Мақаланың негізгі мақсаты өткенді зерттеп, зерделеу. Ұлттық тарихи жәдігерлерді әлемдік деңгейге шығарып, брендке айналдыру. Біз тарихты толық зерттеп үлгермедік. Қанқұйлы соғыс, жоңғар шапқыншылығы одан кейінгі 300 жыл қылышынан қан тамған қызыл империяның боданында болу біздің төл тарихымызбен салт- санамызға балта шауып, ұмыттырды. Тәуелсіз ел атанған 29 жылдың ішінде көптеген археологиялық, мәдени құндылықтарымыз анықталды. Ұлы даламыздан әлемге таралған дүниелер адамзаттың айнымас құралына айналғаны қашан. Бұл дүниелердің тарихи отаны бізде десе, адам атаулының қызықпау мүмкін емес.
Адамзат алғаш жаяу болды, жаяу болғасын дамуы баяу болды. Алты жасар баласына ашамай мінгізіп, алпысты алқымданған қартына ат мінгізген халқымыз ердің құнын ер тоқымынан білген. Осыған дейін жылқының таралу жолын әркім әртүрлі ақпарат беріп, өркениетті өздеріне тарта бастады. Тарихты парақтайтын болсақ, Ботай тұрағынан табылған алтын адамның жанынан жылқыны тапты. Біз, сол арқылы қылқұйрықты тұңғыш қолға үйреткен көшпелілер екенін білдік. Атқа алғаш қонғандар жер шарын дүбірлетіп, жарты әлемді жаулады. Қарсы келген дұшпанын қарадай тізесін дірілдеткен Александр Македонский мен Шыңғысханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қалаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді.
Алғашында асауға тұсау салу Ботайлықтарға оңай соқпаған. Ептіліктерінің арқасында қолға үйретіп, жайдақ мініудің ыңғайсыздығынан ер тоқым, ат әбзелдерімен қоса шалбар дүниеге келді. Үзеңгіге аяқ кіріп кетпес үшін етікке тақа ойлап табылып, жылқыдан шыққан ащы тер балтырды қажамас үшін етікке қоныш ойлап тауып, бүгінгі былғары етіктің түп атасы осылай ойлап жасалыпты. Осындай дүниелердің арқасында алты құрлықты алшаң басып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елді қорғады. Бұл кезеңде бұл жағдай Еуропаның есіне де кіріп шықпаған дүние еді. Себебі, еуропалықтар жазында жалаң аяқ, қысын да иленбеген теріні орап жүрді. Көп жүрсе аяқты ылғандандырып жіберетін болғандықтан қыста көп қозғалмай отырықшылықпен өмір сүрді.
Алғаш қазақтар шет елге барғанда,шет елдіктер шекесін ұстап таң қалып, қошқар мүйізді өрнегіне, ыңғайлы әрі жылы мәске қызығып өздеріне қалдырды. Бүгінде сол қазақ кебісі Лондондағы «Британ» музейінде тұр.
Көшпелі ел болған соң мал қадірін білді. Етімен ауқаттанып, сүтін қорек етті. Жолда азық болу үшін, алдын ала қамданды. Сол себепті мерзімі өтпестей етіп құрғақ сүтті ойлап тапты. Жасалу технологиясы бойынша жаңа сойылған малдың терісін, жүнінен тазартып, қазан толы сүтке салып қайнатқан. Сүттің нағызын сіңіріп, қатқан уақытында алып, тысқа шығарып желге қақтырған.
Желге қағылып, қақталғаннан кейін кесек – кесек кесіп, дорбаға салып алған.
Жолда шаршап, шалдығып келе жатқанда бұғанасы қатпаған жас балаларға ыдысқа су құйып теріні салып қайнатып, сүт қылып берген деседі.
Бұл дүниелердің қазақ жерінде мекен еткен көшпелілердің ойлап тапқанына нақты деректілер келтіре аламыз. Бірінші: ботайлықтар б.з.б 5000 жыл бұрын жылқыны ауыздықтаса, батыс елдері бізден кейін, яғни 2000 жыл бұрын үйреткен. Екінші: жылқыны тек көлік ретінде пайдаланбай, терісін илеп пана етсе, жылқыдан қымызды да өндіре білген. Бұны біз Есік обасынан табылған «Алтын адаммен» қоса жерленген қыш ыдыстардағы қымыздың іздерінен білеміз. Осылайша асауды қолға үйретіп, аузына металлдан ауыздық салдық. Енді осыдан кейін тарихымызға ешкім жиендік жасай алмас.
Ұлы даламыздың қойнауы түрлі түсті металға бай. Металды алғаш өндірген орталық қазақстан деп баса айта аламыз. Металлургияны тереңінен меңгеріп, оны басқа елдерге импорттаған елдің дамуы басқалардан озық болмақ. Ежелгі дала жұрты алғаш металдарды ошақтарда балқытып, кейін көрікті ойлап тапты.
Осылай металл өндіру көшпелі халықтың айнымас кәсібіне айналды. Осы технология әлі де жалғасуда, тек бұл өндірістің негізгі әліппесі қазақ даласынан пайда болған.
Тасын түртсе тарихы, топырағын қазсаң тағылымы көрінетін қазақ халқы өзімізді сақтардың сарқыты деп есептейміз. Қазақстанның төрт бұрышынан табылған алтын киімді адамдар- ата-бабаларымыздың ғасырлар түкпірінен жеткен ғажайып сыры.
«Ұлт тарихындағы кеңістікпен уақыт» бөлімінде қазақ елінің түп тамыры болған, асқан ержүректілігімен есте қалған Тұмардың елі «Сақ» туралы тарихи- философиялық толғамдарды жинақтаған мақаланың басты өзегі қазақ халқының рухани- мәдени әлемін қамтиды.
Бағзы заманда өмір сүрген сақ ханзадасының мүрдесі басқа обалардан даралығымен есте қалды.1970 жылы табылған адам «Алтын Адам» немесе «Қазақстандық Тутанхамон» деп те атайды. 17-18 жасар ханзаданың мүрдесі қазақ тарихына жаңа бір белес оқиға болды. Есік қорғанында табылған адамды кейбір деректе әскербасы десе, кейбірі құдайындай ұлықтаған ханзаданың мүрдесі деп тұжырымдайды. Ханзада алтын сауытпен көмкеріліп жерленген. Алтын сауытпен бірге бұғы, арқар, жылқы сынды жануарды бейнелеген «аң стилі» форматында алтынмен жасалған таңбалар табылды. Шындықтың бізге беймәлім, жұмбағы көптің қойнауында қалғаны рас. Тек Алтын адам бізге әйгілі Есік қорғанынан емес, Атыраудың Жылой ауданынан, Тақсайдан, Шілікті мен Талдықораған жерлерінен табылды. Осыдан біз «Алтын адамды» дала өркениетінің зергерлік өнерімен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Сондықтан елбасы археологиялық әрі тарихи жағынан толық зерттеуді баса айтты. Қазақ топырағының төрт тарабынан да «Алтын адамның» табылуы бәрі темір дәуірінің кезіндегі жауынгер болмысымыздың өзгеше табиғатының дәлелі. Қазақ даласы- тұнған шежіре.
Табылған бұл археологиялық ескерткіш түп- тамырымыз сақтардан басталғанын дәлелдеп, алтынды игергені бабаларымыздың шебер зергер, қажырлы металлург екенін аңғартады Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Бұл көшпелілер үшін үлкен жетістік.
Алтын адам - Қазақстанның азаматтық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңында орнатылып, төбе төріндегі қанатты тұлпар бейнесі елтаңбамыз да бейнеленеді. Статистикаға сүйенсек Алтын адамды тамашалауға шет елден 300 мыңдай турист келген. Алтынмен аптап, қастерлеген Алтын адам еліміз үшін жәй ғана археологиялық олжа болып қана қоймай, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің де бір бейнесіне айналды. Өзгелер өз тарихындағы түймейді түйедей етіп көрсетіп, туризімді дамытып, тиындап емес миллиардтап күреп табыс табуда. Ал біздің жағдайда шет елден келген туристерден гөрі шешілмеген түйін қаншама.
Алтын адам ашылу барысында басы- қасында болған және алғашқы болып зерттеген мамандар қатары азайып бара жатыр. Тағылымы мол, мәлім де беймәлім тарихымызды таныта алмай келеміз бір өкініштісі. Ауызбен орақ орғанымызбен іске келгенде шорқақтық басым.
Тарихты түптеп, түгендеп бізге жеткізген орта ғасырдағы жазушыларды атақты ғұламаларды елбасы өз мақаласына «Түркі әлемінің бесігі» деген атпен шығарды. Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауиды, Күлтегін мен Бейбарысты, әз-Тәуке мен Абылайды, Кенесары мен Абайды және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари сынды ғалымдар түбі бір түркі идеясын насихаттап, түрлі ғылыми негіздегі дүниелерімен бөлісті. Олардың рухани ордасы киелі – Түркістан.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
-деп, жырлаған Мағжанның бұл өлеңі тарихтың бастауы Түркістаннан екеніне айғақ болмақ.
Тарих пен география түркі мелмекеттерімен қоса ұлы көшпелілер империяларының айрықша сабақтастығын қалыптастырып, бұл мелмекеттер ұзақ уақыт бойы әрі бірін- бірі алмастырып, орта ғасырға дейін кезіндегі қазақ елінің экономикалық, мәдени тұрғысынан айрықша із қалдырды. Шетсіз ұшы- қиыры жоқ кең даланы иемденген түркілер, көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырды.
Елбасының мақаласы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Таяуда Алматыда биылғы жылдың басты тағылымды әрі тарихи белестердің бірі- өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл- Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы зиялы қауымның, отыздан астам шетелдік делегацияның қатысуымен салтанатты жағдайда басталды. Бұл – ұлы даладан шыққан ұлағатты тұлғаның құрметіне жыл бойы жасалатын ізгілікті істер мен игілікті рухани шаралардың бұл бастауы ғана. Әл- Фараби- қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау.
Ұлы даламыздағы кереметтер мұнымен шектелмейді. Қыз біткеннің құшағында сыймайтын қызғалдақ пен алманың өзіміден екенін біреу білсе біреу білмес. Қазақстанға жасаған ресми сапарында Нидерланд ханшайымы Беатрикс ханым Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімесінде былай деген еді: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қазақстанның даласы мен тауларында жайқалып өсетін бұл гүл біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі Нидерланд елінің барынша танылған экспорттық тауары ретінде бағаланады. Ол біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ – ең үлкен сыйлық. Сол үшін біз сіздің еліңізге қарыздармыз. Қызғалдақ екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды гүлдендіретін дәнекер ретінде жайнап өсе берсін!».
һТарихына көз жіберсек, Нидерланд жеріне қызғалдақты профессор Карлос Клюзиус алып барыпты. Ғалым оның түйнегін Австрия елінен алған көрінеді. Ал Австрияға, жоғарыда айтылғандай, Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен. Профессор бел сыбана кіріскені сондай, маңайындағы жұртты қызықтыра түсіпті. Аз ғана уақыттың ішінде Нидерланд жерінде түрлі қызғалдақтар өсіп шыққан. Ал сирек тұқымды түрлерінің құны қымбаттап, жұрт арасында кикілжіңнің туындауына себеп болған. Өз кезегінде ел билігі өсімдіктің сирек түрінің өсірілуіне тыйым салып, есесіне олардың түйнектерін экспорттауға мүмкіндік жасаған. Экспорттың артқаны сондай, жылына екі миллиардқа жуық түйнегі сатылыпты. Бұл голланд халқының гүл саудасын әлем нарығына алып шыққан кезеңінің бастауы болса керек.
һҚазақстан алма атаулының атасы, апорттың отаны. Ол Іле алатауынан Тарбағатай арқылы ұлы жібек жолымен әлемге таралды. Таратуын таратып алып, енді өзіміз бармақ тістер күйдеміз. Түп- тамыры өзімізден шыққан өнімді Қытай, Иран, Әзірбайжан елдеріннен импорттап отырмыз.Алматы көшелеріне айрықша символы болып көрінетін Алматы аппорттарын тек енді жылыжайлар мен жер үйлерден көре аламыз. Емдік қасиетімен танымал апортымыз азаюдың аз-ақ алдында. Біз секілді ауылдық жердің тұрғындары ғана ауламызға өсіру арқылы сақтап қаламыз. Әйтпесе, тірі брендтіміз өлтіріп алу қаупі бар. Тамыры тарих тартқан дала қызғалдағы бүгінде Голландияның негізгі табыс көзі. Қазақстан 70 % гүлді Голландия сияқты елдерден сатып алады. Алғаш алтынды өндіріп, қызғалдақтың түп тамыры өзімізден таралғанымен, экспорт жағынан көш бастап келе алмай жатырмыз.
Бұл дүниелер ежелден қазақстанның әлемдік өркениетке не бергенін сұрағына жауап болмақ. Яғни, қазақ даласы адамзат прогресінің көзі болып табылады. Біздің тарихымызды әлемдік тарихпен байланыстырып, Қазақстан мен оның халқы әрқашан әлемдік ғылым мен білім беруді дамытуға, әлемдік өркениеттің дамуына елеулі үлес қосқан әлемнің ажырамас бөлігі болғанын атап өту керек. Осыған сәйкес біз патша-советтік кезеңде қалыптасқан стереотиптерді бұзып, ұлттық тарихымызға жаңа көзқарас қалыптастыруға тиіспіз.
Тәуелсіздік алған кейінгі тарихи оқиғалардан тың, беймәлім археологиялық оқиғаларды терең зерттеп, нақты деректер мен дәйектерді оқулықтарға енгізіп, балаға жастайынан тарихи сананы қалыптастырып тәрбиелей аламыз. Мектептегі ұстаздың статусын көтеру арқылы, өзімізге сапалы фундамент қалыптастырамыз. «Бүгінгі кіші, ертеңгі кісі»- дейді халқымыз. Гаджеттерден көрген тарихи – әлеуметтік сипаттағы бейнелерді көру арқылы кейінгі толқын ұлтшыл, намысты, әрі қолдағы бардың қадірін білмек.
Мемлекет басшысы осы бағытта «Архив - 2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу. Бұл жоба аясында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру және т.с.с шаралар өткізу тапсырылды.
Осыған орай Абайдың 175 жылдығы, әл- Фарабидің 1150 жылдығы республикалық деңгейде тойланып жатыр. Ат спортын турнирларын өткізіліп, жыл сайынғы «қымызмұрындық» фестивальдары өткізілуде. Ат спортынан тек, бәйге емес, көкпар, теңге алу, қыз қуу секілді ұлттық ойындарды да дамытпақ.
Сайып келгенде ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызды, мәдениетімізді терең тануға жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер берді. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ елі ұрпақтарының рухани санасына әсер ететін маңызды тарихи құжат. Мақаланың әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінімен ұштастыра, ойластыра айтылған. «Рухани жаңғырумен», «Ұлы даланың жеті қыры» жастардың отансүйгіштік қасиетінің артуына сөзсіз жоғары идеологиялық тәрбие болмақ.
Өркениеттің бізден тарлғанын әлем неге білмейді?! Голландия десе қызғалдақ, қытай десе жібек, жапон десе электроника елестейтіндей жылқымен алманы қазақстанның брендтіне айналдыратын кез келді. Қазақта «түбін білмеген түгін білмейді» деген сөз бар. Тарихымызды біліп, бүгінімізге нақты қадам жасап, болашаққа бағдарымыз анық болмақ. Ішкі руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз болашақ мына бізге дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді. Ендеше, көкжиектен ауытқымай ұлт көшбасшысының өскелең ұрпаққа мензеген дара жолымен шыңдарды бағындырайық. Төл тарихымызды ұлықтап, бабалар мұрасын болашаққа аманаттау, келешекке аңызымен ақиқатының ара- жігін ажыратып, тайға таңба басқандай етіп анықтап беру тарихшылардың қолында.
Аралбай Камшат Жаныбекқызы
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультеті 1 – курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі