кетті, ағам Георгий Васильевскіге апарып қайтып жүріп сыр-сұхбатқа тартып, Державин, Пушкин заманының ақындарымен таныстыруы менің өмірімді едәуір өсіріп тастады. Батуринодағы үйде кітап деген атымен жоқ еді. Сонан соң да Васильевскідегі немере апайымыздың мекен-жайына жиі қатынайтын болдым, оның үйі дөң басында, Вигандтың меңгерушілік ететін шарап зауытының қарсысында тұратын. Апайымыз Писаревке тұрмысқа шыққан, бірақ көптен араласпай кеткенбіз, өйткені кәрі Писарев пен құдағиымыз ұлына ұқсамайтын өте бір тақуа адамдар еді, сонан да әкеміз жиі-жиі ұрсысып қала беретін. Шал сол жылы өліп қалды да, аралас-құралас қайта басталып, марқұмның бүкіл өмір бойы жинаған кітапханасына қолым жетті-ау. Қалың тыспен қапталған, қоңыр сарғыш былғарыға алтындатып жұлдызбен әшекейлеп тастаған баға жетпес томдарда қисап жоқ - Сумароков, Анна Бунина, Державин, Батюшков, Жуковский, Веневитинов, Языков, Козлов, Баратынский... лира, гүл, батырлардың бас киімдерімен әсемделген романтикалық мұқабалары қандай ғажап еді, әріптерінде, бұдырлы көкшіл қағазында, соған басылған әрбір сөзінде ерекше бір әдемілік, қасиет тұтар тектіліктің иісі аңқып тұратын. Менің алғашқы бозбалалық арманым, өзім де бірдеме жазсам деген талпынысым осы томдармен басталып, өрекпіген көңіл күйімді қиялға жетеледі. Қиял шіркін қашанда көңілге де сыймайтын ғажайып қой! "Жас жырау арпалысқа аттанды" немесе "Арсы-күрсі биіктен ақжал толқын атқыла" болмаса "Тавриданы құшқан көгілдір толқын ішінде, таң шапағында тұр екен Нерсида пішінде" деген жолдарды оқығанда мен сол жырауды да, жалаңаш Нерсиданы да айна-қатесіз көріп, көгілдір толқынды, теңіз жағасын шарпыған таң шапағын да көңілмен сезінгем, сол кезде айқайлап өлең айтқым келетін, сол кезде қаламымнан шыққан шатпағыма ұяламын!

Бір қысқа созылған алғашқы ғашықтық сезімім де ертегі секілді. Анхен қарапайым, бүлдіршіндей қыз еді, бар болғаны осы. Әңгіме мұнда да емес, қарапайымдылығына қоса көңілді еді, сүйкімді, аса қайырымды, шын пейілімен ағынан жарылып маған айтатын: "Алешенька, сіз маған қатты ұнайсыз, сізде ыстық та қалтқысыз сезім бар!" Әрине, ол сезім аяқ астынан тұтанған. Оны алғаш, бір көргеннен көкейіме от түскен - бекеттен үсіп-жығылып зорға жеткенімде алдымнан әдемі қызыл көйлекті, ернінен уыз кеппеген еркелеу қыз шығып, немістерге тән бүкпесіз таза пейілмен таңның қызыл шапағына малынған вигандылардың ас бөлмесіне апарып кофе құйып берген. Суық судан мұздаған жұп-жұмсақ алақанын ұстай алуым мұң екен, жүрегім аттай тулап, ішімнен: "міне, таптым-ау дедім". Мен Батуринаға бақытымды тауып қайтқандай қуанышпен аттанып едім: ертеңгі Әулие күнінде Вигандылар біздің үйге келмек-ті. Айтқандай-ақ келді де үйіміз абыр-дұбыр көңілді қуанышқа толды, себепсіз күлкі, әзіл-оспақ, әдетте қонақ келсе деревняда ылғи да осы, әсіресе мереке кезінде; аязды күндері ызғарды қоса ерте келетін тон-тымақ, пималарын кіреберіске тастай салып қауышып жатқандары. Кешінде басқа қонақтар да келіп жетті, үлкендерден басқамыз түгелдей көршілерге қыдырып қайтпаққа жинала бастадық. Қолымызға іліккенді киіп алдық, біріміз мұжық болдық, біріміз қатындарша үстімізге әлем-жәлем жапсырдық, менің шашымды тарап, бетімді аппақ қылып борлап, ұшына қызыл сүрме жүргізді де көмірмен қап-қара мұрт жасап берді. Бәріміз топырлап тысқа шыққанымызда ымыртта бірнеше көлік күтіп тұр екен, таласа-тармаса келіп шанаға құладық та қоңыраулатып, қарқылдай күлісіп, қақпа аузындағы үйілген қасат қарды бұза ызғытып жөнелдік. Әрине мен алас-қапаста Анхеннің қасынан шықтым... Қысқы түнде сыңғырлаған қоңырау үнін, тым-тырыс қарлы даланың тас қараңғы мылқау үнін қайтып ұмытарсың, мұндайда жұп-жұмсақ ақ көрпесін жамылған қысқы дала көз алдыңнан зырлап өтіп, сонау көкжиектегі аласа сұрғылт аспанмен ұласып кетеді де, кейде алыс түкпірден тек қыс кезінде болатын алдамшы оттар елестейді. Қысқы даланың кәусардай тұнық ауасын қалай ұмытарсың: бұлғын ішіктің ішінен тінткен ызғар, жұқа қоныштан балтырыңды қысқан аяз, тұңғыш рет тұмса қолмен жылы қолғаптан суырып алып, сүйсіне қысқан қыздың ыстық алақаны, ал алакөлеңкеде жылт-жылт ұшқын атқан қыз жанарын айтарға сөз жоқ!

XIX

Соңынан көктем келді, менің өмірімде қайталанбаған, ұмытылмас бір көктем.

Әлі есімде, терезесі аулаға қарайтын Оляның бөлмесінде отырғанбыз. Наурыздың шуақты кеші, сағат бестің шамасы болса керек. ІІІолақ тонын жүре қаусырынып, қашанда асығып жүретін әдетімен ойда-жоқта әкем кіріп келді, мұртын қырау шала бастаған кезі, бірақ әлі де баяғысындай ширақ, кіре салып:

— Васильевскіден хабаршы келді, — деді. — Писарев есітсін танып жатыр деді ме... Қазір сонда кетіп барамын. Еремін десең жүр.

Мен де асығыс тұрдым, Васильевскіге жете алмай, Анхенді көруге ынтық болып отырғам, апыл-құпыл жүрдік те кеттік. Таңғалғаным, Писарев сап-сау, тіпті көңілді, не албасты басқанын өзі де білмейді. Ертеңінде кіреберісте киініп жатып әкем оған: "Сен тегі аздап ішсең қайтеді?" — деді. "Түк те емес!" — деп Писарев әкеме шолақ тонын кигізіп жатып сыған көзін сықсита мысқылмен жауап қатты, бойы тіп-тік, қара сақалды сұрқай жүзі әлі көз алдымда, жеңіл қара шалбардың сыртынан бос жіберген қисық жағалы қызыл жібек көйлегін, зермен көктеген қызыл мәсісін қазір де ұмытқан жоқпын. Біз жайбарақат үйге қайттық. Кешікпей ағыл-тегіл көктемгі қар суы тасыды да, Васильевскімен қатынасымыз екі жұмаға мүлдем үзіліп қалды. Пасханың алғашқы күні-ақ дүние құрғап, жер көктеп сала берді. Біз Васильевскіге бармақ болып гарантасқа отырып жатыр едік, кенет қақпадан аттың басы көрінді де, артынан қос доңғалақты жеңіл арба кіріп келді, үстінде отырған немере ағамыз Петр Петрович Арсеньев екен.

—Христос воскрес! — деді жайбарақат үнмен арбасынан түсе бере. — Васильевскіге жиналдыңдар ма? Дер кезінде қозғалыпсыңдар. Писарев өлмеймін деуші еді, бүгін ертеңгісін оянып, қарындасымызға барыпты да креслоға отыра беріп тырқиып қалыпты.

Біз үйге кіргенде Писаревті жуып, арулап қойған екен. Мәйітті жаңа ғана үстелге жатқызыпты, осыдан екі апта бұрын дәл осы залда, папиростың түтіні мен батар күннің кешкі шапағынан көзін сықситып босағада күліп тұр еді, қазір де өлікке ұқсамайтын секілді. Көзі тарс жұмулы, тек сарғыш тартып ісіңкіреп кеткені болмаса, кәдімгі ұйқыдағы тірі адамнан аумайды: көмірдей қара шашы мен қап-қара сақалын сәндеп тұрып тараған, үстінде жаңа сүртік, крахмалды ақ көйлектің жағасын қара галстукпен байлапты, кеудесіне дейін ораған ақ дәкенің астынан серейген екі аяқтың нобайы байқалады. Мен сескенбестен анықтап қарап алдым, тіпті маңдайы мен қолынан ұстап көріп едім, әлі жып-жылы секілді. Бірақ кешке қарай бәрі де өзгеріп сала берді. Бірінші қоштасуға шақырғанда залға кіріп келіп не болғанын мен енді ғана түсіндім. Батып бара жатқан күннің сәулесі терезені қан қызыл пердеге бояп тұр еді, бірақ өзен бойынан өрлеген ымырт, иен даладан кеулеп келе жатқан қарақұрық жердің жон арқасын ызғарымен суытып, түннің алғашқы алакеуімін әкелді де, онсыз да күңгірт зал балауыз түтінінен тұманға айналды, тұман ішіндегі ығы-жығы жұрттың қолында жалпылдаған бір-бір шырақ, табыттың айналасына қойылған шіркеудің үлкен шырағдандарынан түтін будақтайды, тұла бойыңды тітіренткен шіркеу қызметкерлерінің өкірген даусы әуелде үрейлі еді, кейін: "Христос о дүниеден қайтып келді" дегенде қуанғандай әндете созды. Мен бірде алға қарап, көк түтіннің ішінде бір күнде қап-қара боп барлығып кеткен өліктің бетін көріп түршігемін де, бірде артқа қарап, шырақ отынан ақ жүзі албырап, топтың ортасында монтиып тып-тыныш тұрған Анхенді көрген соң көңілімді қуаныш сезімі билеп, жаныма жұбаныш тапқандай боламын...

Түнімен елегзіп жаман ұйықтадым: ығы-жығы, бірін-бірі баса-көктеген халық күндізгі көргенімнің елесі болып, көз алдымнан бұлыңдап кетпей қойғаны, бәрі де абың-күбің асығыс: әбігерді үн-түнсіз басқарып жүрген өліктің өзі секілді — бөлме біткенді аралап, бір-біріне ақыл айтып, үстелдерді, кереуеттерді, кресло, комодтарды арлы-берлі сүйрелеп сапырылыстырып жатыр...

Ертеңгісін тысқа мас адамдай сенделіп шықтым. Күн ашық, тып-тыныш әрі жылы екен. Күн көзі кеуіп қалған баспалдақты жылытып тастапты, көгі тебіндей бастаған аула жап-жасыл да ағаштары сидиған сирек бақ енді-енді күшіктейін деп қалыпты. Айналамды шолып, қабырғаға сүйеулі тұрған табыттың көк-жасыл қақпағын көргенде зәрем ұшқаны. Баспалдақтан жүгіріп түстім де, бакқа қойып кеттім, күншуақта жалаңаш бақты аралап ұзақ жүрдім, ақыры ырғай түбіндегі орындыққа барып отырдым... Торғайлар дамылсыз шырылдайды, ырғайдың сарғыш гүлдері алақан жая бастапты, жердің ылғалы мен жас шөптің иісі кеңсірігіңді қытықтайды, бақтың тұнық тыныштығын бұзбастан сонау кең жазира жазықтың шетінде ұзақтар шуласып жатыр, сол жақтан кәрі қайыңдар мен көктемнің селдір тұманымен ұласып әлі жапырақ жая қоймаған сәмбі талдың тоғайы көрінеді... Қайда қарасаң да өлім, тек өлім, мақсатсыз да махаббатқа толы қымбат өмірге жөн-жосықсыз киліккен өлім!.. Неге екені белгісіз, ойда жоқта "Вильгельм Теллдің" кіріспесі есіме түскені — көптен бері Шиллерді оқып жүр едім, көз алдымнан тау, көл, қайықта ән салған балықшы елестеп етті... Көңілім жадырап, көкейіме алыстағы ғажайып бір бақытты елдің ғажайып, тәтті де әсем әні қонақтағандай болды...

Күні бойы есеңгіреп, масаң кейіпте жүрдім де қойдым, жүйкемді сірестірген бір қырсық бойымды жаздырсайшы: тағы да жаназа, тағы да қаптаған халық, бірі келіп, бірі кетіп жатқан көршілер, жан-жағынан бекітіп тастаған сәбилер бөлмесінде түкті сезбеген мұңсыз балалардың ойынын көзі жасты, көңілі күпті күтуші әйелдер бақылап кетіп жүр...

Мінеки, тағы да қас қарайып, тағы да залға жұрт жинала бастады, жаназаның басталуын күтіп, күбір-сыбыр көбейді... Шіркеу кызметкерлері келісімен сөз пышақ кесті тыйылып, шырақ жанған соң соңғы дайындық та бітті; мылқау тыныштықта шырақты шамның шайқалуы мұң екен, қоңыр дауыс боздап жөнелді — осының бәрінде, марқұмның ақырғы кешінде ерекше бір мән бар секілді көрінді, мен алдымыздағы барқытпен қапталған сәнді табытқа көз тастауға да қаймықтым; жалғастыра қойған екі үстелдің үстінде, бақидың қорқынышын шақырып жансыз сурет жатыр, табытқа жапқан алтынды жамылғыда, мәйіттің басындағы сүттей ақ жастық пен көкірегіне қойған алтынды иконда, мәңгілік ұйқыға кеткен қара сақалды суретте жаныңды түршіктірер сұмдық үрей бар еді, кеңсірігіңді ашытқан түтін мен ыстық ала сағымның ішінде қабағы салбырап, қап-қара боп кеткен бірдеме теңкиеді...

Түнде Георгий екеумізге төсекті тағы да шалдың бұрынғы кабинетіне салды. Үй іші тым-тырыс, жұрт та тынышталған, әлі де балауыз иісі кете қоймаған йен залдың есік-терезесін бекітіп тастаған, ішінен дьяконның бірқалыпты сабырлы даусы естіледі. Ағам шырақты өшіріп ұйықтап қалды. Мен киімімді шешпестен жата салып едім, шырақ сөнген соң көзімді жұмуым мұң екен, өзімді залда жүргендей сезініп, зәрем ұшып атып тұрдым. Жүрегім тарсылдап, әр дыбысқа құлақ түріп, тас қараңғыға үңіліп отырмын. Бұрын сезінбеген бөтен дүние, тыныштық та адамды албастыдай басады екен, тек зал жақтан түсініксіз бір дауыс келеді... Өзімді өзім зорлап диваннан түстім, кабинеттің есігін ашып, қараңғы дәлізден аяғымның ұшымен өттім де, саңылауынан жарық жылтыраған залдың есігіне құлағымды тостым.

— Патшам да сенсің, Жаратқан Ием, сен ұлысың, құдірет те сенсің! — деген есіктің ар жағынан дьячоктің асығыс та немқұрайлы даусы естіледі. — Жаратқан Ием өзенді тасытады, сенің даусың өзеннің тасқынындай, теңіздің толқынындай күшті... Сен алдымен жер мен аспанды жараттың, бұл да сенің құдіретің... Бұлардың бәрі де өледі, ал сен мәңгіліксің, олар шекпен секілді бәрі де тозады, ал сен өзгертіп қана киіндіресің... Жаратқанның даңқы мәңгілік болса екен. Жаратқанның ісі жаңғыра берсін!

Көзіме қуанышты жас келді, денем қалтырап, қараңғы дәлізбен асығыс артқы кіреберіске жүгірдім де, сол беттегі баспалдаққа шықтым. Үйді шыр айналып ауланың ортасына келдім. Түн қараңғы, кәдімгі алғашқы көктемнің тып-тыныш таза ауасы. Жер тоң, қара қатқақ. Жұлдызы жамыраған кіршіксіз көгілдір аспанмен жердің түйіскен тұсында болар-болмас ақшыл сызат қалыпты. Алыстан, тыныштықтың шырқын баяу үркітіп көктемгі тасыған өзеннің гүрілі жетіп тұр. Мен қараңғыға тесіліп, сайдың қарсы бетіндегі дөңді іздедім, жападан жалғыз жылтырап Виганд үйінің түнгі шамы әлі өшпепті. Қыз әлі ұйықтамаған-ау деп ойладым. "Құдірет өзен даусын тасытады, теңіз толқынын өзендей тасытады". Көзімнен жас парлап, алыстағы жалғыз шамның сәулесі жамырап кетті — бұл бақыт пен махаббаттың, үміт пен шексіз мейірімнің қуанышқа толы жасы еді.

ҮШІНШІ ДӘПТЕР

Көктемнің сол бір үрейлі кешін ұмытпайтыным, сол күні өлікті жерлеген едік.

Мен таңға жуық қана көз ілдім. Үйге бірден қайтып баруға дәтім жетпеді, өйткені жұлдыз сағымының астындағы қаралы үйдің нобайы қорқынышты еді, оның үстіне баспалдақ қасында табыт қақпағы сүйеулі тұрды.... Сол бойда далаға тарттым да басым ауған жаққа кете бардым... Қайта оралғанда шығыс белдеу ағараң тартып қалған, селоның бүкіл қораздары жарыса айқайлап жатыр екен, әлгі терістегі есіктен ұрлана кіріп, сол бойда ұйықтап кеткем. Бірақ кешікпей ұйқылы-ояу қалпымда алдағы жауапты минуттар қайта-қайта елегізіп, үш сағат ұйықтадым ба, жоқ па, тағы да атып тұрдым. Үй іші әлі де екі дүниеге бөлініп отырған: табыт тұрған залда өлім, екіншісінде, есік-терезесі қымталған барлық бөлмелерде күйбең тірліктің бітуін күткен күйбең тіршілік. Мен сол әбігер бітті-ау деген нық сеніммен оянып едім, марқұмның кабинетінде менімен бірге ұйықтаған ағамның қаннен қаперсіз темекі шегіп отырғанын көріп таңғалдым, үстінде ішкиімнен басқа лыпа жоқ, жамылғысы салбырап еденде жатыр, есік сыртындағы дәлізде абың-күбің аяқ дүбірі, әлдекім әлденені сұрап жатыр, әлдекім қысқа ғана жүре жауап қатуда. Шаруа жайын басқаратын қызметші әйел кіріп, үн-түнсіз тағзым етіп, шай теңдеген табақты жазу үстеліне қойды да, бізге қарамастан асығыс шығып кетті. Мен қолым қалтырап киіне бастадым. Алтын түсті ескі қағазбен қапталған кабинет іші қарапайым, тіпті көңілді десе де болады, біздің ертеңгі тірлігімізді еске салғандай папиростың түтіні қалқып жүр. Ағам темекісін шүйіріп, Писаревтің кавказ мәсісіне қарап қояды, мен оны осыдан екі жұма бұрын сығандай сылқым иесінің аяғынан көріп едім, енді жазу үстелінің астында тымпиып жатыр. Мен де қарап отырмын: иесі жоқ, мәсі жатыр, қаншаға дейін, мүмкін жүз жыл жататын шығар. Қазір өзі қайда екен, ғасырдың аяғына дейін қайда болар екен? Егер рас болса, ендігі біздің атам-заманда өліп, ертегіге айналып кеткен әжелеріміз бен аталарымызға кездескен де болар, сонда ол қазір кім? Япыр-ау, мынау залдағы үстел үстінде, қақпағы ернеуіне үйлеспеген табыт жәшігінде жатқан құбыжық сол ма? Тұқылына дейін жанып таусылған пұшық шырағданның алакеуім сағымында, соны шыр айналдыра қадаған күлді-көмеш қағаздың ортасында талма түске дейін дым сызбай серейіп жатқан да сол ма? Осыдан екі-ақ күн бұрын, дәл осындай ертеңгі шақта, жуынып-таранып, сақалын сылап, көрші бөлмедегі әйеліне кірген кім? Жарты сағат өтпей жатып сол бөлменің еденінде былқ-сылқ еткен тыржалаңаш денесін арулап жуған өліктің иесі кім еді? Иә, соның өзі деп ойладым, дәл бүгін, дәл қазір ең соңғы рет, тірі кезінде титтей де қарым-қатынасы болмаған шіркеу рәсімінің азабына түспек, осы уақытқа дейін мен көрмеген дүниедегі ең ғажайып салтанатқа тұңғыш рет куәгер болмақпын, демек, гимназияда жаттай-жаттай жалықтырған мына бір сөздің мән-мақсатын түсінетін болдым: "Үш тәулік өткен соң дүние салған христианның денесі храмға қойылуға тиіс... Оған жақындары, туысқандары мен дос-жарандары жиналып, мәйітті айланып жүріп, Тозақ сотына, барлық бақұл болғандардың табыттан оянуына дейін марқұмның жан тыныштығын тілеп дауыс қылуы тиіс"... Кенет сол христианиннің Писарев екеніне ғажап қалдым да бүкіл өлген-жіткендер бақидан қайтқанша марқұмның қанша мерзім күтетінін ойлап шошындым, құдды сонан соң мәні де, мақсаты да, мерзімі де жоқ әлдебір мәңгілікте белгісіз дүние басталатындай...

II

Өлікті шығарғанда да қадағалап қарап тұрдым. Табыт көтерушілер мерекедегідей таза киінген, шетінен тоқ, қарулы жас жігіттер, бірақ Писаревтің туған шаңырақ, жарық дүниемен қоштасар сәтінде бәрі де сескеніп, бастарын теріс бұрып, өлікті үстелден сырғытты да, зілдей денені ақ дәкеге аударып зорға көтерісті. Сол кезде маған тағы да оғаш көрінгені — күміс тағанды абажадай, көгілдір барқытпен тысталған жексұрын табытта әлдебір әулие, сонымен қатар жалған дүниеге қажетсіз бір пенде жатқандай болды. Қара сүртіктің жеңінен сорайған ағаш қолын көкірегіне айқастырып, жансыз ағаш басы қалтаңдап, иінтірескен көптің ортасымен көк түтінді қақ жара, аяғымен ашық есікке қарай сырғи жөнелді — енді ол бұл үйдің босағасын мәңгі-бақи аттамайды — мынау кіреберіс ауызды, баспалдақты, жарық дүниені, анау қалың тобырдың төбесіне қарап тұрған Христостың керіп тастаған бейнесін, табыттың қақпағын көтерген екі мұжықтың ту сыртындағы кең ауланы енді қайтып көре алмайды. Табыт көтерген жігіттер осы тұста аялдап, қызарып кеткен желкелерінен дәкенің ұшын босатып еді, дьякон да даусын соза түсті — "жарықтық бақиға аттанды, енді ол жаратқанның жанында соның құдіретін мадақтап ауыз жаппайтын әулиелер рухының патшалығына қосылмақ"... Ауланың сыртында, тура баспалдақпен тұспа-тұс шошайған биік мұнара осы кезге дейін жай ғана мұңға толы жылаңқы дыбыс шығарып тұр еді, кенет қаңғыр-күңгір қоңырау қағып, қасірет шақырды да, аула толы тазысы бар, көкпегі бар шошынған иттердің бірі абалап, бірі ұлып азан-қазан болды. Мұның жан түршіктірген дарақылығы соншалық, апайымыз ұзын сарафанның етегіне шалынып, еңіреп жіберді де қатындар сыңсып, табыттың шетінен демеп тұрған әкемнің жеркеніштен бет-аузы жыбырлап кетті.

Мен шіркеуде де өліктің сұп-сұр бет-жүзінен көз алғаным жоқ: мәйіт салтанат қақпасының қарсысында, шарбы бұлттың сұлбасын салған бітеу күмбездің астына қойылған еді, тастөбедегі дөрекілеу сұрғылт үшбұрыштан жанары суық, кекесін жүзбен Құдайдың суреті қадалып тұрды. Жоқтау басталған, марқұмның танауы сорайып, жылтыраған жұп-жұқа еріннің үстіндегі едірейген мұрты мен көмірдей қара сақалын көрдің қағаз веногымен қымтап тастаған. Мен осыған қараймын да ойлаймын: марқұм енді бағы заманның ұлы князьдерінен аумайды, ол енді мәңгілік әулие-әнбилер мен бақиға кеткен біздің ата-бабаларымыздың санатына қосылған шығар... Дауыс марқұмның төбесінен әлі сұңқылдап тұр: "Күнәдан пәк пендесі Құдайдың құзырына да сыяды", ал мен болсам оны аяп, қиналып, өзімді ақтап тұрмын: қазір ғой көбесі қап-қара сірескен саусақтарына қапшық кигізеді де, кебінмен жауып, қақпағын шегелейді, содан соң алып шығады да көміп тастаған соң бәрі де тарқасады, бәрі де ұмытады; жылдар өтер, менің ұзақ та бақытты ғұмырым бұлыңғыр, мүмкін жарқын болашақта, ал ол, дұрысы бас сүйегі мен қаңқасы шөп басқан қараңғы қапаста, мына шіркеудің іргесінде жатады, жата береді, көп болса басына ағаш егер, заман өткенде ақ балтырлы сабалақ биік қайың жапырағын жайып жазғы самалда теңселіп тұрар... Соңғы құрметтің ырымын жасап, ернімді қағаз букетіне тигізіп едім — құдай сақтасын, жеркенішті суық та сасық иіс мүңк ете қалғаны, көктемнің жып-жылы шуағында нұрға шомылған шіркеудің торлы терезесінің тура алдында, букет астындағы қаңылтырдай қатып қалған сұп-сұр тас маңдайдан шошығанымды айтсай... Соңынан мен шіркеу сыртындағы ескі молалардың ішінде, генералдар мен секунд-майорлардың басына қойылған құлпытастардың арасында жүріп, жонып тұрып тік қазылған сары балшықты терең шұңқырға қарадым да тұрдым: көк-жасыл барқытты табыт пен күміспен апталған кресті аямастан жас топырақты күрсілдетіп лақтырды дейсің. Өзімді-өзім қайрап, берік болуға тырыстым, шіркеу күмбезіндегі бозғылт тас аспаннан қадалған құдайдың суық жанарын көз алдыма елестеттім, бір аптадан соң анау табыттың ішінде не болар екен, уақыты келгенде мен де соның ішінде жатармын-ау деп ойладым... Бірақ соған сенгім де келмеді, сөйткенше моланы жермен-жексен қылып көміп те тастаған еді. Анхен бәтестен жаңа көйлек киген екен... Соңғы дауыс жан жібітер нәзік, жұбаныш ретінде қам көңілді сергітті де, тағы да шуақты күннің шыңылтыр ауасына салтанаттың үні тарады... Бір адамның бақиға кетуімен дүние кеңіп, жасарып, жайнай түскендей болды...

III

Зираттан қайтқанда апайымыз көзін орамалмен басып қайта-қайта сүріне берген. Қатарына ілесіп, шынтағынан мықтап ұстаған әкем мұндайда тегін айтыла беретін бос сөзбен жұбатқан болып келеді:

— Айналдым, сені жұбатқаннан пайда жоқ, тек бір ғана айтарым: есіңде болсын, кеткен адамның артынан жылау күнә, дүниеде сен жалғыз емессің, жаныңда жанашыр ағайын бар, өмірдің мақсатына жеткізер бала-шағаң бар, ең бастысы, сен әлі жассың, болашағың алда...

Әкемнің қасында дворян картузын қолына ұстап ескі досы, доп-домалақ семіз помещик келе жатқан, күнқақты бидай өңді, қиықша көзінің ағындағы тарыдай сап-сары дақтарына бала кезімнен таңырқай қараушы едім. Үстінде күнде кие бермейтін сүртік, крахмалды көйлек, аса семіздігінен терлеп-тепшіп, ыңғайсызданып әрең келеді. Өкпесі қабынғандай пысылдап, шаршап-шалдығып, ол да әкемнің сөзін қайталаған болды:

— Вера Петровна, менің де саған айтарым бар: әкесі дүние салған соң марқұмға басалқы болған мен едім, өкіл әкесі болған соң шоқындырған да мен, екеуіңнің некелеріңді қиған да, бата берген де мен болатынмын, менің қайғымды да түсініңіз... Сосын өзіңіз білесіз, мен қосағымнан ерте айырылдым ғой... Александр өте дұрыс айтады. Мұжықтардың не дейтінін білесіз бе? "Өлім күн секілді, оған тіктеп қарай алмайсың". Иә, қарай алмайсың, қараудың да қажеті жоқ, әйтпесе өмір сүре алмайсың... Мен болсам ыңқылдап-күрсілдеп келе жатырмын, ол болса жоқ, осының өзі бір түрлі ыңғайсыз секілді, бірақ бұл біздің еркімізден тыс жазмыш емес пе?

Мен оның жалпақ желкесіне, тықырлап қырған көкбурыл басына, күнқақты қып-қысқа саусағындағы некелік сақинасына қарап келемін... Қараймын да айтқанындай, бәрімізге де бір түрлі ыңғайсыз екенін сеземін, дегенмен, үш күнге созылған азаптан соң тағы да жер басып жүргеннің өзі неткен бақыт, мен осыны түсіндім: көктемнің барқыттай жұп-жұмсақ шымы қандай, күннің мап-майда шуағына шәпкеңді шешіп тастап, маңдайыңды тоссаң да рақат, тоғай біткенді шулатып, әр түрлі үнге басып, өздерінше думандатып жатқан ұзақтардың даусы да әнге бергісіз, апайымызға жаңа бір жанашырлық көзбен қарап, оның қайғы-қасіретін түсініп, оның жастық кейпінің көркемдігіне қызығу, ең соңында бүгін бақ ішінде Анхенмен кездесетінім есіме түскенде жүрегім лүпілдеп жөнелді...

Иесі кеткен соң үй де жаңарып қалған сияқты. Еден мен әйнек біткен түгел жуылған, үй-іші тап-тұйнақтай жиналып, ашық терезелерден күннің шуағы, таза ауа лепіп тұр. Аруаққа арнап ас берілетін дастархан жайылған залдың босағасын аттай бере, күні бойы мазамды кетірген табыт басындағы күңірсік иіс тағы да лап ете қалғаны. Бірақ дымқыл еденнің сызымен, жан-жақтан ескен көктемнің лебімен араласқан бұл иіс көңіл жадыратып, өлім үшін емес, өмір салтанаты үшін жайылған дастархан — асжаулық, айыр-қасық, рюмкалар, графиндер ерекше жайнап тұрды... Дегенмен, байлығына қарамай дөрекілеу берілген ас тым ұзаққа созылды да қажытып жіберді: жоқтау айтқан масаң жұрт қайта-қайта орындарынан тұрып, бет-бетімен жамырап, әлгінде ғана шіркеу іргесіне көміп кеткен түсініксіз пенденің мәңгілік есте қалуына бағыштап маңыраған сұңқылы салтанатты бөле берді. Дастархан үстінде әкемнің маған айтқан жұбатуы есімде:

— Білем, жаным, білем сенің жағдайыңды. Біз болсақ жасарымызды жасап, асарымызды асап қалдық, ал сен болсаң өмірдің табалдырығын енді аттадың, жүрегің де заман ырқына үйлеспейді... Не ойлап отырғаныңды сеземін.

IV

Писаревті жерлеген соң Васильевскіде мен тағы да жарты ай болдым, түсініп болмайтын өмір қияметі мен оның ақырын көзіммен көріп, екі түрлі сезімде қатты толқуда жүрдім де қойдым.

Мені қинаған тағы бір жағдай — жуырда Анхен үйіне қайтпақ еді (дегенмен осы ажырасудан ащы да болса өзіме бір ермек іздеген секілдімін).

Әкем мен Петр Петрович апайымыздың көңіліне бола Васильевскіде біраз аялдамақ-ты. Мен де қалдым, қызға деген ынтық-зарым күн сайын қыза түскен, бірақ тек Анхен үшін қалғаным жоқ: Писарев кітаптарының ішінен кездейсоқ қолыма түскен "Фауст" менің бүкіл назарымды жаулап алды да содан айырылғым келмеді...

Мұндағы тірлік те екіұдай. Қайғының сызы әлі кете қоймаған, бірақ құлпырып келе жатқан көктемнің көңілді әсері ме, тіршілік тез қалпына түсіп, көптеген өзгерістер көңілге тоқтық әкелді. Өмір өшкен жоқ, сондықтан оған құлшына кірісу керектігін бәрі де сезді.

Үй ішін тәртіпке келтіріп, біраз өзгерістер жасалды — ескі жиһаздардың талайын шатырға шығарып тастап, бөлмедегі мүліктердің орным ауыстырды, апайымыздың түнемелін балалардың бөлмесіне әкелді де бұрынғы ерлі-зайыптылардың түнемелін кіші қонақ бөлмесіне қосып үлкен бір зал жасады... Содан соң марқұмның бүкіл киімдерін бір жаққа тығып тастады, бірде баспалдақ сыртында мундирін, қызыл жиекті картузы мен түбіт кеудешесін тәптіштеп тазалап, үлкен көне сандыққа салып жатқанын көріп қалдым... Үй шаруасында да жаңа тәртіп орнады: оны басқарған әкем мен Петр Петрович, қашанда қожайын мен жалшы арасындағы әдет қой, жаңа тәртіптен жаңа тыныс, жақсылық бола ма деп үміттенген жұмысшылар алғашқы кезде жағынуға тырысып бақты. Бұған мен де қуанып едім. Бәрінен де қуаныштысы, апайымыздың бірте-бірте өмірге қайта оралуы еді, ептеп есін жиып, сабырлы да жайдары бола бастады, кейде дастархан басында балалардың жоқтан өзге сұрақтарына күлетін болды, ал әкем мен Петр Петрович оған қатты көңіл бөліп, жылы сөйлеп, бабын тауып жүрді.

Кешікпей мұңға толы қуанышты күндерді мен де кештім. Кешкілік Анхенмен қоштасамын да, сол қоштасудың әсерін ұмыта алмай, ертең де жолығатын шығармын-ау деген арманмен үйге келіп кабинетке құлаймын да тәтті ұйқыға кетемін. Ертеңгісін қолымда кітап, күн шалған бақта, өзеннің арғы бетіне безе жөнелгім келіп, Анхенді алыс бір жаққа ала кетсем деп шыдамсызданып отырамын. Бізге Вигандтың кішкентай қыздары еріп жүретін, бірақ олар жүгіріп ілгері кетіп қалады да екеумізге ешқашан көзтүрткі болған емес... Тал түсте үйге қайтамын, түскі тамақтан соң "Фаусты" қайталап оқып, тағы да кешкі кездесуді күтемін... Кешкілікте бақтың шетінен жаңа ай жүзіп шығады, құйқылжытып бұлбұл сайрайды. Анхен менің тіземе отырып алады да тас қылып құшақтайды, мен оның жүрегінің дүрсілін естіп, тұңғыш рет әйел салмағының ләззатын құшамын...

Ақыры ол кетіп тынды. Өмірімде дәл сол күнгідей жылаған жоқ шығармын. Армансыз жыладым, өте бір нәзік сезіммен дүниенің ғажаптығын, өмірдің тәттілігін, адам тәні мен жанының әдемілігін Анхендей ашып берген ешкім жоқ болар. Кешкісін өксік басылып, жас тыйылған соң мен тағы да үйреншікпен өзеннің арғы бетіне өткем, сол кезде алдымнан Анхенді апарып қайтқан тарантас кесіп өтті де арбакеш атын тежеп, осыдан бір ай бұрын өлеңдерімді жіберген Петербург журналының жаңа нөмірін ұстата салды. Табан астында ашып жібергенімде атымның сиқырлы алғашқы қарпі жарқ етіп көзіме оттай басылды...

Келесі күні Батуриноға таң бозынан жаяу тарттым. Әуелде таңғы тұман бүркенген сүдігірді қақ жарып, тапталып қалған құрғақ сүрлеумен жүріп едім, одан соң Писарев орманына түстім: сағал-сағал күн шапағына малынған көкорай, шулаған көктемгі құстар, ескі шөптің әр тұсынан енді ғана гүл жарған қызғалдақтар тесіп шыға бастапты... Батуриноға келгенде анам кіртиген көзімді, жүдеу өңімді көріп, екі қолын ербеңдетіп жылап жібере жаздады. Мен бетінен сүйіп, қолына журналды ұстаттым да шаршағаннан сандалып өз бөлмеме кеттім, шөгіп, тозып бара жатқан өз шаңырағымды тұңғыш рет танымай қалдым...

V

Бұл кезде мен бар болғаны он алты-ақ жаста едім. Бірақ Батуриноға келген соң менің ер жетіп, есейген шағым осымен басталған шығар деп ойладым.

Қыс күндерінің өзінде-ақ кез келген ересек адамға қажет көп нәрселерді білетін сияқты едім: аспан әлемінің құпиясы, мұз дәуірі, тас дәуірдің жабайы адамдары, көне ғасырдағы халықтар, Киев Русі, Американың табылуы, француз революциясы, байронизм мен романтизм, қырқыншы жылдардың адамдары, Желябьевті де, Победоносцева де, менің санама сіңген тұлғалар мен кейіпкерлердің өмірін, солардың сезімі мен тағдырларын айтпағанның өзінде, құдды әркімнің білуіне қажет дейтұғын Гамлеттер, Дон-Карлос, Чайльд-Горальд, Онегин, Печорин, Рудин, Базаровтар... Өмірлік тәжірибем де жетерлік сияқты. Кәдімгідей қатты шаршайтын болдым, бірақ өмірді жаңадан, мүлдем басқаша "жасауым" керек деген сенімім де мол. Сол өмір неден басталуы керек еді? Менің ойымша, тіршіліктен алған әсерің мен сүйікті деген ісіңнің ішінде поэтикалық ерекше қуаныш әкелетін сәттерді сезінуің керек, соған өзімнің алабөтен құқым бар деп санадым. "Біз өмірге керемет қомағайлықпен келдік..." Сол керемет қомағайлықпен мен де келдім... дегенмен, соған менде негіз бар ма еді? Менің болашағым әлі алда екенін сеземін, қайнап тұрған жастық жігерім бар, жаным таза, денім cay, бет-жүзім кәдімгідей сымбатты, тұла бойымда тұрпайы ештеңе жоқ, қимылым батыл, жүрісім ширақ, жасқанусыз шапшаңдық, керек болса ат құлағында ойнаймын. Бозбалалық пәктігімді, жанашырлыққа жақын тұратын пейілімді, шыншыл екенімді, нас пиғылды жаным жақтырмайтынын санаммен сезінемін. Ақын парасаты қашанда биік, "поэзия — тіршіліктің қасиетті қиялын тербейтін құдай", "өнер — рақат өмірге апаратын соқпақ" деп жатпай-тұрмай жырлайтын ақындардың өлеңін жаттай келе, өзімнің табиғи талантымның әсерімен рухани қуат жинаған секілдімін. Кейде Лермонтов пен Гейненің ащы өлеңдерін, дүниеден баз кешіп, терезеден айға жалбарынатын Фаустың зарын немесе Мефистофельдің мазаққа толы кекесін сөздерін оқып отырып, қам көңілде отырып та жанымды жадыратар қуаныш тапқан кездерім де болған... Сөйте тұра ұшуға қанат қана емес, ауа да, ауаны қозғайтын леп те керек екенін ойламады дейсіз бе?

Қолына қалам ұстап, өзінің атын баспасөзден алғаш көрген жас талапкерлердің бастан кешкен асқақ сезімі менде де болған. Бірақ мен жалғыз қарлығаштың жаз әкелмейтінін жақсы білгенмін. Әкем ашуланған кезде мені "дворянның өспей қалған мешелі" дейтұғын; мен өзімді жүрдім-бардым білім алған жалғыз мен емеспін ғой деп жұбататынмын; бірақ бұл жұбаныштың күмәнді екенін де білемін. Бәрібір, іштей Арсеньевтер екенімізді аса мақтаныш тұтатынмын (кітаптан, ағамыз Георгийдің әсерімен көптеген қиғаш пікірлермен сабақтас болғаныма қарамастан). Сөйте тұра, бізді барған сайын кедейліктің басып бара жатқанын, сол кедейлікке бәріміздің де немкетті қарайтынымызды да сеземін. Өстім, ер жеттім, ағаларымның, әсіресе Георгийдің қабілетіне қарамастан мен өзімді әкемнің жалғыз мұрагерімін деген сенімде болдым, өйткені қаншама кемшілігін көрсем де оның қадірін қатты бағалап, мен білетін адамдардан әкемнің тұлғасын қашанда биік қоятынмын. Бірақ әкем баяғы бозым емес; бүгін бәріне қолды бір-ақ сермеп, көбіне ішумен жүреді, соның ылғи да барлыққан жүзін, қырылмаған көктұқыл иегін, дудыраған шөмеле шашын, аяқтағы жыртық туфли мен үстіндегі севастополь заманынан қалған бой-бой бешпентін көргенде жерге кіргендей боламын. Ал қартайып бара жатқан анамды, бой жетіп қалған Оляны ойлағанда бойымды зілдей мұң басады. Жиі-жиі өзімді де аяп, мес қылып сөгіп аламын, жалаң окрошканы қанағат тұтып, өз бөлмеме, кітаптарыма, бар байлығым — карелия қайыңынан жасалған атамнан қалған қобдиға келемін, менің ең қымбат нәрселерім де осында сақталатын — "элегиялар", өлеңнің алғашқы нұсқалары, темекі мүңкіген сұрғылт қағаздары да осы деревняның ләпкесінен сатып алынған...

Оқта-текте әкемнің жастық шағын ой елегінен өткіземін: менің жастық дәуренімнен жер мен көктей айырмасы бар екен; сол кездегі бақыттымын деген бозбалаға не қажет, соның бәрі қолында болыпты — атақ-дәреже де соныкі, дәулеттің арқасында молшылыққа малтып жүріпті, қалай шашам десе де өз еркі екен, жастық дәуреннің қызығы мен қылығына ешбір тыйым болмаса керек, қысқасы, қайда барса да Арсеньевпін деген тәкаппарлықты жырта пайдаланған. Ал менде карелия қайыңынан құраған қобди, ескі қосауыз мылтық, Кабардинка дейтұғын арық бие, ақжемтір болған қазақ ер-тоқымы... Әсем киініп, сыпайы-сылтаң болғым-ақ келеді. Қонаққа шақыра қалса, кезінде Георгиймен Харьковтың түрмесіне барып қайтқан ескі сұр пенжақты киюге тура келеді де отырған жерімде ұялғанымнан қайда тығыларымды да білмеймін. Мынау менің меншігім-ау деген сезім менде болған емес, бірақ байлықты да аңсадым, үлде мен бүлдеге орансам дедім, соған лайық тәннің де, жанның да еркіндігін көкседім. Арманым алыс бір саяхат болды, әйелдің асқан сұлуын құшып, көңілдес, пікірлес тамаша достардың, мақсаты бір замандастардың ортасын ойша бопсалап, қиялмен көз алдыма елестеттім... Ақыры, аяғым уездік қаладан әрмен қарай аттап баспағаны есіме түседі, былайғы дүниені күнде таптап жүрген бел-белестер мен қу дала күргейлеп тастапты, көргенім мұжықтар мен қатындар екен, айналам екі-үш қана шағын усадьбалар, араластым дегенім Васильевское болып шықты, менің бар арманымның мекені — бұрыштағы ескі бөлме, оның да терезе кәсегі шіріп, әйнегі баққа қарап теріс бағынып тұрған жоқ па...

VI

Бақ гүлін сауып, жапырақ жамылды, күні бойы бұлбұл сайрайды, күні бойы менің тереземнің төменгі жақтауы ашық тұрады; төрт бұрышты ұсақ шыныдан құраған ескі терезе, қарайып кеткен емен тақтайлы төбе, емен кресло, дәл сондай қапталы жылтыр ескі кереует — осының бәрі көненің көзіндей маған бұрынғыдан да жылы ұшырай түскен тәрізді... Алғашқы кезде бар бітіргенім, қолымда кітап, шалқамнан түсіп жатамын да қоямын, кейде шолып-шолып оқыған боламын, әредік бұлбұл үніне құлақ түремін, көбіне алдағы тіршілікті ойлаймын, сөйтіп жатып ұйықтап кетемін де, ояна келгенде дүние мүлдем жаңарып кеткен сияқты болып көрінеді, қарным ашқандай, тұра салып шынылы есікті дүңгіршектегі буфетке варенье іздеп жүгіре жөнелемін, немесе бір үзім қара нан үшін көпшілік бөлмесіне барамын — күндіз мұнда тірі жан болмайды, тек қараңғы бұрыштағы қара-қожалақ жылы пештің үстінде Леонтийдің жататыны бар, сорайған ұзын бойлы, бір жапырақ қызылы жоқ тыртиған арық, қауғадай сары сақалды бейшара кәріліктен бет-аузы түлей бастаған, тегі әжемнің аспазы еді, баяғыда өліп қалатын байғұс еді, тек көрден де бетер осы тірлігін қимай жүрсе керек... әлде бүгін-ертең келетін бақыттан, орнай қалатын бақытты өмірден үміткер ме?! Ол үшін жиі-жиі қатты ұйқыдан атып тұрып, бір үзім қара нанға жүгіре жөнелгеннің өзі де жеткілікті, болмаса балконнан шайға шақырған дауысты ести қалсаң, тіпті рақат, шай үстінде ат ерттеп көлеңке шалған қара жолмен басың ауған жаққа шаба жөнелуді ойлап отырсаң да болады.

Айлы түндер ұзаққа созылды, кейде мен түн ортасында, бұлбұлдың да жағы семген кезде оянып кететін едім. Дүние тым-тырыс, мені оятқан да осы тыныштық па деп қаламын. Жоқ жерден үрей басады — есіме Писарев түседі, қонақ бөлменің есігінде сорайып әлдекім тұрған секілді. Енді бір сәтте зым-зия жоғалады да орнында бұлдыр бөлменің бұрышындағы қаракөлеңке ғана қалады, ал ашық терезенің ар жағындағы айлы бақ күмістей жалтыраған сәулесімен тыныштық патшалығына шақырады. Ақырын тұрып, қонақ бөлменің есігін жайлап ашқанымда чепшик киген әжемнің портреті қабырғадан маған қарап тұрады, көзіммен залды тінткілеп шығамын, қыс күндері талай-талай айлы түндерді осында өткізуші едім... Қазір бір түрлі аласарып, құпиясы көбейіп кеткен тәрізді. себебі жаздың күндері оң жақтан түсетін ай сәулесі қазір бөлме ішін қақпаған соң күңгірт тартқан: терістегі терезенің тұсындағы жапырақты үйеңкі қалың бұтақты көлдей шатырымен әйнек көзін бітеп тастаған... Балконға шыққан сайын түннің ғажайып көрінісіне көзім талғанша қайта-қайта таңғалып қараудан жалықпаушы едім: бұл не ғажап, бұған не десем екен?! Осындай түндерді көргенде бүгін де сондай сезімде боламын. Сол сезім қандай еді, сол сәттегі шық басқан ошаған жапырағының иісі дым тартқан көгалдан неге бөлек болды? Ай сәулесіне сыңар жамбасын ғана төсеп, көк аспанға шаншылған шыршаның ұшар басы сонау алыстағы жымың қаққан жұлдыздарды қытықтап тұрғандай, моп-момақан жұлдыздардың әсемдігі соншалық, оларды әлемге әкелген жаратқан екеніне сенсең де соларға қарап тағзым еткің келеді. Үй алдындағы йен алаңға мен танымайтын белгісіз сәуле төгіліп қалыпты. Оң жақтағы бақ төбесінен, көкжиектен көтерілген он төртіндегі толған айдың бетіндегі қарайған белгісіз ноқта оның шақырайған жарық жүзін қасақана ашып тұрғандай. Біз екеуміз, ежелден таныс екеуміз, бір-бірімізден бір нәрсе күткендей бір бірімізге телміріп ұзақ тұрамыз... Сонда не күтеміз? Менің білетінім, әйтеуір екеумізге де бір нәрсе жетіспейді...

Мен көлеңкемді ертіп, шық басқан алакеуім алаңқаймен тоғанға апаратын шұбар шымылдықты аллеяға кірдім, ай да артымнан ақырын жылжып ілесті де отырды. Жан-жағыма шола қараймын — айнадай мөлдір ай сағымы ағаш бұтақтарын тесіп өтіп, жапырақтардың жыбырлаған көлеңкесінен сан түрлі сурет сызып жамырап тұрды. Оң жақтағы бөгетке іркілген жалпақ тоғанның беті жап-жалтыр, мен шық кешіп соның түйетайлы жағасында тұрмын. Ай да тұрды. Жан-жағыма қараймын. Ай да қарап тұр. Жағаға таяу, тура менің аяғымның астында, судың сонау тереңінде түпсіз қаракөк аспан жатыр, сол түпсіз тұңғиықта бастарын қанатының астына тығып бір топ үйрек тып-тыныш ұйқыда салбырап тұрған тәрізді: тоғанның арғы бетінде Глебочканың некесіз әкесі помещик Уваровтың усадьбасы қарауытады; қарама қарсыда ай жарығымен шағылысып сары балшықты жалаңаш дөң, оның арғы жағынан деревня қотаны мен бірнеше үйлердің сұлбасы көрінеді... Құлаққа ұрғандай тыныштық, мұндай тыныштық тек тірі нәрсеге ғана тән. Кенет су бетін быт-шыт қылып бет алды барқылдаған үйректердің даусы күн күркірегендей бақтың ішін жаңғырықтырып жіберді... Мен тағы да тоғанды жағалап ілгері аяңдағанда ай да ыздиған ағаш басын шалып, маған еріп дөңгелей жөнелді...

Сөйтіп екеуміз бақты шыр айналып шықтық. Екеуміз бірігіп тек бір ғана нәрсені ойлаған тәріздіміз: өмірге деген шексіз махаббат, оның тылсым қуанышы, менің жұмбақ та бақытты болашағым, әрине Анхен туралы. Тірі Писаревтің де, өлі Писаревтің де бейнесі көңілден көшіп кеткен. Қонақ бөлмесіндегі портреттен басқа әжемнен не қалды? Писарев те солай: оны ойласам менің көз алдыма Васильевскідегі үлкен портреті ғана елестейді, ол да баяғыда, үйленген кездегі ескі суреті (расында, мәңгілік өмір сүремін деп үміттенген). Әрине, өткендегі бір елестер де тақымдап қалмайды: қазір сол адам қайда, оған не болды екен, әлгі қалған ғұмырын жалғастыратын мәңгілік өмір дегеніміз не? Бірақ жауапсыз көп сұрақтар бұрынғыдай көп қобалжытқан жоқ, қайта жұбата түскен сияқты: оның қайда екенін бір құдайдың өзі ғана біледі, десек те сол құдайды түсініп жүрген мен жоқ, әйтеуір оған сенуім керек, сенемін де, өмір кешіп, бақытты болуым үшін.

Анхен мені ұзақ қинады. Тіпті, күндіздің өзінде де бір нәрсе көрсем де, бір нәрсені сезінсем де, оқысам да, ойлансам да көз алдымда тұрады, оған деген нәзік құштарлық, соған байланысты еске оралған оқиғалар, оны қатты сүйетінімді енді ешкімге айта алмайтын өкінішім, мынау жарық дүниеде екеуміз бірге көрер қаншама ғажайып қалып бара жатыр; ал түн баласын айтып жату артық болар, түн баласындағы менің есіл-дертім сол. Бірақ уақыт озған сайын өткеннің көбі аңызға айналып, Анхен де өзінің тірі бейнесін жоғалта бастады: бір кезде оның қасымда жүргеніне, қазір де бір жерде жүр-ау дегенге күмәнданатын болдым; бүгінде ол туралы ойым да, сезімім де поэзияға көшкен, жалпы махаббат болып, әйтеуір көрікті әйел жұрағатының образына айналды...

VII

Жаздың басында жыл сайын жаздырып алып тұратын "Неделядан" Надсон өлеңдерінің толық жинағы жарық көргенін оқыдым. Ақынның аты ол кезде түкпірдегі мылқау провинцияда да дүрілдеп тұрған. Надсонды менің де ептеп оқығаным бар, бірақ қаншама тырыссам да ойымды тербете қоймады. "Кеудемде менің өлсе екен, күдіктің уы мейірімсіз" — бұл әншейін бос сапырылған өтірік сөз сияқты болып көрінген. "Көк жасыл сабақты" батпақтың қырық буыны саусағын жайып тоған басында өседі дейтін өлеңсымақты жаным жақтырмайтын. Бірақ бәрібір, Надсон "мезгілсіз шейіт кеткен ақын", "түстіктегі көк барқыт теңіздің жағасында, кипарис пен раушан гүлінің арасында өшіп кеткен" мұңға жерік жалынды жас... Мен оның қайтыс болғанын қыста естіп, денесін салған темір табытын салтанатпен жерлеу үшін "аяз керген тұманды Петербургке" жібергенін оқығанда түскі асқа өңім қашып, толқып шыққан екенмін, әкем түрімді көріп шошып қалса керек, қайғымның себебін айтқанда ғана көңілі орнына түсті.

— Тәйірі-ай, тек сол ма еді?! — деп Надсонның өлімін естігенде ренжіп қалды да, — сенің миыңа да жоқтан өзге тыныштық бермейді екен! —деп мені қыжыртып тастады.

Артынша "Неделяда" басылған мақала одан сайын менің мазамды кетірді. Бір қыста Надсон даңқы аспанға шырқады. Сол даңқ менің шақшадай басымды шырқ айналдырғаны соншалық, мен де сондай даңқтың тұғырында тұрсам деген арман тағат таптырмай, дәл осы кезден, дәл осы сәттен бастап жатпай-тұрмай қарманып қал деген өлермендік ойға жетеледі де, ертесімен тұрып Надсонды іздеп қалаға аттанбақ болдым. Надсон деген кім өзі, поэтикалық өлімінен басқа бүкіл Ресейді тамсандыратын несі бар екен деген сұрауға тәптіштеп тұрып жауап іздегім келді. Баратын көлік те жоқ, Кабардинка ақсап қалған, жұмыс аттары арық әрі сиқы да жоқ, енді тек жаяу тартуым керек. Сөйттім. Қала отыз шақырымға жуық. Ерте шығып едім, шыжыған ыстықта елсіз үлкен жолмен аяқ суытпастан безіп ұрып, үш сағат өтпестен Торговая көшесіндегі кітапханаға кіріп бардым. Ұзынша тар бөлменің төрт қабырғасы төбесінен етегіне дейін түптелген кітаптармен нығыздалған сөрелер, солардың ортасында маңдайына тоқпақтай бұйра шаш түйген бикеш есінеп отырып менің жолсоқты, күнқақты болған жүзіме таңдана қарады да селсоқ қана:

— Надсонға кезекке тұрыңыз, — деді, — бір айға дейін қолыңызға тие қоймас.

Мен абдырап қалдым, отыз шақырымды босқа адымдау оңай ма, бірақ кітапханашы мені біраз қинағысы келген сияқты.

— Дегенмен сіз де ақын емессіз бе? — дегені күлімсіреп тұрып, — Мен сізді білемін, гимназист кезіңізде көргенмін... Амал жоқ, қолымдағы бір данасын берейін...

Алғысты жаудырдым келіп, әрі қысылып, әрі мақтаныштан қызара бөртіп қолыма кітап тиісімен тысқа атып шыққанмын, жаңа ғана тарантастан түскен он бестер шамасындағы шыт көйлекті ап-арық қызды қағып кете жаздадым. Үш ат жеккен тарантас тротуардың жиегінде тұр екен, көліктері де бір түрлі кісі қызығарлық — өңшең алқара көк, аласа келген жуан сіңір, бір-бірінен аумайды. Мықшиып отырған арбакештері де бір түрлі: тыртиған арық, қақпыш боп қатып қалған, үсті-басы алба-жұлба, басында қиқайма папаха, сонысына қарамастан өзінше сіберсіп отырған жіп-жирен кавказдық. Тарантаста күбідей болып түкті пальто киген обадай қатын отыр. Маған күдікпен суық қарады, қыз болса шошынғаннан ыршып түскен, қарақат көзі бір сәтке жалт ете қалып еді, сәл қуқыл тартқан тап-таза бет-жүзі мен жұп-жұқа қызғылт ернінде сырқатқа тән кеберсіген белгісіз дақ бар сияқты көрінді. Мен онан сайын сасқалақтап, асқан сыпайылықпен: "Ой, құдай үшін кешіріңіз!" — деп, алды-артыма қарамай көшеге түстім де базар жаққа қарай бездім, ойым — кітапты ең болмаса шала-шарпы шолып шығып, трактирден шай ішу. Бірақ бұл кездесу осымен бітпейтінін сезгенім жоқ.

Сол күні әбден жолым болды. Трактирде Батуриноның мұжықтары отыр екен. Қашанда қалада ұшырасатын селолық жұртқа тән мұжықтар да мені көре сала жамырасып:

— Оу, мынау біздің барчук пе? Барчук! Мархабат етсең бізге кел! — десіп жік-жапар болысып жатыр. — Жатырқамаңыз! Отырыңыз!

Мен де қуанғанымнан отыра кеттім, осылармен үйге жетіп қалсам деген үмітім де жоқ емес, ойлағанымдай-ақ сөзге келместен апарып салмақ болысты. Бұлар кірпіш алуға келіпті, көліктері қала сыртындағы Беглая Слобода қасындағы кірпіш зауытында тұрса керек, кешқұрым кері қайтпақ екен. Мен зауытта бір сағат, екі, үш сағат отырдым, шоссе сыртындағы кешкі қарақұрық йен далаға қарадым да отырдым, мұжықтар болса тиеп жатыр, тиеп жатыр. Қаланың кешкі қоңырауы да күңіренді, иен даланың шетіне қызарып күн де батып барады, ал мұжықтар әлі тиеп болар емес. Зеріккеннен әбден сілем қатқан кезде етегіне кірпіш толтырып дедектеп келе жатқан бір мұжық себепсізден ыржалақтап, кіре жолды шаңдатып бара жатқан тройканы иегімен нұсқады:

— Әне, барыня Бибикова кетіп барады! — деді. — Біздің жаққа, Уваровқа. Осыдан үш күн бұрын қонаққа шақырдым деген, союға қой да сатып алған.

— Рас, соның өзі, — деп қостады екінші мұжық. — Анауысы қанішер арбакеші ғой.

Мен үңіліп қарадым да кітапхананың қасында тұрған алқаракөктерді таныдым, тысқа атып шыққан сәттен бері көңілімді елеңдеткен жұмбақ сезімнің себебін енді түсіндім, елеңдеткен сол, қарсы жолыққан қатпа қыз екен. Оның да Батуриноға бара жатқанын естісімен, мұжықтарды сұрақтың астына алдым да біраз нәрседен хабардар болдым: Бибикова қатпа қыздың шешесі екен, өзі жесір көрінеді, қызы Воронеждегі институтта оқиды екен — мұжықтар оны "дворяндар шаңырағы" десетінін білдім — Задонское түбіндегі "имениеде" тұратын өте кедей отбасы болса керек, Уваровқа туысқан болып шықты, аттарды да Задонскідегі туысқан көршісі Марков беріпті, оның алқара көктерін бүкіл губернияда білмейтін адам жоқ сияқты, сондай-ақ қанішер кавказдық та әйгілі десті, әуелде ол Марковқа қарапайым объездчик болып жалданыпты да келе-келе сіңісіп, кәдімгі дос-жаранға айналса керек, екеуін бір-біріне теліген қылмысты жасырын әрекет дегенді айтты: бірде Марковтың жылқысынан құт болған мама биені ұрлап бара жатқан барымташы сығанды кавказдық бишікпен сабап өлтірсе керек...

Біз қасқарая шықтық та жүз пұттық жүкті сүйреткен жүдеу аттардың мимыртымен түні бойы жүрдік. Сол күнгі түнді айта көрме! Ымырт жамыла кіре жолға шығуымыз мұң екен, жел тұрып, шығыстан көтерілген қара бұлттан аспан түнеріп сала берді де көк күмбезін қызылды-жасылды отқа бөлеп шарқылдап жөнелді... Жарты сағат өтпей жатып тас қараңғы тұмшалап, оң-терісімізден бірде ыстық, бірде суық құйын тұрды, йен даланың үстінде ауаны қым-қиғаш тілгілеген нажағайдан көз қарықты, қақ төбемізде әлдене жарылып жатқандай тарсылдатып ұрды келіп; кешікпей құтырған дүлей дауыл басталды, аспан қақырап, сумаңдаған жыландай қып-қызыл найзағай бұлттардың биігін де, аласасын да шым-шытырық көктеп, қағынып кеп зәре-құтыңды алады, енді бірде қиғаш нөсер шелектеп құйып берді: алай-түлей, тарсыл-күрсіл, жарқ-жұрқ жалын төбемізде ойнап, тозақ отының астында қалдық, сонау тұңғиық тереңдегі Гималайдың биігіндей өркеш-өркеш бұлттардың бауырында нажағайдың от жалыны мысқа бөлеп жалап-жалап өтеді... Суық кірпіштің үстінде жатқан маған мұжықтар иығындағы лыпа біткенін жапқан болып еді, бес минут өтпей жатып судан шыққан тышқандай болдым. Топан су мен тозақта шаруам қанша! Менің бүкіл назарымды бұл сәтте жаңа махаббат билеп алған...

VIII

Ол кездегі менің бар тіршілігім Пушкин еді.

Ол қашан келіп маған килікті? Сәби кезімнен естуші едім. Оның есімі қашанда ата-тегімізден туысқан секілді құлағымызда қалыпты, бәрімізге ортақ ерекше тұқымның "біздікі" дейтін өз адамымыз сияқты. Дау жоқ, ол тек "біз" туралы, біз үшін, біздің ой-сезімімізбен жазды. Оның өлеңдеріндегі "қарлы құйын ширатып" аспанды түнекпен қымтаған бораны мына біздің Каменка маңындағы қысқы кештер емес пе. Анам кейде маған оқып беріп отыратын (ескі мақаммен әндетіп, әлдебір қиялмен, сүйкімді ғана жымиып): "кеше мен пуншты ермек қып, гусармен бірге отырдым". "Ол қай гусар? Марқұм көкеммен бе?" — деп сұрайтын едім. Анам тағы да оқиды "кітап ішінен көрдім мен, иіссіз гүлді қураған". Сол гүлді мен де оның қыз кезіндегі альбомының арасынан көргенмін. Ал менің бозбалалық шағым тек Пушкинмен өтті. Лермонтовты да одан ажыратып жатқаным жоқ.

Мылқау дала көк бұйра қалқиды,

Күміс Кавказ құшағында елжіреп.

Суға төніп тау тыныш қалғиды,

Сауытқа бас иген батырдай ержүрек.

Қыдырмашы толқынды тыңдағандай,

Қара теңіз шулайды тыным алмай...

Осы бір жолдар менің жан дүниемді бұлқынтып, жиһанкездік саяхатқа деген сағынышымды, жас жүректің алыстағы ғажайып дүниеге ұмтылған арманын қаншама қоздырмады дейсің! Дегенмен мен көбіне Пушкинге табындым. Бұлқынған жанымды қаншама сезімге бөлемеді дейсің! Сол сезіммен мен де көргенім мен кешкенімді толғатуға тырыстым!

Мінеки, мен ашық күннің аязды таңында оянамын да Пушкинмен бірге: "Аяз да, күн де ғажайып дүние" — деп таңырқай тұрамын, бұл тек ғажайып сурет қана емес, менің көкейіме ғажайып образ болып қонақтаған:

...Қымбатты достым, сен әлі қалғып отырсың...

Мінеки, бұрқасында оянамын да бүгін тазы салып аңға шығатынымыз есіме түседі, тағы да тіліме Пушкин оралады:

Басылған жоқ па бұрқасын?

әлде ашылды ма?

Қансонарда төсекке масыл болма.

Ат ерттеліп, ас піскенше ермек қып,

Жата бер бір журналды қолыңа ал да...

Мінеки, көктемнің елең-алаңы, ашық терезе, бақ шетін жыртып жарқырап Шолпан туып келеді, Пушкин тағы да менің қасымда, тағы да менің арманымды айтып тұр:

Болшы, жаным, асықшы,

Көк жүзінде Шолпан тұр

Ынтықтырып ғашықты!

Мінеки, ымырт та жабылды, бақ іші қалғып тұр, қалғытқан бұлбұл үні:

Естисіз бе тоғайдан, түн жамылған жыл құсын,

Махаббаттың мұңға толы жыршысын?

Мінеки, көрпе астында көсіліп жатырмын, жастығымның тұсында "мүлгіген май шам мұңая жылтылдайды" — расында, мұңды май шам, электр шамы емес, сол жарықтың астында махаббаттың мұңын кешкен, дұрысы сағынышпен көксеген жас кім, мен бе, әлде ол ма?

Морфей, таң атқанша қуаныш бер,

Көрейін, қиялдағы ғашығымның қызығын!

Енді, міне, тағы да "орманның қызыл-жалқын сүлдері құмығып, күздіктің аласапыран қауыртына" мен де ілесіп кетемін:

Шыр айнала шырқау дала төсінде,

Тағалы атым тарпаң тастап аяқты.

Желе жортып, желді қуып көсілді,

Тоң топырақ тастай ұшып тұяқтан...

Түн келеді, мүлгіген мылқау бақтың етегін түріп қызара бөрткен айдың шар табағы ақырын көтерілгенде ойыма мына бір ғажайып жолдар оралады:

Қарағайлы қалың орман сыртынан

Кіреукелі ай көрінді елестей...

Көңілім қиялға семіріп, өмір бақи армандаған алыстағы бір елдің алтын жағалауын, тып-тыныш тымық түндерін аңсаймын. "Толқыны тулаған, кемері шулаған" теңізге жетсем деймін...

IX

Менің Лиза Бибиковаға деген сезімім әншейін балалық қана емес сол кездегі орыс поэзиясына тән тыныс-тіршілігімізге деген сүйіспеншіліктен туған.

Мені Лизаға ғашық қылған көне поэтикалық дәстүр мен оның біздің ортаға сіңісті жақындығы болатын.

Менің романтикалық әсірелеуімнен туған сол ортаның рухы көз алдымда қайтып оралмастай болып бірте-бірте өшкен сайын маған қымбат таңғажайып көріністей сағыныш әкелген.

Тұрмысымыздың күн санап жүдеп бара жатқанын көріп жүрмін, жүдеген сайын өткен күннің қаншалық қымбат екенін сездім; десем де соған бір түрлі қуанған сияқтымын... мүмкін сол кедейліктен өзімнің Пушкинге ұқсастығымды таптым ба екен, Языковтың жазғанына сенсек ол да байлыққа мелдектеп отырмаған сияқты:

Қағазбенен көмкерген,

Ала-құла қабырға.

Жыртық еден, жыртиған,

Қос әйнекті кім көрген.

Шынылы есік тағы да,

Ескі диван ырсиған.

Екі орындық талтиған...

Айтпақшы, Лиза Батуринода жүрген кезде біздің кедейлігімізді жасырған шілденің аптабы еді: көлеңкелі бақтың көгалы, жасмин мен роза гүлінің аңқыған хош иісі, тоғанға шомылсаң қандай рақат, біздің жағалауды бақтың көлеңкесі көмкеріп тұратын, киіздей көкорайдан салқын леп еседі де бұтағы салбырап, жапырағы төгіліп тұратын сәмбі талдар ерекше сән береді... Лиза менің есімде алғаш суға шомылып, гүлге оранған шілденің қызықты күндерімен қалыпты — жасмин мен розаның хош иісі, түскі аста алдымызға келетін жидектің дәмі, аузыңа салсаң жапырағы кермек татитын жағалаудың сәмбі талы, жылы су, күн қыздырған тоғанның тұнба құмы...

Мен жаз бойы Уваровтарға қатынағаным жоқ, өйткені гимназияда оқу-тоқуы мәз болмаған соң Глебочканы жер шаруашылығының мектебіне ауыстырып жіберген; Уваровтар да арадағы қырғи-қабақтықтың салдарынан бізге келгенді қойған - баяғы сол ел ішіндегі ұсақ-түйек ұрыс-керіс; дегенмен Уваровтың жұбайы тоғанның бергі бетінде шомылуға әкемнен рұқсат алды да Бибиковамен бірге күн сайын келіп тұрды, ал мен кездейсоқ кездескен болып араласып жүрдім де әдейі қиылып сәлем беретін едім, Бибикова ханымның қашанда басын кегжитіп паң жүретін әдеті, үстінде кең балахон, иығында түкті орамал, бұрынғыдай емес ілтипатпен сәлем қайыратын болды, менің кітапханадан атып шыққан сәтімді есіне алатын болуы керек, оқта-текте езу тартып жымиып қояды. Әуелде ұялшақ еді, келе-келе Лиза да жантартып жылы сөйлесетін болды, аз күннің ішінде күнге тотығып, жанарында жылт пайда бола бастапты. Қазір ол көк жағалы ақ матроска киіп, шоп-шолақ көк юбка киіп, ақ бантикпен өрген бұрымын, қап-қара бұйралау шашын күн көзінен жасырмайтын болған. Суға шомылмайтын, сәмбі талдың тасасында шешесі мен Уварова жуынып болғанша жағада отыратын да қоятын; кейде туфлиін шешіп, ылғалдың рақатын сезіну үшін көк шалғынды кешіп жүретін, мен бірнеше дүркін оның жалаңаш аяғын көріп қалғаным бар. Көк шалғынның арасындағы сүйріктей аппақ аяғы керемет әсем еді...

Тағы да айлы түндер өтіп жатты, мен енді түн баласында ұйықтамайтынды шығардым -күн шыға жатамын да түнімен бөлмеде шырақ жарығында отырамын, кітап оқимын, өлең жазамын, бақ ішін аралаймын, ара-тұра тоған бөгетінен Уваровтардың усадьбасына қарап қоямын...

Күндіз бөгет үстінде қатындар мен қыздар қаптап тұрады, жағаны жалғастырған жалпақ тақтайға тоңқайысып, балақтарын түріп тастап, тырсиған тоқ балтырлары жарқылдап, тоқпақпен кір көйлектерді ұрғылап жамырасып сөйлесіп жатады; кейде еңкейісіп маңдайдан аққан терді жеңімен сүртіседі де мен қастарынан өтіп бара жатсам әлде нені мегзегендей әзіл-қалжыңы аралас: "Әй, барчук, бірдеме жоғалттың ба?" - деп қылжақтасып қалады, онан сайын тоңқайысып, онан сайын екілене ұрғыласып, өзара сөйлескен болып қарқылдасып кеп күліседі, мен болсам тезірек кетуге тырысамын, тоңқайған қатындардың торсиған борбайларына қарап тұруға дәтім бармайтын еді...

Усадьбасы көшенің қарсы бетіндегі, баласы жер аударылып айдалып кеткен екінші бір көршіміз Алферов шалға Петербургтен жұрағатшыл бір топ сылқым бикештер келген, солардың ішіндегі ең кішісі Ася деген қыз кәдімгідей әп-әдемі-ақ екен, ұзын бойлы, әрі пысық, әрі көңілді, әңгімеге қысылмайтын ақжарқын. Өзі крокет ойнауға құмар, фотоаппаратпен не болса соны шыртылдатып баса береді, мені боқмұрын бала деп менсінбейтін, сөйте тұра сол боқмұрынның сүйген ісінен ләззат алатынын да сеземін. Мен сол үйге жиі-жиі барғыштайтын болдым, салт атпен серуен құрып, арамызда әжептәуір достық жібі күрмелген сияқты. Мені қайта-қайта суретке түсіреді, екеуміз сағат бойы крокет балғасын тықылдатумен боламыз, әрине, құдды мен бір қателік жасап қойғандай ол сот сайын тоқтап маған айқайды салады, "л" әрпін жеп қоятын тілінің мүкістігі және бар, онысы өзіне жарасып та тұрады: "ой, не қылған ақымақсың, не қылған ақымақсың!" -деп ұрысады. Әсіресе кешқұрым үлкен жолда атпен шоқытуды жақсы көреді, шауып келе жатып айқайлап айтқан сөзін мұқият тыңдап, оның қызыл-күрең реңіне, желбіреген шашына қызыға қараймын, йен далада екеуміздің оңаша екенімізді сеземін де ер үстінде екі бүктетіліп нық отырған дене бітімін, үзеңгіні көрген сол аяғының тоқ балтырын жел кеулеген қысқа көйлегінің астынан көргенде кәдімгідей есім кетеді...

Бірақ мұның бәрі күндіз, немесе кеште өтеді. Ал түнді тек поэзияға арнаймын.

Дала қарақұрық тартқан, ымырттың жып-жылы кешінде Ася екеуміз аяңдап үйге қайтып келеміз, жазғы деревняның таныс иісі танау қытықтайды. Асяны үйіне жеткізіп салып өзіміздің усадьбаға келемін, аттың тізгінін қызметшіге ұстата саламын да кешкі асқа асығамын, үстел басындағы ағаларым мен жеңгелерімнің мені мазақы күлкімен қарсы алатын әдеттері. Кешкі астан соң соларға еріп серуенге шығамын, барар жеріміз баяғы сол тоған сыртындағы жазық, болмаса тағы да үлкен жол, аңдитынымыз жыртылған қара барқыт даланың шетінен мұнартып көтерілетін қызыл күрең ай, сол жақтан жып-жылы жұмсақ жел тартып тұрады. Серуеннен соң жалғыз өзім қаламын. Дүние тым-тырыс — үй де, аула да, деревня, ай астындағы жазық та. Мен ашық терезенің алдында отырамын, оқимын, жазамын. Оқтын-оқтын бақ жақтан салқын самалдың лебі келеді, жалпылдаған шырақтардың сәулесі, соған үймелеген жынды көбелектер отқа үйтіліп, тырс-тырс түсіп жатады да әрі-беріден соң үстел үстін толтырып тастайды. Біраздан соң ұйқы меңдеп, қабағым түсіп, басым салбырап кетеді, бірақ мен де қасарысып бағамын. Әдетте түн ортасына таман ұйқының сейілетіні бар. Мен тұрып баққа шығамын. Жаз кезінде жаңа айдың төмен тұратын әдеті. Қазір үйдің бұрышында тұр екен, содан түскен көлеңке созылып сонау жазыққа дейін көсіліп жатыр, сол көлеңкеден шығыстан туатын жарық жұлдыз жақсы көрінеді, бақтың сыртынан, деревняның арғы жағынан, шалғын арасында жүрген бөденелердің бытпылдығы да ап-анық естіледі. Үй іргесіндегі кәртеміш жөке ағашы гүлдеген еді, иісі керемет ғажап, сары алтындай балқыған ай нұры жып-жылы. Шығыс белдеу бозара бастаған, таң белгісінде майда есетін жылы леп бар. Сол леп тоған жақтан шалқитып сияқты, мен де бөгетке бет алдым... Уваровтардың ауласы өріске барып жалғасатын да ту сыртындағы бақ аңызға тіреледі. Бөгетте тұрып солардың үйіне қараймын да кімнің қай жерде ұйықтап жатқанын ойша жорамалдаймын. Лизаның Глебочканың бөлмесінде ұйықтайтынын білетінмін, терезесі баққа қарап қалың ағашқа сұғынып тұратын... Сол бөлмедегі Лизаны көңілмен көріп тұрған сәттегі сезімімді жеткізу қиын, ағаш жапырағының баяу сылдыры мен терезеден ескен майда самалдың лебінде, түнгі барқыт даланың жұпар иісіне тұншығып бейкүнә сәбидей монтиып жатқан шығар-ау, дүниеде бұған жетер тазалық, бұған жетер тәттілік болар ма екен!

X

Осы бір тәтті тіршілік жаз бойы мені тастаған жоқ еді. Күтпеген жерден күрт бұзылды. Бір күні ертеңгісін Бибиковалардың Батуринода жоқ екенін білдім — кеше кетіп қалыпты. Күнді зорға батырдым да кешкісін Асяға бардым — мұнда да жетіскенім шамалы.

— Біз ертең Қырымға жүреміз, — деді мені көре салып күлімдеп, әсте бір мені қуантқысы келгендей-ақ.

Осыдан кейін мен үшін тіршілік бос қалған сияқты көрінді де зеріккеннен қу жанымды қоярға жер таппай, егінжайға барып, біздің қарабидайды орып жатқан шалғышыларға қарап аңыз басында күні бойы отырамын да қоямын. Сарғайған мидай дала, маңдайдан ұрған аптап, әндеткен шалғының ызыңы; ыстықтан оңып кеткен бозғылт аспанның астында теңіздей толқыған бітік қарабидайдың орманы масақтары салбырап тағзым еткендей изең-изең бас шұлғиды; бірінің соңына бірі түсіп, бірін-бірі ырғаң-ырғаң қуалаған мұжықтардың күн көзіне жарқылдаған шалғылары егін сабағын баудай түсіріп сол жаққа текшелеп тастап жатыр, артында едірейген орма, адым жетпес жол қалып барады — егінжай бірте-бірте жалаңаштанып, өзгеріп, көкжиек барған сайын ашыла береді...

— Барчук, несіне текке қарап отырасыз? — деді ұзын бойлы келісті қара мұжық, тік айтқанмен сөзінде зіл жоқ. — Менің екінші шалғымды алыңыз да қатарға тұра қалыңыз.

Мен орнымнан тұрдым да үндеместен соның арбасына беттедім. Содан басталды...

Алғашында қатты қиналдым. Машықтың жоқтығынан орынсыз қопалақтап, кешке таман шаршап-шалдығып үйге зорға жететін болдым — белім бүкірейіп, иығым сыздап, ойылған алақаным қанталап, тер қатқан шашым сынысып қалады да ермен татыған таңдайымның ащылығы запыраннан бетер. Келе-келе еркіммен киген құлдықтың қомытына жатыққаным сонша, басым жастыққа тиер алдында:

— Ертең тағы да ораққа шығу керек! — дейтін болдым.

Орақ бітісімен бау тасу басталды. Бұл жұмыс бұрынғыдан да қиын. Қиындығы сол -нығыздап буған үлкен бауға айырды тыға алмай бір қиналасың, одан зілдей немені лақтыра алмай және дымың құриды, айырдың сабы алақанды осып, төбеңнен топан саулап, бірте-бірте биіктеп бара жатқан арбаның үстіне жеткізгенше титықтап боласың... Енді оны сірескен арқанмен тас қылып байлауың керек, егер қатар-қатар жатқан бауларды ретімен үймесең шашылып қалып еңбегіңнің еш болуы да мүмкін... содан кейін таудай арбаның соңынан салпақтап ер де отыр, жол болса ойлы-шұңқыр, арба болса бұлғаң-бұлғаң, борпылдақ шаң топыраққа доңғалақтар мықшия кіріп кетеді де арбаның алдынан бөксесі зорға көрінген аттарға қайта-қайта жалтақтап, солармен бірге күшеніп, мүше-мүшесі сықырлап ілбіп келе жатқан арбаң қай бұрылыста ауып қалар екен деп зәре-құтың қалмайды... Бұл қалжың емес, ащы күннің астында жалаңбас, тер көмген көкірегіңді қылтанақ тесіп, езуің ермен татып, тізең қалтырап арба соңынан еріп көр...

Ал қырқүйекте күні бойы сарайда отырдым. Сұрғылт та көңілсіз шақтар өтіп жатыр. Астық қоймасынан таңның атысы мен қара кешке дейін ырылдап-гүрілдеп дүниені шаң мен топанға толтырып молотилка қақсайды да тұрады, қатындар мен қыздар соның астында шаң кептелген орамалдарын көзіне түйіп тастап тырмауышпен арпалысып жатады, енді біреулері бұрыштағы веялканың құлағын бұрап, бір қалыпты шыр айналған қапалақтың қасында мұңды бір әнді сызылта салғанда мен де қалбырдың құлағына жармасқан болып соларды тыңдаймын, ара-тұра қалбырдан түскен тап-таза дөңді өлшеуішке сыпырып, одан шүмекке теліп қойған аузы ашық қаптарға құямын. Бара-бара қатын, қыздармен араласып, достасып кетіп едім, егер ойда жоқта бір оқиға болмағанда аяғы немен бітерін кім білсін — бір күні сирағы сырықтай, әнді елден ерекше елжірете салатын жирен қыз ай-шай жоқ қиылып келіп маған ашықтан-ашық, жаңа қайшы әкеліп берсең сенің бар тілегіңді орындаймын дегені. Орайы келгенде мені тағы бір қуанышты жағдай күтіп тұр еді: күтпеген жерде атышулы жазушылардың есімімен қатар Петербургтің ай сайын шығатын аптариқалы журналына өлеңдерім басылып, ол аз болғандай сол кездегі ұшан-теңіз ақша — он бес сом қаламақы жіберіпті. Осы екі оқиғадан есім шыққаны соншалық, жә, жетер, осы қырманнан да, қыз-қыркыннан да аулақ кетіп, кітап пен жазуға отырайын деп дереу Кабардинканы ерттедім: қалаға барып ақшамды аламын да жұмысқа отырамын... Кеш болып қалған, сонда да ат ерттеп, деревняны кесіп өтіп үлкен жолға шықтым... Дала көңілсіз, иен де салқын, суық қарсы алды, бірақ өмірге деген құлшынысы, үміті таудай жалқы да жас көңілім жігерге толы еді.

XI

Дала қарақұрықтап қасқарайып барады, ызғырық жел ұрып тұр, келер қыстың хабаршысындай суық желді көкірегіммен кере жұтып, қыж қайнаған бетімді рақаттана төсеймін де атымды тебіне түсемін. Жүріс қатты болса жаным жадырайды, сырын білген атқа үйірсекпін, сөйте тұра оны аямайтын әдетім және бар. Бүгін де құйғытып келемін. Не ойлап, нені көкседім екен сонда? Адам өмірінде маңызды бір оқиға, немесе сәл-пәл қуанышты сәт болғанда ойланып бір шешім қабылдап жатпайды, көбіне көңілдің бұйрығына еретін әдеті. Менің есімде қалғаны, қалаға жеткенше жол бойы көңілім көкті шарлап, тынымсыз шарқ ұрған. Сонда нені ойлапты? Өзім де білмеймін, әйтеуір өмірімде бір өзгерістің боларын сезгендеймін, еркіндікті аңсап, ертеңгі күнді армандау...

Становойға жеткенде сәл аялдағанымды білемін. Тас қараңғы, мылқау дала бұрынғыдан да үрейлі. Тірі жан жоқ, мынау иен жол тұрмақ, айналасы жүз шақырымда бұрын-соңды ешкім жүрмеген сияқты. Шеті де, шегі де жоқ қу медиен... Еһ, неткен ғажайып дедім тізгінді босатып. Кабардинка кілт тоқтап, жан-жағына елегізіп қатты да қалды. Мен тізем қалтырап, жып-жылы ерден сырғып түстім де айналама қадалып қараймын, Становой қарақшылары туралы аңызды есіме алдым, ішімнен қорқынышты бір оқиға болса екен, апаш-құпаш арпалысқа түссем деп тіледім де аттың айылын тартып, белдігімді қынай буып, қындағы кездігімді ыңғайлап қойдым. Жел барған сайын үдеп, бүйірімнен қысып, мұздай су шашқандай бет-аузымды осқылап тұр, қураған егін мен қаусаған қурайларды шулатып, үңірейген түпсіз даланы күңірентіп барады; қос бүйірден салбыраған екі үзеңгі, шошақ ердің екі қасындағы едірейген екі тұқылынан қараңғы түнде Кабардинка қара сүліктей керемет әсем көрініп еді, ол да бұл өңірдің жаман ырымын сезгендей екі құлағын тігіп, жол бойына секемдене қарап қояды. Қара жерден тұла бойы барқыттанып, қабырғасы ырсиып жүдеп қалған, бірақ оның төзімді екенін білемін, сәл тыныстап, ентігін басса болды, шау тарта бастағанымен бар күшін салып, иесін жолда қалдырмайтын өлермендігі әлі де жетеді. Мен атымның мойнынан мүсіркей құшақтап, барқыт ернінен мейірлене иіскедім де, қарғып мініп шаба жөнелдім...

Қараңғы түн қарсы жүзіп келеді, көзге түртсе көргісіз, нағыз күздің тұңғиық түні, бұл түн таусылмайтындай, лепірген жел басылмайтындай, тарсылдаған тұяқ дүбірі толастамайтындай көрініп еді... Әйтеуір не заманда көз ұшынан жылтыраған қаланың оты қылаң берді, әсіресе күзгі түнде жетім оттың жапандағы жалғыз шырақтай қалтырап тұрып алатын әдеті...Ақыры олар да бірте-бірте көбейіп, жақындай түсті, жол жиегінен қарауытқан шатырлар, солардың астынан жылтыраған терезелер, үй іші, отбасы болып дастарханға жүгінген адамдардың қарасы көріне бастады... ар жағында қаланың таныс иісі келді, жан-жақтан жамыраған оттар, жарқыраған терезелер, атымның тұяғы шақылдап тас көшеге де іліккен... Қала тым-тырс, жып-жылы, әлі ымырттан озбаған, даладағы дүлей жел, тас қараңғы да мұнда жоқ, мен Назаровтың жолаушылар тоқтайтын үйіне тура кешкі астың үстіне келдім...

Бұл кеште менің көңіліме не келмеді дейсің! Атақты журналдың бетінде атышулы ақындармен қатар шықтым деп мастанғаным жоқ, бұл да маған осылай болуға тиіс сияқты көрінген. Тек көңілім көк тіреп, бойымдағы бар қайрат, бар жігерімді тежемей, сезіммен де, санаммен де мұқым тіршіліктен ләззат алғаным рас: күзгі кешкі дала, желе жортып Назаровтың қақпасына келгенім, тот басқан сымтемірден тартып қалып ілмектің қоңырауын қаққаным, ар жағынан тырп-тырп басқан ақсақ күзетшінің аяқ тықыры, қақпа ашылғанда мүңк ете қалған көң-қоқырлы ауланың иісі, қараңғы түкпірде, әр саңылауынан аспан жыртиған баспаның астындағы қаптаған арбалар, күрт-күрт шөп жеген аттар, шіріген тақтай баспалдақты суықтан сірескен етігіммен сықырлата таптап, тұтқаны сипалап жүріп зорға тапқанымда тас қараңғы сейнектен уездік ескі қалаға тән қашанда танау кептеп тұратын дәретхананың ызы, одан соңғы жарық бөлме, ыстық тамақтың иісіне бөккен ас үй, дастархан басындағы мұжықтар, оның ар жағындағы тап-таза бөлмеде, дөңгелек үстел басында, аспалы шамның астында үстіңгі ерні дүрдиген шұбар қатын, сүйегі арса-арса, мұрны сорайған, бора-бора бурыл шашымен кержаққа ұқсайтын кәртамыш үй иесі тамақ ішіп отырған, бұлардан басқа да қажақ-құжақ жасап жатқандар жеткілікті, бәрі де күнге күйіп, желқақты болған жұрт, бәрі де қисық жағалы көйлек киіп, жейденің етегін шолақ женді бешпенттің ішінен солаңдатып бос жіберген... Үй иесінен басқасы түгелдей арақ ішіп, ет араласқан капусталы көжеге жырғап отыр... Пай-пай, керемет-ау, бұдан өткен рақат болар ма деп ойладым — даладағы әлгі бір үрейлі түн, жанға жайлы қаланың кешкі тірлігі, мынау ішіп отырған, жеп жатқан мұжықтар мен мещандар, бір сөзбен көне де уездік Русьтің дөкірлігі мен кереғарлығы, қайраты мен үйкүшіктігі, маған ертегідей болған Петербург пен Мәскеу туралы арманым, атақты жазушыларды аңсауым, ең ақыры мен де қазір аш қасқырдай сұғына ішіп-жеп ырғынға бататын шығармын деген үмітім...

Расында, ішіп-жеп ырғынға батқаным соншалық (жұрт орын-орындарына тарқап, бірі аулада, бірі ас бөлмеде, енді бірі қоймада, жеткен жерлеріне, тапқан жерлеріне қисая кетіп, тарақан мен қандаланы еркіне жіберген), артынан баспалдақ үстінде ұзақ отырдым: қазанның шыңылтыр ауасынан басым да айығып қалды, йен көшенің түкпірінен құмығып жеткен әлдебір дүңкіл мен би сарынын тыңдадым, күрт-күрт шөп жеп, кейде қырқысып қалатын аттардың қияңқы дыбыстары да құлағымда, әйтеуір масаң да болса басымда әр түрлі ойлар бар...

Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күндері Батуринодан кетуім керек деген ой осы кеште көкейіме оралып еді...

XII

Үй қожайындары бөлек, түнемелде жатқан, олары алтын, күміс жалатқан икондарымен шағын шіркеуді еске салады, бір бұрыштағы шырақ ыдысының астында тік қойған табыт секілді қарайып бірдеме тұр, ал қалған бесеуіміз, жөні түзу деген жолаушылар кешегі тамақ ішкен бөлмеде түнеп шықтық. Үшеуі киіз төсеген еденде ұйықтады да, енді бір үшеуіміз, ішінде мен байғұс та бармын, арқалығы тіп-тік тастан қатты ағаш диванда жаттық. Ал қандала деген құт (өзі ұп-ұсақ, әрі шаққаны қандай ащы, сіріңке жақсаң жастығында құжынап өріп жүреді) мені де аямай жеді-ау, айнала қорылдан үй көшкендей, бұл түн қайтып таң атпайтындай болып еді, дүңкілдеген даптың дүңгірі құлақ жарып, тұп-тура терезенің түбінен өткендей тыным берсеші, қожайындар жатқан түнемелдің есігі жартылай ашық қалған, шырақтың қызыл сағымы мені көзден ұрды да тұрды, қызыл тілдің ортасындағы қарайған білтесі қырық бұралып, маған әлдебір өрмекші секілді болып көрінген... Дегенмен мен түк көрмегендей болып ояндым, үй иелерінің оянғанын, керіліп-созылғанын, түрегеліп еденде жатқан етіктерін кигенін естідім, аспазшы қатын жорғалап жүріп үстел үстіне түтіні басылмаған шартық самауырды тарс еткізіп қоя салған, соның лебінен әп-сәтте терезе мен қабырғадағы айна терлеп салды.

Содан бір сағат өткенде поштаға келіп тұңғыш қаламақымды алдым, оған қоса дүниеде менен басқа ешкім ұстамаған жұмыртқаның сары уызындай сары тысты керемет кітап қолыма тиді, алғашқыда ішіндегі өлеңдері құдды менікі емес, әлдебір нағыз ақынның ғаламат өлеңдері секілді болып көрінген. Бұдан соң әкемнің тапсырмасы бойынша астық сатып алатын Иван Андреевич Балавин деген біреуге кіріп, астығымыздың сапасын көрсетіп, бағасын біліп, мүмкіндік болса саудаласа кетуім керекті. Поштадан тура соған тарттым, жол бойы қайта-қайта баяулап, кейде тоқтап, қайта-қайта кітаптың бетіне қадалған аяғында етік, басында көк картуз, бүрмелі бешпент киген жас жігітке мұжықтар мен мещандар таңдана қарасқан.

Балавин мені орыс саудагерлеріне тән салқын да себепсіз жақтырмай суық қабылдады. Астығы аузы-мұрнынан шыққан амбары тура көшеге тіреліп тұр екен. Піркәшігі мені осы амбармен ертіп келіп, түкпірдегі шынылы есікті қорғаншақтай қақты.

— Кіре бер! — деп әлдебір қатқыл үн ар жағынан зірк етті.

Кіріп барып едім, абажадай жазу үстелінің ар жағынан жас шамасы белгісіз бір адам орнынан тұрды, еуропаша киінген, бет-аузы мұнтаздай, сарғыш өңді, бурыл шашын желкесіне қарай жылмита тарапты, мұрты сары, көкшіл көзі ойнақшып тұр.

— Иә, не шаруамен? — деді ол келген бойда.

Мен өзімді таныстырып, бешпентімнің қалтасынан екі түйіншекті асығыс суырып алдым да үстелдің үстіне қойдым.

— Отырыңыз, — дей салды ол орындыққа жайғасып жатып, содан соң маған қарамастан түйіншектерді шеше бастады. Бір дәнді алып алақанына салды, саусағымен уқалап-уқалап иіскеді де екінші дәнді суырды.

— Барлығы қанша? — деді тағы да немкетті.

— Четвертін айтасыз ба? — дедім мен.

— Енді вагон емес шығар, — деді ол кекете күліп.

Мен ашуланайын деп едім, ол мүмкіндік бермеді.

— Әңгіме онда емес. Өзіңіз білесіз, қазір астықтың бағасы арзандап кетті ғой, — деп өз бағасын айтты да астықты ертең әкелсеңіздер де еріктерің деді.

— Мен осы бағаға да разымын, — дедім ұялғанымнан. — Кепілдік бересіз бе?

Ол үн-түнсіз жанқалтасынан әмиянін суырып, жүз теңгелікті маған ұстатты да қалғанын тәптіштеп тұрып қалтасына қайта салды.

— Қолхат қажет пе? — деп сұрадым, өзімнің әсіре пысықтығыма ұялғандай қатты қысылып.

Ол мырс етіп күлді де, құдайға шүкір, Александр Сергеевич Арсеньев жұртқа белгілі адам ғой деді, осымен шаруа бітті дегенді сездіріп, үстел үстінде жатқан күміс портсигарды ашып маған ұсынды.

— Рахмет, темекі тартпайтын едім, — дедім.

Ол темекісін тұтатып, әншейін жорта сұрағандай:

— Өлең жазып жүрген сіз бе? — деді.

Мен оған таңырқай қараған едім, ол жауабымды күтпестен:

— Оған таңғалмаңыз, мен бұл шаруамен де айналысқан адаммын, — деп ол тағы да жымиды. — Сенсеңіз, мен де ақын сүреймін. Бір кезде кітабым да жарық көрген. Қазір өлең деген шіркінді тастап тұрмын, оған уақыт та жоқ, талант дегенің де онша мәз болмай шықты, ара-тұра мақала жазған боламын, мүмкін оқыған да шығарсыз, бірақ әдебиеттен хабарым баршылық, көптеген газет, журналды жаздырып алып тұрамын... Егер қателеспесем, бұл сіздің қалың журналдағы алғашқы дебютіңіз болар. Шын көңілден құттықтап қоюға ұқсат етіңіз, сосын бір ауыз сөзім бар.

— Ол неткен сөз? — деп сұрадым, шаруамен келіп қызық әңгімеге тап болғаныма таңғалып.

— Айтсам былай, сіз болашағыңыз туралы қатты ойлануыңыз керек. Мені кешіріңіз, әдебиетпен айналысу үшін өмірлік қаражат та, үлкен білімдарлық та қажет, ал сізде не бар? Өзімнің өткенімді есіме аламын. Өтірік мүләйімсігенім емес, бала кезімнен-ақ естияр едім, көрмегенім жоқ, оны туристер де басынан кешпеген шығар. Сонда не жаздың дейсіз ғой? Еске алудың өзі ұят!

Қу медиен қашықта,

Туыппын мен лашықта.

Ұлпадай мамық орнына,

Бұйырыпты-ау,

Ағаш төсек сорыма...

— Осыны жазған қай маубас дейсіз ғой? Біріншіден, өтірік. Мен мылқау түкпірде де, лашықта да емес, қалада туғанмын, екіншіден, ағаш төсек пен мамықты салыстыру — ақымақтық, үшіншіден, ағаш төсек ешқашан тербетілмейді. Мен мұны білмеді дейсіз бе? Білгенде қандай, бірақ біле тұрып оттай беру зерденің жоқтығы, мәдениеттің жетіспегендігі, ал білім алуға кедейлік мүмкіндік бермеді... Ғафу етіңіз, — деп ол орнынан тұрып, қолын беріп қатты қысты да көзіме қадалып кеп қарады. — Менің өкінішті өткенім сізге де сабақ болсын. Деревняда тапжылмай отырып, өмір көрмей, тек саусақтан сорып жаза беру алысқа апармайтын карьера. Сізде әжептәуір талант бар, бетіңізге айтқаныма кешірім өтінем, сіз маған өте ұнап тұрсыз...

— Сау болыңыз, — деп тағы да бей-жай айта салды да орнына қайта отырды. — Ауырлық болмаса әкеңізге сәлем айта барыңыз...

Жұрттан жасырып, Батуринодан кетуім керек деген іштей ойыма күтпеген жерден тағы бір кепілдік алдым.

XIII

Бұл ойым да іске асты, бірақ дәл сол кезде емес.

Баяғы күйкі тірлік қайта басталды, тіпті күн өткен сайын бұрынғыдан да оңа бастаған сияқты. Бара-бара деревняның кәдімгі бота тірсек бозбаласына айналдым: усадьбадан алысқа озбаймын, содан артық тірлікті таңдап та жатпаймын, аңға шығамын, қыдырып көршілерге барамын, жаңбырда да, боранда да зеріккеннен деревняны шарлаймын, көңілім соққан үйлерге кіремін, үй ішімен самауырды алданыш қылып, әйтпесе кітап оқып диванда жатамын да қоямын... Ақыры ерте ме, кеш пе, әйтеуір бастан кешетін бір оқиғаға тап болдым.

Жалғыз басты Алферов деген көршіміз қайтыс болды. Ағам Николай иен қалған соның үй-жайын жалға алып, бізден бөлініп қыс бойы Алферовтардың усадьбасында тұрды. Қызметкерлерінің ішінде Тонька деген жас әйел де бар еді. Жуырда ғана тұрмысқа шыққан, бірақ байға тиер тиместен кедейліктің, баспанасыздықтың зардабынан күйеуінен бөлек тұруға мәжбүр болды: ол байғұс етікші еді, үйлене салып тағы да кәсіп іздеп қаңғырып кетті де келіншегі ағама жалға келді.

Жасы жиырмаға жаңа жеткен. Үндемейтін мінезі үшін деревняда оны тағы мылқау деп атайтын. Бойы онша ұзын да емес, бидай өңді, денесі тығыншықтай, аяқ-қолы балғадай, қиықтау келген қарақат көз. Тұрған бойы үнді қызынан аумайтын: бұдыры жоқ күнқақты сүйкімсіз кескін, көмірдей қап-қара жұқа шаш. Бірақ мен осының өзінен де бір әдемілік көретінмін. Мен күн сайын ағама барып тұратын едім де оған көз салып қарай беретінмін, үстелге самауыр немесе сорпа әкелгендегі тық-тық басқан нығыз жүрісі, қиылып бізге қарайтын сұқты жанары мені қызықтыратын еді: осы бір томпылдаған жүрісі, қызғылт сары орамалдың астынан жиегі шығып тұратын қайратты қара шашы, ұзынша келген қызғылтым еріні, иығына иіліп барып жалғасатын ұзын да балғын мойын — осының бәрі менің тәтті сезімімді қытықтайтын. Кейде кіреберісте, сенекте кездесе қалсам, жорта қылжақтап, құшақтап қабырғаға қысатыным бар... Ол сытылып шығып кететін де бар шаруа осымен бітетін. Екеуміздің арамызда ынтық сезімі ешқашан оянған емес.

Содан қысқы ымырттың кешінде деревняны қыдырып жүріп өзім де аңдамай Алферовтардың ауласына кіріп кетіппін, омбы қарға малтығып үйдің баспалдағына көтерілдім. Тас қараңғы кіреберісте, әсіресе төбесінен көз тастасаң ертегінің үңгіріндей қарақұрықта енді ғана қызған пештің қызыл шоғы балқып жатыр, ал Тонька жалаңбас, жалаңаяқ, жып-жылтыр балтырын жарқырата созып жіберіп, тура оттың қасында, еденде отыр екен, қолында көсеу, оның бір басы қызыл шоқта, жалақтаған жалын мен соның өрттей қызуынан ала бөрткен бетін алып қашып, бір шеті қарауытып, бір шеті енді қоздай бастаған қызыл шоққа қалт етпей тесіліп келіп қарайды. Мен кіре беріп есікті сарт еткізіп жапқанда да айналып қараған жоқ.

— Қараңғыда қалай отырсың, әлде үйде ешкім жоқ па? — деп сұрадым.

Ол онан сайын шалқайып, маған назар салмастан миығынан жымиған болды да:

— Білмей тұрған шығарсыз! — деп кекесін күлді.

— Нені?

— Жә, болды...

— Несі болды?

— Олардың қайда екенін неғып білмей қалдыңыз, сіздерге кеткен жоқ па...

— Мен қыдырып жүргем, оларды көргем жоқ.

— Білеміз ғой сіздің неге қыдыратыныңызды...

Мен оның қасына жүрелеп отырдым да жалаңаш балтырына, орамалсыз қара шашына сұқтанумен болдым, ішім қалтырап бара жатса да жорта қызыл шоқты, жалпылдаған жалынды қызықтаған сыңай таныттым... Кенет шап беріп құшақтап, еденге жықтым да менен ала қашқан ыстық ернін тауып алдым... Көсеу ұшып кетті де пештен ұшқын шашырады...

Мен тысқа атып шықтым да нақақтан кісі өлтірген адамдай біреу көріп тұрған жоқ па деп жан-жағыма жалтақтап қарадым. Жан жоқ екен, бәрі баяғысындай жым-жырт; түк болмағандай, кәдімгі қысқы түннің қарауытқан суық сүлдері, деревняның сығырайған шамдары... Қараңғыға үңіліп тың тыңдадым да қол-аяғым жерге тимей ауладан зыттым, көңілімде екі түрлі сезім қалды: өмірімде аяқ астынан болған алғашқы торығу, содан соң әлдебір жеңістің елеуреткен салтанаты...

Түнімен шым-шытырық түс көріп, өлердей қатты қапаландым, қылмыс жасағандай ұяттан ұйқы көрмей қор болдым. Ертеңгісін есеңгіреп зорға тұрып, бәрі де бітті деп ойладым. Бәрі де бітті, құрыды, дүние бүлінді, бірақ амал жоқ, болар іс болды, енді қайтып оны түзете алмайсың...

Таң бозынан тұрып, жан-жағыма жаңа бір көзбен қарағандай боламын, түнімен жауған қар ежелден таныс бөлмемді таза ауамен жаңартып қойған: күн көзі жоқ, бірақ ақ шағырмақтан бөлме іші жап-жарық. Көзімді аша салып алдымен кешегі өткен оқиғаны есіме аламын. Ойлап отырсам, қорқатын ештеме жоқ екен, содан барып ұят та, қамығу да, күнә деген бір күдік те көңілімнен бірте-бірте көшеді. Өстіп өзімді өзім жұбаттым. Шайға шақырғанда не бетіммен шығамын деп уайымдадым. Жалпы, енді не істеу керек? Уайымдайтын не тұр, ешкім ешнәрсе білмейді, өмірі білмей кетеді, тіршілік те баяғысындай, тіпті жақсара түскен сияқты: тыста жанымды жадыратқан ашық күн, қардан майысқан қалың бақ, таудай боп үйілген қасат қар, бөлмем болса жып-жылы, мен ұйықтап жатқанда әлдекім пешті жағып қойған екен, кернейі гүр-гүр етіп жез қақпақты суыра тартып тұр... Алдында жатқан көк теректің тоң бұтақтары жылыға кірген соң ауаға ерекше қышқылтым жұпар шашқан... Болғанның бәрі болмысқа тән, қаламасаң да қажет нәрсе еді — менің жасым он жетіге жеткен жоқ па... Мені тағы да елірме сезім билеп, еркектік намысымды қоздырды. Түні бойы миымды ашытқан есерлік әншейін ақымақтың азабы екен-ау! Кешегі өткеннің есерлігі де, ләззаты да керемет екен ғой! Мүмкін ол тағы да қайталанатын шығар, дәл бүгін! Шіркін, мен оны сүйеді екенмін ғой, сүйемін!

XIV

Сол күннен бастап менің тынышым кетті.

Жанымның да, тәнімнің де бар қуатын сорып алған нағыз есерлік десе де болады, бір сәттік құмарлықты көксеп, болмаса соны күтумен күнім өтті, оның үстіне қызғаныш деген де қинап қоймайды, күйеуі онымен кездесуге келген сайын Тонька кешке қарай кетіп қалады да, екеуі көпшілік бөлмесінде түнеп шығады, ал мен болсам жүрегім сыздап, жарылып кете жаздаймын.

Ол мені сүйді ме екен? Алғашқы кезде сүйген сияқты еді, ерекше қадір тұтып, махаббаттың бақытына малтығандай, қаншама тырысқанмен маған деген ынтығын жасыра алмай, бізге шай әкеліп жүріп те аға, жеңгемнің көзінше жанарының отымен мені ішіп-жеп кететін. Бұдан әрмен кейде сүйіп, кейде сүймейтіндей бей-жай, тым салқын, кейде тіпті өшпенділікпен қарайтын болды, осы бір түсініксіз, аяқ астынан өзгере қалатын сезімнің ойнақылығы мені әбден шаршатты. Ара-тұра мен де оны жек көре бастадым, сөйте тұра оның күміс сырғасы көз алдыма елестеп, тәттілігі мас қылатын балдай ерні, үлбіреген балғын алқымы, қабағының астындағы қиғаш көзі, орамал астындағы күңсіген қайратты шашының кермек иісі есіме түскенде тұла бойым ширығып сала береді. Сол кезде мен алғашқы сүйменді сәттерімізді қайтарып алу үшін оның алдында кішірейіп, өзімді қорлыққа салуға да дайын едім.

Мен шамамның келгенінше баяғыша, өткен күндердің қызығымен өмір сүруге тырысып-ақ бақтым, бірақ бұл күндерім өткеннің көлеңкесіндей сұрқай тарта берді.

Қыс кетіп, көктем келді... мен ешнәрсені аңғармастан жатпай-тұрмай ағылшын тілін үйренуге кірістім...

Ойда жоқта мені құдайдың өзі құтқарды.

Мамырдың маужыраған күні еді. Қолымда ағылшын тілінің оқулығы, бөлменің терезесін ашып тастап отырғанмын. Көрші балконнан ағаларым мен жеңгелерімнің, анамның даусын естідім. Әңгімелеріне онша мән бергенім жоқ, кітапқа үңіліп, ойым он, санам сан сақта өзіммен өзім әуре едім. Ағам мен жеңгемнің осында отырғанын пайдаланып, Тонька жалғыз қалған шығар, салып-ұрып Уваровтардың усадьбасына жетіп барсам ба екен деген жаман ойым да бар. Сонымен қатар өзімнің осыншама құлдырап кеткенім де жанымды жейді, өзегім ашып, қатты қиналғанда өлім деген де бақыт екен ғой деп күйзелемін. Бақ іші күн нұрына малынып, кейде көлеңкелі көк жасыл шымылдық болып құбылады, толассыз гуілдеген аралар: көктемнің түпсіз тұңғиық көк аспанында, сонау биікте ақ бұлттар шиыршықталып, тұтасып келіп ара-тұра күн көзін көлегейлеп тастайды да әуе көк мұздай салқындап, аспан бұрынғыдан да кеңейіп, биіктеп кеткендей болады, сол кеңістікте, әлемнің бос қуысында кенет ұлы дүбір басталғандай күркіреген дүңкіл әуелі алыстан жаңғырығып, бірте-бірте жақындай түседі... Мен қарындаш алып, өлімді ойлап отырып оқулық бетіне енді жаза бастаған едім:

— Сен үйдесің бе? — деді Николай тереземе таяп келіп бір түрлі қатқыл үнмен. — Бір минутқа шығып кетші, саған айтар сөзім бар...

Жүрегім зырқ етті, бірақ терезеден тысқа қарғып түстім.

— Иә, не айтпақ едің? — деп сұрадым салмақты кейіп танытып.

— Біраз жүріп қайталық, — деді салқын жүзбен, содан соң алдыма түсіп тоғанға қарай беттеді. — Тек менің сөзімді ақылмен тыңдайтын бол.

Ол сәл аялдап маған бұрылды:

— Әңгіме былай, достым, өзің де сезетін шығарсың, бұл жағдай қазір ешкімге құпия емес...

— Ол неткен жағдай? — деп мен сезсем де қасақана сұрадым.

— Әрине, сен жақсы білесің... Сонымен саған ескертіп қойсам деймін: мен бүгін таңертең ол әйелмен есеп айырыстым. Әйтпесе мұның аяғы қантөгіспен бітетін түрі бар еді. Күйеуі кеше қайтып оралып, бірден маған келді. "Николай Александрович, Антонинаны табан астында босатыңыз, әйтпесе мұның ақыры насырға шабады" деді. Сен көрсең ғой, түсі өрт сөндіргендей, еріні кеберсіп зорға сөйлеп тұр... Енді есіңді тез жи да ол әйелмен кездесуді біржола тый. Айтпақшы, кездеспейтін де шығарсың, өйткені, бүгіннен қалмай олар Ливна түбіндегі бір жерге кетпек...

Мен бір ауыз жауап қатпастан теріс бұрылып тоғанға қарай тарттым, айнадай жалтыраған күміс көлдің бетіне иіліп тұрған жас сәмбі талдың түбіндегі көгалға келіп отырдым... Тағы да түпсіз аспанның көгінде күн күркіреді, төңірек салдыр-сұлдыр ұйтқып жөнелді де көктемнің дымқыл лебін қуалап келді... Менің дәл төбемде тұрған қардай аппақ үлкен бұлттан өткінші кесек жаңбырдың шыныдай жылтыр суыртпағы сорғалап берді де айнадай жалтыраған тұнық судың бетінде қара ноқаттар секіріп, айдынға шеге қағып жатқандай еді...

ТӨРТІНШІ ДӘПТЕР

I

Менің Батуринодағы соңғы күндеріммен бірге қара шаңырақтың дәстүрлі тіршілігі де тоза бастаған секілді.

Баяғы заманның семіп бара жатқанын бәріміз де сездік. Әкем анама айтатын еді: "Айналып кетейін, біздің ұямыздың да иен қалатын уақыты жетті-ау деймін". Расында, Николай бұл ұядан ұшып кеткен. Георгийдің "қамаудағы" мерзімі біткен, енді біржола кетпек, ендігі қалған жалғыз мен едім, менің де кезегім келді...

II

Тағы да көктем келді. Тағы да басқа, менің өткен күндеріме мүлдем ұқсамайтын сияқты.

Кез келген аурудан айыққан сайын әр таңың ерекше болып атады, денсаулық дегеннің өзі де күнделікті қарапайым тіршілік екенін сезесің, саған қайта оралған өмір, бірақ төсек тартқанға дейінгіден бөлектеу, шүкіршілік етіп, ақылың да толыса түскен сияқты боласың. Мамырдың жаймашуағында мен де бір күні дәл осылай ояндым, әсершіл жастық шақтан ба, бұрыштағы бөлменің терезесіне перде ұстатпайтын едім. Көрпені серпіп тастап, түнімен тұла бойымды қыздырып, төсекті жылытқан қайнаған қуатыма, жастық жігеріме риза болдым. Тереземе күн сәулесі шаншылып тұр екен, шекедегі оюлы әйнектен еденге өрнек түсіп қалыпты. Төменгі раманы көтердім — кәдімгі жазғы таң секілді, жазға тән жадыраған күн, жұп-жұмсақ ауа, күн сәулесіне малынған бақ, шыққа мелдектеген көк шалғын, жұпар иісті гүлдер, гүлге қонақтаған көбелектер. Мен жуынып, киініп, Арсеньевтердің ежелгі әдеті бойынша бұрыштағы құдай суретіне шоқындым, тіршіліктің таусылып бермейтін есепсіз күйбеңінде үмітімізді үзбей, алдымыздан ақ жолымызды аша көр деп тіледім. Балконда шай ішіп, әңгіме-дүкен құрысып отыр екен. Ағайым Николай да осында, күнде ертеңгі дастарханды құр жібермейтін әдеті. Сөзінің сыңайына қарасам, мен туралы секілді:

— Ойланатын мұнда не тұр? Қызмет іздеп, бір жерге орналасу керек. Меніңше, Георгий бірдеме тауып беретін шығар, алдымен ол өзі орналасып алсын...

Тым алыста қалған күндер екен-ау! Енді, міне, солардың жақын жанашырларым екенін қиналып отырып есіме аламын, жазбаларыма қарап ойланамын да әлдекімдердің жастық шағынан образ жасауға тырысамын. Сонда ол кімнің образы? Ол — оз уақытымен бірге баяғыда тумай жатып о дүниеге кетіп қалған інімнің менің жорамалмен ойша жасалған бейнесі.

Кейде әлдебір бейтаныстың үйіне бара қалсаң, қолыңа фото-сурет альбомын ұстата қоятын әдет бар. Оның кеткен көне суреттерді көргенде сені әр түрлі сезім билейді. Ең алдымен сол бейнелердің саған тым бөтен екендігі, өйткені кей сәтте адам адамға жат болып көрінеді. Одан соң, сол сезімнен туатын адамға, оның уақытына деген ой жорамалы. Бұл пенделер кезінде кім болды екен? Бұлар да бір кезде, бір жерде өмір сүрген, әркім өзінше, өз тағдырымен, өз дәуірінде тіршілік еткен: киімі де, дәстүрі де, характерлері де бөлек, қоғамдық құбылысқа, оқиғаларға ортақ болған шығар... Мынау омырауына орден таққан түсі суық шенеунік шал, жалпақ, биік жағалы сүртік киген, иегін жылтыратып қырған майлы бет. Ал мынау Герцен заманының сібер-сылқымы, шашын бұйралап, бакенбард қойыпты, қолында түбек қалпағы, кең сүртік, кең балақ панталоннан аяғы кіп-кішкентай болып көрінеді. Мінеки, мұңайып отырған көрікті әйел: жасанды шаш, жарасымды қалпақ, омырауын едірейтіп, қылдырықтай белін қынай буған қос етекті жібек көйлек, құлағында солаңдаған ұзын сырға... Мынау жетпісінші жылдардың бозбаласы: крахмалданған көйлегінің далақтай жағасы алқымын жаппай қалыпты, енді ғана түбіттене бастаған жұмсақ бет, көзінде әлдебір үміттің ұшқыны бар, ұзын шашын толқындатып тастаған... Бұлардың түр-тұрпатын да, өмірін де, дәуірін де ертегі дерсің!

Бір кезде өзімнің қандай болғанымды көз алдыма елестетемін деп мен де қазір сондай сезімде отырмын. Расында, мен қандай болдым екен? Вильгелм Екінші деген болған, Буланже деген бір генерал болыпты, байтақ Ресейдің қожайыны, сүбесі бүйірін тепкен Александр Үшінші де болған... Аңызға бергісіз сол бір уақытта, бүгінде тып-типыл құрып кеткен Ресейде көктем де болған, содан соң бетінің ұшы нарттай аспанкөз тағы біреу болған, неге екені белгісіз, өзін ағылшын тілімен қинап, күні-түні болашағын уайымдап, құдды дүниенің қуанышы мен рақатын содан күткендей арманшыл болатын.

III

Жаздың алғашқы мезгілі еді, деревняны аралап жүріп Тоньканың жеңгесін жолықтырдым. Ол әдейі аялдап:

— Сізге бір кісі сәлем жолдап еді, — деді.

Осы сөзден кейін мен есім шығып, үйге келдім де Кабардинканы ерттеп, бетім ауған жаққа шаба жөнелдім. Малиноваға соғып, одан Ливеннің кіре жолына шыққаным есімде... Жаздың алғашқы айының жайдары кеші еді, тоқтықтың белгісіндей дала тіршілік нәріне мелдектеп тұр. Мен жол жиегінде біраз аялдадым да қайда барсам екен деп ойландым, сосын жолды кесіп өтіп тарта бердім. Батар күннің кешкі шапағына қарсы жүріп, әлдекімнің қалың тоғайына келіп кіргем, сай-жыраларға ұйысып өскен биік шалғынға ат бауырын жүздіріп, гүл мен шөптің ымырттағы бұрқыраған иісіне тұншығып қалдым. Ағаш біткеннің басынан сайраған бұлбұл үні толастар емес, сонау қашықтан жалғыз жарым көкектің күңкілдеген мұңды даусы естіледі, мынау кешкі орманның ылғалды ауасының салмағынан бірде жақындап, бірде алыстап барып сөнеді. Мен аяңға басып көкек даусын санаумен келемін: алда менің қанша ғұмырым бар екен, азабым қанша, бақытым, махаббатым бар ма, нені көксеп, неден үміт күтер екенмін?

Көкегім қақсауын қоймады, оған сенсем мен мәңгілік өмір сүретін секілдімін. Сол мәңгілік деген шіркінде не құпия бар екен? Мынау жұмбақ та неғайбыл дүние бір қарасаң үрейлі де сияқты. Мен атымның мойнына, тәптіштеп жиғандай бір жағына жығылып жатқан жалына, ұйысқан кекілінің арасынан қылтиған құлағына қарадым, мұнда да үн жоқ, ертегідей бағы заманның күңіренісін күткендейсің: тас керең мылқаулық, дір еткен тіршіліксіз тыныштық, дүлей дүние, бәрі де маған жат емес, бірақ бәрібір қорқынышты, сөйте тұра бәрі де мен секілді тірі жан, санасы, ойы бар, сөйте тұра бір сәтте тыныштықты бұзып сарнап қоя бере ме деп тағы да қорқасың... Бұлбұлдар жан-жағымнан мән-мақсатсыз сайрап жатыр, алыстан әркімге бал ашқан бақсыдай көкек сұңқылдайды, ғұмыр бойы бөтеннің ұясын іздеумен күн кешкен бұл да бір сүйкімсіз байғұс...

Жаз кезінде мен тағы да қалаға барып, Тихвин жәрмеңкесінде Балавинмен кездейсоқ кездесіп қалдым. Қасында алыпсатар ұсақ саудагер. Саудагер алба-жұлба, үсті-басы кір, Балавин мұздай киінген, басында жап-жаңа шетен қалпақ, қолында жалтылдаған таяқша. Саудагер жалбақтап соңынан қалмай әлде неге ант-су ішіп қайта-қайта оған сұраулы кейіппен жалтақтап қарай береді - Балавиннің оны тыңдайтын түрі жоқ, шегір көзі шақырайып мізбақпастан көшеден көз алмайды. Әлден уақытта "бәрі де бос сөз" деп немқұрайлы зірк етті де менімен қатарласа беріп, осыдан екі жыл бұрын емес, құдды кеше ғана кездескендей қолтығымнан алып, "бір шынаяқ шайға отырып, аздап әңгімелеселік" деді. Әлдебір шайхананың күркесіне кірген бойда ол әңгіме үстінде жымия түсіп менен әр нәрсені сұрай бастады: "иә, тіршілік қалай, нендей жетістігің бар" деді де біздің "шаруамыздың шайқалғанын" айтып, енді не істегейсің дегендей маған жанашырлық білдірген болды, қайдан естігенін кім білсін, біздің жайымызды өзімізден де жақсы білетін болып шықты. Осы әңгімеден соң көңілімнің бұзылғаны соншалық, онымен қоштаса салып тұп-тура үйге тартқым келді. Кеш болып қалған, монастырьде кешкі мінәжаттың қоңырауы соғыла бастады, қала шетіндегі жәрмеңкенің маңында арбакештермен араласып аңырап-мөңіреп сиырлар өрістен қайтып келеді, арбалары салдыр-күлдір шарқылдап, ойлы-шұңқырдың шаңын аспанға көтере арбакештер жын қаққандай кіре жолға таласа тырқырасып барады... Мен алғашқы кезіккен біреуіне міндім де бекетке бұрдым, дәл осы кезде бізге қарай жүретін пойыз бар еді. "Ал, енді не істесем екен?" деп ойладым Балавиннің әңгімесі есіме түскенде. Расында нағыз қысылтаяң шақ енді келген сияқты. "Алдағы күндерің не болады, тіпті миым жетпейді, — деді ол. — Әкелерің мұндайда Кавказға тартып кетіп, әр түрлі колегияларға кіретін еді, ал сіз қайда шаппақсыз, әлде осында қаласыз ба? Мен білем сіз қызметке кіретін адам емессіз, өйткені арманыңыз мүлдем басқа. Былайша айтқанда абыз болғыңыз келеді, көздегеніңіз тым қиянда. Батуринаға келсек, бір-ақ амалы бар: шөмшектеп таратпай тұрғанда шып-шырғасын шығармай сату керек. Ал өзіңіз жайында өзіңіз ойлап көріңіз...". Сонда ойланатын не қалды, — деп қиналдым.

Әлде оның амбарына жалға баруым керек пе?

Бұл кездесу менің "Гамлет" үстіндегі жұмысымды да суытып тастады. Мен оны өзім үшін аударып жатыр едім, прозамен — менің мәнеріме келетін шығармалардың қатарында да жоқ. Қалам тартуды тап-таза жаңадан бастасам деген кезде кездейсоқ қолыма түскен нәрсе еді. Бірден іске кіріскенмін, келе-келе аса қиын туындының үстінде тынысым ашылып, көңілімді қуаныш биледі. Оның үстіне, біржола аудармашы болсам деген ойға қалдым, тек көркем сөздің көзінен ләззат алу ғана емес, күнкөрістің де көзі болса деп едім. Енді үйге қайтып келе жатып бұл үміттің де күдігі көп екенін түсіндім. Уақыттың өтіп бара жатқанын да түсіндім, Балавиннің айтқысы келмесе де аузынан шығып кеткен сөзінен арманымның да әзірге құр қиял екенін түсіндім. "Шаруамыздың шалқайып кеткенін" тез ұмыттым. Ал "арманның" жөні бөлек... Сонда арман дегеннің түбі не? Мәселен, Балавин ойда жоқта Кавказды есіме салды: "мұндай жағдайда әкелеріңіз Кавказға қызмет етуге тартып кететін" — мен тағы да, әттең әкелерімнің ғұмырын маған берсе, жарты өмірімді қияр едім-ау деп қиялдадым... Жәрмеңкеде сығанның жас келіншегі алақанымды ұстап тұрып бал ашты. Бұл сыған дегендерді қойсаңшы! Шымшуырдай қап-қара саусақтарымен қолымды қысып ұстап тұрған сәтте, одан кейін де миыма не кіріп, не шықпады дейсің! Әрине, үсті-басы қызылды-жасылды әлем-жәлем, мықын, бөксені қылмыңдатып қойып, шақшадай басындағы шәлісін маңдайына көтере түсіп, қайдағы жоқты сайрайды келіп, бұлтыңдаған мықын ғана емес, мені мөлиген көзімен, томпиған тәтті ернімен арбағандай, жер түбіндегі беймағлұм ел туралы жырына сенсең көне заманның көзі дерсің, солардың ішінде біздің "әкелеріміз" де бар шығар-ау? — егер сол "әкелермен" құпия кіндік жалғасымыз болмаса, сол жалғастықты сезбесем, қаншама жаңарды десек те мынау жалған дүниені осыншама өліп-талып сүйер ме едік?

Сол кезде мен өзімді өзім тоқтатып, жастық албырттықпен өзіме өзім қатал сұрақ қоятын едім: дегенмен менің мынау түсініксіз, мәңгілік те шексіз дүниедегі өмірімнің мәні неде, мені қоршаған өткеннің есебі, болашақтың белгісі жоқ Батурино секілді тар қуысқа тығып қойған кеңістік пен уақытқа шектеліп қалған тіршіліктің мұраты неде? Сондағы көргенім, өмір дегеніміз күн мен түннің алмасуы, жұмыс пен тыныс, кездесу мен әңгіме-дүкен, ләззат пен жеркеніш, кейде мұны оқиға деп те қоямыз; сан түрлі әсердің жиынтығы, көрген-білгенің мен көз алдыңнан өткен бейнелер, бұлардың да есте қалары некен-саяқ (және олардың неге қажеті бар еді); бұдан соң өткенді еске алу мен болашақты бопсалаудан туған, миың мен санаңды бір сәтке босатпайтын, бір-бірімен байланысы жоқ сезім мен мазасыз ой; осыдан келіп беймәлім, не қанықтауға, не анықтауға келмейтін әлдебір бұлыңғыр мақсат, ең бастысы оны жіктей де алмайсың, жіліктей де алмайсың, тек мәңгілік күтумен күнің өтеді: әрине кіл бақытты ғана күтпейсің, оның баянды емес екенін біле тұра, қайткенмен де мән мен мақсатың бір күні алдыңнан жарқ ете қалса деп көксейсің. "Сіз абыз болсам деп тым алысты көздейсіз...". Рас-ау, шынында іштей көз тіккенім көкжиек. Не үшін? Мүмкін мәнді мақсатқа жету үшін шығар?

VI

Ағайым Георгий тағы да Харьковқа кетіп қалды, тағы да сол түрмеге айдалатын қазанның ашық та аязды күні. Мен бекетке дейін шығарып салдым. Тас болып қалған тақтақ жолмен салып-ұрып келеміз, алдағы ажырасар сәттің мұңын, өтіп бара жатқан өмірдің өкінішін көңілді әңгімемен жорта алдарқатып, әрбір қоштасу тіршілік үзігінің бір түйіні екенін сезіп келеміз. Құдай қаласа, бәрі де оңалады, — деді Харьковтен әлдебір үміт күткендей көңілін қобалжытқысы келмеген ағам. — Жан-жағымды аңғарып, аздаған қаражат жинасымен-ақ шақыртып аламын. Ар жағын тағы да көре жатармыз... Папирос шегесің бе? — деп менің алғаш рет темекі сорғаныма таңдана қарап қояды.

Үйге жалғыз өзім көңілсіз қайттым. Бір-бірімізден жасырғанымызбен әлдебір үрейді көптен күткен едік, мінеки, қасымда ағам да жоқ, жалғыз қайтып келемін, Батуринода жалғыз жатып, ертеңгісін жалғыз оянатыныма да сенгім келмейді. Үйде мені тағы бір жамандық күтіп тұр екен. Бозқыраулы кеште, қасқарая жетіп едім. Қосарға жеккен Кабардинка жол бойы еліріп, дүптегі жуанбақайға дамыл бермеп еді, үйге келген соң есімнен шығып кетіпті, қара терге малшынған биені суытпай суарып, жабусыз байлай салған екен, таң ата суықтан қатып өліпті. Бақ сыртындағы орға сүйреп тастапты, талма түстің кезінде іздеп бардым. Иен дала, шақырайған күн, шаңқайған шытқыл ауа, мылқау дүние өліктей тым-тырыс. Кабардинка жыраның ішінде теңкиіп жатыр, іші шағанақтап, ұзын мойыны ерепейсіз созылып, басы айдалада қалыпты. Ит базары қайнап жатыр, жан-жақтан жұлқылап, сыбағасын күтіп отырған кәрі қарғаларды қызыл ала қан кептелген ауыздарын арандай ашып арсылдап қуалай жөнеледі... Таңғы астан соң бөлмемде, диван үстінде серейіп жатыр едім, терезеден күздің сұрғылт аспаны бозарады, жапырағынан жұрдай болған ағаштың бұтағы ербейеді. Дәлізден дүңк-дүңк асығыс басқан аяқ дүрсілі естілді де бөлмеме әкем кіріп келді. Қолында өзінің ең жақсы көретін белгиялық қосауызы, кешегі бар байлығынан қалған қымбат затының соңғы жұрнағы.

— Мінеки! — деді, менің қасыма қойып жатып, — сыйладым саған, барымен базар деген осы. Мүмкін бір ермегіңе жарап қалар.

Мен атып тұрып қолына жармасып едім, сүйгізбестен тартып алды да еңкейіп самайымнан иіскеді.

— Сен ұнжырғаңды түсіре берме, — деді өзінің әдепкі сабырлы қалпын сақтауға тырысып. — Мен атты ойлап тұрғам жоқ, сенің жағдайыңды айтқаным да... Мен ештеңе көрмейді, сенің жағдайыңды ойламайды деп пе едің? Ойлағанда қандай! Бәріне мен кінәлімін, бәріңді қайыршы қылған менмін, басқаларда әйтеуір бір жұрнақ бар. Николайдың ептеген тіршілігі бір өзіне жетеді, Георгий болса білім алды, ал сенде ше, сенде қу жаныңнан басқа нең қалды? Оларда уайым да жоқ. Николайдың тұла бойы тұрған қажыр-қайрат, Георгий мәңгілік студент боп өтеді, ал сен ше... Бәрінен де қиыны — әке-шешеңді қанжығаңа байлап жүрмейсің, алдында не күтіп тұр, оны бір құдайдың өзі ғана біледі! Тек менің сөзімді ұмытпа: қасіреттің ең үлкені — уайым...

VII

Сол бір күзде біздің үй йен қалғандай тым-тырыс болды. Әкем мен шешемді бұрын-соңды дәл осындай жақсы көрмеген шығармын, ал жалғыздықтың жан қажаған азабынан мені құтқарған қарындасым Оля. Серуенді, сырластықты, болашақтың арманын тек қарындасыммен бөліп-жарыстым, мен ойлағандай емес, оның бой жетіп, ақыл тоқтатып, естияр болып қалғанына, маған жанашыр ең жақын адам екеніне көзім жетті. Осы бір жақындықтың әсерінен мен балалық шақтың тәтті күндеріне қайтып оралғандай болдым.

Әкемнің мен туралы айтқаны: "Алдында не күтіп тұрғанын бір құдайдың өзі ғана біледі.". Ал қарындасымды не күтіп тұр екен? Жастық дәуреннің қызығынан басқа мынау кедейлік пен Батуринодағы жан жүдетер жалғыздық па?

Шынымды айтсам, ол кезде мен тек өзімді ғана ойлап едім...

VIII

Жұмысты тастадым. Уақыттың көбін деревняда тауыстым, әр үйді шарладым, аңға шықтым — кейде Николаймен, әйтпесе жалғыз өзім. Аңшы иттер таусылып, екі тазы ғана қалған. Уездегі аты шулы аңшылар әр жерде қасқыр, түлкі соғып жатты, бірақ олар біздің маңда емес, тағының жымы бар тым алысқа кетіп жүрді. Біз болсақ жетім қоянға да разы едік, күздің салқын ауасын жұтып, күздің лайсаңында салпақтап соның соңына ергенімізге де мәзбіз. Бірде сөйтіп жүріп қарашаның аяғында Ефремовтың түбінен шыққаным бар. Таңсәріде ыстық картошкамен оразамды аштым да мылтығымды асынып, екі итті ертіп шығып едім, мінгенім шабан жүрісті шаруаның тырақысы. Ағам астық желпіп жатыр еді, жалғыз шығуға тура келді. Күн ашық, ерекше жаймашуақ жылы болды, бірақ дала көңілсіз, алдыңнан аң да қашпайды: көңілсіз болатыны — жазық біткен жалаңаш, мылқау тыныштықтан құлақ тұнғандай, күздің ақырғы күндерінде ең ақырғы көркінен айырылып қалған өңір тым жүдеу, ал аң күтуден қайыр жоқ, өйткені жуырда ғана басылған күздің ақ жаңбыры жердің миын шығарып жіберген: дүние лайсаң, тек жол ғана емес, шымды дала, егінжайдың аңызы да езіліп жатыр, сонан соң да екі итпен үшеуіміз аңыздың жиек-жиегін жағалап жүруге мәжбүр болдық. Біраздан соң аң аулаймын деген үмітті де ұмыттым, соны түсінгендей иттерім де алдыма түсіп алып бүлкектеп келеді, тіпті алдымнан аң қашса да мынадай ми батпақта қарыс жерге жүгіре қоюдың өзі қиын, тек анда-санда бұталы тоғайға кіргенде, болмаса еменді құла сай-жыраға киліккенде ғана елеңдесіп қалады. Бірақ мұнда да дым жоқ, бүкіл өңір бос қалған, тым-тырыс, күздің ақ шағырмақ аспанының астында жылуы жоқ күн нұрына бөленген шексіз жазық сарғайып көсіліп жатыр — тілік-тілік егінжайдың аңызы, тебіндеп қалған шабындық, қоңыр-қошқыл бұта-қараған, алыстан қайың мен көк теректің шошайған аралдары қарауытады.

Ақыры Лобановадан кері қайттым. Шиповоны көктей өтіп, атақты Кроптовкоға, Лермонтовтың атамекеніне келіп кірдім. Таныс мұжықтың үйіне аялдап, баспалдақта отырып квас іштім. Қарсы алдымызда йен өріс жатыр, оның ар жағында тіршіліктен жұрдай шағын усадьба, шағын бақ, боз аспанның етегін түртіп ескі бір үйдің тозған шатыры қылтияды. Кроптовкаға келген сайын өстіп ұзақ отырып ойланатын әдетім еді: япырау, дәл осы үйде Лермонтовтың балалық шағы өтті ме екен, туған әкесі өмірінің ақырына дейін дәл осында ғұмыр кешкені рас болғаны ма? — Сатылады деп естідім, — деді бір көзін сығырайтып ескі жұртқа тесіле қарап отырған мұжық. — Саудаласып жүрген Ефремовтың Каменев деген біреуі көрінеді.

Мұжық маған қадалып, көзін онан сайын қыса түсті.

— Ал сіздер ше? Әлі сатқан жоқсыздар ма?

— Ол әкемнің шаруасы ғой, — дей салдым.

— Әрине, әрине, — деді өз ойымен отырған мұжық. — Бүгінде бүкіл дүние сатылып жатқан соң айтқаным да, қазір ақсүйектердің күнкөрісі қиындап барады. Жұрт тым әспенсіп кетті, байларға жалдану былай тұрсын, өзінің шаруасын да оңдырып істемейді, ал сұрайтыны ердің құны, өзі жарымай отырған мырзалар ондай соманы қайдан тауып бере қойсын, кедейлік оларды да қуып жеткен жоқ па...

Бұдан соң мен ермек болсын деп үлкен шеңбер жасадым, ондағы ойым жолай Васильевскге соғып, Писаревтерге барып қонсам деп едім. Жол бойы туған өлкенің ғаламат тозып кеткенін көріп қатты қиналдым. Кісі шошырлық кедейлік, бәрі жүдеген, мылқау тіршілік. Үлкен кіре жолға түскен едім, мұның да күтімсіз, йен қалғанына таңғалдым. Соқпақпен де жүрдім, деревняларды, усадьбаларды басып өттім: дала тұрмақ батпақты жолда да, одан да былғаныш елді мекендердің көшелері мен усадьбалардың ауласында да тірі жан жоқ. Түсінсем бұйырмасын: бұл адамдар қайда кеткен, мынау күздің сары уайымдай сұрқай күндерін жаппа мен лашықтарына тығылып отырып қалай өлтіреді? Артынан зая кетіп бара жатқан өз өмірім де есіме түсіп, мынау жоқшылықтан зәрем ұшты да тағы да Лермонтовқа қайтып оралдым. Көз алдымда Кроптовка, көрген сайын көңілімді шерлі мұңға толтыратын йен үй... Бір бұрышта адыра қалған бесігі, бұл маған да ортақ, тәй-тәй басқан алғашқы күндері, менің де сәбилік шағым, бұлқынған дәрменсіз жаным "ғажайып кереметті көксеумен" құндақтаулы өткен, алғашқы шумақтар, ол да менікі секілді былдырақ... Ал одан кейін ше? Кенеттен "Демон" туды, "Мцыри", "Тамань", "Желкен", "Емен жапырағы енесінен үзіліп түсті..." Мынау Кроптовкаға бүкіл Лермонтовты қалайша әкеліп телірсің!? "Осы Лермонтов дегеніміз не?" деп ойға қалдым. Алдымен шығармасының екі томдығын көрдім, портретін көрдім — жанары тұп-тұнық бозбала екен, одан соң өлеңдері бірінен соң бірі тізіле бастады, олардың сыртқы формасы ғана емес, бүкіл суреттері, дұрысын айтқанда соларға байланысты Лермонтовтың фәнидегі бар тіршілігі: Казбектің қарлы шыңы, Дарьял шатқалы, мен әлі көріп-білмеген Грузияның ғажайып аңғарындағы "қос құрбыдай құшақтасып жатқан Арагва мен Кура", бұлт астындағы Таманның түнгі лашығы, тұманды теңіз төріндегі қылтылдаған ақ желкен, ертегі секілді әлдебір Қара теңіздің жағасындағы көк жасыл шынар... Неткен өмір, неткен тағдыр! Бар болғаны жиырма жеті жас, бірақ соншалықты шексіз бай, әрі қызықты тағдыр, талқаны таусылғанша, Машук тауының баурайында, қараңғы кеште, қара жолдың үстінде әлдебір Мартынов дегеннің баяғының батпан пистолеті зеңбіректей күрс еткенше, "Лермонтов кескен теректей күрс етіп құлағанша"... Бар болғаны жиырма жеті жас... Мен осының бәрін ерекше бір сезіммен көз алдымнан өткергенім соншалық, жүрегім қатты соғып, қызғаныштан өртеніп кете жаздадым да жетер енді Батуриноға қамалғаның дегенде даусым шығып кетті.

IX

Мен ертеңінде үйге қайтып келе жатып та осыны ойладым.

Түнімен бөлмеде отырып алып та ойландым, оның үстіне қайталап "Соғыс және бейбітшілікті" тағы оқыдым. Бір күнде ауа райы да өзгеріп сала берді. Түн салқын әрі тынышсыз болды. Тас қараңғы, үй-іші тым-тырыс. Пешті маздатып қойып еді, құтырған жел бақты сілкілеп, үй терезесін екілене тарсылдатқан сайын пеш кернейі гүрілдеп жөнелді. Кітап оқып отырып та түн жамылып пештің гүріліне, ұлыған дауылға құлақ түріп, тағы да өзімнің халімді ойладым. Ақыры тұрып киіндім, қонақ бөлме арқылы тысқа шықтым да есік алдындағы тоң болып қалған ескі шалғынды торсылдатып арлы-берлі жүрдім де қойдым. Айнала шулаған бақ, аулада кіреукелі сағым бар. Айлы түн еді, бірақ сәулесі тым аз, бұлыңғыр, тек қана мұң шақырады. Терістен ұрған жел сүйектен өтеді, ұшар басы қурап қалған кәрі ағаштар сықырлап, бұта біткен көшіп бара жатқандай зар еңірейді; кірлі аспанда ай жүзін сипалап әлдебір түйдек-түйдек бұлттардың дөңгелек шеңбері көшіп жатыр, біздің жақта бұрын болмаған, сонау теңізден келген ызғарлы құбыжық секілді, баяғының суретшілері түн баласындағы кеме апатын осылай салушы еді. Бірде суық желге бетімді беріп, бірде оған ту сыртымды төсеп арлы-берлі ой үстінде сенделдім де жүрдім — ой дейтін де қайбір жетіскен ой дейсің, жастық көңілдің сандырақ секілді көкейде жатқан жасырын сыры да. Сондағы ойымның бар болғаны мынау:

"Құрысын, осының бәрін оқымауым керек еді ғой! Дегенмен "Казактар", Ерошка, Марьянка ше? Болмаса Пушкиннің "Арзерумға саяхаты?" Япырау, неткен бақытты жандар еді — Пушкин, Толстой, Лермонтов!

Кеше үлкен жолмен біздің іргемізден аңшылар тобы өтсе керек, ішінде Толстой әулетінен жастар да бар десті. Таңғаларлық емес пе — мен солардың замандасымын, көршісімін десем кім сенер?! Бұл енді бір кезде Пушкинмен қатар өмір сүрумен бірдей ғой! Бәрі де соныкі — әлгі Ростовтар, Пьер, Аустрелец майдан даласы, ажал аузындағы князь Андрей: "Өмірдегі мен білгеннің бөрі бейшаралық, менің түсіне алмағанымның бәрі ұлы да маңызды болса керек..." Пьерге әлдекім айта берген: "өмір дегеніміз — махаббат... өмірді сүю — жаратқанды сүю..." Сол әлдекім маған да айта береді, мен бәрін де сүйемін, тіпті мынау адыра қалған түнді де! Мен жалпақ дүниені көргім келеді, жалпақ дүниені сүйгім келеді, маған жер мен көк те, Наташа мен Марьянка да сүйікті, сол үшін де мен мынау құрыған қуыстан құтылып шығуым керек!"

Тұманданған бұлыңғыр айдың шеңберінде әлдебір қасіреттің ізі бар. Бір шеті сәл кетілген сұрғылт жүзі аспанның лайымен барған сайын кірленіп, бірде қара, бірде қорғасындай ауыр бұлттар сапырылысып жарықтықтың мұңды жүзін қайта-қайта күргейлей береді... терістен, шулаған бақтың іргесінен қап-қара бұлт көтерілді де қардың иісі бұрқ етті. Ал мен болсам әлі жүрмін, ойланып жүрмін:

"Жоқ, бүйтіп өмір сүруге болмас. Тіпті бір емес, дәулетті он Батуринам болса да қалмас едім. Таңғаларлық нәрсе, Толстойдың өзі жас кезінде-ақ үйленсем, отбасын құрсам, шаруамен айналыссам деп армандапты. Ал енді бүгін жұрттың бәрі "халық үшін қызмет етіп", "халық алдындағы парызымызды өтеуіміз керек" деп бөседі. Ал мен халық алдында борышым барын сезінген де емеспін, тіпті ойламаймын да. Халық үшін өзімді құрбандыққа шалып, оған "қызмет" ете алмаспын, әкем айтпақшы ұлы-жіңгір жиналыстарда партия болып ойнау да менің ниетімде жоқ, одан аулақпын... Жоқ бір шешімге келетін уақыт жетті!"

Сонда қандай шешім, ары ойлап, бері ойлап, мәнісі жоқ өз ойымнан өзім шатасып, ақыры үйге келдім. Пеш өшіп қалыпты, шам сөнуге айналған, мүңкіген кересін иісі кеңсірік қауып, сұрқай түннің алакеуім сәулесі бөлме ішінде қалқып тұр. Жазу үстелінің басында біраз отырдым да қолыма қалам алып Георгийге, жуырда орловтың "Голосынан" бір орын іздеп барып қалармын деп хат жаздым...

X

Менің тағдырымды шешкен осы хат болды.

Әрине, табан астында кете қойғаным жоқ, ол үшін ептеп тиын-тебен жинау керек болды, ақыры шықтым-ау әйтеуір.

Үйде соңғы рет оразамды ашқаным есімде. Тағы бір есімде қалғаны, ас ішіп болар болмастан терезе түбінен қоңыраудың күңгірі естілді де шаруаның ұйпалақ-ұйпалақ пар аттары тұра қалды, сол күнгі сүтше сорғалаған көбік қардың шұбар шымылдығы көк жүзін мүлдем тұмшалап тұр еді... Құдай-ау, қоштасу деген ежелден таныс ескі дәстүр болғанымен мен үшін жаңалық сияқты көрінді. Сол күнгі жауған қар да маған ерекше болып көрінген — әкемнің бұлғын ішігін сүйретіп, үй-ішімізбен тысқа шыға келгенімізде сүттей аппақ дүниенің шыныдай таза ауасына қақалып қала жаздағанмын.

Бұдан арғысы түс секілді — таусылмайтын мылқау жол, жапалақтаған қар астында изең-изең шұлғыған шана, жер де жоқ, көк те көрінбейді, тек төбеден сорғалаған ақ көбік пен жол бойындағы адамды мас қылатын қыстың ғаламат иісі; мүңкіген аттың тері мен су сіңген бұлғын ішік жағасының таныс дымқылы, шырпымен тұтатқан махорканың күкірт сасыған түтіні... Бір заманда сол ақ бұлыңғырдың арасынан алғашқы телеграф бағаны, жол жиегінен қар көміп тастаған қалқандардың төбесі қылтиды, дала тіршілігіне ұқсамайтын басқа бір өмірдің шеті, орыс адамына қашанда таңсық көрінетін темір жол дейтұғын бөтен өмір басталды...

Пойыз келген соң қызметшілеріммен қоштасып, ішігімді шешіп бердім де Батуриноға мың да бір дұғай сәлем жолдап үшінші кластың иін тірескен тар вагонына келіп кіргенімде осы бір ұшы-қиырсыз ұзақ жолдың азабы өмірі таусылмайтындай көрініп еді. Әлдекімнің қаннен-қаперсіз шай ішіп, тамақ жеп отырғанына таңқалғаным бар, енді біреулер бырдай боп ұйықтап жатыр, тағы біреулер басқа ермегі таусылғандай онсыз да бүйірі қып-қызыл болып бүкіл вагонды жалынға бөлеп тұрған темір пешті қайта-қайта отынмен нығарлап жүр. Мен де қызған темірдің ыстығына, шойын мен қайыңның иісіне рақаттанып отырмын, сыртта солаңдаған қар ұшқыны әлі сорғалап тұр, бірте-бірте дүниені ымырт басып келе жатқан сияқты...

Вагонға кіргендегі менің алғашқы сезімім алдамапты — менің алдымда әлі таусылмайтын күйбең тірлік күтіп тұр екен: жылдар бойғы қаңғырыс, үйсіз-күйсіз ақылға сыймайтын, бас-аяғы жоқ қоңылтақ өмір, кейде қуаныштан жарылып кете жаздап, кейде мұңмен жаншылған күндерім, бір сөзбен, басқа түскен көрешегімді көрген екенмін, мүмкін, бұл да сырттай ғана зая кеткен бос ғұмыр шығар...

XI

Бүкіл сағынышым мен мұңымды тым-тырыс Батуриноның жалғыздығына тастап шыққандағы менің жүрек сыздатқан уайымым артта қалған жетім тіршілікке деген жанашырлық пен қимастықтан туса керек; көзбен көргендей орнымның үңірейіп қалғанын сезіп келемін, йен тұрған бөлмем менің өткен өмірімді түгел тұйықтап алып, тырс етпей, меңіреу тыныштықта мүлгиді. Бірақ осы бір мұңда үлкен үміт, жасырын қуаныш та бар сияқты, арқаннан босап, ноқтасыз еркіндікке шықсам-ау деген арманның орындалғаны (ол да көңілдегі неғайбыл үміт). Әрбір жаңа бекетке жеткен сайын бұл сезім өрекпи түсіп, алғашқысы бірте-бірте көмескі тартты да ақыры біржола өшіп тынғандай, оның есесіне жаңа бір көргенімнен шыт жаңа сезім ояна бастады: маған бейтаныс қарапайым ортаға көндіккен секілдімін, бөтен жұрттың жүзі жылы тартып, тек өз сезімім ғана емес, олардың да мұңын түсініп, ортаның тынысына отығып та қалдым, ойланып, олар туралы да әр түрлі ойға қалып, жорамал жасадым, махорканың Асмолов темекісінен айырмашылығын, әлдебір қатынның тізесіндегі түйіншектен менің қарсы алдымда отырған жас жігіттің шынтағына басқан емен жапырақты оюы бар дорбасының тәуірлеу екенін аңғардым; енді міне, вагонымыздың жап-жаңа, тым таза екеніне көзім жетті — бояуы сары түс, шойын пештің қызуынан жұқа тақтаймен қапталған қабырғасынан жылу тебеді, әр түрлі темекінің ащы түтінінен тыныс қанша тарылғанмен, әйтеуір ошарлы жандардың шүйіркелескен ортақ тіршілігіне осының өзі де әжептәуір ынтымақ жасағандай, мынау терезе сыртындағы діңгегі мүлгіп, шыжымы салбыраған телеграфты қарлы даланың ызғары есіңе түскенде бұған да тәубе; бірақ менің тысқа шыққым келіп отыр, қардың иісіне, өкпек желге бетімді төсегім келді де сенделе басып есікке беттедім... Қарлы даланың тастай ызғары тамбурдың жыртық-тесігінен ұрып тұр, ақ көрпеге оранған белгісіз бөтен өңір. Қар қылауы бірте-бірте сиреп, дала барған сайын ағараң тартты да аспан ақ шағырмақтанып, әлден уақытта пойыз бір жерге келіп, бірнеше минутқа аялдады: белгісіз бір шағын бекет, өлі тыныштық, тек алдыңғы жақтан паровоздың пысылдаған демі естіледі — осының өзінде де әсем бір ғанибет бар секілді: уақытша болса да мылқау тыныштық, пысқырып қойып жол күткен паровоз, жалтыраған рельстің үстінде вокзалды күргейлеп мелшиіп қалған қызыл вагондар, солардың арасында түрткіленіп бірдеме іздеп жүрген қаперсіз тауық, бүкіл тауықтық ғұмырын дәл осы бекетте өткізуге тағдыр жазып қойған байғұс құстың сенің қайда, қандай арман қуып бара жатқаныңда, ол арманыңның қаншалықты асқақ болғанымен сырт көзге күйбеңнен аспайтын, түкке тұрмайтын қиял екенінде шаруасы қанша...

Күн кешкіруі мұң екен, барлығының да күткені тек үлкен бекетті көрсек деген тағатсыздықпен асыға бастады. Мен болсам оған дейін тағы да тамбурда қол-аяғым мұздап ұзақ тұрдым. Ақыры, қарақұрық ымыртта ілгері жақтан жыпырлаған шам жарығы, жан-жаққа тырапайлап қашқан айқыш-ұйқыш рельстердің тармағы да көрінді-ау, одан соң дүңгіршектер мен жол айырықтың нұсқамалары, тұйықта тұрған паровоздар, ең соңында жолаушысын күткен вокзал алаңындағы қалың тобырға да жақындадық... Вагоннан түсе салып жүгіргенім, иісі аңқыған буфеттен асығып-аптығып дүниедегі жоқ тәтті шиге аузымды күйдіргенім есімнен кетпейді.

Осы бір абыр-сабырдан кейін көңіл орныққан сияқты: тағы да салдыр-күлдір жұла жөнелген вагонның қарауытқан терезесінің түбінде папиросымды сораптап, бұрыштағы аспа шамның жұдырықтай жуан шырағының бықсыған түтініне тұншығып отырып ойға қалдым — алдымда бұрын-соңды мен көрмеген, осы сапарымның түпкі мақсаты дейтұғын Орел, бүкіл Ресейді шырмаған тоғыз жолдың торабы да сонда: терісте — Мәскеу мен Петербург, түстікте — Курск мен Харьков, ең бастысы, айтқанына сенсем, әкемнің жастық дәурені қалған Севастополь... Кенет өзіме өзім: "япырау, мен осы қайдағы бір "Голосқа" қызмет іздеп бара жатқаным рас па?" деп таңғалдым. Әрине, онда да мені өзіне тартқан нәрселер бар шығар — әлдебір редакция, қайдағы бір баспахана. Ал Курск, Харьков, Севастополь ше?.. "Жоқ, сөз емес! — дедім тағы да өзіме өзім. — Орелға жай соғып шығамын, танысамын, не қызмет берер екен, білемін, содан соң ойланайын, ағама да жолығуым керек еді деп сылтаурататын шығармын... Солай, соғамын да Харьковқа тартамын!"

Бірақ аялдаудың да қажеті жоқ екен. Бұл мәселе мен ойлағаннан да оңай болып шықты: қасақана мен Орелға кешігіп жеттім де жоғарғы жақтан келетін Харьков пойызына тап болдым.

Пойызы да бұрын мен көрмеген бір керемет екен — жүрісі жылдам, американың ересен күшті паровозы, вагондары тек бірінші, екінші класты, салмақты да кең, перделері мен абажурлары көк жібек матадан, әрі жылы, әрі көл-көсір байлықтың ортасында шалқып жатып түн өткізу мен үшін таптырмайтын ересен бақыт сияқты көрінді...

XII

Харьковқа келісімен жаңа бір дүниеге кірдім де кеттім.

Жаратқанның маған берген ерекше бір қасиеті, ашық күн мен таза ауаны жақсы көремін де соның сәл-пәл өзгерісін аңғара қоятын әдетім. Харьковта мені бірден таңғалдырған нәрсе: ауасы керемет жұмсақ, біздің жақтан жарығы мол екен. Вокзалдан шықтым да арбакештердің шанасына отырдым - арбакештер екеу-екеуден жүреді екен, күміс қоңыраудың сылдырымен жарысып, бір-бірімен күбірлесіп, "сіз-біз" деп сыпайы сөйлесіп қояды, жан-жағымды шолып, біздің өңірге мүлдем ұқсамайтын, құдды көктем сияқты шуақты, әрі нұрлы аспанға қатты сүйсіндім. Мұнда да қар аппақ, бірақ көз қарықтыратын ұшқыны жаныңа майдай жағады. Күннің көзі жоқ, алайда жарықтың молдығы желтоқсан айына тым артық секілді көрінді, бұлттың арғы бетінде қалған күннің жылымығы алдағы бір жақсылықтың нышанын аңғартқандай. Жылы да жұмсақ ауадан дүние елжіреп тұрғандай: вокзалдан ескен таскөмірдің иісі, арбакештердің бейғам күбірі, пар аттың желкесіндегі қоңырау сылдыры, вокзал алаңында тоқаш, пісте, шошқа майына ораған қара нан сатып отырған қатындардың дауысы... Алаңнан шыға берісте қаздай тізілген биік теректер жапырақтан жұрдай болса да тәкаппар — біз түстікпіз, малоруссиялықпыз дегендей. Ал көшелері ылжырап еріп жатыр...

Дегенмен сол күнгі мені күтіп тұрған көп оқиғаның қасында бұл көргендерім түк те емес екен: осыншама таныстықты бұрын-соңды кездестіріп, осыншама бай сезімді бұрын-соңды бастан кешіріп көрген емеспін. Кейде бір жерге келе салып, жана орта, жаңа таныстықтан алатын әсеріңде шек болмайды. Мен де дөп сол күні ғажап бір әсердің құшағында қалдым.

Мен келеді деп күтпесе керек, әрі таңырқап, әрі қуанып қарсы алған ағамда бір өзгеріс бар секілді — Батуринодағы ағам емес, бір түрлі салқын, қуанышпен қауышсақ та бөтен тәрізді көрінді. Харьковтағы тіршілігі де бөтен. Әкемнің айтқанындай "мәңгілік студент" бола-ақ қойсын, бірақ бәрібір Арсеньев әулеті емес пе. Мен оны қайдан тапты дейсіз ғой? Тау бөктерінен құлдилап түскен тар көше, таскөмірдің түтіні мен еврей асханасының күлімсі иісі мүңкіген көң-қоқысқа мелдектеген тас қорған, Блюмкин дейтін балалы-шағалы тігіншінің тар бөлмесі... Рас, осының өзі де маған жаңалық, бірақ іштей көңілім қолқ етіп түсіп қалды.

— Жексенбі күні келгенің қандай жақсы болды, әйтпесе мені таппайтын едің, — деді ағам құшақтап бетімнен сүйген соң. — Дегенмен, мұнда несіне келдің? — деп ежелден біздің отбасына тән астарлы әзілге жығып жымиған болды.

Мен өзім де білмеймін деп жауап бердім... содан соң, әрине, бұдан былайғы менің жай-күйім не болмақ дегенді ықтияттап ақылдассақ деп сылтау айтқан болдым. Ағам мұнымды ден қойып тыңдаған да жоқ, "ойластырып көрерміз" деді де табан астында асықтырып, жуынып, киін, "пан" Лисовскийдің асханасына барып түстеніп алайық деді, онысы аймақтық статистика қызметкерлерінің күн сайын барып тамақтанатын орны екен. Екеуміз тысқа шықтық та көшеден көшені сағалап, жоқтан-барды әңгіме қылып келе жатырмыз, сірестіріп қалаша киініп алған едім, жан-жағыма алақтап, көше біткенді көзіммен тінткілеумен есім шықты: бұрын көрмеген нәрсенің бәрі маған таңсық, оның үстіне түс ауа күн көзі де жадырап сала берді, ери бастаған жол бойының сарық суы жалтырап, Сумская көшесінің зәулім теректері түтіндеген боз аспандағы торсиған жентек-жентек ақ бұлттардың бауырын ұшар басымен сипалап тұр...

Пан Лисовскийдің асханасы тәп-тәуір екен, жозысы аласа, тамағы арзан, әсіресе құймақ секілді ащы бұрышқа бөлеген пәрәміші тым дәмді-ақ, құны да екі-ақ тиын. Біз үлкен бір жеке үстелге отыруымыз мұң екен, қасымызға бөтен жұрт жинала бастады, пошымы бөлек жандарға қадалып қарап отырмын, сонау Батуринода ағамның жыр қылып айтатын таныстары осылар шығар деген ойдамын. Ағам әлдебір мақтанышпен соларды маған түгелдей қуанышпен таныстырып шықты. Кешікпей басым шыр айналып жөнелді: маған мүлдем бейтаныс қызығы мол орта, мынау төбеңнен милықтата басып тұрған аласа асхана, жартылай жер астынан сығалаған терезеден арлы-берлі сапырылысқан неше түрлі аяқтар, бүйірден көктей түскен көктемнің қиғаш-қиғаш күн сәулесі, қызыл күрең капуста сорпасы, мен түсінбейтін дастархан басындағы әлдебір әңгіме, соның әзі де маған бір түрлі қызық көрінді: Анненский дейтұғын атақты статистің атын аспанға көтеріп, еділ бойының бір губернаторы аштықтан бұралып жатқан мұжықтарға, ашпын деген сөз ауыздарыңнан шықпасын деп дүре салдырыпты десті, үлкен оқиға болайын деп тұрған Пирогов съезі де тілге тиек болды. Осылардың ортасында арпа ішіндегі бір бидай секілді менің тұрпатым елден ерек болса керек — түбітиек, бетінен қаны тамған күнқақты бозбала, тұла бойынан от өргендей шымыр денсаулық, жұрттың аузын аңдыған аңқау неме ақымақтау шығарсың деп отырғандар да бар шығар. Ағайым да айналасынан бөлек еді. Орта бір болғанмен өзгелерден заты да, тегі де басқа: көптің ішіндегі ең жасы, пейілі ақ, жаны нәзік, тіпті тілі де ерекше секілді көрінді.

Кейіннен білдім, сырт кейіп-кеспір, ой-санасы жағынан да бір-біріне қатты ұқсас екен. Кейбірін іштей ұната қойғаным жоқ: біреуі серейген ұзын бойлы, кеудесі қушық, екі қолын қалтасынан алмай, екі аяғын бір-біріне артып қойып дірілдетеді де отырады; енді біреуі жирен шаш, ылжыраған сап-сары, әрі арық, бір байқағаным ауыз жаппай сөйлей береді екен, қолындағы темекінің тұқылына қарамастан тарамыс-тарамыс сорайған сұқ саусағымен күлін қаға береді; келесі біреуі көкесін жымиып отырып маған ұнамайтын жеркенішті қылық көрсетті: екі саусағымен аппақ нанның түйіршігін асжаулықтың үстінде ары-бері ширатып, қап-қара балшық қылып шығарды... Есесіне біразының жүзі жылы секілді: шүңірек көз, жанары мұңды, онсыз да жанып тұрған папиросын қайта-қайта тамызып, қомағайлықпен сораптап отырған поляк Ганский; түр-тұрпаты Иоан Крестительден аумайтын еңгезердей дудар шаш Краснопольский; сақалды Леонтович басқаларынан кәртамыштау секілді, статист ретінде де өресі биік, маған ерекше ұнағаны -сүйкімді де байсалды жүзі, жанашыр ақылгөйлігі, ең бастысы, құлаққа жағымды малорусстің жұп-жұмсақ қоңыр дауысы; бұдан соң танауы біздиген көзілдірікті біреу, тапал бойлы, қашанда абыржып отырып жоқтан өзгеге қыстырылып дауласа беретін жігіттің бала секілді бейкүнә жайдары мінезін Леонтовичтен де жақсы көріп қалдым. Енді бір маған қатты ұнағаны статист Вагин - мығым да зор денелі, тістері маржандай, еркектің көркемі, әрі көңілді, кейін білдім, дүниеде статистикадан басқа ештеңе жоқ деп, статистика десе шыбын жанын отқа да салатын адам көрінеді, шыққан тегі мұжық деседі, "о" қарпін баса сөйлеп, қарқылдап күлгенде төбені қақыратқандай... Тек екі адамды ғана жаным жақтырмады: бұрынғы жұмысшы Быков, жүн жейделі қапсағай жігіттің бұйра басында, жуан мойын мен бұлтиған семіз көзінде расында бұқаға ұқсас бірдеме бар еді. Бұдан соң Мельник деген біреу: бырысып қалған өлекседей арық, жыртиған сықсима көз, сап-сары секпіл бет, пұшықша маңқылдап сөйлейді екен, менменсіген тікбақай неме, кейінгі заманда большевиктердің белді қайраткері, "нан диктаторы" атанғанын естігенде шалқамнан түскенім бар...

Менің Харьковтағы алғашқы қысым осындай пенделердің ортасында өтті (әрине, мұнан соңғы да көп жылдарым).

Бұл ортаның кім екені, қалай қалыптасып, не күй кешіп, неге сенгені көпке белгілі.

Бөтен-ала көзге түсетіні, бұлар сонау мектеп қабырғасынан әу дегеннен-ақ өздеріне қажет қарекеттен бастады. Мәселен, әлдебір үйірме ұйымдастырды, одан соң студенттік "қозғалыстарға", әр түрлі "жасырын істерге" қатысты, қудалауға ұшырап, оның аяғы жер ауып, түрмемен жалғасты, сонда да қоймай "жұмыстарын" жүргізе берген, ақыры қарапайым орыс адамынан жеріп, өздерінше ерекше өмір кешуде, бұл аз десең, тіршілік үшін тынымсыз тырбанып күн кешкен жұртты, саудагер мен диханды, дәрігерлер мен ұстаздарды (саясатқа жоламайтын), шенеуніктерді, діни қайраткерлерді, әскерилерді адам санатына қоспай, әсіресе жандарм мен полиция десе төбе шаштары тік тұрып, олармен жақындаса қалған пенделерді сатқындыққа санайтын, керісінше өздерін ерекше жандармыз деп ерекше бағалайтын, бағытынан айнымайтын мақсаттары бар: өздеріне ғана тән тіршілігі, өз мүддесі, қарекеті, өздері қадір тұтатын атақтылары, өнегесі, тіпті махаббатта да, отбасылық, достық қарым-қатынаста да бөлек дәстүрі бар, Ресейге деген көзқарастары да бөлек: оның өткені мен бүгінгісін мүлдем жоққа шығарып, болашағына деген үміті, сенімі, сол үшін күрессек деген арманы. Әрине, бүл ортада сан түрлі адамдар болды, олар тек революционерлік қарекеті, халқына деген "сүйіспеншілігі", "жауына" деген өшпенділігімен ғана емес, сырт болмысы мен ішкі ой-санасымен де ала-құла еді. Бірақ жалпы алғанда, бәрінің де мақсаты тым шағын, бірбеткей, ымыраға көнбейтін, уағызы да қысқа жіптің бойындай қарапайым болатын: адам санатында — тек біз, содан соң "кемістік пен қорлық көргендер"; зауал атаулы — оң жақта, жомарт атаулы — сол жақта; жарқын болашақ халықта, оның "тірегі де, үміті де — халық"; бүкіл қасірет — билік пен ақымақ басшылардан (бұларды ерекше бір тайпа санайтын); құтқарушы — төңкеріс, конститутция, немесе республика...

Мінеки, Харьковте мен де осы ортаға келіп қосылдым. Тек көрейін дегенім осы ма еді?! Бірақ басқа қайда барып тығылмақпын? Ешбір ортамен байланысым да жоқ, іздеген де емеспін: тіпті болған күннің өзінде мынау жаңа танысқан топпен отаса алмай жүргенде бұдан да бөтенге қалай сыйыспақпын, оның үстіне саудагерлермен, шенеуніктермен қайбір менің ортақ мұңым бар еді? Дегенмен осы ортамның өзінде де жаныма жағатын жайттар толып жатыр. Таныстарым да бірте-бірте молайып, өзімді ықтиярмен еркін ұстай бастадым. Маған ұнағаны, студенттік құба тірлік, әдет-ғұрыптың, арақатынастың қарапайымдылығы. Оған қоса бұл ортада уақыт өткізу көңілді еді. Ертеңгісін — қызметте бас қосып шайға жиналу, темекі үстіндегі пікірталасы; одан соң түгелімен түскі асқа отырып әңгіме-дүкен құру; кешкісін тағы жиналыс: әлдебір мәжіліс, әлдебіреудің үйінде, болмаса кешкі бір сауықта... Сол бір қыста біз көбіне тұрмысы бақуатты Ганскийдің үйіне жиналатын едік, одан қалды әрі бай, әрі керемет көркем ІІІкляревич деген жесір әйелдің үйіне баратынбыз, мұнда жиі-жиі малорусстің актерлері келіп ән салатын, "вильное казацьтви"-ді, өздерінің марсельезасы: "До зброи, громада"-ны боздатып отыратын.

Бұл ортада маған жат ерсілік те толып жатыр. Ет үйреніп, әp нәрсені аңғара келіп, ашу шақыратынды шығардым, кейде сол ренішімді жасырмай айтып та салатын едім, әрине, одан ләззат алған мен жоқ, тыңдаған олар да жоқ, әйтеуір көпшілігі мені жақсы көретін де қиқарлығымды кешіре беретін.

Басқа ортаны жөн-жосықсыз жамандай беретін бұлардың сырына қаныққан сайын, мен осылардың өзінен не таптым деген ойға қалдым. Қыздар мен жеткіншектерге саяси экономияны оқытады да өздерінің қолынан Короленко мен Златовратский түспейді, ал Чеховты саяси енжарлығы үшін жек көреді.

Толстой десе ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып, "зұлымдыққа зорлықпен қарсы тұрма" дейтін кеселді уағызы үшін, "құдайды қасиетті кітаптың дорбасындай арқалап", дихан мен етікшінің ойынын ойнайды да өзі биік дастарханға малтып жүргені үшін жамандайды келіп, қаншама жүрегі елжіреп мүләйімсігенмен сол яснополян мұжықтары аштықтан ісіп-кеуіп жатқан жоқ па деседі; ал көркем әдебиет жайында айтатындары-мейлі, шамырқанып мөңки бер, сен де бірте-бірте мынаны жазуға болмайды, мынау туралы тер төгудің қажеті жоқ, ал мынаны (Макар сорлы, немесе катаржандар қақында) жазуға міндеттімін дегенге көндігіп келесің дейтұғын; Ресейді жарылқау үшін бәріне дайынбыз десіп күпінеді, ал орыс сословиесінің қайыршы мен қараңғысынан басқаның бәрі шетінен күдікті; "Отечественные запискидің" уақытын алтын ғасыр деп, ал оның жабылуын орыс болмысында бұрын-соңды болмаған атышулы қайғылы оқиға деп санайды, бүгінгі күнді алмағайып заман деп, "бұдан да қиын уақыт бастан кешкен, бірақ дәл осындай зауал болған емес" дегенге саяды, құдды алмағайып заманнан бүкіл Ресей тұншығып жатқандай; бұлардың уағызынан сәл тайып кеткендерді азғын деп, әлдекімдердің "сабырлылығы мен тақуалығын" сәт сайын мысқылдап, мазақ қылысып отырады; Вагиннің әйелін сиқырлы шамның алакеуімінде әдеби кеш ұйымдастырып, "жалын атқан таулар" дейтұғын көркемсөз жиынын дайындағаны үшін жер-көкке сиғызбай дәріптейді келіп; мұндай кештерде сақалдылардың өзі де: "төбемізден жауыздықтың құйыны төніп тұр" деп мөңірейтінін қайтерсің, сол құйынның өтірік екенін сеземін, жалған ой, жалған сезіммен бүкіл өмірін сарп етпек болған пенделердің алдамшы тірлігіне түршігіп, жерге кіріп кете жаздағанымда:

— Ау, Алеша, сіздің поэтикалық езуіңіз тағы да қисайып барады ғой! — дейді.

Мұны айтатын Богдановтың әйелі, әлгі аяқтарын қырық бұрап, арқанша есіп отыратын статистиктің қатыны. Бұл күні Богдановтарда үлкен жиын, аядай бөлмеде жұрт иін тіреседі, темекінің көк түтіні, самауыр үстелден түспейді, бұрыш-бұрышта тоңқайып жатқан сыраның бос шөлмектері: Харьковке жасырын келіп қалған атақты кәрі "күрескердің" құрметіне жиналған, айтуларына қарағанда, атағы қажырлы да қайтпас қайсарлығымен шықса керек, сан рет бекіністерге қамалып, солтүстік шеңбердің арғы бетінен де қашып келіпті, түріне қарасаң кісікиік секілді, жүрісі қорбаң, бет-аузын жүн басқан, құлағы мен танауының ішінен жұп-жуан қылшықтар едірейіп тұр, сығырайған тышқан көздері ақылмен қадалып қарайды екен, сөзі майда, хатқа жазғандай төгіліп тұр. Богдановтың өзі құбатөбел адам, ал әйелі жұртқа белгілі, атағының өзі айқайлап тұр: осы ғұмырында оның көрмеген адамы, бір басынан кешпеген оқиғасы жоқ. Кезінде ұрғашының көріктісі болған, оған қырындамаған еркек те аз, күні бүгінге дейін пысық, әрі көңілді, тілі өткір де тапқыр, кез келгенді логикасымен кесіп түсуге бар, әрі нәзік, әрі ажары қайтпаған, кешке сыланып-сипанып келеді, маңдай шашын бұйралап қоятын әдеті. Мені жақсы көреді, бірақ қымс етсе қағытып отырады. Енді міне, "езуімді қисайтып" қойды, өйткені атақтылардың атына тойып, шешен сөзден құлағым сарсыды, ішімдіктен іштері кепкен соң бір бұрышта отырып алып: "Біз барлық жауыздарға қарғыс айтып, барлық күрескерлерді майданға шақырамыз!" — деп барылдасып он салуда. Менің қысылатыным да, қиналатыным да осы, қасымда шегедей папиросты саусағына қыстырып диванда отырған үй иесінің әйелі осынымды сезіп ызадан булыға бастайды. Мен не айтарымды білмеймін, жауаптың ретін тапқанымша ол: "Бос шаттанып, босқа қыртып, қолын қанға батырғандардан..." деп сыңсыта жөнеледі. Мен үшін бұдан өткен бейауыздық жоқ - сонда шаттанып жүрген кім, босқа қыртып, қолдарын қанға батырғандар кім деп ойлаймын. Тағы да бір қанымды қайнататын — студенттік дарақылық: "Сонау түкпірден, алыстағы елден, Еділдей ұлан-дария жерден, қажырлы еңбек, аңсаған бостандық көксеп, қызықты думан үшін келгем!.." Мен сол Еділ-дариядан да, қажырлы еңбектен де теріс айналып қашқым келеді, сол сәтте Браиловская дейтін көп сөйлемейтін, бірақ әр нәрсеге құмаршыл, қадалса өңменіңнен өтетін жебірейіл көзді сүйкімді бикештің жанарынан маған деген өшпенділіктің ұшқынын байқап қаламын.

Мен осыларға қарағанда тіпті кертартпа да емеспін, әлгі жеңілтек революцияшылдықты айтам да, мен де жанашырлық пен адамгершілікті, әділетті аңсаймын, бірақ жыным келетіні — қалжыңшыны аралас болса да (көбіне нығыздап айтатын): "Ақын болмай-ақ қой, бірақ азамат болу міндетің!" дегенді құлағыма қайта-қайта құя беретіндері, сол міндетті маған жүктеп қойып, өмірдің бар мақсаты "қоғам үшін қызмет ету", былайша айтқанда, мұжық пен жұмысшы үшін жаныңды сал дейтін жалған пәлсапалары. Жынданбай қайтерсің: қайдағы бір маскүнем слесарь мен жаяу-жалпы Клим үшін мен өзімді неменеге құрбандыққа шалуым керек, ол және тірі де Клим емес, әлдебір жиынтық бейне, көшедегі көрінген арбакешке ешкім көз қиығын салып та жатпайтыны секілді, ол байғұсты елеп те жатқан ешкім жоқ, ал мен болсам керісінше, батуриндік климовтарға жүрегім елжіреп тұрады, арқасына қабы мен қол арасын таңып алып, қасыма келіп, "барчук, жеңіл-желпі жұмыс табылмас па екен" деп өзіндей түр жағым жас жігітке жасқанып тұрып сыбырлайтын қаңғыбас балташыға ең соңғы тиынымды қағып беруге бармын. Түсінсем бұйырмасын, "қоғам үшін адал қызмет атқарған соң" тып-тыныш өле салуға да болады деп өтірік көлгірсудің не қажеті болды екен? Көрінген жерге көсемсітіп іліп қоятын Щедриннің Иудушка, Глупов қаласының көшеге ақбоз ат мініп шығатын бастықтары туралы цитаталарды оқыған сайын көкірегімнің қыжылы қозып, әр үйдің қабырғасын босатпайтын Чернышевскийдің портреті мен табыттан тұрып келе жатқан өліктей құп-қу, есіктен енді кірген жандармдарға бақырайып қарайтын Белинскийдің үрейлі көзін көргенде тісім шықырлап кетеді.

Бұл топта Быковтар да, Мельниктер де болды... Солардың түрлеріне қарап отырып, осылар да тамаша болашақ үшін қызмет етеді-ау, адамзатты арманына жеткізетін білімпаз басты тұлғалар осылар-ау дегенге сену қиын-ақ.

Макс дейтін жалған аты бар тағы біреу, қайдан екені белгісіз, анда-санда Харьковқа келіп тұратын: ұзын бойлы, аяғы еменнің бұжыр бұтағындай иір-қобыз, соған лайық швейцар бәтіңкесін киеді, өзі өте сабырлы, сөзі нақпа-нақ, күнқақты беті ойқы-шойқы, соның төбесінде құмыра секілді доп-домалақ қаңылтыр бас. Әдетте аз жейді, аз ұйықтайды, содан соң әйтеуір бір белгісіз жаққа кетіп бара жатады...

XIV

Бір қысым осылай өтті. Ертеңгісін, ағам қызметке кеткенде мен көпшілік кітапхапасында отырамын. Одан соң сандалып жүргенім, оқыған кітаптарым жөнінде ойланамын, ары өткен, бері өткендер жайында ойға қаламын, бәрі де бақытты, бәрінің де көңілдері тоқ секілді көрінеді - әркімнің өзінше қарекеті бар, барды қанағат тұтып, жоқты дауламайтын жандар, тек мен ғана бірдеме жазсам деген арманмен жүрмін, бірақ нені жазуды өзім де білмеймін, оған машық та, тәуекел де жоқ, әйтеуір күні ертең деп бәрін болашаққа сырғытумен келемін, кедейліктің тауқыметінен көптен бері көкейімді тескен арманым -қойын дәптерін сатып алуға да шамам жоқ: бір дәптердің құсалығы соншалық, бар кілтипан сол дәптерге тіреліп тұрғандай-ақ, сол дәптер қолыма тисе өмірім өзгеріп, қиялым қыран құстай самғап жөнелетіндей көрінетін. Сөйтіп жүргенде көктем де келіп қалды, Драгомановтың малорусь "Ой-санасын" оқып шыққаным сол еді, енді кездейсоқ "Игорь полкі туралы соз" қолыма түсті де оның ғажайып туынды екеніне таңғалдым, соның әсерінен тағы да Харьковты тастап, шығанды шарлап кеткім келді: көкейімде Игорь жырындағы Донец, елең-алаңдағы таң шапағында, қала бекінісінде жас келіншек княгина Ефросиния күн салып қарап тұрғандай, қазақтар заманындағы Қара теңіз, жағадағы ақ мәрмәр тастың үстінде отырған "қыран жігіт", әрине, әкемнің жастық дәурені өткен Севастопольді де көксеумен болдым...

Ертеңгі уақытымды өстіп өлтіремін де одан соң Лисовскийге қарай тартамын — күнделікті әдетке айналған үстел басындағы әңгіме-дүкен, дау-дамайға араласқан соң кәдімгі күйкі тірлікке қайтып ораламын. Ақыры ағамыз екеуміз еврейдің ашымал мүңкіген қуықтай бөлмесіне келеміз де төсек үстінде шалқамыздан түсіп өсек-аяңмен демалған боламыз. Одан қалды ептеп жұмыс жасаймыз, ара-тұра маған да ұсақ-түйек тапсырмалар беріп тұратын еді. Ал кешкісін тағы да көпшілікті іздей бастаймыз.

Маған ұнайтыны Ганскийдің отбасы. Өзі тамаша музыкант, кейде кеш бойы біз үшін пианинода ойнап беретін. Бұрын-соңды мен түсінбеген, мен кешпеген жан күйзелісіне бергісіз, белгісіз бір тәтті дүниеге сезім бауратып, алғашқы дыбыстың өзінен-ақ әлдебір қуанышқа толы қас қағым сәт сені аспанға көтеріп әкеткендей болады да, тек поэтикалық шабыттың, музыканың құдіретімен шексіз алданыштың (құдайдың құзырымен шаттыққа, жеңімпаздыққа, білімдарлыққа жетесің дейтұғын) рақатына батасың. Өзінің революцияшыл өлермендігіне қарамастан, басқалардай емес көзқарасын ашып айта бермейтін сабырлы Ганскийге сол сәт қарап отырудың өзі қызық еді - ерекше шабыттанып, бүкіл дүниені ұмытып, музыка әуеніне берілгені соншалық, еріні қарайып кеткенше тістеніп алатын. Әуен барған сайын шарықтап, бірде толқындай жайбарақат, бірде көңілді ойнақылықпен иірімдей үйіріп әкетеді де тұла бойыңды шымырлатып жібереді, сол кезде менің көз алдыма Ганскийдің мұң шалған қасіретке толы бейнесі елестейтін еді: менің ойымша, ол түбі жынданатын шығар деуші едім, қуықтай темір торлы мылқау бөлме, ар жағында ернін жымқырып сұр халат киген Ганский тұр, жанарында ерекше бір сезімнің ұшқыны бар, бірақ оның ендігі ғұмыры музыкасыз таскерең алдамшы дүниемен таусылмақ...

Ганский бірде әңгіме үстінде бала кезінде Зальцбургте болып, Моцарттың үйіне барғанын айтып еді: сазгердің көне клавикордын, оның қасынан шыныға салған бас сүйегін көріпті. "Тіпті, бала кезінде! Ал мен ше?". Қорланғаным соншалық, сол сәтте атып тұрып үйге безгім келді, отыра салып әлі ешкім жазбаған керемет бір поэма, болмаса повесть жазсам, атымды айға шығарып, атағымды жалпақ дүниеге жайсам, Зальцбургкке барып сол клавикордты, сол бас сүйекті көрсем деп ойладым.

Көп жыл өткен соң көкейімде жүрген көп арманның біріндей ойымнан кетпей қойған көне мақсатымды да орындадым: Зальцбургке де бардым, клавикордты да, бас сүйекті де көрдім. Клавикордтың тиектері мен бас сүйектің түсі бірдей екен, басымды иіп, алақаныммен сипап, сүйіп алғым келді. Бас сүйек сәбидікіндей тым кішкентай болып көрінді...

XV

Ерте көктемде Қырымға жол тарттым.

Маған бөтен біреудің атына билет алып берген, әлдебір темір жол жұмысшысы болып жолға шықтым... Жастық шағым айтса нанғысыз жоқшылықта өтті.

Поштаның солаңдаған ұп-ұзын пойызы, бұрын мен көрмеген лас та тер мүңкіген тар вагон. Әуелде-ақ өзі жолаушыға лық толып келіп еді, Харьковта тағы да жұмыс іздеп оңтүстікке жөңкілген қалың жұрт жапыра басып кірді, бәрінің арқасында мөшек, оған қоса жоқтан өзгенің бәрін - күйелі шайнек, шарқай, борсып кеткен шайнамаға дейін таңып тастаған түйіншек: тот басқан бақыраш, иістеніп кеткен піскен жұмыртқа... Оның үстіне мезгіл кеш еді, бірден ұйқысыз түнге тап болдым, оның ар жағында ұзақты күн, тағы да ұйқысыз түн күтіп тұр еді... Бірақ мен бәріне шыдап бағуға тырыстым, өйткені алда әкемнің жастық дәурені шақырып тұрғандай көрінген.

Мен сәби кезімнен-ақ әкемнің жастық шағын елестетумен болдым. Бұл бір баяғының жарқыраған алтын күзі еді. Ол күндердің мұңы да, қуанышы да мол еді. Соның бәрі менің Қырым соғысына байланысты шала-пұла түсінігімнен туатын: қайдағы бір редуттар, қайдағы бір шабуыл, "басыбайлы" дейтұғын "басыбайлы" заманның қайдағы бір солдаттары, Малахов қорғанында қаза тапқан нағашым, көрікті де алып денелі полковник Николай Сергеевич: нағашым байлығымен де, жомарттығымен де біздің отбасымызға аңызға бергісіз жыр болған. Ең бастысы - сол күндерде менің көз алдымда теңіз жағалауындағы әлдебір йен, әсем жоталар елестейтін, жотаның тас қорымында өсетін еңлік секілді ақ гүлдер, бұл да менің сәби кезімде, қыс күндерінің бірінде әкемнен еститін әңгімелерден соңғы қиялдан туған көрініс:

— Бұл уақытта біз Қырымда желбегей мундирмен жүріп гүл теретін едік, — дейтін.

Ал шындығында мен не көрдім?

Есімде қалғаны, алғашқы күні Харьковтан алыстағы айдаладағы бір бекетте таңсәріде оянып едім, тар вагонның бір бұрышында жаншылып жатыр екенмін. Түнгі шырақ әлі өшпепті, күн де шықпаған, бірақ айнала жап-жарық, аспанда қызыл шапақты рең бар. Сол қызыл шапақтың астында қалай болса солай үймелеп, шырт ұйқыда жатқан жұртқа үрке қарадым да асығыс терезені барып аштым. Япырау, таңғы шапақ дәл осылай болар деп кім ойлапты! Шығыс жақ қып-қызыл өрттей шалқып тұр, таза ауа, кіршіксіз аспан тек жазық далада, көктемнің алғашқы күндерінде ғана болатын еді; мүлгіген тыныштық, көзге көрінбейтін биікте көктемнің алғашқы жаршысы бозторғайлар құйқылжытып ән салып жатыр, оңға қарасаң да, солға бұрылсаң да шұбалаңдай созылған біздің пойыздың вагондары, екі қадам жерде, тапталған қырмандай теп-тегіс жазықтың ортасында зираттың үлкен қорғаны маған қарап үңірейіп тұрғандай... Соған неге таңғалғанымды күні бүгінге дейін білмеймін. Бұл өзі сырт нобайымен де, көзге жылы ұшырап тұратын сүйкімді көрінісімен де еш нәрсеге ұқсамайтын құрылыс, ең бастысы, ішінде жатқан құпиясы. Соған қоса тым қарапайымдылығымен де еш нәрсені қайталамайды, әрі көне, бүгінгі тіршілікке мүлде бөтен, сөйте тұра әркімге таныс, әрі жақын, әрі туған топырағындай.

— Көрдің бе, баяғыда адамды қалай жерлегенін? — деді маған алыс түкпірден бір шал. Ұйықтамаған жалғыз осы қария, бет дегенде әжім мен қызғылтым бозала жүннен басқа дым жоқ, бұзау терісінен тіккен жыртық құлақшынның астынан жыртиған жіпсік көзінен сорасын ағызып, бүкшиіп отырып трубкасын рақаттана соруда. — Баяғыда адамды жерлегенде ескерткіш болсын дейтін. Бұл да байлықтан ғой. — Біраз үнсіздіктен кейін: — Мүмкін татарлар шығар бізді ардақтап көмген, — деп қосты. — Жарық дүниеде бәрі де болған — жақсылар да, жамандар да...

Ал екінші таң маған бұдан да ғажап көрінді. Әлдебір бекетте шошығандай тағы да атып тұрдым — көргенім жұмақтан кем емес: жаздың аппақ таңы, бұл жерде жаз баяғыда шыққан сияқты — төңірек гүл жайнап тұр, шық пен гүлдің иісі шалқиды, раушанға оранған әлдебір кішкентай аппақ вокзал, содан қиялап шығар орманды беткей, екінші жақтан ентелеп түскен қалың бытқылды тоғай... Әлде қуаныштан, әлде бір нәрседен үріккендей паровоз да қышқырып-қышқырып жұла жөнелді. Жабайы орман-тоғайлы қыраттардан кең жазыққа жеткенде көкжиекке дейін ұласқан қарақұрық бос қуыстан сілбідей кіреукелі түн түнегін тесіп шыққандай әлдебір көгілдір сағым маған қарай қарсы жүзсін. Бірден танып, көңілім өрекпіп кетті. Иә, есіме түсті де тани кеттім.

Севастополь маған тропикалық елестей болып көрінді. Аптапқа малынып, жарқырап тұрған әсем вокзал. Күн көзіне шағылысқан рельстер күмістей жалтырайды. Қапырықтан аспан да кілегейленіп бозамық тартқан секілді, бірақ осының өзі де түстікке тән әсемдік пен бақыттың нышаны емес пе! Мұжықтар бастап арқалап келген ауыр жүгіміз жол бойы езіліп кеткен. Мінеки, мен де жұрттың соңын ала пойыздан түстім, ата-анам қойған кәдімгі өз атымды қайтып алып, аштықтан арып-ашып, сенделіп бірінші класқа келіп кірдім. Талма түс, тірі жан жоқ, аңғардай буфет залы (курьер пойызымен келетін байлар мен игі-жақсылардың түсетін орыны) тап-таза, тым-тырс, шамдал, ваза қойған үстелдер айнадай жалтырайды... Жол бойы қайыршыдай қағып-семіп келе жатқан басым енді шыдай алмадым — кофе, тоқаш сұрадым. Беруін берді-ау, бірақ көзінің қиығымен жақтырмай қарады, тегі түрім соншалықты күдікті болса керек. Мейлі, маған бәрібір, мен тағы да баяғы қалпыма келдім, есік пен терезеден ескен ыстық лепте, тыныштық пен таза ауада тыныстап, рақаттанып отыр едім, бір кезде платформа жақтағы ашық есіктен цесарка секілді бір шұп-шұбар тіршілік кіріп келгені... Содан бері түстіктің вокзалдары десе, көзіме шұбар тауық елестейді. Бірақ менің алыстан іздеп келген сағынышым қайда кеткен? Севастопольде зеңбірек добынан қираған үйлер де, мүлгіген тыныштық та, күйзеліс те жоқ — әкем мен Николай Сергеевичтің кезіндегі денщиктерден, қойма мен қазыналық пәтерлерден де ештеңе қалмапты. Қала оларды әлдеқашан ұмытқан, қайтадан сән түзеген ақ үйлер, ақ шатырлы жалпақ күймелер, көше толған қарайым мен гректердің қалың тобыры, акацияға бөленген аландар, темекі дүкендерінің өзі де көздің жауын алады, бүкірейген Нахимовтың ескерткіші Граф пристанінде, көк теңіздің жағасында жусаған броненосецтерге апаратын баспалдақтың алдында тұр. Тек сол көк теңіздің арғы бетінде Теріскей немесе Бауырластар зираты деп аталатын жерде әкемізден қалған бір із бар сияқты. Тек сол жақтан ғана маған өткен күндердің тәтті сағынышы мұң болып жеткендей, ол да бүгін тып-тыныш, мәңгілікке өшкен, маған қанша бір жақындығы болғанмен жұрт оны баяғыда-ақ ұмытқан...

Мен тағы да жолға шықтым. Қала шетіндегі арзан бір мүсәпірханаға түнеген едім, Севастопольден елең-алаңда шығып кеттім. Түс болмай Балаклавадан да асқанмын. Жап-жалаңаш таулы өлке көзге бір түрлі ерсі екен. Таусылып бермейтін сұр тас жол, көз алдыңда сұп-сұр аңғар, сұрғылт қорымды өркеш-өркеш таулар сеңгір-сеңгір болып қалғып-шұлғып сені жетелеп көз ұшына қаша береді... Жақпар тасты бір шатқалға келіп демалып отырдым. Әудем жерде ұзын құрық ұстаған татардың қойшы баласы тұрған, алдындағы малы шашылып қалған ақ малта тас секілді. Бірдеме жеп тұрды. Жеп тұрғаны ірімшік пен нан екен, қасына барып екі тиын ұсындым. Ол күйсеуін қоймастан басын шайқады да иығындағы мөшегінің аузын ашты. Мен қол созған кезде қуанғандай ыржиып күліп еді, қап-қара тұнық жанары жайраңдап, дөңгелек бөркінің астындағы қалқаң құлағы желкесіне қарай жымырайып жабыса қалғаны... Сыңғырлаған қоңыраудың, тасырлаған тұяқ даусы естілді де іргеміздегі сұр тас жолмен үш ат жеккен жеңіл арба қасымыздан өте берді: делбеде татар жәмшік, арбада қап-қара қауға сақалды кенеп картуз киген шал, қасында өң-түс жоқ оранып-шымқанып алған, бақырайған қарақат көз жүдеу қыз... Айтпақшы, Ялта түбіндегі тау беткейінен, кипарис пен раушан гүлінің арасындағы жыпырлаған көп моланың ішінен, теңізден ескен жылы желдің өтінде тұрған оның мәрмәр құлпытасын көп жыл өтіп кеткен соң да сан рет көргенмін...

Байдар қақпасында пошта бекетінің баспалдағында түнеп шықтым. Ат жалдамайтынымды білген соң күзетші мені бөлмеге жібермей қойған. Қақпа сыртындағы түпсіз тұңғиықта теңіз шіркін арсы-күрсі болып, кейде қалғып кеткендей баяу күрсініп түні бойы тынымсыз ыңыранды да жатты. Ара-тұра тысқа шықтым: көзге түртсе көргісіз тас қараңғы, арғы жағың жердің шеті секілді, соқыр тұман мен толқын ызғары ұрып тұр, теңіз шуылы бірде басылып, енді бірде қалың орманның гүріліндей аспандап кетеді... Түпсіз дүние, түн соқыр әрі дүлей, тіріге қаскөй, өзіне мәнсіз, ақырғы демін тауыса алмай қиналып жатқандай...

XVI

Әр сапардан оралған сайын сен жоқта бірдеме болып қалған жоқ па екен, әлдебір хат-хабар бар ма деп ойлайсың. Көбіне ондай дәнеме де болмай шығады, тіршілік түк көрмегендей тым-тырыс. Ағам мені қатты қысылып қарсы алды: біріншіден, әкем Батуриноны сатып жіберіпті, бізге ақша салған екен, кешірім сұрағандай көңілсіз хат жазыпты... Әуелде мен қуанғанымнан жарылып кете жаздадым — демек, тағы да бір жаққа жортып кетуге мүмкіндік туды, бірақ артынша есірген көңілім сап басылды: біздің ежелгі тұрмысымыз осымен біткені де. Әкеме, шешеме, Оляға жаным ашып, ішім езіліп сала берді: біз ғой мұнда ахаху-ахахумен жүрміз, мезгіл болса көктем, қаптаған жұрт, қала, ал олар болса жапанда, жалғыз үй, ойлайтындары тек біз, енді оған панасыздықтың уайымы қосылды. Мен әкемнің көңілсіз шағын көргім келмейтін, әсіресе "мен сендерді қайың сауғызып жібердім-ау" деген өкінішін естігенде сол сөзі үшін ішімнен разы болып, жүгіріп барып қолынан сүйіп алғым келетін. Енді мынау Севастопольден кейін көзімнің жасын зорға ұстап қалдым... Бағымызға қарай ол жерді ғана сатып, усадьбаны ұстап қалыпты.

Ал екінші жаңалықты мен күтпеген едім. Ағам соны айтып тұрып жаман қысылды: "Осы уақытқа дейін жасырып келгеніме кешірім сұраймын, бұдан былай да біздің үй мұны білмейтін болсын... Қысқасы мен үйленіп қойғанмын... Әрине, шіркеуге барғанымыз жоқ, балаға бола ол әлі күнге дейін күйеуімен тұрып жатыр. Сен мені түсінесің ғой... Қазір ол Харьковта, ертең қайтады... Киіміңді ауыстыр, қазір соған барамыз, ол сені біледі, сыртыңнан жақсы көреді..."

Содан ол асығыс-үсігіс басынан кешкендерін айтып шықты. Ол бай да текті бір тұқымның қызы екен, бірақ қызуқанды, еркіндікті аңсаған халықшылдық ортада өсіпті, халыққа қызмет етіп, халық үшін күресіп, "сүйгеніммен қол ұстасып өтемін" деп ертерек тұрмысқа шығыпты... "Сүйікті адамы" әйелінің арқасында әбден байып алған соң әуелгі мақсатын мүлдем ұмытса керек, ал халық үшін өзін құрбандыққа шалу әйел үшін қасиетті борыш, өмірінің бар мұраты екен, халық қасірет шегіп отырғанда мен бақытты бола алмаймын деп, тіпті өзінің сұлулығын да артық көріп, бірде жұрт тамсана беретін сүйріктей саусақтарын қышқылмен күйдірмек те болыпты... Ағам екеуі оңтүстікте кездесіпті, ол кезде ағамыз бөтен атпен жасырынып жүрген. Өлердей ғашық болған әйел махаббаттың күйігіне шыдай алмай теңізге қойып кеткен екен, кездейсоқ балықшылар құтқарып қалыпты...

Мен үндемей киініп, осының бәрін тыңдап болғанша қатты толқып, ағамның көзіне тіктеп қарай алмадым. Әңгіме маған онша ұнаған жоқ, туысқаным үшін қорланып, әйелге деген өшпендік пайда болды, өйткені, әсірелеуі тым көп сияқты көрінді. Бірақ дәулеттілер ғана тоқтайтын қымбат қонақ үйінің босағасын аттай бере бұрынғыдан да ғажап қалдым. Ол лып етіп тұрып қарсы алды да туысқанындай мейірлене құшақтап, жайраңдап күліп, жадырап сөйлей жөнелді. Кісі қабылдаудағы оның әрі жылы, әрі мейілінше қарапайымдылығынан тектінің тәрбиесі, ақ жүрегі, әйелге тән сүйкімді қылығы танылып тұрды, әдепте ұяң, сонымен катар жүріс-тұрысы еркін, шалыс баспайтын мап-майда, қоңыр үнінде құлаққа жағымды бір әуен бар, кірпігі қап-қара, сәл жымиып тұратын көкшіл көзі адамға жасқанбай жылы қарайды - осының бәрінде жұмбақ бір әсемдік жатыр...

Дегенмен осы күтпеген таныстық, матқапы жаңалық менің жанымды күйзелтіп тастады: шығарда ғана жанымыз бөлек деп жүрсек, ағамыздың бізден басқа да тіршілігі, бізден жасырған сырлары да бар екен. Мен өзімді тағы да жалғыз қалғандай сезіндім, жастығыма да, көктемнің жадыраған көркіне де қарамастан өзегімді өңездей ащы мұң басып, жоқ жерден түңіліп қалдым. Сонда да іштей ойлаған болдым: "мейлі, маған тіпті жақсы, енді ғана тани бастаған ғажайып елімде емін-еркін сайран салатын шығармын!". Ел дегенім түстік Русь, көз жетпейтін кең жазира көктемі, қиялымды жетелеген көнесі мен бүгінгі көрінісі. Оның бүгінінде ұлы да бай өлке жатыр, суы көл-көсір, нуы шалқыған шексіз дала, дала төсіндегі хуторлар мен селолар, Днепр мен Киеві, тіршілігі таза, түрі әсем, қажырлы да көркем жұрты — дунай мен карпат шаняндарының нағыз мұрагерлері. Ал олардың көнедегі көзі Святополктер мен Игорлер, печенегтер мен қыпшақтар емес пе, осы бір сөздердің өзі-ақ мені есімнен тандырған, бұдан соңғы ғасырлар қазақтардың түріктермен, ляхтармен соғысы, Құламалар мен Хортица, херсон атыраулары... "Игорь полкі" десе менде ес қалмайды: "Хощу бо, рече, копие преломити конець поля Половецкого с вами Русици... Не буря соколы занесе через поля широкая; галици стады бежать к Дону великому... Комони ржуть за Сулою; звенить слава в Кыеве; трубы трубять в Новгороде; стоять стязви в Путивле... Тогда вступи Игорь князь в злат стремень п поэха по чистому полю. Солнце ему тьмою путь заступаше: мощ стонущи ему грозою птичь убуди... Див кличеть врьху древа, велить послушати земли незнаме, Вльзе и Поморию, и Посулию, и Сурожу..."

"Кричать телеги полунощи, рци лебеди распущени, ри зовуть, ли Игорь вой к Дону ведеть... Орли клектом на кости звери зовуть, лисици брешуть на чрьленые щиты... О Русьская земле! Уже за шеломяном еси".

Кешікпей мен тағы да ел кезуге шықтым. Бір кезде Князь "барша тышқандай қурайдың қуысында, қасқалдақтай ағын суда" тұтқыннан қашқан Донның жағалауында болдым; одан соң Днепрге, әлгі "қыпшақ жерінің астынан таудың тасын тесіп" шығатын қиянға да бардым, Днепр қойнауындағы ақ шаңқан селолардың қасынан өрлеп Киевке де жеттім — көктемнің көл-көсір бұла шағында көңілімде Игорь туралы жырдың шумақтары төгіліп жатқанын қалай жеткізсем екен? "Көк жүзінде күн күлімдеп, Князь Игорь орыстың отанында! Дунайдан шырқаған қыздардың әні көк теңізді көктей өтіп Киевке де жетіп тұр!"

Киевтен шығып Курск мен Путивильге тарттым. "Ертте, бауырым, сәйгүлік аттарыңды, менің ерімді Курскге жеткенде саларсың..." Тек көп жылдар өткен соң ғана мен Кострома, Суздаль, Углич, Ұлы Ростовты түсіне бастадым: ол кезде бұлар маған пәлендей әсер етпеп еді. Курск еш қызығы жоқ губерниялық қалашық болатын, ал Путивиль онан да өткен сұрықсыз. Бағы бір заманда, құла шаңның астында, тіреуге сүйенген балшық тамда отырып "Ярославна жылайтын" иен түкпірдегі қалашықтан айырмашылығы шамалы еді.

"Ярославна рано плачет Путивлю городу: полечю, рече, зегзицею, омочю бубрян рукав в Каяле рсце, утру Князю кровавые раны его..."

XVII

Дәл осы жолмен үйге кері қайттым. Тіпті асыққаным сонша, қаңғыбастыққа әбден тойып болған сияқтымын, енді демалып, ептеп жұмыс та істегім келді, Батуринода мені жадыраған жаз күтіп тұр, бұл да аптыққан көңілге үлкен медет еді — үміт деген шіркінге шек бар ма, жоспарым көп, тағдырыма да сеніп келемін. Бірақ құр босқа сене берудің өзі де алдамшы ғой.

Қысқартып айтқанда жолай Орелға соқтым.

Осымен қыдырымпаздығым да біткен шығар деп ойладым: енді бірер сағаттан соң Батурино. Ендігі қалғаны тек Орелға — Лесков пен Тургеневтің отанына кіріп шығу, содан соң редакция, баспахана дегеніміз не екен, соны білсем дедім.

Денем ширақ, бойым жеңіл. Базардан базар қоймаған сыған секілді тотығып қап-қара болып арықтағанмын: жаяу-жалпы да жүрдім, Днепрмен де жүздім, палубадан түскенім жоқ — шыжыған ыстық күн, сағым буған су беті, лыпып тұрған пароходтың трубасы әлдебір шыны ұнтағы тәрізді қиыршықты құсады да тұрады, машина мен асхананың қапырық иісі, ығы-жығы жұрт. Осыған төзімімнің жеткеніне де өзіме рахмет айтуым керек шығар. Содан Орелға жетісімен арбакешке ең қымбат қонақ үйге апар дедім... Қызғылт реңді шаңдақ кеш еді, шам енді ғана жана бастаған, өзеннің арғы бетіндегі қала бағында үрме аспаптардың оркестрі ойнап жатыр... Танымайтын бөтен қаланың кешінде жалғыз өзің жүріп сан түрлі сезімді бастан кешетінің бар. Әлде қуаныш, әлде мұң, сондай бір сезімде отырып таңдап түскен қадірлі дейтұғын қонақ үйдің даңғарадай иен залында тамақ іштім, одан соң бөлменің балконында отырдым, тура астымызда көше шамы бар екен, соның жарығынан іргедегі ағаштың жапырақтары темір секілді болып көрінді. Төменде бір сөйлеп, бір күліп, бірінің аузында темекі, ары-бері сабылған жұрт, қарсыдағы үлкен үйлердің терезелері ашық жатыр, ар жағынан жарқыраған бөлмелер, шай ішіп, немесе үстел басында іс тігіп отырған адамдар көрінеді — бөтен біреудің жұмбақ та қызық өміріне осындай сәтте құмартып қарайтын әдет емес пе... Кейін, дүниенің жүзін байыз таппай аралап жүріп, талай рет пенделердің тірлігін сыртынан аңдып, солардан алған жадағай ақылгөйлігім де жоқ емес. Бірақ ол кезде маған ақылгөйлікті кім берсін, қаланың жып-жылы түнінде, өзеннің арғы бетінен бірде сызылта мұң төгіп, бірде тарсыл-күрсіл есіріктігімен аспанды тепкен әскери музыканың әсерінен онша артылған жоқ едім.

Мен тіпті адамша ұйықтаудан да адасып қалыппын — сол түні маған жұп-жұмсақ кең кереует те, мақпал түн, кең бөлме де бір түрлі ерсі сияқты көрінген. Жолаушының әдетінше таң сыза атып тұрғаным. "Голос" редакциясына құлқын сәріден жетіп келгенім де содан.

Ертеңгісін қапырық еді. Жалаңаш сұрғылт көше әлі йен. Әдепті бұзып редакцияға елең-алаңнан сұқсиып жетіп бармайын деп уақытты соза түсу үшін бас көшемен біраз жүрген соң келесі бір сауда-саттықтың үлкен жолына бұрылдым: әлдебір көпірден өтісімен алдымнан неше түрлі қоймалар, амбарлар, темір-терсектің, бояу мен дәрі-дәрмектің лепкелері, қысқасы, сол кездегі Ресей қалаларындағы аста-төк болып жататын ескі-құсқы тауарлардың бар байлығы осында екен. Шыжыған ыстыққа божыған осы байлықтың қасында Орликтің биік мұнаралы шіркеуі таңғы құлшылыққа шақырып қоңырау қағып жатты. Тұла бойды тітіренткен қоңырау үнімен мен тағы бір көпірден өтіп тауға көтерілдім, әр түрлі мекемелерді жағалап, Николай, Александр заманында салынған үйлердің алдындағы алаңнан бірақ шықтым, осы арадан бірі оңға, бірі солға бұрылатын кең аллея ертеңгілік ағаш көлеңкесінен әлі сап-салқын екен. Қарсы жолыққан біреуден "Голос" редакциясының көшесін сұрап едім.

— Әне тұр, екі-ақ аттам, — деді ол, қазір редакцияға барамын-ау дегеннен-ақ жүрегім дүрсілдеп қоя берді.

Редакцияның жұпынылығынан нағыз провинцияның өзін енді көргендей болдым. Алаңның арғы жағы тұнып тұрған бақ екен, соны бойлай шөп басқан тып-тыныш көлеңкелі көшелер. Соның біріне, бақ ішінде ұп-ұзын сұр үйде редакция орналасыпты. Келдім де тура көшеге шығатын есіктің қоңырауын тартып қалдым... Қоңырау даусы әлдеқайдағы алыстан естілді, бірақ ешқандай тырп еткен дыбыс шықпады: мынау иен дала секілді үй де иесіз қалғандай; тым-тырс, айнала қалың ағаш, кәдімгі жанға жайлы даланың губерниялық қаласының таңғы таза көрінісі. Мен тағы да қоңырау қағып, ақыры дыбыс болмаған соң ішке кірдім. Ұп-ұзын дәліз сонау түкпірге дейін созылып жатыр. Мен солай қарай жүрдім де әр түрлі машиналар сығылысқан лас залға тап болдым, төңірек шашылып жатқан майлы қағаз. Машиналар безек қағып тұр, бір қалыпты тарсылдап, қап-қара ұршықтардың үстіндегі қорғасын түстес тақтайды арлы-берлі тербетіп, әлдебір торды бір көтеріп, бір түсіріп, етектей қағаздарды бір жағына лақтырып тастап жатыр, қағаздың асты аппақ, үсті қара уылдырық сепкендей шұп-шұбар, осы машина біткеннің тарсыл-күрсіл шуы мен ара-тұра естіліп қалатын баспашылар, теміршілердің даусынан бір түрлі жағымсыз иістің лебі келеді, танауды жарған бояу мен қағаздың, қорғасынның, кәрәсін мен майдың иісі — бәрі де осы сәттен бастап (өмір бойы) маған ерекше таныс болған нәрселер.

— Редакция ма? — деп әлдекім осы тарсыл-күрсілді жарып зірк ете қалды. — Бұл баспахана ғой! Ей, редакцияға алып баршы!

Аяқ астынан едірейген қорғасын шашты сатал-сатал бір бала жетіп келді.

— Бері жүріңіз.

Мен де абыржып бала соңынан кері қарай дәлізге қайта шықтым. Содан бір минут өтпей редактордың қабылдау бөлмесінде отырдым, редактор кіп-кішкентай сүйкімді жас келіншек екен, бірден асханаға ертіп келіп, кәдімгі үй тіршілігіндей емін-еркін кофе ішіп отырдық. Қайта-қайта әр түрлі дәм ұсынып, әр түрлі сұраулар қояды, астаналық басылымдарда шыққан өлеңдерімді мақтаған болды, "Голосқа" қатысып тұр деп шақырды... Мен қызарып, рахметімді айттым, орынсыз күлдім-ау деймін, күтпеген қошаметтен алған ләззатымды жасырған түрім болса керек, қолым дірілдеп әлдебір печеньені аузыма саламын, ол шіркін тәп-тәтті екен, таңдайыңа тиер-тиместен еріп жөнеледі... Бір кезде есік сыртынан дабырлаған әлде кімдердің даусы естілді де әйел кілт тоқтап күліп жіберді:

— Мінеки, менің ұйқышыл сылқымдарым да келді, — деді. — Қазір мен сізді екі бірдей асқан сұлулармен таныстырамын, бірі менің немере сіңлім Лика, екіншісі соның құрбысы Сашенька Оболонская...

Айтып ауыз жиғанша асханаға екі қыз кіріп келді, үстерінде түрлі-түсті оқалы орыс киімі, өңірін әдемі моншақтармен, лентамен әшекейлеп тастапты, қып-қысқа жеңдерінен жас бикештердің торсықтай сүйкімді білектері жарқ-жұрқ етеді...

XVIII

Ойда жоқта тап болған осы бір оқиға қас қағымдай тез, алас-қапас секілді өте шықты да соған еріксіз елтіп, қарсылықсыз жығыла салғаныма қайран қаламын, әуелде ойсыз-күйсіз қуанышпен басталып еді, артынан азабы бір басыма жетерлік уайым мен жан күйзелісін алып келді.

Мен Ликаны неге таңдап едім? Оболонская да одан кем емес болатын. Бірақ Лика кірген бойда маған жантарта жақындап, Оболонскаядан кері қысылмай жылы сөйлесті... Сонда мен оның несіне ғашық бола қалдым? Әрине, бәріне құлшына құмарттым; үш ұйықтасам ойымда жоқ жап-жас бикештердің ортасына түсе қалғаным; келіншектің әдемі башпағы, қыздардың моншақты оқалы киімдері, торсықтай сүйкімді білектері мен етженді әдемі тізелері де көзден тыс қалған жоқ; баққа төніп тұрған күн сәулелі терезелер, кең бөлме; тіпті күтуші тыстан жетелеп кіргізген жас баланың алабұртқан жүзі де сүйкімді еді, ол шіркін де шешесі маңдайынан иіскеп, күртесін шешіп болғанша көкшіл көзі жаудырап маған аса бір мейіріммен қадалып қарады да тұрды... Осы кезде үстелдің үстін жинастырып түскі асқа дастархан жая бастаған, келіншек маған ас-сусыз ешқайда тырп етпейсің деген сыңай танытып, жалпы Орелден кетуге асықпа деді, ал Лика болса картузымды тартып алып, өзі пианиноға отырып "Собачий вальсті" ойнай бастады... Қысқасы, мен редакциядан сағат үш кезінде бірақ шықтым. Соның өзінде де уақыттың зу етіп өте шыққанына таңғалдым: уақыттың көз ілеспес шапшаңдығы, шараптың буына мас болғандай уайымсыз әсер шақ ғашықтықтың лапылдақ бастамасы екенін ол кезде мен ойлағаным да жоқ...

XIX

Менің өмірімдегі үлкен бір оқиғаға татырлық тағы бір махаббатым осылай басталды. Жәнеде ол есте қаларлық екінші бір жағдайға тап келіп еді.

Әлдебір қимасым қалып бара жатқандай Орелден артыма қарай-қарай аттанып едім, көңілімде алғашқы махаббатыммен ажырасқандай мұң, кешікпей кездесемін-ау деген тәтті үмітім және бар. Дәл сол күнге әлдебір аса маңызды қаралы пойыздың тап келе қалғаны. Ол неме тура сағат екіде, менің пойызымнан бір сағат бұрын келмек екен, жаңа досым, "Голостың" қожайыны сол жиынға қатысатын болғандықтан мені вокзалға шығарып салмаққа ниет білдіріп, соның арқасында мен де сирек салтанаттың куәгері болдым. Орелға келгелі тосын жағдайлар көбейіп кетті. Платформада сап түзеген солдаттардың алдында жиналған таңдаулы игі-жақсылардың қалың тобына араластым да кеттім. Үрей тудырған әлгі бір ұлы көш жақындап та қалған, синклитке (төрелер жиналысы) жиналғандай қала мен губерния басшылары. Жарқ-жұрқ еткен фрак, жаңа мундир, әскери семіз эполеттер, ортасында шіркеу шапандары мен архимандриттердің қалпақтары да жүр. Мұндай салтанатты қоғамның жиынына тап болған пенде шіркіннің әуелде есеңгіреп қалатын әдеті, платформада жарты сағаттай тұрған мен бүкіл вокзалды күңірентіп қаралы ту байлаған дүлей пойыз гүрсілдеп келіп тоқтағанда шошып оянғандай болдым. Көз алдымнан жібек перделі, алтын жалатқан самұрықты герб ілген үлкен терезенің жарқ етіп өте шыққанын білемін... Сол сәтте қалың тобыр жапырылып кейін шегінді де баяу жылжып келіп тоқтаған ортаншы вагоннан күні бұрын төселіп қойған қызыл шұғаны еппен басып әлдебір жас гусар түсе қалды: еңгезелдей сары жігіт, үстінде қызыл доломан (гусар киетін ұзын күрте), сопақша келген атжақты, желбезекті жұқа танауы тәкаппарлықты танытқандай, иегін аспандатып ұстайды екен, мені таңғалдырғаны — жөпшеңкіге бітпеген ұзын бой; түп-түзу толық балтыр, қырғидай қырағы көз, сәндеп қойған жирен бұйра сақал, жұқалау келген сары бұйра шаш, желкесіне қарай сол шалқайған тәкаппар басы тым асқақ...

Сол бір көктемнің жылы кешінде оны тағы да қайтып көремін-ау деп ойлаппын ба!

XX

Одан бері де айхай өмір өтіп кетті.

Ресей, Орел, көктем... Енді міне Франция, түстік, жерортаның қыс күндері.

Екеуміз баяғыдан бері бөтен елде жүрміз. Ол менің жақын көршім, осы қыс көптен бері сырқат еді. Бір күні ертеңгілік Францияның жергілікті листогін ақтарып отырып қолымнан түсіріп алдым: ол дүниеден өтіп кетіпті. Мен оны газет бетінен үнемі қадағалап жүруші едім, өзім тұратын тау беткейінен сонау алыстағы бүкір түбектен көз алмай қарайтынмын да соның бейнесін іздейтінмін. Енді сол елес те мүлдем жоғалды.

Ертеңгілік күн жарқырап тұрады, әрі ызғырық. Үйден шығамын да түйетайлы бақпен пальма түбіндегі қиыршық төселген алаң-қайға түсемін. Осы жерден шалқар қойнау, көк аспанның етегіндегі күн көзіне шағылысқан таулар мен көк теңіз анық көрінеді. Ұшы-қиырсыз қойнаулар толқын-толқын болып бірте-бірте көтеріліп, сонау теңіз жағасынан өркеш-өркеш қыраттарды мен отырған Альпінің етегіне ертіп келеді. Төменде, менің оң жағымда, тастақты тік қияда, Праванстың бір медиені — дөрекілеу сарацин мұнарасы сорайып көне бекініс жатыр. Бұл да әншейін долбар, бір-біріне жабысқан қожыр-қожыр сұр тас, төбесінен қарасаң тот басқан кірпіш қорымы секілді. Қарсыдағы көкжиекте бұлыңғырлау аспанмен ұласып тұманды теңіз көрінеді. Сол жақтағы бүкір түбекті теңіздің жыбырлаған күміс жалтыры жұтып қойыпты. Сол тұсқа сүзіліп көп қарадым. Дүркін-дүркін соғып өткен ызғырық бақ ішіндегі пальманың сорайған қу сабағын сілкілеп, табытқа жапқан венок жапырағынының сылдырындай бой тоңазытқан ызғарлы леп шалқиды... Барсам ба екен? Түске де кірмейтін нәрсе — бұл өмірде екі-ақ рет кездестік, екеуі де елім кезінде. Иә, таңғаларлық. Япырау, баяғы заманнан бері сан түрлі жұрт жайлаған мынау сеңгір таулардың басын шалып тұрған күн бізді де шуағына бөлеп пе еді?

XXI

Күні бойы ызғырық есті, пальма да тыныш тапқан жоқ, шағылысқан күн қылауы да өткір.

Кешке қарай басылған сияқты.

Созалаңдаған ұзын жол қалың бақтың ортасымен көтеріліп келеді. Ақыры кең жайлаудай көне қонысқа да жеттім: аумақты үлкен бақ, аллея түкпіріндегі кіл кәртамыш пальмалардың ортасындағы еңселі ақ үйдің қақпасы ашық жатыр. Үй артынан батар күннің қызыл шапағы жамырайды. Көңіл айтуға келгендер үшін ашылған үңірейген қақпаның маңы қаптаған машина, ар жағы қаралы мұң.

Аллея бос, жұрт үйде болса керек. Асығыс солай жүрдім. Аяғымды басқан сайын тас қиыршық сылдырлап қоя берді.

Баспалдақта да жан жоқ. Кірсем бе екен?

Бұл әншейін айта салғаным, әйтпесе дәл осы сәтте абдырап қалдым: баспалдақ үстінде погонды гимнастерка киген көкшіл көз орыс офицері тұрғандай көрінді. Он жыл бойы кездеспей кеткен бейне менің өткен ғұмырымды тіріліп келіп есіме салғандай болды...

Биік баспалдақтың шынылы есігі де ашық жатыр. Есіктің арғы жағында қараңғылау вестибюль, онда да есік, онан ормен күңгірттеу француздың кең салоны ерекше де әсем екен: қиялай түскен күн сәулесіне шағылысқан жібек перделі оймыштау келген терезелер, салон іші әлі жарық болса да биік төбеден салбыраған інжу моншақты люстраны жарқыратып жағып қойыпты.

Вестибюльде сығылысқан үнсіз жұрт. Иығым салбырап екінші есікке жеттім де басымды көтердім — бірден көзім шалғаны, еменнен жасалған сарғыш саркофакта, ерепейсіз ұзын табытта жатыр екен; ірі бет-жүзі сұп-сұр, романовтарға тән кең маңдай, баяғы қызыл шырай тозып, кәріліктен боз тартқан, жансыз басы әлі де зілді, тәкаппар: көкбурыл сақалы сәл көтеріліп қалыпты, танауы қусырылып, әлде нені жақтырмай жатқан секілді...

Енді салонды қадағалап қайта қарап шықтым. Бір түрлі сүйкімсіз алакеуім, кешкі қызыл шапақтан алқызыл сағым шашқан перде, інжудей мөлдір түсті люстра, шіркеудің ұзын шырақтарының бозғылт жалыны лапылдап шалқып тұр. Қабырғаны бойлай иінтірескен жұрт, салонның дін ортасын тұтастай өзі алып жатыр. Қабырғаның сол жағында, бүркеулі айнаның қасында бүйірі шығыңқы табыттың қақпағын мәрмәр каминге сүйеп қойыпты, лактаған сарғыш еменнің формасы да ерекше керінді. Түкпірде, табыттың бас жағында балалардың түнемел бөлмесіндегі майда шамдай елеусіреп, көненің күміс құрсаулы құдай суретінің алдында шырағдан жылтырайды.

Бәрінің назары табыт-саркофакта. Оның да екі бүйірі кең, ерепейсіз ұзын, жалтыраған легі мен әсемдігінен үстіріктен жаңа шыққанын аңғардым. Ең қорқыныштысы — табыттың ішінде ақ барқытпен қапталған тағы бір мырыш табыт бар. Шыр айнала әскери тәртіппен тапжылмай сіресіп қалған ең соңғы құрметті қарауыл — офицерлер мен казактар күзеті. Қылыштары жалаңаш, жартылай бүгілген оң қолдарында — фуражка, кірпік қақпай шақшиған көздер не бұйрыққа да әзірміз дегендей өлікке қалт етпей қадалып тұр. Ал марқұмның өзі онсыз да ұзын денесін созып жіберіп, үш түсті туға оранып алып бүлк етпей жатыр. Бұрынғы жарқын да көркем жүзі қазір қарттықтың, қарапайым пенденің кейпіне түскен. Ағарған шашы қайратын жоғалтқан, маңдайы төбесіне түріліп, жалаңаштанып кетіпті. Басы тым үлкен, иығы баланың мүсініндей қушық, әрі ырсиған арық. Үстінде жай ғана шеркештің сұр шапаны — көкірегінде Георгий кресі, қысқалау жеңі кең екен, саусағынан жоғары сарғайып кеткен жалаңаш кесек қолдарын кеудесіне айқастыра салыпты, кеуіп, қурап қалған, бірақ ерекше күштің иесі екенін танытқандай тастай қатып, кипаристен жонылған афонның қара-қошқыл көне кресін қапсыра қысып алған... Мен жақындап барып пальма мен веноктар сүйеген табыттың қасына тұрдым... Сол сәтте марқұммен қоштасу рәсімі басталды. Ішкі бөлмелерден жақын жұрағаттары шықты, священник салтанат шекпенін киді, бәріміздің қолымызда сыздықтап жанған балауыз шырақ... Мұның бәрі маған үйреншікті машық — бір қалыпты қоңыр әуен, кадильдің нәзік сыңғыры, қасіретке мойынсұну, қайғыға толы қаралы үн, құдайға құлшылық ету — жер бетінде бұған дейін де миллион дүркін қайталанған шығар. Тек адамдардың аты ғана өзгереді, әрбір есімнің өз уақыты бар, әркімнің өз кезегі келеді.

— Жаратқанның рақымы әрқашан, бүгін де, ғасырдан-ғасырға мәңгілік!

— Бәріміз құдайға құлшылық етелік...

— Құдайдың құлын мәңгілік есте сақтау үшін...

Оның аспаны шайдай, ыстығы қайнап тұрған Орелдің вокзалына түскен кезі есімнен кетсеші. Бірақ бұл да бір сәтке жарқ етеді де жоғалады. "Аса қайырымды ұлы князь" үшін жаратқанға жалбарынған қаралы күй қорғаншақтап басталып еді, "Христостың жұбатуын жатқа білетін" қаралы жиын енді оған "тыныштық пен рақат" тілеп, қиямет-қайымнан қиналмай өтуін құдайдан сұрап тұр. Мәйіттің бізге түсініксіз жұмбақ жүзі әлі бұзыла қоймаған, сабырлы да тым-тырс. Ісінген қабағы жабулы, мұртының астынан кеберген еріндері бозарады... Кәріліктен жұқарған кең самайынан пілеуленген күре тамырын көрдім — ішімнен ертең қарайып кететін шығар деп тұрмын... Meн оның ұзақ та қилы-қилы өмірін елестетіп, өзімнің де өткенімді ұмытқаным жоқ...

— Марқұмның жанының жай табуы үшін тағы да жалбарыналық... еркімен де, еріксіз де жасаған қиянаты болса кешірсін...

— Рақымы мол құдай, әлемнің патшасы, марқұмның бүкіл күнәсін біздің мәңгілік патшамыз, құдайымыз Христостың құзырына қалдыра көр...

Менің назарым тағы да оның аяғын қымтаған үш түсті туда еді: сол қарапайым шеркеш шапаны, қара кресті сығымдап ұстаған тастай қол; міз бақпай сіресіп қалған қарауыл, солардың фуражкалары, жалаңаш қылыштары мен погондары — менің бұларды көрмегеніме де он жыл болыпты...

Біз тысқа шыққанда кеш түсіп қалған. Күн жаңа батқан екен, қарайған пальма ағаштарының сыртында қызғылт рең бар. Ал ілгеріде, сонау алыста, Жерорта жағалауының мәңгілікке сызылған ғаламат суреті. Соның түкпірінде, мұздай шығыс белдеуде, бәрінің төбесінен төніп Жоғарғы Альпінің сірескен қарлы қыраттары жатыр, қызыл-жалқын мұнары бірте-бірте семіп, бүкіл тіршілікті жатсынып, қыстың дүлей түніне сіңіп барады. Етектегі теңіз түнге қарай көкшағыр тартып ызғар тепті...

XXII

Толассыз ұлыған ызғырық желден менің тауым түнімен гүрілдеп арсы-күрсі тулап шықты. Ұйықтап жатып кенеттен оянып кеттім. Түсімде көрдім бе, әлде ойлап жаттым ба, әйтеуір кешегі қаралы жиында жұрттың ең соңы болып марқұммен қоштасқан ұзын бойлы, бетіне қара перде ұстаған жүдеу қызды есіме алдым. Ел көзінен қысылмай келіп, саркофактың жиегін, мәйіттің қушиған аш кеудесін денесімен көлегейлей әйел жұрағатына тән аса бір қимастықпен басын иіп еді... Ызғырық ағын судай жосылып, пальма бұтақтары бұрқ-сарқ сапырылысып, бір жаққа жөңкіліп бара жатқандай... Орнымнан тұрып балконның есігін зорға аштым. Ызғарлы жел бетімді қарып түсті, төбемнен қара бұлт ұшқындап, ағы бар, көгі бар, қызылы аралас жұлдызды аспан бір жаққа арпалысып асығыс көшіп барады... Мен төбемнен жосылған үрейлі де қаралы көшке қарап тұрып кеудеме крест белгісін бастым.

БЕСІНШІ ДӘПТЕР

I

Сол бір көктемгі алғашқы саяхатым менің бозбалалық жалғыздығымның соңғы күндері болса керек.

Орелда алғаш түнеген күні сапардағы жолаушыдай ерте ояндым — жападан жалғызбын, ерік өзімде, ештеңеден қысылмаймын, қонақ үйге де, қалаға да бөтенмін, мезгіл — жұрт жатықпаған елең-алаң. Екінші күні елмен жарыса тұрдым. Асықпай киіндім, айнаға қарадым... Кеше, редакцияда сыған секілді тотыққан жүзімнен, шырыш-шырыш бет әлпетімнен, қобыраған шашымнан қатты қысылып едім. Енді жұрт көзінен ұялмайтындай өзімді тәртіпке келтірсем деймін, сәтін салғанда оны жағдайым да көтереді, кеше "Голосқа" қатысып тұр деген құр ниет қана емес, аванс та берген, қайтейін, ыңғайсыз болса да қызара-қызара алдым. Сонымен бас көшемен тура тарттым, алдымен темекі дүкеніне кіріп ең қымбат папиростың бірін сатып алдым, одан шаштаразға барып басымды жеңілдетіп иіс майға бөгіп шықтым, жүрісім ширақ, қашанда шаш қидырған еркектің еркінсіп кететін әдеті емес пе. Табан астында редакцияға қойып кетіп, кеше ғана тағдыр сыйлаған таныстықтың мерекесін жалғастырғым келді. Бірақ осы бойда жетіп барудың реті жоқ еді: "Өй, мынау тағы да келді ме? Құлқын сәріден?" десе ше? Амалсыз қала кездім. Алдымен кешегідей Болховскаямен құлдилап, одан вокзалға апаратын сауда көшесі Москваға бұрылдым, біраз жүрген соң оның аяғы шаңдақ, әлдебір жүдеу сүрлеуге айналып кетті де келесі Пушкарь Слободасына түсіп едім, бүл әлгіден де бетер қайыршылардың мекені болып шыға келді, ақыры әуелгі Москваға қайтып оралдым. Одан Орликке жеттім де ары өткен, бері өткен көліктерден дүңгірлеп жөнелетін селкілдек көпірден өтіп, әр түрлі мекемелерге таяна бергенімде шіркеу біткеннің қоңыраулары күңгірге басты. Осы қаңғыр-күңгірді қақ жарып бульвардың бойымен қос қаркер жеккен архнерейдің каретасы салтанатпен қарсы жолықты, қолын оңға да, солға да сермеп жолыққан пенденің бәріне ілтипат шашып келеді екен.

Редакция адамға лықа, абажадай үстелдің басында кішкентай Авилова танауынан шаншылып отыр, маған бір қарап жылы жүзбен езу тартты да қайтадан шұқшиды. Таңғы ас тағыда ұзаққа созылды, әрі көңілді болды, астан соң Ликаның роялда шабыттана ойнаған музыкасын тыңдап, одан соң екеуміз Оболонскаяны ертіп бақ ішінде әткеншек тептік. Шайдан кейін Авилова үйімен таныстырып, бөлмелерінің бәрін аралатып шықты. Түнемелден әлдебіреудің портретін көрдім — рамадан бет-аузын жүн басқан, иығының сүйегін ырситып бір еркек көзілдіріктің астынан ренішпен кіржие қарап отырған. "Менің марқұм күйеуім" деп Авилова күңк еткенде шалқамнан түсе жаздадым: осындай пысық та тамаша келіншектің қайдағы бір көксаудан шіріп кеткен бейшараға жар болып, қысылмай оны "күйеуім" дегеніне таңғалдым. Әрі-беріден соң келіншек тағы да жұмысына отырды. Лика сыланып-сипанып: "Ал, балаларым, мен қазір жоғаламын!" — деді, сөздің осы бір жасанды мәнерін кіді қабылдаушы едім, сөйтті де бір жаққа кетіп қалды, ал Оболонская екеуміз оның бір шаруасына бармақ болдық. Ол маған Қарашаевкаға барып қайталық деп тілек айтқан, сондағы бір тігіншіге соқпақ екен, екеумізді іштей жақындастырған міндетсіз ұсынысына разы болып қалдым. Көшеде қатар келе жатып та осы сезім көңілімнен көшкен жоқ, даусы да құлаққа жағымды еді; тігінші екеуінің әңгімесі мен келісім шарты біткенше тапжылмастан сыртта күтіп тұрдым. Қарашаевкадан қайтқанымызда күн кешкіріп қалған. "Сіз Тургеневті жақсы көресіз бе?" деп сұрады. Мен қипақтап қалдым, себебі мен деревняда туып, сонда өстім, Тургеневке деген менің ықыласымды білу үшін қашанда маған осы сұрақты қоя беретін. "Мейлі, онда тұрған ештеңе жоқ, — деді қыз, — дегенмен білгенің жақсы ғой. Осы маңда усадьбасы бар, жұрттың айтуынша "Дворян ұясындағы" үй осы деседі. Көргіңіз келе ме?". Содан біз қаланың шетіне қарай тарттық. Жан-жағын ағаш көмкерген жым-жырт көше, Орликтің іргесіндегі жар астында, көгі жаңа тебіндеп келе жатқан ескі бақтың ортасында йен үй тұр, мүжіле бастаған кернейіне ұзақтар ұя салып алыпты. Аласа шарбақтың сыртынан, сирек ағаштардың саңылауынан сығалап біраз тұрдық. Мөлдір аспандағы шарбы бұлттың бауырын батар күннің шапағы жалап тұр... Лиза, Лаврецкий, Лемм... Мен де керемет ғашық болуға құмарттым.

Кешкісін бәріміз де қала бағындағы жазғы театрға бардық, Лика екеуіміз қаракөлеңкеде отырып оркестр мен сахнада жүріп жатқан даңғаза дарақылыққа қарқ болдық, алаңқайдың астынан түскен жарықта қаланың әжептәуір келіншектері мен король сауытын киген жігіттер еденді тепкілеп, қаланы құтыларын салдырлатып күмпілдеген музыканың ырғағында билеп жатты, театрдан соң осы бақ ішінде тамақ іштік, мен кең терраста бір бөтелке шарапты алдыма алып әйелдердің ортасында отырмын. Бикештерге әр түрлі таныстары келіп-кетіп жатыр, оларға мені де таныстырған болады, бәрі де маған ерекше ілтипат көрсетіп еді, тек біреуі ғана немкетті иіле салып, қайтып маған қараған да жоқ: кейін маған рухани коп қиянат жасаған да осы адам — атжақты сұрқай бет, ұзын бойлы офицер, тастай қатқан қара көз, қара бакенбард, ұзын сүртікті тізесінен төмен жіберіп, тылтиған панталонын балақ баумен таңып тастапты. Лика коп сөйлеп, аппақ тістерін жарқылдатып көп күлді, жұрттың оған назар аударғанына мәз болса керек, ал менің шыдамым таусылып барады, офицер кетер алдында біраз аялдап, добалдай қолдарымен оның сүйріктей саусақтарын қысып тұрып алғанда жыным келіп, бір түрлі суынып қалғанымды сездім.

Мен аттанарда алғаш рет күн күркіреді. Ол да есімде, Авилова екеумізді вокзалға алып бара жатқан қос доңғалақты карета да есімде, бүл да мақтаныш, сүйкімді әйелдің қасында отырғаным да мақтаныш, соған қоса, алғашқы махаббатымның артта қалып бара жатқанына мұңданып та барамын, шын ғашық болғанымды сезінбесем де соны ойдан шығарып алып, енді соған сенгім де келеді. Бәрінен де бұрын, Орелға келгеннен бері бір нәрсені тындырып тастағандай, қымбат бір нәрсеге қолым жеткендей көңілімде бір қуаныш бар. Вокзалдың платформасына шыққанымда мені таңғалдырғаны — таңдап жинағандай адамдардың ересен ірілігі, шіркеу рәсімінде киінген діни қызметшілер қаншама жарқ-жұрқ көзге түскенімен жүздері қарапайым, қатардағы пенделердің бірі болып көрінді. Бұлар жұрттың ең алдында, қолдарына кадил, крест ұстап түр еді, ұлы княздің қаралы пойызы платформаға күңірене кіріп, қызыл шырайлы еңгезердей гусар қып-қызыл доламанымен қалың топты жасқанта вагоннан секіріп түскенде ошарылған игі-жақсылар да, шіркеу қызметшілері де опыр-топыр араласып кетті. Бұдан ары не болғанын білмеймін, әйтеуір еміс-еміс есімде қалғаны — қаралы жиынның қайғылы салтанаты. Кенет алып паровоз ауыр салмағымен пойызды жұлқып қалды да кернейлері бұрқылдап, ыс басқан туын желбірете арсы-күрсі жөнеле берді, алтын самұрықты жылтыраған көкшіл вагондар баяу ғана ілгері жылжып, артында жалтыраған болат жол қалды. Мен жыпылдап айналған шойын доңғалақтарға, тормоз бен рессорларға сүзіле қарап тұрып аңғарғаным: өне-бойы құла шаң, ұзақ жолдың, түстіктің, Қырымның сиқырлы шаңы. Пойыз күрсілдеп көзден ұзап барады, ұлан-ғайыр Ресейді қақ жарып, қаралы жүгін бас ордаға алып барады, ал менің көңілім ертегі болған Қырымда, аңыз болған Пушкиннің таңғажайып гурзуф заманында жүр.

Уездің жұпыны пойызы мені бүйірдегі платформада күтіп тұр еді, соған жетемін-ау, тып-тыныш жатып демалатын шығармын-ау деп ойлағаннан-ақ бойым жеңілдеп сала берді. Авилова пойыз қозғалғанша қасымнан кеткен жоқ, әр нәрсені айтып күлдіріп, Орелда тағы да кездесетін шығармыз деп қояды, осындағы менің басымнан кешкен хикаяттарымды да жақсы түсінетінін білдіріп жатыр. Қоңырау үшінші рет соғылғанда қолына жатып кеп жармасып едім, ол да менің бетімнен иіскеп қарымта қайырды. Вагонға қарғып мінуім мұң екен, пойыз да жұлқи жөнелді, терезеден басымды шығарып, келіншектің қарасы бұлдырап кеткенше қарадым да тұрдым.

Жол үсті маған бұрынғыдан да жылы ұшырап кетті: бірде баяулап, бірде шар-шұрқ безе жөнелетін мынау шолақ пойыз да, кейде бүл шіркін шаршап қалғандай-ақ мыңқ етпей ұзақ тұрып алатын иен бекеттер де, көз алдымда қайта жаңғыра бастаған таныс көріністер де: әлі көктей қоймаған, терезеден лыпылдап өтіп жатқан бел-белестер, көктемді күтіп тұрған жалаңаш шоқ-шоқ қайыңды тоғайлар, бозарған жүдеу көкжиек... Ымырт та жүдеп келді, көктемнің дымқыл салқыны, аласа бұлыңғыр аспан...

II

Орелден бір арманымды ала шыққанмын: сонда басталған бір істі мүмкіндігінше тезірек қайтадан жалғастыру. Бірақ Орелден ұзаған сайын терезеден таныс далаға, сәуірдің семіп бара жатқан кешкі шапағына қарап тұрып оны да ұмыта бастаған сияқтымын. Вагон іші алакеуім, терезенің арғы жағы да бұлыңғыр, пойыздың сол жақ бетіндегі иір-қобыз секілді сидиған еменді тоғай мен қардан енді ғана босаған қу жапырақты алаңқайлар да қарақұрық тартқан. Мен қопаңдап орнымда отыра алмадым, қолымда сөмке, көңілімде қобалжу: мынау Субботин орманы ғой, енді иек артпадан Писарево да қылт ете қалатын шығар. Пойыз мұңдана айдалаға айқай салды; мен есікке қарай ұмтылдым: баяғыдай дымқыл ауа, бірақ таза, себелеген жаңбыр, бекет алдында тауар вагоны жалғыз өзі қалғып түр. Пойыз соны айналып өткенде мен де қарғып түстім. Сол бойда жүгіріп өлеусіреген жарықтың астындағы қашанда қайғырып, мүлгіп тұратын, мұжықтар таптап тастаған вокзалға кірдім де арғы бетіне атып шықтым. Селдір ағашты дөңгелек қорғанның іші қыстан қалған балшықтан әлі құтыла қоймаған екен, ымырт арасынан арбакеш мұжықтың аты қарауытады. Кейде апта бойы жолаушыны босқа күтетін бүл байғұс та екі туып бір қалғанын көргендей маған тұра жүгірсін, мен не айтсам да көне кетіп, "әйтеуір өкпелетпейтін шығар" деген үмітпен не берсең де сенімен жер түбіне баруға әзір секілді. Енді бір сәтте жайдақ арбаға мініп алып селкілдеп жөнелдім: әуелі көр заманнан қалған тас қараңғы деревнядан өттік, содан дүние бірте-бірте құлаққа ұрғандай тынышталып, алдымыздан тас мылқау, бүкіл әлемге жат иен дала, теңіздей қап-қара сүдігір шықты, оның ар жағында, сонау қиырдағы бұлт астынан әлдебір сызат қана бозарады. Қарсыдан даланың сүйкімсіз желе есіп түр, сәуірдің жылбысқы сирек жаңбыры, жаңбыр астынан әр жерден ұядан қашқандай бөдененің қанат сартылы естіледі. Орыстың аласа аспанында, бұлт арасынан жұлдыздар жымыңдайды... Тағы да бөдене, көктем, дала — менің баяғы мылқау да жүдеу жастық шағым. Жолдың ұзақтығы да қажытты: қу далада орыс мұжығымен он шақырым батпақ кешу де азап емес пе. Ал мұжықта үн жоқ, ішкі сыры өзінде, денесінен жеркепенің, ақжемтір болған шолақ тонның күлімсі иісі келеді, асықсаңшы десем, тағы да жауап жоқ, жерге қарғып түседі де кендір делбесін қолына алып, бетін айдалаға бұрған қалпы тыртыңнан зорға тартып келе жатқан тырақы биесімен қатарласа жөнеледі... Васильевскге келгенімізде түн ортасы сияқты еді: жылт еткен от та жоқ, тіршілік өліп қалғандай. Қараңғыға көз үйренген соң әрбір үй, кең көшенің бойындағы әрбір тал айқын көріне бастады; сәуірдің ылғалды түні денеңді құрыстырады, сол жақта өзенге салынған көпір бар, ал оң жақта үңірейе қарауытқан усадьбаға апаратын жол. Көңілді әр түрлі сезім билейді: бәрі де баяғыдан таныс, сөйте тұра бәрі де жаңа секілді — көктемдегі тас қараңғы деревня, оның сиықсыз кейпі, өртесең де селт етпейтін селқос тіршілігі. Тауға қарай өрмелеймін деп мұжықтың діңкесі құрыды. Кенет ауладағы самырсын арасынан жылт еткен от көрінді. Құдайға шүкір, әлі ұйықтамаған екен. Қуаныш пен шыдамсыздық қатар буып, арба есік алдына келіп тоқтағанда балалық бір ұяңдық пайда болды: қазір кіреберістің есігін ашамын-ау, кіріп барғанда күліп қарсы алып, бас-аяғымды тінте қарайтын шығар...

Ертеңгісін Васильевскіден салт атпен аттандым. Көктемгі жылы да сыбырлақ жаңбыр бірде нөсерлеп, бірде саябырлап, аңыз бен сүдігір үсті буланып жатыр еді. Мұжықтар жер жыртып, дән сеуіп әбігер. Соқа соңынан ерген дихан жалаңаяқ, жұмсақ боразданың қиғаш жолында тайғанақтап, бірде сүрініп, соқаны мықшия тартқан аттардың белі бүкірейіп кеткен, бұлардың ізін ала жорғалаған көгілдір ұзақтар қызғылт шылаушындарды теріп жеп жүр де олардың соңынан мойнына асқан дорбасы бар жалаңбас шал адымдай басып оң қолымен тұқымды атызға шеңберлей шашып келеді.

Батуринодағы қуанышты кездесу көңілімді бір түрлі толқытып тастады. Мені қатты толқытқан тіпті анамның қуанышы да емес, қарындасым — мені терезеден байқап баспалдаққа жүгіріп шыққанда оның шексіз қуанышын көріп жүрегім елжіреп сала берді. Тұрған бойы ғажайып сурет — мұнтаздай тап-таза, бүлдіршіндей пәк, мен келеді деп сол күні алғаш киген жаңа көйлегімен-ақ үлбіреп тұр. Үй де маған өзінің дөрекілеу көнелігімен жылы ұшырады. Мен жаңа ғана шығып кеткендей бөлмем де сол бәз баяғы қалпы: бәрі де өз орнында, тіпті қыстың күні мен аттанарда жартылай жанып темір құтының үстінде қалған шырақ та жазу үстелінен тапжылмапты.

Кірген бойда айнала қарап шықтым: бұрыштағы қарайып кеткен құдай суреті, жоғарғы жарым шынысы өрнектелген терезеден бақтың сидиған талдары, әр жерінен жыртыла бастаған аспан, енді ғана күшіктеп келе жатқан ағаш бұтақтарына бүркіп тұрған сірке жаңбыр - осыдан да болар, бөлме іші бұлыңғыр, есесіне кең, тынысты... төбенің жып-жылмағай тақтайлары қара-қошқыл, бөренеден қаланған қабырға да дәп осындай қара-қошқыл... емен кереуеттің жиегі жұп-жұмыр, әрі қалың..

III

Шаруаның ретімен Орелға барып қайтуға тағы бір себеп табылды: банкке процент апарып тапсыру керек еді. Апаруын апардым, бірақ жармысын ғана өткіздім де қалғанын жеп қойдым. Бүл қалжың көтермейтін қылық еді, сөйте тұра мен оған мән бере қойған жоқпын. Қашанда бір есепсіз дарақылыққа салынып кететін әдетім. Орелға шыққан бойда жолаушылар пойызына кешігіп қалдым да тауар паровозына ілігіп кеттім. Әлі есімде, биік темір баспалдақпен көтеріліп, әлдебір лас қуысқа кірдім де тұрып қалдым. Машинистер темір сауыт кигендей үсті-бастары жылтыраған май-май; бет-ауыздары да майдан жылтырап түр, негрлер секілді көздерінің ағы алақандай, актерлерге ұқсап қастарын да әдейілеп бояп алған ба дерсің. Жас жігіт едендегі таскөмірді күрекпен сапырып-сапырып, пештің қақпағын ашып қалғанда көмейінен қызыл жалын лап ете қалады, сол кезде күрекпен көмірді көсіп алып жалақтаған жалынды тұншықтыра қояды. Кәртәміш машинист май басқан қолын кір шүберекпен сүйкеп-сүйкеп лақтырып жібереді де бір тұтқаны шыр айландырып, енді бірін жұлқылап әуре... Бір кезде жан түршігерлік ысқырық естілді де әлде қайдан ыстық бу бұрқ етіп, құлақ тұндырған күрсіл паровозды ілгері қарай жетелеп жөнелді...Тарсыл-күрсіл бірте-бірте үдеп, ғаламат бір күш дүниені селкілдетіп, секіртіп, дедектетіп зымырайды келіп. Уақыт бір нүктеде қатып қалған секілді, қос бүйірде дөң-томпақтар жалпылдап қалып жатыр, содан ес жиғанша бір перегон да таусылды. Әрбір аялдамада түнгі тым-тырс тыныштықты желпіген орманның шыңылтыр таза ауасы сарайыңды ашқандай, әр бұтадан құйқылжыта сайраған бұлбұл әні айызыңды қандырады... Орелда ыздиып тұрып киіндім — жұқа қонышты сәнді етік, белі бүрмелі жұп-жұқа қара бешпент, қисық жағалы жібек көйлек, қызыл жиекті дворян картузы, былғары иісі аңқыған сықырлауық әскери ер-түрман сатып алғанмын, соның қасымда жатқанының өзіне қуанышым қойныма сыймай үйге жеткенше асықтым. Тағы да Писареваға тартып келемін, ойым ат сатып алу, дәл осы кезде селода жылқы жәрмеңкесі өтіп жатқан. Жәрмеңкеде өзіммен тұстас жігіттермен танысып, солардың көмегімен асыл тұкымды бір қулық бие сатып алдым. Жігіттердің бәрі де бүрмелі бешпент, дворян картузын киіп алған, жәрмеңкенің ежелгі қыдырымпаздары болған соң жылқы жайын жақсы білетін қулар еді. Осыдан кейін бүкіл жаз мен үшін мерекемен өтті — Батуринода үш күннен артық болған емеспін, көбіне жаңа достарымда қонақта жүрдім де Лика Орелдан оралған соң қаладан шықпай қойдым: "келдім, көруге асықпын" деген қысқа тілхат алысымен бекет қайдасың деп тартамын, бір жапырақ тілхаттың әншейін оспақ екенін де аңғармай, күннің кешкіріп, аспанды бұлт торлай бастағанына да қарамастан далақтап шабамын, ал вагонға кірген соң пойыздың алып қашқан шапшаңдығына да қуанамын. Күркіреп, жарқылдаған найзағай пойызды қуалап келе жатқандай, доңғалақтардың тарсылы аспанның күрсілімен ұласып, вагон шатыры қалың нөсерден сайтан сабалағандай сатырлап кетеді, жаңбыр суынан жылап тұрған терезенің қара барқыт әйнегін найзағайдың лапылдаған көкжасыл жалыны жалап өтеді.

Көңілді кездесуден басқа ештеңе болмаған сияқты еді. Бір күні, жаз айлары таусылып та қалған, қарт әкесі, қарындасымен қала шетіндегі өзен жағасында бірге тұратын досым бәрімізді қонаққа шақырып, Ликаны да қалдырған жоқ. Оған өзі әдейі келген екен, екеуі шарабанчикке отырды да мен соңдарынан салт ердім. Күн астындағы жылтылдаған кең жазық көз ұялтады, шұбар дала жыпырлаған шөмелеге толы. Жоқ жерден жын қысты ма, атымды бір жіберіп, бір тартып отырдым да ақыры еркіне қоя бердім. Қарсы келіп қалған шөмелелерден қарғытып өтіп едім, кейін байқасам, өткір тағаға паясын шаптырып алған екенмін. Шіри бастаған балкондағы қонақасы кешке дейін созылған, кештен түнге жеткіздік, түні бойы шамның жарығында шарап ішілді, ән айтылды, гитарада тыным болған жоқ. Мен оның қасында отырып ешкімнен қысылмастан қолынан ұстап едім, ол да кетәрі демеді. Келісіп қойғандай түн ортасында екеуміз балконнан түсіп қараңғы баққа кірдік, ол көлеңкеге жете берісімен ағашқа арқасын сүйеді де маған қолын созды, мен оның қимылын аңғардым да ниетін сездім... Таң тым ерте бозарды, тұс-тұстан қораздар айқайлап жатыр, кешікпей шығыстың алқызыл шапағы бақ ішін жарқыратып жіберді де өзеннің арғы бетіндегі сары жазықты айдай қылып ашып тастады... Бұдан соң өзеннің жарқабағына барғанбыз, ол мені көзіне де ілместен көкжиектен көтеріліп келе жатқан күн нұрына қарап тұрып Чайковскийдің "Таңын" айтты. Әннің шырқау биігіне даусы жетпеген соң оны кілт үзді де шұбар ала бәтес көйлегінің етегін жиып алып үйге қарай жүгіре жөнелді. Мен қалт тұрып қалдым, бірдемені ойламақ түгілі, аяғым басуға да келмейді. Сенделіп жар жағасындағы кәрі қайыңның астына келдім де құрғақ шөптің үстіне жата кеттім. Күн арқан бойы көтеріліп қалыпты, жаздың соңғы айының жаймашуағында күн шықса дүниенің ысып сала беретін әдеті. Мен басымды қайыңның жуан тамырына қойып қалғып барады екенмін. Бірақ күннің ыстығы байыз таптырар емес, біраздан соң тұрып, сандалып сая іздеуге кірістім. Қапырық күннің астында ұйқыдағы үй мүлгіп тур. Ұйықтамаған тек шал ғана. Жабайы болып кеткен кәрі сиреннің саңылауынан кабинеттің ашық терезесі көрінеді, ар жағынан шалдың жөтелі естіледі, тегі қаймақ қатқан таңғы шайдан соң қария трубкасын рақаттана сорып отырса керек. Менің аяқ тықырым мен сиреннен дүр етіп көтерілген қалың торғайлардың шуылынан шал терезеден басын шығарып қарады да түріктің тозығы жеткен оюлы жібек шапанының өңірін қаусырынып, бетінің қатпар-қатпар әжімін қырық бұрап дүңкиген қабағының астынан жымиып күлген болды. Мен кінәлі кейіппен басымды идім де балкон арқылы қонақ бөлменің ашық қалған есігіне беттедім: тым-тырс йен бөлме маған ғажап көрінді - желпілдеген көбелектер, көгілдір түсті түсқағаз, бірнеше кресло, көне дивандар, солардың біріне жата кетіп едім, жамбасыма батқан ойқы-шойқысына қарамастан қатыппын да қалыппын. Ұзақ ұйықтасам да жаңа ғана жатқан секілді едім, әлдебіреу қасыма келіп күле сөйлеп, шашымды ұйпалақтатып бірдемелерді айтып жатты. Ояна келсем алдымда осы үйдің жас қожайыны мен қарындасы тұр екен, екеуі де тотыққан күнқақты, көздері жайнап түр, татардың көркем жастары, жігіт қисық жағалы сары жібек көйлек киген, қыздың үстінде де сары желетке. Мен атып тұрдым. Екеуі де жарыса сөйлеп, тұрып таңғы асқа келіңіз, қасыңдағы қыз кетіп қалды, жалғыз да емес, Кузьминмен кетті деп қолыма тілхат ұстатты. Сол сәтте маған Кузьминнің көзі елестеді - шақшиған тым сұғанақ, араның теңбіл бөксесі секілді тарғыл. Тілхатты алдым да тысқа беттедім, орындыққа қойған леген қасында құмыра ұстап шымқай қара киінген, қолдары шидей бір кемпір күтіп түр екен. "Мені енді іздеп әуре болма" дегенді жүре оқып жуынуға кірістім. Суы мұздай, осып түсті, "біздің суымыз тұманікі" деп кемпір сала құлаш кендір орамал ұсынды. Мен асығыс кіреберіс дәлізге шықтым да картузым мен қамшымды ала салып шыжыған ыстықта атқораға жүгірдім. Түкпірде тұрған атым мені көріп оқыранып жіберді. Кешеден бері ері де алынбаған, жемсіз ақырға телміре-телміре іші қабысып қалыпты, тізгінді шешіп, қарғып міндім де қайнаған ашуымды зорға тежеп, ауладан шу қарақұйрық деп тайып отырдым. Усадьбадан шыға салып шұғыл бұрылдым да егінжайдың ортасымен құба жазыққа, бетімнің ауған жағына құйғыта жөнелген едім, біраздан соң бірінші кездескен бидай шөмелесіне тоқтап, секіріп түстім де түбіне барып отырдым. Атым масаққа бірден бас қойды. Сабақтан сорғалаған дән құдды шынының ұнтағындай сылдырлайды. Сабан арасы қаптаған шегіртке, айнала құм шағыл секілді көз жетпейтін сары дала. Мен ештеңе естігенім де жоқ, көргенім де жоқ, ойымда бір-ақ нәрсе: не оның өзі қайтып келеді, не бүгінгі таңды, мынау түнді, шалғын басын шайқалтқан қос етекті бәтес көйлекті көз алдыма қайта алып келеді, әйтпесе ендігі жерде екеумізге де өмір жоқ!

Осы бір есірік сезіммен, ессіз сеніммен қалаға шаба жөнелдім.

IV

Бұл жолы қалада ұзақ бөгелдім. Бойдақ әкесінің аула түкпіріндегі шаң басқан бақ ішінде күні бойы отырамыз да қоямыз. Әкесі (либерал доктор, салақ адам) оны бетінен қаққан жоқ. Ат терлетіп келген сәтте қыз мені көре салып қос қолын көкірегіне басып қарсы алған, бұдан кімнің махаббаты күшті екенін айыру қиын еді — менікі ме, әлде оның маған деген махаббаты ма? Ақыры бір бірімізге маза беру үшін уақытша айырылыса тұруға келістік. Өйтпесе шарамыз да болмады, себебі шамама қарамай дворяндар қонақ үйіне тоқтаймын деп едәуір қарызға батып қалып едім. Оның үстіне ақжаңбыр басталды. Айырылу сәтін қаншама созғанмен амал қанша, ақжаңбырдың астында малмандай болып үйге қайттым. Үйде тек ұйықтадым да жаттым, сенделіп бөлмеден бөлмеге көштім, ештеңе істегенім жоқ, еш нәрсе ойлағаным да жоқ. Содан жатып келіп қиналамын: осы маған не болды, мұның аяғы немен бітер екен? Бір күні ағам Николай келді, менің бөлмеме кірді де картузын шешпестен отырып жатып:

— Сонымен, бауырым, әлі күнге арманға семіріп жүріп жатырсың ба? Бәрі де баяғы, бақсының таяғы: "Тәңірдің бұйрығына, түлкінің құйрығына еріп тауға өрмелеп" — ал таудың ар жағында не барын бір құдайдың өзі білсін. Мен бәріне қанықпын, естігенім де көп, естімегенімді де бопсалаймын, өзгере қойған ештеңе жоқ. Білем, ақыл тоқтататын уақыттан да өтіп кеттің. Дегенмен не ойлап жүрсің, соны айтшы?

— Түлкінің құйрығы әркімді әр саққа жетелейді, — деп мен қылжақтай жауап қаттым. — Бірақ ол қайда, неге апарады, оны ешкім де білмейді. Қасиетті уағыздың өзінде айтпап па еді: "Жеткіншек, жүрегің нені қаласа, назарың қай жаққа түссе — тарта бер!".

Ағам үндеген жоқ, бақтан естілген жаңбырдың сыбдырына құлақ түргендей еденге телміріп біраз отырды да:

— Мейлі, ендеше тарта бер! — деді кейісті үнмен.

Не істесем екен деген caуaлды мен де өзіме сан рет қойғанмын. Не істеу керектігін де білемін. Күнде ертеңгісін ақырғы қоштасу хатын жазамын деп өзіме өзім серт беремін, бүл сонша қиын да нәрсе емес, оның үстіне арамызда ұяттан аттаған еш нәрсе болған жоқ, бірақ осыны ойласам оған деген сезімім барған сайын тағат таптырмай, құмарым тасып, оның маған деген пәк махаббатын, мөлдіреген жанарын, тіпті жылы жүзін, күлкісі мен даусын да қия алмаймын... Ал бірнеше күн өткенде кешкі ымыртта басынан балағына дейін малмандай бір салт атты келді де: "төзімім таусылды, күтемін" деген ұмаждалған тілхатты қолыма ұстата салды. Енді бірнеше сағаттан соң оны көремін-ау, даусын естимін-ау деген үмітпен таң атқанша көзім ілінген жоқ...

Сонымен біресе үйде, біресе қалада жүріп күзді де тауыстым- ау. Атымды да, ерімді де саттым, қалада баяғыдай дворян қонақ үйінде шәниіп жата алмай Шөгір-Шөмшек алаңындағы Никулинаның ауласындағы күркеге барып тығылдым. Қала қазір басқа, менің бозбала шағымдағы белгілерден дым да қалмаған. Бәрі де күнкөрістің қарапайым күйбені, тек кей күндері Успенский көшесіндегі бак пен гимназия үйінің қасынан өтіп бара жатып жүрекке жылы өткен бір шақтарымды еске аламын. Шылым шегуді әбден үйренгенмін, шаштаразға барамын, кезінде момақан ғана бала болып сартылдаған қайшының астында еденге ұшып түсіп жатқан жібек шашыма көзімнің қиығын тастап қойып отырушы едім. Біз ертеңнен қара кешке дейін асханадағы түрік диванында оңаша отыратын едік: доктор ертесімен жоғалады, гимназист інісі сабағына кетеді, әкесі түскі астан кейін жатып алып ұйықтайды да тұра салып тағы жоғалады, ал гимназист жын қаққандай бөлтірігімен асыр салып ойнап жатқаны, ол немесі тынымсыз шәуілдеп, екінші қабатқа көтерілетін тақтай баспалдақты тарсылдатып дамыл бермейді. Күні бойғы ұзақ отырыс, мүмкін менің орынсыз еміреніп, аймалай бергенімнен жалыға ма, әйтеуір бір себеп тауып ара-тұра үйден кетуге тырысады, құрбыларына, таныстарына барады, ал мен гимназистің айқайы мен тасыр-тұсырын, баспалдақтан секірген күшігінің шәуілін тыңдап диванда отырғаным, одан қалды папиросты бірінен кейін бірін сораптап, жартылай жабылған перденің жыртығынан мөлиіп боз аспанға қараймын... Артынан тағы да құбылып сала береді: үйден шықпай отырып алады да мені мүсіркеп, ерекше жақсы көрген болады, мен оның неткен жан екенін түсіне алмай басым қатты. "Амал жоқ, жаным, тағдырдың жазғанына көнеміз де!" деп бір күні жылап жіберді. Бұл ертеңгі астан кейін еді, доктордың тыныштығын бұзбалық деп бәріміз де аяғымыздың ұшымен жүргенбіз. "Мен тек папамды ғана аяймын, — деді. — Дүниеде одан басқа менің ешкімім жоқ". Оның әкесін өте жақсы көретінін білетін едім. Осы сәтті аңдып тұрғандай-ақ гимназист жетіп келді де бірдеме деп мылжыңдап, мені доктордың шақырып жатқанын айтты. Қыздың өңі қашып кетті. Мен оның қолынан сүйдім де жоғары беттедім.

Доктор ұйқысы қанып оянған екен, жуынып-таранып, жұмыртқадай болып отыр, темекісін шүйіріп, мені көңілді қарсы алды.

— Ал, достым, отыра қал, — деді темекісін ұсынып. — Көптен бері сенімен сөйлессем деп жүр едім, не жайында екенін түсінетін шығарсың. Мен жоққа сенетін ескінің адамы емеспін, оны да жақсы білесің. Маған қызымның бақытынан қымбат нәрсе жоқ, саған да жаным ашиды, сондықтан еркек қос болып бетпе-бет сөйлеселік. Ерсі болса да айтайын, мен сені мүлдем білмеймін. Айтшы, сен өзің кімсің? — деді ол жымиып.

Бір қызарып, бір сұрланып мен темекіні ұзақ сораптадым. Расында мен кім едім? Гете секілді шіреніп сөйлегім де келді, (жуырда ғана Эккерманды оқып шыққан едім): "Мен өзімнің кім екенімді білмеймін, өзіңді өзің танығаннан құдай сақтасын!" Бірақ мен кішірейіп бақтым:

Мен жазатын адаммын ғой... Сол жазуымды жалғастыра беретін шығармын... Мүмкін дайындалып университетке түсермін...

— Әрине, университет дегенің жақсы-ақ, — деді доктор. — Бірақ оған дайындалу да оңай шаруа емес. Сонда қандай қызметке әзірленбексің? Тек әдебиетке ме, әлде қоғамдық қызметке ме?

Тағы да тілімнің ұшынан Гетенің кетпей қойғаны: "Мен пендешіліктің тұрақсыздығына куәгер болып ғасырлар бойы тірлік кешемін... Саясат еш уақытта поэзияның еншісі болмақ емес..."

— Қоғам ақынның уайымы емес, — деп жауап бердім.

Доктор маған таңдана қарады:

— Сонда сеніңше Некрасов ақын болмағаны ма? Дегенмен сәл де болса қазіргі қоғам тынысына назар салсаң қайтеді, бүгінгі адалмын деген кез келген орыстың мәдениетті азаматы нені уайымдап, неден қобалжып жүр, соны аңғардың ба?

Мен ойланып, оз білгенімді топшыладым: реакция, жергілікті бастықтар жайында жұрт әр нәрсені дүңкілдетіп жүр, ұлы реформа кезіндегі жақсы бастамадан ырым да қалған жоқ деседі... Толстой "шырша астындағы шіркеуге" шақырып, шындығында біз Чеховтың "ЬІмыртында" өмір сүріп жатыр екенбіз...

Толстойшылардың таратып жүрген Марк Аврелидің қағидалары есіме түсті: "Өздерін ақсүйектерміз дейтұғын пенделердің жан сезімінің жалған екенін маған Фронтон түсіндірді." Көктемде Днепрде пароход үстінде кездескен қайдағы бір сектант мүсәпір хохол шал апостол Павелдың сөзін өзінше септеп мазамды алған: "Жаратқан Христосты көк тұрағына көтергенде қазіргі және болашақ заманның билеушілерінен, билігінен, зорлықшыл күштерден, байпатшалардан, ор заманның атышулы төрелерінен биік болсын деген, ендеше біздің майдан қан мен сүйекке сіңген жауыздық емес, біз тек сұм заманның басшылары мен үстемдігіне қарсымыз". Мен бұрыннан-ақ толстойшыларға көңілдес едім, өйткені олар қоғамшылдықтың шырмауынан құтылуға, сонымен бірге "заманның тұтқасын ұстаушыларға қарсы тұруға" шақырады, сонан соң да мен толстойшылдықты уағыздауға қол ұшын бердім.

— Сонда сеніңше бүкіл зауал мен қасіреттен құтқаратын "зұлымдыққа зорлықпен қарсы тұрма" дейтұғын жалған өсиет пе? — деп доктор немкетті сұрақ тастады.

Мен қарап жатпаймын, қарсылыққа да барамын, тек менің "қарсылығым елден ерекше" деп асығыс жауап берген болдым. Менің толстойшыл бола қалуыма себепші Пьер Безухов пен Анатолий Куракинге еліктеуден туған қарама-қайшы сезім еді, одан соң "Холстомердегі" князь Серпуховский мен Иван Ильич, "Ал, енді не істейміз?" "Адамға сонша көп жер керек пе?" Мәскеу санаты туралы мақалада айтылған былық пен сұмдық жоқшылық, "Казактар" повесі мен Малороссиядан алған өз әсерімнен туған поэтикалық қиялым болатын; осы күнәһар балшық тіршілігіміздің нәжісін өкшеңнен қағып тастап, айдаладағы бір хуторда, немесе Днепр жағасындағы ақ тамның бірінде еңбекпен жаңа өмір бастағанға не жетсін! Тек ақ тамды қоспай осылардың кейбірін докторға жеткізген болдым. Ол мұқият тыңдаған сияқты еді, алайда тым селсоқ отырды. Кейде ұйқы меңдеген көзі кілмиіп, есінеу қысқан езуі қисайып кетеді де өзін өзі зорға ұстап, танауынан ғана демігіп тынады.

— Иә, иә, тыңдап отырмын, — деді. — Демек сен бүл өмірден қара басыңа еш рақат дәметпейтін болдың ғой? Бірақ қара бастың қамынан басқа да карекет бар емес пе. Мәселен, мен халық дейтұғын тобырды мақтаныш тұта алмаймын, өкінішке қарай оны жақсы білемін, даналықтың көзі, ізгіліктің бастауы да сонда дегенге сене бермеймін, неге мен соларға қосылып жерді ұстап тұрған үш кит деп қызылтанау болуым керек, десек те оларға деген міндетіміз, парызымыз жоқ па? Жә, бүл жөнінен саған ақыл қоспай-ақ қояйын. Қалай дегенменде сөйлесіп алғанымыз дұрыс болды. Енді әңгімеміздің басына оралалық. Қысқа және тоқ етерін бірақ айтайын. Менің қызыммен араларындағы сезім қатынасының қай дәрежеде болғанына қарамастан алдын ала айтайын: әрине, оның бір басының еркі бар, егер сенімен бір боламын деп менен бата сұрай қалса, мен бұған түбегейлі қарсымын. Сен маған қатты ұнайсың, саған баянды бақыт тілеймін, мұны айтарға ғана деп түсін. Неліктен? Пендешілікпен жауап берейін: екеуіңді де бақытсыз қылғым келмейді, жоқшылықтың тауқыметін тартып қор болмаса екен деймін. Одан соң тура ашығын айтуға рұқсат ет: сендерге ортақ не қасиет бар? Гликерия жаман қыз емес, өтірік айтып күнәһар бола алмаймын, мінезі ойнақы, бүгін бір нәрсеге әуес болса, ертеңінде екінші бір нәрсені көксейді — әрине, толстойдың "шырша астындағы шіркеуінен" аулақ, байқайсың ба, қараңғы түкпірде жүріп қалай киінетінін. Бұзылған деп айтуға аузым бармайды, менің уайымым, ол саған тіпті де тең емес...

Ол мені баспалдақтың астында күтіп түр екен, үрейлі көзі бақырайып жыларман болып қарсы алды. Мен оған доктордың соңғы сөзін қаз-қалпында жеткіздім.

Иә, мен оның рұқсатынсыз тырп ете алмаймын, — деп төмен қарады.

V

Никулинаның аула түкпірінен ара-тұра тысқа шығып, ІІІөмшекті алаңымен басым ауған жаққа қаңғып кететінім бар. Монастырь сыртындағы кең жазықта ескі қорғанның ішінде үлкен зират жататын. Мұнда ұлыған желден басқа дым жоқ: қасірет пен мәңгілік мұңның елесіндей баяғыда ұмыт болған қу медиен. Зират қақпасының маңдайында сұрқай кең жазықтың суреті тұр: ашылып қалған молалар, қисайып жатқан құлпытас, астынан сорайып шығып жатқан адамның қаңқалары, қай заманда көміліп, қай заманда жер бетіне шығып қалғанын кім білсін, алба-жұлба кебін ішінен қуарған сүйектер ырсиып көрініп жатыр. Езуінде керней, бүкіл жазықты жаңғырықтырып керіскедей періште ұшып жүр, үстіндегі сұр кебінін лапылдатып, көстиген ұзын сирағын тізесінен бір бүктеп, созып жіберген... Аула сыртында күздің қоңыр шуағы, бүл маңда да тірі тышқан жоқ, ішке кірер жол да жоқ. Мен кері қайттым, аулаға кіргенімде еркектің етігін сүйреткен аспаз кемпір бір қоразды ұмар-жұмар алып келе жатыр екен, "үйге алып бара жатырмын, — деді өзімен-өзі мәз болып күліп, — кәріліктен әбден алжып бітті, бүл сорлы енді менімен бірге тұрсын". Мен тастан өрген жалпақ бастырмаға көтерілдім де одан сәкілі ас пісіретін бөлмеден өтіп қонақжайға шықтым, мұнда үй иесінің түнемелі, келімді-кетімділер, мещандар мен дін қызметшілері жатып жүретін қос диванды бөлме бартұғын, әзірше бұлардың иесі мен ғана.Тым-тырс, тыныштықты бұзған тек түнемелдегі қоңыраулы сағаттың тықылы. Сол жақтан шыққан Никулина жымиып қана мейірімді кейіппен "серуендеп қайттыңыз ба?" дейді. Даусы қандай жұмсақ, нәзік десеңші! Беті дөп-дөңгелек толық әйел. Мен оның жүзіне қарап отырып тамсанатын едім, әсіресе кешкілік қызара бөртіп моншадан шыққан кезінде — үрген бүйендей жұп-жұмсақ санын сәл ғана жалаңаш қалдырып, тізесінің үстіне тарғыл көзді ақ мысығын отырғызып алады да ұзақ отырып рақаттанып шай ішеді, сол кезде әлі таралмаған көмірдей қара шашын, мөлиген тұп-тұнық жанарын көрсең ғой! Сырттан тықыр естіледі, бүл терезенің қақпақтарын мықтап жауып жатқан аспаз кемпір, сол кезде жұмыр темір сорайып кәсектің жақтауын тесіп шыға келеді, баяғының бір қорқынышты қаруы дерсің. Никулина орнынан тұрып темірдің басына ілмек кигізеді де тағы да келіп шайға отырғанда үйдің іші бір түрлі жылынып сала береді...

Сол сәтте мен де әлдеқандай бұзық ойға кетемін: тіршіліктің бәрін тастап,осы үйде, осы әйелдің жылы төсегінде сағат тілін тықылдатып қойып біржола қалсам ба екен... Диванның желкесінде бүкіл қабырғаны алып бір сурет түр: ғажайып жасыл орман, оның шетінде бөренеден қиған жетім там,оның қасында бүкірейген ғаріп шал момақан қоңыр аюдың маңдайынан сипап түр; енді бір фотографиялық суретте сүртік киген ақбас шал, Никулинаның күйеуі табытта жатыр. Ac бөлме жақтан бірқалыпты тырсыл, сыңсыған ән естіледі, бұлар екі кештің арасында қысқа әзірлеп капуста турап жатқан жатақтың жалдамалы қыздары. Мещандардың осы бір әнінде, дөкір кездіктің тықылында, көне сурет пен фотодағы өлікте де өткеннің мән-мақсатсыз тірлігін жалғастырып тұрғандай әрі жылы, әрі ащы мұң бар еді...

VI

Қарашада үйге қайттым. Қоштасарда Орелда кездесетін болып келістік: ол бірінші желтоқсанда, ал мен әдеп үшін болса да бір жұма кешікпекпін. Мен соған да шыдамай желтоқсанның бірінде аязды айлы түнде Лика отыратын пойызға үлгеру үшін асығыс Писаревоға шаптым. Ертегідей сол бір ғажайып түнді күні бүгінге дейін ұмытар емеспін. Батурино мен Васильевскінің арасындағы теп-тегіс карлы жазықпен құйғытып келемін. Дүптегі жуан бақай аршындай желіп, доғаны сілкілеп бір орнында тапжылмай тұрған секілді де қосардағы бесті бөксені көтеріп-көтеріп тастап, тағалы тұяғымен қарды бұрқыратып келеді... кейде жолдан жаңылып, омбы қарға малтығып қалады да жүрісінен танып, салбырап кеткен шілияға шалынып барып жолды қайта табады, тағы да көлденең ұршықты шіренте керіп дүрілдетіп жөнеледі... Бүкіл дүние асығып-аптығып ұшып келе жатқандай, енді бір қарасаң бәрі де тапжылмай бір орында қатып қалған сияқты: алыста, ай астында күмістей жалтырап қарлы дала сіресіп жатыр, жиегі кемпір қосақпен шеңберленген айдың боз тұманмен кіреукеленген мұңды жүзі де орнынан қозғалар емес, мен де қозғалмай сіресіп отырмын, осы тырс етпей қалған тіршілікпен бірге, мынау лепірген шабыстың екпінімен алдан әлдебір үміт күткендей, соған қоса өткен бір күндердің елесі де көз алдымнан кетпейді: Васильевскідегі дәл осындай қыс, дәл осындай жол, айырмасы — Батуринодағы менің алғашқы көрген қысым еді, жас едім, пәк едім, көңілім қуанышқа толы еді, Васильевскіден алып келген көне томдардың поэтикалық нақышына енді ғана бас қойып, құныға кіріскен алғашқы балаң қуанышым болатын:

Заулайды. Маңайда дым жоқ көрдің бе

Ен дала Светлананың кезінде...

"Соның бәрі қайда кеткен?" деймін езіме өзім, бірақ әлдекімді асыға күткен жайымды да ұмытар емеспін. "Мейлі, дүние көше берсін" деймін өзімді өзім жұбатып, аю ішікке оранып алып әлде қайда ағызып бара жатқан ерлердей сезінемін өзімді, ал шындығында көз алдымда кар жамылып отырған пұшпақ тонды атқосшым, қатып қалған аяғымның басындағы сұлының карлы сабаны... Васильевскіден шыға бере жолдың ойлы-шұңқырында сүрініп жығылған дүптің аты дәртені сындырып тастады да атқосшы соны байлап матағанша пойызға кешігетін болдым-ау деп жаным шығып кете жаздады. Келе салып ең соңғы ақшама бірінші класқа билет алдым да платформаға жүгірдім, ол да осы вагонда отырмақ еді. Есімде қалғаны, ай нұрынан күңгірт тартқан алаңның сарғыш сәулесі мен телеграфтың сығырайған терезелері. Пойыз да жақындап қалған, бұлыңғыр қарлы далаға көз тігемін, аяздан өзім де шыны секілді сынайын деп тұрмын, ішім де қалтырап барады. Кенет қоңырау қаңғырлап қоя берді де есіктер сартылдап, вокзалдан жүгіре шыққан жұрттың аяқ сықыры жамырап жөнелді. Алыстан паровоздың нобайы қарауытып, ауыр күрсінген демігі естілді, кілегейленген үшбұрыш қызғылтым от түн түнегін тесіп келеді... Пойыз ысылдап-пысылдап, сықырлап-шиқылдап зорға тоқтады. Мен вагонға қарғып мініп есігін ашқанда ол тон жамылып шамның күңгірт сәулесінің астында жападан жалғыз бүрісіп отыр екен, менен көзін алмай қадалды да қалды...

Вагон тым ескі, қос-қостан үш пар доңғалақты екен, өзі заңғардай биік; екпіндеген сайын аяздан салдыр-гүлдір тарсылдап, қабырғасы, есік біткені сықырлап, мұз құрсаған терезелері жалт-жұлт етіп ес кетірді... Біз ұзап кетіп едік, тас қараңғы түн... Бәрі де біздің еркімізден тыс, ойда жоқта болған оқиға еді... Ол орнынан тұрды да екі беті алабұртып, шашын оңдап бұрышқа барып көзін жұмып отыра кетті...

VII

Қыс бойы Орелда тұрдық.

Ертеңгісін вагоннан шығып, жаңадан етене жақындасуымызға дәнекер болған редакциға кірген сәттегі жан сезімімізді айтып жеткізу қиын.

Мен шағын бір қонақ үйге тоқтадым да ол әдепкідей Авилованың пәтерінде қала берді. Біздің бар уақытымыз сонда өтті де ең тәтті сәттерімізді қонақ үйінде тауыстық.

Бұл да бір бақытқа бергісіз, бірақ жанды да, тәнді де азапқа салып қинаған қиын күндер еді.

Әлі есімде, кешкілік ол мұз айдынына кетті де мен редакцияда қала бердім, маған аздаған жұмыс тапсырып, ептеп тиын-тебен төлеп тұратын болған, үйде ешкім жоқ, тым-тырыс, Авилова әлдебір жиналысқа кеткен, милықтан басқан сылбыр кеш таусылып бермеді, тірі жанға керегі жоқ тыстағы шамдар өлеусіреп қалғып тұр, көшедегі ары өткен, бері өткен адамдардың аяқ тықыры менің көңілімнің күйін үзіп алып кеткендей; өкпе мен қызғаныштан жүрегім сыздайды — мен болсам сол үшін қор болып ақын басыма лайықсыз түкке тұрмайтын жұмысты мыжып отырмын, ал ол ғой шыршалы ақ қардың кәусар ауасын жұтып, мұз айдынында, құйқылжыған музыкаға мас болып сан түрлі жарқыл-жұрқылдың астында сайран салып жүр... Аяқ астынан ойымды қоңырау сылдыры бөліп жібергені, сөйтсем ол есіктен кіріп келе жатыр екен. Үстінде сұр костюм, басында сұрғылт тиын бөрік, қолында жарқыраған жап-жаңа коньки, аяздан алабұртқан жүзі жастықтың нұрын шалқытып бөлмеге бірден жарқын көңілді ала кіргендей болды.

"Үһ, керемет шаршадым!" деді де бөлмесіне өтіп кетті. Соңынан ере кірдім. Ол конькиін қолынан тастамаған күйі диванға сылқ етіп жата кетті де әдейі шолжақтағандай аяғын көститіп созып жіберді. Мен боз шұлықты жырта керген балтырына, қысқа көйлектің етегінен ашылып қалған қара санына жұтына төніп өзімді зорға тежедім де қарағым-ау, біз күні бойы бір-бірімізді көрген жоқ едік қой деп кінәлайын деп тұрсам, ол шіркін ұйықтап та кеткен екен, қаншама жаным ашып елжіреп тұрсам да көңілімнің сылқ етіп түсіп қалғанын жасыра алғаным жоқ... Ол ояна салып мүләйімсіп, мұңдана жауап берген болды: "Мен бәрін де естіп жаттым. Ренжи көрме, мен шынында да қатты шаршадым. Биыл менің көрмегенім жоқ қой!.."

VIII

Орелде тұру үшін бір себеп керек болды да ол музыкадан сабақ ала бастады. Мен де бір сылтау таптым: әйтеуір тіршілік қамы үшін болса да бір нәрсемен айналысу керек болды, бір нәрсеге жауап беру керек болды. Осының өзі де әуелде қуаныш сияқты көрініп еді, кейін, менің армандағаным тек осы ғана ма еді деген сауалды өзіме жиі қоятын болдым. Бір қарасам қазір менің дүниенің тетігін шыр айналдыратын шағым, ал менің аяғымда дұрыс кебісім де жоқ. Әйтеуір әзірше деп, бүгінше деп жүріп жатырмын. Ал ертең ше? Ойлап отырсам, біздің жақындығымыздың өзі де күмәнді сияқты, сезім, талғам, санамызда да үйлесім шамалы, демек, адалдығымыз да күдікті деген сөз: арман мен күйкі тірліктің арасы жер мен көктей екен, шынайы махаббаттың дәмі бөлектеу болса керек-ті, бір қыста мен осының бәрін түсінгендей болдым да тағдырдың маған деген қиянатын сезіндім.

Онымен бірге балға, қонаққа барғанда қатты қиналатын болдым. Менен көрі пысықтау, көркем жігіттермен биге шыққан кезде оның желбіреген көйлегінің етегіне, ұршықтай шыр айналған аяғына қарап тұрып құшағындағы жігітке құмарта еміренетінін байқап қаламын, тіпті музыка да менің жүрегімді тіліп түскендей болады, қысталықтан жанарым ысиды. Әсіресе Турчаниновпен биге шыққанда жұрттың бәрі оған қызыға қарайтыны бар — әлгі ерепейсіз ұзын бойлы, қысқа бакенбардасы бар, қатып қалған қара көз офицер. Қыз да бой жағынан одан қалыспайтын, дегенмен сәл де болса аласа, бауырына қатты қысып, ұзақ айналдырып жүреді де жоғарыдан оның бетіне сүзіле кеп қарайды, қыздың құмартқан жүзінен қуанышты байқаймын да сол кезде ол маған керемет жеккөрінішті болып кетеді. Дол қазір бір шатақ шықса екен деп жатып кеп құдайдан тілеймін, тым болмаса еңкейіп сүйіп алса ғой, бәрі де осымен шешілер еді, жүрегімнің дүрсілі де, ширықкан жаным да жай табар еді-ау!

— Сен тек өзіңді ғана ойлайсың, — деді ол бірде, — бәрі де тек сенің ойлағаныңдай болуы керек. Сені еркіңе жіберсе, мені дүниенің рақатынан жұрдай қылып, өзің секілді жұрттан бөліп тастар едің.

Дәл тауып айтты: жазылмаған құпия заң бойынша кез келген махаббатта, әсіресе әйелге деген махаббатта жанашырлық сезім, аяушылық мүсіркеу болуға керек, ал мен, әсіресе жұрт көзіншс оның көңілді жүргенін, көпке ұнағысы келгенін жақтырмаймын, керісінше, қарапайымдылығын, шу шығармайтын момындығын ұнатамын, жыласа екен деп отырамын, жылаған кезде көзінің ісіп шыға келетіні бар. Расында көп ішінде менің оңаша жүретін әдетім бар, әркімді сырттай бақылап, соған өзім іштей дәстердей болып, біреудің кем-кетігін көре қоятын қырағылығым мен сезімталдығыма өзімше семіретінім де рас. Есесіне оны жан тартып бауырыма бассам деген ынтығымда шек жоқ. Мен оған ылғи да өлең оқитын едім.

— Тыңдаймысың, мына бір өлең ғажап емес пе! "Жанымды күмбірлеген көкке көтер, Көңілім көкке өрлеген Айға жетер!"

Бірақ ол ғажайып ештеңе тапқан жоқ.

— Иә, мұның тым әйбәт екен, — деді диван үстінде жайбарақат алақанын жағына жастанып жатып маған немкетті көз қиығын тастаған болды, бірақ көңілім көкке ерлеген айға жетері несі? Бүл Фет шығар? Оның орынсыз табиғатты жаза беретіні бар.

Мен жарылып кете жаздадым: жазғаны қалай! — адамнан алшақ табиғат жоқ, үф еткен самалдың лебінде де біздің тіршілігіміз бар деп түсіндіруге тура келді. Ол жатып келіп күлсін:

— Өйтіп тек өрмекшілер ғана өмір сүреді, сүйіктім!

Мен тағы да оқи бастадым:

— Көңілімді мұңға бөлеп көкжиектен күн қашты

Орман шетін келегейлеп ертесімен шаң басты.

Күміс жылан сумаңдайды көз жанарын ұялтып,

Қасат кардан пана іздеген құдды дерсін албасты...

— Ол қайдағы жылан? — деп сұрады.

Ол бұрқасын, сырма деп түсіндіруге тура келді. Мен ашумен тағы да өлең оқи жөнелдім:

Лашығымның жабығынан,

Сығалайды суық түн.

Айдың кейіс қабағы да,

Тұр екен ғой төгіп мұң...

— Жаным, мен мұныңды ешқашан көрген емеспін ғой! — демесі бар ма.

Бұл жолы мен тек іштей ыза болдым:

Бұлт астынан сығалаған күннің нұры сембеді,

Құм бетіне сурет салған, қарағым-ау, сен бе едің?

Бұл жолы кәдімгідей назар салып тыңдаған сияқты еді, бірақ мен білсем, ол қолшатырдың ұшымен құмға сурет салып отырған өзім деп ойлаған болар.

—Расында мұның әдемі екен, — деді ол. — Жә, осы да жетер, өлеңді қойып қасыма келші... сен қашанда маған разы емес екеніңді білемін.

Мен оған жиі-жиі балалық шағым, бозбалалық кезім жайында, біздің мекеніміздің керемет тамаша екенін, әкем, анам, қарындасым туралы әңгіме айтып беретінмін, оның бет-жүзінен жанашырлық нышан аңғарамын ба деген ниетпен кей-кейде біздің отбасымызға түскен жоқшылықты да жасырмайтынмын, мысалы, бір күні үйдегі сурет біткеннің тысын сыпырып қаладағы Мещеринова деген жалғызбасты кемпірге кепілдікке тапсырдық, ол өзі шығыс жұртына ұқсайтын кісі еді: мұрыны имиген, едірейген мұрты бар, көзінің қарасынан ағы үлкен, саусағы толған сақина, ылғи да жібекке оранып жүретін, мұражай заттарына лықа толған иен үйде таңнан қара кешке дейін бір тотықұс барқылдайтын да отыратын — осының бәрін зәуімен айтып бергенімде оның беті де бүлк еткен жоқ.

Иә, бұл сұмдық екен, — дей салды.

Қалада ұзақ тұрған сайын өзімнің ешкімге керегімнің жоқ екенімді сезе бастадым — тіпті Авилова да өзгеріп сала берді, бұрынғыдай емес салқын, кекетіп сөйлесетін болды; қаладағы тірлігім сұрқай, көңілсіз тартқан сайын қызбен оңаша болғым келеді де тұрады, бірдеме оқытсам деймін, бірдеме айтсам деймін, сырлассам деймін. Қонақ үйдегі бөлмем тар әрі күңгірт, иығымнан бір уайым басады да тұрады — мүлік дегеннен жалғыз чемодан, бірнеше кітап, жалғыздықтан ұйықтай да алмай таң қашан атар екен деп көршідегі мұнараның аязды елең-алаңдағы қонырауының қаңғыр-күңгірін аңдып дөңбекшіп шығамын. Оның бөлмесі де тар еді, өзі дәліздің ең түкпірінде, баспалдақтың астында, есесіне терезесі баққа қарайды, тып-тыныш, әрі жылы, әрі мұнтаздай; ымыртқа қарай пешке от жағылады, әп-әдемі кебісін шешпестен аяғын бауырына жинап диванға жата қалатын әдеті бар, сол кезде тіпті сүйкімді көрініп кететін. Сол кезде мен өлең оқи бастаймын:

Түнгі боран алай-түлей тулайды,

Тағат таппай дүлей орман шулайды.

Екеуіміз оңашада от басында отырмыз,

Сырымызды сыртылдаған отын ғана тыңдайды...

Бірақ аласұрған боран да, орман мен дала да, баспана да, жып-жылы пештің қызуы да оған бөтен еді. Оны бір нәрсеге тамсандыру үшін ұзақ отырып: "Сұрғылт резеңке секілді ат тұяғымен тапталып, көлбей түскен күн нұрына жалтырап жататын күздің тақтақ жолы есіңде ме?" — дегім келеді. Бірде ағайым Георгий екеуіміз қара күзде бөренеге қақтау үшін қайың сатып алуға бардық: ойда жоқта ас пісіретін бөлменің төбесі құлап, үнемі сондағы пеш үстінде ұйықтап жататын бұрынғы аспазшы шалымызды майып қыла жаздағаны, содан белағаш іздеп тоғайға бармаймыз ба. Жаңбыр толассыз құйып тұр, мұжықтарға еріп алғашында кіре жолмен желе-жортып шықтық та артынан қалың тоғайға келіп кірдік, сібірлеген сірке жаңбырдың астында күз келсе де әлі жапырағын тастай қоймаған сыптай сымбатты қайыңдар көздің жауын алады. Басынан етегіне дейін жапырақ жамылған бұла қайыңды жығуға да қимайсың, бірақ амалың бар ма, мұжықтар оны бір айналып шықты да сүйелден көнтері боп кеткен алақандарына бір-бір түкіріп, балталарын алабажақ қабығына кіршілдетіп салды-ай келіп... "Сен көз алдыңа елестете аласың ба, дүние лайсаң, маңайдың бәрі судан жалт-жұлт етеді" — деп тамсана айтып бердім де ақыры әңгіме жазсам деген ойым бар деп үмітімді де айтып қойғаным.

— Ой, сонда тұрған не бар? Ауа райын жаза бергеннен май шыға ма?! — деді.

Мені қатты толғандыратын да, мен үшін бар дүниенің ләззаты да музыка еді. Кейде ол жақсы бір шығарманы орындай қалса оған деген сүйіспеншілігімде шек болмайтын. Ол десе жаным жадырап жүрегім елжіреп сала береді. Уайымсыз ұзақ өмір сүргім келеді. Оны тыңдап отырып кейде ойға қаламын: "Егер күндердің күнінде айрылса қалсақ, мынау ғажап әуенді жалғыз қайтып тыңдармын! Бұл болмаса мен неге қуанып, нені армандап, кімді сүймекпін!" Ал оның маған бір қылығы ұнамаса, ол да менің қазымырлығымнан, соған ол төзе алмай ширығады.

—Надя! — деп айқай салады да клавишті тастай беріп көрші бөлмеге мойнын бұрады. — Естимісің, мынау не деп мыжып отыр?!

— Мыжымай қайтейін! — деп мен де айқай саламын. — Бұл сонеттің төрттен үші былапыт, былжырақ, әншейін қуырдақ! Өй, мынау тұста қабір күрегінің шаңқылы естіліп тұр ғой! Шырағым, мына жерде фея сорлың шалғында малтып жүр, сарқырамаң тыста қалды! Фея дегенің суқаным сүймейтін сөз, газеттің "қыртымбай" дегенінен бетер!

Ол театр дегенде жарым жанымды бөліп беруге бармын дейтін, ал мен оны ит етінен жек көремін, актерлер мен актрисалардың талантының басқа сүреткерлерден айырмашылығы тек әдепсіздігі мен пасықтығында, соған қалыптасып алған машығында деп түсінетін едім. Тит Титычтың алдында қырық бұралып, бас салып құшақтап, тәтті сөйлеп жататын жібекке оралған мәңгілік құдағилар мен бір қолы қара сүртіктің қалтасында, сол қолын жүрегіне басып иіліп тұратын құдаларды көрсем құсқым келетіні бар; әлгі шошқа секілді городничилер, бұлаң құйрық Хлестаковтар, түксиген Осиптер, қолаңсалы Репетиловтар, өзімен-өзі талқан болған Чацкилер, сақинасымен ойнап, қараөрік секілді балжыраған ернін бұртита беретін Фамусовтар; үстінде шырақшының шапаны, басында қауырсынды қалпақ, әлдекімнің ашынасындай көрінгенге қылмиып қарайтын, қара саны қара барқыттан тырсиып, құлға лайық маймақ табанды Гамлеттер — осыларды көргенде мен жынданып кете жаздаймын. Ал опера ше?!. Үш бүктеліп, аяғын тізесінен таңып тастаған ботатірсек Риголетто, өліп бара жатқандай көзі аларып, аспанға қарап "Менің де таңым атады" деп аңырайтын Сусанин, ағаштың қурап қалған бұтағындай тарбиған қолдары қалшылдап, неке сақинасын саусағынан шешпеген қалпы, бір үйір құтырған ит талағандай алба-жұлба болған "Русалкадағы" диірменші кімге рухани қанағат бермек?

Театр туралы таласта бір мәмлеге келген емеспіз: бір-бірімізге есетеңдік бермей, өзара түсіністік болған емес. Мысалы, атақты провинциялық актер Орелда гастрольде жүріп "Жындының жазғандарын" оқыды: көрерменде ес жоқ, тамсанып, таңғалып көз алмайды, ал ол болса, аурухана төсегіне отырып алған, үстінде халат, кемпірлеу бетіндегі бес тал сақалын да қырмаған, үн-түн жоқ мелшиіп қалған, бет-аузында әлдебір дарақы күлкінің ізі бар, содан бір уақытта ақырын ғана бір саусағын шошайтып, жақшықшытын сындырғандай қисайтып, әйтеуір бөліп-бөліп: "Бүгіннен бастап..." деген бір сөзді айттым-ау. Ал келесі күні Любим Торцов болып ырбаңдайды да үшінші күні қызылтанау Мармеладов болып: "Қайырымды менің әміршім, сізбен бір ауыз мархабатты сөзге келуге болар ма екен?" деп майысып тұрады. Міне, атақты актриса сахнада хат жазып отыр, әлдебір сұмдық хат болса керек, үстел басына отыра қалып, құрғақ қаламды құрғақ сауытқа тығып алып үш-ақ сызық жүргізді де қағазын конвертке тыға салды, содан соң қоңырау қағып еді, өңіріне алжапқыш байлаған әп-әдемі бикешке : "мынаны қолбаламен тез жөнелт" деп бұйырды. Театрда өткен әрбір кештен соң Авиловаға ұйқы бермей түнгі сағат үшке дейін айқайласамыз, мен бұл кезде тек Торцов пен Мармеладовты ғана емес, Гогольдің өзін де, Островскийді де, Достоевскийді де төркініне апарып тастаймын.

— Мейлі, сенікі дұрыс-ақ болсын, бірақ сонша неге айқайлайсың Надя?

— Сұрашы мынадан! — деп ол да көзі қарауытып жатып кеп айқайға басады.

— Айқайлаймын! — деп мен де қоймаймын. — Себебі, бір ғана "аромат" деген сөзді "а-ро-мат" деп созғаны үшін ғана актерді тұншықтырып өлтіруге бармын!

Орел жұртының кез келген пақырымен кездескен сайын кешкілік мұндай айқай бізде күн сайын болып тұрады. Мен өзімнің кінәмшілдігімді, кірпияздығым мен қырсықтығымды, маңайымдағы жұртты шайнап тастағым келіп отыратын мінезімді оған да жұқтырғым келіп еді, бірақ менің бұл мақсатымнан түк те өнбей, бәрі де керісінше болып шықты. Бір күні оған әдейі:

—Менің жауымның қаншалықты көп екенін сен білсең ғой! — дедім.

— Қайдағы жау? — деп ол таңғалды.

— Толып жатыр: қонақ үйде, дүкендерде, көшелерде, вокзалда...

— Ол неткен жаулар?

— Толып жатыр дедім ғой: түрі жексұрын пенделердің бәрі маған жау!

Апостол Павелдің өзі айтқан жоқ па : "Кез келген тұқым бір-біріне ұқсамайды, адам ұрпағы бір басқа, хайуан ұрпағы бір бөтен..." Кейбіреулерге қарап тұрсаң сұмдық. Аяғын шалыс басып, тоңқаңдап жүргенде жүресінен енді ғана тұрып келе жатқан сияқты. Кеше мен Волховская көшесінде кеудесі қақпақтай тырсиған полиция приставының соңынан ердім, соның жалпақ жауырыны мен шинелінен, жалтыраған етігінің қонышынан көз алғаным жоқ: жалпақ қонышының былғары мүңкіген иісі-ай десеңші, аса қымбат шинелінің шұғасы қандай, өңіріндегі түймесінің өзі неге тұрады, осының бәрі қырық жасар хайуанның үстіндегі әбзел-сайман!

— Недеген ұяттан безген адамсың! — деді ол аса бір жеккөрінішті сезіммен. — Шынында сен осындай оңбаған, мерез жансың ба? Мен сені түсінуден қалдым. Өне бойың толған қырсық!

IX

Дегенмен, күн сайын редакцияға келген бетте ілгіштен оның сұр тонын көріп, соның ішінде өзі тұрғандай жаным кіріп қуанып қаламын, ал ілгіштің астында жатқан қонышты кебісі маған қол жетпейтін тоқ балтырдың тәттілігін еске салатын. Соны көруге асығатыным соншалық, жұрттан бұрын келіп үстеліме отырамын да жергілікті хаттарды қарап шығып, кейбірін қорытып, түзетіп шығамын, астаналық газеттерді оқып, содан өзіме керекті телеграммалар жасаймын, провинциялық белетристердің тәуір деген әңгімелерін тұтас көшіріп шығатын кездерім де болады, бірақ екі құлағым тыста, ақыры тықылдаған шапшаң жүріс пен сусылдаған көйлектің етек дыбысы да естіледі. Ол кірген бойда аңғаратыным, тыныш ұйқыдан соңғы жанарының жалтылы, ине-жіптен жаңа шыққандай тазалығы, сүйкімді салқын алақаны, асығыс жан-жағына қарайды да мені келіп сүйеді. Кейде ол дәл осы кейпінде қонақ үйге де жүгіріп кіріп, тонының суық шалғайымен даланың аязын ала кіретін. Мен оның алмадай сұп-суық бетінен сүйіп, қолымды тонның ішіне жүгіртемін де жып-жылы мықынынан құшырлана қатты қысамын, ол "жіберші, мен шаруамен келдім" деп бұлқынып шығып кетеді де дәліз қызметкерін шақырып бөлмені жинатады, өзі де көмектеседі.

Бір күні кездейсоқ Авилова екеуінің әңгімесін естіп қалдым. Олар мені баспаханада деп ойласа керек, ас бөлмеде отырып мені сөз қылып жатыр екен.

— Лика, айналдым, бұдан соң енді қайтпексің? — деп сұрады Авилова. — Ол туралы менің пікірімді білесің, әрине сүйкімді жігіт, сен оны жақсы көресің... Ал бұдан ары не істемексің?

Мен құздан құлап кеткендей болдым. Мен тек "сүйкімді" ғана екенмін ғой. Ал ол әншейін "жақсы көреді" екен! Қыз жауабы бұдан да сұмдық болды.

— Мен не істей алады деп едің? Тығырықтан шығатын менде ешқандай амал жоқ...

— Мұны естігенде жынданып кете жаздадым, ас бөлмеге атып кіріп, амал бар деп айқай салып, бір сағаттан соң Орелдан қарамды батырамын дейтін едім, кенет қыз тағы да сөйледі:

— Надя, мен оны шын сүйетінімді білмей жүрсің бе? Одан соң сен оны жақсы білмейсің, сен сырттай көріп жүргеннен мың есе артық.

Иә, сырт көзге мен мұнан да жаман болып көрінуім мүмкін. Үнемі қыстығып жүрдім, көңілім күпті, жұртпен тіл таба білмеймін, жоқ нәрсеге мұңайып қаламын, ылғи да ашуға ерік беремін ; бірақ өзгере салуым да оп-оңай, екеуміздің арамызға от тастайтын ешкімнің жоқ екеніне, оған ешкімнің қиянат жасамайтынына көзім жетсе болды, сол сәтте-ақ маған тұқымнан қалған жомарттық, сүйекке біткен жайдары қасиет қайтып оралады. Екеуміз әлде бір кешке жиналып жатып, егер сол кеш маған ешқандай реніш, кейістік әкелмейтінін білсем, тойға баратындай сәнденіп, айнаның алдынан шықпай, бетімнің секпілі, көзімнің қарашығына дейін қызықтайтыным бар, крахмалданған қардай аппақ көйлегімнің қыртыс-қыртысы дар етіп айырылғанының өзі мен үшін бір ләззат. Егер іштегі қызғанышымның қыжылын қоздырмаса бал да маған кәміл рақат. Тек балға барар алдында мені қатты қинайтын нәрсе — Авилованың марқұм боп кеткен күйеуінің фрагін киуім керек, байғұс бір дүркін де иығына ілмеген болар, тіпті су жаңа, бірақ сонда да мен бір түрлі қысылатын едім. Дегенмен, үйден шығуымыз мұң, таза ауа жұтып, жұлдызды аспанды қызықтап, көшірдің шанасына отырған соң бұл да тез ұмытылады... Миға сыймайтыны — онсыз да әлем-жәлем кіреберісті қызыл ала шатырмен күргейлеп, есік алдына сүйек жұтқан сиырдай кекірейтіп квартал сақшысын қоюдың не қажеті болғанын бір құдайдың өзі білсін. Мейлі, бұл бәрібір бал ғой, кірер ауыздың әлем-жәлемі, аппақ қармен шағылысқан көз қарықтырар шаңқима жарық та, полицейдің құлақ жарды шаңқылдаған даусы мен есік көзін шиырлаған жылтыр етігі, мұз қатқан едірек мұрты, бір сыңары қалтасынан шықпайтын ақ перчаткалы қолы — бәрі де балдың қызығына жұтылып кетеді. Еркектердің барлығы дерлік формамен келетін — құдайға шүкір, Ресейде ол кезде форма деген итте де бар — бәрі де шенімен, одан қалса формасымен шіренеді. Менің сол кезде байқағаным, бүкіл ғұмырын билік басында өткізген титулды адамдар өмір бақи сол дәрежесіне отықпай-ақ кетеді. Бұлар келген бетте-ақ менің қитығыма тиеді де назарымнан тыс қалмайтын жыртық-тесігі мен кем-кетігі кекесінді мазаққа айналатын еді. Есесіне ұрғашы атаулы маған сүйкімді де сұлу көрінетін. Вестибюльде тон мен қысқы етіктерін шешіп тастап қызыл кілем төселген баспалдақпен көтерілген кезде қарсыдағы айна бетінде екі есе көбейіп, бүкіл кештің шын мәніндегі сәніне айналатын. Би басталғанға дейінгі бос тұрған кең зал кенет таза ауа мен пудраның қош иісіне толады да, алмастай жарқыраған люстралар, айнадай жалтыраған үлкен терезелер, әлі тапталмаған тап-таза паркет көздің жауын алады, балға келген әсем топ ғажап бір толқу үстінде музыканың алғашқы күмбірін, бөде залдың еденін қыздыратын жүрегінің түгі бар алғашқы жұпты күтеді.

Мен балға басқалардан бұрын шығатын едім. Енді ғана жинала бастаған жұрт мен келгенде қызметшілердің алдын тон, ішік, шекпенге толтырып тастайтын, бірақ үй салқын, фракпен жүргендер бүрсеңдегенін сездіргісі келмейді. Біреудің киімін киіп алып, шашын жылмита тарап, сықиып тұрған сыптай арық жігіт өзін жұрттан ерекше ұстағысы келеді, ал редакцияда қолбаланың рөлінде жүргені қаперінде де жоқ, сол кейпіне қарамай топ ішінде мұздай алқаракөкпін деп ойлайды. Бірте-бірте адамдар көбейе бастады, музыкаға да құлақ отығып, есік көзіне сығылысқан әйелдер осында ерекше бір жылу алып келгендей, мен сол жылылыққа мас болып әйелдерге еркін тап беріп, еркектерді қағып-соғып, фрак киген, мундирлі әлдекімдерден жорта кешірім сұраған боламын... Бір уақытта олар да келді-ау, күлімдеп көпті жарып келе жатыр, солар ма, олар емес пе деп жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Әсіресе қыз — соған ұқсайтын да ұқсамайтын да секілді.

Осы сәт мені таңғалдырған оның уыздай жастығы, нәзіктігі еді: кәрсетпен таңып тастаған қыпша бел, салтанатта киетін жеңіл де әсем көйлек, қолғаптан иыққа дейін жалаңаш білек суықтан ептеп қызыл күрең тарта бастаған, жүзінде әлі де болса жатырқаулық бар... Ақсүйектердің тәкаппар келіншектеріндей шашын тікірейтіп түйген екен, осының өзінен-ақ мен сенен бөлекпін, сені менсінбеймін деп тұрғандай, бойынан еркіндіктің, әлдебір жат қылықтың лебі сезіледі. Сол кезде әлдебіреу суырылып жетіп барды, ол желпуішін Авиловаға ұстата салды да қолын бірден жігіттің иығына артып қалықтап жөнелді, кешікпей музыка үніне ілесіп көптің ішіне сіңді де кетті. Мен онымен мүлдем қоштасқандай іштей өшпенділікпен артынан қарап қала бердім. Қашанда жинақы, пысық, кішкентай ғана Авилова да бұл кеште мені сүйкімділігімсн таңқалдырды, тіпті тым жасарып кеткен сияқты. Осы би кезінде оның бар болғаны жиырма алты-ақ жаста ексні есіме түсті де кейінгі кезде маған деген пиғылының өзгеруін енді түсіндім, оның да менде көңілі бар екен, қызғанышы да жоқ емес.

X

Бұдан соң біз ұзақ уақыт бір-бірімізді көре алғанымыз жоқ. Оған себеп күтпеген жерден доктордың келе қалуы еді.

Бір күні, қыстың аязды таңында редакцияға кіріп келіп папиростың таныс бір иісіне тап болдым, ас бөлмеден дабыр-дұбыр дауыс, күлкі естіледі. Бұл не болды екен деп тұра қалдым. Бүкіл үйді түтінге толтырған доктор екен, дабырлатып отырған да сол, біраз жасқа жеткен соң жылдар бойы сол қалпында өзгермей қалатын адамдар болады, мұның да денсаулығы мықты, езуінен темекісі түспейді, аузынан сөзі үзілмейді. Бұл неменеге келе қалды деп сасайын дедім. Қызына тағы бір талаппен келді ме екен? Қалай кірсем, өзімді қалай ұстасам? Алғашқы сәтте ештеме де болған жоқ. Тез есімді жидым да кіріп барып таңғалдым... Қашан да жарқын жүзді доктор әуелде қысылып қалды да асығыс күле сөйлеп, "демалайын деп провинциядан бір аптаға қашып шықтым" деді. Қызының да қобалжып тұрғанын сезе қойдым. Бұған да себеп күтпеген қонақ екенін түсіндім, вагонда түн катып, енді міне провинциядан губернияға келе салып біреудің асханасында рақаттанып шай сораптап отыр. Менің көңілім орнына түскен. Бірақ маған деген соққының үлкені алда екен: доктордың әңгімесінен ұққаным, ол жалғыз емес, Богомоловты ерте келіпті, біздің қаладағы былғары илейтін атақты да ең бай жігіт, көптен Ликаға көз салып жүрсе керек; доктор қарқылдап күлді:

— Лика, ол саған өлердей ғашық екен, осы жолы мақсатыма жетемін деп келді, енді оның тағдыры сенің қолыңда, аясаң — жар боласың, аямасаң өлтіресің...

Богомолов тек бай ғана емес: өте ақылды, характері жарқын, жұртқа жағымды, университет бітірген, шетелде тұрады, жаттың екі бірдей тілін біледі екен; сырт пошымын көріп әуелде шошып қаласың: мыс секілді қызыл жирен шашын артына қарай жылмитып тараған, жұп-жұмсақ жалпақ бет, пендеге бітіп көрмеген семіздік, былай қарасаң мезгілсіз өсіп кеткен бесік жасындағы сәбиге ұқсайды, әйтеуір дүниеге сыймайтын алып, тұп-тұтас майға бөккен йоркшир дерсің; бірақ осы йоркширдің тұла бойы тұнған тазалық, кейде сонысын қызғанасың да: шағыр көзінде көк аспанның көгілдір тұнығы, өңінде нәрестенің пәктігі, кісімен сөйлессе де, күлсе де даусында ерекше үн, жаудыраған көзінде, жұп-жұмсақ ернінде жаныңды жылытар сүйкім бар; аяқ-қолы кіп-кішкентай, киімі тек ағылшын матасынан, шұлығы, көйлегі, галстугі де кіл жібектен. Мен қыздың бетіне жалт қарадым да ыңғайсыз күлкіні аңғардым... Сол сәтте бәрі де маған тым алыс, бөтен сияқты көрінді, өзімнің бұл үйге керегім жоқ артық жан екенімді сездім де іштей оған деген өшпенділік өртеніп шыға келді...

Осыдан кейін екеуміз бір сағат та оңаша қалған емеспіз, ол бірде әкесінен, бірде Богомоловтан айырылмай қойды. Авилованың жүзінен жұмбақ күлкі үзілген жоқ, Богомоловтың асты-үстіне түсіп күтті, содан соң да ол осы үйдің бір мүшесіндей өзін еркін ұстайтын болды да ертеңнен қара кешке дейін кетпей койды, қонақ үйге тек түнеуге ғана барады. Оның үстіне әуесқойлардың драмалық үйірмесінде Масленицаға арналған спектакльдің репетициясы басталды да, Лика соның мүшесі ретінде соған әкесінен бастап Богомоловқа дейін тартты. Лика Богомоловтың үйірсектігіне тек әкесіне бола көніп жүргенін, үзілді-кесілді қолын қағып тастасам әкем ренжитін шығар деп қорқатынын айтқан, мен соған сенген сынай таныттым, қаламасам да репетицияларға қатысып, сол арқылы қызғанышымды, бұларға деген өшпенділігімді жасыруға тырыстым: мен оның "ойнап" жүргенін біліп ұяттан жүзімді жасырар жер таппай қиналдым. Пенденің дарынсыздығынан өткен масқара жоқ екен-ау. Репетицияны басқарған жұмыссыз қалған кәсіпқой актер еді, әрине өзін асқан талантпын деп ойлайтын болуға керек, жас шамасы да белгісіз, бетіне желім жаққадай, оның үстіне қысыр сиырдың желініндей шалбар-шалбар, сонысына қарамастан болар-болмас тәжірибесіне мәз болған тыраш байғұс.

Минут сайын ашуға булығып, қай рольді қалай ойнау керектігін айтып, бұйрық беріп, аузына ақ ит кіріп көк ит шығып әркімді балағаттағанда шекесінің тамыры арқандай боп бадырайып шығып кететін, өзі де бірде еркектің, бірде әйелдің рөлін ойнаған болады, қалғандары соны қайталаймыз деп сілікпесі шығып шаршайды, ал солардың қимылын бағып, даусын естігенде менің жыным келеді: актердің өзі өнерден мақұрым болған соң басқалары одан да өткен. Сонда осылар неменеге, не үшін ойнап жүр? Солардың ішінде провинциал қалаларға тән жоғарғы топтың он екі мүшесі түгел ырсиған паң бәйбішелері де жүр, ерін жымқыруды әдет қылып алған, үнемі бір нәрсені күткендей елегзіп тұратын сылқым бикештер де бар, бүкіл қалаға ұқсастығымен танымал болған, ылғида бір-бірінен қалмайтын егіз қыз да осында: екеуі де ірі денелі, шаштары қап қара, қара қастарының ортасы қосылып кеткен, ұрсаң үндемейтін меңіреу — нағыз дүпке шегетін жуан қарагерлердің өзі дерсің; губернатордың ерекше тапсырмамен жүретін шенеунігі де қалмайтын — әлі жап-жас жігіт, бірақ төбесі ерте түлей бастаған, көкшіл көздері адырайып шарасынан шығып кете жаздап тұр, бойы тым ұзын, жағасы одан да ұзын, әңгімешіл, әсіре сыпайы; жергілікті атышулы адвокатты да осында көрдім — алпамсадай неменің көкірегі қаптай, екі иығына екі кісі мінгендей, екі аяғы талыстай, фрак киіп биде жүргенде мұны осы жердің бас лакейі шығар деп қалатынмын; көптің ортасында жас суретші де жүрді: үстінде қара барқыт кеудеше, шашын солаңдатып қоя берген, қырынан қарасаң текеден аумайды, оның үстіне текесақал, қысық көзінде әйелгс тән қылымсу бар, жылбыраған қып-қызыл ерніне қараудың өзі жеркенішті.

Ақыры спектакль де басталды-ау. Шымылдық ашылмай тұрып кулиске кіріп бармаймын ба: жұрттың бәрі жынданып кеткен секілді, бірі киініп, бірі боянып, айқайласып, ұрсысып, бір-біріне соқтығысып, бір-бірін танымай әбігер, киімдері де алабөтен — бірінің үстінде қоңыр фрак, енді бірінде қызыл күрең дамбал — өлі парик, өлі сақал, мұрын мен маңдайға жапсырған жамаудан бет-ауыз қимылдамай сіресіп қатып қалған, көз атыздай бақырайып, ағаш кірпіктер манекеннің қабағандай бір біріне жұғыспай едірейіп тұр. Мен онымен бетпе-бет түйісіп танымай қалдым, әсіресе қуыршақ секілді тұрпатын көріп таңғалдым -үстінде қызыл-күрең көне заманның көйлегі, басында құла парик, көзге ұрып тұрған жасанды әдемілік, сүйкімсіз кәмпит бет... Богомолов құла-жирен аула сыпырушыны ойнайтын, оны аямай-ақ құл-құтанша киіндірген екен, ал доктор кәрі лақса отставкадағы генерал: спектакльді бастаған да сол, саяжайда болса керек, астында тоқымалы кресло, көкке боялған тақтай талдың көлеңкесі, үстінде түкті жаңа костюм, мұның да бет-ауызы сығысқан бояу, ерепейсіз ұзын мұрт, креслода шалқайып жатып алып, айқарылған газетке шірене қарайды, декорация бойынша жаздың ашық күні еді, етектен ұрған рампаның жарығында самайдың ағына қарамастан уыздай жас боп көрінді; газетті оқып отырып ол бірдемені күбірлеп айтуы керек еді, бірақ дым сызбай бақырайып отырып алғаны, суфлердің қуысынан шыққан сыбырға да құлақ түрген жоқ, тек кулистен ерке күлкімен жүгіріп шыққан қыз ту сыртынан келіп құшақтап, көзін басып тұрып: "тапшы, мен кіммін?" деп айқайлағанда ғана: "босат, босат, қозым, білем сенің кім екенінді" деп әр сөзін баптап жауап берген болды.

Зал күңгірт, сахна жарық еді. Мен бірінші қатарда отырып біресе сахнаға, біресе маңайыма қараймын ; алдыңғы қатарда кіл байлар, семіздігімен орындық керген әскери және полицияның атағы жұртқа белгілі шендері, бәрі де сахнаны аңдып тырс етпей қалыпты — сірескен беттер, шала күлкіден жымырайған еріндер... Мен бірінші көріністің аяғына дейін де шыдай алмадым. Сахна жақтан әлде не дүңк етіп, қазір үзіліс болады деп белгі бергенде-ақ зыттым. Сол кезде залда ызың-шу басталған, көпке таныс қария мені киіндіріп болғанша артистердің дарақы дауысы дәлізге де жетті. Үһ деп, далаға атып шықтым. Шүкір, тіпті жалғыз қалғаныма да қуандым. Дүние тым-тырыс, ауа шыңылтыр таза, көшенің шамдары шақырайып-ақ тұр. Мен редакцияға тарттым, өйткені қонақ үйдегі қуықтай бөлмем тым көңілсіз еді. Мекемелердің қасынан жанай өтіп, йен алаңға бұрылдым, собордың алтын жалатқан күмбезі жұлдызды аспанды түртіп түр екен... Иен көшеде табаныңның астынан шыққан қар сықыры да көш жерге жаңғырығып үрей шақырады... Жып-жылы үй тыныштықтан тұнып тұр, Авилованың ұлы ұйықтап жатыр екен, есік ашқан ұйқылы-ояу күтуші әйел бетіме бір қарады да кетіп қалды. Баяғыдан өзіме таныс, әбден мезі қылған баспалдақ астындағы бөлмеге өттім де, әбден мезі қылған диванға отыра кеттім... Қара көлеңкеде күтіп отырмын, қазір келеді-ау дегенде тұла бойым тітіркенеді, шуылдасып кіреді, біріне-бірі дес бермей жамырасып, күліседі, самауырды ортаға алып пікір бөліседі, мен әсіресе Ликаның күлкісі мен даусынан қорқып отырмын... Дәл қазір осы бөлмеде ол бар да сияқты, жоқ та сияқты, оның таныс иісі менің қасымдағы диванның жақтауында жатқан көйлегінен, жұп-жұмсақ халатынан аңқып тұрғандай... Терезеде қыстың сұп-суық мұздай аспаны, бақтағы ағаштардың қуарған бұтақтарының арасынан жұлдыздар сығалайды...

Оразаның алғашқы аптасында әкесі мен Богомоловқа еріп қайтып кетті

(Богомоловқа байға тиюден бас тартты). Мен онымен сөйлесуді біржола тыйғанмын. Кетер алдында үнемі жылаумен болды, сәт сайын кетпе деп айта ма деп маған үміттене қараумен мұң арқалап кетті-ау...

XI

Провинцияда ұлы оразаның күндері өтіп жатты. Кірешілер бүрісіп бұрыш-бұрышта жолаушы таппай жүр, ара-тұра қолдарын ербеңдетіп ары өткен, бері өткен офицерлерді жасқаншақтап шақырған болады "Мархабатты мырза! Менің атым жүрдек!" Көктемнің жақындап қалғанын сезген ұзақтар көңілді шуласады, ал қарғалардың қарқылы әлі де жексұрындау.

Жалғыздық түн баласында жаман екен. Түн ортасында ояна салып: енді қайтып күн кешемін, несіне өмір сүремін деп ойлаймын. Япыр-ау, осы менмін бе, қайдағы бір губерниялық қалада, мың сан бөтен адамдардың ортасында, мынау албастыдай басқан қараңғы түнде жалғыз жатқаным қалай? Бүкіл қалада жалғыз ғана жақын адам — Авилова. Жақын екені рас па? Әрі-сәрі, ыңғайсыз жақындық...

Мен енді редакцияға кеш келетін болдым. Авилова қабылдау бөлмесінде отырып кіре берістен мені көре салып күлімдеп қарсы алатын болды — тағы да баяғы сүйкімді қалпына түсті, мейірімді, кекетіп-мұқатқанын да қойды, мен оның маған деген сүйіспеншілігін де анық байқадым, бір сәт назардан тыс қалдырмай, ерекше күтіп, кеш бойы менің қасымнан кетпейтінді шығарды, мен үшін ұзақ отырып пианинода ойнайды, ал мен болсам диванда жантайып жатып көзімді жұмамын да музыканың әсерінен көзіме келіп қалған жасты тыя алмай, оған қоса әйелге деген ынтық сезімді жасыра алмай жаным езіліп азапқа түсемін. Қабылдау бөлмесіне кірген бойда мен оның кіп-кішкентай сүйкімді қолынан сүйемін де тұрақты қызметкерлер отыратын жаққа өтіп кетемін. Онда қашан көрсең темекісін бұрқылдатып, Орелға полицияның бақылауымен келген, түріне қарасаң бір түрлі топас адам отырады да қояды: мұжықтарша сақал жіберген, үстінде тайтері күрте, аяғында иісі мүңкіген майлы етік, өзі солақай: оң қолының жармысы жоқ, жеңіне жасырған молағымен қағазды үстелге басып отырады да сол қолымен жазады: ұзақ ойланып отырады, қайта-қайта темекісін сораптайды, кенет қағазын қатты қысып алып зырылдатып жазады-ай келіп, қимылы маймылдан да шапшаң. Бір кезде сирағы бір тұтам қартамыш шал кіріп келді, көзінде бақырайған көзілдірік, осындағы шетел хабарының шолушысы; кіреберісте қоян терісінен тіккен жарғағы мен тыңдау аппаратын қыстырған шәпкесін шешіп еді он жасар бала секілді шүмпиіп шыға келді, аяғында өзінен үлкен етік, бұтында кең балақ шалбар, оның сыртынан солаңдатып қоя берген мақталы жейдені белбеумен шырта буынып алыпты, едірейген алқара көк шашы тікірейіп құдды дикобраздан аумай қалыпты; бадырайған көзілдірігі де адам шошытқандай; ол қашан болса да екі бірдей қорапты құшақтай кіретін, бірінде гильзі, бірінде темекі, жұмыс үстінде кешке дейін темекісін нығыздайды да отырады: әдетте орталық газеттерден көз алмайды, екі қолы машинкада, соның мыс трубкасына темекіні тығындап, гильзіні сипалап тауып алады да машинканың сабын көкірегіне басып қалғанда папиростыц даяр сабағы үстел үстіне сарт ете қалады. Бұдан соң метранпаж, корректор келеді. Метранпаж қашанда сабырлы, ешкімге жағынбайтын адам, бірақ кішіпейіл, көп сөйлемейді, ішін де ешкімге алдырмайды; тыртиған арық, әбден қурап қалған қу сүйек, шашы сығандар секілді шымқай қара, бет терісі көк-жасыл деуге де болады, мұрты да қап-қара, ерні қан-сөлсіз кеберсіп кеткен, үнемі таза киініп сіресіп жүреді: қара шалбар, көк желетке, крахмалданған жалпақ жаға -бәрі де тап-таза әрі жаңа; кейде баспаханада онымен әңгімелесіп қалатын да кездерім болады: ол әдепкі үндемес тәртібін бұзып, маған телміріп қарап алады да даусын көтерместен бір мәнерде сайрап береді, сондағы айтатыны бір-ақ нәрсе — дүниені жайлаған әділетсіздік, қайда барсаң да көретінің осы. Корректор да келіп-кетіп тұрады, біресе бір нәрсені түсінбедім дейді, біресе бір нәрсе ұнамай қалды дейді, мақала авторынан не түсіндіріп беруін, не түзетіп беруін талап етіп жатқаны: "кешіріңіз, мына бір түс онша сәтті шықпаған" деп жабысатыны бар; қорбаңдаған семіз адам, бұйра шашы қашанда дымданып жүреді, бүкшиіп қорқып тұратын әдеті, оның да жөні бар, масаң кейпін жұртқа сездірмеймін деп демін ішіне тартып, әлгі түсінік сұраған адамынан алысырақ тұрып, баржиған саусақтарын қалшылдатып күншіліктен бірдемені нұсқап әлек. Осы бөлмеде мен де бөтен біреулердің жазғандарын қайта шимайлаймын, немесе өзім не жазсам екен деп терезеге телміріп отырғаным.

Сөйтіп жүріп тағы бір құпия азапқа тап болдым, "орындалмайтын" ащы арман. Тағы да бірдемелерді шимайлай бастадым, көпшілігі проза, тағы да жариялай бастадым. Бірақ менің ойым да, арманым да бұдан басқа еді. Жазып жүргенім де, жариялап жатқаным да көңілімнен шыққан жоқ, жазарым да, көңілімді көншітер дүниелерім де алда шығар деп үміттенумен боламын. Өмірдің маған берген сабағынан ешкімге ұқсамайтын, ешкім әлі жаза қоймаған нағыз шынайы дүние тудырсам бұдан өткен бақыт болар ма, бұған жетер рухани еңбек бар ма! Ендігі жерде менің өмірім сол "орындалмайтын" арманмен арпалысумен, қолға түспейтін бақытты қуалаумен, соны іздеумен, соны ойлаумен өтетін шығар.

Түске таман пошта келеді. Қабылдау бөлмесіне кіремін, тағы да көретінім тәптіштеп таранған, артық бір қылауы жоқ Авилованың ұқыпты да көрікті бейнесі, қашанда үстелге емініп отыратын тұрпаты, шегрен былғарыдан тіккен қасықтай туфлиі әрқашан үстелдің астында жатады, иығыма жамылған бұлғын терісінде терезеден түскен күн сәулесінің сағымы ойнайды. Мен почтадан астаналық журналды алдым да асығыс ашып қалғанымда Чеховтың жаңа әңгімесіне бірден көзім түсті... Осы есімнің өзі-ақ сиқырдай дуалап, әңгіменің басын оқымай жатып оның кереметтігін күні бұрын сезгендей қызғаныш оты бұрқ етті. Қабылдау бөлмесіне бірі кіріп, бірі шығып халық деген топырлап кетті: хабарландыру әкелгендер де бар, жазушы боламын деген әр түрлі адамдар да толып жатыр: солардың ішінде түбіт шарф, түбіт қолғап киген бір шал үлкен форматты етектей арзан қағазға баяғы қауырсын қаламмен әдемілеп тұрып "Өлеңдер, ойлар" деген бірдемесін сүйкеп келіпті, оның соңында қысылғанынан қып-қызыл болып жап-жас офицер тұр, қолжазбасын ұсынып жатып сыпайылап қана, егер жариялана қалса шын фамилиясын көрсетпей, "редакцияның мүмкіндігі болса тек атын ғана жазуды" өтінеді, оның соңын ала терлеп-тепшіп тон киген егде священник Spectator деген жасырын атпен "Деревня суреттері" дейтұғын туындысын жариялатпақ екен, уездің заң қайраткері де жазғыштардан қалғысы келмепті... Қайраткер кісі таңғаларлық нәуетек адам екен, кіреберісте найқалып тұрып жаңа кебісін, жаңа тері қолғабын, жаңа бұлғын пальтосын, жаңа бояр бөркін шешті, шешіне келгенде ұзын бойлы тырли арық сиыр тісті пенде боп шықты, жарты сағат бойы аппақ беторамалмен баптанып мұртын сүртті, мен жазушыға тән сұғанақтықпен оның әр қимылын қалт жібермей қарадым да отырдым:

— Иә, оның нәуетек болмасқа, мұнтаздай боп таза жүрмеске, өзін-өзі күтпеске шарасы жоқ, өйткені тісі құрғыр күректей, әрі ырсиған, мұрт дегенің қоғадай, алмадай тырсиған маңдайы қасқайып барады, көз шіркін де адырайып кеткен, жағы көксаудың өкпесіндей шұп-шұбар, түйе табан, алақаны астаудай, тырнақ көсеудей!

Күтуші кемпір азанғы асқа баланы серуендетіп алып келді. Авилова кіреберіске жүгіріп шықты да жүресінен отыра қалып оның бас киімін шешті, ішігін шешіп, аяздан алабұртып қызарып кеткен бетінен сүйді, баласы бейғам, айдалаға қарап тұр, өзімен-өзі, шешіндіріп жатқанын да, сүйіп жатқанын да сезбейтін сияқты — мен осыны да қызғанып тұрмын: баланың уайымсыз бейжайлығын, Авилованың аналық қуанышын, кәртәміш күтушінің тыныш қалпын. Өмірде тындыратын дайын шаруасы бар, содан асып-төгілмейтін жұрттың бәріне мен бүгінде қызғанышпен қарайтын болғанмын, пенденің күйбең тіршілігінен тыс, ойдан шығарып алып орындай алмай жүретін жазу дейтұғын армандай нәрсені күн сайын күткенше бүгін қолма-қол бір істі бітіріп тастап, ертеңгісін қолыңның да, миыңның да уайымсыз бос жүргеніне не жетсін.

Таңғы астан соң мен ылғи да кетіп қаламын. Жапырақ-жапырақ көбік қар қала үстінен қалғып түсіп тұр, көкті ақ ұлпамен шымылдықтап, жұп-жұмсақ жылылығымен көктем жақындап қалды деп алдап тұрғандай. Көбік қарды тілгілеп менің қасымнан кіреші зу етіп өте шықты, әкесінің басына шапқандай еліруіне қарағанда жаңа ғана бір жерден ішіп алғанға ұқсайды... Онда тұрған не бар екен? Бірақ осындай қит еткеннің бәрі менің жыныма тиеді, жыныма тисе де соны босқа жібермей, ол да менің көптен бері ойымда жүрген меншігімдей бір нәрсеге пайдаланып қалғым келеді. Мінеки, менің көз алдымнан кіреші қылт етіп өтіп кетті, немен өтті, қалай өтті, сол зу еткен қалпы менің көкейімде сурет болып көпке дейін өшпей қалып қойды. Бұдан әрі: әлдебір дәулетті ғимараттың алдында қардың шұбар шымылдығынан күйме қарауытады, доңғалақтары көбік қарға батып кеткен, көлденең тақтайдың үстіндегі орындықта күржиіп, жас баладай белбеуін қолтығының астынан буынып алған арбакеш отыр) кенет жібек қаптаулы күйменің жылтыраған терезесінен сығалап отырған кішкентай ғана сүп-сүйкімді итке көзім түскені, емінген түріне қарасаң саған бірдеме айтқысы кегендей, қос құлағы түйіп тастаған бантиктен аумайды... Тағы да жылт еткен бір қуаныш: есіңнен шықпасын — нағыз бантик!

Бұдан соң кітапханаға кірдім. Бұл өзі бір ескі, өте бай кітапхана еді. Бірақ көрдей күңгірт, ешкімге керексіз боп қалған қымбат қазына. Иесіз қалған ескі үй, даңғарадай жалаңаш сеңкелер, екінші қабатқа көтерілетін мұздай баспалдақ, жыртық кленкамен көмкерілген киіз қаптамалы есік. Алба-жұлба кітаптар жиған үш зал. Жақтаулы ұзын үстел, конторка, көкірегі тақтайдай, кісіге жатсына қарайтын жұпыны ғана кішкентай әйел осының меңгерушісі екен, қолдары жіп-жіңішке, үшінші саусағында сияның дағы бар, оның қасында кір-қожалақ, заманнан бері шашына су тимеген ұйпалақ-ұйпалақ қолбала әйелдің бұйрығын орындап жүр... Мен оқу кабинетіне өтіп едім, мұнысы ортасында дөңгелек үстелі бар угәр мүңкіген бөлме екен, үстел үстінде "Епархиальные ведомости", Тусский паломник" жатыр. Қалың кітапты парақтап бүкшиген бір жігіт отыр - бұл кітапхананың тұрақты оқушысы, өте жүдеу гимназист, үстінде тозығы жеткен көне шекпен, жұмарланған бет орамалмен қайта-қайта танауының сорасын сүртіп қояды... Бүкіл қаланы жалғыздығымен таңырқатқан екеумізден басқа мұнда кім келуші еді, оның үстіне екеумізден басқа кітап оқитын да адам табылмас. Гимназистің оқығаны — гимназистке текке керегі жоқ "Шырынды хат". Меңгеруші маған да таңырқап қарай беретін: менің сұрайтыным "Северная пчела" , "Московский вестник", "Полярная звезда", "Северные цветы", Пушкиннің "Современнигі"... Айтпақшы жаңа дүниелерді де алып тұрамын — әлгі "Атақты адамдардың өмірбаяны": маған да бір сүйеуі бола ма деп, өзімді солармен салыстырсам деген қызғаныш та жоқ емес... "Атақты адамдар!" Жер бетінде қаншама атақты ақындар, романистер болған, солардың жер басып жүргені қанша? Бәрі де мәңгілікке қалған баяғы сол есімдер! Гомер, Гораций, Вергилий, Данте, Петрарка... Шекспир, Байрон, Шелли, Гете... Расин, Мольер... Баягы сол "Дон-Кихот", баяғы сол "Манон Леско"... Дәл осы бөлмеде алғаш рет Радищевті оқығаным есімде— керемет разы болдым... "Мен маңайымды шолып адамзаттың азабынан жаным қор болды!"

Кітапханадан кештете шығып қараңғы көшемен тартып келемін. Әр тұстан қоңыраудың баяу үні басталды. Өзімді ойлап, оны ойлап, алыста қалған туған үйді ойлап мұң басып келе жатып шіркеуге кірдім. Мұнда да ешкімге керегі жоқ өмір. Қаңырап тұр, күңгірт, жылтылдаған екі-үш шырақтың сәулесі, екі-үш кемпір мен шал. Шырақ кассасының қасында шіркеу старостасы тұр, меңіреу, көкшулан шашын мұжықша жіберген, көзінің қиығында саудагердің қатыгездігі бар. Күзетші ақсақ шал аяғын сүйретіп келіп бір тұста қыңырайып балауызы тамшылап жатқан шырақты түзетіп, келесі бір жанып біткенін үрлеп өшірді де тұқылын әлсіз қолымен сығымдап алақанындағы балауыздың бұзаушығына қосты — тегі біздің мына пенделік тірлігімізге, соның жұмбақ құпиясына әбден тойып болса керек: шоқындыру, бәсіре салты, неке қию, өлік шығару, толып жатқан мейрам, таусылмайтын ораза, осының бәрі жыл сайын жыл құсындай кезек-кезек келеді де тұрады. Священниктің үстінде шекпен де жоқ, желбегей киімнен тым жүдеу көрінеді екен, оның үстіне от басындағы әйелдердей шашын жай ғана бос қоя берген, жабық тұрған патша қақпасына қарап иіліп тағзым етуде, еңкейген сайын көкірегіндегі спитрахилі салақтап, мынау мұң басқан қайғылы йен қуыста күрсінген қоңыр дауысы күңіреніп шығады: "Жаратқан, менің қу жанымның арашашысы..." Шіркеуден ақырын шығып, мен тағы да көктемнің белгісіндей қыстың жұмсақ ауасын құшырлана жұттым да боз ымыртқа кірдім. Көкшулан басын өтірік те болса жерге дейін тұқырайтқан қайыршы алдыма келіп алақанын жайды, бес тиындық бақыр тастағанымда басын көтеріп еді, ежелгі маскүнемнің мөлиген сулы көзін, томардай танауын көрдім, кертпешінде бадырайған үш құлпынай тұр екен... Ох, бұл да маған бір қуаныш: ұмытпа — үш құлпынай!

Волхов көшесімен төмен құлдадым. Қарауытқан аспанға қарап көк жүзінен көне үйлердің шатырын көргендей болдым, көңілді жұбататын белгісіз бір елес. Адамзаттың көне баспанасы — осыны жазған кім еді? Көше шамдары жана бастады, дүкен терезелері жарқырап, тротуардан қараңдаған жұрттың нобайы көрінді, дүние бояп жібергендей көгілдір тартты, қала іші көңілденіп сала берді... Мен тыңшы секілді кез келген адамның соңына түстім, ту сыртынан аңдып, аяғындағы кебісіне дейін бағып келемін, бірдеме тапсам, бір нәрсе түсінсем, танысам деймін... Жазу керек! Көк жүзіндегі шатырды, кебісті де, тек әлгі "қиянатпен, зорлықпен күресу үшін емес, қаналған, қаңғырғандарды қорғау да емес, солардың шынайы, айқын бейнесін жасаудың да, қоғамның кең тынысты суретін салудың, бүгінгі күннің құбылысын, ағысын жазудың да" түкке қажеті жоқ. Мен тездетіп Орликке қарай түстім. Қасқарайып, кеш түнге айналып барады, көпір жақтауындағы аспа шамдар бұрынғыдан да жарқырай түскен, шам астында екі қолын қолтығына қысып селкілдеген бала тұр, маған күшікше телміріп, күшікше қалшылдап, "құрметті мырзам" деген сөзді ерніне еріні жұқпай дірілдеп зорға айтты, қар үстіндегі барбиған жалаңаш аяғы қып-қызыл, үстінде жыртылған шыт көйлек пен шолақ қоңыр дамбалдан басқа дым жоқ, безеулі ісік беті мен кілегей көздері де мұз болып қатып қалған секілді. Мен сасқанымнан бас салып құшақтап, тұтас теңгелікті ұстата салдым... Адыра қалған ит өмір! Тек солай ма? Мүмкін бұдан да бетер, ит өмірден де жаман шығар? Жуырда дәл осындай жалаңаяққа бес тиын беріп тұрып, өзімнің аңғалдығымнан: "Мұныңыз сұмдық қой, осы да өмір ме?" — дегенімде, әлгі маған жеп қоятындай өшпенділікпен қарап: мұнда тұрған ешқандай сұмдық жоқ!" — деп айқай салғаны. Ал көпірдің арғы бетіндегі дүкен байлықтан майысып тұр, шұжықтың сан түрі мен шошқаның ыстаған сүбесінен дүкеннің әктелген қабырғасы да көрінбейді. " Әлеуметтік қарама-қайшылық" деп ойладым жарқыраған айналы витринаның қасынан өтіп бара жатып... Москва көшесінде арбакештердің шайханасына кіріп, буға толы тар жерде отырып солардың әңгімесін тыңдадым, жирен сақалды қызара бөрткен майлы беттерді көрдім, тозып, тот басып кеткен жайма табақты алдыма алып келген, үстінде екі аққұман тұр, қақпақтарын дымқыл жіппен құлақтарына шандып тастапты... Ел тұрмысын зерттеу ме? Қателесесіз — маған қажеті мынау жайма табақ пен жылбыраған кендір жіп қана!

XII

Кейде вокзалға да баратын едім. Бас қақпаның арғы жағы тас қараңғы, уездің мылқау түні. Мінеки, мен ойша осындай бір уездік қалашықты көз алдыма елестетемін, туғаннан менің бүкіл өмірім осында өткен-міс деп есептеймін. Күртік қар басқан кең көшесін, қар бүркенген жатаған үйлерін, солардың бірінен жылтыраған отты көріп отырғандаймын... Қуанғаннан өзімді өзім қайраймын: мінеки, тек осылай бастау керек — қар, жатаған үйлер, жылтыраған от... тек қана үш сөз, басқасының керегі жоқ. Даладан соққан қысқы жел паровоздың айқайы мен пысылдаған күшеншек үнін қуалап кеп тұр, көңіліңді алып ұшқан көз жетпейтін мынау ұлан-ғайыр жазық, таскөмірдің иісі... Жан-жақтан андыздап крекештер шапқылап келеді, сірә, Мәскеудің поштабайы да жеткен болар. Тап солай -буфет залы халыққа қайнап кеткен, от пен самауырдың, тамақтың иісі аңқиды, алжапқыштары жалпылдап татар-лакейлері шапқыласып жүр, шетінен қамыт аяқ, атжақты қара торы, көздері бадырайған, қарбыз сияқты домалақ бастарын тықырлап қырып тастаған... Ортақ үстелдің басында көпестердің бір топ үйірі, сүрленген қызыл балық пен ащы желкекті бұрап соғып отыр: әйел өңді былшиған сары беттер, жыртиған көздер, түлкі ішік... Мен үшін ең қызықты жер вокзалдың кітап киоскісі, аш қасқырдай соны шыр айналып шықпаймын, Суворин кітаптарының сарғыш мұқабаларына қадалып кеп қараймын. Осының бәрі мені сапар дейтін сағынышқа жетелеп, шіркін, әлдекіммен саяхатқа шығар ма едім деген арман тағат таптырмай табан астында кірешілерге жүгіремін де қалаға, редакцияға тартамын. Осы арпалыстың өзі неге тұрады - жүректің алып ұшқан екпіні! Шанада отырып, сонымен бірге шұқанақтан-шұқанаққа секіріп келе жатып аспанға қараймын, сөйтсем айлы түн екен, ақырын жылжыған қыстың кілегей бұлтының ар жағынан бозарып сұрғылт жүзі қалықтайды. Бәрінен биік, бәрімізге жат! Бұлттар жылжып барады, ай жүзін бірде жауып, бірде ашып, маған бәрібір, сендерде еш шаруам жоқ дегендей. Мен шалқамнан жатып алып желкем ұйығанша айдың жүзін аңдимын, бұлт астынан қашан жүзіп шығар екен, қашан жарқ ете қалар екен деп? Өліктің шөлмектей ақсұр жүзі? Иә, дәл солай! Солай деп әлдекімге айтармын да! Тек ішінен сәуле шашып тұрған балауыз шырақ шам! Кіреберісте абыржыған Авиловамен соқтығысып қала жаздадым: "Аһ, сәтімен келдің-ау! Концертке барамыз!" Үстінде торлы қара көйлек, өте тамаша, денесіне қатты жарасып тұр, білегі, иығы мен омырауы жартылай ашық, шаштаразға барса керек, жұқалап қана опа жағынған, содан болар жанары жайнап тұр. Мен оның тонын кигізіп жатып, жанымда жақын тұрған жалаңаш денені сүйіп ала жаздап өзімді зорға тоқтаттым... Люстралары жарқыраған Дворяндар сарайындағы эстрадада астананың аты шулы атақтылары: асқан сұлу әнші әйел, зор денелі қара торы әнші жігіт, қашанда жұртты қайратымен таңғалдыратын әншілерге тән тұла бойынан бесті айғырдың екпіні теуіп тұр. Лакталған биік өкшелі туфлиі жалтылдап, жұртта жоқ керемет фрак, аппақ көкірек, ақ галстукпен ойқастап, қайсар да өршіл дауыспен шаңырақты жарып жібере жаздады. Ал әнші бикеш одан бірде қашықтап, бірде жабыса кетіп асығыс жауап береді де оның өрекпіген екпінін нәзік сезіммен тоқтатқан болады, назы да бар, мұңы да бар, қуанышы да бар әсем даусымен жұртты да ұйытып тастайды...

XIII

Жиі-жиі елең-алаңда қарғып тұратын әдетім. Сағатқа қарап әлі жеті болмағанын көремін. Көрпеме оранып жылы орныма жата қалғым-ақ келеді: бөлме іші бозарып қалған, әлі де ұйқыдан ояна қоймаған қонақ үйдің әр тұсынан болар-болмас дыбыр ғана шығады -дәліздің түкпірінде бір қызметші киім тазалап жатса керек, түйменің сартылдаған дыбысы естіледі.

Бірақ тағы да бір күнім босқа кете ме деген қорқыныш, дәл бүгін, дәл қазірден бастап үстел басына отырсам деген асығыстық бажылдатып қоңырау басуға мені мәжбүр қылды. Бәрі жат, бәрі жеркенішті — мынау қонақ үйі, анау шөткесін шарқылдатып жатқан нас қызметші, басып қалсаң мұздай суы бетіңе шапшитын мына бір қаңылтыр қолжуғыш! Жұқа көйлекті тесіп кете жаздап, арса-арса болған арық денемді көріп өзімді өзім аяймын, терезе сырында, сырғақ қардың үстінде бүрісіп отырған кептерді де аяймын. Кенет ойымда бір қуаныш жылт етті де, жетер, бүгіннен бастап тай, Батуриноға, өзімнің туған жып-жылы қара шаңырағыма деген шешімге келдім. Бірақ асығыс-үсігіс шай ішіп алған соң қолжуғыш қасындағы көрші бөлменің есігіне тіреп қойған аласа үстелдің үстінен бірнеше кітапты жинап алдым да тағы да өзімнің күнделікті әбігеріме кірістім. Әрі толғатып, бері толғатып, бойымда не бар, ойымда не бар деп көрген-білгенімді талғап, талдаған болдым, әлдебір елестер, әлдебір сезім жылт етіп келіп қайтып, келіп қайтады да жоғалады... соны күте-күте тағы да қорқыныш билейді, тағы да уақытты босқа өлтіріп, қол суып, әбден күдер үзген соң қалаға, бет ауған жаққа, қиын қылғанда редакцияға безе жөнелем бе?! Ойым он, санам сан сақта, қиналып отырып көкейіме бұлдыр-салдыр бір нәрселер оралған болады, әр түрлі елестер, әр түрлі сезімдер... Жұртты қаншама қадағалап, ізіне түскеніммен көбі өзімдікі. Мұнда тұрған не бар, мүмкін өзім туралы повестей бастармын? Бірақ қалай? "Балалық, жастық шақ" деген сияқты ма? Әлде оңай жолын тапсам ба екен? "Мен әне жерде туып, мына жерде өскенмін..." Ой құдай-ай, неткен масқара, шылғи өтірік! Соны өзім де сезіп отырған жоқпын ба. Әрі ұят, әрі қисынсыз, тіпті айтуға да ыңғайсыз. Мен шегі де, шеңбері де жоқ әлем кеңістігінде туғанмын, бір кезде күн системасы деген болыпты-мыс, одан соң күн, одан соң жер жаралыпты... Расында солай ма? Құр әншейін сөзден басқа мен не білемін? Әуелде жер жалындаған газ тәрізді болыпты деседі... Одан миллион жыл өткен соң сұйыққа айналыпты, сұйықтың қатқанына да екі миллион жыл өтсе керек, сөйтіп бір клеткалы тіршілік пайда болыпты: жалбыз, тағы сол сияқтылар... Одан соң омыртқасыздар: құрт-құмырсқа, моллюскілер... Одан кейін амфибиялар... Амфибиядан соң алып омыртқалылар... Одан соң үңгір адамдары дүниеге келіпті де отты ойлап тауыпты... Бұдан кейін қайдағы бір Халдея, Ассирия, пирамида тұрғызып, мумия қатырғаннан басқа түк бітірмеген қайдағы бір Египет шыға келген. Артаксеркс деген әлдекім Геллеспонтқа дүре салдырыпты... Бұдан кейін Перикл мен Аспазия, Фермопил түбіндегі шайқас, Марафон майданы... Айтпақшы, бұған дейін де аңызға бергісіз күндер болған, естуімізше, Авраам қойын айдап жердің жұмбағын іздеп шықса керек... "Шамасына сенген Авраам жаратқанның бұйрығына көніп, өзіне мирас боп қалатын елді іздеп шықты, бірақ қайда барарын өзі де білген жоқ..." Солай, білген жоқ! Тура мына мен секілді! "Қабілетіне сеніп..." Неменеге сеніп? Жаратқанның жанашырлығына ма? "Қайда барарын да білген жоқ..." Жоқ, білген: іздегені бақыт болатын, қуаныш беретін, рақаты мол, махаббат сезіміне бөлейтін өмірді іздеген... Мен де сол қуаныш пен махаббатқа бөлейтін өмірден дәметіп жүрген жоқпын ба...

Үстелмен тіреп қойған есіктің арғы жағында сегіз жасар ұлымен ажары тоза бастаған сұлу да мұңды әйел тұрушы еді, сол жақтан дабырлаған дауыс, қолжуғыштың салдыры, судың сылдыры естілді, шай қайнап қалса керек: "Костенька, тоқаш жесеңші!" деп әйел жалынып жатыр. Мен орнымнан тұрып бөлме ішінде сенделіп жүрмін. Ендігі жетпегені осы Костенька еді... Шешесі оны тамақтандырып түске дейін бір жаққа кетіп қалатын. Қайтып келіп керасинкаға бірдеме пісіріп, тамақтандырған соң тағы да тайып тұрады. Осы қонақ үйінің асыранды баласындай болып кеткен Костенька да бізге тұрған бойы азап: күні ұзаққа бөлмелерді аралап, әркімнің есігінен бір сығалап, егер ішінен әлдекімді таба қалса, соған жағынған болып, жарамсақ сөз айтып мазаны алады, оны тыңдап жатқан да ешкім жоқ, кейбіреулер тіпті: "Бар, бара қойшы, бауырым, тыныштық бер!" — деп қуалайтын болды. Көрші бір бөлмеде тұйғындай лақса кемпір тұратын еді, өте тәкаппар, сірескен бір пенде, өзін жұрттың бәрінен жоғары санап, дәлізде ары өткен, бері өткендердің біріне де көз салмай киіп-жарып жүретін, үнемі дәретханаға кіріп алып шықпай қояды да суды сапсып кеп жатқаны. Сол кемпірдің арқасы тақтайдай, жардай мопс иті болды, семіздіктен мойны тұп-тұтас, шадырайған шағыр көз, ырсиған тұмсығына қараудың өзі жеркенішті, астыңғы жақ сүйегі салбырап, екі азудың ортасынан салбыраған тілі құрбақаның тілінен ауса нағылсын. Сұқтанып қарағаннан басқа қашан көрсең де бас терісі өзгермейтін, бірақ өте ызақор. Мінеки, Костеньканы әлдекім бөлмесінен қуып шыққанын мопс дәлізден көре қалса, қақалып-шашалып, ызадан булығып, біреу қылқындырып жатқандай ырылдап-қырылдап, аяғы арсылға айналады да Костеньканың жан ұшырған айқайы бүкіл қонақ үйді басына көшіреді...

Үстел басына қайта отырамын да бұл өмірдің жалған екенін, соған қарамай, қаншалықты күйкі болғанымен қияметінің де қалың екенін ойға аламын. Енді Костенька туралы, басқалар жөнінде де бірдеме жазсам ба деп оқталып қоямын. Мысалы, осыдан бір аптадай бұрын Никулинаның ауласындағы жапсырмада саркідір тігінші мещанка тұрды, үстел басында әр түрлі шүберектердің қиығынан бірдемелерді пішіп, тігін машинасын зырылдатып кеп жатқаны... Қайшыны матаға салып кіршілдетіп басқан сайын кеберсіген еріндері қайыстай созылып, сан қисайып ырбаңдап кететінін көрсеңіз, немесе самауыр қасында рақаттанып отырып Ннкулинаға көңіл жұбатар бірдеме айтқысы келетіні, оны сөзге айналдырып қойып жұмыстан тозған шырыш қолын ыдыстағы ақ нанға созып, көз қиығын құтыдағы вареньеден алмайтыны өз алдына бір сурет. Ал жуырда ғана Қарашай көшесінде кездескен балдақты ақсақ ше? Ақсақ, бүкір атаулының бәрі де міндетсіп, қитығып жүретін әдеті. Ал мына әйел аса кішіпейіл, қара балдағын қос қолдап ұстап маған қарай шоқаңдап секіріп келеді, секірген сайын екі иығы қопаңдап, қолтығының астынан қысып алған ширатпа тоқашы селтиіп көрініп қала береді, екі көзі менде... тоны баланікіндей қып-қысқа, сәбидің көзіндей мөлдіреген жанарында тұнып тұрған ақыл, кіршіксіз тап-таза, оған қоса өмірдің қайғысы мен бүкіл жұмбағын баяғыда жаттап алған... Кейбір бақытсыз адамдардан ғажап пенде жоқ, олардың бет-жүздерінен, көздерінен бүкіл жан дүниесі көрініп тұрады.

Мен өз өмірімді хатқа түсіруді қалай бастасам екен деп тағы да ойға баттым. Иә, қалай бастасам екен? Әлем жаратылысының бір қас қағымында өмірге келгенімді айтпағанның өзінде ең болмаса Ресей туралы бір әңгімеден бастағаным жөн шығар: оқушыға қай елдің азаматы екенімді, қандай өмірде жарық дүниеге келгенімнен мағлұмат бергенім дұрыс болар. Бірақ ол жайлы мен не білемін? Славяндардың рулық болмысы, славяндардың рулық талас-тартысы... Славяндардың басқадан ерекшелігі — денелі сұңғақ бой, жирен шаш, ержүрек, қонақжай, найзағайды, күнді құдайдай құрмет тұтқан, леши, русалка, су перісін әулиедей сыйлаған, "жалпы табиғаттың құбылысы мен күшіне табынған"... Тағы не қалды? Князьдердің міндет-парызы, Царьград елшілерінің князь Владимирге келуі, еңіреген халықтың көзінше Перуннің Днепрге лақтырылуы... Ярослав Мудрый, оның қанішер ұлдары мен немерелері... Қайдағы бір Всеволод Болшое Гнездо... Бұл бұл ма, мен бүгінгі Ресей туралы да дым білмейді екенмін! Иә, сөз жоқ, тоз-тозы шыққан помещиктер, аш-арық мұжықтар, жергілікті басшылар, жандармдар, полицейлер, село священниктері, жазушылардың айтуынша үйлі-баранды, бала-шағалы күйкі жандар... Ал, бұдан әрмен ше? Орыстың ежелгі қалаларының бірі Орел ше, осының тіршілігінен, осының тұрғындарынан мен не ұқтым? Көшелер, арбакештер, езілген қар, дүкендер, маңдайындағы жазулар, тек қана жазулар... Архиерей, губернатор... алып денелі сылқым, хайуан пристав Рашевский... Сонан соң әлгі Палицын: Орелдың мақтанышы, атақты тіреніштің, ежелден Ресейдің атын әйгілеген жынды бұқалардың бірі: әбден қартайған, тектінің тұқымы, Аксаков пен Лесковтың досы, қабырғалары көне икондармен қапталған, бөренеден соққан орыстың атамзаманғы үйінде тұрады, қолқылдаған сырмалы кең шапан киеді, шашын шөмеледей шошайтып қояды, қысық көз, сөзге шешен, білімдар, жұртқа сенсек өте ақылды... Полицын туралы тағы не білемін? Түк білсем бұйырмасын!

Осы тұста өзіме өзім ыза боламын: мен неге бір нәрсені тәптіштеп, біреудің түп-тұқиянын түк қоймай білуге тиіспін, өз білгенімше, өзімнің түйсігімше неге жаза бермеймін! Азаптан құтылудың бір жолын тапқандай қуанғаным сонша, орнымнан атып тұрып тағы да арлы-берлі сенделіп жүре бастадым... Ойда жоқта Святогор монастыріне көзім түскені, өткен жылы Донец жағасындағы қорғанына жер түбінен шоқындылар жиналғанды, сонда бір түнге қоналқы тауып бере ғой деп тақуа сопының соңынан жүгіргенім бар, ол байғұс басын шайқап, ауланы шыр айнала тырағайлап қашқан еді, аяқ-қолы ербеңдеп, шашы жалпылдап, етегі далпылдап жөнелді дейсің, мен еркек кіндігінен мұндай қыпша белді көрген емеспін, секпіл басқан бетінде баланың пәктігі, көкпеңбек көзінде тек үрей, алтындай ақсары шашының әр талы жібектей желбірейді... Одан соң Днепрде кемемен жүзіп көктемнің алғашқы күндерін көрдім... Одан соң мидай айдалада атқан таңды көрдім... вагонның мұздай тақтайында ояна келсем, таңғы салқында тісім тісіме тимей қалшылдап жатыр екенмін, бозарған тершең терезеден түк көрінбейді, пойыздың қай жерде келе жатқанын да білмейсің, сол белгісіздіктің өзі де ғажап екенін кейін түсіндім... таңғы ширыққан шапшаңдықпен барып терезені аштым да шынтақтап сүйене кеттім: аппақ таң, аппақ тұман, танауға көктемнің, ертеңгілік тұманның иісі келеді, заулаған жылдамдықтан бетіңе дымқыл орамалды сілкіп тұрғандай сезінесің...

XIV

Бір күні тұратын уақытымнан кешігіп, тас боп ұйықтап қалыппын. Оянған соң да тырп етпей жата бердім, қарсыдағы терезеге, терезедегі қысқы күннің ақбоз аспанына қараймын да бойымды бір түрлі бейжай салғырттық билеп, жеңілдеп қалғанын сездім, санам да, көңіл күйім де сайрап тұр, бөлмем де сол қарапайым қалпы. Ұзақ жаттым, мынау қуыс қаншалықты тар болғанымен мен үшін жарап тұр, әрі маған ешбір байланысы да жоқ. Аздан соң тұрдым, жуындым, киіндім, әдет бойынша темір төсегімнің бас жағында ілулі тұрған құдай суретіне шоқындым, бір таңқаларлығы сол сурет күні бүгінге дейін менің түнемелімде тұр: уақыт өткен сайын сарғыш бояуы қарайып, жып-жылмағай боп, күміспен қақталған тақтайы тас болып кеуіп қалған, жиегінде Авраамның періштелері дәм үстінде отыр, тотыққан жүздерінен шығыстың тағылау келген қызыл күрең бейнелері жыртықтан сығалап тұрғандай; сурет анамның ата тегінен қалған мұра еді, менің өмірге аттап басар шағымдағы шешемнің маған берген батасы іспетті, менің күнәдан пәк сәби кезімнің, балалық, жастық шағымның, тіршіліктегі алғашқы аяқ алысымның, бүгінде мүлде өзгеріп, өзіме де жат болып кеткен ертегідей ескіріп бара жатқан өткен күндердің куәсі... Шоқындым да әлгінде ғана төсекте жатып ойыма келген нәрселерді сатып алу үшін дүкенге шықтым. Жол бойы түнде көрген түсімді ойыма түсірдім: Масленница екен, мен тағы да Ростовцевтардың үйінде тұрыппын, әкем екеуміз циркте отырмыз, аренада бір үйір қап-қара ергежейлі жылқы жортып жүр, жезбен қақтаған әп-әдемі қоңыраулы ер-тұрманы бар, қызыл барқыт тізгіндерін ердің алдыңғы қасына тас қылып тартып тастағандықтан бір тұтам жуан мойындары доғаша иіліп, қырқып тастаған жалдарының тұқылы едірейіп, кекілдерінің ортасынан қызыл сұлтан ербейіп тұр... бәрі де бір желістен танбайды, бәрі де бір тізбекті бұзбайды, қоңыраулары сылдырлап, бастары кегжиіп безіп жүр — бәрі де бір-бірінен аумаған, бәрінің де бүйірлері тоқ, сирақтары қып-қысқа, желіп келе жатып бір кезде бәрі де ауыздықтарын шайнап төбеге ұрғандай тоқтай қалысты... фрак киген директор айқайға басып, бишігін қайта-қайта сартылдатып, ақыры тізе бүктірді де жұртқа тағзым еткізді, аяғында музыканың қолпашымен шеңберді шыр айналдырып қуалап жөнелді... Мен дүкенге кіріп қара клеенкамен қапталған қалың дәптер сатып алдым. Қайтып келген соң шай ішіп отырып ойландым: "Осыным да жетер. Енді тек қана кітап оқимын, қиналып жатпай-ақ ара-тұра керегімді жазып қоярмын — әрқилы ойларымды, сезген-білгендерімді, көргендерімді..." Қаламымды сияға батырып, анықтап тұрып: "Алексей Арсеньев. Жазбалары." — деп бадырайтып жазып қойдым.

Содан соң неден бастасам екен деп тағы да ұзақ отырдым, бөлме көк түтін, онша қиналғаным да жоқ, ептеп кеуілімде мұң бар. Ақыры бастадым-ау:

— Редакцияға белгілі толстойшыл Н. деген князь келіп, тулалық аш арықтарға жиған-терген қор мен шығынның есеп-қисабын жарияласаңыздар екен деп өтініш жасады. Онша ірі де емес, толықша келген адам. Аяғында кавказдықтар киетін жұмсақ қонышты былғары етік, қаракел бөрік, қаракөл жағалы пальто — бәрі де қырқыла бастаған ескі, бірақ қымбат та таза, белбеулі сұр кеудешесінің астынан қозы қарыны томпайып тұр, көзінде алтын пенсне. Өзін өте қарапайым ұстады, бірақ маған оның мүләйімсіген жұмсақ жүзі, жылтыраған беті мен суық жанары ұнай қойған жоқ. Мен оны бірден жек көріп қалдым. Әрине, мен толстойшыл емеспін, бірақ жұрттың ойлағанынан мүлдем бөлек жанмын. Мен де өмірдің тамаша, адамдардың бақытты болғанын, махаббат, тек қуаныш болса екен деп тілеймін, осыған кесір келтіргеннің бәріне жаным қас.

— Жуырда Волхов көшесімен өрлеп келе жатып мынадай көрініске тап болдым: күн кешкіріп қалған, сары аяз, батыс көкжиек көтеріліп, сол жақтан жамыраған көк-жасыл сәуле қаланы нұрға бөлеп тұр, көңілді әлдебір сағынышпен толқытқандай; ал тротуарда суықтан көкпеңбек боп кеткен алба-жұлба шарманщик шал қиюы қашқан қырық жылғы шарманкасымен аязды әсем тыныштықтың шырқын бұзуда: флейтаның ысқырығы ма, әйтеуір қырылдаған, ырылдаған романтикалық бір әуен, оның өзі де шетелдің баяғы заманда ескіріп, ұмыт болған, бүгінде сезім тітіренткеннен басқа ләззаты жоқ сүйкімсіз нәрсе...

— Мен қайда барсам да сағыныш пен үрейден құтыла алмайтын болдым. Осыдан екі апта бұрын көргенім күні бүгінге дейін көз алдымнан кетер емес. Ол да осындай бұлыңғыр қараңғы кеш еді. Шағын бір шіркеуге кіре кеткен едім, амвон қасындағы еденнен жылтылдаған от көріп жетіп бардым да төбеге ұрғандай тұрып қалдым : жиегін қағазбен өрнектеген кішкентай табыттың бас жағында балауыз үш шырақ тұр, өлеусіреген жарықпен табыт ішіндегі шекесі торсықтай сәбидің жүзін аластап қойыпты. Егер сәбидің қан-сөлсіз сұп-сұр беті, домбыққан жансыз қабағы, мынау жарық дүниеден мүлдем бейхабар жатқан бейқам қалпы болмаса тірі деп қалғандайсың.

— Екі әңгіме жазып, екеуін де жарияладым, екеуі де жалған, шындыққа жанасымы шамалы: біріншісі мен көрмеген, көргім де келмейтін аштыққа ұшыраған мұжықтар туралы, екіншісі жұтап қалған помещик жайында мыжыма, бұл да саусақтан сорып жазған өтірік, шынымды айтсам, Р. дейтұғын помещиктің есік көзінде өсіп тұрған алып терекке қызығып едім, одан соң сол помещиктің шкафында, сарғыш шынының ішінде шұбар ала қанатын жайып жіберіп, қашан көрсең де еденге қадалып отыратын қырғидың қаңқасынан бірдеме жазбақ болғанмын. Ал кедейлік қасіреті тек поэзияға ғана сиятын тақырып. Қуарған дала, қираған әлдебір қара орман, қаңыраған бақ, аула, қаңғырып қалған жылқы, тазы иттер, кемпір-шалдар, қысқасы, "кешегі мырзалар", бүгінде кең сарайларын жастарға беріп, өздері үй сыртындағы күркеге Каманин отырғандар — осының бәрі уайым, аянышты. Әлгі "жас мырзалардың" кім екенін де айта кеткен жөн: оқу қонбаған арамтамақтар, бүгінде қайыршы, бірақ өздерін таза қанды ақсүйектерміз, тектілердің ең жоғарғы өкілдеріміз деп санайды. Дворян картузы, қисық жағалы көйлек, кеңбалақ шалбар, етік... Жиналып алып арақ ішеді, темекі тартады, мақтаншақ. Арақты шампан бокалдарымен қылғытып, қарқылдап күліп отырып мылтықты құр дәрімен оқтайды да май шамды көздеп тұрып атып өшіреді. П. дейтін сол "жас мырзалардың" бірі тозып кеткен усадьбасын тастап су диірменіне біржола көшіп алыпты, қасында пұшық танау ашынасы бар көрінеді. Екеуі сабан төсеген нарда ұйықтайды екен, болмаса бақ, ішіндегі алма ағашының түбіне құлай салады деседі. Аспандағы ақ бұлттарды ағаш бұтағына іліп қойған айна сынығынан көреді. Еріккенде диірмен қасындағы тоғанда жүзген мұжықтың үйректеріне тас лақтырып, солардың барқылдап, далпылдап қашқандарын қызықтап мәз болысады дейді.

— Біздің бұрынғы аула күзетшісі Герасим деген соқыр шал жолын таяқпен түрткілеп, аспанға қарап кейкиіп жүретін еді. Жалғыз өзі деревня шетіндегі шошалада тұратын, тірі жан дегенде торда отыратын бір бөденесі бар, төбесіндегі тал тоқыманы ұрғылай-ұрғылай жүні түсіп, қызылшақа таз болып қалған. Жаз шықса болды, көзі көрмесе де бөдене ұстау үшін даланың жылы желіне бетін төсеп кезіп кетеді, құстардың әніне құлақ түріп рақаттанып қалатын. Сол айтушы еді, дүниеде бөдененің торға түскен сәтіндегі қанатымен жер сабалағанын естіп тұрып жүрегіңнің дүрсілін тыңдағанға жетер рақат жоқ деп. Мінеки, ешкімге міндеті жоқ нағыз ақын деп осыны айт!

XV

Таңғы асқа бола редакцияға барғым келмеді. Мәскеу көшесіндегі трактирге кіре салғанмын. Тұздаған балықпен екі-үш рюмке арақ іштім; балықтың басы қылжиып тарелкада жатыр, соған қарап отырып: "мұны да жазып қой, балықтың басы маржандай құлпырады екен" дедім. Одан соң табаға қайнатқан селянка іштім. Халық көп еді, құймақ пен қуырған балықтың иісі түтіндеп, онсыз да аласа залдың тынысын тарылтып тұр, еден жуушылар ақ халат киіп алып жортақтап жүр, бірде бүгіліп, бірде шалқайып билеп жүрген секілді, қоқайманың арғы жағында кейкиіп тұрып алған трактир қожасы орыстың өтірік паңдығын танытып әрқайсысының сыртынан қадағалап, ежелден қанына сіңген қаталдықтың қарақшысындай шіренеді-ай келіп; мещандар отырған үстелдердің арасын сағалап қара киімді монашкалар жүр, түрлеріне қарасаң ұзақ секілді, аяқтарында тықырсыз башпақ, әркімге бір иіліп, қолдарындағы күміс крест жапсырған былғары тысты қара кітапшаларын созады, мещандар кіржиіп, әмияндарынан кірлеп кеткен керексіз деген тиындарын ұсынып жатыр... Осының бәрі менің түсімнің жалғасындай көрінді, арақтан ептеп қызған соң балалық шағымды есіме алып, жанарымның ыси бастағанын сездім... Үйге келген бетте жата қалып едім, тарс ұйықтап кетіппін. Ымыртта бірақ ояндым, бір нәрсеге өкінгендей бойым зіл, таранып тұрып айнаға қарап едім, артистер сияқты шашымның тым ұзарып кеткенін байқадым да шаштаразға бардым. Мен келгенде ақ балахонның астында жалтырбас, құлағы қалқиған қортиған біреу отыр еді, аумаған жарқанат, шаш қиюшы оның бет-ауызын ернімен қоса ақ көбікпен сабындап тастапты. Енді соны ұстарамен сыпырып алды да тағы да сабындап, бұл жолы иегінің астынан жоғары қарай сүйкектете жөнелген, жарқанат бүкшиіп орнынан зорға тұрды да ақ жамылғыны қоса көтере кетті, еңкейгенде қып-қызыл боп бөртіп, бір қолымен жамылғыны ұстап, сыңар қолымен жуына бастады.

— Сеуіп жіберейін бе? — деді шаштараз.

— Мейлі, — деді жарқанат.

— Шаштараз пульверизаторын пысылдатып, жарқанаттың дымқыл бетін орамалмен желпіген болды.

— Мархабат, — деп жамылғыны сыпырып тастады. Жарқанат орнынан тұрғанда тіпті масқара екен: құлағы тебінгідей қаңылтыр қазанбас, беті жап-жалпақ әрі жүдеу, қырынғаннан кейін сәбидің көзіндей жанары жылтырап кетіпті, езуі қап-қара, бойы быртиған, жауырыны қақпақтай, кеудесі өрмекші секілді бір уыс, шидиген қомытаяқ. Шаштаразға шайлық берді де жап-жаңа пальтосы мен кателогін киіп, сигарасын тұтатып алып шығып кетті. Ол кеткен соң шаштараз маған бұрылып:

— Мұның кім екенін білесіз бе? — деді. — Осындағы ең бай көпес Ермаков. Сондағы маған берген шайлығын көрдіңіз бе? Мінеки. — Ол алақанын жазды да күле сөйлеп. — Тұп-тура екі тиын! — деді.

— Үйреншікті әдетім бойынша көше қыдыруға шықтым. Алғашқы кездескен шіркеуге кірдім, жалғыздықтан шіркеушіл болып алғанмын. Күні ұзаққа өшпейтін шырақтан жып-жылы әрі мерекедегідей жап-жарық екен, жиегіне шырақ қадаған жайпақ үстелдің үстінде жасанды лағыл таспен аптаған жез крест жатыр, айналдыра қоршап алған қызметшілер: "Жаратқан, сенің кресіңе бас иеміз..." деп күңірене дауыс қылып тұр. Есік алдындағы қара-көлеңкеде, жегіндінің жуан керігіндей солаңдаған шұға шапанды дәу шал гүжілдеп үн қосқан болады. Балауыз шырақтың қарсы алдында көпке жағаласып дуана да тұр. Құр сүйектен басқа қырып алар қызылы жоқ, әйелдер секілді самайынан салбыратып қоя берген ұзын шашынан күнқақты қоңырқай беті де көрінбейді; сол қолында заманнан бері сүйрете-сүйрете жып-жылтыр боп кеткен ұзын таяқ, арқасында былғары қара мөшек, маңайына назар салмастан өзімен-өзі. Осының бәрін көрген соң тағы да менің көзіме жас үйірілді — Отанға, Ресейге деген, соның қараңғылықтан құтыла алмаған көнелігіне деген көңілімнің қыжылын қозғаған ащы сезімнен болса керек. Жауырынымнан әлдекім ақырын түртіп қалды. Бұрылып қарасам, басында көлдей шәлі, жалғыз қасқа тістен басқа аузында бұдыр жоқ имиген кемпір екен: "Батюшка, шырақ!" — деді, мен оның тырнағына дейін көгеріп кеткен сұп-суық арық қолынан шырақты алдым да аттап барып қарсыдағы шырағданға қолым қалтырап, икемсіздігімнен ұялсам да әйтеуір зорға қадап қайттым, дәл осы сәтте тағы да: "кету керек!" — деп ойладым. Содан соң тағзым еттім де кейін шегініп, шіркеудің жып-жылы жарық сәулесін артымда қалдырып қаракөлеңкеге беттедім. Табалдырықтан өте бере мені сүйкімсіз қараңғылық пен әлдеқайда, көк жүзінде гүрілдеген суық жел қарсы алды... "Кеттім!" — дедім өзіме өзім бөркімді киіп жатып, Смоленскіге тартпақ болдым.

Неге Смоленск? Брянскіде, "Брянскінің" орманын, "Брянскінің" қарақшыларын көрсем деп көксеп едім ғой... Бір бұрышта қабаққа келіп кірдім. Үстел басында әлдебір сұмпайы жас жігіт өтірік мас болғансып, өзінің қарғыс атқан тағдырын орыстың былапыт әуеніне басып: "Қателесіп, қағынып, каторгеге айдалдым" деп дарылдап отыр екен. Оның қарсысындағы үстелде сирек мұртты біреу басын кегжитіп оған оқты көзін ата қарайды, сорайған ұзын мойнына, жұқа терінің астынан ырсиған ағаш кеңірдегіне қарағанда ұры болса керек. Қоқаймаға сүйеніп сырықтай мас қатын сенделіп тұр, сүмпиген жұқа көйлегі тәніне жабысып қалыпты, тегі кір жуушы шығарсың деп ойладым: әлдекімнің оңбағандығын дәлелдеймін деп судан ақжемтір болып жылтырап кеткен саусақтарымен тақтайды тарсылдатып әлек, алдында қырлы стақан толы арақ тұр, анда-санда қолына алады да ішпестен қайта қояды, тағы да қақсай жөнеліп, тағы да саусағымен тақтайды тарсылдатады. Мен сыра ішейін деп едім, бірақ қабақтың борсыған иісі тым сасық екен, шамы да сығырайып өлеусіреп тұр, мұз құрсаған кішкентай терезелерінің кәсегіне салған шүберектен тамшы сорғалайды...

Қырсыққанда Авилованың асханасында да қонақтар отыр екен. "А-а, біздің сүйікті ақынымыз келді, — деді ол, — сіздер таныссыздар ма?" Мен онымен амандасып, қонақтарға бас изей салдым. Авилованың қасында бетін әжім басқан кәртәміш мырза отыр, мұртының етегін қырқып қоңырмен бояп тастапты, самайында да қоңыр бояу, ақ жібек жейде, етегі делдиген қара сүртік; орнынан атып тұрып, жасына қарамастан асқан инабатпен сәлемдесті; сүртігінің өңірі мен көптен армандап жүрген қара таспамен көктелген екен, қатты қызыққаным. Үстелдің қақ басында ауыз жаппай сөйлейтін бір әйел отыр еді, қан тепкен семіз қолында қолғап тігісінің ізі қалыпты, сонысын итбалықтың қанатындай былш еткізіп алақаныма тастай салғаны. Асығып, тез сөйлейтін адам екен: мойын мүлдем жоқ, ересен жуан, әсіресе ту сыртынан қарағанда қолтығы қаптай, кәрсетпен тартып тастаған мықыны дөп-дөңгелек; иығында түлкі терісі жатыр, әтір араласқан жүн көйлектің қызуынан терлеп-тепшіп быршып отыр.

Сағат он шамасында қонақтар қоштасып, мәймөңкелесіп зорға кетісті.

— Оһ, құтылдық па, әйтеуір! — деп Авилова күлді. — Жүр, маған кіріп отыралық. Мына бөлмені желдетпесе болмас... Оу, қымбаттым, бүгін саған не болған? — деді аса бір жылы шыраймен маған екі қолын бірдей созып. Мен оның қолын қыстым да:

— Ертең кетемін, — дедім.

— Қайда?

— Смоленскіге.

— Неге?

— Мынау тірліктен зерігіп барамын.

— Ал Смоленскіде не бар?.. Кел, отыралықшы. Мен түкке түсінбей турмын...

Біз ала матамен тысталған диванға барып отырдық.

— Мына матаны көрдіңіз бе? — дедім мен. — Вагонды еске салмай ма.

Мен осыған да бейжай қарай алмаймын, сапарға шақырады да тұрады.

Ол аяғын менің алдыма созып ыңғайланып отырды.

— Бірақ неге Смоленск? — деді ол маған тесілген қалпы таңғалған пішінде.

— Одан ары Витевск... Полоцк...

— Неменеге?

— Білмеймін. Ең алдымен маған Смоленск, Витевск, Полоцк деген сөздер қатты ұнайды.

— Жоқ, қалжыңды қой.

— Қалжыңы жоқ. Сіз кейбір сөздердің құлаққа жағымды екенін білетін шығарсыз? Баяғыда Смоленск ылғи да өртене беретін, ылғи да жау қоршауында жататын... Туған мекенімдей тартады да тұрады, үлкен бір өрттің кезінде біздің тұқымның көне грамотасы жанып кеткен екен, соның кесірінен бай мұраның құқынан, тектіліктің ерекше пұрсатынан айырылып қалдық...

— Кеткеннен келердің жеңілдігі жоқ! Сағынып жүрсіз бе? Хат жазған жоқ па?

— Жоқ. Әңгіме онда емес. Мынау қаланың тірлігіне отығар емеспін.

"Әр бұғының су ішер суаты бар". Жазу-сызуымның да берекесі болмай тұр. Ертеңді-кеш жынды адамдай отырамын да қоямын, басымда шым-шытырық ойдан басқа дым жоқ. Сонда бұл нағылған өмір? Біздің Батуринода ләпкешінің бір қызы бар, байға тиюден әбден күдер үзген соң бүкіл дүниеге кекті көзбен қарайды да отырады. Мен де сол секілдімін.

— Бала екенсің ғой! — деп ол мені еркелеткендей басымнан сипады.

— Тез жетілетін тек мақұлық қана, — деп жауап бердім. — Қазір кім бала емес дейсіз? Бірде Орелға келе жатқанымда қасымда Елецкінің округтік сотының мүшесі отырды, құрметті, салиқалы адам, тура қарғаның королі секілді... "Новое времяны" оқып ұзақ отырды, содан бір уақытта шығып кетіп еді, зым-зия жоғалды. Мен әлде неден күдіктеніп тамбурдың есігін аштым. Доңғалақтардьщ тарсыл-күрсілінен ол мені көрген жоқ, естіген де жоқ, сол тарсыл-күрсілге қосылып сатырлатып билеп жүр екен.

— Авилова басын көтеріп, маған қарады да ақырын ғана сыбырлап:

— Қаласаң Мәскеуге баралық, — деді.

Ішім бір түрлі қалтырап қоя берді... Қызарып кетсем керек, бірдеме деп міңгірлеп бастартқан болдым... Қимас бір нәрсемді жоғалтқанымды ұмыта алмай күні бүгінге дейін есіме аламын...

XVI

Келесі түнді үшінші класты вагонның қу тақтай купесінде өткіздім.

Жалғыз өзім, ептеп қорқайын да дедім. Өлеусіреген шам жарығы қалтырап қабырғада қаңғырып жүр. Тас қараңғы терезенің алдында тұрмын, әлдебір жыртықтан самал ысқырады, жарықты қолыммен көлегейлеп тыстағы тұңғиық түнге, қарауытқан орман нобайына тесілемін. Паровоздан бүріккен ұшқын мың сан шіркей боп жамырап келеді, ілгеріден шыңылтыр ауамен қосыла түтін иісі ұрып тұр... Сол бір орманды түннің ғажайып көрінісі керемет еді. Жол бойын қуалай таусылып бермейтін орман жиегі, ит тұмсығы өтпейтін қалың самырсын жарысады да отырады. Терезеден түскен төртбұрышты сәуле аппақ қасат қардың бетін жалап, ара-тұра телеграф бағандары селтең етіп өте шығады да енді бір сәтте бәрі де жұмбақ түннің тұңғиығына жұтылып кете барады.

Ертеңгісін аяқ астынан сергіп тұрдым: жап-жарық тыныштық, үлкен вокзал, пойыз Смоленскіде тұр екен. Мен вагоннан атып шығып таза ауаны мешкейлене жұттым. Вокзалға кіреберісте жұрт жиналып қалыпты, не болды екен деп жетіп барсам аңшылар атып әкелген қабан боп шықты, керемет дәу, дүңкиіп аяздан қатып қалыпты, тікенек секілді тікірейген қылшық түгіне қар сеуіп тастапты, шошқа көзі сығырайып, айқасқан азу тістері ырсиып жатыр. "Қалсам ба екен? — деп ойладым. — Жоқ, тарттым Витевскіге!"

Витевскіге кештетіп келдім. Күн әлі жарық, аязды еді. Қайда қарасаң да үйіліп жатқан қар, мылқау тыныштық, жан баспағандай тап-таза, көне де болса маған орыс қаласына ұқсамайтын сияқты көрінді: үйлері тым биік, шатырлары тік, терезелері кішкене, астыңғы қабаттың қақпалары терең де төбесі шеңберлі. Анда-санда егде тартқан еврейлер кездесіп қалады, үстерінде ұзын етекті сүртік, аяқтарында ақ шұлық пен башпақ, қошқардың мүйізі секілді іші қуыс иір-қобыз пейс, мөлиген кіл қара көз. Бас көшеде мереке — тротуар тола өңшең бір семіз қыздар, провинция еврейлерінің мереке десе үстерінен түспейтін қызылды-жасылды барқыт шапан. Бұлардың соңынан жас жігіттер бөлек келе жатыр, бастарында қалпақ, опа-далап жағынған қыздардай бет-жүздерін майлап алыпты, көздерінде киіктің жанарындай мөлдірлік бар. Мен есім шығып осы көпке ілесіп келемін, мынау көне қала бұрын мен көрмеген таңсық жаңалық еді.

Мен әлдебір алаңға жеткенімде қасқарайып қалған, қақ төрінде қос мұнаралы сары костел (католиктердің шіркеуі) тұр екен. Ішіне кірсем қаракөлеңке, қатар-қатар скамейке, алдыңғы жақтағы жайдақ үстелде жарты шеңбер шырақ жылтырайды. Кенет жоғарғы жақтан орган күңіреніп қоя берді, әуелде ақырын, мұңды басталып еді, бірте-бірте үдеп, жер астынан тұншығып шыққандай дірілдеп, шиқылдап барып аяғы аспандап ұлы әуенге айналып кетті... Алдыңғы жақтағы шырақтардың ортасынан маңқылдаған латын сөздері бірде күбірлеп, бірде таңқылдап шығады. Қос қапталдан жарысқан тас діңгектердің биігі төбедегі ымыртқа сіңіп, сол жақтан елес секілді сауыт киген темір сарбаздардың нобайы қарауытады. Альтарьдің төбесінде, сонау биікте түрлі түсті үлкен терезе күңгірт тартып өлеусіреп барады...

XVII

Сол түні-ақ Петербургке тайып тұрдым. Костелден шығысымен кері жүріп вокзалға, Полоцкіге баратын пойызға келдім: ойым, сонда барып ескі бір мүсәпірханаға орналасып, біраз уақыт жападан-жалғыз жатсам деймін. Пойыз Полоцкіге тым кеш шығады екен. Вокзалда жан жоқ әрі тас қараңғы. Буфет түбінде жалғыз шам қалғып тұр, қабырғадағы тарсылдаған сағат тілі асықтырып уақытты жеп бара жатқан секілді. Мен болсам таскерең тыныштықта сол уақытты тауыса алмай отырмын. Әйтеуір әлден уақытта самауырдың иісі шығып, вокзал іші жарық тартқанда, не істегенімді өзім де білмеймін, жүгіріп барып Петербургке билет алдым.

Витебскіде, Полоцкіге баратын пойызды күтемін деп зерігіп отырғанымда өзімнің жұртқа жұғымым жоқ жалғыз екенімді сезіндім, көргенімнің бәрі бөтен, осылардың ортасында нағып жүрмін деп ойладым. Түн ортасы, тым-тырс буфет, қоқайманың үстінде жалғыз шам қалғып тұр, заңғардай биік алакеуім зал, соның қақ ортасында керімсалға да, кедейге де ортақ үлкен үстел, самауырдың иісі шығуы мұң екен, буфеттің арғы жағынан бүкірейген ұйқылы-ояу шал өз етегін өзі таптап сүйретіліп шықты да іргеге жиған үстелдердің біріне созылып шығып, қалтыраған кәрі қолымен қабырғадағы дөңгелек шардың ішіндегі шамды жақты... бұдан соң еңгезердей жандарым шпорын қасақана шақылдатып платформаға кесіп өтті, өкшесін қаққан ұзын шинелінің артқы жырығы бесті айғырдың құйрығындай бұлғақтайды екен. Осының бәрі маған неме керек? Не үшін? Жандарм есікті ашып-жапқандағы лақ еткен түнгі таза ауаның бір жұтым рақаты неге тұрады! Дәл осы сәтте шырт ұйқыдан оянғандай селт еттім де аяқ-астынан Петербургке кету керек деген шешімге келдім.

Қыстың көзі қырауда Полоцкідс жаңбыр жауып тұр екен, жер батпақ, көше лайсаң. Мен пойыз бен пойыздың арасындағы әредікте кірдім де шықтым, соныма өзім де разы болдым. Бұдан арғысын былай деп жазып қойыппын: "Уақыт таусылып бермеді. Таусылып бермейтін қарлы дала, қалың орман. Терезе сыртында бұлыңғыр аспан, бозарған қарлы жазық. Пойыз бірде меңіреу жынысқа сүңгіп кетіп, енді бірде мүлгіген жазыққа сопаң етіп шыға келеді, орман төбесінде, сонау аласа көкжиектің етегінде қорғасындай сұрғылт әлдене қарауытады. Бекеттердің бәрі де ағаштан салынған... Терістік. Нағыз терістік!"

Петербург қиыр терістің өзі екен. Арбакеш алақұйын бұрқасында оқтай түзу көшедегі біркелкі үйлердің арасымен Николаевск вокзалына қарай Лиговкаға салып-ұрып келеді. Сағат әлі үш еді, зәулім вокзалдың қақ маңдайындағы дөңгелек сағат алақұйын арасынан жалт-жұлт етеді. Мен содан екі-ақ қадам жерде тұрмын, Лиговканың іргесінде канал жатыр. Бүл өзі әбден былыққан жер екен — отын қоймасы, арбакештердің қоналқысы, шайхана, трактирлер, басқасы да толып жатыр. Арбакештің ақылымен тоқтаған номерде шешінбестен ұзак отырдым, алтыншы қабаттың биігінен уәйім басқан бұлыңғыр терезеге, кешкі былғаныш қарлы аспанға қарап отырып қалғимын, жол соғып шаршап та қалған секілдімін... Петербург! Ұмытылмастай есімде қалыпты: айналам түнерген алып ғимараттар. Номерге от жағылмаған, борсып кеткен шоқпыттың күлімсі иісінен денең түршігеді, арзанның аты арзан, қызғылтым бір бояумен сырлаған тахтадан да жағымсыз бір иіс қолқаны алып барады. Атып шықтым да тік баспалдақпен төменге жүгіріп түстім. Тыста көзге түртсең көргісіз бұрқасын өкпемді қауып алды, көлденең қылт еткен бір көлікті ұстап алдым да жат жұрттың шетін бассам деген оймен Финляндия вокзалы қайдасың деп тайып тұрдым. Содан мас болғанша ішіппін, аяқ-астынан:

— Бүрсігүні келемін, — деп жеделхат бердім.

—  Ұшы-қиырсыз көне Мәскеу мені қарақұрым халқымен, жадыраған ашық күнімен қарсы алды; күртік қар еріп, көше бойы сарық су, ойлы-шұңқыр толған көлшік, ары-бері сабылған жұрт, қоңыраулы ат-арба жыртылып айырылады, тағы бір таңғалғаным, ауыр жүк артқан күш керіктер жын атады, көң қоқысты тар көшелер, солардың ортасында сурет тәрізді Кремлдің қорғаны, палаталар, сарай ғимараттары, күмбезі жалтыраған ығы-жығы соборлар. Василий Блаженныйды көріп ғажап қалдым, Кремль соборларын араладым, Охотный Рядтағы атақты Егоров трактирінде түстеніп шықтым. Тамаша екен: төменде сауда жасап жүрген дабыр-дұбыр қарапайым халық, есесіне жоғарыдағы екі зал тап-таза, тып-тыныш, текті адамдар, тіпті темекі тартуға да рұқсат жоқ екен, аула жақтағы шағын терезелерден түскен күн сәулесі ерекше шуақ шашып тұр, тор ішіндегі шымшықтардың шырылы да құлаққа сондай жағымды; бір бұрышта ақсұр шырақ жалындайды, бір қабырғаның жоғарғы бетін тұтас алып жатқан қара қоңыр сурет: етегі жоғары қайқайған шатырлы үй, ұзын сәкіде шай ішіп отырған тым ерепейсіз қытайлардың үстінде алтынды шекпен, қоңырқай жүздеріне жасыл қалпақ жарасып та тұрған жоқ, арзан шамның төбесіне кигізген шыт кепеш секілді... Сол күннің кешінде мен Мәскеуден жүріп кеттім...

Біздің қалада жұрт арбамен жүр екен, бекет басында азовтың құтырық желі лепіріп тұр. Жеңіл киініп ол мені платформада күтіп тұр еді. Жазғы қалпағын жел көтеріп тура қарауға мүмкіндік бермеді. Мен оны сонадайдан-ақ таныдым — ол желден бетін көлегейлеп мені өтіп жатқан вагондардан көзімен іздеуде. Ажырасып қалып, қайта табысқанда жақын жандардың бір-бірін сағынышпен, жанашырлық сезіммен қарсы алатын әдеті. Жүдең тартыпты, киімі де жұпыны. Мен вагоннан секіріп түскенде бетіндегі торлы пердесін серпіп тастамақ болып еді, үлгермегендіктен ыңғайсызданып тор ішінен сүйген болды, жүзі қан-сөлсіз сұп-сұр екен.

Жол бойы бетін желден көлегейлеп тұқырайып отырды да қойды, тек екі-үш рет:

— Сен мені не тағдырға душар қылдың? — деп күрсінгені болмаса артық сөзге барған жоқ, содан кенет. — Сен Дворян қонақ үйіне тоқтайсың ба, мен де сонда барамын, — деді қатқыл үнмен.

Номер екінші қабатта, кіреберісті үлкен бөлме екен, кірген бойда ол кілемнің қақ ортасына менің чемоданымды қойып жатқан қызметшінің ізін бағып диван үстінде тапжылмай отырды да қойды. Тағы не бұйырасыздар деген жүкшінің сұрағына жұлып алғандай:

— Ештеңе қажет емес, барыңыз! — деп мен үшін жауап берді, содан соң қалпағын шешіп жатып, — неге сен үндемейсің, маған айтарың жоқ па? — деп бір қойды, немкетті қып айтса да еріні дірілдеп отыр екен.

Мен жүрелеп оның аяғын құштым да юбкасының сыртынан жылап отырып тізесінен сүйдім. Ол менің басымды көтергенде тағы да оның көптен таныс, сағыныш болған ернінің тәттілігін сезіндім, қос жүректің дүрсілін естідім. Мен атып тұрып есіктің кілтін бұрап жаптым да қолым қалтырап терезенің ақ бөртпе шымылдығын түсірдім, терезе сыртында ұйтқыған жел әлі көктей қоймаған ағаштардың жалаңаш бұтақтарының ұйқы-тұйқысын шығарып тұр екен, бұтаққа жармасқан әлдебір ұзақ мас немедей теңселіп ойбайын салып шырылдап жатты...

— Әкемнің бар тілегі — тым болмаса жарты жыл некелеспей шыдай тұрыңдар деп жалынды, — деді ол ентігін басып, сұлық қалған сәтте сыбырлап қана. — Бәрібір, менің қалған өмірім тек сенімен ғана, енді не істесең де мен соған көндім.

Айна алдында жанып бітпеген шырақ өлеусірейді, ақшағырмақ терезе шымылдығы дірілсіз мүлгіп тұр, әктелген төбеде әлдебір ою-өрнек жыбырлап қалқып жүр...

ХVІІІ

Біз малорустің бір қаласына аттандық. Онда Георгий Харьковтан барып земск статистикасын басқарып отырған, сонда қызметке орналаспақпыз. Пасханы Батуринода өткіздік. Шешем мен қарындасымның ол дегенде жаны жоқ, әкем де оны жақсы көріп, күнде ертесімен "сен" деп сөйлесіп, қолын өзі ұсынатын болды, тек Николай ғана ұстамды, әдеппен ғана сыйлап жүрді. Бұл болса момақан, іштей қуанышын білдірген жоқ, қуанышы — жаңа ошақ басының бір мүшесі екендігі, жаңа үй, жаңа мекен, менің балалығым өткен бөлмем де оған керемет жылы сияқты көрінді, кітаптарымды ақтарып, бұған да қатты разы болды... Содан бір күні аттанып кеттік.

Орелға дейін бір түнді өлтірдік. Ертеңінде Харьков пойызына отырдық.

Вагон дәлізінде тұрмыз, аспан ашық, терезеден түскен күн сәулесі қуырып барады.

— Қызық-ау, Орел мен Липецкіден басқа бір жерге аяқ баспаппын-ау! — деді ол. — Қазір Курск ме? Бүл мен үшін түстік қой.

— Иә, мен үшін де.

— Курскіде оразамызды ашатын шығармыз? Білесің бе, мен өмірі вокзалда тамақтанып көрген емеспін.

Курскіден алыстаған сайын күн жылына түсті, көңілді. Темір жол жазыққа түскенде жер көгеріп сала берді, жайқалған гүл, ақ қанат көбелектер, көбелек келген соң жаз шықты дей бер.

— Жаз қапырық болатын шығар, — деп ол жымиып қояды.

— Қала бауға малынып тұр деп жазады ағам.

— Иә, Малороссия ғой. Үш ұйықтасам ойыма кірмеп еді... Қарашы, көрдің бе, неткен алып теректер! Көкпеңбек! Осыншама көп диірмен неге керек?

Диірмен емес, жел қапалақтары ғой. Қазір ақ таулар көрінеді. Оның ар жағында Белгород.

Сені енді ғана түсіндім, мынадай бәйшешек теңізі тұрғанда мен де терістікті жерсінбес едім.

Мен терезені түсірдім. Жып-жылы самал желпіп тұр, паровоз түтінінен таскөмірдің иісі шалқиды. Ол көзін жұмып еді, теңбіл-теңбіл күн сәулесі оның бетін аймалап, маңдайындағы ұлпадай жібек шашында, қарапайым шыт көйлегінде әсем бір сағым ойнап құлпыртып жіберді.

Белгород түбіндегі кең алқап гүлге оранған бау-бақшаға іркілдеп тұр, арасында әктелген аппақ үйлер. Вокзал басында торсиған дөңгелек тоқаштарын тықпалаған хохлушкалардың көңілді даусы, Лика солармен саудаласып, сатып алып, менің де шаруаға икемім бар дегендей, аздап болса да малорус сөздерін жатқа білгенінс мәз.

Кешкілік Харьковте тағы да жол ауыстырдық. Таң ата барар жерімізге де жетіп қалдық.

Ұйықтап жатыр. Вагон шырақтары өшуге айналған, даладан елі түн қаша қоймаған, алакеуім, бірақ сонау шығыс түкпірден келер таңның көгілдір сызаты сібірлеп келеді. Бұл өңір біздің жаққа мүлдем ұқсамайды — шексіз жалаңаш құлан түз, тастан қалап құйған сұрғылт қорғандар. Ұйқылы бекет жылт етіп өте шықты, маңайында не тал, не бұта жоқ, таңғы шапақта тас қабырғалар көкшіл боп көрінеді. Міне, вагон ішін де ертеңгі алакеуім түрткілей бастады. Төменде қара көлеңке, жоғарыда ақшыл кіреуке. Ол басын жастыққа тығып, аяғын бауырына жинап алған. Мен анам сыйлаған ескі шәлімен ақырын ғана қымтап қойдым.

XIX

Бекет қаладан тым алыста, кең алқаптың дін ортасында еді. Шағын ғана, әп-әдемі вокзал Лакейлері жампоз, жүкшілері жорға, пар ат жеккен тарантастардың арбакештері де лыпып тұр. Қала көк жасыл бақтың ортасында отыр, тау етегіндегі жар басында гетман соборы, осы тұстан түстігің де, шығысың да аңырап жатыр. Шығысындағы жазықта төбесіне көне монастырьді қондырып алып тік шоқы шошаяды, одан әрі йен жатқан көкжасыл алқап, аяғы қыратты қу дала. Түстігіндегі өзеннің арғы беті шалғынды өзек, күннің қызуы да, қызығы да осында секілді.

Қала көшелерін терек пен қалың бақ тарылтып тастаған, жиегінде "жаяу жұртқа" арналған тақтай тротуар, көкірегі қаптай, белін матамен буып тастап үлкен құмырамен су көтерген тәкаппар қыздар жол бермей қағып өтеді. Ғасырлар жасаған зәулім теректср бізді таңқалдырды; мамыр айында найзағай жиі, нөсер де көп, соған да былқ етпестен етектей-етектей қалың жапырақтары хош иіс атып бұрқырап-ақ тұр. Көктем бұл өңірде қашанда есте қаларлықтай көңілді, жазы қапырық, күзі ашық та ұзақ, қысы жұмсақ, желі ылғалды келеді, шаналы кірешілер ылғи да сыңғырлатып қоңырау үнімен жүреді.

Біз тоқтаған үйдің иесі Кованько дейтін шашын дөңгелетіп қырыққан ақбас шалдың мекен-тұрағы тұтас бір шаруашылық десе де болады: қора-қопсы, флигель, үй, үй сыртындағы бау-бақша. Өзі флигельде тұрды да алдында үлкен шынылы галерея, артында көлеңкелі салқын бағы бар, әкпен ақталған үйін бізге берді. Бір жерде қызмет істейтін, жұмыстан келісімен мықтап тамақтанады да демалған соң трубкасын тартады, терезесін ашып тастап, жартылай жалаңаш: "Ой, на горі та женці жнуть..." — деп ыңылдап ән салып отыратын.

Үй онша биік те емес, қарапайым, кіреберісте қатарды бұзбай түрлі-түсті таспа темірмен апталған көне бір кебеже тұратын. Бізге қызмет еткен жап-жас қазақ қызының көркінде ноғайға тән әдемілік бар еді.

Ағам бұрынғыдан да жомарт, мейірімді болды. Менің үмітім босқа кетпепті — екеуінің арасында достық, туысқандық қарым-қатынас орнады; кейде мен екеуінің бірімен кетісе қалсам олар бір жақ болып шыға келеді.

Қызмет бабындағы ортамыз ( дәрігерлер, адвокаттар, шенеуніктер) ағамның Харьковтегі таныстарына ұқсас, мен олармен оңай араласып кеттім, бұрынғылардан Харьковтан осында ауысқан Леонтович пен Вагинді көріп қуанып қалдым... Харьковтағы топтан бұлардың айырмашылығы — шетінен салиқалы, сабырлы жандар, қала тіршілігінен алшақтығы жоқ, соның уайымын жеп, кез кслген қоғаммен тіл табысып қана қоймай, тіпті полицмейстермен де қарым-қатынастарын да түзетіп алған секілді.

Көбіне біз бір басқарма мүшесінің үйіне жиналатын едік: бес мың десятина жері, он мың бас отары бар, үйін тек отбасы үшін ғана ұстап отыр — байлығы жеткілікті, тектінің тұқымы екен, кезінде Якутскіде болыпты, өзі тым қарапайым, жұпыны ғана киінетін адам, маған ол осы үйдің пәтершісі секілді көрініп еді.

XX

Аулада ескі тас құдық бар еді, флигельдің алдында екі ырғай өсіп тұратын, баспалдаққа таяу бұтақты биік каштан шынылы галлереяның жартысын күн көзінен көлегейлеп салқын леп әкеледі. Жазғы таңда, сағат жетілер шамасында осының бәрі қайнап кетеді, аспан шайдай ашық, күн шақырайып тұрады, тауық қорадан қылқынып қораз айқайлайды, бірақ терезелері баққа қарайтын терістегі бөлмелер бұл кезде әлі салқын, аяғында оймақтай татар туфлиі, көкірегіне салқын су шашып жуынып жатқан Ликаның түнемелінен сабынның хош иісі аңқиды; желкесі сабын, беті су, маған имене бұрылып: "Шық, ары кет!" — деп өкшесімен еден тепкілейді. Есігі шынылы сәкіге шығатын бөлмеден шайдың иісі танау жарады — онда нәлі қаққан башпағын тықылдатып казачка жүр; башпағын жалаңаяк киетін еді, ту байталдың тілерсегіндей сыптықтай жалаңаш қылтасы юбканың етегінен жарқ-жұрқ етеді; янтарлы алқа таққан жұп-жұмыр мойны да мені иіскесеңші дегендей; көмірдей шаш, көрікті бас тағат таппай, қарақат қиғаш көзі сиқырлана жалт-жұлт ойнақтап, тұсақ бөксесі қозғалған сайын бұлт-бұлт мөңкиді.

Ағам таңғы дастарханға күлімсіреп папиросымен кіретін, бұл әкемнен жұққан әдет; орта бойлы, толыса бастаған, әкеме онша ұқсамайтын, дегенмен содан дарыған тәкаппарлықтың жұрнағы ситеп бар; жақсы киінетін болды, отырғанда бір аяғын екіншісіне артып қойып, папиросын да саусағына әкем секілді қыстырады; бәріміз де оның болашағынан үлкен үміт күтетін едік, өзі де соған сенетін, енді мынау малорусстің түкпіріндегі рөлін де місе тұтып, шайға да көзімен ойнап шығатын болды: денім сау, өзін кемел шағымдамын деп сезінетін, біз оның отбасының жан тартар сүйкімді бір мүшесіміз, қызметке бірге барып, баяғы сол Харьковтегідей шылым шегіп, әңгіме-дүкенді ермек қылғанына да мәз. Көп күттіріп, ақыры жаз киімімен Лика жайнап шыға келгенде бұл да жадырап сала береді, сыпайы ғана қолынан сүйеді.

Біз күн сәулесінен маймен сылағандай жалт-жұлт еткен мырза теректерді сағалап тақтай тротуармен жаяулап келе жатырмыз, үйлердің қабырғасынан жалын бүркіп, бақ іші бүкке булығып тұрғандай; оның ақ жібек қолшатыры делдиіп көк күмбезін түртіп келеді. Бұдан соң ыстықтан қаңсыған йен алаңды кесіп өтіп басқарманың сарғыш үйіне келіп кірдік. Төменгі жақ күзетшілердің етігі мен солар шеккен темекі түтінінің күлімсі иісіне тұнып тұр екен. Қолдарында қағаз, хохолша бастарын изеп-шұлғып әр түрлі хат тасушылар мен іс жүргізушілер баспалдақпен жоғарғы қабатка бірі шығып, бірі түсіп сапырылысып жүр, бәрінің кигені жылтыр пенжақ, жорта қарапайым болғанымен шетінен тісқақты қулар. Біз бірінші қабаттағы баспалдақтың астымен өз бөлімшеміздің аласа ғана бөлмесіне өттік, бұл жер өтірік сабылатын интеллигент — сымақтардың шуынан көрі тыныш еді... Бөлмеден үйездерге жіберетін сұраныс қағаздарын конверттерге нығарлап отырған Ликаны көріп таңғалдым.

Түс әлетінде күзетшілер біздерге арзан стақандарға құйып шай, арзан тәрелкелермен бір кесім лимон әкеліп беретін, алғашқы кезде бұл да маған әжептәуір ләззат беретін. Өсек соғып, темекі тарту үшін басқа бөлімдердегі дос-жарандар осында жиналады. Басқарманың хатшысы Сулима да келеді. Алтын көзілдірікті, сәл еңкіштеу келген еркектің көркемі, қара барқыт толқынды шашы, дәл сондай сақалы өзіне қатты жарасады; аяғын мысықша еппен басады, үнсіз ғана жымиып, сыбырлап қана сөйлейтін әдеті; бет-жүзінен үнемі күлкі арылмайды, қашанда осы жұмсақ мінезімен, сыпайылығымен арбап тұратындай көрінетін; ол үлкен эстет еді, дон басында тұрған ескі монастырьді қатып қалған аккорд деп атайтын. Бізге жиі-жиі келіп тұрады, келген сайын оған мөлиіп кеп қарайды; үстеліне тақап барып еңкейіп қолына үңіледі де көзілдірігін шешіп, жұмсақ қана жымиып күлетін, сонан соң: "Енді қай жаққа не жолдайтын болдыңыз?" — деп сұрайды. Ол тез бойын жиып, барынша сыпайы, бүкпесіз жауап беруге тырысатын. Мен тырп етпей отыра беремін, қазір оны ешкімнен қызғанбайтын болғанмын.

Қызметте мен тағы да еріксізден "Голос" редакциясындағыдай ерекше жағдайға тап болдым, қызметкер ретінде бәрі де маған мүсіркеуі аралас кекесінмен қарайды. Бар бітіретінім, асықпай отырып есеп жүргіземін, мәлімет жасаймын, қай уездің қай болысында қанша темекі, қанша қызылша себілді, сол қызылшаны бүлдіретін жемір қоңыздарға қарсы қандай шаралар қолданылды, кейде тіпті жұрттың әңгімесіне құлақ та түрмей бірдемені оқып отырамын да қоямын. Мені қуантатыны — басы байлы үстелім бар, жана қалам, қарындаш, жақсы қағаз керек болса кеңседен қанша аламын десем де еркім.

Сағат екіде жұмыс аяқталады; ағам орнынан тұрып жұртқа күле қарайды да: "Батырлар, үйлеріңе жетіп алыңдар!" — дейді, сол сәтте-ақ әркім жапатармағай картуздарына, қалпақтарына жүгіреді, топырлап сыртқа шығысымен бірінің қолын бірі сілкілесіп, енді бір қарасаң таяқ, тростарын сермей тастап әлдеқайда өріп бара жатады.

XXI

Сағат беске дейін қала бос еді, бақ күннің аптабынан балқып тұр. Ағам ұйықтап жатыр, біз жалпақ кереуетте әншейін аунап жатырмыз. Күн үйді айналып түнемелдің терезесінен сығалап тұр, бақтың ішін де тінткілеп, ағаштардың, көк жасыл жапырақтардың сүлдерін қолжуғыштың үстіндегі айнаның бетіне жапсырып қойыпты. Гоголь осы қалада оқыған, осы өңірдің пұшпақ-пұшпағы да сонікі — Миргород, Яновщина, Шишаки, Яреськи — біз жиі-жиі еске алып күлетінбіз: "Малороссияның жазғы кеші неткен ғажап, неткен бұла!"

Қалай мақтасаң да қапырық-ау! — деп күрсінеді етпетінен аунап түсіп, — құжынаған шыбын... Арман қарай бақша туралы не деуші еді?

— "Тарғыл бақшаның төбесінен изумруд, топаз, жақұттар көк аспаннан құмырсқадай жауып тұр..."

— Мұнысы қиялдан да тамаша екен. Әттең сол Миргородқа барсам ғой! Ретін тауып бір бару керек шығар. Солай ма? Өтінем, бір барып қайталықшы! Тек өмірде сонша неге түсініксіз, сонша неге сүйкімсіз болды екен? Өмір бақи ешкімді сүймепті, тіпті жас кезінде де...

— Иә, бүкіл жастық шағында жалғыз рет жасаған қателігі — Любекке барып қайтқаны.

— Сенің Петербургке барып қайтқаның секілді деші... Сен осы қыдырғанды неге жақсы көресің?

— Ал сен әлдекімдерден хат алып тұрғанды неге ұнатасың?

— Енді маған хат жазатын кім қалды дейсің!

— Бәрібір, кімнен болса да хат күтесің. Адам болған соң әйтеуір бір нәрседен ләззат алмақ, әйтеуір бір оқиғадан қызық күтеді, қиялынан қуаныш іздейді. Сапар соған шақырады. Бұған бостандық пен кеңдікті қос... жаңалық қашанда қызықты, өмірді танисың, біздің тіршіліктен бар күтеріміз де осы емес пе, қалай десең де сезімді оятар серпіліс қажет.

— Иә, иә, мұның рас.

— Сен Петербург дейсің. Әттең сен білсең ғой, сонда жабыққаным сонша, бір сәтте бір ғасырға марқайып, жаным да, тәнім де түстікте екенін сездім. Гогольдің Италиядан жазғаны бар: "Петербург, қар, сұмпайылар, департамент — осының бәрі түсіме кірді: мен тағы да отанымда ояндым". Мен де дәл солай осында ояндым. Чигрин, Черкасы, Хорол, Лубны, Чертомолык, Дикое Поле деген сөздерді естігенде шыдап тұра алмаймын, таныс шатырларды көргенде көңілім бұзылады, шөмеле шашты мұжықтар, қызыл етікті қатындар, тіпті солардың иығындағы мойнағашқа ілген шыбық шабата толы шие мен қара өрік есіме түссе көкейімді сағыныш кернейді. "Чайка скиглить, литаючи, мов за днтьмн плаче, солнце гріе, внтер віе на степу казачем...". Бұл данышпан ақын Шевченко ғой!". Дүниеде Малороссиядай ел жоқ. Ең бастысы, оның қазір тарихы да жоқ, оның тарихы атам заманда мәңгілікке өлген. Тек өткені ғана бар, ол да әнде, аңызда, бұлардың да уақыты белгісіз. Бәрінен де мені қайран қалдыратын осы.

— Қайран қалдым, таңғалдым дегенді сен жиі айтасың.

— Таңғалмасаң, қайран қалмасаң өмірдің не қызығы бар...

Күн еңкейіп барады, сәулесі сырланған еденнің бетін жалап, сағымы төбеде ойнақтап жүр. Терезе көсектері күйіп тұр, соған жиналған шыбындар құртша құжынайды. Оның жалаңаш білегін шыбын талап тастапты. Терезеге бір торғай келіп қонды да жан-жағына сақтықпен алаңдап, ақыры күн батар алдында маужырап тұрған көкжасыл баққа кіріп жоқ болды.

— Тағы да бірдеме айтсаңшы, — деді ол. — Айтпақшы, біз Қырымға бара аламыз ба? Бір барып қайту менің арманым екенін білсең ғой! Мүмкін бір повесть жазып тастарсың, менің ойымша сенің қолыңнан жаман дүние тумайды, ақшалы боп қалар едік, содан соң демалысқа шығамыз... Сен осы неге жазбай кеттің? Өз қабілетіңді өзің тонаған ысырапшыл жансың-ау!

— Кезінде "қаңғыбас" дейтін қазақтар болған, төркіні қаңғыру деген сөзден шыққан. Расында мен сол қаңғыбастың бірімін. "Біреуге жаратқан төсек береді, біреуге өсек береді" деген. Бәрінен де Гогольдің қойын дәптерінен артығы жоқ: "Жол жиегінен қырсау секілді айдары бар қыр шағаласы ұшып шықты... Жолдың ұзына бойында тікенді шоқ айна, оның ар жағында шексіз йен даладан басқа дым да жоқ... Шарбақ ішінде, жыра біткен иін тірескен күнбағыс, жылмита сылаған қамыс шатырлы саман тамдар, қызыл сырмен жиектеген көз тартар сүйкімді терезелер... Жанды жадыратар, жүрекке жылы Русьтің көне тамыры сенсің!"

Ол тырс етпей тыңдады. Кенет жұлып алғандай:

— Сен Гетенің бұл үзіндісін неге оқыдың? — деп сұрады. — Ол Фредсрикадан аттанып бара жатып ойша алтын оқалы сұр камзол киген бір салт аттыны көз алдына елестетіпті. Соның жалғасы қалай еді?

— "Сол салт атты мен едім. Үстімде алтын оқалы сұр камзол, бірақ ондай камзолды мен өмірі киіп көрген емеспін."

— Иә, мұнысы қызық та өкінішті екен. Айтпақшы, сен жастық шақта әркімнің армандаған бір камзолы болады деп едің ғой... Неге ол кимей қойыпты?

— Өзінің айтуынша, оны ылғи да әзәзілі айтақтап отырған.

Ендеше жуырда сен де менен жеріп кететін шығарсың. Шыныңды айтшы, сенің ең қымбат арманың не?

Арманым ба? Көне Қырымның бір ханы болсам, екеуміз бақшасарайда ғұмыр кешсек деймін... Бақшасарай дүниедегі ең ыстық тасты шатқалда, ал сарай қашанда көлеңкеде, салқын, төңірегі толған фонтан, айналасы тұт ағаштары...

Жоқ, қалжыңсыз?

— Қалжыңы жоқ. Мен үнемі әлдебір сандырақпен күн кешетінімді білесің. Мәселен, әлгі қыр шағаласын айталық, бұл дала мен теңіздің қосындысы емес пе... Ағам Николай айтушы еді, сен табиғатыңнан ақымақсың деп, бірде кездейсоқ Декарттың: менің рухани өмірімде естиярлық ой-сана мысқалдай-ақ болатын дегенін оқығанша қатты қиналып жүрдім.

— Сонда қалай, сарайда гарем ұстамақсың ба? Мен де шынымды айтып отырмын. Сен өзің айтып едің ғой, еркектің сүйіспеншілігінде әрқилы сезімдер бола береді деп, ондай ынтық сенде Никулинаға да болған, одан соң Надяға деген құштарлығың... Кейде сен байқамай маған бар сырыңды ақтара саласын. Осыған ұқсас бірдемені жуырда мына казачка туралы да көкіген сияқты едің.

— Менің бар айтқаным, осыны көрген кезде айдаладағы сортаңда күрке астында өмір сүргім келеді.

— Міне, күрке астында осы қызбен тұрғың келетінін тағы да айтып отырсың.

— Осымен дегенім жоқ қой.

— Енді кіммен?.. Ой, тағы да торғай кіріп кетті! Ұшып кеп айнаға соғылғанынан керемет қорқамын!

Ол атып тұрып алақанын сартылдатты. Мен шап беріп оның иығынан, балтырынан сүйдім... Бірі ыстық, бірі салқын денесі менің тұла бойымды шымырлатты.

XXII

Кешке қарай аптап басылады. Күн үй сыртына ауып кеткен, біз шынылы бастырманың аулаға шығар аузында шай ішіп отырмыз. Ол қазір көп оқитын болған, мұндай сәттерде ағамнан бір нәрселерді сұрап жатады, ол бұған тәптіштеп түсіндіріп жатады. Кеш тым-тырс, әлі тыныштық, қарлығаштар ғана ауланы кесіп ұшып, көк күмбезіне зымырап жоқ болады. Екеуі сөйлесіп отырады, мен тыңдап отырамын: "Ой, на горі та женці жнуть..." Әннің мәтіні, доң басында дихандар егін орып жатыр дейді, әуелде баяу басталып, созыла келе қоштасу мұңына айналады да аяғы тақпақтап, алыстап барып ерлік пен өрліктің ұранына ұласып кетеді:

А по-під горою,

По-під високою

Козаки йдуть

Ән аңғарда шұбырған казак сарбаздарын, оны бастап келе жатқан ержүрек Дорощенконы, оның соңынан ерген Сагайдачныйды жырға қосады,

Що проминяв жінку

На тютюн та люльку,

Необачний...

Әйел әуелде таңырқап тоқтайды да бейтаныс адамға тәкаппарлықпен таңдана қарайды. Артынша аса бір қуанышпен дауылпазды қаға бастайды:

Мені з жінкою Не возиться!

А тютюн та люлька

Козаку в дорозі

Знадобитьея!

Мен тыңдап отырып, бір нәрсені мұңая қызғанғандай болдым.

Күн еңкейе біз серуенге шығамыз, кейде қалаға, кейде собор сыртындағы жарға барамыз, анда-санда қала шетіндегі жазыққа барып қайтамыз. Қалада бірнеша тас көше бар еді, жан-жағы еврейлердің саудасынан босамайды, қаптаған сағат пен темекі дүкендері, дәріхана; тас көшелер күні бойғы ыстықтан қызып кетеді де бетке жалын ұрып тұрады, бұрылыс сайын көбікті суға шырын қосып сататын дүңгіршектер, осының бәрі түстікті еске салады да көңіліңді онан сайын түстікке тартады да тұрады, мен жиі-жиі Керчті ойлайтыным әлі есімде. Собордан аңғарға қарап тұрып қиялмен Кременчугке, Николаевкаға барып қайтатын едім. Іргедегі кең жазыққа біз қаланың деревня секілді батыс шеткейімен баратынбыз. Біркелкі аласа үйлер, каштан, шие бағы мидай далаға, миргородтың оқтай түзу кіре жолына шығарып салады. Жолдың сонау көз ұшында телеграф бағандарын жағалап хохолдың арбасы кетіп барады, жармаға жеккені қос өгіз, арба ырғаң-ырғаң теңселіп телеграф бағандарымен бірге теңізге сіңгендей өшіп барады, міне, ең соңғы баған инедей боп шидиіп ақыры жоқ болды. Бүл Яновщинага, Яреськи мен Шишакиге апаратын жол еді.

Көбінде кешті қала бағында өткіземіз. Қашанда музыка қақсап тұрады, түн қараңғылығын үркітіп, мейрамхана алдындағы терраса театр сахнасындай жарқырайды. Ағам тұп-тура мейрамханаға тартады да біз бақтың жарға тірелетін тұйығына беттейміз. Түн тастай қараңғы әрі жылы. Қараңғы етектен әр тұстан от жылтырайды, бірде баяулап, бірде қалықтаған ән естіледі — бұлар қала шетіндегі жатақтар. Ән қараңғылық пен тыныштықтың дәнекері секілді. Шамдары жылт-жылт зымырап тарсылдатып пойыз өтеді, тек осы сәтте ғана аңғардың үңгірдей терең, көрдей қараңғы екенін сезінесің, тарсыл-күрсіл бірте-бірте құмығып, жер астына түсіп кеткендей шорт үзіледі. Тағы да ән қалықтайды, сонау көкжиекке дейінгі бүкіл өңірдің тыныштығын дірілдетіп бақалар шулайды, осы бір тылсым түн мен тыныштық мәңгілік таусылмайтындай көрінуші еді.

Қараңғыдан шығып мейрамхананың жұрт отырған террасасына көтерілгенімізде ол жарықтан именіп ұялып қалғандай болады. Вагин, Леонтович, Сулимамен бірге отырған ағам әжептәуір қызып алған екен, сонадайдан бізге қол бұлғап шақырды. Кәукілдесіп бізді отырғызып, мөлдір шарап, мұз бен бокал алдырды. Музыка тоқтаған, терраса сыртындағы бақ қараңғылыққа шомған, бос жатыр, әлдеқайдан ескен самал шыбын-шіркей үймелеген қалпақты лампаларды тербетіп тұр, бірақ сонда да отырған топ әлі қызыл іңір ғой деп дес бермейді. Ақыры бір кезде амалсыз: көбейелік деседі. Бірден тарасып кете қоймайды, дабырласып, жаяу жолды таңқылдатып, жұбын жазбай үйге қайтысады. Бақ ұйқыда, ала бұлдыр ай сағымында тып-тыныш бұйығып жатыр. Біз өзіміз ғана аулаға кіргенімізде ай сағымы галареяның әйнегінде қыдырып жүр еді; шілделіктің тынымсыз ысқырығынан құлақ тұнғандай; флигель іргесіндегі боз ырғайдың әрбір жапырағы, әр бұтағы үйдің ақ балшық қабырғасына көлеңкесімен қатырып сурет салып қойыпты.

Ұйықтар алдындағы бір сәттен тәтті дүниеде не бар екен! Үстел үстіндегі қалғыған шырақ, ашық терезеден жаныңның жастығын, деніңнің мастығын майда лебімен желпіген түнгі самал. Үстінде жеңіл халат, төсек шетінде шыраққа қарақат көзін сүзілтіп жібектей жылтыраған қолаң шашын өріп отыр.

— Сен ғой, өзгеріп кеттің деп маған таңғаласың, — дейді ол бір кезде. — Ал сен өзіңнің қаншалықты өзгергеніңді білемісің? Айырмасы сен маған бұрынғыдай көз салмайтын болдың. Әсіресе көптің ортасында. Менің қорқатыным, мен саған ауа секілдімін, онсыз өмір сүре алмайсың, бірақ ол көзге де түспейді. Осыным рас қой? Сенің айтуыңша бұл шексіз махаббат. Ал менің ойымша, бір менің қара басым саған аз сияқты.

— Аз, аз! — деймін мен күліп, — Маған қазір бәрі де аз.

— Айттым ғой, сен тағы да қаңғырайын деп жүрсің. Статистиканы сылтауратып іссапарға сұранып жүр деп Георгий Александрович айтып еді. Неменеге? Мынау қапырықта шаң қауып арба үстінде селкілдеу үшін бе, сондағы бітіретінің болыс басқармасында бықсып отырып әлгі мен жіберген бланкілердің қорытындысын сұрау ғой?..

Ол бұрымын иығынан асыра лақтырып тастап басын көтереді:

— Сонда не мақсат?

— Мен бақытты екенімді сеземін, расында маған әлі де бір нәрселер жетіспейтін сияқты.

Ол менің қолымды ұстап тұрып:

— Бақытты екенің рас па? — дейді.

XXIII

Ликаның менімен бірге барып қайтсам деп көксейтін Миргород жолымен алғаш рет сапарға шықтым. Неге екені белгісіз, Шишакиге бара жатқан Вагин мені қасына ертіп алды.

Ұйқы басып ұйықтап қаламыз ба деп қорыққанымыз әлі есімде, күн ысымай тұрып ертесімен шығып кетуіміз керек еді, ол таң атпай тұрып, мені тербетіп оятты да, жалғыз кетіп бара жатқаныма қобалжи жүріп шай берді. Аспан сұрғылт, ертеңгілік салқын еді, мен жолға шығарда жаңбыр жауып кете ме деп қауіптеніп қайта-қайта терезеге қарай берді. Қақпа сыртына келіп тоқтай қалған пошта қоңырауын ести салып далаға атып шыққан сәттегі елегізіп, көңіліміздің өрекпігенін де ұмыта алмаймын, асығыс қоштасып, калитканы ашып қалсақ, арба үстіндегі көлденең тақтайда басында жазғы картуз, желбегей сулық киіп Вагин отыр екен.

Кешікпей шексіз аспан кеңістігі қоңырау дауысын жұтып қойды, ауа құрғақ әрі аптап, қалың шаңға қақалған соң арба да салдыр-күлдірін ұмытты, көз жетер жердің бәрі көз талдырар бір сурет, әрі-беріден соң қалғыған сұрғылт көкжиекке қараудан да жалықтым, одан селт еткізер тосын ешнәрсе күткенім де жоқ. Тал түстің кезінде, қаңсыған астықты далада әлдебір көшке тап келгендей болдық: өкпе тұсымызда Кочубейдің қаптаған қой қоралары тізбек-тізбек қалып жатты. "Талма түс, қой қоралар... Ми қайнатқан ыстықтан аспан да бозарып кеткен, көкте қырғидан басқа ештеме жоқ... Мен бақытты екенмін!" деп жазыппын күнделігімде. Яновщинада корчма туралы жазыппын: "Яновщина, ескі корчма, қабырғасын ыс басқан, іші салқын қаракөлеңке; сыра жоқ деді еврей, тек сусын ғана бар. Қандай сусын? Кәдімгі сусын!

"Фалка!" Еврейдің үстінде ұзын етекті сүртік, тыртиған арық, ал сусынды артқы есіктен толықша келген гимназист алып шықты, сұрғылт күртесін әдемі парсы белдігімен шырта буынып алыпты "баласы екен." Шишакиден соң Гогольдің қойын дәптерін есіме алдым: " Тақтайдай тура жол кенет жарға келіп тірелді — терең әрі құлди екен, түбінде тоғай, оның ар жағы тағы орман, бергі жағы көк шалғын, арғы жағы сарғайған құм шағыл. Жар жиегі мен қыр басында қанаттары сықырлап жел диірмені қапалақтап тұр..." Қардың етегіндегі аңғарда садақша иіліп Псел жатыр, соның іргесінде үлкен село. Селода Василенко деген әлдебіреуді іздеп көп айналдық, сонда Вагиннің бір шаруасы бар екен, тапқанымызбен ол неме үйінде жоқ болып шықты да, соны күтеміз деп жөке ағашының түбінде қоғалы саздың көңірсік самалында көлбақаларды шулатып қойып көп отырдық. Дәл осы жерде кеш бойы Василенкомен дос болып кешті өткіздік, ашымал ішіп, тамақтанып болғанша әлгінде ғана көгеріп тұрған жасыл бақ бірте-бірте көлеңке тартып, ақыры тас қараңғыға сіңіп кетті. Қараңғыда қақпа тарс ете қалып еді, сыланып-сипанған сұп-сұр бір бикеш елестей үстел қасына жетіп келді, Васнленконың танысы, земствоның фельдшері екен: келе салып губерниялық қонақтар екенімізді біліп алды. Әуелде қысылғаннан не істерін білмей қипақтап, аузына келгенін айтып отырды да артынан бізбен рюмка таластырып, менің әрбір әзіліме айқайлап шыға келді. Өте бір шыдамсыз әйел екен, атжақты, көзі қап-қара, тарамыстанған қолынан әтір аңқиды, бұғанасы ырсиып тұр, көгілдір жұқа кофтасының астынан дүңкиген омырауы тырсияды, белі қылдырықтай, жаясы жап-жалпақ. Түнде мен оны шығарып салдым. Тас қараңғыда әлдебір тар көшемен келе жатырмыз. Бір шарбақтың қасына жеткенде ол кілт тоқтай қалды да басын сылқ еткізіп менің көкірегіме тастай салды. Мен өзімді зорға ұстап қалдым...

Ертеңінде Вагин екеуіміз үйге кештетіп жеттік. Ол жатып қалған екен, оқыған кітабын тастай салды да ұшып тұрып: "Не, келіп қалдыңдар ма?" — деді таңданып. Мен асығып-үсігіп жол хикаятымды тауыстым да фельдшер туралы күліп отырып айта бастағанымда сөзімді бөліп:

— Оны маған несіне айтып отырсын? — деді жастық астынан беторамалын іздеп жатып, — Мені жалғыз тастап кеткенің аз ба еді!..

Көзі жасқа толып тұр екен.

— Сен мені неге аямайсың?!

Осы бір көз жасын өмірімде қанша рет есіме алдым десеңші! Мінеки, жиырма жыл өткен соң да сол бір түнді көз алдыма елестетіп отырмын. Теңіз жағалауындағы бессарабия саяжайы. Суға шомылып келіп кабинетте жатырмын. Талма түстің қайнап тұрған шағы: тыстағы бақтың бірде іргеден ұрып, бірде алыстап, құмығып барып таусылған арсы-күрсі гүрілі, күн желді еді, ағаш бұтақтары қырық бұралып, көлеңкесі арлы-берлі тербеліп жүр... Жел үдеп жақындаған кезде көлеңкелі кабинеттің терезесін күргейлеген көк жапырақтарды сыпырып тастайды да ыстықтан балқып тұрған боз аспан жарқ ете қалады, сол сәтте төбедегі көлеңке де ғайып болып, ақ балшық күлгін тартады. Кенет тағы да тыныштық орнап, жел бақ түкпірінде, жағалауға жетіп өшеді. Осының бәрін көріп, тыңдап отырып ойға қалдым: осыдан жиырма жыл бұрын, баяғыда ұмыт болған малорусстің бір түкпірінде, екеуміздің ортақ тіршілігіміздің алғаш басталған шағында осындай бір талматүс болып еді-ау; мен кеш ояндым, ол қызметке кетіп қалыпты, бақ жақтағы терезе ашық тұр, ар жағында дәл осындай теңселген ағаштардың сарыны, ұйтқыған жел бөлмеге қуырған пияздың иісін қуалап келіп таңғы тамақ дайын боп қалды дегендей; мен көзімді ашып сол тәтті иістен құшырлана жұттым да, жастығымды шынтақтап жатып қасымдағы бос жастыққа қарадым, онда да ғажайып бұрымның хош иісі қалған екен, екеуміз татуласқан соң көпке дейін уысында умаждап жатқан қол орамалын көрдім; осыларды есіме алғанда онсыз жарты ғұмырымның өтіп кеткенін енді сездім, ойша дүниені шолып шығып, өзімнің әлі тірі жүргенімді, ал оны мәңгілікке жоғалтқанымды сезіндім, кенет денем мұздап диваннан атып тұрдым да тысқа шығып, аллеямен жағалаудың жарына қарай аяңдадым, біртүрлі ауада қалықтап келе жатқан секілді едім, алдымдағы жырықтан тотияйындай көк теңіздің бір пұшпағы шыға келгенде бұрын мен көрмегендей жат дүниеден бойым түршігіп сала берді...

Сол түні енді ешқайда бармаймын деп оған ант-су ішіп едім. Бірнеше күн өткен соң тағы да жолға шықтым.

ХХIV

Батуринода болған кезімізде Николай:

— Саған жаным ашиды, — деп еді, — сен өзіңді-өзің ертерек жоғалттың, — деген.

Мен бар мақсатым осымен бітті деп ойлаған да емеспін.

Қызметімді де кездейсоқ деп есептедім, үйлендім дегенге де сенген жоқпын. Әйелсіз күнімді ойласам зәрем ұшады, ал өмір бақи онымен бірге ғұмыр кешу миға сыймайтын нәрсе секілді: япыр-ау, көз жұмғанша біз өстіп жүре береміз бе, жұрт секілді біз де баспаналы, балалы болмақпыз ба? Әсіресе баспана, бала дегенді жаным жақтырмайды.

Екеуміз енді некеге отырамыз, — дейтұғын ол келешекті қиялдап отырып. — Мен соны асыға күтіп жүрмін, шіркін, некеден артық не қуаныш болсын! Мүмкін баламыз да болатын шығар... Сен бұған қалай қарайсың?

Менің жүрегімді әлдебір тәтті сезім шымшып алғандай болады. Бірақ мен қалжыңмен құтыламын:

— "Даналар даңқын қалдырады, пенделер өзінен аумайтын ақымақ тудырады".

— Ал мен ше? — дейді ол, — махаббатымыз суып, жастық дәурен өткен соң мен қалай өмір сүремін, әлде мен саған керексіз болып қаламын ба?

Осыны айтып отырып-ақ ол қатты жабырқап қалатын, көңілін көтеру үшін мен:

— Ешқашан еш нәрсе бұл жалғаннан өшпейді, сен ешқашан маған керексіз болып қалмайсың! — деп жұбататынмын.

Ол кезде мен біреуге сүйікті болып, менің де сүйгенім болса екен деп армандайтын шағым, сөйте тұра басымның бос, қашанда төрешіл болуды қалайтынмын.

Ол әсіресе жатар алдында, бұрымын өрген сәтте өте сүйкімді еді, қасыма келіп бетімнен сүйеді, өкшесіз тұрғанда менен анағұрлым аласа, жаудыраған жанары етектен үңілгенде тіпті ғажап-ақ.

Оның маған берілгендігі соншалық, өзін мүлдем ұмытып, бар назарын маған төгетін де менің оған деген сүйіспеншілігімді одан сайын жандыра түсетін, маған қатты сеніп, сездірмей жүріп-ақ менің бір артықшылығымды мойындағандай болатын.

Екеуміз Орелде өткізген қысқы күндерімізді жиі-жиі еске алатынбыз, менің Витевскіге аттанар сәттегі қоштасқанымыз, сондағы менің жұбату үшін айтқан әңгімем:

— Мені Полоцкіге жетелеп тұрған не сиқыр? Полоцкіні көнеше айтсақ — Полотьск, осыған байланысты бала күнімде көне Киевтің Всеслав деген князі туралы бір аңыз оқыған едім...

... Князьдің інісі ағасын тағынан құлатып билікті тартып алған екен, содан ол "қараңғы қыпшақтың" даласына қашып барып, өмірінің ақырына дейін қайыршылық күн кешіп, жаратқанға жалбарынумен, ауыр еңбекпен талқанын тауысыпты, рақатты тек түсінде көрсе керек: күн сайын ертеңгілік көзінің жасын көл қылып оянады екен де алдамшы қиялдьщ әсерінен өзін Полоцкіде емес, тағы да Киевте, сағынышты княздігімде жатырмын дейтін көрінеді, қоңыраудың даусын да Киевтің София соборынан шығар деп қабылдапты. Содан бері бағы замандағы Полоцк маған көнелігімен де, дөрекілігімен де керемет сурет болып елестейтін: тағылық басқан әлдеқандай түнерген қыстың күні, ағаш шіркеу, ағаш үйлердің ортасындағы әлдебір кремль, ат аяғымен, жаяудың шарқайымен тапталып қалған күртік қар... Ақыры Полоцкіні көзіммен көргенімде көкейімдегі көп қиялдың бірін де таппадым. Дегенмен менің көңіліме күні бүгінге екі бірдей Полоцк ұялап қалыпты — қиялымдағы және қазіргі. Тіпті қазіргісінің өзін де поэзия тілімен қабылдаймын: қала көңілсіз, лайсаң, ызғарлы әрі тұманды, ал вокзалдың бүкір терезелі үлкен залы жып-жылы, іңір енді ғана ымырттап келе жатқанымен люстралар жарқырап тұр, құжынаған халық, көбісі Петербург пойызын күткен жолаушылар, әскери адамдар, гүж-гүж әңгіме, табақты қышырлатқан пышақ сықыры, ары-бері жортып жүрген лакейлердің қолындағы астаудан шалқыған тамақтың иісі...

Мұндай сәттерде ол мені бар құлқымен мұқият тыңдап, бар пейілімен: "Иә, иә, мен сені түсінемін" деп мақұлдайтын. Мен осыны пайдаланып сөзімді нығыздай түсемін:

— Гете: "Біз өз қиялымыздың жетегіндегі құлымыз" — дейді. Сондай бір сезім оянса қарсы тұра алмайтын әдетім, кейде пәлен жерде түген бар дегенді естісем, шыдамым таусылып, соны барып көргенше асық боламын, тіпті соны өзім ойдан құрап, соған өзімді өзім сендіремін, сенген нәрсемнің астарын ашуға ынтығатын әуестігім бар, неге екенін саған айтып жеткізе де алмаймын, түсінемісің!

Бірде Вагин екеуіміз Уссурнй облысына көшетін переселендерді шығарып салуға Казачьи Бродқа, Поднепровьедегі құдай атқан бір селоға бардық. Таң ата теміржолмен қайтып келдік. Мен вокзалдан жеткенше ол ағам екеуі қызметке кетіп қалыпты. Әбден күнге тотығып, өзіме-өзім разы болып, жігерім тасып келген бойда көрген-білгенімді ағам екеуіне майын тамызып айтып бермек едім: Казачьи Бродтан он мыңдаған шақырым жердегі ертегіге бергісіз ғажайып облысқа менің көз алдымда бүкіл бір орда жұрт шұбырып жөнелген; үйді тап-тұйнақтай етіп жинап қойған екен, жуынып- киіну үшін түнемелге салып-ұрып кіріп келдім, сағынышымды да, қуанышымды да жасыра алмай оның әрбір затына, жастыққа тіккен кестесіне құмарлана қараймын, бәрі де маған аса қымбат, дәл қазір жетім қалған секілді, оның алдында өзімнің кінәлі екенімді сездім, бірақ осы сәтте үстел үстіндегі кітапқа көзім түсті де сәл аялдадым: Толстойдың "Отбасының бақыты" екен, ашылған парақтағы мына бір жолдарды сызып қойыпты: "Ол кездегі менің ойым да, ол кездегі менің сезімім де өзімдікі емес, менің меншігіме көшкен оның ой-сезімі еді." Бірнеше парақты аударып тағы да бір белгіге тап болдым: " Сол бір жазда мен түнемелге жиі кіріп жүрдім, бұрынғы болашақтың арманы мен үмітін күйттеудің орнына мені бүгіннің қуанышы қобалжытатын болды... Осымен жаз да өтті, мен өзімнің жалғыз қалғанымды сездім. Ол үнемі сапарда, мені жалғыз қалды-ау деп ойлаған да жоқ, қорыққан да жоқ..."

Мен бірнеше минут тапжылмай қатып қалыппын. Өткен күндердің өкінішінен туған оның да менен жасырған ой-сезімі бар-ау деген күдік үш ұйықтасам ойыма кірмепті. "Менің ол кездегі ойым, ол кездегі сезімім... Сол жазда мен жиі-жиі кіретін едім..." Ең соңғысын мен күтпеген едім: "Осылай жаз да өтті, мен өзімнің жалғыз қалғанымды сездім..." Демек, менің Шишакиден келген түнгі оның көз жасы тегін емес екен ғой.

Басқармаға еліріп кірдім, онымен де, ағаммен де сүйісіп, ауыз жаппай сөйлеп, әзілдесумен болдым. Өзімді өзім іштей қажап, ақыры оңаша қалғанымызда сұрауды тіке қойып қалдым:

— Сен мен жоқта "Отбасының бақытын" оқып жүр екенсің ғой?

— Иә, онда тұрған не бар? — деп, ол қызарып кетті.

— Сенің соққан белгілеріңді көріп қайран қалдым.

— Неге?

— Өйткені, содан аңғарғаным, менімен тұру саған қорлық екен, жалғыз екенсің, түңіліпсің.

— Сен осы бәрін әсірелеп жіберетінің не! — деді ол — Ол неткен түңілу? Жай әншейін, көңілімді мұң шалған соң... ептеп ұқсастық тапқаным да рас... Ант-су ішейін, сен ойлағандай онда ештеңе де жоқ!

Кімге? Өзіне ме, маған бола ма? Дегенмен осыны естігеніме де рақаттанып қалдым, бұнысы маған пайдалы еді, әрі оған сенгім де келді. "Айдарлы қыр шағаласы жол жиегінен ұшып шықты... Көк белбеумен мықынын таңып тастап жүгіріп барады, шыт көйлектің ішінде қос алмасы дір-дір етеді, жалаңаяқ, тізесіне дейін түрілген ақ балтырынан қан теуіп жарқылдап барады..." Осыны көргенде жан шыдай ма! Осылардан қалайша бас тартарсың! Оның үстіне олардың да мұнымен табиғаты бір деп ойлайтынмын. Әйтеуір бір есебін тауып оның құлағына құйғаным: тек мен үшін ғана, менімен ғана өмір сүр, менің еркіндігімді, менің бостандығымды тежей көрме — мен сені сүйемін, осы үшін де сүйе бермекпін. Мен оны сүйгенім үшін да маған бәрі кешірімді, не істесем де еркім деп ойлайтынмын.

XXV

— Сен қатты өзгеріп кеттің, — дейтін ол — Батыл, қайырымды да сүйкімді болып бара жатырсың. Өмірге жарқын жүзбен қарайсың.

— Солай ма, ал Николай мен сенің әкең бізді бақытсыз боласыңдар деп сәуегейлік айтып еді.

— Оның себебі, Николай мені жек көретін. Батуринода мен оның суық көзқарасынан қаншама қорланғанымды сен білмейсің ғой.

— Керісінше, ол сен туралы өте жақсы пікірде болатын. Сені әлі жас бала ғой деп аяйтын, алдарыңда әлі не тағдыр күтіп тұр дейтұғын: біраз жыл өткенде сенің әлдебір уездің акциз шенеунігінен не айырмашылығың болар екен деп уайымдайтын. Есінде ме, мен өзімнің болашағым жайында әзіл-сықақ айта беретін едім ғой. Үш бөлмелі пәтерім, елу сом жалақым болса жетеді деп...

— Ол сені ғана аяйтын.

— Өтірік аяйтын. Екеумізді бір құтқарса ол менің "мырық" мінезім дейтұғын, ешқандай карьераға қабілетің жоқ, кешікпей айырылысасыңдар: не сен оны бейшара қылып тастап кетесің, не ол, мынау әдіре қалған статистикада біраз отырып, қандай күйге тап қылғанынды түсінген соң өзі-ақ тастап кетеді.

— Маған бекер сенген екен, мен сені ешқашан тастамаймын. Егер саған қажетім жоқ болып, сенің бостандығыңа, сенің арманыңа кедергі жасайтыныма көзім жеткен күнде ғана кетіп қалуым мүмкін...

Адам бақытсыздыққа тап болса, осы пәле неден, қашан басталып еді, неғып мен мұны ағармай қалдым, күні бұрын неліктен сезбедім деген мәнісі жоқ жан қинайтын уайымшыл ойға қайта-қайта орала береді. "Егер көзім жетсе ғана..." Мен осы сөзге неғып мән бермедім екен, осының өзінде-ақ бір кәдіктің бар екенін сездірген жоқ па еді?

Мен өз қабілетімді тым жоғары бағаласам керек, еркінмін деп "есіріп" кеткен болармын — Николайдың айтқаны рас боп шықты ма? Барған сайын мен үйге тоқтауды қойдым, сол қолым босаса тайып тұрамын, басым ауған жаққа.

— Қайда жүріп күнқақты болғансың? — деп сұрайды ағам, — Тағы да қай жаққа қаңғырып қайттың?

— Монастырьде болдым, өзенге, теміржол бекетіне бардым...

Қашанда жалғыз өзі, — деп Лика реніш білдіреді. — Монастырьге бірге барамыз деп сан рет уәде бердің, осы уақытқа дейін мен оны бір-ақ рет көрдім, қандай тамаша, калың қабырға, қарлығаштар, монахтар...

Мен ұяттан оның бетіне қарай алмай тұқырайып отыра бердім. Бірақ тізгінімді босатпайтынымды сездіруге тырысып мығымды қиқаң еткізген болдым.

Саған ол монахтардың керегі қанша?

Саған керегі қанша еді?

Мен әңгіменің бетін өзгертуге тырыстым.

— Мен бүгін зираттан ерсі бір нәрсе көрдім: бос, бірақ жаңадан қазылған көр, ағайынды біреу күні бұрын өзіне дайындатып, басына крест те қадатып қойыпты, кресте бұл жерге кімнің көмілгенін, туған жылы мен өлген жылын да жаздырып, тек өлген жылын ашық қалдырған екен. Қайда қарасаң да тәртіп, таза сүрлеу, гүл, тек алдыңнан қазылған көрдің шыға келетіні біртүрлі ыңғайсыз екен.

— Міне, көрдің бе.

— Онда көретін не тұр?

— Сен мені әдейі түсінбеген боласың. Мейлі, еркің білсін. Тургенев дұрыс жазған... — дей бергенде мен оның сөзін бөліп жібердім:

— Сен қазір екеуімізге қатысты бір нәрсе табу үшін ғана оқитын болғансың ба? Айтпақшы, әйелдердің бәрі де тек сол үшін ғана оқиды.

— Мейлі, мен-ақ әйел болайын, бірақ өзімшіл емеспін...

— Мырзалар, осы да жететін шығар! — деп ағам жымиып қана араласады.

XXVI

Жаз аяғына таман басқармадағы жағдайым тіпті жақсара түсті: бұрын мен әншейін "есепте" тұрған едім, енді штатқа еніп, өзімнің ыңғайыма лайық жаңа қызмет алдым: осы земствода жарық көрген басқарманың подвалдағы кітапханасына сақшы болдым. Бұл "лауазымды" ойлап тапқан да Сулима, сондағы бітіретінім: басылымдарды сұрыптап ретке келтіру, соларды арнайы бөлмеге көшіру — онысы да сопайған жартылай подвалдағы ұзын дүңгіршек, есесіне қажетті деген сөрелері, шкафтары бар, әр кезде, әр бөлімге керек кезінде уақытша пайдалануға беріп тұруым керек. Сұрыптадым, жоғарыға шығарып, кім сұрар екен деп күтумен жүрмін. Тек земствоның күзгі жиналысына қажет бірдемелер болмаса, маған мынадай нәрсе керек деп ешкім келе қойған жоқ, сондықтан менің бар қызметім екі қолым алдымда, жартылай жер астында есінеп отырамын да қоямын: қабырғасы бекіністің қамалы секілді құлаш жетпейді, тыныштығы құлақка ұрғандай, тырс еткен дыбыс мұнда келмейді, жоғарыдағы жыртиған кішкентай терезелерден жылтиған күн сәулесін, басқарма ғимаратының сыртындағы қу тақырда өсетін бұта-қурайдың иір-қобыз тамырларын көргеніңе де разы боласың. Бұрынғы бұрынғы ма, енді менің басым мүлдем босады, күні бойы жалғыз өзім осы үңгірде отырып алып жазамын, кітап оқимын, тіпті апта бойы бұған кірмей қоюыма да болады, аласа емен есікке құлып саламын да кетіп қаламын, көңілім калаған жақа тайып тұрамын.

Николаевкада болдым, не үшін барғанымды өзім де білмеймін, құдай үшін құлшылық етемін дейтін толстойшыл ағайынды екі жігіт орналасқан қала шетіндегі бір хуторға жиі қатынап тұрдым, ара-тұра жексембілік кештерді бекеттің арғы бетіндегі хохолдардың селосында өткізіп, түн ішінде поезбен қайтып жүрдім... Неменеге бардым? Менің қаңғыбастығымның құпия себебін ол ептеп сезе бастаған секілді. Шишакидегі фельдшер туралы әңгімем оған дәл осындай әсер етеді деп ойлаған жоқ едім. Содан бері қызғаныш сезімі оянды да кей сәтте сонысын жасыра алмай қалатын болды. Шишаки әңгімесінен екі апта өтер-өтпестен ол әдепкі қайырымды да жайдары қыз мінезінен айнып, кәдімгі "үй шаруасының" қазымыр қатыны болып шыға келді — әйтеуір бір сылтау тауып қызметші казачканы жерден алып жерге салып жатқаны.

— Сенің жақтырмайтыныңды білемін ғой, — деп мені де қыжырта сөйледі, — енді калай, "тықылдаған башпағының дауысын айтсаңшы", өзің "ту байтал" деуші ме едің, тырсиған тоқ балтыры, жалт-жұлт еткен қиғаш көзі қандай! Бірақ сен сол байталдың қысырға тән қылығы, менің шыдамымның да шегі барын ұмытпа...

Мен бар шынымды жасырмай жауап қайтардым:

— Сен мені несіне қызғанасың? Сенің мына үлбіреген қолыңа қарап отырып ойлайтыным: дүниедегі бүкіл сұлуларға осы қолды айырбастамас едім! Бірақ мен ақынмын ғой, суреткермін, ал кез келген өнер, Гетенің сөзімен айтқанда сезімнен туады.

ХХVІІ

Бірде, тамыз айының кешінде толстойшылардың хуторына бардым. Қапырығы басылмаған қала бұл кезде йен еді, әрі сенбі болатын. Еврейлердің жабық дүкендерін, сауданың ескі жайма қатарын жағалап келемін. Бесін қоңырауы баяу ғана күмбірлейді, көшелерде ағаш пен үйлерің ұп-ұзын көлеңкелері сұлап-сұлап жатыр, бірақ түстіктегі қаладан жаз аяғына таман өршелене түсетін кешкілік аптап әлі кете қоймаған, қайда қарасаң да сап-сары дүние, тіпті бау-бақша да жаз бойғы жалыннан қурап қалған, қала да, дала да, бақша да зеріктірген ұзақ жаздан шаршап тұр.

Қала құдығының алаңында жалаңаяғына тақалы башпақ киген ұзын бойлы хохлушка тұр, тұрпатына қарасаң қатын құдай секілді; хохол мен поляктің ұрғашыларына тән сопақ бет, қой көзді. Дмаңнан басталып тауға қарай созылған көшенің тұйығынан түстік көкжиек, дала қырқаларының сілемдері көрінеді. Осы көшемен құлдилап, тар тұйыққа бұрылдым да мещандар тұратын қала шетін жағалап, жазыққа жету үшін шабындыққа шықтым. Шабындықтағы боз саман үйлердің арасындағы қырмандардан селдір шаң будақтайды: бұл түнімен шулап шіркеу нақышымен он салатын жалдамалылар, енді астық соғып жатыр. Дөң басындағы көз жетер жер қаптаған астықтың алтын бауы. Жалпақ қара жол көпсіген борпылдақ топырақ, аяғыңдағы етік емес, құдды барқыт байпақ секілді. Бүкіл алқап, аңыз үстіндегі ауа да батар күннің шапағына малынып жатыр. Қара жолдың сол жағында, аңғардың жарлауытында ақ балшығы сатал-сатал саман там тұр, әлгі толстойшылардың хуторы осы. Мен жолдан бұрылып соған қарай аңызбен тура тарттым. Бірақ хутор иен екен, тамда да, тамның маңында да тірі пенде жоқ. Ашық терезеден басымды сұғып едім — қабырға да, төбе де, ыдыс біткеннің бәрі де құртша құжынаған қара шыбын. Одан мал қорасының ашық қалған қақпасынан сығаладым — көң-қоқырды жалаған күн сағымынан басқа дым жоқ. Бақшаға барғанымда кіші толстойшылдың әйелін көрдім, шеткі арықтың басында отыр екен. Мен жақындап келгенімде, көрді ме, әлде әдейі көрмеген болдыма, әйтеуір мені байқамады: қырын қарап қозғалмай отыр, жұдырықтай, жападан жалғыз, жалаңаяғын талтайтып созып жіберіпті, бір қолымен жер тіреп, бір қолымен аузына тістеген шөп сабағын ұстап отыр.

— Кеш жарық! — дедім қасына барып, — сонша неге мұңайып отырсыз?

— Қош келіпсіз, отырыңыз, — деді кекесін жымиып, сосын шөп сабағын ыршытып жіберіп маған күн жеп қойған қолын ұсынды.

Мен касына отырдым да бетіне тесіліп қарадым: бақша күзеткен жап-жас бала секілді көрінді. Шашы күнсіп қурап кеткен, көкірегі ашық қарапайым көйлек, мықынын тозған қара матамен тас қып буып алыпты. Шаң басқан кіп-кішкентай аяғы да күс, мынау көң-қоқыр мен тікенек үстінде жалаңаяқ қалай жүреді екен деп ойладым. Түбі біздің ортамыздың адамы болған соң жалаңаш тәнін жұртқа көрсетпейтін әдет еді, мен біртүрлі ыңғайсыздансам да көзімді балтырынан әкете алсамшы. Соны байқап қалып ол аяғын жиып ала қойды.

— Басқалары қайда кеткен?

— Бастары ауған жаққа, — деп мырс етті, — әулиесымақ біреуі егінжайға, бір жесір қатынның астығын орысам деп кетті, екіншісі қалаға, ұлы ұстазға хат әкетті: бір аптадағы бүкіл күнәміз бен кінәміздің, шыдам мен шынымыздың есебін әкетті. Оған қоса кезекті "сынағымыз" туралы да хабарлау керек қой: Харьковте Павловскийдің "бауырын" листовка таратқаны үшін түрмеге қамапты, әрине, әскери қызметке қарсы үгіт жүргізгені үшін де баяғы.

— Сіз тым көңілсізсіз ғой.

— Зеріктім, — деп шалқая беріп басын сілікті. — Бұдан әрі шыдайтын емеспін.

— Неден?

— Бәрінен. Маған папирос беріңізші.

— Папирос?

— Иә, папирос!

Мен папирос бердім де сіріңке жақтым, ол ыңғайсызданып асығыс сорып-сорып жіберді де ернін шүршитіп, әйелдерге тән түтінін сыздықтата үрлеп, йен далаға тесіліп үнсіз отырып қалды. Көкжиекке құлаған күн жауырынымызды тесіп, жанымыздағы желісі жыландай иірілген дәу қарбыздың бөксесін жалап тұр... Кенет ол папиросын лақтырып жіберді де басын менің тіземе сүйеп ағыл-тегіл жыласын келіп. Мен оны жұбатқан болып күнсіген шашынан сүйдім, иығын қатты қысып, балтырынан сипағанымда мұнда неге келе беретінімді түсіндім...

Ал Николаевка ше? Николаевкада не бар еді? Жол үстінде біраз нәрселерді жазған екенмін:

— Кременчугтен енді ғана шыққанбыз, кеш. Кременчугтің вокзалында, платформада, буфетте қаптаған халық, түстіктің қапырығы, түстіктің соқтығысқан әбігері. Вагонда да сол. Көпшілігі хохолдың қыз-келіншектері, бәрі де жастар, тотыққан, шетінен өжет, мынау жол мен ыстықтан әбден есіріп алған — "төменге" жұмыс іздеп бара жатыр. Денесінің жалындай ыстық лебімен де, қарапайым киімімен де, сөзімен де, жаудыраған ойнақы көзімен де дуалап есіңді алады...

— Днепр үстіндегі ұзыннан ұзақ көпір, оң жақ терезедегі көз ұялтқан қызыл күн, төменде қиырға дейін созылып жатқан сап-сары су. Құмдақ жағалауда тыржалаңаш шешініп тастап шомылып жүрген әйелдер. Мінеки тағы бір әйел көйлегін шешіп суға қойып кетті де шортаңдап жүзе жөнелді...

Днепр артта қалған. Орма мен шалғын бүркенген тау қойнауын кешкі көлеңке қымтап келеді. Жоқ жерден Святополк Окоянныйды есіме алғаным: дәл осындай бір кеште ол салт атпен шағын бір қолдың алдында келе жатқан еді — қайда барады, не ойлап келе жатты екен? Бұл осыдан мың жыл бұрын болған оқиға, сол жер қазір де тамаша. Жоқ, бұл Святополк емес, әлдебір тағы мұжық, астындағы аты көк тер, тау қолатын сағалап зорға аяңдап келеді, артында міңгескен әйел отыр, қолын арқасына қайырып байлаған, шашы дудырап, тізесі жарқырап, тістеніп мұжықтың желкесіне қадалады, ал мұжықтың екі көзі қиырда...

— Айлы түн. Сыз. Терезе сыртында мидай жазық, батпақты қара жол. Вагон бырдай боп ұйықтап жатыр, алакеуім, шаң басқан шамның ішіндегі жуан шырақтың тұқылы ғана қалыпты. Етекке түсірілген терезеден соққан дымқыл ауа вагонның күлімсі иісімен араласып танау қабады. Кейбір хохлушкалар серейіп етпетінен түсіп жатыр. Ашылған ауыздар, жейдені тепкен омырау, юбканы керген жуан бөксе... Біреуі оянды да тесіліп маған ұзақ қарады. Басқалары қалың ұйқыда, енді болмағанда сыбырлап мені шақыратындай көрініп еді...

Жексенбі сайын жылтиып мен келе беретін село бекеттен қашық емес, тақтайдай кең жазықтың ортасында. Бірде бекеттен түстім де мән-мақсатсыз сонда бардым. Ымырт үйіріліп қалған, алдағы бақтан ағарып үйлер көрінеді, одан берігірек алқам-салқам жел қапалағы ербейеді. Қасына жиналған тобыр, шиқылдаған скрипканың үні, тыпырлаған аяқтардың дүбірі естіледі... Мен бұдан кейін де бірнеше жексенбіні осында өлтіріп, осы тобырдың ортасында жүрдім, жарым түнге дейін тыпырлаған аяқтардың дүңкілін, скрипканың шиқылын естіп, енді бірде ән тыңдадым; ерні дүрдиген, көкірегі қаптай, сарғыш көз жирен қыздың қасына барып тұрамын, ығы-жығы жұрттың көптігін пайдаланып, білдірмей қолымызды тауып аламыз. Бір бірімізге қарамай, тып-тыныш турамыз, жігіттер сезіп қалса, қаладан келген әлдебір мырзасымақты оңдырмайтынын екеуміз де білеміз. Әуелде екеуміз кездейсоқ кездесіп едік, кейін менің келгенімді көргеннен-ақ бұлт етіп шығып, қасымнан табылады да кеш бойы қолымды босатпайтын болды. Қараңғы қоюланған сайын қолымды тас қып сығып, маған тығыла түседі. Түнде жұрт қарасы сиреген кезде сымп беріп қапалақтың артына барып тығылады да мен асықпай бекетке қарай беттеймін, арт жақта ешкім қалмады-ау деген кезде еңкейіп алып кейін қарай жүгіремін. Бір бірімізге тіл қатпастан, қапалақтың артына тығылып тұрып үн-түнсіз арманнан шығамыз. Бірде ол мені шығарып салды. Пойыздың жүруіне әлі жарты сағат бар еді, бекет басы тым-тырыс әрі қараңғы, тек мың сан шілделіктің ысқырығы ғана естіледі, алыста, селоның қалың бағын қып-қызыл ай тесіп шығып келеді. Түкпірдегі жолда есігі ашық жүк вагоны тұрған. Мен табан астында, не істегенімді өзім де білмей оны солай қарай сүйрей жөнелдім, вагонға кіруім мұң екен, ол да артымнан секіріп шығып, мойнымнан тас қылып құшақтап алды. Маңайымда не барын көріп алайын деп сіріңке жаққам, сасқанымнан кейін шегіндім: вагонның дәл ортасында ұп-ұзын арзан табыт тұр екен. Ол үріккен еліктей ыршып шыққанда мен де соңынан ердім... Вагон астында ол қайта-қайта сүрініп, күлкіден шашалып, мені сүйе берді, сүйе берді, мен болсам есім кетіп не істегенімді де білмеймін, әйтеуір содан кейін селоға қайтып аяқ басқан емеспін...

XXVIII

Күзде үлкен бір мерекені өткіздік, жыл аяғында барлық земствоның игі-жақсылары губерниялық жиналысқа қалаға келетін еді. Қыс та мерекесіз болған жоқ: Зеньковецкая мен Саксаганский бастаған малорусс театры гастрольге келді, астананың атақтылары — Чернов, Яковлев, Мравина концерт қойды, балмаскарад, қызықты кештер де аз болған жоқ. Земство жиналысынан кейін Мәскеуге, Толстойға барып қайттым, келісімен пендешіл тіршіліктің қызығына құмарта кірістім. Бұл да біздің өмірімізді біраз өзгерткен сияқты — үйге бір де күн тоқтаған емеспіз. Сөйтіп жүріп байқамай ара қатынасымызды да нашарлатып алған сияқтымыз.

— Сен тағы да жат адамға ұқсап кеттің, — деді ол бір күні. — Тісқақты еркек секілдісің. Ойда жоқта мына бір француз сақалын қоятын болдың.

— Не, саған ұнамай ма?

— Неге ұнамасын? Тек өзіңе жарасса болды да.

— Міне, сен де жас келіншекке ұқсап барасың. Ысылдың, бұрынғыдан да көрікті болдың.

— Сен тағы да мені қызғана бастадың. Саған айтуға қорқып жүрмін.

— Нені?

— Келесі маскарадта мен костюм кисем деп едім. Онша қымбат та емес, арзан бір матадан. Қара маска, жеңіл әрі ұзын қара киім.

— Сонда оның мәні не?

— Түн-дағы.

Демек, тағы да орлов күндері басталды десеңші? Түн! Бүл барып тұрған әдепсіздік.

Бұдан ешқандай өткенді де, әдепсіздікті де көріп отырғаным жоқ, — деді ол салқын әрі немкетті, мен осы салқындық пен еркінсуден баяғы бір күндердің жаңғырығын сезгендей болдым. — Сен тағы да мені қызғанатын болдың.

Неменеге қызғанамын?

— Білмедім.

— Жоқ, білесің. Себебі сен тағы да менен алыстап барасың, тағы да еркектерге ұнағың келіп, солардан қошамет күтесің.

Ол кекесінді күлген болды.

— Бұл дәп сен айтатын сөз емес еді. Сен ғой, қыс бойы Черкасонадан айырылмай қойдың.

Бетім ду ете қалды.

— Айырылмай қойдың?! Біз қайда болсақ ол да сонда жүреді, сол үшін де мен кінәлімін бе? Менің жаныма бататыны, сен бір түрлі менен қысылатын болдың, құдды жасыратын бір сырың бардай. Шыныңды айтшы, әлдебір құпияң бар ма?

— Мұңнан басқа не құпия болушы еді? — деді ол, — баяғы махаббатымыз сууға айналды. Оны айтып айтпай не керек...

Біраз үнсіздіктен соң:

— Ақыры сен ұнатпайды екенсің, сол маскарадқа мен бармай-ақ қойдым. Бірақ сен маған тым қаталсың, менің әрбір арманымды әдепсіздік деп тиып тастайсың да, ал өзің ойыңа келгеніңді істейсің...

Көктем мен жазда тағы да сайрандап кеттім. Сарша тамызда Черкасовамен тағы да кездестім (расында бұған дейін арамызда ештеңе болған жоқ еді). Ол Киевкс ауысқалы жүр екен.

— Сүйіктім, мен сені біржола тастап кетейін деп тұрмын, — деді қырғи көзін маған қадап тұрып. — Күйеуім сол жақта күте-күте жалықты. Мені Кременчугке дейін шығарып саласың ба? Әрине, өте құпия түрде. Мен сонда пароход күтіп бір тәулік отырмақпын...

XXIX

Қарашаның айы еді, малорусстің мылқау қаласы әлі күнге көз алдымда: қараңғы иен көше, тақтай төсеген тар тротуар, қорған ішіндегі сидиған жапырақсыз бақ, бульвардағы жалаңаш теректер, йен қалған қала бағы, терезелерін шегелеп тастаған жазғы мейрамханалар, жылбыраған сызды күн, шіріген жапырақтың зират мүңкіген иісі — одан соң сол көшелермен, сол бақпен мақсатсыз қыдырған кезім, бір көргенімді, бір ойымды мың қайталаған сәттерім... Жетіскен ой да емес, әрі ауыр, әрі үрейлі, енді қайтып басқа бере көрме деп жаратқанға жалбарынсаң да болғандай.

Оқта-текте айтып қалатын жан күйзелісі бір сәтте бұрқ етіп тағат таптырмай есінен айырды ма, кім білсін. Ағам Георгий сол күні кызметтен кеш келіпті, мен одан да кешігіп жеткенмін (біздің кеш қайтатынымызды ол білген, өйткені басқарма тағы да жылдық жиналысқа дайындалып жатқан), ол үйде жалғыз болатын, ай сайын тысқа шықпай бірнеше күн жатып алатын әдеті еді, ол күндері көңіл-күйі де қатты құбылатын. Байқаймын, түнемелдегі тахтада әдеті бойынша аяғын бауырына жиып ұзақ жатқан сияқты, шылым шегіпті, саған жараспайтын нәрсені таста деп қанша айтсам да тыңдамай соңғы кезде темекі тартатын болған, өзімен-өзі төрт қабырғаға тесіліп қанша жатқанын кім білсін, бір кезде атып тұрып бір жапырақ қағазға маған бір ауыз сөз жазыпты (ағам оны түнемелдегі туалеттен тауып алыпты), содан соң қолына іліккен заттарын жинаған, біразын қалай болса солай шашып кетіпті, оның шашылған дүниесін жинап, бір жерге тыға салуға көпке дейін менің дәтім бармады. Түнде ол тым ұзап кеткен, төркініне, әкесіне кетіпті... Неге мен соңынан қумадым екен? Мүмкін арсыздығым шығар, әлде оның бір бетінен қайтпайтындығын жақсы білетіндігімнен болар. Менің сан рет жіберген жеделхатым мен хаттарыма екі-ақ ауыз жауап келді: "Қызым кетіп қалған, мекен-тұрағын ешкімге айтушы болмаңдар деп тыйым салды".

Алғашқы кезде қасымда ағам жүрмегенде күнімнің не боларын кім білсін (дәрменсіздігін, амалсыздығын айтпағанның өзінде). Оның тастап кеткен бір ауыз хатын да ол бірден қолыма ұстата қойған жоқ, әуелі мені бір жамандыққа дайындады да кейін қысылып, көзіне жас алып тұрып зорға берді. Бір жапырақ қағазға баттитып тұрып жазған екен: "Күн өткен сайын менен алыстап бара жатқаныңды көргім келмеді, күн өткен сайын менің махаббатымды қорлағаныңды көтере алмадым да сол махаббатымды көңілімнен көшіргім келмеді, бар үмітім мен арманымды жоқ қылған қорлықтың шегіне жеткенімді түсінбеске де шара қалмады, ендігі құдайдан тілерім, екеуміздің ажырасуымыз жаныңа жарақат салмаса екен, мені ұмыт, енді мүлдем басың бос, жаңа өміріңде тек қана жақсылық, бақыт тілеймін..." Мен мұны бірден көз жүгіртіп оқып шықтым да аяғымның астынан жер көшіп, тебе құйқамның мұздағанына қарамастан бетім былш етпей:

— Несі бар, баяғыдан осыны күтіп едім, түңілу деген екінің бірінде болатын оқиға! — дедім.

Осыдан кейін мен түк болмағандай түнемелге барып тахтаға жата кеттім. Ымыртта ағам ақырын келіп есіктен сығалағанда мен өтірік ұйықтаған болдым. Әлдебір бақытсыз жағдай бола қалса әкем соны жақтырмай қашқақтай беруші еді, менің ұйықтап қалғаныма сенгісі келген ағам да кешкілік басқармада болатын жиналысты сылтауратып киінді де кетіп қалды... Мен сол түні өзмді-өзім атып тастайтын едім, бүгін болмаса ертең атармын деген шешіммен аман қалдым. Бақ жақтағы айдын алакеуім сәулесінсн бөлме ағараң тартқан кезде ас бөлмеге бардым да шам жақтым, буфеттен шай кесемен екі дүркін арақты тартып жіберіп көшеге шықтым... Көше мылқау, үрейлі еді, жылы, бірақ дымқыл жалаңаш бақта да, бульвардағы теректердің арасы да, бүкіл дүние ай сәулесі мен ақ тұманның қойыртпағынан шымылдықтап тұр... Бірақ үйге қайтқым келмеді, түнемелге кіріп шырақ жағып, шашылып жатқан шұлық, туфлиді, жазғы көйлек, ұйқыға кетер алдында оны құшақтап бетінен сүйіп, ыстық деміне құмартқан сәтте үстінен керетін шұбар ала халатқа қарап тұрудан өткен азап жоқ екенін сездім. Бұл азаптан құтылу үшін ағыл-тегіл жылау керек еді, жылау үшін де оның өзі керек еді, ал ол болса жоқ.

Ал келесі түннен қалай құтыларсың. Өлеусіреген сол шырақ, тым-тырс сол түнемел. Тас қараңғы терезенің сыртында қара күздің толассыз жаңбыры ұрып тұр. Мен шалқамнан түсіп жатырмын, көз алдымдағы бұрышта ескі икон, күнде жатар алдында соған шоқынушы еді: тым ескі, жылтырата жонылған тақтай, бет жағы боялған, сол қызыл лакпен боялған бетінде алтын киімді қатын құдай — жүзінде қайғы, шаралы қарақат көзінде қап-қара шеңбер бар. Қорқынышты шеңбер! Қорқынышты ойдың шырмауық күрмеуі: қатын құдай — сосын ол, мынау бейне, сосын мынау асығып, арпалысып жүріп шашып кеткен әйел заттары.

Бір жұма өтті, екі жұма өтті, ай өтті. Мен қызметтен әуелде-ақ бас тартқанмын, ешқайда шықпай, жұрт көзіне де түспейтін болдым. Ойыма келмейтін нәрсе жоқ, бәрі де өткен күндердің елестері, күнді күн демей, түнді түн демей — сонда мен, әлдебір заманда, әлдебір жерде, әлдебір славян мұжықтары орманның ойлы-шұңқыр жолымен қазына толы қайықтарын сүйреймін деп азапқа түскен шығар-ау деп ойладым.

XXX

Бір ай болды, үйге кірсем де, қалаға шықсам да қыр соңымнан қалмайтын болды. Ақыры бұл азапты көтеруге шамамның жетпейтінін сездім де Батуриноға кетемін деген шешімге келдім — болашақты ойламай біраз уақыт тыныш жату.

Ағаммен асығыс қоштастым да жүріп бара жатқан вагонға қарғып міндім — уһ, аспандағы құстай, бұйыртса еркін самғайтын болдын! Қар жоқ, қыстың қара-құрым кеші еді, вагон тарсылдап жөнелді. Мен есік көзіндегі бұрышқа чемоданымды қойып орналасқан болдым, есіме соның көзінше қайталай беретін: "Құс ұшуға жаралған, адам бақыт үшін жаралған" дейтін мақал түсті. Көзімнің жасын ешкім көрмесін деп күрсілдеген вагонның қап- қара терезесіне қарадым да отырдым. Харьковке жеткенше алда бір түн бар... Осыдан екі жыл бұрынғы Харьковтан шыққан түнді есіме алдым: көктем еді, таң атып келе жатқан, алакеуім вагон, ол тәтті ұйқыда болатын... Қазір фонарь түбіндегі қара көлеңкеде отырмын, мынау күңірсік тар вагонда ойлағаным бір-ақ нәрсе — тезірек таң атып, жұрт оянса екен, Харьков вокзалының ыстық кофесіне жетсем екен...

Келесі Курск, бұл да есімде: көктемгі талма түс, екеуміз таңғы аста отырмыз, ол қуанышты: "Мен тұңғыш рет вокзалдан тамақ ішіп отырмын!" Қазір сұп-суық аязды сұрғылт күн, вокзал алдында ерепейсіз ұзын біздің жолаушы пойызымыз түр, шұбырған үшінші класс вагондарының тізбегі, Курск-Харьков-Азов теміржолының пошымы қашан да осы. Мен тысқа шығып қарадым. Паровоз тым алыста тұр екен, көзге әрең шалынады. Шайнек ұстаған жолаушылар вагон баспалдағынан қарғып түсіп жатыр — бәрі де буфетке, ыстық суға жүгіріп барады, бәрі де маған біртүрлі жексұрын. Менің көршілерім де шықты: самарқау, өзінің семіздігінен шаршаған көпес, сонан соң қолды-аяққа тұрмайтын шошақай бала, кеберсіп кеткен беті мен шырыш басқан ерні жол бойы менің жүрегімді айнытып еді. Бала маған күдікпен қарады, күні бойы бұл да менен көз алмап еді, ойласа керек: мыңқ етпей отыра береді, барчук пе, әлде басқа біреу ме, кім білсін деп, бірақ маған асығыс жанашырлық танытып жатыр:

— Есіңізде болсын, бұл жерде қуырған қаз сатылады, керемет арзан!

Мен де буфетті ойлап тұрмын, бірақ бара алмаймын, онда бір кезде екеуміз отырған үстел бар. Орыс қысының аязды ызғары шалқып тұр, бірақ қар әлі жаумаған. Батуринода мені қандай көр күтіп тұр екен? Әкем мен шешемнің кәрілігі, солып бара жатқан қарындасым, кедей усадьба, кедей үй, суық жел, аласарып кеткен жалаңаш бақ, ұлыған иттер — қыстың желді күндерінде тұла бойыңды түршіктіріп жапан даланы есіңе салады... Пойыздың құйрығы да көрінбейді. Қарсыдағы платформаның арғы бетінен сидиған теректердің сыбыртқысы ербейеді, оның ар жағындағы тас алаңқайда жолаушы күткен арбакештер, әбден зеріккен, жүздерінде тек қана уайым. Теректердің түбінде қатар-қатар қатындар, белі-басын шәлімен қымтап алғанымен суықтан бүрісіп көгеріп кеткен, дауыстап әркімдерді шақырған болады, саудалап тұрғандары әлгі қисапсыз арзан қаздары. Ыстық суға қолы жеткендер тырапайлап жылы вагондарына жүгіріп келеді, жол бойы қалшылдап тұра қалып қатындармен саудаласқан болып жатыр... Ақыры тажалдай күжірейіп алыстан паровоздың қарасы да көрінді, мені тағы да жолға жұла жөнелмек... Менің шарасыздығым — оның қайда кеткенін де білмеймін. Егер білсем, ұятты жиып қойып, қай жерде жүрсе де тауып алып, неде болса ертіп келген болар едім — оның бұл қылығы ашу үстіндегі есерлік, соны мойындауға ұяты жібермей жүрген шығар-ау.

Менің қара орманға қайтып келуім осыдан үш жыл бұрынғыға мүлдем ұқсаған жоқ. Қазір бәріне де басқа көзбен қарадым. Менің жол бойы ойлағанымдай емес, Батуринода одан да жаман болып шықты: деревняның мыжырайған үйлері, тағы боп кеткен алба-жұлба иттер, батпаққа мелшесінен батқан есік алдындағы су таситын бөшкелі арба, усадьбаға кірер жол да мый батпақ, терезелері сықсиған үңірейген үйдің алды бос, сонау ата-бабадан қалған бастырма мен баспалдақтың тақтайлары да заманы өткен соң бозарып ақжемтір тартып кетіпті — бәрі де тозған, иесіз қалған мекен секілді, йен жұртты күңіренткен суық жел жалаңаш бақтан сорайып тұрған үй артындағы жалғыз шыршаны да аяусыз жұлқылап жатыр... Үй тіршілігінен де тақыр кедейліктен басқа түк көргенім жоқ — жарылып кеткен пешті балшықпен баттастырып сылап қойыпты, еденнің жарығына жылы болсын деп мұжықтың ескі тайтерісін төсеп тастаған... Осының бәріне қасақана қырсыққандай тек әкем ғана жинақы жүр: жүдеген, аласарып қалыпты, шашы аппақ қудай, қашанда жылтырата қырынады, шашын жылмитып тарайды, бұрынғыдай алқам-салқам киіну жоқ, қартайғандағы кедейдің кербездігін көру де қиын екен, басқалардан көңілді де пысық (байқаймын, мұнысы да мен үшін, менің сорым мен масқарамды жасырғысы келгендегісі). Бірде папирос қыстырған тарамыс саусақтары дірілдеп, мұңайып тұрып айтқаны бар:

— Солай, достым, бәрі де заңды — уайымың да, қайғың да, жастық шақтың қуанышы да, кәріліктің тыныштығы, жалған дүние де... Қалай еді? — деді көзі күлімдеп, — "тыныштықтың ләззаты" деуші ме еді құрғырды:

Түкпірдегі бір қуыста үйездеп,

Даланың қәусарынан күй іздеп.

Құлақ кесті күркемізде жатамыз,

Тыныштықтың ләззатын күнде іздеп...

Әкем есіме түскенде кеуілімді өкініш тырнайды — мен оны жете бағаламаппын, қадірін білмеппін-ау деп. Әр кез кінәмді сезінемін — мен оның өмірін білмейді екенмін, әсіресе жастық шағын, мүмкіндігім бола тұрса да уақытында көңіл бөлмеппін. Кейін қанша тырысқанмен оның қандай адам екенін түсіне алмай-ақ қойдым — ерекше ғасырдың, ерекше жаралған адамы секілді, өмірін босқа сарып қылған ғажайып таланттың иесі, әр нәрсені бір көргеннен танып, қайтып жаңыла бермейтін, айнымайтын үлкен жүректі кемел ақылды жан дүниесіне сыйғыза білген кісі, мінезі сырттай қарапайым, ал іш қатпары қалың, көзі қырағы, табиғаты романтик. Сол бір қыста мен жиырмада едім, ол алпыста болатын. Бір кезде мен де жиырмада болғаныма сенгім келмейді, жастығым жайнап, жігерімнің тасып тұрған шағы. Ал оның бүкіл өмірі артта қалған. Сол қыста менің жанымды одан артық түсінген ешкім жоқ, оның бір басында жастық пен сары уайымның тоғысқанын ешкім сезген де жоқ. Сол күні біз кабинетте отыр едік. Қар жауып қалған, тып-тыныш ашық күн болатын, аула жап-жарық, кабинеттің аласа терезесінен күн сәулесі төгіліп тұр, кабинет іші ыбырсып жатыр, темекінің көк түтіні, бірақ жып-жылы, осы бір ыбырсыған қалпы, өмір бақи өзгермейтін мүлкі, әкемнің бүкіл мінезі мен әдетін еске салып тұратын жылылығымен маған бала кезімнен қымбат еді, ол туралы да, өзім туралы да естелігімнің бәрі осы кабинеттен басталатын. Ол "тыныштық ләззатын" айтты да папиросын қойып, кабырғадан ескі гитарасын алды, сосын өзінің қатты ұнататын әлдебір халық әуенін ойнай бастады, күлімсіреген көзінде, қадалып отырған жанарында әлдеқандай жұмбақ бардай, сол жұмбақ гитараның мұңымен қосылып өтті-кетті өмірдің өкінішін жоқтап, бұл дүниеден кезінде бәрі де жоғалады, сол үшін көз жасын бұлаудың қажеті шамалы дегендей...

Келген соң да мен көпке шыдай алмадым, бір күні бәрін тастап, жын қаққандай қалаға тарттым да сол күні құр өзім қайтып келдім: доктор мені үйіне кіргізген де жоқ. Шанадан қарғып түстім де ежелден таныс, енді тозақтың аузындай болған үрейлі подъезге жетіп бардым, зәрем қалмай пердесі жартылай жабық ас бөлменің терезесіне қарадым, дәл осы бөлмеде, сонау бір күзде, сонау бір алғашқы танысқан күндерімізде екеуміз диванда отыратын едік.

Қоңырауды тартып қалдым... Есік сол сәтте-ақ ашылды да бауыры екеуіміз бетпе-бет түйісіп қалдық. Бауыры сұп-сұр боп тұтығып:

— Әкем сізді көргісі келмейді, — деді. — Ал әпкемнің мұнда жоқ екенін өзіңіз де білесіз.

Бұл баяғы Волчокпен жарысып баспалдақпен жоғары-төмен сатырлатып жүгіре беретін гимназист.Қазір менің алдымда түсі суық бидай өңді бозбала тұрды, үстінде офицер үлгісімен тіккен қисық жағалы көйлек, аяғында биік өкшелі етік, қара мұрты енді дана тебіндеп келеді екен, қап-қара көзінде өшпенділіктің ызғары бар.

— Кетуіңізді өтінем, — деді ақырын ғана сыбырлап, көйлегінің астынан жүрегінің дүрсілдеп соққаны білініп тұр.

Дегенмен, қыс бойы күн сайын мен одан хат күттім — бірақ дәл осындай тас жүрек деп ойлаған жоқ едім.

XXXI

Оның алғашқы жалақысынан маған сыйлаған қоңыр тысты дәптері күні бүгінге дейін менде сақтаулы: мүмкін оның өміріндегі ең бір әсерлі сәті де осы шығар... Оның алғашқы бетінен маған сыйлап тұрып жазған бірер ауыз сөзін әлі де оқуға болады — асығыстан, қобалжу мен қысылғаннан кеткен екі қатесі бар...

Ол үйіне өкпесі қабынып жетіпті де, бір аптаның ішінде көз жұмғанын мен сол жылдың көктемінде бірақ естідім. Тағы бір білгенім, өзінің бұл өмірде жоқ екенін менен ұзағырақ жасыра тұруды өтініпті.

Жуырда мен оны түсімде көрдім — одан айырылғаннан бергі онсыз өткен ұзақ ғұмырымда бірінші рет. Баяғы жас кезіміздегі бірге өткізген күндерімізден мысқалдай да өзгермепті, тек бетінде әдеміліктің семе бастаған ізі бар секілді. Тым жүдеу екен, үстіне қаралы бірдеме киген сияқты. Маған бұлдырап қана көрінді, бірақ дәл осындай оған ынтық болмаған шығармын, жаныммен де, тәніммен де дәл осындай ешбір жанға бар сезімімді шашпаған шығармын.

1927-1929.1933

Теңіз жағалауындағы Альпа.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар