Немере ағам тұқымына қызығып, қаңғып келген екі итті асырап алды. Ит болғанда 3-4 ай болған күшік. Екі құлағы тіп-тік, тықыр жүнді, сүйрік денелі, немістің овчаркасы тектес еді. Біз ондайды қасқыр ит деп атайтынбыз. Екі күшік жаз бойы үш-төрт үйдің жуынды-шайындысын ішіп, тойынып, күзге қарай соқталдай төбетке айналды. Күздің ортасын ала ел жайлаудан түсті, мал қыстаулыққа келді. Осы кезде екі ит бір жаман әдет тапты. Көзді ала бере қора маңында, беткейде жайылып жүрген қойға шабады. Басында қой неге үрікті деп қойшылар сақсынып, жота-жотаны шолып ит-құстың ізін аңдыды. Бір неше күн өтпей, қылмыскер асырап алған екі ит екені анық болды. Тойынып, саудагерін ғана күтіп жатқан екі тоқтының құйрығын тартып кетті. Тағы бір саулықты тамақтап жаралапты.
Осыдан кейін басында екі итті ұрып, қорқытып қойдырмақ болды, ондай тәсілмен иттердің әдетін қойғыза алмады. Сосын бір жола қуып тастайық деп, аттылы, жаяуы қаптап, тасырлата қуып, таспен атып біраз ұзатқан еді, ауылдың өр жағындағы үлкен трассаның жуан трубадан қойған су ағарына кіріп алып, шықпай қойыпты. Амалсыз қалған үлкендер біраз әуре болып, ақыры трубаның екі басын таспен бекітіп қайтып келіпті. Соның ішінде ашығып өлетін шығар десіп дабырласып жатты. Бірі сол иттерді алғашында-ақ ұнатпағанын айтты, сумаңдаған түрлері жаман еді десті, ағам тұқымына қарап алданып қалғанына өкінді. Қол асыраған өз күшігің болмаса болмайды екен десті.
Бірақ қуаныш ұзаққа барған жоқ, бір күн өтер-өтпесте екі ит сумаңдап жетіп келді. Иттер адамдар кете салысымен денесімен итеріп, тырмалап жүріп трубадан шығып кеткен сыңайлы, өрдегі бір қыстаулыққа барған екен, тас лақтырып қуып жіберіпті. Ақыры қалжау қылар ештеңе таппай қайтып келіп, үйді төңіректеп жүрген түрлері осы екен.
— У беріп өлтірейік, — деді ағам. Сөйтіп тышқанға салып жүрген уды бір кесім шикі еттің арасына салып итке тастады. Әдетте осындай иттерді улап өлтіріп жататын. Бір қызығы, иттің бірі иіскеп алды да, жемей тайып тұрды, екіншісі жеп алды, бірақ әсер етпеді. Шамасы у жалған болса керек. Бұл кезде ит аулайтын қытайлар да ауыл маңын баспай кеткен, атып өлтіретіндей шиті де жоқ. Мал ұстаған ауыл үшін екі иттің көзін құрту кәдімгідей үлкен мәселеге айналды. Немере ағам алдымен ұстап алайық, сосын көрейік деп, алдап-сулап ас құйып, соған айналып тұрғанда шалма салып бірін ұстап алды, екіншісі қашып кетті.
Күні-түні аулада байлап, ас құйып босқа асырауды артық шығын көрді. Малды ауылдың иттері ауланы қоруға емес, дөң басында жатып ит-құстан қораны қорғауы керек. Ауладан ұзап шықпаса арамтамақ болғаны. Оның үстіне малды қорығанның орнына өзі тамақтап жүрсе бұның итке сәні қайсы. Осындай себептермен екі иттің көзін қалай да құртпаса болмайтынын айта кеткім келеді. Тұмсықтан ұрып өлтіруге болады деді біреу. Әрине қалай өлтіру керек екені туралы үлкен талқы болды, бәрі бас қатырды дей алмаймын, тек ойына келген әдістерді рет-ретімен атқарып қана отырды. Бұл жерде тұйыққа тірелгендей ауыр толғаныс болған жоқ. Сонымен ұрып өлтіре салайық десті. Дәл сол күні ауылда өңкей бала-шаға ғана болды ма, әлде басқалай себеппен бе, кім өлтіреді деген жеңіл, қарапайым ғана сұрақ болды. Мен тоғызыншы сынып оқитын оқушы баламын, өзімше қайратым да жоқ емес, бұдан да кішірек кезімде мені «балуан болар ма екен» дейтін. Балуан денелі, иықты, бұқа мойын немере ағам: «мен арқанмен ұстап тұрайын, сен күрекпен ұр» деді. Мен келістім.
Бұл келісім итті ұстап алудан бұрын болған еді, итті ұстаған күні немере ағам телефон соғып итті байлап отырғанын айтып, шақырды. Бұл оқиғаға ешкім үлкен мән беріп кеткен де жоқ, итті ұстады, соны өлтіру керек, болды. Қораны тазалаған секілді, немесе ат тағалаған секілді жұмыс. Менде ғана аздаған толқу болды. Бір жағы ит те болса жан иесі ғой деген бір ой келеді, екінші жағынан әлеуметке зардап шектірген қылмыскер, ортаның жауы. Оны жазалау керек, ал ол қасиетті міндет маған жүктеліп отыр. Бала болсам да қарымыма, әдісқойлығыма және батылдығыма сеніп тапсырылған міндет. Баяғы елін қорғаған ерлер адамды да өлтірді ғой. Бүгінгі бейбіт күнде бұл да соған жетеқабыл нәрсе. Алғашқы адамдар да жабайы хайуандармен солай алысқан шығар, итті қолға үйреткенге дейінгі кезде ит те көп жыртқыштың бірі болды емес пе, бұны да аулады. Екі үйдің арасындағы 500 метрдей жолда осы ойлардың жетегінде келдім.
Келсем итті байлап қойыпты. Мен келген соң немере ағам итті шешіп алып, сүйрелей тартып, үйдің артына қарай алып келді. Сосын арқанды тартып ұстап тұрды, ит шиыршық атып жұлқынып қашпақшы болды. Ырылдап, айбар да шекті. Мен қолыма күрек алып ыңғайлы сәтті күттім. Ит бірде ары, бірде бері қозғалып көріп, ақыры мойынын қиған жіпті кере тартып тұрып қалды. Дәл осы сәт ең ыңғайлы еді, күректі биік көтеріп тұрып, бар пәрменіммен періп қалдым, тура төбесінен тиді. Ит солқ етіп, басылып барды да бірден есін жинап алды, сөйтті де көзі шатынап, тісін ақсита тік секіріп, өзіме шапшыды. Арс еткен дауысы мен ақсиған тісі, ашулы көзі бір сәт жүрегімді алып жібергендей еді. Сонымен бірге әлде бір өлермен құмарлық мені одан арман батылдандыра түсті. Тұтас денеме тоқ жүргендей сілкініп, жаным кіріп, көзім оттай жайнағандай сезілді. Қарсы ұмтылған итті мойнынан тартқан жіп ұстап қалды, бір қадам кері шегіндім де күректі қайта көтердім. Бұл жолы да төбеден ұрмақшы болғам, бірақ төніп келе жатқан күректің аямасын сезген ит енді кері бұға берем деген сәтте күректің ұшы тура тұмсығына тиді де, бірден сенделектеп қалды. Осы сәтті қапы жібермей келесі соққыны төбеден ұрдым, иттің көзінен соңғы рет өмір белгісі көрінді де сұлап түсті. Ит қимылсыз қалды. Немере ағам оны ауыл шетіндегі терең ұраға апарып тастады. Менің бойымда, әрине, әр түрлі сезімдер болды, бірақ үш ұрып құлатып түсіру әлде қайда табысты жеңіс еді.
Келесі күні екінші итті ұстап алыпты. Оны өлтіруге тағы бардым. Екінші ит әлде қайда айлакерлеу екен, бұл жолы 5-6 рет соққы беріп жүріп әрең өлтірдім. Бірақ соңғы екі соққы тура алдыңғы иттей болды, алғашқысын әдейілеп тұмсықтан ұрдым, есеңгірей қалған сәтті пайдаланып, соңғысын қақ төбеден салдым. Оның да көзі соңғы рет өмір белгісін білдірді де өшіп тынды. Оны да ұраға тастады. Ауыл тыншып, екі иттен құтылғанына қуанып қалды.
***
Мен бұл оқиғаны осылай айтқым келіп еді...
— Үнсіз қалдың ғой, әңгіме айта отырсаңшы, — деді телефоннан енді басын көтерген сұхбаттасушым. Алдындағы сыра толы бокалдан бір жұтып қойды.
— Мен бала кезімде екі итті ұрып өлтіргем, сол есіме түсіп отыр, — дедім ауыр күрсініп. Сұхбаттасушым таңдана қарады.
— Қорадағы малға шапты, екі тоқтыны, бір саулықты жаралап кетті. Сосын өлтіру керек болды...
— Қалай сонда?
— Кәдімгі күрекпен бастан ұрып өлтірдім.
— Қойшы, сұмдықсың ғой сен...
— Өмір үшін жанталасқан сәті, әсіресе соңғы сәттегі сөніп бара жатқан көзіндегі от есімнен кетпейді. Бәрінен ауры сол болды. Иттің әрі ұмтылғысы, әрі бұғынып қашқысы келген, тіпті өкінгенге, кектенгенге ұқсайтын бір неше белгіні тұтас көрдім. Осының бәрі сөніп бара жатқан өмір жарығының соңғы елесі ғой. Қаншама мағына беріп сөніп бара жатты... Кеудем дір ете қалған...
Сұхбаттасушым таңдана басын шайқады.
— Түнде түсімде сол көздерді көрдім. Иттің бетінің жартысы қан-қан, ісіп кеткен, төсегімнің үстінде кеудеме төніп тұр. Шошып ояндым.
— ...
— Өлі денелерін ауыл маңындағы ұраға апарып тастап еді, бір неше күнге дейін тіріліп қайтып келетін секілді болып жүрді. Түсінесің бе?..
— Ауыр екен... обал екен...
— Көзін айтсаңшы, көзін...
— Болды енді, кел, сырадан ала отыр.
Бір неше бокалды қағыстырып жібердік.
— Көзін айтсаңшы, өмірдің соңғы сәті ғой, соңғы жарық, соңғы от қой...
Пікірлесім де бір оқиғалар айта бастады... тағы бір неше бокал кеңірдектен асып кетті... әлгі сезім де бұлдырай бастағандай болды...
— Соңғы кезде көшеден кездескен иттер де маған шәбелене үріп жүр. Ал менің есіме сол екі иттің көзі түседі... білесің бе?... мына қолдарыммен ұрып өлтірдім ғой...
— Сен қаталсың, Алмас, өлтірмеуге болатын еді ғой...
— Болатын еді, мен қаталмын ба?... жауызбын ба?
— Болды енді, мұңая берме, мас боп қалдың. Жүр кетейік.
— Өзіміз сол иттен көп жеп жүрміз ғой малды...
Тәлтіректеп кафеден шықтық. Ол мені үйіме дейін апарып тастады. Әдбен шаршап, ұйқым келген екен.
— Көзін айтсаңшы, көзін...
Бір сәтте бала кезімдегі ақ күшік есіме оралды. Оны ноқталап, жіп тағып жетелеп алушы едік. Ат қып та мінетінбіз. Маған еркелей қарап, құйрығын бұлаңдатып тұр...
Өстіп жатып ұйықтап кетіппін. Түс де көрмей, тыныш, жайлы ұйықтап ертесі түс ауа ояндым. Ал ит.., ит туралы әңгімені тағы бірде басқаша айтып берермін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі