Өлең, жыр, ақындар

Сақыптың сыры

«Осы сен көрген сайын неге сырт айналасың?» — Ол қабағы салбырап бұрыла берген мұның шынтағынан ұстай алды. — "Менің түк кінәм жоқ Сенбейсің бе?!"

Бұл оның жүзіне амалсыз қараған. Шамдай жанған қос жанар бұған айрықша жарқырай қадалып тұр екен. Оларды ап-анық көргендігі соншалық оянғаннан кейін де біразға дейін көз алдынан кетпей жүрді.

Иә, бұл түсі болатын. Мәлік одан кейін де біраз елеңдеп, мазасы кеткен. Бірақ мұның күткеніндей ештеңе де болған жоқ, Күндер бұрынғысынша ақырын сырғанап өте берді. Бұл таңертең сөлбірейіп жұмысына кетіп бара жатады. Кештетіп сөлбірейіп қайтып келе жатады. Сөлбірейіп келіп дастарқан басына отырады. Шуылдай бастаған балаларын бір айқаймен жым қылады да, сүт қатқан күрең шайды терлеп-тепшіп ұзақ сораптайды. Баяғы сөлбірейген күйі бәрібір өзгермейді. Келіншегінің тиіп-қашты әңгімелерін тыңдағансиды. Кейбіреуін естімейді де, бірақ басын изеп қоюдан танбайды. Бір кезде сөзге шешесі араласады.

— Меңіреу адамша не ғып отырсың?! — Үнінен ұрысқаны да, жақсы көріп отырғаны да білінбейді.

— Не істедім?! — дейді бұл отырған бойы.

— Не істеуің керек еді?! Айтқан сөзге жауап қатып шүйіркелесіп отырмайсыңдар ма?!

Сөзін сөйлейтін кісі табылғанына марқайып, келіншегі осы арада бір сөйлеп қалады. Бұл болса кекесінмен бір мырс ете түседі. Сөйтеді де, алдындағы кесені төңкере салып, дастарқаннан кейін ысырылады. Содан соң орындығын итеріп тастап, есікке бет алады.

— Шаршайды ғой. Күні бойы үй бетін көрмейді. Совхоздың бар жұмысын өзі бітіретіндей, түскі асты да даладан ішіп жүре береді. — Шешесінің өзін ақтай сөйлеген сөздері соңынан жетіп жатады.

— "Сен осы көрген сайын неге сырт айналасың?" — сонау бір қоңыржай үн тағы да құлағына келгендей. Темекі шегіп, қораның шарбағына сүйенген күйі, бір аяғын демалдырып қойып ұзақ тұрды. "Менің түк кінәм жоқ!" Тағы да сол бір үнге құлақ түреді. "Түсіме неге кірді екен?! Бұл сөзді неге айтты екен?! Шынымен-ақ кездейсоқ жайдың құрбаны болдық па?!" Шегіп болған темекі тұқылын лақтырып жіберіп тағы тұрды... Ылғи осы.

* * *

— Мамам қалай? — Мәлік жұмыстан келген бойда далада кірдің суын төгіп жүрген келіншегінен шешесінің халін сұрады. Біраздан бері сырқаттанып жатқан.

— Бұрынғысынша секілді. Дәрігер келіп еді, қайтарып жіберді. Сені сұраған.

Соңғы кездері үйдің бүкіл тауқыметі басына түскен келіншегінің мұрны сорайып жүдеп бара жатқанын байқады. Бес бала тапса да ет ала алмай қалған анаң денесі бұрынғысынан да азып, семіп кеткен сияқты.

Мәлік бір ғана сәттің ішінде, басынан жүгіріп өткен ойларының ізін шалдырғысы келмегендей, тез бұрылып, үйге бүгін күндегісінен солғын көрінбеген. Қабаттай тасталған құс жастықтарға басын сәл қисайта қойып, жеңіл тыныстайды. Неге екені белгісіз, Мәлікке кенет ол осы асатқанына енді тұрмайтындай көрініп кетті. "Шынымен-ақ.." Көзіне тығылған жасты көрсеткісі келмеген күйі тез барып шешесін құшақтады да, жанына қисая кетті.

— Балапаным... Балапаным... — Ананың арбиған саусақтары ұлын ұзақ аймалады. Бір кезде олар жігітің маңдай құсына келіп тірелді де, басыңды көтерші дегендей ишара жасады. Сонан соң оның әлгінде ғана көз жасымен шайылып өткен жанарына зер сала қарады.

— Сен осы неге томаға-тұйық болып кеттің, балам?

— Жай, — деді Мәлік сәлден соң ғана.

— Семьяңа да бейілің шамалы. Мына бес бала тұрғанда сенің оған қарайтын тіпті жөнің жоқ Олар болмаса қайтер едің?!

Манадан бергі кеудесінде лықсыған ыстық сезімі тартыла қалғандай ұлының сәтте ширап кеткенін сезді. Сөзінің ұнамай қалғаны кәміл. Қоя қойған.

— Менің айтып отырғаным теріс пе? — Ана енді қос қолымен тізесін құшақтай қарсы алдына тесірейе қалған мұның өздігінен жауап қатпасын сезіп, сөзін жалғастыра берді. — Балалығың енді бітті. Өстіп жатып мен өліп кетсем, осы шаңырақтың бар билігі саған көшеді. Сонда да осылай, балаларың мен келіншегіңді телміртіп қойып, тұнжырап жүре бересің бе?..

Баласы райын сәл жұмсартқандай көрінде анаға. Соны пайдаланып, ақылын айта бастаған.

— Сөйт, қарашығым. Үй ішіңе мейірімді бол. Әкең байғұстың сен екеуміз дегенде шығарда жаны басқа емес пе еді. Сондай бол. Семьяға одан қымбат ештеңе жоқ.

— Мама, мен енді кішкентай емеспін ғой...

— Жарығым сол, соны білсең жетеді. Әлгі Ғайни қайда жүр? Бізге шайды жасап беріңдер де, өздерің ана шақырған жерге жүре беріңдер, — деп, басын жастықтан көтерді. Жаулығын түзей бастады.

— Кім шақырыпты?

— Мұрат ағаныкі. — Есіктен Ғайни көрінді. — Кішкене ұлдарының туған күні ғой. Қанат бүгін онға толды. Қарлығаштар да келіп жатыр.

— Үйдің ішін бір сәт үнсіздік басты. Мұрат деген — бұлардың араларында үй жоқ жақын көршісі. Қарлығаш — солардың үлкен қызы. Осы кішкентай інісі беске толды деп той жасап жатқанда Алматыдан оның тұрмысқа шығатыны жайлы хабар жеткен. "Олардың да юбилейі екен ғой биыл", — деп ойлады Мәлік көңілінде жатталып қалған осы бір жайды ойша шолып өтіп.

Сонан соң жеңіл күрсініп орнынан тұрды да, далаға бет алды. Ғайни қорадан мотоциклін алып шығып, бір жаққа жүруге дайындала бастағанын көрді де, өзінен жауап ала алмасын біліп, енесіне жүгірді.

— Апа, ана балаңыз кеткелі жатыр. Мұрат ағаның өзі де қайта-қайта айтып еді. Ұят болды-ау...

— Шақыршы, мен шақырады де.

— Бірақ Ғайни үйден қайтадан шыққанда, Мәлік мотоциклімен ағызып, бірталай жерге барып қалған.

— Өзің бара бер. Келсе, жіберермін, — деді Сақып келініне қатқылдау. "Осы күнге дейін бір еркекті ауыздықтап ала алмай жүрген өзің де бір!.." — Келіні оны қабағынан-ақ түсінгендей, астыңғы ернін ауырта тістеген күйі кете берді...

* * *

Өмір бойы жер төсекте жатып үйренген Сақып балаларымен бірге асты-үсті бірдей тақтайланған төрт бөлмелі үйге кіргенде де бұрынғы әдетінен ажырай алмаған. Кіреберістегі шағын бөлмеге текемет төсетіп, айналдыра көрпе жайғызған. Қазір осында өзінің қос қанатының астына келіп тығылғандай, екі жағында томпиып-томпиып ұйқтап жатқан немерелеріне қарап, өзінің осы ісіне тағы бір ризалық сезінді. "Әр ағатта біреуінің домаланып жатқанының несі жақсы", — деп бір қойды. Ерлі-зайыптының да екі төсекте екі жаққа қарап жатқанын ерсі көреді. Өз балаларының да екі төсекті екі босағаға апарып салғанын ұнатпайды. Бірақ оларға да не десін. Енді келіп, міне... Ол күрсініп алды. Екеуінің жарасып бірге қыдырып келетін немесе бір мәз-мейрам болып шүйіркелесіп отыратын кезі сирек-ау. Тіпті сондай бір сәттерін көргені есінде де жоқ. Ұлы сөйлесе дүңк ете түседі. Келінінде көбінесе үн жоқ. Күйеуінің салқындығынан біресе бір баламен, біресе үш баламен шұбырып, төркініне де кетіп жүрді. Бірақ қайтадан келе берді ғой, бейшара. Жүкті болып барып, өзі қыр соңынан қалмай жүріп тиген соң да шыдайтын шығар-ау. Әйтпесе төркінінде айлап жатып алғанында артынан бір бармаған күйеудің жібуін күтті дейсің бе?! Япыр-ау, ойлап көрсек, біраз азап тартқан екен-ау өзі де. Өй, пендешілік-ай десеңші. Кетіп қалып, сүйретіліп қайтадан келгенін табалағандай, қыр көрсете зіркілдеумен жүріппіз-ау өзіне. Сонда да бұл байғұсқа бір обал болды-ау демеген екенбіз. Әй, пендешілік ай десеңші...

Сақып төсегінде ұзақ дөңбекшіді. Тіпті мазасы кеткен соң дірілдеген тізелерін әрең игеріп, терезенің алдына келген. Көрші үйдің дабыр-дұбырына құлақ түрді. Аулаға кіргізіп қойған электр шамның жарығы талай жерге жетіп тұр. Бірақ шарбақтың бойын қуалай егілген теректердің қалқасынан ештеңе көрінбеді. Сақып енді бір мезет осы теректердің қалай отырғызылғанын ойлады. Жерінде құм мен тастан өзге көп ештеңе байқалмайтын бұл өңірде ағаш өсіру тіпті ойға келмейтін іс еді ғой. Бәрін Қарлығаш бастаған...

— Біздің мектептің төңірегін көгалдандырғалы жатыр. Құмды азайтып, орнына топырақ, көң әкеліп төксе, ағаш өсіруге болады екен. Ақтаудың ағаштарының бәрі де осылай егілген дейді, — деп келді бір күні.

— Онда біз де егейік, — деді сол жылы онжылдықты бітіріп, совхозда жұмыс істеп жүрген Мәлік. Қарлығаш не айтса да құптай кетуге әзір тұратынын білетін бұл енді оның ағаш отырғызуға да кірісетініне күмәнданбаған. Бірақ мұндай құм жайлаған жерге соның өсетіне сенбеген.

— Топырақты қайдан аласың? Маңғыстаудың жерінің бәрі осы емес пе? — деген сол себепті балалар босқа әуреленіп жүр ме деп.

— Бізді ертең топырақ әкелуге жібергелі жатыр. Басқа жақтан вагондармен әкелінген топырақ Ақтауда жеткілікті көрінеді. Мәліктің сөзіне Қарлығаш қуанып кеткен.

Сөйтіп бұлардың үйінің алдында да ұш шыбық отырғызылды. Ал Қарлығаштың бұл іске зейінін салғаны сонша, екі жылдың ішінде ауланы қоршаған шарбағын айналдыра ағаш егіп шығып еді. Мәлік те оған күн-түн демей көмектесетін...

Иә, екеуінің достығы ерекше еді-ау. Бір-біріне құрақ ұшып тұратын. Сонда қандай еді осы Мәлік?! Қазіргідей тұнжырайтын шақтары болушы ма еді?! Уһ, өмір-ай десеңші?..

Сақып тұра-тұра өзінің шаршағанын сезді. Қабырғаға сүйене жүріп, ептеп немерелерінің жанынан өткен. Төсегіне әрең жетіп, жөнделіп жатып қалды. Көршідегі шу көбейе түскен. Қонақтар отыра беруден жалығып, далаға шыққан-ау деп ойлап қойды. Іле музыка жіберілді. Сақып енді шалқасынан жатқан күйі құлақтарын жаба, қолдарын жоғары жіберді. Ойына жаңағы бір бұлдыр елестер қайтадан келе бастаған...

Мәлігі мен Қарлығаштың қатар келе жатқанын көрсе жаны сүйінетін еді ол кезде. Екеуі де сұңғақ бойлы, көрікті болатын. Ұлының бас бітімі сопақша келген, Қарлығаш дөңгелек жүзді. Сонда да екеуінің өңдерінен бір үйлесімділік сезіліп тұратын. Ұлы — қараторы, Қарлығаш — аққұба. Екеуінің де шаштары қара. Мәліктің көздері қоңырқай, кішілеу еді де, Қарлығаштың жанары ашық әдемі болатын. Әсіресе күле қарағанында ерекше нұрланып кететін.

Екі жылдай совхозда жұмыс істеген Мәлік әскер қатарына аттанатын жылы Қарлығаш та он жылдықты бітірген. Оның алғаш ауыра бастаған жылы да сол. Буынға түскен сырқат әп-әдемі толысып келе жатқан жас қызды қатты жүдетіп, аяқастынан жүре алмай қалатындай күйге ұшыратты. Қорыққан ата-анасы көрші облыстағы сол кездегі атышулы бола бастаған жаңа санаторийге апарып емдетіп қайткенмен, мұның бір ұзаққа кеткен сырқат екенін дәрігерлер бірден білген. Айтқандары дәл келді, Аяғын еркін басып кеткенімен, сәл салқын тисе, қабағы кіржие бастайтын. Осылайша арада бір жыл өткенде анда-санда ақсап, ара-тұра жатып қалып жүрген қыз оқуға аттанады. Мәлік екеуі бұрыннан айтып жүретін мұнайшының оқуына түскен. "Егер сонда өзінен екі жыл кейін оқыған Қарлығашқа қарайламай, бірден оқуға кетсе, сол инстөтті менің Мәлігім де бітіріп шығатын еді-ау. Жазмыш деген осы ғой, сірә!" — Сақып күбірлеп сөйлеп жатқанын байқамай қалды.

— "Әже" — деп, дәл жанында жатқан бір немересі бері қарай аунап түсті. Сонда барып: "Ойбу, күнім-ау, сені оятып жібердім бе?!" — деген абыржып.

Даладан мотоциклдің дарылдаған үні естілді. Әне, Мәлік қораны ашты. Енді үйге беттеп келеді. Есік тарс етіп ашылған. Ұлы ауызғы үйде кідіріп аяғын шешті. "Қайдан келді екен?" Күрсінді. Сонан соң: "Өй, жарығым-ай, бұзылып кетпесе жарар еді", — деді қамығып.

Мәлік қарсы бөлмеге кіріп, тоңазытқыштан көже алып ішкендей болды. Ас үйден шығып, төрге қарай оза бергенінде анасы дыбыстады:

— Мәлік, Мәкен!

— Бірдеңе керек пе, мама?

Жақындап келген ұлына шешесі ысырылып жанынан орын босатты.

— Отыршы.

Ұлы басы салбыраған күйі жанына келіп отырды. Манағы бір қалпы.

— Шақырған жерге неге бармадың?

Мәлікке шешесінің көршінің атын атамай, қайта-қайта "шақырған жер" дегені күлкілі көрініп кетті. Әлденені көңіліне алғанда осылай сөйлейтінін білетін Мәлік бұл жолы мұның мәні неде екен деп ойлағаны сол еді, шешесінің өзі айтып берді.

— Қолымдағы екі кәмпитімнің саған біреуін берсем, екіншісін соған сақтап жүріп қолымнан өсірген ана ауру қыздары үйге кіріп шығуға да жарамады. Аурулығын құдайдан көрмесе, менен көре ме екен, сорлы бала. — Терезеден түскен ай жарығынан оның көзіне жас келіп қалғаны көріпті.

Сарылып күндіз-түні төсекте жатқан соң көрінген нәрсені көңіліне алады-ау. Әйтпесе Қарлығаш біздің үйге жүгіріп келе қоймайтын болғалы қашан?" — деп ойлады Мәлік. Бірақ анасының жадау көңілін жұбатуға тырысып:

— Оның несіне ренжисіз, мама? Той жасап жатқан үй, қолы тимеген шығар, — дей салған. Сонан соң көңілге алатындай дәнеңе жоғын дәлелдей түскісі келіп, — ол Сізге не деп ренжиді!? Аурусың, балама жолама депсіз бе?! Күйеу таңдаған өзі емес пе, - деп қосып қойды. Көзін жұмып, үнсіз қалған анасының бетінен бір сүйіп, орнынан тұрды. — Ал, мама, мен ұйқтауға кеттім. Сен де дем ал.

Бірақ Сақыптың ұйқысы келмеді. Баласының әлгі бір бейғам айтыла салған "оған сен аурусың, балама жолама депсің бе" деген сөздері жүрегін түйреп кеткен сияқтанды. Сонда бұл мұның қандай күйде де одан бас тартпас едім дегені ме екен?! Солай-ау. Мұның басы әлі күнге дейін неге салбырайды десем... Ал егер сонау бір жайларды білсе ше? Онда не дер еді!?

Сақыптың әлденеден жаны түршікті. Ішкі дүниесінен бір сұп-суық жел жүгіріп өткендей сезіліп, денесі тоңази бастаған. Сосын түйе жүнінен жасалған жеп-жеңіл шәйі көрпесін басына тарс бүркеніп алды. Көз алдына тағы да сонау өткен күндер елестері келе бастады...

Шынына келгенде, айтарлықтай ештеңе жоқ. Бұл Қарлығашқа еш уақытта да аурусың, енді менің баламның теңі емессің демеген. Бұрынғысынша қолында барын аузына тосатын. Каникулға келгенінде жұрттан бұрын жүгіріп жететін де өзі. Мәліктің әскерде жүріп жазған хаттарын да сақтап қойып оқытатын. Тек қана... бір жолы сандық түбіне салып тастаған бір топ қағаздарын көрсетті. Мәлікпен бір класта оқыған қыздың онымен бірге түскен суреті бар екен.

Аудан орталығында оқыған соңғы екі жылының бірінде түссе керек. Қарлығаш қызды танымаған. Түк білмегенсіп, кім екенін сұраған бұған "кластасы ғой" деген деп қоя салған. Бірақ сезімтал ана оның нәзік жүзінен жүгіріп өткен бір толқынды аңғарып та үлгірді. Солай боларын алдын-ала есептеп қойған.

Қыз өңінде кірбің пайда бола бастаған екен, "темірді қызған кезде соқ" дегендей, екінші ретте бір бума ескі хаттарды әкеліп тастаған оның алдына. Бұлардың артында да сурет сыртындағы "Б" қол қойғандары көп-тұғын. Қарлығаш бұл жолы бір ойға бекініп алғандай сыр бермеді. "Кімдікі екен? Не жазыпты?" деген сұрақтарға өз ұққанын айтып жауап берді де, үйіне кетіп қалды. Ертеңіне оқуына аттанған...

Бар болғаны сол. Бірақ, әйтеуір, өзінің ауру келінді қаламайтынын ұқтырған. Аңғарымпаз, әрі тәкаппар қыздың бәрін түсініп кеткеніне де, енді қайтып Мәлікке жоламасын білді. Солай болды да қойды. Баласы әскер қатарынан оралғаннан кейін бірталай тоналып жүрді. "Ұмытады. Бәрі де ұмтылады?" — деп түйді ол.

Сөйтіп жүргенде құлағына бір сыбыс тиді. Баласы Қарлығаштың осында жұмыс істеп жүрген дос қызын ұстап: "Маған ти? Әлде саған да дипломды жігіт керек пе?!" — депті. Қыз үйіне жылап барыпты. Сақып енді Қарлығаштың айну себебін ұлының қалай ұққанын білді. Сөйтті де осы сөзді өзі де құлағына сіңіре түсті.

— Оқыған қыз, оқыған жігіт іздейді де. Маған ондай келін керегі жоқ Өзің оқимын десең бара бер, бірақ қолыма осындағы көп шөпжелкенің біреуін кіргізіп беріп кет. Енді қартайғанда соқайып жалғыз отыратын жайым жоқ — дейтін қит етсе.

Алайда ұлының да оқуға құлқы болмады. Атағы аймақты дүрілдеткен мұнайшы болсам деген арманы Қарлығашпен бірге кеткендей, үнсіз қалды. Сонан көп ұзамай үйленді. Анасы өзі қолайлап жүрген бір ауылдастарының монтиған қызын, осы Ғайниды алып берді. Кішкентайлар дүниеге келді. Бірақ Сақып баласының сонау бір шат күндері де сонымен бірге өзі де қапа болып жүретін. Келе-келе оның басы салбыраған осы бір қалпына өзі де, айналасындағылар да үйреніп бара жатты. Тіпті Мәлік ешқашан жарқылдап күліп, жадырап сөйлеп көрмегендей. Енді сөйте қалса, ерсі көрінетіндей елестейді. Ой, дүние-ай, десеңші...

Қарлығаш тұрмысқа шыққалы екі жүз шақырымдай жердегі мұнайшылар қаласында тұрады. Күйеуі мен екеуі бір оқуды бітірген дейді. Екі ұлы бар. Өзі де көп емделеді. Ата-анасына жиі келіп тұрады. Ауру болса да, ажарын бермейді өзі, — деп, Сақып ернін сылп еткізді. — Біздің сау келініміз ауру секілді қайта".

Әже... — кішкентай немересі тағы да ұйқысырап, бауырына қарай тығыла түсті.

Кішкентай саусақтарымен омырауын тырмалап жатыр. "Емшек іздеп жатыр-ау. Шешесі әлі жоқ", — тағы да күбір ете түскен. Соны күтіп тұрғандай-ақ сыртқы есіктің сықырлап ашылғанын сезді. Ғайни аяғының ұшынан басып бұларға жақындаған. Енесінің ояу жатқанын аңғарып қалыпты.

— Әлі ұйықтаған жоқсыз ба?

— Жоқ. Мына немені алып кетші, омырау іздеп жатыр. Тарқадыңдар ма?

— Иә. Қарлығаш Сізге кіріп шыға алмадым, ренжіп қалмады ма, — деп жатыр.

— Е, жарайды, — деді "қайтер дейсің" дегені сияқты. Өзі ішінен мана асығыстау айтылған сөзін ойлады. "Мәлікке соны жамандағандай сөйлеппін-ау! ?" — деп, іші кәдімгідей аңдып қалған. Көңілінің түбінде бір түйткіл бар секілді. Қарлығаш туралы сөз бола қалса, өзінің айыпты адамдай қыбыжықтап, төменшік тарта қалатындығын аңғарған. Бұрын мұндай күйді тезірек есінен шығаруға тырысатын-ды, бұл жолы өйтпеді. Қайта ойындағысының бәрін орын орынына қойып, саралап алғысы келетіндей ме, қалай?

Сөйтіп жатып қай мезгілде ұйқтап кеткенін аңғарған жоқ

* * *

Сақып барған сайын әлсірей түсті. Бұдан үш-төрт жыл бұрын дүниеден өткен шалын жиі еске алуды шығарды. Мәлік жұмыстан бос уақытында оның жанынан шықпай ұзақ отыратын. Қолынан сусын береді. Айтқан ақылын жалықпай тыңдайды. Көбінесе анасының арбиған арық қолдарына бетін төсеп, ұзақ үнсіз қалады. Бір күні:

— Балам, шыныңды айтшы, сен осы уақытқа дейін сонау бір бала күннің тәтті елесін ұмыта алмай жүрсің-ау деймін. Ауылға Қарлығаш келсе болды, неге үйден безіп кетесің? — деді.

Ұлы жауап күткен анасының алақанын бетіне бұрынғыдан да қаттырақ басып отыра берді.

— Құлыным, — деді Сақып, бұл сұраққа жауап болмасын сезіп, — бекер өйтесің. Ол байғұстың түк кінәсі жоқ. Сенің алдыңда түк кінәсі жоқ. — Шешесі көзін сүртті. Мәлік ештеңеге түсінбей анасының бетіне аңыра қараған.

— Онымен не демексің, мама?

— Осы сенің сандығыңның түбінде баяғы бір хаттар мен суреттер әлі бар ма?

— Қайсы?

— Сенің қызбен түскен суретіңді айтамын.

— Жатыр ғой.

— Армияда жүргенде мен соны алайын деп жүрген қызың сияқтандырып Қарлығашқа көрсеткенмін. — Сақып күрсінді. — Ол сол суреттен гөрі менің ниетімді шет көрген болу керек.

— Ниетімді?!

— Ауру қыздан сені ажыратайын дегенмін, күнім. Бәрі өзің үшін еді ғой, неге маған бұлай қарайсың, ботам?

Мәлік орнынан атып тұрып, үйден шығып кетті. Дәл іргедегі үш теректің жанына келген. Ойына интернаттағы күндері оралды. "Сен менімен суретке түсуге қорқасың?!" — деп ерегестіретін қара көз Бағилаш келді көз алдына. Бұлар солай суретке түскен. "Сен мұны сақтауға қорқасың?!" — деген сонан соң. Онда тұрған не бар?! Бұл — қорықпаған. Көп уақытқа дейін хат та жазып жүрді. "Б" деп қана қол қоятын. Ақыры мұның жүрегін жібіте алмаған. Оның жүрегінде Қарлығаштан өзгеге орын жоқ еді ғой! Ақыры не болды?!

Мәлік ағаш түбінде ұзақ тұрды. Әрбіреуін бір ұстап, аялағысы келетіндей. "Оның түк кінәсі жоқ! Түк кінәсі жоқ!" дейтін секілді ағаш жапырақтары жарыса сыбырлап...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз