Өлең, жыр, ақындар

Қиянда

Қас қарайып барады. Жазғы кеш тез қоюланып, жер бедері бұлдырай түскен. Аспанға үркіп жұлдыздар шықты. Бөктердегі жылтылдаған жалғыз отты иекке алған атты жолаушының жүрісі суыт. Кешкі тылсым шақты бунап, әлдеқайдан шырылдаған жалғыз құстың үні шалынды. Шығыстан ескен жылы самал көкірек қытықтайды. Жолаушы межеге таяды.

От дегені қыстау екен. Жолдың оң қапталындағы қыратта төрт құлақты жалғыз бейіт тұр. Одан әрі бұлаңытқан ұзын қора мен жапырайған там үйдің нобайы байқалады. От — сол тамнан жолға қараған терезесі. Тымық жатқан мекенді даңғаза қылып, гүр-гүр етіп дәу төбет атты кісінің алдынан шыққан. Жолаушы үйге тақай бере, есіктен сығалаған біреудің басын көрді.

— Ассалаумағалейкум! — деді іле бала даусы.

— Қонуға бола ма?

Жігіт оның жүзін көрмекке еңкейген. Он екі-он үштердегі бала үлкен адамдай салмақты қимылмен аттың басын ұстады.

— Түсіңіз, үйге кіріңіз.

Жігіт табалдырықтан аттай сәлем берді. Керосин шамның жарығымен бозалаң тартқан бөлме жұпыны ғана. Ортада — қазақы дөңгелек стол. Бұрышта — от жағылмайтындықтан үстіне қағаз төсеп, аузын бекітіп қойған қазандық. Оң жақта — ыдыс-аяқ қоятын қуыс. Қабырғадағы сорайған шегелерге ат әбзелдері, жұмыс киімдері ілініпті.

Жігіт сәлеміне жауап қайтарған жан болмады. Сәл кідіріп барып аңғарды, столдың ар жағында ақ сақалды адам ештеңе сезбестен төмен қарап, өз ісімен шұғылданып отыр. Үстінде — күнге оңған сұрғылт шапан. Жүні қырқылған ескі малақайдың құлағы қимылдаған сайын салаң-салаң етеді.

Босағада состиып, ыңғайсыздау тұрып қалған қонақ енді абайласа, қарт насыбай үгіп отырған сияқты. Әлгі жеткіншек жүгіріп барып, оның құлағына аузын тақады:

— Ата, қонақ келді, қонақ.

Шал түсінбегендей екі-үш қайыра сұрап алды да, қолымен жарықты көлегейлеп, есік жаққа көз салды. Ширақ қимылмен ұмтыла берген жолаушы әлденеден қымсынып, қалт тоқтап қалып еді. Өне бойын оқыстан жайсыз сезім шарпып, шіміркеніп кеткен. Қасы түксиген қарттың бір көзі ғана шұқанақ түбіндегі сарқынды тамшыдай жылтырайды. Жігіттің жүзін тағы бір барлап өткен ол шырамыта алмай, үңіліп тұрды да, қайтадан шаруасына кірісті.

«Отыр, шырағымнан» артық тіл де қатқан жоқ. Сапты аяқтағы қара бұйра насыбайдың иі қанып қалыпты. Шал алдындағы шүберекке қағып-қағып аудара салғанда, бұрқ еткен ашқылтым иіс танауды қапты. Былғауышты тізесіне сүйеп, шүберектің шетін шымшып ұстаған үй иесі бері бұрылған:

— Қайдан жүрсің, балам?

Сапарлап бара жатқан жолаушы екенін қысқаша түсіндірген жігіт шешіле түсіп, есендік сұрады. Баланың жаңағы айғайынан, шалдың қимылынан анық ұққаны көзінің кемтарлығымен бірге отағасы саңырау да екен. Даусын көтере сөйлеп, біраз жөн білісті.

— Бақан, от жақ, қазан ас! — деді шал баланың есік жақта елбеңдеген қалпына назар салып.

— Ата, ет асайын ба, шай қояйын ба?

— Шайыңды қауза әуелі. Қазан қайнай жатар. Арыста бірдеме қалып па еді, тоятындай қылып сал тамақты.

Осы сөз бұлжымас әмірдей бала қайта жүгіріп кетті. Аздан кейін ісін аяқтаған шал жұп-жұмыр ырғай таяққа сүйеніп, буыны сықырлай түрегелді.

— Бақан, бармысың? Мен тысқа шығып келейін.

Аласа есік шалқая ашылды. Жігіт темекісін сорып, жантайып жатыр. Жол соғып, қатты шаршаған түрі бар. Денесі дел-сал ауырлап, дамыл тілегендей. Төр алдында көзге іліп алар ештеңе шалынбайды. Көнелеу сырмақ, жүні ұйпаланған тайтері. Жұпыны бөлменін іші әлдеқандай жетімдікті меңзегендей. Есікті ашып-жапқанда, төр үйден дымқыл иіс келеді. Арсылдай-гүрсілдей шал енді. Шапанын желбегей жамылған. Өзі де еңгезердей адам екен, есіктен бүктеліп өтті, сұрғылттанған сопақ жүзі, жеңі түрілген тарамыс арық қолдары сумен шыланыпты.

Ұзын, ақ сақалынан сирек тамшылар сырғанайды. Жалғыз көздің қабағын серпе көтеріп, шүйіле қарағанда, аздап сескенгендейсің. Қарасы терең. Бірақ, әрі сыңар, әрі қызуы қашқан кәрі жанар дәл қазір бар айбатын сақтамаған. Өз заманында болып-болып, енді ғана дамыл тапқандай, сөніңкі. Төргі бөлмеге кіріп алып, жуық арада шыға қойсашы, намазын ұзақ оқыды... Жамбасына шапанын төсеп, жайғасқаннан кейін, жолаушымен сөзін қайта сабақтады. Мұның ата-тегін түгендей келіп, сона бір дәуірдің шежіресін шертті. Күні бойғы тынымсыз қозғалыстан қалжыраған жігіт енді ентелеп келіп тұрған ұйқымен алысуда. Маужырап, бойкүйезденсе де, құлағы — әңгімеде. Ара-тұра сөз орайында әлдене сұраған болады. Шал бір сарынды қоңыр дауыспен көсіліп отыр:

— Е, Дәулетбай батырдың ұрпағымын де. Текті жерден екенсің. Кезінде ол бабаң да осы өңірді дүрілдетіп еді-ау. Естіп пе едің ол туралы?

— Еміс-еміс қана... Қазір өзіңіз сияқты кәрі құлақтар азайып барады емес пе? Шет жағалата естісек те, бәрін біле бермейміз, — деді жігіт қысыла езу тартып.

— Осы күнгінің жастары соны ұққысы да келмейді. Қайтсін оны, бәрі өтті, кетті. Ешкімге қажетсіз.

Едәуір уақыт айтылған әңгіме қаншалықты тартымды болғанымен, қонақтың ойын кес-кестеп, алаңдатқан бір жай бар. Ол — мынау иенде жападан-жалғыз отырған екі жанның жұмбақ күйі. Шал өздері жайлы жарытып жақ ашпаған. Жігіт көкейіне мазасыз сауалдар үйіріліп, аузынан шығаруға бір түрлі қаймығып, тежеліп отырды.

— Дастарқанға кел, шырағым.

Қонақ қарны ашқанын енді сезіп еді. Алдына келген ешкінің қуырдағы аса дәмді көрінді. Баланың ісі шала дейтіндей шалағайлығы байқалмайды. Соған қарағанда, ас пісіруге әбден дағдыланған.

Жігіт енді Бақанға назар аударды. Сезімтал бала бота көздерінің кірпіктері дамылсыз жыпылықтап, бет райына қан жүгіріп, төмен қарады. Кішкене танауының үсті сәл тершіп, сүйкімділік рең береді. Келгелі көп үн қатқан жоқ. Жүріс-тұрысы, сөзі бой жетіп келе жатқан ұяң қызды елестетеді.

Жігіт үй иелерінің жайын сұрайын деп қанша оқталса да, жүрегі дауаламады. Сұраса, белгісіз бір жараның аузын тырнап алардай қарадай қуыстана береді. Әңгіме арасынан тиіп-қашып ұққаны — шал осы қыстаудың қорықшысы. Артында қалар жалғыз ұрпақ — осы Бақан совхоз ораталығындағы интернатта тұрып оқиды. Жазғы демалыста жүрген кезі.

Шал сөзінің арты көмескі бір ызыңға айналғандай, көңіл елегізіп, іштегі сауал жауапсыз қалды...

Жігіт басы жастыққа тиісімен ұйқтап кетпей, атасының Бақанға дамыл-дамыл айтқан ақылын тыңдап жатты:

— Манағы қаққан киімдерді кіргіздің бе? Күн ала-бұлттау, жаңбыр жауса, астында қалмасын.

— Кіргізгем, ата. Міне, іліп те қойдым.

— Ә, бопты онда.

Шал төсегі жерге салынған. Терезе жақ қабырғада барынша тәуір жиналған ақ бас кереует тұр, оған жатпады.

— Қонақ баланың жастығын биіктетсеңші. Бірдеме жаста.

— Жоқ, ақсақал, жарайды осы, — деп жігіт басын бүркеніп алды. Күңгірлеген үн құмығып естіледі:

— Бақан, ертең орталыққа барып келемін. Аз-кем шаруа бар. Желдібай ұстадағы шалғыны шыңдатып әкелермін. Таңертең ұмыттырмашы, Қадишаға ешкінің түбітін ала кетейін. Әнеугүні шәлі тоқуға керек деп, сұрап жүр еді... Басшыларға кіріп, қораның жайын айтпасам, тағы болмас, ерте бастан ескертіп қоймаса, ұмытылып қысқа қалады. Жаңадан есік қондырып, барлық терезесіне кәсек орнату керек. Өзің пішенге мал түсіріп алып жүрме. Тайды ерттеп ал да, төбеге шығып, қарап тұр. Алыстан қайыр, шөпке кірсе, бой бермей кетеді.

Қарт сөйлей жүріп, жатар орнын ұзақ баптады.

— Бақан, жастық төмен екен. Ана апаңның қара шапанын тасташы.

Жігіт бері аунап түсті. «Апаңның шапаны» дейді, онысы кім болды екен? Баланың шешесі ме, жоқ басқа біреу ме? Жөнсіз әуесқойлық жеңген ол көрпе астынан ыңғайсыздау сығалады. Ондық шам босаға жақта басулы тұр. Үй ішін сұйық қараңғылық кіреукелейді.

— Мұның киілмегеніне де бес жыл болды ғой.

Шал тастаған киімді алып, басына жастамай, бүктеп, бауырына басқан. Сосын жүрелеген қалпы шапанның астарын иіскеді.

— Қалқамның иісі шығады, — деді қарлыққан үнмен сыбырлай. Күбір-күбір сөйлеп, тағы да әлденелерді айтты. Жатар алдында аруақтарға бағышталған дұға ма, тілек пе, сол сыңайлы қастерлі сөздер.

Өзге дүниені ұмытқандай қара киімді тас қып құшақтап меңірейеді. Бір кездегі алпамсадай азаматтан қалған жұрнақ бүгіліп, шөгіп кеткен. Бар таянышы, медет тұтары — ақ көйлек-дамбалға умаждалған қара шапандай. Әлден уақытта күбірлей, көрпе астына енді.

Жігіт аунақшып, талайға дейін көз іле алмаған. Қалың ұйқы тартып бара жатқанда ойлағаны: «Не қылған жұмбақ жандар?»

Ертеңінде алаң-елеңнен тұрды. Шар айнадай шағын терезеге қараса, буалдырланып таң атып келеді екең. Сығырайған шам әлі өшпеген. Шал орнында жиылмаған көрпесі ғана жатыр. Танауы шуылдап, Бақан пысылдайды. Таңғы ауада салқын леп бар. Қара қошқылданып айбарланған таулардың сырт жағы қызыл шымылдық тұтқандай. Аспанда сол шымылдықтың шаршауындай алабұртып бұлттар тартыла қалған.

Жігіт айнала көз салып еді, шал көрінбеді. Арғы беткейде жайылып жүрген екі-үш жылқыдан басқа қора жақта азын-аулақ мал бар екен. Қыбыр еткен басқа ештеңе жоқ. Жүгенін алып, атына қарай беттеді.

Қыр үстінде осы маңның сақшысындай қарауытып, дараланған оқшау бейіт. Ертеңгі ашық аспанға, сол аспанның етегіне жармасқан масаты жоталарға, бұлақ басында жапырағы төгіліп бұралған сыңар терекке қарап, кеудесін белгісіз қуаныш билеген жігіт молаға көзі түскенде, қоңырайып көңілсізденіп қалды. Жансыз түнерген төрт қабырға еш мінсіз, мұңсыз бейғам дүниені жүдетіп тұрғандай.

Бейіттің еңіс жағында әлдене қошқылданады. Кеше жоқ сияқты еді, жолаушы көзіне әлгі зат кенет қыбырлағандай көрінді, таңырқап, солай бұрылған... Шал бейнесіндегі тас мүсін бе, жоқ тасқа айналған шал ма, жігіт бір ауық айыра алмады. Жеңімен көзін сүртіп, жақындай түсті. Әлдене сұрап телміргендей екі қолын молаға қарай созып, қимылсыз қалған дене қайтадан қатты...

Қасына баруға бата алмады. Атын есік алдына әкеп, асықпай ерттеді. Бұл айылын тартып, жөндеп жатқанда аяғын сүйрете басып қария да жетті. Азанмен қамданған қонағына таңырқай қарайды:

— Шырағым, неге ерте тұрдың? Әлде ұйқың жайсыз болды ма?

— Жүруім керек, ата.

— Е, асыққаның не, шай ішіп аттан.

— «Жол ақысы жүрсе өнеді» дейді ғой. Күн ысымай біраз жерге барып қалам.

Оны-мұнысын шұқылап, айналшықтай береді. Күйбеңдеп, көкейіндегісін сұрай алмай әуре.

— Айран ішіп ал онда, — деп қарт үйге кіргізді. Салқын қоймалжың ақты жұта отырып, жігіт өзін күштеп түйінді сауалын қойды:

— Ата, осы үйден жақсы сый көріп аттанғалы отырсам да, бір нәрсе мазалап, тыншытар емес. Түнде айттыңыз ғой біраз жайды. Сонда да жас баламен қиянда отыруыңыз түсініксіз. Және...

Ар жағында таудың арқарындай үрке тізілген көп сұрақ бар еді, іркіліп айтылмай қалды. Шал қабағын түсіре, сақалын білемдеді. Оты қашқан жалғыз көзі оқыс шаншыла қарағанда, дымданып, қызара түскендей. Мойнын сыртқа бұрып, күрсінгендей болды. Жігіт бекер айттым-ау дегендей іштей опынып, қамшысымен жер шұқылап отыр. Тура қарай алмай, қибыжықтай береді. Тымырайған жайсыз минуттарды еткізіп, қарт сөзін бастады:

— Е, балам, не сұрайсың менен? Не жұмбақ болушы еді мендей қаусаған кәріде. Алла деп тіршілік еткен жұмыр басты пенденің біріміз де... Мына қураған көкіректе не қалды дейсің. Аз ба, көп пе, бір өмір жасадық. Өз басымның бейнетін айтам ба? Айтсам, одан шығар мүйіз қані? Адам тіршілік еткенде, артымда титімдей болса да, жақсылық қалсын демей ме? Әйтпесе не үшін тірлік етпек.

Сондай елеусіз көптің бірі — мен. Адам деген өмірге тасып келіп, тозып кетеді екен. Өз тұсымда осы өңірді біраз дүрліктіргенім рас. Жақсылықпен дейсің бе?.. Жындылықпен, мағынасыз дарақылықпен. Жан адамға қылдай жақсылық жасағам жоқ, оны өзім анық білемін. Біреуге залалымды тигіздім бе. Алланың алдына таянғанда, күнәһар болып кайтейін. Бойымда біраз жамандықтың бары оған аян ғой. Жастықтың далбаса қызулығымен біраз өмірді өткізіп алып, кешірек үйлендім. Мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырымдағы бар мүддем бір жақсы отау тігу ғана болыпты. Оның өзін дұрыстап құра алмаппын. Шамалы тұрғаннан кейін отаса алмай, алған әйелімнен ажырасып тындым...

Отағасының қырылдақ жуас үні осы жерге келгенде, бір үзілді. Төмен қарап отырды да, тыңдаушысын зарықтырып барып, әңгімені қайта жалғады:

— Тәңірі осы соқыр шалды жалғыз-ақ нәрсеге бақилыққа ынтық қылыпты. Дүниенің өзге қызығының бәрі өткінші екен. Айтсам, сенбессің де, күлерсің. Менің ержете қуған елесім, қанша зарықсам да ұстатпай діңкелеткен сағымым бар еді. Жастығымды да сол сағымды қуамын деп адастырғанмын. Ол — мына Бақанымның анасы. Екеуміз жастық шақта бір-бірімізге ынтызар болып, тағдырдың жазуы шығар, қосыла алмадық. Ақыры жер ортадан асқан зауал шақта табысып едік. Аз-кем дәурен сүрдік. Өмірімнің бар бетке ұстар, салауатты шақтары — сонымен тұрған аз ғана жылдар. Алла тағала әйелді адамның бір тал қабырғасынан жаратыпты. Екеуін жұп жазбай, бірге жүрсеңдер, дүниенің рақаты сонда деген екен дейді. Ер мен әйелдің бірінсіз бірі тұра алмай, асық болатыны да осы болса керек. Шын асықтықты өзім басқадан көргемін жоқ. Әлде маған ғана солай ма? Жалғыз-ақ кемпір екеуміздің арамыз мен үшін таусылмас хикая... Ол бес жыл бұрын дүниеден қайтты. Анау тұрған жалғыз зират — сол апаңдікі.

Кәрі арқардың келте соқпағындай жасым қалғанда, туған жерден ұзап қайда барамын. Осы араны менің ата-бабам мекендеген. Өмірімнің қызық күндері өтті мұнда. Құдай жазған жұртымның қасынан топырақ бұйырсын деген жай бар. Бірақ мен мола күзеткен үмітсіз жан емеспін, қора күзеткен тынымсыз шалмын. Совхоз басшылары бірнеше келіп, «елге көш» деді. Бармадым. Сонда да қартайғанда еңбексіз қиын екен. Шамам жеткенше, совхозға қолғабыс тигізіп жүрмін. Артымда қалар мұра жоқ шығар. Осы тынымсыз да, тыныш тірлігімнің аз да болса, жұртқа шапағаты тиер деймін. Көзімнің қуанышы, аңсаған асылымнан қалған тұяқ Бақаным бар. Соны ер жеткізіп, ел санатына қосқанша тірі тұрсам, басқа арманым жоқ...

Конақты шалдың өзі аттандырып салды:

— Қош, шырағым. Жолың түссе, келіп тұр, — деді күрк-күрк жөтеліп. Дүңілдеген тұяқ дыбысы қора қабырғасына соғылып, қайта жаңғырықты. Кешегі кәрі төбет басын көтерсе де, үрген жоқ. Тегі, енді ғана шашырай құйылған күн нұрына шуақтап жатса керек.

Жолаушы әлі мазасыз. Әлгі әңгімеден кейін де туындаған көп сұрақтың жауабын еншілеп бере алмады. Түндегі қара шапанның, таңертеңгі тосын көріністің мәнін шым-шымдап ұғып келеді. Сүйте де санасындағы өмір, кәрілік, махаббат деген үш сөзді байланыстыра алмай дал. Дәл қазір есеңгірегендей мең-зең қызық халде.

Жотадан аса бұрылып еді, қыр үстіндегі жалғыз зират қызыл күрең түске боялыпты. Одан бергі қыстауға көзі түскен: ақ сақалын күнге тосқан қарт көйлек-дамбалы ағарып, есік алдында әлі тұр екен.

«Иә, — деді жігіт атын сипай қамшылап, ойлана түсіп. — Туған елін қаншалықты сүйетінін кім білсін. Ал жерін... жерінен кеткісі келмейді. Ыстық екені, қимайтыны рас дейік. Бірақ анау отырған ел ішіне қарай жылжыса, адам құсап тірлік етсе қайтеді. Иен даланы қарадай иеленіп, менікі еді деген дәмемен табан аудармастан, тапжылмай отыру — ақылға сыя ма? Ал сол тіршілігін әбден ақылы кірген парасатты жанның ісі деп ойлайтынын қайтерсіз тағы».

Қырқаны қиялап түсе берген жолаушының көзіне қыз бала пішіндес момақан жасөспірім елестеді. Иен даланың перзенті болуына қарамастан, есті, зейінді бала екені сезіліп-ақ тұр. Тек ұялшақ, жасық. Оның үстіне жартылай кісікиік болып өмір сүрген соң ба, тағылау. Ауылдағы өз құрбыларына қарағанда көп нәрседен кенде қалғаны анық. «Әй, ақылсыз шал-ай, — деп ойлады жігіт өзінен-өзі қабағын кіржитіп. — Ең құрығанда артында қалар ұрпағы, жалғыз тұяғының жағдайын ойламай ма? Күні ертең не болады ана бала? Қазақтың баяғы өлі заманы деп жүр ме өзінше. Жас кезінде ақымақ едім, ақылым енді кірді деп көшелі кісі болғансиды. Сондағысы осы ма, жалғыз баланың бағын байлап...

Ғұмырымды жіберген қателіктерімді осылай жуып-шаям дейді. Тәубесіне келгені дұрыс та шығар. Бірақ...»

Аяғын жасқана басқан атын самарқау қамшылап келе жатып, жолаушы ұзақ ойланды. Өмірінде мұндайды алғаш көргендіктен бе, қияндағы осынау міскін жандардың солғын тіршілігін ақылына сыйғыза алар емес.

Атының басын ірке тоқтаған ол көңілі әлденеге алаңдаулы секілденіп, кейін қарай бұрылды. «Ғұмырында неше рет жаңсақ қадам жасағанын мен қайдан білейін. Бірақ, мынаған, мүмкін, бұл соңғы қателігі шығар, жол бермеу керек».

Желе жортқан құла төбел аттың маңдайға алғаны — тағы да ескі қыстау. Жөн сөзге тоқтап, ақылға көнер ме екен шал? Жалғыз ұлының келешегі үшін...

1972


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз