Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
Әбілда Қызжібек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Азан шақырып қойған есімі Шаһкерим, ал қазақ арасында Шәкәрім аталып кеткен бұл тұлға – қазақ мәдениетінде өзіндік үлкен орны бар философ, тарихшы, ақын, композитор болған сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты өнер иесі еді.
Шәкәрім жөнінде Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында «Абайдың дәл тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен» ақындар туралы айта келіп: «Мұндай ақын - төртеу – дейді. – Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия – Абайдың балалары... Қалған екеуі – Көкбай, Шаһкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері, Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөдерін оқушы әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған... Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады» - деп жазды [1, 244 б.]
Шәкәрімнің ақындық дүниетанымы, философиялық көзқарасы көп жағдайда ұстазы Абай дүниетанымы, көзқарасымен үндесіп жатады. «Абай дәстүріндегі поэзияның биік мәдениетін, алғырлығын, философиялық түйін – толғанысқа деген қабілетінің модығын байқаймыз» [2, 45 б.].
«Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын күшті» [2, 30-39 бб.] «Шәкәрім қазақ поэзиясында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты» [2, 32 б.].
Шәкәрім өлеңдерінде исламиятқа қатысты ұғым – түсінік, категориялар баршылық. Сондай категориялық ұғымдардың бірі - «жар» сөзі. Бұл «жар» ұғымы ең алдымен Абайда:
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай мен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да» - деп жырланады [3, 108 б.].
Шәкәрімде:
Өмір сырын көздесең,
Жарға шоқын, жаннан без! [4, 248 б.] – дейді.
Абайда да, Шәкәрімде де «жар» сөзі күнделікті тұрмыстық, қарапайым жалпы кең мағынасындағы «жар» ұғымы емес, ал жаратқанның түп иенің барша – болмысын иеленіп, жинақтап тұрғанұғымдық – категориялық сөз. Яғни, ол күнделікті ұғымдағы «ару», «әйел», «қыз» ұғымын білдірмейді. Ол исламияттағы, суфизмдегі негізгі категориялық ұғымды білдіріп тұр.
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала- дейді Шәкерім. [4, 238 б.]
Шәкәрім бұл өлеңінде «жарды» жай көзбен көру мүмкін емес, оны жүрегінің көзімен көріп, тану қажет дейді. Исламиятта алланы тану үшін сыртқы (захар) және ішкі (батин) берілгендігін, алланы шын танымақ болған пенделер оны «захир» көзбен көре алмайтынын, тек қана ішкі «батин» көзбен қарау керектігі айтылады. Шәкерім де «жүрек көзі» деп осы «батинды» айтып отыр. Яғни жаратқанды түп иені жүрекпен ұғыну, түсіну, көру қажеттілігі.
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес,
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа қол емес – дейді Абай да. [3]
Шәкәрімнің өлеңдерінде суфизмге тән ұғым – категориялар мол ұшырасады.
Мысалға:
Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – хақиқат
Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат.
Маскүнем, әйел сүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырын білмей сыртымнан ғылма ғайбат [4], деп сопылыққа тән дүниетанымды аңғартады. Жар деп отырғаны – хақиқат, ал хақиқат жаратушының, түп иенің өзі. Шәкәрім жаратушыны, жарды танудың әлем тарихында көптеген жолдары бар екенін:
Жардың саны сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр [4] - деп көрсетеді. Осындағы жаратқанды танудағы көптеген жолдарды Шәкәрім «жардың шашы сансыз көп» көркем образды, бейнелі жеткізіп тұр. Шәкәрімнің осы «жар» ұғымы, категориясы сөз болатын өлеңдері; «Сұраған жанға сәлем айт», «Шошыма достым сөзімнен», «Шын асықтың әрбірі», «Анық асық - әулие», «Өртейін деп отқа көмдім», «Жар көрмеген надандар», «Өмір сырын көздесең», «Әбден толып жарық ай», «Ақыл құсы адаспай аспандаса», «Шам жардан», «Жарықтың деп кінәлі боп», «Дін», «арақ, мастық, жар, жан, шатақ, иманның шешуі» т.б.
Шәкәрімдегі «Жар қанжары – маған бол, сұқсын сорлы жүрекке» немесе «Жаны құрбан жарына, керексіз оған дүние», «Асықтан аяп қалатын, иманы, малы, ары жоқ» деген жолдар Абайдағы «Шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына таңылса» деген жолдармен үндесіп, ұштасып жатыр. Шәкәрімнің діні де, дінді қабылдауы да Абайдың діні сияқты, «сыншыл ақылдың діні» М. Әуезов. Шәкәрім фанат, көзсіз діншіл емес, ол барлығын ақылға билетуді қалайды. Ұстазы Абай:
Көңілге шәк шұбалы ой алмаймын,
Сонда да, оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын – [3]
десе, Шәкәрім:
Бастағы көз, құлаққа сенім жоқ,
Терең оймен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе – дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат – дейді. [4]
Ислам діні пайда болғаннан бастап, өзіне теориялық ағымшарттар іздеді. Ол көне дәуірлердегі философиялық қисындарға сүйенеді. Арабтар философияны пәлсапа деп атаған. Мұсылман философиясы исламият атты үлкен таным. Бұл көне ойшыл Аристотель негіздеген перапатетиктер және идеалистік бағыттарды біріктіруші дуалистік таным болып табылады. Аристотель еңбектерін арабшаға аударып, түсінік тафсир (комментарий) жазған бірінші ұстаз болса, Әл-Фараби екінші ұстаз «Муалимий соний» деп танған.
Исламиятта «жан» және «тән» субстанциясы қатар аталды. Қазақтың ұлы ақыны Абай бұл категориялар туралы былай дейді:
Ақыл мен жан «мен»өзім, тән «менікі»,
«Мені» мен «менікінің» жөні екі.
«Мен» өлмеске тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін оған бекі. [3]
Абайдың «мен» деп отырғаны, ақыл мен жан «менікі» деп отырғаны тән. Ақыл мен жан мәңгілік, ал тән өткінші. Абай исламияттағы жанға ақылды қосады.
Шәкәрім ақыл мен жан, яғни меннің жоғалмайтынын:
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де, - деп жырлайды [4].
Немесе:
Қайда барса ол өзін «өзім» дейді,
«Өзім» деп денені емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті «өзімдік» жоғалмайды,
Есеп емес сан өліп, сан қайтқаны – дейді. [4]
Шәкәрімдегі «өзім» Абайдағы «мен», Шәкерімдегі «дене», Абайда «тән» не болмаса «менікі». Шәкәрімде де осы жан субстанциясы Абайдағыдай мәңгілік, ол өлмес емес, өлетін «дене», не болмаса «менікі» тән. Жанның мәңгілігінің арқасында сан түрге түсіп, әртүрлі бояулармен өзгеріп, әртүрлі қалыпқа түседі деген ой айтады.
Исламияттағы танымдағы «жанға» Абай «ақылды» қосады. Бір қызығы Шәкәрім оған көңілді қосады. Ал Шәкәрімнің «жан» мен «денеге» «көңілді» қосуы Абайда кездеспейді. Бұл да Шәкәрім ойшылдығының бір ерекшелігі. Бұл «көңілдің» табиғаты Абайда тән құмарлығынан, оның өзіндік ерекшелігі мен болмысынан «тәннің»өз 82 табиғатынан туындайтын, оның өз аясында қарастырылатын мәселе болса, Шәкәрім «көңіл» табиғатын бөліп қрастырады.
Ал енді сипатталық көңілді біз,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыныңыз.
Жан мен дене – қосылған ерлі – қатын,
Екеуінен туады көңіліміз.
Табиғат бірде былай, бірде олай,
Кетері мәлім емес әлдеқалай.
Әкесі жан, шешесі дене болып,
Көңіліміз сол себептен екіталай.
Кейде жақсыны іздейміз, кейде жаман,
Көңіл неге қызықса – соған таман.
Дене жеңсе, түпсізге қызығамыз,
Жан билесе жаманнан қалмақ аман [4].
Осы «жан» мен «тән» ұғымдарына қатысты философиялық категорияларға негізделген пәлсапалық терең ойлар Шәкәрімнің «Жан мен дене һәм көңіл», «Мен адамның таппаймын өнерлісін», «Атаның шаһуатының, көп қой мәні», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Тіршілік, жан туралы» өлеңдерінде көрініс табады.
Ахлақ, яки шығыстағы мораль философиясына қатысты моральдық – этикалық категориялар ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, мейірім, әділет, шыдам, шыншыл, харекет, ақниет ұғым түсініктер Шәкәрім поэзиясында мол ұшырасады.
Шәкәрім поэзиясынан туындайтын философиялық пайым – түсініктер, ұғым – көзқарастар ұлттық философиямыздың концептсферасы (ұғым түсініктер өрісі) болып отыр.
Қай мәселеде болмасын адамды, оның болмыс – бітімі, оның қоғамдық келбеті мен пенделік табиғатын сөз ететін Шәкәрім философиясы – антропологиялық философия болып отыр. Адам, қоғам, табиғат, дүние сыры, шындық болмысы, хақиқат жолы туралы терең философиялық пайым, тұжырымдар жасаған, ұғым – түсініктер туғызған Шәкәрім поэзиясын көркемдік-эстетикалық, философиялық тұрғыдан жанжақты, кешенді зерттеу алдағы күндердің еншісі болмақ.
Әдебиет:
1. Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1967. – 224 б.
2. Шәкәрімтану мәселелері. 1 том. – Алматы: Раритет, 2007. – 229 б.
3. Абай. – Алматы: 1986. – 336 б. 4. Шәкәрім. Шығармалары. – Алматы: 1988. – 298 б
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі