Өлең, жыр, ақындар

Ескексіз қайық

(роман)

Бірінші бөлім

1

Тосковать о том, кого любишь, много легче, нежели жить с тем, кого ненавидишь.

Жан де Лабрюйер

— Жәзира... Жәзира!

Ол көзін ашты. Күн әлі сол тас төбеде, шақшиып тұр; Қапырық ыстықтан құп-құрғақ ауа шыңылдап барады. Апыp-ай, дауыстап шақырған кім? Төңіректе жан жоқ, тым-тырыс. Мүмкін маған біреу айқайлағандай көрінген шығар? Жаңғырық па? Бірақ жаңғырық қайдан туады? Ол болса, неге қайталанбайды? Құдай біледі, құлағым шулаған. Дәл солай, әйтпесе менің атымды атайтындай тірі пенде кәне?!..»

Жәзира басын көтеріп, мойнын соза жан-жағына қарап қойды; әйтсе де саялы, арба көлеңкесінің астынан шыққысы келмеді. Жайлана, шалқалай қайта жатты. Үстінде қызғылт, ақ жағалы көйлек. Керзі етік арбаның артқы доңғалағының қасында тәлтиіп тұр, жанында жаюлы сарғыш шұлғау, әріде екі қап қи.

Айтпақтайын... Шолақ мүйіз сары өгіз жүр ме өзі? Су іздеп ауылға тартып отырмасын...» Келіншек үркектей жерден басын жұлып алды, арбадан жүз қадамдай сай жиегінде жайбарақат шөпті тілімен орай шалып жүрген өгізді көріп, көңілі көншіді ме; алаңсыз қайта қисайып, көзін жұмды.

Енді қайтып оны жан баласы шақырмады, әлден уақытта ол сүт мұнарлы тұңғиыққа түсіп кеткендей болды. Жо-жоқ, айдында жүзіп барады; міне енді тіпті халықтай ұшып келеді. Төменде жоталы қыраттар, тақ-тақта жасыл ойпаттар сырғып қалып жатыр. Әлдеқайдан салқын, шипалы самал еседі. Кәусар, тап-таза ауа. бұлаққа енді бірде сылдыр-сылдыр еткен нәзік, жағаның қиыршық топырағын аймалаған болмашы толқын үні шалынады.

Беті айнадай жарқырап, шымырлап жатқан мынау өзен ғой. Өзеннің арғы бетінде құнан жалдана қарауытып орман көрінеді. Күн арайы қан қызылдана оның үстінен аса, төгіліп кетті. Жәзира көгілдір суды қос қолымен көсіп алып, бетін шыламақ болған, сүйріктей нәп-нәзік ақ саусақ арасынан сынапша сырғып, түк қалмады... Осы кез ол қиырдан қара ноқаттай бір нәрсені көзі шалды, міне, қызық... алыстан қанаты қатпаған үйректің балапаны сияқты, әлгі жан ұшыра жүгіріп, көкке самғай ұшқалы талпынғандай да болады... Жәзира өзенге суға келгенін де мүлде ұмытқан, екі көзі сол бір жұдырықтай қарада. Ол жақындаған сайын зорайып, үйрек балапанының тұмсығы бірте-бірте сүйірлене, қанат қағысы серпінді, құлаштай созыла түсті. Балапан — қайыққа, қанат — алымды ұзын қара ескекке айналып келеді. Үстіндегі күн қақты, қара шашты, жалаңбас жігіттің ойнақы, шалқалай түсіп, ырғай жеп-жеңіл тартқан ескегі су бетін шапалақтамай, екі жанына ақ көбік, қозы құйрық толқын тастап барады. Желсіз тып-тынық күнде майдай жалтырап жатқан айдын бетін қайықтың пышақ жүзіндей өткір, сүйір тұмсығы жеп-жеңіл тіліп келеді. Екпіні арынды, үрдіс. Шаңқ-шаңқ еткен ащы ақ шағала үні де оны қамшылай түсетін тәрізді, өзен де терең күрсіне толқып, қайықты келіншек тұсынан зымырата өткізіп жіберді. Міне, оның алғашқы толқындары да жағаға кеп соғылды. Жәзира бір сәт мынау мақпалдай жұп-жұмсақ ауаны, таңғы тәтті тыныштықты серпілте ән салғысы, жаңғырықтыра айқайлағысы келді. Әйтсе де оған батылы жетпеді; өйткені бұл жаңа түскен жас келін үшін ибасыздық қой, әрі әлдекім ести қалса, күліп жүрер деп ығыстады.

«Қара қайық... Шағала тұмсық қара қайық ағысты өзен бетінде қалықтай ұзап барады. Мүмкін, ол менің құстай ұшқан жастығым шығар? Қайықты қол бұлғап неге тоқтатпадым? Ал, «мені де өзіңмен ала кетші, тастамашы» десеші, Жәзира? Бәлки, дауыстамағаны жөн болар? Қайдам... Жылы ұясы — туған ауылын сағынып жүрсе ше?.. Қазір әкетайым не істеп отыр екен? Ауға шықты ма? Міне, осы ауылға келін боп түскеніме де үш жұма. Үш жұма емес-ау, бақандай үш жыл десеңші. Рас, Наурыз жуық арада барып қайтармыз абзалы» деп уағда еткен... Иә, айтпақшы әлгі қайық зым-зия қайда жоғалып кетті?»

Жәзира бес-алты қап тезек, шөп салған бәкене арба үстінде бейқам жатыр. Сәл көзі ілініп кеткен, кәдімгідей тынығып қалыпты. «Иә...» — деді ол. Сары өгіздің сылбыр аяңы да, зәрсіз мынау күннің шуағы да, айнала бойкүйез тыныштық та оған бір түрлі таныс, неткен дағдылы тіршілік еді! Осылайша соғыс алдындағы бейбіт өмірде де, қақ қазіргідей шығармақ, шуақты күнде тезек теріп қайтқан тұғын: иә, онда Жәзира жас, бұл ауылға жаңа түскен келін...

Ат тұяғының дүсірін естіп, ол селк ете түсті, асыға-аптыға көйлегінің өңір ілгегін түймелеп, басын көтеріп алды. Арбамен қапталдаса келіп қалған салт атты ақсұр, дөңес мұрын, әскери шинелді жігітті көргенде Жәзира бойын табан асты бір сергектік билеп іші-бауырын жып-жылы толқынды сезім шарпи жөнелді. Еріксіз алқызыл қытықшыл ерніне күлкі үйіріліп, көз астынан күлімдей қарай қалды. Жігіттің де аш жанары осы бір жылы сәулені іздеп келгендей екен де; іліп әкетті.

— Жол болсын, Жәзира!..

— Әлей болсын.

— Қайдан келесің?

— «Көп құдықтағы» ескі қыстақтан тезек әкелем. Өзіңіз ше?

— Сені іздеп шыққам?!

— Рас па? Қызық екен...

— Сенбеймісің? — деді жігіт сау, оң аяғымен атын тебінe түсіп.

— Шүбәм бар.

— Неге?

Жәзира жолдың жиегіндегі шөпті шалып, әбден жайбарақат бір күйге түскен шолақ сары өгізді қамшылап қойды: тамақ астынан орай тартқан қызыл ала кәсеңкесінің маңдайға қашқан жиегін қол сыртымен, ойнақы ерке-тотай қылықпен жедел кейін ысырып та үлгірді. Жігіттің де әлденені күтіп, сүйсіне өзіне телміре қалғанын да ол жаңа байқады. Ұялы бота көзін, ұзын қайқы кірпігінің аясына жасырмай жарқ еткізе төңкере тастап күліп жіберді; көңіл жайлауына қуаныш құсы қонып, бір сәт мынау сұрғылт күзгі дала да оған шырайлы, ыстық тартып барады. Іле өзін билеген тосын сезімнен шошынып: «Маған не көрінді? Неге күлдім?» десе де, өзін-өзі тоқтата алмады. Көмейге тығылған күміс күлкі, сыңғырлай төгіле берді, әлдене қытықтан, елеуретіп жібергендей. Жігіттің қысылып, тіптен дәрменсіз күйге түскенін де елейтін емес. «Сонда қалай, мына жігіт кісі күлерліктей болғаны ма? Ал, оның несі күлкілі?» Жігіт те күлді. «Бұныкі не күлкі?..»

Жас келіншек өз-өзінен қуыстана қызарақтай, әзер тоқтады. Жігіт те жалтақтай көз тастап, іркіле берді. Екеуі де күлкілерінің еш себепсіз, тіпті орынсыз екендігін де енді сезгендей, әйтсе де пәлендей сөкеттігі жоғын тек ойламаған жерде кездесіп, бірін-бірі маң далада, көлденең кеселді көзден бөлек, еркін қызықтай көріп, тілдескендеріне қуанышты еді... Қазір бұлардың осы бір бақытты сәтін әлдекім көрсе ғой — сан саққа жүгіртіп, ойдай өсекке қалдырады! «Өзі неткен ашық, ақжарқын, тіптен қорғансыз, ә?! — деп ойлады Жәзира,— қарапайым, Наурыздан гөрі мұнымен тіл табу да оңай шығар...»

— Жәзира...

— Ау?..

— Шын көңілімнен, жүрек әмірімен бір сауалдың ұшын сездіргендей едім. Сен оны жел сөзге балап, бос қылжақ деп ұқтың-ау деймін. Сенбедің бе?

Жігіт жұлына берген атының тізгінін шірене тартып, тежеп қойды. Арба үстіндегі қалың, жұмсақ көк шөпте толықсып, жүріс ырғағына қарай тербеліп отырған жас келіншектің шырайлы жүзінен ол көз алар емес, жақын да болса — алыс сияқты. Төңіректе тірі жан жоқ, бұл ғаламда тек қана екеуі!

— Дүниеде үріп ауызға салғандай қыз аз ба? — деді Жәзира қарсы сауал айтып.— Ал, менің дәл өзіңдей жігітім, ашығына көшсек, күйеуім бар.

— Білем,— деді Ықсан басын төмен сап.

— Міне, мұның дұрыс, білсең сол.— Жәзира неліктен «сіз» демей, «сен» деп келе жатқанына таңданды; әрі мынау жігіт сияқты өзі де әлденеге өкінішті, ренішті екенін сезінді. Сол бір жұмбақ жәй қытығына да тиіп, ызаландырып келеді.— Қысқасы менің басым бос емес.

— Білем.

— Мен Наурыздың заңды әйелімін,— деді ол айтпаса да айдай анық, белгілі жәйді асыға-аптыға білдіріп.

— Білем.

— Күйеуімнің көзіне тірісінде шөп салмақ ниетім де жоқ.

— Түсінем.

— Демек, біз бір-бірімізді іздемеуіміз керек.

— Білем.

— Өте жақсы, білсең, менің жауабым осы.

— Көзім барда, сізді көрмей мен тірлік ете алмаймын. Кімнің әйелісіз, менің онда да шаруам жоқ... Еркіңіз білсін. Тек маған қарама демесеңіз екен,— деді жігіт налып.

Жол ирелеңдей жорғалап, түйе тайлы бел үстіне иек артқанда, етектегі ауыл да алақандағыдай ал-айқын, алдынан шоғырлана шыға келді. Ықсан үнсіз, мұңая отырып қалған келіншекке:

— Әзірге саушылықта бол, Жәзира,— деп атын тебініп, ауылдың шығыс бетіндегі фермаға бет түзеді. ол келіншектің абыройын ойлап, ел адамдары бірге көрмесін, өсектемесін дегені еді.

Жәзира жігіт соңынан ұзақ қарап, көзімен ұзатып салды да, өгіздің делбесін қағып-қағып жіберді:

— Шу!

Өгіз жұлқа тартып, ауылдың жақындығын сезді ме, бүлкектей жөнелді.

2

Жәзира хатты оқып болысымен көршісі Балым қарияны шақырғалы ұмсына түсіп, іркілді; даладағы беймаза жауыннан жасқанып қалған сияқты. Күпейкесін қазандыққа таяу қағылған қара шегеге қайта іліп жатыр. Ылғи таң құланиектене тұрып, салығып жүргендікі ме, жоқ әлде бойы жылып, марғау тартты ма, кім білсін; әйтеуір ол күндегідей сергек емес, қазір тым сүлесоқ. Мойнына ысырылып кеткен шәлісін де түземестен қазандық аузына кеп отырды. «Үш күн отасқан саған не айып? Үш күнге бола бағыңды байлама. Естимісің, ол сен көрген, сен сүйген Наурыз емес. Екі аяғы, қолы жоқ, ғаріп. Бейшара. Сәби ғой. Иә, сәби. Сәбиден де жаман. Үмітсіз тірлік... «Кел...» деуің балалық. Ойлан. Әлі кештік етпейді. О да өз пешенесіне жазғанды көрер. Үкімет бар. Далаға тастамайды. Сені де ешкім жазғырмайды» — дейді почташы әйел. Ол әрине сені де, мені де білмейді. Маған жаны ашып айтқаны ғой... Наурыз... Наурызым менің. Әлі сол бала мінезің қалмаған екен-ау. Келейін бе дегенің не? Қызықсың-ау... Келме деймін бе мен саған? Мөлдіреген көзің көріп, жүрегің мен деп соқса қайда барасың? Құдай-ау бұл өз үйің емес пе? Естимісің?..»

— Өз үйің! — деп қалды. Даусы қатты шықты. Ол өз үнінен өзі шошып басын көтеріп алды. Алдындағы жанып бітуге таялған қурайды қазан түбіне көмейлете ысырып, қара көсеумен қопсытып қойды. Бықсып, сөнуге айналған отын қайта лау ете түсті...

Жас келіншектің көз алдынан Наурызбен қосылғаны, оны майданға шығарып салып тұрғаны... Сегіз ай бойы хабар-ошарсыз кеткенде меңіреу адамдай талай түн кірпік қақпай осылайша қазан аузында отырып өткізгені, бойына біткенінен айрылған боранды күндері тізбектеле сырғып кетіп жатыр. Бәріне шыдаған. Тістеніп, өзекті өртердей алақұйын сағыныш жалынын ішінен тұншықтырып сырт көзге сыр алдырмай келіп еді; бұ жолы шыдай алмады. Үзіліп кетті... Енді міне өзін-өзі тоқтата алмай, жәбір көріп, мұңын шаққан сәбидей егілді.

Даладағы жауын толастайын деген сияқты; терезе шынысын сабаламай сырт-сырт шертіп қойып қана тұр. Өгейсіген ала-көлеңкеде бөлме іші онан әрі бұйығы тартып, бойкүйездене түскендей. Жәзира манағыдай емес, кеудесін көтеріп, алдындағы отқа қарап тас мүсіндей қатып қалыпты. Сытыр-сытыр жанып жатқан қурайды да ысырып қоятын уақ болған. Әйтсе де оны көріп отырған Жәзира жоқ. Ақ көбіктене қайнаған қазан да аракідік: «Менің қақпағымды ашып, сапырар уақыт болмады ма» дегендей шыж ете қалады. Қазының сұр иісі ғана жадау үй-ішіне тоқтық пен жылылық ұялатып тұр. Бір сәт келіншек ұйқысынан оянғандай селт етіп басын көтеріп алды; жан-жағына жаутаңдай қарап, орнынан тұрды. Бықсып, сөнуге айналған қурайды қазан көмейіне ысырып тастап, төргі бөлмеге кірді. Мұржасы жарық-жарық, жартылай қағаз жапсырылған жетілік май шамды ұстап, қазандық басына қайта кеп отырды. «Наурыз... Наурыз келе жатыр»,— дей береді баяу күбірлеп. Жүзінде алып ұшқан жас жанның асығыстығы бар. Шамды жағып, мұржасын кигізді. Пілтесін көтеріп қойды. Мұның бәрі еркінен тыс істелді. Орнынан тұрып, төргі үйдің терезесінің алдына апарып қойды. Шымылдық пешпен бөлінген бір-ақ бөлме ғой. Қазандық жақ отын-судың орны. О жерге көктемде төл де байлайды.

Қазақтың көпшілік үйі осындай: төргі бөлмеге кіретін есік бір жақ шетінде болса, ол аз дегендей, қазандықтың тұсында үңірейген терезе орнындай тесік және бар. Сол жерден ауыз үйдегі ас иісі келіп, бөлмені ыстайды. Қазірде сұр иісі үй ішіне түгел тарапты. Жәзира шам жарығына қуана қарады. Иә, бұл үйге біраздан бері жарық та жағылмаған. Үнемі егіс басында, фермада жүріп, бас қисайған жерге мызғып алатын; қандай тар заман, қысылтаяңда да ел кең ғой. Қай үйге қонса да, ол үшін көрпе-жастық қалайда табылатын.

Жәзира иығынан жерге түсіп кеткен орамалына еңкейіп еді, киіз үстінде бетін шаң басып жатқан сынық айнаны көзі шалды. Қуана қолына алған; енді үркіп тұр. Онсыз да сұрғылт жүзін онан сайын бұлдырата түскен тозаңды да сүрткісі келмеді. «Неден үріктім? Екі бетім дуылдап, қысылам. Не көрінді маған? Құдай-ай, беті ашылмаған қыздай болдым-ау?» Бір тізерлей отырып үстіндегі тік жаға, қынама бел ақ көйлегінің етегімен айна бетіндегі шаңды жасқана сипап өтті. Ар жағынан оң жақ бетінде бұршақтай меңі бар, бидай өңді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы келіншек шыға келгенде ол кәдімгідей үркіп қалды. «Жаным-ау, бұ кім? Мен бе?» Қою қара қасы керіле, кірпігі жиі қағылып кетті.

— Сен шынымен-ақ... Жәзирамбысың, ә? Қой, әзілің шығар,— деді де, ол өз үнінен қатты шошынды. «...Жәзирамбысың, ә? Қой әзілің шығар...» Қайдан ойыма түсті. Тіпті Наурыздың өз үні құлағыма естілгендей болды ғой. Бұ несі? Қатты сағынғаннан ба? Иә, сонан... Оны сағынбay мүмкін бе? Ол сәби де, ол ер де, ол асыл да еді ғой. Орта бойлыдан сәл ұзын, жаурыны қақпақтай, шалқақ жүретін. Аяқта керзі етік, үсте брезент бешпент. Қоңқақ мұрынды, маңдайы кере қарыс. Шашы да кірпінің түгіндей қатты, қалың тұғын. Мойны да жұп-жұмыр, жуан. Күн қақты, күреңітіп тұратын. Алшақ біткен қиық көздің бір суық тартқанын, қалың қара қабақтың түйілгенін Жәзира көрген емес. Әркез жылы сәулеленіп, төңірегін сергітіп, шуақтандырып жіберетін. Ол жұмыстан қайтқанда бірден үйге кірмейді. Аула ортасында тұрып киімінің шаңын қағатын, сонсын белуарына дейін жалаңаштанып жуынатын.

Кейде Жәзираның қолындағы құманды алып жерге қоятын да, өзін көтеріп әкететін.

— Біреу-міреу көріп қалып ұят болар, Наурыз. Қойшы... Жіберші,— десе де тыңдамай:

— Сен не, мені сағынғаның жоқ па? Күн ұзағына кімді ойладың, Жәзираш? Мені ме? Айтшы, кімді? — деп сәбидей қиылатын.

— Айтпаймын.

— Ә, айтпайсың ба? — деп сақылдай күліп, үйге көтеріп кіретін. Сондайда Жәзира оның бұлшық еті темірдей, қарулы қолында жеп-жеңіл тербеліп, кең төсіне жұдырықтай басын қоятын: дүрс-дүрс соққан жігіт жүрегінің дыбысымен бірге жусан иісі бұрқ етіп, танауына келгенде, ол қалықтап кең далада ұшып бара жатқандай да болатын еді-ау...

Дүсірлете біреудің сыртқы есікті соққаны естіліп, келіншек көңілі бөлініп кетті. Ол ұрлық үстінде ұсталған жандай сасқалақтап, қолындағы айнаны тастап жіберді. «Мезгілсіз уақытта бұ кім болды екен? Ойбай-ау, айнаға жыртия қарап қалғаным, не қылғаным? Ұят-тағы...» Жүгіріп қазандық басына кеп күйбеңдеп бірдеңе істеген боп жүр. Ыстық жалыннан екі беті қызыл-күреңітіп кеткен; сөнуге айналған отты көсеумен қопсытып, тезек, қиды мәстемірмен ұсақтап қалап жатыр. «Қап, күтіп қалды-ау...» Аптыққан адамның ісі өнген бе, Жәзира отын тастай беріп, төргі бөлмеге кірді, қайта шықты. Ештеңе қолына ілінбеді ме, жоқ, әлдене іздегенін ұмытты ма, қалай; күйгелектене күбірлеп сәл тұрды да, қалың қара шәлісін жамыла есікке бет алды.

Үйлері ескі еді. Ауыз бөлменің есігі бірден мал қораға шығатын. Қораның үйге аздаған қамшаулығы болмаса, бөлмеге сандығы шамалы. Төргі бұрышының әр жерінен жауынды күндері тамшы ағады. Қазір де сол тастай қараңғы саз иістенген қораның әр бұрышынан сыр-сыр етіп тұр.

Көйлекшең жүгіре шыққан Жәзираның бойы бір түрлі тітіркеніп кетті.

— Бұ кім? — деді ол қалтырап.

— Мен... Әһ, Жәзираш, мен. Жаман апаң... Сәлимамын ғой.

— А... Апатай, сіз бе едіңіз? Қазір...

Іштен шылдыр-шылдыр еткен шынжырдың, ауыр ілгешектің салдырлап жақтауға соғылғаны естілді. Көптен майланбай тот басқан есік топсасы сақырлай-сұқырлай ашылды. Табалдырық алдына қақ тұрыпты. Қара плащ бүркенген, еңгезердей біреу суды кеше-меше ішке кірді. Шіңкілдеген шақпа даусы болмаса, көлденең көзге мынау әйелден гөрі еркекке келіңкірейтін, оның да кез келгені емес, палуаны екен дегендей иықты жан.

— Туф, мына күннің ұшырып бара жатқанын қарашы. Ысща-ай. Кіріңіз апа,— деді Жәзира қалбалақтай есігін кең ашып.

— Иә, қара суықтың алды осы. Суыртпақтап соқпайды. Ызғырықтатады. Етіңнен өтіп, сүйегіңе жетеді. Қарғашым-ау, бұ ненің желі сендегі. Тіпті жеңіл жүрсің ғой. Айтсаң да жас-ау, ә?

— Асығып... Сіз күтіп қалады-ау деп.— Жәзира қалтырап, онан әрі ештеңе айта алмай кідірді. Сәлден соң, ауыз үйдің есігін ашып жатып тіл қатты.— Жақсы келдіңіз. Жалғыз отыр ем, апа!

— Е, құдай-ай. Мен елдей шақырту тілеп қайтейін. Сынайым ба. Қуанышың құтты болғай.

— Рақмет... Рақмет, апа.

— Қашан келеді? — Сәлима үстіндегі сұр плащын кіреберіс босағада шешіп жатып, келіншек жүзіне бағдарлай қарап қойды. Сілкінген сайын жеңінің суы ауыз үйдің есігіне жақын қазандықтың отына тамып, шыж-шыж етігі қақ жатқанымен ісі жоқ. Жәзира қазан қақпағын жауып жіберді.— Наурыз қашан шығады дейсің, Жәзираш?

— Алдағы айда. Жолына бір-екі жұма кететін болар. Украинада көрінеді.

— Украин де. О да біздің Үйшік сияқты үлкен шаһар ғой шамасы.

Ол мұнан әрі жауап тоспай жүзін тайдырып алды. Плащын Жәзираға ұстата салып, кебісін есік аузына тастамай, төргі бөлменің ағаш еденіне дейін сүйретті. Ақ тақыр ауызғы үйде қара жолақ ізі қалды. Тоқыма жылы шұлықпен жүрген Жәзира су тиіп езілген жерді баспай, аттап кетіп барып кебісті кейін алды. Сәлима бұның бірде-бірін аңдамады ма, жоқ әлде оған мән бермейтін өзінің әдеті ме; бұрылып артына қарамады. Қолының сыртымен бетінің тары бүршіктене жылтыраған терін сыпырып тастап, жаулығын мойнына бос салды. Баяғы келіншек күніндегідей ырғала басып жүрмек еді; балық қақталған сұр бөшкедей болған бөксесі құрымағыр ырыққа көнбей сіресті де қалды. Басы қалталақтап, аяғы шaтқаяқтанып кетті. Сәлима қызарақтап қатты қысылды. Ол ұялған тек тұрмастың керін жасап, әлгінде Жәзира қолына ұстаған айнаны таңырқай қарап тоқтады. Езуінде бір жымысқы күлкі бар. Қиық көзі жұмыла, келте танауы көтеріле түсті. Қара көлеңке терезенің ар жағынан сіріңкенің жарығындай бір жылт көрініп кеткен; ізінше шатыр-шұтыр ете қалды.

— Мына күннің түрі жаман боп бара жатыр-ау өзі. Көрдің бе, шелектеп төгуін. Жәзираш, айнам, сулығымды қазандыққа жақын ілші.

— Мақұл, апа,— деді келіншек жайдары жүзбен. Даусы қазандық жақтан ашық, жарқын естілді.

Сәлима таңданғандай қасын керіп, ойланып қалды. Бір нәрсені түсіне алмағандай көзі жыпылықтап кетті. Жәзира қазандық жақтан күлімдей шықты. Оң жақ бетіндегі бұршақтай меңі айқындала, екі көзі бал-бұл жанады. «О, бейбақ, неге жетісіп, ойнақшисың?» Іштей ойлағаны болмаса, мұнысын Сәлима тіс жарып айтпады. Қолындағы айнаны жаңа көргендей қарай бастады.

— Ескі айна ғой,— деп Жәзира оған мән бермейтінін таныта сөйлеп, төрге өтіп, терезе алдындағы шамның пілтесін көтеріп қойды.— Майы жоғын білсемші. Қап...

— Иә, айнаны ұстамаса шаң басады. Көңіл шіркінді көтермесең кір басады деген,— деді Сәлима масаттана. Өзінше мәтелдеп, астарлы айтқансып отыр.

Жәзира қонағының сөзін күлімдей тыңдағаны болмаса, онша мән бере қоймаған тәрізді. Әлі сол шамның майын ертерек, күндізгі жарықта қамдамағанына өкінін отыр. Шамға жиі көз тастайды. Сәлима сал қитықтанып қалды: «кісіні дұрыс тыңдай да білмей ме, қалай өзі? Еркек дегенде де пәтуа болсашы. Осының несіне Ықсан өліп-өшеді, ә? — деп ойлады ол.

— Бір жеріңіз аурып отырған жоқ па, апа? — деді Жәзира қонағына көзі жаудырай қарап.

— Е, қарағым-ай, мен бейбақта ауру аз ба? Жүрегімнің басы жұдырықтай боп түйнегенде бар ма, жанымды көзіме көрсетеді. Пароқ деген пәлекет пе, кім біледі.

— Құдай сақтасын, апа. Айта көрмеңіз.

— Пароқ болам екен деп ығып жүрген мен жоқ. Күй таңдайтын заман ба? Қолға түскен шай атаулының көгін де, қарасын да ішіп жатырмыз. Кеше әлгі ЬІқсан қайным келді. Онан немді аяйын. Екі қайнатымдайын ақ құманға бір-ақ ұрдым. Өзі қашаннан жүрген қасқалдақтың қанындай сақтаулы, сандық түбінде жатқан шай емес пе. Әлгі ше?.. Екі шыныаяқ ішті Де, тұрып кетті. Обалдағы-ай... Оу, тағы да ішсеңші. Бұл інді шайы ғой десем, «фермаға барам. Інді болса қайтейін, жарылып өл деймісің» дейді. Еркек шайдың қадірін білген бе? Қой, несін сұрайсың... Есіл шай кесілмеген күйі қалды да барды.

— Төгіп тастадыңыз ба?

— Е, жо... жоға! Төккені несі! Мені жынданды деймісің, есіл дәмді ысырап қып. Көрпені төрт бүктеп астыма салып ап, көптен жүрген құрт, сарысуым бар еді; соларымды шығарып өйдей кеп тартайын. Өмірімде ішкен шайымның дәмдісі осы болар-ау; тер оннан да, мұнан да кеп ақсын-ай. Өзің білесің, соңғы күндері бір терлей алмай жүр ем ғой. Құрыс-тырысым жазылып, тыңайып қалдым...

Жәзира терезе алдындағы өлеусіреген жетілік шамға қарап, күлімдеп отыр. Қонағының рақаттана айтқан әңгімесін еститін емес. Тәтті бір ой құшағында. Өзімен-өзі. Бидай өңі күреңіте, тұңғиық қара көзінде ұшқын ойнады; мүмкін ол осы қазір қиялында Наурызбен кездесіп, басынан өткен жалғыздық, үрейлі қыстың ұзақ түндері жайлы айтып жатыр ма, жоқ әлде сонау бір соғыс алдындағы көктемнің жауынды күнінде, ай даладағы жалғыз маяның ығында тұрғандары ойына оралды ма; әйтеуір ол сәлден соң күрсініп қойды.

«Е, мына бейбақ мүгедек байына «кел» дегеніне қуанышты тәрізді ғой. Көзін... Көзін қарашы. Мөлдіреген қандай әдемі еді, ә? Қатын деуге аузың бармайды-ай... Он жетідегі қыздай уылжуын... Ықсан да жігіттің төресі. Қой бұ жолы мынаған ол жайлы сес білдірмейін; ыңғайы жаман екен — байым келеді деп өліп-өшіп отыр, үркітіп алармын. Аңысын аңдамаса болмас»,— деп ойлады Сәлима. Өмірде көрікті келіншекті, не қызды жыныстасының қызықтауы, сүйсінуі сирек қой. Жәзираның қазіргі шырайы оны еріксіз ойға қалдырып, әңгімесін үзіп кетті. Әйтсе де Салима оған өкінбейді; ілкіде жанарында таңдану білінген, енді мұң бар. «О, сор маңдай!.. Бейбақ. Қандай ақ, адал ең. Қандай бақсыз ең. Сендейлерге алла тағала күйеуді де көпсінді-ау. Кісіге тура келіп, «сен» демеуші едің. Қатын біткенмен бір тістесіп қалмасам ішім ауырғандай болатын менің өзім де сенімен қабақ шытысқаным жоқ. Әлгі соғысы құрғырдың кесапаты ғой. Әйтпесе етек-жеңі кең, жеті-сегіз баланың анасы, бәйбіше боп отыратын дария жан емеспісің?»

— Ғафу ет, апа. Әңгімеңізді бөлдім білем,— деді Жәзира қысылып.

— Оқа емес, жаным.— Сәлима өз ойынан айыға алмағандай көзін уқалап, төмен қарап сәл отырып қалды.

— Мен асты түсірейін. Сіз қол жуа беріңіз. Су құяйын...

— Ә, қайтесің. жаным. Өзім барып жуам ғой.— деп Сәлима құман, шылапшынды алдыртпай орнынан тұрды. Осы cәт үйдің іші жап-жарық боп кетті де, ізінше сатыр-сұтыр ете түсті.— Біссімелла... Біссімелла, мына аспанның түбі тесілген шығар. Ойбай-ой, селдетті. Мә, төкті-ай...

Ол терезе алдына барып, далаға құлақ түріп тұр. Басын шайқап қояды.

Астан кейін де Салима асықпады. Жәзираның жүдеу дастарқаны қайта жайылып, шай құйылды. Нанның да, тістейтіннің де қат кезі ғой. Түйе сүтінен қайнатқан құрт пен кермек татыған шай ғана ішіп отырғандары. Үлбіреген алқызыл ернінің үсті сәл терши түсіп Жазира сонау бір жылдарды: балықшы атасына барғанын, сонда Наурыз екеуі ауға шыққанын, қозы қарын сары сазан, қара жөн көксерке, ақ қайраң, екі үлкен жайын ұстағандарын; оны ауылға келісімен аяқ жетер жердегі көрші-қолаңға үлестіргендерін еске алып, қызықтай әңгімеледі. Қой еті, бал татыған балық та сөз боп, ат басындай қант, қызыл күреңденіп бабымен піскен ақ нан да араға түсті. Салима еріксіз елігіп, қолындағы ащы құртты тастап жіберді. Шайды да қойды. Көзін сығырайта ойланып қалыпты.

Ұзақ арналы әңгіме Наурызға келіп тірелгенде ғана терең күрсіне түсіп, ернін жаланып:

— Иә, о да бір дәурен еді ғой,— деді ол баяу.— Өмір деген де ит қой. Әйтпесе екі аяғы, қолы балғадай арыс азаматты қор ете ме? Бәрі... Бәрі қарғыс атқыр соғыстың кесапаты да. Жасаған ием-ай, екі аяғы, қолы жоқ дей ме? Апыр-ай, сонда қалай... О да адам ба? Самаурын сияқтанып қалды-ау, ә?

— Апа, не деп кеттіңіз?

— Тұп-тұқияның зәу-зәтің құрысын, пашес! Осынша жанды қор етіп, зар илеткен хайуан!

— Сәлиманың жіңішке, шіңкілдек дауысы бұзылып, тарғылданып барып үзілді. Құнжыңдап, жан қалтасынан орамал шығарып көзіне апарып қайтты.— И-и, өзі де бір күйгелек бала еді ғой... Енді ол қайтып күн көреді. Оны тісі шықпаған, бұғанасы қатпаған сәбидей қолыңнан нәр беріп асырау керек-ау. Арғы төркіні өз бетімен далаға да шыға алмайды, ә?! О, қасірет!.. Әйел сорлының көрері көп екен де. Бағы жанбаған жазғандар-ай... Ондай бейбақтар кінәмшіл келеді ғой тағы. Қайткенмен де жарым жанның көңіліне ақау түсірмеу оңай емес. Мен білсем ол елп етпе, аумалы-төкпелі, қызба бала-тұғын. Күйіп-пісіп жүретін. Енді сабырлы деймісің.

— Апа, мұны маған несіне айтасыз?

— Е, жаным-ай, менікі жәй қимастық та. Қуанышың ұзағынан болғай.

— Рақмет, апа... Сіздің мені түсінетініңізді сезіп ем,— деді Жәзира алқына. Жүзінде өзінің «кел»,— дегеніне аса разы, үлкен қуаныш бар.— Тағы да бір құяйыншы, апа?!.

— Қайтесің, айналайын, болдым. Жүрегім толып кетті.

— Бұл сіздің қонақ аяғыңыз. Өйткені сирек келесіз ғой.

— Ә... Солай ма? Ендеше мұнан бұлай келісті жиілетерміз.

— Сөйтіңіз, апа, оныңызға Наурыз да қуанады. Ол қонақжай...

Сәлима түңілгендігін сездіре ыстық шайды баптана, ысылдап-пысылдап сораптауға кірісті. Қатқан нанның екі-үш түйір қалдығын шыны аяғына салып жіберді. Аракідік рақаттан «уф-ф...» — деп қояды.

3

Ықсан аяқ астынан бұрқан-талқан болды. «Жоқ-ау, фермадағы бақташы шал он алтыдағы қызды алыпты. Сексенге келгенде тағы неге үйленбейді тіпті. Ықсанның ондағы жұмысы не?» «Шал қулық істеді. Жиған-терген мата-шатасымен қызықтырып, байлығын айтып басын айналдырған ғой»,— деппін мен. «Өсекші көрінем. Сөйтіп елге сөз таратыппын». Ол алдында бүкжиіп отырған қара сақалды шалға жауыға қарады. Мұндайда адамның ойына не келмейді. «Осы жығып алып сыритып тұрып сабасам ба? Жоқ, ол болмайды. Оның арты пәле. Сотқа тартуы мүмкін. Әрі ел кешірмейді. Әкесіндей кісіге қол көтерген көргенсіз ғой деп жазғырады. Бекер сөз. Біреулердің айдап салып шағыстырғаны. Өсек. Мен сізді әңгімелеп қайтейін. Әйел емеспін пыш-пыштап жүретін, десем түсінер» деп ойлаған; енді онан да айнып қалды.

Шал басын көтеріп, қол орамалымен су тиген көп терідей қыртыс-қыртыс маңдайын, жасаураған қоңыр мұнар көзін, сәңкиген су ағарын сүртті. Беті тұтас сақал; иекке кеп найза бастанып тұйықталыпты. Үстінде жеңі ұзын сұр шапан. Аяғында үлкен керзі етік. Отырысында сұстылық бар; Ықсаннан көптен жүрген бір малын даулап келгендей. Төрге шықпай есік аузындағы төңкерулі шелекке жайғасыпты.

Жаңағы ақбезер де көкбезер боп ақталғаны бекершілік екенін Ықсан түсінді; не де болса сөзді сабырлы бастамақ. Әйтпейінше мынау алжасқанның жуық маңда кететін түрі жоқ.

— Ақсақал!— деді ол шалдың жанына таяу кеп.— Сізге бұл өсекті кім жеткізді? Ондайды зеріккен қатын-қалаш шығаратын!

Шал сенімсіздеу одырая бір қарап, сырт айналды.

— Маған сіздің қатыныңыздың да, өзіңіздің де қажетіңіз жоқ. Мен...

— Қайдан білейін, қарағым. Сен дегенсін жүдә күйіп кеттім. Ырашжанның шайына да қайрылмай, малды жайғасымен шыға жөнелдім. Ләйім өсек болғай. Сені қаракеттеп қайтейін,— деп шал Ықсанның сөзін асыға бөліп жіберді. Табан астынан жүні жығыла қалды. Манағы бір адуындығы көз қорқытуы сияқты. Басындағы түлкі тымағын қолына алып, тақиясын түзете киді.

— Жоқ, сіз өзіңіз кімнен естідіңіз?

— Е, шырағым-ай!.. Бұ жалғанда кімнен білдің, кім айтты дерің бар ма? «Отыз тістен шыққан сөз — отыз рулы елге тарайды»,— деді шал таяғының ұшымен еденді тықылдатып отырып.— Бір алла білмесе, оны кім біліпті.

— Ақсақал-ау, баспалдақтатып табуға болады ғой. Сізге айтқан кім? Айтыңызшы, кім?

— Ықаш, қарағым... Баяғыда бір нақ өзіңдей жас, пысық жігіт күздің қара суығында бар пәле осы желде, соның көзін тауып бекітпесем бе деп атқа салт міне шапты деп еді. Сол айтқандай сен де тұра жүгірмексің ғой шамасы.

Қарттың жүзінде кекесінді күлкі ойнап тұр. Көзі жымың-жымың етеді. Ықсан қатты бір нәрсе айтсам ба деп оқталған; соны сезгендей қарт:

— Босқа шабылып қайтесің... Сендім сөзіңе. Тілеуіңді берсін, маған бір көмек қыл,— деді.

Ықсан елп ете қалған жоқ. Сырт айналып төрдегі құрақ көрпенің үстіне барып, жайлана жатты. Жан қалтасынан шылымын шығарды; асықпай тұтатып, бұрқырата, құшырланып сорды. Шалдың қипақтап отырғанын көрсе де аңғармағансып, мойын астына екі бірдей жастықты жұмарлай тықты да, оқ тиген, бүгілмейтін оң аяғын көсіле тастады.

— Маған екі арба пішен керек, Ықаш. Биыл қыс қатты болатын түрі бар ғой. Мал ерте қолға қарай ма деймін.

— Ақсақал-ау, оны басқармаға айтсаңызшы.

— Сені тыңдайды. Олар мені қайтсін. Әскерден жарақаттанып аман келгендердің құмалағы өрге домалап тұрған жоқ па. Әрі сен ферма меңгерушісісің,— деді шал үстіндегі шапанын шешіп. Қағып-қағып жіберіп, орнынан тұрды. Темір шелектің үстіне әспеттей, екі бүктеп қойды. Мұның бәрін өз үйіндегідей асықпай істеді.

— Сыртым бүтін болғанмен ішім түтін дегендейін мен сіз ойлағандай сап-сау емеспін. Төрт рет жараландым. Ақырында міне аяқ келісаптай, бүгілмейді.

— Ойбай-ау, Ықашжан-ау, мен не дедім?

— Жоқ... Не десең о де. Ол менің қолымнан келмейтін шаруа. Орынсыз жерге қинамаңыз.

Шал күлімдей, бүкжеңдеп кеп жігіттің жанына отырды. «Е, алла...»— деп сақалын сипап қойды. Тақиясын алып, жалтыраған басын көлдей орамалымен сүртті де қайта киді. Жымыңдап Ықсанға екі-үш рет көз тастады; бір нәрсе айтпақ боп оқталады да қояды. Ферма меңгерушісі өзімен-өзі. Сол шалқасынан жатқан күйі әлі қозғалған жоқ; шылым түтінімен ыстанып бозаң тартқан үйдің төбесіне түйдек-түйдегімен жібереді.

— Иә,— деді сәл үнсіздіктен соң Исахмет тамсанып. — Азамат дегеніміз мынау жатқан сенсің. Халқың — бізбіз. Құдай көрдік, құдірет деп білдік өзіңді, Ықаш. Сондағы сыйымыз кәне? Ең болмаса жөн сөзіңді дұрыс айтпайсың. Жазығымыз не?

ЬІқсан жерден басын көтеріп алды:

— Қайт дейсіз енді, ақсақал?

— Мен не істейін? Не ақыл бересің?

— Жә, мен сөйлесіп көрейін. Елдің бәрі өзіңіздей ғой, ақсақал. Қайта сіздің шаруа-жәйіңіз жақсы.

— Е, Ықашжан-ай, біздікі де қайбір оңып тұр дейсің. «Бөрі арығын білдірместік» те,— деді Исахмет әлгіндей болмай жайлана.

ЬІқсан терең күрсініп қойды. Тағы да сол сөніп қалған темекісін тұтатып, бұрқырата сорып жатыр.

— Қарағым, осы сен неге үйленбейсің? — деп Исахмет қырылдай сұрады.

Елсізде қалған жалғыз-жарым ескі қазықтай әр жерден сарғыш тартқан қасқа тісі көрінді. Ауыз айналасы қалың түк. Тек қызарған ерні қалыпты. «Ерні неге қызыл? Сәбидің ерніндей ме, қалай?! — деп ойлады Ықсан. Көзіне көзі түскенде ғана сұрағына жауап күтіп отырғанын аңдады:

— Реті келіңкіремей тұр ғой, ақсақал!

— Оның не қиыны бар. Соқталдай жігітке қыз табылар-ау. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген, айнам. Сен төңірегіңдегі қаздай тізіліп, аққудай қалықтаған көп қыздың қадірін білмей жүрсің.

Жігітке жақындай отырды. Қолынан тастамай жүрген бөркін әспеттей жанына қойды. Үстіне газет жабылған, қазандыққа жақын тұрған ақжарғақтанған жалғыз стол мен екі-үш арқалықсыз орындыққа, кіре беріс оң қабырғадағы сүйеулі темір кереуетке, онан мынау төрде жаюлы жатқан ескі алаша мен құрақ көрпеден өзге ештеңе жоқ, жұпыны бөлмені сығырайған жүйрік көзімен ол тағы да сүзіп өтті. «Әйелсіз еркектің күні құрсын. Тоңғағына былғанған сәби сияқты осынша дәрменсіз болар ма»,— деп ойлап та үлгерді. Ықсанның күлімдеп отырғанын көріп дағдарды; жиырманың о жақ, бұ жағындағы жас жігіттің қазіргі ойын білсем дегендей әуестік билеп барады. Аздаған өкініші, қызғанышы да жоқ емес. «Жастықтың қадірін білмейді. Өткінші тірлік, шайқап өту абзал. Шіркін, мұның орнында өзім болар ма ем. Белі қылдырықтай, бетінің нұры бар қыздарды... Айтып айтпай не керек, хош иісті гүл емес пе. Мына шіркін соларды уақтылы жұлу күнә дей ме екен?» Ол бір сәт өмір жайлы сыр шерткісі кеп кетті. Жігітке қарап еді; әлі күлімдеп шылым шегіп отыр. «Маубас неме... Пырылдап ұйықтағаннан өзге білері жоқ. Сен не, өмір деген тап-таза, тұзсыз, қардың суы деймісің. Ол сеніңше тәтті қант шығар? Ертеңнен кешке шекті тәттімен ғана асырар ма еді; сонда көрер ем сүрінді. Жоқ, балақай, ақылгөй қарттарды тыңдай берме. Мына менің сөзіме құлақ түр; ойлан: өмір — тұзы бетіне шыққан сор дала мен шатқалды, құзды, өзекті, тау-тасты басып, жазық жайлауды жанай ағып, ащы, тұщысы ішінде зырлап өтіп жатқан дария. Оның қадірі де, қасиеті де осынысында. Адамның да ұлылығы көпті көргенінде; сүйе де, күйе де білгенінде. Олар да әйелді қадірлеп, керегінде алдап, арбап, айнып, күңірене қайта табысып; гүл нәрін, хош иісін ала білген ғой. Өмірге өзінің қонақ екенін түсінген жандардан ізде ұлылықты. Сіздер өмір жайлы қияли бір әуезге берілгенді тәуір көресіздер. Мен де сенің жасыңда көп білетін сияқтанатынмын, бетім бүлк етпей кейде қарттарға ақыл айтып отырғанымды сезінетінмін. О, алланың шапағаты. Адамның ол да бір есер уағы екен-ау». Қарт түсіп кеткен басын көтеріп алды; тағы да жігітке бұрылды. Ықсан оның жүзіне таңдана қарап қалыпты:

— Не жайлы ойландыңыз, ақсақал?— деді ол күлімдей.

— Жай...

— «Өмір» дейсіз бе?! Түсініксіз... Күбірлейсіз.

— Е... Ықашжан-ай, бұл не бір жақсылық дейсің. Қартайғанның белгісі де,— деп қарт қыт-қыттай күлген болды.

— Қой, қосағасы... Қайдағы қарттық сізге. Ойнасаңыз да ондайды айтпаңыз.

— Е, қарағым-ай, қарттық — қадірсіздік емес қой. Жасырып қою да, қашып құтылу да қиын. Оны елемейім дегенмен бола ма? Жә, мылжыңдап отырып қалдым білем. Қайтайын үйге.— Қарт шұбатыла орнынан тұрды. Ықсан да оған ілесе көтерілді.

— Қуыс үйден құр шықпа деген. Мен сізді жібермеймін. Шай қоям,— деді Ықсан қазандық жаққа беттеп.— Қайда асығасыз, дала жауын. Ыраш жеңгейге өзім айтармын менде болып еді деп.

— Қой ойбай... Қайтесің. Айтпай-ақ қой.

Ықсан жалғыз қалғысы келмеді. Күндегідей емес, бүгін оның көңілі қатты алаң; сөзіне тұрса Сәлима жеңгетайлыққа белсене кірісіп Жәзираны бұған «иіп бермекші». «Менің Сәлима екенім рас па? Рас қой. Ендеше қатын төңірегінде оңынан келмейтін шаруа жоқ. Әрі менің ол өмірі «ища» дескен әйелім емес», деген. Әйтсе де Ықсан сенімсіз. Кешіккенінен қорқады. Әрине, Сәлима ол үйден шай-су ішпей шықпайды. «Жоқ... Қазір жалғыз қалмаған абзал. Шалды жібермейін» деп ойлады.

— Әңгіме айтыңыз, ақсақал.

Қарт үндемеді. Бөркін қайта шешіп, бүгежектеп төрге отырып жатыр. Ықсан оның естімегенін білді, сонысы да дұрыс. Манадан бері әңгімеге тартса қайда қалыпты. Төбеден түскендей қып «әңгіме айтыңызы» не? Әрі-беріден кейін шалға өкпелейтін де реті жоқ қой. Біреу ызғыштырып әдейі істеуі де мүмкін. Іштей қуыстанып жүрген шал оның қандай оймен айтылған өсек екенін байыптап қайтсын; ашу үстінде шыға жөнелген. ЬІқсан қартқа қарап еді; о да төменшектеп, көне алашаның ою-өрнегін қолының ұшымен сипалап отыр екен. Үй иесінің өзіне қадала қарағанын сезінді ме, күлімдей басын көтерді. «Езу тартқанында, сөйлегенінде бір сүйкімділік бар. Жігіт күнінде талай қыздың басын айналдырған шығар». Ықсан еріксіз елігіп, қалай жайдарылана бастағанын аңдамады. Осы қазір ол отқа үйрілген көбелек сияқты көзсіз еді; тіпті жүрек түкпіріндегі тәтті сезімін айтып шағынғысы келетінін байқаған жоқ.

— Ақсақал,— дей берді де, күмілжи қалды.— Қосағасы, сіз Ыраш апамызға қалай үйлендіңіз?

Ықсан қарттың «ақсақал» дегенде кіржіңдеп жақтырыңқырамайтынын білетін; әлгінде күмілжіп «қосағасыға» көшкені сонан. Ойлағанындай шал желпініп, елп ете қалды.

— Қой, ойбай...— Қарт ұялған боп, жан-жағын қарманды. Ықсан тақымдап қоймады.

— Қосағасы-ау, бұ жерде бөтен кім бар?!

— Қайтесің оны, Ықаш,— деді қарт төменшектеп. «Иә, бұған бәрі қызық. Менің үйленгенім де, сүйгенім де... Самайды бозқырау шалғанмен көңілдің сол күйі талғайтынын, сол күйі сезінетінін бұл боқмұрын қайдан білсін. Жүректің сыздағанын, лүпілдей соққанын естуді айып көрсең тірліктің қажеті не?! Ac ішіп аяқ босату үшін бе? О баста бір әумесер ибалық, қартайғанда қол қусырып сәбилік күйге түсу деп шығарған ба өзге тоңмойындар соған ден қойғаннан қалған әдет қой»,— деп ойлады: әйтсе де онысын сыртқа шығармады.— Адамның бар қызығы, бойындағы қазынасы — жастық шағы. Маған кейде адам тек сол үшін ғана өмір сүретін сияқтанады.

— Түсінбедім, қосағасы.

— Иә, менің сандалып отырғаным сен түсінбейтін жай. Басыңнан өтпей білмейсің, қарағым.

— Мүмкін,— деді Ықсан немкеттілеу.

— Мені ғой, Ықаш, сен бір жұмбақ қарт» көресің, ә?

— Өтірік пе?

— Солай де... Жә, пәлсінген болмайыншы. Ең алғаш мені үйлендірген әкем. О кезде он сегіздемін. Әкем ер-тұрман жасайтын ісмер кісі еді. Бір күні ертеңгі шай үстінде: «Исажан, он бесте отау иесі деген. Сен о жастан астың. Үйленсең қайтеді? — деді де. менің жауабымды тоспастан онан әрі сөйлеп кетті. — «Біз балықшы Қалиахметтің қызын жөн көрдік. Қазір дайындал, соған жүреміз...» Әке сөзі — әмір. Бас тарту — ұят. Салпақтап ере бердім. Міне, мен сөйтіп те үйленгем. Бұдан төрт-бес жыл бұрын қайтыс болған кемпірім сол балықшы қызы. Құрсақ көтермеді...

— Онан кейін үйленбедіңіз бе?

— Ыраш ше? — деді Исахмет күлімдей.— Абзалы асықпаған ғой, Ықаш. Әйел көп... Сайрандап қалу керек.

— Арандап қалсам қайттым?

— Е, онда тұрған не бар"? Қалжаңа жақпаса қайғың не, өз жөніңді табасың да. «Қызға сөзді кім айтпайды, қымызды кім ішпейді».

— Сізге бәрі де оп-оңай.

— Қой жасыма, балам. Көңіліңе ұялаған жанды алақанға қондыру қиын емес.

— Кет әрі десе де ме? — Ықсан мырс етті.

— Е, құдай-ай... Әйел біткеннің пәлсінбейтіні бар ма. Жанында көбірек бол. Ұятын өзің көр... Түсінемісің? Ұятын өзің көр! Сонан кейін мұрындықталған тайлақтай жетелей бересің,— деді шал жігіттің арқасынан қағып, жыртыңдай күліп.

Үйдің іші жап-жарық боп кетті: төңірек сатыр-күтір ете түсіп барып басылды. Бөлме қара көлеңкелене қалды.

— Пісмелла. Пісмелла... Жасаған ие, сақтай көр. Иә, алла,— деп күбірлеп жатыр қарт. Жанына қойған бөркін баса киіп, орнынан тұрды. Есік аузындағы қара шелектің үстіндегі төрт бүктеулі шапанын қолына алып, жазды.

— Ақсақал-ау, мұныңыз қалай? Шай қайнап қалды. Отырмайсыз ба?

— Тағы бірде, айналайын... Тағы бірде,— деп қарт асығыстығын білдіре бас изеп, кететін ыңғайын танытты. Ықсан көп қысталамады. Есіктің ілгешегін салып бекітті де, төрге кеп жатты.

«Апыр-ай, әлгі не деп кетті? Мені ынжық көрді-ау. Көңіліңе ұнаған адамың болса неменеге көлгірсисің?! Батыл кіріспеймісің. Ішіңнен тынып жүре беремісің?! О, не сонша... Әйелдің әулиесі ме? Жо... жоқ, төмен етек әйел біткен сен ойлағандай емес. Олар да көзбен арбасумен күнұзатқанды тәуір көре бермейді, дегенді сездірді-ау, ә? Өйткені жастық өмір өтіп барады. Қайта айналып келмейді дейді. Мүмкін... Шалдың сөзінің жаны бар шығар? «Қалжаңа жақпаса қайғың не?» деді-ау. Ұнатпасаң қалар дегені ғой. Е. тәңір-ай мен оны ұнатпақ тұрғай алақаныма сап, әулие тұтар ем-ау. Жәзираштай әйел менің қылжағыма жылы paй танытса жақсы, танытпаса ше? Онда... Онда құрығаным ғой. Сұмдық-ай, қайттым енді? Шал айтқан жолды байқап көрем бе? «Ұятын өзің көр...» «Ұятын өзің көр». Сонан кейін көнбейтін амалы қалмайды дейді. Ұятын өзің көр». Қалай? Қайтып? Көне ме? «Жігіт емеспісің. Ретін тап». Өйтіп көндірген тірлік құрысын. Әйтпесе қалай? Қалай, ә? Әлде бас тартамысың?» Жоқ... Мен оны сүйем. «Ол ше?» Ол ма?! Сыйлайды білем. «Сыйлайды білем?» Сені құртып жүрген осы «білем». Батылдығың қайда? Әрі-сәрі боп жүре бермекпісің? Іштен желініп, құрисың ғой. Бір қарекет істеу керек емес не? «Ұятын өзің көр». Жоқ. Ол хайуандық. «Ендеше не?» Ықсан орнынан тұрды. Жан қалтасынан шылым шығарып, қолының ұшы дірілдей тұтатты да құшырлана сорды. «Өзге жол бар ма? Мен сүйем ғой. Жәзирасыз қалай жүрем... Шалдың айтқанындай істесем бе? Ел не дейді? Елдің мендегі жұмысы не?.. Біреу есік соғып тұр ма? Иә... Сәлиманың жүрісі сияқты екен».

Ықсан шылымының тұқылын қазандықтың аузына тастай салып, есік ашты. Қара плащты еңгезердей біреу шұбатыла кіріп келе жатыр.

— Ойхой, мына күннің төгуін-ай,— дейді түнгі жолаушы шіңкілдей.— Жатып қалған жоқпысың, әйтеуір, Ықашжан?

4

Жазира көп ұйықтай алмады. Таң ақ жиектен қызыл құйрық түлкідей қылаң бергенде, о да оянды. Ел малына бола тұрады. Менікі не? Қуанған мен қорыққан бірдей. Мүмкін қуанғандікі шығар ? Наурыз сынық мүйіз, ала бел қызыл сиыр қайда дер ме екен? Неге сойдың? Соқа басыңа сиыр соймай-ақ жілікке қатыссаң да жетпей ме?

Жоқ, сен өйдемейсің». Төсек-орнын тез жинап, төрден төмен жаюлы жатқан тоқымдай шағын, қалың көрпеге кеп отырды. Білектей бір бұрым шашын тарқатып жіберіп, қайта өре бастады. Өз-өзінен күлімдей күбірлеп, енді бірде қабағы түксие, ауыр ой құшағына беріледі; сырлы, тұңғиық қара көздегі қуанышты ұшқын сөніп, мұндайда суына қалады. «Иә, ол бір ауылдың жүдеңкіреп, соғыстың да, қыстың да қайшылай қыспаққа алған шағы болатын. Қасаптың өлі еті де көрінбей мұржадан көтерілген түтін саны да күн өткен сайын сиреп бара жатты». Жәзира шашын тастай беріп, маңдайын сығымдады. Терең күрсініп, сол иығынан төгіле түскен толқынды қара шашын кейін серпіп жіберді. «Бас аман болса сиыр табылады». Иә, Жәзира бар тезек, қиын қалап аямай-ақ асты. Әлі есінде сол күні қар қалың түсіп, жапырайған сұр қақыраларды басып салған; кешке қарай сықырлаған сары аяз тұрды. Далаға бір шыққанында ол үйіне құмырсқаның ізіндей әр тұстан жалғыз аяқ жол тартылып қалғанын көрді. Көңірсітіп ас пісірмей, таңдайға татырын майданға, жауды талқандап жатқан ерлерге деп ауыздарынан жырып жіберіп отырған ел емес пе: иіс шыққан жаққа таңдана қарап, қатты елеңдесетін ғой. Бұ жолы: «Алда алтай қыс бар. Соғыстың да қашан бітері беймағлұм. Жалғыз сиырыңды не біліп сойдың, бейбақ-ау»,— деген жан болмады. Қажығандары да. Аштық деген де өткір қанжар. Қарыса берсең қырқып түседі.

Үздік-создық сәлемдесе, сауқаттаса кіргенсіп, сонда бүкіл ауыл Жәзираның осы бір жапырайған ескі қақырасына жиналғанын; «азаматың аман оралсын. Бағың жансын. Жаның жамандық көрмесін»,— деп баталарын берді. Әрине, ол жалғыз сиырын бата алу үшін сойған жоқ. Соғыс алдында ғана ол күйеуге шықты. Тойы да жақсы өтті. Сонда шырайласқан жайдары, ақжарқын адамдардың қазіргі сұсты, мұңды жүздерінен бір сәт жылылық шалғысы кеп кеткен-ді. Әйтсе де жан баласына тіс жарып «иә, солай еді» демегені рас. «Наурыздың жолына құрмалдығым»,— деді. Жас келіншектің мұнысын ел шет көрмеді. Қайта құптап, кейін жаз шыға шайлық сүтін, ағарғанын мойнына алатындарын білдірісті... Мұның бәрі неден шықты? Қайдан ойға оралды? А... Е, малға байланысты екен ғой. Иә, сонан бері шайлық сүтсіз отырған күні жоқ. «Қой, тұрайын. Салсүйектенгенім жетті енді». Ол түбіт шәлісін мойнына бос жамылып, есікке бет алды. Табалдырықты аттай бере төргі бөлмеге көз тастаған; үй кешегідей емес, жинақталып қалыпты. Селдір терезе жапқыш көгілдірлене желбіреп тұр. «Таң арайында қызғылт тартып, мұнан да гөрі құлпыра түседі-ау»,— деп ойлады Жәзира. «Оң жақ қабырғадағы жасыл ала жүк-аяқтың үстіне қатар-қатар жиналған көрпе, жастықта да бір әсемдік бар; жып-жылы болмашы сабын иісі шыққан таза төсектің де айтары аз ба екен? Тәңірім-ау, ол кейде әлдеқандай ыстық демді, құпиялы дүсірлей соғып, алып-ұшқан жүрек сырын, бейжай тынысты, тыныш тіршілікті, тәтті ұйқыны да еріксіз еске салады ғой». Екі бетінің ұшы дыз етіп, ол өз ойынан қуыстана көзін тайдырып жіберді.

Далаға неге бет алғанын да ұмытқандай. Екіұдай күйде кері бұрылып, жүкаяқтың жанында жатқан төрт бүктеулі қалың көрпеге жүрелей қайта отырды. Жазық маңдайын сығымдай ұстап, сәл ойланып қалды. Әлгі бір жайдары көңілі табан асты лайланғандай әлем-жәлем. Неден болғанын, кімнен көрерін білмей әлек... Көзі алаша бетіндегі ақ сортаң, дөп-дөңгелек май дағында. «Сорпа тамшысы ма? Бұ қайдан?.. Ә, Наурыздан хат алатын күнгі екен ғой. Сол түнде ет асылды. Сәлима апай болды. Иә, иә... Дәл өзі. Сонда тамған... Талай сыпырып, үйдің ішін қағып-сіліксем де байқамағанымды айт да. Онан бері де бір жұма өтті, ә? Зырқыраған уақыт-ай... Сәлима апай да қызық кісі. Бұрын Наурызды қатты аяйтын, мүсіркей көзіне жас та алатын; енді ылғи Ықсанды мақтайды да отырады. Келуі де жиіледі. Кеше тіпті не деді? Не деп кетті? «Ықсан сені сүйеді дей ме? Қолыңды жылы суға малып қойып отырасың. Өзіңді сорға айдай беруің қалай?» Сүйген адамыңмен өмірдің ащы-тұщысын бірдей көру сор ма екен? Оның жанында Ықсан кім?» Жәзира терең күрсініп, шала өрілген шашын тарқатып, асыға қайта өре бастады. Білектей жалғыз бұрымын жаурынына серпе лақтырғалы бір оқталды да, онысынан табан асты айнығандай оң иығынан самарқау асыра салды.

«Күйеуімді сүйем бе?». Бойы тоңазыған жандай бүрісіп, қос тізесін құшақтап отыр. «Наурыз ер тұлғалы. Ықсан қыз мінезді, үні де биязы. Наурыз батыл, қорған болғандай жан. Ықсан көз қуантқандай көрікті. Әйтсе де ол тұйық, жасықтау ма қалай?!. Наурыздай еркін күліп, көңілін іркілмей ашық білдіре алмайды. Жаным-ау, маған не көрінді? Екеуін салыстырғаным не қылғаным?» Ол Ықсанды алғаш көргенде қашқақтап, тесіле қарағанынан қатты қаймығып, шошынатын; енді міне соңғы күндері оны өзі іздеп, көзбен тілдесуді, сағынатынды тапты. «Бітті... Ел білмей тұрғанда бойды аулақ салғаным абзал. Ертең Наурыз келгенде әлденені бықсытып отырса, кімнің аузына қақпақ боласың...»

Есіктің сықыр ете түскен дыбысы естілді. Жәзира елеңдей қалды.

— Бұ кім?

— Мен ғой, Жәзира.

— Менің кім? Сарала таңнан неғып жүрген жансың? Жайшылық па? — деп ол орнынан серпіле шапшаң тұрды.

Ауыз үйден ер адамның батылсыздау тамағын кенегені, жөткірінгені естілді. Ықсан аяғының балшығынан ыңғайсызданып, есік алдынан ұзай алмады; сұр шинелін қайрылыстағы үлкен қара шегеге іліп жатыр. Үстінде көп жуылып өңі қашқан сарғыш гимнастерка мен әскери көнетоз галифе, аяғында керзі етік. Төрт елі қайыс белбеуді тарта буынған, ол ашаң жүзді, талдырмаш жігіт еді; қазір бұрынғысынан гөрі кішірейіп, Жәзираға бала сияқты көрінді. Жақ ұрты ішіне түсіп кеткен; самай шашы да өсіңкіреп, құлағын жауып тұр. Тегін келмегенін іші сезсе де келіншек дүрсе қоя бере алмады, мүсәпір көріп, қатты аяды.

— Ықсан? Сенбісің?

— Иә... Менмін, Жәзира. Мен...

— Төрлет... Неғып тұрсың? Төрге шық,— деді ол бойын билеп.— Мен шай қояйын...

— Жоқ... Мен көп отырмаймын. Жай... Кіріп шығайын деп.

— Неге? Болмайды. Мен қазір көрші Балқия шешейді шақырып келем. Бірге шай ішеміз,— деді Жәзира жігіттің жолын кес-кестей. «Ол ел өсегінен қорқады екен ғой. Балқия қария куәлікке, әйелдердің сезіктенбеуіне керек те». Ықсанның бойын қайдағы бір ұсақ діріл билеп, жүрегі лүпілдеп қоя берді; мүмкін ол осы жерде қарттың «ұятын өзің көр» деген өсиетін еске алғаннан шығар. «Мұнан әрі бұндай жағдай кездесе бере ме? Сарала таң... Ауыл ұйқыда. Жуық арада тұра да қоймас... Әрі ояу екен. Шошынып, дауыстайды дейтін». Ол Жәзираның білегінен ұстай алды.

— Сәл сабыр етші. Тоқташы, жаным.

Даусы күмілжіп шықты. Естілмеді.

— Не болды саған, Ықсан? Аурумысың? Түсің қашып кетті ғой.

— Мен сенсіз күн көре алмаймын, Жәзира...

— Қолымды жіберші, Ық...сан. Не көрінді саған? Жібер деймін...

5

Сәлима даладан даурыға кірді. Ықсаннан қысылғанын сездірмейін дей ме, жоқ өзінің көп кешіккенінен қуыстана ма; әйтеуір ыстық тамақтан кейінгі балбырап, терши түскен жүзін жасыра берді; қаудырлаған сулығының қыртыс-қыртысына іркілген жаңбыр суы сынаптай сырғып кетіп жатқанымен де ісі жоқ. Бүгежектеп, табалдырық аузында кебісін шеше алмай, аһлады-үһледі. Қараңғы түнде балшықта, не шалшық суда қалып қояр деп кендір жіппен шандып тастаған ғой. Онысы ши байланыпты. Ықсан есікке жақын орындықтың бірін ұсынған, оған отырмады. «Қызық адам. Жүзі жылы. Әйтсе де әйелдер кәдімгідей ығысады. Шайпау сөзінен қорқа ма екен?»

— Сәке, аяғыңызды шешпей-ақ төрлете берсеңізші. Қайтесіз, онсыз да еденнің оңып тұрғаны шамалы,— деді жігіт тамағын кенеп қойып.

— Қазір... Қазір, шешілер.

Осы кексе әйелдің соғыс алдындағы кең дастарқаны жұтамай, қайта бұрынғысынан гөрі майлана, молая түскенін ел күңкіл-сүңкіл әңгімелейтін; соны Ықсан әр жерде естіп еді; үйіне барып бір ретте шай да ішіп кеткен. Асығыстықтан да болар, сонда дастарқандағы тағамға көңіл бөлмепті ғой. «Е, жарытымды дүние көзге ілінбей ме?! Жоқ та. Шалы өлгелі де үш жыл. Жалғыз бас. Астың дәмдісін, артығын сақтап қонағының аузына тосатын шығар. Ел соны айтуы да мүмкін». Ол жан қалтасынан темекісін шығарып, терезе алдында сарғыш тартып жатқан газеттің шетінен жыртып алған қағазына орады. Жиегін тілімен сулап жапсырды да, бір ұшын жалпитып сол жақ езуіне қыстыра салды. Асықпай тұтатып жатыр.

— Қалай, болатын емес пе, Сәке?

— Е-е, қараң қалғырдың дүниясы...

— Қой, Сәке, олай демеңіз.— Ықсанның даусы үрке шықты. Бала жасынан қарғысқа көп мән бермейтін. Елемейтін де. Осы қазір тұла бойы тітіреніп кетті. Мынау өзі түсініп тұрған стол марқұм апасынан, қарындасынан қараң қалған зат сияқтанып барады.

— Түсің қашып кетті ғой. Аузым жеңіл мен бейбақ әлденені шаттым ба? — деп Сәлима көзі жыпылықтай, телміре қалды.

— Жоқ, Сәке... Жоқ.

Сәлима кебісін қалай да шешпек әрекетінен қайтты. Махорка мен шұлғаудың иісі аңқыған бойдақтың үйінен тез тайып отырудың қамын ойлауға көшті; не бітіргенін айтпай тұра жөнелу де қиын. Сәлима жөткіріне, тамағын үсті-үстіне кенеп-кенеп қойды. «Не деймін?» Ылғи емексітіп: «бірдеңе болар» деу де өзін жалықтырған сияқты. Жол бойы ойлаған қисынды өтіріктерінің бірі басында жоқ, қазанның буындай жым-жылас. Қас қылғандай Ықсан да үндемейді. Шығып кету де ыңғайсыз. Ертең керек адам. «Қой... сүмірейіп тұра бермейін. Әкесінің өлгенін де естіртеді. Не сонша». Сәлима іштей қайраттанып:

— Ықаш,— деді.— Әлгі жүзіқара көнбеді. Наурызым деп өжектейді. Қайбір емешесі құрып барады дейсің сол мүгедекке.

— Олай демеңіз...

— Е, қойшы, тәйірі. Елге наз қылғаны да. Баяғы бір атаққұмарлық. «Жақсы келін», «адал жар» аталу,— деп келе жатқан, Ықсан оның сөзін бөліп жіберді.

— Сәке, сізге рақмет. Аз еңбек сіңіргеніңіз жоқ. Талай түн, күн демей сөйлестіңіз. Қайтеміз... Сүймесе көндіру қиын. Жүрекке бұйрық жүре ме?

Сәлима сәл іркіліп қалды. Жаңа ғана тереңнен бусанып, көтеріле бастаған келіншекке деген қыжылы су сепкендей басылған тұңғыш рет ол Ықсанға таңдана тура қарап, қатты аяп кетті. «Апыр-ай, мына баланың ниеті бөлекше екен ғой. Мен бейбақ жылтыраққа қызыққандай көп еркектің бірі ме десем, сүйеді білем».

— Жақсы жатып, жай тұр. Көңілімнің бөтендігі жоқ. Қолымнан келмеді,— деді Сәлима үстіндегі сулығын қаудырата шешіп, басына бүркеніп.

— Рақмет, Сәке.

Ықсан терең күрсінді. Терезе алдында жыпылықтап тұрған шамның пілтесін көтеріңкіреп қойды. Бөлме іші қызыл күрең тартып, Сәлиманың қабырғаға түскен көлеңкесі кішірейіп, моланың басындағы құлпы тас тәрізденіп қалды. «Апам мен қарындасыма құлпы тас орната алмадым. Топырағы тапталып, шөгіп барады. Не істесем?» деп ойлады Ықсан. Іле күйбеңдеп кеткелі жатқан Сәлимаға бұрылды:

— Сәке, сіз Балым қарияның қайғысын білесіз ғой...

— Иә... не бопты? Біреу айтып үлгеріп пе?

— Жоқ. Соған сақ болсаңыздар. Қарияның тірлік тірегі...

— Құдай сақтасын! Не көрініпті сонша бізге. Өлсек өзімізбен кетер. Қыңқ демейміз... Кеше Ыраш егіл-тегіл жылап келді. Шалын жамандайды да баяғы. «О, бейбақ-ау, о баста не ойладың. Қатын болу қазанға қара көже қайнату деп пе ең. Ал, тәрбиеле... Ол шалжиып жатсын, аузынан ақ майы ағып, жердің бетінде жоқ май, үн сендерде. Не жетпейді? Аты бақташы демесең сенің шалың табыскер емес пе? Қой әрі. Ендігәрі жылап келме. Күйеуінен кім таяқ жемейді. Сені бірдеңе түсінсін, әр нәрсенің парқын білсін деп ұрады да. Үйіңнен, ошағыңнан безбе. Ел сабайтын, ішкіш күйеуге де жете алмай жүрген жоқ па? Осы қарғыс атқыр соғыс та сендердей тойып секірген қатындардың кесапатынан»,— деп едім, тыйылды. Есті бала ғой. Түсінсе керек.— Кішкентайлы боларсыңдар... Бәрі де ұмытылар. Жеті-сегіз қара домалақты өсірсеңдер, қартайғанда орталарында қаздай қалқып жүрерсіңдер әлі. Тек ана әжеңе тіс жарып, әкең туралы білдіре көрмегейсіздер. Ши борбай іні-сіңлілеріңе қолғабыс ет,— дедім. «Сәлима апа-ау, соларға септігім тисін. Қалған-құтқан көже-көкір, нан-пан да болса жеткізіп тұрам ғой деп шықпадым ба. Исахмет өткенде Серікті сабады. Жеп отырған нанын жұлып алып, «тас жұтқырдың шайнаңдауын» деп желкелеп үйден қуып жіберді. Соңғы бір жұма Шолпан да төбе көрсетпеді. «Сабаса өзіңді сабасын. Шалыңның қолы ұзарайын деген екен. Қорғансыз емеспіз. Сақ болсын. Жапырақтарыма тигізбеймін»,— деп әжем де ұрсып кетті дейді. Балекең де қызық қой біздің. Немересінің үлкені орнын тапқанына қуанбай ма? Шалға тигенін кешірмейді...

Сәлима бір сөздің иінінде Жәзираны да «Ырашқа жел береді», деп жіберді де, онысын кейін сезіп:

— О сорлы да қайбір жетіскеннен айтады. Жылап келгенсін аяған да,— деді жуып-шайып.

Ыраштың қазіргі тірлігіне күнәһар мынау алдында тұрған кексе, етжеңді, бүйрек бет, сол жақ көзінің қарашығына ақ түскен ірі әйел екеніне Ықсанның енді еш шүбәсі қалмады. «Иә, адам күйінгенде бар мұңын сенетін сырласына айтады. Шағынады. Сәлимаға Ораш емес, Исахмет керек. Өйткені ол табыскер...» Ықсан мұнан әрі оны тыңдамай жүзін тайдырып ала берді.

— Қой кетейін. Мылжыңдауым жеткен шығар. Кетейін - Сәлима түксиіп, қайта-қайта шылым шегумен болған ЬІқсанға сезіктене көз тастап есікке беттеді. «Тоқтаңызшы...» дер деді ме, сәл айналшықтап қалған; Ықсан үндемеді.

Ол шығысымен аяғын сүйрете басып кеп, темір кереуетіне шалқасынан ұзақ жатты. «Исахмет белгілі ғой; тірлігі де түсінікті. Әр қадамы есеп-қисап, несие қарыс қадам аттамайды. Ал, мына Сәлиманікі не? Не ойлағаны бар? Соғыс алдында осылардың бәрі де жасы үлкен аға, апа есепті еді. Оларды білетін де тәрізді болатынмын. Қазір өзгеше мінезді танытып жүр. Кім бұлар?» Ықсан елеңдей басын жастықтан көтеріп алды. Ойы бөлініп кетті. Кешелі бері терезеге тысыр-тысыр тиген жаңбыр тамшысының дыбысы естілмейді. «Е, басылған ғой. Қашанғы жаусын-ау енді». Ол жайлана орнына қайта жатты. «Сәлиманы түйсіксіз деу қате...»

Маяланған пішенді қарап фермаға келе жатты. Күн шуақ. Жол бойы борпылдақ шаң. Жирен тұғырын сипай қамшылап, тай шаптырым жердегі «Алты құдыққа» бет түзеген мезетте ту сыртынан:

— Ықаш... қайным! Тоқта,— деген дауыс естіді. Кең етек ақ көйлегі желпілдеп, борпалаңдаған Сәлиманы көрді. Әріде бір салт атты жыңғыл арасынан төбесі қылтыңдап ұзап барады. Сонда оның Исахмет екенін таныса да Ықсан көрмегенсін сұрамаған. «Жесір әйел ғой. Шал да болса теңі. Менің жұмысым не» деп ойлаған.

Сәлима ентігін әзер басып:

— Сені күтіп жүрмін, қайным. Айып етпе. Жолыңнан бөгедім,— деді. Әрине Ықсан онда «екі жарты бір бүтін болғымыз келеді. Сауынға сиыр берсеңіздер» дер деп күткен; Сәлима ол ойламаған сауал айтты.

Ол аттан жеңіл ырғып түсіп, шылбырын қолына алды. Жасы үлкенмен ат үстінен сөйлескен ұят қой.

— Кешірім сұрап қайтесіз, Сәке. Жайша ма?

— Үрікпе, Ықаш. Өз басыма байланысты тірліктің қамы да. Алыс отарларға шығып тұратын дүкеншілікке кісі керек көрінеді, қайным. Соған мені орналастырсаң қайтеді. Бұл жақсылығыңды өлгенше ұмытпайын,— деді алдын кес-кестей.

— Сөйлесіп көрейін. Оның сізге қажеті не?

— Тірлік үшін де.

— Тірлік? Сауыншылық аз ба? Несіне қызығасыз? Үнемі жол үсті, қиын іс. Сіз мүмкін ол дүкеншіліктің ауыр еңбек екенін білмейтін шығарсыз?

— Білем.

— Ендеше не? Жасырмай айтыңызшы. Еш бүкпесіз, Сәке,— деді Ықсан әйелдің жүзіне тура қарап.

— Солай ма? Жақсы... Соғыс алдында дүкенші болдым. Алыс отарларға талай шықтым.

— Иә, оныңызды білем.

— Білсең сол, табысты едім; үш сомның дүниясын алтыға өткізетінмін. Даладағылар ақшаның қадірін қайбір біліп жатыр. Кейде үш метр шыт пен бір ши қалпаққа өзімсініп ортаң қолдай ісекті өңгеріп аласың. Қазір әрине ол дәурен жоқ,— деді ол көзін қиялдана бел астынан көрінген фермаға жіберіп. Аңдаусыз тамсанады.— Әйтсе де соғымдық, аздап тиын-сыйындық ет-мет табылатын шығар. Оларға ұн, қант, шай-мүй берсе, онан да ептеген кір үстінен ауыс-құйыс болар. Отырғаннан да жүрген жақсы. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді». Сарала таңнан сиырдың сауырына тас кенеше жабысып, не таптым. Артымда жылап қалар балам кәне. Неден қаймығып жалтақтаймын... Соғыстың да беті түзеліп келеді. Алла тыныштық берсе, о да басылар; сол кезде мен де белді дүкенші саналып жүрмеймін бе? Ықашжан-ау, өзінің тесік тамағынан аянатын бұ күнде кім бар?» — дегені қайда сонда. «Иә, ол жеңгетайлыққа тегін келіспепті». Ықсан құрыстанған жаурынын жазбақ боп, серпіле орнынан көтерілді. Тік жаға гимнастеркасының ілгектерін түгел түймелеп, төрт елі қайыс белбеуін қынай буды. Аяғын сүйрете басып терезе алдына келді; маңдайын жақтауға сүйеп, жартылай жабық желдеткіштен соққан ылғалды, салқын лепке тершіген бетін тосты. Қабақ кірбіңі жазылып, тынысы кеңігендей жеңілдікті сезіне, терең күрсінді.

Қатты жел тұрған тәрізді; шым ауланың үстіндегі ескі қара май шелектің даңғырлай құлап түскені, қораның төбесіндегі қамыстың ысылы анық естіліп кетті. Ауланың ескі топсасы сынған есігі сарт-сұрт ашылып-жабылады; Ықсанның ойына қақпаға ілгешек жасамақ болғаны; үш-төрт үлкен шегені, балғаны Исахметтікінен әкелгені оралды. Ферманың қыруар шаруасы қол босата ма? Әрі соңғы екі жұма оң жақ аяғы мен сол жамбасының жарақаты бұлтты күндері қатты сырқырап, әбден шаршатып тұр. Оқтың қалдығы ма, жоқ әлде сынған сүйектің дәрігер көзінен жасырын жатқан жарықшағы ма кім білсін; суық тисе бітті, ісініп шыға келеді. Әйтпесе осы үйдің төбесін ашып, қайта жауып алмай ма? «Жүдеу ауылға еркектігімді білдіріп, шаруақор көрінбей-ақ қойдым. Жігіттер оралсыншы. Көрерміз. Наурыз да келсін». Ықсан терезе жақтауынан қолын тартып алды; мұп-мұздай маңдайын сығымдай ұстап, бөлме ортасында тұр. Наурыз оның есіне Жәзираны түсірді. Мен үй боп дәнеңе бітірмеймін. Сәлима айтқандай «қараң қалған дүния» да. Иә, солай».

Ықсан әлдеқандай бір іске белін бекем буған сияқты; есік қайрылысында ілулі шинелін алып гимнастеркасының сыртынан желең жамылды да, далаға бет түзеді.

Жаңбыр басылған, азынаған жел. Ол асыға шинелін киіп, жағасын көтеріп, ұйпалақтанған шашын серпе қайырып тастады; бас киімсіз шыққаны осы жерде есіне түсті. «Шамды сөндіріп пе ем?» Қайырылып кеп, аулаға қараған терезеден ішке көз жіберді. «Сөндірген екем ғой». Суық жел жаға, жеңді кеулеп, кейде ол аз дегендей қолтық астынан бір саңлау тауып мұздай саусағын тітірендіре сұғып-сұғып алады. Ықсан қымтана түсіп тұр; ілкідей емес енді қараңғылыққа да көз үйренген. Аспан аласапыран. Бейне бір қайнап жатқан алып қазандай. Беті кәдімгі кірлі көбік.

Жел үдей соғып, көбесін әр жерден сөгіп жіберсе де, неше күннен иемденіп, мызғымастай сезінген қара бұлт қайта жалғасып, селдірей созылып барады. «Жалт» ете қалған жалғыз-жарым жұлдызды жұтып жіберердей болады; іле жойқын қозғалыс ұстастырмай, парша-парша бөлшектеп, сүйрей жөнеледі. «Өлерменін-ай. Қарашы,— деді Ықсан көбейіп келе жатқан жұлдыздарға қарап. Жүзіне жылы сәуле жүгіріп, қуанып тұр.— Өліспей беpiспейді...»

Әр жерде жарқырап қақ жатыр. Айнаның жарықшағындай көз тартады. Ескі тымақтай жапырайған қақыралар иық сүйесе окоп түбінде ұйықтап отырған солдаттар тәрізді; бұйығы, қыбыр етпейді. Ықсан көшені бойлай жүріп келеді. Аяғында әскери керзі етік. «О, өмір-ай. Күні кеше осы етікпен Москва түбінде, Украинада жүрдім. Сол елдің топырағын басып, таңын көзіммен атқызған да кезім болды. Ауылға аман-есен оралам екен; апам мен қарындасымды көре алмаспын-ау деп ойлаппын ба? Иә, талайдан жүдетіп жүрген жіңішке ауру ақыры әкетіпті...» Ол басын жерден көтеріп, төңірегіне мұңая қарады. Жалғыздығын, әлсіздігін сезінді. Сырты әктелген, шағын ағаш қақпалы ақ үйдің алдына кеп тұрғанын жаңа аңдаған сияқты; жалтақтап қалды. Әйтсе де сырт айналып кететін онда күш жоқ. Көзіне әркез жылы ұшырап, қиялына, ойына серпін беріп, өмірге деген құштарлық ұялататын осы үй екенін де енді анық сезінгендей. «Шынында басқа қақыралардан өзге, аппағын қарашы. Қара көлеңке көшеде жас келіншектің орамалындай ағараңдайды-ай. Құдайым-ай көзге не деген жылы еді». Жаңағы бір жадау көңіл, жүдеу тіршілік ығысып, жүрегі лүпілдеп қоя берді. «Жәзира... Жәзираш»,— деді баяу.

Көшенің қарсы бетіндегі үйдің аула ішінен біреудің жөткірінгені естілді; ол «ел әлдене ойлап жүрер» деп аяғын басып ауылдың екінші шетіндегі Исахметтікіне бет алды.

Терезесінде от бар екен. Жата қоймаған сияқты. Әйтсе де Ықсан кірмеді; аңғармаған жандай тұсынан әрі асты. «Жеті түнде бөрліктіріп жүрем бе. Ұйықтамаса да ыңғайсыз ғой». Ол ауылдың сыртына шығып, ұзап барады. Керзі етігінің шылқылдаған су болғанымен де ісі жоқ. Жаңбыр мен шыққа малынған қалың, жасыл қар өлеңді күрей басып келеді; үлкен жолдан қай тұста айырылғанын білер емес. «Жәзираның күйеуі... Наурыз. Иә, жақында олар табысады. Қандай бақытты еді Наурыз. Ізетті, асыл жарын... Жетті, енді оның мазасын алғанды қою керек», - дей береді күбірлей.

Ол үйге қатты тоңып қайтты. Шамды жағып, үй-ішін жинады. Пешке от жақпақ боп көрген; ыстанып тұрған мұржа түтін тартпай, бықсып, кейін лықсып қақалып-шашалып бітті. Көзін уқалай қазан аузынан кетпекке ыңғайланғаны сол еді, әлгі өз-өзінен лау ете түсті. «Әһ жеңдім бе. Жоқ, апа... Сен жаққан, әкем қалаған ошақты сөндірмеймін. Сен маған, апа, сене көр. Мейлі мен сүйгеніме қосыла да алмаспын. Сонда да сөндірмеймін»,— деді де Ықсан сол жақ бүйірін ұстап, үнсіз ұзақ отырды. Ол терезенің көгілдірленіп, онан әрі бозаң тартып келе жатқанын көпке дейін аңдамады.

Ұйқысыз өткен түн өз ырқына ақыры көндірді; қабағы ауыр тартып, көзі ілініп кете берді. Сағыныш жеңген жүрек оны қиын жолға итермелей бастады. Әрі Исахметтің әзілі әзәзіл: «Ұятын өзің көрі» де қамшы болған тәрізді. «Наурыздан менің нем кем? Мен де сүйем ғой. Бақытсыздық бір маған жазылған ба? Ол аяқ-қолынан айрылса мен оңып тұрмын ба? Әкемнен, анамнан, қарындасымнан айырылдым. Соғыс болмаса мұндай күйге түсер ме ем. Өзімнің де оқ тимеген жерім кәні? Аяқ мынау... Жәзираны сүйсем, о да мені тастамас. Жоқ... Бермеймін. Жетті...» Ықсан жұлқына тұрып, шинелін киді де есікті ашты. Табалдырықты аттай бере тоқтап, жұпыны бөлмесіне көз тастады. Шам өз-өзінен сөніп қалыпты. Әйтсе де үй іші жарық.

Жаңа күн туып келе жатты.

6

Исахмет қарт Ықсандікінен шыға бере жалп ете қалды, оңбай құлады. Ілкіде қолымен жер тірей, бір тізерлеген: асықпай көтерілгенде түк те жоқ қой, жас жігіттей ырғып тұрам дегенде болды бар пәле, сол аяғы тайып кетті де шалқасынан түсті. Бөрік бір жақта, өзі бір жақта. Сасық шалшыққа малшынып қанша іздеді. Айт пақтайын тақиям екен деп сиырдың езіле бастаған жапасын ұстап алғанын қайтесің. Құдайдың өзі білсін, ол малдікі ме, жоқ...

Тісі-тісіне тимей үйге зорға жеткен; келсе... Ыраш жатып қалыпты. Екі сағат айқайлап, несін сұрайсыз. Егіске түскен шегірткені де бұлай қиқулатпайтын шығар. Көшедегі терезені дүрсілдеткенде барып ағараңдап көрінді-ау әйтеуір. «Бұл кім? Неғып жүрген жансыз? Исахмет жоқ деймін»,— деп іштен даурығады. Өзі тыңдамайды.

— Оу, малғұн! Малғұн-ау... Менмін ғой!

— Менің кім? Атыңды айт! —деп шүлдірлейді. Есікке жақындамай әріден дауыс ететін тәрізді. Күмілжі естіледі.

— Байыңмын! Исахмет!..

— А... Е, құдай-ай! — Әйелдің көңілді үні, сылдыр-сылдыр темір шынжырдың есіктің жақтауына соғылғаны келеді құлаққа.— Е, жазған-ай... Сөйдемеймісің. Дірілдеп сонша не көрінді. Күйеу боп айттырғалы келгенің жоқ қой...

— Сандалмай аш! Көрсетермін мен саған дірілдегенді!

Исахмет ішке түтіге кірді. Әй-шайсыз төргі бөлмеге баса-көктей өтті. Табалдырыққа дейін жаюлы жатқан түкті қызыл күрең кілемді аяусыз таптап жүр; әншейінде «Ырашжан, күн бүгін шаңытып тұр білем. Мына кілеміңді жинап қоямысың, қайтесің»,— деп отыратын. Қазір сарала балшық, түйе табанданып қалған ізіне қарайтын емес; шүңірек көзі шапыраштанып кетіпті.

Есіктің қалтарысындағы ЬІрашты, да көрмей, жанынан екпіндей өтті. Төрде жағулы тұрған ондық шам таңданғандай жыпылықтап барып басылды. Ұзын бойлы, түрік ерін, етжеңді, жас әйелінің бірден көзіне шалына қоймағанына да күйіп-пісіп жүр. Балшыққа аунаған арық қашардай үсті-басы сауыс-сауыс. Қолынан тастамай, суын сорғалатып тақиясын төрге әкелгенін енді ғана аңдағандай; ауызғы бөлмеге қарай лақтырып жіберді.

— Уа, қатын, қайдасың?! Шық бермен!

Ыраш қара көлеңке бөлмеден үркектей жарыққа шықты. Үстінде тік жаға, етегі қос бүрме ақ көйлек. Бұзау жалағандай жылмита тараған қоңыр шашы қақ маңдайдан екі айырылып өрілген екен; күржіктеу жауырынына құлап түсіпті. Мұрнының ұшы шолақ, бүйрек беттілеу. Аяқ-қолы балғадай, ірі. Орта бойлыдан жоғары. Ұялы қара көзінде үрей бар. Үнемі қызғылт тартып тұратын екі бетінің ұшы, жіңішке мойны ғана оның әлі де болса сәби, тым қорғансыздығын сездіреді. Аяғын ұшынан басып кеп, имене тоқтады. Исахметтің қолы шымылдық пештің үстіндегі кеңереде жатқан үш өрме қысқа сапты, жылан қамшыға созылып бара жатқанын көргенде тітірене, жиырыла қалды... Әлгінде ғана ол үйіне бір аяқ тары, ұнның арасына тығып сынық сүйем өркеш беріп жіберген; «Сәлима апам бекер айтпайды. Менікі шынында тойып секіргендік. Исахметтің арқасы екенін білмеймін. Неменеге бұлданам. Зорлаған жан жоқ. Өзім келдім... Сейіт, Серіктай мен Шолпанжандарға жаңағыдай көмегім бола ма дедім ғой. Әжем оны түсінбейді. Сырт айналады. Әне, сол мен беріп жібергендерді кішкентайлардың аузына тосып отырған жоқ па? «Жаман, жақсы деме. Өмір қосағың ғой. Бұлдана берме» деп ұйытқы болмай ма? Мен енді оны күтем. Бабын табам. Мейлі ел өсектей берсін. Кімнің кімге тигенінде жұмысы не?» деп ойлап жатып, ұйықтап кетіпті...

«Ыс-с» ете қалған қамшы жаурынын тіліп түсті. Ол қалай «аһ» ұрып, қалай қайқалаңдай барып, табалдырыққа сүріне құлағанын білмейді. Төбе-құйқасы шымырлап, әр жеріне біреу ине сұққылап жатқандай соққы тиген сайын дір-дір етеді. Ілкіде үлбіреген қолын қамшыға тосып, қалқаланған жылан қамшы ысылдай шағып, ақ білегіне шырмала оралып серпілгенде қалай ұшып түскенін де аңдамады; енді жер тырнап, кілем түгінен жанына медет іздегендей сипалай берді. «Апатай»,— деп бір үн шығарды да, онан әрі түсі бұзылып, тістеніп алды. Мұнысы күйеуіне білдірген қарсылығы емес, мойынұсынғандық еді; елге сездірмей, шалының абыройын сақтағандық сыңай. «Байым маған қол көтерді» деп атойлап милицияға жапқан әйелдің не оңғаны бар. Баяғыдағы еркектің сабағанын білмейді ғой. Сонсын есіреді» дейтін әжесі де, кешегі Сәлима да. «Жоқ... Ыраш ондай тікбақай қатындарға еліктемейді. Шыдайды...» Ол тістене басын көтеріп, тізерлей отырды. Сырт айналып, жонын еріксіз тоса, бетін басты. Қамшының өткір, салмақты ұшы аш белін орай өтіп, ұшырып түсірді. Шыдай алмай тұрмақ болған, қарулы қол желкесінен бүріп, басын тұқырта нұқып-нұқып жіберді. Көзі қарауытып, мұнан әрі ол құныса, бір тізерлеген күйі қалды. Ақ шілтері көйлектің жаурын тұсында қара жолақ із жосыла, күреңітіп барады. ЬІрс-ырс еткен шалдың үні мен қамшының ысқырығы жарыса естіледі. Шып-шып... Шып-шып... Әйелде дыбыс жоқ.

Қарт қойын сойып болған әккі қасапшыдай қолындағы қамшысын немкетті бүктеп, есікке қарай лақтырып жіберді; жаурыны бүлкілдеп, үнсіз жылаған әйеліне жауыға қарап:

— Маубас!.. Ac ішіп, аяқ босатар шірік! Алдымнан есік ашып, күтіп ала алмасаң неме керексің. Түн баласы тентіреп жүргенім де бір сенің тірлігің емес пе. Қашанғы таяқтаймын! Ұғынарың болмады ма! Су әкел! Таза киім бер,— деді де, үстіндегі су-су шапаны мен етігін, бөркін, көйлегін есікке қарай лақтыра бастады.

Ауыр соққыдан бойын жиып ала алмай, есіктің жақтауына сүйене, шұбатыла тұрып жатқан Ырашқа едірейе:

— Уа, енді қашан! —деді.

Ыраш шымылдық пешке сүйене сары кебежеге бет алды. Оң жақ қабырғаға тірей қойылған жүкаяқтың үстіне қатар-қатар тақталай жиналған көрпе, қызыл жібек қозы көншіктер көздің жауын алып тұр. Төрге таман, бір басын терезеге беріп биік кереует орналасқан; үстінде ашық аспан түстес көгілдір алжапқыш. «Біреудің бергені, базарлығы көрінеді. Неткен тегін дүния. Қайдан алыпты? Неге саған ғана береді? Алма... Керегі жоқ. Ә, солай ма? Елдің бәрін өзіңдей көреді екенсің ғой. Рас, саған тірі пенде соқыр тиын сыйламайды. Сонда қайтпекпіз? Жо, сандалмай тыныш жүр»,— деп онда да сабағаны есіне түсті. Ыраш терең бір күрсініп, көзін тайдырып алды. Мұнан әрі өң мен түстей аяғын сенделе басып, ауыз үйден жылы су әкелді. Шалын жуындырып, таза киім берді, самаурын қойды. Қазандық аузында құрғақ отынды жаңқалап отырғанда ғана өзінің кәмзолсыз, көйлекпен жүргеніне таңданды. «Әбден көкала қойдай қып сойсын дегенім бе, не қылғаным. Кәмзол аз да болса қамшау, қорған еді ғой. Қара басып, шешіп тастағанымды көрмеймісің» деп ойлады. Ойыншығын жоғалтқан сәбидей соған қатты өкінішті.

Шай алдында Исахмет нан турап бір аяқ етті сорпа ішті; төс қалтасын түртініп отырып ши тауып алған, сонымен енді пыс-пыс етіп тісін шұқиды, тамсанады. Әлсін-әлі терезеге мойнын бұрып, далаға құлақ түріп қояды. Жаңағы бір қалың бұлт тарқап, қабақ кірбіңі ашылғандай.

— Ырашжан, шайың не күйде? — деді ол үнін жұмсарта, көмейінен шығарып. Мейірімді әке даусындай жылы естілді; жас келіншектің жанын елжіретіп, әлгі бір таяқтан қалған жараны сыздатып өтті. «Шағына жылай қоймас; әйткенмен іші жылысын, қайтем жасыта беріп.

Еті өліп соққыға үйреніп алса, тіптен пәле боп жүрер»,— деп Исахметтің бұл баспалап, өзінше үркіп қалған әйелін қайта бауырына тартқан айла-шарғысы.

Ол ойлағандай болды. Ыраш біраз үнсіз қалды. Қазандық аузында ұзақ жылады. Кәмзолының жан қалтасынан қол орамалын алып көзін сүртті. Мұның бәрін Исахмет естіп отыр. Әбден бабына келсін, шерін тарқатсын дейтін сияқты. Асықтырмайды.

— Ыраш... Ау, Ыраш?!

— А...

— Балекеңе... Анау кішкентайларға көже-қатықтық бірдеңе берсейші. Солардың тәкаппарлығын кектеп қайтеміз. «Кедейдің кербезінен сақта» деген. Қанша көкірек кергенмен оларға бізден жанашыр табылмас.

Исахмет мұны түк білмеген жандай айтты. Ол Ыраштың ептеп-септеп үйін құр қоймай жүргенін сезетін; әрі кеше Сәлима: «Серік пен Шолпан сіздікінен шықты. Қолдарында ақ шүберекке түйген қоянның басындай бірдеңе бар», – деген.

— Мелі, өздерінен көрсін,— деді Ыраш жаңағы бір үнсіздіктен кейін табан асты қолқ ете қалып.

— Негe? Қой, Ыраш... Білмегеннің білместігін кешірмесек, біліктілігіміз қайсы. Анау шиеттей қара борбайлармен бірге тумап па ең. Балқия қарияға қалса мен де жібиін деп отырғаным жоқ.— Исахмет осы тұста тістеніп қатты жек көретінін анық сездіріп алды. Әйтсе де тіс қаққан емес пе, онысын іле жуып-шайды.— Әттең, өзі адам еріксіз сыйлағандай орнықты, ақылды жан. Сенің әжең... әрі ана кішкентайларды сүйем. Қанша дегенмен бауыр ет... Балдыздарым емес пе, ЬІраш...

Самаурын көтеріп есіктен көрінген Ырашқа елжірей қарады. Оның көп жылағанын білеулене ісініп тұрған көзінен аңдады. Сөзін мақұлдап, қымсына езу тартқанына, басын изегеніне ол таңданбайды; «Әйел де бір, мысық та бір», — деді іштей. Онысын сездірмей, Ыраш жайған дастарқанның шетін түзете, өзіне қарай тартып қойды.

— Сен осы «Қалқадағы» Бақанды білетін бе ең?

— О кім?

— Аудандағы Рапкопта істейтін. Етжеңді қара, ақ шашты келген...

— Е, құдай-ай, көктемде түстеніп кететін мес қарын ба? Білмегенде ше... Шала бауыздалған ісектей қорылдап ұйықтайтын ғой.

— Сол... Сен тек ертең көзінше қойып қап жүрме,— Исахмет бір тізесін баса жанына отырған келіншегіне жылы ұшырай қарап.

— Нені?

— Е, әлгі... «Мес қарын» дегеніңді де.

— Аты кім дедің?

— Бақан.

— Бақан? Ақан шығар? Жақан десе де бірсәрі. Бақаны несі?

— Е, ит біле ме?! Соның әкесі бірдеңе біліп қойды деймісің.

— Жоқ, дұрысы Жақан ғой дегенім де.

— Әй, Бақан десең ұшынып кетпейсің. Білдің бе?! Тақа болмаса Бәке де!

Исахмет тағы да кейи бастағанын сезініп, өзін-өзі тежеді. Онысын Ыраш байқамаған боп, жайбарақат отыра берді.

— Иә, сонымен оны неге айттың?

— Сол ертең келеді. Денсаулығы шамалы адам. Әрі әйелі де салақ, аурулы екен. Бала көтермеген кісі ғой. Өзі ұлықсат етіпті. Үйленсем деп еді. Жәзираны аузына алды. Оған не дейім. Мынау шай мен май, қант содан кем жатқан жоқ па. Бір жөні болар дедім.— Исахмет басындағы тақиясын алып, тізесінің үстіндегі сүлгімен мойнын, маңдайын ысқылай сүртті.— Қорадағы бағланды соған дайында. Арбасына салып жіберерсің.

— Бәтір-ау, оның күйеуі келмек көрінеді. О, бейбақ көне ме?..

— Көнді не, көнбеді не?!. Мүмкін көнер, мүмкін көнбес.— Шал өз-өзінен сөйленіп кетті.— Мүмкін тулар, мүмкін туламас.

— Шайың суып қалды. Не деп барасың. Ішсейші,— деді Ыраш шыны аяқты шалына қарай ысырып. Шай қасықпен бармақ басындай сары майды ойып ап, аузына салды. Шайнаңдап әйеліне бұрылды. Көзі күлімдей ЬІраштың жаурынынан қақты, қылжақтай қолын мықынына жүгіртіп қойды.

— Кетші әрі!.. Қытығымды келтірмей.

— Қой, Ыраш, тентек болма.

— Бала емессің ғой,— деп Ыраш самаурынға қарай ысырыла, жақын отырды. Әр кез қызғылт тартып тұратын бүйрек бетінің ұшы онан әрі күреңітіп кетті. Қымсына сырт айналып, тершіген мұрнының үстін жеңімен сүртті. Ұялы, тұнық қара көзін жалт еткізе, төңкере тастап, шалының өзіне бағдарлай, қадала қалғанынан ыңғайсыздана жүзін тайдырып алды. Біртүрлі іші-бауыры жылып, Исахметті аяп, өзін жазғыра бастағанын сезінді.

«Соғыстың алғашқы қысы қатты болды»,— деп ойлады Исахмет жас келіншегінің дөңгеленген мықынына, қызылшырайлы жүзіне қарай отырып. Ол кезде Исахмет жалғыз еді. Отыз жыл отасқан әйелі дүние салған; «Иә, иман жүзді жақсы жолдас, өмірлік жар болатын». Соғыс алдында ауданда, сауда орнында істеген Исахметті жолдастары әр нәрсенің жөн-жосығын білетін, қолынан келсе жігіттігін де аямайтын азамат деп сыйлайтын. Сонан ба, әйтеуір колхозға келіп, денсаулығым нашар еді, бақташы болмасам деген, онысын да ел ерсі көрмеді. Қабылдады. Аурулы, жасы келген адам деген сияқтымен майданға жіберілмеді.

Бақташылықтың уақытша екенін ол әрине білді; көп кешікпей әскер семьясына карточкамен нан беретін дүкенге орналасты. Қиындау боп бара жатса бақташылығым дайын ғой, тайқын шығармын деп ойлады. Кейін солай істеді де. Бұрыннан жинағы, дүние-мүлкі мол Исахмет соғыстың ауырлығын сезінген жоқ; әйтсе де елдің қатты күйзеліп, не болса соған көзін сатып жүдей бастағанын көрді де білді. Әсіресе шиеттей немерелерімен жалғыз қалған Балым қария оны қатты алаңдататын; отын да, нан да тапшы уақта тістесіп, балапандарын бауырына басып отырған кәрі ананың өлермендігі таңдандыратын да еді; өзіне бала бітпегеніне қынжылатын. Ол сонда да үйленсем деп ойламады.

Қар жапалақтай жауып тұрған жаңа жыл түнінде ол өзінің үйіне әкеле жатқан бір шана қызыл жыңғылды жолдан Балым қариянікіне түсіріп кетті. Қатты разы боп жалбалақтаған қарияға тез қойсын деді ме: «балаң майданнан аман оралғанда төлерсің»,— деп құтылды. Ол кезде дүкеншілерді жұмасына бір тексеріп, қысып тұрған уақ қой. Күндесін-күнде есеп-қисабын жасамаса, шатасып кету оп-оңай болатын. Үйіне келгіштеп, кір-қоңын жуғыштап жүрген Сәлима бірде: «анау Балым қарияның үлкен немересі Ырашты шақырайын. Кеше ғана мектеп бітірді. Сегіз класс деген де аз білім бе. Қағазыңды көшіртіп аларсың»,— деп қалған; Исахмет келісті. Тіпті өзі барып қариядан ұлықсатын сұрады. Мойны шілмиген, сүйегі ірі қыз екен. «Үлкен көзін бажбита, кісіге біртүрлі таңдана қарай ма, қалай»,— деп ойлағаны да бар Исахметтің.

— Әкеңдей адам ғой, ботам. Көмектес. Бізге де қол ұшын берді емес пе,— деді қария.

Исахмет сол күні қалаға кеткен; қаперінде ештеңе жоқ, қайтып оралса, есігі ашық; іштен еттің иісі шығады. Ол үйге қуана кірді; дала сақырлаған сары-шұнақ аяз болатын. Сәлима екен. Рақметін айтып, шешініп төргі бөлмеге өрлеген; алдынан Ыраш кезікті. Имене сәлем берді. Бәрі де қазіргідей көз алдында, шайдан кейін ет келді. Сәлима қайдағы жоқ арақты тауып әкеліпті. Ішпейім дегеніне қаратпай үш стаканға бөліп құйды. Ортасынан келіп тұр. Әжептәуір арақ. Ауырып қалмасам жарар еді деп қауіптене отырып ішіп салды. Әйелі дүния салғалы аузына алмаған пәлекеті ғой; өзегін өртеп кетті Суық сорып, қатты тоңып келгеннен бе, тұла бойы ұйып бір жылынбастай көрінген; енді міне бусанып, буын-буынына отты қан жүгіріп, дуылдата алып барады. Ерні де көнтиіп ісінгендей; бойын есерлік билеп жеңілденгендей болды. Қыза бастағанын сезіп, сабырлы қалып сақтағансыды; әйтсе де бір күш еркін билеп, елпілдетіп, желпілдетіп әкете берді. Сәлимаға ілесе еш риясыз, шалқақтай күлген Ыраштың ақ маржан тістері, балбыраған жүзі жүрек түкпірін қытықтап, тынышын кетіріп-ақ отыр. «Иә әлі шикі. Тіпті сәби. Сүйектілігі болмаса... Көрмеймісің етегін жинауды да білмейді. Тоқ балтыры, жұмыр, түзу екен. Жоқ, мен маспын! Әйтпесе мұным не? Е, тәңір-ай бұ күнде кім жетісіп жатыр дейсің. Мейлі... Еркін сайрандасын, көңіл көтерсін. Мен де сырттай қызықтайын. Қыз да қызыл гүл, көз құрты емес пе».

Исахмет өзін-өзі ұстай білетін; астан кейін шолақ тоны мен ұлтартқан қара пимасын киіп, шығарып салмаққа дайындалды. Қазандық жақта салдырлап жүргені Сәлима оны тоқтатып: «Жеті түнде тентіреп не бар. Ұлықсат етсеңіз, біз қонамыз»,— деді. Ыраш та күлімдей, кете қоятын ыңғай танытпады.

Жоқ, ол әлі ұмытқан жоқ. Ол төргі бөлмеде; түпкі үйде қонақтар. Терезеден көгілдір, қарлы даланың жарығы түсіп тұр. Ұйқысы шайдай ашылған Исахмет сол түнде бұған дейін өмірі сезінбеген күйге түсті. Көңілі ала құйындай ұйытқып, іштегі жалын да жүрегін лүпілдетін барады; әлдеқайдағы жылан-құрт қайта қозғандай, аласұрып жатыр.

Осы сәт жаман ағаш еден «сықыр» етті. Ұзын aқ көйлекті біреу көлбеңдей көрінді. «Бұ кім? Сәлима ма?» Исахмет қыбыр етпей қалды: «Перінің өзі болсаң да... келші»,— дейді ол іштей. Әйтсе де басын көтере алмады.

Бетіне ыстық дем тигенде ғана ол кейін ығысты:

— Тұр... Мені қайтесің. Анда бар,— деді Сәлима сыбырлай. Исахмет өз құлағына өзі сенбеді ме, жоқ естімеді ме:

— Қайда? Онда не? —деп күмілжіді.

— Қызға... Оттай жанып жатыр. Тұф, пәлекеттің ыссысын!

Исахмет Сәлиманың бұнысы әзілі емес, шыны екенін енді түйсінді; әйтсе де бірден тұрып кете алмады; ұйытқыған ала құйын көңілін баса алмай жатыр. Арақ буы, қыздың оңашалығы, оның ыстық тынысы... жүрек түкпіріндегі тәтті бір сезімді қытықтай, дуылдатып алып барады. Қaзip орнынан тұрмаса бұл сәттің қайта айналып келмесін де біледі; сол тәуекелге бел будырғандай болды...

Қыздың «ағатайлап» жылағанын, ертеңіне де қоймай: «мойныма тас байлап өзенге кетем» деп көп алысқанын Исахмет әлі де ұмытқан жоқ.

— Ыраш... Сонау екеуміз алғаш табысатын түн есіңде ме? — деді ол самаурын түбінде отырған жас келіншегінің құлағына аузын тақай сыбырлап. Дастарқан басында екеуінен өзге жан жоғын да ұмытқандай. Мүмкін ол «е, қойшы соны» дей салар деген шығар.

Ыраш шалының бетіне таңдана қарады; сәл езу тартты. Жауап қатқан жоқ. Самаурыннан пияланың біріне су құйып алып, босаған шыны аяқтарды манағыдан гөрі қатты салдырлата жуа бастады.

— Неге үндемейсің? — Исахмет ойнаған боп келіншегінің бүйірінен түртіп қалды.

— Есімде...

— Иә?

— Нe иә? — Ыраштың қабағы түйіле қалды. Жанары суық. Шалына түсі қаша бұрылды.— Сол кезде өлмегеніме өкінбесем не істейін...

— Әй, оттама! Мұқым о несі-ай?!.

Екеуі тағы да біріне-бірі жауыға қарап, сырт айналысты. Исахмет әңгіменің тым насырға шауып бара жатқанын аңдап, іле түсін жылытқан болды. Самаурынды ауызғы бөлмеге әкетпекке ыңғайланған Ырашты иығынан басып, орнына қайта отырғызды.

— Жә, ренжімеші, көгершінім... Бақаң шаруасын ұмытпа.

— Жәзирадағы шаруам не?! Сен осы соған тістенесің ғой. Аяғыңды басып кетпеген сияқты еді?

— Сен бе, сен! Түк адам болмайсың. Басыңда саңлау жоқ. Сені пішенге шықсын. Машинаның өреліне отырсын. Соғыстан бұрын оқыған дейтін кім? О кезде сен жетіншідесің бе жоқ, алтыншыдамысың бір құдайдың өзі білсін. Ендігі үйренгеніңді ұмыттың да. Оны олар қайтсын. Сені масқаралау.

— Соғыстың алдында емес. Күні кеше сегізіншіде. Правам бар. Ұмытты деп кім айтты?

— О, қосыр-ей! Қосыр-ей! Пішенге барған өмірдің рақаты деймісің. Машина бүлінсе пәлеге қалмаймысың, мисыз-ау. Соны неге ойламайсың. Қап, ол қатынды ма тұра тұрсын. Мен әйелімді алдаттырып қоймаспын,— деді қарт келіншегінің алдында қоқиланып, әлде кімге сыртынан жұдырық түйіп.— Жә, енді жетті. Кергімей жина төсек сал...

Ол орнынан тұрып, дастарқан жиегін қайырмай аттап өтіп кетті.

7

— Ту...у, жіберші. Жындандың ба?!. Не көрінді саған...

Жәзира жігіттің құлақ үстін жауып, тым өсіңкіреп кеткен шашын, жақ ұрты ішіне түсіп, жүдеу тартқан өңін енді жақыннан көрді. Күн қағып, шөп иісі әбден сіңген сары гимнастеркадан әлдеқандай таныс, Наурызға ғана тән тер иісі келгендей болды: әйтсе де жат қылық, ecciз арпалыс мұның бірде-біріне ойын тұрақтатпай, қайта ашындыра ұйытқытып алып барады. Мені осы ғана түсінер-ау деген сыйласты адамнан бұны күтпеген еді; ілкіде абдырап бой алдыра жаздағаны да сонан, әйтеуір беті-жүзін сырт тартып баққан, табан астынан күш біткендей шірене беріп, қос қолдай кеудеден итеріп кеп жіберді. Ықсан мас адамдай қаңғалақтай барып, шымылдық пешке соғыла тоқтады. Жүзі шүберектей қуаңдана, кешірім өтінгендей телміре қарап тұр.

— Адал дегенім арам. Ақылды дегенім ақымақ. Жігіт дегеніміз ит болар ма...— Келіншек мұны күйіне, қатты торыға айтты.

Өмірде өкініш жаман. Ықсан сүйген адамынан: «кет, жоғал. Көрмегенім сен болсын!» —сияқты әйелшілік бір мінез күткен. Өкіне қоярмын деп ойламаған. Келіншектің қамыққан үні, оның сай-сүйегін сырқыратты; Исахметтер емес мына өзі қорғансыз қыз-келіншектің ұятын аттап жүргендей қатты түңілді. Көңілінде бөтендік жоғына ол түсінер ме? Сенер ме? Осы үйдің табалдырығын аттағандағы ниеті ше? «Ұятын өзі көріп» иліктірмек еді ғой. «Ойбай-ай, — дейді жүрек түкпіріндегі бір үн, — мен оны сүйем, қайтейін...»

— Ықсан...

Келіншектің даусы алыстан естілгендей. Ол селк етіп, басын жерден жұлып алды. Маңдайына шашырай түскен шашын кейін серпіп жіберді: көзі терезе жақтауына сүйеніп тұрған Жәзирада. Күннің қызғылт нұры келіншектің алаулаған жүзін тұтас шарпып, сырғи кеп жүкаяқтың үстіндегі шақпақ қанттай қатарлай жиналған көрпе-жастыққа тіреледі. Құлағы тас бітіп қап, енді ашылғандай Ықсан даладағы сиырдың мөңірегенін, ауыл иттерінің шабалаңдай үргенін анық естіді. Жәзираның не айтпағын сезді ме, ұнжырғасы түсе есікке бет алды. Кіреберіс оң жақтағы қабырғада ілулі тұрған сұр шинелінің ілгешегін сырт еткізе жұлып, шыға жөнелді.

— Ықсан, тоқта...

Жүзі алабұрта келіншек баяу жабылған есікке ұмсына іркілді. «Менің жазығым не? Қайрылмағаны несі?» Әлдеқайдағы өкініш өзегін өртегендей болды. Қолқасына жас тығылды. Көңілінде әркез бір жылылық тудырып, қорған көрінетін Наурыз да бұл жолы ұмыт; төрдегі көрпе үстіне тізерлей отыра кетті. Үнсіз, булыға жылады.

Сыртқы есіктің ашық қалғанын, көршісі Балым қарияның табалдырықты аттай бере таңдана қарап тоқтағанын ол аңдаған жоқ. «Бордай үгітіліп соншалық кім маған? Наурызымның садағасы... Тек жалғыз ғой деп аяймын...»

— Жәзираш...

Балым қарияның даусы үрейлі шықты. Ол шошына бұрылды; тұла бойы тоңазып, төбе құйқасына дейін шымырлап кетті. Ұялы қой көзді, дөңгелек жүзді ақсары, әлжуаз; сыртынан қарағанда тіпті бала сияқты осы бір қарияның талай тұйыққа тірелдім дегенде жол тауып, қамқор бола білгенін, мейірбандығын, кішіпейілділігін, өткірлігін талай көрген де. Ауылдың жаманы ығысса, жақсысы сыйлайтынын, оны сырттай мүсіркейтінін, майдандағы жалғыз ұлынан қаралы қағаз келгенін оған елдің айтпауы да сонан. Келінін жерлеп, үш бірдей немересімен ілініп отырған қартқа бұл оңай емесі де рас. Естісе күрт шөгіп кетуі мүмкін.

— Жәзираш, сен көзіңе жас алғанбысың? Қой, айнам... Өйтіп жаман ырым бастама.

— Апа, Наурыз кешікті ғой. Қорқам... Айнып қалмас па екен, — деді ол үні дірілдей.— Жол бойы шаңытып тұр. Қарай-қарай көз талды. Мұнарланатынды шығарды, апа.

«Қайран жастық-ай... Қайтсын енді. Көргенше асық. Сағынған ғой»,— деп ойлады Балым. Әйтсе де көңілдегісін айтпай жанына күлімдеп кеп, жаурынынан қақты. Аналық мейірімен баурына басып:

— Сенің жанарың мұнар тартса, біздің тірлігіміз не?

Хатың қолына тигенше со болып жатыр да. Оның да ұшарға қанаты жоқ отырған шығар. Олай деме, жаным, — деді. Көзі сығырая түсіп, қызғылттанған терезеге тірелді.

Осы сәт таңғы ауыл көшесін жаңғырықтыра айқайлаған әйелдің шақпа даусы естілді. Өктем үн, ащы қарғыс дүр сілкіндіріп, мұңдас екі жанның да өзегін тіліп өткендей болды.

— О, көгермегір! Жалғызыңнан жабысқыр! Мола бол, мола болғыр! Неге сен жер жастанбайсың! Құдай-ау құдай!.. Шалжиып тапа-тал түске шейін жатқаны не»: малды шығармай!.. Көктеме, көктемегір!..

Балым қария түсі қаша Жәзираның қолын ұстай алды. Елеңдей далаға құлақ түре қалды.

— Жұлыныңды үзіп жіберейін бе!..

Ол енді Жәзираға қарады, «бұ кім?» дейтін сияқты.

— Исахметтің зайыбы ғой. Күндегісі осы.

— Қатыны десейші! Аузың бармай ма? Мұндайларды еркектер де қатын дейді.— Балым қария түтігіп кетті.

Үлкен немересінің күн өткен сайын өзінен ұзап, жат тартып бара жатқанын білетін; әйтсе де кері тебе алмай, шалынан таяқ жеп көкала қойдай боп келсе, баурына басып үнсіз, ұзақ отырады. Шиеттей балаларына тары талқанынан көже істеп беріп, соңынан сығыраңдай шашын тарайтын. «Ыраштайым. Кішкентай ботақаным», — деп құшырлана маңдайынан сүйіп, басынан иіскейтін «Әкеңе хат жазшы. Қолыңа қағаз-қалам ал. Мен айтайын»,— дейтін. Сонан ол балалардың бас-басына тоқтап, оқуларының жақсы, шаруаларының түзу екенін; бір тоқал ешкі мен екі қойы қалғанын білдірмей аттап кетіп, өз амандығына сұрайтын. Жылы киініп жүр. Өкпеңе caлқын тимесін. Кеше сіздерге деп жүн-шұлық, қолғап тоқып тапсырдық. Біздерді уайымдама, көңілің алаңдамасын,— дейтін. Сөйтіп хаттың ең соңында: «мынау Серіктің қолы, Сәлем беріп тұр»,— деп алты жасар сәби қолының быттиған суретін салып бітіретін. Серіктің қолы кейде үш бұрышты хаттың сыртына да шығатын.

«Серіктің қолы. Сәлем беріп тұр»,— деген хаттарға жауап соңғы күндері мүлде жоқ боп кетіп еді; қария қатты алаң. «Жараланды ма, әлде қайтты? Соғыс қой. Жыл бойы хабар-ошарсыз кеткендерден де хат келді емес пе? Жамандыққа жорымайыншы... Ыраш та соңғы кезде көрінбейді. Неге? Үй шаруасы, пішен, қала берді азды-көпті қонақ-қопсысы бар. Қолы тиеді деймісің? — деп жүрген. Жаңағысы не? Не қылған тасаттық? Қарғысы несі?»

— Апа, отырсаңызшы. Тізе бүгіңізші. Мен шай қояйын - Жәзира жаутаңдай қарап, аяқ астынан абыр-сабыр боп қалды.

— Қой, айнам, қайтесің. Әуреленбе,— деп Балым қария түсі қаша жүдеу күңк етті.

Аула беттегі терезеден бос темір шелек тұтқасының шылдыры, біреудің еркін жөткірінгені естілген, іле есікті денесімен тұтас жауып, еңгезердей Сәлима кіріп келді. Екі езуін жия алмай, күлім-күлім етеді. Ақ бәтес орамалын маңдайына түсіріңкірей қоқырайта тартқан, үстінде су жаңа теміржолшылар киетін қара шинел. Әлгіні тыным таптырмай сипалай береді. Жайшылықта қайдам, үйдегі келіншек пен бурыл шашты қария бұған аса назар аудара қоймады; сонан ба, Сәлима сәл ығып, іштей салқындап қалды. Енді кейін шығып кетудің жөнін таба алмай қипақтайды; әйтсе де сыр бермегенсіп даңғырлап тұр.

— Е, старшей дояркеміз осында екен ғой. Ал, Бәке, жүрмейміз бе? — деді ол Жәзира екеуіне алма-кезек қарап. Көзі жинаулы төсек орынға тіреліп, онан әрі баяу толқып тұрған көгілдір терезе жапқышқа сырғып кетті.

— Жә, жүру керек.

Қария орамалын түзей тартып, күпейкесін түймеледі.

— Кәне, шай ішпегендерің біздікіне жүріңдер,— деді Балым қария сөзін жалғап.— Самаурын қайнап тұр. Балаларды тамақтандырдым. Саған келгенім еді, алаңдап...

— Уақа емес, апа.— Жәзира жадырай күліп, оның көңіліне қаяусыз сенетінін білдірді.

— Жалғыз адамға ас та батпайды екен ғой. Балалармен астың мәні жоқ, тұрып-тұрып жүре береді. Әрі соңғы күндері жүрегім алабұртып, ұйқым оңбай жүр,— деді Балым, манағыдай емес, жүзіне бұ жолы қан жүгіріп. - Жүріңдер, біздікіне.

— Бәке, жаңа ғана іштім. Ыраштікінен шығып ем. Қолы ашық қой. Түйе сүтін қатқан шайы қандай оның... балдай жұмсақ-ақ.

— А... Жөн, жөн,— деп қария оның сөзін жақтырыңқырамай бөліп жіберді.— Сен ше, Жәзираш?..

— Мен барам.

— Ендеше дайын шайды тез-тез ішіп жүрелік. Сауын боп қалды ғой.

— Мен кеттім. Кешіксеңдер бақташыға айтармын. Күйеу балаңыз емес пе, Бәке?!. Ұстай тұрар.

Сәлима бұл әзілінің қарияға ауыр тиерін сезсе де білмей, аңғалдықпен айтқансыды. Күлген болды.

— Құдай-ай, ел арасына, кісі арасына бітуажа жүруге ерінбейсің-ау. Жас күніңде бір сәрі еді. Түсінбейді, білмейді деуші ек. Ендігің ұят-тағы, Сәлима. Исахметке өз шаруаң болмаса мен үшін терлемей-ақ қойшы. Онсыз да тірлігің жетпей ме?

— Е, жетсе не? Сөзіңді жұтпа, айт. Не?

— Дәнеңе емес. Жүр, Жәзираш, — деп Балым қария орамалын түзей, қымтана түсіп есікке бет алды.

Далаға шыққаннан кейін Сәлима оларға ілесе түсіп іркілді; шай ішпейім дегеніне опынғандай болды. Және де қарияның әлденені жұмбақтап, шымшып, мысқылдағаны да қазір көңіліне инедей қадалып тұр. «Құдай-ай, құдай! Бұ күнде менің ақылгөйім, тілдесер теңім осылар болыпты. Өңкей сүт сасыған ергежейлілер. Көрдің бе қорлықтарын. Бәке, Бәке! — десем бе, сені. Бақадай аштырармын аузыңды!» Ол көшенің қарсы бетіндегі үйдің күн сәулесімен шағылыса жылт-жылт еткен терезесіне жауыға қарап, құшырлана тістенді. Иығын кекжең еткізіп жүріп кетті. Шелегі оң қолының қарында бұлаңдап барады.

8

Бақанның ерсі, ерсі емес-ау бір жаман әдеті бар; жанында отырған адамы досы ма, жоқ болмаса жәй таныс па, бейтаныс па онымен есептесіп жатпайды; ойына әлдене түсіп кетсе, бүйіріңнен түртіп қалады. Әрине сен ілкіде оған мән бермейсің. Жаныңа батып кетсе де ыржалақтап себепсіз күлгенсисің. Өйткені көкейіңде өзімсінгені ғой дегендей жеңіл-желпі бірдеңе жатады. Дегенмен кейін сол жерің ашып ауырған сияқтана ма, қалай; шыдай алмайды екенсің. «Ей, ақырын, бүйірімді тесемісің?» — деп кіржіңдейсің де. Ол саған қарап жаялықтай аузын ашып, көмейін көрсете күледі. Өзі бір көрмеге желғабаз, елпілдеп-желпілдеп қалған адам. Кәдімгі тау халқындай дөңес мұрынды. Маңдайы да сол төбесіне қарай түйе-тайлылау; әйтсе де шекелігі шығыңқы. Шаш та қуаң жердің шөбіндей самайды сағалап қалған.

Жасы Исахметпен қарайлас болса да әлі сол иегінде бір қылтанақ жоқ, көк тұқыл. Бір ғажабы жанары; соншалық кең, мол пішілген бетке торайдың көзіндей әлдененің жылтырауы өкінішті-ақ. Қасы сұйық, жіңішке. Бұ жағынан Исахметке ұқсайды. Иегі де сол балтаның сабындай жұмыр, мықты. Жалпы қараторы, етжеңді, жүзі жылы адам. Тек әлгі әдеті жаман.

Исахмет шай үстінде шыдап-ақ баққан, етке келгенде сәл іргесін әpi сала отырды. Әй, сонда да құтқармады-ау ол.

— Сен оны қой. Бермен қара,— деп Бақан аузынан түкірігі шашырай үй иесін сөйлетпеді.— Маған сенемісің, а? Сенемісің? Айтшы өзің, сенемісің?

— Бәке-ау...

— Жоқ, сен оны қой. Сенемісің?

— Әрине.

— Ендеше о жағынан қам жеме,— деді Бақан екі құс жастықты қолтығының астына баса, жамбастай түсіп.

Үстінде өңірі алқа-салқа ағытулы ақ көйлек; түкті, аршып түсі көрінеді. Сұр пенжегі терезе жапқышының шегесінде ілулі тұр. Онысын мана аузына «ащы су» тиер-тимес шешіп тастаған; сонан еркін көсіліп жатыр. Өткендегідей емес бұ жолы асқақ, өктем.

— Сәлиманы да, сені де кейін бір жылы жерге орналастырам. Жоқ, қасыма алдырам,— деді ол иығын қомдап.

Ет соңынан екі аяқ сорпа ішіп, тісін шұқып Бақан әр нәрсеге күлумен отырды. Ол ел көзінше ашық та, сері де көріне алатын. Мақтанбағанмен өзінің өткірлігін, әзілқойлығын сездірем деп әлек; үй иесінің тымақ ішінен бір тастамайтын көк тақиясын, ұзын жағасыз шапанын, керзі етігінің ерсілігін әңгімелей кеп, енді кетік, сарғыш тартқан тістерін сықақтай бастағанда, ЬІраш оның әзіл екенін сезсе де қорланғандай болды. Шыдап бақты. Әйтсе де көпке ұзамады; орнынан шұбатылмай серпіле, ширақ көтеріліп табақ пен дастарқанды тез жинап әкетті. Оған мән берген Исахмет жоқ. Бақан келіншектің намыстанғанын байқап қалды. Сөзін күрт үзіп, манағы ас алдында басталған әңгімеге оралды.

— «Сүтке күйіп қалсаң — суды үріп ішерсің» — деген. Баяғыда бір күйгем. Сен мені асықтырма. Алдағы сейсенбіге соғам,— деді де, Ыраштың көп үнсіз, шалының жанына отырғанын аңдап жөткірініп қойды. Жас жанның дене бітімін сұқты көзімен тіміскілей бастады. Исахмет онысын жақтырмай тыжырынып:

— Бәке,— деп еді, анау сөйлетпей аузынан қақты:

— Жә, білем не айтпағыңды. Бажалыста сабыр ет!

— Шығайық... Шайды қайтып кеп ішпейміз бе?

Бақан жас келіншектің тоқ балтырын, қаз төстенген кеудесін, дөңгеленген мықынын ашқарақтана қызықтап, арамдап бітті. Ортада тұрған ондық шамның сәулесі Ыраштың көз астына көлеңке үйіріп, жүзіне нұр жүгіртіп сұлуландыра түскендей. Жаңа ғана бой түзеп, ысылып, сұңғақтана бастаған келіншектің қазіргі райы өзгеше нәзік, уылжы, тәтті. Әне бір жауырын күржіктігі, балалық, шикілік белгісі де жым-жылас. Бақан жігіт күнінде көрген қыз атаулының танысын көз алдынан өткізіп отыр. Олардың бәрі де ши борбайлау көрініп, көңілі бітпейді-ақ. «Со кезде жолығар ма ең! Иә, мен толық, сүйектісін армандаушы ем». Ол бірте-бірте Исахметтің барын ұмытып, Ырашқа сұқтана қарады. Жас келіншектің бой-бойына көз жүгіртіп, қиялында шешіндіріп те қойды. Беті терши жылтырап, жылымшы езу тартты. Теке сақалы біздиіп, тоқалына жаутаңдаған шалға ол жауыға бұрылды:

— Әй, ішетінің қайда?

Исахметтің тұнжырап қалғанын елемей, оған алая, тігіл тіл қатты. Іштей тынып отырса да үй иесі дастарқанның да, арақтың да жоқ екенінен ыңғайсызданып қипақтап қалды. Әрі Ыраштың ауыз үйге шығып кетпей, әлденеге алаңдап тапжылмағаны зығырданын қайнатса керек.

— Қатын!.. Неменеге жалпия қалдың. Бізді не, жер шұқиды дедің бе? Тұр!.. Бар әкел,— деп зекіп тастады...

Бақан арақты өз қолынан құйды. Исахметтің ұмсынып, ұсынған оймақтай рюмкасымен соғыстырмай, қырыстанып екі езуінен ағыза қылқылдата ішті. Кішілеу ыдысқа сап әкелген еттің сарғыштауынан ұртын толтыра асап, қолын сүртті. Үй иесінің ұмсынып қап, әлі ішпей отырғанын енді аңдағандай да. Шалқақтай күліп, мұнарланған көзін сүртіп қиығына шыққан сіркесін алды.

— Ішсейші-ей!

— Батпайды.

— Кет әрі!.. Ана құрдасқа бер ендеше.

Ол Ырашты меңзеді. Ыраш қысыла төменшектей берді.

— Қатынға арақты қорлатып қайтем,— деп Исахмет қағып салды.

— Ішіп салар дедің-ау, ә? Қорқасың... Ой, қу-ай!

— Жоқ...

— Жә, ақталмай-ақ қой.

— Бәке...

— Ой, қу-ай! Ге, ге, ге,— деп Бақан шалқақтай күліп алды да, әлуетті қолымен қаңғалақтаған Исахметтің қарынан бүре ұстап өзіне қарай тартты. Ырашқа естірте, сыбырлағансиды: — Білем... білем... ішерін ішті, жерін жеді. Енді жүрмей ме дейсің ғой. Хе, хе, хе... Жә, тартыншақтанба?! Түсінем. Жас тоқылыңмен оңашаланбақсың да?! Асықпа... О, серім-ай!..

Исахмет Бақанның қай қылжағын түсініп жатыр. Қазір де сол бейқам, аяғын көсілте тастаған; жуық маңда қозғалатын жан сияқты емес. Айылын да жимайды. Осы үйге өткізіп қойғаны бардай еркін; Исахмет қабағын шытып, тіксініп қалды. Сонысын сезді ме, Бақан әлгіндей болмай езуін жиып алды; асықпай сабырлы, бапты қалпын сақтап омырау ілгегін түймелеген; енді орнынан ыңырана ауыр көтерілді. Ыраш ұшып тұрып, терезе жапқышының шегесіне ілулі костюмін әкеп ізетпен ұсынса да, иліге қоймай кекірейе түсті.

— Баке, қонасыз ба, жүресіз бе? — Исахмет жайбарақат айтты.

— Жүру жөн шығар,— деді Бақан жымиып. Дөңес мұрнының үстін қасып қойды. Ырашқа бұрылды: «сен осы не ойлайсың? Мынау сүмелектен гөрі мен тәуір емеспін бе? Е, бала-ай... Шалдың да жөнін тауып тимеген екенсің»,— дегендей оған бағдарлай қарап, сәл күрсінді де, пенжагын немкетті алды. Жаңағы бір жарқылдақ мінезі су сепкендей басылған, мастығы да тарағандай; «әлгіні бекер-ақ ішіппін ғой. Өмірінде арақ, шарап дәмін татпаған жалаңаяқ балаша жыртақтағаным не қылғаным»,— деп өкініп қалғандай жүзінде көлеңке бар.

«Жоқ... Бақан не болса соған мойырылмайды. Күндегендей Исахмет оның қай теңі. Бәсекеге де өзіндей мықты керек емес пе?» — Осы қазір оны бірдеңе біледі, түсінеді, ақылды-ау деп Бақан ойламайды. Әйтеуір көңіл жықпас көп құрдас-құрбымның бірі ғой дейтін сияқты. «Әйелі жақсы екен деп түйілу рабайсыздық. Білекті түрініп шықсам мен де іліп түсем. Со да сөз бе? Бұйырса... анау әдемі келіншектің аты кім еді?» Ол сыртқы есіктің тұтқасын ұстай бере кері бұрылды:— Исеке, аты кім... ананың?

— Ананың?

Исахметтің көзі жыпылықтап кетті. ЬІраштың есімін сұрай ма дегендей секемденіп те қалды. Бақан досын қапсыра құшақтаған боп тұрып, құлағына сыбырлады, Исахметтің жанары жылт етті; ізінше езу айналасындағы ұп-ұсақ әжімдерді қуалай күлкі жүгіріп бара жатты.

— Жәзира ғой...— Қыт-қыттай күліп Исахмет басын шайқай қойды. «Болашақ тоқалының атын ұмытып қалыпты» дейтін сияқты.

— Ит біле ме...— Бақан күмілжіп төмен қарады.

Сыртқы есік ашылып, үйден түскен мол жарықта екі бетінің ұшы арайлана Ыраш көрінді. Күн қақты, қара көз дала періштесіне кезіккендей Бақан мен Исахмет серпіле, шегіншектей іркілді. Далаға шыққанын аңдамағаннан ба, жоқ әлде екеуінің көңіл көлеңкесінде нақ осындай Ыраш жатқаннан ба бір-біріне таңдана қарап, себепсіз күліп жіберді. Бақан шалқақтай, ішін басып қарқылдаса, Исахмет қайта-қайта көз жасын айғыздай сүртіп қыт-қыттайды. Ұзынды-қысқалы екі шалдың неге осынша мәз болғандарына түсінбесе де Ыраш езу тартты.

Қатты күлсе де тез басылатын Бақан ғой. Бұ жолы да аяқ астынан жым бола қалды.

— Ат жегулі,— деді ЬІраш төменшектей, есік алдынан ысырыла оларға жол беріп.

Үйде — әйел, түзде — еркек дегенмен, түздің шаруасын да ауылда әйел істеп кететін кезі аз ба. Ыраш сондай майлығы, сулығы бірдей жан. Атты арбаға жегу сөз бе екен; ол Исахметтің атын ерттеп, мінгізеді де. Кейінгі күндері шалдың өзі: «далада шөп шалдырып, шап айылын қайта тартсам бір тұрғыза алмаймын. Қолқылдап түсіп қала жаздадым. Қараң қалғырды енді суғармаймын да, шөп те шалғызбаймын. Бар өзің ерттеші»,— деп кіржіңдейтінді тапты.

— Атты сен жектің бе? — деді Бақан таңдана. Көзі шарасынан шығардай үлкейіп барады.

— Ия...

— Оның не? Екі бірдей еркек отырып...

— Оқа емес. Ырекең біздің оған мол. Далада атым туарылып қалады екен деп қорықпай-ақ қой,— деді Исахмет манағыдан гөрі батылдау оның сөзін бөліп.

— Ой, қу-ай!

Ол Исахметтің бүйірінен түртіп қалды. Көмейін көрсете: «ге-ге-ге-лей» күліп, далаға бет алды.

Аспан ашық. Самсаған жұлдыз. Аула ортасында жегулі, жеңіл, қара тарантас. Ат пысқырынып, жер тарпып қойды. Күрт-күрт ауыздығын шайнап тұр. Ауланың төрінде жатағандау, түрікпеннің төбелі қара бөркі тәрізді үйілген шөп қарауытады; ауада жусан исі бар. Бұзаубастың безілдеген үні де сол тұста. Бақан онан әрі, бір бүйірдегі текшелеулі тезек пен қиды ажыратты; көзі қараңғыға үйреніп келеді. «Мынау бекер жылайды екен-ау, өзі тіпті байып бітіпті ғой. Ай, сонда да тойым жоқ-ау. Тілемсектенеді де тұрады. Әрине онысының маған зияны бар ма? Мейлі... Қайта тағы да бір шетперті ұн беріп аузын алу керек. Анау қораның асты ұраға келісті жер емес пе? Жегенді жақсы көргенмен үйіне ештеңе жолатқысы келмейтін қу ғой. Иә, келіспейді. Жо... жоқ, баурым, қоңқылдама. Ұраны әлі-ақ жасайсың! Мен тегін кетеді деме...» Бақанның жинақы, есепті ойын Исахмет

бөліп жіберді. Өз-өзінен себепсіз күліп кеп, оның иығына қолын салды.

— Бәке, «орамал тон болмайды, жол болады» дейді қазақ атамыз. Келін бе, құрдас па... қалауыңмен ата, сол саған көңіл белгісі болсын деп бір ісек дайындаған екен. Арбаңа сала кет.

— Қой, ойбай... Оны қайтем?..

— Қайткені қалай? Етсіз отырмаған шығарсың, әйтсе де жас сорпа ғой.

— Атағандарыңа рақмет. Со да жетіп жатыр.

— Әңгімені доғар,— деді Исахмет өзімсіне,— е, біз де адамбыз. Тірлігімізді білдірейік те. Алмасаң жиренгенің шығар. Ендеше сыйластық, достық дегеннің керегі не...

— Ойбай, көндім. Сен өлтірдің.

— Мен сенен өзге кімге бас ием...

Ыраш шалының жайшылықта құлағы тосаң, мүсәпір жан сияқтана қалатынын білетін; Бақанның тіпті сыбырлағанына дейін естіп, мырзасынып қолынан іс келетінін, бір кәдеге жараймын саған, «ер мойнында қыл арқан шірімес» деп жатып жастық, тұрып төсек болғанына таң. «Сауыншылыққа да, пішенге де Ырашты жібере көрмеңдер, ілініп әзер жүрген адаммын. Маған да қарайтын кісі керек. Ол кетсе күнім не болады. Қылшылдаған жас емеспін. Қатардан қалмай сиыр бақсам да соның арқасы. Өлтірмесеңдер енді»,— дегені қайда Ықсанға? Бақанның алдында, міне, желдей еседі».

— Сөзді қой да отыр арбаға. Келесі сейсенбі күтеміз. Өзің айнымасаң қатын қайда қашады,— деп Исахмет сөзінің аяғында Жәзираны да анау ісектей өңгеріп беретінін сездіріп, күпсініп қойды.

Бақан досын мұнан әрі жалындырмай жәйіліп сала берді. Арбаның артындағы бишігін алды да, жұлқына түскен ісекті ауыр аяғымен мойнынан басып қойып, жүріп кетті. Үлкен ағаш қақпаны шалқайта ашып ыржиып тұрған Исахметтің жанынан күлімдей өтті.

— Мұнан гөрі мықты... «ісегіңді» даярлай бер! Аяғымның салмақты екенін білесің ғой. Байламай... тыпырлатпай әкетем! — деді, тып-тыныш ауыл көшесін жаңғырықтыра күліп.

— Ақырын...

Исахмет үркіп қалды. Төңірегіне сақтана көз тастады. Бейсауат ешкім көрінбеді; әр жерден ит үріп, жылқы кісінегендей болды. О да көп кешікпей басылды. Ұзын ауыл көшесін бойлай салдырлап бара жатқан ат арбаның дүсірі ғана естіледі.

— Ыраштай... Әлгінің сөз төркінін көрдің бе? « Ісегін дейді ғой. Анау кескен томардай аяғымен тақымына басып алмақ. Нағыз ер...

Исахмет мұны Ырашқа қарап айтты. Жас келіншек бүгежектеп үйге кіріп бара жатқан оны аңдамады ма қайрылған жоқ. Оған қарт кәдімгідей қитықтанып: «осы қатын қашан адам болар екен. Кісі тыңдау білмейді. Тәрбиесіз...» — деді. Үлкен қара қақпаны салдырлата, әйеліне қыр көрсете жауып жатыр.

* * *

Жәзира үйден таң қараңғысында шыққан; сонан ауылдан төрт-бес шақырым жердегі жыра-жықпылды қуалай жүріп, ұлы сәскеге дейін қол орақпен қурай орды, шөпшек терді. Отын таңдайтын заман емес қой; «тезек, қиға тамызыққа жараса болғаны да»,— деді де, қолына іліккен жас, қызыл жыңғылды да борт-борт сындырып әкеліп, жарқабақ басына итарқа ғып қорбитып жинап жатыр. Қыстық қорын тістелей тартқылап, илеуіне сүйрелеген еңбекқор құмырсқа тәрізді — сайға түседі, өрге өрлейді. Биыл өзен арнасынан асып, жетпіс шақырым қашықтағы құм жиегіне жеткен; ен алқапты көл-көсір жайлап, шөп те жылдағыдан ала-бөтен бітік өскен еді. Қамыс-құрақ деген де сыңсып, мұрты қағылмай тұрып алған; қарулы шал-шауқан, бозбала — еркек кіндігі мол ауылдар бау-бау қамыс түсіріп қарық боп қалды. Жәзира сияқты бірлі-жарым қолы қысқа жадаулар ғана жаздың ұзақ күні жетпей, күздің қатқағы мен қара суығына ұрынып, жасыл жыныс атаулы ақселеу тартқанда тырбанып жүр. Онда да тау-төбе ғып тиеп арбалап тасымайды, өйсітіп тірнектеп, қан-сорпа терге малынып жинайды, арқалайды. Сұраса басқарма тұрғай, ферма меңгерушісі Ықсан да өгіз-арба жағынан жәрдем етер еді; сондық колхоз алдында да еңбегі барын біледі. Әйтсе де бір қолын екі ете алмай жатқанда тілемсектене аяғына оралуды ар көрді. Тегінде сұраған деген-ақ ауыр. Берсе — жақсы, ал, оны жағдай көтермеді, сонда қайтты? Тіпті сонау соғыс алдындағы бейбіт тірлікте де біреуден бір сабақ жіп сұрап па екен?Әлдекімге берген қарыз ақшасын да уақытында өзі біліп әкелмесе, іздетіп кісі салған емес. Наурыз сондайда күйініп: «Жерде қалған дүниямыз жоқ. Маңдай теріміздің ақысы. Сенікі не байлық?! Ертең бар да ал» дейтін ғой. «Бала-шағалы көп жан. Қысқа жіп күрмеуге келмей қиналып жүрген шығар. Дігеректеп желкелеуіміздің жөні болмас. О да өзіндей ошақ иесі. Қатын-баласының алдында ұялтпайын дейім де. Алтын басын азаматтың аяқ асты етуіміз келіссіз. Абыройды көтеру қиын, Наурыз, түсіру оңай. Еркек налымасын. Олар налыса, назаланса әйел, бала қайтып күн көреді?!» — деген-тұғын сонда қатты қиналып. Жо-жоқ, сұрамағаны лазым. Солай... Ай, қайдам? Өгіз арбамен бір-ақ түсіріп алғанға не жетсін. Ана жолы көлікпен тезекке барды емес пе?! Miне, енді, соны әлі талшық етіп келеді. Осылайша апта сайын арқалап тасыса, не жаны қалар еді?! Бір арқа отын айға да жетпейді. Қара күздегісі осы. Бозқырауда қайтті? Демек Наурыздікі жөн де... Кім біледі? Әрине, дәл қазір Наурыз көрсе: «ал, аршыл қатыным, қалай екен?!» — деп шай қайнатым уақыт қылжақтап бағады. Қарызға байланысты әңгімеде де: «О, данышпан қатыным-ай! Еркек боп бір ғасыр ерте тусаң нетті. Дос дегенде астындағы жалғыз мәстегін түсіп берер мырза жігіт аталар ең. Көрдің бе, табиғат шіркіннің саған келгенде қысастық істеген жерін, ә?» — дегені бар іліп-қақпайлап. Жәзира сонда «түсінгің келмейді»,— деп егіл-тегіл, өкпелей жылаған. «Құдайым-ай, тіптен сол кезде, шіп-шикі бала ма едім?»

Жәзира терең күрсіне, бір сәт сәби шағын есіне алды. Сол-ақ екен, көз алдына ақсұр, бурыл мұртты әкесі кеп тұра қалды. Өмірі жүзі суық сорып, күн қағып бір тотықпайтын. Ылғи да Жәзираға күлімдей қарап: «боташым-ау»,— деп жүреді. Үш баласынан оны бөлек көретін. Пісте мұрын, қызылшырайлы апасы екеуі бір-біріне қабақ шыту дегенді білген емес. Өзге ерлі-зайыптылар бет жыртысып қалып жатқандарын Жәзира талай байқаған. Сондайда шошына үйге жүгіріп келіп: «апа, сіздер көкем екеуің неге ұрсыспайсыңдар?» — дейтін таңданып. «Сәбиінің бұл қай сұрағы?» Анасы қызына мейірлене ұзақ қарап алатын да: «Боташым, ұрсысайық па?» — дейді. «Жоқ, апа, тек айтам»,— деп ол өз сұрағынан табан асты айнып, бүлдірдім-ау дегендей қорқатын. Ізінше балықтан қайтқан әкесінің алдынан шығып, «көке, апам саған ұрысқалы жиналды. Сен тек үндемеші»,— деуші еді. Әй, сәбилік-ай. Әкесі қызына үндемейтін боп уәде беретін де, апасы саған не көрінді десе: «Сені ренжітпейім деп Жәзирашқа уәде еткенмін»,— дейтін күліп. «Әкетайым менің...»

Кешегі хатта сіңлісі көкесінің бронмен әскерге алынбағанын, майдандағы Тұрсын ағасынан амандық хабар алғандарын жазыпты. Көкесі балықшы, жақында теңізге шығып кетіпті. Ептеп ауырады дейді. «Аман болғай еді»,— деді күбірлей Жәзира.

Ол басын жерден шошына көтеріп алды. Күн тас төбеге келіп, шақырайып тұр. Шағырмақ, зәрсіз. Әйткенмен кәдімгідей көз ұялтады. Құрыстанған бойы жазылып, әлгіндей болмай тынысы да кеңіп сала берді. Күпейкенің астынан жауырыны да тершіп кеткен. Басын жұдырықтай етіп, тамақ астынан орай тартқан бозғылт орамалы да ыстықтатып шыдатар емес. Жәзира сонда да шешініп, жеңілденбек ниеттен аулақ. Өткен күздікте ет қызуымен күпейкесін шешіп тастаймын деп салқын тигізіп алғанын аңдамай қатты опынғаны бар. Беліне тер қатып, екі апта төсек тартып жатып қалғалы берлі сақ. «ЬІстықтан өлмеспін. Суықтан сақтанайын»,— дейді ол күбірлей қурайға қайта еңкейіп. Кетпен ұстап, сәл-пәл картошкені шөп тегеннің өзінде екі алақаны күлдіреп, ойылып-ақ шыға келетін; саусақтары да сүйріктей тым нәзік сияқты еді, енді міне, о да ісініп, қойдың тоқ ішегіндей быртиып іріленіп кетіпті. Қолына осы қазір өзі де таң: соғыстың үш-төрт жылында мүйізденіп алған, темір қышқаштай ұстаған жерінен айрылмайды жұлып түседі. «Әне біреу немене? Қурай ма? Әбден солып бітіпті-ау. Ірісін қарашы...» Көп күшке түспейтін, қураған отын да мұндайда қуаныш. Жәзира төрт-бес ақ қурайды уыстай, басын қолтығына қыса, тамырымен қопара жұлып алды. Әлгіні әспеттей әкеліп, жота үстіндегі итарқа отынға қосты. Алақанын қағып тұрып, дәніге тағы да төңірекке көз тастады: сай ішіндегі қалың сыңсыған қамыс құраққа қойып кетуге жүрегі дауаламады; қызыққанмен күш-қайратты да шамалаған абзал. Қол орақпен әлі де біраз отар-ау, көтеруін қайтеді? О да дәнеңе емес, жеткізу жағы қиын соқпаса?! Ауыл шалғай. Мына жинағанының өзі де талай мәлтектетер. «Қой... Барға қанағат»,— деді Жәзира күбірлей. Сары кенеп дорбадан ешкінің қылынан ескен Наурыздың қарала шылбырын шығарып, бақабас, жалпақ табан еркек етікпен үстінен күтірлете басып тұрып, екі жерінен қазықбау шалып байлады да, белін жазып: «уф...» — деп демін бір-ақ алды.

Күпейкенің өңір ілгегін ағытып, етегімен маңдайын, бетін сүртті. Орамалын да шешіп, қағып-қағып жіберді де қыртысын жазды: сөйтті де мойнын көзін сонымен ақырын желпіп, шөмеледей үйілген буманың үстіне отырды. Жүзі алаулай, шашын тарқатып жатыр. Қасқыр тісі доғаша иілген жасыл тарақ та күпейке жан қалтасынан табыла кетті. Әп-сәтте қос бұрым жазылып, екі иығынан суси төгіліп жалаудай желбіреп алдына түсті. Ауық-ауық маңдай шашы бұйралана ырыққа көнбей, қыр мұрнының үстінде тұра қалады; ондайда келіншек үлбіреген алқызыл ернін шүйіріп, үрлеп қайырып тастайды. Ұшы-қиырсыз маң дала. Төңіректе көзге ілігер қара жоқ. Лыпа желсіз, тып-тынық. Обадай жалғыз келіншектің мынау қылығын қызықтағандай күн баяу жылжиды.

Әне, келіншек шашын қайта өрді; білектей қос бұрымды кейін қайыра әкеліп, тостағандай ғып желкесіне түйіп те үлгерді. Алдында жатқан орамалын алды; басына, мойын астынан орай тартты. Енді манадан бері тоқымдай жерде ағараңдап қалған кенеп дорбаны еңкейіп көтерді де, орнынан тұрды. «Мынаусы несі? Әлгінде ғана мықтап таңып тастаған отынды қайта тарқатпақ па? Жоқ... Кәнігі келіншек қолы екі жерден отынды жаурынға салғанда қолтыққа ілер тұзақ жасамақ білем; иә, дәл өзі... Анау дорбаны не істемек? Ә, жаурын тұсына қыстырмақ екен ғой. Жұмсақ болсын дегені де. Әп, бәрекелді... Көтеріп те кетті. Ту-у, өзі де әжептәуір қомақты, бір есекке жетерліктей жүк қой. Келіншектің буманың астынан қыбырлаған екі аяғы ғана көрінеді. Шынашақтай боп алып, қажырлысын қарашы, ә?

Адам жарықтық ғажап-ау. Жердің бір бүйірін өрт шалып, соғыс жүріп жатыр. Мынау келіншектің ауылындай талай қыстақ зым-зия жоғалды. Қаншама адам дүниемен қоштасты. Ал, бұ жақта болса, күні-түні тыным жоқ; егіс егеді, орады, жинайды, диірменге тартады, үй соғады, бала өсіреді, өседі, өнеді. Сонда не, тағы да қырылу үшін бе? Осылар жердің екінші бетіндегі дүние-бүліктің жайын білмей ме? Үш-төрт жылдан бері тірнектеп жинағандарын жыланша ирелеңдеген от арбасымен батысқа қарай жібереді. Оның бірі жетсе, бірі жолда анау темір қарақұстың жоғарыдан тастаған опат оғынан өpтеніп, қирап қалады. Бұлар сонда да қайтпайды. Ойбай-ай, қаншама ат-көлік, мал арам өлді десейші. Есіл еңбек-ай... Өйткенше, олар сол дүниелерін мына келіншек сияқтыларға берсеші. Адамды екі аяқты демесең, төрт аяқты хайуаннан ақылды, есті демеуші ме еді?! Төрт аяқты жануардың жүгін өзі көтергені несі?! Ой, ақылдыларым, бұларың қалай?» — дейтін тәрізді күн әлгі бір қызықтай қалғанын ұмытып, енді түсіне алмай. «Қап, мына күні құрымағырдың керексізде шақыраюын-ай. Шаңы шығып, қураған жерді үйітіп жей ме, қайтеді? Көктемгі мол жауын кезінде ғой жылымшыланып көрінбей-ақ қойған. Қаскүнемін қарашы»,— деп келіншектің әбден жерлеп келе жатқанын да елейтін емес.

«Мейлің. Сенен көрген қысастықтың арты осы деймісің. Қорқып, ыға алмадық. Үскірік бораныңды да, сықырлаған саршұнақ аязыңды да, өкпеден оқтай өтер күзіңнің қара суық желін де, көк тайғақ мұзыңды да бастан кешкенбіз. Жеңілдік пе, құрыдық па? Жоқ... Әлі де жеңеміз. Тек соғыс бітіп, ер-азамат елге оралсыншы. Тұра тұр, сонда сен бізге қызмет етесің. Мен... Мен де... сенен жеңілмейім. Өледі деймісің? Жо-жоқ, өлмейім. Мен осы бір арқа отынды жеткізем. Тек... Тек мына сайдан өтейін... Сонсын анау бір түп жыңғылға жүгімді артып тыныстап алайын»,— дейді Жәзира күңкілдей, өзіне-өзі күш беріп. Сайын далада дауыстай сөйлесе де, шырқай ән салса да қысылып-қымтырылар жан жоғын білсе де, ибалық жеңіп енді бір сәт күбір-сыбырын да қойған. Екі көзі аяқ астында. Miнe, мынау көлденең қазылған, үңірейген балпақтың іні. Үстінен басып өте берсе де дәнеңе етпейді. «Әп»,— бәрекелді. Ойбай, көтек, мынау тіп-тік қазық орнындай не шұңқыр. Соғыс алдында Наурыздың астындағы көкпаршыл көк бесті осындай інге аяғын тығып алып мерт болған; өзіне адамның аяғы да сиып кеткендей ғой. Жыланның ұясы емес пе? Оған келмейтін тәрізді. Е, құдай-ай, саршұнақтың іні ме еді? Тфу, қажыған адамның ісі құрысын?! Таңданбасқа бас қатырып, уақыт оздырып алғанымды қара да. Ал, мына сайдың түйе-тайлы бетінен бір қырындай көтерілейін».

Ол аяғы қиыршық, ыстықтан ақ тозаңданған топырақтан тайғанақтай, ілгері басқан қадамы кері тартып келеді. Ауыр отын еңсені езіп, қолтық астынан ілген арқан бауы өкпесін қыса түскендей тынысы да жиілеп, алқындырып барады. Көз алды қызыл-көк шұғылаға бөленіп, бұлдырап та кетті. «Жо-жоқ, «шешінген судан тайынбас»,— деген, енді іркіліп, кейіншектеудің жөні жоқ. Артқа қарайламайын. Тәуекел тау жығар... Тек ілгері, алға... Міне, осылай. Құласам тұру мұң. Оны да ойлау керек. Керек... Алға... Бес қадам қалды. Тағы... Тағы алға... Жарайсың, Жәзира... Солай, тағы екі... бір қадам... Уф, шықтым-ау». Келіншек бір түп жыңғылға жүгін артып, арқасын сүйей отыра кетті. Маңдайынан сорғалаған ащы терді күпейкесінің жеңімен сыпыра сүртті. Көз алдындағы кіреуке де әлгіндей болмай жазылып, тынысы кеңіп салa берді. Аяғын созып жіберіп, қыл шылбырдың тұзағынан ептеп қолын шығарды; қолтық астын, иығын тіліп, қызыл шақа қажап тастаған ба, қалай? Кәдімгідей ашып, сыздайды. «Шіркін-ай, мынау жерге шалқалай жатып, біраз дамылдар ма еді»,— деп ойлады. Әйтсе де, қыбыр етіп, орнынан көтерілуге жүрегі дауаламады. Мынау бір түп қызыл жыңғылдың үстінде көлденеңдей, жаныштай сұлаған бума отын бұл тұрса, домалап жерге түспек. Қазір ол осы қалпында оны қарақұсымен тіреп отыр. Құлатып алмаған лазым. Сәл тыныстап, аяқ-қолды жазғансын ептеп түрегеледі де, екі тұзақты қолтығына іліп, көтеріп кетеді. Төңіректе демеп жіберер жан жоқ. Кімге сенеді. Бір ырғап жауырынына түсірсе болғаны.

Көгілдір аспан шағырмақ күн нұрынан ақ тозаңданып тұр. Көкте жалғыз қарақұс. Қара ноқаттай қалықтай ұшып, шырқап барады. Бірде құлдырай төмен құйылып, енді бірде сары дала үстімен тазының күшігіндей көлеңкесін жүгіртіп, қара қанаты сусылдай, қанды көзін бір тастап төне өтеді. Сайын дала өз меншігі тәрізді: «Әй, сен қайдан жүрсің? Кеткін»,— дейді білем, тағы да құлдилап келеді. «Бұған да жер тар. Өмірде көп жасаса да тойымы жоқ малғұн. Қаскүнемін қайтерсің, ә?» Жәзира көзін алмай қарап отыр. Қарақұс самғап көкке өрлей берді. Өрлей берді... «Ә, бәлем, жүрегің шайлықты ма? Адамды ықтырып, қорқыта алмассың». Жәзира көзін сүртті. «Аспан биіктеп кеткен бе? Түнде сары майдың тортасындай қоймалжыңдана дымқыл тартып, тіптен аласа, қол созым жақын сияқтанушы-тұғын»,— деп ойлады ол жанарын ақ шаңдақ аспанға қайта тастап. Әлгі бір жетім қарақұс өзге маңға ауды ма, көзге түспеді. «Жә, мен де көтерілейін». Жәзира кәдімгідей тынығып, тыңайып қалғанын енді сезді. Бір арқа отынды жеп-жеңіл ырғап, көтеріп кетті. Сонан үш шақырымдай жер жүрісінен жаңылмай, небір сай, жыра-жықпылдардан өтті.

Бұлдырап сағым үстінен ауылдың, төбесі көрінгенде ғана телмеңдеп, аяғына кірдің тасын байлағандай әр қадамы күшке түсті. Кең маңдайдан сорғалаған ащы тер көзіне құйылып, күкірткідей күйдіріп барады. Ерні кезеріп, таңдайы құрғақсып жұтындырмай келеді; бір түрлі өзегі талып, жақ түбі қатты тістенгеннен бе суырылып ауырады. «Шіркін, мейір қандырар бір ұрттам су-ай... Қадірің өтті-ау»,— деп ол өз-өзінен сөйленіп, күбірлеп қойды».— Алжастым ба, маған не көрінді! Шыныға ылғи да су құйып алушы ем ғой. Түнде сары кенеп дорбаға қыл шылбырды салғанда да ойыма түспеуін қарашы. Жо-жоқ, бәрі анау Манай бейшараның кесірі... Алла, белім... Үзіліп кетер ме екен? Біттім... Шыдамым таусылды. Бүйткен отыны құрысын. Өлердей осынша неге көп жинадым. «Мына қатынның тамызықтық отынының сиқын-ай»,— деп ауыл әйелдері күлер дедім-ау».

Ол бір бүйірде қалып бара жатқан үш-төрт түп қызыл жыңғылға қарай тәлтіректей бұрылды. Аяқ астында жартылай құм басып, су тиіп, күн қағып сарғыштанған газет қиындысы жатыр, «Бұ қайдан келген? Ауылдан шалғайда бұ неғылған қағаз?» — дегендей іркіле түсіп, үстінен аттап өтті. «Тентек дала құйыны әкелген де. Әйтпесе, маң далаға қалай жетті дейсің. Ойпыр-ай, соның маған не қажеті болды? Ондағы жұмысым не? Әбден қажығандікі ме, әлде жынданудың алды ма? Ауылымызға бір Манай аз еді? Енді оған менің қосылуым қалды де». Жәзира жыңғылға жете бере сүрініп кетті, бір бума отынның салмағы, әрі екпіннің әсерімен ол етпетінен омақаса құлай жаздап барып, бойын әзер жиып үлгерді. Бұрылып артына қараса... сүрінгені бір түп, бүргемнің түбірі. Ойы да әп-сәтте бөлініп кетті. «Құдай сақтады. Қой, аздап осы жерде тынығып алайын». Ол манағы бір әдетінше бумасын жыңғыл үстіне артып, арқасын сүйей отырды. Қолтығынан шылбырдың тұзағы шығарып, маңдай терін сүртті; «Уф...» — деп терең күрсініп те қойды. Жалма-жан орамалын шешіп алып, желпініп жатыр. Әлден кейін таңдайын жіпсіткелі күпейкесінің жағасын аузына салып, тістелеп те көрді; аузына матаның кермек ыстанған дәмі келіп, біртүрлі жүрегін кілкітті. Оны тастай беріп, орамалымен үсті-үстіне желпінуге кірісті. «Манай байғұстың жөні бөлек қой»,— деп ойлады ол бірте-бірте желпінуін де доғарып.— Соғыс алдында мектепте ән-күй үйрететін мұғалім емес пе еді?! Той-томалақ Манайсыз береке таппайтын. «Балалар үйінде» тәрбиеленген жалғыз басты жігіт-тұғын. Табиғат ана күйшілік өнерді бір өзіне бере салған; салалы ұзын саусақтары қос ішекті іліп-қағып, он алты перненің үстінде мысықтың баласындай жорғалай маймаңдап, секіріп ойнағанда бүкіл ауылды сілтідей тындырушы еді. Тынысы кең күмбез домбыра көмейінен төгілген сиқыр үн бірде әлдилесе, бірде сары жайлауға апарып самалдатып-ақ тастайтын. Ауылдың тер сасыған шағын, қапырық клубында отырғаныңды ұмытып, жеміс шарабын жұтып алғандай жаның жайлана рақаттанатын. Ол болса бадырақ көзі күлімдей, келте танауының жұқа желбезегі желбірей екі иығын жұлып жеп, желкілдеп кетеді. Наурыз екеуміз қосылған тойдың да береке-қызығы бір өзі болатын. Иә, ол сондай асыл азамат еді. Қарғыс атқыр соғыстың тигізбеген лаңы аз ба?!

Майданға кетті. Уылжыған жас-тұғын. Екі жылдан кейін оралды. Оқ басынан тиіпті. Ажалы жоқ екен, сонда да тірі қалыпты. Дәрігерлер жамап-жасқап, алты ай емдепті. «Сен үшін, бауырым, соғыс бітті. Еліңе қайта ғой»,— депті. Төбе сүйегі он құрау, сәбидің еңбегіндей бүлкілдеп тұрады. Көзіңе түссе, жаның түршігеді. «Әй, мынау қатарға қосылмас-ау»,— дейтін ауыл қарттары Манайдың кейде бет-бағдарсыз лаға сөйлегенінен шошынып. Жыламасқа жылап, күлмеске күлгені емес, жігіттің қолына домбыра ұстасы ұнамайтын; өздері талай тәнті болған күйшінің тартысында да, сүріншектік көбейген; бұлбұлша сайрай түсіп, итше үре жөнелгенде тыңдаушы көп өзді-өзі қысылып қалатынды тапты. Ақыры Манай екі ай төсек тартып жатып алды. Ауыл кезектесіп күтісті. «Беті бері қарайтын түрі жоқ»,— десе, ел қорықты. Майдандағы ер азаматтарын да бір сәтке ұмытып, тілектері соның үстінде жүрді. «Манай бүгін сүт ішті». «Кешегі сен берген сорпаға тары бөктіргем, сүйсініп жеді». «Иә, алла, ас болғай. Бойына қуат бергей»,— десіп те қуанысты.

Қуат беріпті. Манай мойны ырғайдай боп төсектен тұрды. Көзінің ақ еті қызыл тамырланып, өзгеше бір мүләйім күлкісі көбейді. Бірде Сәлима оны төрт жасар сәбимен құм-топырақта ойнап, «кет»,— дейді «маған»,— деп жылап отырғанын көріп, ауылды аяғынан тік тұрғызды. Көршілес қыстақтан емші қарияны алдырып, үшкіртіп те бақты. Қаладан дәрігер де шақырылды. Ол «енді ем қонбайды. Жындыханаға тапсыру керек»,— деп үкім кесті. Манай бақырып жылап, ауыл аяп ара түсіп алып қалды. Сол бүгін таң қараңғысында кеп:

— Тәтеші, Тәте! Тәте дейім! — деді терезені дүсірлете қағып.

Ойына әлдене енді түскендей Жәзира күлімдей таңданып басын шайқап қойды. «Тәтесі не? Ылғиғысы осы. Өзі менен үш жасы үлкен... Есінің әбден ауғаны-ау. Ақ көйлек, дамбалмен жалаң аяқ жүреді. Е, жүрсе қайттік? Мейлі... Ондағы менің жұмысым не? Ту-у, тағы не деп кеттім? Бос қиял, әрі-сәрі ойға берілуім көп. Соның аяғын құшпайын мен де»,— деп ол кәдімгідей тіксініп қалды. Әйткенмен келгенім де дұрыс болды. Ерте тұрдым. Отынға тамызықты қайдан алам демейім. Бұ да бір біткен шаруа. Тек суды ұмыттырғаны ғой жанға батқаны... «Мен де барайын, Тәте»,— деп еді бекер-ақ жүр демеген екенмін. Мынаның бір жағынан көтеріссе де, пайдасы тимес пе еді. Ауыл көрсе, әрине, қып-қызыл сөзге қалам. «Жәзира Манай сорлыға отын арқалатып жүр»,— дейді ғой.

Құрысын өйткен көмегі... Ойпыр-ай, тереземді күлпара сындырып жібере жаздады-ау, ә? Ашсам... Басында бөрік, ақ көйлекті аруақтай солпиып, күліп тұр.

— Тәтетай, нан берші! Қарным ашты,— дейді. Мен байғұс жаманат хабар әкелген біреу ме деп зәре-құтым қалмай шошынып жүрсем, сөзі осы. Бұл бір емес, талай өстіп жүрегімді ұшырған; мұндай зығырданым қайнамас. Маған соның қарны ашқаны міндет сияқты. Ой, өзімді де ұрып өлтіретін адам жоқ. Көже-көкіріме дейін аузына ұстайым. Көшеде қаңғып жүрсе, ертіп әкеліп шай берем. Сонсын ол дәнікпегенде қайтеді. Бірақ бір мен ғанамын ба?! Елдің бәрі сөйтеді.

— Нан жоқ,— десем, әлгі тіпті налып, қабағын да шытпайды. Ақыры құр ауыз жібермейтінімді сезеді-ау дейім. Шот маңдайы бүрісіп, бадырақ көзі күлімдей өмірі басынан бір түспейтін бөркін баса киіп:

— Тәте, жымық берші,— дейді. Үйімде екі тақта жымықтың барын қайдан біледі, ә?

— Жарайды, осылай тұра тұр. Берейін,— деп үйге кіріп кетіп, біреуін қақ бөліп әкеліп бердім. Екі ұртына баланың тоңғағындай жымықты шықшыттай тығып, ал кеп жесін. Не деген тамақсау еді. Сұмдық...

Арасында Исахмет қартты да жамандап жатыр...

— Тәте, нан берші дей бергем, ол мә же!— деді де қамшымен мына жерімді ауыртты...

Манай жауырын тұсын қайқалаңдай көрсетті.

— Маған итсің дейді. Нағыз пәшесті өзі...

— Жә, бара ғой енді... Бар. Мен отынға барайын, — дедім.

Ол ілестірмейтінімді сезіп, бүлкектей жүгіріп кетті. Әй, Исахмет те оңбайды. Бұ байғұсты ұрып қайтеді. Бейшара емес не?! Неге соны түсінбейді...»

Жәзира тұзақты қарынан қолтығына өткізіп, бір арқа отынды ырғай тартып көтерілді. «Бұ жолы ұзақ отырған мен әл жиып үлгермепті. Сәлден кейін белі ұйып, аяғының қара еті созылып еңсесін бірден жиып кете алмады. Әр қадамы ауырлап сала берді. «Қиындықты тістене жеңе білу де — өнер. Ыңғайына бақпай қасарыса тартсаң, бойыңа өзгеше күш бітеді»,— деген. Кім еді сол? Ә, Ықсан екен ғой. Иә-иә, сол. Наурыз ондай емес. Ту-у, тағы да екеуін неменеге салыстырдым». Жәзира көлденеңнен шыға келген айдау жолды көріп қуанып кетті. «Ауыл да, әне, көрінді. Мынау енді бұлталақсыз тура үстінен түсіреді». Тастақ ақ тақыр жол Жәзира аяғына жеңіл тиіп, жүрісін ширатып жіберді. Борпылдақ құмдауыт жердің ауырлығын енді аңдағандай боп келеді. «Ықсан бекер айтпайды. Шынында да қайсарлық керек. Өткен айда мал қорасын соқтық. Талай әйел, шалдар шойырылып отырып қалды. Біз Сәлима екеуміз тізе бүкпедік. Ықсан да жанын салды. Ертеңіне аяғының жарақаты ісіп, жүре алмай жатты. Өзі қызық, сонда да сыр бермейді. Дегенмен мықтымыз ғой. Екіндіге талас төбесін де жауып үлгердік емес пе?! Ерінсек екі күнге созылар еді. Наурыз ондайда: «Әй, жетті. Ертеңнен қалған жұмыс жоқ»,— деп бәрін тастап қол көтеріп шығар еді, құдай біледі сөйтеді. «Әбден шаршағанда көңіліңді аулап, бөгде оймен өзіңді-өзің алдарқатсаң шаршап-шалдыққаныңды да ұмытасың»,— дейді Ықсан. «Қызық қайдағы-жайдағыны тауып айтады...» Жәзираның салыңқы жүзіне бір сәт шуақ жүгіріп, үлбіреген сәби ерніне тәтті күлкі үйірілді; еңсені езіп, екі бүктеп жіберген ауыр, отын салмағы да ұмыт, көз алдына әмен «қызық», жұмбақ Ықсан мен еті үйренген, өңмен түстей қилым бір заманда құдай қосқан күйеуі Наурыз. Еріксіз салыстырып алып, есі кіргенде опырынып-ақ қалады; оны ақылға жеңдіріп, ақтайым деп әуре. «Бұ не азап? Ықсанның араға қыстырылар не жөні бар? Наурыздың жанында ол кім? Оның керегі не?» — дейді ол қалай еркінен тыс даланың сан қилы ешкі соқпағындай ой иіріміне түсіп кеткеніне айран-асыр боп.

Әйел біткеннің сонау қырық бірдің шілдесінен бері ой мен мұң қосағына айналып, еншісіне тигенін сезбейді; жүдеу, жетім жүректің емі, көкірегінің жұбанышы екенін білсе де — өзімдікі дегізбейтін кішіктік жеңіп, қанға біткен ибалықпен, біреуді еншілеуге әзір тұратын әдетіне бой ұрып қалғанын да аңдайтын емес; «Ықсан айтты»,— деп келеді. Мың-миллион қыз-келіншек, бала-шаға, қарт әке-шеше жанарында жазулы сұрғылт зіл батпан қорғасындай мұң, үздіксіз сыздаған сағыныш, үміт отын көріп Ықсандай бірлі-жарым азаматтың оқып жүретінін Жәзира қайдан білсін. Өмірдің шындығынан туған жігіт күрсінісі екенін де сезбеді. Ал, шындық қашанда көкірек көзіне ұялағыш-ақ қой. «Әне, ауыл... Шеткі үйлердің терезе шынысы да жылт-жылт етіп, ап-анық көрінді. Беріде үш-төрт қозы, лақ, бұзау жүр. Алла, белім... Уф...» деп Жәзира іркіліп, бөксесімен қағып буманы жаурынына қарай серпіп тастады. Қолтық астына саусақ жүгіртіп, тұзақты тартып-тартып қойды. «Қайта түсіп кетер-ау»,— деп қауіп етті ме, бойын жазбай басын онан әpi төмен сала жүріп кетті.

— Тілеуің алдыңда, жассың. Қан сорпа жанығып, ауыр көтеруіңді қой. Ертең күйеуің келгенде не бетіңді айтасың. Не бай, не бала жоқ. Сәлимаға еремісің. Сақ бол, жаным»,— деуші еді Балым қария. Қазіргі сиқымды көрсе: «О, имансыз қар. Бұның не қиянпұрыстық? Алжасқан шығарсың. Таста әрі... Маған бер»,— деп дүрсе қоя берер еді. «Бұйырған бір шикі өкпе дүниеге келер, апа. Құдай көпсінбесін, әйтеуір Наурыз аман ғой. Бір жөні табылар. Жұртта қалған ескі қыстаудай отын-су, дәм-тұзсыз үйі қаңырап тұрмасын дейім да. Жылы ұя, ошақ басы бүтіндігін ғана көрмей, барлығымызды да білсін. Менсіз күндерің қараң ба еді»,— демесін. «Маңдай тер, бейнетсіз нан қайдан табылады, апа», — деп әзіл-шыны аралас күле жауап қатып құтылған-ды. «Тілім аузыма сыймай, таңдайым кеуіп келе жатқанда көл-көсір тер қайдан шығады. Көзімді ашытып жеп барады». Ол еңкейіп, бетін жеңімен сүртті. «Анау ауылдың шетінде ағараңдайтын не? Түу, оның маған қажеті не еді? Ойпыр-ай, қолым-ай... Үзіліп кетер ме екен? Ағараңдаған... мал емес... Адам ба? Иә-иә, кісі. Далақтап жүгіріп келеді. Секіріп-секіріп қояды. Бала ма? Кімнің баласы? Жо-жоқ, баладан гөрі. Оу, мынау Манай... Иә-иә, дәл өзі. Мені алыстан таныған сияқты. Көмектеспек пе, әлде «нан берші, тәте» дей ме? «Өлейін деп келе жатқан адамнан сұрай қоймас»,— деп ойлады Жәзира, әйтсе де көңілінде Манайға деген сенімі аз. Жынды адамнан жөні түзу сөз күту, әрине, қиын.

— Тәте... Тәтетай...

Жәзира іркіліп, бір арқа отынның астынан басын көтеріп қарап тұр. Манай тайраңдай жүгіріп, қарсы алдына кеп тұра қалды. Басындағы бөркінің бір құлағы қалқиып, біреуі жымырылып кеткен. Өзі жалаң аяқ. Баяғы сол ақ дамбал, көйлек. «Тоңбайды да, суық та тимейді. Тымауратып ауырғанды да білмейді. Мүмкін бойының тоңазығанын сезбейтін де шығар? Арсалаңдаған сұры мынау...»

— Тәте, мен жымықты жеп қойдым,— деді ол Жәзираның көңілін бөліп.

— Ас болсын, Манай... Мен шаршадым.:. Жол бер.

— Жүр, тәте.

— Көмектеспейсің бе маған?

— Көтерейін бе, тәте?

— Көтере ғой. Күшің жете ме?

— Жетеді, тәте. Әкел...— Манай Жәзираның арқасынан отынды бір иығына артып, бүлкектей жөнелді.

— Ақырын, Манай...

— Тәте, мен ертең Наурыз келсе, оны да көтерем. Бірге қыдырамыз.

Жәзира: «Наурыздың жүре алмайтынын бұл қайдан біледі», — дегендей аңтарылып тұрып қалды. «Қой, олай деп қарсылық білдірмек еді, аузына сөз түспеді. Ұзай берген Манайдың соңынан таңдана ілесіп келеді. Бұған шекті күйеуінің аянышты дағдырына қайғырып, бір жөні болар-ау десе де, осыншалық, Манай арқалағандай дәрменсіздігін ойламаған. Жүрек түбі қатты сыздап кетті.

Иә, оны сәбидей көтеріп жүрмегенде қайтеді. Бұ жерде Манайдың жазығы жоқ. Шындығы сол... Жәзираның еріксіз көзіне жас үйірілді.

— Тәте... Тәтетай, қазір үйге келгенсін шай ішеміз бе? Менің қарным ашты.

— Ішеміз... Ішеміз, Манай.

— Алақай...

9

Өзен беттегі қалың, шоқ-шоқ қызыл жыңғылға әлгінде ғана бір салт атты кеп кірді. Ілкіде төбесі әр тұстан қылтыңдап көрінген, енді міне құмға сіңгендей зым-зия жоқ. Бір жанып, бір сөнген жаман шамдай күн көзі тоқымдай-тоқымдай бұлтқа еніп, көлеңке үйіріліп қап тұр. Мұрты сарғайған бидайық, қырық буын сабағына ілінген ақ моншақтай таңғы шық та ондайда жылт ете түседі. Ала жаздай кебіртектеніп, кей жері таз бастана шаңытып жататын жоталардың қазір ажары бөтен; жақсы піскен нанның сыртындай қоңыр күрең; ылғалы мол, бөгіп тұр.

Ықсан анада Жәзираны ренжітіп алғансын, ертеңіне қырлықтағы пішеншілерге шығып кеткен. Сонан оралып келеді. Ат шалдырғалы тоқтаған тәрізді; бір бүйір ояңда жаман жирені шідерлеулі, ақжасыл ажырықты ауыздығы шылдырлап күрт-күрт шалып жүр. Өткендегідей емес Ықсан аздап тотыққан екен. Басында әскери фуражка, үстінде киіздей сірескен сұр шинелі. Өзен бетке мойнын созып-созып қарап қояды: «Адам ба, жын-шайтан ба? Қайда жоғалды-ей? Ауыл-аймақтың жәйін сұрайын деп ем, көрдің бе». Ол еңкейіп жыңғыл түбінде, жартылай көміліп жатқан қағазды алды; топырағын қағып-сілкіп, әлгіге күлімдей қарады. Су тиіп сиясы жайылған дәптердің бір парағы. Әлдеқандай құйын ба, жел ме ұйтқытып әкеп осы жерге жасырыпты. Мектеп баласының қалыптаспаған қолтаңбасы; аяғында қызыл сиямен қойылған бағасына дейін тұр. «Екі... Нашар оқыған екен. Қазір қайда сол бала? Кім ол? Солдат па, офицер ме? Мүмкін институтте шығар?» Ықсан күрсініп қойды.

Сәлден соң әлгі қағазды лақтырып тастап, атына бет алды. «Күн ұзатпай тез жетіп алайын. Балекеңе тапсырып едім, ферма не күйде?» Ол манағыдай емес, енді асыға атқа қонды.

Бір бел асқанда ғана аңдады: ту сыртынан салт атты жетіп қалған екен. Астындағысы тайпалған жорға; ауыздығын сүзе тартады. Ықсан бұрылып, көлденеңдей тоқтады.

— Уа, Ықаш, аман ба?!

— Шүкір... Е, Исеке, сіз бе едіңіз! Танымай қалдым ғой,— деді Ықсан қуана.

Исахмет басындағы тымағын алып, ішіндегі тақиясын жөндеп киіп жатыр. Астындағы көк жорға ойнақтап, билеп тұр. Өткендегі сұр шапан емес үстіндегі етегі келте, қоңыр жұқа пальто. Жауырыны томпайып қартқа қоныңқырамайды-ақ; әрі етегі шолтиып өзін бала сияқтандырып жіберіпті. Әйтсе де жаңаның жаманы бола ма; көз тартады, еріксіз қарайсың. «Астары жұмсақ, жылы шығар? Ықсан мұндай пальто кимегеніне қанша жыл, ай өткенін ойлады. Арада жыл да, ай да емес бір ғасыр өткендей «Осы шал қайдан тауып киеді?»

— Сен танымағандай өзгергенім де, Ықаш?!

Исахмет қулана көзін қысып, жымың-жымың етеді.

— «Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» деген, Мынанікі де,— деп ол үстіндегі пальтосын немкеттілеу түртіп қойды.

— Иә, әсем тігілген, қонымды.

— Е, тәйірі-ай, тігісін оның кім білсін. Бізге сұлуынан жылуы ғой,— деп Исахмет тізесінен жоғары тылтиып тұрған етегін қолы қалтырай басып қойды. Ықсанға көзінің астынан сынай қарап тұр; «келемеж етіп отырған жоқ па осы?» — дейтін сияқты. Тамағын кеней түсіп, сөзін онан әрі жалғастырды.— Ықашжан, жасы келген адамның дос-жараны аз болмайды. Мынау сондай жолдастарымның бірі берген базарлық...

— Базарлық?

— Иә... Осынша неге таңдандың? Әлденені ойыңа түсірдім бе? Иә, алла, жақсылықты түсіргейім, жақсылықты,— деді Исахмет жас жігіттің бетіне жылмаңдай, жағымпаздана қарап. Үркектеп, осқырына берген аттың үзеңгісін сартылдата тебініп-тебініп жіберді.— Саған деген ыстық ілтипаттан өзге бөтен ой жоқ еді...

«Түк түсінбейді» деп ойлады жігіт болмашы езу тартып. «Ол оқ-дәрі мен қан сасыған майдан даласын көрген жоқ. Жанында күлімдеп отырған қыршын жастың бір шабуылда қатты жараланып, «апатайлап» өле алмай жататынын, жақсы құрбыңды өз қолыңмен жерлеп, тума-туыстарына сия қаламмен сойдақтата хат жазудың қандай азап екенін білсе ғой. Арғы төркіні туған аулыңа түскен соғыс ауыртпалығын сезінсе де шүкірлік етер ең-ау. «Қай жерден ойып жесем»,— деп оңды-сол көз алартумен жүретін жандар «ауыл», «ел» дегенді қайтсын.

«Бұларға «базарлық» тосын көрінбеуі де сонан ғой. Менің жөнім бөлек, оны Исахмет әрине ешқашан түсінбейді . Ықсанның көңілі сәл өскендей; кеудесін көтере түсіп, қартқа ол жоғарыдан қарады. Исахмет біртүрлі жігіттің жалт ете қалған жанарынан өткірлік аңдап, көзін тайдырып алды: «Түбі осы ит басқарма болатын шығар», - деп еріксіз ойлап үлгерді.

— Ықаш-ау, бұның «базарлық» деген аты ғой. Заты қайда... Соғыс уағында не базарлық болушы еді.— Исахмет мәймөңкелеп барады. Мынау алдындағы жігітті өзімсініп иліктірмек те ойы бар.— Біздікіне неге келмейсің? Жаман ағаң осындай бір пальтосын үстінен шешіп бере алмайды деймісің. Аллаға шүкір, әзір соншалық сорлы емеспіз ғой.

Ол жөткірініп, әлденеден ыңғайсыздана сақалының ұшын ғана сипады. Ықсан атын тебінін жүріп кеткен; о да үнсіз ілесе қозғалды.

— Ықаш, мен...

— A? А, иә... кейін соғам ғой. Ферма басында не жаңалық?

— Тыныштық... Тек әлгі анау Бәкең... біздің Бәкең ше?!

— Иә, тағы не айтпақсыз ? — деді Ықсан ат басын іркіп.

— Бәкең әйелдердің бірқатарын пішенге бар деп жатыр. Өзің білесің, түгел жүріп сауынды шақ үлгереді. Үш-төрт адам не істейді. Уақытында сауылмаса малдың күйі бола ма? Суалып кетпей ме?

— Айтса үлгеретін шығар.

— Е, қайдам... Қисайып көнбейді. «Шөпті үлгеру керек. Тасып алмасақ кезінде жер сабап қаламыз» дейді. Құдды басқарма дерсің. Басқарма да қатын емес не, соны қостайды.

— Жә, жетті. Кейін көрерміз, пішенге қол күші жетпей жатыр. Анау ЬІраш та ертең шықсын. Машина жөндейді. Рульге онан басқа кім бар отыратын. Бос жүрісі жетер.

Қарт от басып алғандай ыршып түсті; жүзінде манағы мәймөңкелік жоқ, күлдей сұп-сұр. Қалың қабақтың астында моншақтай жылтырап тұратын қоңыр көзінде ызғар ойнайды. Теке сақалы секеңдеп, ерні жыбыр-жыбыр етеді. «Мес қарын, жаман жиренге мінгенге мәз ақымақ. Көрсетермін әлі, құдайыңды танымайды екенсің. Боқмұрын неме». Өзегі өртенгендей тыжырынды; әйтсе де сыр алдырмай:

— Ықаш-ау, жаман жездеңді жалғыз қалдырмақпысың?! — деді зорлана езу тартып.

— Қайтейік, Исеке, жігіттердің жоқтығы ғой. Сіздің Ырашыңыз тұрғай, анау Бәкең де жүргенін көрмеймісіз...

— Уа, зорлаймысыңдар! Істемейді ал, қайтесің, ә?

Ықсан үндемеді; саған сөзім шығын дегендей атын тебініп жүріп кетті. Исахмет алдын орағытып, көлденеңдей жолын бөгеді; астыңғы ерні көгілдір тартып, жыбыр-жыбыр етеді, аса ашулы:

— Әй, немене... менің қатынымсыз өлемісіңдер! Ер теңді-қаракеш дірдектеп менің жүргенім аз ба, ә? He басынасыңдар-ей! — деді шал ақиып, түкірігіне шашала. Астындағы аты да еліре құлағын қайшылап қойды.

— Зорламаймыз... Ыраш келісті.

— Тоқта!.. Келіскені қалай? Кіммен? Қашан? Өзі ме?

— Иә... Немене қыр соңымнан қалмайсыз. Ол бaла емес қой.

— Дүние шіркін бір Ырашқа тіреліп-ақ қалған екен-ау. Қан жауғыр тірлік,— деді қарт сұрлана, кекесінді мырс етіп.

Жұлқынып тұрған көк жорғаның басын кейін бұрып, қамшыны сауырына көміп-көміп жіберді. Қатты тиді ме, жоқ әлде басының босағанына масаттанды ма ат кісінеп аспанға атылды да, ізінше құйрығын тік шаншып ытқи жөнелді. «Мынаны түсіріп кетпесе жарар еді... Қой, тас кенедей қадалуы жаман, құлай қоймас. Ықсан шалды көзімен ұзатып сап, ауылға ат басын түзеді. «Сабайды дейтін ЬІрашты. Араларына от тастағандай болдым-ay, Қап, Уа, мен айтпасам да білмей ме? Жұма күні шығармын демеп пе еді? Жұмысқа жасырынып келейін деп жүрмеген болар. Соншалық ынжық көрінбейтін...»

Ол ауылдың қисық-қисық, шөп өскен, ретсіз көшесіне кеп кіргенде аспан да тұтас жабылып, жаңбыр иісі білінді. Мұржадан көтерілген қидың ашымақ түтіні де ұйытқи соғып, көңілін сергітіп жіберді. Жаман жиренді сыдырта қамшылап, «шу, шу... у»,— деп тебіне түскен; жануар бүлкілінен жаңылып қорқ-қорқ желіп, әбден сілесін қатырды. Ықсан амалсыз ат басын ірікті; көлденең көшеден өгіз жеккен ірдуан арба да көрініп қалған-ды, о да кері бұрылды...

10

Жәзира үйге қалжырап әзер жетті; екі қары салдырап көтертпейді. Кеше ыстықтап кеп бақырашпен сенедегі үлкен ағаш бөшкеден мұздай су ішкен; сонан ба бүгін күнұзағына басы зеңгіп, тамағы жұтындырмай жүр. Тер жоқ; сәл маңдайы жіпсісе жеңілденіп, тіптен жазылып кететін де сияқты. Ол үшін бүркеніп тұрып жатуы керек. Оған жағдай қайда, осы үйдің кәкір-шүкір шаруасы шаш-етектен. Анау өткен жұмадан бері қағылып-соғылмай жатқан киіз, алаша екеш о да жұмыс. Наурыз келгенде үңірейіп, жүдеп тұрмасын деп қазір жалғыз да болса шай қойып, үйге ас ішіп жүр. Ертеңгісін есік-терезені ашып тастап жел қақтырады. Әр ісі орнықты, күйбеңі жоқ. Тіпті мынау дағарадай ауласы екеш о да жылан жалағандай; төрдегі ит арқа сиыр қора да әктелген, жанында шақпақ қанттай текшелене жиналған қи, тезек. Үстін ескі-құсқы алаша, кенеппен жауып тастапты. Беріде ағаш сәкі -үйдің көлеңке бетін ала орналасыпты; бір бұрышында масахананың бауын байлайтын бақан шаншулы тұр. Әлгіге шаңнан әбден ақбозданған бешпентін, қоңыр орамалын қағып-сілкіп іліп жатыр. Онан ішке кіріп, самаурын алып шығып қойды.

Күнге оңып, жауырын тұсына жамау түскен қызыл гүлді шыт көйлегі желбіреп, көлбеңдеп жүр. Қос бұрымын тостағандай ғып желкесіне түйген, құлағында ай қабақ сары сырға. Ағаш сәкіге отырып беті-қолын жуып, керзі етігін шешті. Жұмыр тоқ балтырына қара, шойын құманнан су құя берген:

- Аман ба, Жәзира! — деді оқыс, ер адамның даусы. Ол шоғына селк етіп, етегін түсіріп жіберді де, іле ыңғайсыздана тамағын кенеп қойды.

Аласа шым ауланың сыртында сылқ-сылқ күліп салт атты сығыр көз, етжеңді адам тұр. Қамшысының ұшымен басындағы қалпағын «мені анықтап көріп ал»,— дегендей маңдайынан төбесіне қарай ысырып қойды. Жәзира сұғанақ көз кісінің әдепсіз, ашқарақтана ішіп-жеп бара жатқанынан ілкіде қуыстанып жүзін тайдырып алса да, енді біртүрлі өн-бойы тұтас шіміркеніп үрейлене бастады.

Онысын сездірсе әлгі атын қаңтарып тастап, өзін көтеріп кетердей көрінеді; ол «кет» —дегелі оқталып басын бұрған, бейтаныс жолаушы зым-зия жоқ. «Тәңірім-ау, жаңағы кім? Өңім бе, түсім бе? Неғылған жан? Көрген адамым сияқты. Осы Исахметтікіне келіп жүретін кісі емес пе?» Ол тез жуынып орнынан тұрды; бақан басындағы бешпентіне қолын созғаны сол еді; манағыдай тағы да екі шекесі солқылдап қоя берді. Көз алды мұнар тартып: «алла-ай» — деді ол еріксіз жүрелей тізесін бүгіп. Сол күйде қанша отырғанын кім білсін, бір заматта әлгі мұнар сейіліп, көзін ашса аула ортасындағы бүйірлі сары самаурыны шыжылдап төгіліп жатыр екен. Анадай жерде екі тізесін құшақтап Серік отыр. Үстінде ақ шыт көйлек, шолақ қара шалбар. Үлкен қара көзі мөлдірей қалған; Жәзира әлденеден секемдене ұшып тұрды.

— Серікжан, неғып отырсың? Қашан келдің? Неге үндемейсің, біреу ренжітті ме?— деді ол үсті-үстіне сұрағын жаудырып.

Балым қарияның балаға тимейтінін біледі; ересектеу балалардың бірі ренжітті деп ойлады. Самаурынның камфоркасын жауып, қақпағының дем шығарын ашты.

— Апа, әжем жылап... Апа, менің енді көкем жоқ.

— Не деп отырсың. Серік? Олай деме, жаным...

— Рас апа, папа... Папам келмейді.

Серіктің екі иығы бүлкілдеп кетті; бетін басып, үнін шығармай жылайды; әлсін-әлі кәдімгі бір үлкен кісідей көкірегі қарс айырыла дірілдей «аһ...» — ұрады. Жәзира шыдай алмады, жүгіріп кеп құшақтап бауырына қысты. Қанша тістенсе де сәбидің ыстық демі, «папа... папа, бізді тастағаның ба? Мен сені күтіп ем ғой, папа. Мама да өлді. Сені күттім мен, папа»,— деп күбірлей сөйлегені жүрегін сыздатып жіберді. Көзіне еріксіз жас үйіріле қалды.

— Айналайын... Серікжан, қойшы. Жыламашы. Оның не, сен жігітсің ғой. Папаң келеді,— деп Жәзира сәбидің қара бұйра шашын сипап, бауырына басты.— Ол тірі, тірі, жаным...

— Жо... жо, апа... Исахмет айтты... Келмейді.

— Исахмет деймісің?

— Иә.

Жәзира не дерін білмеді; тістеніп қалды. Ақ маңдайына шашыла түскен шашын да жинайтын емес, қасқайып тұр. «Хайуан! Ит те болса немере қызын алды, енді жекжат. Аямай ма?.. Түндігі жабылып, ошағындағы оты біржола сөнсін дегені ме? Ондай үйлер жоқ па екен. Ықсан қайтпаса, анау оның шырағы жанар ма еді?!

Естіртудің де орны бар ғой. Ел етек-жеңін жиғансын да білдіретін адам табылар... Жоқ, мынау сұмдық, қаскүнемдік...» Ол тітірене, бойын жиып алды.

Төбесі көк қаңыртырланған, еңселі Исахмет үйінің мұржасынан қызыл ұшқындана, қою түтін будақтап жатыр. Әлсін-әлі ұйытқып кетіп, аула, қораны жайлайды. «Біреудің пішеніне тиіп өртеп жүрер-ау»,— деп ойлады Жәзира. Сезіктене төңірегіне қарап та қойды; қораның ық беті, қалтарыс, ауланың бұрыш-бұрыштарына кәдімгідей көлеңке үйіріліп қалыпты. Самаурын түбінен түскен бармақ басындай шоқ мысық көзденіп жылт-жылт етеді.

— Серікжан, тоңған жоқсың ба? — деді Жәзира еңкейіп.

Сәби бірден жауап қатпады; үнсіз тұра берді.

— Мен мыналарды жинап тастайын. Сонсын сіздікіне барамыз, жарай ма? Үйде кім бар? Өздерің бе?— деді ол бала жүзіне үңіле қарап.

— ЬІқсан аға... Сонсын әлгі... атын білмейім... Е, жақсы. Ештеңе етпес.

Самаурын суын төгіп, күлін қақты. Бешпентін киіп, есікті күрекпен тіреп бекітті. Мұның бәрін тез істеп тастаған, етігін киер жерде бөгелді; Серікке күлімдей қарағанда, әншейінде жадырай қалатын сәби бұ жолы тіпті селт етпеді. Жүзінде баладан гөрі кексе кісіге тән ауыр мұң, шарасыз жанның көлеңкесі бар екен. Кішкене ерні бүріле шошайып, томсыраяды. Бәрін де біледі... «Мен әкемнің дүние салғанын мұншалық сезініп пе ем? Үй іші азан-қазан жылап жатқанда да көзіме жас алмағаным қайда? Мүмкін заман тыныштығынан шығар? Бейбіт күнде адам өлімі аса жоқталмайтын болғаны ма? Тума-туыс, жекжат-жұрағаттар аза тұтты, өзге кім еледі? Қазір әрбір қара қағаз бүкіл ауыл қайғысы, қасіреті...» Жәзира етігін қолына ұстап бір орында тапжылмай әлі отырғанын енді аңдады. Манағыдай емес жел көтеріліпті: қораның төбесіндегі қамыс ысылдап, қақпаның топсасы бос жаман есігі сарт-сұрт ашылып-жабылып, безек қағады. Аспанда жылт еткен жұлдыз жоқ. «Ұзақ жауынның алды ғой. Ауада жаңбыр иісі бар. Ертең пішенге шығатын ек. Көрдің бе... Ойбай-ау, әлгі бала қайда?» Ол қораның ығында ақ көйлегі желбіреп, бүрісіп тұрған Серікті көріп:

— Бері... Бері кел, жаным. Тоңдың-ау әбден. Қой... Мені қой,— деді.

Жәзира орамалын тамақ астынан орай тартып, етігін киіп жатыр. Әлдеқайда бір нәрсе даңғырлай құлап, шабалақтай ит үрді. Исахмет үйінің мұржасынан будақтаған манағы түтін жоқ; ауыл тұтас отын сөндіріп, енді қайтер екен деп әлденені күтіп отырған сияқты.

— Серікжан...

— Жо..жоқ, апа. Мен... мен тоңғам жоқ.

— Сөзді қой. Кел... Келші жылытайын,— деп Жәзира мейірлене сәбиді көтеріп алды.

Мұп-мұздай болған Серіктің қолы денесіне тигенде іші-бауыры қалтырап, онан әрі ұшып кете жаздады. Сыр бермей тістеніп баланы шолақ пенжагының етегімен қымтай түсті; әйтсе де денесі жылынар болмады. Ол аз дегендей күздің суық, өкпек желі мұзды саусағын тамақ астынан, көйлекті кеулей сұғып-сұғып алады. Енді бірде дірдектете қуып, етегінен олай-бұлай жұлқылап, тәлкектейді. «Тағы да тоңдым-ау... Төсек тартып жатып қалмасам жарар еді да»,— деді ол тісі-тісіне тимей күбірлеп.

— Апа, маған бірдеңе дедіңіз бе?

— Жоқ, Серікжан...

— Үйге кеп қалдық қой. Мен түсейінші.

— Heгe?

— Шолпан: «кішкентай бала, бөпе»,— деп көрсе күледі.

— Е, солай ма. Жарайды. Түсе ғой.

Серік жүгіре жөнелді.

— Құлап қалма! Абайла, Серікжан!

— Құламаймын!..

Ол құлдыраңдай жосып бара жатқан ақ көжек сияқты, «Зып» беріп аулаға кіріп те кетті.

Балым қариянікі көшенің қарсы бетінде, сырт қарағанда еңселі, қора-жәйі кең, биіктеу жерге орын тепкен үй. Әйтсе де қақа төрдегі екі мал қорадан өзге, ерен дәнеңесі жоқ; үйі шағын екі бөлме. Күнде кеп жүрсе де табалдырықты аттай алмай жүрексіне ол аула ортасында тұрып қалды: «Не дейім? Қайтып көңіл айтам? Жамандыққа қиятын-ақ адам ба?» — деп қинала толқиды. Жел тартқылап, желпілдеткен етегін қымсына басып жалтақтайды.

— Әй, шырақ! Су... Сy әкел! — деді біреу кенет.

Жәзира шошына селк ете түсті. Дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Ауланың төріндегі қораның бірі ашық екен ғой. Биік, әрі кең есігінен ішіндегі өлеусіреген соқыр шамның жарығы, сұрғылт қабырғаны бойлай сенделген, ебедейсіз, үлкен көлеңкелерді көріп, қайралған пышақ дыбысын, күбір-сүбірді естіп оны енді ғана аңдады. Беріде, ескі арбаның қорабына сүйеніп, ербиіп тұрғанды да ажыратты. «Жаңағы дауыстың иесі боларсың-ау»,— деп топшылады.

— Әй, мәңгіріп неғып тұрсың? Су әкел! — деді ербиген көлеңке. Үні әмірлі, қатқыл шықты.

Өзінің қалай «қазір» дегенін, қалай үйге қарай жортақтай жөнелгенін Жәзира байқамады. Батылсыздықтың қайда кеткенін білмейді. Ол тек қаракөлеңке, қапырық бөлмеге кіргенде ғана есін жиғандай болды. Төргі үйден сыңсыған әйел даусын, «уф!» — деп көкірегі қарс айрыла біреудің ауыр күрсінгенін естіп, төбе құйқасы шымырлап бара жатқанын сезінді. Ауызғы бөлмеде аяқ-табақты сылдырлатып екі-үш келіншек күйбеңдеп жүргенін ажыратты; соның жақындау келген біріне:

— Қорадағылар су сұрайды,— деді күмілжіп.

— Не дейсің?

— Су...

— Ә... Су ма?! Еркежан, сен апаршы. Болған ғой. Сол жерден ішек-қарнын тазаларсың...— Мұнан арғы сөзді Жәзира ести алмады. Қайтадан дауыс анық шықты. – Бас-сирағын күйдірмей дұрыс үйітсін. Оның сойған қойының қыл-қыбыры көп болушы еді. Қарашы...

Ізінше бақыраштың қазан түбіне тигені, судың сылдырлай құйылғаны естілді. Төргі бөлмедегілердің: «Қайтесің... Тәңірінің жазуы солай болар. Біздің де не білгеніміз бар. Екі бірдей сұңқардан айрылып, енді қалған жалғыздың тілеуінде отырғанымыз жоқ па?! Жылағаннан тірілер болса, қанды жасты аз тектік пе?!»

«Иә, өлгенмен бірге өлмек жоқ. Кейінгі кішкентайларының тілеуін тіле. Бордай езілгенімізден келер пайда не. Бәкe?!» — деп басу айта бастағанын аңдап, сәл сергіп қалды. Қазандық көмейінен бері шығып, қызыл жалқындана, сытыр-сытыр жанған қурайды еңкейіп, епті ысырып жіберді. Иығына әлдекімнің қолы тигендей болған, ол басын көтеріп алды.

— Жәзирамысың?

— Иә.

— Қайда жүрсің? Апам сені әлденеше сұрады.

«Шақырсаңдаршы о бейбақты»,— деді.

«Апам» — дегесін ол Ыраш шығарсың деп ойлаған; сөйтсе бұйра шашты, бүйрек бет, үнемі күліп жүретін бадырақ көз Сағынай екен. Өткен жылы ғана онжылдық бітірген, қазір алтыншы-жетінші класқа мұғалима. Жоғары білімді жігіттер майданға кеткенсін, осы Сағынайлар олардың ізін басқан. Жоқтатпады. Өзі бір жинақы, таза жан. Аса ажарлы болмаса да, дене бітімі әсем; сұңғақ бойлы, белі қылдырықтай, қаз төс. Сыртынан көз тоқ татқан таңдай қақпай қалмайды. Аяғы да оқтаудай түзу. Жүрісі де ерекше, тал шыбықтай бұралады. Ауыл oны «кербез» дейді. Аузы жеңілдеу Сәлима сияқтылар сол жең ұшынан, не селтеңқұлақ жеңгейлерге бір көшенің қалтарысында басы түйісіп қалса: «тәкаппар ғой»,— деп сыбыр ететіні бар. Әйтеуір соған елеңдеп, күйіп-пісіп жатқан Сағынай көрінбейді. Екі бетінің ұшы оймақтың шұңқырайып, адамды еліте, сыңғырлай күледі.

Киген көйлегінің де қыртысы жоқ; қашан да қызыл орамалы жиі үтектелгеннен бе, жылтыраңқырап тұрады. «Ықсанды жақсы көреді дейтін. Рас па, әлде елдің алып қашпа өсегі ме?» Жәзира жас мұғалима қыздың жүзі бағдарлай қарады: «Сүйсе онда тұрған не бар? Мен осы Ықсанды қызғанып қалмадым ба? Қызық...» Ол ойынан қысылып, көзін тайдырып алды. Қазандықтан түскен от сәулесі келіншек жүзіне қызғылт арай жүгіртіп, мөлдіреген қара көзінде ойнап өтті:

— Жәзира.

— А?..

Екеуінің де үнін ауыр күрсініс, біреулердің: «Ойбай белім»,— деп орнынан көтерілгені бөліп жіберді. Ізінше есіктен Балым қарияның өзі көрінді. Жүзі шүберектей құп-қу. Көзі бұлаудай; жас шықпай ықылық ата береді. Соңында көлеңкесіндей боп үш-төрт әйел жүр; олар да егіл-тегіл.

— Жәзира, сенбісің?

— Балым апа...

— Жәзираш, ағаң бізді тастап кетті ғой. Енді қайттық,— деп құшақтай еңіреп қоя берді.

— Апа, оның не? Апа, ер ең ғой, шыдасайшы... Қайратты емес пе ең?!

— Бәйтерегім... Қорғаным, арысым, асылым! Құлағаның ба? Мұны естіген құлағым керең болсашы. Мұны көрген көзім көрсоқыр болсашы! Қайттық енді, қайғымыз қайырлады ғой? Жәзираш... Ботам!.. Қолыма бір уыс топырағың бұйырмады-ау...

Жантүршіктірерлік зарлы үн Жәзираның сай-сүйегін сырқыратып, төбе-құйқасын шымырлатып жіберді. Бір сәт қария өз туған анасындай көрініп, қазіргі жан күйзелісі өзегін өртеп барады. Жәзира кірпігінен үзіліп кеткен мөлдір шықты ұстай алмай қалды. Әлгі сәл қуаң тартқан келіншек жүзін сыза кеп, үлбіреген ерін үстіне жетіп мөлдірей іркіліп тұр.

— Бәке, не болды.

— Ауаға... кішкене ауаға алып шығыңдаршы,— деді еңкіш тартқан, шынашақтай қара кемпір бұйрық ете. — Сергісін, жел қағып сейілсін! Өлер болды ғой...

Ол жіп-жіңішке қара сырықтай қолын көтеріп, көк тамырланған жұдырығын түйді. Жауға лағнет жаудырды. Май шам мен қазандықтың жарығынан алакеугім боп тұрған бөлме ішінде ербеңдеген жалғыз қолдың көлеңкесі қабырғаға жылан сияқтанып түсіп, ыс-ыс еткендей үрей туғызды; Жәзира шыдай алмай бетін басты. Қариялар Балымды қолтықтай далаға шығып барады. Жәзира сол күйі қалтиып өзінің қанша тұрғанын сезген жоқ. Әлдекімнің ту сыртынан кеп баяу:

— Жәзира,— деп үн қатқаны, иығына қолын салғаны көңілін бөліп жіберді. Жаңағы жылан үстіне түскендей:

— Апа,— деді де, ыршып кетті.

— Қорықпа... Мен ғой. Шошынғаның не?

Әлгінде Сағынайды шек-қарын тазалауға жұмсаған әйел, таңдана, күлімдей қарайды. Басында ақ бәтес орамал, маңдайына түсіріңкірей тартыпты. Үстінде иығы жамау қызыл ала шыт көйлек:

— Неден қорықтың осынша? — деді ол Жәзираның жүзіне үңіле.

— Жәй...

Есік ашылып даладан шелек ұстаған Сағынай кірді. Жайнаңдап тұр. Әлсін-әлі үсті-басын қағынып, орамалын түзей береді. Екі бетінің ұшы қызғылт тартып, жүзі алабұртып кетіпті. Жәзира оған қызыға қарады.

— Қалай, бітті ме ? — деп еді әйел, ол іле жауап қатты...

— Иә, апа. Тек бас-сирақ қалды. Оны Ықсан үйітіп жатыр:

— Не дейді?.. Еркекке ошақ бұтын ұстатқаны несі. Шелекті Жәзираға бер де, басты үйіт. Жеңешем ұрсып жатыр де. Зеріксе мына Жәзираға еріп суға барып қайтсын. Ес болады ғой. Шайға ұрттам су жоқ. Отырамыз ба қаңсып.

— Е, мен бармаймын ба? — Сағынай еркінен тыс шыp етті.

— Сағынай барсын. Мен үйітейін бас-сирақты,— деді Жәзира қыз көңілін түсініп.— Ел өсегіне қалармын қарап жүрмей.

— Өзгені білмесе де ел сені ренжітпес.— Ол жақын кеп Жәзира құлағына сыбырлаған болды. Онысын Сағынай естіп тұр.— Еркежан әлі бала... жігіт алдында өзін ұстай алмай қала ма деп қорқам. Бөтен көрмейтіндігін сездірмеген қыздан айналмаспысың.

— Иә, саған... Кім айтты оны,— деп Сағынай иығын қиқаң еткізді.

— Біз де бір кезде қыз болғанбыз. Көзіміз жоқ емес. О, сорлы бала, ебелектеп күйіп қалмақсың-ау. Еркекке сенің сүйгенің не керек. Өзі еліксін, сен бұлды бол. Тым еркінсітпе, сонда о да ұзап кете алмайды. Жә... Құйма құлаққа жетерлік айтылды, ақпа құлақ болсаң бар. Алдыңнан жарылқасын...

Шелек тұтқасын баяу шылдыр еткізіп, Сағынай Жәзираға берді де, бұрылып далаға шығып кетті. Әйел басын шайқап сәл тұрды да:

— Әлі бала. Айтпасаң Ықсанмен ырқылдап-жырқылдап өзен жағасында жүрмек,— деді.— Адал, ақ көңілді еркек біле бере ме...

Жәзира енді ғана байқады; бұл жәй жеңге емес, мейірімді ана. Қайынсіңлісіне сөзінің өтімділігі осында екен ғой. «Үш баласын, өлмелі кемпір-шалды бағып, мұғалім де болса әлі жас Сағынайға да бас-көз, ақылшы. Есті жан»,— дейтін ел. Жалған айтпапты. Жә, оны қойшы... Өткен жылғы шабындықта талай әйел, кемпір-шалды қайраттылығымен таңдандырғаны қайда?! Иә, сонда ғой Сәлиманың ойбайлап: «қатпа қара қатынға epіп, зорығып өлетін жәйіміз жоқ. Жетті» дегені. Со кезде күйеуінен хат-хабар сиреп, жүдеңкіреп жүрген. Бір күні...

Ұмытпасам көктемде хат келді. Екі-үш қаралы қағаздан кейінгі бұл ашық түсті, көзге жылы ұшырайтын, үш бұрышты хат болатын. Иә, бүкіл ауыл бұған елеңдей қуанысып, почташы қартқа ілесе мұның үйіне келді Сағынай ойнақтай жүгіріп кеп хатты жеңгесіне бермей өзі алған. Жоқ... Сондағы осы әйелдің жанқұбылысын ұмыту қиын. Қолындағы шелегін тастай беріп, кенжесін бауырына баса, есік алдында тұрып қалған: «иә, алла, мені аясаң жамандықтан аулақ. Естірте көрме... естірте көрме жамандығыңды»,— дегендей еді-ау оның үрейлі жанары, дірілдей сәби басын сипалай берген саусақтары.

Сағынай хатты епті ашып, бірден оқи жөнелмей көз жүгіртіп өтті. Онан соң әлденеге түсіне алмай қалғандай аңтарылған ауыл адамдарына қарап қойды; көгілдір қағазға қайта үңілді де, жүзі күреңіте айқайлап жіберді:

— Көке... Ә, Көке! Мама!.. Апатай!..

— Не болды, қарағым? Не?..

— Тәтем... Тәтем батыр! Тәтеме батыр атағын беріпті. Аман!.. Міне...— деп ол қағазды сылдырлатып асыға оқи бастады.

Ел «уф...» — десті. Сағынай жеңгесінің ернін тістелеп, білдірмей көзіне жас алғанын сонда көрді ме екен? Иә, оған да жылға жақындап қалды.

— Жәзира, айнам, киімің жеңіл ғой. Анау менің күпейкемді киші,— деді әлгі әйел оның көңілін бөліп.

— Қой қайтесіз...

— Жә, қысылма. Ки... Суық білдірмей ұрады.

Ұйытқыған күздің қара суық желі күшеймесе басылмапты. Ұзын жең, мол пішілген күпейкені кигені бекер болмағанын Жәзира енді сезді. Жарық жерден шыққаннан ба, бірден қараңғыға көзі үйренбей тізесін әлденеге оңдырмай соғып алды; аяғын сылти басып ауылдың шығыс бетіне тартып келеді. Шәуілдей үрген иттен қорқуды да ұмытқан, дызылдап ауырған тізесін ұстап-ұстап қояды. Соңында болмашы тамағын кенеп, көлеңкесіндей біреудің келе жатқанын білгенсін бе; ербиіп адам сияқтанып көрінген жыңғыл, жалғыз-жарым бұтадан қорықпады... Ілкіде жүрегі зу ете қалса да, ізінше артындағы аяғын сүйрете басқан керзі етікті есіне түсіп көңілі жайланды. Манағыдан гөрі төңірек сәл бозаңданып, жердің ой-шұңқыры айқындала түсті. «Осы қазір Ықсан не дейді? Жақсы мен кідірейін. Қатар-ақ жүрейін...» Әйтсе де қосшысын жақындатқысы келмеді. Олар ауылдан да шықты. Міне соңғы үй... Онан әрі кішкене құнан жал, жота. Жота дейтіндей үлкен де емес; көктемгі су тасқынында өзен арнасынан шықса бөгесін болсын деп ауылдың соққан тоғаны.

Өзеннің шаппа жарына жеткенде ғана келіншек іркілді; толқын құтырына көпіршіп жағаны тепкілеп жатыр. Әлдекім мөп-мөлдір суға қарамай құйып жібергендей ауыр, ажарсыз. Ақ езулене өкіреді. Жәзира ығысып қалды; мынау оған ертегі дүниесіндегі айдаһардай қорқынышты, жақындаса шелегімен қоса өзін де жұлып әкетердей көрінді. «Қайтсем екен? Ықсанға алдырсам ба? Ол неге үндемейді. Міне, сіркіреп жаңбыр да жауа бастады. Бәлі, күшейіп барады ғой». Жәзираның қолындағы темір шелекті тысыр-тысыр жаңбыр тамшылары сабалайды. «Өзі шылымды үсті-үстіне тарта ма, қалай?!» Жігіттің темекісінің тұқылын лақтырып тастап, жақындағанын аңдап:

— Ықсан, сен Сағынайдың жеңгесін білесің ғой? — деді. «О, не дегені?»

— Білем.

— Аты кім еді соның?

— Меруерт... Шелекті маған берші, Жәзира! — деп Ықсан қолын созды.

Алды да, болмашы күрсініп қойды. Түйе тайлы жерден секіріп түсіп, көрінбей кетті. Сол бір сәтті аңдып тұрғандай он қадамдай бүйірден екі салт атты үзеңгі қағыса өтті. Олар Жәзираны аңдаған жоқ. Әрі асты. Әңгімелері үзік-үзік естіледі:

— Келуге тиіс... Тәйірі...

— Өткізіп алса... Қайық,— дейді. Кейде аттардың пысқырынғаны да шалынып қалады.

— Бұ кімдер?

Ықсан да дауысты аңдапты. Екі шелекті мөлтілдетіп әкеліп тұр. Демін келіншек бетіне тигізе сыбырлайды:

— Анау моншаның тұсынан жалғыз қайықты шықты. Мана ат суғарғалы келгенімде ескексіз, шынжырлаулы еді.

— Тоқта... Бұлар да сол жерге кідірді. Естимісің? «Ақырын»,— дейді.

— Иә... Ө, кімдер екен? Мен байқастап келейін...

— Тыныш...

Жәзира бұқ дегендей Ықсанның иығынан баса қойды. Екі салт атты кері бұрылып, бұларға жиырма қадамдай жақын кеп тоқтады. Толқын дыбысына аралас арагідік ескектің суға «шалп» еткені естілді. Жаңағы қайықтікі болса керек. Сәлден соң әлгілер үзеңгі қағыса, аттарын «шу... шу...» — леп әрі асты.

— Қап... Сенің бұқ дегеніңе еріп менікі не,— деді Ықсан өзіне-өзі ызаланып — Кімдер? Неғылған суық жүрісті жандар.

— Кім білсін.

— Жоқ. Мұны ауданға хабарлау керек. Тегін емес.

Жауын манағыдан гөрі де сабалап, төкпектетіп кетті. Әп-сәттің арасында әр жерге жылтырап қақ тұрып қалды. Жәзира инағашты бір иығына сап, бұралаңдай басып ауылға бет түзеді. Ықсан шелекті көтермек болған, бермеді. Келіншектің тағы да бойын аулақ сап, секемденіп келе жатқанынан ыңғайсызданды ма:

— Маған реніштісің ғой. Білем... Хайуан дейтін де шығарсың. Еш өкпем жоқ саған. Кешір... кешір, мені,— деді.

Жәзира үндемеді. Тек ауыл шетіне іліккенде ғана тоқтап, инағашын екінші иығына аударып жатып:

— Ықсан... Сен Сағынайды қандай деп ойлайсың? Менімше ол жақсы қыз... Өте жақсы қыз...— деді баяу.

Жігіт бірден жауап қатқан жоқ: «Мұның маған қажеті не? Неменеге айтты? Мен сұраппын ба? Ондағы жұмысым не?» — дегендей келіншекке аңыра қарап қана қойды.

11

Жаңбыр себелеп тұр. Сылдырлай аққан жауын суының сыбдыры естіліп қалады. Әне, аттың пысқырынғаны, «шалп» еткізе қақты кешіп өткені де құлаққа шалынды. Қорқ-қорқ желіп, әлдекім жөткіріне берген, сыңғырлай үзеңгілер қақтығысып кетті. Төңірек көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы.

— Сүйкенбесе жүре алмайды-ау бұ қанжауғырдың малы. Шу! — деді қажыған үн шіңкілдей.

— Жамалдатқыр ғой бұл. Мал деп... О, шіркін, бұрынғының қаз мойындарын айтсайшы.

— Осы қыршаңқының өзін әлдеқандай қылмай ма? Не соғымға жоқ. Көкбақа немені,— деді тағы да жаңағы жіңішке, жарықшақ дауыс.

Найзағай жарқ ете қалған: бетінде мың сан шабақ ойнағандай жыбырлап жатқан қақ, құйрығын шорт түйген екі салт атты көрініп кетті. Өздері де әбден малмандай су болған ба, қалай; қап-қара, төбесі шошақ, дулығалы батырлардың тас мүсіні сияқты.

Түн қатқан екі жолаушы арасында қорқ-қорқ желіп те қояды; алдан қара-құра көрінсе ат басын іркісіп, күбір-сыбырсыз қалады. Ондайда ердің қасына, жалқұша еңкейіп, ат мойнын сипап: «тә, жануар, тә!..» дейді күбірлесе. Құлағын қайшылап кісінеп қоя ма дей ме әйтеуір алаңдап бағады. Малға сенім бар ма; өлейін деп келе жатса да үйірлесін көзі шалса болғаны ғой. Сонсын қазақ жөн-жосық сұраймынмен бүкіл өмір тарихыңды айтқызбай жібере ме?

Олар ай даланы біраз шиырлап, ауылға түн ортасы ауа жетті. Тып-тыныш жатқан көшемен жүрмей сыртқары, өзен беттен кеп кірді. О жақта маңқылдап үре қойғандай саққұлақ жоқ еді; әрі өзге көшеден гөрі бұл далиған кең, алаң іспетті болатын. Мынадай жауынды түнде аттылы тұрғай, ел керуендіні де терезесінен қанша сүзіле қараса да, ажырата алмайтынын жолаушылар әрине біледі. Әйтсе де сақтықтары ғой.

— Ой, малғұн-ай, әбден басымды айналдырдың-ау. Ту-у, қайдан кеп шықтың,— деді аттылының бірі еңселі үйдің алдына түсіп жатып.

— Тиыш...

— Сенің осы «тиышың» жаман. Адамның иманын зірк еткізеді.

— Жә,— деп жарықшақ үндісі қайырып тастады.

Бұлардың қайтуын да үйде кірпік қақпай күтіп отыр екен; қақпа сықыр етіп, ашыла берді.

— Ыраш?

— Ау...

— Мә, әкет!.. Қаңтара тұр. Жатарда пішенге қоярсың.

— Мақұл.

— Әй, берсейші аттың тізгінін.

— Өзім...

— О, серім-ай... Өзің істеп жаман үйренгенсің ғой. Жә, мейлің,— деді әлгі жіңішке үн. Әйтсе де үйге бірден кіре қоймай, есік алдында айналсоқтап әжептәуір жүріп алды. Қора түкпірінен қараңдап, жүгіріп келе жатқан әйелді көргенде ғана үйге бет алды.

Ыраш даладағы қонақ атын жайлап келгенше шалына құрғақ киім беріп, төрт бүктеп көрпе жайып тастады Әбден ылжырай піскен етті түсіріп, өткен жұма Бақан әкелетін спиртке су қосып жатыр. Даладан «ойхой»-лап кірген жолаушы пеш түбінде қутыңдап отырған жолдасын көргенде:

— Пәлі, сен мында екенсің ғой,— деді.— Шіркін, әйел деген осы Ыраштай-ақ болсын да. Ал-лау баладай тәрбиелейді-ау сізді... Еркек сорлыда пәтуа бар ма. Сонда да сол қыз көрсе, қызыл көрген, қарғадай жұтынып болады-ау.

— Тек... Не дейді-ей мынау?

— Пай... пай, енді түк білмегендей жылтыңдауын қарашы,— деп Бақан дастарқан жайып жатқан Ырашқа күлімдей көз қиығын тастап қойды.

— Әй, сен енді сөйлесең бүлдіресің. Шешін...

— Айта берсін қайтесіз,— деді Ыраш ауыз үйге бет алып. Өзі жарасты әзілге күліп барады.

Ол шалының сапардан көңілді оралғанына-ақ разы; мана түс ауа түтігін, кісі өлтіргендей сұрланып келгенді қатты шошынған. Сонда тістеніп:

— Әкеңді танытпасам ба. Быт-шытыңды шығарармын әлі тұра тұр,— деді әлдекімге сұстана. Көзінің ақ еті қанталап қалш-қалш етті.— Әй, сен қатын, тайталақтауыңды қой! Тыртаңдама! Байыңмен шүйіркелеспей даладағы бұралқы иттей Ықсанмен ақылдасып, жұмысқа шығамын дегенің не сөз? Сандалмай жүр...

Осы сәт есік шалқасынан ашылып, Бақан кіріп келген Исахмет түк болмағандай жылтыңдап, жәйіліп сала берді. Төрге көрпе жайдырып, досын өзі шешіндірді. Сыбырласып, қыт-қыттаса күлісті. Сәлден соң Бақан тығыз шаруасы барын сездірді де, екеуі көп отырмай қуырдақпен шай ғана ішіп жүріп кетті. Еркектің ісін қазақтың қай қатыны тексеріп, сұрайды дейсің. Ыраш та ештеңені түсінген де, білген де жоқ. Әйтеуір жаңағы бір қара дүлей дауылдың өршімей, саябыр тапқанына, басылғанына шүкірлік етті. Шығып бара жатып: «тағы да ұйықтап қалма. Ас сал. Көп кешікпей ораламыз»,— деп шалы әмірлі үн қатқан-ды; сонда Ыраш оның жіби қоймағанын біртүрлі жаны түршіге сезініп, үрейлене тұрып қалды.

«Неге ренжіді? Не жаздым? Жұмысқа шығам десем, оның не сөкеттігі бар? Жо... жоқ, сабатпаймын... Сабаса өлем! Өлтіреді...» — дей берген сонда ол күбірлей.

Киіз-алашаларын қағып, еденді жуса да, қазанға қазыға араластыра қойдың жас етін сап, су құйса да шалдың жарықшақ даусы, қанталаған көзі ойына оралып, әбден зәрезап қылды. Сонан ол үйден қарыс аттам шыға алмай, төрдегі көрпеге кеп тізе бүкті. «Жо... жоқ, нақ өткендегідей сабаса... өлгенім. Иә, өлтіреді. Көкем болса...» Ауыр мұңды жас келіншектің жанары күлімдей, жылт ете қалды. «Көкем тірі... Түнде түсімде көрдім. Мені көтеріп жүр. Жылама дейді... Ол өлсе апаммен бірге көрінер еді ғой. Жалғыз келді. Жоқ, мен қара қағазға сенбеймін. Өлмейім. Көкемді күтем». Ыраш елеңдей далаға құлағын тікті. Терезе тұсынан дүсірлей аттылар өтті. «Иә, солар...»

Қазан астындағы отынды көмейлете ысырып тастап, жүгіріп шықты. Исахметтер екен; көңілді, самбырласа кірді. ЬІраштың күткені улы сөз, ащы таяқ емес пе еді; мынау не? Шалы: «атты қаңтара тұр. Жатарда пішенге қоярсың?»,— дегенде ол қатты қуанды...

Енді міне Ыраш Бақанның әзіліне сықылықтай күліп отыр; әр кез қызғылт тартып тұратын екі бетінің ұшы онан әрі нұрланып, ұялы қара көзі ондық шамның жарығымен шағылыса ойнақтайды. Ауызғы бөлмеде сулығын шешіп, төрге жеңілденіп кеп жайғасқан Бақан қолтығындағы қос құс жастықты мыжғылай түседі; аяғын көсіліп жіберген. Аузын ашып, өзін қолпаштаған досының әңгімесіне елітіп отырған Исахметке қарай арақ пен екі тай стаканды әйелі ысырып қойды.

— Tic қақты, кәрі шөңге емес пе. Ырашқа тігісін білдірмей істегенсиді. Эһ... Жөн ғой. Тек сен ойлағандай Ыраш бала ма екен. Қарашы,— деді Бақан мықынды, қос анары жеңсіз кеудешесінен білініп-ақ тұрған ұяң келіншекті қызықтай түсіп. Оның жүзін жасырып, сырт айналғаны да қытықтағандай еді.— Құдайға шүкір өзгені білмесе де, сені сезеді, Исеке. Жә... жә... Ақталмай-ақ қой, Ыраш!.. Шалыңның қазіргі түрін қарашы. Қандай моп-момақан! Қарашы, Ыраштай... Қарашы... Осы қой аузынан шөп алатын-ақ жігіт пе, ә?

— Бәке...

— Ә, солай ма?

— О тұқымың құрығыр,— деді Исахмет зілсіз, қыт-қыттай күліп.— Ойыннан от шығып жүрер қойсаңшы-ей?!

— Қорқады екен, Ыраш, ә?

— Неге, Бәке, қорықпайды. Сыйлайды. Мен сенем ғой оған.

— Ә, солай ма?

Бақан басын жастықтан жұлып алды.

— Иә...

Ыраш маржандай тізілген кіршіксіз тістерін көрсете еркелей, қылықты күліп қойды. Оған ілесе Исахмет те мәз; сасық күзеннің ініндей үңірейген, опырық аузын ашып қалыпты.

— Иә, сендер бақыттысыңдар. Бірді — екі, екіні — үш қып отырған, алда қызықтарың бар жансыңдар,— деді Бақан, сәлден соң мұңая.

— Жә, мойыма, Бәке. Бәрі де әлі-ақ қой.

— Қайдам...

— Сен маған сенсейші. Өткенде өзің келмедің. Қайт дейсің енді,— деді Исахмет қозғалақтай. Бір иығынан түсіңкіреп кеткен күртесін түзей, қайта жамылды.

— Е, тірлікте тырбаңдап уақыттың қалай өткенін білеміз бе?

— Оның рас, Бәке...

— Кәне, ас алыңыздар. Суып қалды ғой,— деп Ыраш үйме табақ етті қонаққа қарай ысырып қойды.

«Үні қандай биязы. Сыңғырлап, бүкіл жүрек, қолқаңды суырып барады». Бақан Исахметке қызғана көз тастады; әйтсе де онысын сездірмей бақты. Алдындағы етті қарпи асап-асап жіберді. Қырлы стаканға мөлдірете құйылған арақты да көп тартынбай қағып салды, сонан табақтағы ет еңсерілгенше басын да көтерген жоқ. Исахмет те пәлен деп досының көңілін бөле қоймады.

— Сорпа әкелейін бе, Исеке? — деді Ыраш қолымен жер тірей тұрмақ боп.

— Мейлің... Қатық бар ма еді?

— Бар...

— Оны да әкел.

— Уа, Исеке, сізге не болған, ә? — деп Бақан табақтан басын көтерді. Аузының айналасы жылтыраған май; көзі мөлие қалыпты. Манағы жарқылдақ жанар жоқ.

— Е, не?

— Жаным-ау, Ырашқа құймаппыз ғой.

— Қой, ойбай. Алла сақтасын, ішпейім,— деп Ыраш от басып алғандай ыршып түсті.

— Отыр. Болмайды. Ең болмаса бір ал.

Исахмет қызып қалған; әйелін иығынан басып, еріксіз қайта отырғызды. Жаңағы Бақанның «бақыттысыңдар» дегені, Ыраштың «мен сенем шалыма» деп ыңғайына жығылғаны түрткі болды білем; өзінің сөзі өтімді, өткір екенін көрсетіп, мақтанғысы кеп кетті:

— ЬІраштай, кәне менің саулығыма тартып жіберші.

— Көп қой...

Жасқана стаканды кейін ысырды; ара түсер деді ме Бақанға қарады. Өңір ілгегін ағытып, түкті білегін көрсете жеңін түріп жатқан, аңдамағансып:

— Е, бәсе... Міне, нағыз жігіттің сөзі,— дейді гүр-гүр етіп.

— Әй, аламысың? Сенің не, жаның менен артық па?

— Қазір... қазір, Исеке. Асықтырмашы,— деп сәл жүрексіне, жирене қарап отырды да, сораптай ұзақ ішіп, әзер тауысты.

Дастарқан басы дуылдап, қайта қыза түсті; ет соңынан шай ішілді. Әзіл-қалжың бір толастаған жоқ. Қызды-қыздымен еркектер далаға шығып, аттарын өздері жайлады. Олар дабдырласа, жаңбырдың басылғанын, ертең күннің шағырмақ, шуақты болатынын әңгімелеп қайта кіргенде аяқ-табақ жиналып, төсек те салынып қалған еді.

Шала бауыздалған қойдай төсекке басы тиісімен Бақан қорқырай жөнелді. Исахмет те күшіктің қыңсылағанындай бір дыбыс шығарып ыңырсиды; шамасы түс көріп жатыр. ЬІраш қана ояу; ол ауыз үйде оны-мұны істеп күйбеңдеп жүріп, жаңа ғана тізе бүкті; қарсы алдында шар айна, сол жағында жетілік май шам. «Бір бетім — қара, бір бетім ақ... Солға сәл бұрылсам ше?

Екі бетім де нұрлы... ақ, ту сыртым күңгірт?» — деп шашын тарқатып, өзі-өзінен күлімдеп отыр. Кейде қолымен аузын басып, сұқтана төргі үйдің есігіне қарап қойып дыбыссыз күледі. Арақтың буы ма, жоқ әлде жастықтың қызуы ма; жүрегі алып ұшып, өрекпи түседі. Шашын қайта өрмей, иығынан асыра жауырынына серпіп тастады да орнынан тұрды. Бұрын жылы төсектен жаны түршіге, әлдеқандай зорлықшыл қиналысқа жүзі шыдамай ауыз үйде жүріп алатын; бұ жолы көп күттірмей, өзі бет алды.

Бір қырын, қабырғаға қарап жатқан Исахмет жаурыны күржиіп, жамылған көрпесі ашылса да қозғала қоймады; әдебінде жоқ, қылықсыз, сәби мінез Ыраш тұңғыш рет шалына тығыла түсіп, мойнына ақ білегін артты.

— Өртеніп барасың ғой. Әрі... Әрі жатшы,— деді Исахмет күңкілдеп.— Ұйықтайын да. Құдайдың бір тыныштығы жоқ...

Күйзеле сөйлеп жатып шалы тағы ұйықтап кетті.

Терезеден түскен бозаң сәуле сібірлеп таңның атын келе жатқанын сездіреді. Алакөлеңке бөлмеде Бақанның қорылынан өзге дыбыс жоқ; ауық-ауық терең күрсіне, ұйқысыз Ыраш қана төңбекшиді. Жоқ, Исахмет те ояу екен; тірі аруақтай қалтиып орнынан тұрды;

— Ыраштай, жата бер. Малды өріске шығарайын. Әйтпесе әлгі Ықсан төбемізді ояр,— деді ол келіншегіне еңкейе сыбырлап.— Есікті ілмей-ақ қой. Мен тез оралам. Қайтып кеп көз шырымын алмасам, басым сынып барады.

— Кетпесейші.

— Ойбай-ау, мал иесіз ғой. Ертерек жинап алайын. Ала жауында ұзай қоймаған шығар. Тез оралам,— деп шал киіне бастады. Төргі бөлмедегі қорылға құлағын тіге қап, іле көз қиығын келіншегіне тастады. Ондайда аузын ашып, екі ұдай тұрып қалады. Ферманың сауын сиырлары есіне түссе, асыға қайта киінеді.

— Исеке, мен де сауынға барайын да, ә?

— Қой әрі, сандалмай жат. Бұралқы иттей тентіреген жалғыз басты жігіттің ыңғайына жығылатын жәйім жоқ,— деді ол қаһарлана.— Есікті ілме. Кешікпейім... келем...

Ыраш үнсіз қала берді; жамылғы көрпесіне қымтана түсіп, көзін жұмды. Әйтсе де кірпігі ілінер емес. Ұйқысы шайдай ашылып, ойы әрі-сәрі. Өрекпіген жүрегі алып-ұшып, үркектеп, лүп-лүп етеді. Құлағын құс жастыққа жапсыра тың тыңдайды: «Әне, қақпа алдына атын жетектеп Исекең шықты. Мінді... Мынау тұяғы сықыр-сықыр етіп кетіп бара жатқан баспақ. Иә, ол қазір басы бұлғақтап: «қай аулаға қойып кетсем, ә»,— дегендей қыңыр тартып барады. Нағыз қызыл көз пәлекет. Сойын алатын-ақ мал. Қайтесің... Тұқымы сүтті деп Исекең жуытпайды. Өзі қу, оның алдында қашпайды. Міне, Исекең дүсірлей терезе тұсынан өтті. Мен қашан ұйықтайым? Не көрінді маған? Күндегі осы... тып-тыныш. «Жоқ, біреу ауыз үйдің есігін жауып, бекітті ғой. Кім? Далаға шығып жүрген Бақан ба? Қорылы естілмейді, сол әрине... Қой, мен ілгешегін салма дейін!» Ол көрпесін серпіп тастап, орнынан қунақы, жеңіл тұрды. Қалың, келте шашы жаурынына төгіле сусиды. Салқын леп алаулаған, жұп-жұмыр тәнін қауып алды; өн бойын ерен бір сергектік билеп, әр мүшесінің қуатын, ойынсақтығын сезінді.

Жарма есік сықыр етті. Ыраш шошына, қолындағы әлі кие қоймаған көйлегін тастап жіберді. Торға түскен еліктей екі көзі жаудырап: «ағатай...» — дей береді күбірлеп. Салалы, нәзік саусақтарымен кеудесін көлегейлеген болады. Табалдырықты аттай тоқтаған денелі қара да баспалап; жақындап келеді.

— Ыраш,— дейді үні дірілдей.

Келіншек өз-өзінен ығыстап, төсегіне де жетті. Сүрініп кетті. Тізерлей шегіншектеп:

— Не?.. Кет! Не керек саған. Кет... Қойыңыз деймін. Не істейсіз. Жіб... бер,— деді ол тұншыға.

— Ыраш, жаным...

— Ағатай, оның не... Аға... Ұят қой...

12

Ықсан үйдің сыртына шықты. Сұр шинелінің жағасын көтеріп алған; жалаңбас, аяғында керзі етік. Жүзі қуаң. Түнімен кірпік ілмегені көрініп-ақ тұр; көзінің айналасы қалталанып кеткен, қабағы салыңқы. Тізесінде бұғып жатқан бомбаның жарықшағы бұлтты күндері шаншып, мазалайтын; сонысы тағы қозғалып, қатты қинаған тәрізді. «Жоқ, қалаға барып қаралмай болмайды. Асқынса жаман... Е, тәйірі-ай, қайтеді дейсің. Күн ашылды ғой. Тыншыр. Көтерілсе барармын. Жаудай жұмыстың уағында емделіп жүрем бе». Міне, ол осылайша таң құланиектене түнімен кірпік ілмей, зар қақсатқан жарақат азабын ұмытып, ілкі ойынан айнып шыға келетін. Бұл жолы да сол бір күйде.

Дала қара күрең; кешелі-бергі жауыннан бөгіп қалыпты. «Шіркін, осы жаңбыр шілдеде болса ғой. Тандыры кепкен жер құлпырып кетер еді-ау, ә?!» деп ойлады Ықсан ауланың іргесінен басталар, бозаң тартып келе жатқан далаға қарап. Мол ылғалды, күңсі жер иісі сезіледі; әлгі біртүрлі тынысты қытықтап, сергіткендей де. Әр тұстан қылғына қораз шақырады. Сиыр тұяғының сықыры, қозы-лақтың жамырай маңырағаны, әлдеқайдан түйенің үзілте боздағаны таңғы ауада жаңғырықпай, қалықтайды.

— Әк!.. Әк әрі! Ойбай-ай, қараң қалғырдың малы-ай, ә! Аяғымды оңдырмай езіп кетті-ау,— деп көрші ауладағы әйелдің бажылдай қарғанып, сарт-сарт малын ұрғанын, темір шелектің даңғырлай құлағанын естігенде ғана ол оянғандай селк етті.

«Күйінеді ғой, қайтсын. Тұрмыс ауыр. Соғыс әлі бітер емес». Ықсан жөткіріне, тамағын кенеп қойды. Жан қалтасынан шылым алып, газет қиындысына орамақ боп бір оқталды да, онысынан айнып қалды; түнімен тартқаннан ба, жүрегі кілкіп беттетпеді. «Құрып кеткірді қайдан үйреніп едім. Әлденені жоғалтып алғандай шекпесең есалаң күйге түсесің...» Осы сәт Ықсанның құлағына ыңырсып, ұйқысыраған сәбидің үні шалынды. Ойы бөлінін кетті; ол таңырқай бұрылып:

— Бұ кім? — деді.

Тып-тыныш... Еш дыбыс жоқ. Үйдің есігі жабық тұр. Оған жалғас бос, алқа-салқа ашық мал қора. Ақ төс қара қарлығаш ұшып кеп үңірейген есіктен кіріп кетеді де, заулап терезесінен шығады. «Неғылған дыбыс? Қайдан шықты? Ауыл ішінде бұралқы мысық көп. Соның бірі терезеден үйге кіріп кетті ме?» Ол үйге қарай бұрылған, әлгі үн нақ аяғының түбінен шықты. Ықсан шошына кейін серпілді.

Қос жұдырықтай қара тұмсық, ақ күшік; әбден жаурап тоңған, діріл-діріл етеді. Екі құлағының ұшы балшық. Ықсан көтеріп алған, онан әрі қыңсылап қоя берді. Ауладан асыра лақтырып жіберер дей ме, мойнын созып, жалбарына қарайды. Үйге әкеп сүт, ұсақтап нан бергенсін шәуілдей үріп, ырылдап айбат шеге бастады. Оған Ықсан балаша мәз боп:

— Мұның намысқой, аршылын қарашы,— деді түрткілей.

Жұпыны үй ішіне тағы бір жан қосылғандай қуанып, екі көзел сүт ішіп, нан жеді де Ықсан орнынан тұрды. Адам табиғаты деген сол-ау; сәл нәрседен ашылып, жайдарылана қалады. Ақыл тоқтатып есейсе де өзін қанша үлкен санаса да әр жағында, жан-жүйесінің қалтарысында ана сүтімен сіңген ерке, сәби қылық жоғалмайды екен де.

Ықсан ой үстінде; аяғының астына кеп жайғасқан ақ күшікке көзін сығырайта қарады. «Мұның аты кім? Жоқ, не де болса жаңадан қою керек. Өзі ызақор, шақар екен. Сәл бойы жылып, ішіне нәр барып еді, — арсылдап қоя берді ғой. «Кішкентай деп басынба! Қытығыма тиме», — дейтін сияқты. Арлысын қайтерсің... Иә, иә... Бұл нағыз Арлан... Арлан деген жөн». Ықсан күшікті көтеріп алды:

— Арлан! Кә, Арлан! — деді ол құлағына айқайлап. Күшік үркектей басын көтеріп, қыңсылап қоя берді.

— Жә, қорықпа. Тимеймім... Сенің атың Арлан! Түсіндің бе? Арлан!..

Әлдекім терезе шынысын дүсірлете қақты. Күшігін көтеріп барып қараса, көшеде Серік тұр. Далаға шық деп ымдай түсті де, шалбарының ышқырын көтеріп қойды; қолының сыртымен танауын бір сипады. Жақындай бере Ықсанның қолындағы ақ күшікті көріп, аңырып қалды. Іле ішке қарай өзі жүгірді. «Ә бала, солай ма екен». Ықсан масаттана сәби мінезіне күліп жіберді.

Miнe, есік алдында Серік. Екі көзі күшікте. Неге келгенін де ұмытқан. Үстінде мол тігілген күпейке, балағы ұзынды-қысқалы шалбар. Басында жапырайған жаман, сұр кепкі; бір жамбастаған қызғылт бәтеңкесінің бауы байланбаған, шұбап жатыр.

— Қасқыр иттің күшігі ме? — деді ол біраздан соң.

— Жоқ, аңшы итінен... Қайыңқаптал ғой. Көрмеймісің?

— Ым... Сатасың ба?

— Қаншаға аласың?

— Білмейім,— деді Серік күмілжи. Ықсан күліп жіберді.

— Жә, мә... Саған берейін. Тентек болмайсың ба?

— Жо... жоқ, Ықсан аға. Ақ күшікті құшақтай көтеріп, есікке барып қалғанда ғана ЬІқсан оның неге келгенін сұрамағаны есіне түсті:

— Серік...

— Ау?..

— Неге келдің? Кім жіберді?

— Әжем... пішенге барам дейді. Мені де әкетеді. Сізге келіп шай ішсін дейді.

— А... Мен ауқаттандым. Рақмет айтты де. Жарай ма?

— Мақұл.

Серік бірден шыға жөнелмей қипақтап тұр; ақ көжектей күшікті бауырына қыса түседі. Ықсан күлімдей қарады.

— Бар... Бара ғой, айнам.

— Аға...

— Иә.

— Аты кім?

— Күшіктің бе?.. Арлан.

— Арлан... Арлан менікі ғой енді, ә?

— Сенікі. Бәтеңкең бауын байламайсың ба?

— Қазір. Ол күшікті жанына қойып байламақ болған; әлгі аяғына оратылып, балағынан тістеп ойнай бастады. Серіктің зілсіз «жат», «кет» — дегеніне ерегесе айбат шеге, ырылдады. Ықсан екеуінің тірлігіне шек-сілесі қата күлді. Әрі-беріден кейін күшігіне өзі қызығын, бермей, айнып қалар деді ме; Серік бәтеңке бауын шала-шарпы байлап, томпалаңдай шыға жөнелді. Күшікті бауырына қысып алыпты; шинелін бір иығына іліп, ілесе шыққан Ықсанға, артына қарап қолын бұлғайды.

«Бала деген сол-ау, ә? Қуануы да, ренжуі де әп-сәтте. Қызық»,— деді ол ойға қалып. Фермаға бет алғанда да, әлгі бір сәби қылығы көз алдынан кетпей қойды.

Ферма ауылдан екі-ақ шақырым; қалың қызыл жыңғылды, өзенге жақын өрдің үстіндегі ұзынша, шым қыстау. Төбесінің әр жерінен қасқыр тістенген бөрененің ұшы көрінеді. Ауыл жақ бетте етекті ояң бар; жаз, қара күз мал сол жерде сауылады: орнын көп ауыстырмайтыны сиырдың жапасы әр төбенің, сайдың ішінде қалмасын дегендік — ол қыстық отын ғой. Анау ұзынша қора да көктемге салым үлкен «завод» іспетті; тау-төбе қи ойылады. Биыл пішен аз: Ықсанды қинайтыны осы.

Ол басы бұлғақтаған жирен тұғырын сипай қамшылап келеді. Әлсін-әлі мойнын созып ояңдағы сауыншыларға қарап қояды; әлдекімді іздейтін тәрізді. Қарала орамалдарын шашақты, көне шарқаттарын тамақ астынан орай тартқан күпейке, плащ, кейі тіпті пальто киген әйелдердің бәрімен әудем жерден дауыстап амандасып, атын қораның жанындағы жалғыз түп қызыл жыңғылға байлады.

— Уа, қалайсыздар? Үлгере алатынсыңдар ма? — деді Ықсан қамшысын етігінің қонышына тығып жатып; шеткергі, қызыл шырайлы сауыншы сұрақтың өзгеге емес бір өзіне арналғанын аңдап бұрылды.

— Қайным, қалай дейтін несі бар, көріп тұрсың ғой. Ауыр. Кісі басы он сегіз сиыр. Он үштің жөні бөлек екен да. Екі қарымыз салдырап қалады...

«Балым қария кеше ғана баласының жетісін өткізген; шынымен пішенге шықпақ па? Немерелерін қайтеді. Серік оқымайды жас... Жақсы оны әкетсін, Шолпан ше? Анау Сейітін кімге қалдырып кетпек? Естияр дегенмен де баланың аты бала емес пе?.. Пішенге он адам керек. Он адам жетпейді. Иә, мына кісінің айтып тұрғаны рас. Ауыр. Кейін үлгере алмаймын бәрібір деп шала саууы да мүмкін. Қазір таң да суытты. Қолды мұздай сумен жуғасын күлдіреп, әбден қажытады,— деп ойлады. Meн бұ кісіні танимын. Сағынайдың жеңгесі... Меруерт... Иә, Меруерт...»

— Қайным, маған тағы бірдеңе дедің бе?

«Даусым шығып кетті, ә? Ұят болды-ау. Жұмысынан қалдырып әлденені сұраймын да, өзім тыңдамаймын. Несін тыңдайым; белгілі, білетін жәйім. О да сезеді менің біле тұра сұрағанымды. Мен сұрауға тиіспін. Ол айтады. Сәл де болса, сонан жеңілдік табады».

— Иә, Исекеңді көрмедіңіз бе?

— О кісі жаңа ғана келген, әлгі қызыл қашарды іздеп кетті. Өткен түн малға қарауға қолы тимеген бе, қалай.

— А... Басқасы түгел ме?

- Түгел. Құдай сақтаған ғой. Кешегі жауында бөрі тисе жер сабап қалар ек, — деді Меруерт басындағы орамалын түзей тартып.

— Ағайдан хат-хабар бар ма?

— Бар... Кеше тағы келді. Аман...

— Күндегідей емес, бүгін тым көңілсізсіңдер ғой, — деп қалды Ықсан кеудесін көтере түсіп. Мұнысы әзілдегені.

— Анау Кенжеқыздың күйеуінен қағаз келді.

— Ә...— «Тағы да бір азамат оралмайды де. Қашан таусылады, бітеді. Ел қаралы демей-ақ «қағаз» дейтін болыпты. Бәрібір сол, орны толмас қасірет».— Отын-су жағы қалай екен? Жетісін, қырқын өткізгендей несі бар?

— Ірі қарадан да, ұсақ жандықтан да құралақан емес. Күйеуі шаруа еді ғой.

Ықсанның есіне бұдан үш ай бұрын, екі жұмалық қысқа демалысқа келіп кеткен танкист жігіт түсті. Көнтек ерін, ұзын қара еді. Ықсаннан үш жыл бұрын онжылдықты бітіріпті. Өздері көп ағайынды; әке-шешесі бар боп шықты. Көрші колхозда тұратын көрінеді. Бір жұма сонда жатып, өз үйіне келіп отырғаны осы екен. Соғыстың алдында ғана енші алып, бөлек ошақ құрыпты. Үлкен бір шабуыл кезінде көзге түсіп, ерлік көрсеткенсін демалыс берген бе, қалай. Әйтеуір сол, бұл қандай демалыс дей қойған адам болмағансын Ықсан да шұқшиып сұрамаған.

Сарала таңнан тұрып қора-жайының айналасын оңдап, үйінің төбесін ашып қамыспен қайта жапқаны да көз алдында; ел сонда: «қайтсын-ай, кетпен мен күректі сағынған ғой. Қару асынып, жауды қыра беру де мезі қылатын шығар-ау», — деген. Енді міне «сөйтсе күні өтіп барады екен де», — деп отыр. «Күйеуі шаруа еді ғойдың» әр жағында осы бір ащы, соңғы күрсініс бар...

— Түсің қашып тұр, Ықсан, ескі жараң мазалап жүрген жоқ па?

Меруерт жігіт жүзіне үңіле қарады.

— Жоқ... Мүмкін пішенді қоя тұрармыз, Мәке, ә? Қалай ойлайсыз? — деді Ықсан анадай жерде жатқан кеспелтек ағаштың үстіне жайлана отырып жатып.

— Қой ойбай... Өткен қысты білмеймісің. Құрысын, өлмеспіз, үлгереміз ғой. Пішенсіз қиын болар. Оған тәуекелденбейік.

— Иә...

— Пішенде өзі кімдер бар?

— Бала-шаға, шал-шауқан да.

— Е, олар не өндіруші еді. Жоқ... Пішеннің жөні бөлек. Бөлген адамдарыңды жібер. Майданнан ерлеріміз оралғанда жұтап отырмайық. Әншейінде «тең правалымыз» деуші ек қой,— деп Меруерт күліп алды.— Жақсы... Мен құрбыларыма барайын. Көмектесейін.

— Мәке, Балым қария да пішенге шықпақ көрінеді...

— Шықсын... Өзі тіленіп отырса қайтесің. Үйде бала-шағаның арасында қашанғы қара жамылады. Серікті әкетем дейді ғой. Естиярлары біздікінде бола тұрар. Кеше Сағынай келісіп келіпті Бәкеңмен.

— Е, онда бір жөн.

— Ал, жақсы ендеше,— деді де, Меруерт қарына ілген шелегінің тұтқасын сылдырата сауыншыларға қарай кетті.

Ықсан да орнынан тұрды. Ақ боз жиек қар бетіне тамған қандай қызғылт тартып келеді. Жігіт көзі соған іркілді, енді ғана аңдаған тәрізді; екі қолын артына ұстап, сұрғылт қыстаудың тұсындағы дөңеске бет түзеді. Қалың қара өлеңді күрей басады: етігінің мол шықтан шылқылдаған су болғанымен де ісі жоқ. Дөңеске көтерілгенде ғана «уф»,— деп демін бір-ақ алды.

Талай сәнді, бау-бақшалы қалаларды көрген, аралаған да; әйтсе де мынау шағын, үш-төрт көшесі бар, жинақы мекен оған әркез жаңа, ыстық. Ауыл екі күнгі жауыннан мұнар тартып, түн баласы көрінбей қойған; бүгін ол теңіз бетіндегі балықшы катерлеріндей қарауытып, құланиектенген жиектен айқындала шығып келеді. Ұзынды-қысқалы мұржалардан көгілдір, тап-таза аспанға ирек-ирек өрнек төгіп, түтіндер жарыса көтеріліп жатыр. «Шіркін, дала қыранындай қанатты боп, жоғарыдан көз тастар ма ем», — деп ойлады ол.

Әне, күн де шықты. Етектегі бүрінен айрылып сидаң селдіреген боз жусан, дәнді қара, жапырақты мияға түнімен біреу әдейі жүріп су бүркіп қойғандай балбырап тұрған; міне олар да бұйығы күйінен серпілгендей: мөп-мөлдір шық шөп бетіндегі кішкене күн тәрізді; шағылыса жылт-жылт етеді. Қара күрең дала терең тыныстап, бусана бастады; ақ шарбы кіреуке ауылдан осы дөңеске қарай баяу жылжиды. Аудың қалтқысындай екеу-екеу қылт етіп, соның арасынан көрініп кетеді.— «Пішенге жүретін сауыншылар ғой. Мал-жанын, шаруа-жәйін бір реттеп ауылдан енді ғана шықты. Иә... Он күндей далада шал, бала-шағаға көмектеседі»,— деп ойлады Ықсан. Көз алдына бір сәт сонау Украинада, Киев қаласында болғаны кeле қалды.

Күн шуақты; жексенбілік еді. Увольнение алып қала аралауға шықты. Армияға келгеніне де аса көп болмаған; екі-ақ ай. Зәулім үйлер, көше жиегіне сап түзеп тұрған әскердей бәйтеректер оны қатты таңдандырып, алыстағы жұпыны өз ауылын еске түсірген. Ағылып өтіп жатқан халық, иін тірескен машина, ара-кідік ат жеккен тарантас та көрініп қалады. Ақ көйлек, қара шалбар киген иықты сары шашты жігіттер, мойылдай көзі мөлдіреген сымбатты қыздар сықылықтай күліп, жарыса сөйлеседі. Иә, бұл ұмытпаса май айының орта шені.

Әлгінде ғана биік, тас үйлер еңсесін басып, біртүрлі өзін дәрменсіз сезінген Ықсан Крещатикке шыққанда тынысы кеңіп, үлкен гүлді баққа тап болғандай желпініп қалды. Жалтақтап, жан-жағыма қарай берсем, әлдекім: «надан»,— деп күлер деді ме; алақ-жұлақ етпей көшенің халық көп өтіп жатқан бұрышына кеп аялдады.

Жасыл жапырақты қалың ағаштың арасынан түскен күн көше жиегіне кесте төгіп тұрғандай; бәйтеректер сыбдырлай баяу тербеліп, әлдилейді; әлсін-әлі желпіп кетіп, қоңыр самал да Ықсанның сағынышты жүрегін елжірете түседі. Нақ қасынан еркін, ерке күліп әрі асқан екі-үш күміс шашты қыздардың қыпша беліне, жұмыр күн қаққан толық балтыр, қаз мойнына Ықсан еріксіз сүйсіне қарап қалды; бір сәт жусан иістенген туған ел, кең дала тынысын сезінгендей болды. «Қандай сымбатты еді? Иә, олар пилотка киген қазақтың қара баласын қайтсын»,— деп ойлады Ықсан. Әрине бұл сұлулар оның ат құлағында ойнайтынын, «Көкпардан» олжасыз қайтпайтынын, әнді де үзілтіп салатынын білмейді; күреске түссе де өнерсіз емес. Өзін танытар-ақ еді. «Әттең, не пайда»,— дегендей жігіт дидарына өкініш табы білінді.

Жанына кеп тоқтаған аппақ, қыр мұрын, қара шашты, сымбатты әйел Ықсанның арманды көңілін бөліп жіберді; әлгінің қолында торсық шеке бала. Әсем киіндіріп қойған, қуыршақтай сүйкімді. Шашын желкесіне тостағандай ғып түйген, үстінде жеңсіз ақ көйлек, көзінде қара көзілдірігі бар келіншектің жұп-жұмыр мойнын, быттиған кішкене қолымен сәби аймалай қысып, талпына түседі. Ықсан оның су қараңғы екенін енді ғана аңдады; кісіге назар салмай тас мүсіндей бір бағытқа қарап қалыпты; тың тыңдап та тұрған тәрізді. Кенет жүзі жайдарылана, маржандай тісін көрсете езу тартты да, іле елеңдей:

— Олес! — деді дауыстап. Үні қандай жұмсақ, жағымды еді; біртүрлі бір еркетотайлық бар.— Олес!..

Ағылып өтіп жатқан көптің ішінен өзінің күйеуің қалай таныды; әлде сансыз аяқтың ішінен жүрісін ажыратты ма деп Ықсан таң. Үстінде қара шалбар, шолақ жең көгілдір көйлекті, жирен шашты ұзын сонадайдан мойнын созып іркілді; оның да көзінде қара көзілдірік. Қолындағы таяғын көтеріп алып қолтығына қысты. Сәл кідіріп, тың-тыңдағандай болды.

— Олес!..

— Ау... Аксана! Сенбісің? Оксуша! — деді ол күлімдей. Жалт ете қалған жігіт жүзінде күннің ашық, шуақты сәулесі ойнап өтті.

— Иә, менмін. Қарашы... Қарашы, Олес, сенің тентегіңді. Тарас, қой деймін! Тарас... Сені танып талпынуын қарашы, Олес. Ұшып кетер ме екен, қағып алшы...

Жігіт ұмтылып кеп көтеріп алды. Жас келіншек сыңғырлай күліп, күйеуінің қолтығынан демеді. Үшеуі де қуанышты. Жаймашуақ, сәулетті Крещатикте ғана емес, дүниеде тек үшеуі... бақытты үш жан ғана бар сияқты. Ол сонда бақытты жанның төңірегіндегілер де күннен нұрланғандай жүздері жылып, белгісіз бір қызықты, әсем сезімге бөленетінін тұңғыш рет аңдаған-ды...»

— Уа, Ықсан! Ықсан...

Дөңнің етегінде дауыстап тұрған Исахметті көргенде оның көңілі бөлініп кетті. «Есалаң адамдай сөйленіп өзі-өзімнен күлмедім бе екен? Қой, өйтпеген шығармын. Көп те уақыт өтпеген сияқты ғой». Ауыл жақтан фермаға қарай келе жатқан бірлі-жарым адамдар қараңдайды; әне, түйе арбалылар да көрінді. Пішеншілердікі. «Мынау не деп даурығады?» Ықсан шинелінің жағасын түзеп, тағы да Исахметке бұрылды. Жетегінде аты жүр. Жаңағы бір дауыстағаным жетер дегендей айқайламайды; күнсап жоғары қарап қояды ара-кідік. «Сол киевтік әйел кейде Жәзираға ұқсайды, ә? Ғажап...» Ықсан таңдана басын шайқады.

— Уa, ЬІқсан!..

Қарт қамшысын бұлғай шақырып тұр. Ықсан қырдан төмен бүлкектей түсе бастады; манағыдай емес шөптің беті ақ-жасылданып, жер де кәдімгідей дегдіпті, сарғыш тартып жатыр. Мөлдіреген шық та жоқ; төңіректегі көз сүрінердей қарайған біткен жақындап кеп қалыпты. Жиектен тұсау бойы жоғары тоқымдай бұлт көрінеді; бір жақ сауыры қызғылт. Көгілдір аспанда қап-қара ноқаттай дала бүркіті қалықтай жүріп алатын, бүгін о да көрінбейді.

Сауын аяқталған сияқты; әйелдер дабырласа, ұзынша, сұрғылт, шым қораның күншуақ бетіне жиналып жатыр. Исахмет қарт Ықсанның ерін ұшымен берген сәлеміне қалбалқтап қалды;

— Аман ба?

— Шүкір...

— Е, бопты. Тұмау-сұмаудан адасың ғой әйтеуір?

— Малың... Малың қалай? Түгелденді ме дейім? — деді Ықсан оның сұрағын естімегендей аяқсыз қалдырып. Әлденеге қиыстанып тұр.

Исахмет сәл ығыстап, күмілжи күңк етті; «мынау қайтеді-ей? Қыра ма, ә? Әлде бірдеңе сезіп жүр ме? Бақанға сақ бол деу керек екен. Тым еркін, алаң-ашық кетпелік дейін. Е, ол топас өңіреңдеп, көне ме? Аллау, не деген ақылсыз еді; күндіз көріне берме десем, күледі. Қазір ғой қорылдап, қаннен-қаперсіз ұйқыда. Ұйқыда ма?» Исахметтің көңіліне қаяу түсіп секемденіп қалды; біртүрлі жүрегі алқынып, табан асты асықты. Манадан бері үйдегі жас тоқалы мен досы Бақанның оңашалығын ойламағанына опынғандай болды. «Сол малдағы жұмысым не, ә? Қонақты өз қолыммен аттандырып келсем де үлгеретін ем ғой. Алда ғана сорлы басым-ай... Есікті ілме дедім-ау. О не қылғаным?»

— Исеке, сізге айтып тұрмын ғой. Малың табылды ма?

— Е, ит жейме, көкбақа немені. Мына жыңғылдың ішінде жүрген жерінен айдап келдім,— деді Исахмет етігінің қонышын қамшысымен сарт-сұрт ұрып.

— Исеке, Бәкеңді табалағандай болғаныңыз қалай? Кейін де естіртетін едік қой. Ең соңғы үмітін үзіп, мертіктіру ме мақсатыңыз?

— Ашу-дұшпан не істетпейді, Ықсанжан,— деп Исахмет қателігін тез мойындады. Ақталып жатуға ерінді ме; жоқ әлде тіресіп қайтем деді ме екен; әйтеуір сылқ түсті.

— Мен сізден мұны күтпегем, Исеке.

Ықсан әбден түңілгендей сырт айналып, қарыштай адымдап сауыншыларға бет түзеді. «Өзінен басқаны кісі санамай, кердеңдеп өскен қыржық шал... Қарашы пәлесін»,— деп ойлады жігіт тістене; өмірі ыңғайына көнбей тақымдап отырмаққа бекінеді.— «Сыйлағандықты ақымақтыққа саясың ғой. Саған керегі жылпостық, жылымшы қылық па? Жақсы... Оны жасайын».

Исахмет те ілесті: қалмай қатарласып келеді. Әлде айтпаққа оқталады да, батыл ете алмай жүзін тайдырып әкетеді. Қыр үстіндегі ұзынша қыстауға таяғанда тамағын кеней түсіп үн қатты:

— Ықсанжан, асыл тастан, ақыл жастан деген. Ал жасқан менен не сұрайсың? Қалқиып жүргеніміздің ұшпақ емес пе? Дірдектеп таң қараңғысынан тұрдым. Үйімде қонағым да бар еді. Оразамды да ашқам жоқ әлі. Сонда анау басқарма қатын үшін тентіреп жүр деймісің? Бір-екі арық-тұрақ жоғалса, орнына аша тұяқ төлей алатынымды білетін шығарсыңдар? Мен өзіміздің колхозға бола атқа қондым. Ертең жігіттер майданнан жеңіспен оралғанда ұялмас үшін: өзімде жоқ, солардың кішкене қара сирақтары үшін...

Исахметтің үні бұзылып, үзіліп кетті. Ықсан да қатты толқып, әлгі бір әбес ойынан ұялғандай болды:

— Сіз де ренжімеңіз, қол күші жетпей, әрі мал иесіз жүргенсін шыдай алмадым, Исеке.

«Ә, солай ма? Е, сені қойшы. Әлгі Бақан қалай? Соны айтсайшы... Жұмысқа шығарсам бармағымды тістеп бұлайша тұрар ма ем? Жоқ... жоқ, тез үйге... үйге жөн. Оның көзін жоғалту керек. Мүмкін аман болар. Кім біледі? Сезіктене берген де ұят. Менің тірілей көзіме шөп салады деймісің. Әй, қатынның аты қатын емес пе?! Құдай оған қанағат берсін де. Кім біледі оларды. Жылтырақ көрсе жылмыңдап, жайылып сала беретін жандар ғой. Пәтуа күту қиын-ақ... қиын. Бақан да бір аш бөрі. Көз көрген дос, аттар деймісің арымды. Қой, өйтпес, адам ғой»,— деп Исахмет өзін қанша жұбатпақ болса да, арамза ой жүрек түбін сыздатып, шыдатпай барады.

— ЬІқсанжан, мен бірер кесе шай ішіп келейін.

— Исеке-ау, малды өргізіп тастап та үлгересіз ғой.

— Мен қазір... қазір жетем. Әне, Бәкең мен кішкентай балдызым... ге-ге-ге... Серік те келе жатыр. Олар пішенге жүретін бе еді?

— Иә...

— А... – деп Исахмет атқа қонды.

— Сонша неге асықтыңыз?

— Қонақ жалғыз... Қонақ бар-тын,— деді ол алақ-жұлақ етіп. Көзінде үрей аралас ызғарлы ұшқын ойнайды. Астындағы атын бір езулете жалт бұрып, ауылға қарай құйғыта жөнелді.

Ықсан бұ несі дегендей аң-таң, таңдана қарап тұр.

13

Дала желкем, салқын. Күн шақырайып тас төбеде тұрса да, алыстап кеткендей еш жылуы жоқ. Ертеңгісін үстін бозғыл мұнар шалған қыраттар, енді әбден жалаңаштанған, ажарсыз. Жол жиегіндегі алабота да өрт шалғандай қара қоңыр, солғын. Түнгі суық соққан тәрізді; жасыл бұтақты мияның да жапырағы бүрісіп қалыпты. Шілдеде беймаза ысқырып, секіріп жүретін шегіртке де, қызыл ала қанат көбелек те көзге шалынбайды; әр жусанның түбінен бір қылт етіп, үзілте шырқайтын бозторғай да бой тасалағандай; тек қысқы, ұзақ ұйқыға кете қоймаған сарышұнақ пен күреңжон балпақ қана мынау түйе жеккен арбалы қыз-келіншек, бала-шаға, шал-шауқанға таңдана, інінің аузында қаққан қазықтай селтиіп тұрған күйі, үрікпей ұзатып салды. Бірде Серіктің қолындағы ақ күшік шәуілдей үріп еді; оң бүйірде қалып бара жатқан иесіз, жалғыз қыстаудың төбесінен қанатын самарқау қағып, дала бүркіті көтеріле берді. Сонан ол шырқау көкке шығып ап, қара ноқаттай қалықтап ұзақ айналды. Әне, енді алдағы күрең белден қос қоңыр қозыдай егіз құйын жарыса домаланып келеді; бірі түлкі құйрықтана жалт беріп сай қуалап кетті де, екіншісі жолға түсті. Әлгі сұрғылт бөренедей шыр айналып, көкке өрмелеп барады. Түйелі керуеннің қарсы бетінен дауылдата кеп соғып өткен; алдындағы нар «арф» етіп, тапырақтап арбаның дертесін қиратып кете жаздады. Кебу жердің тұзды жапырағы, шөптің қиқымы, ошаған арбадағы пішеншілерді мүлде көміп салды; тіс арасы қышырлап, түкірініп жатқан біреу:

— Ту...у, пәлекет!

— Тфа, тфа! Пісемелла, пісемелла...

— О, жаратқан сақтай гөр,— деп арба үстіндегілер бөрлігісіп жатыр.

— Тфа, тфа өзімен кетсін. Өзімен...

— Өзімен кетсініңіз не, aпa? — деді бүйрек бет, қара торы қыз ту сыртын беріп отырған қарияға бұрылып.

— Құйында шайтан болады дейтұғын. Шайтан кетсе деймін да.

— А...

— Е, оны неге сұрадың?

— Жәйша, aпa.

Қарияның жүзінде қыз сұрағына деген секемдік бар, пәлендей ілік таба алмады ма, қалай; сұқтана қалған суық көзін тайдырып, күңкілдей қозғалақтап қойды.

— Әй, өзі қай жақтан келіп соқтықты?

Шикіл сары, қой көз Қожан мұны жалбыраған ұзын кірпігін жиі қағып, ойлана сұрады; құйынның келген бағытын білсе болғаны, оның шығу тегін, себебін талдап айтып беретін-ақ тәрізді. Жәзира жақында бір аяғынан айырылып, майданнан қайтқан ұстаның баласы екенін танып, он жеті-он сегіздердің шамасында боларсың-ау деп сырт топшылады. Өзі бойшаң, жіңішке Қожан басына әкесінің пилоткасын тыным таптырмай бір шекесіне киіп, қайта шешіп әуре.

— Қай жақтан соқса да бәрібір емес пе? — деді күпейкелі, нәзік, бидай өңді қыз. Қожанның көзін ала ойнақшыған қара торы құрбысына ым қағып, езу тартты.

— Неге бәрібір, Сәуле?

Қожан «соны да түсінбейсің бе?» дегендей қыз жүзіне таңдана қарады. Үстіндегі шинельдің жағасын түсіріп әлдене айтпаққа ыңғайланған:

— Ендеше не? Әдірісі керек пе еді? Айтайын: «Дала почтасы. Н... бөлімшесі...» — деп Сәуле судырата жөнелді.

— Жо... жоқ,— дей берген Қожан онан әрі абдырап, арбадағылар ду күліп жіберді.

«Баланың өзінде көңілі барын біледі-ау, ә? Еркінін қарашы, мына жаман қыздың». Жәзира күлімдей бас шайқап, жадырап қалды.

— Уа, не жамырайсыңдар, өңшең шуылдақтар! — деді делбеші, қарасұр қарт ақыра жалт бұрылып. Көзінің еті қызыл тамырланып, дорба сақалы селкілдеп кетті.

Қыз-келіншек, балалар жым болды. Жәзира делбені қарттың әзілқой, қоңыр дауысты әнші екенін, оның өткен айда майдандағы жалғыз баласынан қара қағаз келгенін білетін; тек манадан пішенге неге шықты дегендей боп отырған. Қарттың салыңқы қабағын, дірілдей, қыстыға айқайлағанын көргенде, әлденеге түсінгендей еді; кемпірінің жанында бордай егіліп күйзелмейін деп кеткен ғой деп ойлады ол.

Екі түйе арба сары жонға өрмелеп келеді. Көгілдір жиек ақшаңдақтанып тұр. Селдір шаң көтеріле түсіп сейіліп жатыр. Көз ұшында төрт құлақты жоғары бұлаңдайды; әлгілер жәйіліп жүрген түйелер тәрізді. «Наурыздан хабар болмады-ау. Неге кешікті?» — деп ойлады Жәзира. «Неге? Айнып қалды ма? Қайткенде де жауап келуге тиіс қой. Шынында, күзде жер бедері әдемі, ою-өрнектеп тастағандай. Анау ақ селеу, ажырық, боз жусан, жасыл мия, көкшіл түйе жапырақ, қызғылт бүр жарған жыңғыл, мына алабота тақта-тақта, шоқтасып тұр. Бір-біріне араласпайды. Әне бір бүргеннің түбінде қылтыңдайтын не? Қасқалдақ па? Жо... жоқ, сарышымшық қой. Жүгірсін... Жүйрігін қарашы. Сарышымшық көрінсе суық болады дейтін қарттар...»

Оң жағында, иықтаса отырған Сәлима қозғалақтап, оның ойын бөліп жіберді:

— Жәзира, айнам,— деді ол қабағын кіржите, сүлесоқтанып,- мынау сенің дорбаң ба?! Ішіндегісі не еді? Жауырыныма батып баратқасын шығарып қойдым. Ренжімейсің бе?

— Уақа емес.

— Ойпыр-ой, жеткізбей-ақ қойды-ау. Ертеңгісін шай салып ем. Көрдің бе, екі шекемді солқылдатып әкетуін... ол жүгермек, мына арамқатқырыңды қолыңа алсаңшы. Қолы басымызды жалап, арамдап бітті-ау.

Сәлиманың тіктене қарағанынан қаймығып Серік күшігін көтеріп, мол тігілген күртесінің ішіне тығып жіберген, әлгі баланың тамағының астынан басын қылтита шығарып, оның еркелей бетін жалап-жалап алды.

— Ту...у, пәлекет!..

— Сәке-ай, қайтесіз енді соны. Бала емес пе?

— Бала болмай кетсін! Ту...уф...— деп Сәлима үстіндегі плащын қаудырлата сырт айналды.

— Ойхой, зират та өсіп кеткен екен ғой.

— Иә, қу соғыс мында да талайды әкетті,— деді әлдекім қоштай, терең күрсініп.

Жолдан бір бүйір жота үстіндегі төрт құлақты, күмбез зират шоғыры алыстан бейне жаугершілікті басынан өткізіп, қаңырап бос қалған ауыл тәрізді. Мұнда әрине төгілген қан, садақ оғы, өртенген үй жоқ; әйтсе де әлгінде ғана осы жерде жойқын соғыс өткендей, сәл кідірсең әлдекім ыңырсып көмекке шақырардай әсер етеді. Еріксіз үрейлене құлақ түресің; төңірек тып-тыныш, бұйығы мүлги тұр. Ай қасты құлпы тастар да ту сыртын беріп, жүгініп отырған тірі аруақтай суық. Опырылып ішіне түсіп кеткен, үгітіліп құлаған ескі зират арасындағы көкжасыл, желбіреген алабота мен қалың өскен адыраспанды көргенде ғана ауыл еместігіне көзің жеткендей болады.

Үлкен қара жол жақындап кеп, жалт бұрылып шығысқа бет түзеді. Арбаның үстіндегілерде үн жоқ: әркім осы соңғы екі-үш жылда дүние салған тума-туыс, жекжат-жұрағаттарын еске түсіріп, ойға берілген сияқты.

Енді міне Жәзираның да көз алдында сонау бір көне заманда өмір кешкен Зәуреш қыз. Ол жәйлі ел ішінде ән де, аңыз да көп. Әйтсе де: «әкетай...» — деген жалынышты сағынышқа толы бір үніне арналар ән де, жыр да әлі айтылып бітті деймісің?! «Иә, мынау мол обаның ішінде де, талай Зәуреш бар шығар-ау». Медетханның отыз ұлы, жалғыз қызы болыпты. Әлдеқандай дерттен отыз ұлы бір жылда дүние салады. Ең сүйікті, көзінің қарашығындай көрер Зәуреші ғана қалады. Кейін оны жат жұртқа ұзатады. Медетхан арада бірер жыл өткенсін кірешілермен ұзақ сапарға шығады. Бойын сағыныш билеген әке қайтар жолда саулы інгендей боздап, қызының аулына бет алады. Сайын дала. Көз сүрінер қара жоқ. Небір белдерден де асады. Сөйтіп ақыры елді-күнді жерге жетеді; жотаның үстінде жас қабір, етекте жайылған мал, соңында қойшы. Әлгіні көргенде әке:

— Ау, бауырым, анау жалғыз зират кімдікі? Көп көрген көне көз қадірлі біреулеріңдікі ме? Иманды болсын! — деді.

— Ә, аумин!.. Қалай десем екен. Жоқ, ақсақал, бұл Медетхан құдамыздың жалғызының бейіті. Кеше кешкісін дүние салды. Иман жүзді бала еді. «Әкетайым...» деумен о да, бұ жарықтық пәниден өтті ғой...

Зәуреш күте алмапты. Тастап кетті. Міне мынау бусанып, күреңіткен жас топырақ-оба — оның мекені. Айнала маң дала. Атынан: «Аһ» ұра құлап түскен ақбас шал қызының моласын аймалай құшақтап, күйік пен мұңға толы көкірегі қарыс айрыла зарлап жатыр...

«Уа, Зәуреш сенің үшін... ау елден кел...лдім,

Баяғы өзің көрген... ау жерден кел...дім.

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Иіскеп бір сүйейін... ау деген еді...дім ау...— »

деп шарықтай көтерілген қоңыр дауыс, баяулай барып, дірілдей үзілді. Мұны күтпегеннен бе, үстіне біреу мұзды су құйып жібергендей Жәзира тітіркеніп кетті. Қасіреттің де көпке ортақтығын, өз басындағы өзгенің де көкірегінде жататынын ол қайдан білсін. Кемедегінің жаны бір деген осы. әркімнің мұңы, сағынышы бар.

Зәуреш сол жүректегі шемен боп жабысқан сағыныштан туғанын Жазира түсіне алмай дал... «Қайтсем, не істесем?» дейді. Әйтсе де оны тоқтатар дәрмен жоқ. Айта түскенін қалайды. Арбадағылар қозғалақтай күбірлеп, сәлден соң қайта тына қалды. Делбеші қарт осы бір сәтті күткендей, тағы да қолқаны ащы жасқа көмдіре «аһ» ұрғызып бастап кетті:

«Сақталмас болат пышақ»... ау қын болмаса,

Өтірік неге керек... ау шын болмаса,

Зарланып саулы інгендей келгенімде,

Басыңды бір көтерші-ей, тым болма...аса...а»...

Зират артта қалып барады. Әлдекімнің жөткірініп үздіге жылағаны естіледі. Күн бетін мұнар шалды ма, дала қара көлеңкелене түсті; жел де басылғандай, тыншу, бойкүйез қапырық. Әлгінде ғана жайраңдасып, үлкендердің көзін ала беріп әзілдесе күліп отырған жастар да үнсіз; түстері қашып кеткен. Қожан әнші қарттың бүкіл жан дүниесімен егіле, толқи айтқанын көргені осы ма, жоқ әлде: «күйзелте бермесеңізші елді, ақсақал-ау»,— дегісі келді ме, қалай; ұмсына түсіп іркілді. Сәуленің кіршіксіз, бота көзі жаудырай қалыпты; біреу: «кім тиген, саған? — деп мүсіркей тіл қатса, жылап жіберердей жүдеу. «Өй, оңбаған «көк есекті шал»,— деді Қожан естіртпей тістене күңкілдеп. Сәулеге жаны ашып, мұқатқаны, әйтпесе қарттың Жексен атын біледі. Өзіндей жоғарғы кластың балалары үндемей отырғанда көлденеңнен киіп-жарып кетуді әбестік көріп, не істерін білмей әлек.

Ел кісіге ат таңғыш қой. Біреудің оқыс мінезіне, қылығына, бет әлпетіне қарай дәл есім береді. Оған адамның ауыл алдындағы беделі де, қадірі де есеп емес. Соғыстың алды болатын. Тыныш бір берекелі кез. Колхоздасқандарына да жеті-сегіз жыл шамасы өткен. Бір күні Жексен қарт ауылды дүрліктіре, құлағы салбыраған көк есекті мініп қаладан келді. Базар шыққаны сол-тұғын. Тіптен елдің он ұйықтаса түсіне кірмес, күтпегені еді. Есек дегенің бұл өңірдің өмірі тұтынбайтын, ар санайтын-ақ хайуаны. «Уа, Жөке, мынау не?» — десті тыжырынысып. «Есек те...» «Е, оның керегі не? Сауып сүті, сойып еті жоқ арамды қайтпексің-ей». «Мініп, көлік етем де», - деп Жексен қарт құтылған. Сонан ол үш-төрт жыл тепектетіп, біраз мінді. Қырық бірдің сойқанды боранында әлгі есегі далада бөріге жем боп кете барды. Әйтсе де Жексен қарттың сол қылығын ел кешірмейтін сияқты: «көк есекті шал»,— деп көңілінің қошы жоқ кез келген бір шымшып өтеді. Есек өлсе де, есімі өшетін емес. Қожанның да кіжініп қалғанда аузына түскені сол...

— Уф... садағаң кетейін-ай. Әкеңе бір уыс топырағың ақыры бұйырмады-ау,— деді етжеңді қара кемпір, мұнарланған қоңыр көзі ыстық жасқа тола зиратқа бұрылып.

— Жеңеше... Жеңеше, қойшы енді.

— Жасаған ием-ай, қайтейін... Құлыным...

— Апатай... Оныңыз не? Сабыр етсеңізші,— десіп жанындағы екі келіншек қарияны жұбатып, абыр-сабыр.

«Екі дос бір-біріне... ау сыр айта...ады,

Әкесі баласына... ау шын айтады.

Айрылып ақ Зәурештен қалған...нан соң,— »

дегенде ширақ, қоңыр дауыс күрт үзіліп кетті. Кірленген аспанда жалт ойнағандай болды; мүмкін Жәзираға солай көрінген шығар. Әйтеуір ол, ізінше буалдырлана, жердің шыр көбелек айналып бара жатқанын сезінеді...

«Көкем деп енді мені... ау...у, кім айтады-ай»,

деп Жексен қарт аңырата бітіргенде, Жәзира да өзінің манадан егіл-тегіл жылап отырғанын енді аңдады. «Жоқ, бордай езіліп, азып-тозатын уақ өткен. Азаматтарымыз там-тұмдап болса да оралып жатыр ғой. Ақыр заман шақырып, неге зар илейміз? Қой, жыламайық. Әлі де келер азамат бар. Солай емес пе?» — деп, ол өз ойын құптатқалы төңірегіндегілерге қараған; күңкілдесіп, не күліп, қалжыңдасып жылы рай танытқандай жан таппады. Бәрінің де жанарында ауыр мұң. Арба салдырлап келеді.

— Апа... Сәлима-апа, «Көп құдық». Қараңызшы «Көп құдыққа» кеп қалдық! — деді Жәзира қуана айқайлап.

— Кәне...

— Көрінбейді ғой-ай?

— Әне...

— Иә, «Құдық... Көп құдық»,— деп пішеншілер елеңдесе, сәл жадырағандай болды. Жәзира аз да болса ауыр ойдан серпілткеніне қуанып қалды.

Шынында, «Көп құдық» аталған ойпат ажарлы-ақ екен. Жаңағы даладағы ала тақыр, тақта-тақта өскен шөптей емес; бұ жердің көгі қалың, нығыз. Қыста қар, жазда суы мол жиналатын шұңқырлау ма, қалай; бірегей, қырқылған құнан жалындай қаулай көтеріліпті. Толқынданып жатыр. Бозқырауда мұндай шұрайлы жер сирек ұшырасатыннан ба; шүйгін ойпат жүдеу, зәбірлі көңілдерді сергітіп, көкіректеріне жаз жылуын әкеп құя салғандай болды.

— Баяғыда бұ мекен талай рулы елге қоныс еді ғой. Жарықтық тозбайтұғын.

— Иә...

— О да бір заман екен-ау бақсақ,— деп қариялар тамсанды.

Алдыңғы арбадағы інген үзілте боздап, әңгімені бөліп кетті. Лекіте соққан салқын самал танауға шіріген шөптің иісін әкелді; беті қабыршақтана қатқан дала жолы шаңсыз, тақтайдай теп-тегіс. Ірдуанның арбиған дөңгелегіне ілесе алмағандай, ақ тозаң көтеріле түсіп, селдірей басылды. «Наурыздан неге хабар жоқ? Неге? Мүсіркегенді жақтырмайтын, менің бірден «кел, кел...» дегенімнен секемденді ме? Мүмкін... Мүмкін ол... осы қазір ауылға кеп жатқан шығар...— Жәзираның жүрегі лүпілдей соғып қоя берді. — «Жо... жоқ»,— дейді ол сезімін сабырға жеңдіріп»,- хабар-ошарсыз жүрмейді. Әрі жарақат...» Тұңғыш рет келіншек оның мүгедектігін ойына алды. Әйтсе де өз атымен атауға аузы бармады. «Жарақат... иә, жарақат» — деген әлдеқайда жеңіл. Майданға өзім шығарып сап ем-ау. Әлі көз алдымда... Кең төсіне басым қойып, сонда мен қанша тұрдым? Білмейім... Әйтеуір уақыт жүйрік екен ғой. Өтті де кетті. Иә, ол шуақты, қоңыр салқын күздің бір күнінде келеді. Кеше түсімде аян берді: «Жәзирашым»,— деді-ау... Сонда қалай көрісіп едім? Жоқ, әуелі ауыл қарттары көрісті. «Аман ба, айнам... қалқам»,— десті олар күмілжісе іркіліп. Онан әрісі шым-шытырық есімде қалмапты. Мен Наурыз машина баспалдағына шығысымен құстай ұшып барам да, құшақтай алам. Ұят-тағы... Қарттардың көзінше ме? Жо... жоқ, үлкендерден кейін, елдің соңынан, екі қадам жақындап барып тізерлеймін. Өйткені Наурыз етегімнен келеді ғой. Аяқ та, қол да... самаурындай. «Етегін иіскедім-ау»,— деп қорлануы мүмкін. Тізерлей барып көрісем. Сол жөн... Не жөн? Тізерлеген бе? Келемеждеген сияқтанбаймын ба? Жәй... Аптықпай, қарсы жүріп қолын алсам ше? Қолын?.. Қолы жоқ қой...» Жәзираның маңдайынан тер шықты. Қатты қысылды. «Не істейім? Бұл басы ғана. Қонаққа барғанда қайттым? Аузына тамақ салып беріп отырам ба? Оған қорланса ше? Намыстанғандай мұнда тұрған не бар? Бұл жігіт міні емес қой. Соғыс кесапаты. Жо... оқ, ол өйтпейді. Колхоздан бір ат-арба сұраймын. Сонымен қыдыртам. Жексенбі күндері қайықпен көршілес балықшы колхозына апарам. Көрсін, сергісін... Әлі кішкентайлы да болармыз. О да алаңдатар. Күледі, ойнайды. Тек келсінші. Бір жөнін табармын-ау...» Арбаның жақтауын арқасын тіреп, өз ойының әлдиінде отырған Жәзира әлдекімнің манадан бері батылсыздау жеңінен тартқылағанын сезінсе де, мойнын бұра қоймаған. Сөйтсе ол Серік екен; сырмақ қоңыр күртесіне күшігін тұмшалай орап қымтай түседі. Ауық-ауық қабағын кіржитіп:

— Арлан, тыныш... Ішімді тырнама деймін-ей,— дейді.

— Не, Серік?

— Апа, әжеме барғым келеді.

— Бара ғой.

— Мені... мені түсіріп жіберші,— деп ол сыбырлай жасқаншақтап Сәлимаға қарады.

— Кел...

Балым қария алдыңғы арбада болатын. Жәзира оның екі қолынан байқастай ұстап, жерге үлкен еппен түсірді. Мол тігілген күртесінің шалғайына оралып құласа да, қойнындағы күшігі қаңқылдай қыңсыласа да тоқтар емес, етегі жалпылдай, күржіңдеп жүгіріп барады. Пішеншілер рақаттана күліп жатыр.

— Сыртынан қарағанда өзі... намаздыгерде кіші дәретке шыққан молла сияқты-ай. Қараңдаршы... бүгежек теп қайтеді-ай,— деді Сәлима шын таңданған жандай даусын құбылтып.

— О, тұқымың құрғыр, Сәлима...

— Қой, бұ ма, мұнан шығады.

— Бала-шағаның көзінше айтып отырған сөзінің түрін,— десіп қариялар беттерін шымшыласып, делбеші қарттан ұялғансып даурықса, жастар жағы дуылдай күлін жіберді.

Оған қысылып жатқан Серік жоқ. Әне, ол алдыңғы арбаға жетті; тырбаңдап мініп те алды. Күшігі оқыс дауыстап қатты үркіп, есін жиғандай үсті-үстіне шәуілдейді. Әлгінде ғана мұңды, зәбір көргендей жандар осы қазір ойын қызығына берілген сәбидей жайдары. Ертеңгісіндей емес, сұрқай, күзгі далада сыңғырлаған күлкілері ақ шағала үніндей ашық. Қара көзі мөлдірей Жәзира да езу тартып отыр.

14

— Уа, Сәлима! Сәлима!.. Сәлима!..

«Біреу осы терезені соғып тұр ма? Бұл кім? Қақылдап кетпейтінін қарашы... Қап, әдемі бір түс көріп жатыр ем, көрдің бе, ә? Е, сөйтсейші бәсе. Қойды білем... Пай, пай!.. Қаншама кілем, тай-тай мата, мақпал, жібек. Дүкеннің іші қандай? Жарқырап тұр. Ой, ит-ой! Мына Исахмет оңбас! Нәсілі жарымаған ғой бұл. Менің өз дүнием дей ме екен? Жатып кеп саудаласады-ей. Әлгі бір алабажақ, жаман бәтеске бола қабақ шытып, кәдімгі қызыл-кеңірдекке салғанын қайтерсің. Әй, мұндай жыным келмес! «Мемлекеттің, халықтың мүлкі. Саудаласқыш екенсің, базарға бар. Алсаң адам ғұсап ал, алмасаң табаныңды жалтырат бұ жерден дейім». Мен де жынды. Сен тұр мен айтайынның өзі емеспін бе?! Қыңбадым... «Райпотребсоюзде» таныстары боп, ертең көз алартар-ау деп ығу жоқ. Құдайым сақтасын, ақ көңіл, тым аңқаумын ғой. Басқа бір қу болса, мұндайда көріне қалар еді. Түк бүкпентайы жоқтың да қадыры шамалы-ау. Талай сонымнан опық та жедім...

Тоқта... Осы мен қатты кеттім бе? Жо... «алмасаң табаныңды жалтырат» дегенім жоқ. «Алмасаң тайып отыр», — дедім. Е, бәрібір... «Бөденені тасқа ұрсаң да бөдене өледі, таспен ұрсаң да бөдене өледінің» кері екен де.

Құдай-ау, халық дегенің мұнша көп болар ма? Сапырылысып, ығы-жығы. Балым қарияның ұзынтұра баласы, марқұм... әлгі кім еді? Е, Асқар... Асқар! Со да жүр. Өзі бір сүйкімді жан ғой. «Апама»,— деп көгілдірлеу шарқат алды. Киімі көнетоздау, өңі жүдеу. О дүниелік адам қайдан толық, әсем боп көрінсін. Маған таңдана қарайды. Ұмытпасам, үстімде көгілдір жібек, жоқ, шымқай ақ... ақ жібек көйлек. Қолда төрт елі күміс білезік. Қынама бел, күрең қызыл мақпал кәмзелім де бар. Маталарды судырлата өлшеп, дар-дар еткізіп бөліп тастап жатырмын. Қолым-қолыма жұқпайды. Екі көмекшім де қара тер. Жүгіріп жүр. Қасымды қаққан жағымнан табылады. Ақша дегенің тау-теке үйіліп қалған... Алла-ай, мынау қоймады-ау. Терезені сындыра ма, қайтеді, ә?! Кәдімгі бір алмағы бардай-ақ көрдің бе...» Сәлима ақбозданған бөлме ішінде шашы қобырап, ербиіп отыр. Жылы төсекті қимай, не тұрмай сүлесоқ күйде; қабырғадағы аспалы сағат та елеусірей соғады. Шынжыр бауына ілген ескі топса, алқа, бармақ басындай винт, тот басқан кілт салбырап жерге бір елі жақындап-ақ қалыпты.

Сәлима үстіндегі қалың, түйе жүн салған жамылғы көрпені серпіп тастап, орнынан суықтан тыжырына көтерілді. Сағаттың бауын тартып, ұзын, ақ іш көйлегімен тірі аруақтай ербиіп, теңселіп жүр. Киінудің, не осылай далаға шыға жөнелудің жөнін таба алмай сенделетін тәрізді; енді әне, сығыраңдап алакеугім ауыл көшесіне терезеден көз тастап тұр. Ауық-ауық өз-өзінен, естірте, күбірлеп те қояды. «Е, Меруерт пе ең? Ой, тәйірі-aй, соншалық бөрліктіргендей не болды? Қолын сілкілеп ұрсама қайтеді-ей?! Бұ күнгінің келіні де әне, сол... Тәртіпсіздер-ой... Тілімен болса да алдап: «Ала, ұйқыңызды бөліп жібердім білем. Ғафу етіңіз»,— деуді де білмейді». Ол ауызғы бөлмеге беттеді; қазандық жақта киім ілгіштен өзге дәнеңе жоқ-тын. Сонан қолына ілінгені көне көптен қағып-соғылмаған қоңыр пальто болды; әлгіні киіп, сенеге шыққанда ғана кеше Меруертке: «ерте тұрасың ғой. Ерінбесең жол-жөнекей соғып, мені оята кетсең», - дегені есіне түсті.— «Ұят-тағы... Ай, осы ұмытшағым-ай. Қап...» — деп ол іштей қысылып, бірден есігін аша қоймағанына опынып қалды. Әйтсе де сыр білдірмей:

— Ә, Меруерт... Сен бе ең?— деді жайраңдап. Аман ба, жаным...

— Ойпыр-ай, Сәке-ай, ұйқыңыз зор ғой. Құдай сақтасын тура бір сағат соққан шығармын!.. Самбырлап тұрмын өзі... ұят-тағы... әр жағыңызда бүркеніп, «қайнағамыз» жатқан жоқ па? — деп Меруерт жарқылдай күлді.

Қатар жүріп, сыралғы болғансын үлкеннің ағалығы, кішінің інілігі жоқтала бермейді. Бұған Сәлима аса ренжімей, зілсіз зекіп тастады:

— Тек ант атқыр! Қайнағасы несі?! Шығармайтындарың жоқ-ау. Байың келсін майданнан... жоныңнан таспа алдырармын әлі...

— Жонымнан таспа түгіл, жүрегімді суырып алса да келсінші, апа.

Меруерттің ұшқынданған көзі сәл мұнарлана, суи қалды; қою қара қасына дейін түсіріңкірей тартылған қалың, қоңыр орамалының астынан шығып тұрған қара шашын саусағының ұшымен әрірек жасырып қойды.

— Келеді, айнам... келеді.

— Қайдам, апа. Қорқам...

— Қорықпа. Таң алдында ат жетектеп жүргенін түсімде көргем. Және де қандай десейші!.. Бір өңкей қаз мойын сәйгүлік... Келеді... Е, осылай тұрамыз ба? Кірсейші үйге.

— Ойбай, апа, асығыспын. Фермаға барам, сауыншылар күтіп қалған шығар. Сіздер бүгін пішенге жүресіздер ғой.

— Иә, сендерге де қиын. Ерте қамданбасаңдар үлгере алмайтындарың да рас. Суалта көрмеңдер, әйтеуір.

— Тырысып бағамыз ғой, aпa,— деді Меруерт етігінің ұшымен жер шұқи төмен қарап.— Самаурын қойып жатасыз ба, атам мен енемнің дастарқанына барсаңызшы қазір. Бөтен ешкім жоқ. Түсіңізді жорытарсыз. Олар да қуансын.

— Ойбай, сіздікіне барғансын кең отыру керек қой.

— Ә... Жақсы, ендеше мен кеттім. Орта бойлы, ақжарқын, кішіпейіл осы келіншекті көрген жерде бір жадырап қалатынын Сәлима талай рет сезінген, әйтсе де неден солай екенін түсіне алмай дал. Қай кезде есігін ашпасын ол күлімдей төріне шығарады; дастарқанын жаяды. Бес-алты түйір таба нан мен кермек татыған шай берсе де, онысы білінбейді. Еркін сайрандап, жадырап сала бересің. Анау айнала кілем тұтып тастаған Исахметтікі мүлде басқа; обалы не керек, Ыраш елпілдеп-ақ бағады. Буы бұрқыраған қуырдақ, сары май, түйе сүтін қатқан күрең шайды алдына тосып: «ішсейші, апа, жесейші»,— деп жатса да, қайдағы бір зіл еңсеңді басып, қипақ-сипақ етумен боласың; тіпті біртүрлі көзге түсе қоймайтын тор ішінде отырғандайсың, өз-өзіңнен құнысып екі қолың алдыңа сыймайды. «Неге олай? Ғажап... Жоқ мен Меруерттікіне емес, Исахметтікіне соғып, шайды сонан ішейін. Мен үшін дастарқан жаймас... Ертеңгі жайларына ілігем ғой. Әне, көрдің бе?.. «Мен үшін дастарқан жаймас» дейім. Неге арнайы самаурын қоймасқа? - «Ілігем ғой...» Соншалық мен не? Сорлымын ба? Меруерттікіне міндетси кірем, астыма көрпе жайып, жадырай қарсы алмаса қорланғандай болам. Адам деген қызық-ау. Жо... жоқ. Меруерттікіне көңіл бір жабырқау тартып, жалғызсырағанда соғармын. Қазір Исахметтікіне барған жөн». Сәлима ішке кіріп, есігін бекітті. Қазандық жақта бырқырап, қашаннан жуылмай, жиюсыз жатқан ыдыс-аяқтың бетіне газет жаба салды; төсегін де күндегісінше: «кейін тағы қайта салып жүрем бе»,— деп сол күйі қалдырды.

Үйдің мұржаларынан көтерілген көгілдір түтін ауыл көшесінде ұйытқып жүр. Сиырдың мөңіреп, ботаның нәзік боздағаны естіледі. Әне, екі-үш әйел он шақты қой-ешкісін көшемен дүрліктіре айдап барады. Сәлима осы жерде өзінің жалғыздығына шүкірлік еткендей болды. «О, сорлы қарлар! Дірдектеп малын айдан тастап, бала-шағасын тамақтайды. Ата-енесін күтіп, шайлайды. Сонсын ферманың жұмысы... Кешке сүріне құлайды. Ай, қиын-ау... қиын. Кейде жалғызбын дейім. Менікі зеріккендік болмасын...» Ол әлгінде орамалға киім-кешегін бөлек түйіп алған; сонысы тарқатылып кете бергенсін, бір үйдің бұрышына тоқтап қайта орап, байлады. «Бұ кімнің үйі еді. Ә, Кенжештікі ме? Кенжеқыз... Байғұс бала. Өтіп жатқан өмір-ай. Үйін жөндеп кетуге келген екен де. Кенжеқыз үйінде ме? О да сауында жүр ме? Қара жамылып отыра алады деймісің. Тірінің аты тірі ғой. Заман тыныштанса бір жөні болар-ау, күйеуін айтсайшы. Қандай асыл... бала еді. Жақсыны қоя ма, жақсы құдайға да керек. Сәлима бұрылып соңында қалған үйге тағы да бір қора қойды, сыртқы қабырғасы борланған, жатағандау терезелі үй де оған: «иә, солай»,— деп, жүдеп тұрған көрініп кетті.

Сәлима аса діншіл, соқыр сенімнің адамы емес әйтсе де осы қазір ол Кенжеқыз үйінен көзге-көрінердей тіксініп, үркіп қалды. «Маған бірдеңе көрінер, не боп барам?» Мұнан әрі ол үстіндегі плащы қаудырлап балпандай жөнелді; бұрылып артына қараған да жоқ. Исахметтің ашық қақпасынан аула ішіне кірді. Жып-жинақы аула, кең қора, анау жүрген тауықтар өзгеше өмір танытып, Сәлиманы тағы да тәлкектеп, қытық бастады. Жаңағы екпіні бар болғыр үшті-күйде жиі жаутаңдап сырлы, биік қақпаға бір, үйге бір қарай береді.

Ойына Исахметтің: «Аудан орталығынан жылы жер тауып қойдым. Сауда жағы. Әбден күдер үзіп кетіп, Алла ісімізді оңғарса, қолыңа түбі терең, іші ма қазанның құлағын ұстатқалы тұрмыз ғой. «Сыйға сый сыраға бал»,— деген, өзің иман жүзді, жөн білетін жансың. Саған тәптештеп жататын не бар. Кейін бір реті келгенде пейіліңді білдірерсің. Тек тәңіріңді танымай «мынау жаман бақташы кім өзі? Неменеге жұтынады? демесең болар. Жә, тымырайма! Ойнап айтам... Саған күнімді салмасын. Жаман бақташы ма екем? Құдайға шүкір, ел сыйлар азаматпыз әлі. Соғыстың беті түзелді. Тыныштық та орнар. Со кезде ескі, құдай берген құт мекеніме жетем ғой. Әзірше біздікі жан бағу, мынау тар кезеңнен аштық, жалаңаштық көрмей, ауырып-сырқамай, жан қинамай өту ғой, Сәлима»,— дегені оралды, күйлі мол дастарқан басында қымтырылмай, еркін айырғаннан ба, Исахметтің мұнысы күпсінгендік боп көріне көңілге сенім ұялатып тастаған. Ілкіде «алла ісімді оңғарса», «майлы қазанның тұтқасын ұстатқалы тұрма дей түскеніне таңдана жақсылықты жалғыз өзі емес біреулер арқылы «біріге істей ме екен» — деп ұғына алмай, кәдімгідей жатырқай тыңдаса да, оған мән беріп жатпады. Тіпті кім екенін де сұрамады. Керегі не? Онда не тұр? Қазір ойласа Исахметтің ол уағдасы қашпаған қашардың уызы тәрізді буылдыр тірлік. О да әлдекімге сенеді; қайдағы бір жат, түсініксіз істің оңғарылуын тілейді. Үміт етеді. Тіпті сол әңгіменің өзі Сәлимаға емес, алабұртқан өз көңілін басу үшін дауыстай толғанғаны боп жүрмесін. Осы уаққа дейін тәтті армандай малданып келгені алдамшы сағымдай бірте-бірте жоғалып, өзінен бара жатқанын сезінгенде Сәлима қатты өкініп, жылап жібере жаздады. Бұл тілді, долы, әрі өткір әйел болғанымен кей мінезінде әлі де сәбилік көп жан еді: кімді алдаса оны алдасын. Тек мені алдамауы керек еді ғой. Жазығым не? Не істедім Исахметке өшіккендей?» — дейтін тәрізді ол.

Осы сәт аула төріндегі үңірейген кең, қара көлеңке қора түкпірінен тоқ аттың жер тарпып пысқырынғаны естілді. Сәлима аула ортасында қалқиып тұрып қалғанын енді аңдап, қысыла жан-жағына жаутаңдай қарады. Жаңағы бір өкініш, зәбірленгендей көрінген сезім жүзінен білінбейді. Баспалдақты, үлкен көк сырлы есікке күлімдей көз тастады: шамасы қиялында түйе сүтін қатқан күрең шай, түннен қалған, әлі тобарсып кебіп үлгермеген сары бөдене бауырсақ қалықтай жүзіп жүр. Соны ол жейді, терлеп-тепшіп шай ішеді. Алыс жолға пішенге шығардың алдында мұнан артықтың Сәлимаға қажеті жоқ. «Исахмет фермаға кетуі керек-тін. Малды ол бармаса кім өргізеді? Қой... Үйде болмас. Ендеше анау қорадағы ат кімдікі?» Сәлиманы іркілтіп тұрған осы.

Ол тәуекелге бел буды. Есіктің тұтқасынан тартып көрген, іштен ілулі екен, ашылмады. «Әлі төсекте... Шай ішіп жатса есік ашық болар еді. Тұрмапты...» Сәлима қолтығындағы киім-кешегі оралған түйіншегін көтеріңкіреп қойды. Неге екенін кім білсін, енді есіктің жарығына құлағын тосып тұр. Әне, аузы сәл ашылып, көзі бажбиып кетті. Жүзінде үрей аралас таңдану бар. «Ағатай... Оның не? Жібершісі не?» — дейді түсіне алмай өз-өзінен күбірлеп; іле есіктің саңылауына құлағын орамалдан түріп, қайта тақады. Іштегі алыс-жұлысқа түсіне алмай дал. «Ағатайы» несі? — дейді ол таңырқай — Исахметке айта ма? Жібершісі» несі? Тағы сабап, қылғындырып жатпасын? Ой, имансыз-ай, біреудің жап-жас баласын... Тоқта... Не дейді? «Ұят қойы» несі? Міне қызық... Жынданған шығар. «Мына қатын сау болмас».— Сәлима жаман плащы қаудырлап терезеге жетіп барды; көзін қолымен көлегейлей ішке қарады да, бетін шымшылап сырт айналып кетті. Әлдекім мұнысын көріп қалатындай жалтақтай берді. «Ойпыр-ай, мынау масқара ғой. Бақан... Иә, сол. Нақ өзі... Хайуан... Исахметтің досы емес пе еді? Қой, бұ еркек атаулыда пәтуа болмас... О, сорлы қар... бағы ашылмаған Ыраш... Аяқ асты... қорлады-ау».

Сонан бері екі жұмаға жуық өтті. Сәлима осы бір келіссіз көріністі ұмыта алмайды. Маяға арқасын сүйеп, тізе бүккені жаңа ғана, тағы да сол ақбоз таң, үй ішіндегі дүсір, қысылған дауыс құлағында күмбірлеп, көз алдына кеп тұра қалды. Сәлима сыр сақтауға жоқ-тұғын; әйтсе де мұны жан баласына тіс жарып айтпады. Кейінгі кездері ол Ырашты өз туған қызындай көретінін сезіп жүр; әлдеқалай сауыншы әйелдер әңгімелей қалса шыр-шыр ара түсетінді шығарды. Сәл жәбірленсе Ыраштың «апатайлап» жететінін бұрын жек көрсе, қазір соны жоқтап, жарасып кетсе игі еді,— деп, еркінен тыс тілеуін тілеп отырғанын өзінің талай аңдаған. Өңкиген ірі, сүйекті Ырашты қатындар Сәлимаға тартқан десе, ол соған да мәз.

— Апа,— деді біреу күбірлеп.

— А...

Жәзира бетіне үңіле қарап тұр екен. Орамалын мұраның үстін бастыра тартып алыпты; үсті шаң-шаң, көзі ғана жылтырайды.

— Неге көңілсізсіз ? Ауырып жүргеніңіз жоқ па?

— Е, жоғы.

Ол жақтырмағандай шөпті сыбдырлата қозғалақтап қойды. Пішенші қыз-келіншек, бала-шаға, қарттардың әр маяның түбіне қалжырай отырып жатқандарын қызықтайтын тәрізді; екі көзі со жақта. Қабағы түйіліп қалыпты. Дала шаңытып тұр. Шақырайған күннің өзі қызғылт кілегейленіп, лайлы суға батып баратқандай. Жел де жоқ. Өрмекшінің торындай боз кіреуке көтерілмей, не сейілмей қалықтап қалып жатыр; жасыл шөп те опаланғандай ақбозданып көрінді. Жәзира да мұнан әрі ештеңе демей Сәлиманың жанына жайғасты.

— Апа...

— Е, немене?

— Ауданға бір машина бала әкеліпті. Әке-шешелері жоқ көрінеді.

— Олар қайда кетіпті?

— Фашистер өлтіріпті... Екеу-үшеуден бауыр басып алып жатқандар бар көрінеді. Сіз де соның бірін неге алмайсыз? Алданыш, кейін қолқанат болады ғой, - деді Жәзира Сәлиманы еліктіре.

— Е, жаным-ай, мені кім дейсің? Бала бағып не келістірем.

— Оның не қиыны бар, апа?

— Тоқта... Анау не? Аттылы ма?

— Иә, аттылы. Бері бұрылды.

— Аттылы деймісің? Жүрісі қалай?

— Атын сипай қамшылап келеді.

— Е, ендеше тыныштық шығар. Суыт жүрістіден қорқам. Жаманат жүйрік келетін еді да.

Қашаннан Сәлима Жазираның алдында шешенсіп, билік құруға құмар. Көпті көрген көне көздей әр нәрсені жоруға, соған мағына беріп, астарлы сөйлеуге дайын отыратын. Әйтпесе ай даладағы жалғыз аттылыны кім деп біледі; жоқ іздеп аптыққандар аз ба? Әне, бел үстіне шықты, ойға құлап келеді. Иә, Сәлима үшін бәрібір. Тілге тиектікке жараса болған: өзгесін қайтеді. Сыралғы Жәзира оның бұл мінезін біледі; айып етпей, зейін қоя тыңдайтыны сонан. Кейде тіпті: «Суыт жүрістіден қорқам. Жаманат жүйрік келетін еді да»,— дегендей ұтырлы, тауып айтқанына қуанатыны да рас. Қазір ол шынында үркіп, ойланып қалды. Ауылдан шет шыбындықтағы әйел, бала-шағаға осындай жалғыз аттылы хабар жеткізбегенде кім білдіреді; қуаң жүзді, көнетоз күпейке киген, еріндері жарық-жарық, шаң-шаң әйелдер бастарын көгеріп, үміттене қараса, жасыл-күрең мая түбінен бойтасалана кірпік асты сәл көгілдір тартқан, ашық, мөлдір қара көзді қыздар үркектеп шықпайды. Дабыр-дүбір әңгіме де саябыр тапқан; әлсін-әлі естірте дауыстасып қояды:

— Бері... бері бұрылды ғой.

— Кім өзі?

— Кім де болса жақсылық хабаршысы болғай.

— Әмин!..

— Құдайым-ау, мынау Ықсан емес пе?

— Иә, сол.

— Ықсан!..

Үрейлене ұйлығып тұрған пішеншілер аяқ асты күрт қозғалып, қарсы жүрді. Міне Ықсан да атының басы бұлғақтап таяп келеді. Пішеншілер жамырай қауқалақтасып, әп-сәтте оны қоршап та алды. Бірі тізгініне жабыса, енді бірі бар жақсылық, Ықсанның қалай ілтипат білдіруінде тұрғандай жалбақтай төменнен мойнын созысып, жағымпаздана қарайды. Бәрінің де жүзінде үміт пен үрей. «Жақсылық болғай»,— десіп, іштерінен тілеу тілесіп қалғандарын да өздері сезбейді.

Ықсан атынан жеп-жеңіл түсті. Жексен қартпен ғана амандасып қоймай, пішеншілердің бас-басымен қолдасып сәлемдесті. Оның жайдары жүзі төңірегіндегілерді біраз серпілтіп тастады; ауылдың жылылығын осы жерге әкелгендей болды. Сәлима орнынан еріншектене, сылбыр көтерілді. Жәзира маяның түбінде шаншулы қалған айырды алмаққа оңтайланған:

— Қайтесің оны... Кім алар дейсің. Тасташы әрі, деді ол қабағын кіржитіп.

Ердің алдыңғы қасына іліп қойған сумкесінен үш бұрышты хаттарды бұрқырата шығарып Ықсан тарата бастады. Жаңағы ұйлыққан көпшілік сілтідей тынып, аттары аталғанда үкідей ұшып жетіп барады; сәл кешіксе бермейтіндей алғанша асық. Қолдарына тиісімен топтан сытылып, оңашалануға тырысады. Әзірге дауыс ете қойған жан жоқ.

— Жәзира!.. Жәзира, қайдасың? — деді Ықсан дауыстап.

Ол сірә күтпеген; селк ете түсті. Шошына қап, іле бойын жинап алды. Көзі күлімдей қуана ұмтылғанда, тіпті Сәлиманы қағып кете жаздады. Онысын өзі сезетін де емес:

— Мен... мен мұндамын!

— Е, жазған-ай... қайтсын-ау.

— Жалғыздық оңай деймісің,— деп соңынан естіліп қап жатқан мүсіркеу сөзді де елемейді.

— Жәзираш... Кхе... Жәзира саған хат... Кеше келді,— деп Ықсан әр сөзін нықтай сөйлеп.

— Кәне! Наурыздан... Ол Наурыздан ғой.

Жәзира үстіндегі күпейкесінің өңір ілгегі ағытылып кеткенін де аңғарған жоқ. Үш бұрышты, көгілдір хатты келе жұлып әкетті. Жүзі бал-бұл жанып барады. Күстеніп, суықтан қарақошқылдана жарылған қолының әбден ебі қашқан ба; хатты қаудырлата, бірден аша алмай әлек. Көзінің айналасы ақшылдана, екі бетінің ұшы қызғылт тартып келеді. Хат ішіндегі құпиялы, жұмбақ сырды білгенше асық; асау сағыныш сезімі жүрегін лүпіл қақтыра, ұйтқыта түседі. Оқып шыққаннан кейін ғана аңдады; әлі де бірер айсыз жол жүре алмайтынын айта кеп, «көріскенше күн жақсы болсын» деп, хат соңын дағдысынша шолақ түйіпті. Жәзира үшінші рет көз жүгіртіп өтіп, төңірегіндегі абыр-сабыр әйелдерден қымсына сырт айнала, көкірегіне басты; ернін тигізді. Беті шымыр етіп, бой-бойы дуылдап жөнеді. Қолқасына ащы жас тығылып, «аһ» ұра терең күрсінгенде ерні дірілдеп кетті; ол маңдайын сығымдай, мая түбіне кеп қисайды. Қурап сытыр-сытыр сынған дала шөбінің қышқыл иісі сезіліп, тынысын кеңіткендей болды.

«Әлі де бірер ай күт дейді»,— деді Жәзира өз-өзінен күбірлеп.— Сені күтермін-ау, жаным. Тек келші... Мейлі аяғың да, қолың да... мейлі... шүкірлік... Сол жақта мәңгіге қап жатқандар аз ба? Мен қайта бақытты... бақытты әйел екем да! Өйткені, сен барсың! Екі көзің мөлдіреп алдымда отырсаң, онан өзгенің маған керегі не? Тек сен... Сенсің менің арманым. Мен сені түсімде де көрдім. Сондағы күлкің, әзілің қою қара шашыңды кейін қарата серпіп тастап айтқан әнің әлі жадымда... Жо... жоқ, сен бірер ай деме! Кел... Тез кел!. Естимісің, кел!..»

— Бәлі, Жәзира қайда десем мұнда жатсың ғой. Е, не жаңалық бар? — деді Сәлима оның көңілін бөле. Күлімдей, төне қарап тұр.— Сен немене, баламысың? Жылағаның не? Бермен қарашы-ей... Наурыздан ба еді? Аман ба?

— Иә, сонан... Аман...

— Құдай сақтасын, ендеше жаман ырым бастап не көрінді?

— Әлі де бірер ай кідірем депті.

— Ту, балалық-ай. Со ма бар болғаны... Әй, біздерде аналарға қосылсақ қайтеді, ә?! Кәне, сөйтелік. Тұр... сенікі не тасқандық. Өй, бейбақ-ау, соған да адам қабақ шыта ма екен. Қой, әрі... тұр...

Сәлима Жәзираны қолпаштай жаурынынан қағып қойды. Төңірегіне бағдарлай көз тастап, даланың мұнарлана, суыта түскенін аңдап:

— Мына күннің сойы жаман, жаумаса игі еді,— деді. — Тәттіге жиналған шыбындай Ықсанның төңірегіне жастар иіріле қалыпты ғой. Мата-мұта бірдеңе беріп жатпасын. Уа, көтерілсеңші-ей...

Жәзира мен Сәлима жеткен кезде ЬІқсан топтың ортасынан сырт шықты. Жан қалтасынан шылымын алып, тұтата бастады. Сәлима іркіліп қалды; пішеншілер сол күйі топталып тұр. «Бұ не? Бір қызық болды-ау шамасы...» Сәлима кимелеп кеп, көптің үстінен үңілді. Ортада мектеп баласы, әлжуаз қыз Сәуле. Шіңкілдеп хат оқып жатыр:

«Қадірлі апа, қарындас! Сіздердің жіберген шұлық, қолғап сияқты сәлемдемелерің біздің қажыр-қайратымызды өсірді, жанымызды жылатты. Неміс-фашист басқыншыларын талқандауда сіздердің көмегіңіз зор...»

Сәлима өз-өзінен қуыстанып, ығыстай маяға бет алды. Түйе жүн, жаңа екі шұлық бар болып тұрып бермей қалған; оны Жәзира ғана емес, бүкіл ауыл білетіндей қатты қысылды. Ықсанның соңынан ере түсіп: «Сәке дегенін де байқамады. Аяғын ауыр басып кетіп барады

15

Бақан киініп алған; Исахметтің шай ішкенде жауырынына жамылып отыратын, түйе жүнінен тоқыған күртешесін бір иығына іле салыпты. Терезе алдындағы дөңгелек айнаға кербездене қарап, самай шашын сипай тарап тұр. Шұлығын кимеген; арбиған бәшпайлары түкті, қызыл күрең кілем бетінде көңнің арасындағы ақ құрт тәрізді, шалбарының ұзын, кең балағының астынан жыбырлай көрініп қалады. Көзі жылымшы жылтырап далаға самаурын қойып, кіріп-шығып жүрген Ырашта; оның жүзі күйіп сырғақтағанын, тура кеп қалса ду етіп қызарып кететінін аңдап, соны қызықтайды. «Исахмет иттің аузы не деген салымды еді. Тәңірі, маған да осындай беті ашылмағанды бұйыртсашы...» Мұндайда Бақан бойын белгісіз бір ыза билеп, «менде жоқ ойыншық, онда бары қалай»,— деп көршілес үйдегі баланың ағаш құлыншақ, түйесін бұзып, не жата қап жамандайтын баяғы сәбилік, сотқарлық мінезі ұстап кетті. Жас келіншектің жауыға қарағанын да елемей, жанаса бергенінде қолын оның нығыз мықынына жүгіртіп үлгерді. Ыраш сұрлана ыршып түсті; итті көрген мысықтай көзінде ұшқын ойнап, жиырыла қалды. «Мына пәтшағар қайтеді-ей. Бетімді қанжоса тырнап алар ма екен? Сыңайы жаман, онан да жүзі жанбас. Өзіне бірдеңе көрінген шығар. Түнде қойдан жуас, момақан сияқты еді»,— деп ол еріксіз іркілді.

Енді бір айналыста Бақан Ыраштың қарсыласқанына қарамай аш белінен орай құшып, ақ тамаққа тұмсығын көміп-көміп жіберді; балықтай шоршып, тулағанын да елер емес. Ыраш үйдің дөңгеленіп, төңкеріліп бара жатқанын сезінді... Көше жақ беттегі терезе тұсынан салт атты дүсірлей өтті де, іле қақпаның есігі сарт ете қалды. Бақан елеңдей серпілді. Екеуі бірін-бірі жаңа көргендей состиып тұр...

Ыраш шошына шегіншектеп, жаурыны шымылдық пешке барып тірелді; үркектей, ұйпалақтанған шашын, ақ көйлегінің өңір ілгегін епсіз, дірілдей түзетіп жатыр. Екі оттың ортасында аласұрған елік тәрізді; тостағандай екі көзі жаудырап, әлдекімге жалбарынғандай болады. Бақан кейін бұрылды. «Менен қайран жоқ. Тірлігіңді өзің істе» дегендей аяғын кердеңдей басып, төрдегі көрпеге келді. Құс жастықтың бірін қолтығына көпірте тығып, аяғын көсілте тастап жантайды. Басын жерден көтеріп алғанда Ыраш жоқ боп шықты; орнында умаждалған орамал ғана қалыпты. «Пері ме, адам ба? Қайда кетті?..» Ол самарқаулана төңірегіне көз тастады.

Терезеден қиғаш түскен күннің өрмекші жібіндей күміс сәулесі күрең қызыл кілемнің бетіне қонақтаған екен. Кілем түгімен астасып тоқылып жатқандай. Түнде даладай кең көрінген бөлме, есікке тұтқан барқыт, жүкаяқ, болыскей кереует, оның үстіне жиналған таутеке құс төсек, көрпе-жастық, әр жерге ілінген алпыншақ-салпыншақпен мәлміреп, қушиып қалыпты. «Анау бір сырты көк қаңылтыр, дәу сандықты шығарып тастаса талай жер кеңір еді-ау, ә?» — деп ойлады Бақан еріксіз. «Е, оның маған қажеті не?»

Ауызғы үйден екпіндей кірген Исахмет көңілін бөліп жіберді.

— Ә, келдің бе?

Бақан жайдарылана орнынан тұрды. Өз-өзінен түттіге, әлденеге секемдене жеткен қарт құрдасының арсалаңдаған күлкісінен қорланғандай түсі қаша кібіртіктеді; кейін де шығып кете алмай бүгежектей берді. Қолындағы қамшысын есікке қарай лақтырып жіберіп:

— Қатын! Уа, қатын! — деді айқайлап. Үні жарықшақ, дәрменсіз жанның күйігін танытқандай еді; әр жағында «ойбайы» да таяу екені сезілді.— Жер жұтты ма-ей сені!..

Бүйірлі сары самаурынды жеп-жеңіл көтеріп, даладан Ыраш кірді. Аяғын имене басады. Тік жаға, қынама бел, ақ көйлегінің сыртынан кеудеше киген. Қалың қара сукнодан тігілгеннен бе қалай; әлгінің жаурыны күмпиіңкіреп тұр. Еңкейіп жез табаның үстіне самаурын қойып жатқан; білектей, шолақ бұрымы жұмыр иығынан сусын, алдына түсті. Ол шыбыннан желпінгендей, дағдысынша кейін қарай серпіп тастап, бойын жиып алған; енді қол қусырып, күйеуінің әмірін күтіп қалыпты. Исахметке осы көріністің өзі әжуалық, табалау тәрізденді. Қипақтаған тоқалының жүзінен де бір жәдігөйлікті аңдағандай. Таңдайы құрғап, жүрек түбі сыздап қоя берді.

— Неменеге мөлиесің? Мен не, өлді деп пе ең? Әкел шайыңды! Бол! — деді ол булыға.— Мә, ала кет...

Шаңын бұрқырата отырған жерінде етігін шешті де, ұмсына берген әйеліне ұстатпай дүрс-дүрс еткізіп, есікке қарай лақтыра бастады. Жапырайған жаман бөркі де бөдене сияқты жарыса ұшып барады. Түсі қаша Ыраш абдырап тұр. Бақан ғана бұған самарқау. Түк болмағандай қақа төрде, қолтығына қос құс жастықты жұмарлай тығып, көсіле жатыр. Әлсін-әлі аузын кере есінеп қояды.

Ыраш көлеңкедей сырғып, шығып кетті. Құр сүлдері қалған тәрізді; өңі оңған шүберектей құп-қу. Жүріс-тұрысынан дағдылы, үй шаруасына қылап жанның еркінен тыс сергек қимылы сезіледі. Күйеуінің тоз-тоз, әр тұста қарға қанаттанып ербиіп, жапырайып шашылып жатқан киімін іліп әкетіп жүр. Қас пен көздің арасында бәрін де жылан жалағандай жинап та үлгерді. Дастарқанды жайып, шай құйды.

«Кексе, сарқарын қатын болса ғой, осынша жүнжімейді. Жаңбыр жаумай жаураған түрін. Құдай-ай, тірі сүмелек... күйеуінің сиқы анау. Сабаудың астынан шыққан тері тулақтай бірдеңе...» Бақан іштей өз теңеуіне күліп қойды. «Түндегідей өрт құшағына алса қолтық астында көміліп... кхе... хе... өлмей ме. О, тоба...»

Исахмет ұсынған шайды ол күлімдей алды. Дастарқан басының тоң-торысын жазып, жылы рай танытқысы келді ме:

— Сен өзі... Исеке, кейіп отырсың-ау дейім. Е, олай болса кетейін,— деді қарап жатпай.

Бұ да үй иесіне оңай тимеді; сонда да жауап қата қойған жоқ. Тістене түсіп: «күлдің, ә? Саған ойын керек... Шіркін қолыма балта беріп тиістірсе, шімірікпей-ақ тұрар ем. Әттең, заң... заң... Тоқта, кек алғандай өзге құралдың құрығаны ма? Шынында осы мен неменеге кейідім? Қуып шықсам қазір, онан әрі масқара болмаймын ба? Ашу — дұшпан деген рас екен-ау. Қарашы... еркімді біржола билеп алғанын. Аюдай ебедейсіз, тоңмойын итке күлкі болғаным ба? Қой...» Исахмет күйбеңдеп әлдене іздегенсіп жатқан Бақанға көз астынан ұрлана қарап, іле жүзін тайдырып жіберді. Манағыдай емес терезеден күннің шуағы мол төгіліп тұр. Жан қалтасынан жиегін қызыл, көк жіппен шеккен қол орамалын алып, қыртыс-қыртыс маңдайын, қатпар-қатпар қара күрең мойнын ысқылай сүртіп жатыр. Енді оның жанары дастарқандағы Бақанның ішілмеген шайына түсті; әлгінің мөлдіреген бетінде бір жапырақ күн күміс қояндай ойнап жүр. «Ғажап...» — деп ол өз-өзінен күліп жіберді.

Бақан оқыс үнге таңдана қарады. Бір қырын отырған Ыраш та секемдене жалт бұрылды. Исахмет күлімдей:

— Әй, Бақан! О, тұқымың құрғыр! Неменеге аласұрып кеттің. Астыңнан су шықты ма? Су шықса қоян емессің ғой,— деді.

Күлерін де, кейірін де білмей Бақан аң-таң: «Қояны несі? Қайдағы қоян? Қоян кім? Мен бе? Тапқан екенсің қоянды»,— дей жаздады ол табан асты ызаланып. Әйтсе де қарттың әмірлі үніне бағып, орнына қалай жайғасқанын аңдай алмай қалды. «Апыр-ай, мынау қызық болды-ау. Күлгені несі? Әлгінде ғана сезікті, кісі өлтірердей отыр емес пе еді, ә?! Табан асты құбылып кетті. Әй, бәсе тоқалын қайдан біледі деп ем-ау. Ой, осы шолақ ойлылық-ай. Исахметке қатын не, қалпақ не? Қайта қалпағы жоғалса қатты аза тұтатын шығар». Оның көзі де шайдың бетіндегі күн сәулесіне бір сәт аял тапты. «Сопақша... Қанжар сияқты, ә? Баяғыда қолдан соққан осындай бәкім бар-ды. Қанжардан бетер. Тфу... Не ойлап кеттім. Қанжары несі? Жоқ, бұл тегін емес. Исахметтің бір пәлесі... Тоқта, сонда ол неге кейіді-ей? Анау қайыршы көңірсітіп жүрмесін. Қылжақтамай тез айтпай ма? Сұрасам ба?» — деп ойлады ол қобалжып.— Әзілдеген түрін. Мақтамен бауыздауға айналды. Жә, шыдау керек. Әйтеуір бір жөні табылар...»

— Кетейін,— деп жиналғаны несі-ей. Қиратарсың. Әй, қас-қабаққа қарағандай қашаннан қатын боп ең?

— Исеке-ау, екі иығыңды жұлып жеп, жетіп келгенсін қайдан білейін...— Бақан мәймөңкелеп бара жатқан, үй иесі кесіп тастады.

— Жә, «жұлып жеп» дей берме.

— Апыр-ай, Исеке-ай, аса жылы емес еңіз де.

— Е, суық болсам, мұз құрсанған шығармын. Оның не айыбы бар. Жігіттің айбарлылығы жаман ба екен,— деп қарт елеурей түсіп басылды.

Шамадан тыс желігіп, желпілдеп кеткенін өзі де сезінген тәрізді; сөз аяғын жеңіл қалжың, әзілге шаптырды. Онда да сол тиіп-қашып, Бақанды қытықтап бағады:

— Торсықтай тырсиған, шикіөкпе еркектен сақтасын де. Ө, несі-ей, мұқым күбінгені... Аулама көз алартып, қорамды бұзған ұры ма ең? Немене қысыласың? Тұнығымды лайласаң бірсәрі...

— Қой деймін-ей. Құртты-ау мынау.

Бақан өңіреңдей ұмтылып, Исахметтің иығынан қағып қойды. Көмейін көрсете күліп жатыр. Адам сезімінің тығылар қуысы, жасырынар жері көп емес пе? Әркім өзінше білдіртпейді; біреу жорғадай тайпалған әңгімемен, әзіл-қалжыңмен алдантса, енді біреу ән, күй сияқты өнерімен елтітіп аңдатпайды; қандай тұйыққа тірелсе де, сонысымен жол тауып жатады. Бақанда осы екеуінің бірі жоқ; әйтсе де бұнда күлкі бар. Ілкіде онысы тосып көрініп, іркілтетіні де рас. «Осы қалай?» — деп, тіпті ойланып та қаласың. Етжеңді, іркілдек ірі денесі әуелі тербеліп, селкілдеп, онан шалқақтай: «өге-ге-ге-леп» кеткенде, өзің де мас кісідей ыржалақтап отырғаныңды байқамайсың екен. Бәрі де қаз-қалпына кеп, тамағың құрғақсығандай болғанда ойлауың мүмкін. Әрине, ол кез сен де қалжырап бітесің. Және де адам деген зиянды, кесел жәйді ескермесе, күлкіні қайтсын. Шынында күлкі дейтін ел білетін кесапат жоқ та ғой. Исахметті ығыр қылатын Бақанның түртпегі, қолпаштай жиі-жиі жаурынынан қаққаны. Қазір де сол ілесе қыт-қыттай түсіп езуін жиып алғаны да сонан.

— Жоқ-ау,— деді Исахмет жайдарлана ығыстап.

Ыраш әзіл-қалжыңның төркініне жете алмай дал; аяғы насырға шаппағанын тілейді. Бір қырын отырса да аса сақ; оқыс дыбысқа шошына, жаутаңдай қарайды. Манадан әндетіп тұрған бүйірлі сары самаурыны да ығыстап, үркіп қалғандай үн жоқ.

— Қатын, ащыдан не бар?

Исахмет тоқалының жүзіне үңіле бұрылды. Ыраш сығырайған таныс жанардың түбіндегі жылан ызғарды көргендей болды. «Бер жағы жылтырайды. Ар жағы тұңғиық, шыңырау. Қанжар жүзіндей неткен суық еді. Қонақ мұны көңілді деп ойлайды-ау». Ол орнынан серпіле тұрып, есікке бет алды.

— Әй, Бақан... Қатын жоқта айтайын...

«Е, Ырашты қызғанып, сезіктенген екен. Қабағына қан қатып жүргені сол де?! Эһ... Бәсе...» — деп ойлады Бақан.

— Сен итсің...

«Үйіңе шетперті-шетперті астық, шай, қантты сырғытқанымда төрең ем. Тойынайын дегеніңді көрдім».

— Доспын, сыралғы құрбыңмын дейсің. Әлі бір ашылып, жәй-жағдайды түсіндіруді білмейсің. Май-шайға сатылатын қатын көресің. Бұ күнде қатын да мықты...

«Апыр-ай анау имансыз қайықшы сатып кетпесе игі еді? Не қатын, не бала жоқ есалаң неме аузына кішкене арақ тисе оттап қоятын. Ит біле ме? «Өзеннің арғы бетіне өткізген астығың жәйлі біреуге тісіңнен шығарма. Милиция айдап кетеді. Мені ара түседі екен деме, білдің бе?! Өлесің сорлы» — дегенімде аяғыма бас ұрған. Еңіреген. Қой... жаны тәтті-ақ. Айтпас».

— Маған жасап жүргенің — жақсылық. Әрине, сен жалғыз емессің. Соларды мен неге білмеймін. Бақан? Әлде сенбейсіздер ме?

— Оның саған қажеті не? — деді Бақан басын жастықтан көтеріп алып.

— Ойбай-ау...

Даладан Ыраш кірді. Қолында ақбозаң, шыныға құйылған лайлы су. Әкеліп Исахметтің алдына қойды. Мүлгіген самаурынға ағаш көмірін салып, жандандыра бастады. Бозарып, ақ өңездене суып қалған шайларды төгіп, қайта құрып жатыр. Исахмет пен Бақанда үн жоқ. Әлсін-әлі кезектесе жөткірінісіп қояды. Ыраш ілкіде мұны аңдамады ма, күйбеңдеп самаурын түбінде отыра берді. Исахмет кіржіңдей: «бет сүртетін орамалы қайда? Жер жұтты ма?» дегенде ғана еркектердің әңгімелерін бөліп жібергенін сезінді. Әйтсе де бірден тұрып кете алмады; сәл үнсіз төңірегін қарманып қалды да, іле шайдың сүтін ұмытқанын сылтауратып, ауыз үйге шығып кетті. Исахмет тақымының астынан орамалды суырып алды.

— Исеке, ренішің осы ғана ма? Асықпа әлі-ақ білесің? Қиналатындай не бар? Мұның жарасы жеңіл ғой.

— Ай, Бақан-ай... Созбұйдаға салуға-ақ құмар екенсің. Жаным-ау мен де пендемін, тірлігімді білдірейін да. Бұғанасы қатпаған бала емеспін. Сенің де жора-жолдастарыңды білейін, танысайын. «Жақсыдан шапағат деген...

Исахмет желдей есіп, желпініп, қопаңдап қойды. Маңдайының үш қатар әжімі жазыла түсіп, қайта жылғалана, тереңдей қалды; тер ұялағаннан ба, арықтың суындай тарам-тарам ақ сызық қара күрең жүзінде «мен мұндалап жыл-жылт етеді. Күлсе де, қылжаңдаса да жанарында адамды еріксіз тіксінтіп тастайтындай бір өткір, қанжар жүзіндей ызғар бар. Бақанды күрмеп, бүгежектетіп отырған сол.

— Көлеңкелеріңде бұқпантайлап, үндемей келдім. Енді онымның реті көрінбейді. Әрине сіздер болмасаңыз да, кісі басы үш жүз грамм күніге нан-панымды алып та өлмес ем. Құдай көпсінбесін, сен жең ұшынан жалғастырсаң да аузымызды май еттің. Жо... жоқ, Бәке... Мен...

— Ой, Исеке-ай, жоқты айтады екенсің.

— Көзге мақтады деп қысылма. Мақтағаным емес. Разылығымды білдіргенім.

— Жақсы, жеке таныстырам...

Есіктен Ыраш көрінді. Қолында екі қырлы стакан.

— Ой, Исеке-ай, таппайтының жоқ-ау. Самогонды қайдан алып жүрсің?

Бақан әңгіме бағытын кілт бұрып, таңданғанси қалды.

— Анау «Сары ағаштағы» қайықшы... Степанды білесің бе?

— Е, білгенде қандай.

— Сол тамырыңның бергені.

— А... Соның өзі қолы ашық, сері жігіт-ау дейім, ә?

— Е, серілік қайда... оның тақиясына тарлау келер. Ет берсең, май берем. Май берсең шай беремнің адамы ғой.

— Кәне, көтеріп жіберелік. Бісімілла... Піскен астың күйігі жаман дейтін...

Сырт қарағанда самогон шынында да қақтың суы сияқты сұрықсыз-ақ екен. Исахмет те стаканға бетін алмаспен сипағандай ернеулете құйыпты; Бақанға «кәне, қолыңа ал!» — деп дікектеп отыр.

— Қазір...

— Бол енді, Бәке.— Исахмет шыдай алмады, өзі қағып салды.

— Қалай, Исеке? Ашулы ма? Тістемей ме, қалай, ә?

— Жылымшы... Кхе... Аздап жүрек кілкітеді. Әйтпесе, әтірдің жанында ішімдіктің төресі ғой. Әншейін, аузы дәм білместердің шығарып жүргендері да,— «Ішімдік емес» деп. Әтірді былай қойғанда бензенді сілтейтіндер бар көрінеді.

Исахмет сәл тыжырына түсіп, салқын бауырсақтың бірін иіскеп аузына салды; сіңір шайнағандай қаужаңдап жатыр; тісі өтпей ме, қалай, бұлтыңдата екі ұртына кезек жүгіртеді. Бақан да көп тартынбады. Аяқтың түбін көрсете төңкеріп тастады. Өңі күреңітіп жүре берді. Ыраштың ұсынған шайын да тоқтатқан жоқ.

— Тағы бір құйшы... Сүтін аздау қат. Ыстық болсын,— деп ол кекіріп қойды.

— Қаңсытып, дастарқаныңды тым жүдеңкіретіп алғанбысың Ыраш. Ертеңгі шай-суыңа шыж-быжың қайда? Ең әрісі өкпе-бауыр табылатын еді ғой.

— Қойшы. Исеке... Оны кім жейді. Түндегі еттің өзінен сасық кеңірдек боп отырмыз,— деді Бақан қолтығының астындағы құс жастықты жаныштай түсіп. Иығына тұрмай қойған түйе жүн, Исахметтің кеудешесін іргесіне қарай серпіп тастады.

— Сен онан да бермен қара, Исеке.

— Иә... Құлағым сенде.

— Құлағың емес... назарыңды сал маған. «Құлағым» дейді ғой. Құлағы бардай-ақ...

Басы сылқ етіп түсіп кетті. Көзінің де оты сөнген. Мөлие қалыпты. «Мына ит шынымен мас па? Бір стаканға қылжимас... Литрлеп ішетін мес қарын емес пе? Тағы да бір маған істеп отырған қиянпұрыстығы шығар. Жо-жоқ... Мұнысы енді қулық»,— деп ойлады Исахмет. Бақан болса, ол досы ойлағандай сергек емес-тін. Шала ұйқы, әрі түндегі арақ, таңғы сергелдең әбден титықтатқан. Оның үстіне аш өзекке самогон ішкенсін не жорық. Ыраштың үстемелей құйып берген ыстық шайы ғана жан шақырып есін жиғызғандай: «Не дедім? Исахмет осқырынып отыр ғой. Бүлдірдім бе? Қираған дәнеңе көрінбейді. Ыраш та өзінше... сол бір қырын күйі. Қай уақыт? Сәскелік-ау шамасы, ә?..» — деп ойлады ол бойын жиып алып.

— Әй, Бәке, сөзіңді жұтпа! Айт! — деді Исахмет қонағының көз тоқтатқанын аңдап.

«Нe айтпақ ем? Құрымағыр осындайда... Тоқта. Әлгі... анау келіншек. Аты кім еді? Жәзира ма? Иә, иә... Соны көлденең тартайын». Бақан қабағын кіржите, ренішті жанның райын таныта:

— Айт, айт,— деп Исеке, дігерлейсіз. «Сөзіңді жұтпа» деп тe қоясыз. Мұның бәрі орнын тауып жатқан сөз бе? Оу, Исеке-ау, құрбылық наздың да реті, жөні деген жоқ па екен. «Сөзімді жұтқан» жерім кәні? Екі сөзді, алаяққа ғана сөйдемей ме? Сіз мені тірілей отқа қақтап алып, хал-ахуалымды сұрап отырғандайсыз. Сезесіз бе? Жә, мен шалыс басқан аяқты санамай-ақ қояйын. Ол дұшпан ісі. Әрине, сіз уағадаңызды...

Бақан Ырашқа бір, Исахметке бір қарап мүдірді.

— Е, айта бер... Ыраш, ас салсаңшы,— деді Исахмет оның кеткенін тәуір көріп.

— Қажеті не? Мен шайдан соң жүрем. Мазаланба, Ыраш. Исекең бұ жолы уағдалы «ісегін» алдыма өңгертер деп ем. Қайдам?.. Ұмытып та кеткен бе, қалай?

— Ә... Жөн... жөн. Айтпағыңды түсіндім. Өге... ге... ге...— Бақан көмейін көрсете, шалқақтай күлді. Күлкісінде дарқандық та, дарақылық та мол; заты осындай күлкі қуыс кеудеден шығатын тәрізді.

— Ассалаумағалейкүм!

Фуражкасын қолына алып, тұрқы аласа есіктен имене еңкейіп кіріп келе жатқан Ықсан көрінді. Қамшысын етігінің қонышына тығып қойыпты; жұқа жүдеу өңі қуаң. Ұялы қара көзінде таңырқау белгісі бар.

— Ә, інішегім...

— ЬІқсан, хош келдің! Төрлет,— деп Исахмет Бақанды кимелей құрақ ұшты.

— Отыр... Ертеңгі дәм — ырзық. Аттап кетуге болмайды. Исеке, әлгі «Ықсан, Ықсан» деп аузыңыздан тастамайтын ініңіз осы жігіт екен ғой. Дұрыс!.. Ал, Ықсан, айтулы Ықсан, танысып қоялық. Мен де Исекең сияқты бір ағаң. Ауданнанмын. Сол партия мен үкіметіміздің шақыруына үн қосып, тырбынып жатамыз. Бәрі де жауды талқандап, еліміздің күш-қуатын арттыра беру қамы үшін ғой. Ауылдарыңа дәм бұйырып кеп қалдым. Бізге қарама, ана нан, майдан ал. Ыраш, шай құйдың ба?

Бақан бұл үйге өзінің бөтен еместігін сездіре түскісі келді ме, Исахметтің көзінше дастарқан басын билеп-төстей берді. Колхоздың қора-қопсысы, пішені де оны алаңдатып мазалайды екен. Әйтеуір малдың биыл қоңдылығы, жердің шүйгіндігіне шүкірлік етеді. Және де бұл колхозға мынау Ықсан, Исахмет сияқты тірліктің жөн-жосығын білетін еркек кіндіктің жүруінің өзі бақыт боп шықты. Кемпір-шал, бала-шағаға, қатын-қалашқа қарап қалған ауыл аз ба.

— Сендерді, біле білсеңдер, бұл колхоз алақанында аялауы керек,— деп Бақан бір-ақ тоқтады.

— Біз сол қатын-қалаштан төмен боп жүрмейік. Қайта оларды біз аялайық.

— Иә, Ықаш дұрыс айтады. Анау Меруерт, Балекеңнің, Жәзиралардың өздері не тұрады,— деді Исахмет іле қоштап.— Ықаш-ау, ішсейші... Ас салсын Ыраш...

— Рақмет, Исеке. Мен жол-жөнекей кіріп едім. Қонақ барын білмедім. Ғафу етерсіздер.

— Қой, о не дегенің. Жақсы келдің. Бұл Бәкең... Бақан ағаң. Өзің сияқты тентек ауылдың жігіті. Руы адай. «Танысаң адаймын, танымасаң құдайыңмын!» — деп жүрген дөйіңнің бірі.

— Әй, Исеке?.. Қан, мынау құртты-ау, ә?

— Нағыз адай дегенің осы. Натуральды түрі. Кескінді... кескінді қарасайшы... Мен мұндалап тұрған жоқ па, ә?

— Исеке...— Бақан басын шайқап қысылған болды.

— Бұл ағайың да, аға бола біледі. Білек те, білім де бір басында. Ықашжан, сенің де төңірегің ағайын-тумадан тұнып тұрғаны шамалы ғой. Мынау палуан ағаңа арқаңды қаймықпай-ақ тіре. Қайысар-ау деп қорықпа. Анау Сібірдің бәйтерегіндей сала-құлаш бел үзілгенше талайдың өлгені де...

— Ойпыр-ой, Исеке-ай, мені сонша мақтап...

— Жә, тиыш отыр. Мақтасам досыңа, адайдың өзіңдей саяқ жүрген, маңдайы кере қарыс азаматына мақтайым да. Өтірік пе?

— Е, дұрыс қой. Тек...

— Мен қазақтың «тек-мегін» білмейім. Ықашжан, мұнымды мастықтан деп ойлама. Адал көңілім. Бәкең... Бұл Бәкең дос жолында үстіндегі көйлегін шешіп беріп, жүре беретін ер. Аулыма, еліме болсын дейтін азамат. Оның адайлығын қойшы... Сен де адайсың... Мен жаппас, анау Ыраш болса... кім еді?

Исахметтің басы төмен түсіп кетті. Қушиған, екі елі маңдайын сығымдай ұстап, ойланып қалды; қапелімде есіне түсіре алмасын білді ме:

— Әй, қатын, сендер осы кімсіңдер? — деді.

— Есентемір.

— Ә, е..: Есентемір ешкі бастар осылар. Жә, руда тұрған дәнеңе жоқ. Әңгіме азаматтықта ғой. Мен тіпті, құдайға біт... Оллайы шыным, Ықсанжан. Бөтен бе мұным, айтыңдаршы,—деді Исахмет моншақтай көзі жылт-жылт етіп. Өзінде арақтың да желі мол еді.

— Дұрыс, Исеке. Танысқаныма мен де қуаныштымын. Жаңа пішеншілерді шығарып салып, малды анау «Қызыл жыңғылға» бағыттап жібергем. Соны сізге айта кеткелі бұрылдым. Тағы да бір шаруаны өзіңізбен ақылдасу керек боп тұр,— деп ЬІқсан асығыстығын сездіре орнынан көтеріліп, фуражкасын түзетті.— Жақсы, Бәке... Әзірге, сау болыңыз.

— Мен де інілі болғаныма разымын.

Бақан болмашы езу тартты, бас изеді. Қолын созылып берді де, сол көлбей жатқан күйі қалды. Исахмет қалбалақтап жүр.

— Бәкең біздің тамаша адам ғой.

Мұнысын үйдегі Бақанға естірте айтып Исахмет Ықсанға ілесе шықты. Шолақ пальтосын жаурынына жамылыпты. Күн шағырмақ, шуақты екен. Кең ауланың ішінде қаз-үйрек, тауық қаптап жүр. «Күйсіз емессің-ау, Исеке, ә?» — дегісі кеп кетті Ықсанның, әйтсе де онысын айтпады; әлде қай жағынан шығам дейтін тәрізді. Әрі жаман, мес қарын мәстегі оқыранып көңілін бөліп те жіберген. Төңірегіне күн сап қарап алып, Исахмет ЬІқсанға күлімдей бұрылды:

— ЬІқаш, ақыры отырмадың. Құдай айдап ағаңа келгенің осы. Астыңа мінгізген атымдай көр. Мынадай қиын кез болмаса, оны да істер ем. Амал не... Иығыңа ілші...

Исахмет шолақ пальтосын Ықсанға ұстата салды.

Жігіттің жүзі күреңітіп жүре берді; көзі жыпылықтай абдырап қалды.

— Исеке, ниетіңіздің өзіне разымын. Мені қинамаңыз. Өтінем. Құдай ақы.

— Ықаш-ау...

— Ел жұпыны жүргенде менің алатайдай сәнқойлануым ыңғайсыз тіпті. Жеңіс күні де жақын. Жігіттер оралсын. Со кезде, Исеке, өзім кеп сұраусыз киіп кетем,— деп Ықсан қарттың қарсылығына қарамай пальтосын қайтарды.— Шаруа мынау, Исеке... МТС-тың жанынан курс ашылмақ. Үш-төрт жасты соған жібермек едік та. Олардың орнын басатын аздап та болса, машинадан хабары бар адам керек. Ыраштың мектепте жүргенде, еті тірлігінен үйренгенін білеміз...

— Тағы да Ыраш де?

— Иә...

— Жақсы. Айтайын, Ықаш. «Шық» дермін.

— Ендеше рақмет. Шаруам осы. Пішенге машина керек-ақ...

— Жарайды... Ертең барар.

— Рақмет, Исеке.

Ықсан атын ауланың есігінен жетектей шығып, ауыздығын көшеде салды. Жеп-жеңіл ырғып мініп, тізгінін қолына алған:

— Тоқташы,— деп, Исахмет аяғын қалтаңдай басып жақын келді. Аттың жалынан ұстады: үркектегеніне қарамай мойнынан қағып-қағып қойды.— Мен бүгін ауданға жүргелі отырмын. Малды Ырашқа тапсырам. Сен іздеп, ренжімесең...

— Е, мақұл... Барыңыз. Ауырып жүрсеңіз қайтесіз енді.

— Иә, аурудың алдын алмаса асқынатын сияқты, — деді Исахмет екіұдай езу тартып.

Қарттың көзі күлмеді; сұп-суық қалпы қатып қалды. Бетінің жапырақ тамырындай әжімдері жыбыр-жыбыр етіп, жиырылып қайта жазылды. Ықсан «осы кісінің өзі қалай-ей»,— дегендей тіксініп, әлденеден түршіккендей болды. Әйтсе де ол неге секемденгенін, үрейленгенін ойлаған да жоқ; оған мән де бермеді. Атының басын самарқаулана бұрып, тебініп жүріп кетті.

16

Ақ күшік басын қисайта қарап, есіктің алдында ұзақ отырды. Бетінде қарала дағы бар айды бірінші рет көргеннен бе, онан көз алмайды. Әлдеқайдан «маңқ» етіп бір ит үргендей болған, күшік те соған ілесе шіңкілдей жөнелді. Ұзақ үрді. Қоймай кеп үрді. Селдір бұлттың арасына кіріп кетсе, құлағын селтитіп, шығуын күтіп дыбыстамайды. Біртүрлі таңдана қарайды. Көрінді болды үсті-үстіне шабалақтап, тіпті орнынан көтеріледі.

Киіз үйдің сыртындағы ірдуан арбаның ығында отырған Серік орнынан баяу, шұбатыла тұрды. Күшіктің жанына келді. Ырылдап, айбат шеккенін елең қылмай, құлақ түбін сипап:

— Ой, ақмақ... Айға қарап үргені несі-ай,— деді ол, кәдімгі бір үлкен адамдай әр сөзін сабырлы салмақтап. Өзінің ақ күшіктен гөрі есті, ой тоқтатары бар кісі екендігін сездірді.

Күшік үре түсіп, ыңырси Серіктің бетін жалап алғалы тұмсығын созып-созып қойды. Баланың қашқақтап, жүзін аулақ тартқанына қарайтын емес. Ойнақтай, айнала секіріп жүр. Серік орнынан тұрғалы оқталса, күшік онан әрі есіріп, түп етегіне жармасады. Тымық, салқын ауада үні де ашық; шаңқ-шаңқ етіп, жаңғырыға естіледі.

— Арлан, тыныш... Тыныш, жат дейім. Саған беретін менің енді наным жоқ.

Ақ күшік жұдырықтай басын көтеріп, құйрығын бұлғақтатып тұр. «Ә, бала, солай ма»,— дегендей басын қисайта, еліктіре қарайды.

— Арлан, сен неге түсінбейсің, ә?.. Қазір соғыс. Нан аз. Менің де жегім келеді... Фашистерді жеңеміз. Әскерден ағалар келеді. Сонсын нан да, мәнпаси де көп-көп болады. Қарыннан әжем қаймақ құйып, ыстық бауырсақ береді. Турап жейміз ғой бәлем...

Айдың мол жарығы сәбидің арманды жанарында ойнап өтті. Терең күрсініп, үстіндегі күртесінің шалғайын жинап алды; аяғына сүйкеніп, мұп-мұздай тұмсығын балтырына тигізбек болған күшіктің жонынан сипап отыр. Көзі қара көлеңкеленген қостың алдындағы тостағандай дөңгелек ойпатта. Бұ жерге пішеншілер жақында ғана кеп қоныс тепкен; жер жылдағыдан биыл тәуір, шүйгін, әйтсе де правда ілінгендей шабындық ойдым-ойдым. Көбіне пішеншілердің көшпенділігі де сонан; қырлықтан сырғи-сырғи, қазір үлкен, арнасы кең, ағысты өзенге тіреліп, тоқтаған тәрізді. Ауылдан бұрын-соңды осынша ұзаққа шықпағаннан ба, Серікке арада талай жыл өткендей көрінді. Сәби жүрегі елжірей ауылды сағынса да, әжесіне онысын сездірген жоқ. Шөпті маялап, не шөмеле салмаса да ол өгізді, атты суғарып келуге жарап жүр. Ойпатты ернеулей қонған үш, бес қанатты боз үй; анау төңірегінде қоқырсып жатқан шалғы, айыр, арба жүні жұлынған тауықтың қанатындай тістері арсиған көлік-орақ екінді әлетінде, қосқа қайтқанда «мен мұндалап» алыстан шақырып тұрғанын көрудің өзін Серік өскендіктің, жігіт болғандықтың белгісі деп іштей масаттанады. Ондайда сағыныш та, нанның аздығы да ұмытылып, көз алдына aқ күшігі, күлімдеген әжесі «құлыным» деп тұра қалады.

Ортадағы үйден пішеншілердің жамырай күлгені естілді. Серіктің ойы бөлініп кетті. Осы сәт бергі шеттегі киіз үйден ағараңдап біреу шықты. Ол жан-жағына қарап сәл аялдады да, ірдуан арбаға беттеді. Жақын келгенде ғана таныды — күпейке киіп, ақ орамал тартқан Жәзира екен. Аяғында керзі етік, қорқ-қорқ сүйрете басады.

— Серік?.. Серікпісің? — деді ол таңдана.

— Иә.

— Жападан-жалғыз кіммен сөйлесіп отырсың?

— Жалғыз емеспін. Арлан екеумізбіз.

— Арлан?

— Иә. Арлан.

— А... Ақ күшік пе? Құдайым-ай,— деп Жәзирасы қылықтай күліп, оның жанына кеп жайғасты. Күшіктің шіңкілдей үргеніне де, Серіктің томсырая қитықтанып қалғанын да елемеді.

— Арлан, тыныш жат! Бұ апа ғой,— десе де Серік, күшік қоймады. Алдына көтеріп алған; иегін, бетін жалап, еркелей қыңсылап, тыныштанды.

— Туф... ф, не істейсің, Серік. Қолы-басыңды арамдап бітті ғой.

Жәзира мұны жиіркене айтса да, сырт айналмады. Күшіктің әлі де сол басылмай ауық-ауық ырылдап, айбат шеккеніне таң.

— Өзі тіпті батыл, ә? Қалай-қалай үреді. Арлан... Арлан, айт, айтақ! — деді жадырай. Еркелете басынан сипап, «күшім-күшім» деп те қойды.

— Қолыңызды арамдадыңыз ғой, aпa.

Серік қулана күлді. Жәзира мүдіріп қалып барып, сөз астарын түсінді ме, езу тарта:

— Ой күшік-ай,— деді.

— Е, сендер мында екенсіңдер ғой. Баяғы күшік та...

Қараңдап біреудің кеп қалғанын Серік те, Жәзира да аңдамады. Екеуі де шошына жалт бұрылды. Балым қария екенін білгенсін ғана:

— А... Апа, сіз бе еңіз,— деп Жәзира үн қатты.— Келіңіз. Мына жерге отырыңыз. Шөп бар.

— Сызды, салқын емес пе?

— Жо...оқ, жақсы. Оу, Серік, сен қайда күбіндің?

— Қосқа... Тоңдым, әже...

— Е, ендеше неғып отырсың? Тағы да тымауратпақпысың?! Жөнел тез.

Серік күйбеңдеп, орнынан әзер тұрды. Күртесінің етегіне екі-үш сүрініп қолынан күшігін түсіріп те алған; оның қыңсылап қалғанына да қарамады. Үстін қағынып, ортадағы түндігінен май шамның манаураған жарығы көрінген үйге бет түзеді. Күшік шыр айнала секіріп, аяғына оратыла ойнап барады. «Құлыным... Кішкентай қанатым. Асқар жаным сенің осы күйіңді, сағынышыңды сезбей ерте... қыршын кетті-ау, қайтейін»,— деп Балым қария егіле, іштей езіліп қалды. Ірдуан арбаның арбиған дөңгелегіне арқасын беріп, иықтаса отырған Жәзира да үнсіз; көз астынан қария жүзіне бағдарлай, ұрлана қарап қояды. Бойын белгісіз бір сезім билеп, әлденеден өлердей қысылады. Ешкім онымды аңдамаса, білмесе екен дейді. Қарадан-қарап екі беті дуылдап, өрттей жанып бара жатқандай болған: іле жүрегі лүпілдей, манағыдай емес, бойы тоңазып, беймаза күйге түсті. Қатты үркіп отыр. «Мұның бәрі неден? Не болды маған?»

— Жәзираш, неден қорықтың?— деді Балым қария келіншек жүзіне таңдана қарап.

— Жәй... Бойым тоңазыды ма, қалай?!.

— А... Қара күз ғой. Дегенмен күн жылы.

— Иә. Жақсы,— дей салды Жәзира. «Мен салқын алып, ауыра бастаған шығармын?..»

Қостың күншығыс бетінен жылқының кісінегені естілді. Үріккен ат тұяғының дүсірі, алыстағы ауыл итінің шәуілдей үргені де құлаққа шалынды. Ақ шарбы құс жолы да сәл төмендеп, төніңкіреп тұр. Шашырап жатқан сансыз жұлдыз да жақындай түскендей; жымың-жымың етеді. Боз жусан мен бүргем, сызды жер иісі де төңіректі маужыратып барады. Ауада өзгеше бір үн, тыныштық үні бар.

— Түн қандай әсем. Мен көктем түнін сүюші ем. Соңғы жылдары күз түнін бөлекше көрем. Ө, несі, Жәзираш? Қартайғандікі ме екен деп те ойлаймын. Адам табиғатына жақын. Сонан шығар,— деді Балым ойлана.

— Білмейім, апа... Маған... Осы қазір... айтсам күлерсіз-ау.

— Е, айт... Сезімнің ерсілігі бола ма.

— Жерге түскен ай сәулесі тұнып тұрған майда үн, әуен сияқтанады маған, апа,— деді Жәзира баяу, біртүрлі қысыла сыбырлағандай. Балым қария таңдана қарады да, жүзін іле бұрып әкетті. Ойланып қалған тәрізді.

Тізесін құшақтап, жаурынын арба дөңгелегіне бере отырған Жәзира мұнан әрі қария көңілін бөлмеді, өз ойымен боп кетті: «Ие, солай, апа... Ай сәулесінен мен бір әсем үн, күй әуенін естігендеймін. Тыңдаңызшы, ә? Төгіліп тұрған жоқ па? Қандай жеңіл, ырғақты майда қоңыр саз? Анау көрінетін төбе үлкен домбыраның тиегі де, мынау боз жусан, ойпаттағы қырық буын, қара өлең тербеле сыбдырласа соның шегі, пернесі емес пе екен? Әйтпесе осынша сыңғырлаған күмістей бұлақ сылдыры, ғажап үн қайдан шығады? Күлесіз ғой, апа. Жо... жоқ, бір сәт өзіңіз тыңдап көріңізші. Әне, түйе үзілте боздап тұр. Естимісіз... Құдай-ау, мынау не? Шопан иті ғой. Әупілдей ме, қалай? Айтыңызшы, ай жарығындағы хош иісті далада осы дыбыстың қайсысы оғаш, бөлек. Бірін-бірі бұза ма? Жоқ, апа! Ай сәулесі — әуен. Ай сәулесі — күй. Ай сәулесі — жастық. Қартайғандікі деме, апа, сізді күзді сүйгізіп отырған да айдың әсем сазы...»

Жәзира осы бір ой иірімінен тұншыққандай да еді, біртүрлі өз-өзінен алқына іркілді; сәл демін басқансын ғана бойын жиып манағыдан гөрі жеңілденгендей болды. Әйтсе де әлдеқандай сезімнен арыла алмады. Балым қарияға ұрлана көз тастаған, ол сол күйі тапжылмағандай екен. Енді Жәзира айтылмаған өз ойынан қысылды. «Ай сәулесі тұнып тұрған майда үн дедім-ау. Ұят-ай... О не сезім? Бұ жерде ай сеулесінің қатысы не? Ол «күзді жақсы көретінім қартайғандығымнан шығар» — деді. Мен кеп айды қойып қалдым. Ең болмаса, «жоқ, апа, қартайғандікі емес, сізге күзді сүйгізіп отырған да айдың әсем сазы» десемші. Ол әуені несі деп қалса ше? Қой, өйдемегенім дұрыс. Мүмкін түсінер, кім біледі».

— Рас айтасың, Жәзираш. Осы жасқа келгенше айлы түнді неге сүйетінімді ойлаған емен. Әйтеуір өзіммен-өзім боп, тынышты бір тіршілікке бөленгендей жеңілденіп қалатынмын. Иә... Ғажап. Тұрған бойың әсемдік-ау, сенің, жаным,— деді Балым қария жас келіншектің қысылғанына қарамай қамқорлай құшақтап.— Кәне, ендеше үнсіз ай әуенін тыңдайықшы, Жәзираш.

— Ай әуенін дедіңіз бе?

— Иә... Дыбыс бар жерде әуен жүрмей ме, Жәзираш?

— Әрине... қызық,— деді ол күлімдей. Ізінше елеңдеп қалды.— Біреу сыңсып жылайды ғой.

— Ә, бұл ағаш қарауылы болатын жігіттің әйелі. Кеше... қағаз алған...

Бұ соғыс бітер болмады-ау, апа.

— Иә, шаршатып тұр.

Мұнан әрі екеуі тағы да үнсіз, ой үстінде отырып қалды. Күйікті әйел даусы да әлсірей барып басылды; төңірек қайта маужырап, ұйықтап кеткендей еді, кенет сықылықтай күлген шат, ерке үн арбаның ығындағылардың ту сыртынан кеп шықты. Әлдене демек боп, аузын аша берген Жәзира да сөзін жұтып қойды. Таңдана Балым қарияға бұрылған; о да ұшқалы отырған үкідей екен. Көзі жапалақ-жапалақ етеді, шағын денесі бір уыс боп, жиырылып алыпты. «Тырп етпе» деп ым қағады. Сәл тамағыңды кенесең талып қалардай. Сытыр-сытыр шөптің аяқ асты жаншылып сынғаны естілді, міне енді арбаның жанынан екі көлеңке өтіп барады. Тоқтады.

— Сәулеш...

— Мен «Сәулеш» емеспін ғой, Қожан, Сәулемін... Тартшы деймін қолыңды.

— Сәуле...

— Ие.

— Ертең де кездесейік та, е?

— Ертең ауылға қайтамыз.

— Онда,— деді бала жігіт күмілжи. Тамағын әлсін-әлі кенейді.— Ауылда... анау өзен жағасына шықсайшы, ә?

— О, жақтағы үйлердің иті көп. Мен иттерден өлердей қорқам.

— Ендеше ескі монша жақта кездесейік, ә?

— Қожан, сен қызықсың... Ылғи «кездесейік, е?» дей бересің. Өзің үндемейсің... Менің кеткім кеп тұр. Адамдар жатып қалса ұят қой.

— Сәуле, тоқташы. Қайда асығасың.

— Жіберші қолымды. Ұстамай тұруға болады ғой.

— Сәуле... Келістік пе ә?

— Көрерміз... Қолымды ауырттың дейім, Қожан...

Бозбаланың түсініксіз, сабырсыз үні, ебедейсіз сүйгені, қыздың ентіге сытылып шығып, киіз үйге қарай жүгіріп бара жатқаны естіледі. Жігіт те ұмтыла беріп, іркілген; сәл аялдап, солай бет алды. Өзіне қанат біткендей аяғын билей басады. Өң мен түстей әлдебір өткінші өмір, әлдебір сыр куәсі боп арба түбіндегі екі жан да үстерін қағынып, орындарынан көтерілді.

Ай сәулесі тұнып тұрған, шымырлаған майда дыбыс, толқып кете береді; ол кейде көктемгі бұлақ сылдырындай ашық болса, енді бірде сүйгенін ойлап ояу жатқан қыздың тынысындай бірқалыпты, ыстық лүпілді сездіреді. Ғаламат әуен. Осы қазір сол ай әуені түн ортасы ауа қоңыр салқынға ауысып, пішеншілер қосының үстінде жылылық іздеп, жосып жүр.

17

Исахмет үйге бірден кірмеді. Ықсанды көзімен ұзатып сап, қора-қопсысын аралап жүріп алды. Қызыл шыбықтап тоқылған түйе бойы шетен шарбақты әрі-бері ырғап көріп, түбін аяғымен теуіп-теуіп қойды. Күн ертеңгісін шағырмақ, шуақты еді; сәскелік алабұлттанып тұр. Әйтсе де жылы. Ызғарсыз. Исахмет бүйірін таянып, жылан жалағандай тап-таза аула ішін қарап өтті. Үйге жапсарлас, есігі абажадай үлкен қораның алдында, әрнені шұқып жүрген тауықтарды жақтырмай түксие қалды. «Ыраш»,— деп айқайламақ боп ыңғайланды да, үйде қонақтың бары есіне түсіп іркілді. «Пішенге саңғып пәле қылар-ау. Қаздар қайда? Олар қораның тіпті ішінде шығар. Осыларды самауырын қоймас бұрын көшеге қуып тастамай ма?!» Исахмет сөйлене жүріп, соны өзі істеді. Қораның түкпіріндегі өткен қыстан қалған он шөмеледей шөпті күрт-күрт жеп тұрған Бақанның атын көргенде ол жынданып кете жаздады. «Ойбай-ау, мынау қайтеді-ай, ә? Ұсақ жандықтан аяп, сары майдай сақтап жүргенде әбден құртты-ау. Өй, әкеңді... Түнімен тұрды-ау, ә?» Атты жұлқылай жетектеп қорадан шығарды. Жалтыраған темір табаны жоғары қарата төңкерулі жатқан, жайдақ шананың белдеуіне әкеп байлады. «Екі шөмеледейін жеді әрине. Тамағыңа тас болғыр. Малдан пішен қымбат кезде біле тұра қаскүнемдігін айтамын-ау. Қой... Екі шөмеле жемес. Бір жарымдайын құртты». Исахмет қораның есігін жауып, сүйменмен сыртынан тіреп тастады.

— Уа, Исеке, қайда жүрсің? Мені аттандырмайсың ба? — деген Бақанның даусы естілді.

— Мындамын.

— Қораға кіріп кеткенбісің, Исеке?

— Келсейші бері... Қайда асығасың? Тамақ жеп жүрмеймісің? Ырашқа ас салдырайын,— деді Исахмет аула ортасына қарай шығып.

Бақанның басында жапырайған қалпақ, үстінде сары плащ. Қамыт аяғын сүйрете, талтаңдай қарттың жанына келді. Мұнарланып, ала көлеңкеленген аспанға қарап қойды. Аузын кере есінеп, қамшысымен етігінің қонышын сабалап тұр.

— Әй, Бақан, естимісің? Қайда асықтың-ей? — деді қарт сұрағын қайталап.

— Қас қараймай соғатын жерлерім бар еді, Исеке.

— Ым...— Қарт сәл ойланып қалды. Жалт етіп Бақан жүзіне ұрлана көз тастады. Іле қабағын кіржитті.— Тағы да мен білмейтін құпия да?

Бақан жүзін тайдырып алды; езу тартқан болды. Екіұдай иығын қомдады. Кекетінді сұрақ екенін, тереңінде өкшесі де жоқ еместігін сезсе де, сыр бермей қамшысымен қонышын әдеттегісінен гөрі жиі сабалай түсті.

— Жарайды... олай болса жолыңды бөгемейін.

Исахмет қораға қарай тізбектеле келе жатқан тауықтарды қақпаға бағыттап, қуып тастады. Жерден ұсақ тас алып, соңынан лақтырып тұр.

— Исеке...

— Иә, құлағым сенде,— деді ол бұрылып. Қолын қағып, Бақанға қарады. Оның жауабын тоспастан тағы да, өзі сөйлеп кетті.— Әй, мен де адаммын. Сен көрген бейнетті мен неге көрмейім. Бірге қиналып, бірге жол іздеп, төңірек қарманбаймын. Алғанды ғана біліп, өзінен еш қайыр жоқ бейшара боп отырғым келмейді. Мұнан былай арамызда көлеңке, кіреуке тұрмасын десең, серпіл, ашыл, айт. Өлтірсең де айтып білдіріп өлтірсейші. Түлкі бұлаңға алмасайшы, бәтір-ау...

— Исеке, сіз әлденеден қауіп ететін сияқтысыз?

— Қайдағыны соқпашы...

— Қорықпаңыз. Сізге дәнеңе жұқпайды. Сынаптай әлі-ақ сырғып кетесің. Баяғыда... бай баласы деп ізіңді аңдып, тығырықтап жүргенде де ұстатпай, талайды жер соқтырғансың. Сонан кейін жым-жылас жоғалып, жыл жарым өткенде милиция боп келгеніңді де білеміз. Талайды зар қақсатқансың. Жалған арызбен де нақақ күйдіргенің аз ба еді? Енді ел тынышта үрке қалыпсың...

— Әй, сандалма... Кім айтты мені үрікті деп?

— Үрікпесең менің жолдастарымның саған керегі не? Солардың бірі өзіңсің ғой. Жә, қипақтама.

— Арлан алжасса, күшігін қабады деуші еді. Шаршаған екенсің, Бақан.

— Оттама... Мен өзгені білмесем де сені... сенің көмейіңді сезбейді деймісің. Әлденені бықсытпақсың ғой. Байқа, қиып жіберермін.

— Бақан, сенімен бет жыртысқан жерім жоқ. Ащы етіңе тұщы таяқ тимесін деп сырт қоқай, қорғаның болуға тырысқаннан бөтен немді көрдің?.. Мен үкімет берген билікті теріс пайдаланып, талайдың қанын арқалап жүрген екем. Оны да сен айтып отырсың. Өзің кеп ұрындың, Бақан,— деді Исахмет теке сақалы шошаңдап. Көзі ақшаң-ақшаң етеді.— Мен де өзіңдей совет азаматымын. Ұстатқаным ұры-қары... Үкіметке қарсы адамдар. Немене сен де қарсымысың?

— Жалтарма. Кемеден тышқан қашса, апаттың да таялғаны дейді балықшылар. Кәне, алланың адал пендесі бері... бермен... тура қарашы маған. Алып қашпа, алып қашпа деймін жыртиған торай көзіңді,— деп Бақан табан асты бұрқ ете қалды.

Ол тіпті Исахмет күтпеген үрдіс қимыл жасады; шап беріп жағасынан алды да, жұлқа тартты. Көйлектің жағасын қаусыра, бүре ұстаған, бүлк еткізер емес, шыбын құрлы көрмей қылғындыра көтеріп-көтеріп қойды. Исахметтің аяғы жер сызып, көзі алайып кетті. Әйтсе де дыбыс жоқ; тістеніп алған, қайсар. Бақан сәл мыта түсті де, босатып жіберді. Қарт қаны қаша қалжыраса да, түк болмағандай жағасын түзеп:

— О, тоңмойын! Тоңмойын... Саған ренжіп жүрген мен де бала екем-ау,— деді.

Бақан өз қызбалығынан қысылғандай төмен қарап қалды. Исахметтің тіптен ықпағаны біртүрлі жігерін құм етті. Ал Исахмет болса, жолдасының ұрт мінезін білсе де тап осындай күйгелек, аңқау деп ойламаған; бір бүкпесі ішінде, ашылуы қиын, ауыр сандық көретін. Ығыстауы да сонан-ды. Қазір енді көз алдында тызылдақ бала сияқтанды да қалды. Іштей оның әлсіздігіне қуанса да, бір жағы әлденеге көңілі толмағандай, қарны ашқандай болды. «Мұндай адамнан ретін тауып, құтылған жөн. Алдын алып тырп еткізбей ұстатсам басым аршылады. Әрі жақсы атты аталам. Жо...оқ, ол ұсталса мені былғап кетеді. Оған жеткізбей құрту керек. Бұлтартпастай куә тапсам ба? Куәлікке кім жүреді? Қайықшы ше? Е, сол есуасты қойшы. Сөзінің пәтуасы жоқ. Өзі әрине оңайлықпен айтпайды. Ақымақ неме... «Өлтірем» дегенін айтам-ау. Нe үшін? Жазығым не? «Сасқан үйрек артымен сүңгиді деген, күйінгеннен не істерін білмегені-ау. Өзі ұсталатынын сезіп. зәрезап, алақ-жұлақ етеді. Өткендегідей ер кіндік жоқ. Бұл жолы Жәзираны әкетем деп, аузына да алмады ғой. Бір тықыр таялған шамасы... Бұ ит менің арымды аттапты. Масқаралапты. Көзіме шөп салғанын білдірмеген болады. Мені мұқаттым дейтін шығар? Көрерміз әлі». Исахметтің бір езуі жыбыр етті; іле опырайған тіссіз аузы ашылып, күзеннің ініндей үңірейген көмейі көрінді. Қыт-қыттай күліп кеп:

— Әй, тентексің... Тентексің сен, Бақан,— деді ол қолпаштай жаурынынан қағып.

Бақаң аң-таң. Жо... жоқ. Бір жерде өгіз бұзаулапты десе, нақ осындай таңдана қоюы екіталай. Сұйқылтым, мұқыл қасы шоршып жоғары шықты да, көзі қозғалмай шөлмектене қалды. Жүзі сұрғылт сияқты еді; енді күрең-қызыл. Тілден мүлде айрылған, меңіреу күйде. Күткені үлкен қарсылық, балағат болатын; ағалық мейірім, кешірімшіл көңілден шыққан адал пейіл емес-тін. Адам жаны деген де көктемнің құбылмалы күніндей шуағы мен бұлыңғыры қат-қабат келер аумалы-төкпелі ғой. Бақан да ала бұлт көңіліне осы қазір әлдеқандай бір жылы сәуле түсіп, қоңыр леп ескендей болғанын сезінді. Жалғыздықты көп көрген зәбірлі жаны елжіреп, ол қатты тебіреніп кетті. Белгісіз бір ауыр салмақ иығынан сырғып, ауып жүре бергендей еді; қолқасына ащы жас тығылып, тіліп барады:

— Исеке... Исеке! — деді Бақан шыдай алмай.

— Тентексің... Әй, ақымағым-ау, сені мен маған кімнің құдіреті жетеді? Жә, мен өзімді қояйын. Кімге сен шақ келесің? Өз басыңның құнын өзің түсіріп, не сор басты. Қадір-қасиетіңді білмегенің бе? Адамның ойы тұрғай сен оның қиялына да тарлық ететін жан емеспісің? Жасарымды жасап, асарымды асаған адаммын, Бақан. Мен өлімнен қорықпайым. Ха... ха... ха... Кәне, өлтірші... Қолыңды қақпайын. Жо... жоқ, мен кісі танымасам достаспаймын. Сенің жаңағыңның бәрі өмір күйбеңінен, таусылмас қараң қалғыр шаруаның қажытқанынан. Әйтпесе, Бәке, сен адам тұрғай тышқан өлтірмейтін жансың...

Алақ-жұлақ етіп, ұялғансып қипақтаған Бақанның көз алдына әлгінде ғана шалды қылғындырып, өлтіріп жібере жаздағаны келе қалды. «Талайды тақыршаққа отырғызғаныңды білем... Қу екен демеймін бе? Жазған басым өстіп адасам да жүрем. Жаны таза, жақсы адам ғой. Не болса содан үркіп, секемденем. Жо... жоқ, менікі дұрыс емес. Оның сұрауы жөн. Дос арасына кірбің кіргесін-ақ сенімсіздік туады. Бұ да талайды көрген адам. Танитындары да көп. Бірлі-жарымның көмейін көміп, үндетпеу қолынан келеді. Қайта сырластығы пайда... Өзі де ортақ жойға қаныққансын жан баласына тігісін білдірмеуге тырысады»,— деп ойлады Бақан.

— Бәке, не тұрыс бұл? Үйге кірелікші... Сөзді қой. Адам сияқты бір тыныс тауып, дамылдайық та.

— Жо, Исеке, асығыспын. Мына жерге отырайық сәл,— деп Бақан анадай жерде жатқан кеспелтек томарды меңзеді.

Екеуі соған кеп жайғасты. Бақанның үстіндегі плащы қаудыр-қаудыр етеді. Төрдегі үлкен қораға жол ашылғандай көрінді ме, ақ ала тауық пен күрең көк әтеш солай ойысты. Бұларды көзіне де ілетін емес. «Тағы да шөпті шашып, саңғып, ысыраптамақсыңдар, ә? Е, оларың бола қояр ма екен». Исахмет төңірегін қармана бастады; қолына үлкендеу бір тас ілікті-ау деймін. Әлгіні жіберіп кеп қалды. Тауық пен қораз қанаттарымен жер сабалап, тырағайлап қашып барады. Исахметтің ойы бөлініп, өзін тыңдамай қойғанын Бақан аңдамады. Аузын томпайтын сөйлеп отыр.

— Құдайдың құдіреті мың жасайтындай-ақ тістесеміз де жатамыз. Досқа күлкі, дұшпанға таба болуымыз жетпеді ме?

— Оның рас, Бәке. Діңкені құртқан осы қаңқу сөз. Неме керек...

Исахметтің көзі ұялмайтын; мұндайларды ел кексіз, намыссыз десе, бірлі жарым сыралғы достары: «бетсіз ғой. Әйтпесе әлгінде ғана абыройын төккен, итсің деген адамға бедірейе қарап, сөйлесу тұрсын, жақын кеп тілдессе де жауап беруге бола ма»,— дейтін. Қасиетсіздік жалғанда опасыз жанның қаруы ма, қалай; Исахметтің беті бүлк етер емес. Әңгімені соғып отыр. Бақан жүзін қалай алып қашса да, оның сұғанақ көзі құтқармады. Тауып алып, әлденеге келісуге, тілеулестікке шақырады. Ерні-ерніне жұқпайды, судырап ағып барады. Бірде өзін даттаса, бірде соғысқа лағнат айтқан боп кетеді. Керек десе осы қазір үй-орманын Бақан жолында өртеп жіберуге жарай алатынын сездіріп те қойды.

— Мені сенен алла тағала айырмаса, қолыңнан ала алмайды. Осы сөзіме сен, Бәке,— деп Исахмет шырт-шырт, тіс арасынан түкірініп тоқтады.

— Сенбей не көрініпті маған. Сенем ғой... Ел өзіндей ақ жүрек емес, Исеке. Әр жақсылығы сатулы, жатқан есеп. Ең арғы төркіні анау есерсоқ қайықшы екеш о да жұтқын. Жарты тауып бермесең арғы бетке өткізбейді. Жә, оны қойшы. Аудандағы қойма меңгерушісі...

— Потребсоюзға есепші болатын дәу әйел ме?

— Иә, сол... Бәрі сол арқылы. Мен елеулімін ғой. Көзге тез түсем. Және де кейінгі кез тексеріс көбейіп кетті ғой. Әсіресе анау аудандық сот пәле. Тыраштанған ит бір. Соның аузын ала алмай-ақ қойдық. Сен өзі оны танушы ма ең?

— Ептеп...

— Ендеше жақсы болды. Үшеулерміз. Исеке, өзің білесің төрт жүз грамм нанмен кісі басы тірлік ету қиын ғой. Қолда барда сермеп қалу жөн шығар, ә? Арғы беттегі бір шопаннан қой еті кеп тұрады. Ұн, қанты, шайы ол иттің бізден...

Үлкен қақпаның кісі кіретін есігі батылсыз, ойбайлай ашылған, екі қарт селк етіп, орындарынан атып тұрысты.

Көзге көп түсе бермей мен жүрейін»,— деп күбірлей қалған Бақанмен асығыс қоштасып, Исахмет қақпаға бет алды. Бір иығынан түсіп кеткен шолақ пальтосын кие алмай жауырынын қыржыңдатып, барады.

Меруерт екенін көргенде ғана көңілі орнықты. Жылы сәлемдесіп «Ыраш үйде» деп ішке кіргізіп жіберді; ол ертеңгісін көріскен адамы екендігін де мүлде ұмытқан; қайта-қайта амандық-саулық сұрайды. Іле онысынан Бақан алдында қысылып, жүзін бұрып алды.

— Исеке, мен жүрдім.

— Е, Бәке, жолың болсын. Соғасың ғой кейін?— деді Исахмет досын қақпа сыртына шығарып сап тұрып.— Тәйірі, ұмытқанбысың? Жәзира дейім...

— Тс!.. Ақырын.

— Қойшы әрі үрікпей. Қалай, кірісеміз бе?

— Соныңның реті келмейді-ау, Исеке. Байы келе жатса қиын енді.

— Е, оның рас... Дегенмен де тамырын басып көрмейсіз бе?

«Осы ит мені бір пәлеге ұрындырайын деп жүрген жоқ па? О баста мұншалық елпілдек емес-тін. Қайдан бауырмалсып кетті. Иә, бұл қудан нені де болса күтуге болады».— Бақан табан асты секемденіп, тағы да іштей жиырыла қалды.— «Әйтпесе еш үмітсіз іске ұрын дей ме?»

— Күн ұзата бермейік та, Бәке.

— Қазір сол...

Екі әйел имене сәлемдесіп, қасынан өткенде Бақан сөзін үзіп алды; Исахмет ерін ұшымен ғана амандасты. Көзімен ұзатып сап, қайта бұрылды. «Көшеде ұзақ тұрып қалдық-ау» деп қуыстанып, тез қоштасқысы келсе де, онысын сездірмей бақты. Бақан сақтық білдіре оспақтай сөйлеуге көшті:

— Қазір сол байталың ауылда жоқ та сияқты ғой.

— Байталың не, Бәке, қоңды... сауырынан жараған арғымақ десеңші. Біздердікі жас та болса, оның жанында күржікей, жауырыны томпайған танша емес пе?..

— Жә, жә... Ырекеңді тым сүмірейтпесейші. Ауызың дәм білмейтіндей тіссіз, сорлылығыңды көре алмадым ғой, Исеке.

Исахмет бұған қыт-қыттай, жаны жайлана күлді.

— Маған да сондай бір жас иісті ыңғайласаң бөтен болмас еді да.

— Е, ол табылады ғой.

— Қырағы көзім-ай... Шалғаның бар ма? — деп Бақан үзеңгіге сала берген аяғын тартып алды. Елеңдей қалғанын аңдап Исахмет бірден лақ етіп, төгіп салмады. Ынтықтыра түсіп, айтсам ба, айтпасам ба дегендей көз астынан сынай қарап тұр.— Ол кім, Исеке?

— Анау күйеуі қасапшы болатын, ақсары татар қатынын білуші ме ең?

— Тоқта... тоқта...

— Сонау колхоздастыру кезінде туатын бала ғой.

— Е, ол кезде де дүниеге келген бала аз ба еді. Қайсысын біліп жатырмыз.

— Ойбай-ау, енді анау мұртты, палуан қасапшыны білмеуші ме ең?

— Е, мұрт десейші. Жалғыз қызы бар-тын. Екі аяғын салақтатып мойнына мінгізіп жүретін. «Қызды бүйтеді, ұл болса қайтерін бір құдай білсін»,— деп күлетінбіз.

— Марқұм өзі былайынша жаман жігіт емес еді. Ақ көңіл. Гармонды қоңыраулатып кеп тартатын. Суға кетіп өлді.

— Солай ма? Мен майданда екен деп жүр ем. Е, иманды болсын.

— Жоқ... Тура соғыстың алдында. Өзеннің көктемгі тасқынында, мұз жүріп жатқанында қайықпен арғы бетке өтем деп болды.

— Ым... Соның қызы де. Тым жас емес пе?

— Он алтыларда ғой дейім. Әйтеуір биыл мектеп бітіретін көрінеді.

— Е, тәйір-ай, жас, кәрі дейтін не бар? Шам сөнгенсін бәрібір емес пе? — деп Исахмет өзгеше, кісіней күліп қойды.

— Солай ма еді? Е, қайдан білейін. Өзіңізге еліктемеймін бе?

— О, құрмағыр-ай, сенің осындай жатып атарың бар-ау.

— Иә, Исеке, сынықтан басқаның жұқпайтыны жоқ деген.— Бақан шалқақтай күліп алды.— Балдызыңыздың аты кім?

— Аты ма? Со құрымағырың есте тұрса... Тілімнің ұшында айтайын десем... Е, соның атын қайтесің, саған керегі заты емес пе?!

Ұзынды-қысқалы екі дос шек-сілелері қата күлді. Бақан көзінің сіркесін алып жатып:

— Бір өзіңе сендім, Исеке. ЬІңғайын тауып қой. Пішеншілер қайтқан мерзімде соғам,— деді.

— Мақұл.

— Айтпақтайын, әлгі... Жәзира дегенді қойсақ қайтеді, Исеке?

— Неге?

— Сол арғымағың ақ жүректеу ме деп қорқам. Дүниені дау-далабай қып, күйеуі мүгедек, әскер семьясын қорлады. Екі аяғын жауға беріп келген азаматтың дәрменсіздігін пайдаланып көзіне шөп салды дейтіні де бар елдің. Сөйтіп соттың да, елдің де алдында қарабет боп жүрерміз. Қазір майдан мүгедегінің сөзі өткір, өтімді кезі... Ұрынып қаламыз ба деп қорқам. Тіпті келіншек көнсе де қаңқу сөз, өсек өлтіреді. Қалай ойлайсың, ә?

— Мынауыңның жөні басқа. Қап... Осы ертерек ойымызға келсеші. Ай, қайран Бәкең-ай. Басын, тура міністірдің басы ғой. Иә, дұрыс айтасың. Мұның ақыл,— деді Исахмет оның арқасынан қағып. Бақан да адам. Мақтағанды кім жек көреді. Әйтсе де бақырайтып қойып айтқанда қиын-ақ. Бәкен іштей мақтауды азырқанса да, сырттай өзі-өзінен екі беті дуылдап, қипақтап қалды.— Ал, анау қасапшының қызының жөні бөлек... зорлап, ұрлап әкетсек те қазақ «қашып кеттіге» саяды. Ертеңіне ақ жаулық тартып, оң жағында еліктің лағындай екі көзі жаудырап отырса, кім бөтен дер дейсің. Ел де «қашып кеткен қызды» жоқтай қоймайтын сияқты ғой. Теңін іздейтін заман ба? Күйеу тапқанына шүкіршілік етеді. Соғыстың әлі қанша боларын кім біледі. Құдағи, жұрағат дегендеріңді кейін көріп аларсың. Шешесі бүлініп, жылар-сықтар. Онан асып қайда барады? Ақыр аяғында көйлек киіп, тәуір шай ішер. Қызын көріп мауқын басар. Болар іс болғансын көнбей ме? Сот та аса құлшынар ма екен? Еркек кіндіктің аздығына сайып, шалға тиіп жатқанның алды-арты сол ма дейді де қояды.

— Исеке, мұны енді тездетіңіз. Әлгі осы біздің Сәлимамыз қайда? Соны неге пайдаланбаймыз?

— Есте ғой. Бірақ соның өзі... көңілшектеу ме, қалай. Кісі аяғыш жан. «Біреудің баласы төсек тартып қалыпты. Хал үстінде дейді. Шешесі де қорқады. Шыбын жаны соның үстінде көрінеді»,— десең де көзі суланып, елжірей қалатын пәлесі бар. Менің құлағымның естімей, тосаңси қалатыны сияқты.— Исахмет тағы да өз сөзіне мәз-мейрам күлді. Бақан бұған езу тартпады. Ойлана басын шайқап:

— Онысыз қиын екен,— деді.

— Айтпа, оңай емес.

— Ал, керіскенше...— Бақан ырғып атына қонды.— Тездетерсің, Исеке.

— Ойбай-ау, аты есіме түсті. Жолымыз болар... Аты Сәуле... Иә, иә... Сәуле.

— Тс!.. Ақырын!.. Анау кім келе жатқан?

— Кәне? Салт атты ма? Қайдан тағы сап ете қап еді. Көзге түсе бермейікші... Бұл жас та болса жер жұтқан. Пәле... Барып тұрған қу... ЬІқсан ғой.

— Ақылды десеңші.

— Түйсіксіз емес. Ал, жол болсын!

— Әзірше...— Бақан атын кілт бұрып, тебініп жүріп кетті. Сипай қамшылап барады. Исахмет сәл тұрды да ЬІқсан жақындағанда аңдамаған боп қақпадан ішке аяғын кердеңдей басып кірді.

Екінші бөлім

1

Ықсан атын қораның аузына қаңтара байлап, үйге бет алғанда ғана байқады: есік ашық, іште ағараңдап біреу жүр. Сарқырай құйылған судың, шелек тұтқасының шылдыры естіледі; әлдекім баяу әндетеді де. Өртенген ағаштың тұқылындай мыжырайған мұржа да бой көтеріп, жаңғырығып қалыпты. Бұзып, қайта тұрғызған. Бұрқырап түтін шығып жатыр. «Жаным-ау бұ кім?» Қаңыраған қоңыр, шым үйі жанданып, көзге жылы ұшырап барады. Аула ішіне қараған терезе де кірінен арылып, шынысы жылтырап тұр; жиегі ою-өрнек, әдемі қиылған көгілдір қағаз перде ұсталыпты. Осы сәт ашық есіктен бір шелекті мықшыңдай, майыса көтеріп, шайқалақтата ішіндегі суды төгіп келе жатқан Шолпан көрінді.

— Шолпанбысың? Не істеп жүрсің?

— Сағынай тәте, ағам келді... ағам,— деді ол қолындағы ауыр шелекті табалдырықтан бері қоя салып. Ыраштың сіңлісі десе нанғысыз, пысықша; қимыл-қозғалысы да жіті: бойы аласа, қара торы, пісте мұрын, шашы жалбыраған сүп-сүйкімді. Он жастың шамасында. Үстіндегі көнетоз, ескі кителден кішіртіп тіккен пенжегінің өзін қылау тигізбей жүргеніне Ықсан таңданып тұр. «Қыз бала деген сол-ау. Серік болса ендігі малмандай су, екі беті қаспақ-қаспақ адам танығысыз күйге түсер еді»,— деп ойлап үлгерді.

— Тоқташы, Шолпан, бұ не?

— Жүр... Қазір көресің, жүрші,— дей берді Шолпан оның жеңінен тартқыштап. Әй-шәйға қарататын түрі жоқ.

Сенек қоқырсып жатыр: бір леген толған ақ бор, екі шелекте кірлі су, еден жуатын шүберек, сыпырғыш, күрек те осы жерде. ЬІс иісі кіріп келгенде бетке соғады, әйтсе де жағымды, таза әк иісі. Төргі бөлме кешегідей емес, жап-жарық, кеңіп қалғандай. Қара күрең ағаш еден capғыштанып тазарыпты. Стол да, орындық, төсек орын да жиналған; ашылып-шашылып, иесіз жетімсіреген бір дүние көрінбейді. Алдына алжапқыш ұстаған, үстіне қынама бел қызыл-ала шыт көйлек киген Сағынай қымсына, терезе жақтауына сүйеніп тұр. Қос бұрымын тостағандай ғып түйіп қойыпты. Үлкен қара көзі жылт-жылт етеді. Маңдайында бірер тал шаш ширатыла, еркелеп жатыр. Көйлегінің иығы сәл шетінеген. «Шамасы содан қысылады-ау»,— деп ойлады ЬІқсан. Көзі еріксіз оның жұмыр, Тоқ балтырына түсті. Күн шалмаған жалаң аяғы да аппақ. Өзі ажарлы білем. Бала ма десем, қалай? Қос анары да дүмбілездене көтеріліп қалыпты. Ықсан Сағынайдың күлгенде бетінің оймақтай шұқырлаңа қалатынын бұрын аңдамады ма; қазір сол ояңның өзі сәулеленіп кеткенде ол не дерін білмей, әлде бір еркіндігінең айырылып бара жатқанын сезінді.

— Аға, сіз жұмыс... түз адамысыз. Алда қыс келеді қылышын сүйретіп. Үйіңіз болса кірлеп кетіпті... Ер адамсыз, әрі көрші қақын өтеу парыз. Өзіңіз жоқта билеп-төстеп, Шолпан екеуміз еркінсіп бақтық, ЬІқсан аға,— деді Сағынай қымсына езу тартып.

— Тәңірім-ай... Қайта сіздерден кешірімді мен сұрайын да. Жалқаулықтың кесірі ғой. Тап-таза, тап-тұйнақтай болса, мазаланбас та едіңдер. Жә, ақталмай-ақ қояйыншы. Рахмет, сіздерге. Ақыры менің қолымнан келмесін біліп, көмектескендеріңе рақмет. Бойдақтардың тірлігі осы...

— Меруерт татем де келмек-тұғын.— Сағынай маңдай шашын түзеп, еңкейіп жерден сулы шүберекті алды. Именшектей еденді сүрте бастады. Екі бетінің ұшы қызғылт тартып сәл, терши қалыпты.— Шолпан, суды төктің бе?

— Қазір?

— Меруерт тәтем келсе...

— Е, дәнеңе етпес. Өздерің де бітіріпсіңдер ғой. Апыр-ай, бәрінен бұрын мына қазандықты қалай жөндедіңдер? Түк түтін тартпайтын. Бар пәле сырттағы мұржада болмасын...

— Жоқ, мұржаны біз қайтара сылап, жамап-жасқап көрдік. Онда ештеңе бұзылып, бітегендей тас сияқты ештеңе табылмады. Көптен тазаланбаған екен. Ыстана-ыстана, көмейі бітеліпті. Мына жерден тура екі-үш шелектей күл-күбір, қара смола алдық,— деп Сағынай қазандықтың жоғары жағындағы алынып, қайта сыланса да, әктелсе де төрт бұрыштанып жиегі білініп тұрған кірпіштің орнын көрсетті.

— Иә, бұл шынында да менің қолымнан келетін шаруа болмады.

Ықсан ауыз үйге шығып кетіп, шинелін шешіп ілді де, қайта келді. Гимнастеркесінің жеңін түрініп алған:

— Кәне, маған қандай жұмыс бар?

— Сізге ме? Сізге...— деді Сағынай күлімдей.— Шолпан, ағаға не тапсырамыз!

— Жо... жоқ, апай, ештеңе де істетпейміз. Аяғы ауырып қалады.

— Ауырмайды, Шолпантай, жазылған ғой,— деп Ықсан күлді.

— Салқын су тигенсін ауырады. Болмайды. Аға, сіз шыға тұрыңыз. Қазір бітеміз. Сонсын шай ішеміз, е, апа?

Сағынай не дерін білмей қысылып қалды:

— Қой... Қайдағы шай,— деді.

— Өзіңіз айттыңыз ғой, жұмысты бітіргесін деп. Апайда үш шақпақ қант бар, е-апа?!.

— Шолпан...

— Е, өтірік пе?

— О, онда шай, әрине ішеміз. Ендеше маған басқа жұмыс бермесеңіздер мен самаурын қоям. Келістік қой. Шолпан, ә? Дұрыс... Ым... Біз де бір қант, нан жағы, тіпті сүт те бар шығар. Қайда еді? — деп Ықсан серпіле шымылдық пештің қазандық бетіндегі ыдыс-аяқ қоятын, қабырғаға қағылған төрт бұрышты, қақпақты қорапты барып қарады.

— Сіздің сүтіңіз іріп кетіпті, аға. Көк өңез су болғансын Сағынай апай «шіріп бітіпті ғой» деп төгіп тастады. Сосын ыдысты жуды. Самаурынды да тазартты...

— Шолпан, саған не болған,— деді Сағынай ұялып.— Бар, ана суды төгіп келші.

— Е, ештеңе етпес, — деп қалды Ықсан.

Шолпан шелекті мықшыңдай көтеріп қораның жанындағы есікке бет алды. Жолында қаңтарулы ат байлаулы тұрған; әлгі ту сыртынан шыққан дыбысқа елеңдеп, «бұ кім-ей ырсылдаған» дегендей басын бұрып, алая қарап қойды. Әйтсе де жол беріп қозғалмады; қайта жер тарпып, көлденеңдей тұрды.

— Шолпан, неғып тұрсың? — деді осы сәт үйден шыққан Ықсан қыз баланың неге дағдарғанын түсіне алмай.

— Өй, мына біреу жаман ат жолға тұрып алғаны. Сырт жаққа шығып су төгейін деп едім. Көрдің бе, қырсығын.

— Солай ма? Суытып қойғам... Суғарып, тұсап жібермейсің дейтін болар. Кәне, мен оны «қырсықтырмайын».— Ықсан атты жетектеп көшеге шықты. «Олар үйдің ішін бір жәйлі қылғанша атты суғарып, тұсап жіберейін», — деді ме, мініп өзенге бет түзеді.

Біреуді кездестірсем дегендей ойында дәнеңе жоқтын; Исахмет пен бейтаныс жанның шүйіркелесіп, ауыз жаласқандай айырылыса алмай тұрғанын тағы көргенде таңданып қалды. Күн ала бұлт. Көшеде қыбыр еткен жан көрінбейді. Бәрі де жұмыста. Бақташы болса әлі үйінде. Түс ауып барады. Екінді де жақын. «Бұнысы несі? Көп кешікпей шығамын дегені қайда? Сақалды басымен алдағаны ма? Эһ... Қонағы кетті ғой. Өзі көрмегенсиді. Ә, жарайды...» Ықсан қалтарыс көшеге бұрылып өзенге туpa салды.

Атын суғарып үйіне келе жатқанда алдынан Ыраш кезікті. Қолында екі шелек. Үстінде жеңіл бешпент, орамалын жақ астынан тартқан, өңі сынық. Ренішті сияқты. Ықсан ат басын іркіп:

— Ыраш, бұ не?! Ауырып жүрмісің? Қабағың кіржиіп кетіпті ғой,— деді.

— Жоқ. Саумын.— Ол басын жерден көтермей күңк етті.

— Балым қария пішенге кетті. Серік екеуі.

— Шолпан қайда? Сейіт ше? — деп Ыраш серпіле жалт қарады.

— Олар өздерінде.

— Өздерінде? Үйде ме?— деді ол қате естідім бе дегендей тәптештей, үрейлене сұрап.

— Иә.

— Ойбай-ау, күйіп өлмей ме? Естияры Шолпан. Оның өзі бала емес пе?

— Қайтеміз енді... Кісі жетпей жатыр. Әйтпесе ел зерігіп жүр деймісің. Тірлігіміз — егіс, пішен, мал. Қыс болса кеп қалды. Эх, сендер соны түсінсеңдер жақсы-ау. Білмеймін. Анау ауылда қалған сауыншылар екі-үш үйдің баласына бас-көз боламыз деп мойындарына алып отыр. Басқа не істейміз... Мына сенің қандай көмегің бар? Ойбай-ау, өзге былай... бұлар бауырларың емес пе?..

— Білгенім жоқ, Ықа.

— Исекең айтпады ма?

— Қазір оларға көз боп отырған біреу бар ма? — деді Ыраш күйеуі жайлы сұрақты елемей.

— Меруерттікі.

— Ә... Солай ма?!.

Ауыл жақтан тағы да бір-екі әйел көрінді, инағашпен өзенге суға келе жатыр. Ыраш та шелегін қолына қайта алды. Ықсан да тізгінін жинақтай ұстап, атын тебіне берген:

— Ықа, мен ертеңнен бастап шығам,— деді Ыраш.

— Қай жұмысқа?

— Жіберген жеріңізге барайын. Сауыншы да болам.

— Жоқ... Сен онан да біздегі ескі машинаны жөндес.

— Анау мектептің қорасындағы ғой?

— Иә.

— Бір менің қолымнан келе ме? Әрі өзіңіз білесіз, қарайып та қалдым. Көкемнен үйреніп едім. Мектеп балаларынан көмекші болса.

— Көмектесеміз. Қорықпа. Бүгін кеш пішеншілерге жүрем. Хат бар апаратын. Олар да көп кешікпей қайтар. Балалар да келді. Сабақтарын жіберіп алды... Қиын-ақ, амал не? Демалыссыз оқыса да жөнін табар. Анау ұстаға да айтармын. Тек енді айни көрме. Исекең де келісіп еді ғой.

— Келіспесе де шығам.

— Е, бопты онда.

Келіншектің сұрлана «келіспесе де шығам» дегені Ықсанды таңдандырды, қазақ әйелінің қандайы да күйеуінің ыңғайынан бұра тартып кете алмайтынын білетін оған, мынау бекемдік — үлкен батылдық, ғаламат бір қайсарлық сияқтанды. «Не де болса жұмысқа шықса екен. Ой, ол машинаны тұрғызып алсақ, қыруар шаруа тынар еді, ә? Ту...у, несін айтасың, шіркін. Пішен де, отын да тасылар еді. Сүтті де қалаға оп-оңай жеткізіп, тапсырар ек. Екі күн арбамен митыңдайтын жерге үш-төрт сағатта жетіп барудың өзі бір ғанибет емес пе?!» Ықсанның көзі көше жиегіндегі ескі бағанға түсті.— «Саңырауқұлақ сияқты не? Ойбай-ау, репродуктор ғой. Қашанғы? Соғыс алдында орнатылған ба? Иә, солай. Сынық сүйем үзілген сымы көрінеді. Ішіндегі не? Шөп пе? Бәлі, торғайдың ұясына айналды де. Мұны түзетпей болмайды. Басқармамен сөйлесу керек. Тек машинамыз кәдеге асқай еді...»

Ықсан атын суғарып, ауыл сыртына тұсап жіберіп, ер-тұрманды көтеріп келе жатқанда да осы ойдың тәтті әлдиінде болды. Сәл салқын тисе, не ауыр нәрсе көтерсе сырқырап, жанын шығара жаздайтын аяғы да құлан-таза жазылғандай; бүгіндікке белгі берген жоқ. Ықсан соған да шүкірлік етіп, қуанып келеді.

Ауланың далаға қараған, сырт жағындағы кішкене есігінен кеп кірді. Манағыдай емес, шарбақтың іші тап-таза, ортада бүйірлі, сары самаурын әндете шыжылдап тұр. Қаңылтыр мұржасынан көгілдір ағаш түтіні будақтай көтеріліп жатыр. «Е, өздері қойыпты ғой. Мені күте-күте шаршаған шамасы. Тым-тырыс. Кетіп қалудан сау ма?» Ықсан ер-тұрманды қораға кіргізіп, есікті бекітті де үйге бет алды.

Дәліз де, қазандық жақ та, бөлме іші де сыңғырлап, дауыс жаңғырықтырады. Ықсан қызық көре екі-үш рет тамағын кенеді; бір жағы тазалыққа, Сағынай мен Шолпанның барлығына қуанып жүр. Оның дыбыс бергеніне жаңғырық қана жауап қатты; өзге дыбыс жоқ. Дөңгелек емен стол бөлменің ортасына қойылыпты; ол есік жақта болатын. Темір кереуеттің үстіндегі төсек те, қағып-соғылған сияқты; күндегідей жапыраймай, қопсыта, қоқырайта жиналыпты. Жаман сары алашаның өңі кіріп, қызғылт көрінеді, кереуеттің алдында жатыр. «Түнде аяқтан ызғар өтпеске тәуір болды-ау мынаусы. Дегенмен әйелдің аты әйел-ау. Мұнтаздай қып қойғанын қарашы. Қандай жып-жинақы, ә? Әлгі менің күлсалғышым қайда? Ә, терезенің алдында екен ғой. Иә, стол үсті жүдеу. Эх, бір кесе сары май, буы бұрқыраған қуырдақ тұрса дастарқанның ажары өзгеріп жүре берер еді. Амал не... Соғыс!... Әйтпесе көрдің бе, тек жұқа туралған қара нан, үш-төрт түйір қант, шыны аяқтан өзге дәнеңе жоқ»

Ықсанның көңілін аула ішінен шыққан үн бөліп жіберді.

— Сен мынаны ұста. Мен самаурынды ала барайын.

— Фи... Ықсан ағам әлі жоқ.

— Жоқ болса да шайды құрып қоялық. Мә, ұсташы.

Ықсан келсаптай, бүгілмейтін оң аяғын сүйрете басып шықты. Самаурынды көтермек боп жатқан Сағынайдың қолынан кеп ұстады; мұны күтпеді ме, ол селк ете түсті:

— Шошып кеттің ғой. Көмектесейін деп едім,— деді жігіт, мұным оғаштау болмады ма дегендей ыңғайсызданып.

Шолпан да аңыра қарап қалыпты: «Есі дұрыс па? Не істейді-ей. Сағынай апай кеюдің орнына... Күлді-ай... о несі, ә?»

— Шолпан, көзіңе қара... Қолыңдағы сүтті төгіп тұрсың,— деп қалды Ықсан.

Сағынай сықылықтай күліп жіберді. Ізінше қымсына езуін жиып, аузын қолымен көлегейлей қойды. Шолпан бұларға қарап тұрып аңдамады ма, қалай; кесені еңкейте беріпті де, ернеуінен төгілген сүт пенжегінің астынан шығып тұрған көк көйлегінің етегіне ақ жолақ із тастап ағыпты. «Бұның несіне мәз-мәйрам болады?» Шолпан намыстанса да онысын сездірмеді. Алдын еппен қағып, үйге кіріп кетті. Самаурынды көтеріп Ықсан да, Сағынай да келді. Шай үсті де өзге сөз табылмағандай Шолпанның төгілген сүті әңгіме болды.

— Аға, немістің басында мүйізі бар ма? — деді Шолпан мұның бірін де елең қылмай.

— Жоқ.

— Жоқ бар. Мен білем. Мүйізі сиырдың мүйізіндей. Тісі қасқырдың тісіндей ырсиып тұр... Мен оны колхоз орталығынан көргем. Қабырғада ілулі тұр. Үлкен бояулы сурет...

— А... Ол плакат қой, Шолпан. Дұрыс айтасың, фашистер қасқырдан да жаман,— деді Ықсан қызара бөрітіп самаурын түбінде отырған Сағынайға бос шыны аяғын ұсынып жатып.— Жас сәбилер мен қарттарды атып, асып, өртеп жүрген фашистерді адам деу қиын.

Сыртқы есік мияулай ашылған; үшеуі де жалт қарасты. Есіктен күлімдеп, кіріп келе жатқан қалпақты, үстінде шолақ пальтосы бар Исахмет көрінді. Қамшысының ұшы жыланша иретіліп, сүйретіліп келеді. Торай көзімен отырғандарды түгел тінтіп те үлгерді.

— Ә, Исеке, төрлетіңіз! — ЬІқсан орнынан тұрды.

— Оһо-оу, жұпар иісі күншілік жерден шалынардай шайдың үстінен шықтым ғой. Бәрекелді-е... Аман ба, Сағынай. Ойбой-ой, менің балдызым да отыр. Міне, нағыз мықты осы.

— Мақтап жүреді екенсіз, төрлетіңіз. Ыраш тәтем аман ба? — деді Сағынай.

— Шүкір... Е, Ықашты жамандап маған не көрініпті.

Бipep стакан шайдан соң, Исахмет ойын-шынды қалжыңдаған боп:

— Үйіңді әктетіп, жөндетіп алғаның дұрыс болған. Тек үкіметтің жұмысы дей берсең біте ме? Анау мектеп баларын шақырып, шымнан аула соқтырып ал. Мына Сағынай айтса келеді ғой. Қоралы балаға ол не, бір-екі сағаттық-ақ жұмыс,— деді.— Шынашақтай менің балдызым да қолқабыс етті ме?

— Исеке, қонағыңызды жөңелттіңіз бе? — ЬІқсан ыңғайсыздана сөзін бөліп жіберді.

— Е, кетті ғой. Анау қораңды ашып, қамыспен қайта жаптырып ал. Мен саған екі арқа нар қамыс берейін. Сыртын да сылату жөн. Ертең шелектеп төгер қара жауын басталады...

Сағынай төмен қарап отыр. Астыңғы ернін тістелей береді. Көңілді үш жанның шырқын бұздым-ау деп Исахмет ойлайтын емес. Ықсан да жүзін бұрып алды; сырт қарап кетті. Шолпан екеш о да томсырая қалыпты. Жаутаң-жаутаң Сағынайға көз тастайды.

— Біз өзіміз әктедік, жезде. Қорықпай-ақ қойыңыз... сізден көмек сұрамаймыз. Ықсан аға сіздей емес,— деді Шолпан шыдай алмай.

Исахмет мұндай жауап күтпеді ме; сәл аузын аша аңыра қалды. Іле қыт-қыттай күліп жіберді.

— Ойбай-ай, мынаның сөзін-ай. Қарашы қаршадай боп намысқойын. Шымшып алды, ә? От қой жанып тұрған. Ықсан, ә?!.— дей береді күліп.

— Исеке, не айтсаңыз да жұмбақсыз, әзіл-оспақсыз тура...

— Ойбай, Ықаш-ау, ойымның бөтендігі жоқ,— деп ол ЬІқсанның сөзін бөліп жіберді.

Жақсылыққа, адамгершілікке қуанатынын айта кеп бақташы қарт жөткіріне тоқтады; жанынан орамалын алып езуін сүртті. Баптана тамағын кенеп қойды. Сағынайға көз тастап, райынан еш жылылық көре алмады ма, сөз аяғын мәймөңкелете жөнелді:

— Бұ жерде бөтен жоқ. Өзіміз екенбіз. Осы отырған қай-қайсыңды да арқа тұтам. Жас та болсаңыздар бассыңдар,— деді Исахмет төңірегіндегілердің жүзіне алма-кезек үңіле қарап.— Мен бүгін үйдемін... Кәкір-шүкір шаруама қарап, қонағымды жөнелттім. ЬІқаш-ау, сен болмасаң, өзімсінбесем былайша тайраңдаймын ба? Бұл сіздерді арқаланғаным...

Сыртқы есік сықыр етті. Қарттың сөзі үзіліп кетті. Дастарқан басындағылар бір кісідей есікке бұрылысты. «Бұ кім?» Аяғын имене басқан, қызылшырайлы Меруерт көрінгенде бәрі де жайраңдаса қалысты.

— Уа. Мәке, төрлетіңіз!

— Апа!..

— Тәте, қарашы... Сағынай апай екеуміздің істегенімізді.— Шолпан үйдің ішін мақтана көрсетіп жатыр.

— Ойбой-ой, мықты екенсіңдер ғой.

— Шайға... Шайға келіңіз, Мәке,— деді Ықсан күлім дей. Өзі аса қуанышты, самбырлап сөйлеп жүр.— Келсем есік ашық... Күбірлескен дауыс шығады. Мұржадан түтін бұрқырап жатыр. Құдай-ау, ауылда ұры жоқ еді. Бұ кімдер болды сонда, ә? — деймін. Әрине ұрының пешті жақпайтынын, үйді әктеп қоймайтынын білем ғой.

Меруерт те күліп жіберді. Сағынай да қымсына езу тартып, шыны аяқтарды қайта құрғалы сүртіп тұр. Әлгінде ғана самаурынның суын еселеп әкелген; о да шыжылдай баяу әндетеді. «Жалғыз басты жігіттің басын айналдыруын қарашы мына қатынның. Өзі жоқта үйін әктетіп, әйтеуір жұғыстыру. Қайынсіңлісін өткізудің қарекеті. О, зымиян-ай! Сағынай да жаман емес. Жұтынуын. Иттің беліне деген жіңішке еді. Талшыбықтай бұралуын... Қой мына жігіт ақымақ екен. Осының тегін істелмейтін жақсылық екенін білмей ме?» деп Исахмет қарт іштей ренжіп, кіжініп қойды. Әйтсе де сыр бермей, сұрлана:

— Бір шаруамен ақылдасқалы келгем, Ықаш. Кейін соғармын,— деді.

— Жақсы... Келіңіз.

Исахмет қамшысын сүйретіп есікке бет алды.

2

Балым қария есікті аша берген, біреу қолынан жұлқа тартып, тымақтай далаға лақтырып тастады да есікті тарс еткізіп жауып алды. Төңірек көзге түртсе көргісіз, аласапыран, әлде не ішегін тарта сыңсып, арасында ащы ұлып кетеді. Түптеп тұр. Ішінде ақ қаншық құйын секіріп, жата қап аунап, асыр сала ойнап жүр. Етпетінен түскен қария өзін жыққан күштің қаһарын да, есерлігін де енді танығандай; омбалап орнынан әзер көтерілді. Үстін қағынып жатыр. Кешегі ақ ұлпа, қарлы дала сұрғылт тартыпты. Астаң-кестең. Ауыл үйлері де жапырайып бір уыс боп жиырыла қалғандай. Ұлтартқан қоңыр пимасын киіп, түбіт орамалмен шыққанына шүкірлік етіп қария күбірлеп қойды: «біз қыстаудамыз. Даладағылар, сапардағылар не күйде? Жасаған ием-ай, сақтай гөр» дейді ол күбірлеп. Көз алдына өткен жылы ғана майданға аттанған ұлы елестеп о да осындай ақ түтектің ішінде жүргендей көрінді. Әйтсе де тістеніп: «кішкентайларының тілеуін берсе аман оралар-ау. Азамат қой. Жүдеушілік кімнің үйіне кірмеді дейсің. Ошағымның құтын қашырып, жылап-сықтай бермейінші. Онан не өнеді? Балалар да жүдеп, көздері жаудырап қалады. Қурайды молырақ жағайыншы. Бойымыз бір кеңіп, сергиікші. Суын көбірек құйып тары көжені де пісірейін. Қатықсыздау да болса дәм ғой. Құмнан әкелінген бір аяқтай құмаршық бар еді; оны салайын... Қурай қайда? Қурай... А, иә... Қорада...» Ұйытқи соққан жел өтіне бір қырындай қораға жетті. Буланған қурайдың жоғарғы жағында жатқан кеспелтек томарды жерге домалатып түсірді де, бір бауын үйге қарай бүгежектей сүйреп ала жөнелді.

Қарлы боранның бетті шым-шым қарып бара жатқанына да қарайтын емес; әлі сол терлеп-тепшіп тасып жүр. Жалғыз көйлекпен жүгіріп Шолпан шыққансын еріксіз үйге кірді. Шам жақты. Қаздың балапанындай үрпек бас немерелерін сүйіп тамақтандырды. Алаша, киізді қағып-соғуға кіріскені сол еді; кенет... Төрдегі қара текеметтің астынан сары қағазға оралған жұдырық басындай бір нәрсе қолына іліне кетті. Алып, ашып қараса... Нан. Кәдімгі табаға салған нан. Сырты сәл ақшыл түктеніп, көгере бастапты. «Мұнысы несі, құдайым-ау? Нан жасырған деген не сұмдық? Сақтай көр...» Балым қария қолы қалтырай нанды әлі ұстап түр; көзін жыпылықтатып әлденеге түсіне алмай дал. Шымылдық пештің түбінде ойнап отырған немерелеріне бұрылды:

— Нанды қорлап жүрген қайсысың-ей?!

Зілсіз, жәй-ақ айтпақтын; үні өзінен-өзі қатқыл шығып кетті.» Балалар ойындарын қойып, жым-жырт, үрпиісе қалысты. Жадау жүздерінде мұнан әрі не болар екен дегендей аңсын-аңдағандық бар.

— Неге үндемейсіңдер? Кім деймін-ей? Өй, өңкей жасық немелер! Тумай кеткірлер, менің Асқарымның балалары деп кім айтар.Ұнжырғаларының түсуін...

— Әже, оны мен тыққам.

— Не? Серік, сенбісің? — деді қария төрт жасар немересіне таңдана қарап.

— Иә.

— Оның не?

— Мен... Мен... Әже, тағы да нан бітіп қала ма деп...

Болмай қалса саған берейін дедім. Сен, әже, ауырма.. ауыра бересің ғой...

— Ақылдым... Құлыным...

Балым қария көзінен ыстық жастың қалай ытқып кеткенін сезбеді, аяқ-қолы шидей, қалқан құлақ баланы баурына басып тұрып қалды. Соғыстың алғашқы жылындағы тамақтың тапшылығы сәбидің де көңілін бөліп, қиялын биледі, ертеңін ойлатты дегенге қазір кім сенеді. Кімге керек? Қажет пе? Жо... жоқ, оның жолы әрмен. Иә, сол Серік қазір алтыда. Сәби бес жасқа дейінгісін ұмытады. Бестен былайғы көргені ғана есінде жүреді дейтін; кеше ол шай үстінде нанды есіне алды... Әрине қарт aна сол бір боранды түнді ұмытқан жоқ. Қабағына көлеңке ұялады-ақ болды; көз алдына сырты ақшыл түктеніп, көгере бастаған жұдырық басындай нан кеп тұра қалады. Кәдімгі таба нан...

* * *

Жетілік май шамның пілтесін көтермей, ол бұқтырып қойды. Төрде, құрақ көрпенің астынан қылтиып бастары ғана көрініп жатқан немерелеріне жарық түсіп, ұйықтатпас деп сақтанғаны сияқты: түн ортасы ауса да сол сығыраңдап ескі шұлық, көйлектерді жамап-жасқап отыр, Төңірегі қоқырсыған шүберек қиындылары. Сұқ саусағына киген оймағы әлсін-әлі жарыққа шағылыса жалт ете қалады. Әлдене есіне түсті ме, бір сәт ісін тоқтатып, инені басындағы жаулығына шаншып, көз алдына түсе берген сабақ жібін құлақ сыртына қарай серпіп жіберді. Енді міне ой үстінде отыр. Екі көзі төрдегі немерелерінде. Май шамның құбылмалы жарығынан ба, қарт ана жүзі бірден алабұрта нұрланса, тағы бірде көлеңке үйіріп, сұрланғандай болады: «Сендер үшін, ботақандарым, кірпік ілмейім. Пішеннен қайтқанша қандай асықтым. Әйтеуір азып-тозбапсыңдар оған да шүкірлік. Меруерт бір айналайын келін ғой. Сағынай екеуі жоқтатпай бас-көз болғанын айт да. Қап... Серікжан жамылғысын тағы ашып тастағанын қарашы. Ұйықтаса да тыныш жатпайды-ау. Аяғын қарашы... быттиған. Айналайын, жапырағым менің... Өй, қайтеді. Тепкілеп Сейітті оятар ма екен. Әне, ол сол... Бұған шұлық қайтып шыдасын. Қайта Шолпан тәуір. Ұқыпты... Қолымнан келмейді жоқ, домбайлап тырыстырып өзі жамайды»,— деп ойлады Балым қария күлімдей, іле жүзі суық тартты.— Ай, Ырашжан-ай, күнім-ай. Төбе көрсетпей барасың-ау, қайтейін. Қатты болмағай ең да. Бауыр етің емес пе, мына кішкентайлар». Ол күңкілдей сөйленіп, айналасындағы ескі-құсқы көйлек-көншектерді жинастыра бастады; бәрін бүрме ауыз, ала дорбаға жұмарлай тығып орнынан тұрды. Немерелерінің жамылғы көрпелерін түзеп, «алла белім» деп қойып ауызғы бөлмеге бет түзеді. Қайта оралды. Қолында кішкентай мойын жастық; немерелерінің есік жақ шетіне кеп қисайды. Салқын соқса қорған болмақ сияқты. Әрі-сәрі ой мазасын алды ма, әйтеуір аударылып-төңкеріліп біраз төңбекшіді: «Жеті-сегіз ірдуанды қайқита тиеп, азап көрмей жеткенімізді айт та. Жылда жауындатып, суыққа ұрынып, азап шегуші ек. Бұ да болса Ықсанның арқасы ғой».— Балым қария елеңдей басын жастықтан жұлып алды.— «Есік соғып тұр ма?»

Орнынан ширақ көтеріліп есікке бет алды; іле ауызғы бөлмеден таңдана: «Ырашпысың?»— деген үн естілді. Балым қария шегіншектей кірді де, соңындағы біреуге:

- Кел... Төрлетсеңші,— дей берді.

Шашы дудырап төгіліп кеткен, үстіндегі ақ көйлегі өрім-өрім, жалаң аяқ Ыраш қара көлеңке ауызғы үйден жарық, төргі бөлмеге шыққанда қарт ананың түсі қашып, жалтаңдап қалды. Өзегін әлдене тілігі өткендей болған, әйтсе де астыңғы ернін тістелеп шыдап бақты; немересінің тағы да таяққа жығылғанына қорланып тұр. Ол бір сәт оған деген ренішін де ұмытып:

- Ыраштайым... Ботам! Әкең тірі жүрсе мұны сен көрер ме ең? Құдай-ай, құдай-ай... Бұтақтарымның жасын көргенше көрсоқыр болсамшы,— деді құшақтай алып.

Жас келіншектің қамшы тиген жауырыны ара талағандай көк ала екен, оның ауыратынын да аңдамай аймалап жатыр. Қолы тиіп кеткен сайын ыңырсып Ыраш шыдап бақты; көптен иіскелмеген ана төсі сәби көкірегін оятып, қамсыз тірлігін есіне түсірген еді. Жарадар көңілге мол, жылы шуақ құйылғандай. Ыстық әже демі де қыл бұраудай бунап, булықтырып келген, қолқаға тығылған жастың көзін тауып, ашып жібергендей болды. Ыраш еркін егілді... Қанша уақыт өтті? Оны аңдаған да, білген де жоқ.

— Ботам... Қоңыр қошақаным менің. Қойшы енді... Қойшы ботам,— деп әжесі басын сипап отырғанын ол біраздан соң аңдады.— Көже ішесің бе? Қазір, жаным...

Қария қалбалақтай құрақ ұшып жүр. Әлгінде шылапшын мен бір құман су әкеп, бетін жуғызған; енді міне көгілдір, жеңі ұзын көйлек ұсынып тұр. Етегі қос бүрме, өзі жібек. Ыраш алмай: «менен киім қалмаған. Мынау қайдан шықты? Әжемде де жоқ сияқтын»,— деп таңдана қарайды.

— Ал, Ыраштай.

— Кімдікі, әже?

Балымның оң жақ қасы дір етті, көңілі әлденеден бұзылып, қатты қобалжыды ма, қалай; бетінің қаны қашып, шүберектей боп кетті. «Неге? Не болды?» Ыраш түсіне алмай дал.

— Ыраштай, апаңның көйлегі ғой. Қайтейін ботам... Кисейші сен. Осынша сақтап ем, кімге керек дейсің.

— Апамдікі ме? — Ыраш әжесінің берген көйлегін қолы қалтырай алды; қолқасына ащы жас тығылып, өртеп бара жатқанын сезінді: «Апа... апашым, сен тірі болсаң жетімдік көрер ме ек? Мынау... Мынау мамам... Мамам киген көйлек». Ол сәл салқын тартқан жібекті ыстық бетіне басты. «Мама... Мен сені білем ғой. Ұмытқам жоқ. Сен жүдеу едің... Үнемі күлімдеп жүретінсің. Ұрыспайтын ең. Білем...» Ыраш булыға: «Маматай...» — деді де еңіреп қоя берді. Әжесі кеп иығына қолын сап, маңдайынан сипағанда ғана:

— Әжетай, мұны қалай кием,— деді күбірлеп.— Қай бетіммен кием? Аруақ ұрар...

— Сабыр бол, ботам. Ки, жараңа шипа болар... Көжеден өзге ештеңе жоқ. Ә... Құмнан кеше құмаршық әкелген, сүтке бектіріп берейін, жейсің бе?

Немересінің жауабын күтпестен ауызғы бөлмеге шығып кетті. Қара көлеңкелеу қазандық жақта әр нәрсені бір салдыр қақтырып көп әуреленді. Сүріне-қабына үңірейген есіктің көзінен көрінді: қолында қызыл-ала сырлы ағаш аяқ; тарының талқанындай құмаршық ернеулете құйылған сары сүттің бетінде қалқып жүр. Кенересі кетілген ағаш қасық, беріп: «іш, же»— деп жатыр. «Өз балам... Асқаржаныма бүйітпеуші ем. Немере деген ыстық болады екен-ау. Көздеріне жас үйірілсе жаным қыдырады». Балым қария Ырашқа мейірлене, телміре қарап отыр. Оған мынау алдындағы жан сүйекті, ірі келіншек емес, талпынып бір отқа түскелі тұрған сәби тәрізді.

— Ыраштай, айтшы жаным... Осынша қанжоса сабағандай жазығың не?! Хайуан болғаны ма?— деді қария.

Аса жегісі келмесе де, қасықпен қоймалжым, бөккен құмаршықтан іліп алып асап жатқан; алдындағы кесені кейін ысырды. Әжесіне жаутаңдай қарап, аузын сүртті.

— Несін айтам, әже.

— Тәңірім-ау, әйтпесе мынау не?

— Әже...

— Мұнысын қоймаса, боташым-ау, бір күні сені өлтіріп тастайды ғой.

— Өлтірсе қайтейін, кімге керекпін?

— Олай демеші, ботам. Мына маған керексің...

Балым қария немересін құшақтай басып еңкейтті; бетінен, көзінен сүйді. Маңдайынан құшырлана иіскеп-иіскеп қойды.

Адам екі түрлі болады ғой. Бірі намысқой, шыдамсыз, қызуқанды келеді де, енді екіншісі өлі судай ауыр, көнбіс, сүреңсіз өмірдің сылбыр аяңынан шықпай жүре береді. Ыраш та сондай шырт ете қалғанымен жануы жоқ; іштей түтіндеп-түтіндеп барып басылатын. Сонау Бақан кеп, түнеп кеткелі берлі Исахмет оған бір жібіген емес; не болса соны ілік етіп, талай рет өлердей сабады да. Ақыры кеп, міне түн ортасында үйден түре қуып шықты. Әйтпегенде обалы не, ЬІраш шыдайтын. Өз ұясының жұпыны да болса жылы табалдырығын аттағаннан кейін ғана ол басқа да өмірдің барын сезінгендей: «Апыр-ай, осы менікі не? Қашанғы қорланам? Бақсыз аталып, байсыз өтсем де жетер енді. Көрмегенім сол болсын. Лағнат атсын кәрі итті» деп ойлады.

— Шыдамым бітті, әже. Өмірімше осылай өксіп өтем бе? Мен де адаммын.

— Мұның жөн, балам. Аштан өлмеспіз... Тек қаңқу сөз қиын, ботам.

— Иә, әже. Оныңыз рас.— Ыраш айналымға келмей көнетін ыңғайын танытты.

— Өзің ойлашы, қазір қазақтың қай қатыны байым тиді деп тентіреп жүр? «Құдай-ай, аман келсе тағдырдың ие салғанына да көнер ек. Күйеуіңнің ұрғаны да майдай ғой»,— деп отырғандарын естімеуші ме ең? Сен ғана... Сені мен түсінем. Ел түсіне ме? Жоқ... Қойнында байы, алдында жағулы отын, жазулы төсек, құрулы қазан тұрғансын құтырмай қайтеді? Зерігеді әрине. Байым тиді деп шолтаңдап қаша беретіні сонан емей немене? Ат бауырына алып та сабаған, өлдік пе? Бұ күнгінің қатыны жарылып кетердей қағанақ па? Жұрт тоңып секірсе, бұл тойып секіреді, есіреді да, демей ме, Ыраштай?

Жоқ... жоқ, менің қорқарым о да емес, Ыраштай. Мыналардың жәйі. Мен де күннен-күн жасарып келе жатқаным жоқ. Көзім жұмылғанда анау Серіктай, Шолпандардың қорғаны да, сүйеніші де сен бола ма деп үміттенем. Сондайда сен үйсің ғой.

— Әже, ондайды айтпашы.

— Неге айтпайым?.. Жо... сен, тыңда Ыраштай. Міне сол кезде оларға қорған сен ғанасың. Жалғыздық сондайда қиын. Әйтсе де Исахметке қорлатпа. Мейлі күйеусіз өт, тек қаңғыртпа бауырларыңды. Естимісің?

— Иә, әже.

Терезе көгілдірленіп, таң да сызат берді. Әупілдей ит үріп жатыр. Қылғына шақырған қораз үні де еміс-еміс естіледі. Балым қария ағаш аяқ пен кетік, қызыл ала қасықты, шаршы шағын дастарқанды жинастырып, балалардың бір шетіне төсек салды. Қызыл жалқынданып, түтіндене бастаған шамды өшірген, үйдің іші ақбозданып жүре берді.

— Ыраштай, кел көз шырымын ал,— деді Балым қария мейірлене.

— Жатқым келмейді, әже. Кетейінші мен...

— Не... е?

— Таң атып қалды ғой. Ел аяғы тұрмай, әже...

Кесірлікпен бе, жоқ, әлде немересінің солқылдақтығы жынына тиді ме, қалай; Балым қария іштей қорланғандай болды. Әйелдік намыс, ар дегенді қолдан беріп, жасытатын да өзі сияқтанды; әйтпесе ауыл қатындары «өйдер, бүйдер»,— деп мәймөңкелеудің қажеті не еді? «Жетті... Шалдың мазағына баламды қор қыла алмаймын»,— десе ше?!.

— Жә, отыр тиыш. Тырп етпе!

Өңірейіп орнынан тұра берген Ыраш таңдана қарап, іркілді; баданадай ұялы көзі онан әрі үлкейіп, жыпылық-жыпылық етеді.

— Ешқайда бармайсың.

— Неге, әже?

— Өзі келсін. Тұзыңды жеңілдетіп желпілдей берме. Еркек кіндіктің ақыры сол болса да, жетті енді.

Балым қария мұны кесіп айтты. «Обалыңа қалып жүрген осы өзім болмайын. Өміріңше ит-тепкі көріп, еркін тірлік етпегендей жазығың не? Кез келгеннің тәлкегі, қол-қуыршақ қып қорлата алмаспын. Исахмет көзін ашып қарасын. Үндемегенге тіпті мейманасы асып барады ғой мұқым»,— деп ол іштей қаһарға мініп, шиыршық атты. Жүзі алабұртып, жаулығын жұлқына тартты. Бүкіл қимыл-қозғалысында үрдіс әрекеттің нышаны сезіледі; екпінділіктің арты соқтығуға апарады. Ыраш әжесінің өңінің қуаң тартып, көзінің өткірлене қалғанынан секемдене бастады. «Исахметпен тілге келмек пе? Онан не ұтпақ? Жо... жоқ, әжем оны істемеуге тиіс. Менің таяқ жегенім елге жайылмай ма? Ұят-тағы...» Ол жаутаңдай қарияға бұрылған, ту сыртында жатқан балалардың бірі қарияға бұрылған, ту сыртында жатқан балалардың бірі ұйқысырай ыңырсып көңілін бөліп жіберді...

Бұл кезде Исахмет те үйден шықты. Іріген сүттей ақбозамықтанған аспанға қарап аузын кере есінеп қойды. Қолын артына айқастыра ұстап, қораның ортасында әлдекімді күткендей ерсілі-қарсылы жүр. Ауланың төрінде жатқан сиыр үздіге мөңіреді; шамасы желіні сыздап, шыдатпай барады. Исахмет қалтиып тұрып қалды. «Қап, не істесем, ә? Қарғыс атқыр дүния! Кім үшін жидым? Кімге керек?» Қораның түкпірінен аттың жер тарпып пысқырынғаны естілді. «Артықтау кеттім бе, қалай? Қандай ренжігенде де көп ұзамайтын. Арқандаулы аттай айналып келетін. Таң құланиектенді әлі жоқ. Бұ несі, о? Қыр көрсеткені ме?.. Уа, қайтеді-ей! Жыныма тие берсе табаныңды жалтырат дермін. О несі-ай мұқым. Сонан келген керді көтердім-ақ. Со иттің баласы қате боп, өліп қап жүрмесін? Сақтай гөр, құдай. Ессіз емес еді, кім біледі. Денесіне түскен дақты дәрігерге көрсетіп, заң орнына арызданам деп жатпасын. Анау кәрі мыстан, әжесі айтақтаса оны да істемей қоймас». Исахмет әрі-сәрі ойдан қажығандай терең күрсінді, әйтсе де сығыраңдаған моншақтай жанары бір нүктеге тірелгендей болды. Сәл қабақ шытып қалды да, асыға үйге бет алды. Елпеңдей үйге кіріп, көнетоз, күнқағары етектілеу қара қалпақ пен шолақ пальтосын киіп шықты. Қысқа, қамыт аяғын сүйрете басады; қонышы ұзын қара етігі де су жаңа, табаны көш жерден «ойбайын салып», мен мұндалағандай сықыр-сықыр етеді.

Исахмет қораның түкпірінен қонды, ойнақшыған көк байталды дірдектей жетелеп шықты. Шамасы ерттеулі тұрған; қатты тартылған шап-айылы жылтыраған түгіне сіңіп-ақ кеткендей аңдалмайды екен. Өзі де құтырынып тұр. Ауыздықты жұлқына күтір-күтір шайнайды. Бәтшағардың кезін айт та! Тостағандай жанары жаудырап бір орында тұрмайды: шоршып ұясынан шығып кетердей төңкеріліп олай бір, бұлай бір аунайды. Қара көлеңке қора түкпірінде әбден ішқұста боп, еркіндікке, жарыққа енді шыққасын ба; ине шаншыр еті жоқ, жұдырықтай басын кекжеңдетіп, билеп тұр. Ауық-ауық доғаша иілген ұзын, жылтыр түк, қыл-қыбырсыз мойнын созып-созып қояды. Оқтаудай жұмыр аяғын кербез тастап, қара-көк, еш сызатсыз, таға көрмеген тұқайы да мол, түнгі шықтан ылғал тартқан аула ішінің сарғыш топырағына жарты айдай із қалдырды. «О, тентегім! Тентегім... Сені бойдан қуат, қолдан қару кеткенде тақымыма басам деп пе ем?

Тәңірі дүние-ай, жаз тілегім күз беріп, күз тілегімді ақ құрау қыс беріп тәлкектемесең еді! Тентегім, тентегім!..» — деп Исахмет әлі де есірігі басылмай ауыздықты сүзе тартқан көк байталдың жылтыр түкті, қаз мойнынан қағып, мейірлене сипап қойды.— «Иә, жігіт күнімде қанатым болар ең! Қадірің қайдам?! Қадірің болмас та! Мүмкін осының өзі де жақсы шығар. Уытты, отты кезде тамызықтың қажеті не? Көз қуантар ұшқындай қуаныш та болса, алдан күткен де жақсы-ау. Енді міне көк байтал, сен де мені сергітіп, көкірегімді жылытып тұрсың. Meн бейбақ пендешілігіме бағып, «иә, тәңірім, мұныңа мың да бір рақмет»,— деу орнына жігіт күнімде кездесіп, қолыма тимедің-ау деп өкінем. Жо... жоқ, мен бақсыз да, бақытсыз да болмаппын. Шүкірлік, иә, алла шүкірлік». Сиырдың манағыдан гөрі де созылта, жалынышты мөңірегені көңілін тағы да бөліп жіберді. «Желіні сыздап барады-ау. Жарықтық мал-ай, жаныма мұншалық ыстық тиер ме ең? Кім үшін жидым сені! Бәрін бергенде, алла, маған бір шикі-өкпе сүйдірмеді ғой. Көрем бе деген үмітте ем. Оның да ауылы ұзап, дала сағымындай алдамшы болды ма, қалай?» Ол ой үстінде жүріп үйреншікті дағдысынша көк байталды үлкен қақпаның ағашына апарып байлады да, қайтып кеп қораны ашты; бұзауды, қой-ешкіні шығарды. Қойынан ешкісі көп екен; өңкей бір қарағай мүйіз ақ ешкі. Бөтен біреудің малымен араласып кетпесін дегені ме, оң жақ жанбастарына жасыл бояу жағып қойыпты.

Исахмет малды ауланың далаға қараған сыртқы есігінен шығарып жіберді. Үйдің іргесінен басталар қалың боз жусан, жапырақты мияға ілігісімен қойлар тістей қатып, шашырай іркілді; ешкілер әр шөптің басын бір шалып, ұзаңқырап барады. «Қап, мына шошақаларды-ай, ә? Не істесем екен?» Исахмет қайырсам ба дегендей ойда сәл тұрды да, ерініп қолын сілтей салды.

Көкжиек рауандап келеді. Таңғы самал да басылған; төңірек тылсым, тыныштық құшағында. Тірлік біткен бір сәт бей-жәй күйге енгендей; мүмкін Исахметке солай көрінген шығар? Әйтеуір ол селт етер емес. Айналаға құлақ түре, сәбидей аузын аша қарайды. Бәрі көз алдында; әне, әлгінде жымыңдап тұрған жұлдыз да анау тұзды судай ақшыл аспанға батып барады. Сығырайған көмескі терезе шынылары да әлдеқайдағы бір сәулені тауып алып, жымыңдаса бастады. Оның да өз тілі бар тәрізді. Тас қауынның сыртындай бұжыры көп ескі қақыралардың қабырғалары да, іштей жанданып, бойына қан жүгіргендей әуелі сарғыштанып, бертін келе қызғылт нұрланды. Иә, осылайша неше таң атты, күн батты?! Қисап жоқ. Өмір шіркін-ай десейші. Ол терең күрсініп қойды. Ойына еріксіз Ыраш кеп килікті: онымен бірге өзінің о дүниелік емес, бұ дүниелік адам екені оралды. Тірлік күйбеңі ойынсақ жиендей сақалынан тартып, қытықтап әрі-сәрі күйге түсіріп жіберді: «Бар пәле Балымнан. Кәрі қақпас жел беріп жүрмесе неғылсын. Әйтпесе шығатын Ыраштың ашуы қайтар шақ болды ғой. Және де бүгін шығатын күні ғой. Е, мейліші. Неме қиналам? Ө, несі-ай, мұқым. Ұрды-соқты, пәлен-пәштуан, милицияға көрінем деп күбініп жатпаса? Қой, үйте қоймас. Рас, анау Сәлима әлденені бықсытып жүруі мүмкін. Кеше пішеннен келісімен ауданға кетті деген. «Балалар үйіне» соғам депті. Онысы жәй көзалдау боп, әлдене хабарламақ па, кім біледі. Өзі біраз тірлігімізден хабардар-тұғын. Қой, қозғалайын. Сол бүлдірер. Ненің де болса алдын алған жөн.

«Тап басқан ештеңем жоқ. Суық жүрісті екенін сезінем. Ептеп тексерсеңдер. Маған бірер кило май бергені бар. Үндемесін деген ауызбастырығы ма, қалай? Баспалап сұрап едім айтпады. Ішім-жемі мол. Оңды-солды шашпа. Қайдан алып жатқанын түсіне алмадым. Әйтеуір тегін емес»,— деп қоймаймын ба? Әрине арасында «таза адам» десеңдер құба-құп,— дейін. Кейін ол сөзге іліне қалса мені шақырар. Сонда ең болмаса бұрын ескерткен адал жан» аталмайым ба? Соттан өлердей қорқатын Сәлима бәрібір мені куәгерлікке бірінші тартады. Мен күн ұзатпай қарманып қалайын. Малды қайттым? Е, көп болса Ықсан қабақ шытар. Ыраш ше? Келсе, үй орнында жоқ. Исахмет бұ жолы ширақ қозғалып, бедеу көкті шешіп алды. Қақпаның сыртына шығарып, ырғып жеңіл қонды. «Екі-үш сағаттан ұзамаспын-ау. Мүмкін жоқталмаспын да. Кеше біраз адам пішеннен қайтты. Кісі қолы жетерлік...» Тізгінді босатып, ат басын кері бұрды; тып-тыныш көшені ат тұяғымен жаңғырықтырмайын деді ме, бірден қырлыққа бет түзеді. Ауданға ең төте жолдың өзі осы еді; әрі көлденең көзден қағажу салт атты мен жаяудың жүрер соқпағы болатын.

3

Сол жақ мүйізі сынық, қызыл қасқа өгіз танауы шуылдап, үлпілдете, қаңқиған қорабын толтыра салған шөбі бар ірдуан арбаны шірене тартып келеді. Тұқыл мүйізінің өзінде бір күш жатқандай; түбінен бунай байланған кендір делбені жұлқа, басын сілкіп-сілкіп қояды. Бүгін ертеңгісін ғана өрістен, тұмсығын салқын таң самалына беріп, жылы жапаның үстінде күйіс қайырып жатқан жерінен айдап әкелгені көрініп-ақ тұр. Оң жанбасы қара күрең, салтақ. Бүйірі шығыңқы, түгі жылт-жылт етеді. Колхоздан шалғай аудан орталығына жол түсер деп ойламағандай сүлесоқтана ілбиді. Әлсін-әлі бишіктің ысқырып қалған үнін естігенде ғана қайқалаңдап, желе түседі де, жотасына сарт ете тигенде: «е, бұнан қашып құтыла алмайды екем ғой тәйірі» дегендей, жасаураған көзін жыпылықтата қаз қалпына түседі. Осы қазір оған мынау иық сүйесе мүлгіген ескі, сұрғылт, төбесі түйе тайлы қақыралар да, шаңдауыт ауыл көшесі де, шақырайған, зәрсіз күз күні де біртүрлі, әлдеқандай сары бояуға малынып, кіреукеленгендей болады. Тіпті арба дөңгелегі мен өгіз тұяғынан көтерілген май топырақ, шаң екеш о да сап-сары, танауға тығылып, жыбырлатып, қолқаны атады. Қарайған ағаш, не жасыл дала көгі болсайшы — сары ауылда түк жоқ. Ылғи шым үй, өгіз мойны жетпес аула. Әр қақпадан сабалақ жүн ит көрінеді. Әлгілер шабалаңдап, кейі тіпті өршелене арбаға жетіп келеді. Ондайда «қайтер екен» дегендей өзгелері бастарын қисайта қарап, үрулерін қоя қояды. Қызыл өгіз болса сол самарқау қалпы; танауы шуылдап ілби түседі. Ол дарылдап, жанынан өте шыққан төрт тонналық салдырлақ машинадан да үрке қоймады; «е, бұ жердің топырағы неге сап-сары десем, осы төрт бұрышты арбаның түтінінен екен ғой»,— дейтін сияқты.

Күнұзағына қос бүйіріне тынымсыз соғылып келе жатқан делбе жатағандау, төбесі шатырлы, ұзынша үйге жеткенде тартыла қалды.

Арба да тоқтады; дөңгелектен көтерілген шаң селдірей түсіп, көміп өтті. Сол сәтінде әлгі үйдің үлкен терезесінен дөңес мұрынды, май қауындай сопақша, зор бас ағараңдай көрінді де, жоқ болды. Биіктеу арбаның үстіндегі мол шөпке батыңқырай отырған Сәлимаға жаңағы бас таныс сияқтанып кетті. «Бұ кім-ей? Көрген адамым тәрізді ме, қалай?» деп ол таңдана, арбадан түсу қамына кірісті; қозғалмай отырғандікі ме, астындағы қалың шөп тапталып, шұңқырлана түсіпті. Аяғы жоғары көтеріліп, екі бүктеле қалған; ілкіде мұнысына мән бермей, қысыла күлсе, енді әбден үйелегеніне көзі жеткенде сасайын деді. Маңдайдан қара тер шықты. Еріксіз терезеге жаутаңдаумен болды. «Әлгі сопақ бас бәлекеттің қарамауын көрдің бе, ә? Ымдап шақыратын». Сол сәтінде ту сыртынан аяғын сүйрете басқан адамның тықыры естілді. Сәлиманың біртүрлі тұла бойы түршігіп қоя берді. «Маған не болды? Қорыққаным ба, ұялғаным ба?»

— Сәке, жол болсын...

— Тәңірі жарылқасын, кімде болсаң көрінші.

— Ә?..

— Алдымнан келші. Қолұшын берші,— деді Сәлима шыдамсыздана.

— Әзілің қалмайды-ау, Сәке-ай.

— Қап, мынаны-ай... Бақанбысың? Құдай-ау, сен бе ең. Бет-моншағың үзіліп бара ма, неге көрінбейсің?

Бақан көмекейін көрсете, шалқақтай күлді.

— Неменеңе жетісіп күлесің-ей, ә?

— Құдай ұрсын сені, ойыны ма десем, шының ба еді. Түйенің жарты етіндей болған сор маңдай. Кәне, қолың бор!

— Әй, Бақан, сенің де жетісіп тұрғаның шамалы ғой. «Жығылып жатып, сүрінгенге күледі» деген.

— Саған осы қазір күлмегеннің аузы-мұрны қисаяр.

— О, қосырей... Әкел қолыңды!

Жасы қарайлас Бақан, оның қандай сөзін де көңіліне ауыр алмай әзілдесе беретін; бұ жолы да сонысына бағып тұр.

— Қосырей деймісің-ей? Баяғыда сұңқарым, «жігіттің төресісің ғой» деуші ең. Е, заман өзгерейін деді де. Қой, осы мазағың да жетер, кетейін уақытыңды алмай.

— Ей, тоқта! Қайтеді-ей мынау... Тоқта дейім-ей. О, әулекі неме, саған жалынады деген.

Бақан анадай барып, кері бұрылды. Көзі сығырайып, мүлде жұмылып кеткен; күліп кеп, әлеуетті қолын берді.

— Е, пәлденбей манадан сөйтсеңші, жарымағыр.

Салима үсті-басын қағынып, басындағы жаулығын түзеді. Етжеңді, ірілігі болмаса ол өзі көріксіз емес-ті. Кейде ол үлкен алдында иба сақтамай әр нәрсенің атын тура атап, мол кететініне, қолы ашықтығына көңіл жықпастығына қарап қой, еркек біткеннің қылжақтап, әйелдердің айнала бере беттерін шымшыласатыны. Аққұбаша, орта жастағы Сәлиманы кейде елдің үлкен, инабатты адамдарымен қоспай қыз-қырқын, жігіт-желеңнің ортасына жіберетіні де сонан. Е, оны жоқтап, теріс қабақ білдіріп жатқан Сәлима көрінбегенсін, қайтсын. Бірлі-жарым пыш-пыштап, «шоқ-шоқ»,— деп айдап салғанды тәуір көретін құрбылары: «бүйтіп тойға шақырғаны бар болсын. Сәлима апамды бала-шағаның арасына жібергені несі-ей. Қорлағандары ма, ә»,— десе; ол мізбақпай: «кемпір-сампырдың арасына жібергендей не жаздым. Анда-санда ерінді бір сылп еткізіп, не болса содан үрейленіп, таңданып, отырғандай жанмын ба? Қой, бекер даттамаңдар той иесін»,— дейтін. Ұялы қой көзі ойнақшып сол кезде өмірі бір суымайтындай көрінетін. Қазір де сол күлімдей күпейкесінің сыртынан киген қаудырлақ плащын шешіп, қағып, ірдуан арбаның жақтау ағашына іліп жатыр. Қозы қарыны бұлтиып, қоңыр костюмінің ортаңғы ілгегін шерітіп тұрғанымен ісі жоқ Бақан да қылмың-қылмың етеді. Басында су жаңа жасыл қалпақ; әлгіден нафталин иісі аңқиды. Аяқта керзі етік.

— Жәйша жүрмісің, Сәке,— деді ол сөздің бір иінінде немкеттілеу, тік жаға көйлегінің өңірін сипалай түсіп.

— Бос жүріп не басыма ат теуіпті. Тірлік қамы да.

— Біздің Сәкеңдер баяғы қыз күніндегідей, жұмбақ қалпынан айнымайды.

— Мұнда неғылған жұмбақ, Бақан? Ашып айтсам, өз досың Исекеңнің нұсқауымен келдім. «Ауданға тарт. Бәкен, бар. Сауда төңірегінен бір жылы орын тауып берер»,— дегенсін, жеткенім осы.

— Құдай-ау, менде не тұр? Аудкомның хатшысымын ба, кіммін? Қой, Исекең өйдемеген шығар.— Бақан кәдімгідей абдырап қалды. Сыр тартып, арбасу, тұйыққа тіреу сияқтыны Сәлима қызық көрсе де, өзінің оған төзімі жете бермейтін; бастай түсіп, аяқсыз тастайтын.

— Жә, қысылма...

— Не деп қысылам?

— Сірәғысын айтам да. Бір шаруа боп келдім, Бәке.

— О, не?

— «Етдом» дейтін бар емес пе?!

— «Детдом» шығар, Сәке?

— Е, сол... әлгі жетім балалардың үйі. Сонда шаруам.

— Бала алмақсыз ба?

— Иә... Берсе жақсы. Кім біледі.

— Ә, жөн, жөн... Ауылдан тағы кім келді?

— Ықсан бала бар. Баяғы сол аяғы ғой. Тізесін оқ алып кеткен бе, қалай? Бүгілмейтін аяғы. Ішінде сүйек қалған дей ме, кім біліп жатыр. Сонысы суық тиіп, су тиіп деген сияқты іріңдепті. Гүп боп іскен... Шыдатпағансын қаралғалы келді. «Қалаға жібермесе, көрінем де қайтам»,— деген. Анау бүйен шектей ұзын, ауыл шетіндегі ауруханаларыңа жатқызбаса неғылсын.

— Ә, солай де.

— Иә, солай. Ал, әлгі «Етдом...» «Балалар үйі» осы ма?

— Жо... жоқ, Сәке. Бұл рапкоп қой.

— Қалайша? Бұрын осында болатын. Қазір анау көрінетін, қарағайдан қиып жасалған үйде. Балалар көбейді. Кеше де он шақты баланы әкелді,— деді Бақан гүрілдей. Сонан төс қалтасынан шынжыр баулы, алақандай сағатын шығарып, сырт еткізе қақпағын ашты. «Қақпағы күміс білем, о? Кілттенеді шамасы... Азаматтың аты азамат-ау. Қайдан табады-ей осындайды? Еті тірі жан ғой. «Балалар үйінен» де хабарсыз болмас. Әлде қандай тұйыққа тірелсем, кері теппес. Көмектесер»,— деп Сәлима оған үлкен үмітпен қарады. Бақан сағатын қайтадан төс қалтасына сүңгітіп жіберді де, тамсана:

— Иә... Өзі обед те бопты-ау,— деді.

— Өбетің не?

— Түскі шайдың уақытын айтады.

— Е, сөйдемеймісің, жарымағыр.

— Ал, жүр біздікіне. Шай ішіп шығайық.

— Әлгі «Етдом» жабылып қалмай ма?

— Жоға. Оған үлгересіз әлі. Асықпаңыз,— деді Бақан жайлана. Үй мынау, иек астында.

— Ә, жарайды ендеше.

Сәлима құнжыңдай қызыл өгіздің басын бұрмақ болған:

— Жә, оны қайтесің Сәке?! Біреу сойып жер деймісің. Оның заманы кетті ғой.

Бақан сұқтана қарап, езу тартты. Сәлима ыңғайсыздана, жүзін тайдырып алды. Ойына еріксіз соғыстың алғашқы жылы, Бақанның өкіл боп колхозға келгенде үйіне талай түскені, жұмалап жатқаны оралды; нан, шай жағынан қарасқаны да бар. Кейін Исахмет арқылы да жеңұшынан жалғастырып көйлектік мата да жіберді; Сәлима да бетін қайтармай: «ел сөзінен ығар жәйім жоқ. Ұрты қышыған қатындар не айтпайды дейсің тәйірі. Менен жас, келіншек тұрғай, қыздар да ұрынып жүр ғой»,— деп ол кеткеннен кейін әлем-жәлем көңілін алдарқатып бағатын-ды.

— Ешкім тимейді өгізіңе, қорықпа,— деп Бақан оның иығына өзімсіне, қамқор қолын салды.

Сәлима шошына серпіліп, төңірегіне жаутаңдай қарады. Әбүйір болғанда көшеде жан көрінбейді; сол сәтінде әлдеқайдан, шаңытқан ауылдың ішін астаң-кестең етіп, Қара құйын соғып өтті.

Сап-сары топырақ үп еткен желді күтіп жатыр екен; айғыр жалдана көтеріліп, ауыл көшесін бөрліктіріп кетті.

Үй-үйдің есік, қақпасын сарт-сұрт ашып-жауып, әлденені даңғырлата құлатып барады. Тас мүсіндей боп Бақан мен Сәлима тұрған жерінен қозғала алмай қалды. Сәлден соң ғана естерін жиып, үстерін қағына бастады. Сәлиманың тіпті басындағы жаулығының өзін бір жағына қарай қисайтып шашын қобыратып жіберіпті; жүзі де ақбоз шаң, көзі ғана жылтырайды.

— Тпу-у, пәлекет-ай!.. Қайдан сап ете қап еді,— деп қымсына күліп, қорбаңдай сырт айналды.

— Құйын емес мен шошытпағаймын сені, Сәке.

Сәлима үндемеді.

— Жатырқап қалыпсың ғой.

— Ә, жарымағыр, қайдағыны айтады екенсің.

Бақан қыт-қыттай күлді. Жұдырық басындай ауыр, іркілдек бұғағы бүлк-бүлк етеді. Қиық көзі мүлде жұмылып кеткен; қалпағының жапырайып, шаңырағы ортасына түскен үйдей қисайып қалғанын да сезбейді. Сәлима кекесінді мырс етіп, тіксіне қарап өтті. Біресе «сіз» деп, біресе «сен» деп өзімсіне сөйлесе де, Сәлиманың оған іші еш жылыған емес; әсіресе сонау таңда, Исахметтікіндегі тірлігін көргелі жаны түршігетінді тапты. Әзілдесе де тісін басып-басып жібергісі кеп тұрады. Әрине ол Исахметтің көзіне шөп салды деп, оның намысын жыртқаннан емес, Ырашты аяғаннан. Ілкіде қыздың болашағы көңілін бөліп, қынжылтпаса да бертін келе соған күнәһар менмін-ау дегендей қысылатын-ды. Кейін сыралғы болды; Ыраш та оған құлай сенді. Қуанса да, күйзелсе де Сәлима алдына барын жайып сап, «енді қайттым, апа» дейтұғын. Бұрын-соңды ақыл сұрап, өзіне жан баласы келмегеннен бе, Сәлима жас келіншектің аңғалдығы, ақтығын қызық көретін; «өйт-бүйт» деп ойына келгенді айтатын да шығарып салатын ғой. Қалай, қашан, неден екенін кім білсін; бірде ол Ырашты ұзақ күтті. Келмеді. Барса... Ол төсек тартып жатыр. Жүзі шүберектей құп-қу. Жо... жоқ, оны Сәлима өмірі ұмытпайды. Сол түні кірпік ілмей Балым екеуі күтті. Ертеңіне ғана тыныштанып, басын көтергенде қандай қуанды десеңізші; «бұл өлсе мен қайттым» дегендей қатты үрейленіп еді-ау. Мүмкін сонан басталған шығар — Сәлима өзін әлдекімнің дағдырына жауапкер сезінетін болды. Ыраш та оған бұрынғыдан бетер жайраңдап, құшақтай алатынды тапты. Сондай да бейқам, самарқау көңілі жылып қоя беретінін Сәлима Талай аңдаған; Ыраш күн өткен сайын өз туған қызындай ыстық тартып, алданышына айналды. Сәлима бойын билеген белгісіз сезімді жатсынып: «о, сорлы қар! Алданбайтының жоқ-ау!? Ол кім, сен кім? Кімісің оның? Пішту, қу бейбақ!» — деп өзін-өзі кекейтін.

Айнала бере Ыраш көңіліне қайта оралып: «не істеп жатыр екен? Көріп қайтайыншы. Исахмет болса ше? Е, мейлі»,— дейтін. Көзіне ұйқы тіреліп, шаршап отырса да ерінбейді. Түбіт шәлісін мойнына бос салып шығатын. Сонан түн жарасы ауа оралатын. Талай сыр ағытылатын ғой. «Сәлима апа-ау, күннен күн жасарып келе жатқан ештеңесіз жоқ. Сізге де бір алданыш, шикі өкпе керек емес пе?! Ауданға барып, «Балалар үйінен» сұрап алсайшы», - деп жүрген де Ыраш. Әрі ойлап, бері ойлап Сәлима ақыры көнбеді ме? Қазір соған белін бекем буып отыр. Бұрын жалғыздығына аса мән бермегеннен бе, бала жәйін ойламайтын. Көңілін бекіткелі, әрі оның оңай іс еместігін сезінгелі тыныштықтан мүлде айырылды: сол бейтаныс сәби үні құлағына кеп, ызыңдап тұрып алатынды шығарды. Ол тіпті «апатай, сүт ішкім келеді»,— деп қыңқылдап оятқандай да болады. Шашы ұйпа-тұйпа, түн ортасында іш көйлегі ағараңдап, төсегінен тұрып отыратынды шығарды. Осы кезге дейін қалай жалғыз тірлік құрып келгеніне де қайран. Бала қолына тимесе өліп кететіндей де тәрізді. «Жо... жоғы, не болыпты. Берер... Бір баланы тәрбиелегендей жәйім барын кім де болса біледі ғой. Әттегене-ай, ЬІқсанның аурып қала қойғанын қарасайшы. Өңкиген мынадан бірдеңе шықпаса»,— деп ол Бақанға үміттене қарады.

— Сәке, жүрмейсіз бе үйге? — деді Бақан күлімдеп. Сәлиманың шаң-шаң жүзінен оның жан құбылысын аңдамаса керек.

Сәлима иек қағып келіскендік ыңғай танытты.

Ауылдың күзгі, бойкүйез, сары көшесін жаңағы бір ала құйын жандандырып кеткендей екен; әр үйдің ауласынан, қызыл шыбықтан тоқылған шетен қақпасынан бала-шаға, дағарадай ақ сәлде, қара бешпент киген қария, жаулықты, өңі сынық әйелдер көріне бастады; бәрі де Сәлиманы жаңа көргендей тесірейе, ұзақ қарайды. Буалдыр терезелерден де әлдекімдердің қызықтай көз алмай тұрғанын аңдады. Қай ауылда да осы бір ерсілік жоқ емес; Сәлиманың өзі де талай рет бейтаныс жанды тамашалаған, сөйтсе онысы масқара екен ғой. – «Ұят-ай,— деп ойлады,— маймыл көргендей қадалып, ұзатып салушы ек. Тұқымың құрсын, қандай ыңғайсыз, ә?!»— Сәлден соң Сәлима әлденеге ызаланып, қорлана бастағандай болды.— «Әй, неменеге тесірейесің? Адам көрмеп пе ең? Маймыл емеспін ғой сен қызықтағандай.

Әлде мен...а — деп тұздығы мол бір сөзді ышқынта соғып та жібере жаздады. Абырой болғанда Бақан көңілін бөліп:

— Үйге де жеттік,— деді.

— Е, қазақтың «осы жері — көш жер» дегені бекер емес екен-ау. Біраз жүрдік қой.

— Солай ма? Екі көшедей...

— Иә, «иек астында».— Мұны Салима Бақанның даусына салып айтты. Бақан шалқақтай күліп, «о, патшағар-ой»,— деп қойды.

Сырт көз, кеше беті жұпыны көрінгенімен аула іші кең, екі-үш қара ағашы бар, жинақы жәй екен; шарбақ та биік, ұшын сүйірлеген ағаштан қиып жасалыпты. Жақында ғана сырлағандай, жылт-жылт етеді. Аула opтасында бүйірлі сары самаурын буы бұрқырап, ентігіп тұр. Сонау қора түкпірінен қара қазанның түбін жалаған иттің тіліндей қызғылт от көрінеді. «Ертеңгі сүттің астына қиды мұнша мол салып, өлердей жақпайтын. Ұзақ пісетін қандылау, ақ көбік тағам-ау сірә. Жас та емес шамасы... Ә... сүр де? Иә, иә... Сұр ет болды»,— деп ойлады Сәлима. Сол сәтінде шілмиген сары қатын көшеге қараған үйдің есігін ашып, сәл тамағын кенеді. Онысы: «Уа, ірметілмей үйге кірсеңізші»,— дегендей еді. Ізетпен иіле көрісіп, ернін жыбыр еткізді. Сәлима сұр етке сілекейі шұбырып, іркіліп қалған; сонысынан қысылды ма, қорбаңдай ебедейсіздеу көрісіп, үйге сүріне-қабына кірді. Ауызғы бөлменің есігі аласа екен; асығып жүріп маңдайшаға басын оңдырмай соғып алды. Әйтсе де сыр бермеуге тырысып, қонақ үйге өрлей берді.

Бөлме кең екен. Есіктен төрге дейін қошқар мүйіз ою салған ақ текемет төселіпті, оның үстінде шаршы, шағын қызғылт-көк кілем; бір жақ қабырғаны кереует, кебеже, жүк-аяқ тұтас алып жатыр. Төсек орын да тау-теке жиналыпты. «Мынау шіріген бай ғой-ей? Анау кереуеттің тұсындағы көлдей кілем қанша тұрады екен? Айтсаң да көненің көзі-ау, түгіне дейін жылтырауын қарашы. Бояуын... Бояуын айт да. Исахметте де нақ осындай бір кілем бар. Оның түгі тықырлау ма, қалай? Әрі ретсіз жиналғаннан ба, былығын, мынанікі Исахметтің дүниясындай көзге ұрмайды-ақ. Әйтсе де жинақы, қандай әсем, ә? — Сәлима енді ғана аңдады; жаңағы сары келіншек қол қусырып өзінен көз алмай қалыпты.— «Мынау Бақанның кімі болды? Бадырақ көз қара кемпір әйелі еді. Бұ не күтіп тұр?» — Басы добалдай қызыл етігі мен плащын шешпегенін, кілем үстінде ақ жолақ ізі қалғанын көргенде Сәлима қатты қысылды; «ұялған тек тұрмас» деген рас-ау, ол сол жерде, төрде отыра қап етігін, плащын шеше бастады. Келіншектің сұрлана түсіп, Бақанға көз тастағанына, мысқылды езу тартқанын байқаған жоқ. Етігі мен плащын ала жөнеліп, ауыз үйге дүрс еткізе лақтырып кеткенін құлағы шалды. «Өй, мына қатын не шолжаңдайды-ей»,— деп Салима қитықтана қалды. Өз ісінің ерсілігін сезінсе де, мойындағысы келмей, түйліге Бақанға жалт қарады. Қолтығында құс жастық Бақан кереуеттің алдында сұлап жатыр; мүлде бейқам, жылымшы күлімдейді. Сәлима онан түңілгендей сырт айналды.

Төрде, екі терезенің аралығындағы қабырғада ілулі тұрған, үлкен қызыл сырлы рамадағы әртүрлі ұсақ фото суреттерді қызықтауға кірісті. «Ойпыр-ай, мынау қайсысы-ай? Едірейіп қалыпты ғой. Тура милитса екен дерсің. Пәлі... Бақан ба-ей! Көзілдірік киіп түсіпті. Бір жерде қырық-елу адам тауықтың балапанындай шүпірлей, бидайдың түйіріндей бастары ғана көрініп отыр. Соның ішінен Бақанды таппақ боп Салима көп әуреленді; әбден көзі талып, мойны ауырды. «Қалайда тап деп әлдекім қысталағандай менікі не? Өзін де өлердей биік іліпті ғой».

— Сәке, танысыңыз бар ма екен? — деді Бақан ту сыртынан кеп.

— Е, Жоғы... Мынаның ішінде сен бар ма ең?

Сәлиманың көзі әлі сол рамадағы суреттерде. Бақан «кәне...» — деп әдейі сүйкене үңілді. Құжынаған ақ құрттай көп бастың арасынан шеткергі бірін добалдай сұқ саусағымен көрсетті. Салима мойнын созыңқырай көзін сүзе қарады; ештеңе аңдай алмады. Өйткені жаңағы бас Бақанның саусағының астында қалған.

— Қайда? Кәне... Жарымағыр-ау, ербеңдетпей қолыңды тартсаңшы. Ә, мынау ма? Ұқсаса не дейсің? Көзің қайда? Мұнда тіпті көзің жоқ қой... Құдай-ой, не деген көп адам.

— Е, қайсысында көз жарқырап тұр дейсің.

— Апыр ай, сонда да алдыңдар, ә? Сендерді түсірген адам да бай шығар. Кісі басы осыған қанша бердіңдер?

— Жадымда жоқ,— деді Бақан қырыстана.

— Бір сомнан алғанда да аз дүния емес-ау. Қалай жиналып, түсіп жүрсіңдер?

— Е, әлгі қалаға конференцияға барғанда ғой.

— Мынау кім? — деді Сәлима, қиық көзін барынша бадырайта қарап отырған осы үйдегі сары келіншекті танымағансып.

— Ә, ол ма? Менің қызым. Жаңағы есік алдында қарсы алатын... сол.

— Әй, бәсе көзіме жылыұшырап еді-ау. Ым...

— Күйеуі майданнан өткен жылы келді. Адам деген қызық қой. Аман оралғанына шүкірлік етпей, ішкілікке түсті. Ошағының әбден берекесін кетірді. Қит етсе менің қаным бұзылған, аузыңды ашсаң өлтірем деп діңкілдеп, тыныштық таптырмағансын қолыма алдым. Бір аяғы жоқ малғұн балдағымен ұратынды шығарыпты. Жазым етуі мүмкін ғой. Әрі балапаныңды шырылдатып, қалай қорлатарсың.

Бақан мұны тарыға айтты; қабағының үстіне көлеңке үйіріліп, ұнжырғасы түсіп отыр. «Әке шіркін деген сол-ау... Жүрегі елжіреп барады... Иә... «Балапаныңды шырылдатып, қалай қорлатарсың» деді, ә?! Баланың тәттілігі де осынысында. Исахмет Бақанның баласы жоқ деп еді. Алдаған екен ғой. Еркектің бәрі сол-ау... Сөйте тұрғанымен өзге біреудің қызына үйленбек. Ол қорлау емес. Әрине... Тоқта, бұл сонда нешінші баласы? Тұңғышы ма?» — деп ойлады Сәлима төрдегі, әлгінде Бақан жайған көрпе-жастыққа жайғасып жатып.

— Ә, Сәке, сәл дамылдаңыз. Жолсоқты болған шығарсыз.

— Е, тәйір-ай көрмеген жол деймісің. Бәке, сонда бұл үлкеніңіз-ау, шамасы, ә?

— Ортаншым ғой. Үш қызым бар. Екеуі қалада... Анау арғы бетте «Балық комбинатында» істейді. Күйеу балаларым мұнайшы. Әскерге алынбаған.

— Ә...

Жатаған есіктің көзінен сырықтай ұзын, қара кемпір көрінді.

— Кемпес, кел бермен. Отырсаңшы,— деді Бақан даусын жұмсарта.

Терезеден қиғаш түскен күн сәулесінен бе, қарияның өңі сарғыш, сынық екен. Ерні бүріліп, сызыла кеп төрден төмен, шымылдық пешке жаурынын бере тізе бүкті Үстінде көнетоз, жеңінің аузы қырқылған кәмзал, тік жаға, қоңыр көйлек; аяқта қара мәсі. Ақ шыт, шаршы орамалын тамақ астынан орай тартыпты. Саусағымен кілем түгін тынымсыз сипап, ұясынан шығыңқы бадырақ көзін жарқ еткізе тастап қояды.

— Xал-ахуалыңыз жақсы ма?— деп қалды Сәлима.

— Шүкір... Өздерің де мал-жандарың аман ба?

— Алла деп сол жүреміз әйтеуір.

Күйеуі мен мына бейтаныс әйелдің арасында нендей әңгіме болғанын аңдамады ма, әлде естімеді ме; қайткенде де бала жәйлі мұнан әрі соз қозғалған жоқ. Көп кешікпей жез шылашпын, қаз мойын ноғай құман ұстап сары келіншек кеп кірді. Бақан серпіле, жастықтан басын көтеріп алды; малдасын құрып отыр. Қара кемпір кереует басына ілулі екі-үш түрлі орамалдың бірін алып, қонаққа ұсынды. Сары келіншектің оң көзінің асты жыбырлап, жиі тартып кететінін Сәлима енді ғана байқады. Өзін жақтырмай жүргенін сезсе де, оған мән бермеді; «О, әдепсіз қар! Қайтеді-ей? Тұмсығымды бұзбаса игі еді құман ұстасы бөтен екен. Уа, ақырын, келін»,— дегісі-ақ келсе де, онысын аңдатпай, шылапшын үстіне қолын тосты. «Пәли... Су қайнап тұр». Әдейі істегендей сары келіншек езу тартып қояды. Сәлиманың әбден жыны келді білем:

— Жә, болдым,— деді құманды қол сыртымен кейін ысырып.

— Қызым-ау, қол суың тым салқын ғой. Мұнан гөрі ысытпадың ба? — Бақанның мысқылдай езу тартқаны сары келіншекті әлдеқандай бұйығылықтан серпілткендей болды. «Ә...» — деп аңғалсып жаутаңдай қалды да, жүзі қуаңдана құман, шылапшынды далаға ала жөнелді. Әкесінен қатты сескенетіндігін Сәлима байқап, таңдана қарады. Кемпірі де абдырап, дастарқанды әзер жайып жатыр. «Иә, мұндай адам бір емес үш әйел алам десе де, бұл үйде кейістік білдірер кісі, тірі жан көрінбейді». Сәлиманың ойын құптай түскендей жаңағы сары келіншек құманды қайта әкелді. Шамасы қан жылым су.

— Көке, салқын су құйдым.

— Әкет! Керегі жоқ.

Шегіншектей шығып кетті. Іле самаурын әкеп, дастарқан үстіне сары бауырсақты төгіп тастады. Сары май да, буы бұрқыраған қуырдақ да қонақ алдынан кеп орын тепті. Үш аяқты темір табаға толтыра салған қызыл қи шоғы да самаурын түбінен бері аспай қатарласа сән түзеді. Бұрқыраған шай иісі де бөлме ішін жайлап жүре берді. Бақанның қас-қабағын бағып өскен бала да, ана дa оның неге ренжігенін сезді ме қалай, Сәлимаға елпілдеп, жылы рай тантуға көшті. Түйе сүтін де аяусыз қатып, шайды бабымен, тек ақ құманның өзінен құяды. «Іш, же» -ні жиі айтатын да кемпір мен қыз. Сәлима бірер шыны шайдан соң ренішін мүлде ұмытты; жарқылдай күліп, «жол түссе қызың мен апайды алып кел. Қонақ боп, бой жазып кетсін»,— деп үйге шақырумен болды. Осындай бір бабында Сәлима неге де көніп, көңіл жықпастыққа баратын; жеңгетайлыққа жүріп кетеді. Сонысын білетін Бақан:

— Әлгі анау... әһ... Мазира ма, Жазира ма еді? Екі аяғынан айрылған байына кел дейтін ше? — деді.

— Ә... Жәзира ғой. Сорлы қар адасты әбден. Қой... Қой... Оның еш айтатыны жоқ. Обал-ақ... Жастықтікі де, өзге не дейсің. Әйтпесе мына самаурындай аяқ-қолсызды қабылдай ма? О да ертең сәби емес пе? Сәбиден де әрі болар. Жарым жан, көңілі кетік адам кінәмшіл тігіл, қитықтанғыш келмей ме? Мен соны байғұс баланың қатеріне салғанмын, құлағына ілмеді ғой.

— Е, о не, хат жазып па?

Бақан сөз тартуға шебер еді; көлденең көзге аңқау, ақжүрек көрінгенімен Сәлима сияқтыларды сайратып қоюға мол. Шынтуайтына келгенде Бақанға Жәзира емес, анау марқұм қасапшының қызы керек; оны әрине тура сұрау қиын. Кемпірі мен қызы да болса отыр; олардан ықпағанмен алдын ала дабырлап, қадір-қасиетін кетіріп қайтеді; қорлаған да тәрізденбей ме, әрі мынау Сәлима да баласы барына әжептәуір таңданып бойын жинап алған жоқ па? «Шешіліп, қайта жазыла түссін. Қатын «сен бірдеңе білесің» дегенді тәуір көреді ғой. Осылай баспалап барып шалмасаң, өре түрегелер»,— деп ойлады Бақан.

— Иә, байы біреуге жаздырған ғой. Сол әлгі... «Мүгедекпін. Пәлен-пәштуанмын» деп. Мынау соған елжіреп: «Ойбай, мөлдіреген көзіңді көріп отырсам да кел» демей ме.

— Е, жазған-ай, қайтсын. Ақ адал жан де,— деді Бақанның кемпірі тамсанғандай. Сәлима да құлағын түре қалды: «Үні қандай биязы».— Бай қатынға табыскер, жеті мүшесі сау кезде ғана керек пе екен. Біле білсе, әйел еркектің ермегі, қуыршағы, тек жары да емес, жаны қиналғанда анасы, жадырағанда қарындасы да болуы лазым.

Қара кемпір сол бір қырын, самаурын түбіндегі қызына қарап отырған күйі қозғалған жоқ. Жүзі де сол қуаң, көз астына көлеңке түсіп тұр. Жоғарғы ерін үстінде тарының түйіріндей тер жылтырайды. Сәлима қарияны жаңа көргендей таңдана көз алмайды. «Ажарлы екен ғой. Жо... жоқ, көзі де ұялы, ашық ә?»

— Әйтпесе несіне сүйдім дейді. Несіне күйдім дейді, - деп қария сөзін жалғастырып, Сәлиманың көңілін бөліп жіберді.— ЬІстығына күйіп, суығына тоңса ғана ол әйел, Басынан сөз асырмай, ел көзінше ерінің бетінен алып жатса — ол қатын. Оның өзге аты жоқ. Қатын бишікеш те, сылқым да болар. Ал, ері кім? Қатынынан беті қайтқан еркектің ездігі көрінбей ме?! Оған адал, асыл әйел қорланбай ма? Рас — Қатын оны «жеңісім» деп біледі, қуанады. Ол ездің қатыны екенін сезбейді. Сіңлім, сен айтып отырған келіншек әйел екен. Солай сіңлім, солай...

Сәлима тағы да ортақ тіл таба алмай қалды; қорбаңдап жан қалтасынан орамалын шығарып бетін, тершіген маңдайын сүртті. Ол Бақанның кемпіріне шаншыла, оқты көзімен ата қарағанын аңдамады; қозғалақтай түсіп терезеге бұрылды да:

— Е, біраз бопты ғой. Бір шыны ішіп тұрайын,— деп.— Болдым, айналайын, маған енді құймағайсың.

— Ойпыр-ой, Сәке-ай, неге асығасың? «Детдомға» байланысты шаруаңа ма?

— Иә, өзге не дейсің?

— Жә, оның жөні табылар. Төңкерме аяғыңды. Кәне, қызым, құйшы. Фу... у... Әй, Сәке-ай, қартаймайсың-ау.

— Мың болғыр, не болса соны айтады-ақ екенсің,— деп Сәлима жымырайып ұялғансып қалды.

— Бір баланы алып бере алмасам неменеге кілт ұстап жүрмін, ә?

— Кілті несі?

— Өткен жұмадан ба?.. Құдай-ау үш-төрт жұма боп қалған екен ғой. Сіңлім, ағакең қойманың бастығы болды,— деді қара кемпір.

— Е, құтты орын болғай!

— Әмин! Кім біледі, есеп-қисаптың айналасы ғой. Әлде қайтеді деп қорқамыз.

— Қой, кемпес, асаңқайғыланбай.— Бақан қара кемпірді қақпайлап қойды.— Баяғыда, мен милицияда істеп жүрген кезімде білуші ем. Анау сіздердегі қасапшыны...

— Ә, иә, иә... Қасапшы болған. Ол суға кетіп, осы соғыстың алдында өлді.

— Е, иманды болсын. Қазір кімі бар оның?

«Оның керегі не еді? Шынымен-ақ қасапшының өлімін білмегені ме? Колхозға талай келгенде естімегені ме?» — деп Сәлима оған мән бере қойған жоқ.

— Қазір анау татар әйелі мен бойжеткен қызы бар.

— Е, марқұм-ай... Қызы жұмыс істей ме? Қайтып тірлік етеді? — деді Бақан немкеттілеу.

— Ойбай-ау, Бәке, әйелі ісмер кісі ғой. Қалған-құтқан тері-терсектен бөрік, биялай тігіп сатады. Табысы екеуіне көтерлік. Қызы биыл мектеп бітіреді.

— Ә, жөн екен.

Бақанның әлденені жақтырмай қабағын шытып қалғанын аңдап, Сәлима қатты таңданды. «Тағы не жаздым, құдай? Со қасапшының қызындағы менің жұмысым не еді. Білмеймін дейтің кісімін-ау. Жә, оны соншалық өлердей сұрағаны несі? Жақсы жолдасы ма? Досы болса бұ күнге дейін білмей, қатыспай, хабарласпай жүруі қалай? Иә, тегін емес. Бекер сұраушы ма еді Бақан».

— Апа, ит үреді,— деді сары келіншек қарияға бұрылып.

— Қарасайшы, ботам, біреу келген шығар. Қауып алып жүрер.

— Ит шынжырлаулы, апа. Өршелене үруін қарашы.

Сары келіншектің жүзінде «бұ кім болды екен» дегендей таңданыс бар; аңыра әкесіне көз тастады. Самаурын түбінен еріншектене тұрып, сызылып шыға қоймаған; Бақанның оң жақ беті жыбырлап, атыла қарады. Сол-ақ екен келіншек есікке бет алды; көп кешікпей ауызғы бөлмеден сүйрете басқан ауыр аяқтың дүсірі, ағаш еденнің сықыры, «сәлематсыз ба» деген еркектің қоңыр үні естілді; іле орта бойлы келген, сұр шинельді, әскери фуражка киген ақсұр, жүдеу өңді жігіт те есіктен көрінді. Уытты қара көзі тас көмірдің шоғындай жылт-жылт етеді.

— Есенсіздер ме? — деді ол самбырлап.— Мақтап жүреді екем ғой. Шай үстіне келдім. Сірә аузым салымды болар-ау.

— Ә, Ықсанбысың? Бауырым, аманбысың? Төрлет! Кемпес, бұл нағыз өз қайның. Адайдың арқыраған бір ұлы.

Бақан қалбақтап жатыр. Қария да орнынан тұрып, жылыұшырай амандасты; ізетпен төрге жол ашты. Салима да қуана күлім-күлім етеді; Ықсанмен бірге бүкіл ауылы көшіп келгендей жайраңдап кетті. Аудан орталығы қашықтау жатқаннан ба, Сәлима сирек қатынайтын; келсе қайтқанша асығатыны тағы бар. Жат жерге келгендей өгейсініп жүреді. Әлдеқалай ауылдас біреуді көрсе шұрқырай көрісіп, қатты қуанатын. «Оу, Сәке-ау, бүгін ертеңгісін ауылда сәлемдесіп ек қой»,— десе болмай, «ел аман ба?» дей жөнелетін. Бұл жолы Ықсанға өйтпеді. Әйтсе де өзін-өзі шаң ұстап тұрған сияқты; жігіт жүзіне үңіле қап, күлім-күлім етеді.

— Қалайсың? Дәрігерлер мазаламады ма? — деді Бақан тамағын кенеп қойып.

— Дәрігерлер салқын тигізбе. Әлі де болса ісінсін сонсын аламыз. Оқтың жарықшағы бар дейді. Дәрі жағып байлады. Бара бер деді. Кеттім.

— Ә, қауіпті емес десе болғаны ғой.— Бақан жігіттің шинелі мен фуражкасын шештіріп есік алдында күтіп тұрған қызына берді.— Осы сен, ЬІқсан, адасып келген жоқпысың, ә?

— Мен бір жоқ іздеп жүрген жанмын.

— Жо-оқ? Иә, ол не? — деді Бақан таңдана.

— Бір әсем апам мен қызыл өгізімнен айрылып, көз жазып қалдым. Өгіз арбамды Рапкоптың алдынан таптым. Апам жоқ. Соны іздеп келем... Ойбай-ау, апам мында отыр екен ғой,— деп Ықсан Сәлимаға жалт бұрылғанда, бәрі жамырай күліп жіберді.

Дастарқан басы қайта жанданып, желпінгендей болды.

4

Исахмет аудандық прокуратура мекемесінен терлеп-тершіп шықты; ол ойлағандай бұл сапары оңай шаруа болмады. Сыптығыр қара жігіт мұның өзіне шүйлікті, шынысы қалың көзілдірігін әлсін-әлсін түзетіп:

— Ым... Тағы не айтасыз, ақсақал,— дей береді.

— Не айтайын. Менікі тек сезік қана.

— Ым... Сезік деңіз.

— Ұлықсат болса мен жүрейін, балам. Қарауымда ірі қара бар, бақташы адаммын...

— Ым... Фермада істеймін дедіңіз ғой, иә?

— Бақташымын.

— Ым... Жөн, жөн...

Қарт астындағы қиюы қашқан жаман, арқалы орындықты сақырлатып-сұқырлатып тұрмақ болған; бейқам отырған қара кительді тергеуші жігіт серпіле:

— Асықпаңыз, ақсақал,— деді. Үні ызғарлы, қатқыл естілді.— Сізбен жұмысымыз біткен жоқ.

— Қарағым-ау, мен айтарымды айттым ғой. Енді не істе дейсіз? — Исахмет шыр ете қалды.

— Сол үшін талай жерден ат терлетіп келдіңіз, ә?

— Қалай десем екен,— деп Исахмет еріксіз жалтаруға, ұстатпай шығу жағына көшті.— Ауданда өзге де шаруам болған. Жол-жөнекей соққаным ғой. Сезгенімді қатерлеріңе салдым, теріс десеңдер үндемей-ақ қойдым.

— Ым... «Үндемей» деңіз.

— Иә.

— Неге?

— Айналайын-ау, сезігімді білдіріп, тергеу орнына өзімше көмек етпектігім үшін күнәлі болғалы отырғам жоқ па?! Тақымдап қалатын емессіз,— деді Исахмет батылдана.

Тергеуші жігіт сүзетін бұқадай басын бұғып, көзілдірік үстінен ызғар шаша қарап қалған екен; Исахмет ығыстап, күрмеле тоқтады.

— Ақсақал, жасырынбақ ойнауды қойсақ қайтеді, ә? Сіз Бақанды сырттай білетін адам емессіз. Әлі де ол жәйлі айтпай отырғаныңыз жетерлік сияқты.

— Жоқ. Барымды, білерімді айттым.

— ЬІм... Қасарысасыз, ә? Жақсы... Біз сізге разымыз, ақсақал, оны мен өз бастығыма...

Қарттың құлағы шыңылдап қоя берді. Тіпті тамағы құрғап қалыпты, жұтындырмайды; мынау жігіттің мақтағалы, не даттағалы отырғанын да аңдай алмай дал. Талай тұйыққа тірелсе де мұндай қысылмаған; қайта қақтығысқан адамын сүріндіріп, тышқанмен ойнаған мысықтай миығынан күліп отыратын. Бұ жолы әбден шатасты; ұстаз алдын көрмеген шәкірттей абдырап, бойын жинақтай да алатын емес. «Көптен заң орнының жігіттерімен араласпай саяқ, малға кеткендікі ғой. Сауда төңірегінде істегенде бұлармен жиі кездесуші едім...»

— Неге үндемейсіз, ақсақал? Әлде онымен сыбайлассыз ба?

— Сыбайласыңыз не? Ол сауда қызметкері де, мен бір аурулы шал, бақташы ғанамын.

— ЬІм... Онда сізді кідірте тұрамыз да.

— Кідірткені қалай? — Исахметтің үні бұзылып, моншақтай торай көзі терең ұясынан ытқып шығып кетердей болды.

— Есіңізге түскенше дейім да.

Исахмет әбден састы; қалбалақтап, «енді не айт дейсіңіз» деп орнынан тұра берген, көзілдірікті:

— Ақсақал, сізге бірдеңе керек пе?— деді. Беті сұп сұр, бүлк етер емес. Манадан жазып отырған қаламын сия сауыттың үстіне қоя сап, жағын таяна қадала қалыпты.

Маңдайынан мұздай тер шығып Исахмет орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Жүрек түкпірінде әлдене үзілген дей қатты шаншып кетті; буын-буыны мұздап барады. «Осы мен аурумын-ау, ә? Иә... Анау не? Сия сауыттың қасындағы... қорбиған немене? Адам ба? Жо... Бүркіт қой. Ұшқалы жатыр ма? Әлде бүрді ме? Бүрді-ау дейім, ә?! Солай... Бөлмелері қандай суық еді. Әлгінде кең, жарық сияқты еді...»

Есік шалқасынан айқара ашылып, шашына ақ кіре бастаған, жігіт ағасы, қалың түкті қабақты сары кіріп келді. Исахметке иек қағып, тергеуші көзілдіріктімен қол алып амандасты; столдан әрі, терезе алдына барып, екеуі шылым шекті, күбірлесіп ұзақ сөйлесті. Қарт бөлменің қақ ортасына қойылған жалғыз орындықта отырған, олардың сөзін ести алмады. Терезе шынысына қайта-қайта соғылып, желдеткіштен шығып кете алмай ызыңдап жүрген бармақ басындай көк шыбынды қызықтаған боп, құлағын қанша тіксе де ештеңе ұға алмады. Тергеуші жігіт сәл даусын көтере түскен, мосқал адам қолын оның иығына салып тоқтатты. Манадан ауық-ауық Исахметке көз қиығын тастап тұрған, стол басына кеп:

— Иә, ақсақал, өзге айтарыңыз жоқ қой? — деді.

— Жоқ, қарағым.

— Дұрыс... Ол кісіні көптен білуші ме едіңіз?

— Е, білмегенде ше. Сауда орнында талай бірге істегенбіз.

— Ә... Сіз де істедіңіз бе?

Мосқал адам жас, көзілдірікті тергеушіге «мұнысын айтып па еді» дегендей қарап қойды.

— Ә... Сауданы неге тастадыңыз, ақсақал?

— Е, қарағым-ай, қартайдық қой. Көз де болса бұрынғыдай емес, бұлдырайтынды шығарды. Саудаға өткір көз керек. Есеп-қисаптың орны. Сәл жаңылып кетсең, иман бол... Жүздеп, мыңдап мойныңа ақша киіп шыға келмеймісің. Құдай оның жөнін әрмен ғылсын... Сөйтіп мына баламның алдында отырсам, әбден шатаспаймын ба? — деді Исахмет ойнаған боп, қыт-қыттай күліп. Жігіт ағасы да қарттың әзілін теріс көрмеген сияқты; езу тартты... Көзілдірікті тергеуші де мысқылды мырс етті. — Иә, малға кеткенім де сонан. Әйтпесе істемей қайтейін. Жасыратын не бар, осы жүргенде де шауып тұрған дәнеңем жоқ. Жүрек нашар... Қай күні дәм бітіп, ұйқымен талғасып кетерін кім біледі. Қиын уақыт... Соғыс болса анау жүріп жатыр. Өздеріндей жас болсақ әлдеқашан сол майданға сұранып-ақ кетер едік. Амал не?.. Ауылда ошар етеp, тірлігін білдіріп қамыс басын сындырар мына мен сияқты шал-шауқан, қала берді бала-шаға, қатын-қалаш. Несін айтам, оны өздерің де көріп жүрсіңдер. Осындайда қорғаншақтап, аурулы едім деп отыра алармысың? Тіпті шыдамың да жетпейді-ақ екен.

Бейбіт күнде таранып-сыланып, керіліп-созылып жұмысқа шыға қоймайтын еркетотай келіншектердің бұ күнде он бес, жиырма сиырға дейін сауып, отын шауып, тезек теріп, егіс-суғарып дегендей күндіз-түні ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүргенін көргенде қайран қаласың. Жеті-сегіз жасар балалар масақ тереді, тырмамен шөп тартады. Сонда не?.. Анау майдандағы ер-азаматқа азық, киім-кешек жағынан көмек етсек, сәл де болса соларға себіміз тисінші дегендік емес пе?

— Әрине, ақсақал, әрине...

— Мұны көрген адам қайтып қол қусырып отырады? Күнә ғой, жаным-ау.

— Дұрыс айтасыз, ақсақал,— деді мосқал адам жанына кеп.— Міне, сондықтан да қырағылық майданда ғана емес, мұнда да қажет. Еңбекшінің маңдай терімен келіп жатқан әрбір дән, ырзық кез-келген ұры-қарының жемсауында кетпеуге тиіс. Жә, сізге несін түсіндірем. Өзіңіз де еліміздің жай-жағдайын жақсы біледі екенсіз. Жақсы... Келгеніңізге, сезігіңізді білдіргеніңізге рақмет. Көп-көп рақмет. Әлдеқалай көңіліңізге келгендей іс істесек ғафу етерсіз, ақсақал.

— Е, құдай-ау, бала емеспіз ғой. Сіздердің жұмыстарыңыз сол.

Исахмет қутыңдай орнынан тұрды. Бөркін баса киіп, қолын ұсынбаса да тергеуші жігітпен де, мосқал адаммен де жалбалақтай қоштасып, шығып кетті...

— Бекер істедіңіз-ау,— деді көзілдірікті тергеуші.— Білетіні көп еді. Ақыры айтпады.

— Өзі де заулап тұр, ә? Шешен, тілді адам.

— Иә... Ақылдан да құралақан емес. Жүрісі де суық. Апыр-ай сонда келгендегі мақсаты не екен, ә? Бірге жұмыс істескен, мүмкін досы да шығар, кім біледі... Сырттай қаралағанда не ұтты? Айтыңызшы, не пайда тапты? Жұмысын тастап тегіннен-тегін келе ме, ә? Жо.. жоқ.

— Міне, соны білу үшін асықпаған абзал. Ол әлі де ашылады. Әйтеуір көп ұзамайды.— деп мосқал адам көзілдірікті жігіттің жүзіне үңіле, күлімдей қарады.— Үркітпеу керек. Араларында жік барын аңдадың ғой... Ашыла түссін, тиме. Қазір үркітсек кірпікшешен сияқты жиырыла қалуы мүмкін. Қыссақ жымдасып, өзара тіл тауып ұстатпай кетуі ғажап емес.

— Ым... Дұрыс. Қызық іс...— дей берді жігіт күлімдей.

* * *

Жәзира Балым қарияны көргенде сәбидей қуанып, қалбалақтап қалды. Өзінің де жұмыстан қайтқаны әлгінде ғана тұғын: жуынып-шайынып үлгерген де, енді кешкі асын жайғап жатқан жәйі бар. Ол күтпеген қонағына жүзі нұрлана күлімдеп, құрақ ұшты.

— Төрле, апа... жалғызсырап отыр едім. Жақсы келдіңіз ғой. Бермен, мына жерге жайланыңыз. Сізге осы орын жөн болар.

— Рақмет, айналайын! Жаңа ғана ішіп едім. Жә, кергімей дәм ауыз тиейін.

— Ақыры көндірдім-ау. Апа, сонымен қалай анау сиырды алатын болдыңыз ба? Сүтті-ау демесеңіз, өзі мінезсіз қызыл көз пәле... Құдай сүйер құлқы жоқ. Ытырынып, шапшып тұрады. Байқастап, сақтанғаныңыз лазым. Тіптен теуіп жіберуден де жүз жанбайды. Мөлиіп кеп қарағаны бар болсын, киікше орғып жөнейді. Бір пәле өзі...

— Е, оны Сәлима алатын сияқты ғой.

— Ә... солай ма?.. Иә... Ал, оның бір ғажабы сол кісінің алдында жіптіктей, моп-момақан-ақ. Тырп етпейді-ей.

— Қолы ауырлығын мал екеш, мал да сезеді де.

Шай үсті әңгіме жүйесі сан саққа тартып, қысқы отынға, сабынның тапшылығына да ойысып барып, аяғы ер азаматтан Ықсан мен Манайдан бөтен әлі де жан баласының оралмағанына кеп тұмсық тіреді.

Даладан күзгі өкпек желдің қаншықтай қыңсылап, сарнаған үні естіліп тұр. Әлсін-әлсін әлдекім уыстай алақанына топырақ алып, шашып жібергендей де болады: ондайда терезе шынысы сытыр-сытыр етіп, безек қағып қоя береді. Жылы, жарық бөлмедегі екі адамның жүдеу әңгімесі сиырқұйымшақтана үзіліп, үнсіз ыстық шайды сораптай тартысып, терең күрсініскендері ғана шалынады.

Міне, енді дастарқан да жиналды. Жәзира өзін Балым қарияның алдында еркін, ерке сезінетін; қарапайым, ылғи да кішік, ашық осы бір анасындай жаннан жылылық іздейтін де, сүйеніш көретін, қазір сонысының бәрінен жұрдай: әлденеден қуыстанып үлкен кісінің бірдеңе айтпақтығын аңдап, білмесе де, қысылып жүр. Қарияның мынау бейуақыт келісі де, тегін еместігін түсінген тәрізді.

— Жәзираш қарағым, «дос жылатып айтар, дұшпан күлдіріп айтар шындықты» — демеуші ме еді ел?! Ащы да болса шындықтың ашықтығы жөн. Көлгірсіп, көз бояғым келмейді,— деп Балым еш күлбілтесіз, немен келгенін сездірте сөзін бастап кетті.— Өзіңді мен жақсы көрем, жаманатқа қимаймын. Оны білетін де шығарсың. Теріс ниет ойыма да келген емес. Маған сен туған қызымдайсың. Сондықтан арамызда айтылмай қалған сыр сандығы жатпағаны жөн ғой дейім. Мен жасарымды жасаған адаммын, сенің абыройыңды ойлап кеп отырмын.

— Айпыр-ай, Бәке-ай, сіздің алдыңызда мен не жаздым? Мұншалық күйзеле таусылғандай не болды? — деді Жәзира шынында да әңгіме бағдарын ұғына алмай, зорлана күлімдеп, қонағының жанына жайғасып жатып.

— Ел айтса, сен Ықсанмен ашына-жәй көрінесің. Бұл не сөз? Рас па? Ондайың болса, неменеге анау бейшара, қаріп балаға кел деп хат жаздың, күтуіңнің ендігі не келісі бар? Тірісінде көзіне шөп сап, күйзелтіп, қорлауыңның, арын аяққа таптауыңның жөні жоқ, қаріп жанды қиналсын дегенің бе? Өзің айтшы, ауыл сөзі бекер ме, рас па?

Тегінде жалған сөйлеп, тұйыққа тіреліп көрмеген Жәзира не дерін білмей қалды. Алғашында қысылып, әлденеден қуыстанғаны да осындай бір тура, қарапайым сауалдың болатындығын сезгендікі еді. Әйтсе де Ықсан екеуінің араларында пәлендей дәнеңе жоқ. Рас, жігіттің өзіне деген райы бөлек екенін, іңкәрлігін, біртүрлі сағына сүйетінін, басқа келіншектерден ерек санайтынын, армандайтынын әйел жанымен түсінеді... Күйеуіне деген пейілі теріс, әлдеқалай бір бүкпесі ішінде, ойлағаны болса, кел деп жазудың қажеті не? Ал, сөйте қалғанның өзінде де елдің бәрі бірдей оны жазғырмасы хақ. Әңгіме тіпті. түптей келгенде бар ма, онда да емес, мынау өзі құрмет тұтатын, сүйетін, ең сенімді санайтын Балым қарияның ренішінде, шүбәсінда. Жанашыр адам сөзінде құлақты елең еткізер үлкен бір гәп бар. Мүмкін бүкіл ел оның адалдығына, көңілінің күйеуіне деген ақтығына шынында шүбәлі шығар! Онда қайтті? Ау, олай болса, мен несіне турасын айтпайым, бас кеспек жерде, тіл кеспек жоқ. Шыныңды айт деп отыр ғой. Қысылып, қымтырылып, қайдағыдан үркектей қорқып, бұғып қалмайын. Күмілжігендей маған не көрініпті?

— Бәке, менің ендеше сізге өз сауалым бар.

— Иә, құлағым сенде, айта бер.

— Сіз шынында да сол қаңқу сөзге сенесіз бе?

— Ел аузынан естігенімді айтамысың?

— Әлбетте, әрине.

— Сонау от пен судың ішінде, шыбын жанын шүберекке түйіп, қан кешіп, ажал оғына басын төсеп жүрген армандай азаматтың қай-қайы да қымбат, өз баламдай ыстық. Демек, әйелдерінің абыройы да маған бөтен емес, өйткені олар менің келіндерім. Жалғанда солар кіршіксіз, арлары таза болғай деп тілеймін. Айналайын Жәзираш, өзің аналыққа жеткенде түсінесің. Бала — сенің қаның, жаның, сол жұдырықтай жүрегіңнің қуаты. «Баламның маңдайына кірген шөгір, менің жүрегіме қадалсашы»,— деп ана біткен шырқырайды! Осыным бекер ме, айтшы?

— Жоқ, апа.

— Әне, солай... Ал, қарағым, бұл сөзге мен ғана құлақ түріп жүр екен деме; ауылдың жетім көңіл шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шағасына дейін елеңдеседі. Бәрі де сенің әлдеқалай аяғыңды шалыс басып, адаспауыңды, есіңді жинағаныңды қалайды. Әйтеуір қайдам... Бұ да бір ақыл, әмір жүре бермейтін жер ғой.

Балым қария әңгіменің тәмамдалғанын, қайта қаужай берудің қажетсіздігін сездіре басындағы жаулығын түзеп, қозғалақтап қойды.

Жұқана, жұдырықтай қария өзінің мынау шырайлы келіншектің көз алдында өсіп, алып көрінгенін, оның жанын қалай қатты толқытқанын, әлдебір бұйығы күйден, күйбең тірліктен айықтырып, қайта туғандай түлетіп, сақтандыра серпілтіп жібергенін сезбеді.

— Бәке, мұның бәрі де жалған сөз. Рас айтам, апа, алып қашпа жел сөз...

— Айналайын, рақмет. Саған сенем, есің бар баласың ғой. Бәріміз де әйелміз, бәріміз де анамыз. Солай емес пе, Жәзираш?

— Иә, апа, солай,— деді ол Балым қарияға елжірей, сүйсіне қарап.

Күздің өкпек желі аула ішінде ойнақ салып жүр; терезе шынысы үн қоса сытыр-сытыр етеді.

5

Исахмет сот кеңсесінен сенделіп шықты; атының жалына қолы тигенше әлденеден сезіктеніп, көңілі қобалжумен болды. Мынау қарағайдан қиып жасалынған, алдында шарбақпен қоршалған жалғыз талы бар «Аудандық прокуратура» мекемесі де оған жат суық тартады. Сәл аялдаса біреу жүгіре шығып, шақырып алатын тәрізді; еріксіз асығады. «Құдайым анау көзілдірікті жігіттің қолына түсіре көрмесін. Әбден мәлтектетті-ау, ә? Не деген пәле... Тіпті бақайдан қағып, сөйлететін емес. Сонша шұқшиғаны несі? Қайта анау жігіт ағасы кісі екен. Әйтпегенде іс насырға шауып-ақ еді». Исахмет ой үстінде атына қалай қонғанын да, көшенің табан астында құйын соғып, астаң-кестен боп кеткенін де аңдамады; еліріп, ауздықпен алысып келе жатқан көк байталды шірене тартып текіректете түседі. Ауданның орталық дүкені де, қоймасы да, клубы да енді, ұзын Совет көшесінде еді; Исахмет соған кеп іліккенде ғана жайланып «осы мен қайда барам?»— дегендей ат басын ірікті. Сол сәтінде колхоздың ірдуан арбасы мен қызыл өгізін көзі шалып «е, Сәлима рапкопқа тұмсық тірепті ғой. Шамасы шаруасы келмей қалған, ә?» — деді. «Анау Бақан мен Сәлима ма? Ым...» Ол әлгіндегі көзілдірікті тергеушідей ыңыранып қойды да, ат басын кілт бұрып, өткелге бет түзеді.

Жайықтың түсін бұзатын көктемгі тасқын; ол сарғыш тарттырып, ағысын да ауырлатып жібереді. Өзге кезде оны лайлар күш жоқ; мөлдір, тұнық күйін сақтайды, сынаптай сырғып, шымырлай ағады. Исахмет бұрылып артына қарады; ауыл үсті боз мұнар, шаң; әлі де сейілмепті. «Жаман Қожан айтып еді; бұл Жайық Европа мен Азияның белдеуі деп. Біз Европа бетінде көрінеміз. Сол жаман күшіктің сандырағы жөн бе дейім. Мына беті шаң, жері қуаң... Анау Европа жағы өзеннің ағаш, көк Ажары да жақсы, салқындау да». Исахмет атын жетелеп түйе тайлы жардан түсе бастады. Әбден күн көзінде қақталып, аяққа тапталып ақ тозаң шаңға айналған топырақ бұрқырай көтеріліп, өзенге қарай лап қойды. Өзен үстінде селдірей жоқ болды. Исахмет үсті-басын қағып, ат ауыздығын алды. Көк байтал тілерсектен кешіп барып пысқырына тұрып қалды; ол мөлдір судың бетіндегі өзінің кішкене басын, қамыс құлағын көріп таңданғандай еді.

— Хорош конь!

— Это же кобылица,— деді қырылдақ дауыс.

Паромның кеп тоқтайтын жерінде, жарда екі адам отыр. Бірі шинельді, екіншісі күпейке киген, басында күнқағары үлкен фуражкасы бар орыс; екеуі де қолпаңдай темекіні бұрқырата Исахметке қарап қалыпты. Паром арғы бетте. Сиыр, ат арба, үш-төрт қой жетелегендер соның үстінде; дабырласқан үндері үзік-үзік естіледі. Исахмет күпейкелі орысты танығандай болды. «Иә, иә... сол. Судаков... Жайық бойының қазақ-орысы».

— Уа, тамыр, кімді күттің? — деді Исахмет Судаковқа дауыстап.

— Паромшының қызын да.

— Оны қайтесің?

— Е, алмаймын ба? Маруся: «Дмитрий, сен қазақтың қай шалынан кемсің. Тоқал керек болса, алып қал. Алмасаң сен үшін мен арланам. Жігіттер қайтқанда тоқал мәселесі қиын болады»,— деген. Өзі ұлықсат беріп отырғанда күн-ұзатып жыным бар ма. Әрі әйелімді қорландырып...

Исахмет әзіл ұшы өзіне тисе де елемей, шалқақтай күлді.

Судаков дөңес мұрынды, шүңірек, көк көз, жылы жүзді адам. Өзге Жайық бойының казак-орыстарында бір күрек сақал, жебелі мұрт мұнда жоқ. Ерні де жұқа; екі езуінде өмірі жазылмайтын айқасты әжім жатыр. Әлгі сәулеленеді де тұрады. Қазақ тіліне жүйрік; әр сөзі теңеу, мақал-мәтел. Салт-жоралғысына да жетік. Қазақпен ілік-шатыстығы да жоқ емес; жалғыз қызын беріп отыр. Бұрын «рулас» боп, шүйіркелесіп жүре беретін болса, енді жақындап кетсе, «құда, құдағи, құдашалап» қалжыңдайды. Дүниеде менен мықты жан жоқ-ау, ә? Бүкіл қазақ халқы құдаларым, құдағиларым»,— дейтін ол жиі.

Қазақтың мінезінде сәбилік көп қой; ол сенгіш, кең, дарқан. Мүмкін ен далада еркін сайран құрып, табиғат дүлейімен ғана тіресіп өскеннен де шығар; ол ұсақтыққа бара бермейді. Сенген, құрмет тұтқан адамына көл-көсір; жер ана берген байлықты маңдай терімен алып отырса да - сатпайды, сыйлайды. Өйткені саудагер емес, оны ар көреді. Күздікте, тары орғанда: «бірер қабын қалаға апарып сатсаңдаршы» дегенде «қойшы, Митрей, сонан не болар дейсің. Еркек басымызға ұят ол. Сен анау бір қабын ала кет. Көже қатық қыларсың»,— дейтін еді; оны Судаков әлі ұмытқан жоқ. Қиық көзі күлімдей қазақ барын қонаққа тартады. Ол анау-мынауға қабақ та шытпайды; әбден шегіне жетіп, төзгісіз күйге түскенше кешірімшіл. Көңілі бір қалса, қайтуы қиын. Мұның бәрін Судаков бала күнінен көзімен көріп, біліп, құрмет тұтып өсті; сонан да болар ел оны «Метрей» деп сыйлайды. Исахмет қыт-қыттай күліп, жанына келгенде ол ұшып тұрып төс қағыса көрісті.

— Әй, Метрей-ай, сенің әзілің қалмайды-ау,— деді Исахмет әлі де күлімдеп.

— Исеке, алла тағала күлкіден жазбасын деңіз.

— Е, солай ғой.— Ол ат айылын тартып, ауыздығын салды. Дмитрийдің жанында отырған жүдеу өңді, бір аяғы жоқ, шикіл сары орысқа иек қағып амандасқан болды; әйтсе де жатырқай жүзін тайдырып әкетті. «Қайдан жүрген неме?» — деп ойлады.

Судаков Исахметтің ойын сезді ме:

— Исеке, мынау бір пақыр адам. Майданнан аяғынан айрылып селосына келсе, үйін немістер өртеп кетіпті. Қатын-баласын атыпты,— деді баяу.

— Ә...

— Сонан бас ауған жаққа жүре беріпті. Өткен жұма Үйшікке келген екен. Кеше біздікінде болды. Аудан орталығында жұмыс көп, қал десем, жоқ колхоздың біріне, не ферміге барам деп болмайды.

— Е, пақыр-ай, қайтсін. Ұмытайын дейді ғой.

— Мен сіздің ауылды қол көріп отырмын. Оған қалай қарайсыз? Аз да болса егістерің бар. Өзіңіз білесіз, орыс жер шұқымаса ішкен асы бойына тарамайды ғой.

— Е, Метрей-ай, менде не тұр. Келмесін дер дедің бе? Жүрсін... Жұмыс табармыз.

— Осыныңды айтарыңды біліп едім,— деді Судаков.— Біздікіне соқпай барасыз, ә?

— Соқтым не, соқпадым не. Болса да сен үйде отырмайсың. Жұмыртқа, балық сатқан сенің соңыңнан базарға барып жындымын ба?!.

— Оһ, құда, өлтірдің-ау. Қап, осы бір дорбаны берме деп едім қатынға. «Дмитриушка, арзан бәсіне бере салсайшы. Жейтін бала жоқ. Көп жиналып қалды» дегенсін, аңқау басым алып шығайын. Жоқ, сен мені өлтірдің, Исеке. Мынаны Жайыққа атып жіберсем бе? Суды бүлдіреді-ау, ә»?

— О, шіркін-ай, ә? Қандай батылсың-ей. Сенің он шақты жұмыртқаңа...

— Тоқта, Исеке... тоқтай қал,— деді Метрей сөйлетпей.— Менің сырбаз, сұлу құдашам келе жатыр.

Исахмет те жалт қарады. Өзеннің түйе тайлы жарқабағынан бір қырындай инағашты, аяғында керзі етік, үстінде күпейке, қоңыр орамал тартқан аққұба келіншек түсіп келеді; жұпыны киімнің өзі әйелдің сұлу мүсінін жасыра алмай қалыпты. Тоқ балтыры да, қыпша белі де сылаң жүрісінен білініп, мен мұндалап тұр. «Бәтір-ау, мынау тура біздің Жәзира сияқты ғой». Исахмет еріксіз тамсанып қойды. Келіншек үш еркектің қадала қалғанын сезбеді ме, жағаға инағашын тастап, екі шелегімен суды көсіп алды. Сәл жоғарырақ апарып қойды да, қайтып кеп салқын сумен бетін шылады; әр саусағынан үзіліп түскен тамшыны қызықтап ұзақ тұрды. Өзеннің ортасына кеп қалған паромға қарап, ойға берілгендей де. Мүмкін ол майдандағы күйеуін есіне алған шығар; әлде осы өзен бойында тұңғыш рет онымен кезікті ме екен?..

— Уа, құдаша, сәлематсыз ба?!.

Судаковтың қырылдақ даусы тарғылдана шықты. Келіншек таңдана бұрылды... нағыз бота көз. Көз астынан күлімдей қарайды.

— Шүкір... Өзіңіз де есенбісіз, Метрей-аға?!.

— Денсаулықтың арқасында алла деп жүреміз. Құдаша, мынау бір сазан мен жәйіннің жұмыртқасы еді. Анау үйіңдегі кішкентайларға пісіріп берерсің, ала кетші құдай жарылқасын.

— Сазанның?

Келіншек «әп» дегенде түсіне алмай қатты абыржыды. Ұзын кірпіктерін жиі қағып, ойланып қалды. Әрине сазанның, жәйіннің жұмыртқасы болмайтынын біледі; әйтсе де бірден аңдамады, іле сықылықтай күлді:

— Қойыңызшы тіпті,— деді ол Исахметтен қымсына, қолымен ернін көлегейлеп.

— Нанбайсың ба, құдаша? Міне,— деп Метрей қоярда-қоймай жұмыртқаны дорбасымен апарып берді.

Паром жағаға кеп тірелді. Бейтаныс орыс орнынан тұрды; аласа, төртпақ екен. Қарулы сияқты. Балдағына сүйеніп:

— Ал, Дмитрий, дәм-тұзыңа рақмет,— деді.

— Остап, жолың болсын! Әлдеқалай ұнамаса осында кел, жарай ма?

— Жақсы...

6

Өзеннің арғы жағасын бергі бетпен сым жалғастырады; паром соны бойлай жүзеді. Сол сымды шірене тартып тұрған күн қақты, шойындай, мығым шалды көрмесеңіз, оны бір төбесі жоқ, қалқып келе жатқан шағын, бұзау қорасы екен деп те қалар едіңіз.

Остап бұған таңырқамады. Днепр бойында өскен оған бұл жаңалық емес. Қазір де сол шымырлап, көгілдірлене ағып, мың құбылған су бетінен ол өзінің өртенген деревнясын көргендей ауыр күрсініп қойды. Исахмет оны аңдамады ма, қалай, мойын бұрған жоқ. О да өз ойының әлдиінде, өткелші тартқан сайын керіле түсіп, «шолп» етіп су бетін қамшылай батқан сымға қарап тұр. Оң қолында көк байталдың тізгіні; сағалдырығына тақау, мытып ұстапты. «Біреуге ор қазам деп нем бар еді? Шынында менікі аңғалдық. Әйтпесе сезігімді білдірем деп ақ жүрек көрінбек болам ба? Оған кім сенеді? Тіпті былай ойлағанда да есепсіз, жамандауым мүмкін бе? Жо... жоқ, бұ жерден мен сүріндім. Көзілдірікті біліп отыр. Алымды жігіт екен. Қайта мосқал аңғал ма дедім ғой. Мүмкін ол анау жастан да гөрі әріден шалғалы емексітіп, тонның ішкі бауындай боп алып, бір-ақ тартпақ па екен? Ол жігіттің тізгінін қолына бекер алмаған шығар. Иә, мұны енді қайталамаған абзал. Бақанның көзіне көк шыбын әлі үймелер... Мені қорлағанын сезбейді дейтін шығар. Әрине, Ыраш та солай ойлайды. Е, оны қойшы, Бақан болмаса... Ол бір ау, қармақ тұрғай жұдырықтай шағала да іліп кетер шабақ емес пе? Қатынның қайсысы шортан дейсің. Қатын да бір, ескексіз қайық та бір»... Ол Остапқа қарап, оның әлі сол қозғалмай судан көз алмағанын көрді: «О, бейшара-ай! Қандай дегенмен ұлпы-отаныңнан айырылу қиын-ау. Қайтсін. Мәңгіріп жүре берген ғой. Иә, ескексіз қайық та қиын. Heгe? Тәңірім-ау, қайық таба алмай жүрген Бақан сияқты аз ба?» Исахмет өз теңеуіне дән разы; езу тартып қойды. Қайық болса қолмен, аяқпен есіп те өзеннен өте беруге болады ғой. Өзен де — өмір. Ағады да жатады. Онан жаман да, жақсы да, ұлы да, ұры да өтеді. Бәрі де көк төбенің басына барғанда теңесіп, екі метр жерді алып жатады. Ұлықтық та, кішіктік те қалады. Ең жақын анаң да, жарың да сенімен бірге барып, қатар көмілмейді. Жалғыз туып, өмірден жалғыз кетесің. Итіс-тартыстың қажеті не? Неге мен өзге, анау жас та болса бас ЬІқсандай боп өтпейім. Әйтеуір жылы сөзін айтып, бір сәт те болса «адал еді» демей ме? Жо-жоқ. Мен Бақаннан кегімді алмай тынбаймын. Ол өзінің қалай шалқасынан түскенін де сезбей қалады. Сонан кейін қолымнан келген жақсылығым болса істермін. Мен өлгенде Бақан не десе, о десін. Молам топырағы онан қуармайды... Осы мен өлімді көп ойлап кеттім. Қартайғандікі ме? Қартайған адамға ғана тән бе? Мүмкін бұ да табиғи жай шығар? Адам сағаты жақындағанда өзін-өзі соған мойын ұсындырып, етін үйрете ме? Әйтеуір өлім жиі есіме түсетінді тапты. Тұла бойым мұздап, қатты шошындым. Құдай-ау, елімнен қорқатын да тәріздімін ғой...»

— Әһ... Кешіріңіз, сіздің колхоз алыс па?

Бейтаныс, балдақты орыс. «Жүдеуін-ай. Бірер ай қымыз бен шұбатқа жатқызып, тынықтырса ғой; қызара бөртіп, анау аспан түстес көзі жайнап жүре берер еді-ау, ә»,— деп ойлап үлгерді Исахмет. Остап шыдамсыздана жөткірініп:

— Колхоз қанша шақырым? — деді сұрағын қайталап. Шамасы Исахмет сұрағымды естімей қалды десе керек.

— Ә... Колхоз ба?.. Он бес, жиырмадай болар. Оны неге сұрадыңыз?

— Е, онша қашық емес екен ғой.

— Жаяу жүрмек пе едіңіз?

— Несі бар? Жүрмекпін.

— Қойыңыз. Мына атқа мінгесіп кетеміз. Оны тіпті айтушы болмаңыз,— деді Исахмет таза орысшалап. Қабағын да шытып қойды.— Мені ел алдында ұятқа қалдырмақпысыз?

— Неге?

— Қазақты сіз білмейсіз. Дені дұрыс қазақ қонағын жаяу салпақтатпайды.

— Сіз қыңыр шалсыз-ау дейім.

Остап күліп қойды. Күлкінің де түрі бар ғой; мынада сүйіну, елжіреу сезіледі. Исахметтің оған көңілі жылып қалды.

— Е, сіз де, бауырым, қой аузынан шөп алмас көрінбейсіз.

Паром ешкі тұмсығымен қиыршық жаға топырағын сүзе, лықси тоқтады. Өткелші қунақы екен, секіріп түсіп, бүйірдегі арқанды тартып, жағадағы қазыққа байлай бастады. Ағыс көзге көрінбегенмен қатты-ақ, соның өзінде қырындай тартып жөнелді. Екінші басындағы арқанды да байлағаннан кейін тыншып, паром жуасығандай болды. Көлбеу, астында тіреуі бар жағадағы баспалдаққа ол дәл келді; сонымен жолаушылар түсе бастады.

— Исеке,— деді өткелші көк байталын жетелеп түсе берген қарттың жанына кеп.— Мынауың кім?

Ол иегімен бейтаныс, бір аяғы жоқ, балдақты орысты меңзеп тұр.

— Әскерден келе жатыр. Үй-ошағын пашестер өртеп жіберіпті. Тұлдыр басы қалғансын мәңгіріп жүре берген ғой. Әлгі Метрей еді таныстырған. Ауданда қалмай колхазға барам депті.

— Оттықтарыңыз бар ма? — Остап Исахмет пен өткелші шалдың жанына келді.

— Бар, балам.

Өткелші қарт қалбаңдап жанқалтасынан білте мен қайрақ тас, тілдей араның сынығын шығарды. Сонсын тасты араның сынығымен ұрғылап ұшқындатып білтені тұтатты да, сәл ернін шүйіре үрлеп отын қоздатты. Сөйтті де қарт әлгімен жігіттің махоркі шылымын тұтатып берді.

— Оттығыңыз қызық екен.

— Қызығынан бұрын, балам, аса сенімді оттық. Ұятқа қалдырмайды әйтеуір.

Остап екі қарттың әлгінде шүйіркелесе қалғандарында әңгімелерін бұзып жібердім бе, дегендей болған; темекісін тұтатып алғансын, рақметін айтып ығыстап анадай жерге, ілгері барып кідірді.

— Исеке, әлгі орысың қай майданда болды екен? Білмеймісің? Сұрамадың ба? – деді өткелші.

— Сұрағандай болды ма?! Жаңа ғана осы жағада кезікті.

— Ә... Белорус майданында болса менің баламды көруге тиіс қой.

— Е, әрине. Және де сенің балаң өзі жанып тұрған от емес пе.

— Ұмытпапсыз...— Өткелші Исахметтің сөзіне көңілі толып, марқайып қалды; іле жүзі қайта көлеңкеленіп,— соңғы ай, Исеке, хат кідірістеді. Қайдан білейін, қорқам...

— Қой, не болса соны жамандыққа жори берме. Жауды тықсырып қуып барады. Қол тиеді деймісің.

— Иә... Исеке, анау жігіттен ептеп, көңілі бір жайланғанда баламды... менің... құлақ қағыс сұрап көрерсіз. Жарай ма? Қазір оның жөні болмас. Өзі мына менің қасымда қалуға қалай екен, ә? Мен оған түк істетпес едім. Қарайып жанымда жүре тұрса болғаны.

— Е, сұрап көр өзінен,— деді Исахмет атының айылын тартып, ауыздығын салып жатып.

— Балам, осында менің қасымда қалуға қалайсың? — деп өткелші орыс сөзін белінен баса сөйледі. Остап оның не айтып тұрғанын, оның сөзінен емес, анау күлімдеген қиық көзінен, жылы жүзінен сезініп:

— Рақмет, сізге... Мен не де болса колхозда болғым келеді,— деді.

— Мейлің, балам. Ұнамаса тура маған кел. Қармақ саласың, демаласың.

— Рақмет, рақмет... Жақсы.

Сонан өзеннен ұзап қырлық жолға түскенше Остап та, Исахмет те тіл қатысқан жоқ; көк байталдың тыныш тепеңіне тербеліп келеді. Исахмет ойына тағы да Ыраш, анау ферманың бір табын сиыры оралып, еріксіз «аман болғай еді» дегізеді; әсіресе Ыраштың мінез көрсете бастағаны қатты алаңдатады: «Үй аңырап тұрған шығар. Қатынсыз ошақтың не берекесі бар? Ертеңгісін мал сауылмай жіберілген. Кешке желіні сыздап, бебеу қағып келгенде әйел болмаса да қиын. Мынау қонақты қайттым?» Міңгесіп келе жатқан Остаптың балдағы ауық-ауық, аңдаусыз көк байталдың шабына тисе, еліре, ырғып кетеді. Ондайда іштей күйініп келе жатқан Исахмет селт етіп:

— Тә!.. Жамандатқыр қайтеді-ей! — дейді.

Қан сәске. Ағал-жағал күзгі дала, зәрсіз күн жолаушы жанын құлазытып, көңілін күйзелтердей реңсіз-ақ; ол аз дегендей лыпа жел жоқ, тыншу. Әне, жолдан қиыстау есік-терезесіз, үңірейген жалғыз қыстау қап барады. Күні кеше «Шайхана», әлде шопанның жәйі болды ма кім біледі; ер-азаматтары майданға кеткенсін, қатын-бала ел қараға тартқан ғой. Қиындық, тұрмыс ауырлығы адамды біріне-бірін жақындастырып, мұңдастыққа шақырмай ма?! Иә, оны мынау Исахмет қана біледі; әрине Остапқа бұл жұмбақ; әр тұстан ойдым-ойдым, тоқымдай ойпатты көзі шалса жайнаңдай қалады да, құлазыған ұшы-қиырсыз жазыққа түскенде қабақ шытады; біртүрлі бір жағы таңырқаса да, бір жағы әлденеден сезіктеніп, кең дүниеде жалғызсырағандай болады. Ондайда үн қатып, дыбыс беріп отырғысы кеп кетеді:

— Иә, сіздерге де соғыс оңай тиіп жатпаған екен.

— Әрине, бауырым... Қайта қазір жақсы ғой.

Көк байтал ауылдың жақындығын сезді ме, құлағын қайшылап, шұрқырай кісінеді.

— Сұп-сұр, саманнан соққан қақыралар. Бір тіс шұқитын тал жоқ. Жазда қиын-ақ шығар,— деді Остап сәл дөңес жерге орын тепкен шағын ауылды көзі шалып.— Менің байқағаным бұ жақтағы ел, ауылды ылғи биік жерге салады білем, ә?

— Жайық арнасынан шығып, көктемде бұл төңірек телегей-теңізге айналады. Сондайда су алып кетпесін дейді ғой.

— Ә...

— Байқайым, Остап, сізге ауылымыз ұнамады-ау, дейім?!.

— Неге, ақсақал?!. Келіп те қалыппыз-ау.

— Иә...

Исахмет ат басын ауыл сыртына қарай бұрды. Көшеде кез келген сығыраңдай қарап: «мынауың кім, Исеке?» — деп сұрап мазалар деген сияқты. Әрі ертеңгісін кеткелі мал иесіз; мұның ауданнан келе жатқанын білсе, ылғи қыдырыстап жүреді деуі де мүмкін ғой. Үйдің далаға қараған, сырт жақтағы кішкене есігін ашып, Остапты алға өткізіп жіберді де, іле өзі атын жетектей кірді. Қақпа сол бекітулі күйі, ашылмапты. «Ә... Үйге мүлде келмеген болды. Жөн... жөн. Іс насырға шапты де. Қайда жүр, ә? Өй, сен қатынды ма, тұра тұр».

— О, ақсақал, сіздікі үй жақсы,— деді Остап шарбақ қораны көзімен шолып өтіп.— Нағыз шаруа адамның жәйі.

— Е, не оңған шаруа дейсің.

Исахмет бейтаныс орыстың жүзіне тұңғыш рет тура қарады; бұ да Судаков сияқты дөңес мұрын, тек шықшытты. Қиылта қойылған сары мұрты бар. Үстіндегі шинелі көнетоз. Пилоткасын бір шекесіне қисайта киіпті. Оң жағынан сары бұйра кекілі шығып тұр. Сыңар аяқта керзі етік. «Екіншісін тізеден жоғары кескен бе, қалай?» Шинелін ағытып еді; түсі оңған гимнастеркесі көрінді. Өңірі толған медаль. Саудыр-саудыр етеді. «Мынау тегін жігіт болмады. Ым...» Исахмет еркінен тыс манағы тергеушіге еліктеп бара жатқанын сезінді де, ойын күрт үзіп жіберді.

— Остап, сен шешін, үйге кіріп жуына бер. Meн кемпірімді қарап келейін. Бақташымын ғой. Малым да иесіз еді. Оны да білейін. Кешіксем қобалжыма,— деді Исахмет көк байталды жетелей қақпаға бет алып.— Ол фермада шығар.

— Кім?

— Е, кемпірімді айтам.

— А... Жақсы, жақсы...

Көк байталдың басын Исахмет өріске, өзен бетке қарай бұрды. «Малды... Малды тауып алайын. Ыраш қайда кетер дейсің». Ол үсті-үстіне қамшыны басып жіберді. Көк байтал дірдектей түсіп, жұлқына жөнелді. Исахмет тізгінді қоя берді, ұшыртып келеді. Қарсы соққан жел екпіні мұнар тартқан қарт көзін суландырып, жеп барады. Ескі ошақ орны, мал қаңқасы қылт етіп көрініп қалып жатыр. Жазық дала ат тұяғының астында керіле түскендей созылып, тербеліп кете берді. Өзенге жақын қалың жыңғылға таялғанда ғана ат басын ірікті. Арындап, әбден есіріп алған көк байтал ойнақшып, жыра-жықпыл, ордан орғып біраз бас бермеді. Қарттың алақаны күлдіреп, ойылып қалды; «Ә, құтырайын деген екенсің. Мал табылғансын сенің кереметіңді көрермін. Жазыққа шығарып алып, ащы теріңді сығып алмасам ба?!» — деп ойлады ол. Сиырлардың тізбектеле өзеннен көтеріліп келе жатқанын, соңында ақ орамалды әйелдің қайырмалап қақпалап жүргенін көргенде Исахмет қатты қуанды; кәрі көз малының түп-түгел екенін де аңдап үлгерді. «Ыраш па? О, айналайын-ай... Қой, ол емес қой. Бұл кім? Жәзира ма?» Ол атын тебініп жіберіп, қайыру бермей кейін қашумен болған екі-үш сиырды қамшылап қуып тастады да, қайтып оралды. Жәзира үстінде көнетоз қоңыр пенжак, аяқта етік, ақ орамалды жақ астынан бос тартыпты. Екі бетінің ұшы оймақтай шұқырланып, күліп тұр. «Әй өзі үріп ауызға салғандай-ау. Әйел алмаған ЬІқсандай жігіт бекер күрсінбейді екен. Тоқта... Мұның сиыр қайырып жүргені несі? Әлде Ықсан малды бұған тапсырды ма?»

— Исеке, есенбісіз?

«Әй осының жаудыраған көзін-ай. Ұзын, анау қою қара кірпігінен сүйер ме еді, ә?» — деп ойлады Исахмет еріксіз сүйсіне, бірден жауап қата қоймай.

— Жәзираш, аман ба? Бір шаруам боп ауданға барып қайтқам.

— Мен сізді ертеңгісін көргем. Асығыс сияқтандыңыз. Дәрігерге көрінгелі бара жатқан шығар деп ойладым. Сауыннан кейін малды өргізіп жібердім. Сәскеге дейін көрінбедіңіз, сонсын сізді жоқтатпайын деп шықтым. Әрі қолым да бос еді,— деді Жәзира күлімдей.

— Ой, айналайын, рақмет. Бақытың жансын, өзге не дейін...

Исахмет ырзашылығын қалай білдірудің ретін білмегендей, қобалжып тұрған жанның райын танытты. «Бір шаруамен бардым» дегенім бекер болды-ау. Не шаруа? Соншалық тығыз-таяң неғылған шаруа, демей ме? Менікі не? Бүгін күнұзағына шатасумен болдым-ау.

— Көрші қақынан бұрын, Жәзираш, адалсың ғой. Неге кетіп бара жатқанымды да біліпсің. Сенен жасырып қайтейін, соңғы кез ауырам ғой,— деді Исахмет қабағын шытып.— Сөйтіп жүрмін деймін бе мен қазақтай. Осы шал жыланады да жүреді екен демесін дейім. Рақмет саған, Жәзираш. Ықсан да ренжіген шығар.

— Аға, о кісі де ауданға кеткен.

— Неге, жайша ма? — деді Исахмет таңдана.

— Аяғының жарасы ісініпті. Соны дәрігерге көрсетпекші.

— Қауіпті емес пе екен әйтеуір?

— Білмейім, аға.

— Ым... Айналайын, маған ауданнан бір орыс ере келіп еді. Үйсіз-күйсіз бір пақыр екен. Соны үйге жалғыз тастап кеткем. Ыраш жоқ. Әлі де болса, жарты сағаттай малды қарай тұрсаң қайтеді, ә? Тіпті сұраудың өзі ыңғайсыз-ақ.

— Мақұл... Сауынға дейін ерте ғой. Қарасам, қарайын.

— Ой, алда разы болсын, айналайын. Мұныңды мен еш ұмытпаспын,— деді Исахмет шын пейілімен.

Оның мұнан кейінгі жүрісінде де береке болмады; әлі сол Балымдікінде отыр деді ме, ат басын сол үйге бұрды. Қақпадан шәуілдей үріп шыққан ақ күшік көшені азан-қазан етті; оған өзге көрші үйлердің иттері қосылып, араларына қасқыр кіріп кеткендей болды. Сәлден соң барып, қақпаның кішкене есігі ашылып:

— Арлан, қайт! Арлан!— деген бала даусы естілді. Басында төбетей, жалаң аяқ, көйлекпен жүгіріп жүр.

«Бала деген сол. Тоңармын-ау, ауырармын-ау демейді. Жердің қанша дегенмен ызғарыбар, күз уағы емес пе». Исахмет үркектеген көк байталды тебініп, жақын келген қызыл қаншықты жостырта, еңкейе тартып-тартып жіберді. Сол-ақ екен өзгелері де зытып отырды. Әр үйдің алдына барып алыстан айбар шақырып үріп тұр. Қаңқылдай безген қызыл қаншықтың соңынан қарап қалған бала ақ күшігі есіне енді түскендей жүгіріп барып көтеріп алды.

— Серік!.. Уа, Серік,— деді Исахмет күлімдей.— Айналайын, сіздікінде Ыраш жоқ па?

— Жоқ. Ол мектептің ауласында. Машина оңдап жатыр.

— А... Солай ма? — деп қалды Исахмет.

Ыраштың бүгіннен бастап жұмысқа шықпақ болғанын білетін, ұмытып кеткеніне күйінді. Маңдайын сығымдай, бетін сипап ол ойға қалды. «Не істесем, ә? Барсам ба? Жо... жоқ. Осы үйге келгенім де жетер. Мектептің шарбағында басқа да адамдар болса ше? Сүмеңдеп әйелінің соңынан жүгіріп жүргенін қарашы-ей. О, бүйткен тірлігің құрсын деп күлмей ме?» Исахмет атын тебініп, үйіне бет түзеді. «Балым да көрінбейді. Шамасы үйінде жоқ. Болса шығар ма еді?.. Е, мейлі со қақбастың шыққаны не, қойғаны не?!. Әлгі Остаптан ыңғайсыз болды-ау. Қайдан келдім деп отырған шығар. Көп күттірдім-ау. Тоқтай қал... Қатын жұмыста... Жо... жоқ, олай деу ұят. Остап, қалай зеріккен жоқпысың? Малды қарап қайттым. Бәрі де аман. Енді әйелді шақырып келейін дейін. Сәл ойлана түскен болам. Әйтпесе жүр, бірге барайық. Ауылды көрерсің, аралатайын демеймін бе? Ол «ойбай, құдайы құлдық» дейді ғой оған. Бір оқпен сонда екі қоянды атам. Қатын менің бейтаныс орыспен келіп тұрғаныма таңданады, әрі ұялады. Сол сәтінде: «ал, Ырашжан, мынау Остап деген мықты... Ойбай-ау, ол мүмкін механик шығар. Солай болса тіпті жақсы. Механик деп таныстырам. Ауданнан әдейі барып алып келді деп мені онан кейін тіпті құдайы керемет көрмей ме?!» Көк байтал үйге қарай қамшы салдырмады; алып жетті. Үлкен қақпаға кеп тірелгенде ғана Исахмет басын жерден бір-ақ көтерді.

Шынында Остап тағатсызданып отыр екен.

— Мен танкиспін ғой,— деді Остап есікке іліп қойған шинелін қайта киіп жатып.— Оны неге сұрадыңыз?

— Әйелімнің машина оңдауға әуестігі бар еді.

— Машина. Қандай машина? Фермаларыңда машина баp ма?

— Бір полуторкамыз бар. Бұзылған.

— Көрелік.

Екеуі үйден жаяу шықты. Мектеп ауылдың ферма жақ бетінде, шетте еді. Көше ойдым-ойдым шоқалақ, шөп өсіп кеткен, шым үйлердің бәрі жатаған, сұп-сұр. Бірімен-бірі қол ұстасқандай жалғасып жатқан шым аула. Төбелері тайпақ, терезелері де аласа, кішкентай. Остап көшеде жүрген тауық, бұралқы сабалақ жүн ит, жайылып жүрген бірлі жарым қой-ешкіні көргенде ғана мұның ауыл екенін ұғынғандай болды. «Күйсіз тұрады екен»,— деп ойлады. Қайта мектеп өзгеше, сәнді. Ағаш шарбақпен қоршалған. Терезелері де үлкен, ұзынша, шатырлы бір қабат үй. Аула төрінде шағын қора көрінеді; сол жерге біраз адам жиналып қалыпты. Әлденені қызықтап, дабырласып тұр. Жарыса сөйлегеннен бе сөздерін адам ажыратқысыз.

— Біздің қатын осы жерде,— деді Исахмет қулана көзін қысып.— Үндемей, шетте тұрып көрейік.

Остап басын изеді. Олар жиналған топтың шетінен кеп тұрды. Ортада қара полуторка машина. Сырты жуылып, сүртілген бе, қара сыр кабина есігі жылтырап тұр да, қорабы сұрғылт, жағал-жағал. Үстіне комбинезон киіп, орамал тартқан Ыраш аңқиып-саңқиып жатқан машина моторына үңіліп, енді бірде тоңқалаңдай астына иіріп кетіп жүр. Мұрнының алдына күйе тиіпті; мұрт сияқтанып қалыпты. Исахмет «о, күшік» деп, барып қолымен әлгі күйені сүрткісі кеп кетті; өз ойынан қуыстанды ма, күлімдей Остапқа қарады.

— Көмектесіп жүрген бала кім? — деді Остап сыбырлай.

— Ұстаның баласы. Темір-терсекке жақындығы бар ғой. Көргені сол... Оныншы класта оқиды. Аты Қожан. Есіл-дерті, әйтеуір бірдеңе құрастыру, жөндеу, жасау.

— Е, онысы жаман ба?

— Кім білсін.

— Сіздің зайыбыңыз шофер ме? Тым жас екен.

— Жоқ... Соғыстың алдында курсқа қатысыпты ғой. Қазір мына машина тілін білетіндер майданда. Көлік аз. Сонсын ферма бастығы Ықсан: «ЬІраш, байқап көрсек қайтеді?» —деп өтінгенсін қолға алған еді.

— Молодчина!.. Өте дұрыс.

Көпшілік дабырласып, қозғала бастады. Қазақ сөзін түсінбейтін Остап Исахметке «не дейді?» — дегендей қарады.

— Бітіпті. Жүргізіп көрмекші.

— Ә...

— Уа, халайық, кейін... Кейін.

Топ серпіле жол ашты. Остап пен Исахмет те кейін ығысты. Машинамен болып, ауыл адамдары бейтаныс орысты аңдамады. Әйтпесе шинельді майданнан келгенді қоршап алып, жабыла тума-туыстарын сұрар еді; әрі бұл ауылда өзі бірде-бір орыс жоқ. Көрсе құрақ ұшып, тілдесуге құмар келеді.

Қожан қанша бұраса да от алмай-ақ қойды. Кабинаның есігін серпе жауып Ыраш машина моторына тағы да үңілді; әр тетігін нығырлай бұрап, майын қарап қақпағын қайта жапты. Бұ жолы машина қақалып-шашалып, дүр ете қалды. Бала-шаға, қатын-қалаш: «.Уралап!» шу ете түсті.

— Әрі!.. Әрі!.. Басып кетпесін. Қазір жүреді.

— Уа, өңмендеп қайда барасың-ей?

— Мына ит машина көрмеген ғой дейім, ә?! — деседі екі-үш қария.

ЬІраш пен Қожан күлімдей кабинаға отырып, есігін жауып алды. Рульде Ыраш. Балалар жапырлап, қорабына мініп жатыр. «Астында қаласың, жүгермек»,— деп ақжаулық бір қария немересінің сирағынан ұстаған, машина гүр ете қалғанда: «көтек» деп шошына қоя беріп, кейін серпілді. Оған да балалар мәз. Айнала көгілдір бензин түтіні. Машина дүрілдей селк ете түсті де, шегіне бастады. Ілгері жүретін емес.

— О, құдай!.. Қатын бастаған көш оңған ба? К... кері кетуін қарасайшы,— деп еді Исахмет, қызықтап тұрған шал-шауқандар қаңқылдаса күлді. Әйел жағы беттерін шымшыласып, жымыңдасып қалды. Ұялған болысты:

— Стой! Стой!

Остап балдағымен көптің ішінен шыға кеп, машинаға беттеді.

— Өй, мынау орыс қайдан жүр?

— Солдат қой, әкем-ау.

— Майданнан келе жатқан беті ме екен?

— Уа, Исеке, сізбен бірге келді ме?

— Бәсе, Исекеңнің таппайтын адамы болсашы,— десті қарттар ұйлыға үрпиісіп.

Ыраш машинаның отын сөндіріп, Остапқа таңдана қарап тоқтады. Іле көзі Исахметке түсіп, қызарып кетті.

— Остап, таныс, менің зайыбым,— деді Исахмет таза орысшалап. Үнінде анау өзге қарттардан шоқтығы биіктігін, тілге де жүйріктігін сездіру бар еді; сақалын салалай сипап, қақырынып, түкірініп қойды. Түс ауған шақ. Ауа ертеңгідей емес желкем. Әлдеқайдан ұйытқып жусанның, құйқаның исі келеді.

— Остаппын мен.

— Ыраш... Мынау Қожан.

Көзілдірікті, сары Қожан ыржалақтай күліп қолын ұсынды.

— Оу, Ыраш, бұ кісі біздің үйдің қонағы. Не ойлағаның бар... Үйге қайтпаймыз ба?— деді Исахмет тақия сыртынан киген бөркін түзеп.

Ыраш қысыла «ә... жүрелік» деп жинала бастаған. Остап:

— Ақсақал, бір минутқа. Қазір... Енді кішкентай қалды,— деді. Ол Исахметтің қазақша не айтқанын түсінбесе де, ерін емеурінін аңғарған-ды. Шинелін шешіп, Қожанға ұстатты да, пилоткасын баса киді; қалбалақтай Ыраш машина капотын ашты. Остап екі балдағын кабинаның басқышына сүйеп, моторға үңілді. Кілт сұрады. Әлденені босатып, қайта бұрады. Астына кірді машинаның; жарты сағаттай әуреленді. Гуілдескен топ та күдер үзгендей болды; кейі қолын сілтеп кететіндігін білдіріп, әйтсе де ұзай қоймай айналшықтап жүр. Остап мұның біріне де көңіл бөлген жоқ; қолын Ыраш берген шүберекке ысқылай сүртіп, балдағын алды. Асықпай шинелін киді.

— Кәне, көрелікші,— деді ол бір замат өзі машина кабинасына отырып.

Ыраш кілтпен от алдыруға кірісті. Көк жөтелдей қиқылдап барып басылды. Остап машина кабинасынан шығып капотын ашты, қарап болып жапты да, тағы от алдырды. Бұл жолы көпке ұзамай гүр етті; төңірек көк ала бензин түтіні, машина селкілдеп тұр. Мотор үні құлақ тұндырардай. Ыраш жүгіріп барып рульге отырды. Жанында Қожан. Машина дүрілдей түсіп, сәл жүрексінгендей болды да, жұлқынып қалып, селкілдеп жүріп кетті. Maнадан қызықтап қарап тұрған балалар:

— Ура! — деп шу ете қалды. Остап қуана күлімдеп Исахметтің жанына келді, екі көзі дарылдап кетіп бара жатқан машина соңында.

* * *

Бәкене шетен қақпаның кісі кіретін жеңіл, тақтай есігінен бір адам көрінді. Әлгі ақырын ашып, аула төріне мойын созып көз тастады да, кейін қайырылып есікті жапты. Аласа бойлы мол тігілген күпейкелі қария төрдегі қораның жанына тай өгізшені байлап жатқан, бұрылып артына қарады да, аңдамаған кісінің райын танытып, қайта жүзін сырт салды. Басындағы қоңыр ормалын түзеп, жерден бір шыбықты алды; сонымен енді жалпақ табан, қолдан тіккен бақабас етігінің балшығын шұқып түсіріп, қырып әуре. «Сарала таңнан неғып жүр? Күн салқында ақшыл көйлектің сыртынан, қара пенжак киіпті. Басында қызыл орамал, аяқта биік өкше, ұзын баулы ботинке. Соғыс алдында менің келінімде де осындай бар еді. О да өзінше сән екен-ау. Жарасымды-ақ... Неге үндемейді?!» Балым қария қыздың дыбыс беріп, көңілін бөле қоймағанына таңданып тұр. Ақыры шыдай алмай мойын бұрып, мынау мұғалима қызды жаңа көргендей:

— Сағынай, сенбісің? — деді. Жиек рауандап қалған; әйтсе де көлеңке біткен үйдің ық бетінде, қораның қалтарыс бұрыш-бұрышында қара мысықтай бұғып жатыр. Тегінде адам атаулы артист; онысын өздері көбіне-көп байқамайды да, олақ ойнайды. Балым қария да осы жолы мүлт кетті; Сағынайға қолымен көзін көлегейлей күнсап қарады.

Жас мұғалима қарияның орынсыз қылығын сезсе де пәлендей мән бермей:

— Менмін ғой, Балым апа,— деп жақындап келеді. Үнінде биязылық та, батылсыздық та бар.

— Е, қарағым, сенбісің! Иә, жайша ма? Аллам сақтасын, азаннан неғып жүрсің?

Бұнысы да ойын; үрейлене қыз жүзіне үңіле түсті. «Қара қағаз» алғандай жамандық болса, Сағынайдың келмесі белгілі; хабар құйыннан да жүйрік, со бойда елге тарайды. «Сонда не? — деп қыз жүрісінің байыбына жете алмай, естігенше асық. Көпті көрген көне көз емес пе, Сағынайдың бекер кірмегенін көкірегі сезсе де, құпия құмар әйелдік жынысы жеңіп тұр.

— Жәйша, апа. Сәлемдесе шыққалы бұрылғаным еді.

— Ойпыр-ай, жүрегі түскір аттай тулап, небір қияметті есіне салады екен де. Иә, алла, өзің жар бол... Жамандықтан сақтағай. Уф... Айналайын, апаңның үрейлене қалғанын кешірерсің. Әбден сужүрек боп біттік қой. Киімің де жеңіл, салқын тигізіп алма. Үйге кір... Балалар ұйықтап жатыр. Оларды да оятайын. Әй, Шолпан!.. Шолпантай!..— деді Балым қария үйдің ашық терезе желдеткішіне қарай дауыстап.— Тұр айналайын, сабаққа барасың! Сағынай апайың келді!..

— Уақыт әзір ерте, апа. Ұйықтай берсін, оятпаңыз. Кеше бүкіл баланың бәрін мектептің отынын тасуға салып едік. Әбден салығып, шаршап қайтқан. Біраз тынықсын. Өздері тіптен жаурап та қалған.

— Е, қарақтарым-ай, сонсын екен ғой. Кешкісін келісімен ас ішуге де мұршалары келмей ауыздары қисайып төсекке құлап еді. «Ойын десе естерің кетеді. Үстіндегі киімдеріңнің сау тамтығы қалмапты»,— деп ұрсып та алғам. Жарықтық әкесі сияқты бұ да. Жауап қайтарып жұмыс істедік десеші. Үндемейді. Ботақаным-ау екі жаудырай бетіңе қарайды да қояды.

Балым үйге мейірлене көз тастады. Басындағы жаулығын түзеп, терең күрсініп те алды. Сағынай да қарияны қоштай иек қағып:

— Басы қараның бәрі игі деген ып-ырас, апа. Құдайым-ай, тіптен кіп-кішкентай балалардың өздері борбайлары майысып отын тасығанда талай жұмыс тындырады екен де. Үш-төрт арба қурай түсіріп үлгерді. «Қарным ашты, шаршадым»,— деп біреуі де қыңқылдаған жоқ,— деді.

— Соғыс бұларды да ерте есейтті ғой. Бәрін де түсінеді.

— Қарым талып, «уф»,— деп маңдай терімді сүртіп тұрсам, Шолпан келіп: «апай, сіз сәл тынығыңыз. Біз қалғанын өзіміз тасимыз»,— дейді. Шетінен өздері бауырмал. Тіпті шаршап-шалдыққанымды да ұмытып кеттім. Ықсан аға, анау Жексен қарт, Сәлима апамдар қолқабыс етті. Бір уыс бидайды қылдай бөлісіп, «сенікі», менікі» деспей, торғайдың балапандарындай шүпірлесіп кеп жегендерін көрсеңіз. Жоғарғы кластың оқушылары мына кішкентайларды қызғыштай қорғап, ауыр көтертпей бақты. Балаларға деген ырзашылығымды тіпті айтып жеткізудің өзі қиын, апа.

— Апыр-ай, бұлары жақсы екен,— деді Балым сүйсіне.— Қарамаға салдыр-салақ, түйсіксіз тәрізді еді. Әр үйдің бір «айналайыны» деп ойлаушы тұғынмын. Сағынайжан, үйге кір. Шай ішелік.

— Апа...

— Иә, қарағым?

Сағынай көңіліндегісін айтуға жүрегі дауаламай, ботинкесінің ұшымен жер шұқып, төмен қарап кетті. Бадырақ қара көзі мөлдірей жүзін алып қаша береді. Қыз көңіліндегісін ана көкірегімен сезіп, кімді іздеп кеп тұрғанын енді түсініп, Балым:

— Ықсанжан біздікіне келген жоқ, қарағым,— деді.— Ферма басында жүрген шығар. Үйінде күтіп отырған жаны бар ма ол байғұстың. Кезіккен жылы ошаққа түнеп, «мал», «жан» деп бір тыным таппайды. Аптасына бір рет те болса соғатын.

— Фермеге де барып қайтқам.

— Онда да жоқ па?

— Иә, апа...

— Е, ендеше ауданға асқан болар. Өткенде мектепке терезе шынысын, еденге тақтай сұраймын деп жүрген. Аудкомда да шаруасы бар ма, қалай? Өзі де тынымсыз, жұмыс десе күйіп-пісіп, дамыл таппайтын бала ғой,— деді Балым ойлана күбірлеп.

«Қыздың жігітті өзі іздегені келіссіз емес пе? Мұның бекер, балам. Басыңның бағасын түсіріп аларсың. Ер адам ғой. Көңіліңді ұқса жақсы, ұқпаса — ұятқа қаларсың. Аңысын аңдап, байқас бол» демекке бір ыңғайланса да қария, аузы барып, айта алмады. Жамандыққа қимай, жақсылық жасауға дәрмені жоқтығын сезіп іркілді.

Ол Сағынайдың ұстамдылығын білетін; бетінің ұяты кетпеген, көргенді үйдің қызына саятын; ал, ғашықтық шіркіннің кейде ақылға жеңдірмей адам құнын арзандатып, төрдегі басын табалдырыққа сүйреп тастайтынын өз өмірінде талай көрген. Тегінде аса ажарлы болмаса да Сағынайдай білікті қыздар бақсыз келеді. «Ит қорыған жерге өш»,— дегендей Ықсандай жігіт біреудің әйеліне іңкәр боп әлек. Ақылға сап, ойлап көрсең, соның бәрі бір әбестік. Әйтпесе Сағынайдың дене бітімі, ақылы анау Жәзирадан кем бе? Тіпті онан білімі де жоғары. «О, жаратқан тәңірім-ай. Бұ не сонда? Өмірдің мазағы ма, ермегі ме? Түсінсем бұйырмасын?» — деп ойлады Балым айран-асыр боп.

— Жарайды, апа, мен кетейін. «Меруерт тәтем, Ықсан жалғыз отырған шығар, шайға шақыра қойшы деген,— деді Сағынай мұңайып.

Балым оны қатты аяп кетті. «Меруерт тәтең емес өзің өліп тұрсың-ау қу бала. Түсінем. Әйел жолының жіңішкелігі-ай; көңіліндегісін де айтқызбайды, көлгірсітіп қояды. Иба, әдет, ғұрып деп ауыздарынан қағып отырғансын бейсауат қарыс қадам аттай алмай өсітіп құриды. Иә... Қайтейін, менің билігімде болса, екеуіңе батамды бере салар едім» — деп ойлады дағдарып.

Қарияның сенбей қалғанын іштей сезіп жүдеді ме, жоқ әлде Ықсанды таба алмағанына күйзелді ме, Сағынай ұнжырғасы түсе сырт айналып, қақпаға бет алып барады. Осы сәт көрші үйдің қоразы қылғына шақырып, ауылдың әр тұсынан әупілдей үрген иттердің, үздіге боздаған түйенің үні естіліп, төңірек табан асты азан-қазан боп жүре берді. Балым қария ойдан серпіліп, жерден басын шұғыл көтеріп алды; есіне әлдене енді түскендей қақпа есігіне қол соза қалған Сағынайға қарай ұмсынып:

— Қызым, сәл аялдашы,— деді.

Үні мүлде биязы, жалынышты шықты. Қарияның шұғыл өзгере, неге күлімдеп келе жатқанын Сағынай түсіне алмай, таңдана іркілді; жүзі жүдеп, қуаң тартып тұр. Бадырақ көзінде мұң, біртүрлі бір шарасыздық бар. «Е, байғұс бала-ай. Шын сүйеді екенсің ғой. Түнімен кірпік ілмей, сағыныштан сарғайып жүр ме ең. Кәріге жастық та өтіп кеткен ескі керуен елесіндей бір дүние. Нар жүгінің қай белде ауғаны да жадында қала бермейді. Мынау бір елдің күйзеу шағында да іңкәрлік болар-ау деп ойлаймыз ғой. Өмір өзінше ағады деген осы. Е, алла-ай»,— дейді қария таңдана, осы қазір бір жаңалық ашқандай.— Иә, жастық шіркінге дауа жоқ. Соғыс та бітер. Тыныш, бейбіт заман да туар. Сонда... Ойпыр-ай, адамның аузы барып айтар сөз емес. Әйтсе де, қызық. Со кезде осы Сағынайлар да мынау, қазіргі өмірімізді еске алып, «шіркін-ай»,— деп тамсанар ма екен? Жастық дәуреннің тозақта өтсе де ыстық тартып тұратын болар. Құдайым-ай, қай-қайдағыны ойлап кеттім».

Балым күннің жиектен тұсау бойы көтеріліп, көгілдір үй-аула, қоралардың көлеңкелері апшыған матадай тәлтиіп қысқара қалғанын аңғармады: Сағынайдың тынышсыздана әлі өзін күтіп, телміре бергенін сезініп, жөткіріне тамағын кенеп қойды.

— Бермен келші, қызым... Сен бүгін түстен кейін маған қолқабыс етші,— деді Балым.

— Неге, aпa?

— Анау кішкентайларыма үлкендердің батасын алайын. Әрі елді де бір шайға шақырмағаныма талай болған. Соны ойлап, малдан тай-өгізшені алып қалып едім. ЬІқсанға өзім айтармын. Меруерт те келсін. Маңдайымызға бейнеттен өзге де жазылған бар шығар. Тірі тірлігін істемей ме? Қай заманда да адам адам ғой. Бірде жыласа, бірде күледі. Әр нәрсе өз орнымен емес пе? Сорпа-су ішіп, біз де бір ес жиналық. Жастар өздерің ән айтарсыңдар, күй тартарсыңдар,— деп Балым Сағынайдың иығына қолын салды.

Бетіне үңілген... Жүрегі тіксініп, шошынып қалды. Күткені бұл емес еді. Мынау қыз жанымды түсініп, жадырап сала берер деп ойлаған, олай болмады. Сұп-сұр қалпы, бедірейе қалыпты. «Кешірмейді. Кімді? Ықсанды ма? Жазығы не о шіркіннің? Таптыра қоймағанын ба? Мүмкін тез маған үйлене қоймадың дей ме? Е, үйленбесе зорлай ма? Еркі өзінде, басы бос еркек емес пе? Мына патшағар қайтеді-ей, ә? Іштей әбден иемденіп алғаны ма? Шын сүйер адамымен дидарласар себептің табылғанына қуанбай ма? Көзі неткен суық еді? Ойпыр-ай, бір көрмеге сүйкімді, ұяң жүзді бала сияқты тұғын. Бұған не көрінді? Түрпідей жиырыла қалғаны несі? Тікенекті алдамшы әдемі бір гүл болатын. Алыстан көз қуантып, ұстай алсаң қолыңды жарақаттап тастайтын. Удай ашытып, жаныңнан түңілтіп, өкініші ойыңнан кетпейтін. Бұ да құдды сол... Осы қазір етінен ет кесіп алсаң да қыңқ демес көк безер ме еді? Аллам сақтасын, сұмдық-ай»,— деп ойлады қария.

— Жәзираны да шақырасыз ба, апа?

Бүкіл ауыл Балымды өзгелерден бөлек: «ана», «шеше» демей, «апа» дейтін. Сонан ба, Сағынайдың «апасы» қарияның жаныңа жылы тимей, «әй, қақбас»,— дегендей тұрпайы естілді. «Е, қызым-ай, менікі күпірлік екен. Сені Жәзирамен салыстырып алжасыппын ғой. Жәзираның жайсаңдығын, ажарын айтпағанда, тіпті байғұстың жөні басқа екен де; нәзік, ибалы. Көстеңдеп алдымыздан кесе көлденең өтпейді, бір айналайын бала ғой. Ықсан бекер сүйіп жүр деймісің. Ол біледі де... Сөйлесу керек екен өзімен. «Мынау саған жолдас болмас» дейін. Қой, ойбай, оның маған қажеті не? Естісе елден ұят шығар. Меруерт те ренжіп жүрер. Есі бар жігіт, өзі де көріп жүрген жоқ па? Ақ көңіл бала... Ұрынып қалса ше?»

— Апа...

— Иә, қарағым,— деді Балым ойынан айығып.

— Жәзираны да шақырасыз ба дедім ғой?

— Шақырам, қарағым. Әрине шақырам,— деп Балым ештеңе түсінбеген жандай қалбалақтап қалды.

Сағынай сырт айналып, «келем», не «келмейім» деместен қақпадан шығып жүре берді. Балым қарияның аласа аула үстінен мойнын созып, соңынан қарап қалғаным сезсе де, қайрылмай қайқалаңдап тәкаппарлана кетіп барады.

Көзімен ұзатып салып, Балым кері бұрылды; әбден қайнап, төгіле бастаған самаурынның булығын ашты. «Мал, сойып, кісі шақырам»,— деп неменеге желіктім? Қадірімді білген ол жоқ. Шай-суды елге базыналық үшін берем бе? Жә, Сағынай келмей-ақ қойсын. Соған бола ғана шақырам ба? Бәрін де жиып тастап, Исахметтің тай-өгізшесін өзіне қайтарсам ба екен? Аш, жалаңаш жүргеніміз жоқ. Ел қатарлы еңбеккүн алам. Басқалардан менің жаным артық па? Жә, құрысыншы бәрі де... Басқалардан оятып, тамағын ішкізейін, сабаққа кешігер»,— деп Балым қария самаурынды жерден көтеріп алды.

Оны ауыз үйге апарып қойып, ыбырсып жатқан төсек-орынды жинады. Шолпан мен Серікті тұрғызып, «бар жуыныңдар» деп далаға шығарып жіберді. Сейіт бүрісіп бip бұрыштa, пыс-пыс етеді; екі беті бұлтиып ұйқышыл-ақ. Ол енді сәске түске жадын, Балым фермадан малын сауып қайтқанша оянбайды. Балым: «оған тимей-ақ қойыңдар. Өзім кейін келгенсін тамақтандырамын»,- деп қызыл-ала жамылғы көрпесін басына дейін қымтай жапты. Анау-мынау дыбысқа оянбайтынын білетін, дей тұрғанмен Серіктен қауіп етіп: «Әй, жүгермек, мұрнына шөп жүгіртіп мазасын алма» деді де, шай жабдығын жасауға кірісті. Қазандықтың үстіңгі кенересінде шүберекке ораулы таба нан жатқан, соны алып, үшке бөліп қойды. Жиегі кетілген, екі жерден құрсау салынған ағаш көзелге қаймақ құйды; май былғамағанмен үш-төрт жандығының сүтінің бетін алып отыратын; оны өзі татпаса да немерелерінің аузына ұстап келеді.

— Апа!.. Апа дейім! — деген Шолпанның аула ішінен даусы естілді. Балым қария дастарқан мәзеретін тастай салып, есік көзіне жетіп барды:

— Е, не болды?!

— Мына Серікті қарашы, апа... су шашады!

— Өй, жүгермек, қойсайшы енді. Әй, иттің баласы, кімге айтып тұрмын!

— Бірінші ұрынған өзі, апа,— деді Серік аузын бұртитып. Өзі жалаң аяқ, үстінде ақ көйлек, қара дамбал. Қолында шойын құман. Шолпан да жалаң аяқ, қызыл-ала шыт көйлек киген. Шашы жалп-жалп етіп, Серіктің қолындағы құманға ұмтылады. Серік бермейді.

— О, оңбаған доңыздар-ай. Жүрістерін... Әй, иттің ғана балалары, жалаң аяқ жүргендерің не?

— Иттің баласы емеспіз, сенің балаңбыз,— деп Серік жауап қатып үлгергенше болған жоқ, Шолпан атылып кеп, оның қолындағы құманды жұлып әкетті.

Серік тұра қуды.

— Aпa!— деп Шолпан Серік жетпей жатып байбаламдап барады.

Балым қария жан-жағынан қолға ілігер шыбық, таяқ іздеп қармана түсті де, шыдай алмай соңдарынан ұмтылды. Серік пен Шолпан құманды тартқыласып жатқанда жетіп барып, екеуін бір-бір ұрып ажыратып алды.

— Жаның шыққыр сен қызды ма? Сомадай боп інісімен төбелеседі. Қашан адам боласыңдар осы,— деп Балым қария қолына іліккен Шолпанды желкелей басып төмен тұқыртып, бетін жуғызып жатыр.— Естияр деген сен білмейсің, анадан не үміт, не қайыр.

Серік құйрығына Балымның шапалағы тиер-тимес сонадай аула төріне орғып кеткен; енді башпайының ұшымен топырақты үңгіп, томсырайып тұр.

— Сен тек маған ұрсасың! Серікке айтпайсың. Ол нағыз қояншық!— дейді Шолпан көзіне жас үйіріле, мөлт-мөлт етіп.

— Мырқырамай тез жуын. Сенің жасың үлкен, әрі қыз баласың. Түсінуге тиіссің. Мектепте осы сендерге не үйретеді? Шешелеріңе көмектесіңдер демей ме? Teз жуынып, төсегіңді де жимайсың. Ініңнің сиқы анау... Борпаңдаған бос белбеу. Оятып оны да жуындырмайсың! О, жүгірмек өңкей... Бар, үйге кіріп сүртін. Анау шашыңды тара... Сені де үлкен, қолқанатым деп жүрмін-ау. Ұсқыныңа болайын.

— Серік ақымақ! Айтқанға түсінбейді...

— Жә, бар... Әй, қоян аяғын жеген, бермен кел.

— Өзім жуынам.

— Атаңның басы өзің жуынарсың! Кел... Әй, мен кімге айтып тұрмын?

Серік ышқырын әлсін-әлі жоғары тартып, үркектеп келеді. Әжесі көп тимейді; тек шыдай алмай, кейде жаңағыдай қатты ренжігенде құйрығынан тартып жіберетіні бар. Серік со бір қауіпті күйде ме деп сақ; тәйіт десе зытқалы тұр. Қуып жете алмасын сезсе әжесі, алдап шақырып ұстайтын да құртатын. Сонысынан сескенеді. Балым қария желкесінен бір нұқып қалмақ боп тұрды да, көзі жаудырап қасына келгенде, ол ойынан айнып қалды. Немересінің мөлдірей қарағаны марқұм келінін есіне түсіріп, бір түрлі жүрегі сыздап кетті. Баурына қыса құшақтап: «Құлыным-ау»,— деді де, төбесінен құшырлана иіскеп қойды. Есікке барып қалған Шолпан әжесінің Cepiккe тимегенін көріп:

— Серікке тимейді. Мені тек ұрады, ұрсады,— деді тағы да жәбірленгендей ерні кемсеңдеп.

Шай үстінде де Шолпан үндемей томсырайып отыр. Әжесінің «ботақаным» дегеніне елтімей, көзінің астынан алая қарап қояды. Ертеңгі тамақтан кейін мектепке дайындалуы да біраз күшке түсті; бір дәптері табылса енді қаламы, сия сауыты көзге ілікпей, үшеулей іздесті. Қағаз, сияның қат кезі ғой. Балалардың көпшілігі газет, кітаптан қиып, шуда жіппен тіккен дәптерлерге жазатын. Дәрі-дәрмектің шынысына құйған сия сауыт та әр түрлі; оның сыртынан тіккен дорбасы бар. Ұзын кендір бауымен аузын бүре байлап, киіз қап— портфельдің бір жанында салақтата ұстап бара жатыр еді. Е, міне сия сауыт пен қаламсап кереуеттің астынан шықты. Енді, «қазақ тілі» мен «есеп» дәптері жоқ. Сол табылса, Шолпан мектепке дайын деген сөз. «О, қайда зым-зия ұшып кетті екен?» Есеп дәптерін Шолпан Ықсан кеңседен әкеліп берген ресми қағаздың бланкілерінен құрап, тігіп алған. Кластағылардың көпшілігі дәптерлерін газет, кітап парақтарынан жасайтын: жазғанда балалар жол-жолдың арасын қуып отыратын; жартылай таза бет кездессе тіптен қуанып қалатын ғой. Әсіресе Шолпанның жазуы аз, ресми қағаздан жасалған дәптеріне көзін сатып, қызыққандар көп. «Солардың бірі алып қоймаса қайтсын». Шолпан секемденіп, шын қорқа бастады. Кеше соңғы сабақтан кейін отын тасуға барды. «Сонан соң, ол дәптерлерін түгендеді ме? Жоқ... Е, ендеше қолды боп кетті». Ал, қазақ тіліне Жәзира сыйлаған, жартылай ақ парағы көп, шағын брошюраны арнаған. О да көрінбейді.

— Aпa, «Жәзира берген дәптерім» де жоқ,— деді Шолпан тоңқалаңдай төсек орынның, киіз, алашаның астын тінткілеп жүрген әжесіне қарап.

— Жоқ болса, құрдым кетсін. Түнде бәрін реттеп, жинап қой,— деп құдайдың зарын қылмадым ба?! О, жүгермек!..

Балым қария тершіп кеткен маңдайын жаулығының ұшымен сүртіп, бойын жазып тұр. Терезеден түскен шуақта аяғын көсіле тастап, жымысқы күлімдеп Серік отыр. Шолпан көзі енді соған аялдады. «Бар пәле осыдан болмасын? Мені әжеме ұрыстырайын деп әдейі тығып қойып күлімдеуін қарашы»,— дейді Шолпан Серіктен сезіктеніп.

— «ЬІқсан дәптерімді» сен түнде көрем деп алғансың, Серік.

— Өтірікті соқпа...

— Сен... Сен алдың,— деді Шолпан тап беріп.

— Иә, алдым!

— Қайда? Қайда жібердің? Кәне, тап жаның барында.

— Тыныш, Шолпан. Ана Сейітті оятасың. Неменеге әңгірлейсің? Ақырын сөйлеуге болмай ма? — деп Балым қария Серіктің қияңқы жауабына мән бермеді.

— Алдым дейді ғой, апа...

— Е, соның сөзі не, өзі не, қойшы әрі...

— Отқа жақтым.

— Апа, Серік отқа жақтым дейді,— деп Шолпан жыларман болды. Адам айтса нанғысыз бір сұмдықты естігендей даусы да шырылдап, бұзылып кетті.

Кереуеттің аяқ жағындағы көкшіл сырлы кебеженің астына үңіліп жатқан Балым қария: «ей, мынау жүгермектің есі дұрыс па? Не деп сандалып отыр»,— дегендей жерден басын шұғыл көтеріп алды:

— Әй, ақымақ, рас айтамысың?

Әжесінің табан асты өзгере, түсі бұзыла суық қарағанынан жасыды ма, жоқ әлде істің беті насырға шауып кетерін сезді ме Серік үркектей қалды да, іле ыржия күліп:

— Ойнап айтам,— деді.

— О, ойының осылғыр! Жағыңның отын жандырайын ба? Қарашы мұның құянпұрысын! Исахмет құсап кісімсінуін. Тұр орныңнан, іздес апаңның дәптерін!

— Мен Исахмет емеспін.

— Исахметсің сен де!..

— Исахметтің тай-өгізін бақпайым! Сойып тастайым!

— Маңқаңды сүртіп ал, мал сою қайда саған,— деді Балым таусыла кейіп. Исахмет әкелген малды әжесінің көп тартынбай алғанына намыстанып жүргенін аңдап, іштей арлылығына қуанып, бір жағы соған ырза боп қалды. Әйтсе де түс бермеді:

— Сен екеуің менің түбіме жетерсіңдер. Өңкей жетесіз!

— Апа, таптым!

Шолпан терезе алдына жайған газеттің астынан екі дәптерді шығарып алып жатыр. Көзі күлімдеп, жайнаң-жайнаң етеді.

— Өй, түйсіксіз неменің, қойған жерін,— деді Балым зілсіз ғана зекіп. Қоңыр жаулықтың астынан қобырай шығып кеткен шашын, саусақ ұшымен кейін ысырып жинап жатыр.

Шолпан ақ киіз қап-портфеліне дәптерін салып, мектепке асыға жинала бастады. Балым қария да қалбалақтай қосарлана шауып, «бол-бол»,— деп жүр. Шолпанды үйден шығарып салып, Серікті киіндірді, өзінің де фермера сауынға баратыны есіне жаңа түскендей жаулығын жөндеп тартып алды. Сары кенеп шұлғауын аяғына орап, етігін киді. «Қарның ашса, ауыз үйдегі көк кастрюльде айран бар. Соны іш. Қақпаны ашып кетпе. Сейітке тиме, ұйықтасын. Мен де көп кідірмей келем»,— деп Балым қария күпейкесін жүре киініп, далаға шықты.

Көшенің топырақ реңі қоңырқай, күн жылуынан бусанып жатыр. Уақыт озған сияқты еді, сөйтсе әлі ерте екен, түнде түсіп қалған шық кеуіп үлгермепті. Жол жиегіндегі сидаң селдіреген бүргем сабағы бозқырауланып, жылт-жылт етеді. Таңғы көшенің ылғалды топырағына адам, мал ізі де көп түсе қоймапты. Молдау тігілген, кең қолтық күпейкесінің өңір ілгегін түймелеп болған Балым, төңірегіне енді көз тастады. Әр үйдің ауласынан, кейінің тіпті мұржасынан жыланша ирелеңдеп көгілдір түтін көкке өрлеп барады. Әне, екі келіншек ауылдың күн батыс бетіндегі табынға қосқалы сиырларын айдап шықты. Еңселі Исахмет үйінің алдында бес-алты ақ тауық көрінеді. Мұржасынан түтін будақтап жатыр. «Е, дүние-ай, баршылық деген сол. Күннің жылысында от жағады». Балым өз-өзінен тамсанып қойды. «Жаман Серік екеш о да біледі Исахмет көкейін. Намысқойын қарашы... Тай-өгізшені бақпайым, сойып тастайым деді-ау, ә? Өткен түнде Исахмет аулаға кіргізіп, байлап келгенде состиып: «сенің малыңның бізге керегі жоқ, білдің бе?! Сен енді тағы да Ыраш тәтемді сабасаң бар ғой, өскенде өлтірем»,— деді емес пе?» «Балдызым, оның не? Қой... Үйіңе келген жалғыз жездеңе сондай бітіспес, жау сөзін айтпа. Ашуды ақылға жеңдір. Жігітсің ғой. Тентек болма! Бір ашуыңды қисайшы маған да. Біз екеуміз де еркек емеспіз бе?!» — деп Исахмет мүләйімси күле берген еді. Балымның: «малдарың өздеріңе, Исахмет. Алып кет. Ішіп-жемдігіміз құдайға шүкір жетерлік»,- дегеніне Исахмет ренжімей, күле түсіп: «сіздерге арнаған соғымдығым, қолымды қақпаңдар. Күнін көре алмай, аш-жалаңаш отыр-ау,— деп әкеліп отырғаным жоқ. Е, Балеке-ай, сіз де кейде тарылмас тұста тарылып қаласыз-ау. Ырашты мен ренжітті дейсіз ғой. Ол мені тірілей көміп отырса қайтесіз? Ә, сенбейсіз бе? Әрине, солай... Тамыры солып, қауқары қайтқанда жасқа үйленгеннің әбестігін жаңа түсінген мендей пақырды әжуаласаңыз да еркіңіз. Күліңіз, күйіндіріңіз. Мен тірі өлікпін. Біткен жанмын... Жә, еркек деген атымыз бар, індете несін айтам. Сөз реңін, бағыт-бағдарын өзіңіз де түсініп сезетін кісісіз ғой, Ыраш мені жерге қаратты. Сізге ол сәби. Машина тетігіне қолы ілінді де бүлінді. Тіпті менен сұрамайды да, өз дегенін істейді. Әйтеуір бір шүкірлік етерім, шашпа емес. Менен бетер дәулетке жақын, бірімді екі етіп отыр. Тай-өгізшенің өзін ұрыс-қағыспен, дау-дамаймен алып шықтым. Жан баласына нәр татырмауға бар. Сіздерге амалсыз көнді. Анау Ықсан да қарап жүрмейді. Келесі жылы ауданға тракторшылар курсына жібереміз деп желіктіріп қойыпты. Қазір оны тізгіндеп ұстап отырған құдайшылығымды айтайын мен емес, анау дәулет, үй-жиһазы. Алдыңғы күні өзін қорқытып алайын деп ұмтылып едім, қамшымды шап беріп ұстап, қолымнан жұлып әкетті де, өңменімнен итеріп жіберді. Жас емес пе, қолы қарулы екен» деп Исахмет Балым күтпеген тосын қылық аңғартып кетті. Анау ашатұяқтың қайтарылмай аула ішінде қалу себебі де осы әңгімеден еді; Балым әрине Исахметтің көп сөзіне шанбайды, өтірікті де көскитіп төгіп жіберетінін сезеді. Ал, мынаусында жан бап сияқты. Исахмет ашылып екеуінің арасындағы кейкілжіңді кез келген көк аттыға айта қоятын ашық ауыз емес. Әрі Балым өз немересінің абыройы үшін мұны ешкімге тіс жарып білдірмесін де сезеді. Ықсанды араға қыстырып отырғаны жаманатты көрсету екенін де түсінеді. Ел де Ырашты соңғы кезде: «Исахметтен асқан дүниеқоңыз. Өлейін деп жатсаң, аузыңа қара су тамызбайтындай сараң. Күндіз-түні «мал», «мал» дегенде сай-сүйегіңді сырқыратады. Ойпыр-ай, жап-жас басымен онысы не? Бірдеңе көрінер бұған» — дейтінді. Балымның жиі естіп жүргені. Бұнысы, әрине, пәлендей жаңалық емес. Тек бір ұға алмай қалғаны: «Ыраш мені жерге қаратты» дегені. «О не бүлдіріпті? Қалай жерге қарата алады? Әйел еркекті бір-ақ жәйда қорлайды... Қой, олай болмас. Тірісінде көзіне шөп салып, жынданды деймісің? Жалған. Көңілге қонбайды. Тіпті келісі жоқ. Е, ондай Ырашқа көзі түскен бұл ауылда еркек кәне? Манай сорлы анау. Ықсан ба? Мүмкін емес, ол Жәзирасыз тірлігі жоқ жан. Енді кім? Әлде жақында келген ақсақ орыс Остап па? Машинаны жөндесіп, қолқабыс еткені болмаса, пәлендей көңіл жақындығы білінбейді. Е, құдай еркек емес пе? Сол шығар... «Әйеліңіз тым жас екен?» — деп айтты дейді ғой ел. Көңілі таза адам бір көргеннен төбеден түскендей күйеуіне сондай сөз айта ма? Орыс деген турашыл келеді деуші еді?...»

Соңынан сиыр тұяғының сықыр-сықыр еткен дыбысын естіп, Балым көңілі бөлініп кетті. Қайырылып, жол жиегіне шықты. Ақ қасқа екі күрең сиырды жағасыз қазақы қоңыр, сырмалай тіккен шапан, төбесі мақпал, түлкі терісімен жиектелген дөңгелек бөрік киген шал айдап келіп қалыпты. Балым тани кетті. Ықсан үйімен көршілес тұратын Жексен қарт екен.

«Көк есекті шал ғой мынау» — деп ойлады Балым. Кезіккеніне қуанып та қалды. Қонақасылық малымды сойдыратын адам осы. Дұрыс болды. Кемпіріне де кіріп шығу керек еді. Байғұс ауырып жатыр деген, халын сұрайыншы. Көңілін біліп, кіріп-шығу жөн-тұғын, ұят болды-ау. Қу тірлікте шаруа біте ме? Әне-міне деп жүргенде уақыттың сырғып қалай өткенін де білмейсің. Балым Жексен қарт қатарына жеткенше іштей өзін-өзі ақтап та үлгерді.

— Уа, Жеке, аман ба,— деді Балым ибамен имене, қарт тұсына келгенде.

— Шүкір. Өзіңіз қалайсыз, құрдас?

— Е, тәйірі-ай, алла деп жүреміз де әйтеуір.

— Немерелерің өсіп жатыр ма? Серік... Серік қалай? Көргенде тұра қалып: «ассалаумағалейкүм» деуші еді. Бір айналып кетейін ғой өзі. Тфа-тфа!... Тіл-көзім тасқа.

— Е, ол тентекті қойшы. Аяқ киімді шақ келтірмейді. Тағы да сіз тігіп берген бәтеңкесін қақыратып салды.

— Оны маған неге жібермейсің? Тігіп берейін... Бәсе, кейінгі кезде көрінбей кеткен, шыға алмай отыр ма еді?!

— Жә, отырсын сөйтіп... Қоян аяғын жеген тентек немеге ол аз. Кімге тартып тынышсыз болғанын білмеймін.

— Өзіңізге ұқсамай ма?

— Қайдам...

— Иә, қан жібермейді. Өзіңе тартқан ғой. Сені сонадайдан көзім шалған, желмаядай жортақтан жеткізер түрің жоқ. Жосып барасың,— деп Жексен қарт күлімдей қолындағы шыбықпен етігінің ұзын қонышын қамшылап қойды.

— Құрдас тәуір ме?— деді Балым Жексен қарттың желпіне езу тартқан осы бір жылы райын қалт жібермей пайдаланып.

— Беті бері қарап қалды. Жаман емес.

Жексен қарт орақ тұмсығының үстін бос, сол қолының саусағымен қасып қойды. Олар ауылдың шетіне де таялды,- жол айырығы да жақын. Балым фермаға солға, Жексен қарт оңға шоғырлана жиналын жатқан табынға қарай бұрылмақ.

— Жеке, менің бір соғымдық тай-өгізшем бар еді. Соны түс ауа кеп, жайғап берсеңіз қайтеді. Кешке құрдасты ертіп қонақ болсаңыздар. Ауылға шай ішкізіп, дәм тартқызбағалы да талай жыл,— деді Балым асыға сөйлеп.— Сәлем де сәтімен деген. Рет-жөні солай келіп тұр. Анау кішкентайларыма үлкендердің батасын алсам ба дейім.

— Е, мақұл, оның бөтен емес қой. Келейін. Рақмет шақырғаныңа. Құрдасың үй-ішінде қалтиып жүргенмен, әлі әлсіз. Айып етпегейсің,— деді.— Ал әзірге сау бол.

«Иман жүзді, ескінің көзі — жақсы адам. Біреуге болмасын дейтін жан емес. Қол ұшын беруге әзір тұрады», деп Балым қария Жексеннің «келейін, мақұл» дегеніне риза күйде күлімдей, көзімен ұзатып салды. Өзі ауылдан екі шақырым, қалың қызыл жыңғылдың ішіндегі ұзынша, шым қыстауға бет алды. Езуінде бір жылы сәуле сөнбей ойнап келеді. Әне, өрдің үстіндегі қыстау да ап-анық шалынды. Төбесінің әр жерінен қасқыр тістенген бөрененің ұшы көрінеді. Ауыл жақ беті ояң; жаз, қара күз, көктем мал сол жерге иіріліп, сауылады; орнын көп ауыстырмайтыны сиырдың жапасы әр төбенің, сайдың етегінде қалмасын деп қыстық отын қамын ойлағандық, «Анау кім?..» Салт атты табынды қайырып жүр. Балым күнсап қарады. «Исахмет қой. Малды өріске айдағалы ыңғайланды ма? Мені күтпеуші ме еді. Қыздар мен үшін сиырларымды сауып қойған-ау шамасы, Жәзира, Меруерт не Кенжеқыз — үшеуінің бірі шығар. Балалардан ауыспай, үлгіре алмасымды сезген ғой». Қарақұрым сиырлардың арасынан ақ, көк, қызыл, сары моншақтардай жаулықты әйелдердің бастары қылтыңдап жүр. Бергі шетте ақ флягілерді қатарлай тізіп, тиеп алған екі өгіз арба тұр. «Ауданның май айыратын өндірісінікі. Күніге екі мезгіл қатынайды. Флягілердің күнге шағылыса, жылт-жылт етуін қарашы».

Балым қателеспепті. Тиесілі сиырларын үш келіншек бөліп алып, сауыпты. Қарияның кешке соғымға шақыра келгенін естігенде: «ту-у, еңбегіміз еш болмапты-ау. Сіздің сиырларыңызды, Балым апа, біз күнде сауайық. Тек сіз шақырудан жазбаңыз»,— деп күлісіп мәз-мейрам. «О, шайтан қыздар-ай»,— деді Балым қария аузына қапелім де сөз түспей.

Иә, енді міне ол сол ертеңнен бергі қыбыр-қыбыр тірлігін, не істеп, не тындырғанын ойлап отыр. Әлгінде ғана тізе бүкті. Исахмет те жалпылдап, шауып жүр. Үш-төрт шыны сабынды судай самогон-арақ әкелді. «Бұның таппайтыны жоқ» деп оған да разы. Әйтсе де көкейіндегі қаупін әлгінде Исахметке жасырмай айтқан: «Остап есігімді бірінші рет ашады. Мынауың жөн. Тек анау Манай сорлыға сақ бол. Әлжуаз бала емес пе?! Көтере алмай жүрер. Өзің білесің, анада Жексен қарттың үйінде аузы көпіріп сандырақтап қалмады ма? Ыңғайын бақ. Татырма»— деді.

«Талай шаруа тынды. Көршілерден қазан алды. Балалар тамақтанды, Жәзираның үйінде. Мал сауылды, қорада. Қуырдақ дайын. Дастарқан жайылған. Нан жағы аз. Меруерт бір әшмөңке шай әкелді. Орысқа нан керек. Оны қайдан алам?..» — деп тағы да қиналды.

— Апа,— деді даладан кірген Ыраш қасына келіп,— сорпаның көбігін алдым.

— Дұрыс болған.

— Нан илей берейін, ұн қайда еді, апа?

— Е, балам-ай, бұл үйге ұн құтаймағалы қашан. Көкеңмен бірге кетпеді ме?! Мына дастарқанға бар болса, төгіп салмайым ба?! — деді Балым налып.— Басқаларға айып емес, анау табалдырығымызды тұңғыш аттағалы отырған орыстан ұят-ау дейім. Өзгелерге жайымыз аян, қиналмаймын...

Даладан Жәзира да кірді. Қынама бел қызыл көйлек, қара камзол киген, жаурынына күпәйкесін жамылып алыпты. Қолында ақ дорбасы бар. Басында қоңыр орамал.

— Апа, мынау көптен жатқан бір жайымдық ұн еді. Қазанға салайық. Мен қазір илей қояйын. Әлгі ағаш табағыңыз қайда? — деді ол.

— Наурыз келгенде етке саларын, емес пе?! Жо-жоқ, оныңды қой. Ауыл біледі, ұнның тапшылығын. Айып етпес, барымен базар,— деп Балым қолын сілкілеп орнынан тұрып кетті.

Шынында ел қамырды жоқтамайды, қазір ол қай шаңырақта да қат. Рас, Исахмет үйінде ғана мол. Бауырсақ иісі шықса, ауыл адамдары танауларын жел жақтағы Исахмет үйіне қарай көтереді; іздеп жатпайды, со тұстан екенін біледі. Елдің бала-шағасына дейін мағлұм жәй. Өз немересі болса да Балым аузы барып: Ыраш, неғып тұрсың, әкелмеймісің?» дей алмады. Сараңдығын естіп жүргеннен бе, жоқ әлде біреуге қолын жайып сұрауды ар көрді ме, тура айтпады. Өзі түсінер дегендей үлкен немересінен емеурін күтіп қалды. ЬІраш әңгімеге араласпай, оған пәлендей қатысы жоқ жанның райын танытып, жүзін алып қашқанынан тіксініп, терең күрсіне орнына қайта отыра кетті. «Ләм» деп тіл де қатпады. Жәзираның бейкүнә сәбидей әлі сол жаутаңдай қарап, келіспесе ренжігелі тұрғанына аңдап, өзің біл деді. Аузына басқа сөз түспегендей:

— Кереует, кебежелерді, апа, қайда жібергенсіз? — деді Жәзира қонақ бөлмеге көз тастап.

— Қораға шығарып, үстін алашамен жауып қойдым. Әйтпесе, қарағым, кісі сыймайды ғой.

— Е, бәсе... Бұ қалай дейім? Бөлмеңіз даладай кеңіп қалыпты.

Жәзираның бұл сөзі көңілін аулап, алдарқату екенін Балым қария сезініп, кәдімгідей оған іші жылып жүре берді. Ыраш үн-түнсіз далаға шығып барады; Жәзира да ілесе ауызғы бөлмеге енді. Қазандық үстіндегі жақтаудан ыдысты сылдырлата алып жатқанын Балым қария байқап отыр. «Исахметтің де, елдің де сөзі бекер емес екен ғой. Қолы ашық, қайырымды сияқты-тын?! Мынау менің сол Ырашым ба? Ең болмаса Жәзираның көзінше: «астығымыз жоқ, апа»,— демей ме? Жә Жазира табаламас. Дегенмен тілімен болса да алдаса қайтетін еді»,— дейді Балым жүдей түсіп.

Орнынан созыла, ауыр көтеріліп, төрді іргелей жайып тастаған көрпе, жастықтарды түзеп жүр. Жерде тұрған жетілік шамның еңкейіп мұржасын алып, пілтесін тұтатты; түтіндетпейін деп сәл басып қойды.

Алакөлеңкелене бастаған үй іші шам жарығынан жарқырай кеңіп сала берді. Терезе шынысы көгілдірленін, аула ортасындағы қазандықтың жарығынан қызыл нұрлана құбылып тұр. Балым ақ сәтен сырмалы жапқышын ысырып, айнала жауып шықты. Әлі сол ауыр ой үстінде. «Жасы келген адамға тынымсыз, үйреншікті күнұзынғы еңбектен де бетер қажытар — бала жәйі, дағдыры екен-ау. Асқаржан да талай шаршатқан. Оған да күйінетін. Әйткенмен мұндай қиналмаған тәрізді. Өзіңнен туған жалғызыңнан, немере тәтті бола ма, қалай. Оларға тіптеп күйзеліп, жаның шырқырағанда не істеріңді де білмейсің. Өссе, ержетсе, қосағын тапса дейсің, енді бір тынығармын-ау, дегенде, кейінгі дағдыры ойыңды билейді, мазалайды. Күйеуге тиді. Шоферлік мамандығы да бар. Үстінде үйі, алдында дәулеті жетерлік. Тағы не керек маған? Мінезі өзгерсе басына салғанды көрер, түзелер»,— деп Балым өзін-өзі жұбатумен әлек.

Аула ішінен дабыр-дұбыр естілді. Қонақтың алды келіп те қалғанға ұсайды. Балым әйелге тән сергектікпен үсті-басына көз жүгіртіп өтті. Көкшіл ұзын, кең етек көйлек, жеңсіз лақ терісінен тіккен кеудешесін киген еді; баста ақ жаулық, онысын шешіп, қағып-қағып жіберіп, тамақ астынан бір тартты. «Сәнденгендей қыз емеспін ғой»,— деп ойласа да үстіндегі киіміне бірсыдырғы көңілі толып, сергіп қалды.

Есікті шалқайта ашып, Ықсан кіріп келеді:

— Кеш жарық, апа!..

Ауызғы бөлмеде білегін сыбанып алып, қамыр илеп жатқан Жәзираны көріп, іркіле түсті де, күлімдей:

— Бұрын келдік пе десем, алдымызды орап кеткендер де бар екен ғой,— деді ол.

— Жо-жоқ, өзіңіз біріншісіз. Біз қызмет көрсетушілер санатынанбыз.

— Е, неге, сен де қонақсың,— деп Балым Ықсанды қоштап кетті.— Төрлете бер, Ықсанжан. Шинеліңді әкел мен ілейін.

— Өзім, апа.

Кіреберіс есіктің қайырылысындағы киім ілгішке шинелін, әскери фуражкасын іліп Ықсан шашын тарауға кірісті. Жәзираның аққұба жүзі күреңіте нұрланып кеткен; қара шашы әлгінде өзі жаққан терезе алдындағы кішкене май шамның жарығынан жалтырап тұр.

Жазирада жел өкпелік, алып ұшпа мінез жоқ. Қандай жиын-тойда бойын билеген жастық жалынды сабырға жеңдіретін. Бүгін ертеңгісін соның бәрінен айырылып, кешкі отырысты асыға күтті. Неге соншалық бүлінгенін өзі түсінбейді. Ең тәуір деген көйлектері де ұнамай күйіп-пісті; бірін киіп, бірін шешті. Бұрын не кисе де жарасып, құлпырып жүре беретін. Еркек біткеннің алдында жұлдызы жоғарылығына да сенімді болатын. Ылғи ерке, еркін. Кәрі де, жас та тамсана, сүйіне қарайтынын білетін. О да адамды бұзады. Жәзира осыны ұққысы жоқ. Өзім деп бара жатқанын сезбейді. Күйеуі алдындағы парыз да өтеліп, Ықсан да бір оны сүйсе, үйленбесе, «қой әрі...» дейтін емес.

Наурыздың келетін мерзімі жақындаған сайын Ықсан үмітін үзіп, бойын аулақ салып, сырғақсып жүрген; көрінуі де аз. «Е, тәйірі мейлі...» деп Жәзира ілкіде оған мән бермеген; енді біртүрлі жүрегі сыздап, қимайды. Соғыс бітіп, ел есін жиған кезде жалғыз Наурызбен қаларын ойласа, жаны қыдырып қиналады. Алтын сақина орнына қалайысын алғандай көкірегінде өкініш те бар. Еріксіз күйеуімен ЬІқсанды салыстырып отыратынды тапты. Сағынайдың жігітті өлердей сүйетініне көзі жеткенде, әзәзіл қызғаныш өзегін өртейтінді де шығарды. «Ол мендей емес, мұғалима... Білімді жас, ажарлы»,— дейді тістеніп. « — Ықсан мені сүйеді. Ал мен қолыма қонған бақыт құсын аяламай, ұшырып жіберуге тиіспін. Неге? Таңдау менің еркім ғой. Ықсанның кісілігі де, ақылдылығы да, алғырлығы да жоғары. Бермейім...»

«Ой, шіркін-ай... Қалайша бермейсің? Күйеуің Hayрызды қайтесің? Екі еркекті бірдей жалғыз өзің иемденбексің бе»— дейді бір үн көкірек түбінен күмбірлей. «Бермеймін. Ол Сағынайды алсын». «Бәрекелді... Ендеше неменеге кел дедің? Ел алдында жақсатты көріну үшін бе?». «Жоқ, шын... Адалым еді. Ақ сөзім». «Солай де... Ендеше Наурызбен тұра бер». «Ықсан ше?» «Ықсан Сағынайдың еншісі...» «О, да менікі». «Жо-жоқ, оның бекер, Жәзира. Олай болмайды»,— дейді жаңағы үн.

Жәзира осылай іштей арпалысып жүріп, ең тәуір қызыл көйлегін киіп алды. Әйтсе де үйінен көңілі құлазып шықты. Балым қарияның ауласына кіруі мұң екен; бойым ыстық бір жалын билеп жүре берді. Енді міне Ықсан да қасында тұр. Әлгінде ол күйіп-жанып бара жатқандай болғансын орамалын шешіп, жұп-жұмыр аққу мойнына бос салған: қазір соған ұрлана көз тастап, ішіп-жеп бара жатқан мынау жігіттен қысылады, әрі кері теппей жүрегі лүпіл қаға алып ұшып қарай түссе деп те тілейді. Үлбіреген ерніне Ықсанның тым көп телміріп кеткенінен ыңғайсызданып:

— Құрдас, сыланып-сипанып болсаңыз, жоғары шығыңыз,— деді.

Әзіл орынды айтылды ма, жоқ әлде Балым да жігіт көңілін қалай бөлудің ретін таба алмай тұрды ма, қолы мен аузын көлегейлей: «ай, тентек қыз»,— деп сәбише күлді. Ерсілеу қылық аңдатып алғанын сезіп Ықсан да, онысын жуып-шайып:

— Қонақтық есіктен басталатын болар деп, өзіңізден де үміттеніп қалмайым ба? Берерін, жоқ па еді? Е, мақұл, ендеше, ілгері кеттік,— деді.

Балым жігіттің сөзден жығылмай, тауып айтқанына ырза боп, жадырай күлді; әп-сәтте манағы бір қоңырқай көңілі жазылып, шуақтанып жүре берді. Есік қайта ашылып, Жексен қарт, Остап, Исахмет, Сағынай, Қожан мен Сәулеге дейін шұбап кіріп келеді. Олардан кейінде Кенжеқыз, Меруерт, Сәлима, Манайлар да көрінеді.

— Ал, халайық, тез шешініп бері өрлеңдер. Жазира ас ұстағанға бірдеңе тиеді екен деп дәмеленіп қалмаңдар,— деді Ықсан алдыңғы топты әзілге шақырып.

— Сен, бала, жол бер апаңа,— деп кеуделей Сәлима Қожанның алдына түсті.— Әй, Ықсанның бетін қайтарып, түк татырмай жатқан бұл қайсың? Сен бе? Ө, шайтан қыз!..

Сәлима өңіреңдей жетіп барып, Жәзираның мөлдіреген пара көзінен, маңдайынан шөпілдете сүйіп-сүйіп алды. «Aпa, қойшы»,— дегеніне де қарайтын емес. Төңірегіндегілердің ырзалықпен сүйсіне қалғандарын аңдап көстеңдеп жүр:

— Ай, Ықсанжан-ай, сендердің ұстамдылықтарың кісіні өлтіреді ғой. Телміріп кеп сұрағанша өйсітіп, құмар қандыра құшақтап бір сүймейсің бе?!— деп жатыр ол. Оған да ел күліп мәз-мейрам.— Құдайым-ай, мені еркек қып жаратсашы. Итқұлы итақайға қиған бір жапырағын маған да қыстыра салсашы...

— О, құдай соққан! Балалардың көзінше айтып тұрған сөзін,— деді Жексен қарт ұялғансып.

— Әй, шал... Еркек дегенде мен сені айтып отыр деймісің?

— Жә-жә, қойдым. Ойбай-ай, бір кетсең сенің тоқтауың жоқ-ау.

— Сәлима, Жәке, Кенжеқыз, Остап айналайын, броходи... Төрлетіңдер,— деді Балым қалбалақтай. Келмес-ау деген Сағынайдың да көрінгеніне ырза. Жаурынынан қағып: «қарағым»,— деп жатыр. Ең соңында Исахмет.

Жалғыз Жәзира емес, құрақ ұшып Кенжеқыз, Меруерт, тіпті Сәулеге дейін білек сыбанысып, дастарқан мәзеретін жасасып кетті. Меруерт үйінен қаймақ, Жексендікінен таба нан да келді. Балым: «қойыңдар, оларың не?» — десе де болмай, Кенжеқыз тұздалған қияр турап алып жетті. Осы ауылда ауласының ішіне қияр, картоп, қауын егетін екі үй бар. Ол мынау Жексен қарт пен Кенжеқыз. Ел пиязға дейін Кенжеқыздан алады. Жылда өздері де екпек боп, көктемді асыға күтеді де, көктем шыға кежегесі кері тартып, онысынан айнысып қалады. Бір самаурынның аздық етерін сезіп, Балым көрші Жәзираның, Меруерттің де үйінен алдырған еді. Енді сонысына да дән разы. «Қонақтарға өзің ие бол», — деп Балым Исахметке сыбырлап та қойған. Қуырдақ пен ащы қияр, нанмен ішілген самогонная кейін ауыл адамдары шайды да терлеп-тепшіп біраз сілтесті.

— Уа, халайық, бір сәтке құлақ салыңдар! — деген Исахметтің де даусы жарқын-жарқын шығады.

Қақа төрде Жексен қарт. Оң қолында Ықсан, сол жағында Остап, Сәлима. Екеуінің аралығында қыстырылып Кенжеқыз отыр. Қалай жоғары шығып кеткенін білмей әлденеше мәрте орын өзгерткісі келетінін аңдатып, талпынып көрген ел қызынып алғансын, тіптен көнбеді. Балым да: «отыра бер, жаным» — деп ыңғай бермеді.

Торға түскен қоянның көжегіндей жаутаңдай сөйлегендердің аузына қарайды. Табақ-табақ ащы қуырдақ та қонақтардың үстерінен қалықтай ұшып келіп, дастарқан ортасына орын теуіп жатыр. Әртүрлі стакан, кеселерге құйылған самогон түйісіп қалып, сыңғырлай ажырайды. ЬІқсан Жәзираның жүзі бал-бұл жана өзіне күлімдей, сүйсіне қарап қалғанын аңдап, іші жылап қоя берді. Жүрегі лүпіл қаға, алып ұшып барады. «Жәзираш жаным...» дейді жанарында қуаныш сәулесі жылт етіп. Ықсан қолындағы стаканды кідіртпей, іле көтеріп салды да, көзімен Жәзираны тағы да іздеп, тауып алды; «сен үшін...» дегендей ым жасады.

Жәзира түсінгенін, сездіре езу тартты. Тіптен батыл-ақ, төңірегінен айбынатын емес. Біреу байқап қалар-ау деп ықпайды. Әлденеге белін бекем буғандай еркін. Айнала дабұр-дұбыр. Исахметтің сөзіне де жуық маңда құлақ салынбасы аян. Әлгінде Қожанды жүгіртіп жіберіп Жексен қарттың домбырасын алдырған; о да бұрышта жетімсіреп тұр.

— О, халайық! — деді Исахмет самаурын түбінде шай құйып отырған Ырашқа бір көз тастап.— Кеше мен ауданда радио тыңдадым. Біздің әскер фашистерді түре қуып барады дейді. Сол үшін бір алайықшы!

— Дұрыс сөз!

— Ура!..

— Жеңіс үшін! — десіп кетті ел адамдары.

Дауыс саябырсыған бір тұста Остап сөз айтқысы келетін ыңғай танытты; қазақ тілін білмейтіндігінен қысылып, Ықсанға қарай береді. Мынау қарапайым қазақ аулының жатсынбай, бауырына тартып дәмге шақырғандарына да ырзалығын сездіргісі келеді. Қалай, неден бастаудың да жөнін білмей, абдырап отыр.

— Остап, сөйлегің келе ме? — деді ЬІқсан. Ол ұлықсат болса деп басын изеді.— Исахмет, Остапқа сөз берші...

— Әй, ағайын, сәл сабыр ет! Остап сөйле. Қысылма, құлағымыз сенде.

— Друзья! — деді ол кешірім өтінгендей күлімдеп. Ықсан «қысылма мен аударып отырам» дегендей ишарат жасады.

— Бауырларым! Мен де өздеріңдей қарапайым украин шаруасының баласымын. Бұдан төрт жыл бұрын менің әкем, шешем, әйелім, балам... үйім бар еді.

Ол құнжыңдай гимнастеркесінің төс қалтасынан темекіні шығарып газет қиындысына асыға-аптыға орады да, Ықсан ұсынған оттыққа тұтатып алды; құшырлана сора түсіп: «кешіріңдер!» — деді өшіргелі ыңғайланып. Үлкендерден ұлықсат сұрамағанынан қысылып, жөткірініп те қойды.

— Дәнеңе етпейді, балам! — деді Балым мейірлене қарап.

Остап Қожан ұсынған күлсалғышқа шылымын мыжғылай өшіріп тастаған, қолына кесеге құйылған самогонды қайта алды. Түкті қалың қабағының астынан көкшіл көзі күлімдей:

— Кешіріңдер... Шыдай алмай кеттім. Фашистер әке-шешемді, әйелімді, баламды да атып өлтіріпті. Үйімді өртеп жіберген... Хайуандар!..

Ол терең күрсіне, ерні кемсеңдей тағы да іркілді. Қайтыс болған күйеуі есіне түсті ме, жоқ мынау еңгезердей азаматтың қасіретті тағдыры жанын тебірентті ме Кенжеқыз бетін баса, тұншыға екі иығы дір-дір ете жылап отыр. Мөлдір жас саусақ арасынан жылт ете көрініп, етегіне тамды. Ақшыл кірпігі жыпылықтай Остап қанын ішіне тартып, сұрлана қалды да:

— Бауырларым, басым ауып сіздердің араларыңа келіп едім. Адаспаған екенмін. Жылы ықылас білдіріп, қарсы алдыңдар... Мен мына кісінің... Балым апайдың ыстық ылтипатынан ылғи да өз анамның мейірін сезінем. О кісінің есімі Любовь Сергеевна болатын. Ананың балаға деген махаббаты шексіз ғой. Мен баршаңызды осы Балым апаның біздерге деген махаббатты мейірі үшін тост көтерулеріңді өтінемін! — деді күлімдеп.

— Бәрекелді, жарайсың Остап!

— Өте орынды!

— Тауып айтқан сөз!

— Кәне, Бәке, сіздің сәламаттығыңыз үшін! — деп Жексен қарт көптің дабырасын баса Балымның шай құйған кесесіне өзінің қызыл гүл бедері бар стаканын соғыстырды.

Кемпірлер мен әйелдердің украин жігітін мүсіркей мұңды, үнсіз қалғандарынан Исахмет тыжырынып:

— Оу, шырақтарым-ау, еңселерімізді жиып, серпілейік те, — деді. Ықсанның алая қарағанынан ығыстап, келесі сөзін мәймөңкелетіп жөнелді...— «Әр аштықтың — бір тоқтығы бар»,— деген. Қасірет соңы қуаныш. Жеңіс те жақын. Остап та есін жинағасын еліне қайтады. Ошақ түтетіп, сәби сүйеді. Бәрі де тіріге әлі-ақ қой. Ал, енді Жеке, сіз бір «әу» — деп жіберіңіз. Жо-жоқ, домбыраны алыңызшы. Міне, солай.

Исахмет бір тізерлей жүгіне отырған. Жас күйеудей елпілдеп-желпілдеп кетті. Басындағы қара тақиясын алып, желпініп те қойды. Ұзын жең ақ көйлегінің тамақ түймесін ағытып жатыр. Тері кеудешесінің өңірін сипалап, тамыры білеуленген, жіңішке, қатпар-қатпар мойнын созып төңірегіне масаттана қарады. Жексен қарт қоңыр күмбез, қаз мойын домбыраны алды да:

— Абайдан айтайыншы,— деді.

— Е, мейлің...

— «Қара қаншыққа» бассаңызшы.

— Қой әрі,— деді Исахмет Қожанды ауыздан қағып, түксие қабақ шытып.— Көздері суға жақын қатындар тағы да боздасын деймісің. Мұхитты қоя тұр. Абайың жөн, Жеке.

Адам бойында тегінде екі нәрсе кәрілікке бой жеңдірмейді: бірі көз, екіншісі — табиғат берген дауыс. Анау Сәлиманың жанарына бақсаң, жиырманың үстіндегі келіншектей ашық, ақжарқындықты сезінесің. Тек бүлдіріп тұрған бет пошымы. Ал, Жексен қарттың қоңыр үні бұдан отыз жыл бұрынғысындай жарықшақ түсіп, тарғылданбаған сол қалпы. Ет-бауырынды елжіретіп, самалдай желпіп кетеді.

«Көзімнің қарасы-ай,

Көңілімнің сал..ла...сай! —

деп бастаған Жексен қарттың көзі сүзіле жұмылып, әлдебір қиянға шақырғандай әлдилеп, иіріп барады. Есік жақта Ырашқа таяу, самаурынның екінші жағында отырған Сәуле көзі тұна өзінің іштей үндесіп қосылып қалғанын аңдаған жоқ. Әншінің тек сақалды қарт адам екенін де ұмытқан.

«Бар...р...дей..ме сіздей бір,

А... Адамзат пана... сы-ай...»

Исахметтің екі көзі Сәуледе. Осы қазір Бақанға мынау баланы түсіріп бермек болғанын ойлап, «тым мырзасынып кетпедім бе?» — деп өкінгендей де сияқты. «Жас иіс, сенің жөнің бөлек-ау. Ыраш та бір кезде осы баладай еді ғой». Ол Ырашқа көз тастап, кәдімгідей көңілі толыңқырамай қалды. Сәулеге қарағанда ол тіптен «кәрі қатын» көрініп отыр. Енді Жексен құрдасының өзінен биіктігін, өнер құдіретінен асқан байлықтың жоқтығын мойындап күйзеледі; «алла тағала маған келгенде мұнша неге сараңдық істеді екен? Жазығым не? Дастарқанның қызығы да, базары да өзім болар ем ғой. О, сиқыр дүние-ай... Сонша бір алдамшы, өткінші ме ең?!» — дейді ол күйзеліп.

Жексен қарттың майда, қоңыр үніне бұлақ сылдырындай ашық бір күміс әуен жалғаса, жымдаса берді. Исахмет: «бұ қайсысы? Сәуле ме?» — дегендей басын жерден көтеріп алған, қараса... Қызыл көйлекті Жәзира, орамалын мойнына бос салған. Жүзі бал-бұл жанып, бота көзі мөлдіреп, оң иығынан бұраңдай алдына түскен білектей бұрымын сүйріктей саусағымен сипап отыр. Қыр мұрнының жұқа желбезегі желбіреп қоңыр дауыстан асырмай, үзілер сәтінде домбыра үнін іліп әкетеді. «Патшағар, неткен сұлу, ә?» — деп ойлады Исахмет.

«Жыл..лайын жыр ..лайын,

Ағ...ғызып сөз ма...йын.

Қал..лқаға кел...генде...

Ай...туға сөз да...дайын...»

Жәзира мен Жексен қарттың даусы бір көмейден төгілген сағыныш үніндей дірілдей созылып, қалықтай барып үзілді. Қосылғысы кеп ынтыққан көп еді, әйтсе де бірінің ілесуге жүрегі дауаламай, әрі қиынын қашырып алармыз деп қорыққан тәрізді; қызғындықпен барқырап, киіп-жарып жөнелер кезсіз де табылмады. Құстай ұшқан қос сәйгүліктің ай тұяғынан болмашы көтеріліп, сейіліп қалып жатқан шаңды қызықтай қараған жемге тойған мостектердің: «мен болсам, қи тастай топырақтар едім-ау» —дегеніндей сыңай, іштей тартыныс сезіледі. Сәл үнсіз қалған ауылдастар:

— Бәрекелді!..

— Міне, ән...

— Өркендерің өссін!

— Жәзира-ау, сенің мұндай да өнерің бар ма еді?

— Ойбай-ау, ол әнші ғой, — деп дабырласып кетті.

Ел назары түгел бір өзіне ауғанын сезіп, Жәзира төменшіктей, қызара күлімдеп отыр. «Балам, үнің жақсы екен»,— деген Жексен қарттың ілтипатты лебізіне де қысыла жүзін сырт салып кетті. «Ықсан не дейді? Оған ше, ұнады ма?» Ол алдына түсіп кеткен бұрымын ақырын жауырынына серпе тастағансып ұрлана көз жүгірткен, Ықсанның жанарымен табысып қалды. «Бұл менің бір өзіңе арнаған әнім, сүйіктім»,— дегендей ишарат жасап та үлгерді. Ықсан күлімдей ырзалығын сездіре иек қақты. Жәзира онысына қатты қуанды. «Ықсан, бұл біздің екеумізді табыстырар түн»,— дейді ол шаттана күлімдеп. Бұл дүниеде екеуі ғана сияқты, өзге тірі пенде бар-ау деп білмейді.

Исахметтен жоғары Меруерттің қасында Сағынай. Бүйрек беті бөлме ішінің қапырық ыстығынан қызыл-күреңітіп кеткен; маңдайына түсе берген бұйра шашының бір талын, қаз төсі қайқиып, кербездене саусақ ұшымен қайырып қояды. Өңіріне гүлді кесте төгілген үстінде сарғыш көйлек. Белі қылдырықтай боп, бадырақ көзін Қожан мен Манайдан төмен, Сәулемен тізерлес Жазираға бір, Ықсанға бір жүгіртіп жібереді. Әнге пәлендей жадырап, серпіле қоймаған да осы. Сәлима Меруертке бұрылып, сыбырлаған болды: «әй, мына қыз оқтау жұтқандай неменеге сіреседі»,— деді. Дабыр-дұбырмен көпшілік оны аңдамады; әйтсе де Сәуле естіп, мырс етіп күліп жіберді. Сағынай қабағын шыта, оған жалт қарады... «Мектеп баласына осында не бар. Жоғарғы кластан болсаң да шық үйден!» — дей жаздап Сағынай, өзін-өзі шақ ұстап үлгерді. Ауылдың бірлі-жарым Сәуле мен Қожандай балалары жоғары класқа шығысымен үлкендермен дастарқандас болып жүре береді. Оны пәлендей ел адамдары қақпайлап: «Әй, саған не жоқ?» — демейді. Қатарға тартып, азамат санайды. Ащы суға бой алдырып бара жатса ғана кейін тебеді. Ал, өзін ұстай білгендерін тұлға көреді. Сағынай соны білетін ғой. Енді міне төңірек у-ду. Бәрі де қызып алған. Ілкіде Сағынай самогонды көріп: «Қожан мен Сәулеге құймауларыңды өтінем»,— деген-ді. «Құйса да ішпейміз, апай»,— деді оған Қожан. Мектептегі ең үздік оқушының сөзі біртүрлі қыр көрсету сияқтанып. Сағынайға жағымсыз естілді; енді тағы ескерту жасаса беделі түсетінін, әрі мынау бала Сәуле үшін ондайдан тайынбайтынын сезіп үндемеді.

— Жөке-ау, анауыңды дыңғырлата бермей, күйлеп болсаң тартсайшы,— деді Исахмет шыдамсыздана.

Екі айттырмай Жексен қарт атап-атап Құрманғазының «Серперін», «Төремұратын», Тәттімбеттің «Саржайлауын» төкпектете, бірінен кейін бірін құйқылжыта тартып берді. Ол да елді жадыратып, Жексен қарттың беделін арттырып кетті. Домбыра жағалап Ықсанға да жетті. Ол да көп тартынбай «Сырымбетті» айтты. Жөндеп шықпаса да желпініп алған ел оны да жамырай мақтасып жатыр. «Бәріміз қосылып айтайықшы»,— деп өзінше «Қараторғайды» бастай жөнелді.

Іңкәрлік пен сағынышқа толы ән жүдеу үйдің қапырық бөлмесінен шыға алмай күңірене қалықтап барып, «аһ..» ұрғыза басылды. Ел бір сәт тыныс алғандай тыншып, үнсіз отыр. Манайдың ғана тамсана, ерні сылп-сылп етіп суып қалған қуырдақты асай жегені ғана естіледі. Әне, Остап, Жексен қарттың ту сыртынан мойнын созып, Ықсаннан бірдеңе сұрап жатыр. «Кімнің әні? Әуені қандай тамаша!» — дейтін тәрізді. Меруерт те бұрылып Сағынайға: «Еркежан, неге үндемейсің? Көңілсіз отырма. Ән айтсаңшы»,— деп сыбырлады. Төрдегі Жексен қарт та үнсіз, төмен қарап қалған. Сіріңке талымен ойлана тісін шұқиды.

— Әй, Манай, аузы-басың сылпылдап, қуырдақты соға бермей бір күй тартшы,— деді Исахмет көпшілікті елеңдете, бетін бері қаратып.

— Е, әкел домбыраны...

— Қайтесіңдер о бишараны мазалап.

— Күй тартып ол жазған мандытпас,— деді Сәлима қорбаңдап.— Не жесе де тыныш отырса болғаны. Манай, жей бер. Домбыраны мына Исахметке асыр. Е, осы үйдің күйеу баласы да бір ән айтсын да.

Сәлима қалжыңы добалдау шығып, көпшілік Балымнан қысылысып қалды. Күйеу екені рас. Әйтсе де бір айтыла қоймайтын да шындық болмаушы ма еді; Исахметтей кәрі күйеуді көлденең тарту, әжуалау тәрізденіп, ерсі естілді. Өзгеге емес, Балым мен Ырашты күйдіріп, қатты тиіп кетті. Исахмет оны түсінсе де, аңдамаған сыңай танытып:

— Мен ән айтудан қашпаймын ғой. Ән менен үркіп берекелеріңді ала ма деп қорқам. Әрі әдемі әншілерді тыңдап, алданып қалған құлақтарың, үш-төрт күнге дейін сарылып жүрмесін,— деді қалжыңдап.

Орынды, тауып айтқан сөзге қазақ баласының қонақ бермеген шағы аз. Исахметке мұнан әрі ән айт деп қолқалаушы табыла қойған жоқ. Ел де алғашқы қызғындықтан айығып үлгерген, енді ән мен күйден гөрі қызғылықты әңгіме базарына көшкенді тәуір көріп отыр. Көптің көкейіндегісін тап басқандай манадан үнсіз қалған Жексен қарт, әлденеге таңдана басын шайқай түсіп:

— Жарықтық ақын деген де бір әулие ғой,— деді. Оны неге айтып, ғажаптанғанын елге түсіндірген жоқ.— Жаңа сері, серке десең де артық, кем соқпайтын Ақанның «Қараторғайын» бәріміз егіліп, бар жан дүниемізбен салдық емес пе?! Сонда менің есіме бала шағымда естіген ел ішіндегі екі ақынның тағдыры жәйлі әңгіме түсті. Жарықтық әкем таңдана айтатын. Күні бүгінге шекті ғажап қалам. Әйгілі аңыз ғой, сіздер де талай естіген шығарсыздар...

— О, кім жәйлі?

— Естісем құлағым керең болсын.

— О, не хикая, Жеке?

— Сіз жетпістің үстіндесіз, Жеке. Сонсын жерде оны сізге әкеңіз айтса, тура бір ғасыр бұрынғы хикая ғой,— деді Қожан балаңдығын ұмыта, есепке жетіктігін танытып. Сәуле алдында үлкендермен үзеңгілес, ересектігін де сездіріп бағу сияқты ойы жоқ емес.

— Жігітім, тиыш отыр. Лақ, текеше секірме,— деп Сәлима бір қойды.

Оны Ықсан қолдамады. Күлімдей:

— Е, неге, Сәке? — деді.— Қожан дұрыс айтады. Ол тұрғай мен де естімегем. Жеке, о қандай ақындар?

Жексен қарт дастарқан бедерін саусақ ұшымен сипалап, қабақ астынан көпті бағдарлап қалған; елдің сауалынсыз сөйлемейтіндей сабырлы. Әйтсе де көпті ұзақ телміртпей қозғалақтай түсіп:

— Осы өңірде екі ақын болған көрінеді. Талай дүлдүл күйші, орақ ауызды шешендермен де кездесіп, айтыста алдына жан салмапты. Ылғи жеңеді екен: Елдің еркесі де серкесі бір өздері аталыпты,— деді.— Жиын-той, ас беру, шілдеханалардың да қызығы-шыжығы екеуі. Ақын біткенді шыдатпайды. Жеңіп шығады. Ат мінеді, шапан жамылады. Айтыса келгенде соңында екеуі ғана қалады. Бірін бірі жыға алмай жүреді. Оқымаса да көргендері, білгендері көп. Ән де айтады, жыр да толғайды. Қауым елдің бей-берекеті де, базары да өздері.

О, кез заманның аумалы-төкпелі шағы емес пе?! Бүгін — көл, ертең — шөл. Арада небір дүрбелең жылдар өтеді. Сәби жігіттікке жетсе, жігіт шау тартады.

Тумақ та, өлмек те заң. Табиғат бұйырығы солай. Ақындар да қартаяды. Алмас жүзіндей өткір сөзге, ақыл парасат кеп кіріп, қорғасындай ауыр салмақ сезеді. Жарқ-жұрқ еткен найзағайдай жалынды, сабырға жеңдірулері де жиілейді. Хош деңіз... Енді бұ дүниелік сырдан, о дүниелік ғаламат ойға оралып, өмірдің жалғандығы, тірліктің өткінші жауындай көз алдау екендігі де өлең сабағына орала, өріліп қала береді. Сондай бір қарын тоқ, көңіл аш шақта бірі тұрып:

— Бәрі де пендешілік шығар. Мәймөңкеміз көп. Оның атын «сабыр» дейміз. Ақын сабырға көшіп, сыбырлағансын өзге тірліктен не үміт, не қайыр,— дейді налып.

— «Сабыр түбі сары алтын» дегенді қайтеміз?

— Замана шырағы аталған ақын біткен сабырға берілсе, алтынға емес, күлге айналады. «Сабыр» — жүрек түбінде жатқан сыр сандық. Сезім, шабытсыз, тек ақылмен, жөн-жосық, парыз әуенімен ғана ашылып, мына жерде ретті, ретсіз деп есеппен жабылса, ол кімге опа бермек. Жалынсыз көңіл сандығы, кәріліктің жолдасы,— депті сонда екіншісі тұрып.

— Е, жастың сабыры аз ба, достым? О, не сонда?

— Ол — кемеңгерлік те.

— Солай де... Хош...— дейді төсекте жатқан ақын, дос жауабына тұшынып: ізінше басын қайта көтеріп алады: -Е, сен не тілеп ең?

— Жеңіс еді — арманым.

— Ендеше сен жеңдің,— дейді ол күлімдей.

— Бұның енді жалған. Жеңістің ауылы жастық жалынмен бірге, кейінде қалған. Саған да, маған да ол ортақ.

— Ел алдында мойындайын ба?

— Түсінбедің ғой, бауырым. Шалыққаның ба?

— Жарық дүние қажытты, тойдырды десем ше?

— Бұ да бекер сөз.

— Жұмбағыңды қойып, жөніңе көш. Тілегің не?

— «Тілегің» дейді. Тілегім — сенің салауатың.

— Салауат — жастың еншісі. Жасқа тілеу — лазым,- дейді көңілінің көлеңкесі көп, аурулы ақын терең күрсініп.

— Хош... Сонда өмір не?

— Өмір — өзен, біз — қайық.

— Ескекшісі — дағдыр де.

— «Сөз тапқанға қолқа жоқ».

— «Жақсы сөз — жарым ырыс». Хош делік... Ал, осы екеуміздің қайсысымыз бақыттымыз? Бұ да ортақ па? – дейді екінші ақын.

— «Бақыт». Бақыт та бір құс қой. Қашан, кімге қонарын білген пенде жоқ. Бақыт бөлінбейді.

— Жалғыздың ырысы дейсің ғой?

— Иә...

— Екеуміз де бақытсыз, бақсыз жаралған екенбіз де.

— Неге? Жо-жоқ, бауырым... Қайсымыз бұрын көз жұмсақ, сонымыз бақыттымыз,— дейді дімкәс ақын күлімдеп.

Досы бұған таңданса да, пәлендей мән бермейді: күлімдеді, қалжыңдайды. Кереге көзіне ілулі күлтелі, күмбез домбыраны қолына алып, ұзақ күйлейді: қайта айналып соқпас, дала құйынындай жүйіткіп өте шыққан қайран жастықты сағынышпен жырлап, ақын жүрегін әлдилейді. Барша елді аузына қаратып, ән мен күйге тәнті етеді. Қарақат көз, қалдың кейін, мен не дейін»,— деп шырқата ән салғанда, өзекті ащы өксік тіліп егілмеген ел қалмайды. Шырылдаған бозторғай, сылдыраған бұлақ, сары жайлау, сары қымыз — жарық дүние рахаты да жырға, әнге, әуенге айналып кетеді. Ақын досының қасында бір апта қона жатып, бәрекелді аттанады.

Арада жыл өтеді. Ақын досы дүние салады. Жетісін, қырқын, жылын беріп, үстіне күмбез соқтырып, ақынды досы ақ жуып, арулап қояды. Қазіргідей ел ауыз бірлікте, қауымдасқан колхоз емес. Әркім өзінше. Малға қараған заман. Ол өссе — өседі, өшсе — өшеді. Елге жұт келіп, күңірентіп, жер сабатып кетеді. Жаз ортасына жетпей шөп күйеді, мал қырылады. Ел босады. Тірі қалған ақын да ағыс бетіндегі жаңқадай қаңғалақтап, ағып жөнейді. Әбден арып-ашып, қаңырап бос қалған бейтаныс ауылдың шетіндегі орға жетіп құлайды. Қолтығынан демеп, таңдайына бір тамшы су тамызар жан жоқ. «Иә, достым... Шын бақытты сен екенсің. Жеңдің»,— деп жатып бишара ақын көз жұмады. Сөйтіп көмусіз қалады.

Жексен қарт төмен қарап үнсіз, мұңайып отыр. Әңгіме қатты әсер етті ме, ел де жым-жырт.

— Иә, небір ықылым заман өтті ғой,— деді Балым ауыр күрсініп.

Ауыл адамдары қозғалақтасып өзді-өзі күбірлесіп кетті. Сәлден кейін: «Етке дейін үзіліс жасайық»,— деушілердің де үні естілді. Дастарқанды жинап, есікке бет алды. Ауыз бөлмеде киім іздесіп, сәл іркіле түсті де, дыбдырласа далаға шықты.

— Пай-пай, сары қымыздай салқын ауа-ай!

— Анау құс жолы ғой.

— Түтілген жабағы жүндей шұбап қалыпты.

— Остап, оттығыңды берші,— дейді Ықсан қолын созып. Остап мақтадан ескен пілте мен шақпақ тасты, бармақтай ара сынығын ұсынды. Ықсан ара мен шақпақ тасты ұрып, ұшқындата пілтені тұтатып жатыр.

— Ертең де күн ашық болады.

— Радио кешке қарай, түс ауа жауын жауады деген.

Бұл Қожан. Жалаңбас, қолқылдаған мол пішімді пальтоны жамылып тұр. Шілмиген ұзын мойнын созып, аспанға қарайды. Айсыз түн. Аула ортасындағы қазан астынан жылтырап қидың шоғы көрінеді; ет піскен сияқты, төңірегінде үш-төрт әйел күйбеңдеп жүр.

— Жауын жаумайды, Қожан. Ол өтірік,— деді Остап шылым отын жылтырата сорып. Болмашы жарықтан танау асты, желбіреген мұрты, ауыз айналысы сарғыштанып барып жоғалды.

— Е, неге?

— Неге екенін қайдан білейін. Жаумайды.

— Сенің ауа райын болжайтын құдіретің бар ма?

— Бар... Міне, мынау,— деп Остап тізеден жоғары шолтаңдаған шолақ аяғының тұқылын қолымен ақырын қағып қойды; іле өзі кеңкілдей күліп жіберді.— Ғаламат барометр десең де болар...

— Сіз де соғасыз-ау, Остап, ә?

— Жауынның алдында менің мынау аяғымның орны кереметтей сыздайды. Және сонан әлі бір рет те қателестірген емес. Дәл сол күні міндетті түрде жаңбыр жауады. Ықсан рас па? — деді езуін жиып.

— Иә, сөйтеді.

— Міне, балақай, солай. Ағаларың бекер айтпайды.

— Қызық екен...

— Жәзира қарағым, етті үйге апара бер. Суып қалмасын. Мен тұздығын дайындайын.

— Ау, Ыраш... Ыраш...

— Апа, ол қазір келеді. Шолпан мен Серікке ет әкетті.

— Сағынай қарағым, пышақ жағы қалай, жете ме?

— Меруерт тәтем жетеді деген.

— Сен Жәзираш, мынаны апара бер,— дескен әйелдердің күңкіл-сүңкілдері де аракідік естіліп қалып жатыр.

Қораның төрінен қараңдаған екеу көрінді; Ықсан оларды жақындағанда ғана ажыратып, таныды. Исахмет пен Жексен қарт, ақырын аяңдап, шүйіркелесіп келеді. Олар жөткіріне түсіп, әлденеге «иә...» — деседі.

— Жеке, үйге кіріңдер. Ас дайын,— деген Балым даусы шалынды.— Есік алдында құман тұр. Қол жуа кіріңдер.

— Мақұл... Уә, жігіттер, үйге жүріңдер.— Қонақтар кіре беріс, ауызғы бөлмеге аялдамай төрге өрлесті. Әркім өз орнын тауып, әзіл-қалжыңмен қақтығысып, жайраңдаса отырып жатыр. Дастарқан қайта жайылған, үйеме екі табақ ет те зірк етіп кеп, буы бұрқырап ортаға қонды. Тарелкеге салынған бас Жексен қарттың алдында. Қожан, Сәлима, Жәзира, Меруеттер жан-жақтан, ет турауға кіріскен; Исахмет те олардан қалыспай дастарқан шетінде самсаған, әрқилы стакан, кеселерге сабынды судай лайлы самогонды құя бастаған. Дәрі-дәрмектей несие бір тамшысын да төкпейді, аса епті-ақ. Ет туралып, тұздық та құйылды.

— Сағынай, қол жалғап жібер. Мә, қонақтарға үлестір,— деп Исахмет стакан, кеселерді қыз қолына бір-бірлей ұсынды.

Жиын қайта қызды. Әзіл-күлкі, дәмді, ыстық ет. Сөйлесушілер де шешен. Исахмет те жеделдете: «ата асымыздың алдында, ортасында» деп тосты көбейтіп барады. Кезек Ықсанға да жетті. Ол қолын асықпай газетке сүртіп:

— Мынау сұрапыл қанды майданда біз жеңеміз. Сол жеңіске осы отырған менің ауылдастарымның үлесі мол! Мен сіздердің саулықтарың үшін ішем? — деді ол желпіне. Ерінбей қолын созып, жағалай елдің бәрімен стаканын соғыстыра кеп, Жәзираға жеткенде сәл аялдай терең күрсініп қалды. Онысын Сағынайдан өзге жан елеген жоқ. Көпшілік жамырай қоштасып, кеу-кеулесіп кетті.

Ет те еңсеріліп, тояттай кері серпілісіп қол сүртер қағаз, орамал сұрағандардың да даусы естілді. Манай Жексен қарттың ту сыртында, қабырғаға сүйеулі тұрған домбыраны қолға алды; күйін келтірместен жеделдете бір әуенді бастай түсті де, аяқтамай «Адай» күйін қайырды. Саусағы перне үстінде желіп жүр. Жексен қарт есалаң жігіттің домбыра қағысына сүйсініп:

— Тарт. Тартсаңшы әрі. Ту-у, балам-ай, қайда лағып кеттің,— дейді енді бірде көңілі толмай. Бадырақ көзі жайнаңдай Манай мәз.

— Молодец, Манай. Талант.

Остап сөзіне ырза болған Манай орыс әнінің де бір әуенін шалып кетті. Оны да аяқтамады. «Өкінішке қарай маған ән мен күй қонбады,— дейді Остап, елдің сенде «әу» деп жібер деген қолқасынан тайлығып, ыңғайсыздана жалтақтай күлімдеп.

— Ендеше, сен, Остап, қалай жарақаттандың, соны айтшы,— деді Исахмет кеу-кеулеп.

— Ол пәлендей қызық емес.

— Қызық болмаса да тыңдайық. ЬІқсан шебер аударады, орысша айт.

Остап басын шайқап, ойланып қалған; екіұдай күйде отыр. Соғысты көрмеген, ауылдың қайырымды, қарапайым жандарына не айтады? Шынында оның қызығы шамалы. Қым-қуыт атыс, өлім. Жүздеген адамнан бір шабуылдан кейін селдіреп, он шақты жауынгердің қалуы заңды құбылыс. Жау қарулы, есер. Ол айтпаса да белгілі жәй. «Қалай жарақаттандың?» — дейді. Иә, осы жерде әңгімелеуге болатын бір қызық нәрсе бар. Тоқта...

— Мен танкиспін. Бүкіл соғысты айту мүмкін емес, мен өзімнің қалай аяғымнан айрылғанымды әңгімелеп берейін,— деді Остап терлеп-тепшіп.

— Манай, тыңқылдатпай домбыраңды әрі қойшы деп Исахмет қабағын кіржитті. Манай апалақтап қалып, домбыраны Қожанға берді.

Ел сілтідей тынып, Остапқа қарап отыр. Сорпа ұсынбақ болған Ырашты да Балым: «кейін, қарағым»,— деп кідіртіп тастады.

— Жаз айы еді. Біздің полк шабуылға шықты. Немістер де дайын екен, қашан аттанысқа дабыл соғыларын білетін болуы керек. Олар да бізге қарсы жаяу әскері мен танкілерін алды. Қым-қуыт шайқастық та кеттік. Танкіде бес адам экипажбыз. Жүйіткіп оқты боратып келеміз. Немістердің алғы шебін оп-оңай алдық. Бізден де, олардан да шығын көп. «Ес жиғызбай құртыңдар!» — деген өмір болған. Ілгері тарттық. Көзбен өзі көрмеген адамға үлкен шабуылдың жүрек түршіктірердей сұмдығын жеткізе суреттеу мүмкін емес. Ол бір қанды қасап. Өліп жатқандар мал болса бір сәрі, адам. Күркіреген танк үні, жарылған снарядтан құлақ тұнады. Бізбен үзеңгілес қатар келе жатқан танкке снаряд тиіп, жанып жатыр. Ет қызып, жолдастарымыздың кегі үшін оқты жаудырып жөнелдік. Қалың талдың арасынан неміс танкісі бізді аңдып тұр екен. Қарақшысына іліндірді. Біз де, о да атып үлгерді. Танкіміз жана бастады.

«Ықсан да сол қанды қасаптан шықты-aу...» — Жәзира қабағын шыта, төмен қарап отыр. «Елде де оны қасірет күтіп алды. Апасы мен қарындасы дүние салған. Әкеден хабар жоқ. Соның, бәріне мойымай жүр. Неткен құдірет? Анау Остаптай мәңгіріп кетпегені қалай? Ауыл амандығынан ба? Мүмкін мен себепші шығармын? Шын сүйеді емес пе? Ал, мен ше? Жан жарасына шипа болғандай не істедім? Бетін қайтарумен келе жатқаным рас. Неге? Кім үшін? Мен сүйем ғой. Наурыз маған тек ұнаған. О да мені сүйген емес ұнатқан. Иә-иә, солай...» Жәзира елден бөлек өз ойының әлдиімен отырғанын сезіп, жерден басын көтеріп алды; төңірегіндегілерден қысыла жалтақтап, сыр бермегенси Остап әңгімесіне құлақ түрді.

— Командиріміз жас лейтенант еді. Көзінен жарақаттанды. Іште бір секунд те қалуға болмайды. Бәріміз де үйітіліп өлеміз. Командирімізді, сонсын өзімізді ойлаймыз. Люкті қайыра ашып тастап, жанталаса шығуға кірістік. Командир, онан кейін үш жолдасым да оққа ұшты. Meн шыққанда танкінің қасына бір снаряд кеп жарылмасы бар ма?! Соның екпіні ме, жоқ әлде оқ тигеннен бе, мен де тымақтай көкке ұштым. Топ етіп жерге түстім. Жанұшыра қарманып, қасымда өліп жатқан солдаттың автоматын ала сала, құйрығыммен жылжып, танкінің қалтарысына жеттім. Арқамды танкінің доңғалағына сүйеп, автоматымды кезеп отырмын. Неміс көрінсе тасадан тартып салмақпын. «О да мендей адам-ау»,— деп ойламаймын. Қаным қайнап, көзім қанталап кеткен. Жолдастарымның кегін алуға тиіспін. Жауды құрта берсем деймін. Әйтсе де әлсіреп бара жатқанымды сезем. Сәлден соң автомат қолымнан түсіп те кететін сияқты. Қарудан айырылсам — біткендеймін. Бойыма бар күш-қуатымды жиып, тістеніп алдым. «Остап өлген жерің осы шығар»,— деймін. Қан шапшыған жарақат та ұмытылған... Кенет: «уралаған!» дауыс естілді. Қасымнан біздің жұлдызды танкілер өтті. Көмекке жіберілген жаңа полк болуы керек. Міне, маска-халаттары желбіреп солдаттар да шауып барады. «Уф...» дедім. Көзімнен қалай жастың ыршып кеткенін де білмеймін. Жанымнан бір солдат өте бере тоқтап:

— Оу, тірімісің? А... Аяғыңды жұлып әкеткен бе? Ох, иттер-ай,— деді.

Кейін қарап «сестра» дейді әлгі айқайлап. Бұрын жарақаттанған адам таңдайы кеуіп, өлердей шөлдейді дегенді естуші едім. Аяғыма қараймын, тізеден жоғары кесілген, шалбардың тігісіне ғана ілініп тұр. Қан шапшып жатыр. Ал менде шөл жоқ. Әрі ауырмайды да, тек кереметтей қарным ашады. Нан жегім кеп барады.

— Бауырым, нан берші,— дедім ұятты қойып әлгі солдатқа.

Ол бетіме таңдана қарап алды да, жауырынында жүрген әскери дорбасы есіне енді түсті ме, асыға шешіп:

— Мә, же, танкист,— деп бір жұдырықтай нан берді.

Ашқарақтана қара нанды қарпып екі асадым, сонан кейінгісін білмейім; есімді жисам, госпитальда жатырмын. Сабын иістенген тап-таза ақ простина, жұмсақ жастық.

«Балым апа Жазираға неге көз алартады? Жазығы не? Әлде менен қызғана ма? Онысы несі! Өзін құрмет тұтушы ем. Маған осы бір бақытты кешті де қимағаны ма? Сүйетінімді білуші еді ғой». Әне, Жәзира да қарады. Езу тартты. «Жәзираш, жаным... Мынау Остаптың әңгімесі бітсе екен». Ықсан тынысы тарылғандай гимнастеркесінің ақ мата астарлы тік жағасының жоғарғы түймесін ағытып жатыр. Екі көзі Жәзирада.

— Айнала ыңырсыған жаралылар. Бір аяғымды снарядтың жарықшағы жұлып кеткенін білем; дәрігерлер орнына қиынын келтіріп тіккен-ау деп ойлаймын. Өйткені, жоқ болуға тиіс аяғымның бәшпайы қышиды. Табаным да ұзақ жол жаяу жүргендей дуылдап барады. Ептеп одеял астынан қолымды жүгіртіп, сипап көрсем; аяқтың орны үңірейген ойық. Сонда қолыма сенбей бәшпайымды жыбырлатам, аяғымның басын қозғайым, бар сияқты. Кейін білдім ғой, жоқ екен. Балдақпен жүретін де болдым. Госпитальға кино әкеліп қояды. Бірде кино соңынан аяғымның жоқтығын ұмытып кетіп, ұшып тұрам дегенде оңбай құладым. Қазір ойланып алып, балдағыма жармасам, - деді Остап күліп.

— Тәннен ажыраса да әлі жан қалған ғой.

— Е, құдайы шебер-ай,— деп Балым Жексен қарттың сөзін қоштай күрсінді.— Ыраштай, сорпаңды әкел...

— Иә, соғыс осы...

— Фашистердің лаңы аз емес. Ауылдастар күбірлесіп, өзді-өзі шүйіркелесіп кетті. Остап әңгімесі әрі таңдандырып, әрі шіміркендіріп жіберді Соғыс аты бұрынғыдай тек қаралы қағаз көрінбейді, қырғын қан төгіс, от жалын, өрт екен деседі. Еріндерін жыбырлатып, өз боздақтарының тірі оралуын тілеседі. Остап әңгімесінен кейін үнсіз отырып, сәлден соң үйді-үйлеріне асығысып қалды. Жексен қарт ас қайырып, Балым немерелеріне бақыт, ұзақ өмір тіледі. Ел екеуден, үшеуден үнсіз даурығыспай күңкілдесіп тарап жатыр. Әне, Остаппен бірге Кенжеқыз, Қожан, Сәуле шықты. Олар Остапты үйіне жеткізіп салмақ. Есік алдында киініп Сағынай мен Меруерт, Ықсан тұр. Қайынсіңлісінің айналшықтап Ықсансыз шыққысы келмегенін сезіп Меруерт жалтақтай түсті де, көпке ілесті. Төргі үйден жайнаңдай Жәзира көрінді. Ықсан оның пальтосын алып киіндіріп жіберді.

— А, Бәке, соғым көп болсын. Рақмет,— деп Жәзира орамалын тартқанша Ықсан қоштасып қалмақ ниетін білдірді.

— Өркенің өссін, Ықсанжан. Неге асықтыңдар. Шай ішелік, әлі де өзімізше отырмадық па? — деді Балым Ықсан жүзіне мейірлене үңіліп.

Сағынай үн-түнсіз шығып кетті. Ықсанды даладан күтпек сияқты. Оны Жәзира ғана аңдаған, күлімдей көз тастап:

— Ықсан, анау қыз саған ренжулі ғой. Үйіне жеткізіп салмаймысың? — деді.

— Жас қой, үйін табар. Сен жүр.

— Е, мені кәрі деп аяп шығарып салмақ пе ең?

— Иә, иә, кәрісің... Сөзді қой да жүр,— деді Ықсан күліп.

— Қап, мына бастығымыздың қорлығын-ай, ә?! Наурызға айтып, келгенсін сабатайыншы. Ал, aпa, сау болыңыз. Сіздің арқаңызда бір серпіліп қалдық. Рақмет.

Балым аналық кең мейірімен Жәзираны құшақтап маңдайынан сүйіп:

— Жаның жамандық көрмесін, айналайын. Наурыз да келер, сіздің үйде де той болар. Әлі шілдехана да жасармыз. Өмір жетсін деңіздер. Бәрі де тірілерге көзді ашып жұмғанша,— деді.— Солай емес пе, Ықсан? Сені де үйлентеміз. Рақмет, қарақтарым.

Жәзираға мынау қария әзәзіл , мыстан кемпірден зұлым көрініп, жанын түршіктірді. Әлгі бір алдан сарғая күткен тәтті сезімнің күлпарасын шығарып, күлін көкке ұшырып жібергенімен ісі жоқ; бейкүнә күлімдеп қала берді. Наурызды аузына алғаны-ақ қатты батты: «Балам, басыңа ие бол»,— дегендей сенімсіздік сездіріп кетті.

Тастай қараңғы көшеде екеуі ғана келе жатыр. Сағынай көзге ілінбеді... «Мынау түн Ықсанмен тілдесер осы соңғы сәті болса қайтты? Балым қария маған соны көп көргені ме?» Жүрегін тағы да бір қимастық билеп сыздайды.

— Жәзира, неге үндемейсің?

— Үндегенде не дейім? — деді дауысы өз-өзінен күмілжи шығып.

— Сен мені сүйесің ғой, неге жасырасың?

— Жоқ... Өтірік...

— Рас... Мен де сені сүйем. Сүйем...

Жәзира жауап қайырып үлгергенше болмады, жігіт әлеуетті қолымен өзіне жұлқа тартып, қаусыра құшақтап ернінен үзілте сүйді. Тынысы тарылып бой-бойы балқып: «жаным... Ықсан»,— дейді ол ынтықтығын жасыра алмай. Қара көлеңке көшеде екеуі ғана. Әлдебір тұстан иттің үргені ғана естіледі. Ықсан енді оның көзінен, маңдайынан, бетінен де сүйіп жатыр. Ашқарақтана есін жиғызар емес. Жәзира бұлқына құшағынан шығып кетті. Алды-артына қарамай безіне жөнелді. Ықсан шойнаңдай әзер қуып жетіп, жеңінен ұстап еді, ол қолын тартып алды. Қатарласып келеді.

— Жәзира...

— Үндемеші, Ықсан.

— Жәзира, тоқташы...

Ықсан Жәзираның алдын орап, жолын бөгеді. Келіншектің жүзіне үңіле қарап:

— Сенсіз...— дей берген, көшенің арғы бетінде келе жатқан қараңдаған біреуді көзі шалып іркіле қалды.

Оны Жәзира да көрді. Сол-ақ екен өрекпіген жүрегі су сепкендей басылып, әлгі бір жастықтың мастығынан айығып та кетті. Тәтті сезімді ақыл, парыз билеп, ұят жеңді. Ұрлық үстінде ұсталған жандай қысылып та барады. Жүрек түкпірінде қимастық та бар; ақырын сыздап, өзегіне ащы жас тығылып күйдіріп те өтті.

— Жәзираш...

— Ықсан, үйіңізге қайтыңыз. Біреулер көріп өсектеп жүрер,— деді Жәзира шегіншектей дауысын көтеріп. Анау бейтаныс қараңдаған жан да естісін дегені сияқты. — Шығарып салғаныңызға рақмет. Ертең жұмыс, уақыт кеш. Хош болыңыз!..

Жәзира сырт айналып, үйіне қарай жедел адымдай жөнелді. Ықсан бір ауыз жүрек сөзін айта алмай, үміті үзіле, пұшайман күйде ұмтыла түсіп, іркілді. «Бәрі де бітті. Енді ол маған жоқ. Неткен бақсыз, бақытсыз жанмын?!» Ол терең күрсіне, басын жерден көтеріп алды. Жәзира қайда? Әлгінде сүйгені сол ма? Өңі ме, түсі ме? Түсі шығар? Жәзираш...» —дейді жігіт күбірлей.

Көлеңкедей қараңдағанның аяқ тысырын естіп, ол ызалана жалт бұрылды. Сағынай екен. Күлімдеп келеді. Ықсан оқты көзімен ата қарап, жан қалтасынан шылым орағалы алған қағазын аяқ астына лақтырып тастап, қайырылмай жүріп кетті. Соңынан батылсыз ере түскен аяқ тықыры алыстай ұзап, қала берді.

7

Күн бүгін де бұлыңғыр, кешелі берлі түнерулі. Ауада ызғар бар да, жауын, жел жоқ. Еңсені көтертпейді. Жәзира ертеңгі сауыннан келе жатыр; қолы домбығып тоңып, әрі жарылған жері сыздап ауырады. Үйге кеп көрпе-жастықтың біріне оранып алса да, бойы жылынбайтын сияқты. Міне, ол үйге де жетті; қақпаны ашып, шарбаққа кірсе есік алдында құнысып біреу отыр. «Бұ кім? Ықсан ба? Не керек бұған?»

— Жәзираш, менің... менің сенімен...— деді ол күмілжіп, көңіліндегісін айта алмай.

«Жалғыздығымды, әлсіздігімді пайдаланып басынғаны ма? Неге қоймайды? Оның сезімінің, маған деген ілтипатының қажеті не? Жетті ғой тәлкегі».

Жәзира қорланғандай болды.

— Неменеге менің соңымнан қалмайсыз? Ізімді бағасыз, мен сізге ойыншықпын ба? Жетті ғой тәлкегіңіз... Сізге өзге әйел жетпей ме? Бойжетіп отырған қыз аз ба? Қыз алатын жігіт емессіз бе?! Намысыңыз қайда?.. Meнің күйеуім бар, білемісіз? Күйеуім... Кетіңіз енді... Кетіңіз...— деді Жәзира әр сөзін үстемелете лапылдап.

— Жәзираш...

— Кетіңіз дейім.

Ықсан түсі қаша қалтиып қатты да қалды. Жәзира сәл кідірсе көзінен жас ытқып кетерін сезді ме, сырт айналып, асыға үйге кіріп кетті. Біраздан соң ол даладағы қақпаның сарт етіп жабылғанын терезе алдынан өткен адамның аяғын сүйрете басқанын естіді. «Бітті... Мәңгіге бітті»,— деп Жәзира төрдегі көрпеге киім-миімімен құлай кетіп, етпеттей жатып ұзақ жылады. Осы сөзді тура айтудың өзіне қаншалық қатты тиерін білмеген; кейін сезінді. Енді міне жүрек түбі сыздап, қолқаға ащы жас тығылып өртеп барады.

Иә, сол бір мұнарлы, бұлтты күн өмірі ұмытылмас-ау. Терезеден қиғаш түскен күннің алғашқы шапағын қызықтап, төрде жалғыз жатқан Жәзира ауыр күрсініп қойды. Ықсан сонан бері бойын аулақ сап көзіне түспеуге тырысады; ол әрине Жәзираның сағынып жүргенін, тіпті тілдескісі де келетінін білмейді. «Қатыгез... Адамды аяушылығы жоқ»,— деп ойлады Жәзира көрпесін қымтана түсіп.

— Әй, Жәзира!... Мына қатын талтүске дейін ұйықтай ма, немене?! Жәзира! — деген дауыспен бірге әлдекімнің терезені дүсірлете соққаны естілді.

— Қазір!... Қазір дейім!

Ұшып тұрып, бас жағына текшелей жинап қойған көйлек-көншегін ол асыға кие бастады. Білектей қос бұрымын жаурын сыртына серпіп тастап, жылы қоңыр орамалын бос тартты да, жүгіріп барып есік ашты. Почташы әйел екен...

Жәзира үш бұрыш хатты ұстап, қайта оралды. Жиналмаған төсегіне кеп тізе бүкті; хатты асыға ашып, күліп жіберді. «Наурыз... Наурыздан» дейді күбірлей. «Келесі жұма Гурьевте болам»... Жәзира ойланып қалды. «Оған өзі қанша бар? Бес күн бе? Иә?..» Ол хатты оқып шығып, көкірегіне басты; өз-өзінен сықылықтай күлді. Орнынан секіріп тұрып, төсегін жинады; онан соң үйді сыпырып, салқын сумен далаға шығып бетін жуды; мұның бәрі өң мен түстей қуаныш үстінде істелгеннен бе, ол тіпті сырғып жатқан жүйрік уақытты да аңдап үлгермеді. Бойына қанат біткендей ұшып жүр. Солай деп өзі де ойлайды. Өйткені шағын, ұядай үйдің ішінде ол істегендей ештеңе қалмады. Қалың қара шашы да өрілді; баяғы сынық айнаға қайта-қайта қарай бергеннен басқа не бітіреді? «Жо... жоқ, ол самаурын қоюға тиіс. Сауынға кім барады? Иә, сауынға бару керек. Балекең ертеңгі шайын ішті ме екен? Оған соғып хатты көрсеткен жөн. О да қуанады ғой. Қуансын... Қуанышты тығып қою қате, ұят. Қуаныш ләззаты да көпке, төңірегіңнің ілтипатына байланысты емес пе?»

Ол киініп далаға шықты; күннің шағырмақ шуақтығын да, тұсау бойы жиектен көтеріліп қалғанын да аңдамады. Жүрек лүпілі еш нәрсеге көңіл көзін тоқыратар емес, алып қаша береді. Жүгіріп Балым қариянікіне келсе, ол немерелерінің ортасында, бейғам шай ішіп отыр.

— Апа,— деді Жәзира күлімдей.— Мен хат алдым... Наурыздан...

— Ә... Аман ба? Қашан келем дейді? — деп қалып, Балым қария өзінің әлі көршісін дастарқанға шақырмағанына қысылды.— Мен бейбақ тіпті шайға кел деуді де ұмытыппын ғой. Кел... Ертеңгі дәм, ауыз ти... Сонсын хатыңның жәйін айтарсың. Иә, алла, әйтеуір ер-азамат кеп, қуаныштарың ұзағынан болғай да. Сенің «Наурызға кел» дегеніңе ырзамын. Кім басына бейнетті тілеп алады дейсің? Кім қаріп болғысы келеді? Жақсы... Сен оның бетін қайтардың-ақ дейік... Жөні түзу кісі де тапқан-ақ бол. Сонда ол... анау Наурыз бір сәт те болса көңіліңе оралып, арлы көкірегіңді лайламай ма? Кейін кішкентайлы, немере көргендей күнде де кімге адалдық жәйлі ақыл айтқандайсың. Шай іш, Жәзираш. Тарыны сүтке жібітейін бе, жоқ шайға салып ішесің бе?..

— Тұра берсін, апа, қайтесіз әуреленіп.

— Ә, ендеше шайға сала ғой,— деп ол ағаш көзелдегі тарыны Жәзираға қарай ысырып қойды.

Өзі кең, мол тігілген, ұсақ көк-ала гүлді, ақ көйлекпен қолқылдап, желпініп отыр. Екі қолында да білезік; әлгілер дастарқан үстіне терезеден түсіп тұрған күн сәулесіне тұра келгенде шағылыса жылт ете қалады. «Өмірі бір тастамайды. Кір жуса да ол қолында»,— деп ойлады Жәзира.

— Лапылдап сөйлетпедім бе қалай?! Сонымен қашан келем деді дейсің?.. Әй, Серікжан... Шолпан, мыналарды киіндіріп далаға шығарып жібере қойшы. Жүгірмек бұлар бip кісімен сөйлестіре ме?

Серіктен кіші, ең кенжесі екі беті бұлтиған, іспек көз, домаланған қара еді; аты Сейіт. Серікпен ілесе көтеріле қоймады; әжесінің алдындағы жарты шақпақ қантқа көз алартумен отыр. Ауық-ауық қорс еткізе мұрнын тартады; онысы «мен әлі осындамын. Жуықта қозғалмаспын да» дегені сияқты. Шолпан Серікті киіндіріп, енді мына балпиғанға кеп, иығынан түртті:

— Тұр-ай!

— Сен қыз, не ұрынасың! — деді ол одырайып.

— Тек әрі! Қайтеді-ай мынау?! Апасының бетінен алғаны несі. Бар шық!

— Ол апа емес, әже... Шолпан ғой.

— Сенен үлкен ол. Сондықтан апа,— деді Балым қария.— Ой, оңбаған! Тағы неменеге телміріп қалдың?

Сейіттің көзі еріксіз сырғып әжесінің алдындағы жарты қантқа тірелді. Жәзира күліп жіберді; әлгінде ғана Балым алдына тастаған үш шақпақ қанттың бірін балаға ұсынды. Сейіт алмады. Әжесіне қарап қойды. Балым да оның неге жіпсіз байланғанын ақыры аңдаған тәрізді:

— Әйтеуір түбін түсірмей тынбайсыңдар-ау. Тісіңнен не қалады. Мә...

Сейіт жарты қантты бір ұртына тыға салып, орнынан тұрды. Бар шаруасы біткендей кішкентай қолын біріне-бірін қағып, Жәзираға көз қиығын тастады. Әжесі самаурыннан құманға су құйғалы бұрылғанда, жаңа ғана қонақтың өзіне ұсынған, сонан шеткерілеу қалған қантын іліп әкетті. Оны тіпті Шолпан да байқамады. Жәзира көрді. «Ренжіме, мана ұсынып ең ғой. Менің алғаным сол» деп тұрды сәби көзі қонаққа. Жәзира езу тартты.

— Бар... Бар, енді не керек? — деді Балым Сейітке қабағын түйе қарап.

Балалар тез киініп шығып кетті. Даңғаза дабыр-дұбыр басылып, үй іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш бола қалды.

— Ту... уф, әбден сілеңді қатырады-ақ осылар. Иә, сонымен қашан келеді дедің. Жәзираш?

— Келесі жұмада Гурьевте болатын сияқты.

— Ә... Е, әлі-ақ екен ғой. Іш... іш, айналайын шайыңды. Суып кеткен жоқ па?

— Жоқ, жарайды,— деді Жәзира күлімдеп.

Ауыз үйдің есігі шалқасынан ашылып, балалар сүріне-қабына кіріп келді:

— Апа...

— Әже,— деп бірін-бірі сөйлетпей, алақ-жұлақ етеді.

— Ойпыр-ай, сақтай гөр! Не боп қалды тағы,— деді Балым мыналардың жүрістерінен үрейленіп.— Әй, Серік, аптықпай тоқташы. Шолпан, сен айтшы не?

— Салима апам бір... Бір мына Сейіттей...

— Мендей емес, кішкентай,— деп Сейіт Шолпанның сөзін бөліп жіберді.

— Иә, сендей! — деді Шолпан ерегісіп.

— Жә, болды! Тап-тап берген әдеттерің құрсын! Не жетпейді сендерге, ә?

— Оның Сейіттей екені рас, әже,— деп қалды Серік.

— Өтірік...

— Болды енді!.. Бала алып келіп пе, Шолпан?

— Иә, әже. Баласы бар ғой, әже, аппақ... тіпті шашы да ақ.

— Көзі көк,— деді Серік тағы арадан қыстырылып.

— Бала деген осы, Жәзира. Бұлардан бірдеңе сұрап, сөйлесіп береке таппайсың. Асқаржаным менің орнықты, кішкентайында әр сөзін нықтап, үлкен кісіше айтатын.— Балым қарияның үні сынып кетті.— Мыналардың алаңғасар боп қайдан туғанын білмейім...

— Келініңізге тартқан да, aпa.

— Топырағы ауыр болмасын, келінім туған қызымдай еді ғой, Жәзира. Әй, қайдам туған қыз да кейде ондай бауырмал болмас. Ту...у, баламнан бетер қамқор, ақылды тұғын. Әр ісі орнықты, қандай таза, кішіпейіл. Шаршап жүрсе де қабақ шытуды білмейтін. Оның үстіне қонақ та ағылып келіп, кетіп жататын. Кейде тіпті құдайым-ау, түн ортасы ауа да келетін ғой. Сонда ғой. Сонда ол кірпік те ілмедім-ау, апа, демейтін. Жарқылдап шай-суын, асын беретін... Сөйтсем өмірі өтіп барады екен да.

— Қой, aпa, жылағаныңыз не! — деді Жәзира, жаулығының ұшын көзіне апара берген Балым қарияны қайтып жұбатарын білмей, абдырап.

— Қайтейін, Жәзираш... Сендер әлі тұр ма еңдер! Барыңдар, ойнасаңдаршы жаным.

Немерелерінің көзі жаудырай қалыпты; әжесінің неге көңілі босағанын олар да түсінгендей. Қабақтары түйіліп, бірін-бірі итермелей, шуламай, үн-түнсіз шығып кетті.

— Шайын суып қалды-ау, Жәзираш.

— Болдым, апа, рақмет.

— Сәлима да кейінгі кезде мүлде өзгерді. Жалғыздықтан ба, тым желпілдеуші еді-ау. Бәрін де қойыпты,— деді Балым қария ыдыс-аяқты жинап жатып.

— О кісіге жол-жөнекей соғып: «кішкентайыңның бауы берік болсын» демейміз бе, апа?

— Әй, Жәзираш-ай... Е, несі бар кішкентай өзінікі ғой. Соқсақ соғайық. Сауынға үлгереміз бе?

— Үлгереміз, апа.

Олар келгенде Сәлиманың үйіне әжептәуір адам жиналып қалыпты; аула ортасынан жерошақ қазылған, қазан құрылып жатыр. Әріде екі адам тайынша ма, әлде баспақ па, сойған; терісін іреп, бас-сирағын үйітіп әлек; шелектеп су апарып, табақ-табақ ет алып жүгіргіштеген жаулықты да со маңда мол. Беріде ұста қарт, бейтаныс шинельді орыс, Исахмет, оның жанында Ықсан: жалаң бас, шинелінің жағасын көтеріп қойыпты. Әлденені айтып жарқылдай күледі.

Жәзира қалт тұрып қалды. Ықсан көзіне оттай басылып, іші жылып қоя берді. «Сен неге тілдеспейсің менімен? Жазығым не? Сен қатыгезсің! Өзіңнен өзгені ойламайсың. Жо... жоқ, ақталмай-ақ қой. Білем... Сағына берсін... Мейлі... деп аямайсың. Қашқақтап жақындамайтының да сонан. Мен... Мен сені көрсем дейім». Жүрегі алып ұшып, «тартынба, осыны айт» дегендей болды. Әйтсе де ана сүтімен біткен әйелдік намыс жіберер емсе; әрі төс қалтада Наурыз хаты бар. О да ұялтады. Жәзира бойын билеген алау сезімнен серпіле, жүзін тайдырып әкетті. «Ақылымнан адаспағай ем. Не істемекпін? Наурыз қайда? Наурыз кім?.. Не деп тұрмын мен?!» Балым қария оның жеңінен тартып қап, көңілін бөлді. Үш-төрт жастың шамасындағы орыс баласын жетелеп Сәлима үйден шығыпты; баяғы арсың-гүрсіңі жоқ. Балым мен Жәзираның «бауы берік болсынына» рақметін айтып, ұзын жең, мол ақ көйлегінің жағасын түзеп қойды. Басында көгілдір жаулық, жеңсіз жылы кеудеше киіпті. Аяқтағысы қонышты әміркен ботинка. Баланың да киімі әсем; үстінде қоңыр, көнетоздау вельвет шалбар, пенжек; өңірі неше түрлі значок. Бірі ілінсе, бірі ақ жіппен тігіліп тасталынған. Әлгілер саудыр-саудыр етеді.

— Атың кім, балам? — деді Балым қария оның басынан сипап: екі беті бұлтиып, сәби жатырқай қарады Жүдеу өңді, шынашақтай аққұба қазақ кемпірі не сұрап тұр дейтін сияқты. Сәлиманың етегіне жармасып, тығыла түседі. Жәзира мен Балымның ұсынған қағазға ораулы қант, мәнпасиін де бұртиып, әзер алды.

— Рақмет де,— деп қалды Сәлима.

Сәби онда да үндемеді.

— Айтсаңшы, құлыным... Мұрат, Мұрат де! Ал, айт, - деп Сәлима сәби аузына сөз салды; елжірей басынан сипады.— Мұратым болсын дедім, Бәке. Өмір қызығы өзіңнен өрбіген бұтақта көрінеді. Оны құдай маған жазбады. Бір шикі өкпе бұйырар ма деп үміттенген мен бейбақ не істемедім? Алла көпсінбесін өмір қызығы алда сияқты ғой. Саушылық болса әлі-ақ, немере сүйермін дейім. Мұратым сол. Соған жеткізгей де.

— Ә, бәрекелді! Иллахи, тілегің болғай. Қазір-ақ азамат боп шыға келеді.

Жәзира ту сыртынан ат тұяғының тысырын естіп бұрылған, Жексен қарт екен. Күлімдеп келеді; сығырайған қиық көздің айналасы тал-тал әжім, олар да сәулелене қалыпты;

— Өй, өңкей қатын, жалғыз еркекті қоршап неғып тұрсыңдар, ә?! Кәне, Мұратжан, отыр мына атқа... Әйелдің сөзі біте ме,— деп ол баланы көтеріп әкетті.

— Қайтеді-ей мынау. Құлатасың, Мұратжанымды... — Салима шыр етіп, даусы қатты шығып кетті. Ұмсына түсіп іркілді.

— Жә, құламайды, қорықпа! Жігіт емес пе?

Жылы жүзді қарттың біздиген, селдір теке сақалына күлді ме; жоқ әлде тізгін қолына тиіп, ер үстіне қонғанына қуанды ма:

— Мам... ма... Мама!... Ч-чу!.— дей берді сәби мәз-мейрам боп.

8

Ықсан ферманы аралап қайтты. Күнде жарақаты солқылдатып, жанын шығара жаздайтын; әсіресе аттан түскенде қатты ауыратын ғой. Ертеңгісін дәрігерге көрінгеннен бе, бүгіндікке ол азапты сезінбеді; тізесінің бүгілмейтіндігі болмаса, аяғы құлантаза жазылғандай. «Бәрі көңілден-ау. Таң атқалы қуанулымын. Сәлима сәбилі... Механикті бұ күнде шам алып іздесең де табуың екіталай. Міне, ол өзі келді. Аты кім еді? А... иә, Остап... Өзі украин. Е, мейлі... Жаман полуторкамызды кәдеге асырғанын айт та. Азамат... Жарайсың. Ыраш та зерделі. Машинаны ұршықтай иіріп кеткен жоқ па? Пәле... Енді қол ұзаратын болды. Қалаға сүт тасимыз. Жеткенше іріп кетпегей деп қауіптенбейміз. Қауын, қарбызды да аудан орталығына төгу керек»,— деп ойлады Ықсан темір кереуетте гимнастерка шалбарымен шалқасынан жатқан күйі тәтті қиялға беріліп. Жанында арқалықсыз орындық тұр. Оның үстінде дөңгелек, сары шыны күлсалғыш, ортаң қолдай, газетке оралған шылым оған басын сүйеп қалған, сыздықтай түтіндейді. Ықсан аунап түсіп оны қолына алды да бұрқырата сорып-сорып қайта қойды. «Тек Ырашқа анау құбылмалы, қырсық шалы кесел боп, қой деп жүрмесін. Кеше ауданға барып келді. Бақанға соқпады. Ғажап... О несі? Досы емес пе еді? Екеуінің де ойлағаны алдау. Анау мынадан гөрі аңғал. Кейде кеуделеп те кетеді. Сөйтіп ұрынып та қалады. Және де істеп жүргенін жан баласы сезбейді деп ойлайды. Исахмет сезбеуші ме еді, білмеуші ме еді? Оған Жәзираны түсіріп бермек боп бір ұстады. Онан қасапшының қызы — Сәулеге ауысты. Бұл жолы Бақан тіс қаққан екенін, бала еместігін байқатты. Ырзалығын білдіріп, жайраңдап кетті. Сөйтті де алыста, құм ішіндегі шопанның біріне құрық тастап, қызын алатын болды. Оны сыр ғып, жыр ғып өзі айтты; тойына шақырды. «Жалғыз інімсің ғой» дейді. Ол мұнымды Исахмет білмейді деп мәз. Исахмет тұрғай талайды мен біліп отырғаным жоқ па? Бәрі де әйел арқылы жетіп, ұзынқұлақпен тарамай ма екен? Әңгіме онда емес-ау, осыларға не жетпейді? Неге аңдысады?

Иә... Исахмет ақымақ емес. Әр нәрсені ойлап істейді Өте сақ адам. Ол бір-ақ рет шынын айтты: «Сауда орнынан неге кеттіңіз, Исеке?» — дегенімде, күліп: «мені жоқтай ма екен?» — деді. Іле атын тұсап жіберіп, жаныма кеп отырды. Сол күні Исахмет ашыла сөйледі; дала бұлыңғырлау, қоңыр салқын еді. Биіктеу бел үстінде екеуміз ғана. Ойда сиырлар жайылып жүр. Ол менен шылым ап тартты; бұрын аузына алмаған нәрсесі ғой Таңдансам да үндегем жоқ.

— Соғыс кезінде елде, сауда орнында істеген адам нағыз ер,— деп бастады ол жөтеле түсіп.—Не түпсіз ақымақ... Иә, иә... ақымақ.

— Неге?

— Сен өзі, Ықсан, адамды түсінемісің. Жә, қызарма. Сен менің сауда орнын тастап, неге малға келгенімді сұрадың ғой?!. Бізді тыңдап тұрған адам жоқ. Жасырмай-ақ өз ойымды айтайын. Сенің талай дүкеншіні мысалға келтіріп таласатыныңды білем. Иә, ондай адамдар көп, бәрі де сен сияқты ақ жүректер, білімді жандар. Ал, мен сен болғым келмейді. Білімім де шамалы. Мен тipлікте ішіп-жеп, шайқап өткім келеді, білдің бе? Соғыс оныма кесел болды.

— Ғажап.

— Жоқ, мұның ғажап дәнеңесі жоқ. Бейбіт күнде Ықсанжан, тергеу, тексеріс аз болады. Өйткені ол кезде молшылық, елдің пейілі кең, жаны жайлау. Сенің кір үстінен жегеніңе де, жең ұшынан жалғастырып алғанына да көп қабақ шыта бермейді. Ұстаса сені ұрсып, қатаң ескертумен тынады. Қазір жағдай мүлде басқаша. Соғыс елге ызамен бірге үрей, сенімсіздік әкелді. Әр адам саған бұрынғыдай күлімдей қарамайды: «осы сен біздің маңдай терімізбен тапқан нанымызды жырып жеп жүрсің-ау», - дейді. Жетімсіздіктің бәрі де сенің кесіріңнен болып жатқандай көреді, араға ай, апта салмай анау комиссия, мынау комиссия қылқылдап келеді де тұрады. Сен тіпті ішіп-жегеніңнің орнын жауып үлгере алмайсың.

— Исеке, өзіңізге тиесі еңбек ақыңызбен қанағат етуге болмай ма?

— Айтыпсың... Е, онда несіне қазан құлағын ұстайым. Ә, күлесің бе? Міне, осының бәрін біле тұра тұзаққа басымды сұққым келмеді, Ықаш. Алтын болмаса да, басымыз күміс! Қимадық оны,— деді Исахмет бөркін алып, сирек, ақ тұқыл шашын сипай күліп.— Бір өзіме жетерлік дүниям бар. Колхоз еңбеккүн береді. Сонымен күнелтеміз де.

— Е, досыңыз қойманың бастығы емес пе?!.

— Әрине, бастық. Бейбіт күнде менің оған аз шапағатым тимеген. Ол да енді көрсетсін жақсылығын. «Сыйға сый, сыраға бал»,— деген. Жаңа саған, Ықаш, мен адам жанын біле бермейсің дедім. Енді сонымды дәлелдейін. Әрине, мұным саған ұсақтық боп көрінеді. Әйтсе де айтайын... Сен Жәзираны сүйесің, солай ма? Жо... жоқ, сен ақталмай-ақ қой. Бұл жерде менен бөтен кім бар. Ұялма да. Сүйгенің емей немене, етегіне жармасып, телмеңдеп артынан қалмайсың. Ол күйеуін күтіп алаң, әрі елден ұялады; әйтпесе о да әне бір саған кет әрі емес. Өйткені сен қыз алмаған жігітсің. Көріктісің. Өткірсің. Қипақ-сипағың жоқ. Сонда да болса сенің бетіңді қайтарады. Оның саған барар жолы жоқ. Адалдығымен ол жолды өзі әлдеқашан қиып жіберген. Сен соны түсінбейсің, бетіңді қайтарған сайын аш бөрідей тістесіп қалмайсың. Мұныңмен өзіңді сыйлайтын өзге жесір әйел, қыз-қырқынды қорлағандай болатыныңды білемісің?

— Исеке, қылжағыңызды қойыңыз.

— Ә, солай дедің бе? Анау Сағынай, Сәулелерді бала дейсің ғой, ә? Жесір келіншектерге қыс отын, жаз малына шөп берсем болды дейсің да. Жоқ, олар адам. Ойнағысы, күлгісі келеді. Мықынымнан мытып жіберсе деп тұрады. «Қайным» деп неменеге қақылдайды дейсің. Сен болсаң бір тас құдайы. «Өйтіңдер, бүйтіңдер» дейсің де жүре бересің. Олардың ертеңді-кеш, тек жұмыстан жалығатын, өмір сүргісі келетін кезі болады.

— Исеке, осы әңгімені ушықтырмай доғарсақ қайтеді, ә?!

— Әне, сөйдеріңді білгем. Әттең, жас емен сендей... Қарттың жылымшы жылтырап, өзіне қадала қалған көзін ЬІқсан әлі ұмытқан жоқ. Бір сәт күнәһар де сезінген өзін. Қазір де сол сұқты, суық көз төбеден төніп тұрғандай тұла бойы түршігіп кетті. «Жо... жоқ, жалған айтасың. Ар тазалығынсыз тірліктің қызығын білмейім. Сен еңкейіп кірген жерге, мен шалқайып кірем. Жүзім ашық, бетім күйеді екен деп қорықпайым. Өйткені ел алдында адалмын. Кеше ғана қаралы қағаз алған, батырдың жары, ана Меруерт пен жақсы қарындас Сағынай, Сәулелерді сыйлап, құрмет тұтқаны үшін арбауым, әлсіздігін пайдаланып алдауым керек пе... Ол хайуан ісі». Ықсан үйдің іші алакөлеңкеленіп, көз байлана бастағанынан іңір қараңғысы түскенін аңдап орнынан тұрды. Шылымы әлдеқашан сөнген, сіріңке шағып қайта тұтатты. Есікке жақын стол үстіндегі жетілік май шамды жақты. Ертеңгісін келген газеттер де сол жерде жатқан; Ықсан соның бірін алып, жанындағы орындыққа жайғасты. «Иә... Не жаңалық бар екен? «Социалистік Қазақстанның» кешегі саны. 31 октябрь 1944 жыл. Иә... Мынау не? Қосымша ақы дейді? Қызық екен. «Мал өсірушілер қосымша ақы алуда...» «Луговой ауданының 400-ден аса алдыңғы қатарлы малшылары мал өсіру жоспарын асыра орындағаны үшін қосымша ақы алатын болып отыр».

«Еңбекші» колхозының шопаны Садық Мақов жолдас әрбір 100 ешкіден 172 лақ өсірген. Ол өзінің үй-ішімен 120 лақ алатын болды».

— Oho, міне керемет!.. «Тельман атындағы колхоздың жылқышысы Бәйтіш Зәдірбеков жолдас 30 биеден 30 құлын өсіріп, оған 2 құлын алды. Ауданды тұтас алғанда, мал өсірудің жылдық жоспарын қойдан 114 процент, жылқыдан 105 процент, түйеден 137 процент, сиыр малынан 100 процент орындалды» — Дұрыс! ТАСС хабарлайды де?! Англия самолеттерінің Германияға шабуылы. Лондон 28 октябрь. Англияның авиация министрлігінің хабары бойынша, 28 октябрьге қараған түнде «Москито бомбардировщиктері Берлинге екі рет шабуыл жасады. Оның үстіне Батыс Германиядағы әр түрлі орындар бомбыланды». «Е, жөн, жөн... Баяғыдан бері сөйтіп мазалай бермей ме... Есік соға ма?» Ықсан газетті стол үстіне тастап, есікті барып ашты.

— О, Қожан! Қайдан жүрсің? Жәй ма? — деді Ықсан көзілдірікті, ұяң, ұзын сары баланы танып. Аяғына қонышы төмен қайрылған керзі етік киіп, фуражкасын сәнсіп бір шекесіне қисайтып қойыпты. Күпейкесінің жеңі қысқа екен; домбыққан қызыл білегі көрінеді.

— Жәй... Сәлима апай жіберіп еді.

— Ойбай, ұмытып кетіппін ғой. Шілдехана... Иә, иә... Қап, ұят болды-ау. Кісі жиналып қалды-ма?

— Біраз бар.

— Қазір мен тез... Сен анау есікті ашып тастай қойшы. Шылым исі шықсын.

— Түтін ғой бұл.

— Иә, дұрыс айтасың, түтін,— деді Ықсан етігін киіп жатып.— Кімдер бар?

— Ауылдың бәрі сонда. Жәзира апай да жаңа, келді.

«Бұ бала да бірдеңені сезеді. Көңілімнен шыққан боп тұр ғой. Сонда Исахметтің мені мен Жәзира жәйлі айтқаны шын болғаны ма? Иә, шындық... Ішім жылып қоя бергені де сонан. Менде жігіттік намыс...»

— Естідің бе, аға, Жәзираның ертең күйеуі келеді дейді? — деп Қожан оның көңілін бөліп жіберді. Өзі газет қарап тұр.

— Естімедім.

— Ыраш машинамен барып қарсы аламыз дейді.

— Е, дұрыс қой.

— Машинаны Ықсан аға ұлықсат етпейді деп едім мен.

— Қателесіпсің ендеше, Қожан. Жүр кеттік.— Ықсан тез шамды сөндіріп, баланың жаурынынан қағып ілестіре шықты. Күндегісінше есікті күрекпен тіреп қойды.— Күн салқын екен, Қожан, ә?

— Күз ғой, аға.

— Келесі жылы мектепті бітіресің, ә? Оқуға қай жаққа бармақсың, Қожан?

— «Ауыл шаруашылық» институтіне...

— Ә, дұрыс екен. Сәуле қайда бармақ? — деп Ықсан Қожанның жүзіне үңіле қарады.

— Аға, оны өзі біледі ғой.

Көше тастай қараңғы. Ауа ызғарлы. «Жер де түнде ғана тыныстайды, ә?! Ғажап...» Орынсыз ойдан серпілгісі келді ме, Ықсан Қожанды қолтықтап алды.

— Әй, қу бала-ай! Мені түк көрмейді, білмейді дейсің-ау, ә?! — деді күліп.— Бәрін де білем.

— Кім айтты?

— Сен.

— Мен бе?

— Иә.

— Қашан?

— Қазір.

— Әзіліңіз шығар, аға.

— Жоқ... Міне, тағы да көзің айтып тұр.

Қожан өзінің бала еместігін, не болса соған таңдана бермейтінін сездіргісі келді ме, қалай; миығынан күліп, кекірейе қалды. Онысын Ықсан елемеді.

— Иә... Мен білем, Қожан. Қызығам да. Сендердің жанарларыңның, жандарыңның тазалығына қызығам. Өйткені сендер қимас достың өлімін, жаудың хайуандығын, өртті, оқты көргендерің жоқ. Көрсетпесін де. Соны көргеннің соңы біз болайық та. Иә...— Ықсан ауыр күрсінді. Екі-үш рет сүрініп те кетті. Үнсіз келе жатыр.

— Аға, ол... ол дәрігерлікті қалайды,— деді Қожан күмілжи, үні түнгі ауыл көшесіне сыймай қысылғандай шықты.

* * *

Исахметтің көңілі хош. Жаңа ғана сары май мен бөдене бауырсақты ыстық шайға бөктіріп, терлеп-тепшіп рахаттана ішіп, далаға шыққан. Басында жәйлі көк мақпал тақия, аяқта қара құрым етік. Үстінде жылы ұзын жең, қисық жаға арғы беттегі қазақ-орыстың ісмер әйелдеріне тіктіріп алған «толстовка» аталған көйлек, оның сыртынан мақталы, қалың тері кеудеше киген. Биік ағаш баспалдағы бар, жан-жағы ашық дәлізге Ыраш шалқайма орындық әкеліп қойған, соның рахатын бір көрейінші дегендей талтайып отыр. Балаң кезінде талай байларға атқосшы болғаны ойына оралып, еріксіз өзін солармен салыстырып: «Е, бишаралар-ай, ә?! Олар да дүнияның қызығын көріп, ләззатын таттық дейді-ау. Қазір ғой солардың сүйегі де жоқ. Әрине қурап, күл боп кетті. Ал, мен міне алпысты алқымдап тастап, жетпіске жіліншігімді артқанда да мінім құрымай, төңірегіме шекемнен қарап шырт-шырт түкірем. Бай, бастық деген де атағым жоқ. Әйткенмен олардан дәулетім артық. Не ішем, не кием демейім. Шіркіндер, менің осы жәйімді бір сәтке тіріліп, көрер болса: «Әй, мынау әлгі шілмиген боқ мұрын бала ма? Бізді кісіге санамайды ғой»,— деп қызғаныштан жарылып өлер еді»,— дейді күбірлеп.

Үйден сарғыш жібек шарқатты мойнына бос салып Ыраш шықты. Қынама бел көк ала көйлек, мақпал кәмзол киген, аяғында етік, екі бетінің ортасы оймақтай шұңқырайып күлімдеп келеді. Жүрісінде кербездік, паңдық сезіледі. Баяғы Исахметтің қамшысынан зәре-құты қалмай безек қағатын шөп желке қыз емес; кесек бітімді қаз төс әйел. Белден төмен мүшесі де төңкерілген қазандай бөлекше көз жауын алып, бесіктей тербеледі. «Жұтынуын қарашы патшағардың. Кісі жейтіндей құтырынуын көрдің бе?! Шайтандарыңды қағып алар ма еді...» Әйтсе де ол неменің қолынан келмейтінін, дәрменсіздігін іштей мойындап ызаланады.

— Иә, қатын сайра! Не айтасың? Құлағым сенде?

— Не айтайын саған, көп отырып салқын алып қала ма дейім де,— деді Ыраш күлімдей.

— Анау қорадағы көк байталдың сууы жеткен сияқты. Ауыл сыртына шідерлеп жібере салшы. Мен әлігі Манай бишраны малға тастап кетіп едім. Сауын жақын, табынды ферма басына айдап апарды ма екен?!

— Мен соға келейін бе?

— Жоға, қайтесің... Сен қағазға орап, бір уыс бауырсақ әкеліп қой. Келсе құр ауыз кетпесін.

— Мақұл.— Ыраш көлеңдей үйге бет алды. Сәлден соң бауырсақты алып, қайта шықты. Исахмет отырған орындыққа жақын дәліздің жақтауына қолындағысын қойып жатыр.

— Бәрекелді... Мен оған мынаны көрсетіп, әлі қораны да тазарттырып алам. Көр де тұр.

Ыраш шалының қулығын енді аңдағанын, тапқырлығына дән ризалығын сездіре ауланы басына көтере сыңғырлай күлді. Баспалдақпен аяғын бұрала басып, қораға қарай тартып барады. Үңірейген үлкен мал қораның ашық есігінен ішіне кіріп, көрінбей кетті де, біраздан соң ойнақшыған көк байталды жетектеп қайта шықты. Исахметтің иғынан өте бере күлімдей оған көз тастады. «О, кәәзап! Көзіндегі ақ шайтанын өлтірер ме еді. Адамды көзімен ішіп-жеп емешесін құртады»,— деді ол тағы да күйініп. Манағы бір көңілінің хошы су сепкендей басылып та қалды. Осы қазір жан баласын маңына жуытқысы да жоқ.

Көп кешікпей Манай да көрінді. Қақпадан басын сұға бере, ыржалақтай күліп келеді. «Мына жындыда бар, менен табылмайды. Құдай тағала да қызық. Сұрамасқа бере салады. Осының жасын маған сыйлай қойсашы. Бұған керегі не?..»

— Аға, табынды айдап апардым.

— Е, бәрекелді!... Ту-у өзің дыңдай азамат екенсің ғой. Қалай, шаршаған жоқпысың?

— Қарным ашты, аға. Маған. Маған нан берші,— деп Манай басындағы құлағы ербиген бөркін қолына алып, Исахметке тосып тұр.

— Мен саған қазір міне... мынау бауырсақты берем.

— Мағам ба, аға? Рас па?

Манай баспалдақпен жүгіре көтеріліп, Исахметтің алдына жетіп келді.

— Рас... Тек сен ол үшін анау қораны тазалап шық. Сонсын жейсің,— деді Исахмет сары бөдене бауырсақтарды қағазды ашып көрсетіп — Тырма, айыр қораның аузында. Бар ал... Қас қарайып кетеді, тез кіріс.

— Аға қарным ашты. Шаршадым.

— Істегің келмей ме? Ендеше саған бауырсақ жоқ.

— Табынды бақтым ғой, аға. Қораны ертең тазалайын. Маған бауырсақ берсейші, аға,— деп Манай жұтына қолын жайып, жақындай түскен. — Әй, оңбаған, жалқау неме! Не айттым мен саған? Өзің тілазар ма ең, ә? Жоға, ендеші,— деді Исахмет ақырып. Онымен де қоймай ығыстай шегіншектеп бара жатқан бәкене жігіттің құйрығынан теуіп жіберді.

Манай ойбайды сала жүгіріп, төменгі баспалдақтан сүрініп құлады. Шынтағын, бетін тас жырып, қызыл-ала қан боп еңірей жылап барады. Исахмет әлдебір өшін алғандай: «Шошқа! Қарашы-ей, безеріп егесуін. Жерсің бауырсақты, иттің баласы!» — деп айқайлап қалды Орындығына қайтып отырмай, екі қолын артына ұстап ерсілі-қарсылы жүр. Манай даусы үзілгенше шаптығып, шаңқылдауын да қойған жоқ.

Зәбір көрсе Манай Ықсанға барып шағынушы еді, бұ жолы онысынан жаңылып, өзенге қарай тартты. Со жақта мол суға беті, қолының қанын жуып, біраз отырып, өксігін баспақ сияқты. Жайшылықта өзен жағасына келіп, ұзақ көз алмай қарап қайтатын да оның әдеті бар-тын. Өз-өзінен сөйлеп, толқынмен тілдескендей де болатын. Егіл-тегіл жылай, жүгіріп келеді. Міне, ол өзеннің жағасына таяу жыңғылға кеп кірді. Төбесі қылтыңдай көрініп барады.

— Әй, Манай, сюда!

Өзеннің жарқабағына жете Манай оқыс дауысқа елеңдей тоқтады. «Бұл кім?» — дейтін тәрізді. Осқырына төңірегіне көз тоқтата қарап тұрды да, әлгі дыбыстаған тұсқа беттеді. Өзен жағасында бір адам отыр. Қолында қармақтың таяғы. Ымдай шақырып қол бұлғайды. Манай тани кетті. Остап екен. Қасында үш аяқты мосыға ілген қазан. Астында түтіні будақтап от жанып жатыр. Манай бетін жеңімен сүртіп жақындап келеді.

— Саған кім тиді? — деді ол орысша, қабағы түксие.

— Исахмет... Маған нан бермеді.

— Ох қандай жаман адам.

— Иә, ол пашест...

— Сен жылама, мен оны сабайым. Кел бері... Қасыма отыр, майдандас дос. Қарның ашты ма?

— Нан берші, Остап.

— Нан да, балық сорпасын да ішесің. Тек жылама, жарай ма?

— Сен... сен маған шын айтасың ба, Остап?

— Ой, қашан, сені алдадым? Кел, отыр,— деді Остап Манайды жанына шақырып.

Манай украин жігітінің қасында жатқан әскери дорбаны енді аңдады. Остап әлгінің аузын ашып дөңгелек таба нанның шетінен омырып алды да Манайдың қолына ұстатты.

— Сен, Манай, енді жыламайсың ғой, ә?

— Жыламаймын, Остап, сен жақсысың,— деді Манай күлімдей оның қасына отырып жатып.— Мен бар ғой балықпен сөйлесе білем, Остап...

— Ту-у, өзің мықты екенсің де. Соның бәрін қайдан үйреніп жүрсің?

Манай бір сәтке әлігінде ғана Исахметтен көрген зәбірін ұмытып сала берді; балық тілін білетіндігін айтқысы келмеген жанның райын танытып, жалына түссін дегендей жүзін сырт салып, құпиялы күлімдеп қалды.

— Жарайды, кейін көңілің соққанда айтарсың, Манай. Қолыңды жу, қазір екеуміз балық сорпасын ішеміз,— деді Остап қасында жатқан балдағын қолына алып.

9

Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ; күн тұсау бойы көтерілген, шақырайып тұр. «Үп» еткен жел болсашы, тып-тынық. Күз айының кәдімгі алдамшы шуағы. Жота, бел-белес, жол біткен тазбастанып, шалқайып жатыр. Өгіз арба, не тіпті жаяу өтсе де соңында селдірей ақ тозаң шаң қалады. Даланың бар ажары сай-сала, ояңға көшіпті; мысық мұрт көгіңіз сол жерде желбірейді; кейде тіпті алыстан елтірі ескі бөрік те сияқтанды. Өзен жағасындағы мынау шағын ауыл жаз айларында етек-жеңін жайып, аяқты көсіліп жібергендей көрінетін: осы қазір бұл да бүрісіп, жиырыла түсіпті. Ауылдың ортасынан көктей өтер, көше ғана айбынды, ақ тақыр, көң; әр жерде шыны сынығы, қаңылтыр қалбыры жылт-жылт етеді. Жауынды күні батпақтаған арба дөңгелегінің ізі де үлкен жараның орнындай ырсиып, білеуленіп қалыпты. Көше жиегіндегі қалың қара барақ пен бұйра бас бүргем ғана сол күйі бой сақтаған; әйтсе де оның да сұры қашқан тәрізді; түнгі мол шық, суық соғып мәлміретіп кетіпті. Қызыл кекіл он шақты тауық соның арасында; төбесі қылтыңдап әлденені шұқып жүр. Ауыл үсті мұржадан көтерілген болмашы көгілдір түтін. Әне, салт атты біреу жолдан шығып, қырлыққа бет түзеді. Басындағы ақ жаулығы болмаса орнықты, мығым отырысына қарап «еркек-ау» деп қалғандайсың; сипай қамшылап барады. Қап арқалап тезектен қайтқан екі әйелдің жанынан өтті; әйтсе де оларға қайрылып қараған жоқ.

— Меруерт қой. Қайда асықты екен, ә? — деді әйелдің бірі артына бұрыла қарап.

— Кім білсін.

— Бұ да бишара жер сабап қалды.

— Иә... Қаралы қағаз кімге тимей жатыр.

— Бүгін әлгі Жәзираның байы келеді дей ме?

— Е, құдай-ай, о да не оңған бай. Жоқтан бар демесең. Аяқ-қолынан бірдей айрылған, сонда самаурын десейші. Қатын бейбақтың маңдай соры арылған ба?

— «Кел» дегені несі екен? Жәзира да қызық-ау.

— Е, кел демегенде қайтеді? Өз байы емес пе? Қасіретті күйеуі тілеп алды деймісің?

— Әй, қойшы со... ақ жүрек болам деп алжасады да. Соған бір емешесі құрып барады деймісің...

— Көзіңе қара! — деді жіңішке қара келіншек, көзі ойнақшыған ақсары әйелге күңк етіп.

Бетіне шөп өсіп, құм басып саязданған ескі құдыққа түсіп кете жаздағанын енді аңдаған ақсары әйел:

— Көтек! — деп шошына кейін серпілді.— Бұ қайдағы құдық, құдай-ау?!

— Кім білсін?

— Ауылға да кеп қалыппыз. Біздің үйдің тентектері не істеп жатыр екен?

— Кім білсін?

— Қанша дегенмен, қаріп те болса, қыздай тиген күйеуіңнің келгені жақсы-ау,— деді ақсары әйел армандай тамсанып.

Олар үлкен көшеге бір бүйірден кеп түсті. Жәзираның қақпа алдына шығып, қырлық жолға күнсап қарап тұрғанын көріп бұрылды; «қуанышың ұзағынан болғай»,— деп жақсы тілектерін білдіріп, әрі асты. Іргелес үйдің ауласында отырған беті қаспақ-қаспақ Сейіт пен Серік те жамырай амандасып қалып жатыр.

— Әне, Жәзира апа.

— Апа, тоқал ешкі қорада! Сіздің қорада!

— Серікжан, далаға... Өріске шығарып жіберсең еді. Аштан-аш қамап қоямысың...

— Жоқ... Ол сіздікі енді, апа!

— Не дейді? Сіздікісі несі? — Жәзира аң-таң. «Балым қарияның өзі әкеп қамады ма екен? Неге? Үш-төрт ешкінің ең қоңдысы дейтін. Әрі сүттісі де осы емес пе? Соны... Тоқта. Соны маған бергені ме? Наурызға... Келетін қонаққа арнап сойсын дегені ғой шамасы. Өздері қайтеді? Қой, мұным ұят болар. Ана кішкентайларға жетектетіп жіберейін»,— Серік!..

— Ау...

— Бермен келші!

— Маған апам ауладан түспе деген. Түссең, Сейіт құлайды дейді.

— Ендеше екеуіңді өзім түсіріп алайын.

Жәзира күпейкесін қаусырына, орамалын түзеп, ұмсынып қалды. Бүгін ертеңгісін көптен сандықта жатқан моншақты, ақ жібек шарқатын тартқан-ды; сол алақанына жұмсақ жылы тиіп, сүйсіне іркілді:

— Жо... жоқ, апа, біз түспейміз.

— Неге?

— Наурыз ағаны көреміз. Соны күтіп отырмыз.

— А...— деп ол қақпаның жақтау ағашына иық сүйей тоқтады. Жүзіне көлеңке үйіріліп, терең күрсініп қойды.

«Аяқ-қолсыз, самаурындай адам бұларға да қызық. «Көреміз» дейді. Иә, әлі талайлар қызықтайды, мүсіркейді. Жаны ашығансып бастарын шайқайды. Солардың есіркегені маған керектей-ай»,— деп ойлады Жәзира еріксіз тістеніп.— Кеше Ықсан Сағынайға үйленді. Бұрын сөз айтпаған сияқты еді, қалай тез. Тойына шақырмады. «Сүйем сені» дейтін. Онысы да жалған бопты. Сәлима: «сенен күдер үзгенсін істеді. Ертең күйеуіңнің келгелі отырғанын біледі ғой»,— деді. О да мүмкін. Әйтсе де тым асығыстық емес пе?! Жо... жоқ, жаным, мен қызғанбайым Ықсанды. Рас, Сағынай жас, теңі. Күйеуге шықпаған қыз. Тек адам баласы жүрек түкпіріндегі алданыш, тәтті сезімін қалай ғана оп-оңай, қабақ та шытпай сылып тастай қояды деймін-ау. Ол үшін аса үлкен ерліктен гөрі без-бүйрек көбірек керек шығар. Мен оны істей алмас ем. «Солай де... Ал, өзің ше? Өзің не істеп жүрсің? Ала көңіл емеспісің? Жүрегіндегі жылылық кімге арналған? Айтшы, кімге? Наурызға ма? Наурызға болса, ЬІқсан кім? Неге сүйетінсің. Білем. Қазір ше? Сол сезім сенде бар ма? Жоқ! Бәрі жалған!.. Сен өзіңді-өзің алдаған жансың. ЬІқсанды сүйе тұра, Наурызға кел дейсің. Оның не? Ақылдылық па? Әлде аңғалдық па?» — дейді әлдекім құлағына күбірлеп.— Білмейім... Наурызға сүйіп тигем. Иә, иә... Солай. Сүйгем. Қаріп болғанда бас тартуды ар көрдім. Хайуандық деп білдім. «Кел дегенім де сонан».— «Е, бауырым-ай, оның сүйгендік емес, жай қызығу, елігу еді десеңші. Нағыз сезім ескірмейді. Күтпеген кезінде келіп, күтпеген кезінде кетуі де мүмкін. Саған келіпті. Кеткені де шығар осы. Опынғаннан не пайда?!» — «Жоқ... Жалған айтасыз, опынбаймын. Сонан бері Наурызға өзімді арнадым. Қас қаққан жағынан табылармын. Қабағына кірбің ұялатпаспын дедім. Жатсам-тұрсам ойлайтыным сол. Бірде тіпті түсімде, кинодағыдай ап-анық көрдім. Күздің бір шуақты, нақ осындай күні екен дейім. Алыстан машина көрінді. Ауыл адамдары жиналып күтіп тұр. Машина көшенің ортасына кеп тоқтады. Ел дабырлай ұмтылды; жарыса амандасып жатыр Бір кез маған де кезек тиді; қатты қобалжулымын. Қалай көріссем де дағдарам. Жерге түсіріп қойыпты; машина кабинасының баспалдағына арқа сүйей маған қарап қалыпты. Көзі мөлдірей: «міне, мен де келдім, Жәзираш. Әрине бұлай қор болғанша өлгенім жақсы еді. Дәрігерлер сақтады. Керексің деді. Қорғатпаймыз деді. Сонсын міне келдім» дейтін сияқты. «Апырай, күні кеше кең төсіне менің кішкене, жұмыр басымды қонақтатып, жыртыла айрылысқан өмір қосағым, Наурызым осы ма? Самаурындай бір дене... Көзі ғана таныс, жылыұшырайды»,— деймін ішімнен қан жұтып. Мен де адаммын ғой. Өзімді дайындағам. Үш-төрт қадам қалғанда тізерлеп барып көрісемін. Сөйтсем бірдей болам, етегім бетіне тимес дегенмін. Оның бірін істей алмадым. Шошына ояндым. Қан-сорпа терге түсіп жатыр екенмін. Бүгін де сол қала басында қарсы алуға жүрегім дауаламады. Осында күтіп алмаққа бекіндім. Берікпін... Енді үрікпейім. Ыраш жеткізсінші тек. Жо... жоқ, мен оны қорламаймын. Құдай ақы қорламаймын...»

— Апа! Жәзира апа, шаң! Шаң көрінді,— деді Серік бөркін бұлғай айқайлап. Жәзира түсі қаша, қақпа тіреуінен серпіліп кетті; кешелі бергі ұйытқыған ой тағы да үзілді.

— Кә... кәне!... Қайда?!.

Даусы да қатты, үздіге шықты.

— Қайда? Шаң дей ме? — десіп ауыл адамдары да үздік-создық жинала бастады.— Құйын болар?

— Шаң дейді ғой.

— Ойпыр-ай, кимелемей былай тұршы! Ту...у мынаны-ай, ә?!

— Е, немен? Соқырмысың?

— Жә, бала, жетті!

— Е, жетпесе не?

— Тісіңді қағып алармын дегенім де.

— Жаман, учетчикке бас имеспіз. Байқа...

— Текедей тірескен бұ не-ей, ә? Әй, бала, әрі жүр-ай!— деп қалды көлденеңнен киліккен жуан дауыс. Сол-ақ екен іліп-қақпай су сепкендей басылды. Әйтсе де елеңдеген көптің күбір-сыбыры бұ кез үдеп, ара ұясындай гулеп кеткен еді.

— Әне... Әне, машина!

— Кәне...

Аула үстіндегі екі сәбиге ғана емес, машина жиналғандарға да анық көрінді. Әне, ол жорғалаған қара қоңыз тәрізді ілбіп бел үстіне шықты да, сол бүйір тартып барып, ылдиға құлады. Енді міне сарғыш тартқан күзгі далада айдын бетіндегі моторлы қайықтай жүйткіп келеді; ақжал толқындай шаң бұрқырай көтеріліп, соңында созылып қалып жатыр. Аракідік кабина терезесі күнге шағылыса «жарқ» ете қалады.

— Ыраштың... Ыраштың машинасы, апа! — деді Серік шіңкілдеп.

Жәзира ұмсына алға шықты. Қарттардың кейін ығысып, жол бергенін де ол аңдамады. Жайшылықта мұны ибасыздық, жеңілтектікке сайып пыш-пыштар әйелдер де оның қазіргі жәйін түсінгендей елеген жоқ. Үндемеді. «Сабыр... Сабыр болайыншы. Жүрегім неге өрекпиді? Сабыр...» — деп ойлады Жәзира.

— О, сор маңдай! Бейнетке жаралған бейбақ-ай. Қайтсын енді!

Тосыннан әлдеқалай айтылған осы бір-екі ауыз мүсіркеу сөз Жәзираның өзегін өртеп, тіліп өткендей болды; әбден тозған жүйкесі босап, көзінен жас еріксіз ытқып кетті. Ол тез сырт айналып күпәйкесінің жан қалтасынан орамал алды.

— Қой, Жәзира, оның не? — деді жақын тұрған келіншектің бірі.

Жәзира өзіне-өзі келіп, бойын жиып үлгерді әйтсе де көңілі жаутаңдай көз тастап, басына тартқан ақ жібек шарқаттың ат жалындай төгілген шашағын тыным таптырмай саусағының басына орап, қайта жазып, сипалап әуре. Не істеп, не қойғанын да сезетін емес. Үрей, үміт, қуаныш, мұң... бәрі-бәрісі анау ұялы жанарында. Аққұба жүзі де алаулай, құбылып, кейде тіпті күреңітіп те кетеді.

Іргесі сөгіліп, ауылдың кемпір-шал, бала-шағаларының өзінен әудем жер бөлек, ошарыла тұрғанын да ол байқамапты. «Жалғыз қалыппын ғой. Жо-жоқ, қасында Кенжеқыз бар. Мені аяп, жеке сәлемдессін дегендері ме? Ұят-ай, олары не? Әне, анау Балым қария, Исахмет қарт, Сәлима, Қожан, Сәуле, Сағынай, балдағына сүйеніп Остап та келіпті. Манай да Ықсан берген сары көнетоз галифе шалбарымен тәлтиіп тұр. Күбір-сыбыр бір-біріне әлдене айтады. Тоқта... Манайдан басқалары да тойға әзірленгендей бір-бір тәуір киімдерін киген бе?» — деп ойлады Жәзира. «Бұлар неге тым-тырыс? Е, машина жақындаған екен ғой».

Сол баяғы түсінде көргендей Ыраш машинасы салдыр-гүлдір етіп, ауыл көшесінің ортасына кеп тоқтады. Бейқам қыт-қыттап жүрген үш-төрт тауық дарылдаған машина үнінен үрке тырым-тырақай безіп барады. «Келді» — деді Жәзира еріксіз ұмсына түсіп. Машина дөңгелегін тірсектей қуып жеткен қою ақбоз шаң, қошқар мүйіздене лықси көтеріліп, ауыл адамдарын көміп өтті... селдірей сейіліп барып басылғанда ел Ырашты, сонсын... бір бейтаныс әскери фуражка, шинель, керзі етік киген, аяқ-қолы балғадай жігітті көрді. Өзге адам машина кабинасынан түскен жоқ. «Наурыз... Ал, Наурыз қайда?» Ауыл адамдарының да, Жәзираның да жанарында осы бір сұрақ. «Бұл кім? Наурыз келмеген бе? Кабинадан түсе алмай отырған шығар? Оу, ағайындар-ау арыстай азамат деймісіңдер? Оған неге көмектеспейсіңдер? Алла...» Біртүрлі Жәзираның тынысы тарылып кетті.

«Мен не көріп тұрмын? Есімнен адасқан шығармын-ау?! Неге төңірек тым-тырыс? Ел тілден айрылды ма? Бұлар неге үндемейді? Мынау әскери адам маған күлімдейтіні несі?..» Жәзира ыңғайсыздана қасындағы Кенжеқызға көз тастаған; о да аң-таң мәңгіре өзіне тесіле қарап қалыпты. Ол машина жаққа қайта бұрылды; жаңағы бейтаныс әскери адам манағы орнында әлі тұр. Жүзінде әлдекімге жақын бір ұқсастық бар. Елібі таныс «Бұл кім? Наурыз ба? Қой, ол емес шығар? Жоқ, сол. Иә-иә, сол»,— деді Жәзира күбірлеп.— «Қолға үйренген күшіктей басын қисайта, мүләйім қарағаны келеді екен».

Ауыл адамдары таңдана бір-біріне қарасып, ешкім орнынан қозғала да қоймады; қарттар жағы мұндайды күтпегеннен бе, жөткірініп Жәзираға қарай жаутаңдасады. Біресе сұрланып, біресе қызарыса төменшіктесіп, мынау жұпыны киімді жетім көңіл, періштедей адал келіншекті өздері алдап, қара бет боп тұрғандай алабұртқан жүздерін алып қаша береді.

Жәзира да не істерін білмей дал. Бейкүнә елді бір өзі алдағандай қысылып, әрі біртүрлі іштей қорланып тұр. Жазықсыз жазғырылған сәбидей қолқасына ащы жас тығылып, ерні дірілдеп кетті. Қас-қағым осы бір бойкүйез тыныштықты:

— Алдады!.. Алдады!.. Алдауыш! — деп Манай дарқырай күліп бұзып жіберді. Басындағы өмірі байланбай жүретін бөркінің құлағы қалтаңдай санын шапақтай секіріп жатыр. Ара-кідік ел кімнің алдағанын білмей қалар-ау дегендей саусағын шошайтып Наурызды көрсетіп қояды.

— Тек әрі, антұрған! Жоғал! — деді қарттың бірі ақырып.

Манай күлгенін қоя қойып, ауыл адамдарының арасынан сытыла шығып безіп барады. Әлсін-әлі жалтақтай артына қарап, көлденең көшенің қалтарысына түсіп көрінбей кетті. Әскери жігіт түк болмағандай күлімдей ақ шарқатты келіншекке бет алды. Ел адамдарының өзіне қатты таңырқай көз тастағандарына да ол пәлендей мән бермеген тәрізді. «Қан майданнан күнде бір азамат орала береді деймісің? Қызықтай сүйініп қарай қалса, оның не айыбы бар» дегендей жігіт көңілінде өзімшіл, кеңдік те жоқ емес. Келгенімен-ақ елді бақытқа кенелткен жандай көңілінде «мен-мендік» те жетерлік еді, жаңағы есуас жігіттің айқайынан, ел адамдарының үнсіздігінен қаймығып, қысылмағаны да сонан.

— Жәзираш, есенбісің?!!

Наурыз аузын аша, таңырқай қараған Жәзираны жетіп кеп құшағына алды; ыңғайсыздана жүзін бұрып жеткенін де елемей маңдайынан сүйді. Келіншегінің қатты тіксініп, мына ел адамдарын өзі алдағандай қып-қызыл боп кеткенін әрине Наурыз байқаған да жоқ. Құшағынан сытылып шыққанын ұялғаны деп білді. Ауыл адамдары да естерін жиып, ештеңенің мәніне түсінбесе де қуанғандық рай танытып жатыр:

— Қуанышың ұзағынан болғай, Жәзираш! Аман оралғансын-ақ, шүкіршілік тілеу лазым ғой,— деседі әйелдер ерін ұшынан.

— Аман ба, Наурыз?— дейді қарттар қаумалап.

— Қалайсың? Біздің үйдің тентегін көргенің жоқ па?

— Алғашында бірге едік. Сталинград түбінде бөлініп кеттік.

— Ә...

— Хат алып тұрасыз ба, ақсақал?

— Иә... Кеше ғана келді.

Жәзира мұның бәрі өң мен түстей. «Қалайша? Неге мені алдады? Жазығым не? Күткенім. бе? Сүйетін еді ғой»,- деп ол қорланғандай да болды. Екі көзі Ырашта. Ол машинасының капотын ашып, радиатордан қайнап кеткен суды ағызып әлек. Ауыл балаларының бәрін соның төңірегінде. Әне, бір аяғы жоқ балдақты орыс Ыраштың жанына келді. Басымен Жәзираны меңзейді. Ыраш та Жәзираға қарап қойды. Әлденені айтып, машина моторына қайта үңілді. «Алдады дейтін шығар... Ықсан бірге кетіп еді ғой. Ол қайда? Неге келмеді? Қалада қалып қойды ма? Неге? Менің жер болғанымды... көрмейін деген шығар. Жоқ, оны Ыраштан сұрау жөн. Ыңғайсыз болмас па екен? Анау көшенің қарсы бетіндегі әйелдердің маған тесіле қарайтыны несі?» Жәзира қуанарын да, жыларын да білмеді. «Жүрегім-ау, неге сыздайсың? Кімнен жәбір көрдің?.. Мен не деп тұрмын? Қой... Уақыт оздырмай Ырашқа рахмет айтайын». Ол машинаға қарай жүре түскен:

— Ау, келінжан, неғып тұрсың? Мынау елге үйге кір демеймісің? — деді ертеңнен ас қамын жасап жүрген ауыл қарияларының бірі қақпа алдына шығып.

Жәзира ыңғайсыздана жалтақтап, күмілжи күңк етті.

10

Үйдің іші қып-қызыл: еденде де, кереуетте де, қабырғада да — айнала қалы кілем, барқыт; бәрі де есікке таяу орындық үстіндегі ондық шамның мол жарығымен жымыңдасып, сәулеленіп тұр. Ауызға бөлмеден жас еттің иісі келеді. Дала суық, қара жауын; терезе шынысына тырс-тырс терезе шынысына тырс-тырс тиген жаңбыр тамшысының сыбдыры естілді. Әлгінде ғана Исахмет қорадағы малын жайлап, қатты тоңып қайтқан; енді міне дастарқан жайып, кіріп-шығып жүрген Ырашқа сүйсіне көз тастап, төрде жамбастап жатыр. Көптен ұсталмаған қалақ домбырасы қолында; оның пернесінің сиреп, шайтан тиегінің түсіп қалғанымен де ісі жоқ, тыңқ-тыңқ шертіп:

«Шім...мар-ай, шім...марай,

Әркім сізге құм..мар-рай»,—

деп баяу әндетеді.

Кенет ол жастықтан басын жұлып алды; елеңдей далаға құлақ тігіп:

— Ыраш... Ау, Ыраш! — деді Исахмет.

— Ө, не?

— Ит үреді ғой дейім, қарашы.

— Ту...у, алла-ай. Ауылдың әр иті үрген сайын дірдектеп далаға шыға береміз бе?! Ө, несі сонша. Сәл күтсе ұшынып кетпес...

— Әй, мен кімге айтып тұрмын, ә?

— Ту...у, тіпті...— Ыраш шыққысы келмесе де, еріксіз есікке беттеді.

— Өй, атаңа нәлет!

Исахмет мұны тістеніп айтты. Домбыраны қабырғаға сүйеп қойып, жөткіріне бөрік астынан киетін тақиясын қолына алды; оң тізесінің үстінде жатқан көкала жиекті, түкті орамалмен тершіген маңдайын, сирек шашты басын сүртті. Соңғы кезде бір байқағаны — жас тоқалы бұрынғыдай ығыстамайды; әрі тыңдауы да жүрдім-бардым, ат-үсті. Исахметтің күйіп-пісіп, ұрысқақ қатындай шаңқ-шаңқ еткенін де елемейтін болыпты. «Қой мен ретсіз ұрыса бермей сабыр сақтайын. Тіпті мына қалпыммен тілін шығарып алып жүрермін. Жөні келгенде тіліп түсермін»,— деп іштей мықтап бекінген; қазір де міне қара басып, тізгінінен айрылып қалды. «Ит үреді ғой дейім қарашы»,— деп мәймөңкелетпей-ақ: «Әй, қатын, біреу келді білем. Бар!» — десем қайтетін еді; өті жарылып кететіндей-ақ сиырқұйымшақтандырам-ай кеп... Бәрі өзімнен... Оллаһи өзімнен». Исахмет ашудан жарылып кете жаздап, терісіне сыймай отырғанда есік ашылып, даладан Ырашқа ілесе өңкиген, денелі біреу сүйретіле ісіріп келді.

— Кеш жарық,— деді ол.

Үні сынық, күмілжи естілді. Шамның жарығына шыққанда ғана, Исахмет таныды; үстінде тізеден төмен ұзын плащ, резина етік, түксиіп тұрған Бақан екен. Езу тартқан болады. Әйтсе де суық жанарында сәуле жоқ. Әрине мұның бірде-бірін Ыраш аңдамады, дастарқанның шетін қайырып, төрге көрпе, жастық тастап жүр. Исахмет мұның әлденеге қатты күйзеліп тұйыққа тірелгенін көзінен көріп отыр.«Ә, түстің бе қолыма? Қайран ашық ауыз аңгүдігүм-ай! Менімен тіресіп не бітірем дедің, ә? Қорланған да болдың-ау өзіңше. Дүние кезек маған да келген шығар. Ал күл... Күл, ақымақ Бақан! Неге күлмейсің?» — дейді ол миығынан күліп. Бақанмен сәлемдеспегені есіне енді түсті ме:

— Есенбісің, Бәке?! Төрлет! — деді көсіле тастаған аяғын жимаған күйі, самарқау.

— Шүкір. Алла деп жүреміз.

— Ауыл аман ғой?

— Иә...— Бақан плащы мен етігін шешіп Ырашқа берді де, жөткірініп қойып төрге өрледі; жұмсақ көрпеге малдасын құра отырды.— Үндемейсің, Исеке, қалай келгенімді жақтырмай қалдың ба?

— Ө, не сөзің, Бәке? Әзілің бе?

— Қайдан білейін, қоңырқайсың әйтеуір.

— Тәңірі жарылқасын, Бәке, қашаннан қас-қабаққа қарайтын болдың? Аллам сақтай гөр, жас тоқалың үйретпегей еді,— деді Исахмет жори шошынғансып. Іле қыт-қыттай күліп те қойды.

— Тоқал дейді? Қайдағы тоқал?

Самаурын түбінде қызара бөртіп, ыстық шайды сораптап отырған Ыраш елеңдей шалына қарады; жүзінде таңдану бар. «Әй, беті бүлк етпейді-ай. Кірпік қақса не дейсің? Осы Бақанның үйленгенін қатындардан естіп, маған айтып келген өзі емес пе? Мұнысы несі? Ә, мені қоштап, Бақанды әбден ықтырып, жығып бермек де. «Қоңырқайсың әйтеуір» деп міндетси келгеніне намыстанып істеді ма, ә? О, ақылдым-ай, жарайсың». Исахмет Ырашқа ырзалығын, оны түсінгенін, сездіре езу тартты:

— Пәлі, мынау далада жүр екен ғой. Оу, қатын, сен не, біздің Бәкең үйленгенін білмейсің?

— «Біздің Бәкең... Біздің Бәкең» деп желпілдетіп, құдайы керемет көресің. Қойшы енді соныңды.

— Жә, қатын, сандалма,— деді Исахмет зілсіз, ұялғансып.

— Жоқ-ау, тіпті... Е, тойына шақырмаса, мен не оны иіскеп білем бе?

— Қой дейім-ай... — Исахмет Ыраштың соңғы кезде көп именбей, неге де болса дүрсе қоя беріп, дөрекі кететінін аңдап жүр. Сәл қақпайлап, осындай жерде Ыраштың тілділігін, кейде тіпті өткірлігін де Исахмет әлдекімді мұқату үшін пайдаланып қалады. Оған ол: «сен сүйт, бүйт» демейді; Ыраш өзі біледі, сұраусыз, кенет араласады. Қазір де сол Бақанға тұтқиылдан соқты. Бақан абдырап, көңіліндегі айтпағанынан жаңылып:

— Иә, реніштерің орынды. Мойындайым. «Қылша мойным талша». Не істесеңдер де қолдарыңды қақпайын,— дей берді.

Исахмет миығынан күліп:

— Әй, сен қатын да бір сіресе қаласың-ау,— деді.

Шалының ойынан шыққанына Ыраш та қуанып, желпініп кетті:

— Жә құрдас, ер басыңызбен үгітіліп, бордай езілмеңізші. Сіздер тоқал алсаңыздар мен қуанбайды деймісіз. Мен шалға тигенде... олардың менен несі артық?! Тисін... Ала беріңдер! Құсыңыз құтты болсын!

— ЬІреке, Исекең шал емес қой,— деп қалды Бақан. Исахмет оның әзәзілдігін білсе де, бұ жерде ұрынбас, от тастамас деген, сөйтсе реті келсе шағып алатынын тағы сездірді.

— Жігіт те емессіздер, әрине.

— Әй, бишікеш қатын, құйысқанға қыстырылмай жина мынау шайыңды. Ас сал! — деді Исахмет сұрланып.

— Қажеті жоқ, Исеке. Мен асқа қарамаймын. Асығыспын. Бір соғатын жерлерім бар еді.

— Қой әрі, қысылма. Тергеп-тексеріп жатса біздікінде болды дерміз.

— Е, кім тергейді? Тергейтін кеткен.

— Кеткені қалай? — деді Исахмет едірейіп. Ыраштан ыңғайсызданғандай боп Бақан иығын қомдап қойды— Шының ба?

— Иә... Анау кемпіріммен, қызыммен тістесіп, бет тырнасып әлек салды. Құлағым тыныштансыншы деп үйіне апарып тастадым.

— Өзі кімнің баласы еді?

— Қойшының... Сонау құмда отырған қойшының қызы ғой.

— Қалай былай өзі... тәуір ме? — деп Исахмет сыбырлап қалды. Көзі күлімдеп, жұтынып та қойды. Ыраш шалының селдір сақалына, үңірейген аузына таңдана қарап отырды да, сықылықтай күліп жіберді.— Өй, саған бірдеңе көрінді ме?! Ойбай...й күлкіңе болайын. Неге күлесің-ей. О, жартақыл! Тұр кет...

— Сендерге бәрібір емес пе? — дейді де күледі.

— Кет деймін-ей!

Ыраш көзінен жас аққанша күліп, ауыз үйге шығып кетті, қайта келіп дастарқанды жинап, самаурынды әкетті. Әлі сол күлкі. Екі бетінің ұшы қызғылттанып, Бақанға қарайды да күледі... Қарайды да күледі.

— Әй, неменеге жүріп алдың, ә? — деді Исахмет ақиып.— Жетті ғой ыржалақтауың!..

Ыраш абдырап, ығып қалды. Шегіншектей түсіп шығып кетті. Әлденеге сергіп, қуанғандай болған Бақан Исахметтің түсі бұзылғанын аңдап үндемеді: тамағын сәл кенеп, қозғалақтап қойды. Исахмет түтеп отыр. Оған төңірегі алдамшы, сиқырлы бір сырдан тұнып тұрғандай көрінеді. «Өртеп жіберсем бе?» — деп ойлады ол — Үйімнің, ошағымның басы неге қып-қызыл десем, ұяттан күйіп тұр екен ғой. Бақан... Бақан, сен тағы да алдымнан шықтың-ау. Тоқалыңды қоя бергеніңді айтып қуантқаның ба? Күлесің, ә?! Жарайды». Исахмет Бақанға бұрылды.

— Ақыры асқа қарамаймын дедің бе, Бәке?

— Иә.

— Ә, ендеше шаруа жәйіңді айт. Мынау жауынды түнде бекер жүрмеген шығарсың?

— Оның рас, Исеке. Өзіңнен өзге сырласар жан таппадым.

— Е, тәңір-ай, мендей бақташының қолынан не келеді? Әйтсе де тыңдайын. Құлағым сенде...

— Исеке, күні кешеге дейін ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда болдым. Килолап емес, керегіңді шетпертілеп жеткіздім. Санасқан дәнеңем жоқ. Маған тоқал алып береді екен деп те шашылмадым. Тіпті бұйырмас болғанда да бұл ауылға күйеу балалықты өзіме қол көрмейтінім. Өйткені қимас досым сен барсың ғой. Сөз ұшы саған тірелгенін қаламайтын жанмын. Соғыс алдында себің тигенін де білем. Әрине, мұның бәрін сен де, мен де «еруліге қарулы» дегеннен істедік пе? Жоқ... Достықтан. Қандай тұйыққа тірелгенде де, қуанғанда да сырласарым өзіңсің. Иә, тек қана өзіңсің, Исеке!..

— Бәтір-ау, сенің жаныңды мен түсінбейді деймісің?

— Осы сөзің еді күткенім, Исеке,— деп Бақан ырзалығын сездіре күлімдей қарады. Әлі сол тоқ етерін айта алмай, алыстан орғытумен әбден шатасқанына өзі іштей ренішті; Исахметтің жақтырмай кіржиіп, сөзін бөлгені де аяздай енді батты.— Бүгін үшінші күн менде ревизия. Жетпес көп.

— Қанша сонда?

— Төрт түйенің бәсіндей.

«Бұ не жұмбақтайды-ей»,— дегендей Исахмет жалт қараған, көзі әлденені алып шығып бара жатқан Ырашты шалды; түсінгендей болды. «Қатын естімесін дейді, ә. Жөн. Әр түйе он мың болса, қырық мың сом де»,— деп іштей есен қайырып та үлгерді.

— Иә, әжептәуір екен, Бәке.

— Бұл тек астықтан ғана.

— Басқадан да бар ма?

— Құр болмас... Кейінгі тойдың шығыны аз емес-тін. Өзен, жағасында отырған жалғыз үй — ағаш қарауылын білесің ғой. Сонда төрт қап ақ ұным жатыр.

— Е, анау жаңбырлы түнде қайықпен апаратының да?

— Онда алтау еді. Иттің баласы сатып жіберді ме, білмеймін, төртеу дейді. Алып кеп орнына салмасам.

— Бәлі онымен не бітеледі. Қайта көзін құрту керек. - Исахмет ол қарауылдың өзін білетінін, не білмейтінін есіне түсіре алмады; сол анау жаңбырлы түнде өзен жағасында, ат үстінен көрген, сонан кездеспеген сияқты. – Бәке, қарауылың мені білетін шығар?

— Сені ме? Қайдан біледі? Білмейді. Кейін үйінде бір болғанымда: «сенің жаныңдағы кім еді? Кішкентай, көзге қораш көрінді, жаулықты-ау шамасы»,— деп әзілдеген. Mен «иә» дей салдым.

«О» мың болғыр! Жарайсың. Қайран аңқылдақ Бақан-ай. Сенің мендегі жұмысың не, тыныш жүретін жансың ғой. Исахметтің қолынан түк те келмейді деп ойладың-ау, ә? Қорладың да. Қолыңды қаққан, ара түскен, намысымды жыртқан пенде жоқ. Басындың. Әлі де мені реті келсе аяғыңмен таптап, миығыңнан күліп жүрмексің, ә? Е, жоқ, достым. Олай бола бермес». Исахмет іштей масаттанып, жадырап кетті.

— Қалай құртам, Исеке?

— Нені?

— Ұнды дейім. Үйіме әкеп тықсам ба?

— Адам баласына көрсетпей құрт. Қайықпен өзен ортасында шығарып, таста.

— Тес!..

Бақан көйлегінің тамақ ілгегін ағытып, Исахметтің жанындағы түкті орамалды алып бетін сүртті. «Уф... ф».— деді. Жаутаң-жаутаң есік жаққа қарап қойды.

— Және де мұны күнұзатпай ертең кеш істеу лазым.

— Ойбай-ау, Исеке-ау, оны біреу көрсе қайттым? Ағаш қарауылы қорқақ адам. Сот алдына барса бітті, бәрін жайып салады.

— Ендеше қайтпексің?

— Білмейім... Басым қатты. Сөйтсем сөйтермін.

Исахмет тұрып отырды; екі көзі кілемнің оюында, кірпік қақпайды. Шықшыты бүлкілдеп, әлденеге тісін қайрайды. Әжім басқан үш елі маңдайы сәл қызғылт тартып, аракідік жазыла түседі де, қайта қыртыстана қалады. Жалт еткізіп кішкене торай көзінің бірін ашып, Бақанға қарап қояды. Қазіргі күйінішінде жәдігөйлік, сыр тарту жоқ па екен дегендей басқа да жетпесі көп-ау, ә? Иә, оны ақшамен жабу қиын. Өзі қатты қиналулы. Қорқады да. Сонда маған не айтпақ? Тегін келмегені хақ. Ә, міне бастады... «Ревизия жасап жатқандардың бастығы сенің балдызың, Исеке... Есентемір руы. Соған, Исеке, жолықсаң қайтеді?

Жетпесінің орнын кейін толтырады. Сендерді ұятқа қалдырмайды. Қазір «дұрыс екен» деп кетсеңдер болғаны десейші, Исеке, ә?! Мүмкін тыңдар...» — дейді ол. Ә, көрерміз ретіне қарай...»

Тек Бақан ғана сөйлеп отыр. Исахмет сол күйі үнсіз; әлсін-әлі басын изеп қоштағансиды. Бақан сандырақтауға айналды. «Не істеймін? Оу, достым-ау, осындайда жол тапқыш ең ғой, бір бағдар білдірсейші»,— деп Исахметке самарқау көз тастайды да, жауаптың болмасын біле ме; іле қайта сөйлеп кетеді. Өзінің тапқан құтылу жолдарын өзі жоққа шығарумен-ақ қалжырады. Исахметке керегі де оның осы бір сәті. «Тоқ адам ас таңдайды; тәттісін, дәмдісін қалайды. Ашқа у жағып берсең де «бұ не?» деп сұрамайды. Нан екенін білсе болғаны, шап беріп жұлып жейді. Бақан да сол аш адамның қалпына енді келді. Қандай ақыл берсең де ол талғамайды, қағып алады. Маған керегі де оның осы бір ашқарақ, тұйыққа тірелген сәті емес пе еді. Әй, бәлем, қармағыма ілінген шығарсың-ау» — Исахмет әлдебір ауыр ойдан серпілгендей жердей басын жұлып алды. Бақан үміттене қарай қалды.

— Бәке, мұнан құтылатын болдық, — деді Исахмет.

— Қалайша? Аузыңызға май.

— Ебін тауып қойманы өртеңіз.

— Ойбай-ау...

— Тырс етпе, Бәке. Есеп-қисап, алыс-беріс қағаз да сол өртенетін қоймада қалсын. Өрттен кейін не жетіп, не қалғанын жиырма комиссия келсе де таба алмайды. Акт жасалады. Әрине бірер күн қамап, жауаптап көрер... Сонсын қояды ғой. Не істер дейсің? Ал, қалай? Мұнан өзге мен ештеңе таба алмадым. Бәке.

— Қайран Исекем-ай, ақылдысың-ау. Құтқардың, құдай біледі құтқардың,— деді Бақан көзі жасаурай.— Мен кеттім.

— Анау қарауылыңды ұмытпа, Бәке.

— Қазір үйге соғып, соған тура тартам.

Бақан тез жүріп кетті. Оның соңын ала Исахмет те аттанды. Ол Ыраштың таңдана:

«Жеті қараңғыда қайда барасың?» — дегеніне де толымды жауап қатпай:

— Қақпаны бекітпе, таңға дейін оралам. Келгесін айтам. Үйде отыр,— деді.

Исахмет сол бойы комиссияның бастығы, ревизор қызға «балдызым-ау» деп отырып, өзінің Бақанға қатты қайран қалғанын, қойманы өртемектігін. Бір жерде төрт қап ұны тығулы жатқанын, соны суға тастамақтығын естіп, хабарлағалы келгенін айтты. «Заң орнына білдірмедіңіз бе?» — дегенде, ол күліп: «тағы да секемденіп жүрер маған. Сіз айтыңыз. Бір жолдасының үйіне арақ ішіп барып бөсіпті дейсіз бе, әйтеуір мен демеңізші. Естіген құлақта жазық жоқ. Бөтен оймен айтты деп ойласаңыз мені, үндемей-ақ қойыңыз. Сізді мен бір адал адам дегесін арқа тұтып келдім»,— деді.

Міне сонан бері арада үш күн өтті. Аудан жақтан еш хабар жоқ-тын. Кеше кеш аудандық прокуратурадан «шақыру қағаз» алды. Бүгін ертеңгісін құлан иектене атқа қонғаны да сонан. Көк байталын сипай қамшылап келеді. Өзенді жағалай қашқан ешкі соқпақ та ирелеңдеп жеткізер емес. Күн ала бұлт, ызғарлы. Жыра-жықпылды ернеулей өскен найза қара бұйырғын, май қаңбақ, мортықтың да әбден берекесі қалмаған екен; өрт шалғандай қара-күлгін, мәлміреп тұр. Тек Исахметтей жіті, көзі қанық қарт болмаса көлденең жолаушы еш ажыратқысыз. «Биыл қыс қатты болар ма? Бұйырғын бүрінен ерте айрылды ғой. Қар қалың түссе мынау мәлміреген мортық, май қаңбақ не тебін болады?» — деп ойлады ол. Ұйқысы қанып, ыстық шайды бабымен ішіп шыққан қарттың көңілі сергек, басындағы бөркін қамшының сабымен маңдайын аша көтеріңкіреп қойды. Иә, баяғыда әкесі екеуі екі атпен нағашысының аулына қыдырып барып, соғымнан сыбаға жеп қайтқан. Онда да осыдай алабұлт, суық тұғын. Жол бойы марқұм әкесі ертегі айтып, қиялын билеп еді-ау. Кейін де талай аңыз әңгіме, небір хикая естімеді ол. Бәрі де ұмытылады. Әке айтқан «Арыстан күшігін асыраған мысық» ертегісі әлі есінде. «Исажан, баяғыда бір Мысық болған екен» деп бастайтын көкесі баяу, үнін жұмсарта, көзіне тура қарап. Сонан әрі даусын көтермей, құпия сырға бөлеп сөйлейтін; тілі жетпеген жерде арамдық пен адалдықтың арасын қас-қабақпен аңдатып, сыбырлап та кететін. Шынашақтай қара баласының зейінді тыңдағанына қуана ма, әлде масаттана ма, қалай; еркінен тыс елігіп, дүниені мүлде ұмытатын».— Сол Мысық қаңғырып жүріп өліп жатқан Арыстанға тап болады да, оның жетім қалған күшігін бауырына басып, емізіп асырайды. Күндердің күнінде Арыстан өсіп, азулы аң болады. Өз тамағын өзі тауып жейтін халге жетеді. Бір күні ашыққан Арыстан өзін асыраған Мысықты жемек болады. Мысық оның бұл ойын сезіп, өрмелеп ағаш басына шығып кетеді. Сонда Арыстан тұрып:

— О, менің ақ сүтін емізген асыраушым! Маған сен туған анамдай ыстықсың. Бар ақылыңды үйреткенде, ағашқа өрмелеуді неге үйретпегенсің? — деді.

Сонда Мысық:

— О, қайырымды, ақжүрек балам! Сені мен кішкентайыңнан бауырыма басып өсірдім, білген ақыл — айламның бәрін үйреттім. Бірақ құлқыныңнан қорқып, бір өнерімді айтпай бүгіп қалып едім, оным ақыл болған екен! — дейді.

— Арыстан нағыз опасыз ғой, көке, ә? Қарашы жеп қоя жаздағанын,— деп сәби көңілімен еш риясыз ашынатын. Оған да әкесі «иә, балам» дейтін ырза болып.

Исахмет сол бір пәк, алаңсыз, балдыраған өмірін сағынғандай терең күрсініп алды. «Ойға оралмайтын жоқ-ау». Қайда санарға шыққанымды да ұмытыппын. Е, оны еске алып қайтем. Әрине Бақан ұсталды. Әйтпесе мені шақырмайды ғой. Әлдене шатып жүрмесе? Тәйір-ай, соның сөзі не, өзі не? Сандала берсін. Тек анау «балдызым» менің сөзімді тергеушіге қалай жеткізді? Өзі естіген, білген боп айтты ма? Солай істе дегенмін. Көзілдірікті тергеуші кімнен келген хабар екенін айтқызбай тынбайды. Ол Исахмет дейді. Өзі қайда дейді. Келіншек: «Сіз тағы да секемденер» деді дейді. «...Жоқ, мынау адал қарт екен. Бекер жазғырыппыз-ау»,— деп сонсын тәубеге келеді. Тағы да секемденсе ше? Көзілдірікті жас сүріндіруі де мүмкін. Аллам жар болғай да...»

«Аудандық прокуратура» мекемесінің алдына кеп ат басын тірегенде ғана ойы үзіліп кетті. Ол кеңсеге бірден кірмей өрекпіген көңілін басқалы далада тұрып қалды; тізесі қалтырап, кәрі жүрек аузына тығылғандай еді; сәл саябыр тапты, басылды. Аяғын сүйрете басып ішке батылсыздау енді; есік алдындағы хатшы қыз таныды ма:

— Ә, есенсіз бе? Кіріңіз, сізді күтіп отыр,— деді.

Есік шалқасынан ашылған: сол баяғы бөлме, төрде стол, оның жанында телефон қойылған тумбочка. Үстіне мәлміретіп көк сукно жауыпты. Мосқал адам отыр да, қасында баяғы көзілдірікті жігіт түрегеп тұр. Екеуі әлдене бір қағазға үңіліп жатыр. Беріде қабырғаға қаз қатар қойылған көп орындықта Ықсан мен «балдызы» отыр. Исахмет табалдырыққа аңсыз сүрініп кеткен, сот та, Ықсан да, әйел де жалт қарасты.

— Хош келдіңіз, ақсақал,— деді мосқал адам орнынан тұрып.

Исахмет мұндайда әлсіз қажыған қарт бола қалуға дайын ғой; қазір сол қабағын кіржитіп, соттың өзі келіп көріссін дегендей кіре берістегі орындықтың біріне сылқ отыра кетті. Жас тергеуші иек қағып сәлемдескен, онан өзге ылтипат білдірмеді. Көзілдірігінің үстінен кірпік қақпай қарап қана қойды. «Пәлекеттің түсі неткен суық еді»,— деп ойлады Исахмет жасқаншақтанып.

— Қалай, ақсақал, жол соқты шаршадыңыз ба? — деп жігіт ағасы жанына кеп отырды. Өткендегідей емес, үстінде сарғыш гимнастерке, галифе шалбар, аяғына етік киіпті. Жүрісі де ширақ; үні де салмақты. Тек сұрғылт, үлкен көздің ақ еті қызарып, асты қалталанып тұр; әжім де жасыл жапырақтың ақ тарамыс тамырындай мол, айқыш-ұйқыш түсіпті.— Сізді мазаламасақ та болатын еді; жұмыс бабы қажет етті, ақсақал.

— Е, жөн... Не айып.

— Сізге, ақсақал, секемденбейміз.

— Ә?.. Рас па? — деді Исахмет езу тартып.

— Иә... Әйтсе де сұрарымыз бар. Қойманы Бақанның өртемек болғанын қайдан білдіңіз? А, иә... Арақ ішіп кеп бөсті деген екенсіз ғой.

— Жоқ. Өзі айтты.

— Өзі айтты деймісіз? Қалайша? — деді ол таңдана қарт жүзіне үңіліп. Исахмет шолақ пальтосының жан қалтасынан орамал алып, асықпай бетін сүртті. «Ойымыздан шықпады-ау. Тағы да жалт берді. Әлде оп-оңай сөзден тұтылғалы отыр ма? Ондай аңғал көрінбейді. Тура келді. Тәуекелі ме?» — дегендей көзілдірікті жас тергеушіге мосқал кісі көз жүгіртіп алды.— «Мүмкін бұлаң құйрыққа салмақ болар?..»

— Біз доспыз. Бір кезде жарты құртты жарып жеген құрбымыз. Өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге татысып өткен жандармыз. Маған ол туралы айту, қаралау екі есе ауыр. Соңғы жылдары Бақан мүлде өзгерді. Шашпалығы да көбейді. Өз дүниясы болса бір сәрі; онысы халық мүлкі ғой. Әр нәрсенің шегі, шеті болмай ма екен? Міне осылай деп талай ұрыстым да кезінде. Менің ақыл-кеңесімді көре алмаушылықтан қызғаныштан туған дей ме, кейін қатысымыз сиреп кетті. Батпаққа белшесінен батпай тұрғанда заң орнына сезігімді білдірейінші деп талап қылғанымды өздерің білесіңдер. Сонан бері талай уақыт өтпеді ме? Бір күні маған кеп, шай үстінде үлкен жетпесі барын айтты. Онан құтылудың жолын сұрады. Мен мал-мүлкіңді сатып төле де, қателігіңді мойында дедім. Ол жатып тұрып ашуланды. Енді қайтып көріспес адамның сөзін айтты. Бәрін де көтердім. Кенет ол өзінің жақсы ойы барын білдірді. Құлақ сал деді. Тыңдадым... Қойманы өртеп жіберіп, жетпесін сонымен бүркейтінін сездіргенде менің төбе шашым тік тұрды. «Ойбай-ау, ел алдында қара бет болмақпысың? Бұ не сөзің? Қой әрі, өйтіп алжаспа»,— дедім. Көнбеді. Түн ортасы ауғанша өз ойын маған түсіндірумен болды. Қайтпасына көзім әбден жеткесін, әрі маңдай терімізбен табылған ақ астықты суға төкпектігін естігенсін шыдамадым. Сол түнде ревизор, мынау «балдызыма» жетіп айтып кеттім. Малдағы адамның күндіз қолы тие ме?

— Оныңызға мың да бір рақмет, ақсақал.

— Ым... Сіз, ақсақал, «қой әрі, өйтіп алжаспа» дегенде, ол не айтты? — деді көзілдірікті жас тергеуші жақын кеп.

— Жанымнан төлеп жындымын ба?! Өрттен кейін акт жасалып, жоқ та, бар да сонымен тәмамдалады. Тек аңсын-аңдап, өртті білдірмей істеу керек деді.

— Ым...

Есік ашылып қара-көк шинельді милиция көрінді.

— Әкелейін бе? — деді ол.

— Иә.— Мосқал ағам Исахметтің жанынан тұрып төрдегі столға, орнына барып отырды. Көзілдірікті жас тергеуші ортаға орындық қойды.

Қолын артына ұстап, асқақ кірген Бақан тергеушінің қасындағы орындықтың біріне жайғасқан Исахметті көргенде сұп-сұр боп кетті. «Бұ қалай?» — дегендей Исахметке, тергеушіге бір қарады.

— Неғып тұрсыз? Отырыңыз,— деді мосқал прокурор Бақанға ортадағы жалғыз орындықты меңзеп.— Қойманың айналасына керосин құйып, сіріңке жағып өртегелі жатқан жерінде ұсталған еріңіз бұл. Екі қап ұнды өзенге ағаш қарауылы ағызып үлгеріпті, екеуін құтқардық. Нағыз азғындар... Бүкіл халқымыз майдан үшін күн-түн демей еңбек етіп жатқанда, мынау сияқты сұмпайылар түп етегімізден тартып кесел жасамақ әрекетінде. Жоқ, оларыңнан түк шықпайды. Босқа әуреленбеңдер! Жерге кіріп кетсеңіздер де біз табамыз! Желкелеріңнен бүріп тұрып суырып аламыз!... Ферма меңгерушісі жолдас, сіз бұл кісіге астық беріп пе едіңіз?

Ықсан таңдана:

— Жоқ,— деді.

— Төрт қап астықты Бақан сіз берді деп тұр.

— Бәке, қашан бердім? Ондай астық маған қайдан келеді?

Бақан үндемеді. Басын төмен сап отыр. Үстінде ұзын, күздік пальто, аяқта етік.

— Неге үндемейсіз? — деді жас тергеуші.— Мына кісіден астық алғаныңыз рас па, жоқ па?

— Жоқ... жоқ.

— Көп өтірігіңіздің бірі болды ғой.

— Опасыз ит! Хайуан!.. Сен... сен мені күйдірген!.. Қолыңда өлейін-ай! — деп Бақан, жын қаққан адамдай көзі алиып, кенет отырған орнынан серпіле тұрып, Исахметке атылды. Сәл болғанда тамақтан шеңгелді салғандай еді; жанындағы милиция тобықтан қағып жіберіп, қалпақтай ұшырды. Есін жиғызбай желкелеп алып кетті.

— Оңбаған! Опасыз! Хайуан! — дейді Бақан айқайлап...

Мұнан кейін кірген қарауыл шал Бақандай бұлтармай жалбалақтап бәрін айтты. Исахметті бұрын көрмепті. Ықсанды сырттай танитын боп шықты. «Құдай мені адастырды, шатастырды. Енді қайтып Бақандай кісіге жуымаспын»,— дей береді. «Қандай жиренішті, азғын адам»,— деп ойлады Ықсан. Тергеу де бітті. Прокурор Исахмет пен Ықсанға рақмет айтып:

— Жұмыс адамысыздар, талай шаруаларыңнан қалдырдық. Ол үшін ғафу етерсіздер,— деді,— Жүре берулеріңе болады.

Исахмет пен Ықсан шыға атқа қонды. Күн манағыдан да гөрі суытқан, жаңбыр сіркіреп тұр. Ықсан шинелінің жағасын көтеріп алды. Исахмет көңілді; әрнені айтып күледі. Ауданнан ұзақ қырлық жолға түскенше езуін жиған жоқ. «Иә, бұл өзінің досын адастырып, ақыры қаматтырды. Соған қуанады. Бұ да адам. Өзінше ел азаматы...»

— Ойхой, кең дала-ай! Қандай хош иісті, асыл ең! — деді ол Ықсанның көңілін бөле, үзеңгі қағысып.— Ат басын жіберіп алсақ қайтеді, Ықаш, ә?

— Жоқ.

— Қалып қоям деп қорқасың-ау, ә? Жә, қорықпай-ақ қой. Айдалада жан көрмейді.

— Исеке, осы сіздерге не жетпеді?

Мұндай сұрақты күтпеді ме, атының басын шірене тартып:

— Маған ба, Бақанға ма? — деді.

— Екеуіңе де.

— Өмір үшін күрес қой, Ықаш. Қайтесің оны.

«Дос күйзелісінің өзін «қайтесің» дейді. Мұнан адамгершілік күтіп, ренжудің еш қисыны жоқ екен-ау. Иә, бұл өмірден түйгені көп адам. Қандай ақылды, қандай қара жүрек адам. Неге олай?.. Адам «тек бір өзім деп қалса» — тірліктің ең қатыгез жауы сол-ау. Ол тура келген қанжарлы қарақшыдан да қауіпті. Иә, ол солай»,— деп ойлаумен болды Ықсан. Алыстан мұнартып ауыл түтіні де көрінді.

— Ықаш, өзі өмір деген жақсы-ау, ә? — деді Исахмет күлімдей.

Ықсан үндемеді.

* * *

Түн жарасы ауып барады. Үңірейген терең құдық түбіндей айнала қаракөк тұңғиық; осындай түнде мезгіл мен кеңістік кеңдігі, шегі сезілмейді, шетін ұстатпайды, шексіз көрінеді. Ақшулан жол танабынан өзге төңіректе көз сүрінер жылт жоқ. Тіп-тік сірескен жаралы аяғын сыри-сыри сүйрете басып Ықсан бес шақырым жердегі колхоз орталығынан келе жатыр. Салт атқа жарақаты жарамай, арбаның реті келмей соңғы күндері оның былай жаяу-жалпылауы көп. Әрі дәрігер де осының жөн дегендей еді. Шинелінің жағасын күн батса болғаны көтеріп алады да, екі қолын артына шалыс ұстап тарта береді. Күн демейді, түн демейді әскери фуражкасының күнқағарын маңдайына түсіре киіп жосын жүргені.

«Иә,— деді ол күбірлеп. Апыр-ай, не деген өкпешіл, даңқ құмар. Есіл-дерті лауазым білем, ә? Басқарма әйел... Ғайшаны айтам-ау. «Менің орныма сізді қоймақ көрінеді ғой» деді де, көл-көсір өкпесін айтты. «Аудан басшыларына немен жақтың» дейді. О не сөзі? Колхозға басқарманы аудан бере ме? Колхозшылардың өздері сайлайды емес пе? Жақтырмаса қабылдамайды. Аудком тек: «мынандай адамға қалай қарайсыңдар?» — деп ұсыныс етеді, таныстырады. Оның бәрі бірдей өтпейді. Колхозшылар талайдың тақиясын теріс айналдырып жібергенін көргенбіз.

Жоқ-ау, жиналыстың соңынан алып қалғандағы маған айтпағы осы ма? Мені бір лауазым құмар дей ме екен? Жіберсе ертең-ақ астанаға малдәрігерлік оқуға жүрсем деймін. Оныма Сағынай да қарсы емес.

— Жә, түк білмейтін жандай мәймөңкелеме,— деді ол қабағын шытып.— Бірер айдан соң жиналыс, басқарма сен боласың. Мен не... Мен кімге керекпін. Иә, соғыс басталған кезде, сонау бір қиын уақта керек едім. Енді міне ер-азамат там-тұмдап келіп жатқанда, жаудың да талқандалар шағы таялғанда менің ұйымдастыру, елге басшылық ету қабілетім жоқ көрінеді.

— Жоқ демеген шығар, апай?

— «Қабілетіңіз аз» дейді, айырмашылығы қандай?

Ол кең бөлменің ішін ерсілі-қарсылы кезігі жүрген, жалт қарап, іркіле берді. Ықсан кабинеттің ортасындағы стол жанында жағын таянып, көз алдындағы пілтесінің ұшы жалындай жанған жетілік май шамға қарап отырған; шұғыл басын көтеріп алды.

Қоңыр-ала шашақты шарқат тартып, бақа бас қызыл етік киген ақсары әйелдің қабақ шытпай, сұрағына жауап тосып қалған бейкүнә райын көргенде не дерін білмеді; әлденеге шамданып, ызаланғандай болған, ілезде сап басылды. Құнжындай гимнастеркесінің төс қалтасынан шылым алып, әспеттей орады. Асықпай тұтатып, құшырлана үсті-үстіне сорып:

— Олай демеңіз, апай,— деді Ықсан.— Қажет десеңіз, ертең ауданға барып сіздің ел алдындағы зор еңбегіңізді ескертіп, қалдыруларын өтінейін. Маған басқармалық керек емес.

— Рақмет.

Басқарма костюмінің ілгегін ағытып, өз-өзінен күліп столға жақын келді.

— Кәне, шылымыңнан берші.

Ол стол жанындағы орындықтың бірін дарылдата сүйреп алды да, соған отырды. Ықсанның қоян тобықтай қып шиыршықтай орап берген шылымын жетілік шам мұржасының үстінен тұтатты. Көз алдына көгілдір кіреукелене тұрып алған шылым түтінін қолының сыртымен желпіп-желпіп жіберді де, астындағы орындықты сықырлата еңсеріле бұрылды:

— Бермен қара, Ықсан. Құлағыңды сал. Жеті кластық білімді мен тұрғай, онжылдық бітірген сен де соғыс біткенсін үш-төрт жылда басқармалыққа жарамайсың. Сондықтан менің аяғымды құшпай тұрып, қазір оқып ал. Әкімдік қашпайды. Оған еш кештік жоқ. Білімге кешігуің мүмкін.

— Бізді осынша қыруар шаруа кезінде кім босатады?

— Оны мен міндетіме алайын.

— Менің қатарым соғысып жатыр...

— Сен болдың ғой. Міндетіңді өтедің.

— Арым бармайды, апай. Елдегілерге көмектесейін. Оным майданға да көмегім.

— Иә, түсінікті. Баяғы eгic егу жәйің да?..

Ақсаңдай емпелеңдеп қатты жүріп келе жатқанында, ауылдың да жылт-жылт оты көріне бастағанын аңдаған жоқ; күбір-күбір өз-өзінен сөйлеп қояды. «Ол мені түсінбейді. Ауданға оны-бұны сұрай барсам, ептеп сатып алсам бәрі де өзіміздің ферма үшін екенін біле ме? Келесі көктем егістікті қолға алсам деймін. «Егістіктің керегі не? Зерігіп жүрміз бе? Мемлекет алдында міндеттемеміз жоқ. Біз өзімізге тиесілі ет пен жүнді, майды тапсырсақ та жетер. Жарайды, бәрекелді егіс ектік-ақ делік. Оу, ертең ол тонна-тонна картоп, пияз, қауын, қарбыз, сәбізді қайда жібереміз?» дейді. «Елге береміз. Артығын қазына бағасымен қаладағы фабрика, заводтардың асхана, дүкендеріне сатамыз. Оған электр тогы үшін сым, мотор, соқа, тырма аламыз. Үлкен бір заводпен байланыс жасаймыз. Достасамыз, олар да бізге кейін радиоторабын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Тіпті басқаны былай қойғанда сонан бізге не зиян?

Колхозшыларымыз тонна-тонна картоп, пиязды қаланың базарынан сатып алмайды ғой. Ағынды, арналы өзен жағасында отырып жөні түзу тал екпеуіміздің өзі ұят емес пе. Құладүз, қу мекенде тұрғандаймыз. Адам айтса нанғысыз қырсыздық қой мұнымыз»,— дедім.

«Жә-жә, пысықсыма. Өңмендеп қайда барасың, мұрадың басқармалық болса, оған да жетерсің. Аудан басшылары бұ ертегіңе ұйып қалыпты»,— дейді басқарма. Бұған не дерсің. «Ертегі» дейді. Қайдағы ертегі? Қолымыздан келетін тірлік те «ертегі» болғаны ма?..»

Танауына шіріген шөптің иісіне аралас ағаш түтіні келіп, оның көңілі бөлініп кетті. Ауылдың ортасынан көктей өтетін кең көшенің басына іліккенін ол енді байқады; айнала тып-тыныш. Жапырайған төбесі тайпақ қақыралар мұнан үш-төрт ғасыр бұрын теңіз түбіне батып кеткен ескі ағаш кемелердей қара-көк, буалдыр. Мынау шеткі, өзен беттегі жалғыз үй желкенді қайық тәрізді. Қаңыраған көшеге әлдекімнің кеп кіргенін сезді ме, шәу-шәу ит үрді; үндері бұйығы, әйтеуір өздерінің саққұлақтығын білдірген түрі бар. «Мынау Балым қариянікі. Шам жоқ. Жатып қалған-ау шамасы. Жәзиралар... Наурыздікі ұйықтамапты. Шамдары жарқырап тұр. Ауласының ішінде біреу жүр ме? Жылт-жылт шылым оты көрінеді. Наурыз болар?..»

Ықсан қатты сүрінді. Еңкеңдей түсіп, өзін шақ ұстап үлгерді. «И-и, етігімді құрттым-ау. Сым-темір білем, оңдырмай жыртты-ау, ә? Қап...» Ол еңкейіп қолымен етігінің тұмсығын сипап көрді. «Болмашы жырыпты. Оған да шүкір...»

Сәлден соң басқарма әйел де, етік те ұмытылды; көңіл жайлауында бір-ақ жан. Жәзира қалды. Ол әлі сол мұның ойына өзінің ерке-тотай қылығымен именбей, емін-еркін енетін, жүрегін сыздатып, мұңды бір сағынышқа бөлейтін. Ондайда терең күрсініп, шылым шеккеннен басқа Ықсанда амал да жоқ. Шалдуар баласын зілсіз зекіген босбелбеу әкедей: «Жәзираш-ай, Жәзираш»,— дейтін. Бұл жолы үздігіп, үзілмей келген жіңішке сағыныш шорт кесілгендей болды. Оны да өзге емес, әлгі бір жарық істеді. «Жәзираш, сенімен сұқпаттаспағалы да арада талай жылдар өткендей-ау. Тіпті тілдеспей-ақ дидарыңа оңаша, емін-еркін кез талғанша қарап отырар ма ем. Ондай бақыт қайта айналып келеді деймісің...»

ЬІқсан екі-үш үй өтіп кетіп, бұрылып артына қарады. Жәзира терезесінен көрінген жарық жымыңдап, Әжуалағандай болды. «Қыз жетпегендей біреудің әйеліне іңкәр ғып қойған тағдырға не істерсің»,— деді ол сырт айнала үйіне бет түзеп.

Ауыл көшесі құлазып тұр. Көп үйдің терезесінен жарық та көрінбейді. Барының өзі де жамау-жасқау, әр түсті жапқыштан өлеусірей өтеді. Кейін тіпті өзгеше бір қызғылт дақ. Түнгі ауыл көшесі де сонан ба Ықсан көзіне ала-шұбар, тарғыл сияқтанды. «Көше де жолбарыс жонды болады екен-ау»,— деп ойлады. Іле өз үйіне де көзі түсті. «Шам жоқ. Жатып қалған ғой. Қашанғы күтсін, түн ортасы ауып барады».

Қақпаның кісі кіретін бәкене есігінің ілгешегі салынбапты. Үйдің де есігі ашық. Есікті дүсірлете соғып, көршілерді мазалаймын-ау деп келе жатқан, бұған қуанып қалды. Үйдің табалдырығын еппен, аяғын ұшынан баса аттады. Дағдысынша шинелін шешіп, кіре берістегі шегеге ілгелі оңтайланған:

— Ықсанбысың? — деді Сағынай төрдегі темір кереует үстінен.

— Иә, менмін ғой. Оятып жібердім бе?

— Жоқ, өзім де ояу ем. Шам жағайын.

Темір кереуеттің жаншыла сықырлағаны естілді. Бөлме іші ала-көлеңке. Даладан келген ЬІқсан көзі енді-енді үйрене бастаған; ол кереует үстінде ербиіп, ақ іш көйлекпен отырған әйелін көрді.

Ас ысытайын, суып қалған шығар, - деді Сағынай селқостау күңк етіп.

— Ішпейім. Шаршап келдім, жатам. Әуреленбей-ақ қой.

Ықсан үнінде шам жағып күтіп отырмай жатып қалған әйеліне деген өкпе бар. Оны әрине Сағынай да сезді; әйтсе де аңдамаған жанның райын танытып тез көнді де. «жарайды» деп орнына қайта жата кетті.

— Бір жерден ауқаттанып па ең? — деді Сағынай төсекке әбден жайғасқан соң, төменде ысылдап-пысылдап шешініп отырған күйеуіне.

Ықсан үндемеді. «Осының жазығы не? Даусына дейін жағымсыз, құлағыма түрпідей тиеді. Не көрінді, не болды?!»

— Ықсан...

— Не?

— Неғып отырсың?

— А, иә...— Ол асыға орнынан тұрып, төсегіне кеп жатты.

— Әрі... Әрірек ығысшы, Ықсан. Қандай ыстықсың! Жіберші, ұйықтағым келеді. Таңертең сабағым бар, шаршадым.

Ықсан шеттеп, біртүрлі жалғыз қалғандай болды. Ұйқысы да шайдай ашылды. Ойына үйленгеннен кейінгі алғашқы күндер оралды. Жұмыстан сәл босаса, желдей есіп үйге тартып отыратын. Келгенде де бітірері шамалы, сол Сағынайды төңіректеп қылтың-сылтың жүргені. Іле-шала онысына өзі өкініп, бармағын шайнағандай халге түсетін ғой. «Қайдағы бір күнәмді жуып-шайып, ақталғаным ба, бұным не? «Сенен басқа еш жанды сүймеймін, құдай ақы,— деп жалбарынатын да сияқтымын. Оның керегі не? — Қабырғаға қарай сырт айналып жатқан келіншегінің аппақ, жұмыр мойнына көз тастап, сәл жөткірініп қойды. Шылым шеккісі келсе де, өзін-өзі тежеп бақты.— «Мені жалпақтап, төңіректей берсін дей ме, үндемейді. Ылғи «ағай» деп күлімдей сызылып тұратыны қайда? Әлде мұның бәрі күйеуге тиіп алғанға дейінгі тірлік пе? Жо-жоқ, Жәзира өйтпес еді. Жәзира бетке жылтырап, көлгіреуді білмейді. Адал, ақ. Дүниеде қадыр-қасиетіңді түсінбейтін, бағаламайтын адам жаман. Мені осы Сағынай бір өзінің басыбайлы құлы көреді ғой деймін»

Тағы да Ықсан күйініп, ызалана бастағанын сезінді. Oйынa бүгін ертеңгісінгі жәй оралды. Сағынай кіріп-шығып шайдың қамын жасап жүрген; бірде Ықсан оның қолынан ұстай алып, ойын-шынды:

— Сағынай, бермен қарашы... Неге үндемейсің? Жазығым не? — деді наздана.

Келіншегінің қанын ішіне тарта, сұрлана осылайша үндемей қоятыны бар. Қазір де ол сондай суық күйде. Ондайда Ықсан өзін күнәлі сезініп, өлердей соның бір езу тартқанына құштар болатын; мұның бәрі еркінен тыс істеледі.

— Не деймін үндегенде? Күл десең — күлем. Отыр десең — отырам.

Сағынай бейкүнә күлімдей қарады. «Бекер болды. Неге үндемейсің деуім қате. Бәсе үндегенде не дейді? Жазғырып та жатқан ол жоқ»,— деп ойлады Ықсан тез райынан қайтып. Әйтсе де оның үнсіздігінде кек, ыза барын сезе, мойындап отыр. Тағы да әйелімен ашық сөйлесе алмағанына өкінді.

«Оу, неге үндемейсің? — деген не сөз? Онан да әңгімені тоқ етерінен бір-ақ бастау керек еді да. Жаным-ау, мұның бәрін көріп-біліп отырмын ғой. Неменеге күлбілтелеймін. «Сен мені баяғы Жәзирадан қызғанасың ба? Ендеше неге шын жадырап жүрмейсің? Құрысын күл дегендегі — күлкі! Күлкі емес ол — у! Онан да сен шапылдап ұрыс, тура кел! Отыр дегенде — отырма, бірақ көкейіңдегі запыраныңды төк, тұншықпа. Ол түбінде екеуміздің бірімізді уламай қоймайды» дегісі келді Ықсанның. Мұның бәрін айқайлап тұрып айтпақ-тұғын. Сағынай ойын бөліп жіберді. Қызарақтай зорлана күліп кеп:

— Сен тамақтана бер. Маған қарама. Менің бесінші класта сабағым бар еді. Кетейін бе? — деді.

Ықсан тістене:

— Мейлің,— деп қалды.

«Маған керегің жоқ. Шаруаң білсін» дегелі бір оқталса да, онысынан аяқ асты айныды. Сағынай шығып, есік жабылғаннан кейін мұнысына ол тағы өкінді.

Әлдекім дүсірлете терезені соғып тұр. «Бұ кім-ей?» ЬІқсан қапелімде ойынан айыға алмай елеңдей берді, сәлден соң ғана үйде, төсекте жатқанын, таңның да жақындығын ұқты. Әйтсе де салсүйектене төсектен көтеріле қоймады.

Терезенің шынысын шыңылдата тағы да соқты. Ықсан бұ жолы еріксіз, серпіле тұрды. Шинелін желбегей жамылып, етегінен іш киімі көріне, ақ тобықтана далаға шықты.

Манағыдай емес, дала сүткөгілдір. Кей үйдің мұржасынан түтін көтеріліп жатыр. «Таң да атып қалыпты-ау, ә». Ол тізесінен бүгілмейтін жарақат аяғын сүйрете басып қақпаға келіп, үйдің көше бетіне көз тастады. Көкқұтанның балапанындай мойны шілмиген, басында күнқағары табақтай фуражкасы бар біреу әлі сол терезені соғып тұр екен. Ту сыртынан қарағаннан ба, ілкіде ЬІқсан оны жыға тани да алмай қалды.

— Әй, бұ қайсың? — деді ол дауыстап.

— Менмін...

Жалт қараған күпейкелі ұзын жігіттің Қожан екенін Ықсан бірден таныды. Қақпадан шыға қарсы жүрді.

— Иә, тыныштық па?

— Ықсан аға, Исахмет қарт бір машина пішен әкелді. Түсіргелі жатыр.

— Қайдан?

— Шабындықтан болуы керек. Әрине өзінің шауып, жинаған шөбі емес.

Ықсан иегін сипап сәл ойланып қалды. «Өзіне бір күш біткен-ау шамасы, ә? Сұраусыз-сауалсыз, көзімізді бақырайтып қойып ұрлайды. Басынғаны ма?» Көз астынан ұрлана Қожанға қарады. О да ұнжырғасы түсіп кеткен; бәтеңкесінің басымен жер шұқып тұр.

— Солай де...

— Иә, солай, аға. Көршілері де көлік іздеп, бөрлігіп жатса қайтесіз?

— Е, оны қайтеді?

— Оларда да мал бар ғой, аға.

— Болса ше?

«Соны да түсінбейсіз бе?» дегендей Қожан иығын қомдап, басын шайқады. Бұлардың қасынан үш-төрт сиырды қақпайлай қуып, екі келіншек өтті. «Кеше қаладан келген бір жекжаты, үнді шайынан екі қайнатымдай әкелгенін, соны үнемдеп ішіп отырғандарын» айтып, жарыса сөйлеп барады. Бірін-бірі тыңдамайды.

— Жарайд... Мен қазір шығам. Сен кетпе. Күт.

ЬІқсан үйге кіріп кетті. Көп кешікпей, басындағы әскери фуражкасын жүре түзетіп, қайта шықты. Жанаса бере: «баста» дегендей иек қақты. Әне, екеуі Исахметтікіне қарай бұрылды. Жіңішке, ирелеңдеген ұзын Қожан ауық-ауық иіліп әлдене айтады. Шамасы әкесі екеуінің пішен тиеген машинаны қалай көргенін, көкесінің Ықсанға хабарла деп жүгіртіп жібергенін әңгімелеп барады. Исахмет үйіне жақындағанда әріден екі адам қосылды.

Кең аула іші. Аула төріндегі қораның аузында үш тонналық машина тұр; үстінде төрт бұрышын шығара, әдемі тиелген шөп. Жанында Қожан құралпы екі жігіт. Күйбеңдеп әлдене істеп жүр. Бірі ұзын бойлы, басында пилоткасы бар сары. «Әкесінікі, не ағасыныкі болар»,— деп ойлады Ықсан бар шаруасы сол пилотканың кімдікі екендігіне тірелгендей. Екіншісі күпейкелі шомбал қара. Әне, ол машинаның кабинасына кіріп шықты. Сегіз сай қоңыр фуражкасын көзіне түсіре киген, жүзі көрінбейді. Өздері әскери киімді ақсақ жігіт пен екі-үш адамның аулаға кіргенін де, үндемей қызықтап тұрғанын да аңдайтын емес. Тезек алғалы қораға шыққан болуы керек. Ыраш қолында шылапшын, үйдің биік баспалдағымен төмен түсіп келе жатыр. О да Ықсандарды жаңа көрген тәрізді, аңтарыла іркіліп қалды.

— Ә, Ыраш, аман ба? — деді Ықсан қарсы жүріп. — Мыналарың не?

— Не екенін білмейсіз, ә? Пішен ғой.

— Қайдан алдыңдар?

— Оны қайтесіз?

— Білейік та... Әкесі майданда қан кешіп, өлім мен өмірдің арасында жүргенде қызы колхоздың шөбін қалай ұрлайтынын білгеннің не айыбы бар?

— Бұл ұрлық болмаса ше? — деді Ыраш ықпай, бедірейіп.

— Қалайша?

— Мен мұны еңбек күніме тиісті астықтың орнына алдым. Артық десеңіз, оны айтарсыз. Ал, бұл ұрлық емес.

— Сен сияқтылар колхозда бар. Бірақ олар әзірге шөп орнына бірыңғай астық пен ет сұрай қойған жоқ. Мына сіздердей қолдап алып та кете алмады. Әрине астық пен ет айдалада үюлі тұрған мая-мая шөп емес...

Әлдекімдер жамырай күлді. Ықсан Қожанның шақпа, дарқылдақ күлкісін білуші еді; ілкіде со ма деп қалған; сөйтсе Қожанның ұста әкесі екен ту сыртынан кеп тұрған. Әжептәуір адам жиналыпты. «Мұның бәріне де теке тірес біздің тірліктің немен біткені қызық»,— деп ойлады Ықсан жақтырмай. Әрі өзінің сөз жарыстырып, Ырашпен қылжақтасқанына, босбелбеулігіне де ызалы.

— Жә, кекетпеңіз, Ықсан аға.

— Ендеше қалам мен қағаз әкел. Мынау ел куә — акт жараймыз.

Ыраш кекесінді мырс етті де, басын кекжеңдетіп қораға бет алды. Соңғы кезде пайда болған мінез. Көңіліне жақпаған жанға шекесінен қарап шыға келеді. Өзгеге қалай әсер еткенін кім біледі; әйтеуір Ықсан күйіп кетті.

— Әй, жігіттер, бермен келіңіздер!

Шомбал қара жігіт «бізге айтасыз ба?» дегендей машинаның тасасынан басын қылтитты.

— Иә-иә, сіздерге айтам... Бері келіңдер! — деді Ықсан үйдің биік баспалдағына жайғаса отырып жатып.— Мына шөп шикі өкпе сіздердің шапқандарың емес шығар.

— Қосағасы, сіз өзі не деп барасыз?!

Шомбал қара еге-ге-ге-лей себепсіз күлген болды; әйтсе де машина төңірегінен бері шыға қоймады.

— Сіздерге көш жерден айқайлап отырар жәйім жоқ.

— Бастық біткен осы. Қайтесің, көнуге тура келер,— деп шомбал қара қасындағы ұзын сарыға иек қақты. Ұстара тимеген жібек мұрты желбіреп, жылымшылана күледі.

— Пішенді қайдан алдыңдар?

— Әрине, даладан...

— Қылжақты қой, мұртты мырза, мен сенің көкең емеспін!

— Ә, мен пақыр көкем екен демеймін бе? Ылғи өйсітіп шатасам да жүрем.

Екі жігітті кимелеп Ыраш ортаға шықты. Үстінде өрт қызыл көйлек: жеңсіз қара көк камзол. Манағы отын салғалы алған қаңылтыр шылапшын жоқ. Қолында дәптердің бір парағы мен найза ұшындай жақсы ұшталған қалам. Көп ауыл әйелдеріндей емес, бұл өзі соңғы кезде еркін, ерке-тотай; қазір де сол жалаңбас; ай қасты алтын сырғасын көрсете, жылмита тараған қара шашымен құлақ үстін ғана бастырып қойыпты. Баяғы бала жауырыны қайтып, қаз төсі көтеріліп қалған; белі үзіліп-ақ тұр. Жүрісінде де бір майда ырғақ, толықсу бар. Екі бетінің ұшындағы алқызыл нұр да жас келіншектің шырайын құлпырта түседі. Сәл де болса көптің үнсіз таңдана қарай қалғаны осыдан. Ықсан да алдынан ор кезіккендей іркіле берген, Ыраш:

— Мә... Мұрадыңыз біреуді қаралау болса, жазыңыз. Бізден өткен арамза кім? Күндіз-түні машинаның төңірегінде май-май, шаң-шаң боп жүрсек те көрінбейміз ғой,— деді ұялы, баданадай қара көзі жалт-жұлт етіп.

— Ыраш айналайын, өзгенің сөзін айтпа...

Ықсан қағазға «акт» деп жаза түскен, онысын қойып келіншекке тура қарады.

— Өз сөзім, немене мені сонша... тілсіз, тас жүрек деп пе еңдер?! Мына балалардың бұған қатысы шамалы.

Ауданда потребсоюзда істейді. Қолқабыс ет деп мен өтінем. Тағы не дейін?

— Егер сенің айтарың осы болса, басқаға не жорық?

— Мен бітеу емеспін. Адалдық қарын тойдырмайды. Ішкім, жегім келеді. Адам қатарлы өмір сүргім, киінгім келеді. Еңбегім адал бопты да, оған алған ақым арам боп па?

— Тоқтат!..

— Ойпыр-ой, жігіттер-ай, түймедейді түйедей ғып шыға келесіңдер-ау,— деді аула төріндегі қорадан бері шыққан Исахмет.

Басында тақия, үстінде түйе жүн тоқыма көйлек, сыртынан желең жамылған қара пальто. Екі қолын шалыстыра артына ұстаған, Ықсанға таяп келді. Жол-жөнекей Ырашты да кейін ысырып тастады.

— Ықсан, бір машина жаман шөпке бола беттің мөрін бес төгіп қайтесің? Алда-жалда әлдекім күндеп сөз көтеріп жатса, қайта апарып тастайық. Құдай біледі, мынау Ырашқа түк демейді. Еңбегін көріп жүр ғой. Тіпті алысқа бармай-ақ мына тұрғандардың өздерінен сұрашы...

— Егер Ыраштың бір машина пішен алғанына ел үндемесе, талтүсте-ақ әкелмейсіңдер ме? Түн жамылып жортқандарың қалай? — деді Ықсан үйдің баспалдағынан серпіле көтеріліп.— Жә, жетер қылжағымыз! Исеке, сіз бен біз бала емеспіз! Ұрлық па бұларың, қарлық па, оны заң шешіп берер. Менікін заңсыз десең, соған бар. Жолын сіз жақсы білесіз.

— Сықақшыл, көрінесің, Ықсан. Сен мына біз сияқты кәрі-құртаң шалдарға қожаңдауыңды доғар. Ол ерлік емес, ездік. Батыр болсаң, оныңды майданда көрсетпедің бе? Тышқан құйрығын көріп жаралы, сенікі сол... Ал, шауып ал, маған не істейсің?

— Оны кейін көрерміз, Исеке. Кәне, Ыраш, рульге отыр.

— Әй, неменеге біреудің қатынына зіркілдейсің? «Тоқтат, отыр!» деп көзіңді алитпа, Ықсан, қорқағың біз емес. Өз қатыныңа ие бол. Наурыздың қатынынан дәнеңе шығара алмағансын, күйек байлаған қошқардай тап-тап бересің ғой. Байқа!..

Біреулердің сылқ-сылқ күлгені, әрі мынау шалдың арамза сөзі Ықсанның өзегін өртеп кетті. Қалай шалдың жағасынан шап етіп ұстай алғанын аңдамады.

— Ұр... Ұр, кәне пәтшағар!

Исахмет көзі ақшаңдап, тепсіне түсті. Қожанның әкесі Ықсанды айырып, жауырынынан қағып әкетті. «Сабыр бол» деп жатыр.

— Оу, халайық-ау, мынау сияқты бастық сымақтың тәлкегіне салып, қатынымызбен қоса сабатып қоясыңдар ма? Жоқ, әлде ғаділетке мойын бұрасыздар ма? О заманда, бұ заман колхозшыны бастық сабады дегенді естімесеңдер де көрдіңдер ғой. Тепсе — тепкеніне, жексе — жеккеніне көніп келмедік пе? Қашанғы шыдаймыз. Мұның шегі бар ма өзі?..

Исахмет тарамыс қолымен көйлегінің өңірін дар еткізіп жыртып жіберді.

— Бүйткенше өлтірсін да... Өлтір, кәне! Өлтір!..

Ұста Исахметті қақпайлап ЬІқсанға жібермей тұр.

Жиналған көрші-қолаңның ішінен де күңкіл-сүңкіл шыға бастады: «Қайтеді, со құрымағырды еңіретіп. Ықсан да қатаң-ау»,— дейді біреу Исахметке жаны ашып.

Ықсан манағыдай емес, жүзі онан әрі қуарып қолындағы қағазға әлденені тез-тез жазды да, ұстаға, тағы да үш-төрт адамға қол қойдырды. Сөйтті де Ырашқа таяп кеп:

— «Әкесінің өлгенін де естіртеді», турасын айтайын: егер осы қазір машина руліне отырып, ана екі жігітпен бірге пішенді орнына апарып тастамасаң, өкпелеме. Күйеуіңді мына екі жігіт пен сені де колхоз мүлкін ұрлаған жандар ретінде сотқа берем. Куә — мына тұрғанның бәрі,— деді.— «Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді». Исекең түсінбеді. Сен ойлан... Мені арандатып ештеңе бітірмейсіңдер.

Пішенші екі жігіттің түсі қашып кетті. Істің насырға шауып бара жатқанын да ұқты. Әрі мынау жігіттің бұл ақырғы ескертпесі екенін де түсінді.

— Біз... Басеке, дайынбыз.

— Иә-иә, апарып орнына жинаймыз.

— Құдай ақы, тек акті бермеңізші,— деді шомбал қара Ықсан қолындағы қағазды жұлып алардай емпеңдеп.

Ыраш та қатты сескенді. Ықсанның мұндай күйін бұрын көрмеген; неден де болса тайынбасын сезінді. Исахмет те бұ кезде басылып, анадай жердегі кеспелтек томарға салбырай барып отырған.

— Кәне, Ыраш, барасың ба?

— Жарайды... Мақұл,— деді ол машина кабинасына бет алып.

Екі жігіт қуана машинаға отырып, жайраңдай әлдене деп жатыр. Қызық біткендей ел де тарай бастады. Машина тез от алып, қақпадан дарылдай, төңірегін көк түтінге бөлей әзер шықты. Қожан: «кетпейсіз бе, аға» деп ЬІқсан жанына келген, ол «әкеңмен жүре бер» деді иек қағып.

Кең ауланың төрінде, кеспелтек бөрене үстінде тақиялы қара шал отыр. Құнысып бір уыс бола қалыпты. Ықсан соған қарап сәл тұрды да көшеге шықты. Қызыл жалқындана күн жиектен көтеріліпті. Оны ол енді ғана аңдағандай болды. Екі-үш сиыр мен төрт-бес қой айдап, қасынан өткен қариямен жылы амандасып жан қалтасынан шылым алды. Асықпай тұтатып, құшырлана сорды. Түннің ұйқысыз өткенін де, қалжырай шаршағанын да ол жаңа сезді.

Терең күрсініп қойды.

11

Күн қызара бөртіп, қаракөк жиекке батып барады. Егістен, сауыннан оралған әйелдер кешкі астың қамына кіріскен сияқты; ауыл үсті көгілдір түтін. Меңіреу бір мұржа жоқ, бәрі жарыса будақтап жатыр. Ағаш пен қидың исі қолқаны атады; тіпті көлеңке үйіріле бастаған көшені жайлап алыпты. Ауық-ауық үздіге сиырдың мөңірегені, жылқының шұрқырай кісінегені естіліп қалады. Әлдеқайдан түйе боздайды. Әр тұстан үн қатысқандай әупілдей ит үреді; міне Остаптың жанынан салдырлап бос ат арба өтті. Үстінде ақ көйлекті, қара бала; жалаң бас, талтайып түрегеп тұр. Қос қолымен кере ұстаған делбені әлсін-әлі сарт еткізіп қағып қалады. Ондайда басы үлкен, жатағандау, жалды торы, қанды көзі алая ытқи жөнеледі. «Қанша дегенмен күз салқын емес пе?! Жеңіл жүр. Ауырып қалармын-ау жоқ». Остаптың ойына өзінің жастық шағы оралды. О да талай жауынды күндері көйлекшең шығып, есірген. Бірде, қақап тұрған аязда Суворовтай шынығам деп құлағын үсітіп те алған. «Иә, ол бір өзгеше өмір екен ғой». Көз алдына соғыстан бұрынғы деревнясы кеп тұра қалды. Айнала орман. Қысты күндері ақ ұлпа қар жамылып, сыңсып әндеткендей болады. «Мына ауылдың төңірегіндей құладүз дала жоқ. Ох, туған жер...» Остаптың алдын кесе үш бала жүгіріп өтті. Ең соңында томпалаңдаған және біреуі көрінеді. Ересек балаларға еліктеп қомпаң-қомпаң секірген де болады. Ақ шашты, көк көз, сары бала. Аяғында бәтеңке, вельвет костюм. Өзі қуыршақтай сүйкімді. Жүрегі елжіреп, туған ұлын көргендей Остап қалтырап кетті. «Юрочка, сен тірі ме ең?» — дей де жаздады. Жұмыстан келе жатқанын, үстінің май екенін де ұмытты. Баланы шап беріп ұстап жоғары көтеріп алды. Сәл үрейлене түсіп, өзіне таңдана мөлдірей қарай қалған сәбиді бауырына басып;

— Как сладко потянуло на родину. Понимаешь... Понимаешь, ты малыш! — деді де, бетінен шөпілдете сүйді Сақал, мұртының алынбағанын, баланың қытығын келтіретінін, кішкентай қолымен итеріп, бетін алып қаша беретіні сонан екенін ол сезбеді.— Как тебя зовут?

— Мұр...рат!..

— А... Ну, Мурат, иди... Иди играй, малыш!..

Остап баланың басынан сипап қоя берді. Артына қарап қойып құлдыраңдай жүгіріп бара жатқан сәби соңынан ол қол бұлғап тұр. «Маған не болған? Күнде көріп жүргем жоқ па осы баланы... Иә, орыс баласы. Сонан ба көзіме жылы ұшырағаны? Әлде туған жерді сағындым ба?» Остап өз ісінен ыңғайсыздана төңірегіне бағдарлай қарады; екі қадам жақын кеп, мұның бәрін үнсіз, көріп тұрған әйелді ол енді аңдады. Иығында инағаш, шелек. Сол қолының саусағын тістеп, қадалып қалыпты. Көзінде жас, мөлт-мөлт етеді. Жүзі қуқыл, шүберектей. Қолтығындағы балдағы құлап кеткенде ғана Остап, ауыр түстен айыққандай қатты шошынды. Әйел әкеле жатқан суын жерге қоя қойып, жүгіріп кеп балдағын алып берді. «Манадан қалай құламадым?» — деп ойлады Остап.

— Рақмет, сізге!..

Әйелдің бірдеңе айтпақ болғанын да елемей, ол бар салмағын, күшін балдаққа артып, құшырлана бұрылып жүре берді. Үйі ауылдың шетінде еді; бір кемпір-шалдың есік, сенегі бөлек, шағын екі бөлмесінде тұратын. Қазір ұстаның көмекшісі. Бұл жұмыстан келе жатқан беті еді. «Не болды маған? Түсінсем бұйырмасын». Жоқ... Ол түсінді. Бәрін де ақылмен істедім деп ойлаған. Әйтсе де ескермегені, бір сәт ұмытқаны бар екен. Өртенген үйін, анасын, әйелін, Юригін есіне алып, өмірі күйзелерін сезінді. «Кету керек... Алысқа... Бас ауған жаққа... Әйтеуір сол ауыр жара, жан жарасы сыздамасын» деп ол осы қияндағы қазақ аулына кеп қоныс тепті. Сөйтсе бауырдан бетер ыстық туған жер, кіндік кескен топырақ бар екен ғой. Оны ұмыту мүмкін еместігін Остап білмепті.

Шырттай киінген көрші кемпір мен шал Остапты есік алдынан күтіп алды. Жігіттің асығып келе жатқанын көріп, таңдана:

— Жәй ма, балам? — деді.

— А?.. Е, әншейін шаршағандікі шығар... Әрі аяғым сырқырап ауырады.

— Түсің бұзылып кетті ғой. Қой демал, жұмыс қайда қашар дейсің. Ту..у, қорқытқаның-ай,— деді кемпір басындағы жаулығын түзеп.— Шал бүгін үйрек атып әкелді. Шешініп жуын.:. Кел сонсын. Жарай ма? Сорпа ішесің.

— Жақсы... Жақсы, шеше.

Үйге кірісімен балдағын кереуетке сүйеп қойып, орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Жан қалтасынан қолы қалтырай темекі салған кисетін шығарып, шылым орады; асықпай, баптана сорып: «бұ да бір өткінші сезім болар, шыдау керек. Иә, шыдаған абзал. Ештеңе етпейді, бәрі де ұмытылады. Қандай кеңпейілді халық. Әр әйел сені анаңдай сыйлап, әрбір кәрі-жас құрмет тұтса, онан асқан адамгершілік, ізгілік іздеудің күнә екенін мен білем»,—дейді ол өз-өзінен күбірлеп.— «Тек туған жерді ұмыту қиын... Түсіңе анаң, сүйікті жарың боп енсе, өңінде сәбиің сияқтанып елес береді. Мен үшін өмірдің ащы тұздығы осы бір сәт. Иә, солай...»

* * *

Сары уыздай күзгі дала. Зәрсіз, шақырайған күн. Ерқашты жаман тұғырын Ықсан бүгін ғана екі аяқты, жеңіл арбаға жеккен, сонысын ауық-ауық «шу» деп қойып келеді. Делбе ұшы жонына тимесе жаман тұғыр құлақ та қақпайды; құйрығын бір шипаң еткізіп желпінгендей боп тарта береді. Иесінің аса асығыс еместігін о да сезетін сияқты. «Әкем әскерге кетерде апам мен қарындасымды ауылға көшіріп, жылқысын басқа біреуге тапсырыпты. Солай деп маған жазды. «Бекер істедіңіз-ау, көке. Апамдардың малда бола тұрғаны жөн еді ғой», - деген менің хатымды алмапты. Майданға кетіпті. Курскі түбінде... қаза болған. Иә... Әкем менің... Абзал, асыл жан еді-ау. Өмірі мені жанынан тастамайтын. Әлі есімде...» Ықсанның жүзінде нұр ойнап, көзі күлімдей кішірейіп барады. Сонау бір балалық шақ суреті көз алдына келе қалды.

Кешелі бір толассыз жауыннан күрең жон дала бүгін ғана көзін ашып, жылы күн сәулесінен бусанып жатыр. Жасыл ойпат үстінде ақ шарбы бұлт селдірей қалықтайды; әлгі не жоғары, не төмен түспейді. Аспан да көгілдір, таң нұрымен жуылғандай мөп-мөлдір. Батыс жақ жиектен тоқымдай бұлт көрінеді; бір жақ сауыры қызғылт, қанға боялғандай. Ауа дымқыл, жер иістеніп тұр. Сай-сала шұқыр-шұқанақты қуалай шыққан жас жігіттің мұртындай ала қолдау көк те желкілдеп, талпынып отыр. «Мұнан бір-екі ай бұрын осы жер сірескен қар, алақұйын боран сайрандаған дала еді десе ғой жан сенбейді, ә? Тай, құнан тебіндеп жайылғанда қалтырап, ұшып кете жаздайтұғын. Жарықтық көктем жазира-ау. Қарашы, құлпыртып жібергенін»,— деп мосқал жылқышы төңірегіне масаттана қарады. Астындағы жирен, қаншырдай қатқан атын сипай қамшылап, басындағы қара қалпағының күнқағарын көтеріңкіреп қойды. Үстінде сұрғылт плащ, аяқта керзі етік. Дене-бітімі қорғасыннан құйылғандай ірі, сом. Астындағы аты майда желісінен жаңылып, тынышсыз ит бүлкілге түссе де ол қозғалатын емес; тек жаурынындағы капюшоны ғана қара құстың қанатындай жалп-жалп етеді. Қалың, қара сақалды, дөңес мұрын жылқышының сығырайған қой көзінде де, қоңырқай жүзінде де әлдебір жылы сәуле ойнайды. Астындағы айдау ағаш ерді сықырлата артына бұрылып:

— Ықсанжан, қайдасың? — деді.

Құрық тастам кейінде, астындағы көк құнанын ойнақтата алты жастың шамасындағы қиық көз бала келе жатыр. Үстінде жасыл, барқыт шалбар, басында күнқағары кері қаратыла киілген фуражка; жылқышының даусына елеңдей үн қатты:

— Қазір...

— Не дейсің?

— Мұндамын, көке.

Тарақтың біркелкі тісіндей жалы қырқылған құнан кекілі желпілдеп, оған кәдімгідей үркектеп қалды...

— Ықсанжан, келсейші қатарыма,— деді әке мейірлене.

Бала оқыс, қолындағы үш өрме, жылан бауыр қамшысымен атын тартып кеп жіберді; секектеп, есіріп келе жатқан көк құнан мұны күтпеді ме, құйрығын жымырып, дірдектей түсті де; іле аспанға атылды. Бала бір уыс боп жал құша, тас кенеше жабыса қалды.

— Ақырын, Ықсанжан! Уа, ақырын!..

Жылқышы мұны күтпеді ме, баласына қалай көмек етерін білмей, абдырап тұр. Көк құнан осқырына жұлқынып, шыр айналды. Ықсан тізгінді бір езулете тартып, босата қоймады. Тау текесіндей екі-үш орғып барып, ойқастай тартты. Басын кекжеңдетіп, әкесінің астындағы жирен айғырға сүйкене, үзеңгі қағыса өтіп, жер тарпи тоқтады.

— Айналайын, кішкентай жылқышыдан! Түсіріп кетер ме деп қорыққанымшы... Ақырын, ақырын жүр енді.

— Фи, бұған мені құлату қайда...

— Қой, мақтанба енді... мақтанба...

— Ендеше неге құлайсың дейсің?

— Сақ болмасаң ат та мінезді, жығып кете береді. Жылқышының баласы екеніңді қайтсын. Қамшыны жалқау, жанаяр жылқыға сілтеу жөн. Сенің құнаның қамшысыз да ойнап келе жатқан жоқ па? Сонда сен не үшін ұрдың? Жазығы не?

ЬІқсан үндеген жоқ. Шынында жазықсыз жазғырған сияқты екем-ау,— деп ойлады ол.

— Тілі жоқ демесең, жылқы бәрін түсінеді. Ықсанжан. Орынсыз қамшы жұмсай берме,— деді көкесі дөңгеленген кең ойпатқа кеп құлағанда.— Жарықтық ажарлы-ау, ертең құлынды биелерді әкеп жіберейікші... Бұрқ ете түскелі тұр. Үш күн жылы болса-ақ жетеді. Баяғыда осы маңға аран құрушы ек...

— Аран? О не, көке?

— Аран ба? — Әкесі сәл қабағын шытты. Қылтанақтай көрінген шөпті жапыра, сырылдай сүйретіліп келе жатқан құрығын өзіне қарай тартыңқырап қойды.— Аран деген нар қамыстан істеледі. Ұшын біздей ғып шығарамыз да, айқастыра жерге шаншатынбыз. Жоғары басы бақан сияқты ашалы болады. Бір шақырымдай жерге солардан доғаландыра шарбақ құрып, арасынан көз қалдырушы ек. Түсініп тұрмысың?.. Былайша айтқанда есік... Сонсын соған осы екеуміздей бес-алты жігіт жүйрік атпен қиқулап, өй, үйір-үйір киікті қаптатады-ай кеп. «Күйткіп қатты екпінмен келген киіктер тасқынды өзеннен бетер емес пе... Шапшып, қарғып өтпек боп атылғанда қамысқа шаншылады, қолтығына қамыс кірсе, киік аса жанына батпаса да, сіресіп жата кетеді. Сонда ол ерегесіп тұрмайды. Қамысты алып, өзін босатсаң жоса жөнеледі. «Киіктей ерегеспе» деген сөздің түп төркіні хайуанның әлігі бір қылығында. Қуғанда да қиғаш, жолын кесе көлденеңнен түссең, сенің ол қалайда алдыңнан өтемін деп өледі, кейін бұрылмайды. Аранға сөйтіп түседі, не ашық «есікке» ұмтылып тұзаққа ілігеді.

— Тек тұзақ қана құрыла ма?

— Ретіне қарай... кейде қақпан да қоямыз. Ым... анау не қарайған? Ықсанжан, көзің жете ме қарашы. Үш-төртеу ме өзі?

— Жылқы ғой, көке.

— Қап, жамалдатқыр... тағы да үйірден бөлініп, егіске бет алғанын қарашы-ә?! Не істесем екен, Ықсанжан, сен «Жармаға» тарта бер. Мен мыналарды қайырмалап қайтайын.

Әкесі атын тебініп жіберіп, белден асып бара жатқан қара ноқаттай жылқыға бет алды. Ол таң алдындағы жасыл далада ағып бара жатқан жұлдыз сияқты еді; Ықсан елеңдеген көк құнанының басын іркіп, сәл аялдап тұрды да, ат басын кері бұрды. Болмашы, самал, шөп иісі, оңашалық бойын билеп, табан асты өзін батыр сезініп қалды. «Қасқыр кездессе қорқар ма ем? Құнан үркіп пәле қылмаса қайтсін. Әйтпесе, қамшымен қара тұмсықтан берсем, сеспей қатар еді. Әттең, қолымда дойыр жоқ. Мынаған өледі деймісің. Шыбын шаққандай да көрмес...» Ықсан сезіктене төңірегіне қарап қойды. Күн шақшиып тұсау бойы көтерілген; шөп бетінде шық жылтырайды. Дала жаңа жандана бастаған сияқты; безектеген торғай үні де естіледі. «Қасқырдан кім қорықпайды. Ол шап беріп аттың тілерсегінен алса, қандай жүйрік, жүректі дегеніңнің өзі зытып отырар. Қашсаң құтыларсың, ө несі-ей. Жо... Мен қашпайым. Тимесе жәй айдамаған боп жүре берем. Тисе ше? Тисе... Бәкімді алам да қарсы ұмтылам. Жарып жіберем... Жоқ. Аттан түспейім...» ЬІқсанның көзі сонадай жердегі қыбырлаған қарайғанға түсті. Әлгі бұғып жатқан қасқыр тәрізді. «Енді қайттым?» Жүрегі дүрсілдеп зәре-құты қалмай бара жатқанын сезсе де сабыр сақтап, тістене, қайраттанып бақты. Дауыстап көмекке шақырайын десе, айнала ми дала, кім естиді. Және де оның не екенін біліп айқайлайды. «Мүмкін қасқыр емес шығар? Көңілі сәл орныққандай болды. Ендеше бұ не? Қой... Аңысын аңдайын».

Ат тұяғының тысырын естіді ме, қос жұдырықтай қарайған жыбырлап, жандана бастады. Әлгі қоянның көжегі тәрізденіп қалқиып көрінді де, қайта жоқ боп кетті. «Қасқыр емес... Сонда ол не? Бөдене шығар? Онан үлкен. Міне, қызық... Түлкі ме?» Ықсан таңдана ат басын ірікті; манағыдай емес, қауыпты мүлде ұмытқан. Мойнын созып-созып қояды. Қарайған да аңсын-аңдап қозғалмайды. Ықсанға ол қайта әрі ысырылып, қашпақ тәрізді көрінді. «Бұ не? Әйтеуір қасқыр емес»,— деп бала ойлап үлгергенше қурай түбінде жатқан қалқиып орнынан тұрды. Түк те сезетін емес. Ыңырсыған сияқты бір дыбыс беріп, басын Ықсанға қарай оқыс бұрды. Құлағы ербең ете қалды. Шамасы ол баланы жаңа ғана көрді. Жалт беріп, сонадай бір бүйірдегі қалың қурайға қарай салды. «Мынау киіктің лағы ғой. Қашып кетер ме екен? Қой... Қуып ұстап алайын». Ықсан көк құнанын тебініп, жүйтки жөнелді. Әп дегенше, лаққа жетіп-ақ қалған, әлгі жалт беріп қырлыққа қарай. құлдыраңдай жанұшырды. Бұрылып кейін қайтпақ боп бала бір ыңғайланды да әсем, ақ ала лақты қимай тағы да ізіне түсті. Елірген құнанның басын қол беріп, ағызып келеді. Міне, жапырылып шөп те, бұлдырап қазан-ошақ орны да, қайдағы бір мал сүйегінің қаңқасы да кейінде қалып жатыр. Желігіп алған ат жер тынысын қуырып барады. Лақтың тайраңдаған тірсегі де анық көріне бастады. ЬІқсан ат үстінен іліп әкетпекке ыңғайланды да, онысынан табан асты айныды. Бұрын-соңды істеп көрмеген; түсіп қалуы мүмкін ғой. Жанаса бере бой созып, еңкейе қамшымен остырта тартып-тартып жібермекке бекінді. Бұл тәсіл ат үстінен әрі қауыпсыз, әрі аңды әлсіретеді. Кейін еш қиындықсыз аттан түсіп қолмен ұстап алуға болады.

ЬІқсан ойлағандай лақ оңай түсер емес; дүсірлетіп кеп еңкейе берген; әлгі бұғып жата қалды. Көк құнан үстінен атылып өтіп кетті. Сонадай ұзап барып қайта оралғанша, ол бұрылып кейін тартты. Әйтсе де лақтың буын-буынын ұсақ діріл билеп, әлсірей бастағанын сезінді. Жүрегі алқынып та бітті. Ол «өлдім» деп ойлады. Табыннан бөлініп, көз жазып қалғанына ілкіде қуанса да, енді қатты опына бастаған. Бекер қауыптенбепті, жау аяқ асты тап келді. Міне дауылдатып төне түсті... Қазір бұқпаса басы мылжа-мылжа езіліп қалады.

Ол көзі жаудырай сайдың жиегіне кеп құлады. Қара тор боп атты бала да жетті; екі рет айналып өтті. Мұрын үсті шып-шып терлеп, жүзі күреңітіп кетіпті. Әбден қызынып алған; ұрмақшы боп ұмсынады. Әйтсе де оның ыңғайы келмей-ақ қойды. Құнан үркектеп, қамшы сілтер жерге жақындатпай ытқып кете береді. ЬІқсан да әбден дағдарып тұр. Енді не істейді! Жердегі лақ та аяғын созып жіберіп, қос бүйірін соғып жатыр. Ықсан жанынан көкесі берген шынашақтай бәкісін шығарды; кәнігі аңшылардай бауыздап алмақ тәрізді. Пышақты аузына тістеп, аттан түсе берген, лақ тағы да тұра қашты. Ол манағыдан бері әжептәуір тынығып алған. Ықсан атына қайта қонғанша қалың қурайлы сайға таяп та қалды. Жас аңшыға лақтың алдағаны батты ма, қалай; көк құнанға үсті-үстіне қамшы басты. Бұ жолы ол екпіндете жеткенмен асып кетпей, тізгінді тежей тартып, алдын кес-кестей берді. Киіктің алған бағытынан тайып, жалт бермейтіні, ерегесіп, қалай да өтіп кетуге тырысатынын ол білмейтін. Лақ та болса кішкентай киік қой, кері бұрылмады. Қалың қурайға келе қойып кетті; жапырыла түсіп, сына қоймаған қурай лақты телпек құрлы көрмей кері лақтырып тастады. «Ә, бәлем, солай ма? Құтылмақ ең ғой, кәне, енді қашып көрші»,— дейді бала ат үстінен мысқылдай күліп. Жасыл шөп үстінде бүйірін соғып лақ жатыр. Дір-дір етеді. Кенет ол киіктің текесі боп, мынау бала соқталдай жүйрік мінген жылқышы болса қайтер еді; анау, ұшы біздей бәкі қанжарға айналып, жасыл шөп үстінде алқызыл қан ұйып қалар еді-ау...

Ықсан лақтың мөлдіреген жанарынан дәрменсіздікті, моншақтай жасты көріп, іркілді. Тұра қашар ма екен деп жерге түспек ыңғай танытып ұмсынған, лақ қозғалмады. Ол дыбысын шығармай: «апатай, апатай... мені қазір... бауыздайды. Сен мені енді тіпті де көрмейсің»,— деп үнсіз, анасымен қоштаса жылап жатқандай.

Жас аңшы біртүрлі қобалжып, жүзін тайдырып алды. Ат басын кері бұрып, жүріп кетті. Лақ қалың қурайлы сайда қала барды. «Кешке анасына жолығады»,— деп ойлаған еді-ау сонда бала Ықсан. Иә оған да талай жыл өтті.

«Міне, мынау сол дала... Күзгі дала. «Жарманың кезеңіне де ілініп қалыппын-ау. Анау кім? Ауданға баратын үлкен жолдан бері бұрылды ғой. «Үстіндегі пальто ма? Жо... жоқ, шинель... Басында пилотка... Біздің ауылдікі болғай еді да...» Ықсан атының басын жалғыз жаяуға қарай бұрып, қамшымен сауырдан тартып-тартып жіберді. Жаман тұғыр шошына селт етіп, жұлқына жөнелді. «Жақсылық хабаршысы болғай ем. Аяқ алысы ширақ. Осы жердікі сияқты ма?» — Бір иығына асып алған әскери қапшығы бар солдат та өзіне қарай салдырап келе жатқан ат арбалыны аңдап тоқтады. «Ойпыр-ау, мынау Балым... Балым қарияның баласы ғой. Қара қағаз келгені қайда. Иә, иә... Асқар. Сол... Жүдеу екен. Күліп тұр».

— Асқар аға, сізбісіз? — деді Ықсан аптыға, делбені шірене тартып.

— Ықсан... Аман ба? Иә, менмін.

— Тірі ме еңіз?..

— Иә... бауырым...

Ықсан арбадан түсіп қарсы ұмтылды. Екеуі құшақ тасып тұр. Үнсіз... Дала да, күн де, «Жарма» жотасы да үнсіз...

* * *

Өзеннің шаппа, тік-тік жарқабағында қорбиып Остап отыр. Шинелінің жағасын көтеріп алған, қолында сырықтай ұзын қармақтың сабы, екі көзі шымырлаған cу бетіндегі бармақ басындай қалытқыда. Әлгі сәл бүлкілдей түсіп, батса болғаны «сыр» еткізе жоғары серпе тартады. Қасында екі балдағы, қаңылтыр қалбырға салынған ақ көң құрты, шағын солдат қапшығы, үш-төрт балық жатыр. Жұмыстан кейінгі күндегі дағдылы тірлігі осы. Әне бір қатты жауын болмаса, өткінші жаңбыр, азынаған қара суық жел-құзға мән бермейді.

Бүгін күн алабұлт. Жаңа ғана сіркіреп жауын өткен. Әдетте балық қармақты таңғы тыныштықта, не осындай жаңбырлы шақта жақсы қабады; Остап мұны да біледі. Тек бір түсінбейтіні жергілікті халық бұлай балық ауламайды екен; оны Ықсан да, Исахмет те, тіпті Қожан да ерсі көрді: «сырық басына жіп байлап, оған бір-ақ қармақ жалғап не өндіресің? Сен ұзын желі жаса, соның бойына үш-төрт қармақты бөлек жіппен тіз, көген сияқтандырып, басына салмақты темір іл де өзеннің ортасына жеткізе бұлғап-бұлғап лақтыр. Жағада қазығы бар. Қармақ әбден ағыспен ығып, батқаннан кейін сәл өзіңе тарт та қазықтың қасына майысқақ шыбық шаншып соған желіні екі ора. Міне, сол саған қалытқы. Балық түскен кезде шыбық басы ілгерлі-кейін серпіліп тербеле бастайды. Ол балықтың қапқандығының белгісі. Ақырын еппен желіні жинап алсаң бір емес, үш-төрт балықты бір-ақ шығарасың. Мынауың деген әншейін баланың ісі ғой» деген еді. Әңгіме көп ұстауда емес, қызығында екенін түсінгілері келмейді. «Үлкен балық қаппайды, ылғи шабақ ілігеді»,— дейді. «Е, мейлі... Осы да жетеді». Остап басындағы көнетоз, қара елтірі бөркін баса киіп қойды. Үй иесі кемпір-шал: «Құлағыңды фуражкадан жел қармайды. Баламдікі еді, сен ал. Өзен жағасы суық»,— деп болмай кигізген, соған осы қазір қатты разы. Жып-жылы екен. Сіркіреп ете шыққан жауынды да елемегені киімінің жылылығы ғой. Өткенде фуражкамен келгенде басы ауырып, құлағы шаншып берекесі кеткен тұғын.

«Өте кедей ауыл. Пейілдеріне қарасаң бәрі де бай, ақжарқын, ашық жандар. Жері де оңды. Не ексең де шығады. Жақсы білімді басшы керек. Ықсан ойы орындалса, соғыстан кейінгі ең дәулетті колхоздың бірі болады. Әйтсе де егіс егу, бақша салуға келгенде енжар. Самарқау тыңдайды. Мүмкін бұрын жермен айналыспағаннан да солай шығар? Көңілдерінде сенім аз. Совет үкіметі орнағалы да жиырма жылдан асты, неғып бұған дейін жиде-жеміс отырғызбаған? Ендігі үміт жастарда. Қожандар астанадан оқу бітіріп, туған ауылдарына маманданып оралса, бұл өлкені гүл-баққа бөлеуі ғажап емес. Бүкіл ауылда екі-ақ үй аула ішіне тал отырғызыпты. Жексен қарт пен Кенжеқыздың үйі. Қартты түсінуге болады. Ол Совет үкіметі орнағанға дейін өзі айтса, орыс помещигінің малын баққан батрак. Егістігін де күзетіп, қауын-қарбыз, асқабақтарын да жинасыпты. Көре жүріп солардан үйренген, білген. Ал, Кенжеқыз ше? «Ол балықшының қызы»,— дейді Ықсан. Кімнен, қайдан үйренді? Күйеуі шаруақор болыпты. Әйткенмен о да жер жәйін білетін ортадан емес көрінеді. Шопанның баласы дейді. Жексен қарттың әсері ме? Табиғатында зерек, ізденімпаз адамдар аз ба? Он жыл мектепте оқыған. Трактористік мамандық алған. Тірі болса, ол жігіт агроном болар ма еді, кім біледі?! Азғантай демалысқа келгенде де үйін жөндеп тыным таппаған. Нағыз шаруа жан екен ғой. Екі ұлы бар, жас әке... Иә... Кенжеқыз қатты сүйеді дейді. Айтпаса да белгілі, оның ісін аяқсыз қалдырмай отыр емес пе?! Ол еккен ағашты күтеді, көктем шыға ауласының ішіне пияз, асқабақ, картоп, қауын-қарбыз егеді. Күзде жинап, тұздайды. Бір сиыры, екі ешкісі бар. Оны бағу да қиын. Қора-қопсысын тазалап, жаз шөбін жинау, бақшасын суғару, балаларды асырап-бағу, фермада істей жүре, пішенге де шығу аз шаруа ма? Шынашақтай боп алып, соның бәрін қалай үлгереді, ә?»

Остап ой үстінде қармағының қалтқысын бағуды да ұмытқанын енді аңғарды; жемін жеп кеткен бе, онысы мізбақпай қалтиып қалыпты. Өкіне, серпе суырып алды. «Қой, үйге қайтайын. Бүгінге осы да жетер. Күн де суытып барады». Ол қармағын тез жинап, қасында жатқан балықтарды жіпке тізді, қаңылтыр қалбырдың қақпағын жауып қапшығына салып, иығына ілді де, балдағы мен балықтарын қолына алып, орнынан көтерілді. Бойы тітіреніп, кәдімгідей тоңа бастағанын жаңа сезді. Балдағына бар салмағын арта, белдем ағашын қарулы қолымен сығымдай қысып жүріп келеді.

Ол өзен жағасынан көтерілгенше демігіп, жауырыны шып-шып терлеп те кетті. Үлкенді-кішілі балықтардың да салмағы, жіптің де саусағын тіліп бара жатқанын жаңа аңдады; сәл қолын суытып, терең тыныстап тұр. Жалғыз аяқ соқпақ ауыл мен екі арадағы қалың жыңғылға кіріп, көктей өтіп асады: енді жол жазықта, ауыр тимейді, оған да шүкір»,—дейді Остап күбірлей. Осы ауылға келгелі білгені де көп. Ел айтса, мынау жатаған, тырбық жыңғыл жергілікті халыққа құт. Қыс отын. Қызуы күшті, көмірдей ұзақ жанады. Бұтағын аршып, қамшыға әдемі сап жасайды. Өзі ғаламат мықты дейді. Суға тастасаң батып кетеді, демек темірдей ауыр. Түйеге мұрындық та жыңғылдан істеледі. Әрі бұл қалың өскен жердің шөбі шүйгін келетін көрінеді. Қандай құрғақшылық жылда жыңғыл қурап, жер шаңытпайды дейді. Toпырақты ұстайды. «Қызық өсімдік...»

Остап өз-өзінен таңдана басын шайқап қойды. Соқпақпен ақырын аяңдап, қалың жыңғылдың арасына кірді. Әлгіндей болмай азынаған өкпек жел тынып, суылдаған бір дыбыс қана естіледі. «Қарай көр өзін, кәдімгідей ықтасын-ай». Ел ауыл төңірегіндегі мынау жыңғылдарды отынға деп шауып, қыстың көзі бозқырауда да тимейтіні қалай? Сондай заң бар ма? Қалай сақтап отыр?» — дегенінде, Ықсан: «бұны шапса, кейін көктемде лақ, қозысын, бұзауын қайда бағады? Шілдеде шөп қурағанда, өзен беттен соққан ызғарлы жел жердің топырағын суырып ауылды шаң, топырақ баспай ма? Міне, сондықтан ел ертеңгісін ойлап бұған тимейді»,— деді. Өте ақылды іс. Өмірдің өзі үйреткен. Әйтпесе, ауыл айнала жыңғылды бір қыста-ақ отап, бітірер еді.

— Балықшы жолдас, аман ба?

Дауыс шыққан жаққа жалт қарап, Остап іркіле берді. Салт атты, басына шашақты қоңыр ала шарқат тартқан ақсары келіншек бүйірдегі көлденең жолмен төне келіп-ақ қалыпты.

— О, Ғайша, сәлеметсіз бе? — деді Остап күлімдей колхоз басқармасын танып.— Міне, өйсітіп жұмыстан соң балық аулаймыз.

— Өте жақсы. Балық аулаған да — демалыс.

Ол қызыл етікті үзеңгідегі аяғын шірене шалқайып, қарлығаштың қанатындай доғалана біріне-бірі жалғасып кеткен қою қара қасын кербездене керіп қойды. Жасыл юбканың астынан қалампыр түсті шалбар киіпті, үстінде күпейке. Көзі де ұялы үлкен, құс мұрын. Оң жақ бетінде тарының түйіріндей меңі бар. Түн қатып, ұйқысы шала, қажып жүрген сияқты; өңі сынық. Көз асты қалталанып тұр. «Өзі қазақ әйелінен гөрі өзбек қатындарына ұсай ма, қалай?» — деп ойлады Остап. Үш ферма, алыстағы отар, олардың отын-суы, шөп бәрі-бәрісі бір осының мойнында. Аз шаруа емес. Ай, әйел адамға қиын-ау».

Ат үстінен шірене отырып, жердегі адаммен сөйлесудің әбестігін ол енді сезіп, секіріп түсті. Торқасқа бесті ауыздығын қарш-қарш шайнап, едіреңдей қалды да, жер тарпып тоқтады. Басқарма тізгінін ердің алдыңғы қасына іліп, Остаптың балдағының жанында бұлғақтап тұрған балықты алып:

— Жүре сөйлесейік, сізге ауыр болмасын,— деді. Қанжығасына байлап, әскери қапшығын ердің үстіне көлденең тастай салды.— Қалай, біздің ауыл сізге ұнай ма?

— Ұнайды. Халық жақсы.

— Басқарма жаман ғой.

Екеуі қатар келеді. Келіншек жігіт жүзіне күлімдей қарады.

— Неге? Басқарманың әзірге жамандығын көргенім жоқ. Жұмыс берді, жылы қабылдады. Маған со да жетеді.

— Е, онда дұрыс. Ұстахана қалай?

— Жаман емес, тек отын жағы қиын боп жүр. Шіркін, көмір табылса ғой.

— Ағаш аз ба?

— Ағашпен темір ұзақ қызады. Жылуы аз.

— Ойластырып көрейік. Қаладан сұрармыз. Заводтың директорын танушы едік,— деді Ғайша ойлана.

— Ғайша Қайыровна, сізге бір сұрақ беруге бола ма?

— Сұраңыз,— деді басқарма күлімдеп.

— Сіз қаншадасыз? Әрине әйел адамның жасын сұpay ыңғайсыз, дегенмен де?

— Уақасы жоқ... Отыз үштемін.

— О, тіптен жас екенсіз ғой. Қанша балаңыз бар?

— О, сіздің сұрағыңыз біреу емес пе еді? Жарайды, айтайын... Бес бала.

— Бәрі де ұл ма?

— Жоқ екеуі ұл, басқасы қыз. Қолымда енем мен атам, өзім. Ұзын ұрғасы бір үйде сегіз жанбыз. Күйеуім Белоруссия майданында. Бүгін хат алдым. Аман...

— О, қуанышты екенсіз ғой. Ұзағынан сүйіндірсін.

— Рақмет...

— Сіз осында неге тұрмайсыз?

— Кеңсе ауданға жақын фермада. Балалар да сондағы мектепте оқиды. Біз отырықшы елміз ғой, көтеріліп кетуіміз қиын. Ауданға қарасты колхоздардың ішіндегі ірісі біздікі. Көпшілігі ұсақ шаруашылықты колхоздар.

— Әйел адам, сізге ауыр да шығар?

— Иә, ауыр... Көп кешікпей басқармалықты тапсырам. «Әйел басқарған ел оңа ма?» деп үріккендер алғашында көп болған. Бәрі де оған үйренді. Ел оңды емес не? Талай қиындықтан өттік.

— О бекер сөз...

— Бекер емес. Әлі де солай ойлайтындар бар. Қазір әйел басқармаларды еркектермен алмастырып жатыр. Маған да кезек жеткен,— деді Ғайша күлімдеп.— Біз өз міндетімізді адал өтедік. Ел алдында арымыз таза. Міне ауылға да келдік. Ал, cay болыңыз. Менің Ықсанға соғып, шопандарға асатын шаруам бар.

Остап басқарманың ұсынған қолын аялай алып:

— Жалпы сіздің ұлтыңыз кім? — деді.

— Кім болушы еді? Қазақпын.

— Мен сізді өзбек, не татар ма деп ойлағам.

— Жоқ... Таза қазақпын. Міне, балығыңыз, қабыңыз.

— Ғайша Қайыровна, балық алыңыз. Өтінем.

— Рақмет... Мен әлі талай жерді шарлап қайтуға тиіспін. Тағы бірде алармын,— деді де, басқарма атқа жеп-жеңіл қонып жүріп кетті.

Басқарма әйелді Остап көзімен ұзатып салып, ауыл і көшесіне кірді. Балдағының жанында балықтары бұлаңдап келеді. Қараңғылық түскен. Ауыл көшесі мұржалардан көтерілген тезек, қи, ағаштың көгілдір түтінінен тұнып тұр. Көзді ашытып, қолқаны атып барады. «Бұнысы не?» Ұйытқыған жел аула, қора, көшелерге қуып тығып, көкке сейілтер түрі жоқ. Үлкенді-кішілі әрқилы терезелер іштегі шам жарығынан сарғыштана жылтырай қалыпты. Жартылай мата, газет тұтқан. «Бәрі де күндізгі күйбең тірліктен бастары босап, кешкі асқа кіріскелі жатқан болар?! Қай терезеде қуаныш? Сырттай топшылау мүмкін бе? «Қара қағаз» алмаған үй аз. Қасіретті жарық көп-ау. Иә, бәрі соғыстың кесапаты. Соғыстан кейін радио торабы, электр шамы да жүргізілер. Со кезде мынау терезелер де үлкейіп, сәулелері көшеге де түседі. Miнe, Кенжеқыз үйі. Сырты әктелген, төбесі итарқа қамыс. Украин деревнясынан әкеліп, қазақ ауылына қондыра салғандай». Үйдің қақпа алдына жетіп Остап іркіле берді. Көз алдына биязы үнді, қара торы келіншек кеп тура қалды. «Жаны нәзік, кісіні аяғаш-ақ. Тіпті екі баланың анасы дейтіндей емес, өзі бала». Ең алғаш көргенінде қыз ба деп те қалған Остап. Бұның балдағын алып берді. Сонсын Балым қариянікінде бірге отырды. Қонақтықтан кейін Қожан, Сәулелерге еріп, үйіне дейін шығарып салды. Кеше ұстаханаға әкеліп, самауырынын түптетіп алды. Ақша жоқ, екі кеседей тарысы бар. «Алыңыз»,— дейді. Мен бір ақы сұрайтын адамдай-ақ. Қабағымды түйіп, «мынауыңыз не?» деп едім, қысылып қалды. Остап ішке кіруге жүрегі дауаламай сырт айналып кетті, жүре түсіп, тағы тоқтады. Біртүрлі сол әйелді көргісі келеді. Бұрылып артына қарап тұр. «Терезесінде жарық бар. Не істеп жатыр екен? Ойбай-ау, мынаусы не?» Кішкене екі терезесінің біреуінің шынысы жоқ. Іштен жастық тығып, бітеп қойыпты.

Остап енді тоқтамады. Үйіне қарай асыға аяңдап келеді. Екі мәрте балдағын тасқа соғып, ұшып та кете жаздады. Бұлғақтаған балықтың шырыш құйрығы сау аяғының тізесіне тиіп, әбден шалбарын ластап былғанғанын да елейтін емес. Жартылай ашық қақпаның есігін, құтырына теуіп кеп жіберді де, бір қырындай кірді.

Үйден пальтосын көйлек сыртынан желең жамылып, шоқша сақал, басында қара тақиясы бар қарт шықты.

— Оу, Остап, әжептәуір балық ұстапсың ғой. Жарайсың,— деді ол күлімдей.— Сазан, көксерке, сазан... Мынауы не? Сыла ма?

— Иә.

— Көксерке құртқа түспейтін еді. Бұ қалай?

— Шабақ ілінген де, оны көксерке қапқан болар.

— Мүмкін...

Балықты жібінен ұстап, қарт қолымен салмақтап тұр.

— Он шақты келі тартып қалады-ау дейім.

— Жеті-сегізге барады...— Остап шинелінің жеңімен маңдай терін сүртіп, «уф...» — деп қойды.

— Сен үйге кіре бер. Кемпір аршып тастасын.

— Біреуін... Жоқ, екеуіне тимесін. Көршіге апарайын.

— Кімге?

— Кенжеқыздікіне...

— Е, оның жөн. Сорпаласын кішкентайларына.

— Айтпақтайын, ақсақал... Сіздің қорадан бір-екі ескі терезенің шынысын көрген сияқты едім.

— Е, оны неғыласың? — деді қарт мынау жалғызбасты, орыс жігітінің не істегелі жүргенін түсіне алмай. Жүзіне үңіле қарайды.

Остап сәл қипақтап қалды. Тағы да Кенжеқыздың атын атауға, әлдене ойлап, адал көңілін теріске жорымас па екен дегендей қаупі бар. Жесір әйелге сөз ергіш. Жаулығын болмашы кербез салып, көшеден қайқалаңдап бір өтсе де, жымысқы көздер жылтыңдап, сыпсың еріндер сылп етіп, «бетім-ау» деп кіржисе қалатындарын білетін еді. Сонан ығыстап тұр. Орынсыз тамағын кенеп:

— Бір жолдастың терезесі сыныпты,— деді.— Қол үшін беру керек.

Шал бұ жолы, «қай жолдас» деп тақымдамады. Алакеугім аула ішінде ұзақ кідіріп қалғанын да жаңа сезінгендей, жауырынынан суси берген пальтосын қайта түзей жамылды да:

— Е, ала ғой,— деді.— Тоқта, мен саған шыны кесетін алмасымды әкеп берейін.

— Шешейге айтпай-ақ қойыңыз, ақсақал.

— Е, оның жұмысы не? — Шал аптыға басып үйге кіріп кетті.

Остап жан қалтасынан шылым шығарып, газет қиындысына орап жатыр. Әне, ол қолына ақ тас пен бармақтай ара сынығын алып ұрып қалып, ұшқындата пілтені тұтатты. Аузындағы шылымға тигізіп, құшырлана сорды. Сіріңкенің қат кезі, әскерден келгендердің көпшілігінде осындай оттық болатын. Остап пілте мен тасты, ара сынығын төс қалтасына салып шинелін түймеледі. Жел ұйытқи соғып, жігіт аузындағы шылымды ұшқындата түсті.

— Остап, бері жүр.

Шал пальтосын тастап, күпейке киіп шығыпты. Қораға беттеп барады. Остап соңынан ерді.

— Мен қазір... Мынаны жан қалтаңа сал, түсіп қалмасын,— деп шал қораның аузына жете кейін қайырылып, қолына ағаш сапты, кішкентай алмасты ұстатты.— Мен алып шығайын, күте тұр.

— Қора іші қараңғы емес пе?

— Дәнеңе етпейді, табам.

Қарт қораға кіріп кетті. Көп кешікпей қайта көрінді. Қолында шыны, ұзын жіп. Остап көмектеспек болған:

— Сабыр ет, өзім балықпен бірге байлап берейін. Өйтпесе, қалай алып жүресің? — деді. Екі үлкен балық пен шыныны қосарлай шандып, Остаптың сау аяғы жағындағы балдаққа таңып тастады.— Жолдасыңа соқпас бұрын балықты беріп кет.

— Мақұл, ақсақал...

Остап қақпаның бәкене, тақтайдан істелген есігінен шығып, көшені бойлап келеді. «Кенжеқыз не дейді? Сізге тереземді бүтіндеңіз дедім бе? Бұныңыз не? Керегі жоқ. Біреу-міреу көре қалса, ұят емес пе? — десе қайтты? Ыңғайсыз болмас па екен? Қайдан елпілдеп, құлшынып кеттім? Түн ғой. Ешкім мұнымды көрмес...» Остап қарсы алдынан өңкиіп, тап келген бұзаудай төбеттен ығыстап тоқтады. Әлгі үрмейді, не айбат шегіп ырылдамай, маңқия қарап тұр. «Үш аяқты бұ неғылған мақұлық?» дейтін тәрізді. «Кімнің иті? Жексен қарттікі ме? Үндемей кеп қабатын ит пе?» Жұдырықтай қара тұмсығын созып иіс алды да, Остаптың ық бетіне ойысты. «Ірісін-ай... Қасқыр алатын төбеттері осы болар».

— Кет... Жоғал! — деді Остап батылсыздау күңк етіп.

Төбет марғау аяңдап, әрі асты. Остап әлденеден қысылып, терлеп кетті. Әрине, ол иттен қорыққан жоқ. Бей уақытта көшеде таныс ауыл адамдарының бірі жолығып: «балығың, шының не? — деп тұрып алса қайттым?» — дегендейден қиналған. Абырой болғанда жан баласы кезікпеді. Жүрегі де лүпілдеп, тыныштық таптырар емес. Әне, өгіз арбалы өтіп барады. «Ол кім? Қайдан келеді?»

Остап орнынан қозғалмады. Көзден тасаланып, қалтарыс бір бүйірдегі көшеге бұрылғанда ғана жүрді. Балдағын сілтей тастап, жылтырай шамы көрінген Кенжеқыз үйіне жеткенше асық. Енді ол неге, қалай келгенін де жасырмай, сүйетінін де сездірмекке бекінді: бойын белгісіз бір сергектік, батылдық билеп алған. Көп болса: «Маған сіздің жәрдеміңіз қажет емес. Екі баламды өзім де асыраймын. Қайтесіз мазаланып, Остап»,— дер, басқа не айтады? Жалғыз ілікті кісі ғой. Көңіл білдіріп, сөз салсам не сөкеттігі бар? Мен де болашақтан үмітті жанмын. Сөкпес... Өмірде үндемей, ішқұсалықпен өткен жаман. Адам тірлікте қанша жасайды? Елу ме, алпыс па, оны кім біледі? Жиырма жылың балалық ырду-дырдумен бітеді. Біздің құрбыластарымыз төрт жылын тағы қанды майдан, соғысқа берді. Қадір тұтар ана да, әке де, жар да, бала да жоқ. Жарық дүниеден күткенім осы ма еді? Күйген шөгірдей жалғыз қалдым. «Біттім, құрыдым»,— деп те ойлағам. Жо-жоқ, құрымаппын. Елге әлі де себім тиеді екен. Керектігімді сездім. Бейтаныс қазақ өзі жатсынбай бауыр тартты. «Қорықпа, берік бол»,— дейді. Жексен қарт айтқан ақын өміріндей тірлік кешпеспін. О да жарық пәниден «сабыр» тілеп кетіпті ғой. Сабыр... «Сабыр түбі — сары алтын»,— дейді, қалайша әдемі айтылған сөз. Иә, тек сабырлылық керек». Остап ой үстінде көзіне ылғи да ыстық тартып, шақырғандай болатын бәкене үйге қалай тез жеткенін байқамапты. Міне, мынау сол бір жылы ұя. Ол аласа кісі кіретін есіктің үстінен қолын созып, ақырын темір ілгешегін қайырып тастап, ішке енді. Жүрегі құрымағыр тағы да аттай тулап жөнеді. «Сабыр...» — деді Остап өзіне-өзі дем беріп.

Алакөлеңке аула ішіне көз тастап тұр. Төрде қарауытып мал қора көрінеді. Үш-төрт түп алма ағашы терезеге жақын орын теуіпті. Жапырақтан жұрдай бұтақтары селтеңдеп, ұйтқыған желден сылдыр-сылдыр етеді; кейде әлгі жалаңаш бұтақтар терезеден түскен жарықта ысылдап, айбат шеккен оқ жыланға да ұсап кетеді. Ондайда Остап тітіреніп, біртүрлі тұла бойы түршіккендей де болды.

«Ид...дет война народная.

Свящ...щенная война».—

деп шіңкілдей әндетіп кеп, аяғында:

«Ля-ля-ляла ла...

Нана-на... На-на,— »

дейді әлгі оқыс шыққан дауыс, қаһармандық әуеннің соңын сиырқұйымшақтандырып. Шамасы өзі бүлкілдеп келеді. Ырс-ырс еткен дыбысы естіледі. Остап оны көрмесе де аласа қақпаны қалқаланып, сығалай қарады. Тұсына жеткенде таныды; Манай сорлы екен. Ышқырын әлсін-әлі көтеріп қойып, бүлкектеп барады. Көңілді. Бір үйден бүйірі шыға тойып алған тәрізді, бишара-ай. Жүрісін. Бұған қарағанда бақыттымыз ғой. Соны да шүкірлік етпейміз. Аяғымыз жоқ, мүгедекпіз дейміз. Мені көрсе сәбидей қуанып: «Остап... Остап, сен жақсысың. Балық жейміз бе, ә?» — дейді. Тамаққа рахаттана бір тойған да ол үшін бақыт. Өлмей тірі қалғанына бұ да қуанатын болар-ау. Өйткен тірлік құрсын». Мынау үйге неге келгені есіне енді түскендей Остап балдағына бар салмағын сала, батылдана есікке бет алды.

Орыс әдетінше есікті ақырын тықылдата қағып еді, іштен біреу:

— Бұ кім? — деді қазақша үрейленіп. «Кім?», «Ол», Мен», «Нан», «берші» сияқты бірқыдыру қазақ сөзінің парқын ұғып қалған Остап:

— Мен... Остап,— деді.

— А? Есік ашық қой, кіріңіз,— деп Кенжеқыз есікті шалқайта ашып тастады. Үйден далаға түскен үшбұрыштанған жарықта балдағына сүйеніп, солбырайып тұрған украин жігітіне жас келіншек таңдана қарады. Өзі жалаңбас, үстінде ақсұр көйлек. Есіктен соққан желден етегі желбіреп те кетті. «Кіріңіз...» деу де есінен шыққан.

— Қайырлы кеш, Кенжеқыз!

— Кеш қайырлы болғай.

— Мен мынау балықты сізге әкеліп едім.

— Рақмет... Неғып тұрсыз, кіріңіз,— деді Кенжеқыз қалбалақтап.— Күтпеп едім... Кешірерсіз.

— Уақасы жоқ.

— Әкеліңіз маған. Мынау шыныңыз не?

— А... мынау ма? Сіздің терезеңіздің сынық екенін көріп, үй иесінен сұрап алғам. Қазір салып бере қояйын,— деді Остап.

— Оныңызға рақмет. Ертең Ықсанға айтсам ба деп отырғам. Балалар ғой. Ой, тентектер-ай! Істемейтіндері жоқ. Үйдің ішінде атысып, соғысыпты. Гранат деп доп лақтырса, ол терезеге тиіпті. Әкесі келгенде де өйсітіп, бір бүлдірген. Шыдамай жағынан тартып жібергем, күйеуім: «Кенжеқыз, ұл баланың бетінен ұрма. Сағы сынады. Ұрыс та қой»,— деген еді ренжіп. Сол айтқаны жадымнан шықпайды. Есік алдында тұрып қалдыңыз-ау.

— Оқа емес,— деді Остап.

— Үй иесіңізге де көп-көп рақмет.

— Олар кімнің терезесін жөндейтінімді білмейді.

— Тіпті солай ма?

— Ауылдық жер болғансын сізді сөзге қала ма дегенім ғой.

— Рақмет... Сөзден мен қорықпайым.

— О, мұныңыз үлкен ерлік.

— Ерлік те себепсіз істелмейді. Жә, мен балықты аршып, картоп салып қуырайын. Шай қамын жасайын.

— Терезедегі жастықты әрі ала салыңызшы.

— Мақұл,— деді де Кенжеқыз есікті жауып, үйге кіріп кетті.

Остап ақырын аяңдап, көшеге шықты. Көңілінде бір желпініс бар. Жүзіне нұр жүгіріп, күлім-күлім етеді. «Өзі орысша тап-таза сөйлейді. Қайдан үйренген, ә? Кездескен жерде іш тартып тұрады. Бауырмал-ақ. Қанша класс бітірді екен? Анау Ықсан да, тіпті Қожан мен Сәуленің де тілдерінде мүкістік көп... Жастықты алыпты ғой». Остап терезенің ашық тесігіне қолын тосып еді, іштен шыққан әйел деміндей бір жылылықты сезді. «Үйі жылы екен...» Ол ақырын терезе кенересін саусағымен тазалап, әкелген шынысын өлшеп кескелі тесік көзге салып көрген; әлгі алмаспен тіліп, қиындастырмай-ақ дәл келді. Остаптың бұл күтпегені тұғын; оған да қуанды. «Бұ терезелердің рамасы бір шебердің қолынан туған дүниелер-ау шамасы, ә? Ғажап... Дұрыс болды». Сіріңке талындай шегелерді орын-орнына қағып жатыр... «Міне енді бітті...»

Ол алмасты шинелінің жан қалтасына әспеттей салып, шылым шекті. Жылтылдаған темекісінің жарығын біреу-міреу көрмесін деді ме, жең ішіне тығып тұр. Асықпай тартып болып, тұқылын аяғымен таптай сөндірді де үйге қарай аяңдады. Әлсін-әлі тамағын кенеп, жөткірініп қояды. «Сөзден мен қорықпайым...» — дейді. Жарайсың... Қарамаға нәзік, ибалы. Әйтсе де батыл-ау өзі тегі? Қорықпайды. Түбі шикі адамдардың үркек, жалтақ келетіні неден дейсің? Таза емес, ойлары бұзық. Жаны, ары таза кісі ғана батыл. Өйткені қуыстанып, ығыстар дәнеңесі жоқ... Мен неге асықтым осы. Кішкене аялдайыншы». Остап есікке жете тоқтады. «Исахмет адамға көзін бір секундтен артық кідіртпей, алып қашады. Міне, онда зымияндық бар. Қу кісі... Онымен майданда өз басым қатар соғыспас едім. Сенімсіз адам. Рас, анау Ықсан, Жәзира, Жексен қарт дұрыс жан. Әсіресе Жәзира... әдемі, кішіпейіл. Мұғалима қыз... есімі кім еді? Ұмытып қалғанымды қарашы. Қалай болғанда да оны мен түсінбейім. Жұмбақ адам. Өзі тіптен тәкаппар-ақ. Үйге кіру керек шығар. Жоқ, әлі ерте. Асықпай шайын даярлай берсін. Кенжеқыз... Мен оны білем бе? Жоқ... Ендеше неге сонша сенімдімін? Мүмкін «сөзден мен қорықпайым» дегеннің аржағында бірдеңе бар болар? Несіне сенеді? Қазақ әйелдері орыс келіншектеріндей ашық келмейді, тұйықтау. Іштей тартынып тұрады. Әбден көзі жетіп сенбесе, ерлікке құлаш ұра қояр ма екен? Бірақ бұлардың шығыс қыздарынан көп өзгешелігі, бөтендігі де сезіледі. Ен далада еркін, күйеулерімен қатар атқа шауып өскен. Өмірі пәренжа кимеген. Қожан солай дейді. Жақында Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова деген екі қазақ қызы соғыста ерлік көрсетіп, батыр атағын алды, демеді ме? Ал, шығыста басқа қандай солардай батыр қыз бар? Естіген емеспін». Остап таңдана басын шайқап қойды. Қайдағы ойдың шиырына түсіп кеттім...»

— Остап-аға,— деді есіктен біреу. Кенжеқыз екен.— Үйге кіріңіз. Шай дайын...

— Рақмет. Қазір.

Ол шақыру тілегендей далада жападан жалғыз тұрып қалғанынан қысылып, шылым шегем деп аялдаған жанның рәсімін жасап бүгежектей түсті де, есікке бет алды. Асықпай табалдырықты аттап, ішке енді. Үй сырттай шағын көрінгенмен, үш бөлмелі, әжептәуір кең боп шықты. Алдыңғы, ауызғы бөлмеде қазан, темір пеш. Астында сыртылдай тезек, қурай жанып жатыр. Қасында шыжылдаған самаурын тұр. Кіре беріс, есік қайырылысында стол, орындық. Келесі бөлменің ортасында жартылай мұржасы қағаз, май шам. Төрден есікке дейін оюлы текемет, оның үстінде алаша. Бір бұрышта кереует. Екі терезесі бap. Оң бүйірде тағы есік. Сол жақта бір бөлме, оның да есігі жабық. Терезелерге ақ шілтері жапқыш тұтып қойыпты. Төрде жаюлы көрпе, жастық жатыр. Остап ауыз үйге шешініп, балдағының ұшын есік алдындағы тоқымдай аяқ сүрткішке сүртіп төрге өрледі. Екі балдағын іргесіне тастады да, қазақтардай бір жамбастай қисайды; жастықты қолтық астына жұмарлай қысты. «Үйі жып-жинақы, таза. Артықбас, орынсыз шашылып жатқан дүние жоқ. Кереуеті де әдемі жиналған».

— Сіз кешкі асыңызды ішпеген де боларсыз? — деді Кенжеқыз ауыз үйден кіріп. Қолында шиыршықтай оралған көкшіл дастарқан.

— Тамақтандым.

— Солай ма?! — Кенжеқыз дастарқанды Остаптың алдына жайып, ауызғы бөлмеге қайта шығып кетті.

«Қорықпайым...» — дейді. Мұны маған неге айтты? Жалғыз адамға шай ішудің өзі қиын демеді ме? Онысы: «жолдассыз қиын екен дегені емес пе?» Кенжеқыз кіріп, Остап көңілі тағы бөлінді. Дастарқан ортасына буы бұрқырап қурылған балық келді. Нан мен қаймақ та жетті. Кенжеқыз төбе көрсеткен сайын дастарқан ажары құлпырып, өзгеріп сала берді. Қуырылған балық пен сарғыш картоп иісі бөлме ішіне жайылып, түстен бері нәр сызбаған Остаптың сілекейін шұбыртты. Әйтсе де шыдап, сыр бермей қыдиып отыр.

— Ауқаттансаңыз да тамақ алыңыз. Суық сорып ішкеніңіз тараған болар,— деді Кенжеқыз самаурын түбіне үш аяқты табаға салған қып-қызыл шоқты әкеліп қойып. Самаурын шүмегінен ақ құманға су құйып жатыр. Остап шанышқыны алып, ыстық картошкіні шанышты. Қарпи асап, біраз тамақтанғаннан кейін шайды да өлердей терлеп-тепшіп, ұзақ ішті. «Ұядай жылы, таза үй. Қандай тамаша». Соғыс алдында Остап семьясының ортасында осылайша рақат күйде отырмаушы ма еді. Арада бір ғасыр өткендей. Қазіргісі де өң мен түстей. «Ошақ иесі болған бақыт екен ғой. Міне, нағыз өмір», — дейді ол керіліп.

— Балаларыңыз қайда? — деді Остап бір кезде, үйде кішкентайлардың бары есіне енді түсіп.

— Е, олар ұйықтағалы қашан. Ана бөлмеде жатыр.

Көзінің асты жылтырай тершіп, Кенжеқыз оң жақ бүйірдегі есігі жабық бөлмені иегімен меңзеді. Іле көйлегінің жең ұшына қыстырған қолорамалын алып, бетін сүртті. Остаптың өзіне қадалып кірпік қақпай қалғанынан ептеп қысылатын да тәрізді. Ұрлана көз тастап қояды. Балық та, қаймақ та еңсеріле желінген. Асықпай шай ішеді. Остап та көкейіндегісін сездіргісі-ақ келеді; әйтсе де әңгімені неден бастарын білмей дал. Томашадай мынау келіншектің өзіне қалай, несімен ұнағанын түсінбейді.

«Бәлки, анау украин қыздарына тән келте танаудың бір көз қуантар жақындығы себеп пе? Өмірде ондай да болады. Адамның бой-сойы түгел ұнамайды; кейде кісі әйелдің бір езу тартқанына ғашық. «Көзі қандай әдемі»,— деп тамсанып жүретін еркек аз ба? «Ал, ернін қайтесің? Таң нұрында ашылған гүл қауағы емес пе? Болмашы шықтанғандай үлбіреп тұрғанын көргенде өле жаздайым»,— демеуші ме еді жолдастары. Кенжеқыз несімен әдемі? Езу тартып күлгені ме екен? Мүмкін нәзіктігінің де бір сыры бар шығар? Алғаш көргенде сәбидей ашық, тым әлсіздігі қайран қалдырған. Тұрмыс кемтарлығы мен ауыр колхоз шаруашылығына тілерсегі майысып, қалай шыдап жүр деп мүсіркеу де болған; жаным ашып, қолұшын бергім де келгені есімде. Со кезден басталды ма? Сонсын Балым қариянікінде ұяңдығын тағы сезіндім».

Бойкүйез тыныштықтан ыңғайсызданып Кенжеқыз Остап ойын бөліп жіберді.

— Балалардың киімдерін жамап-жасқап, тамақтандырып ұйықтаттым. Сиыр саудым, малды жайладым. Әне-міне дегенше күн де батты, қас та қарайды. Қалай зымырап уақыттың өткенін де байқамадым. Таң атты бітті, сағат тілі жүйрік-ақ заулап береді. Тіпті өзіңнің қашан, қай жерде тізе бүгіп, дәм татқаныңды да аңғармайсың. «Осы мен бүгін не тындырдым?» — деп кейде ойлайсың ғой. Сонда есіңе жөнді, көңілің тояттар ештеңе түспейді. Күндегі бір болымсыз тірлік. Екі мезгіл сауын, балалардың тамағы, үйдің шаруасы, міне осылай әр күнің бір құйын, ұйытқып жөнейді.

— Пішен ше?

— Е, күнде пішенге шығып жатқанымыз жоқ қой.

— Сен қанша класс бітірдің? — деді де Остап, ізінше қипалақтап,— «сен» деппін-ау, кешіріңіз «сіз».

— Ештеңе етпейді. Ауылда «сіз»-ді көп қолданбайды. «Сен» дей беріңіз. Оныншыны бітірдім.

— О, үлкен білімді екенсіз ғой. Орысша таза сөйлейсіз.

— Мен балықшының қызымын. Көршілеріміз орыстар болатын. Өте қарапайым, қайырымды жандар еді. Бала күнімнен солармен аралас өстім. Құрбыларым да орыс қыздары тұғын. Шүлдірлеп сөйлесе беретінбіз. Бірге балық ауладық, ойнадық. Өзіңіз білесіз, қыздар ұл балалардай «мылжың», көп сөзді емес, тіптен «аз» сөйлейді,— деді Кенжеқыз басын шайқап. Мұқым соған ренішті де сияқты.

Келіншектің жеңіл кекесінін жерге түсірмей Остап та қағып әкетіп: «оныңыз рас. О не дегеніңіз?» — деді де қабағын шытып, іле әзілді сәтімен ұққанына ырза көңілмен рақаттана, шалқақтай күлді. Жайшылықта езу ғана тартқызар сөз жігіт еркін билеп кетті, көзінен жас аққанша қарқылдап, тізгінін әзер жинады. Остаптың күлкісі Кенжеқызды да елітіп жіберді. О да қолорамалын көзіне апарып, аузын көлегейлей күледі. Дүниеде өзің сүйер жанның болмашы лебізі де — шарап буындай екен де, жүрек қылын шертіп, бой-бойыңды билеп жүре береді. Қалай, масаң күйге түскенін Остай аңдамады.

— Құрбыларыммен «аз» шүлдірлессем де, мәз бірдеңе болған шығар. Тілұстартқан солар,— деп Кенжеқыз Остап кесесіне шай құйып ұсынды.

— Иә, таза сөйлеу себебіңізді түсіндім.

— Сонда не тауып айтатынымызды білмейім. Не жөн сөз дейсіз. Әйтеуір мылжыңдай береміз де.

— Неге? Кейде балалар да тәуір әңгіме қозғайды.

— Әй, қайдам...

— Сізге мектепке мұғалімдікке баруға болатын еді ғой. Жұмысы жеңіл, таза орын.

— Әрине. Сағынай істеп жүр емес пе? Соған әнебір құлқым соқпады. Әрі үйренген сауыншылық жұмысымды қимадым. Балықшы ауылынанмын ғой, әйтсе мал жағын тәуір көрем. Балалар аяқтанып, кішкене өссе малдәрігерлік институтіне түссем дейім. Заман түзеліп келеді, жеңіс жақын.

— Стипендия үш адамға аз. Қалалы жерде қайтып күн көресіздер,— деп Остап мынау келіншек осы қазір институтқа барғалы жиналғандай қаупін айтты.

— Ең әуелі жеңіс күні тусын. Мал, үйді сатам. Стипендиядан басқа да қосымша табыс табам. Екі қолға қалада да бір жұмыс бар шығар.

— Әрине, табылады.

— Сіз естідіңіз бе, Ыраш пен Меруерт ауданда тракторшылар курсы ашылмақ екен, соған баратын болды.

— Меруерттікі дұрыс. Ыраш қалай? Исахмет көне ме? О кісі қу ғой.

— Ыраш шалының билігінен кеткен. Ол айтқанын істеп тынады.

— Рас па? Е, онда ол жараған екен.

— Ақыл кірейін деген де. Байғұс қыздың көрмегені жоқ. Шалдан өлердей таяқ та жеді. Басынан не өтпеді дейсіз. Жә, қойдық. Қайтеміз Ыраштың құлағын шулатып. Мен сізді келеді деп күтпегенмін,— деді Кенжеқыз күлімдей.— Қызық...

— Күткеніңіз бар ма еді?

— Болса шe?

Кенжеқыз жігітке сынай қарап қалған. «Батыл-ақ. Өзі сүймейтін адамның еркіндігі сезіледі. «Болса ше?» — дейді. Иә, мен оған не істейім? Ал, бар. Сонда не? Әлде ол менің өзіне деген көңілімді біле ме?» Бұл Остапқа таныс сезім. Соғыстың алдында мектептес досының қарындасы оған шын ғашық болған.

Трактористік курсті бітіріп келген кезі. Өзі жақсы спортшы. Колхоз намысын қорғап кейін аудан, облыс құрамасының қатарына алынған. Дарынды волейболшы дейтін. Әлгі қыз Остапты алыстан торауылдап: «киноға екі билет алдым. Барсақ қайтеді?» — деп ылғи жолын кес-кестейтін. Остап оны алғашында қызық көріп, бойын сырт салып: «кешір, уақытым жоқ. Бүгін жаттығуымыз бар»,— деумен болды. «Мен сені сүймеймін» деп бірден бетін қайтаруға батылы да жетпеді. Бірде, көктемде жер жыртуға шықты. Күнді қойып, кейін түнде де тракторға отырды. Бұрын неғып байқамағанын қайдам, жолдасы: Әй, Остап, ана қызды қара. Кешелі бері орман шетінде «жүр»,— деді. Қараса... Сол қыз. Ақ көйлегі желбіреп тұр. Қолында шүберекке ораған түйіншегі бар. Остап өзіне бөлінген жерді жыртып болып қасына келді. «Кімді іздеп жүрсің, Нюра?» — деді. Ол күмілжи: «Саған тамақ әкеліп едім, Остап» — дейді. «Мен аш емеспін. Азығым бар. Үйге қайт, Нюра, шешең іздеп қалған шығар»,— деді. «Мынау ыстық ас. Жаңа ағаш жаңқасына қойып, ысыттым»,— дейді. Остап амалсыз ыстық борщын ішті. Қыздың өзінен көзін алмай телміріп отырғанын аңдап, ызасы келді. Бір жағы қияңқылығы да ұстап: «Нюра, сен мені сүйемісің?» — деді. Нюра не дерін білмей абдырай түсті. «Кел ендеше, мен сені сүйейін» — деп оның болмашы қарсылығына қарамай, бөтен жігіттің көзінше ернінен құшырлана сүйді.

Нюра бетін баса жылап, ауылға қарай қаша жөнелді. Жұмыстас досы Остап қылығына ренжіп: «ол сені сүйеді ғой. Неге мазақ етесің»,— деді. Сонан кейін Нюра мектеп бітіріп қалаға кетті. Остап өзі сүйген қызға үйленді. «Мен қазір сол Нюра да, Кенжеқыз мен... Еркіндігі де, батылдығы да сонан»,— деп ойлады Остап.

— Неге үндемейсіз? — деді Кенжеқыз жігіттің қабағы түйіле қалғанын түсіне алмай.

— Күткеніңіз — бақыт болсын. Өзге не дейім?

— Рақмет... — Кенжеқыз да әйел көкірегімен жігіт үнінен біраз жәйді ұққан еді. Езуіндегі күлкіні жиып алды. Жүзі солғын тартып, көзіне ауыр мұң ұялай қалды.— Күткенім — «қара қағаз» болды.

— Иә, соғыс талай арманды жерледі ғой.

— Өлді дегенге сенгім келмейді. Ол мен үшін тірі... Естимісіз, Остап? Ол тірі...— Кенжеқыз көмейіне ащы өксік тығылғандай үні бұзыла тоқтады.— Мен шын сүйем оны. Ол менің — бақытым, арманым, қуанышым, қызығым. Дүниеде ондай адал, ақжарқын, батыр жан жоқ. Біздің қазақта еркек әйел ісін істемейді, ар көреді. Ал, ол киіз басатын. Тракторшы да еді. Қызыл шыбықтан шетен де тоқитын. Ауылдың барлық терезесін дерлік сол жасаған, ағаш шебері. Қызыл қыш-кірпіштен пеш те салатын. «Кенжеқыз, соғыс біткенсін екеуміз балаларды алып, демалыс үйіне теңізге барамыз. Ел аралаймыз. Мен инженер болам. Үй тұрғызам»,— дейтін. «Сені сүйем. Ғашық жанның қолынан бәрі келеді. Өйткені олар арманшыл, өмірді сүйеді. Сенбейсің бе? Міне, қол... Сөзім сөз! Менің уәдеге беріктігім өзіңе аян»...

— Жалынды жан екен де.

— Иә, өткір еді. Еңбекқор болатын. «Менің бар байлығым өзіңсің»,— деді ол соңғы келгенінде. Үлкен бір шабуылда ерлік көрсеткенсін екі апта демалыс беріпті. «Сен тынық, ештеңе істеме»,— десем де болмай, үйдің төбесін ашып, қайта жапты. Қораны, қақпаны жөндеді. Бір күн тыным таппады. Жүрерінің алдында ғана, осындай кеште: «жаным, айтшы не тілегің бар?» — деді. «Не тілегім болушы еді сенен. Аман-есен оралуыңды тілейім!» — деп күлдім. «Дүниеде сенен өзге маған еш қызық жоқ»,— дедім.

«Кенжеш, мен өлімді көзіммен көп көрген жанмын. Талай арыстай азаматтар қыршын қиылды. Бәрі де өнерлі, өрімдей жастар. Олар да өмірді сүйетін еді. Арманда кетті. Осыдан он бес минут бұрын туған жері, елі жәйлі сыр шертіп, жарқылдай күліп жүрген досыңның қансырап «апалап»... жатып көз жұмғанын көруден ауыр, қиямет жоқ. О да басымыздан өтті. Үстіңнен ысылдай жаңбырша оқ жауып, жер солқылдата снарядтар жарылғанда кірерге тесік таппайсың. Өзіңді-өзің тежеп: «мен елімді қорғауға аттанбап па едім? Бұным не? Кенжешім, балапандарым естісе не дейді? Жарым, балаларым мен үшін қорланып, азап шекпей ме? Халқымның ар-ұжданы емеспін бе? Жо-жоқ, өлсем де қарыс қадым шегінбейім. Өлмеймін, өлтірем жауды!» — деймін қайсарланып. Көрдің бе, Кенжеш, сен менің туымсың! Менің ерлігімнің ішінде сен де, балаларым да, туған халқым да жүр. Бір ескертерім — сенің күйеуің ешқашан да халқын ұятқа қалдырмайды. Осы есіңде болсын! Көп сөйлеп кетті-ау демегейсің. Соғыстың аты соғыс. Әлдеқалай майданда қаза тапсам, саған айтар бір тілегім бар...» дей берген еді: «аузыңа қай-қайдағы жаман сөзді алмашы. Сен өлмейсің! Естимісің, өлмейсің! Жеңіспен ораласың!» — деп жылап жібердім. Ол шошына, мені құшақтай жұбатып: «әрине... әрине, біз жеңеміз. Қойшы енді, жаным. Жә, айтпай-ақ қояйын»,— дей берді. Көңілінде ашылмаған сыр, арман кетті. Мен бейбақ неге жыладым? Не демек еді? Енді, міне соған өкінем. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген емес пе? Бекер... Бекер тыңдамадым. Ақымақ басым, ең болмаса артында сәбилері барын ойласамшы. Ертең оларға не дейім?..»

— Кенжеқыз... Сабыр, жыламаңыз,— деді Остап келіншектің бетін баса екі иығы дірілдей егілгенін көргенде не істерін білмей абдырап.— Мүмкін тірі шығар. Қара қағаз келгенмен кейін аман оралғандар да бар ғой. Жаман ырым бастама.

— Рас па, Остап?

— Иә, ондайлар аз емес. Жылап отырып, жадырай күлетін; күле түсіп, көзіне жас алатын бір кісілер бар. Тегінде ондай жандар қасіретшіл емес, өміршең келеді. Мынау Кенжеқыз да соның бipi болса керек деп ойлады Остап. Әлденеден үміттене қалып, келіншектің енді міне жүзіне шуақ жүгіріп отыр. Шығыс адамдарындай көңілімдегіні жұмбақтамай тоқ етерін айтайын»,— дегендей ол бір шешімге де келді. Әйтсе де аңысын аңдай іркілді.

— Остап, мен де саған бір сауалымды білдірейінші, көптен ойымда жүр еді. Айып етпесеңіз...

«Өзі бастады. Тіптен жақсы. Жолым болғай, иә, ол не? Көңілін білдірмек пе? Е, оның айыбы не?» Остап шыдамсыздана:

— Айт, Кенжеқыз, қысылма,— деді.

— Сіз танкиссіз бе?

— Иә...

— Менің күйеуім де танкист.

— Ә, солай ма?! — Остап келіншекті аяп кетті. Өз мүддесін ұмытып ақжарқын, адал көңілімен ақтарыла қалай да жұбатуды ойлап:

— Танкист де... Е, онда бекер жылайсың. Майданда талай қызық жәйлар болады. Мысалы біздің полктан бір танкі үлкен шабуылда үшті-күйде жоғалып та кеткен. Екі аптадан кейін табылды. Белоруссияның батпағына танкі мүлде батып, өздері аман қалыпты. Ал біз қара қағазды үйлеріне жіберіп те қойғанбыз,— деді.

— Мен... Мен сізге «қағазды» көрсетейінші,— деп Кенжеқыз сол жақ бөлмеге бетін орамалымен сүрте кіріп кетті. Бір жапырақ қағазды алып қайта шықты.

Остапқа беріп, жақсылық хабар күткендей телміре қарап отыр. Самаурынның да үні әлдеқашан өшкен, үш аяқты темір табадағы шоқ та сөнген; алдында шала ішілген, суық шай. Екі көзі Остапта. Өзі күні кеше майданнан оралған адам, ол білмесе айтпайды ғой дегендей жүзінде үміт нұры ойнап тұр. Остап әуелі қағазға бір көз жүгіртіп алды да, ортадағы шамға жақындата ұстап, асықпай оқуға кірісті. Әдетте: «пәлен жорықта күйеуіңіз ерлікпен қаза тапты»,— деп бастайтын. Бұл хатта жалпылама жазылыпты. «Үлкен шабуыл үстінде жанқиярлық ерлік көрсетті. Майдан даласынан оралмады. Біз жауынгерлеріміздің Отан үшін көрсеткен батырлығын ешқашан ұмытпаймыз»,— делініпті. Өзге тілге тиек, негіз болғандай жер аты аталмапты. Остап бұған да шүкір дегендей шын қуанып:

— Міне, айтам ба, күйеуіңнің қай мекенді өлкеде опат болғаны көрсетілмеген. Демек, анық өздері де білмейді,— деді.

— Рас па? — Кенжеқыз жайраңдай күліп жіберді.

Остап әбестік істеп алған жандай қысыла, бір жағы өзінің аңғалдығына күйініп үндемеді, келіншек көкірегіндегі үміт отын онан әрі үрлеп, әбден сендіргенше неге аласұрдым деп өкініп отыр.

— Кенжеқыз, мен кетейін. Уақыт біраз болды білем,— деп Остап балдағын қолына алды.

— Келгеніңізге, адал ниетіңізге рақмет, Остап. Жылап-сықтап берекеңізді кетірдім. Ол үшін кешірерсіз.

— Уақасы жоқ, Кенжеқыз. Мезгіл солай ғой.

— Иә...

Остап ақырын ауыз үйге өтті. Кенжеқыз әперген шинелін киді. Балдағын қолына ыңғайлай алып, терең күрсініп қалды. Есікке жете беріп, кейін бұрылды:

— Кенжеқыз,— деді батылсыздау күңк етіп.— Сізге қазіргі сәтте бірдеңе деудің өзі ұят.

— О не дегеніңіз, Остап? Сіз менің аса құрмет тұтар, қадірлі адамымсыз,— деді Кенжеқыз күлімдей. Тіпті жаурынынан қағып, сүйіне иығынан да сипап қойды.

Остап келіншектен мұндай ыстық ықылас күтпеген, кәдімгідей көңіл түкпірі жылып сала берді. «Қара қағаздың» аты қара қағаз. Келмесіне сенеді. Мені де қимайды. Өзі айтсын дейді. Әйел адамның жолы жіңішке ғой. Еркектен бұрын қайтып сыр береді. Мен бастауға тиіспін». Ол басын жерден шұғыл көтеріп алды:

— Сізге қояр сауалым бар тұғын. Қайтерімді білмеймін.

Кенжеқыз таңдана жігіт жүзіне үңіліп, жақындай берді де, біртүрлі әлденеден шошынғандай ығыстап тоқтады. Остап жанарынан ыстық көңілдің сағыныш сәулесін аңдап, үрейленіп тұр. «Айтпағай еді» дегендей көзінде жалыныш та бар. Әйелге өзі қатты құрмет тұтар, сыйлас жанның бетін қайтарғаннан ауыр азап жоқ. Сырлас, ақылдас көрер, мұңдас кісіден айырылу, оны жатырқап кейін бойыңды аулақ салудың оңай еместігін жетім көңілді жесірлер жақсы біледі. Сүйіп қосылған қосағынан зәбір-жапа тартса да, тез ұмытып қайта табысары хақ. О да ана шапалағындай шипалы, кексіз тірлік. Сүйген жүрек кешірімшіл. Ал, достық мүлде өзгеше жұмбақ. Реніш бойға сіңбейді, жүрек түбіне тұнады. Жаман астан ұшынған жандай бір жағымсыз тірлік кештіре, жан қиналады. Осының бәрі Кенжеқыздың көңіл елегінен өте шықты. Не дерін білмей әрі-сәрі күйге түскені сонан еді. Остап қояр сауалдан да түбі бір құтылмасын сезеді.

— Айтыңыз, Остап,— деді ол күмілжи.

Остап келіншектің ұзақ үнсіздігін жақсылыққа балап-ақ қалыпты; кәдімгідей желпініп, жалтақтай берді. Кенжеқыз қабағын шытып, аузын қолымен көлегейлей ығыстап, жауырынын есік жақтауына тірей тұрды. Көзінде үрей бар.

— Жо-жоқ, айтпайым...

Ол Кенжеқыздың жуық маңда күйеуін ұмытпасын, қатты сүйетінін жанарынан оқығандай болды. Біртүрлі жүрегі лүпілдей алып ұшып, жүзін тайдырып алды. «Бос әурешілік. Ол күйеуін сүйеді. Әне, қабағы да түйілді. Көңілін білдірмесе дейді. «Остап, нені айтпақсыз?» — деп Кенжеқыз сұрар деген де үмітте еді, о да ақталмады, елеусіз қалды.

— Остап...

Жігіт сұрлана сырт айналып, жауырыны күржие есікке бет алды. Кенжеқыз ілесе шығып, үш-төрт мәрте атын атаса да, ол қайырылып қарамады. Әрине, жігіт ренішті. Өзіне де ызалы. Әйтсе де не істейді? Қазір ол қара көлеңке көшені бойлай балдағы сықыр-сықыр етіп, қылаңдай кетіп барады. Ұзап, көзден ғайып болса да, балдақтың тастақ, тоң жерге тиген тақыл-тақыл үні әлі естіліп тұр.

12

— Қабағың бір ашылар болмады ғой. Жадырап күлгеніңді де көрмедім. Шілдехана, той-томалақтан да сырғақсисың. Қатар жүргің де, барғың да келмейді. Сылтау іздейсің, әлденені тілге тиек қып көзіңе жас аласың. Meн бір құбыжық жан сияқтымын. Ел, «арысым» десе, сен көкірегімнен кері итергендей «жатсың» деп қарайсың. Қара жамылмасаң да ұялы, шұғылалы маған ғана таныс, жүрегіме ыстық жанарың өлі судай жылт жоқ. Не істедім? Жазығым не? Жазираш-ау, сенен өзге менің кімім бар? Ойпыр-ай... Құдай-ай, қуаныш емес бұл үйге, сорлы басым, қайғы-қасірет әкеліп пе ем?!— деді Наурыз үні бұзылып. Төрде, қалың көрпенің үстінде отырған, жұлқына көтерілді; киіз үстінде тұрған жетілік май шам екпінінен жыпылықтап сөніп қала жаздады.

— Маған не істе дейсің, Наурыз? Түсінбейім...

Шымылдық пешке жаурынын бере, бір тізесін құшақтап отырған Жәзира сәл мойнын бұрып, көз астынан қарап қойды. Үстінде қынама бел, ақ шұға көйлек. Үлкен қара бұрымы оң иығынан құлай түсіп тұр, балапан маңдай шашы бұйраланып барып самайға ұйысыпты. Әлгінде ғана ішілген кешкі, ыстық астан ба, жүзі бал-бұл жанып, оймақтай ерні шамның жарығында шиедей қып қызыл; екі езудегі болмашы көлеңке де құбылып кете береді. Наурыз — «түсінбейім» дей қитықтанып, ашу шақыра жалт қарағаннан әріге бара алмады; әйелінің аса көрікті екенін білсе де дәл бұл күйі көрмегендей еді, іркілгені де сонан. Ол өз-өзінен ыңғайсызданып жүзін тайдырып әкетті. Аяғында тоқыма жүн шұлық, белбеусіз, тік жаға гимнастеркесін галифе шалбарының сыртына шығарып жіберген, бөлме ішін ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Сәлден соң тамақ астындағы түймесін ағытып, жел қағып тотыққан кескінді келбеті сұрлана, сырт қарай терезе алдына тоқтады. «Бүгін де үнсіз... Түн жараса ауып барады. Ылғи таңға жақын жатамыз. Жоқ, бұлай өзіңді-өзің алдап өмір сүруге болмайды. Бәрін де айту керек. Шошынса қайттым? Біржола безінуі де мүмкін ғой». Наурыз қайтып кеп төрдегі өз орнына, екі бүктеп салған көрпеге, жастықтың бірін жұмарлай қолтық астына баса жайғасты; көз қиығын ұрлана Жәзираға тастаған; ол әлі сол күйі, мізбақпай, сытыр-сытыр жанған жетілік шамның пілтесіне қарап отыр екен. Назарын өзіне бұрғалы Наурыз жөткірініп қалған, Жәзира үркектей басын жерден көтеріп алды.

— Ә... Иә, төсек салайын,- деп.

Орнынан ширақ тұрып, терезеге жақын, киіз үстіне қалың көрпе жайып, жастық тастады; жолбарыстың терісіндей тарғыл одеяло әкеп аяқ жағына қойды. «Тағы сыңар төсек... Бөлек жатақ деген осы. Қазір өзіне пеш түбіне салады. Әне, айтам ба...» — Наурыздың қабағы түйіле қалды.— «Қайтсем, ә?!»

Келген күні ғана бір төсектес болған; сонан соң-ақ Жәзира жүрегім қысыладымен іргесін кейін тепті. Ілкіде Наурыз бұнысына сенсе де, бертін келе тіптен оның өзіне салқындығын сезінді; мұның бәрі әйелдік жатсыну, жирену боп шыққансын ызаланатынды тапты. Әйтсе де еркектігі ұстап, дауыс көтеріп, қол қатқан жоқ. Өйткені Жәзираны не деп жазғырарын білмеді. «Жүрегің қысылмақ тұрғай шоршып шықсын, бұлай өмір сүре алмаймын» деу ұят қой. Жә, деп о баста бұған көнген өзі.

— Наурыз?

— Ay.

— Менің сенен көптен сұрағалы жүрген жәйім бар,— деді Жәзира төсегінің үстінде отырып. Көзі шамның жарығында.

«Өзі бастамақ па еді. Е, сонысы керек қой. Енді дүние өртеніп кетсе де айтып тынармын»,— деп ойлады Наурыз қыпылықтай.

— Түнді-түнге ұластырып, күнді-күнге қосып, сарыла күткенім рас. Арыңа қылау түсіріп, көзіңе шөп салсам ертеңгі таңды көрмей өтейін, Наурыз... Жесір әйел де жел өтінде тұрған каңбақ сияқты. Желбуаз сөз ергіш... Дөңгелентіп ала жөнеледі. Қаңбақтың қонарын сай біледі, өсек-аяңның тұрағын кім біледі? Мүмкін мен туралы естігенің, білгенің бар шығар, Наурыз? Болса іркілме, айт. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Ақталмаймын, өйткені ақпын.

— Естімедім десем өтірікші болармын. Ел құлағы – елу. «ЬІқсан сөз айтып жүр. Қатының кет әрі емес білем»,— деген хатты госпитальдан шығар жерде алдым.

— Кімнің хаты?

— Исахметтікі. Шынымды айтсам, таңдандым. Сенбедім.

— Неге?

— Ықсан сөз айтса, сен кет әрі болмасаң маған кел деуіңнің еш қисыны жоқ. Жалғандығын сонан сездім, Жәзираш. Келгенсін ойымның дұрыстығына көзім жетті.

— Наурыз, сен бәрін де біледі екенсің. Маған тағар айыбың бар ма?

— Сұрағыңды түсінбедім ғой, Жәзираш?

— Мені неге алдадың?

Наурыз бірден жауап қатпады; терең күрсініп, үнсіз біраз отырды. Жан қалтасынан шылым ап орады; қос танаудан бұрқырата шығарып, көз алдында сейіле қоймаған бозғыл түтінді қолымен желпіп қойды. Осы сұрақтың түбінде бір боларын білсе де, нақ қазір күтпеген; тосылып қалды. Ойын жинақтай алмаса да:

— Жәзира, мен саған майдандағы өмірім жәйлі жартымды ештеңе айтқаным жоқ,— деді жөткеріне түсіп.— Әрине, соғыстың аты соғыс. Әңгіме онда да емес, адам тағдырында.

— Адам тағдырында? О не сөз, Наурыз?

— Қорықпашы, Жәзираш. Мен ел алдында да, үкімет алдында да адалмын... Үш рет жараландым. Ең алғаш неміс оғы Житомир түбінде тиді. Өлім мен өмірдің арасында жаттым. Дәрігерлердің, қала берді бір адал сүт емген әйелдің күтімі жанымды сақтады. Тағдырдың жазуы солай ма, қайдам, онымен көңіл қостым. Үш-төрт ай бірге тұрдым. Саған айтуға көңілім дауаламады, әрі қимадым. Және де көп кешікпей майданға түсіп кеттім. Онан кейін де екі жарақаттандым. Соңғысында контузия алып, мына сол қолымның бұлшық етін оқ жұлыпты... Мүмкін снарядтың жарықшағы шығар, білмейім. Әйтеуір есімді госпитальда жидым. Арада бірнеше ай өтті. Бір күні жанымда жатқан екі көзінен айрылған солдат өкіріп, басын орай байлаған бинтті жұлып, лақтыра бастады. Әйел біткенді «опасыз, сатқын... фашистен де өткен қаныпезер» деп даттады.

Көп уақыт тынши алмады... Ертеңіне, сабасына түскенсін мен оған қосылмайтынымды білдіргем, ол мысқылдап; «қатының күйеуге тиіп кетпесе шүкір де. Әйтпесе екі аяғым, қолым жоқ келейін бе?» — деп сынап хат жазып көрші, не дер екен. «Көрейін періште әйеліңді»,— деді. Ет қызуынан ба «жарайды» деппін. Сенің алдыңда болса да күнәлімін. Не дейін саған... Оған жаздым. «Кешір.. Мүгедекпен өткізер өксік өмірім жоқ»,— деп мені ол кері тепті, қабылдамады. Міне, көрші,— деді де, Наурыз capғыш тартқан көкала телеграмма бланкасын гимнастеркесінің төс қалтасынан шығарып, Жәзираның алдына тастай салды. Қағаз төрт бүктелген екен; ашылған алақандай жазыла түсіп жатыр. Жәзира тіксіне көз тастағаны болмаса қолына алмады.— Төбе шашым тік тұрды. Түңілдім онан... «Іргелес жатқан солдат сөзі шын ба? Неге олай?» — деп қатты толғандым. Еріксіз есіме сені алдым... Саған сеніп ем. Ойымнан шықтың...

«Ойымнан шықтың» дейді? Мұның алдында құным шамалы екен ғой. Кімді күткенмін, тәңірім-ау... Кімді —деп ойлады ол.— «Жазығым не? Бұ несі? Тағы біреуге үйленіпті. Бәрі де оп-оңай... Ықсанның қасында бұ да адаммын дейді-ау, ә? Онымен де теңгермек болыппын...» Жәзира іші-бауырының қалтырап баратқанын аңдады; астыңғы ернін тістелеп, шыдап бақты. Наурыз әлі сөйлеп отыр:

— Рас, мен кінәлімін. Кешір, жасыра алмадым. Айтпай келдім... Ішіме сыяр болмады. Көңілімнің көзі де, жүрегімнің сөзі де жалғыз өзіңсің. Басқаға онда орын жоқ. Отқа сал, суға сал. Қабақ шытпай өтем. Сенің... Сенің мен дегендегі үлкен жүрегіңе сеніп келдім. Білем... мұндайды кісінің кісісі кешіреді, Жәзираш...

Әйелінің мұңды, ауыр, ащы жас үйірілген жанарын көріп іркілді. Адамның кейде өзіне-өзі жиренішті көрінетін кезі болады, ол қандай безбүйректігін де, зымияндығын да сол бір сәтінде ұмытып, қатты түйлігумен жүреді; қатар-құрбысымен де әңгімесі жараспай алас ұрады. Бойын билеген ызаның да қайдан туындап, неден екенін де білмейді, аңдамайды. Наурыз да әлгі бір өкінішке толы әуенінен жаңылып, шытынай бастады.

— Енді міне, жасырынбақ ойнаған баладаймыз. Үндемейсің. Аяқ-қолымның барлығына шүкірлік етпеймісің. Анау сызды далада, орман арасында жау оғына ұшып қалған аз ба?!. Неменеге қара жамыласың? Сұмдық-ай... Сұмдық! Әлде аяқ-қолды маған көпсінемісің, ә?

— Иә... Болмағаны жақсы еді.

— Жәзираш, не деп отырсың? Иә, тәубе де... Тәубеге кел. Есің дұрыс па? — деді Наурыз орнынан атып тұрып.

Жәзира үндемеді. Көзінен ытқып кеткен жасты да сүртпей, бүктүсе отыр. Наурыз сәл қипақтап тұрды да, бұрылып есікке бет алды. Жәзира жастығына етпеттей құлап, тұншыға ұзақ жылады... Сол күйі ұйықтап кетті. Ол Наурыздың даладан келгенін, шешініп салулы төсегіне жатқанын сезген де, білген де жоқ...

Көктем айы... Таң қызыл иектеніп келеді. Балауса көктің беті шықтанып, болмашы сәулені қақпақыл қып ойнап, жымың-жымың етеді. Бозторғай үні де ашық, қалықтап тұр. Жәзира оң иығындағы жарты қап қиды жерге қойып маңдай терін сүртті; белін жазды. Әлдеқайдан салқын самал соқты: ол көз алдындағы кіреукенің сейіліп, тынысы кеңігенін сезінді. «Ойхой, таңғы самал-ай. Салқын бұлақ суынан бетерсің-ау». Дала қара күреңітіп қалыпты, бусанып жатыр. Сай-сала үстінде нәзік, ақ ұлпа селдірейді. Қызғылт жиектен қалың нөпір көрінді. «Бұ не, құдай-ау?» Жәзира таңдана қарай қалды. Алыстан әлгі сынаптай сырғыған қара желмая тәрізді. Әне, енді бетін түстікке түзеді; сүйірленіп, садақтың оғындай ағып барады. «Ойпыр-ау, мынау жөңкілген жылқы ғой. Бөрі тимесе игі еді да. Неден осынша үрікті? Алдындағы торының жалдысын-ай? Басы да кішкентай екен... Құрық тастам алда жұлынуын жануардың. Бері... Бері бұрылдыма-ей. Сақтай гөр құдай, таптап өтпесе неғылсын». Жәзира жарты қап тезегін тастай қашып еді, құтыла алмады; есірген жылқы қоя ма, дүркірей қуып жетті. Асып кетті. «Маған не көрінді?.. Мыналар балалар ғой. Иә, иә... Өзенге шомылғалы бара жатқан балалар Әйтпесе құтырынған бір үйір жылқы таптап өтпей ме? Сонда балалар сарала таңнан суға түсе ме? Су суық емес пе? Және де ай далада не бітіріп жүр?». Ол қабына еңкейе берген, ту сыртынан ат тұяғының тысырын естіді. «Тағы да жылқы ма?» Басын көтеріп, таңдана бұрылған — салт атты екеу өзіне таяп қалыпты. «Ойбай-ау, мынау әлгі Исахметтікіне келіп жүретін шал ғой. Есімі кім еді? А, иә... Бақан... Ұсталды, түрмеде дегені қайда? Бұ ай далада неғып жүр? Қасындағы кім? Исахмет пе? О неге жүзін алып қашады-ей? Тура қарамайды. Мына... Мына шал неменеге күледі. Жылымшыланған көзі қандай жаман. Атынан түсіп келе жатыр ғой. Өй, не керек өзіңе?» Бақан өңіреңдеп төніп келеді. Жәзира Исахметке: «уа, қайнаға, мынауыңыздан құтқарсаңызшы» дегендей жалбарына қараған, анау сырт айналды. «Тәңірім-ay, Исахмет емес... Жо... жоқ. Бұ... бұл Наурыз... Иә, Hayрыз. Наурыз ғой... «Наурыз, қорлатпасайшы»,— деп айқайламақ болған, үні шықпай қалды. Бақан көтеріп әкетті...»

Жәзира қансорпа терлеп, шошына оянды. Мұның бәрі түсі екеніне көзі жеткенде: «уф...ф!» — деді терең тыныстап. Шам сөнген, үйдің іші ала көлеңке. Наурыз төрде қорылдап ұйықтап жатыр. Аула ішінен қораздың қылғынып шақырғаны, әр тұстан әупілдей үрген иттің даусы естілді, Жәзира орнынан тұрып төсегін жинап, қазанды тазалап су құйды. Керзі етігі мен күпейкесін киіп, қалың қоңыр орамалын тамақ астынан орай тартты; мұның бәрін күндегі дағдысынша тез істеді. Колхоз сауынға бір сиыр берген; соны сауғалы далаға шықты. Аспан қара қошқыл, аласапыран. Бетке салқын, ылғалды леп соғады; ауада жаңбыр иісі бар. «Әй, бүгін түске жетпей-ақ жауарсың-ау. Қашанғы түнерермін дейсің... Артың қарға айналмаса қайтсын, суытып кеттің ғой»,— деп ойлады Жәзира.

Сиырды сауып бола берген:

— Апа!.. Тәтай апа? — деді бала даусы аула сыртынан. Наурыз қақпаға ілгешек жасаған; қас қарая бекітіп тастайтын. Сол әлі ашылмаған екен, аржағынан баланың қылтыңдаған төбесі көрінеді. Жәзира шелегін жерге қоя сап, жүгіріп барып ашты.

— Шолпанбысың? Жәй ма?

— Тәтай апа... Тәтай апа, сүйінші!

— Иә...

— Сүйінші? — деді Шолпан ентігіп. Екі бетінің ұшы қызғылт тартыпты; суық сорған ғой. Көзі күлім-күлім етеді. - Кенжеқыз апам ұл тапты? Ұл!..

— Ұл ма?

— Иә... Мә, апа!

— Мынаны ал, Шолпанжан! Ал деймін! Үлкен болғанда тағарсың,— деп Жәзира қоярда-қоймай саусағынан алтын сақинасын алып берді.

Шолпан қуана секіріп, жүгіре жөнелді. Жәзира тұрып екі жұмалық демалысқа келген әскери киімді, көнтек ерін, ұзын қара жігіт оның әлі көз алдында. Сарала таңнан тұратын; қолында кетпен, күрек. Сауынға бара жатқан қыз-келіншекке жадырай амандасып, қол бұлғап қалатын. «Шаңын бұрқыратып үйдің төбесін ашып, қамыспен қайта жауыпты. Қора-қопсысын жөндеуге кірісіпті»,— деп ел жігіт ісін алғашында ерсі көрсе де, кейін бұған қуанды; өйткені ол сәл де болса соғысты ұмыттырып, бейбіт тірліктің қызығына, рахатын танытып кетті. Ел әлі күнге оны сүйсіне «азамат еді ғой» деп еске алады. Міне, дүниеге үшінші ұлы келді... Әкесінің көзі... Жәзира сиырын өріске шығарып сап, инағашпен өзенге бет алғанда да осы ойдың құшағында еді.

Өзен беті шымырлап жатыр. Жаз күндеріндей емес, балықтың асыр салып ойнауы аз. Жәзира салқын суды резина етігімен кешіп барып тоқтады; шелегін толтыра алып қайта шықты, инағаш жанына апарып қойды. Қолына екінші шелекті алғалы еңкейе берген, жылқының пысқырғанын естіді. Қараса... Ықсан. Атын суғарғалы келген бе? Ауыздығын алып жатыр. Жәзира бір сәт іші жылып қоя бергенін сезінсе де, өзін-өзі ұстап үлгерді. Жүзін тайдырып әкетті... Оның көзіне сол кезде өзен бетінде қалықтаған қарайған, ірі нәрсе шалынды. «Бұ не? Адам ба? Әлде бөрене мe? Жо... жоқ, онан ірі. Ағыспен ығып барады». Ұрлана Ықсанға көз тастаған; о да көрген екен, қарап тұр.

Жақындағанда ғана ажыратты; ескексіз, иесіз қайық. Ішіне біраз су да толған сияқты, ауыр бұрылады. Батуы да жақын тәрізді.

— Жәзираш, Бақанның... Бақанның қайығы ғой,— деді Ықсан дауыстап.

Келіншектің көз алдына сонау жаңбырлы түн, Ықсан екеуінің суға барғаны, жүрек лүпілі, тәтті бір сезім, бейтаныс салт аттылылар, бұлардың үнсіз бақылап, тығыла қалғаны келе қалды. Сол бір бақытты шақтың куәгері мына қара қайық оған аса ыстық тартып кетті:

— Жақсы қайық... Әттең ескегі жоқ, иесіз...

— Иә. Дұрыс айтасыз... Әсем қайық, — Ықсан үні жүдеу шықты; оны әйел көкірегімен Жәзира сезе қойды. Әйтсе де сыр алдырмай аңдамаған ыңғай танытты. Шелегінің ішін шайған боп, күйбеңдейді.

— Жәзира!

— Ау?

— Көптен көрінбей кеттің ғой. Қалайсың, Жәзираш?— деді Ықсан ат жалының үстінен мойнын созып.— Неге үндемейсің? Әлде менің ренжіткен жерім бар ма? Не жаздым саған?.. Мен бақыттымын. Сен ше? Қалайсың, Жәзираш?..

Ол «бақыттымын» деп айқайлаған адамның бақытты бола бермейтінін білетін; Ықсанның да өкінішсіз еместігін аңдады. Асықпай екі шелекті инағашына іліп алды да, тал шыбықтай бұрала басып, өзеннің түйе тайлы қабағына көтеріле түсіп тоқтады. Мойнын сәл бұрып:

— Ықсан, біз осы өмірде неге асығамыз? Неге? Ағыспен ыға беретін ескексіз қайық емеспіз ғой. Неге? — деді.

— Жәзираш...

— Бақытты бол, Ықсан! Саған тілегім сол.

— Жәзира!..

Ықсан ұмсына түскен, ол бұрылмады; қайырылып та қарамады. Жүре берді. «Бәрі мені аяйды. Мүсіркейді. Мен кім үшін өмір кешем? Кімге керекпін? Наурызға ма? Жоқ... оған құным арзан. Сонда мен кімді қимаймын? Әкесін жоқтар-ау дегендей менде бала кәне? Не көрдім өмірден? Ылғи күту біреуді... күту. Менің маңдайыма күтуді... тек күтуді жазғаны ма? Күткенім кім?» Жәзира ой үстінде үйге қалай тез кеп қалғанын байқамады.

Есік ашық. Наурыз әлі ұйықтап жатыр. Қор-қор етеді. «Иә, мен бұған бүкіл өмірімді арнадым-ау». Ол батыл бір шешімге келгендей болды. Екі шелекті ауыз үйге қойып, төргі Наурыз жатқан бөлмеге кіріп қағаз, қалам алып шықты. «Наурыз, мені күтпе, іздеме. Жолың ашық, басың бос... Кеттім. Хош... Жәзира»,— деп баттита жазып, оны үстел үстіне қойды. Сонан соң талай жыл жылы ұясы болған үй ішін көзімен сүзіп өтті.

Бәрі де өзгеше елес беріп, әлдебір сырдың куәсіндей өзегін өртеп барады. Ең әрісі анау терезе алдындағы айнаның сынығы да, мынау есікке жақын, күпәйкесін ілетін қара шеге де осы қазір көзіне аса ыстық. Жәзира көкірегі қарс айрыла ауыр күрсініп: «Теңізге... Балықшы әкеме барам. Өзге жол жоқ»,— деді күбірлеп. Салқын есік жақтауына маңдайын сүйеп қалған; әлденеден шошынғандай селт етіп, басын жұлып алды...

Қолында қозы қарын түйіншегі бар жалғыз әйел өзеннің бұрылысындағы шағын ауылдан ұзап, қырлық жолға бет түзеп, кетіп барады. Күздің салқын, жабысқақ, беймаза жауыны сіркіреп тұр.

Октябрь 1963 — июль 1967 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз