Алғашқы нөмірі Қазақстан Халық ағарту комиссариатының органы ретінде 1935 жылдың наурыз айының 20 жұлдызында «Төте оқу» деген атпен шыққан екен. Артынша газет атауы 1939 жылы «Салауатты болуға көмекші», кейін «Жаңа жазу» деп ауысты. Ал «Қазақстан мұғалімі» болып 1952 жылдан бастап қолданысқа енгізілген еді.
Газеттің негізгі мақсаты, өз бетінше сауат ашып жүрген жандарға, ұстаздарға көмекші құрал болу. Тарыдай бүлдіршіннен таудай тұлға қалыптастыратын тәлімгер мен студентке арналған бұл газет, аптасына бір реттен шығып тұрды. Басылым бетінде оқу – әдістемелік материалдар мен ауыл мектептерінің хал – ахуалы жазылды. Бірақ қоғам ұдайы өзгеріске ұшырап отырғандықтан, жарық көретін материалдар заманның ығына қарай шығарылып отырды. Сондықтан да көш соңына қалмас үшін газет бетінде жаңартулар жүргізіліп отыратын.
Әрине, бастапқыда бәрі керемет болмады. Газеттің кемшілік тұстары болды. Алғашында газетте айдарлар болмады. Соның әсерінен жан – жақтан түскен мақалалар айдарсыз шығып, газет бетіне құдды ұран секілді басылған еді. Кейіннен ұжым тәжірибе жинап, оқылықтың орны толтырылды.
1952 жылдан бастап газет «Қазақстан мұғалімі» және «Учитель Казахстана» болып, екі тілде шығарылды. Алғашқы редакторы болып әскери тілші - Омарғали Құдышев сайланды.
Ал, 1956 жылдан бастап «Қазақстан мұғалімі» газетінде «Мектеп», «Партия», «Кәсіподақ», «Ғылым және әдебиет» атты бөлімдер ашылып, өз жұмыстарын бастады. Бірақ автордың мақаласына сай жаңа айдарлар қосылып отырды. Мысалғы, мектеп жаңалықтары болса «Мектеп хабарлары», педагогикалық кеңес өтсе «Мұғалімдердің январь кеңесінен» деп, жаңа айдармен жарияланып отырған.
Баспа бетіндегі мақалалар тек оқу – біліммен шектелмей, ұстазбен шәкірт арасындағы әдепті де талқылаған. Сөзіме дәлел ретінде «Мектеп тұрмысы» бөлімінде жарияланған Волошин орта мектебінің мұғалімі Қ. Осмиеваның «Ілтипат туралы» мақаласын талдайық. Автор өз сөзінде ұстаз тарапынан балаға психологиялық зорлық – зомбылық жасалмауы керек екенін, ұрсу, оқушыны кемсіту оның оқуға деген өшпенділігін оятатын жеткізен. Сол себепті баланы мақтау және кемшілігін агрессиясыз түзету қажеттілігін атап өткен. Әлбетте автор сөзімен келісемін. Себебі оқушы ең әуелі ұстаздан білімнен гөрі жылулық іздейтіні рас.
Қазіргі «Қазақстан мұғалімі» бұрынғыша өз қызметін жалғастырып келеді. Ғасырға таяған тарихи газет, басқа басылымдармен иық теңестірер дәрежеде. Бүгінде газет аптасына 1000 тираждан басылып шығарылады. Газеттің қазіргі редакторы – Мынажадин Сермағамбетов. Республиканың түпкір – түпкірінен келіп түскен материалдар «Мектеп директоры», «Бастауыш білім», «ХХІ ғасыр мектебі», «Сыныптағы тәрбие», «Сынып жетекшісі», «Мектептегі дене тәрбиесі» т.б айдарларға бөлініп, шығарылады. Ең алғашында 4 айдармен басталған бұл газет бүгінде 12 айдарға толған.
Осы заманғы «Қазақстан мұғаліміне» жарияланатын материалдарға тоқталайық. Байқағыным газет бұрынғы бағытынан ауытқымаған. Тек мектеп жаңалықтары, балалар шығармашылығы, министрліктің білімге арналған жаңа қаулысы, зейнеткер ұстаздарды құттықтаулары осындай мақалалар жарық көреді екен. Бірақ, білім саласындағы қателіктер, кем тұстары жазылған материалдар жоқтың қасы. Әрине ұстаздықтың ұсқыны қашқан уақытта, басшылыққа кімнің тісі батсын?!
Шындығында газеттің іші адамды тартарлықтай болмады. Газеттің бірнешеуін ақтарып, бір сарынды мақалалардың жиі жазылатын байқадым. Бірақ ақтара келе 2017 жылдың 17 наурызында жарияланған мақаланы көзім шалды. Онда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әли Көмекбаевтың «Әкім араласпауы тиіс» деген мақаласы жарияланыпты. Шенеуніктің айтуынша, негізі мектеп директорларын білім беру басқармалары арқылы тағайындайды. Бірақ ол жұмысқа жергілікті әкімдер араласады екен.
«Мысалы, жергілікті жерде мектеп директорын аудандық білім беру басқармасы тағайындайды. Ал оның үстінде отырған әкім де өз сөзін айтады ғой. Ресми түрде ондай құқығы болмаса да, "мына адамды жұмысқа алшы" дей салады. Амал жоқ, сол адамды қояды. Әкімнің өзі білім саласының сарапшысы болмаса да, өз ықпалын жасап отырады. Сонымен, біліктілік талаптарына сай келмейтін мектеп директоры орын тауып отыр. Біз оны анықтадық. Алдағы екі аптада осы мәселені әдеп кеңесінде қарастырамыз. Әкімге де, білім беру басқармасына да тиісті шараларды қолданамыз. Бірақ бұнымен шектелуге болмайды", - деп атап көрсетті Көмекбаев.
Әкімдердің әкіреңдеуінен бармақ басты, көз қысты әрекеттің соңы ашылып отыр.
Қорыта келгенде архивтегі мәлімет тереңінен зерттеуді қажет етеді. Қорда тек 1939 жылғы нөмері сақтаулы. Ілімнің інжуін жиған ұстаздарға арналған газеттің әл – ауқаты осындай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі