Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан Конституциясының қалыптасу кезеңдері

Үстіміздегі жылы біз Қазақстан Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануының 26 жылдығын атап өтеміз. Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Конституция – Қазақстан егемендігінің ең маңызды символы мен атрибуты. Біз еліміздің Негізгі Заңын құрметтейміз және мақтан тұтамыз.

Конституция – қоғам мен мемлекеттің негізгі заңы, олардың дамуының іргелі мақсаттары мен принциптерін, экономиканы, әлеуметтік және рухан өмірді ұйымдастырудың негіздерін, мемлекеттік механизмнің жұмыс істеуін белгілейді.

Қазақ елінің тарихында алғашқы заңдар Қазақ хандығының кезінде жасалды, олар қазақтың үш көрнекті ханы – Қасым («Қасым ханның қасқа жолы»), Есім («Есім ханның ескі жолы») мен Тәукенің белсенді заң шығару қызметі нәтижесінде өмірге келген – «Жеті жарғы»). Ұлы дала елінде ең әйгілі болып, кең тарағаны Тәуке ханның «Жеті Жарғы» деп аталған заңдар жинағы болды. Кейіннен Ресей империясына қосылған кезде Қазақстан Ресей империясының заңдар кодексіне сүйенді, тиісінше, Қазақстанда конституция болған жоқ.

ХХ ғасырдың басында алғашқы конституцияны құру әрекеті сонау 1911 жылы болды: Барлыбек Сыртанов егеменді мемлекет құру идеясын негізге алған «Қазақ елінің Жарғысы» құжатын дайындады, бірақ оның әрекеті сәтсіз аяқталды.

1917 жылы «Қазақ» ұлттық газеті «Алаш» партиясының бағдарламасын жариялады, онда мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу, жалпыға ортақ сайлау және т.б. идеялары көтерілді. Құжаттың құрылымы сол кездегі Еуропа мемлекеттерінің конституцияларына ұқсас болды.

Дегенмен нағыз конституциялық актілер 1920 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта Қазақстанның Кеңестік  Социалистік Республикалар Одағына (КСРО) қосылу кезеңінде әзірленді және қабылданды. Осы кезеңде бірнеше Конституция қабылданды.

Қазақстанның бірінші Конституциясы КСРО құрылғаннан кейін 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Жарлығымен соңғы редакциясында қабылданды. Осы Конституция бойынша Қазақстан РСФСР құрамында тең құқықты республика болды.

1937 жылы 26 наурызда Кеңестердің Х Жалпықазақ съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тарау мен 125 баптан тұрды. Онда: «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, Қазақ КСР -і мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады» делінген.

1978 жылдың 20 сәуірінде IX шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрды. Оған сәйкес барлық билік таптық принцип бойынша жұмысшыларға, шаруаларға және еңбекші интеллигенцияға бөлінген халыққа тиесілі болды. Билік пен басқару органдарының жүйесінің басында Қазақ КСР Коммунистік партиясы тұрды (6 -бап). 1978 жылғы Конституция республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылымын, жоғары және жергілікті билік органдарының құзыретін (78-83, 97-139 баптар), сайлау жүйесінің принциптерін, халық депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындады, мемлекеттік экономикалық жоспарлау және әлеуметтік даму, мемлекеттік бюджет, әділет, төрелік, прокурорлық қадағалау институттары және т.б. құрды.

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. Құрылымдық жағынан кіріспе, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендік алғаннан бері қабылданған көптеген құқықтық нормаларды: халық егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін, билікті бөлу принципін, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындауды, Президентті мемлекет басшысы ретінде тануды, сот органдарын - Жоғарғы, Конституциялық және Жоғарғы Арбитраждық соттар және басқаларды енгізді. 1993 жылғы Конституция парламенттік республика үлгісіне негізделген.

Бірақ уақыт өте келе тұңғыш Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалып, екі жыл өткеннен кейін қолданыста жүрген қазіргі Конституция қабылданды.

Дегенмен, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы. Мемлекеттің тәуелсіздігін заңды түрде рәсімдеді, халықаралық қауымдастыққа Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танытты, біздің қоғамға жаңадан енген кейбір институттарды қоғамдық, саяси және құқықтық салаларда бекітті, сөйтіп сол кездегі үш негізгі міндетті шешті. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы өтпелі кезеңде өз қызметі мен міндеттерін ойдағыдай атқара білген тарихи маңызды құжат болып табылады.

Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады. Жаңа конституциялық құжатқа сәйкес Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланды, ал 30 тамыз демалыс күні болып белгіленді.

Құжаттың қабылдануының алдында Конституция жобасы төңірегінде кеңінен талқылау жүргізілді. Барлығы жобаның 33 мыңға жуық ұжымдық талқылауы өтті, оған 3 миллионнан астам азамат қатысты, 55 бапқа 1100 -ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң 9 бөлім мен 98 баптан тұрады.

1995 жылғы Конституцияның жаңа редакциясын дайындау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан арнайы құрылған сараптамалық -консультативтік кеңестің 9 мүшесі қатысты (1995 ж. 22 мамырда құрылған - Президент Жарлығымен). Кеңестің құрамына шенеуніктер, конституциялық құқық және азаматтық құқық мамандары және шақырылған 3 шетелдік сарапшы кірді.

Қолданыстағы Конституцияны дайындау кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің әр түрлі елдерінің жиырмаға жуық негізгі заңдарының мазмұнын зерттеді. Бұл жағдайды Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде былай деп еске алады: «Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауыма алдым. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12-14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегеніміз есімде. Менің өзіме де әлемнің әртүрлі елдерінің конституциялық құрылымы, билік тармақтарының өзара қатынасы, саяси партиялардың жұмысы, адам құқығына, жекеменшікке берілетін кепілдік және т.б. мәселелер жөнінде көптеген әдебиеттерді қарап шығуға тура келді. Мен жұмыс тобының алдына әлдекімнің конституциясын құр көшіре салмай, керісінше басқа елдердің тәжірибесін талдау негізінде біздің еліміздің талаптарына барынша жауап бере алатын Негізгі Заң жобасын дайындау міндетін жүктедім. Сондықтан Конституцияның барлық ережелерінен біздің ерекше қазақстандық қолтаңбамыз, біздің халқымыздың өресі мен дәстүрлеріне және болашақтағы перспективасына сәйкесетін өз болмысымыз байқалып тұрады».

1995 жылғы Конституция АҚШ -тың мемлекеттік билік тармақтарын құру мен бөлу тәжірибесін және Францияның жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін қабылдады.

Қолданыстағы Конституция төрт рет - 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары өзгертілді және толықтырылды. Конституция өзінің әлеуетін тауысқан жоқ, оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оны нақтылайды және нормаларын айқындайды.

Конституциялық бақылауды қамтамасыз ететін Конституциялық Кеңес тек Қазақстан мен Францияда ғана бар (ол биліктің бір тармағы мен партиясының құрамына кірмейді). 1996 жылдан 2016 жылға дейін Конституциялық Кеңес қолданыстағы Конституцияға қайшы келетін 17 заң жобасын қабылдамады.

Қолданыстағы Конституцияның тарихи маңызы өте зор. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы демократиялық, унитарлық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет. Басқару нысаны бойынша Қазақстан мемлекеті президенттік республика болып анықталды Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп,  адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құнылықтары деп жариялады. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды.

Қазақстанда тиімді демократиялық институттар – президенттік институты, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты. Ата Заңымыздың негізінде елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Соның бірден-бір дәлелі – Қазақстанның мемлекеттік құрылыстағы және экономиканы реформалаудағы жетістіктері. Конституциямыздың негізгі қағидаларына сүйеніп, нарық экономикасына көштік және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Осы іргелі, күрделі, ауқымды қайта құрулар мен реформалар Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы Конституциялық Кеңестің басшысы Қайрат Мәмиді қабылдау кезінде Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің және елдің даму стратегиясының негізі екенін, алдағы келе жатқан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мемлекеттік органдар мен азаматтар конституциялық қағидалар мен ережелердің мәнін терең ұғынып, оларды басшылыққа алуы тиіс екенін қадап айтты.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар