БІРІНШІ БӨЛІМ
(роман)
Жорж Дюруа мейрамхана кассасынан бес франктан артылғанын алды да, сыртқа беттеді.
Жаратылысынан сымбатты, оның үстіне унтер-офицерлік дағдысын жоғалтпаған ол сымдай тартылып, мұртын үйреншікті ширақ қимылмен бір ширатып қойып, кешігіп кіріп келе жатқандарға жемтігіне шүйліккен қыранша түйіліп қарады.
Кіріп келе жатқан үш жас қызметші әйел де оған зер сала қарады: бірі орта жастағы, шашын қалай болса солай тарай салып, алқам-салқам киінген, қалпағының шаңын да қақпаған, киген көйлегі бір жағына қисайып кеткен музыка пәнінің мұғалимасы да, күйеулерін қолтықтаған қалған екеуі осы арзан дәмхананың тұрақты келушілері-тін.
Аяқжолда ол біраз аялдап, енді не істеуі керегін ойластырды. Бүгін ғой жиырма сегізінші маусым, бірінші тамызға дейін оның қалтасында қалғаны бар-жоғы үш франк қырық сантим ғана. Ол дегенің — түскі ауқатқа таңертеңгі тамақсыз немесе түскі тамақсыз екі таңертеңгі ауқатқа ғана жетеді қайсысын таңдаса да өзі біледі. Таңертеңгі тамақ бір франк он сантим, ал түскі ас бір жарым франк тұратындықтан, егер түскі астан бас тартса, онда ол бір франк жиырма сантим үнемдеп қалады; сонда, оның есептеуінше, тағы екі рет кешкісін нанға қосып колбаса жеуіне және бульвардан екі саптыаяқ сыра ішуіне болады. Ал ол дегенің — бұл үшін кешкілік өзіне рақат сыйлау үшін жұмсайтын ең үлкен шығыны. Ол Нотр-Дам-де-Лорет көшесін бойлай жүрді.
Кешегі гусарлық мундирмен жүрген кезіндегідей адыммен, кеудесін тік ұстап, тап қазір ғана аттан түскен адамша аяғын жеңіл басады. Көше толы көпшіліктің ішіне ол кимелей кіріп кетті: ешкімге жол бермей, бірін иығымен қақса, бірін денесімен итерді.
Көнетоз қоқырайма қалпағын бір шекесіне қисайта киіп, өкшесін тықылдата басып, өңкей кеңсе жағалаған әскерилердің ортасына түсіп қалған айбынды солдатша жан-жағына адамдарды да, үйлерді де — бәрін, бүкіл қаланы жақтырмайтын паңдықпен қарайды.
Осы бір арзан, алпыс франкқа сатып алған кәстөммен-ақ ол кәдімгідей кербез көрінеді — дөрекілігі көзге ұрып тұрғанмен, бәрібір кербездігі басым. Бойының ұзындығы, жақсы тұлғасы, құбылып жирен көрінетін қақ жарып тараған сары бұйра шашы, ернінің үстінде бұрқыраған көбікше ширатылған мұрты, жанары өңменіңнен өтетін көкшіл көзі — соның бәрі тұрпайы романдарда айтылатын әзәзіл азғырушыны елестетеді.
Париждің ауа жетіспейтін жазғы қапырық кеші болатын. Моншаға айналған қала тұншығып, тері тамшылап тұрған тәрізді. Су ағатын гранит құбырлардан мүңкіген иіс шығады, астыңғы жертөле қабаттардан, ас үйлердің аласа терезелерінен жуынды мен ашыған сірке судың сасық иісі келеді.
Есік күзеткер пиджактерін шешіп, тоқыма орындықтарына атша мініп алып, қақпа түбінде темекілерін тартып отыр да; қалпақтарын қолына ұстап, аяқтарын әзер көтеріп, олардың маңынан жүргіншілер ілби өтіп жатыр.
Жорж Дюруа бульварға жете бере тағы қобалжып тоқтады. Оның Елисей жазығына, Булон тоғайына барып, ағаш арасында таза ауамен демалғысы келді. Бірақ оның көкейін тесіп тұрған тағы бір тілегі — әйелмен кездесу тілегі де бар-ды.
Оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол жағын біле алмады, бірақ ол сол кездесуді үш ай бойы үздіксіз күтумен келеді: күн сайын, әр кеш сайын. Дегенмен келісті сырт сымбаты мен сыпайы айналдыра білуінің арқасында, аннан-мұннан тиіп-қашып ептеп махаббаттың дәмін татып та жүрді, бірақ ол одан гөрі үлкеніректен әрі тәуіріректен дәмелі еді.
Оның қалтасы қағылғанмен, қаны бойында қайнап тұр еді, бұрыш-бұрыштағы: "әдемі жігіт, кеттік менімен!" — деп сыбырлаған көше әйелдерінің әр сүйкенісінен ол өртеніп кете жаздайды, бірақ оларға ілесе алмайды, өйткені оларға төлейтін түгі де жоқ; оның күткені одан гөрі басқашалау, өзгеше, оңай қолға түсетін сүйістер.
Қалай болғанда да оған жеңіл мінезді әйелдердің жиналған жері — олардың сауық орны, мейрамханасы, көшесі — бәрі ұнайтын; солардың ішінде итерісіп, олармен әңгімелесіп, "сен" деп сеніммен сөйлесіп, әтірінің өткір иісін иіскеп, жақын сүйкеніскендерін сезіп жүргенді ұнататын. Қалай дегенмен де, олар да әйел ғой, әйел болғанда да сүюге жаратылған әйелдер ғой. Отбасы бар еркектерше оларды жақтырмайтын мінез мұнда жоқ-тын.
Ол Магдалина шіркеуі жаққа бұрылып, ыстықтан діңкелеген көпшіліктің ағынына араласты да кетті. Аяқжолдың бір бөлігін қамти жатқан үлкен, адамға лық толған кафелер жаршамдарының көз қарықтырған жарығымен отырған адамдарды алақандағыдай етіп ап-анық көрсетеді. Төртбұрыш немесе дөңгелек үстелдерді айнала отырғандардың алдында қызыл, сары, жасыл, қоңыр, тағы басқа алуан түсті сусын толған бокалдар көрінеді, ал графиндерде тап-таза суды салқындатқан мөлдір мұздың сүйір түйіршіктері жылтырайды.
Дюруа жүрісін баяулатты, тамағы құрғап кетті.
Шөл, шөл болғанда да тек жаздың тымырсық кешінде ғана сезілетін шел азапқа салып, ол қылқылдата жұтатын тамаша салқын сыраны аңсады. Алайда егер бүгін екі саптыаяқ сыра ішсе, онда ертеңгі кешкі аспен қош айтысқаны, ал ол айдың аяғында үнемі болып тұратын аштықтың азабын өте жақсы біледі.
"Оңға дейін шыдайын, содан кейін Америкалық кафеден бір саптыаяқ ішермін, — деп шешті. — Әй, сайтан алғыр, бірақ ішкісі келіп-ақ тұр!" Ол үстелдің басында шөл басып отырғандарға, қанша ішкісі келсе, сонша іше алатындарға көз тастады. Кафенің қасынан онда отырғандарды мысқылдай, немкеттілеу шола қарап өтті және олардың түрі мен киім киістеріне қарап, қайсысының қалтасында қанша ақша болуы мүмкін екендігін де көзмөлшермен шамалады. Бар жағдайы келісіп, осынау жайбарақат отырған мырзаларға оның жыны келді. Қалталарын ақтарып қарасаң ғой, олардан алтын да, күміс те, мыс ақша да табылады. Орта есеппен олардың әрқайсысында екі луидордан кем ақша болмау керек, әр кафеде жүз адамнан отыр, сонда екі луидорды жүзге көбейтсең, төрт мың франк болады! "Жексұрын!" — деді сымбатты денесі сәл теңселіп. Бұрынғы унтер-офицердің қолына бұлардың біреуі қараңғы көшенің бұрышында түнде түссінші, құдай ақы, қолы титтей де қалтырамастан мойнын бұрап алар еді, әскери жүріс-тұрыс кездерінде ел-жұрттың тауықтарын сөйтетін. Дюруаның Африкада өткізген екі жылы, Алжирдің оңтүстігіндегі шеткері қорғанда арабтардың ине-жіптеріне дейін сыпырып алатыны еріксіз есіне түсті. Бір ісі есіне түскенде, жүзінен көңілді әрі суық жымиыс жүгіріп өтті: улен-алан деген тайпаның үш арабы о дүниеге аттанып, есесіне екі досы мен бұл жиырма тауық пен екі қойға, алтынға ие болып қалды, оның үстіне жарты жыл бойы естеріне алып күлісіп жүрді.
Қылмыс жасағандар табылған жоқ, оларды табандап іздеген де ешкім болмады, өйткені бәрі де арабтарды әскерилердің заңды табыс көзі санайтын.
Парижде басқаша. Мұнда семсеріңді жамбасыңда салаңдатып, револьверіңді қолыңа ұстап, азаматтық әділ заңнан алыста, еркіндікте рақаттанып тонай алмайсың. Дюруа басып алынған елде жүріп бұзылған унтер-офицердің бүкіл жабайы түйсігі бойында өре түрегелгенін байқады. Айтатыны жоқ, ол бір бақытты жылдар болатын. Сол құмда-ақ қалып қоймағаны қандай өкінішті! Бірақ ол бұл жақта жақсырақ болар деп шамалаған. Алайда... Алайда қалай боп шыққанын шайтан білсін!
Шөлден аузының қаншалықты қаталап тұрғанын байқағысы келгендей, ақырын тамсанып, тілінің ұшымен ғана таңдайын бір жалап алды.
Шаршаған, сүлесоқ нөпір айналасынан шұбап өтіп жатыр, ал ол қарсы келе жатқандарды иығымен қағып, көңілді бір әуенді ысқырып, баяғы ойын әлі қайталап келеді: "Хайуандар! Бұл мақұлықтардың қай-қайсысы да ақшалы ғой!" Ол қағып кеткен еркектер бетіне кіжіне қараса, әйелдер артынан: "Оңбаған!" — деп қалып жатыр.
Ол Водевилдің қасынан өтті де, шөл қысқаны сонша, сыра ішсем бе екен деп, Америкалық кафенің қарсысына келіп тоқтады. Ондай шешімге келмес бұрын ол әуелі тілдері жарқырап тұрған көшедегі сағатқа қарады. Тоғыздан ширек сағат қана кетіпті. Ол өз әдетін біледі: сыра толған саптыаяқты алдына қойған заматта-ақ ол оны түбіне дейін қас қағым сәтте сіміріп салады. Ал содан кейін он бірге дейін не істейді?
"Магдалина шіркеуіне дейін барайын, — деді ол өзіне, — содан соң асықпай кері қайтармын".
Опера алаңының бұрышында бұрын бір жерден көрген сияқты жуан жас жігітпен соқтығысып қалды.
Соның соңынан келе жатып, есіне түсіре алмай, күбірлеп қайталай берді:
— Шайтан алғыр, бұл адаммен мен қай жерде жолығып ем?
Бар ынтасын сап ойланды, кенет оның жады керемет нәрсе жасады, жаңағы адам қазіргісінен гөрі жіңішкелеу, жастау боп оның көз алдына атты әскердің киімінде келе қалғаны.
— Иә, бұл Форестье ғой! — деп, Дюруа айқайлап жіберді.
Ол жалт бұрылып қарады да:
— Сізге не керек, мырза? — деді.
Дюруа күлді.
— Танымадың ба?
— Жоқ.
— Жорж Дюруа, алтыншы атты әскерден.
Форестье екі қолын ала жүгірді:
— А, достым! Қалайсың?
— Тамаша, өзің ше?
— Мен, бауырым, онша мәз емеспін. Өзің ойлап қарашы, көкірегім менің құдды бір көрік сияқты, жылдың алты ай бойы жөтелумен өтем, — бәрі сол төрт жыл бұрын Францияға оралған бойда Буживалда өңешімді қабындырып алғанның зардабы.
— Солай де! Бірақ түрің сап-сау адамдікі сияқты.
Ескі жолдасын қолтықтап алып, Форестье оған өзінің ауруы туралы, дәрігерлердің диагнозы мен кеңестері жайында, соның бәрін бұлжытпай сақтау бұл сияқты жұмысбасты адамға өте қиын екендігі хақында айта бастады. Қыста бұған оңтүстікке бару керек дейді, ал солай істеу мүмкін бе? Жақсы қызметі бар, үйленген, журналшы адам ғой бұл.
— "Француз өмірінде" мен саясат бөлімін басқарам, оның үстіне "Құтқару" айдарына Сенат мәжілісінен есеп беріп және "әлемге" оқтын-оқтын әдеби жаңалықтарды жазып тұрам. Байқап тұрған шығарсың, мен адам қатарына қосылып қалдым.
Дюруа оның бетіне таңдана қарады. Форестье қатты өзгеріпті, кәдімгі кемеліне келген кісі болыпты. Жүрісі, өзін-өзі ұстауы, киім киісі, қарны — бәрі тасы өрге домалап тұрған, тамақты тоя ішкенді ұнататын, өзіне-өзі сенімді мырза екендігін танытып тұр. Бұрын ол арық, жіңішке әрі сымбатты, жеңілтектеу, шатақшыл, ұшқалақ, бақырауық жігіт болатын. Үш жылдың ішінде Париж оны адам танығысыздай өзгертіп жіберіпті, — байсалды, жұп-жуан, жасы жиырма жетіден әлі аса қоймаса да, самайына ақ кірген адам болыпты.
— Сен қайда бара жатыр едің? — деді Форестье.
— Ешқайда, — деді Дюруа, — жай, ұйықтар алдында серуендеп қайтуға шыққам.
— Несі бар, бәлкім, онда мені "Француз өмірінің" саралқасына дейін шығарып саларсың? Мен тек терілген бетті бір қарап шығам да, сонан соң екеуміз бір жерден бір-бір саптыаяқ сыра ішейік.
— Жарайды.
Бұрынғы сыныптастар мен полктастарға тән еркіндікпен екеуі бірін-бірі қолынан тартып, қатарласа жүріп кетті.
— Не істеп жүрсің? — деп сұрады Форестье.
Дюруа иығын көтерді.
— Шынымды айтсам, ашығудың аз-ақ алдында жүрмін. Әскери қызметімнің мерзімі біткен соң, мен мұнда дұрыс мансап жасаймын ба деп келгем, — нақтылап айтқанда — менің Парижде тұрғым келді. Бірақ міне жарты жыл болды Солтүстік теміржол басқармасында істеп жүрмін, жылдық жалақыма бар-жоғы бір жарым мың ғана франк алам.
— Иә, онша емес екен, — деп күңк етті Форестье.
— Айтпа деймін! Ал ақылыңды айта қойшы, ел қатарына қайтсем қосылам? Мен жалғызбын, танитын ешкімім жоқ, ақыл сұрайтын адамым да жоқ. Мәселе менің ниетімнің жоқтығында емес, мүмкіндігімнің аздығында.
Досы оның басынан аяғына дейін тәжірибелі адамның көзімен сынай қарады да, ақылгөйсіп сөйледі.
— Оның бәрі, балақай, адамның өз намысқойлығына байланысты. Алды-артын аздап бажайлаған адамға бір үстелдің басшысы болғаннан гөрі міністір болу оңай. Сұрап алудың еш қажеті жоқ, тек әсер туғыза білу керек. Саған қалайша, шайтан алғыр, жөні түзу бір жұмыстың реті келе қоймады екен, ә?
— Талай жердің табалдырығын тоздырдым, бірақ түк шығара алмадым, — деді Дюруа. — Айтпақшы, қазір бір жұмыстың төбесі көрініп тұр: маған Пелерен манежіндегілер атқа мініп жүруді үйретуші бол деп еді. Онда барсам, құрығанда үш мың франк алады екем.
— Өйтіп ақымақ болма, — деді Форестье сөзін бөліп, — тіпті он мың франк берем десе де барма. Бар болашағыңды бірден өзің кесесің. Қазіргі кеңсе жұмысында сен, әйтеуір, қалай болғанда да көзге түспейсің, сені ешкім білмейді, табандылық танытсаң, келе-келе көзге ілініп, бір мансапқа қолың жетуі де мүмкін. Ал атпен жұмыс істесең, онда біткенің. Ол дегенің бүкіл Париж барып тамақтанатын мейрамханаға жайғамыш боп орналасқанмен бірдей ғой. Қызметте жүргендердің өзіне немесе олардың балаларына атқа мініп жүру жөнінде сабақ бердің бітті, олар саған ешқашан өзімен тең адам деп қарамайды.
Кенет ол үндемей қалды, бірер секунд ойланып барып:
— Сенің бакалаврлық дипломың бар ма? — деп сұрады.
— Жоқ, екі дүркін жолым болмады.
— Егер орта оқу орнын бітірген болсаң, онда оның бәлендей залалы жоқ. Сенің көзіңше Цицерон немесе Тибери туралы сөз бола қалса, олардың кім екенін ептеп те болса шамалайтын шығарсың?
— Әрине, шамалаймын.
— Сол жарайды, олар туралы соны білгеннен ақылды боп кете қоймаған он шақты миғұладан басқа ешкім де ештеңе білмейді. Бәрін білетін адам боп көріну, маған сенсең, түк те қиын емес. Мәселенің бар тетігі сонда, тек сенің нағыз дым білмес екендігің әшкере боп қалмаса болды. Ыңғайын таба білу керек, қиын жағдайлардан қашып, кедергілерді айналып өту қажет, сонан соң энциклопедиялық сөздіктен біліп алғандарыңмен басқалардың аузын ашырмау керек. Адамдардың бәрі — түк білмейтін надан және есектен бетер ақылсыз.
Форестье өмірдің мәнін білетін адамша зілсіз мысқылмен пікірін айтып, қарсы келе жатқандарға жымия қарады. Кенет қатты жөтеліп, тоқтай қалды, жөтелі басылған кезде бәсең дауыспен:
— Осы бір бронхит деген лағынет жабысып алды! — деді. — Жаздың нағыз кезі ғой қазір. Құрысын, қыста міндетті түрде Ментонға емделуге барам. Шынында, маған не жоқ, денсаулық бәрінен қымбат!
Олар Пуасоньер бульваріндегі ішкі жағына газеттің бір нөмірі айқара шапталған әйнек есіктің алдына келіп тоқтады. Үш адам әлгі газетті оқып тұр екен.
Есіктің жоғарғы жағындағы тап бір ұран ұқсатып жарқырата от әріптермен өрілген "Француз өмірі" деген көз шағылыстыратын жазу еріксіз өзіне назар аудартады. Сол жанып тұрған сөздерден түскен жарықтың тұсынан өткенде, жүргіншілердің жүзі күндізгідей ап-айқын көрінеді де, қайтадан дереу қараңғылыққа батып кетеді.
Форестье есікті итеріп қалды да:
— Бері қарай, — деді.
Дюруа кірген соң барынша әдемі жасалған, бірақ кір, көшеден де көрініп тұратын баспалдақпен жоғары көтерілді. Екі шабарман бас шұлғып амандасқан алдыңғы дәлізден өтіп барып шаң басқан, жағал-жағал қабылханадан бір-ақ шықты, — қабырғалары оңып кеткен, бәрі дақ-дақ, кей жері тышқан қажағандай сарғыш жасыл триппен қапталыпты.
— Отыра тұр, — деді Форестье, — мен бес минутте келем.
Сөйтті де, қабылханаға қарап тұрған үш есіктің біріне кіріп кетті.
Саралқаның адам айтып жеткізе алмайтын түсініксіз иісі мүңкіп тұр. Қорқыныштан гөрі таңданыс билеген Дюруа орнынан қозғалмады. Ауық-ауық бір есіктен шығып, екінші есікке кіріп, қасынан біреулер өтіп жатты, — олардың тез жүретіндігі сонша, тіпті ешбірінің бет-жүзін де байқап үлгірмеді.
Әлі жап-жас сарауыз жасөспірімдер қолына ұстаған қағаздарын өз желімен өздері желбіретіп, іскер адамның кейпімен ары-бері жүгіріп жүр. Баспахананың бояуы жағылып қалған халаттарының ішінен тұп-тура ақсүйектердікі сияқты шұға шалбары мен тап-таза ақ жағасы көзге шалынған терімшілер жаңа ғана терілген, әлі кеппеген қалып терімдердің ізтаңбасын қатар-қатарымен абайлап көтеріп алып өтеді. Бір кезде кілдіреген бір уыс біреу келіп кірді, өзі шектен тыс кербез киініпті, сүртігінің белі шектен тыс тар, шалбарының балағы аяғын шектен тыс қысып тұр, бәтіңкесінің ұшы шектен тыс үшкір, — ақсүйектердің өмірінен кешкі жаңалықтар әкелген тілші көрінеді. Басқа адамдар да келіп жатты, шетінен шіренген, маңғаз, бәрі жалпақ қайырмалы биік қалпақ киген, — сірә, сол қалпақтарының сәні өздерін басқа жай пенделерден айрықшалап тұратынына сенімді секілді.
Тоқмейілсіген, тұрпайылау, қара фрак киіп, ақ галстук таққан, нағыз қара торы, ұзын, арық, мұртының ұшы жоғары қайқиған орта жастағы мырзамен қолтықтасып, ақыры Форестье де шықты-ау.
— Бар жақсылықты тілеймін, құрметті мырза, — деді Форестье.
Мырза оның қолын қысты.
— Сау болыңыз, қымбаттым.
Таяғын қолтығына қысты да, ол ысқыра аяңдап, баспалдақпен төмен түсіп кетті:
— Бұл кім? — деп сұрады Дюруа.
— Жак Риваль, — әйгілі фельетоншы, жекпе-жекке шыққыш, білесің бе? Газет түзетімін қарап шықты. Гарен, Монтель және бұл — үшеуі Париждегі журналшылардың ең мықтылары: ең тапқыр, ең көкейкесті фельетондар тек солардікі. Риваль бізге аптасына екі фельетоннан береді, жылына отыз мың франк алады.
Екеуі сыртқа беттеді. Ауыр денелі, аласа бойлы, үсті-басы ұйпа-тұйпа, салдыр-салақ кісі баспалдақпен ентіге қарсы көтеріліп келеді екен.
Форестье онымен иіле еңкейіп амандасты.
— Норбер де Варен, ақын, "өшкен жарықтың" авторы, бұл да қымбат бағаланады, — деп түсіндірді ол. — Оның әр әңгімесіне үш франктан төлейді, ал оның ең ұзақ әңгімесінің өзі екі жүз жолға да жетпейді. Жүрші, Неополитан кафесіне барайықшы, шөлден өліп барам.
Үстелдің басына отыра бере-ақ Форестье: "Екі саптыаяқ сыра!" — деп айқай салды. Әкелген сыраны демалмастан бір-ақ сімірді, ал Дюруа болса дәл бір өте сирек кездесетін қымбат сусынды қолына түсіргендей, аз-аздан ғана жұтып, рақаттана, дәмін алып ішті.
Досы үнсіз қалды. Сірә, әлденені ойлап кеткен болу керек, сонан соң бұған кенет сұрақ қойды:
— Сен де осы журналшылықпен айналыссаң қайтеді, ә?
Дюруа оған түк түсіне қоймаған кейіппен қарады.
— Мәселе сонда... мен,., мен ешқашан ештеңе жазып көрген емеспін.
— Ендеше байқап көр, баста! Сен маған сонда пайдаңды тигізер едің: маған қажетті хабарларды тауып беріп, бастықтардан сұхбат алып, кездесу орындарына барып тұрар ең. Жолақыңды есептемегенде, алғашқы кезде екі жүз елу франк алып тұрасың. Келіссең, мен газеттің қожасымен сөйлесіп көрер ем.
— Әрине, келісем.
— Онда былай ет: ертең біздікіне түстенуге кел. Біздікіне бес-алты адам жиналады, одан көп емес: менің бастығым Вальтер мырза зайыбымен, жаңа ғана өзің көрген Жак Риваль мен Норбер де Варен және әйелімнің бір құрбылас дос әйелі. Келесің бе?
Дюруа кесіп айта алмай қобалжып, қып-қызыл боп, ыңғайсызданып қалды.
— Мәселе былай ғой... менің лайықты кәстөмім де жоқ, — деді ол тұтыға сөйлеп.
Форестье сасып қалды.
— Сенде фрак жоқ па? Мәссаған! Онсыз, әрине, жағдай болмайды. Парижде, есіңде болсын, төсегін болмаса болмай-ақ қойсын, бірақ фрагың болу керек.
Ол желетінің қалтасын ақтарып, бір уыс алтын ақша шығарды да, екі луидорды алып, ескі досының алдына қойды.
— Қашан мүмкіндігің болады, сонда қайтарарсың, — деді жанашыр табиғи дауыспен. Майын төлеп кәстөм ал немесе кепіл ақша бер де, бөліп-бөліп төлеуге ал, ол енді өз жұмысың, бірақ қалайда менің үйіме түстенуге кел: ертең жеті жарымда, Фонтен көшесі, он жеті.
Дюруа елжіреп кетті.
— Сенің құрметіңе тәнтімін! — деді ақшаны тығып жатып күбірлеп.
— Жарайды, жарайды! — деді Форестье оны одан ары сөйлетпей. — Кел, тағы бір-бір саптыаяқтан ішейік, а? Гарсон, екі сыра! — деді айқайлап.
Сыраларын ішіп біткен соң журналшы досы ұсыныс айтты:
— Қалай, бір сағат қыдырмаймыз ба?
— Қыдырсақ қыдырайық.
Екеуі Магдалина жаққа қарай бет алды.
— Екеуміз енді қайда қыдырсақ екен, ә? — деді Форестье. — Еріккен адам Парижден әрқашан өз керегін іздеп таба алады дейді, ал шын мәнінде тіпті де олай емес. Кейде кешкісін бір жаққа барғын-ақ келеді, бірақ қайда барарыңды білмейсің. Булон тоғайы әйелмен бірге қыдыруға жақсы, ал әйелі құрғыр ылғи табыла қоймайды. Кафе-шантандар менің дәріханашым мен оның әйелінің көңілін көтерсе көтеретін шығар, бірақ менің көңілімді көтере алмайды. Енді қайда баруға болады? Ешқайда да. Парижде Монсо паркі секілді жазғы бақ жасаса, ол түні бойы ашық болса, сонда ағаштың саясында салқын сусын ішіп, музыка тыңдап отырсаң ғой. Ол көңіл көтеретін жер емес, тек қыдыратын орын болса. Оған кірудің бағасын мен өте қымбат етіп қойған болар едім, сонда оған әдемі әйелдер ғана келер еді. Ұнай ма, электр фонарларының жарығында құм төселген жолдармен қыдыр немесе не алысқа, не жақында отыр да, музыка тыңда. Бір кездерде Мюзарда осыған ұқсас бірдеме болған-ды, бірақ тек кабак тектес-тін: би музыкасы тым көп болды, тар еді, көлеңке аз болатын, саялы ағаш та санаулы еді. Өте әдемі, өте үлкен бақ керек. Сонда тамаша болар еді. Жарайды, сонымен сенің қайда барғың келеді?
Дюруа не дерін білмеді. Ақыры ойлап тапты:
— Мен әлі бірде-бір рет Фоли-Бержерде болып көрмеппін. Мен оған қуана-қуана барар ем.
— Не, Фоли-Бержерге ме? — деп, серігінің даусы тым қатты шығып кетті. — Ол жерде біз тұп-тура табаға шыжғырылғандай боламыз. Бірақ өзің біл, қызық үшін барсақ барайық.
Олар енді, Фобур-Монмартр көшесіне шығу үшін, кері қайтып, артқа қарай жүрді.
Көңіл көтеру үйінің шамдары жарқырап тұрған бет жағы өзіне кеп тақасқан төрт көшеге бірдей өз жарығын төгіп тұр еді. Тізілген күймелер қайшыласып бір-біріне жол бермейді.
Форестье бірден кірер есікке қарай беттеп еді, оны Диуруа тоқтатты:
— Біз билет алуды ұмытыппыз ғой.
— Менімен келе жатқандар төлемейді, — деді Форестье маңғазданып.
Үш бақылаушы оған бас иіп амандасты. Олардың ортасында тұрғанмен журналшы қол беріп амандасты.
— Жақсы ложа бар ма? — деп сұрады одан.
— Әрине, бар, Форестье мырза.
Форестье ұсынған билетті алды да, терімен қапталған есікті ары итеріп қалып еді, достар залдан бір-ақ шықты.
Темекінің түтіні сахна мен залдың арғы түкпірін жұқа бұлдыр пердемен бүркемелеп алыпты. Сансыз темекінің сансыз түрінен жинақталған жеңіл тұман білінер-білінбес ақшылтым жолақ боп көтеріліп, күмбездің астына, шамдалдың айналасына, адам лық толған екінші қабаттың төбе жағына аспандағы бұлтша жиналып, бірте-бірте қоюланып барады.
Партердің қатары мен ложасына ұштасып жатқан кең дәлізде әдемі киінген әуейі әйелдер қалың еркектің арасында аласұрып жүр, боянған, жасамыс үш сатушысы отырған үш махаббат пен сусын бағанның бірі алдында бір топ әйел өз олжаларын күтіп жүр.
Биік айнадан сатушылардың арқасы мен кіріп келе жатқан көрермендердің бет-жүзі көрініп тұр.
Сөйтуге қақысы бар адамның кейпімен Форестье жолындағы жұртты итере-митере тез алдыға жылжыды.
Билет тексеретін әйелге келіп:
— Он жетінші ложа қайда? — деп сұрады.
— Мұнда, мырза.
Әйел екеуін төбесі ашық, қызыл матамен қапталған, ішіне арасынан адам өте алмастай төрт қызыл орындық қойылған ағаш жәшікке кіргізді де, жауып қойды. Достар жайғаса отырысты. Олардың оңы мен солында да беліне дейін ғана көрініп, дәл бұлар сияқты адамдар отырған үйшіктердің қатары тағаша иіліп, сонау сахнаға жеткенше созылып жатыр.
Тоқыма сым киген бірі ұзын, бірі орта бойлы және аласа бойлы үш жас жігіт сахнада кезек-кезек акробатикалық нөмірлер жасады.
Алдымен тез-тез әрі қысқа адымдап, көпшілікке әуемен сүйіс жолдап, алдыға жымия ұзын біреуі шықты.
Тоқыма сымның ішінен оның қолы мен аяғының бұлшық еттері анық байқалып тұрды. Жуан қарны тым көзге түсе бермеуі үшін, ол кеудесін кере түсті. Шашын дәл ортасынан қақ бөле тарағаны оны шаштаразға ұқсататын еді. Сәнді секіріспен трапецияға ұшып шықты да, бар салмағын қолына ғана салып тұрып дөңгелекше шыр айналды. Бір кезде бойын түзулеп, қолын керіп көлденеңінен тұрды, білтемірден ұстаған қолына бар күшін жиып, бірер секунд қолымен ғана ұстап ауада көлденеңінен тұрды да қойды.
Сонан соң жерге қарғып түсіп, көпшілікке тағы жымиды, қол соққан партердегілерге басын иді де, бұлшық еттерін бұлт-бұлт ойнатып сахнаның сырт жағына беттеді.
Сонан соң одан гөрі бойы аласалау, бірақ төртпақтауы шықты да, ол да соның жасағандарын қайталады, ақырында үшіншісі де бірте-бірте қызынған жұрттың қошеметімен сол нөмірді орындады.
Бірақ Дюруа ол көрініске түк те қызықпады, мойнын бұрып, ол еркектер мен жезөкшелер қайшыласқан кең кіре берістен көз алмады.
— Партердің бірінші қатарында отырғандарға көңіл аударшы, — деді Форестье, — өңкей бір ақкөңіл, аңқау тоғышарлардың бет әлпетін көресің, бәрі мұнда әйелдерімен, балаларымен келеді. Ложадағылар — қыдырмалар, бірен-саран суретшілер, бірер екінші сортты еркетотайлар, ал артымызда — Парижде кездестіруге болатын барлық топтың тамаша қосындысы. Ана еркектер кімдер? Соларға зер сап қарашы. Кімдер жоқ десеңші, — әр түрлі шен-шекпенділер мен атақтылар бар, бірақ ұсақ-түйектер басым. Мынау қызметкерлер — банкіде, министрлікте, сауда бөлімінде істейтіндер, — хабар жазғыштар, жезөкшелердің арқасында жанбағушылар, штат киіміндегі офицерлер, фрак киген сәнқойлар — бұлар кабактан тамақтанып, операда болып үлгергендер, енді осыннан тұп-тура Итальяндықтарға тартып отырады, — өңкей күмәнді жандардың ордасы. Ал әйелдердің бәрі бір пішімдегілер: Америкалық кафеде кешкі тамақтарын ішеді де, егер олар бос болса, онда өздерінің тұрақты клиенттеріне өздері барып жолығады. Олардың тұрақты бағасы екі луидор, бірақ олар шетелдіктерді аңдып жүреді, өйткені олардан бес луидор алады. Бұлардың мұнда шұбап жүргеніне алты жыл болды, — бұл жерден оларды күнде, жыл бойы тек Сен-Лазарге немесе Лурсинге барып емделіп жатқан кездерінен басқа уақыттың бәрінде де осы орындарынан көруге болады.
Дюруа оны тыңдаған жоқ. Сондай әйелдің бірі бұлардың ложасына сүйеніп, бұған тесіле қарады. Бояп жасаған қастарының астынан айналасын қарамен жиектеген көзі сығалап тұрған қара шашты, опаланған, толық әйел. Қара жібек көйлекті керіп тырсиған төсі, қаны ағып тұрған жараға ұқсатып бояған ерні әлдебір жыртқышқа тән бір нәрсені елестетіп, құштарлықты, ерсілікті білдіріп тұрғанмен, сонымен қатар ынтықтығыңды да қоздырады.
Қасынан өтіп бара жатқан өзі құсап боянған сары шашты сары досын басын изеп шақырып алды да, әлгі әйел ложадағылар естісін деп, әдейі дауыстап сөйледі:
— Қарашы, әдемі жігіт емес пе? Егер ол мені он луидорға көргісі келсе, мен қарсы болмас едім.
Форестье жымиып Дюруаға бұрылды да, оны иығынан қағып қалды:
— Сені айтып тұр. Сен, достым, әйелдерге өтімдісің. Құттықтаймын!
Бұрынғы унтер-офицер қызарып кетті, түбінде екі алтын ақша жатқан желетінің қалтасына қарай саусақтары еріксіз көтеріле берді.
Шымылдық жабылды. Оркестр вальс ойнады.
— Қыдырмаймыз ба? — деді Дюруа.
— Дегенің болсын.
Оларды шыққан бетте-ақ ыдырушылардың ағыны алды да кетті. Оларды біресе қысты, итерді, басты, біресе ана шеттен мына шетке лақтырды, ал көз алдарынан қалпақтың қилы-қилы түрі қылаң беріп жатты. Әйелдер шынтақтардың, арқалар мен кеуделердің ара-арасынан сырғып өтіп, еркектердің қалың ортасында емін-еркін жұп-жұптарымен жүр, — олар үшін бұл ара үйреншікті орта екені көрініп тұр, табиғаттарына сай, еркектердің мына ағынында өздерін судағы балықтай сезінеді.
Дюруа ағылған топтың ығытымен сатылғыш әйелдердің әтірі мен адам денесінің тері сіңіп, никотинмен уланған ауаны жұтына сіміріп, құлшына жылжыды. Ал Форестье терлеп, ентігіп, жөтеле берді.
— Жүр, баққа барайықшы, — деді ол.
Оңға бұрылып, олар алабажақ екі шамның жарығы түсіп тұрған қысқы бақ сияқты бірдемені көрді. Тиса, туя ағаштарының саясында қоладан құйған үстел басында салқын сусын ішкен еркектер мен әйелдер отыр.
— Тағы бір саптыаяқтан ба? — деген ұсыныс жасады Форестье.
— Қуана-қуана.
Олар отыра қалып, бұрыннан отырғандарға барлай қарасты.
Арасына аз уақыт салып ауық-ауық бұларға бір қыздар үйреншікті жымиыспен келіп: "Мырзалар, немен сыйлайсыздар?" — деп кетеді. Форестье оған ыза болып: "Бұрқақтың суымен сыйлаймыз", — деген соң, "Шошқа!" — деп бұрқылдап бұрылып кете барады.
Бір кезде мана бұлардың ложасына сүйеніп тұрған қара шашты әйел келді, жан-жағына тімтіне қараған ол сары шашты толық әйелмен қолтықтасып алыпты. Айтатыны жоқ, екеуі де бір-біріне лайықтап таңдап алынғандай әдемі әйелдер-ді.
Дюруаны көрген замат ол өздері ғана түсінетін әлдебір ішкіл жағдайды жанарларымен айтысып үлгіргендей-ақ бір жымиып қойды. Орындықты алып, ол қымсынбастан оған қарсы қарап отырды да, соза дауыстады:
— Гарсон, екі гренадин әкел!
— Ештеңеден қорқа қоймайтын әйелсің-ау өзі! — деді таңданған Форестье.
— Сенің досың басымды айналдырып жіберді, — деді әйел — Шын сөзім, досың — нағыздың өзі. Менің қорқатыным, осыған бола бір ақымақтық жасап қоймасам жарар еді!
Дюруа қысылғанынан не дерін білмеді. Ол қопсыған қою мұртын ширата бұрап, тек жөні жоқ жөткіріне берді. Гарсон су қосқан шырын алып келді. Әйелдер оны бір-ақ сімірді де,орындарынан тұрды. Қара шаш Дюруаға жылы шыраймен иек қағып, желпуішімен ақырын ғана иығынан ұрып-ұрып қойды.
— Рахмет саған, — деді әйел. — Тек сенен бір ауыз сөз шықпайтыны жаман екен.
Бөкселерін бұлтыңдата басып, екі әйел сыртқа беттеді.
Форестье күліп жіберді.
— Менің саған не айтайын деп отырғанымды білесің бе, достым? Сен шынында да әйелдерге өтімдісің. Соны пайдалана білу керек. Онымен алысқа баруға болады.
Біраз ойланып отырғаннан кейін, өз ойын сыртқа шығарып отырған адамша, ойлана сөйледі:
— Бізді жұрт қатарына көп жағдайда әйелдер жеткізеді.
Дюруа үндемей жымиды.
— Сен қаласың ба? — деп сұрады Форестье. — Мен кетем, бүгінге осы да жетеді.
— Иә, мен біраз болам. Әлі ерте ғой, — деп міңгірлеген болды Дюруа.
Форестье орнынан тұрды.
— Онда сау бол. Ертеңге дейін. Ұмытқан жоқсың ғой? Фонтен көшесі, он жеті, жеті жарымда.
— Жақсы. Ертеңге дейін. Рахмет.
Екеуі қол қысысып қоштасты, сонымен журналшы өз жөніне кетті.
Ол көз алдынан ғайып болған соң ғана Дюруа өзін еркіндеу сезіне бастады. Тағы да қалтасындағы алтын ақшаларды тоқ пейілмен бір сипап қойды да, орнынан тұрып, көзімен жан-жағына тінти қарап топ ішіне еніп кетті.
Кешікпей еркектердің арасында, топ ішінде кедейдің паң кейпін сақтап кетіп бара жатқан екі әйел — сары шаш пен қара шаш — көзіне түсті.
Ол соларға қарай жүрді, бірақ жақындай бере кенет өз-өзінен жүрексінді.
— Не болды, тілің шықты ма? — деді қара шаш.
— Сұмпайы! — деп міңгірлегеннен асып Дюруа ештеңе айта алмады.
Үшеуі жолдың қақ ортасына тоқтапты, әп-сәтте айналалары жүргіншілердің иіріміне айналды да кетті.
— Менің үйіме барасың ба? — деді қара шаш күтпеген жерден.
Құмарлық қалшылдатып, әйелге ол дөкір сөйлеп қалды:
— Барар ем, менде бар-жоғы бір-ақ луидор.
Әйелдің жүзінен мамыражай жымиыс байқалды.
— Ештеңе етпейді, — деді де, өз жекеменшігінше иемденіп, қолтығынан ұстап алды.
Әйелдің қасында келе жатып Дюруа қалған жиырма франкқа, әрине, ертеңгі түстікке қажетті фрак алатынын ойлады.
ІІ
— Форестье мырза қайда тұрады?
— Төртінші қабат, сол жақта.
Есіккүзеттің ықыласты даусынан үй иесіне деген құрмет сезіліп тұрды. Жорж Дюруа баспалдақпен жоғары көтерілді.
Ол ептеп жүрексінді де, толқыды да, бір түрлі ыңғайсызданды. Өмірінде бірінші рет фрак кигендіктен бе, бүкіл кәстөмі оны әлденеден қауіптендіре берді. Ол қаншама әдемі көрінгенмен, лакталмаған бәтіңкесінен бастап таңертең Луврда төрт жарым франкқа өте жұқа, сондықтан қазірдің өзінде-ақ ұйпаланып қалған омыраушасымен қоса сатып алған жейдесіне дейінгі үстіндегі киімнің әрбірінен бір мін таба бастады, — жалпы, ол жақсы аяқ киімді жақсы көретін. Оның бұрынғы жейделерінің бәрі әбден тозып біткен-ді, оның бірде-бірін киіп баруға тәуекелі жетпеді.
Шалбары тым кең, аяқтарын әдемі көрсетпей, бұлшық еттерінің тұсы жиырылып қалыпты; бойына шақтап арнайы тігілмегені, кездейсоқ алынғаны умаждалған түрінен білініп тұр. Тек фрак қана жарасып тұр — денесіне құйып қойғандай.
Жүрегі тоқтап қалатындай көрініп, арпалысқан сезімнің әлегінде, бәрінен де күлкілі боп көрінуден қорқып, баспалдақпен асықпай көтеріліп келе жатқан оның кенет дәл қарама-қарсысынан әдемі киінген бір мырза бетпе-бет тесіле қарап шыға келді. Олардың бір-біріне тақау келгені соншалық, Дюруа шоршып кетіп, сол орнында қатты да қалды: бұл оның өзі еді, екінші қабаттың алаңшасында дәлізді ұзын сияқтандырып көрсетіп тұрған айнадағы өз бейнесі болатын. Қуанғаннан тұла бойы дірілдеп кетті — күтпеген жағдайда ол өзінің сымбатты кейпін көріп қалды.
Үйінде ол қырыну үшін кішкентай айнаға ғана қарайтын, онда өзін тұла бойымен көре алмайтын; өйтіп-бүйтіп үсті-басының әр жерін жеке-жеке көріп, кемшіліктерін бадырайта байқап, өзін бір күлкілі адаммын ба деген күйінішті ойда жүретін.
Енді, міне, қазір, ойда жоқта айнаға көзі түсіп кетіп, тіпті ол өзін танымай да қалды, — өзін басқа, бір қарағанда, сәнді, мінсіз киінген ақсүйек адам ба деп қалды.
Өзін-өзі мұқият тексере қараған соң, ол өзінің түрін шын мәнінде де жарасымды түр деп тапты.
Содан кейін рөлін пысықтаған актер құсап айнаның алдында даярлана бастады. Жымиды, қолын созды, сілтеді, бет жүзінен біресе таңданысты, бірде ризашылықты, бірде құптағанды байқатуға тырысты, әйелдер мұның өзін ұнатып, қызыға қарап отырғанын бірден сезінетін және мұны жарасымды еркек деп танитындай жымиыс пен көзқарасты тауып жасағысы келді. Төмен жақта есік тарс етті. Біреу-міреу аңдаусызда үстімнен түсіп қала ма, қонақтардың бірі айна алдында қалай қисаңдап тұрғанын көріп қойды ма деп қорқып, Дюруа баспалдақпен тез-тез жоғары көтеріле бастады.
Үшінші қабаттың алаңшасында да айна тұр екен, өтіп бара жатып өзіне тағы бір қарау үшін, Дюруа жүрісін сәл баяулатты. Шындығында да оның денесі сымбатты еді. Жүрісі де одан жақсы жүріс жоқтай. Бір сәт оның жан дүниесін өзіне деген шексіз сенім билеп алды. Мынандай сырт пішіммен мақсатқа жету жолындағы өзіне тән табандылықпен, батылдықпен және ешкімге тәуелсіз ойлай алатын ақылдылығымен ол, сөз жоқ, өз дегеніне жетеді. Баспалдақтарды секіре басып, оның ең үстіңгі алаңына жүгіріп шыққысы келді. Үшінші айнаның алдында аялдап тұрып, ол дағдылы қимылмен мұртын ширатып, қалпағын шешті, шашын сипады, сонан соң мұндай жағдайда ылғи айтатын сөзін қайталап: "өте жақсы ойлап табылған!" — деді де, қоңырауды басты.
Есік те дәл сол сәтте ашыла кетті десе болады; қара фрак, лакталған бәтіңке киген, қырынған, барынша жоғары дәрежеде күтімді әрі маңғаз малайды көргенде Дюруа тағы бір беймәлім, өзіне де түсініксіз ыңғайсыздықты сезінді; бәлкім, ол өз кәстөмін еріксіз малайдың кәстөмімен салыстырған болар. Дақ тиген жерін байқатпау үшін қолына бүктей ұстаған пәлтөсін Дюраның қолынан алып жатып:
— Қалай баяндауды бұйырасыз? — деп сұрады малай.
Сонан соң қонақжайды алдыңғы бөлмеден бөліп тұрған қалың пердені көтеріп тұрып, оның атын анықтап айтты.
Дюруа бүкіл менмендігінен бір сәтте-ақ айырылып үлгірді, ол қақиып, толқығаннан зорға дем алды. Ол өзі армандаған жаңа өмірдің табалдырығын аттағалы тұр еді, оны бұл өмір баяғыдан қызықтырған. Ақыры ол кірді. Үлкен, жарық, өсімдіктердің көптігінен оранжереяны еске түсіретін бөлменің дәл ортасында аққұба жас келіншек тұр екен.
Ол қазықтай қақиды да қалды. Бұл жымиып тұрған әйел кім? Кенет оның есіне Форестьенің үйленген адам екені түсті. Мына әдемі сары шашты нәзік әйел соның -мұның досының әйелі деген ой оны мүлде есеңгіретіп тастады.
— Бикеш, мен... — деп міңгірледі де қалды. Әйел оған қолын созды.
— Білем. Кешегі кездесулеріңіз жайлы Шарль маған айтқан, оның басына бүгін сізді бізбен бірге түстенуге шақырған жақсы ойдың келгеніне мен өте қуаныштымын.
Ол не деп жауап қатарын білмей, құлағына дейін қызарып кетті, әйелдің өзін аяғынан басына дейін қарап, байқап, бағалап зерттеп тұрғанын сезді.
Ол өзінің киім киісі үшін кешірім сұрамақ болды, оның олпы-солпылықтарын түсіндіргісі келді, бірақ ол не деу керегін ойлап таба алмай, ақырында ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған ондай мәселені қозғауға бата алмады.
Ол әйел нұсқаған креслоға барып отырып еді, астындағы жұмсақ, серіппелі орын төмен басылып, ол оған көміле батып бара жатты, шалқайғанында арқалығы мен шынтақ қойғышы денесіне жұмсақ жанасып, оны барқыт құшағына аялай қысқан кезде, ол өзін жаңа, ғажап өмірге еніп бара жатқандай сезінді; әлдебір айрықша жағымды нәрсені қолына түсіргендей болып, өзін бір татымды, биіктеп қалған адамға санады. Сол сәт оның өзінен көз алмай қараған Форестье ханымға көзі түсті.
Ол үстіне жіңішке белі мен биік торсиған төсін айқындап көрсететін көгілдір кашемир көйлек киіпті. Қысқа жеңі мен кеуделігін көмкерген аппақ шілтерлердің көбігінен жалаңаш қолы мен мойны айрықша көрінеді. Биік етіп жинақтаған шашы жеп-жеңіл, тап-таза, мамық бұлт құсап желкесінде бұлғақтайды.
Әлденесімен әнеукүні Фоли-Бержерде кездескен әйелдің кісіге қарасын еске түсіретін қарасы Дюруаға жігер бергендей әсер етті. Жанары сұр екен, ерекше тартымды етіп көрсететін аздап көгілдір реңкі бар сұр, мұрны жұп-жұқа, ерні толық, иегі сәл томпиған, -түп-түзу болмаса да, бет-жүзі сүйкімді, қылықты әрі өте әдемі. Әйелдің мұндай бет-жүзі әр нүктесі өзгеше әсерге жетектейтін бет-жүзге жатады және мағыналы саналады, оның сәл-пәл өзгерісі әлденені айтып немесе әлденені жасырып тұрғандай.
Сәл үнсіздіктен кейін әйел:
— Көптен бері Париждесіз бе? — деп сұрады.
— Бар-жоғы бірер ай ғана, — деді ол бірте-бірте бойын билеп. — Мен темір жолда қызмет істеймін, бірақ Форестье мені үміттендіріп қойды: менің көмегіммен журналшы боп шығасың дейді.
Бұл жолы әйел бұрынғысынан гөрі жарқын жүзбен және молынан күлімсіреп жымиды, даусы да бәсең шықты.
— Білем, — деді.
Тағы қоңырау басылды. Малай хабарлама жасады:
— Де Марель ханым.
Кішкене қараторы әйел кірді, мұндай әйелдерді жұрт күйдіргі күреңкей деседі.
Жүрісі жеп-жеңіл екен. Қоңыр, тым қарапайым көйлегі денесіне жабысып, бүкіл тұлғасын айқын танытып тұр.
Қара шашына қадап алған қызыл райханы кісінің көзін еріксіз тоқтатады: сол бір гүл оның жүзін жандандырып, бетінің өзіндік ажарын айқындап, оған қызулық пен жарқындық беріп тұр.
Әйелдің соңынан қысқа көйлекті қыз еріп келеді. Форестье ханым оларға қарсы ұмтылды:
— Сәлемет пе, Клотильда?
— Сәлеметсің бе, Мадлена!
Екеуі сүйісті. Үлкендерге тән сенімділікпен қыз да маңдайын сүюге тосты.
— Сәлеметсіз бе, Мадлена тәте! — деді ол.
Форестье ханым қызды да сүйген соң қонақтарды таныстыра бастады:
— Жорж Дюруа мырза, Шарльдің ескі досы. Де Марель ханым, менің досым әрі алыс ағайыным.
Және Дюруаға қарап қосып қойды:
— Біліп қойыңыз, бізде бәрі жай ғана, салтанатсыз өтеді. Сіздің оған ешқандай қарсылығыңыз жоқ па?
Жас жігіт басын иді.
Есік тағы ашылды, әдемі, ұзын бойлы, сымбатты, өзінен әжептәуір кіші, қимылының сыпайылығы мен тәкаппар бітімі еріксіз көңіл аударатын әйелін қолтықтап домаланған, жатаған жуан біреу кірді. Ол Вальтер мырза болатын, депутат, қаржыгер, бай әрі пайдакеш, оңтүстіктің еврейі, "Француз өмірінің" шығарушысы және оның әйелі, қыз күнгі аты-жөні Базиль-Равало, банкирдің қызы.
Сонан соң бірінен кейін бірі аса әдемі киінген Жак Риваль мен Норбер де Варен кірді, — соңғысының қайызғақты иығына төгіліп түскен ұзын шашы мен ысқылаған фрагының жағасы жалтылдап тұр, ал қалай болса солай байлай салған галстугы тіпті де жаңа емес-тін. Тәжірибелі еркектің ерке әдетімен Форестье ханымға қарсы жүріп кеп, ол оның қолынан сүйді. Ол еңкейген кезде, әйелдің жалаңаш қолын ұзын шашы жапты да кетті.
Ақыр соңында Форестьенің өзі келіп, кешігіп қалғаны үшін кешірім өтінді. Морельдің сөйлеген сөзіне байланысты оны газеттегілер ұстап қалыпты. Депутат-радикал Морель дәл бүгін Алжирді отарлау жөнінде несие болу мәселесімен министрлікке сұраныс жолдаған болатын.
— Тамақ дайын! — деп хабарлады малай.
Бәрі ас үйге қарай қозғалды.
Дюруаны де Марель ханым мен қызының ортасына отырғызды. Ол тағы өзін ыңғайсыз сезінді: шанышқыны, қасықты, бокалды қалай ұстап, қалай жұмсау керектігін ол біле бермейтін, сондықтан рәсімді бұзып қоям ба деп қорықты. Оның алдына төрт бокал қойыпты, оның бірі және де көгілдір түсті. Қызық болғанда, онымен не ішеді екен десеңші?
Суп ішкенде бәрі үнсіз отырды, сонан кейін Норбер де Варен сауал тастады:
— Сіздер Готьенің процесі жайында оқыдыңыздар ма? Қызықты оқиға.
Сонан соң-ақ бәрі арандату араласқан сол жағдайды талқылап кетті. Бұл жерде олар газеттен оқыған оқиғаны отбасында сөз еткендей емес, дәрігерлердің науқас жайында, көк азық сатушылардың көкөніс жайында айтқанындай әңгімеледі. Ешкім таңғалмады да, ашынбады да, - бәрі де қылмысқа маман адамның қызығушылығымен, барынша салқынқандылықпен қарап, оның тереңде жатқан құпия себептерін ашуға тырысты. Қайғылы оқиғаға итермелеген жағдайларды айқындауға, миға қатысты құбылыстарын анықтауға әрекет жасасты, болған драманы ғылыми түсінігін табуға болатын, жан дүниенің айрықша зардабы деп қарасты. Сол зерттеу, сол ізденіс әйелдерді де қызықтырып әкетті. Адам өміріндегі қызғылықты жағдайларды жазғанының әр жолы бойынша сатқыштардың көзқарасымен және басқа да өткінші оқиғалар дүкеншінің сатпас бұрын өз тауарын аударыстырып, тексеріп, салмақтап қарайтынындай зерттелді, талқыланды, жанашырлықпен жан-жақты қаралды, сонан соң шын мәніндегі өз құны бойынша бағаланды.
Сонан кейін әңгіме бір жекпе-жек жайына ауысты, енді жұрттың ықыласын өзіне Жак Риваль аударды. Бұл соның құзырындағы іс болатын, ол мәселеге араласуға басқа ешкімнің де батылы бармады.
Дюруаның сөз қыстыруға тәуекелі жетпеді. Көршісінің жұп-жұмыр денесі қызықтырған ол ауық-ауық сол жаққа көз қырын сала берді. Судың денесінен сырғып бара жатқан мөлдір тамшысы тәрізденіп, оның сырғалығының ұшында алтын жіпке ілінген гауһар тас салбырайды. Оның әрбір қыстырма сөзі жұрттың бәрінде жымиыс шақырады. Әр сөзі қызықты, сүйкімді, әрбір тапқыр қалжыңы көңіліне ештеңені кіді алмайтын, бәріне атүсті және ақкөңіл сенімсіздікпен қарайтын ширақ қыздың қалжыңындай.
Дюруа оған бір қошемет айтуға тырысып көрді, бірақ ештеме ойлап таба алмады да, оның қызымен айналысты: оған шарап құйды, тамақ алып берді, қысқасы, соны айналдырды. Шешесіне қарағанда қатаңдау қыз оған бас изеп қана ризашылығын білдіріп, маңғаз дауыспен: "Сіз сүйкімдісіз, мырза", — дейді, сонан соң кісінің күлкісін келтіретін салмақтылықпен үлкендердің сөзіне құлақ қояды.
Түстік тамаша болды, бәрі өздерінің сүйсіністерін білдіріп жатты. Вальтер бір өзі он адамдікін жеді және ылғи дерлік үндемей отырды; жаңа бір тамақтың түрін әкелген кезде, ол оған көзілдірігінің астынан қиғаштап, көздеп отырған адамша қарайды. Анда-санда омырауына тұздықты тамызып алып Норбер де Варен де Вальтерден қалыспады.
Әрі күлімсіреп, әрі қонақтардың қамын ойлап, Форестье бәрін бақылап отырды және әйеліне көп мағыналы қараспен зер сап қояды, ол оның айтпай ұғатын көмекшісі секілді, екеуі бірлесіп қиын, бірақ ойдағыдай өтіп жатқан жұмысты атқарып отырғандай.
Кейбірінің беті қызарып, дауыстары зорая бастады. Қызметші тамақ әкеп, отырғандардың құлағына еңкейіп кеп сыбырлайды:
— Кортон? Шато-лароз?
Дюруаға кортон ұнады, ол әр жолы бокалын тоса қояды. Қарнынан тараған көңілді, еш нәрсеге ұқсамайтын желік ыстық толқын боп басына құйылып жатқандай, содан тамыр-тамырына қуалай ағып, ақырында бірте-бірте оны түгелдей баурап алды. Ол үшін толық масайраған шақ туды, масайрағанда да бүкіл ойы мен сезімін жұтып қойған, жаны мен тәнінің масайрауы болды.
Бір минут те толастамаған ортақ әңгіме бір пікірден екінші пікірге ұласып, қайдағы бір болар-болмас себептермен бір нәрседен екінші нәрсеге секіріп, ақырында сол күннің барлық оқиғасын түгендеп шығып, онымен қоймай, басқа да мыңдаған мәселенің басын шалып шыққан соң, Морельдің кең тарап кеткен Алжирді отарлауға қатысты сөзіне қайта оралды.
Ештеңеге сенбейтін көзқарасымен және жеңілтек ойымен белгілі Вальтер екі тамақтың арасында ол жағдайға байланысты бірер өткір сөзді айтып-айтып жіберді. Форестье ертеңгі нөмірге арнап жазған мақаласының мазмұнын айтып берді. Жак Риваль отарларда әскери өкімет құру қажеттігін және отарлау әскерінде отыз жыл қызмет жасаған әрбір офицерге Алжирден жер бөліп беру керектігін айтты.
— Сонда сіз жасампаз қоғам құрасыз, — деп түйіндеді ол, — адамдар бірте-бірте білетін болады және ол елді сүйіп кетеді, олардың тілінде сөйлеуді үйренеді, жаңа келгендерді тұйыққа тіреп қоятын жергіліктілердің күрделі мәселесінің бәрін түсінетін болады.
Норбер де Варен оның сөзін бөліп жіберді:
— Иә,.. олар бәрін білетін болады, бірақ тек жер өңдеуді білмейді. Олар арабша сөйлей алатын болады, бірақ қызылшаны қалай егіп, бидайды қалай себуді білмейді. Олар сайысу өнерін өте күшті меңгереді, ал жерді өңдеуден өте әлсіз болады. Жоқ, ол жаңа елдің есігін барлық барғысы келетіндерге кеңінен ашу керек. Басында миы бар адамның бәріне одан орын табылады, қалғандары құриды. Біздің қоғамның заңы солай.
Бір сәт тыныштық орнады. Бәрі үнсіз жымиысты.
— Ол жақта жетіспейтін нәрсе ол — жақсы жер, — деп қалды кенеттен Дюруа, өмірінде бірінші рет естіп тұрғандай, өз даусын өзі таңдана тыңдады. — Жақсы өнім беретін жерлер Францияда қанша тұрса, Алжирде де сонша тұрады, сондықтан оған салған ақша тиімді деп түсінген Париждің байлары ол жерді сатып алады. Нағыз отарлаушыларды, яғни ол жаққа жоқшылық қуып апарған кедейлерді суы жоқ және ешнәрсе өспейтін құмға ығыстырып тастайды.
Енді барлығының назары оған аударылды. Ол өзінің қызарып бара жатқанын сезді.
— Сіз Алжирді білесіз бе? — деп сұрады Вальтер.
— Білем, — деді ол — Мен онда екі жылдан астам уақыт тұрдым және үш аймағында да түгел болдым.
Морельді бірден жайына тастап, Норбер де Варен бір офицерден естіген сол елдің кейбір ғұрпы туралы сұрай бастады. Анығын айтқанда, оны қызықтырған Сахараның қақ ортасында, сондай аптап аймақтың ең құрғақ жерінде пайда болған өзгеше кішкентай араб республикасы Мзаб еді.
Дюруа Мзабта екі дүркін болған-ды, енді ол бір тамшы су алтынға бағаланатын, қоғамдық жұмысқа қатысуға әр тұрғыны міндетті болатын, өркениетті халықтарға қарағанда сауданы әділдеу жүргізетін таңғажайып жердің әдет-ғұрпын бар ынтасымен суреттеуге кірісті.
Шарап пен ұнағысы келгендік оны батылдандырып жіберді, сол себепті ол бір түрлі мақтанышпен қызына сөйледі; полк ішіне тараған анекдоттарды да айтты, соғыс кезінде бастан кешкендерін де баяндады, араб тұрмысының жекелеген жағдайларын қайта есіне түсіріп те жіберді. Күннің жалыны күйдіріп-жандырып туратын сап-сары, жалаңаш әрі шексіз сұрқай жерді тыңдаушылар көз алдына анығырақ елестетсін деп, ол тіпті біраз әдемі сөз тіркестерін де қолданып тастады.
Әйелдер оған көз алмай қарады. Вальтер ханым өзінің әдетімен әр сөзін соза сөйледі:
— Сіздің естелігіңізден бірнеше тамаша очерк шығайын деп тұр екен.
Әлдекімнің бетіне дұрыстап қарағысы келгендегі әдетімен, кәртең Вальтер жас жігітке дереу сол арада көзілдірігінің үстінен көз тастады. Ал тамаққа ол көзілдірігінің астынан қарайды.
Форестье сол сәтті пайдаланып қалды:
— Қымбатты басеке! Мен сізге бүгін Дюруа мырза туралы айтып ем ғой және оны саяси хабарлар табу жөніндегі менің көмекшім етіп тағайындауыңызды өтінгем. Марамбо бізден кетіп қалғалы бері менің әрі жедел, әрі құпия мәліметтерді жинайтын ешкімім жоқ, газет содан ақсап жүр.
Вальтер салмақты бола қалып, көзілдірігін көтерді де, Дюруаға тура көзіне көзін қадай қарады.
— Дюруа мырзаның ақылы, сөз жоқ, айрықша, — деді ол. — Егер ертең сағат үште оның менімен әңгімелесуге құлқы болса, онда біз оны ұйымдастыра аламыз.
Аз үнсіздіктен кейін ол тікелей Дюруаның өзіне тіл қатты:
— Қазірше сіз бізге Алжир жайында екі-үш очерк беріңіз. Есте қалғандарыңызбен бөлісіп, жаңа ғана осында айтқаныңыздай, соны отарлау саясатымен байланыстырыңыз. Сонда дер кезіндегі дәл уақтысындағы оқиға болып шығады, оқырмандардың оған өте риза болатынына мен сенімдімін. Бірақ асығыңыз!
Бірінші мақалаңыз ертең менің қолыма тиюі керек, ең ары кеткенде — бүрсігүні: палатада әлі талас бітпей тұрғанда, жұрттың назарын біз оған аудара білуіміз қажет.
— Ал оған сіздер қоятын тамаша тақырып мынау: Африкандық атқыштың естеліктері, — дегенді не айтса да өтімді етіп айтатын маңызды кейіппен Вальтер ханым қосып қойды, — солай емес пе, Норбер мырза?
Атаққа кеш іліккен қарт ақын жаңа шыққандарды жақтырмайтын және олардан қорқатын. Ол сүлесоқ жауап қайтарды.
— Иә, тақырып тамаша, егер одан кейінгілер де сол стильде жазылса, оның ең қиыны сонда. Стиль деген — музыкадағы дәл шыққан үнмен бірдей нәрсе.
Форестье ханым Дюруаға: "Сен сияқтылар өз мақсатына жетпей қоймайды" дегенді аңғартатын мейірлі, қамқор, түсінген адамның көзқарасымен қарады. Марель ханым ол жаққа бірнеше дүркін бұрылып қарады, құлағындағы гауһар дәл қазір үзіліп түсіп, мөлдір судың тамшысынша тамып кетердей дір-дір етеді.
Қызы тақсыға төніп, тыныш қана тәкаппар отыр.
Малай сол арада үстелді тағы айнала жүріп, көгілдір бокалдарға иоганнисбергтен құйып шықты, содан кейін Форестье Вальтерге тағзым етті де, тост айтты:
— "Француз өмірінің" гүлденуі үшін!
Бәрі де газеттің шығарушысына қарап бастарын иісті, ал табысына мастанған Дюруа бокалдағысын бір-ақ сіміре салды. Ол өзін бір бөшкені де бір-ақ ішіп, бүтін өгіздің етін бір өзі жеп, арыстанды да қылғындырып өлтіре салатындай сезінді. Бойына шамадан тыс қуат пен қайтпайтын қайсарлық бітіп, аса бір шұғылалы үміттері оянды. Ол енді бұл қоғамның өз адамы болды, өз жағдайын өзі жасап алды, белгілі бір орынды иеленді. Оның жанары елдің бетіне бұрын болмаған сенімділікпен байыздап қарайтын болды, ақырында оның көршісіне тіл қатуға дейін батылы барды:
— Сіздің сырғаңыз қандай әдемі еді, мен мұндайды ешқашан көрген емеспін!
Әйел оған күлімсірей бұрылды:
— Гауһарды бүйтіп жай алтын жіпке іліп қою — ол өзімнің басыма келген ой. Таңғы шық екен деп ойлап қалуға болады, рас қой, ә?
Өзінің батылдық жасағанынан қысылып, ақымаққа тән бірдеме деп қоям ба деп те қорқып, ол батылсыздау міңгірледі:
— Сырғалар әдемі, құлағыңыз да тек сондай сырғаларды тағуға жаралғандай.
Әйел оған жанарымен, жанар болғанда да жүрек түкпіріне дейін жететін жанар отымен алғысын білдірді.
Дюруа бетін бұрғанда, Форестье ханымның көзімен тағы көз түйістіріп қалды: ол оған сол баяғы мейірімді жүзбен қарап отыр екен, алайда оның көзқарасында қуланған әрі құптаған бір ыңғай байқалған сияқтанды.
Еркектер енді қолдарын сілтеп, дауыстарын көтеріп, жамырай сөйлесіп жатты: жерасты темір жолының аса үлкен жобасы талқыға түсіп кетті. Десерт таусылғанда барып әңгіменің тақырыбы да бітті, — Париждегі қатынас түрлерінің шабандығы туралы, аттардың ыңғайсыздығы жайында, омнибустағы тәртіпсіздік пен айдаушылардың дөрекілігі төңірегінде әркімге айтатын сөз табылып жатты.
Сонан соң бәрі кофе ішу үшін қонақ бөлмеге өтті. Дюруа қалжыңдап, қызға қолын ұсынды. Қыз салтанатты түрде ризашылық білдірді де, аяғының ұшымен тұрып, қолын жігітінің шынтағы астына сұғып жіберді.
Қонақ бөлме оған тағы да жабық бақты есіне түсірді. Бөлменің әр бұрышында жапырақтарын әсем жайып, төбеге дейін созылып биік пальмалар тұр.
Алды ашық пештің екі жақ бүйірінде бағанаға ұқсаған каучук ағашының дінінде жап-жасыл жапырақтары жыпырлап тұр, ал фортепианоның үстінде әлдебір бейтаныс екі бұта тұрды — қызғылт және ақ; дөңгеленген, үстін тұтастай гүлмен қаптап қойғандай, олар жасанды, нағыз өсімдікке ұқсамайтындай боп көрінді, тірі гүлге қарағанда тым әдемі секілді.
Қонақ бөлменің таза ауасы жеңіл әрі нәзік, айта да, ұстай да алмайтын жұпар иіске толы еді.
Дюруа қысылып-қымтырылуын біржола қойды десе де болады, енді ол бөлмені аспай-саспай мұқият қарады. Бөлме тым үлкен емес-ті: өсімдіктерден өзге онда көз тоқтататындай еш нәрсе жоқ-ты, жарқырап көзге түсетіндей тым жалтырақ та жоқ, бірақ адам онда өз үйінде жүргендей сезінеді, ондағының бәрі адамның демалуына ыңғайлы, тыныш: жинақылығымен кісіні баурап, шексіз-шетсіз ұнап, әлдебір еркелеткендей жұмсақ сиқырымен денеңді орап қоятындай.
Бөлменің қабырғалары шыбынның үлкендігіндей сары жібек гүлдермен безендірілген ақсұр матамен қапталыпты. Есіктерге қызыл жібекпен қалампыр гүлі тоқылған ақшылтым көгілдір солдат шұғасынан жасалған перделер ілініпті. Қалай болса солай қоя салынған әр көлемді, әр түрлі жиһаздар — шезлонг дейтін жартылай төсек сияқты шалқайма орындықтар, абажадай және құртымдай креслолар, табуреткалар, пуфтар - кейбірі XVI Людовик стиліндегі жібек матамен қапталса, кейбірі сарғыш шетіне өсіп тұрған анарды салған әдемі барқытпен қапталған.
— Дюруа мырза! Кофе ішесіз бе?
Сол баяғы езуін жыймай күлімсіреген қалпы Форестье ханым оған шыны ұсынды.
— Иә, ханым, рахмет сізге.
Дюруа шыныны алып, қыз қолындағы қант салғышқа қауіптене еңкейіп, күміс қысқашпен бір түйір қантты іліп алып жатқанында, келіншек құлағына сыбырлап үлгірді:
— Вальтер ханымды айналдырыңызшы.
Ол бірдеме айтып үлгіргенше келіншек қасынан кетіп қалды.
Кілемге төгіп алам ба деп қауіптеніп, ол кофені тезірек ішіп бітуге тырысты, сонан соң жеңілдеп қалғандай сезініп, енді жаңа бастығының әйеліне жақындаудың және онымен сөйлесудің амалын қарастыра бастады.
Кенет ол үстелден алыста отырған Вальтер ханымның бос шыныны қолына ұстап, сірә, оны қайда қоярын білмей тұрғанын байқап қалды. Дюруа дереу қасына жетіп барды.
— Маған рұқсат етіңізші, ханым.
— Рахмет сізге.
Шыныны апарып қойған соң ол қайта қасына келді.
— Мен ана жақта құмның ішінде жүргенде, "Француз өмірінің" маған қаншама бақытты сәттер сыйлағанын сіз білсеңіз ғой, ханым! Шын мәнінде ол Франциядан тыс жерде оқуға болатын бірден-бір газет, өйткені тек қана ол ең қызықты, ең тапқыр және неғұрлым жан-жақты газет. Ол бәрі туралы жазады.
Вальтер ханым өз сыпайылығына тән жымиысымен салқын жымиды.
— Қазіргі талапқа сай газеттің түрін жасау менің күйеуіме аз еңбекке түскен жоқ, — деді әйел өз бағасын білетін кейіппен.
Содан кейін екеуі әңгімелесіп кетті. Дюруа әдеп сақтай бермейтін, қысылып-қымтырыла қоймайтын әңгімелерді жақсы айтатын; даусы құлаққа жағымды, жанары өте әсерлі, ал мұртында адамды еріксіз өзіне тартатын бір сиқыр тығылып тұрғандай-ды. әдемі, жұмсақ, көпсіген, тікірейген шалғайына таман сәл ақшылтым тартқан сары алтындай құбылған мұрты жоғарғы ернінің үстінде ширатылады.
Екеуі Париж және оның айналасы туралы, Сена өзенінің жағалауы жайында, жазғы көңіл көтерулер мен курорттар хақында, қысқасы, ешқандай бас қатырмай-ақ күнұзақ айта беруге болатын жеңіл-желпі нәрселерді сөз етісті.
Қастарына ликер құйған рөмкесін көтеріп Норбер де Варен келген соң, Дюруа кішіпейілдік жасап кетіп қалды.
Форестье ханыммен әңгімесі біткен соң Марель ханым Дюруаны қасына шақырды.
— Сөйтіп, сіз журналшылықта бағыңызды сынап көрмексіз бе? — деді ол күтпеген жерден.
Ол өзінің мақсаты жайында өзі де түсінбейтіндей бірдемелерді айтты да, іле-шала Вальтер ханыммен сөйлескен сөздерін оған да айта бастады. Бірақ бұл жолы ол мәселені жақсы меңгеріп, жақында өзгелерден естігендерін де өзінікі етіп, сеніммен сөйледі. Және сол сәтте әр сөзіне терең мағына беруге тырысып, өз көзін әйелдің көзіне үнемі қадай тұрып сөйледі.
Өз кезегінде Марель ханым өзін тапқыр санайтын және қызықты көрінгісі келетін әйелдердің табиғи ширақтығымен бірнеше анекдот айтып жіберді. Бірте-бірте ашыла келіп, бір кезде қолы жігіттің жеңіне тиіп те тұрды, әр нәрсені айта жүріп, кенет даусын кілт бәсеңдете қойды, содан екеуінің әңгімесі ішкіл жағдайға ауысты да кетті. Өзіне анық ықыласы ауған жас келіншектің қасында тұрғаны жігітті толқытты. Өзінің оған берілгендігін, біреулерден оны қорғай алатындығын дәл қазір дәлелдеп және өзінің жақсы қасиеттерін оның алдына жайып салғысы келгеннен шаршап қалған Дюруа оның әр сөзіне кешеуілдеп жауап қайтарып тұрды, ал ол кешігулер оның ойы басқада екендігін дәлелдейтін еді.
Кенет Марель ханым себепсізден-себепсіз: "Лорина!" — деп шақырды да, қыз қасына келген соң:
— Отыр осында, қызым, терезенің алдынан суық тиеді, — деді.
Дюруаның қызды үнсіз ғана сүйіп алғысы келді, сонда сол сүйістің бір бөлшегі оның шешесіне де тиесі болатындай көрінді.
— Сізді сүюге бола ма, мадмуазель? — деп сұрады ол сыпайы, әкелік мейірімді үнмен.
Қыз оған таңдана қарады. Марель ханым күле сөйледі.
— Жауап бер: "Бүгінше сізге рұқсат етем, мырза, бірақ бұдан кейін бұл қайталанбасын", — де.
Дюруа отырып, қызды қолынан ұстады да, қыздың толқынданған жұмсақ шашына ернін тигізді.
Шешесі қайран қалды.
— Қарай көр, қашпады! Ғажап! Әдетте ол өзін тек әйелдерге ғана сүйгізеді. Сіз бағындырып алғышсыз, Дюруа мырза!
Ол қызарып кетті де, қызды бір тізесіне отырғызып, үнсіз тербете берді.
Форестье ханым қастарына келді де, таңданғаннан ішегін тартып:
— Мен не көріп тұрмын? Лоринаны үйретіп алыпты! Міне, ғажап! — деді.
Сигарын езуінен тастамай Жак Риваль бұларға қарай жүрді, аузымнан әлдебір орынсыз шығып кеткен сөзге бола бар жағдайды бүлдіріп, бүгін жинап алған беделімнен бір сәтте айырылып қалмайын деп қорқып, Дюруа дереу қоштаса бастады.
Ол басын иіп, әйелдердің қолын абайлай қысса, еркектердікін қаттырақ сілкіді. Сөйтіп тұрып, қол қысысына Жак Ривальдің достық пиғылмен жауап қайтарғанын, Норбер де Вареннің дымқыл әрі суық қолы саусақтарының арасынан сусып өткенін, ал Вальтердің қолы суық, бос, жаны жоқтай, ұсқынсыз екенін, Форестьенікі толық әрі жылы екенін байқады. Досы құлағына сыбыр етті:
— Ертең сағат үште, ұмытпа.
— Жо-жоқ, сөзсіз келемін.
Бүгінгі табысына Дюруаның қатты қуанғаны соншалық, баспалдаққа келгенде, одан оның жүгіріп түскісі келді, төмен қарай екі баспалдақтан бір-ақ секіріп келе жатып, кенет үшінші қабаттың алаңқайындағы үлкен айнадан өзіне қарсы секіре жүгіріп келе жатқан мырзаны көргенде, өзін біреу қылмыс үстінде ұстап алғандай ұялып, тоқтай қалды.
Дюруа өз бейнесіне ұзақ сүзіліп қарады, сонан соң өзінің соншалық сұлу екеніне шаттанып, айнадағы бейнесіне күлімсірей қарады да, сонан соң оған дәл бір сыйлы кісімен қоштасқандай қолын көтерді де, құрметпен төмен иіліп тағзым жасады.
ІІІ
Көшеге шыққан соң Жорж Дюруа ойға шомды: ол қандай шешім қабылдауы керегін білмеді. Оның ешбір мақсатсыз-ақ қаланы аралап, армандап, келешекке жоспар жасап, түннің жұмсақ ауасын жұтып қыдырғысы келді, бірақ Вальтер үшін мақала жазу керек деген ой соңынан қалмай мазалай берді, ақырында ол үйге қайтып, дереу жазуға отырғаным тиімді болар деп шешті.
Сыртқы бульварды айнала жылдам жүріп кеп, содан кейін өзі тұратын Буро көшесіне бұрылды. Ол пәтер жалдаған жеті қабат үйде жиырма шақты жұмысшы мен тоғышарлық отбасы тұратын. Баспалдақпен көтеріліп келе жатып, қалдықтар мен темекінің тұқылдары, қағаз жыртындылары шашылып жатқан кір-кір тепкішектерді балауыз сіріңкемен жарық етіп, оған жиіркенішпен күйзеле қарап келе жатып, бұл арадан босанып шығып, байлар тұратын таза, кілемдер төселген үйде тұрсам-ау дегенді қатты армандады. Бұл арадағының бәріне тамақ қалдықтарының, дәретхананың жағымсыз иісі мен тұрғын үйдің шаңы сіңген, көгерген және ешқандай өкпек жел тазалай алмайтын иістері сіңіп қалған.
Оның алтыншы қабаттағы бөлмесінің терезесінен Батыс темір жолының үңірейген, Батиноль вокзалының маңына дейін созылған туннелінің терең күз сияқты үлкен оры көрінеді. Дюруа терезені ашып тастап, оның тот басқан темір жақтауына шынтақтай асылды.
Үш қозғалмайтын қызыл шам белгісіз аңның бақырайған көзі сияқтанып сол қараңғы ордың түбінде жарқырайды, оның ар жағында тағы шам, одан кейін тағы, тағы көрінеді. Бірде жақыннан, бірде алыстан, кейде әзер шалынып, Аньер жақтан кейде ұзақ, кейде қысқа гудок үні қараңғы түнде минут сайын естіледі. Өйтіп құбылған дауыстар жанды нәрселердің сөйлесіп жатқаны секілденіп те кетеді. Сондай бір дауыс жақындап келе жатты, оның аянышты күрсінісі әр сәт сайын күшейе түсті, бір кезде құлақ тұндырған тарсыл-гүрсілмен зымырап келе жатқан үлкен сары шам көрінді. Вагондардың ұзыннан-ұзақ тізбегі туннельдің көмейіне қалай кіріп кетіп жатқанын Дюруа көріп тұрды.
— Ал енді жұмысқа кіріс! — деді ол өзіне-өзі. Шамды үстелдің үстіне қойып, жазуға енді отыра бергенде, кенет өзінде тек пошталық қағаздың ғана бар екенін байқады.
Несі бар, қағазды көлденеңінен бүктеп, пошталық қағазға-ақ жазуға тура келеді. Қаламұшты сияға малып алып барынша тырысып, әдемілеп тақырыбын жазды:
"Африкандық атқыштың естелігі"
Сонан соң бірінші сөйлемді ойлай бастады.
Ол алақанымен жағын таянып, алдында жатқан таза қағазға тесіле қарады.
Не туралы жазу керек? Түстену кезінде айтқандарының бірде-бірін, не бір анекдотты, не бір фактіні, ештеңені есіне түсіре алмады. Кенет оның басына: "Кету кезінен бастау қажет", — деген ой келді. Содан ол: "Бұл 1874 жылы мамырдың орта шенінде, әлсіреген Франция қатерлі жылдардың сілкілеуінен кейін демалып жатқанда болып еді..." деп жазды.
Содан кейін Дюруа тоқтап қалды: мұны енді одан кейінгімен — кемеге мінуімен, саяхатқа шығуымен, алғашқы әсерлерімен — қалай байланыстырарын білмеді.
Бір он минуттен кейін ол кіріспе бөлімін ертеңге қалдырды, қазірше Алжирді сипаттап жазу керек деп шешті.
"Алжир — бастан-аяқ аппақ қала", — деп жазды да, бірақ одан ары қолы жүрмеді. Жадындағы әдемі таза қалашық, жалпақ шатырлы үйлердің тау етегінен теңізге қарай құлаған бұлақ суындай тізбегі қайтадан көз алдына келіп, бірақ сол көргендері мен бастан кешкендерін баяндайтын сөз таба алмады.
Ұзақ зорланған соң ғана: "Онда тұратын халықтың денін арабтар құрайды", — дегенді қосты да, содан кейін қаламсабын лақтырып тастап, үстелдің қасынан түрегеп кетті.
Оның денесінің салмағынан пайда болған төсектің шұңқырында тозығы жеткен, уқаланған, ұйпа-тұйпа, жиіркенішті түрі өлік сақтайтын жердің ескі-құсқысы құсап күнделікті киіп жүрген жейдесі жатыр. Ал оның жар дегенде жалғыз цилиндр қалпағы тоқыма креслоның үстінде шалқасынан түсіп, құдды бір қайыр сұрап, соны күтіп жатқандай.
Көгілдір гүл шоқтары бейнеленген түсқағазда қанша гүл болса, сонша дақ бар еді, — әлде мыжып тастаған қандала ма, әлде майдың тамшысы ма; не далап жұққан саусақтың майлы ізі ме, не жуынғыш шашыраған сабын көбігі ме, не қылған дақ екенін ешкім де айтып бере алмастай көмескі, күдікті дақтар. Бәрінен жаманы кісіні қорлайтын, Париждің жиһазды бөлмелерінің жоқшылығы көзге ұрып, иісі мүңкіп тұр еді. Дюруаның жанын өзінің кедейлігіне деген ыза кернеді. Бұл жағдайдан неғұрлым мүмкіндігінше тез құтылып, мұндай жанашырлық тіршілікті ертеңнен бастап тоқтату қажет екенін сезінді.
Аяқ асты оның қайтадан жұмыс істегісі келді, үстел басына отырды да, Алжирдің өзіндік сиқырлы ерекшеліктерін қайта жаңғыртуға көмектесе алатындай сөздерді іздеді. Алжир — жалпы Африканың, адам аяғы баспаған құпиялы, көшпелі арабтар мен зәңгілердің беймағлұм тайпалары мекендейтін Африканың кіре беріс босағасы; зерттелмеген, бірақ өзіне тартып тұратын, шындығына адам нанбайтын, ертегі өмірдің әлемінен келгендей жануарлары — түйеқұс деп аталатын бұрын көрмеген тауығы, қарақұйрық деп аталатын қимылы құдіреттей сәнді ешкілері, өзінің көріксіздігімен таңғалдыратын керігі, маңғаз түйелері, адам шошырлық бегемоттары, ұсқынсыз мүйізтұмсықтары, ақыр соңында адамзаттың қорқынышты бауырлары горилласы — сирек те болса біздің қалалық бақтан көрініс беріп қалатын Африканың босағасы Дюруаның басында туған ойлар анықтығымен ерекшеленбеді, оларды ол айта алар еді, алайда бірақ қағазға түсіре алмады. Самайы солқылдап, алақаны терден дымқылданып кетті, ақыры әлгіндей әлсіздіктің безгегі қысқан ол тағы да үстелдің алдынан тұрып кетті.
Сол арада оның көзіне бүгін кешкісін қақпа күзет әкеп тастаған кір жуушының есепшоты түсті де, оны бір айықпас қайғы басты. Өзіне деген сенім де, болашаққа деген үміт те бір сәтте ізім-ғайым болды. Бітті, бәрі бітті, ол ештеңе де жасай алмайды, оның қолынан ештеңе де келмейді. Ол өзіне түкке тұрғысыз, қабілетсіз, енді түк шықпайтыны біржола белгілі — керексіз адам боп көрінді.
Ол тағы терезенің алдына жақындап еді, дәл сол сәтте туннельдің ішінен тарс-күрс еткен жабайы дауыспен пойыз кенет жұлқынып шыға келді. Оның жолы даланы басып жазыққа, одан теңізге бағытталған. Пойызды көзімен ұзатып салып тұрып Дюруаның есіне әке-шешесі түсті.
Иә, пойыз олардың қасынан, бар-жоғы олардың үйінен бірер шақырым ғана қашықтықтан өтеді. Дюруа Руан мен Сенаның кең аңғарының үстінде, Кантль мекеніне кіреберістегі жотада тұрған шағын үйді көз алдына қаз-қалпында елестетті.
Дюруаның әке-шешесі сол руандықтар жексенбі сайын келіп ертеңгілік асын ішетін "әдемі көрініс" деп аталатын шағын асхана-шарапхана ұстайтын. Ұлымыз болашақта айтулы адам бола ма деген үмітпен олар оны колледжге берген-ді. Курсты бітіріп, бірақ бакалаврлыққа емтихан тапсырмай, Жорж Дюруа әскери қызметке тұрып кетті; ол офицер, полковник, генерал болуды алдын ала ойластырған-ды. Алайда әскери қызмет бес жылдық мерзімі бітпей жатып-ақ жалықтырып жіберген соң ол Парижден мансап табу жағдайын қарастыра бастаған болатын.
Сөйтіп, міндетті мерзімін өтеген соң, әке-шешесі ақыры үміттенген армандарының жүзеге аспасын білгеннен кейін, енді бізбен бірге қолтығымыздың астында тұра берсе деп қалап еді, олардың өтінішіне қарамай, осында келген-ді. Ол өзінің жұлдызы жанатынына сенімін жоғалтпады, көз алдында өзінің болашақ жеңісі бұлдыр елестейтін: әлдебір жағдайлардың сәтті үйлесуі өз жемісін береді, оны, әрине, өзі дайындайды және оны қолдан шығармай пайдаланады.
Гарнизондағы қызметі оның жүрекке қатысты жағдайларына да игі ықпалын тигізді, оңай жеңістерден тыс оның жоғары талаптағы әйелдермен де байланысы болды, — салық инспектрінің ол үшін бәрін де тастап, соңынан еріп кетуге дайын қызын және сенімді өкілдің ол тастап кеткенде суға батып өлмек болған әйелін де айналдырып алуға қолы жеткен.
Жолдастары ол туралы: "Қу, алаяқ, жылпос, оқ пен оттың ішінен де аман шығады", — дейтін. Ол сонда өзіне-өзі қу, алаяқ, жылпос болуға ант берген-ді.
Оның күнделікті гарнизондағы өмірінен, Африкадағы кәдімгі тонаушылығынан, қулық-сұмдығы мен патриоттық сезіммен қабат әскери түсініктегі намысты бойына сіңірген заңсыз табыстары, унтер-офицерлердің жеңістері жайындағы әңгімелердің әсерінен туған ұсақ атаққұмарлығы мен ерліктерінен қалыптасқан нормандық ұяты не керек болса соның бәрі табыла кететін үш қабат түбі бар қобдишаға айналып кеткен-ді.
Бірақ өз мақсатына жету тілегі соның бәрінен басым тұратын.
Өзі де байқамай, әр кеш сайын сөйтетін әдетімен Дюруа арманға шомып кетті. Оның көз алдына айрықша сәтті махаббат көрінісі келді, соның арқасында оның бүкіл арманы бір-ақ орындалыпты. Ол көшеде келе жатып банкирдің немесе ақсүйектің қызына кезігеді, оны бір көргеннен-ақ уысына түсіріп, соған үйленеді.
Өз інінен зытып шыққан семіз қоянша депоға барып демалу үшін бар пәрменімен туннельден шыға келген паровоздың құлақ тұндырған ащы даусы оны мына өмірдің шындығына қайта алып келді.
Сол сәт үнемі оның жанын жылытып жүретін әрі бұлдыр, әрі қуанышты үміт оны тағы қанаттандырды, — жорамалдап, түннің дәл қараңғылығына қарата — өзі қалаған бейтаныс әйелге сүйіс жолдады, өзі құмартқан сәттілікті ыстық ықыласпен сүйді. Сонан соң терезені жапты да, шешіне бастады. "Ештеңе етпейді, — деп ойлады ол, — таңертең тың күшпен кірісем жұмысқа. Қазір басым басқа оймен әлек. Оның үстіне мен артықтау ішіп қойған болуым керек. Өйтіп жұмыс істеуге болмайды".
Ол жатты да, шамды өшірді және сол сәтте-ақ ұйықтап кетті.
Әлденені асыға күткен немесе әлденеден мазасы кеткен адамдардың әдетімен ол ерте оянды; төсектен секіріп түсіп, өзі айтпақшы, бір шыны таза ауаны жұту үшін, терезені ашты.
Темір жол өтетін кең шұңқырдың арғы бетіндегі шығып келе жатқан күннің шұғыласымен жалт-жұлт еткен Рим көшесінің үйлері құдды күңгірт жарықпен салып шыққан суреттей. Оң жақтан көкжиекті жаба салған мөлдір бетперде сияқты жұқа көгілдір түтін тұмшалаған Аржантейль жотасы мен Сануа биігі және Оржемон диірмені әзер көрінеді.
Дюруа қарсы алдынан ашылған қиырға сүйсіне қарады. "Бүгінгідей кезде ол жерде сұмдық жақсы шығар", — деді күбірлеп. Содан соң жұмысқа кірісуі, кіріскенде де дереу кірісуі керек екені есіне түсіп, есіккүзеттің баласын шақырып алды да, оған он су беріп, кеңсеге өзінің ауырып қалғанын айтып келуге жұмсады.
Ол үстелдің алдына кеп отырды, қаламсабын сияға малды, сонан соң жағын таянып, ойланып қалды. Бірақ оның барлық ойлағаны бекер болды. Оның есіне ештеңе де түспеді.
Әйткенмен ол түңілмеді. "Оқасы жоқ, — деп ойлады ол, — әзірше менің әншейін дағдым жоқ. Барлық мамандық секілді, бұны да үйрену қажет. Менің алғашқы аяқ алысымды біреу-міреу бағыттап жіберуге тиіс. Форестьеге барайын, ол мені он минутте-ақ рельске салып жібереді".
Ол дереу киіне бастады.
Көшеге шыққан соң, қазір Форестье досына баруға болмайтынын шамалады: олар, бәлкім, кештеу оянатын шығар. Енді ол асықпай сыртқы бульвардың бойымен қыдыра-қыдыра барармын деп шешті.
Ол таңғы суарудан кейін жап-жаңа сияқтанып тұрған Монсо паркіне келіп кіргенде, әлі сағат тоғыз болмаған-ды.
Ол отырғышқа отырып тағы қиялға шомды. Алысырақта, сірә, әйел затын күткен біреу болу керек, өте әдемі киінген жас жігіт ілгері-кейін жүрді де қойды.
Ақыры бетпердесін түсірген қалпақты әйел асыға басып кеп жігітпен қол беріп амандасты, сонан соң қолтығынан алды да, екеуі көзден ғайып болды.
Дюруаны махаббаттың адам төзімін тауысар ынтызарлығы, сүйіспеншіліктің хош иісті, кіршіксіз, нәзік жан толқытулары шөліркетті. Ол орнынан тұрып, Форестье жайында ойлай-ойлай ілгері жүрді. Жолы болғыш деп әне соны айт!
Ол кіреберіске досы тұп-тура үйден шығып келе жатқан сәтте жетті.
— А, бұл сен бе? Осынша неғып ерте? Не жұмыс боп қалды?
Көшеде жолыққанына қысылған Дюруа міңгірледі де қалды:
— Жай ғой... жай... Менің мақаламнан түк шықпады, Алжир жайлы мақаламнан, — есіңде ме, маған Вальтер мырза тапсырған шы? Оның еш таңғалатыны жоқ, мен, енді, ешқашан жазып көрген адам емеспін ғой. Барлық жұмыс секілді, мұнда да машықтану қажет. Мен кешікпей-ақ қолымды үйретем, оған ешбір күмәнім жоқ, мен тек неден бастауды, қалай кірісуді білмеймін. Менде ой көп, қанша десең де жетерлік, ал соны сөзбен жеткізе алмаймын.
Айтпағынан шатасып, ол үндемей қалды. Форестье оған қулана жымиып қарады:
— Ондай жағдай маған таныс.
— Иә, мұндай жағдайды бәрі де бастан кешуі керек шығар деп ойлаймын, — деді Дюруа досын құптап. — Сонымен, мен саған өтінішпен келдім... қайғыма көмектес деген өтінішпен... Сен мені он минутте-ақ рельске салып жіберсең, қай жағынан келуім керек екенін корсет. Мен үшін ол өте ғажап стилистикалық сабақ болар еді, менің бір өзімнің шамам келмейді.
Форестье бұрынғысынша көңілді жымиысынан танбады. Ескі досын иығынан қағып қалды да, былай деді:
— Менің әйеліме бар, ол мұндайды менен кем жасамайды. Мен оны жетерліктей сүйрелегем. Ертеңгілік қолым тимейді, әйтпесе мен саған қуана-қуана көмектесер едім.
Дюруа тосын жүрексініп қалды, ол екі ойлы боп, не істерін білмеді.
— Мен енді әйеліңе тап осы таңертең жетіп бармаймын ғой?
— Тамаша жетіп барасың. Ол баяғыда тұрып алған. Қазір менің кабинетімде менің жазғандарымды бір ретке келтіріп отыр.
Дюруаның әлі де үйге кіруге батылы бармады.
— Жо... ол мүмкін емес.
Форестье оны иығынан алып айналдырды да, есікке қарай итеріп жіберді.
— Барсаңшы енді қыңыраймай, бар дедім ғой, қырсық, бар! Мен енді қайтадан төртінші қабатқа көтеріліп, сені әйеліме жолықтырып, бүкіл өтінішіңді бастан-аяқ оған баяндап тұрмаймын ғой.
Ақыры Дюруа баруға бекінді.
— Жарайды, рахмет, өзім барайын. Сен мені күштеп, тұп-тура зорлықпен жіберді деп айтып барам.
— Иә, сөйт. Ол сені жеп қоймайды, қорықпай-ақ қой. Ең бастысы, бүгінгі сағат дәл үштегіні ұмытпа.
— Жо-жоқ, ұмытпаймын.
Форестье іскер адамның кейпімен көше бойлай жүріп кетті де, ал Дюруа өзін қалай қабылдайтынын білмей беймазаланып, әңгімені неден бастарын ойлап, бір текпішектен бір текпішекке асықпай аттап, төртінші қабатқа көтерілді.
Есікті қызметші ашты. Көк алжапқыш киген, қолында еден сүртетін шөткісі бар.
— Форестье мырза үйде жоқ, — деп хабарлады ол сұрауды күтпестен.
— Форестье ханымнан сұраңызшы, мені қабылдай алар ма екен? — деп талап етті Дюруа, — мені күйеуі жіберді, мен оны қазір көшеде кездестірдім.
Ол жауап күтіп қалды. Қызметші қайта оралды да, есікті оң жаққа ашып:
— Форестье ханым сізді күтіп отыр, — деді.
Әйел жазу үстелінің алдында креслода отыр екен, ол отырған шағын бөлменің қабырғалары қап-қара ағаш сөрелеріне мұқият жиналған кітаптармен тұтастай жабылыпты. Кітаптың алуан түсті қызыл, сары, жасыл, ақшыл көк, көгілдір — түптері том-том кітаптың біркелкі қатарларын әдемі әрі жандандырып көрсетеді.
Форестье ханым өзінің үйреншікті күлімсіреген қалпымен бұрылып, оған қолын ұсынды, әйелдің қолы иығына дейін дерлік көрініп қалды, — шілтерлеп әшекейлеген үй көйлегінің жеңі соншалық кең екен.
— Неге мұнша ерте? — деп сұрады да, іле-шала тағы қосты. — Бұл кінәлау емес, бар-жоғы тек сұрақ.
— Мен келмейін деп ем, бірақ сіздің күйеуіңіз, — деп міңгірледі ол, — онымен төменде жолығып қалып ем, сол мені жоғарыға көтерілуге мәжбүр етті. Маған соншалықты ыңғайсыз, менің тіпті сізге неге келгендігімді айтуға да батылым жететін емес.
Форестье ханым оған қолымен орындықты нұсқады:
— Отырыңыз, сонан соң айтыңыз.
Екі саусағымен қолындағы қаздың қанатын әйел еппен айналдырып отырды. Дюруаның оған кедергі жасап отырғанын куәлендіріп, оның алдында жартысына дейін жазылып біткен үлкен қағаз жатты.
Қонақ бөлмедегі үйреншікті жұмысында қалай өзін емін-еркін сезінсе, мына жазу үстеліндегі жұмыста да өзін өте жақсы сезінетіндігі көрініп тұрды. Оның үй көйлегінен қазір ғана себілген жеңіл жұпар иіс шығады, Дюруа жұмсақ матамен бүркелген оның жас, таза, тоқ әрі жылы денесін құдды бұрын көрген адам құсап елестетуге тырысты.
Дюруаның сөйлеуге бата алмай отырғанын байқап:
— Қане, айтсаңызшы енді, не жағдай? — деп сұрады әйел.
— Көріп отырсыз ғой, — деді ол сасқалақтап. — Шынында, маған ыңғайсыз... Мәселе мынада, кеше мен түн жарымға дейін отырдым... бүгін тағы... таңертеңнен бері... Вальтер мырза сұраған Алжир туралы мақаланы жаздым... Бірақ мен түк шығара алмадым. Барлық жазған жаман қағаздарымды жыртып тастадым... Маған бұл іс бейтаныс қой, сондықтан бұл жолы маған көмектес деп Форестьеге өтініш жасадым...
Риза боп, әрі көңілденіп, әрі масаттанып, шын көңілімен күлген әйел Дюруаның сөзін бөліп жіберді:
— Ал ол сізді маған жіберді ғой? Онысы, тегі қандай әдемі болған.
— Иә, солай. Бұл қиындықтан сіз мені тіпті жақсы алып шығады деді. Менің өйткім келмеді, батылым бармады. Сіз мені түсініп тұрсыз ба?
Әйел орнынан түрегелді.
— Бұлай бірлесіп жұмыс істеу өте жайлы болатын сияқты. Сіздің идеяңызға мен өте қуаныштымын. Былай болсын: менің орныма отырыңызшы, әйтпесе газеттегілер менің жазуымды танып қояды. Қазір біз, сіз екеуміз, жазамыз ол мақаланы, жазғанда қандай тағы! Сәтті шығатынына сөз жоқ.
Ол отырып, қолына қаламсапты ұстап, алдына бір бет ақ қағазды жайып, жазуға дайындалды.
Форестье ханым оның барлық қимылын түрегелген қалпы бақылап тұрды, сонан соң алды ашық пештің үстінен темекі алып тұтатты.
— Темекісіз жұмыс істей алмаймын, — деді. — Сонымен, сіздің не айтсам деген ойыңыз бар?
Дюруа әйелге таңғала жалт қарады.
— Дәл соны білмеймін, сондықтан ғой сізге келіп отырғаным.
— Онда жарайды, мен сізге көмектесейін. Тұздықты әзірлеуге мен дайынмын, бірақ маған алдымен тамақтың өзі керек.
Дюруа сасып қалды.
— Мен өзімнің қалай аралағанымды басынан бастап жазсам ба деп едім, — деді ол батылсыздау үнмен.
Әйел үлкен үстелдің арғы жағына оған қарама-қарсы отырды да, бетіне тура қарап:
— Олай болса, сіз әуелі оны маған оңаша — түсініп отырсыз ба, маған ғана баяндап беріңізші, — деді әйел, — асықпай, ештеңесін тастап кетпей айтыңыз, сонан соң мен не керегін өзім таңдап аламын.
Дюруа неден бастарын білмеді, — сонан соң күнәсінен арылуға келіп отырған адамды сұраққа алған поп құсап, әйел оған сұрақтар бере бастады, оның сұрақтары дәл тұжырымдалғандықтан, Дюруаның жадында ұмытылған егжей-тегжейлер, кездесулер, атүсті ғана байқап қалған бет-жүздер қайтадан қалқып бетке шыға бастады.
Сөйтіп ол ширек сағатқа жуық сөйледі, содан кейін әйел оның сөзін кенет бөліп жіберді:
— Ал енді бастайық. Сіз өз әсерлеріңіз жайында досыңызбен әңгімелесіп отыр деп елестетейікші: бұл сізге қосалқы әр нәрселерді де айта беруге мүмкіндік береді, жолай әр түрлі ескертпелерді де айта кетесіз, сонда қолымыздан келгенінше бәрі табиғи әрі қызықты болып шығады. Жазыңыз:
"Қымбатты Анри! Сенің Алжир дегеннің не екенін білгің келе ме? Жарайды. Істейтін ештеңе жоқтықтан, мен саған өзім тұрып жатқан балшық үйден өз өмірімнің әр күні мен әр сағатын жазып отыратын күнделік тәрізді жазбамды жіберіп тұруды ұйғардым. Кейде ол саған дөрекілеу боп та көрінуі мүмкін, — несі бар, сен оны таныс әйелдеріңе көрсетуге міндетті емес шығарсың".
Сөніп қалған темекісін қайта тұтату үшін, әйел осы арада бір тоқтады, қаз қауырсынының әлсіз сырылы да дым болды.
— Ары кеттік, — деді әйел.
Алжир — қақпа, таңғажайып құрлықтың тамаша аппақ қақпасы.
Бірақ алдымен ол қақпаға бару керек, ал бару — кез келген адамның қолынан келе бермейтін рақат. Мен, өзің білесің, атқа мінудің әйгілі шеберімін, мен полковниктің өзі мінетін аттарды үйретушімін. Алайда жақсы атпаз болғаныңмен, нашар теңізші болуын да мүмкін ғой. Мен ондайды өз басымнан өткердім.
Бәріміз доктор Блево деп атайтын полк дәрігері Сембрет есіңде ме? Өзіміз арман еткен сол жерде госпитальге барып бір тәулік демалғымыз келгенде, соның қабылдауына барушы едік қой бәріміз.
Оның қызыл іштәнің семіз санын дәл қазір де көріп тұрғандаймын; әне ол талтайып, екі жұдырығын тізесіне тіреп, — қолы доғаланып, шынтағы сыртқа шығып, — шаян көздерін шыр айналдырып, ағарған мұртын тістелеп орындықта отыр.
Оның емдік ұйғарымдары есіңде ме:
— Мына әскердің асқазаны бұзылған. Оған менің рецебіммен жасалған нөмірі үшінші құсқызғышты бер, содан кейін оған толық он екі сағат тыныштық қажет, сонда жазылып кетеді.
Оның құсқызғыш деп отырғаны күшті әсер ететін, дуаланған нәрсе. Сонда да біз оны іштік, — басқа амалымыз болмады. Есесіне кейін, доктор Блевоның дәрі-дәрмегін ішкен соң, біз еңбегіміз сіңген он екі сағаттық демалыстың рақатын көретінбіз.
Солай, достым, Африкаға бару үшін, қырық сағат бойы сондай бір аса қуатты басқа құсқызғышты — Трансатлантикалық кеме компаниясының рецебі бойынша жасалған құсқызғышты — байқап көруге тура келеді".
Форестье ханым сүйсінгеннен қолын уқалап-уқалап жіберді. Әйел түрегеліп, екінші рет темекісін тұтатты, сонан соң бөлмеде ары-бері жүріп, қымқырулы еріндерінің арасындағы кішкентай ғана дөңгелек тесіктен әуелі баған құсап тік шаншылған, артынан бірте-бірте таралып, жан-жаққа жайылып, кей жерде тұманданған мөлдір түйдектер мен өрмекшінің торы секілді жұқа сұр жіптер тастаған түтінін будақтата жүріп, тағы жаздыра бастады. Анда-санда сол жеңіл, бірақ бұзыла қоймайтын түтін суретті біресе алақанымен айдап, біресе сұқ қолымен түртіп, әрең көрінетін будың қақ бөлінген нәзік жібі ауада қалай жоқ болып кететініне әйел ойлана қарап қалады.
Дюруа жазу арасында әйелдің барлық қимылы мен қалпын көзінен таса қылған жоқ, — ол оның мына бос ойынға беріліп кеткен, алайда ойын билетпеген бет-жүзі мен денесіне көз алмай қарап отырды.Енді әйел жол үсті оқиғаларды ойлап таба бастады, ойдан шығарған серіктердің түр-түсін бейнелеп, өз күйеуіне кетіп бара жатқан жаяу әскер капитанының әйелімен өткінші байланыс жасатты.
Сонан соң отырып, Дюруадан Алжирдің өзі мүлдем білмейтін топографиясы туралы сұрай бастады. Он минуттен кейін ол оны Дюруадан кем білмеді және бір тараудан тұратын Алжир туралы саяси-экономикалық очерк жаздыра алатын еді, ал ол келесі санда жарияланатын күрделі мәселелерді түсінуге жеңілдік туғызатын еді.
Очерк Оран провинциясына жасаған жорыққа, әрине, ойдан шығарылған жорыққа ауысты: әңгіменің көпшілігі әйелдер туралы — мавритандық, испандық әйелдер мен еврей әйелдері туралы болды.
— Оқырмандарды тек осы қызықтырады, — деп түсіндірді Форестье ханым.
Әйел әңгімені биік үстірттің етегінде, Саидтегі аялдамада альфа өңдейтін аинелхаджар фабрикасының жұмысшысы болып істейтін испанкамен унтер-офицер Жорж Дюруаның әуендей әсерлі, бірақ ғұмыры қысқа хикаясын баяндаумен аяқтады. Әйел иттердің үргені, шиебөрілердің ырсылы мен қорқаулардың ұлығаны жаңғырыққан жалаң жартасты тау арасындағы екеуінің кездесуін суреттеді.
— Жалғасы ертең! — деді Форестье ханым көңілденіп, сонан соң орындықтан тұра бергенде: — Міне, мақала деген осылай жазылады, қымбатты әміршім. Енді өз қолыңызды қоюға рақым етіңіз! — дегенді қосып қойды.
Дюруа не істерін білмей бөгеліп қалды.
— Қойсаңызшы енді!
Дюруа күлді де, беттің төменгі жағына "Жорж Дюруа" деп жазды.
Әйел темекісін тартып, тағы да бөлме ішінде ары-бері жүре бастады, ал жігіт оған өз құрметін қалай білдірерге сөз таппай, тек бет-жүзінен көз алмай қарай берді, оның осында, қасында екеніне қуанып, екеуінің дамып келе жатқан жақындығы оны сезім ләззатына бөлеп әкетті. Оған бүкіл айналасындағы нәрсенің бәрі, тіпті кітаптар жауып тұрған қабырғалар да әйелдің бір бөлшегі сияқты көрінді. Бөлменің жасауында, ауаға тараған темекінің иісінде әлдебір қайталанбайтын, жағымды, сүйкімді, баурап алатындай, қысқасы, әйелдің бойынан ескен қасиеттің бәрі бар еді.
— Сіз менің досым Марель ханым жайында қандай ойдасыз? — деп қалды ол күтпеген жерде.
Дюруа ол сұрақтан абдырап қалды.
— Сізге не десем екен,.. менің ойымша, ол... тартымды әйел.
— Солай ма?
— Әрине.
Оның: "Сіз одан да тартымдысыз", — дегенді қосып қойғысы келді, бірақ ұялды.
— Сіз оның ешкімге ұқсамайтынын, қандай қалжыңбас, ақылды екенін білсеңіз ғой! — деп, Форестье ханым сөзін жалғастырып кетті. — Сері, иә-иә, нағыз сері. Күйеуі оны сол үшін ұнатпайды. Ол оның тек кемшіліктерін ғана көреді, ал жақсы қасиеттерін байқамайды.
Дюруаға Марель ханымның күйеуі бар екендігі бір түрлі ерсі сияқтанды. Алайда оның таңғалатындай түгі де жоқ еді.
— Солай деңіз... демек күйеуі бар екен ғой? — деп сұрады. — Ал күйеуі не қылған адам?
— Ол — Солтүстік темір жолының тексерушісі. Әр айда Парижге бір аптаға келеді. Ол аптаны әйелі борыш өтеуім, тегін зорлау, құмарлық аптасы деп атайды. Онымен жақын танысқан соң көресіз, қандай оның тапқыр әрі сүйкімді әйел екенін. Жақын күндердің бірінде сіз оған кіріп шығыңызшы.
Дюруа кететін уақыты болғанын ұмытып кетті. Ол мұнда мәңгі қала беретіндей, құдды өз үйінде отырғандай сезінген.
Бірақ кенет есік дыбыссыз ашылды да, бір ұзын бойлы мырза еш хабарламасыз кіріп келді.
Бейтаныс еркекті көрген соң, ол тоқтай қалды. Форестье ханым бір сәт қысылып қалғандай көрінді, сонан соң мойнынан бетіне қарай жүгірген жұқалтым қызғылт әлі басыла қоймағанмен, еркекке өзінің байырғы даусымен тіл қатты:
— Келіңіз, қымбаттым, келіңіз! Сізге Шарльдің ескі досы, болашақ журналшы Дюруа мырзаны таныстыруға рұқсат етіңіз! — Сонан соң басқаша үнмен сөйледі: — Біздің ең жақсы әрі ең жақын досымыз — граф де Водрек.
Екі еркек бір-біріне ізет тағзымын жасады, бір-біріне тіке қарады, сонан соң Дюруа бөгелместен қоштаса бастады.
Оны олар да бөгемеді. Рахметін күбірлей айтып, ол Форестье ханымның қолын қысты, немқұрайды қарап әрі ақсүйек адамға тән паңдық сақтап тұрған қонаққа тағы тағзым жасады, сөйтті де әлдебір өкінішті қателік жасап қойған адамша қысыла көшеге шықты.
Көшеге шыққан соң, неге екенін, оны көңілсіздік пен мұң басты, өзін-өзі билей алмады. Бұл ойда жоқта басқан бұлдыр мұңның қайдан пайда бола кеткенін түсіне алмай, ол басы ауған жаққа жүре берді. Бұл халінің себебін ол таба алмады, алайда оның көз алдына граф де Водректің сұсты түсі, қартаң тартқан, ақ шашты, өте бай және өз бағасын өзі білетін мырзаның байсалды, паң көзқарасы қайта-қайта келе берді.
Ақыры ол осы өзі сезінген суықтық пен үмітсіздікті тудырған дәп сол бейтаныстың өзін жанында еркін сезіне бастаған Форестье ханыммен сүйкімді әңгімесін бұзып жіберуі екенін түсінді, әдетте бөтен біреудің қайғысы немесе әлдекімнің ойланбай айта салған сөзі, кез келген болмашы нәрсе сезімге өстіп әсер ете береді.
Ол адам да, неге екенін, мұны Форестье ханымның қасынан көргеніне ұнатыңқырамай, таңғалған сияқтанды.
Сағат үшке дейін оның істейтін ешбір жұмысы жоқ болатын, ал қазір әлі он екі бола қойған жоқ. Оның қалтасында алты жарым франк жатқан-ды, енді таңғы тамағын ішпек болып, Дювальге қарай жүрді. Одан кейін бульварді аралап, тұп-тура сағат үште кіре берістегі баспалдақпен "Француз өмірінің" саралқасына көтеріліп бара жатты.
Отырғышта қолдарын қусырып тапсырма күткен шабармандар отыр, ал мінбеге ұқсас кеңсенің артында есіккүзет жаңа келген поштаны сараптап жатты. Келушілерге мұндай сахналық орналасу әсер етсе керек-ті. Қызметкерлер өзін ықпалды газеттің ауыз үйінде отыруға лайықты, әдейі мәнденген күйде ұстап отыр, олардың әрқайсысы кіріп келгендерді өзінің айбынды келбетімен, отырыс-тұрысының тұрқымен таңғалдыра алатын еді.
— Вальтер мырзаға кіруге болар ма екен? — деп сұрады Дюруа.
— Баспагер мырзада мәжіліс өтіп жатыр, — деп жауап берді есіккүзет. — Күте тұруыңызға тура келеді.
Сөйтті де, адамға лық толы қабылхананы нұсқады.
Онда ордендерін тағынған маңғаз, мәртебелі адамдар мен ұсқыны география картасындағы құрлық пен теңіздерді еске түсіретін дақтары бар жейделерін қымтап, шапандарын жоғарғы түймелеріне дейін түймелеп алған жұпыны киімді адамдар да отыр еді. Күтіп отырғандардың ішінде үш әйел бар екен. Оның біреуі әдемілеу, күлімдеген, сәнді киінген, жеңілтектеу көрінді. Оның қасындағы жүзін әжім басқан мұңды, сыпайы, бірақ сәнді киінген әйелден бұрынғы актрисалығынан қалған әлдене, әлдебір жасандылық байқалып, баяғыда жоғалып ашып кеткен махаббат пен бояма, оңып кеткен жастықтың иісі шығатындай.
Үшінші қаралы киінген, өксігі басылмаған жесір әйел бұрышта отырды. Дюруа ол әйел жәрдем сұрап келген шығар деп шешті.
Жиырма минуттен астам уақыт өтсе де, қабылдау әлі басталмапты.
Дюруаға бір ой келді де, ол дереу қайтадан есіккүзетке барды.
— Вальтер мырза маған сағат үште келіңіз деп белгілеп еді, — деді ол. — Қалай дегенмен қарай салыңызшы, мұнда менің Форестье досым жоқ па екен?
Содан кейін оны дереу ұзын дәліз арқылы кең жасыл үстелде төрт адам әлдене жазып жатқан үлкен залға алып келді. Форестье алды ашық пештің қасында темекі тартып, билбөке ойнап тұр екен. Ол өте жақсы ойнайды екен, сары букс ағашынан жасалған дәу шарды әр ұрған сайын кішкентай ағаш шегеге дәл қадап отырды.
— Жиырма екі, жиырма үш, жиырма төрт, жиырма бес, — деп санады.
— Жиырма алты, — деді Дюруа.
Форестье құлаштаған қалпын өзгертпестен бұған қарады.
— Ә, бұл сен бе? Кеше мен бірінен кейін бірін үзбестен елу жетісін қададым. Сен-Потеннен кейінгі мен мұнда ең мықты ойыншымын. Сен бастықты көрдің бе? Билбөке ойнап жатқанында, кәрі егеуқұйрық Норберден өткен күлдіргі ештеңе жоқ шығар. Ол аузын ашқанда, тұп-тура шарды жұтып қоятын адам сияқты.
Бір қызметкер оған бұрылып:
— Форестье мырза, — деді, — мен қап-қара ағаштан жасалған ғажап билбөке сатылатын жерді білемін. Айтуларына қарағанда, бір кезде ол испан королінікі болыпты. Алпыс франк сұрайды. Ол қымбат емес.
— Ол қай жерде? — деді Форестье.
Отыз жетінші ұруда мүлт кетіп, шкапты ашып қап еді, Дюруа ол шкаптың ішінде нөмірленіп, жүйе бойынша жинап қойған жиырма тал тамаша билбөкені көрді. Форестье өзінің билбөкесін орнына қойды да, тағы сұрады:
— Ол қымбатың қайда тұр дейсің?
— Водевильге билет сататын алыпсатардың қасында, — деп жауап берді журналшы. — Егер қажет десең, ертең саған алып кеп бере алам.
— Әкел. Егер жақсы болса, алам: артық билбөкенің ешқашан зияны тимейді.
Сонан соң ол Дюруаға бұрылды:
— Жүр менімен бірге, бастыққа алып барайын, әйтпесе сен мұнда жетіге дейін сандаласың.
Қабылханадағылардың бәрі де сол орындарында екен. Форестьені көріп, жас келіншек пен егде актриса асығыс орындарынан тұрып, оның қасына жақындады.
Форестье оларды кезек-кезек терезенің түбіне апарды, үшеуі қаншама ақырын сөйлеуге тырысқандарымен, Дюруа әйелдердің анасына да, мынасына да Форестьенің "сен" деп сөйлегенін анық білді.
Ақыры Форестье мен Дюруа қапталған екі есік арқылы баспагердің кабинетіне кірді.
Мәжіліс өткізіп жатырмыз деген желеумен Вальтер және мана Дюруа көрген жалпақ жиегі бар биік қалпақты мырзалар бір сағат бойы қарта ойнап отырыпты.
Баспагердің өз қартасына қалай бар зейінін сап қарағаны, қимылының ұрыдай сақтығы әріптесінің қартаны жапқандағы, таратқандағы ептілігіне, майысқақтығына, тәжірибелі ойыншыға тән жарасымды қылығына, түрлі түсті қатырқаларды қалай аударыстырғанына қарағанда мүлдем орашолақ-ты. Норбер де Варен әдетте баспагер отыратын креслоға отырып алып мақала жазып жатты, ал Жак Риваль диванда ұзынынан түсіп, көзін жұмып алып, темекісін тартып жатты.
Кабинеттің бұзылған ауасына тері креслолар мен темекі түтінінің өткір иісі және әрбір журналшыға жақсы таныс саралқаның өзіндік иісі сіңіп кетіпті.
Мыспен әшекейленген қара түсті ағаш үстелдің үстінде хаттардың, өздерек кәртішкелерінің, есепшоттардың, журналдардың, газеттердің, тағы басқа толып жатқан басылым түрлерінің керемет үлкен үйіндісі жатыр.
Форестье үстелді айнала ойынды бақылап, өзара бәстесіп түрегеп тұрған көрермендердің қолын үнсіз қысып шықты. Вальтер партияны ұтқан кезде ғана оған тіл қатып:
— Менің Дюруа досым міне, — деді.
— Мақаланы әкелдіңіз бе? — деп сұрады баспагер көзәйнегінің үстінен жас жігітке жылдам көз тастап. — Әлі Морельдің сұранымы бойынша жарыссөз жүріп жатқанда, дәл бүгін өте орынды болар еді.
Дюруа қалтасынан төрт қабат бүктелген қағаздарды шығарып берді.
— Мінекиіңіз.
Бастықтың жүзінен ризашылық аңғарылды.
— Өте жақсы, өте жақсы, — деді ол күлімсіреп. — Сіз сөзіңізде тұрдыңыз. Мұны менің қарап шығуым қажет пе, Форестье?
— Қажеті жоқ, Вальтер мырза, — деді Форестье асыға жауап беріп. — Біз екеуміз бірге отырып жаздық, қалай жазуды оған көрсетуге тура келді. Өте жақсы мақала болып шықты.
— Онда өте жақсы, — деді баспагер солшыл ортаның депутаты, ұзын арық мырза таратқан қартасын қолына рет-ретімен қойып жатып.
Алайда Форестье Вальтерге жаңа партияны бастауға мүмкіндік бермеді.
— Сіз маған Дюруаны Марамбоның орнына алам деп уәде бергенсіз, — деді оның құлағына еңкейе сыбырлап. — Мұны дәл сол жағдайда қабылдауға рұқсат етіңіз!
— Иә, әрине.
Жаңа ойын басталып кетті, журналшы досын қолтықтап алып шығар есікке қарай жүрді.
Норбер де Варен басын көтерген жоқ: сірә, ол не байқамады, не Дюруаны танымады. Керісінше Жак Риваль оның қолын әдейілеп қатты қысты, өмірдің қай сынында да сенуге болатын, ізгі ниетті жолдас екендігін білдірді.
Форестье мен Дюруа қайтадан қабылханаға шыққанда, күтушілердің көзі екеуіне қадала қалды, журналшы бар даусымен, барлығы түгел естісін деп, ең жас келіншекке қарап тұрып былай деді:
— Баспагер сіздерді көп кешікпей қабылдайды. Ол бюджет комиссиясының екі мүшесімен кеңес өткізіп отыр.
Соны айтысымен-ақ дәп бір оны мемлекеттік маңызды істер күтіп тұрғандай мазасызданған әрі тәуелсіз кейіппен ілгері жүріп кетті.
Саралқа залына оралған соң, Форестье бірден билбөкеге кірісіп кетті, сөзін қанша ұрғанының санымен араластыра сөйлеп тұр:
— Енді былай. Сен күн сайын мұнда үшке қарай келесің, мен сені хабар әкелуге жұмсаймын, сен оны табасың — кейде күндіз, кейде кешкісін, кейде таңертең. Бір! Ең әуелі мен саған полицей префектурасының бірінші бөлім бастығына кепілдеме хат жазып берем, — екі! — ал ол сені өз қол астындағылардың біреуіне жібереді. Сен онымен бүкіл маңызды деректерді алып тұруға келісесің, — үш! — өзі де белгілі, деректер ресми және жартылай ресми болады. Егжей-тегжейін Сен-Потеннен білесің, ол бұл жағдайдан хабардар, — төрт! — оны күт немесе таңертең сөйлес. Бастысы, мен сені жұмсаған адамдарға бәрін, мүмкін нәрсенің бәрін қалай айтқызуды үйрен — бес! — барлық жерден өтіп кет, тіпті жабық есіктен де, — алты! Сол үшін сен айына екі жүз франк жалақы және тауып келген жақсы хабарыңның әр жолына екі су қосымша аласың, — жеті! Одан басқа саралқаның тапсырмасы бойынша әр түрлі мақала жазасың, — оның да әр жолына екі су аласың, — сегіз.
Содан кейін ол біржола ойынға беріліп, асықпай санай бастады:
— Тоғыз, он, он бір, он екі, он үш...
Журналшы он төртіншіде тигізе алмады.
— Тағы он үш, сайтан алғыр! — деді күңкілдеп. — Қарғыс атқан сан! Ылғи маған бақытсыздық әкеледі. Бәлкім, он үшінде өлетін де шығармын.
Жұмысын бітірген бір қызметкер шкаптан өз билбөкесін шығарды: оның жасы отыз бесте еді, алайда бойының аласалығы оны бала ұқсатып көрсетеді. Сонан соң тағы бірнеше журналшы келіп кірді де, олардың әрқайсысы бір-бір ойыншықтан алды. Енді олар алтау боп ойнай бастады: қабырғаға арқаларын беріп қатар-қатар тұрды да, біркелкі қимылмен қызыл, сары немесе қара шарды ағаштың түр-түсіне қарай лақтыра бастады. Қыза-қыза кеп ойын жарысқа айнала бастаған кезде екі қызметкер жұмыстарын тоқтата сап, өздерінің төреші болғысы келетіндіктерін білдірді.
Форестье басқалардан он бір ұпай артық тигізді. Балаға ұқсас адам ұтылып қалды, сонан соң шабарманға телефон соқты да, ол келген кезде:
— Тоғыз саптыаяқ сыра, — деді.
Салқын сусынды күтіп отырып, олар ойынға тағы да кірісіп кетті.
Дюруа өзінің жаңа әріптестерімен бірге сыра ішіп отырып:
— Мен не істеуім керек? — деп сұрады Форестьеден.
— Бүгін сен боссың, — деді ол — Егер кеткің келсе, кете бер.
— Ал біздің... біздің мақаламыз бүгін кешке кете ме?
— Әрине, корректурасын өзім түзетем, әуре болмай-ақ қой. Ертеңге дейін жалғасын жазып, бүгінгідей үште кел
Дюруа сондағы адамдардың бәрімен қол алысып қоштасты, бірақ олардың аттарын да білген жоқ, сонан соң қуанышы қойнына сыймай бақытты күйде сәнді баспалдақпен төменге қарай түсті.
IV
Жорж Дюруа жаман ұйықтады: тасқа басылған мақаласын көргенше оның шыдамы таусылды. Ол таңсәріден тұрып, газет таратушылар киоскіден-киоскіге жүгіре бастайтын кезден әлдеқайда бұрын көшеге шығып алды.
Өзі тұратын оралымға қарағанда сол арада "Француз өмірі" бұрынырақ пайда болар деген оймен ол Сен-Лазер вокзалына қарай бет алды. Әлі тым ерте еді, сондықтан вокзалға жеткен соң, ол тротуармен әрі-бері жүре тұрды.
Ол сатушының қалай келіп, өзінің әйнектелген күркесін ашқанын көріп тұрды, сонан соң газеттердің екі бүктелген бумасын басына көтеріп бір адам келді. Дюруа соған қарай жүгірді, бірақ олар "Фигаро", "Жиль Блаз", "Голуа", "Тәулік жаңалықтары" екен, ал "Француз өмірі" жоқ болып шықты.
Дюруаның мазасы кетті. "Африкалық атқыштың естеліктері" ертеңге қалдырылған шығар, бәлкім? Ал кенет соңғы минутте Вальтер қария мақаланы жібермей қойса ше?
Дюруа үй жағына қайта оралып қараса, газеттер сатылып жатыр екен, ол тіпті қашан әкелгенін де байқамай қалыпты. Киоскіге жетіп кеп үш су ақшаны лақтыра салды, газетті ала сап бірінші бетін ашып, тақырыптарына көз жүгіртті. ұқсайтын ештеңе көрінбейді! Оның жүрегі атқақтап кетті. Ол қатты толқып келесі бетті ашып қарады да, бір бағанның аяқ жағынан "Жорж Дюруа" дегенді оқыды. Басыпты! Қандай бақыт!
Қалпағын шекесіне киіп, қолында газет, ол ештеме ойламай жүріп келе жатты, алғаш кездескен кез келген адамды тоқтатып алып: "Мына газетті сатып алыңыз, мына газетті сатып алыңыз. Онда менің мақалам бар!" — дегісі келді. Кешкісін бульварларда айқайлайтындар құсап ол да: "Француз өмірін" оқыңыздар, Жорж Дюруаның "Африкалық атқыштың естеліктерін" оқыңыздар!" — деп айқайлауға әзір еді. Кенет оның өз мақаласын оқығысы келді, онда да бір қоғамдық орында, кафеде, бәрінің көз алдында болатын жерде. Қала ішінде оған ұзақ қыдыруға тура келді. Ақыры ол адам көп жиналатын шарап сақтайтын жер сияқты бірдемені тапты, үстелге жақын отырды да, ром бұйырды, — ол уақыт дегенді мүлде ұмытты, сондықтан абсент ішімдігін әкел деп талап етуіне де болатын еді.
— Гарсон, маған "Француз өмірін" әкеліп берші! — деп айқайлады ол.
Ақ алжапқышы бар гарсон жетіп келді:
— Бізде ондай газет жоқ, мырза, біз "Үндеу", "Ғасыр", "Шамшырақ" және "Француз парақшасы" газеттерін аламыз.
Дюруа кейіді.
— Сендерді де мекеме дейді-ау! — деді ол ызаланып. — Онда маған "Француз өмірін" сатып әкеп беріңіз.
Гарсон жүгіріп барып газетті алып келді. Көршілердің көңілін өзіне аудару үшін және онда қандай қызықты нәрсе жазылғанын білуге құмарттыру үшін, өз мақаласын оқып отырып, Дюруа анда-санда:
— Өте жақсы! Өте жақсы! — деп дауыстап отырды.
Кетіп бара жатып ол газетті үстелдің үстіне қалдырып кетті. Соны байқап, қожайын айқай салды:
— Мырза, мырза, газетіңізді ұмытып барасыз!
— Сізде қала берсін, мен оқып біттім, — деп жауап қайтарды Дюруа. — Оның ішінде аса қызықты бір мақала бар екен дегенмен.
Дәл қандай мақала екенін ол анықтап айтқан жоқ, алайда шығып бара жатып оның үстеліндегі "Француз өмірін" біреудің барып алып жатқанын байқап қалды.
"Енді немен айналыссам екен?" — деп ойлады Дюруа, сөйтті де, өзінің бұрынғы кеңсесіне барып бір айлық жалақысын алып, сонан соң кететіндігін айтпақ боп шешті. Бастық пен қызметкерлердің бет-жүздерінің қалай өзгеріп сала беретінін көз алдына елестетіп, ол сүйсінгеннен дірілдеп кетті. Әсіресе оны бастықты аңқитатын болдым деген ой қуантты.
Ол асықпай аяңдады, касса онда ашылады, тоғыз жарымда барудың еш қисыны жоқ-ты.
Кеңсе дәу күңгірт бөлмеге орналасқан, — қыста онда күні бойы газ жанып тұрады. Оның терезелері тар аула жаққа қарайды және басқа кеңселердің терезелеріне барып тақасады. Сол бір бөлмеге сегіз қызметкер сыйып отырады, ал бұрышта, қалқаның ар жағында бастықтың көмекшісі отырады.
Дюруа алдымен кассашының жәшігінде сақтаулы сары конвертке салынған өзінің жүз он сегіз франк жиырма бес сантимін алды, сонан соң жеңімпаз адамның тұрқымен өзі талай күнін өткізген үлкен кеңсеге келіп кірді.
Қалқаның ар жағынан бастықтың көмекшісі Потель мырза оған айқай салды:
— Бұл сіз бе, Дюруа мырза? Бастық сіз жайында бірнеше мәрте сұрады. Сіз білесіз бе, ол дәрігердің куәлендіруінсіз екі күн қатарынан ауруға рұқсат етпейді.
Дюруа әсері күштірек болу үшін, бөлменің қақ ортасына келіп тоқтады.
— Мен, шынымды айтсам, оның рұқсатына түкірмеймін де! — деді барлығына естірте.
Шенеуніктер қатты да қалды, қалқаның ар жағынан Потель мырзаның үрейлі ұсқыны жылт етті. Оның ревматизмі бар-ды, өзінің қалқа қорабында ол өкпек желден сақтанатын. Ал қол астындағыларды бақылап отыру үшін, ол оны екі жерінен тесіп қойған-ды.
Шыбынның ұшқаны да естіліп тұрды.
— Не дедіңіз? — деді ақырында дүдәмал дауыспен бастықтың көмекшісі.
— Мен, шынында, түкірмеймін дедім. Мен тек кететінімді хабарлауға ғана келдім. Мен "Француз өмірінің" саралқасына қызметкер болып орналастым, айына, әр жазған жолына алатынымды есептемегенде, бес жүз франк алам. Бүгінгі нөмірінде менің мақалам басылып та үлгірді.
Ол рақат ләззатын соза түскісі келген, бірақ шыдамады, бірден лақ еткізіп айта салды.
Дегенмен әсер етуі сұмдық болды. Бәрі отырған орындарында қатты да қалды.
— Мен қазір Пертюи мырзаға соны айтам да, сонан соң сіздермен қоштасуға кіріп шығам, — дегенді қосып қойды Дюруа.
Бастыққа кіріп үлгірмей жатып, ол бұған айқайлай жөнелді:
— А, келуге қолыңыз тиген екен ғой? Сіз білесіз бе, мен ешқашан...
— Тамақ жыртудың түк те қажеті жоқ, — деп, бастығының сөзін қоластындағы адам бөліп жіберді.
Жуантық, қораздың айдары құсаған қып-қызыл Пертюи мырза таңғалғанынан шашалып қалды.
— Сіздің дүкеншеңіз мені жалықтырып бітті, — деді Дюруа сөзін жалғастырып. — Мен бүгін бірінші рет журналшылық жолына түстім, маған тамаша жақсы орын берді. Кететінімді айтуға рұқсат етіңіз.
Соны айтты да шығып кетті. Ол кегін қайтарды.
Уәдесі бойынша ол кеңсеге қайта оралып, бұрынғы әріптестерінің қолын алып шықты, бірақ олардың бірде-бірі, өз басын бәлеге шатып алудан қорқып, оған бір ауыз сөз де айта алған жоқ, — толық жабылмаған есіктен оның бастықпен қалай сөйлескенінің бәрі естіліп тұрған-ды.
Қалтасына жалақысын салып Дюруа көшеге шықты. Өзіне бұрыннан таныс әрі арзан мейрамханадан ертеңгі асын әрі тоя, әрі дәмдісінен ішіп, "Француз өмірінің" тағы бір нөмірін сатып алып және оны үстелдің үстіне тастап кетіп, ол бірнеше дүкенді аралап, түкке тұрғысыз бірдемелерді сатып алды; ол ұсақ-түйектердің оған түк те қажеті жоқ-тын, ол тек оларды үйге әкеліп тастаңыз деп бұйырып, "Жорж Дюруа" деп өз аты-жөнін айтудан айрықша ләззат алған-ды. Және ол: "Француз өмірінің" қызметкері дегенді қосып қойды.
Алайда көшені, үйдің нөмірін көрсете тұрып, ол:
— Заттарды есіккүзетке тастап кетіңіз! — дегенді ұмыта қойған жоқ.
Оның әлі уақыты бар еді, клиенттің көзінше қолма-қол өздерек кәртішкесін жасап беретін жедел баспаханаға кіріп, аты-жөнінің астына жаңа қызметін жаздырған жүз данасын жасатып алды.
Сонан соң саралқа жаққа қарай жүрді.
Форестье оны қоластында істейтін адамды қарсы алатын кейіпте менмен қарсы алды.
— Ә, сен келдің бе? Өте жақсы. Менің саған беретін бірнеше тапсырмам бар. Он минут күте тұр. Маған өз жұмысымды аяқтау қажет.
Ол өз хатын жазып бітіруге кірісті.
Үлкен үстелдің қарсы бетінде отырған боп-боз, болбыр, ісіңкі бет, бас сүйегі аппақ боп кеткен жалтыр бас біреу көзінің кемістігінен қағазға мұрнын тірердей болып бірдеме жазып жатты.
— Сен-Потен, сен сұхбат алуға қай уақытта барасың? — деп сұрады одан Форестье.
— Төртте.
— Өзіңмен бірге Дюруаны, мына алдында тұрған жас жігітті ала кетіп, өз кәсібіңнің құпияларын оған ашып берші.
— Орындалады.
— Алжир жайындағы мақаланың жалғасын әкелдің бе? — деп сұрады Форестье досынан. — Бастамасы үлкен абыройға ие болды.
— Жоқ, — деді Дюруа қызара күңк етіп, — таңертеңгі тамақтан соң жазам ба деп ем,.. бірақ жұмысым соншалық көп, тіпті, еш мүмкіндігім болмады...
Форестье көңілі толмай иығын қиқаң еткізді.
— Ұқыпсыздығыңмен сен өзіңнің мансабыңа кесір жасайсың. Вальтер қария сенің материалыңа сеніп қалып еді. Мен оған ертең болады деп айтайын. Егер сен ештеңе істемей-ақ ақша ала беруге болады деп санасаң, онда қателесесің.
Аз үнсіздіктен кейін тағы бір сөз қосып қойды:
— Темірді қызу кезінде соғу керек, шайтан алғыр!
Сен-Потен орнынан тұрды.
— Мен дайынмын, — деді ол.
Форестье тапсырма бермес бұрын креслоның арқалығына шалқайып, салтанатты дерлік бір түрге енді.
— Мәселе былай, — деп бастады ол Дюруаға қадала қарап. — Осыдан екі күн бұрын бізге қытай генералы Ли Чэн-фу мен раджа Тапосахиб Рамадерао Пали Парижге келді, — генерал "Континентальға", раджа "Бристоль" қонақ үйіне тоқтады. Сендер солардан сұхбат алуларың керек.
Сол сәт ол Сен-Потенге бұрылып қарады:
— Мен саған көрсеткен басты нәрселерді ұмытпа. Генералдан да, раджадан да Англияның Қиыр Шығысты шарлауы жайында, отарлау әдістері туралы, олар орнатқан басқару бейнесі хақында не ойлайтындарын сұра, олар Еуропа, атап айтқанда, Франция бұған араласады деп үміттене ме екен.
Біраз үнсіздіктен кейін ешкімнің бетіне нақтылап қарамай-ақ өз ойын айтып тастады:
— Біздің оқырманды қазір Үндістан мен Қытайдың қоғамдық пікірге қозғау салып жатқан мәселелерге қалай қарайтыны қатты қызықтырады.
Дюруаға тағы қадала қарап тұрып былай деді:
— Сен-Потеннің қалай жұмыс істейтінін байқап көр, — ол жергілікті хабарларды жазудың тамаша шебері, бес минуттің ішінде-ақ ол кімнің болса да ішек-қарнын ақтарып тастайды.
Содан соң ол тағы да маңызды іс атқарып отырған кейіппен қаламсабын қолына алды, — оның бұрынғы өзі полктасы, ал қазіргі қызметтесін белгілі бір шеңберден шығармай, оған өзінің тиесілі орнын көрсетіп қойғысы келгені анық-ты.
Табалдырықтан сыртқа аттап шыға салысымен-ақ Сен-Потен Дюруаға күле былай деді:
— Әй, бәлсінгіш-ау! Тіпті біздің алдымызда мың құбылады. Бізді өзінің оқырмандары сияқты көреді.
Олар бульварды бойлай жүрді.
— Бірдеме ішсек қайтеді? — деген ұсыныс айтты хабар жазушы.
— Қуана құп деймін. Қапырық қой!
Олар кафеге кіріп, салқын сусын сұрады. Сен-Потен осы арада шешіліп сөйледі. Саралқадағы жағдайлар мен әлемдегі барлық нәрселер туралы ол таңғаларлықтай білгіштік байқатты.
— Бастық па? Нағыз еврейдің өзі! Ал еврейлерді, білесің бе, қайта тәрбиелеуге болмайды. Сондай халық!
Сен-Потен Вальтердің сараң қылықтарына қатысты бірнеше нақты мысал келтіріп, Израиль балаларына тән тиын есептегіш экономикасын, арзан алу үшін арланбайтын ұсақ-түйек саудагерлігін, бүкіл пайдакүнемдік қылығын суреттеп берді.
— Сонысына қарамай бәле өзі, бірде-бір адамға сенбейді, елдің бәрін алдап соғады. Оның газеті ресмилеу, католиктік, либерал, республикалық, орлеандық, ондай көп қатпарлы тәтті нан, ұсақ-түйектің дүкені оған тек биржадағы әрекеттері мен басқа да мекемелер үшін қосымша құрал ретінде ғана керек. Бұл жағынан ол қате жібермейді: көк тиыны да жоқ акционерлік қоғамдардан миллиондап табады...
Сен-Потен Дюруаны "қымбатты достым" деп қойып, тоқтамай сөйледі.
— Дегенмен кессең қан шықпайтын сараңның аузынан кей-кейде Бальзакқа ылайық сөздер де шығып қалады. Жақында мынандай бір жағдай болды: мен, құм тергіш қарт Норбер және Дон-Кихоттың қазіргі түрі Риваль — үшеуміз, түсіндіңіз бе, соның кабинетінде отырғамыз, бір кезде біздің меңгерушіміз, бүкіл Парижге қолтығына қысқан сақтиан партпелімен белгілі Монтлен кіріп келді. Вальтер оған шүйліге қарады да: "Не жаңалық?" — деп сұрап еді, Монтлен жайбарақат қана: "Мен қазір ғана қағаз үшін қарызымызды төлеп келдім — он алты мың франк", — деп жауап берді. Бастық орнынан шошына ұшып түрегелді: "Не дедіңіз?" — "Прива мырзаға төлеп келдім". — "Сіз ақылыңыздан ауысқан шығарсыз!" — Неге? — "Неге... неге... неге..." Вальтер көзәйнегін алды, әйнектерін сүртті; иә тапқыр, иә улы бірдеме айтар кездегі әдетімен томпиған ұрттарын тырсита керіп қулана жымиды да, қарсы сөз айтқызбайтындай мысқылмен: "Неге? Өйткені бұл істен біз төрт, бәлкім, бес мың франк түсім түсіретін едік", — деді. Монтлен таңданып: "Қалайша, Вальтер мырза, есепшоттың бәрі дұрыс болатын, мен бәрін тексергем, ал сіз қабылдағансыз..." Сол кезде бастық, бұл жолы барынша салмақты үнмен былай деді: "Соншалық ашықауыз болуға болмайды. Есіңізде болсын, Монтлен мырза, әуелі қарызды қампитып жинап алу керек, сонан соң барып сүйіспеншілікпен алыс-беріс жасау керек".
Сен-Потен басын шалқайтып, білгіш адамның кейпімен: — Ал қалай? Бұл Бальзакша сөйлеу емес пе? — деді.
Дюруа Бальзакты оқымаса да, соншалықты сенімді үнмен қоштау айтты:
— Иә, солай, сайтан алғыр!
Вальтер ханымды хабар жинаушы семіз күркетауық деп атады, Норбер де Варенді — жолы болмағыш қарт, Ривальді — Фервактың әлсіз көшірмесі деді. Содан соң қайтадан Форестьеге оралды.
— Ол әншейін сәтті үйленді — бар-жоғы сол ғана.
— Ал, түптеп келгенде, оның әйелі кім өзі?
— О, ол сайтан ғой, қулығына құрық бойламайды! — деді Сен-Потен алақанын уқалап. — Тышқанның айғырындай Водректің, граф де Водректің ойнасы ғой, — оны күйеуге беріп, жасауын жасаған сол ғой...
Дюруа кенет қалтырап кетті, бойын әлдебір діріл биледі, алдында отырған мылжыңды боқтап-боқтап, бетіне бір періп жібергісі келді. Бірақ ол оны тек сұрақпен ғана бөгеді.
— Сен-Потен деген сіздің шын аты-жөніңіз бе?
— Жоқ, менің атым Тома, — деді ол аңғал адамға тән кейіппен. — Мені Сен-Потен2 деп атап кеткен саралқадағылар ғой.
— Қазір, шамасы, кеш болып кетті-ау деймін, — деді Дюруа сусынның ақшасын төлеп жатып, — бізге әлі атақты екі адаммен жолығу керек қой.
Сен-Потен ішек-сілесі қатып күлді.
— Әлі ысылмаған адам екеніңіз бірден білініп тұр! Демек сіз мені шынында да сіздер Англия туралы не ойлайсыздар деп сұрау үшін үнділік пен қытайға барады деп ойлайсыз ба? "Француз өмірі" оқырмандарының ойынан шығу үшін олардың қалай жауап беруі керек екенін мен олардан әлдеқайда жақсы білемін. Мен өз өмірімде мұндай қытайлардан, парсылардан, үнділерден, чилиліктерден, жапондардан бес жүз сұхбат алдым. Менің ойымша, олардың бәрі де сол бірінің айтқанын бірі айтады. Сондықтан мен өз мақаламда ең соңғы қонағымыздың айтқандарын сөзбе-сөз қайта көшіріп шығуым керек. Оның тек тақырыбын, атын, атақ-дәрежесін, жасын, нөкерлерінің құрамын өзгертуге тура келеді. Оларға өте сақ болу керек, әйтпесе "Фигаро" ма, "Голуа" ма, біреуі өтірігіңді шығарып қоюы мүмкін. "Бристоль" мен "Континентальдің" есіккүзеттерінен мен бес минуттің ішінде соның бәрі жайында өте дәл мәлімет жинап алам. Біз оларға дейін таяу барамыз және жол бойы бір-бір темекіден тартып үлгіреміз. Ал саралқадан көлікпен жүргеніміз үшін деп бес франк талап етеміз. Міне, қымбатты достым, ысылған адамдар осылай істейді.
— Мұндай жағдайда хабар жинаушы болып істеу пайдалы сияқты ғой? — деп сұрады Дюруа.
— Иә, бірақ бәрінен де пайдалысы хроника, ол бүркемеленген жарнама ғой, — деп, Сен-Потен жұмбақтау жауап қайтарды.
Екеуі тұрды да, бульварды бойлап Магдалина шіркеуі жаққа қарай жүрді.
— Білесіз бе? — деді кенет Сен-Потен, — егер сіздің бір жұмыстарыңыз болса, онда бара беріңіз, сізді бекер ұстамайын.
Оның қолын қысып, Дюуруа өз бетінше кетті.
Бүгін кешкісін жазып шығуға тиісті мақала оның мазасын ала берді, енді жолда келе жатып соны ойластыра бастады. Ол бірер анекдотты есіне түсіріп байқады, өзінің кейбір көргендері мен ойларын бір жүйеге түсіріп, кейбір қорытындылар жасауға тырысты -сөйтіп келе жатып Елисей даласының шетіне шығып кеткенін де байқамай қалды, жол бойы оған анда-санда ғана қыдырған адамдар жолықты, себебі ыстық күндері Париж көшелерінде адам болмайды.
Салтанат қақпасының қасындағы Этуаль алаңындағы шарапханадан тамақтанған соң, ол бульвардың сырт айналма жолымен аяңдап үйіне қайтты да, келген соң бірден жұмысқа отырды.
Алайда алдында жатқан үлкен ақ қағазды көргенде, оның барлық жинақтап үлгергені түгел ұшып кеткен сияқтанды, миының өзі бу боп кеткен тәрізденді. Ол тек естеліктің үзінділерін ғана есінде сақтап қалды, есіне түсіруге қанша тырысса да, енді есіне түсе бергенде не көзді ашып-жұмғанша бәрі сусып жылт етіп жоқ болады да кетеді, оларды қалай жазу керегін, не істеп, қалай бастауы қажет екенін ол, тегі, біле алмады.
Бір сағат бойы басы қатып, бірінші сөйлемнің сан түрлі нұсқаларымен бес бетті толтырған соң, ол өзіне-өзі: "Мен әлі дағдыланғам жоқ. Тағы бір рет сабақ алуға тура келеді", — деді. Форестье ханыммен оңашада, ұзаққа созылған ықыласты, ішкіл жағдайларды қозғайтын, сондай бір әдемі әңгіме үстінде бірлесе жұмыс істеймін-ау деген ойдан ғана оның бойын мазасыз ынтықтырған діріл биледі. Егер мақала жазуға қайта отырсам, ойламаған жерде қолым жүріп кете ме деп қорқып, Дюруа дереу жата қалуға асықты.
Форестье ханыммен кездесудің ләззатын алдын ала елестетіп және оны әдейі соза түсіп, ол таңертең төсектен тұрмай ұзақ жатты.
Таныс есікке келіп, ол қоңыраудың түймесін басқан кезде сағат он бір болған-ды.
— Форестье мырзаның қолы бос емес, — деп жауап берді малай.
Күйеуі үйінде болуы мүмкін дегенді Дюруа мүлде есіне алмапты. Әйткенмен ол алған бетінен қайтпады.
— Мен оған өте тығыз шаруамен келіп тұрғанымды айтып барыңыз.
Бес минуттен кейін ол өзі жақында ғана таңғажайып ертеңгілікті өткізген кабинетке кірді.
Кеше ғана Дюруа отырған креслода халат жамылған журналшы туфлишең, кішкентай ағылшын тақиясын киіп бірдеме жазып отыр екен, ал сол үйге киетін ақ көйлегімен жүрген Форестье ханым алды ашық пешке сүйенген қалпы айтқанын жаздырып тұр екен.
Дюруа табалдырықтан-ақ тоқтап қалды.
— Кешірім өтінем, мен сіздерге кедергі жасадым ба?
Форестье оған ызалана қарады.
— Тағы немене? — деді бұрқылдап. — Тезірек айт, біздің уақытымыз жоқ.
— Ештеңе, кешір, — деді Дюруа қысыла міңгірлеп.
Форестье ашуланды.
— Тез енді, шайтан алғыр! Неменеге созбалайсың? Сен енді маған: "Қайырлы таң" деп айту үшін ғана бұзып-жарып кіріп келмеген шығарсың?
— Жоқ, әрине,.. — деді Дюруа қысылғанын жеңіп. — Білгің келсе, жағдай былай, мен тағы мақаладан ештеңе шығара алмадым... ал сен... сен екеуің өткенде сондай жақсы ниетте болдыңдар... сендерге сеніп... мен тағы батылдық жасап келіп ем...
— Сен кісіні тура мазақ қыласың! — деді Форестье оның сөзін бөліп. — Сен, байқаймын, мені сен үшін жұмыс істейді деп, ал өзіңді тек ай сайын ақша ала берем деп ойлаған болуың керек, шамасы. Айтатыны жоқ, ыңғайлы ойлап табылған!
Мысқылды сыпайылыққа ұқсас жұмбақ жымиыспен күлімсіреп, Форестье ханым темекісін тартып үнсіз тұра берді.
— Кешірерсіздер... мен ойлап ем... мен сеніп ем,.. — деп, ашуланған Дюруа былдырлап тұрды да, кенет нақпа-нақ сөйлеп қоя берді. — Сізден мың мәрте кешірім сұраймын, ханым, және мен үшін кеше жазып берген тамаша фельетоныңызға ыстық алғысымды білдірем.
Ол тағзым жасады да, Шарльге:
— Сағат үште саралқада болам, — деді.
Сөйтті де шығып кетті.
Үйіне қарай тез-тез басып келе жатып, ол өзіне-өзі: "Жарайды, қазір өзім-ақ жазамын, көрерсің әлі", — деп міңгірледі.
Ыза шабыттандырған Дюруа өз бөлмесіне кірді де, дереу жұмысқа кірісті.
Ол жайдақ романдардан пайдаланған ұсақ-түйектермен, таңғажайып оқиғалармен, астарлы суреттеулермен толтырып, оқиғаларды Форестье ханым белгілеген бағытта дамытып, мектеп оқушысының олақ тілі мен унтер-офицердің жаргонын араластыра жазды. Бір сағатта мақаланы жазып бітіп, өзіне-өзі риза болып, сол былық дүниесін саралқаға алып келді.
Ол арада оның бірінші жолыққан адамы Сен-Потен астыртын әрекет жасаушылардың кейпімен оның қолын қатты қысып амандасты.
— Менің үнділікпен және қытаймен әңгімемді оқыдыңыз ба? — деп сұрады. — Қызық, ә, солай емес пе? Оған бүкіл Париж риза. Ал мен оларды бетпе-бет көрген де жоқпын ғой.
Дюруа әлі ештеме оқыған жоқ-ты; ол дереу газетті алды да, "Үндістан мен Қытай" деген ұзыннан-ұзақ мақаланы қарай бастады, ал Сен-Потен оған мақаланың қызықты жерлерін көрсетіп, түсіндіріп тұрды.
Жұмысбасты, жұмыстың қамын жеген кісіше қиналып Форестье келді.
— Сіз осындасыз ба? Өте жақсы болды. Сіздер екеулеріңіз де қажетсіздер маған.
Сөйтті де, кешке дейін екеуінің дәл қандай саяси жағдайға қатысты деректер тауып әкелулері керектігіне нұсқау берді.
Дюруа оған өзінің қолжазбасын берді.
— Мынау Алжир жағындағы мақаланың жалғасы.
— Өте жақсы, әкел, әкел, мен бастыққа көрсетейін.
Сонымен әңгімелері бітті.
Сен-Потен өзінің жаңа әріптесін ертіп кетті, екеуі дәлізге шыққан соң одан:
— Сіз кассаға кіріп шықтыңыз ба? — деп сұрады.
— Жоқ. Не үшін?
— Неге болушы еді? Ақша алу үшін. Жалақыны, білесіз бе, ылғи бір ай бұрын алып отыру керек. Қандай жағдайлар болып қалатынын кім біледі.
— Несі бар... Менің ешқандай қарсылығым жоқ.
— Мен сізді кассашымен таныстырып қояйын. Ол қарсы болмайды. Мұнда жақсы төлейді.
Дюруа өзінің екі жүз франкын және оның үстіне кешегі мақаласы үшін қосымша жиырма сегіз франк алды, сонда бұрынғы кеңседен алған жалақысының қалдығымен қосқанда, оның ақшасы үш жүз қырық франк болды.
Ол ешқашан мұнша ақшаны қолына ұстап көрмеген-тін, сондықтан мұндай байлық оған, құдай біледі, талайға жететіндей көрінді.
Сен-Потен өзіне керек мәліметтерді басқалар ендігі біліп болған шығар деген есеппен, өзінің сөзшеңдігі мен сұрай білетіндігінің арқасында өзіне керектіні солардан-ақ біліп алғысы келіп, Дюруаға өзімен бірге бәсекелес газеттердің саралқаларын аралап қайтуға ұсыныс жасады.
Кешкісін қолы босаған соң Дюруаның Фоли-Бержерге соққысы келді.
Сәтімен өтіп кетуді ойлап, тексерушіге:
— Мен Жорж Дюруамын, "Француз өмірінің" қызметкері, — деп таныстырды өзін. — Өткенде мен Форестье мырзамен бірге келгем, ол маған рұқсат қағаз алып берем деп уәде етіп еді. Сол ұмытып кетпеді ме екен деп қорқам.
Екеулеп тізімді қарады. Оның аты-жөні онда жоқ болып шықты. Әйткенмен тексеруші оған құрметпен қарап, өткізіп жіберді.
— Жарайды, мырза, өте беріңіз, — деді ол, — тек директордың өзіне жеке жолығыңыз, сөз жоқ, ол сізге қарсы болмайды.
Жорж Дюруа кіре салысымен-ақ бірден өткенде осыннан бірге кеткен әйел Рашельді көрді. Әйел мұның қасына келді.
— Сәлемет пе, мысығым. Қалай жүріп жатырсың?
— Өте жақсы, өзің ше?
— Мен де жаман емес. Білесің бе, осы аралықта мен сені екі дүркін түсімде көрдім.
Дюруа оған көтеріліп қалды.
— Апырмай, ә! Оны қалай жоруға болады? — деді күлімсіреп.
— Ол деген сен маған ұнап қалдың деген сөз, ақымақ, сенің қолың тигенде, біз оны тағы қайталай аламыз.
— Егер қаласаң, бүгін-ақ болсын.
— Қалағанда қандай.
— Жарайды, тек енді... — Дюруа бөгеліп қалды, ол әйелге айтқысы келген сөзден өзі де ептеп ыңғайсызданды. — Мәселе былай, мен бүгін ақшасызбын, клубта болып ем, түгім қалмай ұтылып шықтым.
Еркектердің саудагерлік қулығына әбден үйренген тәжірибелі жезөкшенің түйсігімен өтірікті сезіп, әйел оның көзіне тура қарады.
— Суайт! Маған ондай қылық көрсеткенің жақсы емес. Дюруа қысылғаннан күлімсіреді.
— Менде бар-жоғы он франк қана қалды, алам десең, соны ал. Әйел өз нәпсісіне қызмет жасап жатқан жезөкшенің жомарттығымен сыбырлай сөйледі:
— Бәрібір, сүйкімдім, мен тек сені қалаймын.
Емінген көз жанарын оның мұртынан ала алмай, сүйген адамның нәзіктігімен Рашель оның қолына сүйенді.
— Алдымен анардың сөлін ішіп алайық, — деді ұсыныс жасап. — Сонан соң кішкене қыдырайық. Мен сенімен театрға барғым келеді, жай әншейін, менің қандай жігітім бар екенін бәріне көрсету үшін. Біз кешікпей менікіне барамыз, мақұл ма?
Ол арадан ол кеш шықты. Әлі тым жарық болатын, сол сот оның есіне "Француз өмірін" сатып алу керегі түсті. Қолы дірілдеп газеттің ортасын ашты — оның мақаласы жоқ боп шықты. Ол аяқжолдың үстінде ұзақ тұрды, әлі де мақаламды тауып алам ба деген үмітпен газет бағаналарын көзімен ішіп-жеп қарады.
Оның жүрегін әлдебір белгісіз салмақ езгендей болды. Ол ұйқысыз түннен шаршаған-ды, енді мына титықтатқан реніш араласып, бақытсыздыққа ұшырағандай жабырқады.
Үйіне келген соң, ол шешінбестен төсекке құлай кетті де, ұйықтап қалды.
Бірнеше сағаттан кейін ол саралқаға келіп, бірден шығарушының кабинетіне өтті.
— Вальтер мырза, бүгінгі нөмірде менің Алжир туралы екінші мақаламның басылмағаны мені қатты таңғалдырды.
Шығарушы басын көтеріп, салқын сөйледі:
— Мен өзіңіздің досыңыз Форестьеден қарап шығыңызшы деп сұрағам. Ол оны қанағаттанғысыз деп тапты. Сізге оны өңдеуге тура келеді.
Дюруаның жыны келді, ол кабинеттен үнсіз шықты да, Форестьеге тап берді:
— Менің мақаламды сен неге бүгін баспадың?
Креслоның арқалығына шалқая отырып, аяғын үстелде жатқан өз қолжазбасының дәл үстіне қойды да, журналшы темекісін тартты. Бет-аузын тыржитып, әр сөзін анықтай, жердің астынан шығып жатқандай күңгірт дауыспен жайбарақат былай деді:
— Бастық оны сәтсіз деп тапты, өзіне өңдеуге қайтарып бер деп маған тапсырды. Әне жатыр, алып кет.
Сөйтті де, пресс-папиенің астында жатқан қағаздарды саусағымен көрсетті.
Дюруаның күйінгені сондай, не деп жауап қайтарарын білмеді. Ол өз бұйымын алып қалтасына сұға салды, ал Форестье сол арада өз сөзін ары жалғастырып жатты:
— Сен қазір осыннан тура префектураға барасын...
Ол тағы бірнеше баруға тиіс мекемелерді атады, олардан бүгін оған қандай түрдегі деректер әкелуге тиіс екенін түсіндірді. Дюруа Форестьені қалай бір шаншып алудың ретін таба алмай, ақыры шығып кетті.
Ертесі ол мақаласын тағы алып келді. Оны тағы қайтарып берді. Оны үшінші рет өңдеп, тағы қайтарып алған соң барып ол өзінің асығыстық жасағанын және оны бұл жолмен алып жүруге тек Форестьенің ғана қабілетті екенін түсінді.
Ол енді "Африкалық атқыштың естеліктері" туралы айтпайтын болды, болашақтағы игі мүдде үшін қажет болғандықтан, ол өзіне жуас әрі сақ болуға, хабар жинаушы қызметін адал атқаруға өзіне-өзі сөз берген-ді.
Ол театр мен саясаттың, палата депутаттарының көріне бермейтін сырт жағына, ал мемлекет қайраткерлерінің алдына өтіп кетіп, айрықша тапсырмаларды орындайтын шенеуніктердің маңғаз бет-бейнелері мен есіккүзеттердің көңілсіз, ұйқысы қанбаған жүздерін әбден зерттеді.
Ол міністірлермен, өтірікшілермен, генералдармен, тыңшылармен, князьдармен, сутенерлермен, жезөкшелермен, елшілермен, епископтармен, жеңгетайлармен, белгілі алаяқтармен, қоғамдық адамдармен, арбакештермен, даяшылармен, шулерлермен қатынас жасап; солардың иманжүзді, ал жан түкпірінде немқұрайды досы болып: үздіксіз, кез келген күні мен кез келген сағатта, кейде анаусымен, кейде мынаусымен жолығысып, олармен тек өзінің хабар жинаушылық мақсатымен ғана шүйіркелесіп, олардың бәрін ол бір өлшеммен өлшеп, бәріне бірдей қарады, бәріне де біркелкі баға берді. Ол өзін барлық шараптың түрін бірінен кейін бірін байқап көрген, бірақ оның шатоморга түрін аржантейл түрінен ажырата алмайтын адаммен салыстырды.
Аз уақыттың ішінде одан өз хабарларының дәлдігіне кепілдік бере алатын, икемді, тапқыр, шапшаң, қызметкерлердің дәрежесін айыра білетін Вальтер қарияның бағалауынша, газеттің нағыз қазынасына айналған тамаша хабар жинаушы шықты.
Соған қарамастан ол бар-жоғы екі жүз франк жалақы және жазған әр жолына он сантимнен алады, ал кафе мен мейрамханаларда бәрі қымбат болғандықтан, ол ылғи да ақшасыз қалып, өзінің кедейлігіне зығырданы қайнайды да жүреді.
"Қандай құпия бар мұнда?" — деп ойланады ол, кейбір өз әріптестерінің қалтасы алтынға толы екенін көріп, кедей боп өмір сүрмеу үшін олар бұл білмейтін қандай құпия әрекеттер жасайтынын түсіне алмай текке әуре болды. Оны қызғаныш қинады, оған үнемі бір адамның ойына келмейтін күдікті әдістер, әлдекімге көрсеткен қызметі, аткез3 тартудың айрықша түрі, жалпыға белгілі түрі және рұқсат етілетін түрі елестейтін болды. Жоқ, ол қайткенде де сол құпияны ашуы керек, сол үнсіз істелетін астыртын әрекетке баруы керек, табысты мұнымен бөліскісі келмейтін жолдастарды шынтағымен ысырып, өзіне жол ашуы керек.
Өтіп жатқан пойыздарға терезеден қарап тұрып, ол әлсін-әлсін кешкісін қалай әрекет қылудың жоспарын ойластырады.
V
Екі ай өтті. Қыркүйек жақындап келеді, ал Дюруа армандаған мансаптың бас айналдырар тездікпен жоғарылай бастауы әлі оған өте алыста сияқтанды. Ол әлі белгісіздікте өмір өткізіп жатты, соған оның намысы келді, алайда тіршіліктің рақатына жеткізетін жолды көре алмады. Ол өзін беделсіз хабар жазушы мамандығына бітеулеп сылап, ешқайда шығып кетпестей қылып қамап қойғандай сезінді. Оны бағалады, бірақ оған менсінбей жоғарыдан қарады. Тіпті, оны күн сайын қызметін істетіп отырған Форестьенің өзі де жақын адамдарша "сен" деп сөйлесуін қоймағанмен, қазір оны түстенуге шақырмайтын болды.
Рас, Дюруа мақаласын тығып жіберудің сәтін құр жіберген емес. Өз қаламын күнделікті хабар-ошарлармен ұштаған ол бұрын Алжир жайындағы екінші мақаласын жазған кезде өзіне жетіспей жүрген дағдыны меңгерген соң, өзі жазған көкейкесті мақалаларының тағдыры үшін қорқа қоймайтын болды. Бірақ одан өз қиялына толық ерік беретін очеркке немесе білгірлікпен жазылған саяси мақалаға дейінгі арақашықтық жер мен көктей еді: жай арбакеш ретінде Булон орманында аттарды айдау бір басқа да, оларды қожасы ретінде айдату бір басқа ғой. Оған жоғары қоғам есігінің жабық болуы, ешкімнің онымен тең дәрежеде араласпауы, кейбір белгілі актрисалар өз пайдасы үшін анда-санда қымсынбай қабылдағанмен, әйелдер арасында өз достарының болмауы оны өз көз алдында әсіресе қорлайтын еді.
Олардың барлығы, ақсүйек арыстандар да, үшінші дәрежелі актрисалар да өзіне айрықша құштар екенін, олардың ілтипатын дереу аударып ала қоятын қабілетінің барын өз тәжірибесінен білетін Дюруа өз болашағының тағдыры байланысты болып қалуы мүмкін жаққа шідерлеп қойған атша шыдамсыздана ұмтылды.
Форестье ханымға барсам деген ой оның басына жиі-жиі келетін, алайда өткенде оны қорлап қарсы алғаны еске түсіп, оның үстіне күйеуі өзі шақырса деген ой оны ондай қадамнан тежей берді. Ақырында есіне Марель ханым түсіп, оның өзін үйіне шақырғанын есіне алып, бір күні, істейтін басқа ешқандай ісі жоқ болған соң, соған қарай жол тартты.
"Сағат үшке дейін әрқашан үйдемін", — деген болатын ол сонда.
Дюруа үшке жарты сағат қалғанда оның есігінің қоңырауын басты.
Ол әйел Верней көшесінде бесінші қабатта тұратын.
Қоңырауға ұйпа-тұйпасы шыққан жас қызметші әйел шықты да, басындағы мата тақиясын бір қозғап қойып:
— Марель ханым үйде, тек әлі тұрған-тұрмағанын білмеймін, — деді.
Соны айтты да, қызметші әйел қонақ бөлменің кілттенбеген есігін айқара ашып жіберді. Дюруа соған кірді. Бөлме әжептәуір үлкен екен, жабдықталуы жұтаң күтіп жинауы олақтау. Қабырғаны бойлай оңып кеткен ескі креслолар қойылыпты, - сірә, оларды қызметші әйел өз білгенінше орналастырған болу керек, өйткені ол арадан үйдің жинақылығын ұнататын, шебер әрі қамқор әйелдің қолтаңбасы мүлдем байқалмайды. Бірі ұзын, бірі қысқа баумен қисық ілінген сұрықсыз төрт сурет қабырғада тұр, онда өзенмен жүзіп бара жатқан қайық, теңіздегі кеме, кең жазықтың ортасындағы диірмен мен орманда отын жарып жатқан адам бейнеленіпті. Олардың былай тұрғанына талай уақыт өткені, салақ қожайынның көзі оларды немқұрайды ғана шолып өтетіні көрініп тұр.
Дюруа күтіп отырды. Оған ұзақ күтуге тура келді. Ақырында есік ашылып, алтын жіппен табиғат суреті тігілген, көкшіл гүлдер мен аппақ құстары бар қызғылт кимоно киген Марель ханым жүгіре басып кірді.
— Кім ойлаған, мен әлі төсектен тұрған жоқ болатынмын, — деді ол. — Еске алып келгеніңіз қандай жақсы болды! Сіздің мені ұмытып кеткеніңізге сенімді едім.
Жайнаған жүзбен Дюруаға екі қолын да созды, содан ол мына жұпыны үйде өзін өте жеңіл сезінді, әйелдің қолын алақанымен қысып, бір кезде Норбер де Вареннің істегеніндей етіп бір қолынан ғана сүйді.
Марель ханым оны жайғастырып отырғызды.
— Қалай өзгеріп кеткенсіз! — деп таңданды оған басынан аяғына дейін барлай қарап. — Сіз тым әдемі боп кетіпсіз. Париж сізге жағыпты. Қане, жаңалықтарыңызды айтыңызшы.
Содан дәл бір ежелгі таныстарша екеуі әңгімеге кірісті де кетті, осы бір кенет кез болған қатынастың қарапайымдылығына мейірленіп; бірінен шыққан ішкілдіктің, сүйсіністің, сенімділіктің қуаты екіншісіне қалай беріліп жатқанын сезініп; соның арқасында жаны мен табиғаты бір-біріне жақын екі адам бес минуттің ішінде дос болып шыға келді.
Марель ханым әңгімені тұтқиыл тоқтата қойды.
— Қандай ғажап, мен сізбен өзімді сондай бір еркін сезініп отырмын, — деді ханым таңданып. — Мен сізді тап бір он жылдан бері білетін сияқтымын. Мен біздің дос боп кететінімізге сенімдімін. Боласыз ба?
— Әрине, — деді Дюруа.
Алайда оның жымиысы одан гөрі де әріректі көздеп тұрды.
Мына әрі ашық түсті, әрі жеңіл көйлек киген әйелді Дюруа тартымды деп тапты, ана ақ киінген басқа әйелге қарағанда әдемілігі сәл бәсең, қылықтылығы да жетпейді, нәзіктігі де ондай емес, бірақ есесіне қатты қызықтырады, құмарлығыңды оятуы да артық.
Форестье ханымның бетінде: "Сіз маған ұнайсыз", — деген әрі сөйте тұра: "Сақтаныңыз!" — деген ілтипатты жымиыс қатар қатып қалғандай, әрі өзіне тартып та тұрады, әрі өзінен итеріп те тұрады, — анық мағынасын аңғару қиын сол жымиыстан ол кеудесін жапқан жұқа шілтерді сүйгілеп, кеудесінен тараған жұпарға құмарын қандырып, аяғын құшқысы келді. Марель ханым болса одан гөрі дөрекілеу, одан гөрі нақтылау тілегін оятып, жұқа жібектің астынан әйелдің денесі айқындау аңғарылғанда, қолы дірілдеп қоя берді.
Өз әдетінше еркін, өткір әзілдермен сөзін ара-тұра тұздықтап алып, Марель ханым тоқтаусыз сөйледі, — басқаның қолынан келмейтін жұмысты көпшіліктің көз алдында айрықша әдіспен атқарып шыққан шебер өститін. Ол тыңдап тұрып ойға қалды: "Осының бәрін есте сақтасам, жақсы болар еді. Әр күннің оқиғасы жайында мына әйелдің айтқандарынан тамаша париждік хроника құрастыруға болар еді".
Әлдекім ақырын, естілер-естілмес қана есік қақты.
— Кіре ғой, кішкентайым! — деп дауыстады Марель ханым.
Қыз бала кірген бойда тұп-тура Дюруаға келді де, оған қолын созды.
— Мынау нағыз жеңіс, — деп күбірледі таңданған шешесі. — Мен Лоринаны тани алмай тұрмын.
Қызды қолынан сүйіп, Дюруа қасына отырғызды да, әрі еркелете, әрі мән беріп, оның бұл уақытта не істеп, не қойғанын тәптіштеп сұрай бастады. Қыз оның сұрақтарына сыбызғыша созылған нәзік үнімен үлкендерше салмақты жауап қайтарды.
Сағат үшті соқты. Дюруа орнынан тұрды.
— Жиі-жиі келіп тұрыңыз, — деді Марель ханым, — бүгінгіше шер тарқатып тұрармыз, мен сіздің келгеніңізге әрқашан қуаныштымын. Сіз нағып кейінгі кезде Форестьелердікінде көрінбей кеттіңіз?
— Иә, сөйттім, — деді ол. — Түк қолым тимей кетті. Жақын арада сонда жолығармыз деген үміттемін.
Дюруа ол үйден ешбір айқындығы жоқ үміттерді арқалап қайтты.
Өзінің бұл кездесуі жайында ол Форестьеге жарты ауыз сөзбен де сездірген жоқ.
Бірақ ол әйел оның есінен ұзақ кетпей жүрді, жай еске алудан гөрі тереңірек бір нәрсе бар секілді, — нақтыдан гөрі қиялилау бір дүние, бірақ қашан да болса сол әйелге қатысты. Сол әйелдің бір бөлшегін, байқайды, өзімен бірге ала кеткен секілді: ол әйелдің сырт тұлғасы ылғи да көз алдынан кетпейді, ал адамды арбап алатын ішкі бейнесі көңілінде тұр. Дюруа сол бейненің арбауында өмір сүріп жатты, мұндай жағдай сүйген адамыңмен бірер сәтті бірге өткізгенде ғана болатын жағдай-ды. Бұл өзі құпия жігер күш, — бұлдыр, қастерлі, жан тербететін, сүйсінтетін құпия.
Көп ұзамай Марель ханымға ол екінші рет келді.
Оны күтуші әйел қонақ бөлмеге бастап келген сәт алдынан Лорина шықты. Бұл жолы ол қолын ұсынған жоқ, сүйгізуге маңдайын тосты.
— Шешем күте тұруыңызды өтінді, — деді. — Ол әлі киінген жоқ, он-он бес минутте шығып қалар.
Дюруаны қыздың салтанатты мәнермен қарсы алғаны қызықтырды да:
— Өте жақсы, бикеш, мен сол он-он бес минутті қуана-қуана сізбен бірге өткізейін, — деді. — Бірақ сіз, бикеш, мені бір салмақты кісі екен деп қалмаңыз, — мен таңертеңнен кешке дейін талмай ойнай беремін. Сондықтан мен сізге мысық пен тышқан боп ойнауды ұсынамын.
Қыз аң-таң, кенет сасып қалғанда немесе күтпеген жағдайға тап болғанда ересек әйелдердің сөйтетін әдетімен ересектерше жымиды да, ақырын ғана:
— Үйде ойнауға болмайды, — деді.
— Оның маған қатысы жоқ, — деді Дюруа қарсылық білдіріп. — Мен барлық жерде де ойнай беремін. Қане, қуып жет мені!
Сөйтті де, Лоринаны әрі ызаландырып, әрі қызықтырып, үстелді айнала қашты, ал қыз ауық-ауық қолын созып, анда-санда қолы тиіп те кетіп, бірақ әлі қуып кеп беруге батылы бармай, сол баяғы мейірім төге жымиған қалпы соңынан жүрді.
Ол тоқтай қалып, жүрелей отырды, қыз үрке басып жақындай берген кезде құтының аузынан шыққан шайтанша ытқып қонақ бөлменің екінші шетіне өтіп кетті. Оған қыздың күлкісі келіп, ақыры ол күлкісіне не бола алмастан, жігіт қолыма ілінді-ау деген кезде әрі қорыққанынан, әрі қуанғанынан шыңғырып жіберіп, жылдамдата қуа жөнелді. Қыздың жолын бөгеп, жігіт орындықты көлденең қоя салса, қыз оны бірнеше дүркін айнала жүгірді, жігіт сонан соң ол орындықты тастай салып, тағы басқасын алдына тоса қойды. Лоринаның екі беті қызарып, енді жаңа ойынға бар ынтасымен кірісіп кетті, жігіттің барлық қулығы мен айласын алдын ала біліп алуға тырысып, балаға тән шаттықпен бөлме ішінде тынымсыз шарқ ұрды.
Кенет енді жігіт ешқайда құтыла алмас-ау деген сенімді сәтте Дюруа оны шап беріп қолынан ұстай алды да, үйдің төбесіне қарай көтеріп тұрып:
— Ұсталдың ба, бәлем! — деді.
Құтылып кетпек боп аяғын тырбаңдатып, қыз бақытты күлкіге батты да қалды.
Кіріп келген Марель ханым өз көзіне өзі сенбей таңдана тұрып қалды.
— О, құдая тоба, Лорина!.. Лорина ойнап жүр ме?.. Сіз, мырза, сірә, сиқыршы шығарсыз...
Дюруа қызды жерге түсіріп, шешесінің қолынан сүйді де, екеуі қызды орталарына алып отырысты. Екеуінің әңгімелескісі келді, алайда әншейінде үндемейтін жуас Лорина бұл жолы жұлынып, әрнені бір айтып маза бермеді, — ақырында оны балалар бөлмесіне апарып тастауға тура келді.
Қыз қарсылықсыз көнгенмен, көзінде жасы мөлтілдеп тұрды.
Екеуі оңаша қалған кезде, Мәрел ханым бәсең дауыспен былай деді:
— Білесіз бе, менің бір өте үлкен жоспарым бар, соған қатысты сізді ойлап едім. Мәселе былай: мен апта сайын Форестьелердікіне қонаққа барып тұрам, өз кезегімде ауық-ауық оларды мейрамханаға шақырып қоям. Мен өз үйімде қонақ қабылдағанды жақтырмаймын, оған ыңғайым да жоқ, оның үстіне мен тамақ әзірлеу мен үй шаруашылығы жөнінен дым білмеймін, турасын айтқанда, ол жағынан тап-тақырмын. Мен сал-серілерше өмір сүретін адаммын. Солай, анда-санда мен оларды мейрамханаға шақырамын, тек үшеуміз ғана, — ол, әрине, көңілсіздеу, менің таныстарым олармен жарасып отыра алмайды. Мұның бәрін айтып отырған себебім, өзімнің әдеттен тыс ұсынысымды түсінікті ету ғана. Сіз, әрине, менің сізге бізбен бірге тамақтаныңыз деп өтінгелі отырғанымды, шамалап біліп отырсыз, біз "Риш" кафесінде сенбі күні жеті жарымда жиналамыз. Сіз оның қай жерде екенін білетін шығарсыз?
Дюруа қуана-қуана келісті.
— Біз төртеу боламыз, тұп-тура екі жұп, — деді әйел сөзін одан ары жалғастырып. — Мұндай тойсымақ — бізге, әйелдер үшін, үлкен көңіл көтеру, өйткені ол өзі күнде бола бермейтін таңсық нәрсе ғой.
Әйелдің кигені қара қоңыр көйлекті, ол оның белін, бөксесін, иығы мен төсін тырсита, қызықтыра қысып, сол талғампаз нәзіктікпен кербез киінгендігі мен қонақ бөлмедегі келеңсіз көріністер арасындағы сәйкессіздік Дюруаны, неге екенін, таңғалдырды, тіпті оның өзін де белгісіз бір ыңғайсыздық биледі.
Үстіне кигенінің бәрі, денесін жауып тұрған немесе денесіне тиіп тұрғанның бәрі де жарасып, бәрінен де нәзік талғамның табы білініп тұр еді, ал одан басқаның бәріне де, ол, сірә, ешқандай да мән бермейтін болса керек.
Ол әйелмен тағы да өткен жолғыдай, кейде тіпті елеске де айналып, көрінбесе де қасында тұрғандай сезілетін халде қоштасты. Белгіленген уақытты күн өткен сайын асыға, шыдамсыздана күтті.
Ол тағы да майын төлеп фрак киді, — сәнді кәстөм сатып алуға қаржысы құрғыр қол байлады, — белгіленген уақыттан бірнеше минут бұрын бірінші болып мейрамханаға келді.
Оны үшінші қабатқа, шағын ғана, қабырғаларын қызыл матамен қаптаған, бульвар жаққа қараған жалғыз терезелі кабинетке алып келді.
Төрт кісіге ыдыс-аяқ қойылған шаршы үстелдің үстіндегі ақ дастарқан сырлап қойғандай жалтырайды. Бокалдар, күміс ыдыстар, жылы су құйған құтылар — бәрі де екі биік тұғырда жанып тұрған он екі шырақшамның шұғыласында шаттық шақырып жарқ-жұрқ етеді.
Терезе түбінде өсіп тұрған ағаштың жапырақтары әр терезеден түскен жарықтың белдеуінде кілең жасыл ала түсті боп көрінеді.
Дюруа бөлменің қабырғалары сияқты қызыл матамен тысталған аласа диванға келіп отырып еді, оның босаң тартқан серіппелері сылқ төмен түскенде, ол өзін шұңқырға құлап бара жатқандай сезінді.
Мына алып үйді бір белгісіз шу көтеріп бара жатыр, — ол шу үлкен мейрамханаларда болатын жиынтық дыбыстар, оны дәлізде ерсілі-қарсылы жүрген малайлардың кілемге кеп булыққан аяқ дыбыстары, күміс ыдыстар мен басқа ыдыстардың сыңғыры, ашылған сәттегі есіктің сықыры мен кабинеттерде қысылыса отырған адамдардың артынша естілген сөздері құрайтын еді.
Бір кезде Форестье кірді де, "Француз өмірі" саралқасында оған ешқашан көрсетпейтін достық ілтипатпен қолын қысып амандасты.
— Әйелдер бірге келеді, — деп хабарлады ол. — Мейрамханада тамақтанғанды мен қатты ұнатам!
Ол үстелдің үстіндегілерді мұқият қарап шықты да, бұлыңғыр жанып тұрған газ шамды өшіріп тастады, өкпек жел соқпасын деп, терезенің бір жағын жауып қойды, сонан соң өзіне өкпек соқпайтындай қалқа жерді таңдап алып:
— Маған өте сақ болу керек, — деді. — Бір ай бойы мен өзімді дұрыс сезініп жүр едім, енді қайтадан халім болмай барады. Маған суық тиді. Сірә, сейсенбі күні, театрдан шыққанда тиген болу керек.
Сол сәт есік ашылды да, жайғастырушы бастап әкелген екі әйел екеуі де бет пердесі түсірілген қалпақ киіп, мұндай әрбір көрші, әрбір кездесу қауіп тудыратын ортада өзін әйел ұстауға тиіс әдетпен ақырын ғана, сыпайы ғана, әлдебір құпиялық сақтаған сүйкімділікпен ішке кірді.
Дюруа бірден Форестье ханымға қарай жүрді, — ол оны дереу келмей кеттің деп кінәлай жөнелді.
— Иә, иә, білем, сіз Марель ханымды артық көресіз, — деді досының бетіне жымия қарап, — оған баруға уақыт табасыз.
Бәрі жайғасып отырған соң, жайғастырушы Форестье ханымға шараптардың тізім-картасын әкеліп берді.
— Еркектер өзі білсін, — деді көтеріңкі дауыспен Марель ханым, — ал бізге мұздай шампан, ең жақсы тәтті шампан әкеліңіз, — түсіндіңіз бе? — басқа ештеңенің қажеті жоқ.
Жайғастырушы кеткен соң Марель ханым жұлқына жымиды.
— Мен бүгін мас болғанша ішем. Біз бүгін думандатамыз, нағыз думан жасаймыз.
Форестье, сірә, оның не айтқанын естімеген болу керек.
— Мен терезені жауып қойсам, қарсылықтарың жоқ па? — деп сұрады басқа ештемеге мән бермей. — Бірнеше күн болды, кеудемнің ауырып жүргені. Кеңшілік жасаңыздар.
Ол терезенің ашық тұрған екінші жартысын жапты да, жарқын тартқан, көңілденген жүзбен келіп орнына қайта отырды.
Әйелі үн шығарған жоқ, — өзінің бір ойларымен әлек боп отырған сияқты. Көзін төмен салған күйі жұмбақ әрі мысқылды жымиыспен бокалдарға үңіле қарап отыра берді.
Үстелге остендік дейтін шағын, бірақ майлы, кішкентай құлаққа ұқсайтын устрицалар әкелінді, — олар ауызға салған бетте-ақ тұздалған кәмпитше еріп қоя берді.
Одан кейін сорпа әкелінді, содан соң қыздың денесіндей қызғылт форель тартылды да, әңгіме басталды.
Көп шу туғызған бір шатақ жағдай сөз болды: әлдебір ақсүйек әйел әлдебір шетелдік жігітпен оңаша кабинетте кешкі тамақ жеп отырғанда күйеуінің досы үстінен түседі.
Ол оқиғаға Форестье бар шын пейілмен рақаттанып күлді, алайда аузына ие бола алмаған еркектің қылығын әйелдер пасықтық әрі опасыздық деп тапты. Дюруа әйелдерді жақтады және ондай жағдайда еркек — негізгі айыпкер бола ма, әлде сенімді адамы ма, әлде кездейсоқ куә ме - қай дәрежеде болса да, ол мола сияқты мылқау болуы тиіс дегенді кесіп айтты.
— Егер біз бір-бірімізге біржола сене алатын болсақ, онда мына жарық дүниеде өмір сүру қандай ғажап болар еді! — деді ол емірене дауыстап. — Әр кезде, бәлкім, көбінесе, тіпті әрқашан әйелді тек жұртқа жария боп кете ме деген үрей ғана тоқтатады. Шын мәнінде солай ғой, әлде олай емес пе? — деді сөзін жымиған қалпы жалғастырып. — Егер әрі қысқа, әрі жеңілтек бақыты үшін әрі көз жасы, әрі абыройы төгілетіні қорқытпаса, өткінші қызықтың рақатын көріп, құйынша үйіріп, кенеттен-кенет қанат біткендей ұшырып әкететін құмарлықтан, махаббаттың мас қылар ғажап сәтінен қай әйел бас тарта қойсын!
Ол, бәлкім, әлдекімді, бәлкім, өзін қорғап тұрғандай нық сеніммен, қызбаланып сөйлеп, дәл бір: "Менімен сөйтсеңдер, еш қорқынышы жоқ. Байқап көріңдер — көздерің жетеді", — деп шақырып тұрғандай еді.
Екі әйел де оның айтқандарын үнсіздіктерімен іштей құптап, оған көзқарастарымен дем беріп, егер құпиялық сақталатынына сенімді болса, онда олардың қатаң тәртіптілігі, париждік тәртіптілігі шыдап тұра алмайтындығын сездіргендей еді.
Форестье бір аяғын астына басып, фрагын былғап қоймас үшін, салфетканың бір шетін жилетіне қыстырып, диванда жамбастай жатқан-ды.
— Оһо! Оларға еркіндік берші — қалай бүлдіретіндерін елестетіп көруге болады! — деді ол кенет өз сөзін өзінің ұятсыз күлкісімен бөліп. — Шайтан алғыр, қайран қор болған еркектер-ай!
Содан кейін бәрі махаббат жайында әңгімеге көшті. Дюруа мәңгі махаббат бар дегенге сенбеді, бірақ оның жақын, бір-біріне өзара сенімді достыққа негізделген ұзақ қимастыққа ұласып кетуі мүмкін екендігін жоққа шығармады. Тәндік жақындық жүректердің бірлігін тек нығайта түседі. Ал ақырында ажырасуға міндетті түрде апарып соғатын қызғаныштың қылықтары мен жан қинайтын әрекеттері, жалынулар мен кінәлаулар туралы ол кіжіне ашуланып айтты.
Ол біткен кезде, Марель ханым күрсіне сөйледі:
— Иә, махаббат — біздің өміріміздегі бірден-бір қуаныш, бірақ соған шамадан тыс артық талап қоямыз деп, өзіміз бүлдіріп аламыз.
— Иә, иә, сүйікті болған жақсы ғой, — деді Форестье ханым қолындағы пышақпен ойнап отырып.
Алайда оның бет әлпетіне үңіле қарасаң, қиялы қыр асып, ашып айтуға ешқашан аузы бармайтын нәрселерді де ойлап кеткенін аңғаруға болатын еді.
Келесі әкелетін тамақты күтіп отырып, ауық-ауық шампаннан ұрттап қойып, титімдей дөңгелек тоқаштың үстіңгі қыртысынан қырт еткізіп басытқы жасай отырысты. Жұтқыншақтан әр тамшысы өткен сайын қанды қыздырып, бас айналдырған мына ақ шарапша мас қылып, зарықтырып, бірте-бірте олардың бүкіл ниетін махаббат билеп алды.
Ақырында ұсақ-ұсақ спаржа өсімдігінің бастарын қабат-қабат қылып қалыңдап төсеп, соның үстіне қойған күмпиіп піскен шырыны сорғалаған котлетті алып келді.
— О, бұ шайтан алғыр өте тамаша нәрсе! — деп Форестье дауыстап жіберді.
Жұмсақ ет пен қара өріктей қоймалжың көкөністі бәрі тамсана, асықпай жей бастады.
— Мен ғашық болған кезде, — деді Дюруа тағы сөйлеп, — мен үшін бүкіл жер жүзінің тіршілігі тоқтап қалады.
Ол бұл сөзді барынша сеніммен айтты: махаббаттың рақаты туралы ойлаудың өзі-ақ оны дәмді тамақ жегендегідей рақатқа бөлеп, шаттыққа кенелтті.
Форестье ханым кәдімгі өзіне тән немқұрайды пішінде ақырын ғана үн қатты:
— Ең алғаш ол алысқан кездің, бір қол: "Сіз мені сүйесіз бе?" — деп сұрап, екінші қол: "Иә, мен сені сүйем", — деп жауап беріп тұрған кездің қуанышын ешқандай басқа қуанышпен салыстыруға болмайды.
Марель ханым бір бокал шампанды бір-ақ көтеріп тастады да, бокалды үстелге қайта қойып жатып көңілдене сөйледі:
— Жә, мен ондай құрғақ сөзден тұратын сезімге онша бейім емеспін.
Құптаған күлкілер естіліп, бәрінің көзі жайнап сала берді.
Форестье диванға жайғасып, жастыққа шынтақтай жатқан күйі маңғаздана сөйледі:
— Сіздің ашықтығыңыз абыройыңызды арттыра түседі, — сіздің тәжірибелі әйел екеніңіз бірден байқалып тұр. Бірақ сұрауға рұқсат етіңізші, бұл мәселе туралы Марель мырзаның пікірі қандай?
Аса бір шектен тыс жақтырмайтындығын аңғартып, иығын баяу қиқаң еткізді де, әйел қатқыл үнмен қадап-қадап айтты:
— Марель мырзаның бұл жайында өзіндік пікірі жоқ. Ол... қалыс қалады.
Сонымен, ақырында махаббат жайлы асқақ теориядан төмендеп, бұлар енді сүйкімді бұзықтықтың гүл жайнаған бау-бақшасына келіп кірді.
Әйелдер өз етегін көтере бастайтын кез секілді, нәзік ыммен, бүркеудің бәрін түріңкіреп сөйлейтін кез, — жарты сөзді жұтып қоятын немесе астармен тұспалдайтын, шебер шифрланған еркіндіктің, ұяттан безген екіжүзділіктің, әдепсіз мағыналарды аңғартатын әдепті сөздер мен ашып айтуға болмайтын нәрсенің бәрін бір сәтте-ақ алдыңа жайып салатын, ақсүйек адамдарға махаббаттың құпия, нәзік ойындарын келісіп қойғандай келісті жүргізуге көмектесетін; ақыл-ойды ләззатқа батып, құшақта балқығандай қияли күйге жетектейтін; мұқият жасырылатын және құмарыңды қоздыратын, тек төсектің үстінде ғана жүзеге асатын ұятты істің бәрін әп-сәтте көз алдына әкеп елестете қоятын сөздерді айта беруге болатын кез келген-ді.
Ыстық тамақ әкелді — құр мен бөдененің етін, оған ілестіріп бұршақ әкеліп қойды, артынан табақшаға салған ұнтақ ет әкелді де, оған қосып жеуге жапырақтары шілтердің оюындай көкпеңбек мүк секілді сәйді4 тегеш тәрізді ыдыспен әкеп қойды. Әңгіменің қызығына түсіп, махаббаттың айдынында жүзіп жүрген жандар енді тек дәмін алмай, әншейін әдет бойынша жеп жатыр.
Екі әйел де анда-санда тым ашық пікірлер айтып қалады, Марель ханым өзіне тән қалай түсінгің келсе солай түсін деген батылдықпен, ал Форестье ханым адам сүйсінетіндей ұстамдылықпен, аузынан шыққан сөзді жұмсартпай, қайта даусымен, ырғағымен, жымиысымен, қылығымен батыл пікірін айқындай түсіп сөйлейді.
Форестье жастыққа жайғасып алып аштықтан келгендей айпап-жайпап жеп те жатыр, ішіп те жатыр, күліп те жатыр, анда-санда ойнақы әрі әдепсіз бірдемелерді айтып қалса, әйелдер кейде оның дөрекілігіне шынымен таңғалса, көбінесе әдеп сақтап қана әншейін бір сәт бұртиысқан болады.
— Солай, солай, шырақтарым, — дейді Форестье тағы бір нағыз әдепсіз сөздерді айтып қалып. — Сендер бүйтіп осы беттеріңнен қайтпасаңдар, ешқандай да келісімге келмейсіңдер.
Десерт әкелінді, артынан — кофе. Онсыз да қызып отырған жандардың басын ликер одан бетер қыздырып, тұмандатып жіберді.
Марель ханым өз уәдесін орындады: шынында да мас болып қалды. Қонақтардың қошеметі үшін әдейі мас болғандай қылық көрсетіп, көңілденіп, көп сөйлеп, мас болғанын мойындап отырды.
Форестье ханым үндемеді, — бәлкім, сақтық жасағаны болар. Әлдебір ағаттық жасап қоям ба деп қауіптеніп, Дюруа қанша толқып отырса да, шеберлікпен түк сездірмеді.
Бәрі темекі тартып еді, Форестье кенет қатты жөтеліп кетті.
Булықтырған жөтел кеудесін жарып жібере жаздады. Шекесінен шып-шып тер шығып, жөтел тұншықтырып, ышқынғаннан екі беті қып-қызыл боп кетті.
— Жоқ, мұндай қонақасы маған жақпайды, — деді ол ашулы зорға дем алып. — Қандай ақымақтық!
Ауру жайлы ой оны қатты күйіндірді, күні бойғы көңілді жағдайының бәрін бір сәтте-ақ быт-шыт қылды.
— Үйге қайтайықшы, — деді қиналып.
Марель ханым малайды шақырып, есеп жасасуын талап етті. Есеп екі айтқызбай әзір болды. Оны қарап көріп еді, цифрлар көз алдында жоғары-төмен жүгіріп кеткен соң, қасындағы Дюруаға ұстата салды.
— Сіз есептесіңізші, мен ештеңе көре алмадым, маспын, — деді де, оның алдына әмиянын тастай салды.
Жалпы есеп жүз отыз франкқа жетіпті. Дюруа есепті тексеріп қараған соң, екі несие билетін берді де, артылғанын қайтып алған соң, Марельдің құлағына сыбырлады:
— Шайлыққа қанша берейін?
— Білмеймін, өзіңіз біліңіз.
Ол таксиге бес франк тастады да, Марельге әмиянын қайтарып беріп жатып:
— Сізді шығарып салуға маған рұқсат етесіз бе? — деп сұрады.
— Әрине. Мен үйге жалғыз өзім жете алмаймын бүгін.
Олар ерлі-зайыпты Форестьелермен қоштасты да, Марель ханым мен Дюруа екеуі күймеге бірге мінді.
Ол әйелдің осында, мүлдем қасында, көшедегі шамның жарығы анда-санда бір сәтке ғана түсетін қозғалмалы түнек қораптың ішінде бірге кетіп бара жатқанын жақсы сезінді. Әйел иығының жылылығын ол киім ішінен сезіп, түк сөйлей алмай қалды, тіпті бір сөз айта алмады: бүкіл есіл-дертін оны құшағыма қысып алсам-ау деген құштарлық билеп алды.
"Егер батылдық жасасам, қайтеді?" — деп ойлады. Тамақ үстінде айтылған сөздер есіне түсіп, тәуекелге бел буа бастап еді, шатақ шығып кете ме деген қауіп тағы тоқтатты.
Бұрышқа тығылып ап әйел де үн-түн жоқ қозғалмай отыр. Күйме ішіне кенет түскен жарықтан әйелдің жалт еткен жанарын байқап қап отырмаса, ол тіпті оны ұйықтап қалған ба деп ойлар еді.
"Не ойлап отыр екен?" Мұндай сәтте үнсіздікті бұзуға болмайтынын ол білетін, бір сөз, бір ғана сөз бәрін бүлдіріп жіберуі мүмкін. Ал тұтқиыл және тегеурінді шабуылға шығуға оның батылдығы жетпеді.
Ол әйелдің кенет аяғын қозғап қалғанын сезді. Сергек, діріл билеген, төзімі таусылған, қынжылыс аңғартқан қимыл, бәлкім, мұны әбден қинағысы келген қылық та болар, кім біледі. Әйткенмен сол сәл білінер-білінбес қимыл оған жеткілікті болды; жалт бұрылып, ернімен ернін, қолымен денесін іздеп, әйелге қарай төне берді.
Әйел әлсіз ғана ышқынды, бойын түзегісі келгендей тыпыршыды, бұлқынды, итерген болды, ақыры әл-дәрмені құрыған адамша сылқ берілді.
Сәлден кейін күйме әйелдің есігі алдына келіп тоқтады. Күтпеген жағдайдан оның аузына бірде-бір ізетті сөз түспеді, ал бірақ әйелге өзінің риза екенін, алғыс айтатынын білдіргісі келді, оны сүйетінін, оған табынатынын айтқысы келді. Алайда әлгіндегі жағдайдан аңырып қалған әйел орнынан тұрмады, қозғалмады да. Күймешіні күдіктендірмес үшін, бірінші өзі секіріп түсіп, Дюруа әйелге қолын ұсынды.
Сәл теңселіп, әйел үндемей күймеден түсті. Ол қоңырауды қақты да, есікті іштен ашқанша сұрап үлгірді:
— Қашан жолығамыз?
— Таңертеңгі тамаққа келсеңізші, — деді әрең естірте сыбырлап, сөйтті де, зеңбіректің оғынша зырқ еткізіп қақпаны жауып, қараңғы кіреберіске еніп кетті.
Ол күйме айдаушыға бес франк ұстатты да, қуаныштан есі шығып, шаттанған күйде үйіне қарай ұшты.
Әй, ақырында күйеуі бар әйелге де қолы жетті-ау! Және ақсүйек әйелге! Нағыз ақсүйек әйелге! Париждік әйелге! Бәрі қалай оп-оңай және күтпеген жағдайда бола кетті!
Бұрын ол мұндай сүйкімді жаратылған жандарға қол жеткізу үшін ұзақ айналдыру, тауы шағылмайтын шыдамдылық, жан-жақты шабуыл қажет болар деп болжайтын, жан-жақты шабуылға көңілін табуды, аһылап-үһілеуді, тәтті сөздер айту мен сыйлық беруді жатқызатын. Міне, енді бірінші жолықтырған адамы ә деп айналдырғаннан-ақ құлап түсті, тез болғаны соншама, әлі содан есін де жинай алмай отыр.
"Бүгін ол мас болды, — деп ойлады, — ертең басқа қылық көрсетеді. Жылап-сықтамай іс бітпес". Бұл ой оны қауіптендірді, бірақ сол сәтте-ақ бекем байлам жасады: "Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді! Енді ол менікі, оны уысымнан шығармауға шамам жетеді".
Кенет ол даңқ, құрмет, бақыт, молшылық, махаббат жайындағы қиялы қалқып жүрген бұлдыр сағымнан әдемі, бай, құдіретті әйелдердің тізбегін көргендей болды, бәрі бейне бір театрдың салтанатты төрінде санақтан өтіп жатқандай, бірінен кейін бірі жымиып, Дюруаның үмітінен тоқылған алтын бұлттың ішіне кіріп кетіп жатыр, кіріп кетіп жатыр.
Оның ұйқысы тек түс көрумен өтті.
Ертесі Марель ханымдікіне баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда, оны ептеп толқу биледі. Ол мұны қалай қарсы алар екен? Ал егер мүлдем қабылдамай қойса ше? Тіпті, кіргізбе деп бұйрық беріп қойса қайтеді? Егер айтып қойса ше... Жоқ, шындыққа көзі жетпей жатып оның айтып қоюы мүмкін емес. Демек жағдайдың қожасы — бұл.
Жап-жас үй күтуші қыз есік ашты. Қыздың бет әлпетінен оқыс ештеңе аңғарылмады. Содан көңілі орныққандай болды, алдынан үй күтушінің кейіп шығуы да мүмкін еді ғой.
— Марель ханымның көңіл күйі ма? — деп сұрады үй күтушіден.
— Жақсы, мырза, күндегідей, — деді үй күтуші оны қонақ бөлмеге бастап келе жатып.
Кәстөмі мен шашын түзеу үшін ол алды ашық пешке тақап келіп, айнаға қарап галстугын түзеді, кенет сол сәт жатын үйдің босағасынан өзіне қарап тұрған Марель ханымның бейнесін айнадан байқады.
Ол оны көрмегенсіді, бетпе-бет кездеспес бұрын екеуі де бірер секунд бір-бірін айнадан бақылады.
Ақырында Дюруа бұрылды. Марель де орнынан қозғалды, — әйел әлденені күтіп тұрған сияқтанды. Сол сәт ол әйелге тұра ұмтылды.
— Сізді. мен сұмдық сүйем! Сұмдық сүйем! — деді сыбырлап.
Әйел құшағын ашып, Дюруаның кеудесіне құлады да, артынша басын көтерді. Ар жағы ұзақ сүйіске жалғасып кетті.
"Мен күткеннен әлдеқайда оңай болды, — деп ойлады ол. — Бәрі тамаша".
Бір кезде барып екеуі бірін-бірі босатты. Шексіз сүйетіндігін көзімен сездіргісі келіп, Дюруа үнсіз жымия қарады.
Әйел де жымиды, — әсте, әйелдер өзінің келісімін, тілегін, берілуге әзір екенін сездіргісі келгенде солай жымиятын.
— Біз оңашамыз, — деді сыбырлап, — Лоринаны мен досымның үйінен тамақтануға жібердім.
— Ризамын, — деді демін терең алған Дюруа қолынан сүйіп жатып. — Маған керемет ұнайсыз.
Құдды күйеуі ұқсатып әйел оны қолтықтап алды да, диванға алып келді, екеуі оған қатарласа отырды.
Енді Дюруа әдемі, адамды толқытатын бір әңгіме бастауы қажет еді, алайда ылайықты ештеңе таппағасын, батылсыздау үн қатты:
— Сіз маған аса ашулана қоймаған шығарсыз?
Оның аузын әйел алақанымен жаба қойды.
— Үндеме!
Бірін-бірі көзімен ішіп-жеп, бір-бірінің күйіп-жанған алақанын алақанымен қысып, екеуі үн-түнсіз біраз отырып қалды.
— Қалай қолыма түсірем деп аңсадым-ау мен! — деді Дюруа.
— Үндеме! — деді әйел қайталап.
Ас үйде күтімшінің тақсыларды қалай тарсылдатып жатқаны естілді.
Дюруа орнынан тұрды.
— Мен сіздің қасыңызда отыра алмаймын. Өзіме-өзім не болар емеспін.
Сол сәт есік ашылды.
— Тамақ даяр.
Әйелді ол ас үйге құрмет-қошеметпен алып келді. Екеуі қарама-қарсы отырып, жаңа туындаған тәтті сезімнің жетегімен өздерінен басқаны мүлде ұмытып, бірін-бірі жанарымен аймалап, біріне-бірі жымиыспен ғана тіл қатысты. Әкелген тамақты екеуі де тек дәмін алмай жей берісті. Кенет Дюруа әлсіз сүйкенген аяқты сезді, үстелдің астында адасып жүрген сүп-сүйкімді аяқ. Әлгіні екі табанының арасына қысып жібермей қойды, артынша бар күшін сап құшырлана қысты.
Күтімші біресе кіреді, біресе шығады, бірде-бір нәрсе әкелсе, бірде бір нәрсені әкетеді, бірақ түрі түк те байқамаған адам сияқты ылғи бірқалыпты.
Тамақтан кейін тағы қонақ бөлмеге келіп, тағы екеуі диванға қатарласа кеп отырды.
Дюруа ақырын жылжи-жылжи жанына келді, құшақтамақ болып еді, бірақ әйел еркелей күліп қолынан қақты.
— Байқаңыз, кіріп қалуы мүмкін.
— Қашан оңаша қаламыз? — деді ол алқына сыбырлап. — Қаншалық сүйетінімді саған қашан айтам енді?.
Құлагына тақала еңкейіп, әйел ақырын ғана сыбыр етті:
— Жақын арада мен сізге аз ғана уақытқа кіріп шығам.
Ол өзінің қызарып бара жатқанын бірден сезді.
— Мен бірақ... мен өте... өте жұпыны тұрам ғой.
Әйел ақырын жымиды.
— Онда тұрған ештеңе жоқ. Мен пәтеріңізді емес, сізді көруге барам ғой.
Ол енді дәл қай күні келетініңді нақтылап айт деп әйелді қинай бастады. Келесі аптаның аяғына қарай деді әйел, бірақ ол әйелдің қолын құшырлана уқалап, кездесетін күнді одан да беріге жылжыт деп жалынды; сөздері бір-бірімен онша байланыспай, жанарында әлдебір ұшқын қалтылдап, екеулеп тамақ жеп жатқанда ғана оянып бой бермей кететін ынтығуға ұқсап, екі беті от боп өртеніп бара жатты.
Мұндай өліп-өшу әйелді рақат сезімге бөлеп, ақыры біртіндеп бір-бір күннен қысқарта бастады. Бірақ Дюруа оған көнбей:
— Ертең... Ертең деші! — деп, қоймай қайталай берді. Ақырында әйел оған да көнді.
— Жарайды. Ертең. Сағат бесте.
Ол уһ деп көкірегі қарс айырыла қуанды. Сонан кейін екеуі байсалды әңгімеге көшті, кәдімгі бір-бірін жиырма жылдан бері білетін адамдар сияқты сөйлесті.
Әлдекім есіктің қоңырауын қақты, — екеуі де селк етіп, дереу бір-бірінен алыстаңқырап отырысты.
— Бұл, сірә, Лорина болар, — деді Марель ханым сыбырлап.
Қыз кірген бойда таңғала тоқтап қалды да, артынша қуанғаннан қолын шапалақтап жүгіріп Дюруаның жанына жетіп келді.
— О, Сүйкімді дос! — деді айғайлап.
Марель ханым күліп жіберді.
— Немене? Сүйкімді дос? Сізге Лорина ат қойып та тастады! Меніңше, бұл — өте әдемі ат. Мен де сізді Сүйкімді дос деп атайтын болам.
Ол қызды тізесіне отырғызды, енді қызға шешесі қандай ойындарды үйретсе, соның бәрін ол да ойнауға мәжбүр болды.
Сағат үшке жиырма минут қалғанда бәрімен қоштасып, Дюруа саралқаға баруға жиналды. Баспалдақпен түсіп бара жатып, жартылай ашық тұрған есіктен ол тағы сыбырлады:
— Ертең. Сағат бесте.
Марель ханым ерін қозғалысынан ғана оның не айтпағын шамалап, мақұл дегенді ол да жымиысымен ғана аңғартып ғайып болды.
Саралқаның жұмыстарын бітірген соң, Дюруа енді ашынасын қарсы алу үшін бөлмені қалай жинастырарын, жұпыны жағдайын қайтіп жасырарын ойлай бастады, білдірмейтіндей қылып жапондықтардың ұсақ-түйек әшекейлерін қабырғаның бәріне іліп тастау керек деген ой келді басына. Бес франкқа әп-әдемі желпуіштің, қалқаншалар мен алабажақ қиқымдардың тұтас бір құшағын сатып әкеліп, түсқағаздың ең көрнеу тұрған дақтарын жауып іліп-іліп тастады. Терезелердің әйнектеріне қызарған көкжиекке шағылысқан теңіздегі кемелер мен құстардың шоғыры, балконда тұрған сан түсті әйелдер мен жап-жазық жерде ақ шаңқан қардың үстінде қарайған адамдардың тізбегі салынған, ар жағынан күн көрініп тұратын картиналарды шаптап қойды.
Оның адам айнала алмайтын қуыршақтай бөлмесі біраздан кейін сурет салып тастаған қағаз шамға ұқсады да қалды. Сол көрініске көңілі көншіген ол түрлі түсті қағаздардың қиынды қалдықтарынан кеш батқанша үйдің төбесіне құс қиып желімдеумен болды.
Сонан соң паровоздардың ысқырығын да елемей ұйықтап қалды.
Ертесі ол ертерек келіп бір кәрзіңке тәтті нан және бакалея дүкенінен бір бөтелке мадера әкелді. Біраздан кейін екі таксы, екі стақан тауып әкелу үшін, оған тағы далаға шығуға тура келді. Кір қожалақ бетін қағаз орамалмен жауып, шағын үстелдің үстіне әкелген тағамдарың қойды, құмған мен шылапшынды үстелдің астына тықты.
Содан кейін күтуге отырды.
Марель ханым сағат бестен он бес минут өткенде келді, көз алдын бұлдыратып жіберген алабажақ суреттерге таңданып, еріксіз даусы шығып кетті:
— О, үйіңіз қандай әдемі! Тек бір жаманы кіреберіс баспалдақта адам көп екен.
Ол әйелді құшақтай алды, құмартқаннан алқынып, шіләпісінің шетінен шығып тұрған шашын бет перде шілтердің сыртынан шөпілдетіп сүйе бастады.
Бір жарым сағаттан кейін Дюруа әйелді Рим көшесіндегі күймелердің аялдамасына шығарып салды. Әйел күймеге отырған кезде құлағына сыбыр етті:
— Сейсенбіде, дәл осы уақытта.
— Дәл осы уақытта, сейсенбіде, — деді әйел қайталап.
Көз байланған кез болған соң, әйел қорықпастан Дюруаны басынан құшақтап ашық есіктен өзіне тартты да, ернінен сүйіп алды. Күйме айдаушы қамшысын көтерген сәт әйел сыбырлап үлгірді:
— Көріскенше, Сүйкімді дос!
Арық ақбоз ат көне күймені орнынан қозғап, шаршау желіспен жөнеп берді.
Үш апта бойы Дюруа әр екі-үш күн сайын бірде таңертең, кейде кешқұрым Марель ханымды өз бөлмесінде қабылдап тұрды.
Бір күні күндіз Дюруа тағы оны күтіп отырғанда, баспалдақтан естілген қатты дауыс еріксіз оны есікке жақындатты. Жас бала жылады. Артынша еркектің ашулы даусы шықты:
— Үй, сайтанның баласы, неменеге жылай береді?
— Өй, ана жоғарыдағы журналшыға келіп жүрген оңбаған қатын баспалдақта отырған біздің Николаны қағып құлатып кетті. Мен ондай жүргіш қатындарды табалдырығымнан аттатпас едім,
Дюруа түршігіп кейін шегініп кетті, — әйелдің асығыс аяқ басысы, көйлегінің тез-тез қозғалған дабыры құлағына шалынды.
Артынша ол жауып үлгірген есік қағылды. Ол ашқан сәт бөлмеге аптыққан, ызаланған Марель ханым жүгіріп кірді.
— Сен естідің бе? — деді зорға тіл қатып. Ол түк білмегенсіді.
— Жоқ, не қылды?
— Мені олардың қалай қорлағанын естімедің бе?
— Кім?
— Астыңғы қабатта тұратын оңбағандар.
— Жоқ, естімедім. Не болды, айтшы!
Айтудың орнына ол жылап жіберді. Ол әйелдің қалпағын шешті, корсетін ағытты, төсекке жатқызып, екі шекесін дымқыл орамалмен ысқылады. Әйел ызадан тұншықты. Алайда ызасы тарқаған соң, енді әйел ашуға мінді.
Енді астыңғы қабатқа дәл қазір бар да, быт-шытын шығар, өлтір деп талап ете бастады.
— Олар жұмысшылар ғой, дөрекі халық, — деді Дюруа. — Ойласаңшы, өйтсек, соттасуға тура келеді, сені танып қоюы да, қамап қоюы да мүмкін, — онда сен құрисың. Одан да мұндай адамдармен байланыспағанымыз жақсы.
Енді әйел басқаны уайымдай бастады.
— Қалай істейміз? Мен мұнда бұдан кейін келе алмаймын.
— Е, ол оп-оңай, — деді Дюруа, — мен басқа үйді жалдаймын.
— Иә, — деді әйел күбірлеп. — Бірақ ол өте ұзақ қой. — Кенет оның басына бір ой келе қалды. — Жо-жо, тоқта, тыңдашы, — деді бірден байсалды бола қалып, — мен амалын таптым, сен басыңды ештемеге қатырма, бәрін маған жібер. Ертең таңертең мен саған көгілдір қағаз жіберем.
"Көгілдір қағаз" деп әйел қалалық жеделхатты айтып тұрғаны түсінікті еді.
Әзірше Дюруаға айтпаған өз әрекетіне риза болғандықтан, Марель ханым жымия да бастаған-ды. Бүгін ол өзінің құштарлығын айрықша ынтығып көрсетті.
Әйткенмен баспалдақпен түсіп кетіп бара жатқанында, толқығаннан аяғы тәлтіректеп кетті де, қасында келе жатқан сүйіктісінің қолына бар салмағын салып сүйенді.
Екеуі, әйтеуір, ешкімге жолықпады.
Ол кеш тұрды, ертесі сағат он бірде уәделі "көгілдір қағазды" әкеліп бергенде, ол әлі төсекте жатқан болатын.
Қағазды ашып Дюруа:
"Кездесу бүгін бесте. Константинополь, 127. Дюруа ханым жолдаған пәтерді аш де.
Сүйдім, Кло," — дегенді оқыды.
Дәл сағат бесте жалға жиһазымен бөлме берілетін дәу үйдің күзетіне келді.
— Дюруа ханым жалдаған пәтер осында ма? — деп сұрады күзетшіден.
— Иә, мырза, осында.
— Мені сонда алып барыңызшы!
Мұндай аса сақтықты қажет ететін жағдайға күзетші, сірә, әбден үйренген болу керек, бір топ кілттің ішінен қажеттісін іздеп жатып, оның бетіне зер сала қарады.
— Сіз Дюруа мырзасыз ба?
— Әрине.
Бірнеше секунттен соң Дюруа төменгі қабаттағы күзеттің қарсысына орналасқан екі бөлмелі шағын пәтердің табалдырығынан аттады.
Қабырғаларына шұбар түсқағаз ұстаған қонақ бөлмеге жасыл матамен қаптап, сарымен әдемілеген қызыл ағаштан жасалған жиһаз қойылыпты. Жерге астындағы еденнің ағашы табаныңа білінетін жұқа гүлді кілем төселіпті.
Шағын жатын бөлменің төрттен үшін кереуеттің бір өзі толтырыпты, күдікті дақтары бар мамық көрпе жауып, көгілдір матадан істелген шымылдықпен қалқаланған төсек түкпірдегі бір қанатты түгел алып жатыр.
Пәтер Дюруаның көңілінен шықпады, оны уайым биледі, "Бұл пәтердің ақысына менің шашым жетпейді, — деді ол бірден. — Тағы қарызға белшемнен батуға тура келеді. Оның мынасы тым ақылсыздық болды".
Сол сәт есік ашылды да, жібектерін судырлатып, құшағын айқара ашқан Клотильда алқына атылып кірді. Шаттығында шек жоқ.
— Қандай ыңғайлы, айтшы, ыңғайлы ғой? Ешқайда көтерілудің қажеті жоқ, — көшеден келген бойда кіресің де кетесің, астыңғы қабат. Терезеден түсіп, терезеден шығып кетуге де болады, тіпті күзетші де көрмейді. Екеумізге бұл ара қандай жақсы!
Ол әйелді салқын ғана сүйді, миын қажап тұрған сұрақты оған қалай қоярын білмеді.
Клотильда ортада тұрған дөңгелек үстелге дәу пакетті апарып қойды. Аузын ашып, ішінен сабын, бір құты иіс су, жұмсақ дене ысқыш, бір қорап шаш түйрегіш, бәтінкенің ілгегін, ылғи маңдайына түсіп бой бермейтін шашын қайырып қоятын кішкене қысқыштарды алып шықты.
Жаңа қонысқа келіп жатқаны, әр затқа лайық орын іздегені оны қатты қуантты.
Жәшіктерді орнынан жылжытып жатып та ол тоқтамай сөйлеумен болды:
— Қалай қалай емес, мұнда біраз ішкиім де әкеліп қою керек, киім ауыстыру қажет боп қалуы мүмкін. Сөйткен өте ыңғайлы болады. Мәселен, мен көшеде жауынға тап болып қалсам, жүгіріп кеп осында кептірініп алам. Әрқайсымызда бір-бірден кілт болады, үшіншісін күзетшіге беріп қоямыз, өзіміздікін ұмытып кеткен жағдайда керек болады. Мен мұны үш айға жалдадым. Әрине, сенің атыңа. Мен енді өз атымды айта алмаймын ғой?
— Қашан төлеу керегін маған айтып қоятын шығарсың? — деді ақыры Дюруа ретін тауып.
— Бәрі төленген, жаным! — деді әйел жайбарақат қана.
— Онда мен сенің қарыздарың болдым ғой? — деп, Дюруа қазбалай түсті.
— Е, жоға, жаным. Сенің бұған еш қатысың жоқ, әншейін менің кішкентай еркелігім ғана.
Ол ашуланған сиық танытты.
— Жо, сен мені кешір! Мен ондайға жол бермеймін.
Әйел жаныңа келіп, екі иығыңа алақанын салып жалбарына қарады:
— Жорж, өтінем сенен, осы кішкентай ұяның менікі, тек менікі екенін сезіну маған сондайлық рақат, соншалық рақат! Ол сенің көңіліңе келмейді ғой? Солай емес пе? Біздің махаббатымызға деген менің бұл сыйым болсыншы! Айтшы, келістім деші, Жорж, сүйкімдім менің, айтшы!
Әйел жанарымен, ернінің сүйкелісімен, бүкіл тұла бойымен жалынды.
Ол ұзақ жалындырды, қарсылығын бет әлпетімен білдірді, бірақ ақырында көнді: жан түкпірінде өзі осыны әділдік санады.
Әйел үйден шығып кеткен соң, қолын сүртіп тұрып Дюруа: "Дегенмен қандай сүйкімді әйел!" — деді күбірлеп. Дәл бүгін ол туралы мұндай пікірге неге келгенін ол қазбалап ойламауға тырысты.
Бірер күннен кейін ол тағы "көгілдір қағаз" алды:
"Бүгін кешке бір жарым айлық тексеру жұмысынан кейін күйеуім үйге оралады. Апта бойы көрісе алмаймыз. Сағыныштан сарғаямыз-ау, сүйкімдім менің!
Сендік Кло".
Дюруа ұйқыдан оянғандай болды. Оның күйеуі бары тарс есінен шығып кетіпті. Қызық, бір рет болса да оның өзін көру керек еді, тым құрыса түрі-түсін білу үшін!
Күйеуінің кетуін ол шыдамдылықпен күтті, бірақ соның өзінде екі кеш Фоли-Бержерге барып үлгерді, екі ретінде де Рашель оны сол арадан өзіне алып кетті.
Тағы бір күні "Бүгін бесте. Кло" деген үш сөз ғана жазылған жеделхат қолына тиді.
Кездесуге екеуі де уақытынан ерте келді. Құштарлықтың лапылдаған қызуымен құшағына тығылып жатып, әйел оның бет-аузынан түк қоймай сүйгілеп шықты да:
— Қазір бір-бірімізден тоят ап біткен соң, сен мені бір жерге тамақтандыруға алып бар, жарай ма? — деді. — Енді мен еркіңдемін.
Жаңа ай енді ғана басталған кез болатын жалақысын күні бұрын алып ап, Дюруа әркімнен сұрап қарызбен ғана күн көріп жүрген-ді, бірақ дәл бүгін күтпеген жерде қалтасына ақша түсіп қалған болатын, соған азды-көпті әйел үшін шығындануға мүмкіндігі болғанына қуанып қалды.
— Әрине, жаным, қалағаның болсын, — деді.
Жетіге таман екеуі сыртқы бульварға шықты. Оның қолына бар салмағымен асылып тұрып, әйел құлағына сыбырлады:
— Сенімен қолтықтасып қыдырғанды менің қалай жақсы көретінімді білсең ғой, сенің қасымда келе жатқаныңды сезіну қандай рақат!
— Латюлюға барсақ, ұнай ма саған? — деді Дюруа.
— Жоқ, — деді әйел оған қарсылық білдіріп, — .ол ара тым сән-салтанатты. — Мен қарапайым әрі көңілді отыратын жерлерді ұнатам, мәселен, қызметкерлер мен жүмысшылар баратын мейрамхана болса. Шағын қабақтарды жақсы көрем! О-о, егер қаланың сыртына шығып кете алсақ қой!
Қаланың бұл оралымынан Дюруа ондай лайықты ештеңе таба алмады, сондықтан екеуі бульвар бойымен, қашан көздеріне тамақ ішуге арналған шағын залы бар шарап дүкені түскенше ұзақ қыдырды. Әскерилермен отырған екі жалаңбас қызды Клотильда терезеден байқап қалды.
Ұзын жіңішке бөлменің түкпірінде үш арбакеш және орындыққа шалқая отырып, қолын ышқырындағы белдікке тығып алып будақтата темекі тартқан ұсқыны күдік шақыратын біреу тамақтанып отыр екен. Әлгінің күртесін түрлі-түрлі дақтардың мұражайы деуге болатындай. Оның адамның қарнына ұқсап томпиған қалтасынан бөтелкенің мойны, бір үзім нан, газетке ораған әлдене және жіп арқанның" шеті қылтиып тұр. Қалың, бұйра, ұйпа-тұйпа шашы кірден салтақ-салтақ болып кетіпті, қалпағы үстелдің астында еденде жатыр.
Әдемі киінген әйелдің кіріп келуі отырғандарға тосын әсер етті. Жалаңбас қыздар жым болды, арбакештер таласуын тоқтата қойды, ұсқыны күдікті еркек темекісін түкіріп тастап ақырын мойнын бұрды.
Мұнда бәрі жарасымды! — деді Клотильда сыбыр етіп. — Риза боп шығатынымызға мен сенімдімін. Келесі жолы жұмысшыға ұқсап киініп келем.
Гарсон апыл-ғұпыл сүртіп үлгірген май-май беті жап-жалтыр, төгілген сырадан сатал-сатал ағаш үстелге кеп әйел еш қымсынбастан, титтей де жиіркенбестен отыра кетті. Ептеп ыңғайсызданып қысылған Дюруа сопақ қалпағын қайда қоярын білмеді. Ақыры ілетін жер таппаған соң, орындықтың үстіне тастай салды.
Қой етінен жасалған рагу, жиго және сәй әкелінді.
— Мен осындай тағамдарды ұнатам, — деді Клотильда. — Менің талғамым тым асқақ емес. Маған ағылшын кафесінен гөрі осы ара ұнайды. - Содан кейін. — Егер мені шын рақатқа бөлегің келсе, онда билейтін залы бар дүкенге апар, — дегенді тағы қосып қойды. Осы араға жақын маңайда қызықты біреуі бар, "Аппақ корольше" деп аталады.
— Оған сені кім алып барды? — деді Дюруа таңданып.
Бетіне жалт қарап, әйелдің қып-қызыл боп кеткенін байқады, өте бір ішкіл жағдайын еске түсірген тосын сұрақ, сірә, оны абыржытқан болу керек. Әдетте әйелдердің тым аз ғана уақытын алатын және ол жайында тек жорамалдауға ғана болатын сәл толқудан кейін:
— Достарымның бірі, — деп жауап берді. Аз үнсіздіктен кейін оған — Ол өліп қалды, — дегенді қосты.
Шынымен-ақ уайымдаған адамның кейпімен көзін төмен салды.
Дәл осы сәт Дюруанын есіне оның өткен өмірі жайлы ештеңе де білмейтіні түсті. Ашыналары болғандығында сөз жоқ, бірақ қандай ашына, қай ортадан? Оның бойында бұлдыр қызғаныш, бәлкім, жек көру, әйел жайында білмейтіндерінің бәріне, оның жүрегінде, өмірінде бұған қатысы жоқтың барлығына деген жек көру сезімі оянғандай болды. Дәл қазіргі сәтте, бәлкім, мұнан басқа біреуді немесе біреулерді ойлап қалған әйелдің басындағы құпияларды білгісі келіп, ол оның бетіне ызалы қарады. Әйелдің есінде қалғандардың бәрін ақтарып қарап, бәрін біліп, бәрін анықтап алғысы келді-ау сонда!
— Қалай, "Аппақ корольшеге" барамыз ба? — деді әйел қайталап. — Мен үшін үлкен мереке болар еді.
"Е-ей, оның өткенінде менің не жұмысым бар! Ондай бір түкке тұрмайтын нәрсеге бола көңіл күйімді бұзу ақымақтық қой!" — деп ойлады да, жымия жауап берді:
— Әрине, барамыз, қымбаттым.
Көшеге шыққан соң, әлдебір жасырын нәрсені айтатын адамша Марель оның құлағына құпиялап сыбырлады:
Осы уақытқа дейін мен осыны саған айта алмай келдім. Мұндай әйелдер баруға ыңғайсыз саналатын жерлерге менің бойдақ қыдырыстар жасауды қаншалық жақсы көретінімді сен елестете алмайсың. Карнавал кезінде мен мектеп оқушысынша киініп алам. Ондай киіммен мен өте өзгеше көрінем.
Би залына кіріп келген кезде, шошына, бірақ риза кейіппен әйел оған тығыла түсіп, сондағы сутенерлер мен сатылғыш әйелдерге көз алмай қошемет қыла қарады. Алпамсадай әрі қыбыр етпей тұрған полицейдің бейнесін Марель Дюруага әлсін-әлсін көрсетіп; бір қауіп төне қалса, бізге қорған болады дегендей: "Қарашы, тұрқының өзі-ақ көңіліңе сенім береді", — деп қояды. ІІІирек сағаттан кейін әйел бәрінен жалықты, Дюруа оны үйіне дейін шығарып салды.
Бұдан кейін де олар қарапайым халық демалатын бұл бұзақы жерге бірнеше рет жорық жасады. Сонан кейін мұндай қаңғыбас серілердің өмірі ашынасына аса қатты ұнайтындығына Дюруаның көзі жетті.
Кездесуге Клотильда үстіне жай мата көйлек, басына күлдіргі спектакльдерде ойнайтын қылжақбас үй күтуші әйелдердікіндей тақия киіп келді. Киген кәстөмі жарасымдылығымен, қонымды қарапайымдылығымен ерекше көрінетін, бірақ Дюруаның сонша қарсы болғанына қарамастан, білезігін, жүзігін, гауһар сырғасын — бәрін тағынып алды, сондағы бар айтқан себебі:
— Түк те емес! Бәрі әншейін тау хрусталі екен деп қалады, — деу ғана болды.
Осындай маскарадты өте сәтті деп тауып (түйеқұстан бетер тығылып жүргеніне қарамастан), Клотильда жаманаты кең жайылып кеткен орындарға да барып көрді.
Дюруаға жұмысшыларша киініп ал деп өтінді, оның бірақ өзінің қымбат мейрамханалардың тұрақты қонағына лайық кәстөмінен айырылғысы келмеді, оның тіпті сопақ қалпағын жалпақ шләпіге де айырбастағысы жоқ-ты. Еркектің бір мойындығын жеңе алмаған соң:
— Мейлі, мені жұрт, азар болса, ақсүйек жігіт айналдырып жүрген жақсы үйдің күтушісі екен деп ойлар, — деп, Марель өзін-өзі жұбатқан болды.
Бұл комедия оны нағыз рақатқа бөледі.
Олар шарап сататын арзан дүкеннің темекі түтіні торлаған тар түкпіріне барып, ескі ағаш үстелдің қасындағы сауытаяқ орындықтарға отырды.
Түстен кейін желдетілмегендіктен, қуырған балықтың иісі сіңген қышқыл түтін бөлмені бұлтша торлап алыпты. Кең мол жейделі еркектер стақандарындағысын асықпай сораптайды. Өзгелерден оқшау көрінген екеуіне таңдана қарап, гарсон олардың алдына екі рөмке шие шарабын әкеп қойды.
Бір жағынан дірілдеп, қорқып, екінші жағынан өзін бақытты сезінген Марель отты жанарымен жан-жағына жалтақтай отырып, қызыл шырынды аз-аздан ғана ұрттап ішті. Ол шиені әр ұрттаған сайын өзін бір қылмыс жасап отырған адамдай сезінді, дәмді әрі өңешті күйдіріп өтетін ішімдіктің әр тамшысы тыйым салынған ұятты бір нәрсені істеп отырғандай, оның құмарын қандырды.
Біраздан кейін естілер-естілмес дауыспен:
— Бұл арадан кетейікші, — деді.
Екеуі ол арадан да кетті. Басын төмен түсіріп, сахнадан шығып бара жатқан актрисаша үстелдерде шынтақтай жатқан мастардың ара-арасымен Марель тез-тез басып сыртқа беттеді, мастар оны жақтырмаған әрі одан сақтанған көзқараспен шығарып салды. Табалдырықтан аттай бере қатерлі қауіптен құтылған адамша, үһ деп демін алды.
Бір кезде тұла бойы қалтырап тұрып қасындағы серігінен:
— Осындай бір жерде біреулер мені қорлап мазақ қылса, сен не істер едің? — деп сұрады. Оған ол жауап қайырды:
— Не істеуші ем, сені қорғау қолымнан келер еді!
Оның жауабына риза болған әйел қолын қысып-қысып қойды, бәлкім, іштей біреулер өзіне тиісіп, өзін олардан қорғап сүйікті жігіті солармен төбелессе екен деп те тіледі ме екен, кім біледі.
Алайда аптасына екі-үш рет қайталанып тұратын мұндай қыдырыстар Дюруаны жалықтыра бастады, оның үстіне әр жолы арбакеш пен сусынға жұмсайтын жарты луидор табу да бұған тым қиынға айналды.
Оның тұрмысы нашар болатын, теміржол басқармасында істеп жүргендегісінен де тым төмен еді, себебі журналшылық қызметіне орналасқаннан кейін алғашқы айларда, әне-міне мол ақша табам деп жүріп, ақшаны ол қисапсыз көп жұмсап жіберген-ді, ақырында барлық мүмкіндігін тауысып, ақша табудың бар жолын қиып тастаған болатын.
Ең қарапайым әдіс саналатын кассадан қарыз ала тұрудың өзі ол үшін қазір еш мүмкін емес-ті, өйткені төрт айлық жалақысын және жолма-жол аударма үшін алты жүз франкты алдын ала тағы алып қойған-ды. Форестьеге жүз франк қарыз, әмияны елдің бәріне ашық тұратын Жак Ривальға үш жүз, оның сыртында абырой әпермейтін біреуге бес, біреуге жиырма франктан ұсақ-түйек қарыздары тағы бар.
Тағы жүз франкты бір жерден қақшып алатын айла таба ма деп, Сен-Потеннен ақыл сұрап еді, ойлап таппайтыны жоқ оның өзі де түк таппады. Содан Дюруаның ішінде кедейлікке деген ыза-кегі бас көтеріп, кедейліктен ол бұрынғыдан бетер қорлық көре бастаған-ды, себебі оның тұрмыс қажеттілігі де бұрынғыдан көбейе бастаған болатын. Ішін тырнаған ашу, бүкіл әлемге деген ыза-кек оның бойында күн сайын өршіп келе жатты. Ол сәт сайын не болса соған, тіпті түкке тұрмайтын титтей нәрсеге де ренжи салатын болды.
Ол өзіне бір сұрақты жиі қояды: ай сайын орташа есеппен неге оның шығыны мың франк шамасында болады да тұрады, ол ешқандай сән-салтанат та, бап тілейтін әрекет те жасап жүрген жоқ қой? Әйткенмен қарапайым есептің өзі мынандай: лайықты мейрамханадағы таңертеңгі ас сегіз франк, түскі ас — он екі, осының өзі-ақ бір луидор болады; оған енді судан бетер саусағының арасынан сусып ағып кететін қалта қаражатына он франкты қосыңыз, — сонда барлығының жиынтығы отыз франк болады. Күніне отыз франк дегенің — айына тоғыз жүз франк деген сөз. Ал бұл әлі сырт және іш киімің, аяқ киімің, кір жуудың, тағы басқалар кірмей тұрғандағысы ғана.
Міне, сөйтіп, ол он төртінші желтоқсанда қалтасында бір су да ақшасы жоқ тақыр кедей болды да қалды, қарыз алатындай жерді, басын қанша қатырып ойласа да, таппады.
Бұрын да талай сөйткеніндей, енді ол таңертеңгі астан бас тартуға мәжбүр болды; жарылып кетердей ызаланып, уайымдап, күні бойы саралқадан шықпады.
Сағат төрт шамасында ол ашынасынан "көгілдір қағаз" алды: "Бірге тамақтанғың келе ме? Артынан бір жаққа зытамыз".
Ол қолма-қол жауап берді: "Тамақтану мүмкін емес". Артынша онымен бірге өткізетін тәтті сәттерден бас тартудың ақымақтық болатынын ойлап: "Сағат тоғызда сені өз пәтерімізде күтем", — дегенді қосып қойды.
Жеделхатты жіберуге шығынданбау үшін, ол тілхатты қағаз тасушының бірінен беріп жіберді де, тамаққа қайдан ақша табуды ойлап кетті.
Сағат сегіз болды, ал ол әлі ештеме ойлап тапқан жоқ. Аштықтан оның таңдайы тарта бастады. Кенет оны амалы жоқтықтың тәуекелі биледі. Күтіп отырып, бірге істейтіндердің бәрі кеткен соң, ол қоңырауды басты. Есік күзетте тұрған адам тез жетіп келді.
Дюруа абыржып қалталарын ақтарып жатты.
— Қап, Фукар, көріп тұрсың ғой, — деді асып-сасып, — әмиянымды үйге тастап кетіппін, ал маған қазір Люксембург бағына барып тамақтану керек. Маған арбакешке төлейтін елу су қарызға бере тұршы.
Қалтасынан үш франк шығарып тұрып, есіккүзет:
— Басқа ештеңе керегі жоқ па, Дюруа мырза? — деп сұрады.
— Жоқ, жоқ, жетеді! Үлкен рахмет!
Күміс теңгелерді қағып алып, Дюруа баспалдақтан жүгіріп түсті. Жоқшылық күндері аш қарнын талай жұбатқан асханаға барып тамақтанды.
Сағат тоғызда ашық пештің алдында аяғын қыздырып шағын қонақ бөлмеде ашынасын күтіп отырды.
Аяздан екі беті қызара бөртіп, ашынасы үйге көңілді, жайраңдап кірді.
— Әуелі қыдырып қайтуға қалайсың? — деді ол кірген бойда. — Он бірде үйге қайтып келеміз. Күн керемет боп тұр.
— Қойшы, не бар? Үйде де жаман емес қой, — деді бұртиып.
— Айдын қалай әдемі боп тұрғанын көрсең ғой сен! — деді Клотильда қалпағын әлі шешпей. — Мұндай кеште қыдыру қандай рақат.
— Рақат болса рақат шығар, бірақ менің қыдыруға құлқым жоқ.
Оның жанары ызалы жалт етті. Клотильда таңданып, ренжіп қалды.
— Саған не болды? — деді түсінбей. — Даусың неғып қатқыл? Менің қыдырғым келіп тұр, сенің неге ашуланғаныңды түсінбеймін.
Дюруа орнынан ыршып тұрды.
— Мен ашуланған жоқпын! — деді қызына айқайлап. — Мені мұндай тірлік жалықтырды. Бар болғаны сол ғана!
Марель ханым қиқарлықты ұнатпайтын, ал дөрекілік жынын келтіретін.
— Мен мұндай дауыс көтеріп сөйлеуге дағдыланған емеспін, — деді салқын үнмен Дюруаға жеккөре қарап. — Мен жалғыз өзім-ақ барам. Қош бол!
Жағдайдың күрт шиеленісіп бара жатқанын сезе қойып, Дюруа ұшып түрегеп әйелдің қолын сүйді.
— Кешір, қымбаттым, кешір! — деді міңгірлеп. — Бұған сіркем су көтермей, көңіл күйім жоқ. Жұмыста жайсыз жағдайлар боп, сан түрлі реніштен сансырап біттім, тегі...
— Ода менің жұмысым жоқ, — деді әйел әуелгісінен сәл жуасыңқырап, бірақ әлі де ренішін баса алмай. — Ашуыңды менен алғаныңның қажеті жоқ.
Ол әйелді құшақтап диванның қасына алып келді.
Кішкентайым менің, сені ренжітейін дегем жоқ. Ойланбай айтып қалыппын.
Диванға күштеп отырғызып, әйелдің алдына кеп тізесін бүкті.
— Кешірдің бе мені? Айтшы, кешірдім деші!
— Жарайды, бірақ бұдан кейін мұндай нәрсе қайталанбайтын болсын. — Салқын тіл қатқан күйі әйел диваннан түрегеп кетті. — Қазір енді кыдырып қайтайық.
Дюруа тізерлеген қалпы әйелді аяғынан құшақтап:
— Өтінем, осында болайықшы! — деді міңгірлеп. — Жалынам, жаным. Осы жолы менің тілегімді берші. Бүгінгі кешті сенімен оңаша, ашық пештің алдында өткізгім келеді. "Мақұл", — деші, жалынам саған, "мақұл", — деші!
— Жоқ, — деді әйел бұл жолы қатқыл үнмен анықтап тұрып. — Менің қыдырғым келіп тұр, сенің қыңырлығыңа көнейін деп тұрғам жоқ.
— Жалынам саған, — деді Дюруа қайталай өтініп, — менің себебім бар, өте маңызды себеп...
— Жоқ, — деді әйел де қайталап, — бармасаң, өз еркің, мен жалғыз өзім барам. Қош бол.
Жұлқынып Дюруадан босанып алды да, әйел есікке қарай беттеді. Ол да тұра сап әйелді құшақтай алды.
— Кло, тыңдашы мені! Менің кішкентайым Кло, осы жолы көнші...
Әйел басын шайқап, сүйгізбей бетін алып қашып, құшағынан шығып кетпек боп жұлқынды.
— Кло, менің кішкентайым Кло, менің бір себебім бар.
Әйел тынши қап, оның бетіне тіке қарады.
— Сен өтірік айтасың... Қандай себеп?
Ол қып-қызыл боп кетті. Не айтарын білмеді.
— Сенің өтірік айтқаныңды көріп тұрмын... Жексұрын! — деді Клотильда кіжіне ашуланып.
Көзіне жас алып қатты жұлқынған әйел оның қолынан шығып кетті.
Әйтеуір, ажырасып кетпеудің амалын ойлап, әбден қалтыраған ол бәрін де мойындауға тәуекел етіп, әйелді тағы да иығынан тартып ұстап қалды да, өкінішпен үн қатты:
— Менің қалтамда бірде-бір су қалмады... Міне!
Әйел бұрылып, шындықты оқығысы келіп оның көзіне қарады.
— Не дедің?
Ол шашының түбіне дейін қызарып кетті.
— Менің қалтамда бірде-бір су қалмады. Түсіндің бе? Бірде-бір франк, тіпті, жарты франк та қалған жоқ, егер біз кафеге кірсек, бір рөмке ликерге де төлей алмас едім. Сен мені осыншалық қорлайтын нәрселерді мойындауға да мәжбүр етіп тұрсың. Сенімен бірге барып, үстелге бірге отырып, әрнені сұрастырып, артынан түк болмағандай, менің түк те ақшам жоқ деуім керек пе сонда...
Әйел әлі де оған тіктеп қарап тұрған.
— Солай де,.. демек, шын ғой бұл?
Дюруа сол сәт шалбарының да, пиджагы мен жекетінің де қалтасын теріс айналдырып көрсетті.
— Ал қалай ...енді ризасың ба? — деді тістене сөйлеп.
Әйел құшағын жайып, мойнына асыла кетті:
— О, менің байғұс балақайым!.. Байғұс балақайым менің... Мен оны қайдан білейін! Қалайша бүйтіп қалдың?
Оны диванға жайғастырып, өзі оның тізесіне отырды да, мойнынан екі қолымен орай құшақтап алып, мұртынан, ернінен, көзінен кезек-кезек сүйіп, мұндай бақытсыздыққа қалай душар болып қалғанын сұрады.
Дюруа оны толқытатындай оқиға ойлап тапты. Оған әкесін қиын жағдайдан құтқару қажет болады. Ол оған бүкіл жиған-тергенін түгел беріп, тағы оның үстіне талайларға қарыз болады.
— Аз дегенде жарты жыл аш жүруіме тура келеді, өйткені бар мүмкіндігімді тауысып біттім, — деп түсіндірді ол. — Жарайды, ештеңе етпес, өмірде бәрі де бола береді. Қалай дегенде де ақшаға бола таусылуға болмас.
— Мен қарыз берсем, аласың ба? — деді әйел құлағына сыбырлап.
— Менің кішкентайым, сен өте ақкөңілсің, — деді ол еркекке лайық мінез танытып, — бірақ сенен сұрайтыным, енді екеуміз бұл жайында әңгіме қылмайық. Бұл — мені қорлайтын әңгіме.
Әйел үндемей қалды.
— Менің сені қаншалық сүйетінімді сен, тіпті, елестете де алмайсың! — деді әйел бір сәттен кейін-ақ оны құшағына қысып, сыбырлап.
Сол кеш екеуінің махаббатының ең жақсы кеші болды.
Кетіп бара жатып әйел жігітке жымия қарады:
— Сенің жағдайындағы адамға қалтасынан әлдебір қалтарыста қалып қойған ақша ма, тиын ба, әйтеуір бірдеме тауып алғаннан артық не бар дейсің. Солай емес пе?
— Әрине, солай! — дегеннің қалай аузынан шығып кеткенін ол байқамай қалды.
Дала өте тамаша болып тұр дегенді сылтауратып, олар үйге жаяу қайтуды ұйғарды. Жол бойы екеуі аспандағы айды тамашалаумен болды.
Салқын ашық кеш болатын, — мұндай кештер қыстың басқы кезінде ғана болады.
Жұмсақ аяздың қыспағынан қашқан адамдар мен аттар жөңкіліп барады. Бізөкшелер аяқжолға тық-тық қадалады.
— Қалай қарайсың, бүрсігүні жолығайық па? — деді әйел қоштасар кезде.
— Жарайды, әрине.
— Сол сағатта ма?
— Сол сағатта.
— Көріскенше, қымбаттым.
Екеуі елжірей сүйісті.
Жағдайдан қалай шығып, ертең не істеу керегін ойлап, ол үйге қарай жылдам-жылдам басып келе жатты. Кенет өз бөлмесінің есігін ашып жатып, желетінің қалтасынан сіріңке іздеймін деп, саусағы онда жатқан қатты теңгеге тиген кезде, түкке түсіне алмай қатты таңғалды.
Сіріңкені жағып, теңгені шығарып алып? — :оны әбден аударыстыра қарады. Жиырма франктық алтын екен!
Есім ауысып кеткен жоқ па өзі деп таңғалды ол.
Теңгені ары да, бері де аударып қарады, қандай құдіреттің күшімен қалтасынан шыққанын түк түсіне алмады. Оның аспаннан түсуі еш мүмкін емес қой!
Ақыры ол тапқандай болды да, соған ыза боп жыны келді. Дәл бүгін ғана ашынасы кейде қалтаңның қалтарысында ақша қалып қойып, соны қиын жағдайда тауып аласың деп тұрған. Яғни оның бұған қайыр-садақа бергені ғой. Қандай қорлық!
Ол боқтап та жіберді.
— Жарайды! Бүрсігүні мен оған көресіні көрсетейін! Ол менің қасымда бір ширек сағатын көңілді өткізер!
Ол әрі ашуланған, әрі қорланған қалпы жатып қалды.
Ертесі кеш оянды. Қарны қатты ашыпты. Екіден бұрын оянғысы келмей, қайтадан ұйықтап қалмақ болды. Болмаған соң өзін-өзі қайрады.
— Бұл болмайды, мен қайткен күнде де ақша табуым керек.
Көшеге шықсам, басыма бір жақсы ой кіре ме деген үмітпен Дюруа далаға шықты.
Ақыры түк те ойлап таппады, мейрамханалардың қасынан өткенде, қайта сілекейі ағып мазасын алды. Түс кезінде ақыры бір шешімге келді: "Жарайды, мына жиырма франктың біразын жұмсайын. Қалғанын ертең Клотильдаға қайтарамын".
Сыраханаға кіріп Дюруа екі жарым франк жұмсады. Газет саралқасына келіп, есіккүзетке үш франкын қайтарып берді.
— Фукар, мә, мынау кеше арбакешке деп сенен алған ақшам.
Ол жетіге дейін жұмыс істеді. Сонан соң тамақтануға барып, тағы үш франк жұмсады. Кешкісін ішкен екі сыра оның күндік шығынын тоғыз франк отыз сантимге жеткізді.
Бір тәуліктің ішінде несиені толтыру немесе жаңа тіршілік көзін табу ақылға сыймайтын нәрсе еді, сондықтан ертесі оған кешкісін қайтарып берем деген жиырма франктың тағы алты жарымын жұмсауға тура келді, сонымен, ол кездесуге келген кезде, қалтасында төрт франк жиырма сантим ғана қалған-ды.
Ол жүз жын қысқандай қатты ашулы еді, бұл жолы ашынасымен ашық сөйлесуге өзіне-өзі уәде берді. Ол оған былай демек болды: "Сен қалтама салып кеткен жиырма франкты мен тауып алдым. Мен оны бүгін саған қайтарып бере алмаймын, себебі менің жағдайым әлі жақсара қойған жоқ және де ақша мәселесімен айналысуға менің уақытым да бола қойған жоқ. Бірақ келесі жолы мен қарызыңды сөзсіз қайтарып беремін".
Кірген бойда әйел оған жылы, жасқана, жағына көз тастады. Мені қалай қарсы алады дегені білініп тұр. Тілдесуді тездеткісі келмей, Дюруаны әдейі ұзақ сүйді.
Ал ол болса: "Мен әлі айтып үлгірермін. Тек соған сылтау табуым керек", — деп ойлады.
Ақыры ол еш сылтау тапқан жоқ және ештеме де айтқан жоқ: сол бір секемді әңгімені бастауға батылы бармады.
Әйел де қыдыру жайлы түк демеді, оны тек ынтықтырумен болды.
Олар түн жарымда ғана айырылысты, Марель қатарынан шақырылып қойған екі-үш жерге қонаққа баратын болғандықтан, келесі аптаның сәрсенбісінде жолығысатын боп келісті.
Ертесі Жорж Дюруа мейрамханадан тамақтанды, есептейін деп қалтасында қалған төрт теңгені алып еді, төрт теңгенің орнына бес теңге шықты және оның біреуі алтын екен.
Әуелгіде ол қайырма ақшаға қосып жаңарақта қате беріп қойған екен деп ойлады да, артынан бәрін түсіне қойды, түсінген бойда жүрегі атқалақтап қоя берді, — мына қыр соңынан қалмай қойған қайыр оны соншалық қатты қорлаған еді.
Оған со жолы түк айтпағанына қазір қатты өкінді. Онымен қатқылдау сөйлескенінде ғой, мына масқарашылық болмайтын еді.
Төрт күн бойы ол сан рет және барлық ретінде де нәтижесіз әрекет жасап бес луидор таба алмады да, ақыры Клотильданың екінші луидорын да жеп тынды.
Осыдан кейін алғаш жолыққанда-ақ ол: "Бұл сиқырыңды тоқтатпасаң, мен саған оңбай ашуланып жүрермін", — деп қорқытқанымен, әйел қулығын асырып, шалбарының қалтасына тағы жиырма франк салып кетті.
Оны тауып алған Дюруа: "О, жын соққан!" — деді күбірлеп, бірақ оның бір сантимі де қалмаған еді, сондықтан оңайда тұрсын деп, оны желетінің қалтасына сап қойды.
"Мен мұның бәрін бір-ақ қайтарамын, — деді ол өз ұятын өзі мәймөңкелей жұбатып. — Қазір бәрін қарызға алып жатырмын".
Оның өлердегі сөзін айтқан өтінішіне ақыры жібіп, кассир оған күніне бес франктан беріп тұруға келісті.
Ол тек тамағына ғана жететін, ал енді ұзын саны алпыс франкқа жеткен қарызды қайтару жағын ойлаудың өзі мүмкін емес еді.
Клотильда сол екі арада Париждің түнгі қуыстарын аралап қыдыратын әдетіне тағы басты, қауіп-қатерлі сол қыдырыстардан кейін бірде қалтасынан, бірде бәтіңкесінен, тіпті кейде сағат қорабының ішінен алтын ақша тауып ала бергесін, Дюруа оған ашуланбайтын болды.
Қазір өзі әйелдің қалауын таба алмаған соң, оған ренжудің орнына, соның бәріне әйелің өзі ақша төлеп жатса, онда тұрған не бар, оған бұл неге ренжуге тиіс?
Әйткенмен ол әйтеуір бір толық қайтарып берермін деген дәмемен әйелден алған ақшасын есептеп жүрді.
Бір күні кешкісін әйел оған:
— Білесің бе, мен Фоли-Бержерде бірде-бір рет болмаппын. Барайық па? — деді.
Дюруа қипақтап қалды: ол Рашельмен жолығып қалам ба деп қорықты. Бірақ со сәтте: "Ештеңесі жоқ! Түптеп келгенде, ол менің әйелім емес қой. Көрсе көрер, істің мәнін түсінер де үндемес. Оның үстіне біз ложада боламыз ғой", — деп те ойлады.
Оның бұған келісуінде бұдан басқа да бір себеп бар-ды. Марель ханымға ешбір ақша төлеместен-ақ театрдың ложасын ұсынудың сәті келіп тұр еді. Оның өзі мұның тарапынан оған көрсеткен сыйға-сый болатын еді.
Клотильданы Дюруа күйме ішінде қалдырып, билетке өзі ғана барды, — тегін кіретінін ол оған білдіргісі келмеді, — сонан соң қайта келіп, екеуі еңкейіп амандасқан билет тексерушілердің ортасынан өтті.
Өтетін жол ығы-жығы көпшілік. Олар еркектер мен өзін саудалайтын әйелдердің арасынан қысылысып зорға өтті. Ақыры оларды театрдың тып-тыныш партері мен улап-шулаған жоғарғы қабатының арасына кіргізіп жауып қойды.
Марель ханым сахнаға көз салған да жоқ, — оның бар есіл-дерті ложаның арт жағында қыдырыстап жүрген қыздарда болды. Ол қайта-қайта бұрылып, әрбіріне зер сала қарап, солармен жанасқысы келіп, кеуделеріндегі киімдерін, бет-жүзін, шаштарын ұстап көріп, сол жұмбақ жандардың неден жасалғандарын білгісі келіп отырды.
Күтпеген жағдайда кенет Дюруаға тіл қатты:
— Әне бір қара шашты әйел кешке дейін бізге қарай береді. Тіпті мен бірдеме айтқысы келіп тұр ма деп қалдым. Сен байқадың ба?
— Жоқ, саған солай көрінген шығар, — деді ол қарсылық білдіріп.
Бірақ ол оны бағана байқаған. Ол Рашель болатын, — ол бұлардың ложасының қасынан талай рет өтті, жанарынан ызалы от ұшқындап, тілінен боқтау сөз ағытылып кеткелі зорға тұр.
Дюруа жаңа ғана сығылысқан топтың арасымен өтіп келе жатқанда онымен кездесіп қалған, ол ақырын ғана: "Сәлеметсің бе?" — деген, оның қуланып сығырая қалған көз жанары "түсіндім" дегенді аңғартқан, алайда ашынасынан қорыққан бұл оның сәлемдескеніне жауап қатпастан, басын жоғары көтерген күйі ернін қымқыра тістеп қасынан паңдана өтіп кеткен. Бұлдыр қызғаныштың қот-қотымен қыз бұларды артынан қуа келіп, мұны иығымен қағып қалып, бұл жолы қатты дауыстап:
— Сәлемет пе, Жорж! — деді.
Бұл тағы үндемеген. Содан кейін қайткенде де өзін бұған танытқысы келіп не иіліп сәлемдестірем деген оймен ол соның сәтін күтіп ложаның арт жағында жүрді де қойды.
Марель ханымның өзіне қарап отырғанын байқап, ол Дюруаға жақын келіп иығынан қақты:
— Сәлеметпісің! Жағдайың қалай?
Дюруа бұрылып та қарамады.
— Сен немене, бейсенбіден бері керең болып қалғансың ба?
Бұл оған ешқандай жауап бермеді, — өзінің жақтырмай отырған кейпімен анандай мақұлыққа қандай да бір сөз айтуды өз беделіне нұқсан деп санайтынын айқын аңғартып еді.
Рашель ызалы мысқылмен қарқылдап тұрып күлді.
— Сен тағы да мылқау боп қалғансың ба? — деп тақымдады. — Қасыңдағы әйел емес пе тіліңді тістеп алған?
Дюруа қолын шыдамсыздана сілтеп қалды.
— Менімен сөйлесетіндей сіз кімсіз? — деп, долдана ашуланды.
— Кетіңіз, әйтпесе мен сізді ұстатып жіберем.
— А, солай ма? — Көзінен от шашырап, ызадан булыққан Рашель бажылдай жөнелді. — Аһ, оңбаған! Қойныма жаттың ба — енді ең құрығанда бас изеп амандаспайсың ба. Қазір басқа біреумен жүрсең, сонда немене, мені енді танымауың керек пе? Қасыңнан мен өтіп бара жатқанда, бас изей салсаң болды ғой, онда сенің мазаңды алмайтын едім. Бірақ сен мені менсінбей өттің ғой мұрныңды шүйіріп! Менімен өйтіп қылжақтама! Мен саған достық сыйымды көрсетермін! Саған сол керек! Сен тіпті менімен жолыққанда амандаспадың да ғой...
Ол әлі ұзақ бақырар ма еді, бірақ Марель ханым ложаның есігін ашып, сығылысқан жұртты итере-митере тұра қашты да, шығар есікті таба алмай ары жүгірді, бері жүгірді.
Дюруа оның артынан қуа шықты.
Олардың қашып құтылғанын көрген Рашель мәз боп айқайлады:
— Ұстаңдар ана әйелді! Ұстаңдар! Ол менің ашынамды ұрлап алды!
Көпшіліктің ішінен күлкі естілді. Екі еркек қызық үшін қашып бара жатқан әйелді иығынан тартып ұстап ап, былайырақ әкетіп сүйіп алмақ та болды. Бірақ Дюруа қуып жетіп, әйелді қолдарынан жұлып ап көшеге алып шықты.
Марель кіреберісте тұрған бос күймеге секіріп мінді. Дюруа да артынша қарғып мініп, арбакештің: "Мырза, қайда барамыз?" — деген сұрағына: "Қайда болса да", — деп қалды.
Күйме орнынан ақырын қозғалып, Клотильда бетін екі қолымен жауып алды, — ол есі ауып қалған адам сияқтанды: оған ауа жетіспей, тұншығып бара жатты. Дюруа не істерін, не дерін білмеді. Ақырында әйелдің жылағанын естіп, бірдемені міңгірлеген болды:
— Тыңдашы, Кло, менің кішкентайым Кло, маған түсіндіруге мүмкіндік берші! Менің кінәм жоқ... Мен бұл әйелмен баяғыда жолыққам...онда мен енді ғана ...
Клотильда қолын бетінен жұлқына жұлып алды, оны сүйген, алданған әйелдің ызасы, ыза болғанда да долы ызасы булықтырып, содан тағы да тілге келген әйел тез-тез, үзіп-үзіп, ентіге әрең сөйледі:
— Аһ, оңбаған...оңбаған... Не деген малғұндық! Мұндай болам деп ойлаппын ба... Қандай масқара! Құдай-ай, қандай масқара!..
Ақыл-есі өзіне оралған сайын, Дюруаның жаңа кінәлері есіне түскен сайын әйелдің ашуы да бірте-бірте өрши түскен еді.
— Сен оған менің ақшамнан төледің ғой, ә? Мен сонда саған ақшаны... сол қыз үшін берген екем ғой... Аһ, жексұрын!..
Бірер секунд аралығында жанға қатты бататындай сөз іздеп, бірақ соны таба алмаған адамша аңырып тұрып қап, кенет бетіне түкіріп жіберетін кісіше:
— Аһ, шошқа, шошқа, шошқа! — деді былш еткізіп. — Сен оған менің ақшамнан төледің ғой... Шошқа, шошқа!
Басқа сөз аузына түспей, әйел соны қайталай берді:
— Шошқа, шошқа...
Кенет терезеден басын шығарып, арбакешті қолынан шап берді:
— Тоқта! — деп айқай салды.
Есікті ашып, далаға ытқып шықты. Жорж артынан қуа шықпақ болды.
— Мен саған күймеден шығуға тыйым салам! — деп қатты айқайлағаны соншалық, сол сәтте-ақ оның төңірегіне жұртшылық жиналып қалды.
Жанжалдан қорыққандықтан, Дюруа тырп етпеді.
Әйел қалтасынан әмиянын шығарып, көше шамының жарығында екі жарым франк санап алды да, соны арбакешке ұсынып тұрып, долылық буған дауыспен үзіп-үзіп зорға сөйледі:
— Мәңіз... алыңыз... Мен жылап тұрмын. Мына құйыршықты Батиниольге, Бурсо көшесіне апарып тастаңыз.
Қоршаған жұрттың біразы жырқ-жырқ күлді.
— Жарайсың, келіншек! — деді ішіндегі бір мырза.
Көшенің тентек бір баласы күйменің басқышына секіріп шығып, терезеден ішке басын сұғып, ышқына айқай салды:
— Биби, бақытты сапар!
Еріккендердің қарқылдаған күлкісін көміп күйме орнынан қозғалды.
VI
Ертесі Жорж Дюруа көңілсіз оянды.
Асықпай киініп, терезенің алдына келіп отырды да ойға шомды. Кеше әбден таяқ жеген кісіше, өзінің быт-шыты шығып отырғанын сезді.
Ақыры ақшасыздық амалын құртып, ол енді Форестьеге келді.
Досы өз кабинетінде ашық пешке аяғын қыздырып отыр екен.
— Саған таң атпастан тыным бермей жүрген не нәрсе?
— Маңызды шаруа. Ар-намыстың ісі.
— Қартаға қатысты ма?
— Қартаға қатысты, — деп құптады Дюруа біраз толқудан кейін.
— Көп пе?
— Бес жүз франк!
Ол тек екі жүз сексен ғана қарыз болатын.
— Кімге қарызданып жүрсің? — Форестье бетіне сенімсіздеу қарады.
Дюруа бірден жауап бере алмай қалды.
— Мырзаға... мырзаға... Карлевил мырзаға.
— А-а! Ол қайда тұрады?
— Көшесі... көшесі...
Форестье қарқылдап күліп жіберді:
— Барда-Жоқ көшесінде ме, немене? Білем мен ондай мырзаны. Былай, сүйкімдім менің: солай болуға тиіс, мен саған әлі жиырма франк қарыз бере алам, бірақ сен одан артық сұрама.
Дюруа одан алтын ақша алды. Содан кейін ол өзінің барлық танысын шетінен ақтап шықты, содан кешкі беске таман оның қалтасына сексен франк жиналды.
Оған әлі екі жүз жетпейтін, бірақ ол осымен доғаруды ұйғарды, жинаған ақшасын тығып жатып: "Түкіргенім бар ма, со немеге бола қанымды қарайтып қайтем?! Ақшам қай кезде болса, со кезде берермін".
Ол өзін мықтап қолға алды: бақандай екі апта бойы өзіне-өзі барлық жағынан қатаң тыйым салып, тәртіпті әрі ізгілікті өмір сүрді. Содан кейін оны махаббат ашқарақтығы тағы биледі. Ол өзін бірнеше жыл бойы әйел құшақтамаған адамдай сезіне бастады, жерді көргенде ішкен-жегенін ұмытып кететін теңізшідей, әрбір көйлектіні көрген сайын көзін ала алмай дымы құритын болды.
Содан бір күні кешкісін Рашель жолығып қала ма деген дәмемен Фоли-Бержерге қарай аяңдады. Рашель бүкіл уақытын осы мекемеде өткізетін, сондықтан Дюруа оны кірген бойда-ақ байқады.
Ол оған күлімсірей жақындап, амандасқалы қолын соза берді. Рашель оған бастан-аяқ көз жүгірте қарады.
— Сізге не керек?
Ол күлуге тырысып тыраштанды.
— Жарайды-жарайды, жәдігөйленбей-ақ қой.
Рашель одан теріс қарап кетті.
— Мен альфонсаларды5 танымаймын.
Әйел мұның намысына аса қатты тиетін қорлау айтқысы келді, Дюруа өзінің бетіне қан теуіп бара жатқанын сезді. Фоли-Бержерден ол жалғыз шықты.
Газет саралқасында оның өмірін аурушаң, қалтыраған, үзбей жөтелетін Форестье-ақ улап бітті: ол бұл үшін ең бір аса ыңғайсыз тапсырмаларды әдейі ойлап табатын сияқты. Бір күні ұзақ жөтел бұған сәттен кейін, Дюруадан қажетті мәліметтерді ала алмаған ол қатты мазасы кеткен минутте күңк ете қалды:
— Шайтан алғыр, сен мүлде мен ойлағаннан да бетер мисыз екенсің.
Дюруа оның бетінен салып жіберуге сәл-ақ қалды, алайда, әйтеуір, өзін-өзі ұстап қалды, бірақ шығып бара жатып тістене күбірледі:
— Тұра тұр, әлі осыңды алдыңа келтірермін.
Кенет бір ой басына сап ете қалды.
— Мен әлі сенің әйеліңді азғырам, достым, — дегенді қосып қойды.
Соған өзіне-өзі риза болған күйі шығып кетті.
Ол өзінің осы ойын тездетіп жүзеге асыру қажет деп тапты. Соның ертесінде-ақ барлау жүргізу үшін, Форестье ханымға аттанды.
Ол диванда кітап оқып жатыр екен.
Бұл келгенде ол орнынан тұрған жоқ, тек мойнын бұра қарап қолын созды.
— Сәлеметсіз бе, Сүйкімді дос, — деді.
Ол өзін дәл бір шапалақ жеген адамдай сезінді.
— Сіз мені неге олай атайсыз?
— Өткен аптада мен Марель ханымды көргем, сізді солай атайтынын маған сол айтты, — деді әйел күлімсірей жауап беріп.
Форестье ханымның сыпайы даусы оны сабасына түсірді. Е, оның, тегі, қорқатындай да несі бар?
— Сіз оны еркелетеді екенсіз! — деді әйел әңгімесін жалғастырып. — Ал маған жылына бір-ақ рет келесіз, онда да уәде бойынша немесе сондай бір жағдайда ғана.
Ол отырып жатып, ерекше бір ынтамен, таңдап үйренген адамның ынтасымен әйелге сынай қарады. Әдемі сары шашты әйел әдейі еркелету үшін ғана жаралғандай еді. "Бұл, сөз жоқ, анаған қарағанда әлдеқайда әдемі", — деп ойлады Дюруа. Ол өзінің оны көндіре алатынына күмән келтірмеді, қолын тигізсе болды, ол өзі-ақ піскен жемісше алақанына топ ете түсетіндей көрінді.
— Менің сізге келмеген себебім сол, солай істегенім дұрыс болды, — деді ол нық сеніммен сөйлеп.
Әйел оны түсінбей қалды.
— Қалай? Неге?
— Неге? Сіз соны да аңғармай тұрсыз ба?
— Жоқ, шын айтам.
— Өйткені мен сізді сүйіп қалдым... о, онша да көп емес, аздап қана... сізге жан-тәніммен біржола ғашық болғым келмеді.
Әйел, тіпті, таңданбаған да, намыстанбаған да, масаттанбаған да тәрізді. Сол баяғы салқын жымиысынан жазбай жайбарақат қана жауап берді:
— Жарайды, қалай болғанда да маған келіп тұруға болады. Мені ұзақ уақыт сүйіп қалуға болмайды.
Оны әйелдің сөзінен гөрі даусы таңғалдырды.
— Неге?
— Өйткені ол бос әурешілік, мен оны бірден-ақ ашып айтайын. Егер сіз өз қаупіңізді бұрын ашып айтқаныңызда, онда мен сізді сабаңызға түсіріп, қайта жиі-жиі келіп тұруға кеңес берер едім.
— Біз өз сөзімізге өзіміз не бола алушы ма едік! — деп Дюруа даурыға айқайлап жіберді.
— Қымбатты достым! Ғашық еркек мен үшін жоқ еркек. Ол ақымақ болып кетеді, оның үстіне ол өте қауіпті. Маған ғашық болып қалғандармен немесе ғашық боп қалғанситындармен мен барлық қатынасымды үзем, себебі, біріншіден, олар мені жалықтырып жібереді, ал, екіншіден, мен олардан кез келген уақытта бас салатын құтырған иттен қорыққандай қорқам. Мен оларды қашан құлантаза жазылғанға дейін әдептіліктің тыйымымен ұстаймын. Осыны есіңізде сақтаңыз. Махаббаттың сіздер үшін әлдебір аштық сияқты нәрсе екенін мен өте жақсы білемін, ал мен үшін ол... еркектер сене қоймайтын бір рухани байланыс секілді. Сіздер оның іске айналған түр-түрімен қанағаттанасыздар, ал маған оның рухы керек. Қане... менің көзіме тура қараңызшы...
Әйел енді күлімсіреген жоқ. Салқын, сабырлы қалыппен әйел әр сөзін шегелей жалғастырды:
— Мен ешқашан, — естисіз бе? — ешқашан сіздің ашынаңыз болмаймын. Қайтсем де көндірем деп ұмтылудан пайда жоқ, қайта сіз үшін зиянды. Ал енді... бұл әрекеттен кейін... сіз екеуміз дос болып, дос болғанда да ниеттес дос болып қала аламыз, тек бірақ шынайы, басқа арам ойы жоқ дос боламыз. Келісесіз бе?
Бұл үкімнің тиянақты екенін және ендігі құлшыныс-ұмтылысының бәрі бекер болатынын түсініп, ол өз халін мойындады, алайда, екінші жағынан, өзіне мынандай одақтас тапқанына шаттанғанынан оған екі қолын бірдей ұсынды.
— Өзіңіз қалай қолайлы көрсеңіз, солай маған иелік ете беріңіз.
Дюруаның даусы шын пейілін сездіріп тұрғандай көрінді, әйел сондықтан қолын алды.
Ол оның қолдарын бірінен кейін бірін сүйді де, жанарын жүзіне аударып тұрып, шын жүректен шыққан ойын аңғартты:
— Құдай атымен ант етейін, егер мен дәл сіздей әйелді кездестірсем, мен оған шексіз қуанышпен үйленген болар ем!
Дюруаның бұл жолғы әйел жүрегіне жол таба алатындай қошемет қолпашы Форестье ханымды елжірете толқытты, ол Дюруаға жылдам ғана жаутаң етіп ризашылықпен қарады, ол қарасы кез келген еркекті күл етіп алатындай қарас еді.
Дюруаның қажетті әңгіменің тақырыбын таба алмай дағдарып тұрғанын көріп, әйел оның иығына қолын салып, еркелете сөйледі:
— Мен енді достық міндетімді атқаруға кірісемін. Сіз аңқаусыз-ау, досым...
Әйел мүдіріп қалды.
— Мен сізбен ашық сөйлесе алам ба, өзі?
— Әрине.
— Мүлдем бе?
— Мүлдем.
— Онда былай. Сіз Вальтер ханымға арнайы барып жолығыңызшы, — ол сіз туралы өте жоғары пікірде, — барып ұнауға тырысып көріңізші. Ол әйел аса орнықты адам болғанмен, — естіп тұрсыз ба? — Өте орнықты болса да, сіздің қошемет-қолпашыңыз сол арада орынды болады. Әйткенмен... бас-көз жоқ шабуылдау онда да табысқа жеткізбейді. Бірақ пайдалы әсер ете алсаңыз, онда көп нәрсеге қол жеткізе аласыз. Газет саралқасында сіздің әлі жұпыны ғана жағдайда жүргеніңіз маған белгілі. Сіз ешқандай қысылмаңыз: олар қызметкерлерінің бәрін бірдей жылы қарсы алады. Мені тыңдап, сол әйелге барып көріңізші.
— Сізге рахмет, — деді ол күлімсіреп, — сіз періштесіз, менің қорғаушы періштем.
Содан кейін әңгіме басқа арнаға ауысып кетті.
Оның қасында болудың бұған қаншалықты қымбат екенін байқатқысы келіп, ол әйелдің жанында ұзақ отырды. Кетер кезде ол әйелден тағы пысықтап сұрады:
— Сонымен, шештік қой: біз дос боламыз ба?
— Иә, шештік.
Форестье ханымға әсер еткенін байқап, соны күшейте түспек оймен Дюруа былай деді:
— Егер сіз күндердің-күнінде жесір бола қалсаңыз, онда мен өзімді үміткерлікке ұсынамын.
Соны айтты да, әйел ашуланып үлгіргенше әдейі тез-тез тағзым етті де, шыға жөнелді.
Дюруа арнайы барып Вальтер ханыммен жолығуға ұялды: өйткені ол мұны ешқашан үйіне шақырмаған-ды, сондықтан әдейі жабысып жүрген адам боп көрінгісі келмеді. Әйткенмен бастығы бұған іш тарта қарап, қызметкері ретінде бағалайтын, көп ретте бұған жауапты тапсырмаларды жүктейтін, — оның үйіне бару үшін неге енді сол жағдайды пайдаланбасқа?
Содан бір күні ол таңертең тұрған соң базарға барды да, он франкқа таңдап тұрып жиырма тал алмұрт сатып алды. Алыс елден әкелінген ұқсатып оларды себетке әдемілеп салып, сонан соң оны Вальтердің үйіне әкеліп, есіккүзетке өздерек кәртішкесін қалдырып, оған былай деп жазды:
"Жорж Дюруа,
Бүгін Нормандиядан келген мына жемістерді Вальтер ханымның қабыл алуын бас иіп өтінемін".
Келесі күні ол газет саралқасындағы өзінің пошта жәшігінен Вальтер ханымның конвертке салынған өздерек кәртішкесін тапты, онда Жорж Дюруа мырзаға ыстық ықыласпен алғыс айтып, өзінің "қабылдау күні сенбі" екенін құлақтандырыпты.
Сонымен, алдыңғы сенбіде Дюруа Вальтер ханымдікіне арнайы келді.
Вальтер Мальзербе бульварындағы өзінің жекеменшік үйінде тұратын, өмірдің қыр-сырын білетін адам болғандықтан, үйінің бір бөлігін біреулерге жалға беріп қоятын. Шіркеу қызметкеріндей сұсты, алтын түймелі, қызыл жағалы зерленген сырт киімді, жуан балтырын қысып тұратын ақ шұлықты, екі кіреберістің ортасына орналасқан жалғыз есіккүзет есік ашты, оның осылай орналасуы қожайын мен тұрғындарға, бүкіл үйге ақсүйектік салтанат беріп тұрғандай.
Екінші қабаттағы қонақ бөлмеге гобелендермен қапталған дәліз бен перде ұсталған есіктер арқылы өту керек екен. Онда екі малай орындық үстінде қалғып отырды. Оның бірі Дюруаның пәлтөсін алды, екіншісі асатаяғын алып, есікті ашты да, сәл ілгерілеп барып, мұның бос залға өтіп кетуіне жол берді.
Дюруа дағдарып жан-жағына қарады, кенет айнадан өте алыста отырған сияқты бірнеше адамның бейнесін байқап қалды. Алғашында ол басқа жақта жүріпті - оны адастырған айна еді, содан соң бос тұрған екі залдан өтіп, бір кішігірім әйел бөлмесіне тап болды, бөлме іші сарғалдақ суретті көгілдір жібекпен қапталыпты, онда шай жасаулы дөңгелек үстелді айнала төрт әйел ақырын әңгімелесіп отыр екен.
Астаналық өмір мен әсіресе алуан түрлі атақтылармен үнемі табыстырып отыратын Дюруаның тілшілік мамандығы оны өзін емін-еркін ұстауға әдеттендірген-ді, алайда мынандай сән-салтанатты жерге тап келіп, тырс еткен тірі жан жоқ залдардан өтіп, ол сәл абыржыңқырап қалды.
— Құрметті ханым! Мен өзім... — деді көзімен отанасын іздеп.
Вальтер ханым оған қолын ұсынды. Дюруа белін еңкейе бүгіп оның қолын алды.
— Сіздің келгеніңіз мен үшін өте құрметті, — деді Вальтер ханым оның креслоға отыруын нұсқап. Әуелде тым биік көрінген креслоға отырып еді, Дюруа оның ішіне көміліп кеткендей көрінді.
Бір сәт үнсіздік орнап қалды. Ақыры оны бір әйел бұзды. Ол өте суық болып кеткенін, бірақ әлі іш сүзегінің нәубеті тоқталатындай суық еместігін, егер солай болса, онда кәнки тебуге мүмкін болатынын әңгіме етті. Сол-ақ екен барлық әйел Париждің суығы жайында өз пікірін білдіруді міндет санады, сондай-ақ жылдың қай мезгілі жақсы екенін сөз етіп, оны дәлелдеу үшін бөлмеге шөгіп қалатын, шаң тәрізді адамның басына да қонып қалатын, айта-айта әлдеқашан ығыр болған себептерді айтып кетісті.
Есік естілер-естілмес сықыр етті. Дюруа жалт қарады, сынап қосылған әйнектің екі арасынан кіріп келе жатқан толық әйелге көзі түсті. Ол әйел бөлмесіне келіп кірген кезде, отырған әйелдердің бірі орнынан тұрып, барлығының қолын алды да, үн-түнсіз шығып кетті, Дюруа моншақтарын жалтылдатып бос залдардан өтіп бара жатқан әлгі қара киінген әйелді көзімен шығарып салды.
Қонақтардың бірі келіп, бірі кетіп жатқанынан туған әсерлер басылған соң, кенет әңгіменің ауаны осыған дейінгімен еш байланыспайтын Мароккодағы оқиғалар жайына, Шығыстағы соғыс пен Англияның Оңтүстік Африкадағы қиыншылықтарына ауысты да кетті.
Сол мәселелерді қозғап отырған, әйелдер сахнада қойыла-қойыла сірі болған комедияда ойнап отырғандай және әрқайсысы өз рөлін жатқа білетіндей болып көрінді.
Тағы бір жаңа қонақ келді: кішкентай ғана сары бұйра шаш әйел, соның артынша-ақ әйел бөлмесінен қартаңдау ұзын арық әйел шығып кетті.
Лине жайында әңгіме қозғасты, оның академик болуға қандай мүмкіндіктері бар екендігі сөз болды. Жаңа келген қонақ оны Дон Кихоттың өлеңмен жазылған сахналық нұсқасын жасаған Кабонон-Леба жеңіп кеткендігіне нық сенім білдірді.
— Білесіздер ме, Одеон қыста оны сахнаға қоюға әзірлеп жатыр!
— Солай ма? Сөзсіз барып көрем, — ол нағыз көркем өнер.
Вальтер ханымның даусы бірқалыпты, сыпайы әрі селқостау шықты: ол айтар сөзін ойланып жатпайтын, — әрқашан тек даяр пікірлерді ғана айта салатын.
Әйел бөлмесі қараңғы бола бастады. Вальтер ханым малайды шақырып, шамдарды жағуды бұйырды, бірақ ол оған тамаққа шақыру кәртішкесін литографияға бастыруды ұмытып кеткенін ойлауға да және сонымен қабат әйелдердің бұлақ сылдырындай толассыз естіліп жатқан әңгімелеріне құлақ түруге де кедергі бола қойған жоқ.
Ептеп тола бастаған, бірақ әлі де болса тартымдылығын жоғалта қоймаған Вальтер ханым әйелдер үшін қауіпті саналатын қайту мезгілі жақындап қалған жаста еді. Мұқият күтініп, сақтану шараларын жасап, денесінің тазалығын қадағалап, әр түрлі жағатын және сүртетін нәрселерді пайдалана білгендігінен ғана ол өзін осылай сақтай алған-ды. Ол орнықты адам боп көрінетін, — ақылды, парасатты әйелдердің бірі секілді еді, оның ішкі жан дүниесі күтіп бапталған француз бағын елестететін. Ол бақ сізді тосын ештеңесімен таңғалдырмайды, алайда сонысының өзінде өзіндік әдемілік бар. Көкірек керудің орнына көзбояушылығы жоқ байқампаз, ұстамды ақылы басым-тын; оның кімді де болса алаламайтын қайырымдылығы, үйірсектігі әрі мейірімділігі сезіліп тұратын.
Дюруаның аузынан әлі бір де сөз шығармай отырғаны және онымен ешкімнің әңгімелесе қоймағаны, сондықтан оның ыңғайсызданып отырғаны — бәрі оның назарынан тыс қалмады. Ақырында әйелдердің әлі Академиядан аузы босамай, өздері жетік білетін жайттан басқаға ауыса алмай отырғандықтарын пайдаланып, ол жас жігітке сұрақ қоя көңіл аударды:
— Дюруа мырза, ал сіз қалай ойлайсыз, — бұл жайында сіздің мағлұматыңыз кімдікінен болса да мол болуға тиіс қой?
— Мен, ханым, мұндай жағдайда әркімнің әрқашанда күдікті атағына емес, одан гөрі үміткерлердің жасына және денсаулығына көбірек мән беремін, — деді Дюруа ойланбастан. — Мен олардың атқарған істерінен гөрі бұрын қандай аурумен ауырғандығы жайында анықтама жинаған болар едім. Мен олардан Лопе де Веганың өлеңдерін аударуды талап етпес едім, бірақ бауырының, жүрегінің, бүйрегінің және жұлынының қандай күйде екендігінен хабардар болар едім. Менің ойымша, жүректің үлкеюі, қант ауруы немесе одан кем соқпайтын бұлшық еттің жансыздана бастауы сияқты аурулардың мәселесі жабайы халықтардың поэзиясындағы патриоттық сарындар туралы жазылған көптомдықтардан әлдеқайда тиімді.
Оның сөзін бәрі таңғалған тыныштықпен қарсы алды.
— Неге? — деп сұрады Вальтер ханым күлімсіреп.
— Өйткені мен әр жерде және әрқашан әйелдерге не ұнаса, соны табуға тырысам, — деп жауап берді ол. — Академия деген, ханым, сіздің назарыңызды тек академиктердің бірі қайтыс болғанда ғана аударады. О дүниеге олардың неғұрлым көбі аттанса, сізге соғұрлым жайлы болуы тиіс. Ал олар тезірек өлу үшін, аурулар мен кәрілерді таңдау керек.
Шамасы, оның не айтпағын әйелдер аңғармаған сияқты, сондықтан Дюруа өз ойын түсіндіре кеткенді жөн санады:
— Ашып айтқанда, әлдебір академик қайтпас сапарға аттанып кетіпті дегенді Париж хроникасынан оқуға мен де құштармын. Сол сәтте-ақ мен бірден өзіме: "Енді мұның орнына кім болар екен?" — деген сұрақ қоям. Сөйтем де, оның орнына үміткерлерді белгілей бастаймын. Бұл — ойын, ойың болғанда да тамаша ойын, — өлмейтіндердің арасынан біреу өлген соң, Париж салондарының бәрінде де сол ойынды — "қырық қарт пен өлім ойынын" — ойнайды.
Әлі де аң-таң боп отырған әйелдер тек күлімсіреумен тынды, — алайда бәрі де оның дәл байқағыштығын бағаламай отыра алмады.
— Оларды, сүйкімді ханымдар, сіздер таңдайсыздар, — деді ол орнынан түрегеле бере қорытындылап, — оларды тек тезірек өлулері үшін таңдайсыздар. Кәрілерді, ең кәрілерді, тіпті қаусаған кәрілерді таңдаңыздар, ал қалғандарынан қам жемей-ақ қойыңыздар.
Сонан соң бәріне әдемілеп тағзым жасады да, Дюруа шығып кетті.
— Қызық жігіт екен, — деді бір әйел ол шығып кете салысымен. — Кім өзі?
— Біздің қызметкер, — деп жауап берді Вальтер ханым. — Қазірше оған газеттің ұсақ шаруалары жүктеліп жүр, бірақ көп ұзамай оның жоғарылайтынына күмәнім жоқ.
Көңілді, өзіне-өзі риза Дюруа Мальзербе бульварының бойымен билей басып келе жатып, мұрнынан ғана: "Жаман бастама емес",— деп міңгір етті.
Кешкісін ол Рашельмен татуласты.
Келесі аптада айтулы екі оқиға болды: ол хроника бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды және оны Вальтер ханым тамақтануға шақырды. Бұл оқиғаларда қандай байланыс барын ол қиналмай-ақ аңғарды.
Баспасөз бен депутаттық атақ сүйреуші күш ретінде қажет болған коммерсант Вальтер үшін "Француз өмірі" де ең алдымен коммерциялық мекеме болатын. Үнемі ақ көңіл, емен-жарқын адамның кейпімен аңқаусып жүріп, ол өзінің алуан түрлі мақсаты үшін бұған дейін өзі тексерген, тамырын басып көрген, анықтап білген, оралымды, табанды әрі епті деп санаған адамдарды ғана пайдаланатын. Дюруаны да бақылай жүріп, бұл жас жігіт хрониканы басқаруда алдына жан салмас деген қорытындыға келген.
Бұған дейін хрониканы саралқа хатшысы, қарт журналшы, ісін дәл атқаратын, тілалғыш, шенеунік ретінде жуас Буаренар жүргізіп келген-ді. Отыз жыл бойы ол он бір түрлі газетке хатшы болып, соның ешқайсысында да өзінің ойлау жүйесі мен істеу жүйесін ешқашан өзгерткен емес. Ол бір саралқадан екіншісіне, бір мейрамханадан екіншісіне тамақтарының басқаша екеніне де зер салмастан бара беретін адамдай ауыса берген-ді. Саясат пен дін мәселесі оны қызықтырмайтын. Ол газетте қорыққанынан емес, ұятымен қызмет жасайтын, қай газетте де өз білімі мен қымбат тәжірибесін аямайтын. Ол ештеңені көрмейтін соқырша, ештеңені естімейтін саңырауша, ешқашан ештеңе айтпайтын мылқауша жұмыс істейді. Маман ретінде адалдығымен айрықшалана тұрып, ол сонымен қабат журналшылық этикасы бойынша адал, ниеті дұрыс әрі игі деуге келмейтіндей әрекеттерге өлтірсең де бармайтын.
Қожайын оны бағалағанмен де, бәрібір газеттің қақ жүрегі саналатын хрониканы кімге берсем екен дегенді жиі ойлайтын. Себебі жаңалықтарды жариялап, өсектерді тарататын, биржа мен көпшілікке әсер ететін дәп хроника бөлімі ғой. Ақсүйектердің көңіл көтеруіне арналған екі мақаланың арасында ғана күтпеген жағдайда әлдебір маңызды нәрсені қыстырып жібере білу керек қой — тіпті, айтудың да қажеті жоқ, ишараласаң да жетіп жатыр. Әр жолдың арасында ой айта білу керек, өсектің өзін шынға бергісіз боп шыға келетіндей етіп терістеме жазу керек, тұжырымдағанда да оқиғаның шын екендігіне бәрі де күмәнденіп тұратындай етіп беру керек. Хроника бөлімін әркім одан күн сайын өзіне қажетті ең құрығанда бір жол мәлімет тауып отыратындай қылып жүргізу қажет, сонда хрониканы бәрі де оқитын болады. Бәрін де, бәрі туралы да, қоғамның барлық саласын, барлық мамандықты, Париж бен шет аймақты, армия мен суретшілерді, діндарлар мен университетті, қызметкерлер мен жезөкшелерді де ұмытпау керек.
Ол бөлімнің бастығы, тілшілер батальонының командирі ылғи да сақадай сай, мәңгі сақ, ешкімге сенбейтін, алдағыны болжай білгіш, тапқыр, алғыр, шапшаң болуы керек, зәлім айлалардың бәрін меңгеруі тиіс және жалған мәліметтен шын мәліметті бір сәтте-ақ ажыратып; нені айтып, нені айтпау керегін жаңылмай біліп; қай хабар оқырманға қалай әсер ететінін алдын ала елестете білу үшін, қателеспейтіндей сезімтал болуы керек. Оның үстіне ол бәрін де күшті әсер ететіндей түрде бере білуі керек.
Саралқаларда сан жыл бойы қызмет атқарса да, Буаренардың шеберлігі мен әсер ете білуі әлсіз-тін. Ең бастысы, қожайынның құпия ойларын ылғи да таба білуге оның туа біткен тапқырлығы жетіспейтін.
Дюруа жұмысты тамаша жолға қоя алар еді, Норбер де Варен айтқандай, "Коммерцияның терең суы мен саясаттың таяз суында қалқып келе жатқан" газеттің саралқасына таптырмастай дәл келетін еді.
"Француз өмірінің" нағыз дем берушілері мен сарашылары газет шығарушысы қатысатын немесе жақтайтын шытырман оқиғаларды қолдайтын алты депутат еді. Оларды палатадағылар "Вальтердің шайқасы" деп атайтын және олардың онымен бірлесіп немесе сол арқылы қамтып қалатын мол олжасын қызғанатын да.
Саясат бөлімін Форестье басқаратын, бірақ ол әлгі пысықтардың қолындағы қолбаласы, солардың айтқанын орындаушы ғана еді. Басмақалаларды ол үйінде, өзі айтқандай, "тыныш жағдайда", бірақ солардың нұсқауы бойынша жазатын.
Ал газетке астаналық серпін беру үшін, саралқа әрқайсысының өз саласында атақ-даңқы бар екі жазушыны қызметке тартты: бірі күнделікті көкейкесті тақырыптарға фельетон жазатын Жак Риваль де, екіншісі ақын әрі көркем очерктердің, дәлірек айтқанда, жаңа талапқа сай жазылған әңгімелердің авторы Норбер де Варен болатын.
Сонан соң бесаспап шебер, сатылғыш жазғыштардың тайпасынан арзан бағамен көркемөнердің, музыка мен театрдың сыншылары, сондай-ақ сот туралы жазатын шапқыншы тілшілер теріп алынды. "Алқызыл домино" және "Аппақ алақан" деген лақап аты бар қоғамнан екі әйел ақсүйектердің жаңалығын хабарлап, сән туралы, жоғары қоғамның әдеті жайында, этикет хақында, әдепті сөйлеу жөнінде жазып, ақсүйек әйелдердің шақ-шәлегейін шығаратын.
Осындай сан алуан азықтандырушылар басқарған "Француз өмірі" терең сулар мен таяз суларда жүзетін.
Жаңа тағайындаудың қуанышын көріп те үлгірмей жатып, Дюруа бір бет қатырқа қағаз алды. Онда былай деп жазылыпты: "Вальтер мырза мен Вальтер ханым Жорж Дюруа мырзаны бейсенбі жиырмасыншы қаңтар күні қонақасыға шақырады".
Алғашқы шақырудан кейін тез арада тағы бүйтіп рақымшылық көрсетудің оны қатты қуантқаны соншалық, дәп бір сүйген қызынан келген хаттай ол шақыру қағазын сүйіп-сүйіп алды. Сонан соң күрделі қаржы мәселесін шешу үшін кассашыға келді.
Әдетте хроника бөлімі меңгерушісінің өз бюджеті болады, сол ақшадан ол алғашқы өнімдерін көкөніс сатушыға әкелетін бақшашылар құсап сапалы және сапасы күдікті хабарларын алып келетін тілшілерге төлеуі керек-ті.
Әуелгі кезде Дюруаға айына бір мың екі жүз франк қаржы бөлінді, ол оның айтарлықтай бөлігін өз пайдасына ұстап қалмақ ойда болды.
Кассашы, қиылып сұраған өтінішіне көніп, оған төрт жүз франкты келешекте алуға тиіс ақшасының есебінен берді. Дюруа алғашқыда ол ақшаның екі жүз сексен франкын Марель ханымға салып жіберемін деп берік шешкен еді, артынан есептеп көрсе, қалтасында қалатын жүз жиырма франк істің қанатын кең жайып жүргізуге жетпейді екен, сондықтан қарызын өтеуді кейінгі күндердің біріне қалдырды.
Ол өзінің жаңа орнына екі күн бойы орналасты: барлық саралқа орналасқан үлкен бөлменің ішінде енді оның жеке үстелі және хаттарға арналған жәшігі бар. Бөлменің ол бір бұрышын алса, екіншісін көмірдей қара бұйра шашы қағазға салбыраған Буаренар алады, талай жасқа келіп қалғанына қарамастан, оның шашы әлі ағаратын емес.
Бөлменің ортасындағы ұзын үстел "ұшып-қонған" қызметкерлерге арналған. Әдетте ол отырғыш қызметін атқарады: оның үстіне аяғын салбыратып немесе малдас құрып отырысады. Бірде бес-алты адам осы үстелдің үстіне дөңбекше дөңкиіп отырып алып, бар ықыластарымен билбөке ойнап отырды.
Ол ойынға ақыры Дюруа да құмар боп алды: Сен-Потеннің басшылығымен, соның көрсетулерінің арқасында ол кәдімгідей табыстарға жете бастады.
Форестье күн өткен сайын бірте-бірте нашарлай берді, енді ол бұған өзінің жап-жаңа әдемі, бірақ қара ағаштан жасалған ауыр билбөкесін берді, содан Дюруа қазір салмақты шарды қуатты қолымен тартып қалып, сыбырлап санай бастайды:
— Бір, екі, үш, төрт, бес, алты...
Вальтер ханымдікіне қонақасыға баратын күні ол бірінші рет қатарынан жиырма ұпай жинады. "Сәтті күн, — деп ойлады ол, — бәрінен жолым болып тұр". Билбөкеде ойнай білу "Француз өмірі" саралқасындағы қызметкерлер үшін кәдімгідей бедел-ді.
Киініп үлгеру үшін ол саралқадан ерте шығып кетті. Лондон көшесінің бойында дене бітімі Марель ханымды еске түсіретін аласа бойлы әйел оның алдында кетіп бара жатты. Оның бойы ысынып, жүрегі жиі соққылап кетті. Әлгі әйелге қырынан қарау үшін, ол көшенің қарсы бетіне өтті. Әйел тоқтай қалды, — ол да көшенің қарсы бетіне өтпек. Жоқ, ол қателесіпті. Бойынан ауыр жүк түскендей Дюруа уһ деді.
Ол оңашада жиі дағдаратын болып жүр: онымен жолығысып қалғанда, өзін қалай ұстауы керек? Бас иіп амандасуы керек пе, әлде көрмегенсіп тұра беруі қажет пе?
"Көрмегенсимін", — деп шешті.
Суық еді, шөп басын қырау шалды. Аяқжол шам жарығында құрғақ әрі сұп-сұр боп көрінеді.
Үйге келген соң: "Пәтерді ауыстыратын уақыт жетті, — деп ойлады. — Мұнда тұру маған енді ыңғайсыз". Оның көңілі көтеріңкі еді, үйдің төбесіне шығып жүгіруге де дайын болатын. Терезе мен кереуеттің екі арасында ары-бері адымдай жүріп:
— Бұл не, сәттілік пе? Сәттілік! Әкеме жазуым керек, — деді дауыстап.
Бұл оған сирек жазатын, баласының хаты жол бойындағы, Рузи мен Сенаның кең аңғары көрініп тұратын төбе үстіндегі нормандық шарапхананың иесін үлкен қуанышқа бөлейтін.
Бұл да анда-санда ірі, дірілдеген қолмен жазылған көгілдір конверт алатын, әкесі жіберген сәлемдеме бірде-бір өзгеріссіз былай басталатын:
"Қымбатты балам, осымен саған хабарымды жеткізем, мен және шешең аман-есенбіз Бұрынғыша жүріп-тұрып жатырмыз. Сонымен, саған айтарым мынау..."
Дюруа ауылдың жаңалықтарын, көршілердің бастан кешкендерін, егін егу мен астық жинаудың жайттарын ыстық ықыласпен қабылдайтын.
Шағын айнаның алдында аппақ галстугын байлап тұрып: "Ертең әкеме жазам, — деп ойлады Дюруа. — Бүгін кешке қайда баратынымды білсе ғой, қарт байғұстың жүрегі қақ айырылып кетер еді! Онда қарттың түсіне де кірмейтін тамақтармен сыйлайды ғой мені". Содан кейін әке-шешесінің үйіндегі қаңырап тұрған қонақ бөлменің қасындағы ыс басқан ас үйді, қабырғаға сүйей салған кәстрөлдер, олардың шағылысқан сарғыш жалтырақтары, от алдында аңыздағы адам шошырлық аң құсап отыратын мысыты, уақыт пен төгілген ішімдіктер жалтыратып қойған ағаш үстелді, буы бұрқыраған сорпа құйылған аяқты, екі тақсының ортасында жанып тұрған балауыз шырақты көз алдына елестетті. Сонымен бірге сорпаны аз-аздан сораптап ішіп отырған нағыз шаруа әкесі мен шешесін елестетті. Бұл олардың қарт жүзіндегі әрбір әжімді, қол сілтестері мен қимылдарын түгел білетін. Тіпті, олардың кешкі тамақ кезінде қарама-қарсы отырып алып не туралы әңгімелесетінін де жақсы біледі.
"Қалай болғанда да оларға барып қайту керек", — деп ойлады Дюруа. Сыланып-сипанып біткен соң, ол шамды өшірді де, басқышпен төменге түсті.
Сыртқы бульварда жол бойы оны жезөкшелер қаумалады. Олар мұны төмендетіп, тап бір қорлап тұрғандай, қолын олардан тартып: "Жоламаңдар!" — деді жиіркене жекіп... Бұл жәлептер кім деп ойлайды мұны? Немене, кіммен байланысқалы тұрғандарын білмей ме? Үстіне кигені фрак, ол бай, құрметті, ықпалды кісінікіне қонаққа кетіп барады — осының бәрінен ол бейне айрықша, бұрынғыдан басқаша адамға айналып, бөлек ортадан, орта болғанда да жақсы ортадан шыққан адам болып кеткендей сезімге бөленді.
Ол биік қола шамдар жарық беріп тұрған ауызғы үйге нық басып кірді де, пәлтөсі мен асатаяғын жанына жетіп келген екі малайға үйреншікті қимылмен ұстата салды.
Барлық зал жайнап жарқырап тұр. Вальтер ханым қонақтарды екінші қабаттағы кең залда қабылдады. Ол мұны сүйкімді күлімсіреумен қарсы алды. Бұл өзінен ерте келген екі еркекпен — "Француз өмірінің" бүркеншік сарашылары әрі депутаттар Фирмен мырзамен және Ларош-Матье мырзамен — амандасты. Ларош-Матьенің палатадағы ықпалы аса зор еді, сондықтан газет саралқасында да өте беделді болатын. Кезі келгенде оның міністір болатындығына ешкім де күмәнденбейтін.
Форестье әйелімен кірді, оның адамды еріксіз өзіне қарататын әйелі қызғылт көйлек киіпті. Ол екі депутатпен де тең адамша сөйлесті, — Дюруа үшін ол жаңалық еді. Ларош-Матьемен алды ашық пештің қасында ол баяу дауыспен бес минуттен артық сөйлесті. Шарльдің жүзінен қатты қалжырағандығы байқалады. Соңғы айда ол өте қатты жүдеп кетті, дамылсыз жөтеледі және жаңылмастан: "Қыста оңтүстікке баруға тура келеді", — деп қайталай береді.
Жак Риваль мен Норбер де Варен бірге келді. Біраздан кейін бөлменің түкпіріндегі есік ашылды да, Вальтер бірі әдемі, екіншісі ұсқынсыз екі қызды алып кірді; оның бірі он алтыда, екіншісі он сегізде болатын.
Қожайынның балалары барын Дюруа білетін, бірақ сонда да таңғалды. Біз жолымыз түскелі тұрған алыс елдер туралы қалай ойласақ, ол да бұған дейін қожайынның қыздары туралы солай ойлайтын. Оның үстіне оларды бұл өте кішкентай шығар деп елестететін, ал мына көріп тұрғандары кәдімгідей бойжеткендер. Бұл күтпеген жағдай оны ептеп толқытқан еді.
Бұған таныстырылған соң, апалы-сіңлілі екеуі бірінен кейін бірі бұған қолдарын берді де, сонан соң кішкентай үстелдің қасына отыра кетті, сірә, соларға арналған үстел болу керек, сөйтті де иірген жібек жіпті себеткеге жинай бастады.
Тағы біреулер келуге тиісті. Бір-бірімен ортақ ісі аз, күні бойы әрбірі әр түрлі іс атқарып келген, енді кешкісін басы қосылған адамдарды қонақасы алдында әрқашан кім де болса бастан кешетін айрықша қысылыс сезімі билеп, бәрі үндеспеді.
Не істерін білмеген Дюруа қабырғаға көз сүзіп қарай берді, соны алыстан байқап қалған Вальтер өзі жинаған заттарды ашық мақтау мақсатымен дауыстай сөйледі:
— Сіз менің суреттерімді қарап тұрсыз ба? — Ол "менің" дегенге айрықша мән берді. — Мен қазір сізге оларды көрсетейін.
Қонаққа оларды бүге-шігесіне дейін көрсету үшін, ол қолына шам алды.
— Мұнда пейзаждар, — деді ол.
Ортаға Гильменің үлкен полотносы ілініпті — Нормандиядағы теңіз жағалауының аспанда нажағай жарқылдап тұрған кезі. Төменде — әрпіні орманы және Гильменің қылқаламынан шыққан, көкжиегінде түйе көрінген Алжирдің жазық даласы, — түйесінің аяғы тым ұзын, әлдебір ғажап монумент тәрізді.
Басқа қабырғаға өтіп бара жатып, Вальтер құдды бір салтанатта сөз сөйлеп тұрғандай асқақтата мадақтады:
— Ұлы шеберлер.
Мұнда төрт полотно тұр еді: Жервекстің "Ауруханадағы қабылдау күні", Бастьен-Лепаждың "Егін орағы", Бугроның "Жесірі" мен Жан-Поль Лоранстың "Жазасы". Соңғы суретте шіркеудің қабырғасында "көктердің" отряды атып кеткен вандейлік священник бейнеленіпті.
Келесі қабырғаға жақындаған кезде Вальтердің сабырлы жүзі жылынып сала берді:
— Ал мынау — жеңіл жанр.
Мұнда Жан Бероның "Жоғары мен төмен" атты суреті бәрінен бұрын көзге түсті. Париждік жас қыз кішкене басқыштармен өрге қарай ат сүйреген арбашықпен кетіп барады. Оның басы арбашықтың жоғарғы ашық жағымен деңгейлес тұр, отырғышта отырған еркектер орталарындағы жас қызға ішіп-жеп таңдана әрі жұтына қараса, ал төменде алаңда тұрған еркектер оның аяғына көздерін сүзіп, әрі өкініп, әрі құмарта қарайды.
— Ал қалай? Қызықты ма? Қызық қой? — дегенді қолына шам ұстаған Вальтер күле сөйлеп қайталай берді.
Содан кейін ол Ламбердің "Суға кеткендерді құтқару" дейтін суретіне жарық түсірді.
Ыдыс-аяқты жинап қойған ас үстелдің үстінде отырған кішкентай мысық стақандағы суға түсіп кеткен шыбынға аң-таң боп абыржи қарайды. Тез қимылмен шыбынды қағып алмақ оймен ол алдыңғы аяғын көтеріп те алыпты. Бірақ әлі соған тәуекел ете алмай отыр. Ол әрі-сәрі күйде. Одан әрі не болады?
Вальтер одан кейін Детайдің "Сабақ" дейтін суретін көрсетті: казармадағы солдат бұйра жүнді итке барабан соғуды үйретіп отыр.
— Тапқыр ой! — деді қожайын.
Дюруа да құптап күліп, өзінің сүйсінісін аңғартты:
— Тамаша, тамаша, тама...
Кенет қазір ғана кірген Марель ханымның даусын естіп, үндей алмай қалды.
Қожайын суреттерді көрсетуі мен олардың мазмұнын түсіндіруін жалғастыра берді.
Ол шамының жарығын Морис Лелуардың "Кедергі" аталатын аквареліне түсірді. Көшенің қақ ортасында алпамсадай екі дәу жігіт төбелес шығарып, соған бола күйметақ тоқтап қалыпты. Күйметақтың терезесінен әйелдің әдемі жүзі көрінеді: оның жүзінен шыдамсыздық та, үрей де байқалмайды... керек десеңіз, ол екі жыртқыштың жекпе-жегіне қызыға қарайды.
— Менің суреттерім басқа бөлмелерде де бар, — деп мәлімдеді Вальтер, — тек ондағылар әлі жалпы жұртқа танымал бола қоймаған, әлі белгісіздеу суретшілердікі. Ал мына арада менің "Шаршы залым" бар. Қазіргі кезде мен жастардың, тым жастардың шығармаларын сатып алудамын, әзірше оларды мен артқы бөлмеде келешек үшін сақтаймын, қашан олардың атағы шыққанға дейін күтемін. Дәл қазір суреттерді сатып алудың ең сәтті кезі, — деді даусын сыбырға дейін төмендетіп. — Суретшілер аштан өлудің аз-ақ алдында жүр. Олар көк тиынсыз отыр... Көк тиындары да жоқ.
Бірақ Дюруа енді ештеңені де көрмеді, тыңдап келе жатқанмен, түкті де түсінген жоқ. Марель ханым осында, мұның ту сыртында. Бұл енді не істеуі керек? Егер бұл бас иіп амандасса, онда ол сырт айналып кетуі немесе дөкір сөз айтып тастауы әбден мүмкін. Ал егер бұл оған жақындамай қойса, онда басқалар қалай ойлап қалады?
"Қалай болғанда да кездесу сәтін кейіндете тұру қажет", — деп шешті Дюруа. Оның қатты мазасызданғаны соншалық, тіпті ауырдым деп, үйге кетіп қалсам қайтеді деген де ой жылт етті.
Суреттерді қарау аяқталды. Вальтер шамды үстелдің үстіне қойып, жаңа келген қонақтарды қарсы алуға кетті, ал Дюруа қараған сайын қарай бергісі келген адамша суреттерді одан ары қарай бастады.
Оның басы қатты. Не істеуі керек? Ол дауыстарды естіп тұрды, оған үзік-үзік сөздер жетіп жатты.
— Дюруа мырза, бері қараңызшы, — деді бұған Форестье ханым.
Ол тездетіп солай қарай жүрді. Форестье ханым оны өзінің бір жақын әйелімен таныстырды, ол әйел бал ұйымдастырып, сол туралы "Француз өмірінде" мақала жарық көрсе деген ойда екен.
— Міндетті түрде, ханым, міндетті түрде... — деді Дюруа дегбірі қалмай.
Енді Марель ханым оған мүлде жақын арада тұр еді. Оның бұрылып кетіп қалуға батылдығы жетпеді.
Кенет ол есім ауысып кеткен шығар деп ойлады.
— Сәлеметсіз бе, Сүйкімді дос, — деді Марель ханым ашық үнмен амандасып. — Мені танымадыңыз ба?
Ол жалт бұрылды. Әйел қарсы алдында қуана күлімсіреп жылы шыраймен қарап тұр екен. Бұған қарай қолын созды.
Дюруа оның қолын ұстағанда қалтырап кетті: ол әлі де бір құйтырқылық пен тор құру бар ма деп қауіптенді.
Сізге не болды? Мүлдем көрінбей кеттіңіз ғой, — деді әйел жайбарақат қана.
— Менің қолым тимей кетті, ханым, қолым тимеді, — деді ол өзін-өзі билеуге шамасы жетпей былдырлап. — Вальтер мырза маған жаңа міндеттер жүктеп, содан жұмысым басымнан асып кетті.
Марель ханым мұның бетіне тура қарап тұра берді, оның көзінен бұған деген жылылықтан басқа ештеңе де аңғарылмады.
— Білем, — деді әйел — Алайда достарыңызды ұмытып кетуге ол сізге қақы бермейді.
Оларды жағасыз көйлек киген, шашын тым оқшырайта түйіп, тым оқшау киінген, қолы да қызыл, беті де қызыл, қазір ғана пайда болған жуан әйел ажыратып жіберді; солқылдата аяқ басқанынан-ақ оның сандарының қаншалық жуан, қаншалық ауыр екенін аңғаруға болатын еді.
Бәрі оны құрметпен қарсы алып жатқанын көріп, Форестье ханымнан Дюруа:
— Бұл әйел кім? — деп сұрады.
— Виконтесса де Персмюр, "Аппақ алақанға" қол қоятын осы.
Дюруаның көзі төбесіне шығып кете жаздады, қарқылдап күліп жіберуге сәл қалды.
— Аппақ алақан! Аппақ алақан! Ал мен оны сіз сияқты жап-жас әйел деп жүрсем. Аппақ алақаның осы ма? Жақсы, өте жақсы, айтатыны жоқ!
Есіктен малай көрінді.
— Тамақ дайын, — деп хабарлады ол.
Тамақ жеу әдеттегіден гөрі көңілді өтті: бұл өзі тамақ үстінде бәрі жайында айтуға болатын, бірақ айналып келгенде, түк те айтылмағандай көрінетін қонақасы еді. Дюруа Вальтердің үлкен қызы ұсқынсыз Роза мен Марель ханымның ортасына отырды. Соңғысымен көрші отыру оны біраз ыңғайсыздандырды, алайда әйел өзін өте-мөте еркін ұстады және өзіне тән мінезбен өткір әзілдеп отырды. Алғашқыда Дюруа толқып, өзін бір түрлі ыңғайсыз сезініп, дәп бір әуенінен жаңылып қалған музыкантша өзіне сенімсіз күйде отырды. Әйткенмен бірте-бірте ол өз үрейін жеңе бастады, екеуінің бір-біріне қайта-қайта қараған сұраулы кескінінде баяғыша ішкіл дерлік сезім аңғарылып қала берді.
Бір кезде оның өкшесіне әлдене сүйкенгендей болды. Ақырын аяғын созып, ол Марель ханымның аяғына дейін жеткізіп еді, ол да аяғын тартып алмады. Бірақ сол кезде екеуі де өз көршілерімен сөйлесіп отырған-ды.
Дюруаның жүрегі жиі соққылап кетті, тізесін жазып, ол аяғын тағы да соза түсті. Әйел жеңіл ғана итеріп жауап берді. Екеуінің хикаясы қайта жарасатынын ол сол сәт түсіне қойды.
Содан кейін екеуі бір-біріне не айтты дейсіз ғой? Ерекше ештеме де айтқан жоқ, алайда көздері түйісіп қалған сәттерде екеуінің де ерні ылғи дір ете қалып отырды.
Дюруа алайда қожайынның қызын да есінен шығарған жоқ, анда-санда онымен де сөйлесіп қойып отырды. Қыз да шешесіне ұқсап оған еш ойланбастан жауап қайтарып отырды.
Вальтердің оң жағына королдің әйелінше кергіп лауазымды әлдекімнің әйелі Персмюр жайғасыпты. Дюруа оған күлмей қарай алмады. Ол ақырын ғана:
— "Қызғылт доминоға" қол қоятын әйелді сіз білмейсіз бе? — деп сұрады Марель ханымнан.
— Баронесса де Ливарды ма? Білгенде қандай.
— Ана әйел сияқты ма?
— Жоқ. Бірақ ол да осы сияқты күлкілілеу. Сырықтай сидиған алпыстағы кемпірді көз алдыңызға елестетіңізші, — бұрымы жалғанған, тісі жасанды салынған, талғамы мен киім киісі де өте көне замандікі.
— Ондай жер асты қазынасын бұлар қайдан тауып алып жүр?
— Ал кеуде байлар ылғи да ақсүйектердің сынығын жинап жүреді.
— Бәлкім, басқа да бір себебі бар шығар?
— Басқа ешқандай да себебі жоқ.
Сол арада қожайын, екі депутат, Жак Риваль мен Норбер де Варен бесеуі саясат жайында өзара айтысып қалды да, ол айтыс содан десерт берілгенге дейін жалғасты.
Қонақтың бәрі қайтадан қонақ бөлмеге оралғанда, Дюруа Марель ханымның қасына келіп, сонан соң көзіне көзін қадап тұрып:
— Маған сізді шығарып салуға рұқсат етесіз бе? — деп сұрады.
— Жоқ.
— Неге?
— Себебі менің көршім Ларош-Матье мырза мен мұнда қонақта болған сайын ылғи да үйге апарып тастайды.
— Сонда біз қашан көрісеміз?
Таңғы асты ішуге маған келіңіз.
Одан өзге бір-біріне ештеңе айтпастан олар сонымен ажырасты.
Кеш Дюруаға көңілсіз боп көрінді, біраздан кейін кетіп қалды. Баспалдақпен түсіп келе жатып Норбер де Варенді қуып жетті. Қарт ақын оны қолтықтап алды. Екеуі екі басқа салада қызмет істегендіктен, Норбер де Варен оны өзіне бақталас санамай, оған әкелік мейіріммен қарайтын.
— Бәлкім, сіз мені біраз жерге дейін шығарып саларсыз? — деді ол.
— Қуана-қуана, шәкірттік ниетпен, — деп жауап берді Дюруа.
Содан кейін екеуі Мальзербе бульварының бойымен аяңдай жүріп кетті.
Мұндай аязды түнде Париждің көшесінде адам болмайды, — аспан көсіліп кеңейіп, жұлдыздар бұрынғысынан биіктеп кеткендей көрінетін бір түн екен, желдің мұздай лебінде аспанда жылтырап тұрған сәулелерден де алыстағы кеңістіктен келіп жеткен бірдеме бар секілденеді.
Біраз уақыт екеуі де үнсіз аяңдады. Әйтеуір бірдеме деу үшін Дюруа:
— Ларош-Матье өте ақылды әрі білімді адамдай әсер қалдырады екен, — деді.
— Сіз солай бағалайсыз ба? — деп қалды қарт ақын.
Ол сұрақ Дюруаны ойлантып тастады.
— Иә, — деді сенімсіздеу үнмен жауап қатып. — Оны бәрі палатаның өте талантты мүшесінің бірі санайды ғой.
— Мүмкін. Балығы жоқ жерде шаян да балық саналады. Байқайсыз ба, қымбаттым, бұлардың бәрі — шектеулі адамдар, — олардың есіл-дерті саясат пен пайданың төңірегінде шыр айналады. Тар шеңбердің адамдары, — олармен еш нәрсе туралы сөйлесе алмайсың, бізге қымбат нәрсенің бірде-бірі туралы сөйлесу мүмкін емес. Аньердің түбіндегі Сена сияқты олардың миын балдыр басып кеткен, дәлірек айтсақ, қоқыс көміп тастаған. Е-е, таза ауасын өзенінің жағасында тұрып жұтатын кең-байтақ даланы еске түсіретіндей кең көзқарасты адамды табу қандай қиын! Ондай адамдарды білуші ем, бірақ олар қазір жоқ.
Норбер де Варен анық, бірақ ақырын сөйледі, — даусын әдейі тежеп келе жатқаны сезіліп тұрды, әйтпесе түнгі тыныштықта тым алысқа кететін түрі бар. Ақын толқып келе жатты: жанын қайғы қажап, бүкіл сезім талшықтары қалтырап келе жатқандай, — аяз қысқанда жер де солай қалшылдайды ғой.
— Алайда, — деді ол әңгімесін жалғастырып, жарық дүниедегі нәрсенің бәрі ақырында бір әйтеуір бітетін болған соң, сенің талантыңның бары да, жоғы да бәрібір емес пе?
Ол үнсіз қалды.
Жүрегінен жүк түскендей Дюруа жеңілденіп қалды.
— Бүгін сіздің көңіл күйіңіз нашар ғой, — деді ол ақынға күмілжи қарап.
— Менің көңіл күйім әмәндә осындай, шырағым, — деді Норбер де Варен. — Көр де тұрыңыз, енді біраз жылдан кейін сіздікі де осындай болады. Өмір деген ол — тау. Шығып келе жатқанда жоғарыға қарайсың, сен бақыттысың, қалай төбесіне көтерілесің, солай төменге түсе бастайсың, ал алдында — өлім. Көтерілуің баяу, төмендеуің тез. Сенің жасында бәріміз де көңілді болатынбыз. Бәріміздің де өміріміз үмітке толы болатын, шынын айтқанда, оның өзі ешқашан орындалмайтын үміт болатын. Менің жасымда адам өлімнен өзге ештеңені де күтпейді.
Дюруа күлді:
— Сайтан алғыр, менің өне бойым түршігіп кетті.
— Жоқ, — деді Норбер де Варен басын шайқап, — қазір сіз мені түсінбейсіз, алайда кейін бір кездерде осы айтқанымның бәрін еске аласыз. Есіңізде болсын, кімге де болса, ал кейбіреуге көп кешікпей-ақ байтал түгіл бас қайғы болатындай күн туады, қайда қарасаң да бәрінің артында өлім тұрғанын сонда байқайсыздар. О, әлі "өлім" деген сөзді ұғуға ақылдарың жетпейді. Сіздердің жастарыңда ол бір бос дыбыс. Ал маған үрей боп елестейді. Иә, оны неге екені белгісіз, ешқандай айтулы себепсіз-ақ кенеттен-кенет түсіне бастайсың, сонда бүкіл өмірдің бет-бейнесі өзгеріп сала береді. Ішімде бір құрт пайда болғандай, оның мені қалай кеміріп жеп жатқанын сезгеніме он бес жылдың жүзі болды. Ол мені сағат сайын, күн сайын аз-аздан кеміріп келеді, қазір мен әне-міне құлайтын қуыс үй тәріздімін. Оның мені талқандағаны соншалық, мен өзімді-өзім біліп те болмаймын. Отыз жасымдағы өмірсүйгіш, сергек, мықты жігіттен ең болмаса елес те қалмады. Оның қап-қара шашымды қандай ызалы, есебінен жаңылмайтын қанқұйлылықпен аппақ түске бояп шығарғанын өз көзіммен көрдім! Ол менің жұп-жұмсақ етімді, тісімді, бұлшық еттерімді, бүкіл менің жас тәнімді алып, тек өкінішке толы жанымды ғана қалдырды, оны да әлі көп ұзатпай алатын болар. Иә, ол мені мүжіп бітті, азғын. Ұзақ, бірақ білдіртпей, секунд сайын және аямастан бүкіл тіршілігімнің күлпаршасын шығарды. Қазір енді не нәрсені қолыма алсам да, өлімге жақындап келе жатқанымды сезем. Әрбір қадамым мені оған жақындатып келеді, менің әрбір қимылым, әрбір алған демім оның пасық ісінің жүзеге асуына көмектеседі. Демімді алу, ішу, жеу, ұйықтау, еңбек ету, қиялдану — бәрі өлу деген сөз. Қыл аяғы өмір сүрудің өзі — өлу деген сөз! О, сіз әлі мұның бәрін білетін боласыз! Егер сіз осының бәрі туралы тым құрығанда ширек сағат ойланған болсаңыз, онда оны көрер едіңіз. Сіз өмірден не күтесіз? Сүйіспеншілік пе? Бірнеше рет сүйесіз, сонан соң ләззат тату қабілетіңізден айырыласыз. Тағы не? Ақша ма? Не үшін? Әйелдерді сатып алу үшін бе? Қуанышым-ақ! Әлде тоя жеп семіріп, содан соң буын-буының сырқырап түні бойы ойбайлап шығу үшін бе?
Тағы не үшін? Даңқ па? Егер сіз үшін сүйіспеншілік жоқ болса, онда даңқтың қаншалық қажеті бар?
Ал сонда не үшін? Ақырғы түбінде бәрібір өлім.
Қазір мен оны тым жақыннан көрем, кейбірде қолымды оған созып көріп, сонан соң итеріп жібергім келеді. Ол жердің бетіне төселіп, бүкіл кеңістікті толтырып тастайды. Мен оны барлық жерден көрем. Жол үстінде жаншылып жатқан шыбын-шіркей, қураған жапырақ, досымның ағарған сақалы — бәрі менің жүрегімді жаралайды және бәрі: "Ол — міне!" — деп тұрғандай.
Ол мен не істеп жатсам, соны; нені көрсем, соны; нені ішсем, нені жесем, соны; нені жақсы көрсем, соны: айдың сәулесін, таңның атуын, шегі көрінбейтін теңізді, арнасынан асқан өзенді, ешқашан емін-еркін тоя жұта алмайтын жазғы кештің ауасын — бәрін улайды.
Ақын ентігіп, содан баяу адымдап, қасында серігі барын мүлде ұмытқан адамша дауыстай ойланып келеді.
— Ол жақтан ешкім де оралмайды, ешкім де,.. — деді ол ойын жалғастырып. — Мүсін етіп құйған пошымды, заттардың дәл бейнесін түсірген қалыпты сақтауға болар, бірақ менің денем, бет әлпетім, ойларым, тілектерім тағы қайта тірілмейді. Алайда бірақ тағы миллион, миллиард тірі пенде туады, олардың да бірнеше шаршы сантиметр жерінде мұрны, көзі, маңдайы, жағы, аузы болады, бірақ дәл мен қайтып келмеймін, ал олар — сол сан жетпейтін, бір-бірінен бөлек-бөлек, сырты бір-біріне соншалық ұқсас болғанмен, бір-бірінен мүлдем бөлек тірі пенделер — менен ештеңе де алмайды.
Сонда неменеге жармасуымыз керек? Мұңымызды кімге шағамыз? Не нәрсеге сенеміз?
Дін — бәрі шетінен қисынсыз: олардың уағызы балаларға ылайықталған, олардың айтқандары өзімшіл әрі мүлде ақылға сыймайды.
Тек бір өлім бары ғана күмәнсіз.
Қарт ақын тоқтап, Дюруаны пәлтөсінің қайырма жағасынан ұстап тұрып, асықпай былай деді:
— Осыларды ойлаңыз, жас жігіт, күні бойы, ай бойы, жылдар бойы ойлаңыз, сонда өмірге басқаша қарайтын боласыз. Өзіңізді құрсауда ұстап тұрған нәрсенің бәрінен босауға тырысып көріңізші, өзіңізді жеңу үшін шектен тыс күш жұмсасаңыз, сонда көзіңіз тіріде-ақ өз тәніңізден, өз мақсаттарыңыз бен ойларыңыздан ажырайсыз, бүкіл адамзаттан бөлектенесіз, мәселенің терең түбіне үңілесіз - романтиктер мен натуралистердің айтысы да, қаржы жайындағы пікірсайыстың да түкке тұрмайтынын сонда ғана түсінесіз.
Содан кейін ол тез-тез басып ілгері жүрді.
— Бірақ сонымен қабат сіз үмітсіздіктің бүкіл қасіретін де сезінесіз. Сіз күдіктің тұңғиығына батып, жан ұшыра жанталасасыз. Бар даусыңызбен айқайлап: "Көмектесіңдер!" — дегеніңізбен, ешкім сізге ара түспейді. Сіз қолыңызды созып көмек сұрап, сүйіспеншілік сұрап, жұбаныш сұрап, құтқару сұрап жалынасыз, бірақ ешкім де сізге қол ұшын бермейді.
Неге біз бүйтіп қиналамыз? Себебі біз, сірә, өмірге келгенде жан дүниеміз үшін емес, тәніміз үшін өмір сүруге келетін сияқтымыз. Бірақ біздің ойлау қабілетіміз бар, сондықтан біздің күн сайын күшейіп келе жатқан ақыл-ойымыз тұрмыстың оралымсыздығына көне алмайды.
Жай қарапайым пенделерге қараңызшы: қашан бір қарабастары бақытсыздыққа ұшырағанша олар өз тағдырларына өте риза, әлемнің жағдайына қайғыру оларға тән емес. Оны хайуандар да білмейді.
Ол тағы тоқтады да, бірер секунд ойланып тұрып, бәріне көнген әрі шаршаған адамның кейпімен былай деді:
— Мен құрып біткен тірі жанмын. Менде әке де, шеше де, аға-іні де, қарындас та, әйел де, бала да, құдай да жоқ.
Біраз үнсіздіктен кейін:
— Менде тек ұйқас бар, — дегенді қосты.
Содан кейін көзін толған айдың бозғылт сәулесі түсіп тұрған көкке аударып, өлеңін оқыды:
Түпсіз түннің қойнауында мәңгіріп, Айдың бозғылт сәулесімен қаңғырып. Қапас өмір құпиясын іздеймін, Тұрғандай-ақ көкте сыры жаңғырып.
Олар Келісім көпірінен де, Бурбон сарайының қасынан да үндеспей өтті.
— Үйленіңіз, жас дос, — деді Норбер де Варен қайтадан әңгімесіне көшіп, — менің жасымда жалғыз қалудың қандай екенін сіз елестете де алмайсыз. Жалғызды қазір мені адам төзгісіз зарықтырады. Кешкісін үйімде ашық пештің алдында қыздырынып отырғанымда, бүкіл жер бетінде бір өзім жалғыз қалғандай көрінем, сондай бір қорқынышты жалғыздық, сонымен қабат мені құпиялы, үрейлі әлдебір бұлдыр қауіптер қоршап тұрған тәрізденеді. Мені және көрінбейтін көршімді бөліп тұрған қоршау екеуіміздің арамызды мен терезеден қарап жүрген жұлдызға дейінгі аралықтай алыстатып жібереді. Содан мені бір қалшыл билейді. Әрине, өкініш пен үрейдің қалшылы, мені қабырғалардың үнсіздігі қорқытады.
Сен өзің жалғыз тұратын бөлменің терең үнсіздігінде қаншама мұң жатыр десеңші! Тек сенің денеңді емес, тыныштық жаныңды да құндақтап алады, егер орындық сәл сықыр ете қалса, сен бүкіл өне бойыңмен селк ете түсесің, өйткені бұл сұрқия үйдегі әрбір дыбыс — күтпеген дыбыс.
Аз-кем үндемей тұрып, тағы сөйледі:
— Қалай дегенмен де қартайғанда балаларыңның болғаны жақсы!
Екеуі жүре-жүре Бургун көшесінің жартысынан асып кетті. Ақырында биік бір үйдің алдына келіп тоқтап, қоңырауын басты.
— Қарт адамның бұл қыртынбайларының бәрін ұмыт, жас жігіт, өзіңнің жасыңа үйлес өміріңді сүре бер. Сау бол! — деп, Дюруаға қолын берді де, қарт қараңғы кіреберіске кіріп көрінбей кетті.
Ауыр жүк арқалағандай болып Дюруа одан ары кетті. Оны дәл бір өліктердің сүйегі үйілген, әйтеуір, бір кездерде ішіне сөзсіз өзі де құлайтын шұңқырды көріп шыққандай сезім биледі.
— Шайтан алғыр! — деді күбірлеп. — Оның үйіне барсам, қаншалық қарық боларымды шамалаймын. Аулақ, ол өзінің ойларын алдыға тартқанда, мен алдыңғы қатарға отыра қоймаспын, бағынышты құлыңызды кешіре көріңіз!
Сол арада оған қазір ғана көліктен түсіп үйіне беттеген, үстіне аямай әтір сепкен әйелді қасынан өткізіп жіберуге тура келді; ауаға ирис пен вербене гүлдің жұпары жайылып, Дюруа сол жұпарды сүйсіне сімірді. Сол сәт ертең Марель ханымды көретіні есіне түсіп, оны ойға алуы-ақ мұң екен, тұла бойын жылы толқын қуалай жөнелді.
Төңірегі түгел күлімдеп, өмір оған оң қабақ танытты. Үмітіңнің ақталғаны қандай жақсы!
Ол рақатқа батып ұйықтады, таңертең кездесер алдында Булон тоғайын бір аралап қайтпақ болып, ерте оянды.
Жел өз бағытын өзгертіп, түн бойы ауа райы жұмсарып қалыпты, күн көкек айындағыдай күлімсіреп, жып-жылы екен. Булон орманын ұнататындар ашық аспанның еркелете шақырғанын қуана қарсы алыпты.
Дюруа таза, көктемгі көкөністей шырын дәмді ауаны жұтып аяңдай жүрді. Салтанат қақпасынан өтіп, жол жағасындағы атты адамдарға арналған кең аллеяға түсті. Ол бірі желіп, бірі шоқырақтатқан ақсүйек бай адамдардың еркегіне де, әйеліне де бұл жолы қызғанбай, қызғанса да сәл-пәл ғана қызғанышпен қарады. Тілші болу оны атақтылардың анықтама бюросы мен Париждегі дау-жанжалдардың энциклопедиясы сияқты бірдемеге айналдырып жіберген-ді, содан ол мұндағы мырзалардың бәрін дерлік фамилиясы мен ақшаға шаққанда айлығы қанша болатынына дейін, тіпті, өмірлерінің құпия жақтарына дейін білетін.
Оның жанынан қара шұға кәстөм киіп, белін буған, сымбатты салт атты әйелдер бірінен кейін бірі өтіп жатты, бәрінде де атқа отырған әйелдердің көбіне тән иілмес менмендік байқалады. Ал Дюруа болса оларды іштей келемеж етіп келе жатты: шіркеудің көмекші қызметкерінше әрбірінің нағыз немесе жорамал ашыналарының атын, қызметін, шен дәрежесін ыңылдай әндетіп айтты да отырды; бірде аттарын тізбелеп: "Барон де Танкле, князь де ла Тур-Энгеран", — десе, енді бірде: "Лесбос аралында туған әйелдер: Луиза Мишо Водевильден, Роза Маркетен Операдан", — деп ыңылдады.
Бұл ойыны оған өте қызықты көрінді: сыртқы паңдықтың астарында адамдардың ежелден келе жатқан, әбден тамыр жайып кеткен ұсақтығы жатқанын ол көзбе-көз көріп тұрғандай сезінді де, соның өзі оны жұбатып, қуантып, шабыттандырып тастады.
— Екіжүзділер! — деді ол айқайлап, сөйтті де, көзімен ол туралы ең сұмдық өсек тараған адамдарды іздей бастады.
Атты адамдардың арасында қарта ойынының ептілері деп әңгімелеп жүргендер де аз емес екен, қалай болғанда да олар үшін ойынханалар бірден-бір әрі даусыз пайда табудың күмәнді көзі еді.
Кейбір ең атақтылары тек әйелдерінің ғана байлығымен өмір сүретін, оны бәрі де білетін, ал кейбірі, хабардар адамдардың айтуына қарағанда, ашыналарының арқасында алшаң басатын. Олардың көбі қарыздарын өтеп жатады (мақтауға тұрарлық әдет), алайда ол ақшаны олардың қайдан алып жатқанын жан адам білмейді (аса күдікті құпия). Дюруаның көз алдынан алғашқы баю қадамы ұрлықтан басталған бірақ атақты үйлерге де алшаң басып кіре беретін ақшалы шонжарлар бірінен кейін бірі өтіп жатты; мұнда қарсы ұшырасқанда, ұсақ буржуалар бас киімін алып амандасатын аса сыйлы адамдар да жүр еді, ал бірақ дүниенің ішін айналдырып көре алатын адамдар үшін олардың ар-ұятты ұмытып, аса ірі мемлекет мекемелерін ұрлап-сұрлап жүргені ешқандай құпия емес-ті.
Менмен кейіп, паңдана ернін шүйіру, сондай-ақ ұяттан безген бет әлпет бұл мырзалардың бәріне — қаба сақалы барларға да, тек мұрт қойғандарға да тән ерекшелік-тін.
Дюруа ішінен күлді.
— Ойдан-қырдан қашқандардың бас қосқан жері! — деді қайталап. — Жүліктердің тобыры, алаяқтардың тобы!
Міне, енді жалы мен құйрығы күлтеленген қос ақбоз ат жеккен үсті ашық, әдемі екі дөңгелекті аласа арба қасынан зырқырап өтті; айдап бара жатқан — кішкентай ғана аққұба жаманаты шыққан әйел, арт жағына екі дөкей жайғасыпты. Дюруа тоқтай қалды, — сүйіспеншілікті батыл саудаға салып, екіжүзді ақсүйектер мынандай қыдырысқа шыққан осы сәтте сонысын және көрпенің астында жатып жинағанын шімірікпей жұрт назарына ұсынып жүрген әйелге бас иіп, сол секеңбайға қол соққысы келді. Бәлкім, ол өзі мен сол әйелдің арасында әлдебір ортақ әлдененің бар екенін, әйелдің бойынан өзіне де тән туыстық бірдемені танып, екеуі де бір нәсілдің адамдары, жан бітімдері жақын жандар екенін, өзінің де мақсатына дәп сондай батыл әдістермен жететіндігін бұлдыр да болса сезген болар, кім біледі.
Қайтарда ол асықпай, өзіне-өзі қанағаттанған сезіммен аяңдады, сонда да бәрібір ол өзінің бұрынғы ашынасына белгіленген уақыттан біраз ертерек келді.
Әйел қарсы алдынан шығып, араларында түк те болмағандай оған ернін тосты; әдетте өз үйінде құмарлықтың құйынына ырық бермей, ақылға жеңдіретін сақтығынан да бір сәт ол айырылып қалған-ды.
— Қалай өкініп тұрғанымды білесің бе, сүйіктім? — деді әйел оның ширатылған мұртының шалғайынан сүйіп. — Мен сенімен бірге тамаша жұбайылық айын өткізем бе деп ойлап ем, қарашы, жаздың күнінде қар жауғандай болып тұр: күйеуіме демалыс беріпті. Бірақ мен бір жарым ай бойы сені көре алмай қайтіп тұрам, әсіресе екеуміздің аз-кем араздығымыздан кейін, енді мен бұл жағдайды қалай реттегенімді айтайын: мен оған сен туралы айттым, — дүйсенбіде сен бізге түстенуге келесің, мен екеуіңді таныстырам.
Дюруа не дерін білмеді: ептеп састы да, ол әлі күнге дейін өзі әйелімен байланысып жүрген еркектің үйінде қонақта болып көрген жоқ еді. Аздап қысылғаным, көзқарасым, кез келген әлдене ұрлығымды білдіріп қоя ма деп қорықты.
— Жоқ, — деді үні қарлығып, — мен сенің күйеуіңмен таныспай-ақ қойғанымды дұрыс санаймын.
Таңданғанынан көзі тасырайып тас төбесіне шығып кете жаздаған әйел аңқаулықпен тақымдай жөнелді:
— Ал ода не тұр? Неге қырсығасың? Өмірде ондай бола береді! Шынымды айтсам, мен сені бұдан гөрі ақылдырақ деп ойлағам.
Бұл сөз оның жанды жеріне тиді.
— Жарайды, жақсы, дүйсенбіде түстенуге келем.
— Ал бәрі әдептен аспай сыпайы көрінуі үшін, мен Форестьеге телефон соғып қоям, — деді Марель ханым. — Әйткенмен шынымды айтып қояйын, мен үйіме қонақ шақыруды онша ұната бермейтін адаммын.
Дәл дүйсенбі күніне дейін Дюруа алда тұрған кездесу жайында түк те ойлаған жоқ. Тек баспалдақпен Марель ханымдікіне көтеріліп келе жатқанда, оның өне бойын түсініксіз бір беймазалық биледі: қазір күйеуінің қолын алып, соның шарабын ішіп, нанын жейтінін ойлап жиіркенген жоқ, әйтеуір, әлденеге қорықты, бірақ неге қорыққаны белгісіз.
Оны қонақ бөлмеге бастап апарды, ол арада оның әдеттегідей күте тұруына тура келді. Сонан соң есік ашылып, кеудесі орденге толған ақ сақалды ұзын бойлы маңғаз кісі қасына келіп, асқан бір сыпайылықпен ізет көрсете сөйледі:
— Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, әйелім сіз туралы маған көп әңгіме айтты.
Жүзінен достыққа тән жылылық нышанын барынша жарқын көрсетуге тырысып, Дюруа да үй иесіне қарсы жүріп кеп, қолын әдейі қатты қысып амандасты. Бірақ екеуі отырған сәттен бастап Дюруаның тілі таңдайына жабысты да қалды.
— Газетке көптен жазып тұрасыз ба? — деп сұрады Марель мырза беті ашық пешке тамызық тастап жатып.
— Бар-жоғы бір-екі ай ғана, — деп жауап берді Дюруа.
— Солай ма? Мансабыңыз тез жоғарылаған екен!
— Иә, айтарлықтай тез.
Дюруа енді ешбір ойланбастан, алғаш кездескен адамдардың әдетімен аузына не келсе соны айта берді. Оның көңілі ептеп орнығайын деді, жағдай тым қызық боп көріне бастады. Марель мырзаның құрметті ақ сақалы, маңызданған бет әлпеті Дюруаның күлкісін келтірді, оның бетіне бір қарап қойып, іштей қайталай берді: "Қартым-ау, мен сенің көзіңе шөп салдырдым, мен сенің көзіңе шөп салдырдым". Бірте-бірте оны ұятты сезімнің ішкі қанағаты биледі, ол алабұртқан, рақаттанған қуанышты бастан кешіріп отырды. Кенет оның бұл кісімен дос болып, сеніміне әбден кіріп, оның барлық құпиясын біліп алғысы келді.
Күтпеген жағдайда Марель ханым кіріп келіп, бұларға ойнақы, сыр білдірмейтіндей бір көз тастады да, Дюруаға жақындады. Ол күйеуінің көзінше бұрынғы әдетімен әйелдің қолынан сүйе алмады.
Әйел көңілді әрі сабырлы көрінді; өзінің ашық әрі туа біткен принципсіздігімен өмірде көрмегені жоқ бұл әйелдің мына кездесуді де мейлінше табиғи әрі кәдімгі кездесудің бірі деп есептейтіні білініп тұрды. Лорина кірді де, әдетінде жоқ ұялшақтықпен Жоржға маңдайын тосты, — сірә, әкесінен ұялған болу керек.
— Бүгін неге оны Сүйікті дос деп атамадың? — деп сұрады шешесі одан.
Қыз ұялып, дәл бір оған қатысты адам айтқысыз әдепсіздік жасалып, айтуға болмайтын нәрсесін айтып, ардақты әрі айтуға ұят жүрек құпиясы ашылып қалғандай қып-қызыл боп кетті.
Форестьелер келді: Шарльдің түр-түсін көріп, бәрі шошып кетті. Соңғы аптада ол сұмдық жүдеп, боп-боз болып кетіпті; тоқтамай жөтелетін болыпты. Ол жұртқа келесі бейсенбіде, дәрігердің талабы бойынша, әйелі екеуі Каннға баратындарын жария етті.
Олар көп отырған жоқ.
— Менің байқауымша, оның жағдайы өте жаман, — деді Дюруа басын шайқап. — Ол енді бұл дүниенің адамы емес.
— Иә, біткен адам, — деді Марель ханым жайбарақат қостап. — Ал бірақ өте сәтті үйленіп еді.
— Әйелі оған көп көмектесе ме? — деп сұрады Дюруа.
— Дұрысын айтсам, ол үшін бәрін де әйелі істейді. Әйелі оның барлық жұмысын біледі, ешкіммен жүздесіп жүрмегенімен, оған қатысты адамдардың бәрін де таниды. Нені қаласа, кез келген уақытта және кез келген әдіспен бәріне де қол жеткізеді. О, ондай нәзік, ондай епті айлакер адамды іздесең таппайсың! Өсем деген адамға ол — нағыз таптырмайтын қазына.
— Соған қарағанда, екінші рет күйеуге шығуды да кешіктірмейтін шығар? — деді Дюруа біле түспек оймен.
— Әрине, — деп жауап қайтарды Марель ханым. — Қазірдің өзінде оның біреуді көздеп қойғанына мен еш таң қалмаймын... әлдебір депутат па екен...егер тек... ол көне қойса... өйткені... себебі... бұл арада ар-ұят жағынан... өте күшті қарсылықтар тууы мүмкін. Әйткенмен мен қайдан білейін. Бұл жайындағы әңгімені осымен доғарайық.
— Сен ылғи әлденені аяғына дейін айтпайсың, сол әдетіңді мен ұнатпаймын, — деді Марель мырза бұрқылдап, оның үнінен ептеген реніш байқалды. — Біреудің ісіне ешқашан араласпау керек. Ешкімді ешқайда итермелемеу керек, әркім өз ұятына қарай әрекет қылады. Сол қағидаға барлық жұрт бағынса ғой.
Дюруа олардың қасынан кеткен соң да толқумен болды: ол қазірдің өзінде әлдебір мүмкіндіктерді бұлдыр да болса болжап үлгіргендей.
Ертесінде ол Форестьелерге арнайы қатынас жасады: олардың үйінде жолға аттанудың ақырғы дайындықтары жүріп жатыр екен. Диванда жатқан Шарль әдеттегіден өсіріңкіреп ауыр дем алады.
— Маған бір ай бұрын кетіп қалу керек еді, — дей берді ол өкініп.
Вальтермен бәрі алдын ала келісіліп қойғанына қарамастан, ол Дюруаға бірқатар іс тапсырып тастады.
Кетерде Жорж досының қолын қатты қысып қоштасты.
— Ал, қарт достым, қайта көріскенше!
Оны Форестье ханым шығарып салды.
— Сіз біздің келісімді ұмытқан жоқсыз ба? — деді ол әйелге бұрылып. — Біз доспыз әрі одақтаспыз, солай емес пе? Сондықтан егер мен сізге әлденеге керек бола қалсам, ұялмаңыз. Жеделхат, жай хат — мен сіздің қызметіңіздемін.
— Рахмет, мен мұныңызды ұмытпаймын, — деді әйел сыбырлап.
Әйелдің көзі де соны айтып тұрды, алайда сөзінен де нәзік әрі тым ықыласты сезіммен айтты.
Баспалдақпен түсіп келе жатып Дюруа баяу көтеріліп келе жатқан де Водрскке жолығып қалды, оны бұл Форестьенікінен бұрын да бір көрген. Графтың жүзі жабырқау еді, — бәлкім, Форестье ханымның кететіндігіне қапалы болар, кім біледі?
Оған өзінің ақсүйектік ізетін көрсеткісі келіп, журналшы жігіт бас иіп амандасуға асықты.
Де Водрек әдеппен, бірақ бір түрлі тәкаппарлау кейіппен амандасты.
Форестьелер бейсенбі күні кешкісін аттанып кетті.
VII
Шарль кеткеннен кейін "Француз өмірінің" саралқасында Дюруа бұрынғыдан көрнектілеу рөл атқара бастады. Ол өзі қол қойып бірнеше басмақала жазды, сонымен қабат хроникаға да қол қойып жүрді, өйткені қожайын әрбір қызметкер өз материалы үшін жауап беруге тиіс деп талап қойған-ды. Ол пікірталастарға да түсіп, одан әр жолы тамаша жағдаймен шығып кетіп жүрді. Дегенмен мемлекет қайраткерлерімен тұрақты пікір алысып тұру оны епті, көреген адам етіп еді — саяси бөлімнің қызметкеріне ең керегі де сол.
Дюруаның көкжиегінде бір ғана бұлт көрінетін. Оған "Қаламүш" деген атпен шығып тұратын бәлеқор газет, дәлірек айтқанда, сол газеттің лақап атпен жазатын қызметкері "Вальтер мырзаның шалқаңнан түсіретін хроникалары" деп "Француз өмірінің" хроника бөлімінің меңгерушісі болып істейтін бұған үнемі шабуыл жасап тұрады. Әр күн сайын Дюруа оның бетінен айқын тұспалдар мен кекетулерді, алуан түрлі өсек-аяңдарды тауып отырады.
— Өте шыдамды адамсыз, — деді бірде оған Жак Риваль.
— Басқа амал жоқ, — деді Дюруа бұрқылдап. — Әзірше тіке шабуыл жоқ қой.
Бірақ бір күні Дюруа саралқа залына енбей жатып-ақ Буаренар оның қолына "Қаламұштың" нөмірін ұстата салды.
— Қараңыз, тағы да сіз жайында жайсыз мақала.
— Солай де! Неге байланысты?
— Түк те емес, қайдағы бір Обер ханым дегенді әдеп полициясының ұстап алғаны жайында.
Жорж газетті ашып, "Дюруаның көңілі көтерілді" деген мақаланы оқып шықты:
"Француз өмірінің" атақты тілшісі, біз бұдан бұрын хабарлағанымыздай, әдеп полициясының жексұрын агенті тұтқындаған Обер ханымды біздің тек қиялымыздағы ғана адам деп хабарлайды. Алайда аты аталған ханым Монмартрда Экюрей көшесіндегі 18- үйде тұрады. Әйткенмен Вальтер банкінің агенттерін өз коммерциясына көз жұмып қарайтын қалалық полиция агенттеріне деген қандай қызығушылық, дәлірек айтқанда, қандай қызығушылықтар билейтінін біз жақсы түсінеміз. Ал тілшінің өзіне келсек, ол бізге оданда қандайда бір жалт қарататын оқиға айтпай ма, — өйткені ол ертең-ақ өтірік екені әйгілі болатын өлімдерді, ешқашан болмаған шайқастарды және де ешқашан сөйлейміз деп ойламаған монархтардың сөздерін беру жөнінен маман ғой, — бір сөзбен айтқанда, Вальтердің қосымша табысын құрайтын бүкіл хабардың шебері ғой, — тіпті болмаса ол бізге күмәнді қошеметке ие болып жүрген әйелдердің кеші жайында зиянсыз өсек-аяңды әңгімелемей ме немесе ең ақырында, біздің кейбір бауырластарымызға азды-көпті табыс әкеліп жатқан азық-түліктің сапасын мақтаса қайтеді".
Ашуланғаннан бұрын абдырап қалған Дюруаның бір ұққаны мынау: осының бәрінің астарында бұл үшін өте ыңғайсыз бірдеме бұғып жатыр.
— Сізге ол мәліметті кім беріп еді? — деп сұрады Буаренар.
Дюруа барлық қызметкерді мұқият есіне түсіріп шықты.
Ақыры есіне түсті:
— Иә, сол, Сен-Потен!
Мақаланы қайта оқып, ол ызадан қып-қызыл боп кетті: оны сатқын деп айыптапты.
— Қалайша! — деді айқайлап. — Олардың тұжырымдауынша, маған төлей ме сол үшін...
— Әрине. Олар сізге арамдық істеді. Ал қожайын мұндай жағдайда шолжаңдатпайды. Хроникашылар әлсін-әлі...
Сол кезде Сен-Потен кіріп қалды. Дюруа оған тап берді.
— Сіз "қаламұштағы" мақаланы оқыдыңыз ба?
— Иә, мен қазір сол Обер ханымнан келем. Ондай әйелдің бар екені рас, бірақ ол тұтқынға алынған жоқ. Ондай сөздің ешқандай да негізі жоқ.
Дюруа қожайынға қарай жүгірді, ол оны салқын қарсы алды және оған сенімсіздеу қарады.
— Сол әйелге барыңыз, — деді Вальтер оның түсіндіруін тыңдап болып, — сонан соң сіз туралы бүгінгідей нәрселерді бұдан былай жазбайтындай етіп бекерлеме жасаңыз. Мен мақаланың немен аяқталғанын айтып тұрмын. Ол газетке де, маған да, сізге де кір келтіріп тұр. Журналшы деген, Цезарьдің қатыны сияқты, күдіктен ада болуы керек.
Дюруа жолбасшыға Сен-Потенді алып дереу жүріп кетті.
— Монмартр, Экюрей көшесі, он сегіз! — деді айдаушыға айқайлап.
Оларға аса үлкен үйдің жетінші қабатына көтерілуге тура келді. Есікті жүн кофта киген кемпір ашты. Сен-Потенді көріп:
— Тағы маған ба? — деді кейіп.
— Мен сізге полиция инспекторын алып келдім, — деді Сен-Потен, — сіз оған болған оқиғаны түгел айтып беруге тиіссіз.
Кемпір оларды үйге кіргізді.
— Сізден кейін қай газеттен екенін білмеймін, бір газеттен тағы екеу келді, — деп хабарлады да, әйел Дюруаға бұрылды: — Сіз, мырза, қалай болғанын білмексіз бе?
— Иә. Сізді әдеп полициясының агенті қамағаны шын ба?
Әйел қолын шапалақтап жіберді.
— Ешқандай да, мырзам менің, ешқандай да. Жағдай былай болды. Менің ет сатушымның еті өте жақсы, тек ол таразыдан тартады. Мен оны ылғи байқаймын, бірақ өзіне ештеңе деген емеспін, ал бұл жолы қонаққа қызым мен күйеу балам келетін болғасын, мен одан екі фунт жаншылған ет сұрадым, — қарасам, ол өңкей қалдықтар мен сүйекті өлшеп жатыр, — рас, жаншылған ет сүйексіз болмайды, бірақ ол маған тек сүйектерді тартып жатыр. Одан рагу жасауға болатыны да рас, мен бірақ одан жаншылған ет сұрадым ғой, — маған қайдағы бір қалдықтардың қажеті қанша? Сонан соң мен оны алудан бас тартып ем, ол маған кәрі тышқан деп тіл тигізді, ал мен оны кәрі алаяқ дедім. Содан сөзге сөз қайтарып, екеуміз ұстастық та қалдық, дүкеннің алдына халық жиналды да кетті, жүз қаралы адам, ал кеп гулесін, ал кеп гулесін! Ақырында полицей келіп, бізді комиссарға алып барды. Комиссарда болдық та, екеуміз бір-бірімізбен жау болып шықтық. Содан бері мен етті басқа жерден алам, тіпті оның дүкенін де әрдайым алыстан айналып өтем — аш пәледен қаш пәле.
Әйел сонымен әңгімесін аяқтады.
— Сол-ақ па? — деп сұрады Дюруа.
— Болған-біткені сол-ақ, мырзам менің.
Кемпір Дюруаға бір рөмке қара өріктің шарабын ұсынып еді, ол ішпеді, сонан соң кемпір одан хаттамада ет сатушының таразыдан тартатынын айта кетуді өтінді.
Саралқаға оралған соң Дюруа бекерлеме жазды:
"Қаламұштың" лақап атпен жазғышы ашықтан-ашық мені масқаралау мақсатымен бір егделеу әйелді әдеп полициясының агенті қамауға алды деп жазады, ал мен оны жоққа шығарам. Мен Обер ханымды өз көзіммен көрдім, — ол аз дегенде алпысқа келген адам, — ол кісі маған өзінің ет сатушымен қалай ұрсысып қалғанын бастан-аяқ барлығын айтып берді: ұрыс ет сатушыдан әйел жаншылған котлет сатып алуға барғанда, ол етті таразыға дұрыс тартпағандықтан шығады, ал мәселе полиция комиссарының алдында түсініктеме берумен аяқталады.
Факты осылай.
"Қаламұштың" тағы басқа өсек-аяңына келсем, оларға жауап беріп жатуды өз дәрежемнен төмен нәрсе деп түсінем. Оның үстіне осының бәрін құрастырушы адам масканың астына тығылып алыпты.
Жорж Дюруа".
Вальтер және сол кезде оның кабинетіне кіріп қалған Жак Риваль осы жеткілікті деп тапты; бекерлемені жақын арадағы бір нөмірге, хроника бөлімінің дәл астына беру ұйғарылды.
Ептеп мазасызданған әрі толқыған Дюруа үйіне ерте оралды. Лақап атпен жазған адам бұған не деп жауап берер екен? Ол кім өзі? Неге бұған сонша қатты шүйлігеді? Журналшылардың қатты мінезін білгендіктен, осы түкке тұрмайтын нәрседен бүтін бір тарих жасауға болатындығын болжау аса қиын емес еді. Дюруа жаман ұйықтады.
Келесі күні өз мақаласын газеттен қайта оқыған кезде, оның жазылуы қолжазбадағыдан гөрі қатқыл көрінді. Кейбір сөзді жұмсартса да болғандай екен.
Күні бойы ол күйі болмай жүрді, түнде тағы да нашар ұйықтады. Оның бекерлемесіне жауап беретін "Қаламұштың" нөмірін ертерек сатып алу үшін, ертесі таң бозынан тұрды.
Ауа райы қайтадан өзгеріпті: өте суық екен. Аяқжолдың бойында аяз қатырып тастаған судың ұзыннан-ұзақ мұз арқаны созылып жатыр.
Дүнгіршектерге газет әлі түспепті. Сол арада Дюруа өзінің тұңғыш мақаласы "Африкалық атқыштың естеліктері" қашан жарық көргенін еріксіз есіне түсірді. Қолы мен аяғы қатып қалды, әсіресе саусақтарының ұшы қатты ауыра бастағанын сезді. Жылыну үшін, терезесінен темір пештің қасында жүрелей отырған сатушының тек мұрны мен қызарған беті, жүн шәлісі ғана көрінген дүңгіршекті айналып жүгіре бастады.
Ақырында газет тасығыш терезенің желдеткішінен көптен күткен буманы берді де, артынша сатушы әйел Жоржға "Қаламұштың" бүктелген нөмірін ұстата салды.
Көзімен жүгіртіп, алғашында Дюруа өз атын таба алмады. Енді жайлана бергенде, кенет көзі екі сызықпен оқшауланған мақалаға түсті:
"Француз өмірінің" қызметкері құрметті Дюруа бекерлеме жазыпты, бірақ бекерлей отырып, ол тағы өтірік айтады. Әйткенмен ол Обер ханымның шынында да бар екенін және оны полиция агенті учаскеге алып барғанын мойындайды. Оған тек "полиция агенті" дегеннің алдына "әдеп" деген сөзді қосса, сонда бәрі де өз орнында болар еді.
Алайда кейбір журналшылардың ұяты өз дарынымен бір деңгейде болады.
Мен қолымды қоямын:
Луи Лангремон".
Дюруаның жүрегі қатты соғып кетті. Өз қылығының дұрыс-бұрыстығын ойлап жатпастан, ол қайта киіну үшін үйіне келді. Иә, тіл тигізді, тигізгенде де үнсіз қалуға мүмкін еместей қылып тигізді. Мұның бәрі неден басталды? Ештемеден де. Қайдағы бір кемпірдің ет сатушымен ұрсысып қалғанына бола.
Ол тез киінді де, әлі сегіз бола қоймағанына қарамастан, Вальтердікіне бет алды.
Вальтер оған дейін тұрып, "Қаламұшты" оқып та қойыпты.
— Сонымен, — деді, Дюруаны көргенде, салтанатты үнмен, — сіздің, әрине, шегінетін ойыңыз жоқ қой?
Дюруа ешқандай жауап қатқан жоқ.
— Бөгелместен Жак Ривальга жетіңіз, — деді қожайын, — ол сізге бәрін реттеп береді.
Түсініксіз бірдемелерді міңгірледі де, Дюруа фельетоншыға жөнелді. Ол әлі ұйықтап жатыр екен. Қоңырау оны қарғып тұруға мәжбүр етті.
— Сайтанның сапалағы! Оған баруға тура келеді, — деді мақаланы оқып болған соң ол. — Екінші төрешіге сіздің кімді алғыңыз келеді?
— Шынымды айтсам, білмеймін.
— Буаренарды алсақ, қайтеді? Сіз қалай ойлайсыз?
— Буаренар болса, Буаренар болсын.
— Семсермен сіз жақсы сайысасыз ба?
— Мүлдем білмеймін.
— Қап, сайтан алғыр! Ал пистолетпен атуға ше?
— Ептеп ата алам.
— Өте жақсы. Мен сіздің іспен айналысып біткенше сіз жаттыға тұрасыз. Бір минут күте тұрыңыз.
Ол өзінің әжетханасына өтіп кетті де, көп ұзамай жуынып, қырынып, жіптіктей боп киініп шықты.
— Кеттік! — деді сонан соң.
Риваль шағын жеке үйдің астыңғы қабатында тұрады екен. Ол Дюруаны көше жақ терезелері тас қылып жабылған үлкен жертөлеге алып келді — жертөле тирге және семсерлесетін залға айналдырыпты.
Ол жертөленің түкпіріндегі мұнан гөрі кішірек жаймен қосылып кеткен тұсқа дейін созылып жатқан газбен жанатын мүйізшамдар тізбегін жағып кеп жіберді, сонау түкпірде қызыл және көк түске боялған темір манекен тұр екен, үстелдің үстіне оқталатын жағын жоғары қаратып төрт пистолет әкеліп қойды, сонан кейін олар дәп бір атысатын жерде тұрғандай-ақ, үзіп-үзіп бұйрық бере бастады:
— Дайынсыз ба? Атыңыз! Бір, екі, үш!
Дюруа бозбала кезінде әкесінің ескі ағаш пистолетімен екпеге түскен құстарды талай атқан-ды, сонысы енді пайдаға асты: бағынып, еш сөзге келместен қолын көтерді, көздеді, атты және жиі-жиі манекеннің ішіне тигізді, атқан сайын Жак Ривальдің мақтауын да естіп жатты.
— Жақсы. Өте жақсы. Өте жақсы. Сіз жеңіске жетесіз.
Кетерінде ол мынаны айтты:
— Өстіп түске дейін ата беріңіз. Мә, оқтарыңыз, аямай ата беріңіз. Бірге тамақтану үшін, мен сізге келемін, сонда бәрін айтам.
Соны айтты да, ол шығып кетті.
Тағы бірнеше рет атқан соң Дюруа отырды да, ойға кетті.
— Дегенмен осының бәрі қандай сорақы! Бұл кімге қажет? Тек жекпе-жекте атысқаны үшін ғана жексұрын адам жексұрын болуын қоя ма? Әлдебір сұмырай ар-ұятыма тиді екен деп, өз кеудесін адал адам қандай қуанышпен оққа тосуы керек?
Оның ойлары көңілсіз жаққа бағыт алып кетті, ол Норбер де Вареннін ақыл-ойдың әлсіздігі, біздің идеяларымыздың түкке тұрмайтындығы, әрекеттеріміздің пайдасыздығы мен адамдардың мінез-құлқының мағынасыздығы туралы айтқандарын еріксіз есіне алды.
— Шайтан алғыр, оның айтқандары қандай шын! — деп, Дюруа дауыстап жіберді.
Оны шөл қысты. Бір жерде су тамшылап тұр; бұрылып қарады да, душты көрді, жақын келіп, құбырдың аузынан су ішті. Содан соң тағы ойға батты, жертөле қапас екен, көр сияқты қапас. Көшеден естіліп жатқан көліктердің дыбысы алыстан жеткен күннің күркіреуін еске түсіреді. Қазір сағат қанша болды екен? Мұндағы уақыт тамақ әкелетін адамның келуімен, кетуімен ғана өлшенетін түрмедегідей ұзақ екен. Ол ұзақ, өте ұзақ күтті.
Ақырында, міне, адамдардың жүргені, сөйлегендері естіліп, Буаренармен бірге Жак Риваль де келді.
— Бәрі реттелді! — деді ол сонадайдан.
Дюруа мұның бәрі кешірім сұраған хатпен-ақ аяқталатын шығар деп ойлаған. Жүрегі атқалақтап кетті.
— А-а!.. Сізге алғысымды айтам, — деді міңгірлеп.
— Бұл Лангремоның қорқақтар қатарынан емес екен, — деді фельетоншы сөзін жалғастырып, — біздің барлық шартымызды қабылдады. Жиырма бес қадам жерден бұйрық бойынша пистолета көтеріп ату. Қолды жоғарыдан төмен түсіргеннен гөрі, бұлай атқанда, қол әлдеқайда қатты болады. Қараңыз, Буаренар, қазір көресіз менікі дұрыс екенін.
Сөйдеді де, пистолета алып, қолды төменнен жоғары көтергенде, қарауыл сызығын сақтаудың оңай болатындығын көрсетіп атып-атып жіберді.
— Жүріңіздер, енді барып таңертеңгі тамағымызды ішейік, сағат тіпті бір болып қалыпты, — деді ол біраздан соң.
Олар жақын арадағы мейрамханаға барып тамақтанды. Дюруа тамақ жеп біткенше бірде-бір тіл қатпады: ол тек қорқып отыр деп ойламасын деп қана тамақ жеді. Буаренармен бірге саралқаға келгесін, күндегі әдеті бойынша ғана, бірақ бей-жай қалпы жұмысын істей берді. Бәрі оны ғажап ұстамдылық жасап отыр деп бағалады.
Талтүс кезінде Дюруаның қолын қысуға Жак Риваль кірді, олар таңғы жетіде төрешілермен бірге төрт кісілік көлікпен келетін болып келісті, содан кейін бәрі бірге кездесу өтетін Везине орманына барады.
Мұның бәрі оның қатысынсыз кенеттен болды, ешкім тіпті бұл жайында оның не ойлайтынына да қызықпады, ешкім бұдан келісетінін не келіспейтінін сұрап та әуре болған жоқ; оқиғаның жылдам дамығаны соншалық, ол әлі күнге дейін есін жинап, өзіне-өзі келіп, болып жатқан жағдайды талдап көрген емес.
Сенімді дос ретінде күні бойы қасынан бір елі шықпаған Буаренармен бірге тамақтанған соң, кешкі тоғызға таман Дюруа үйіне қайтты.
Жалғыз қалған соң, ол үйдің ана бұрышынан мына бұрышына дейін әрі тез, әрі кең адымдап бірер минут жүрді. Оның қатты толқығаны соншалық, тіпті еш нәрсе де ойлай алмады. Басында шегедей қадалған тек бір ғана ой: "Ертең жекпе-жек", — алайда ол да тек жауапсыз, бірте-бірте ұлғайып келе жатқан үрейден өзге ештеңе оята алған жоқ. Әйткенмен бірақ бұл солдат болды ғой, атты ғой бір кезде арабтарды, — әйтседе ол бұған үлкен қауіп төндірген жоқ болатын: өйткені ол қабан атумен пара-пар нәрсе еді.
Жалпы алғанда, бұл дұрыс істеді. Өзін жақсы жағынан көрсетті. Бұл жайында әңгіме қылады, мұны мақтайды, құттықтайды. Сол арада Дюруа адамдарда қатты жан сілкінісі кезінде болатын әдетпен қатты айқайлап жіберді:
— Қандай малғұн ол!
Сонан соң отырды да ойланды. Үстелдің үстінде қарсыласының өздерек кәртішкесі жатыр екен, оны Риваль оның қайда тұратынын білу үшін берген. Ол оны тағы оқыды, бұл жиырмасыншы рет: "Луи Лангремон, Монмартр көшесі, 176". Сол-ақ.
Ол әріптердің қатарына қарады, олар оған құпиялы, арам ойға толы көрінді. "Луи Лангремон" — ол өзі қандай адам? Жасы қаншада? Бойы қандай? Бет әлпеті қандай? Қайдағы бір кемпір өзінің ет сатушысымен ұрсысып қалғаны үшін, қайдағы бір бөтен, танымайтын адам кенеттен-кенет ештеңенің қарасы жоқ сенің жайбарақат, бейбіт өтіп жатқан өмір ағысыңды бұзып жібергені бұзақылыққа жатпай ма?
— Қандай малғұн! — деді ол тағы дауыстап.
Ол қозғалмай отырып, өздерек кәртішкесіне көз алмай қарады да, ойға шомды. Оның бойында осы бір алақандай қағазға деген ашулы ызасы өрши бастады және оған түсініксіз әлдебір ыңғайсыздық сезімі араласты. Қандай ақымақтық жағдай! Ол тырнақ алатын қайшыны алды да, әлдекімге қанжар сұғып жатқандай қимылмен қатырқаға жазылған кісі атын тескілеп тастады.
Сонымен, енді бұл жекпе-жекке шықпақ, және де пистолетпен! Неге семсерді таңдамады? Қолын тырнап кеткен жарақатпен-ақ құтылып кететін еді, ал мұның қалай бітетінін бір құдай білсін.
— Ал қане, басыңды салбыратпа! — деді ол өзіне.
Өз даусынан өзі селк ете қалып, ол жан-жағына қарады. Қанша дегенмен жүйкесі жұқарған екен! Бір стақан су ішті де, шешіне бастады.
Сонан соң жатты да, шамды өшіріп, көзін жұмды.
Үй іші әжептәуір салқын болғанмен, ол көрпенің астында қатты ыстықтап кетті, содан ақыры ұйықтай алмады. Қайта-қайта дөңбекши берді: бес минут шалқасынан жатты да, сол жамбасына аунап түсті, содан соң оңға.
Оның үстіне шөл де қинады. Түрегеліп су ішіп еді, сол арада бір мазасыздық биледі: "Бұл не, қорыққаным ба бұл?"
Бөлмеде күнде естіп жүрген сыбдырдан неге жүрегі атша тулап қоя береді? Қабырғадағы сағаттың серіппесі соғар алдында сәл тырс етсе, оның өне бойын діріл билеп, демалуға ауа жетпей, бірер секунд аузын ашып ауаны қармайды.
Кәдімгі психологша ол өз жағдайын егжей-тегжейлі талдай бастады: "Қорқам ба, жоқ па?"
Жоқ, әрине, қорықпайды, — оның өйткені аяғына дейін жетуге бел буған, шайқасам, жүрексіздік көрсетпеймін деген батыл ниеті бар. Алайда ол қатты толқып, өзіне-өзі еріксіз: "Адамды өз еркінен тыс та қорқыныш билей ала ма?" — деген сұрақ қоюға мәжбүр болды. Сол-ақ екен күдік, үрей, қорқыныш — бәрі бірден оған лап қойды. Егер оның жеке ырқынан басқа қуаттырақ, өктем, жеңімпаз күш олардан басым түссе, не болар еді? Иә, сонда не болар еді?
Әрине, ол соны қаласа, бұл атысуға барады. Ал егер қалтырай бастаса қайтеді? Егер есінен танып қалса ше? Бәрі мұның сол жекпе-жектегі іс-қылығына байланысты ғой: қол жеткен табыс та, бедел де, болашақ та.
Оны түсініксіз бір тілек биледі, орнынан тұрып, айнаға барып өзіне-өзі қарағысы келді. Шам жақты. Айнадағы өз бейнесіне қарап, ол өзін-өзі зорға таныды — құдды өзін бірінші рет көріп тұрғандай болды. Көзі тым үлкейіп кеткен тәрізденді; бозарыпты, боп-боз болып кетіпті, өте қатты бозарыпты.
Кенет бір ой атылған оқша сарт ете қалды: "Бәлкім, ертең тап осы кезде мен тірі де болмаспын". Тағы оның жүрегі өрекпи соғып кетті.
Ол кереуетке жақындап еді, сол сәт көз алдына бір сурет кенет келе қалды: қазір ғана орнынан тұрғанда ысырып тастаған көрпенің астында шалқасынан жатыр екен. Жүзі қуарған, құдды өлі адамдікіндей, сонан соң көзіне мәңгі семіп қалған қолының аппақтығы түсті.
Оған өз кереуеті қорқынышты көрінді, оған қарамау үшін, терезені ашып, сыртқа сұғына барып тұрды.
Сол сәтте-ақ ол қатты мұздап, тұншығып бара жатқан соң, терезеден тез шегініп кетті.
Оның ашық пешке от жаққысы келді. Асықпай, алаңдамай от жағуға кірісті. Бірдемеге тиіп кетсе болды, қолы қалтырап қоя береді. Ештеңені айқын ажыратпай, басын үзік-үзік, жалт етіп жоқ боп кететін жабырқау ойлар шырмап алды, мас адамдікінше басы мең-зең.
Ол қайта-қайта өзіне сұрақ қоюмен болды:
— Енді не істеуім керек? Менің жағдайым не болады?
Ол тағы бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, мән берместен бір сөзді қайталай берді:
— Мен өзімді ұстауым керек, қалай болғанда да өзімді ұстауым керек.
Біраз уақыт өткен соң кенет оған ой түсті: "Қалай-қалай емес, әке-шешеме хат жазуым керек".
Ол отырды да, алдына поштаның ақ қағазын жайып қойып жаза бастады: "Қымбатты папа және мама..."
Алайда бұлайша қарата сөйлеу дәл мынандай трагедиялық жағдай үшін жеткілікті салтанатты еместей көрінді. Ол парақты жыртып тастап, қайтадан бастады: "Қымбатты әкем мен шешем, ертең таңсәріде мен жекпе-жекке шығам, қалай-қалай емес, мүмкін..."
Аяғына дейін жазуға оның батылдығы жетпей, орнынан атып тұрып кетті.
Жекпе-жек жайындағы ой оны әбден титықтатты. Ертең ол межеге шығады. Басқа жол жоқ. Алайда мұның мына жағдайы не? Ол атысуға дайын, өзінің батыл ниеті мен батыл шешімінен ол айнымайды. Солай бола тұрса да өзін-өзі ол қаншалық қайрағанмен, оның жекпе-жек болатын жерге жетуге де шамасы келетін емес.
Кей кезде оның тісі-тісіне тимей сақылдап кетеді, — құрғақ және онша қатты емес дыбыс.
"Менің қарсыласым бұрын жекпе-жекке шығып көрді ме екен? — деп ойлады Дюруа. — Тирге барып жүрген адам ба екен? Жақсы ата ма екен? Оның жақсы ататынын жұрт біле ме екен?" Дюруа ол жайында ешқашан естімепті. Әйткенмен егер ол адам титтей де толқымастан, бір сөзге де келмей пистолетпен атысуға келісім берсе, онда оның бұл қауіпті қаруды тамаша меңгергені ғой.
Дюруа жекпе-жек кезінде өзінің және қарсыласының өзін-өзі қалай ұстайтынын елестетіп байқамақ болды. Жекпе-жектің әрбір ұсақ-түйегіне дейін болжап білмек боп әуреленді. Кенет оның көз алдына ішінен оқ ұшып шығатын жіңішке әрі терең тесік үңірейіп тұра қалды.
Сол сәт оны айтып жеткізе алмастай өкініш биледі. Бүкіл тұла бойы қалшылдай селкілдеп қоя берді. Айқайлап жібермес үшін, ол тістеніп шыдады, ақылынан айырылған адамша ол еденге аунап, қолына не түссе, соны жыртып, тістелеп тастауға әзір еді. Ашық пештің үстінде тұрған рөмкені көріп, шкап ішінде бір литрге жуық арағы бар екені есіне түсті (Дюруаның әскери қызмет кезінен әр күні таңертең "тамағын жібітіп" алатын әдеті қалған-ды).
Бөтелкені бас салып, дереу аузынан қомағайлана жұта бастады. Демі таусылғанда барып бөтелкені қайта орнына қойды. Арақтың үштен бірін бірден ішіп тастады.
Оттай ыстық бір ағын ішін қолма-қол күйдіріп, дереу тамыр-тамырына тарап, басын айналдырып жіберді, енді ол өзін мықты сезінді.
"Ақыры амалын таптым", — деп ойлады ол.
Өне бойы күйіп бара жатты, тағы терезені ашуына тура келді.
Күн аяз, тымық болатын. Сонау алыстағы ақшулан аспанда жұлдыздар семіп жатқандай, ал темір жолдың терең ор қапталында белгі беретін оттар бозаңдайды: жасыл, қызыл, ақ.
Деподан алғашқы паровоздар шықты да, ысқыра жылжып, алғашқы пойыздарға қарай бет алды. Таңғы тыныштықты қышқырығымен тілгілей шошытып, қыстақтағы тауықтарша алыстағы пойыздар да бір-біріне үн қосып жатыр.
"Бәлкім, мен енді қайтып мұны ешқашан көрмейтін шығармын", — деген ой Дюруаның басында жылт ете қалды. Бірақ ол дереу сілкініп, өзінде қайта оянып келе жатқан аяныш сезімін басып тастады: "Жетеді! Жекпе-жекке дейін дәнеңе де ойламау керек, тек сөйтіп қана еңсемді түсірмеуге болады".
Ол киіне бастады. Қырынып жатқанда тағы жүрегі бір тулап кетті: оның басына "мүмкін, айнаның алдында ең соңғы рет өзіме-өзім қарап тұрған болармын" деген ой сап ете қалды.
Әйткенмен арақтан тағы бір жұтым ішіп алып, ол өзінің жуынып-шайынуын аяқтады.
Соңғы бір сағат оған ең ауыр сағаттай сезілді. Ол өзінің толқынысын басу үшін, бөлменің ішінде ары-бері жүре бастады. Есік қағылған кезде ол, қатты толқығандықтан, жығылып кете жаздады. Төрешілер келді. Басталды!
Олар тон киіп келіпті.
Жак Риваль Дюруаның қолын қысты.
— Суық Сібірдікіндей. Ал жағдай қалай?
— Өте жақсы.
— Қобалжу бар ма?
— Түк те.
— Жарайды, онда бәрі дұрыс деген сөз. Сіз таңғы асыңызды іштіңіз бе?
— Иә, мен дайынмын.
Мынандай салтанатты жағдайдың құрметіне Буаренар кеудесіне шетелдің сары ала орденін қадап алыпты, — оның омырауынан Дюруа оны бірінші рет көрді.
Олар төменге түсті. Көлікте оларды бір бейтаныс мырза күтіп тұр екен.
— Доктор Лe Бриуман, — деп таныстырды оны Риваль.
— Ризашылығымды қабыл алыңыз, — деді Дюруа онымен бәсең үнде амандасып.
Ол алдыңғы орынға отыра берем дегенде, қап-қатты әлденені басып кетті де, серіппелі темірше қайта ыршып кетті. Ол пистолеттер салынған жәшік екен.
— Онда емес. Сайыскер мен дәрігер артта! — дегенді Риваль әлденеше қайталап айтты.
Не істеуі керегін Дюруа ақыры түсініп, дәрігердің қасына бар салмағымен отыра кетті.
Содан кейін төрешілер отырды да, аттар орнынан қозғалды. Атшы қайда барарын біледі екен.
Пистолеттер салынған жәшік бәріне кедергі жасап келеді, әсіресе Дюруаға, — оның тіпті ол жаққа қарағысы да жоқ. Жәшікті арт жаққа қойып көріп еді, — арқаларын соққылады, Риваль мен Буаренардың ортасына қойып еді — қайта-қайта құлап қала берді. Ақырында отырғыштың астына тығып барып тынышталысты.
Доктор анекдот айтып көрді, бірақ бәрібір оның да сәні болмады. Оған тек анда-санда Риваль ғана көңіл бөлгенсіді. Дюруа өзінің ұстамды екенін білдіргісі де келді, бірақ айтам деген ойымнан шатасып, іштей толқып келе жатқанымды аңғартып қоям ба деп қорықты. Оның үстіне оны кенет қалтырап қоя бермесем екен деген үрейлі ой да қинап келе жатқан.
Көлік көп ұзамай қаланың сыртына шықты. Таңғы тоғыздың шамасы болатын. Қыстың аязды таңында бар табиғат тұп-тұнық, хрусталдай мөлдір әрі шыңылтыр. Ағаштарды жапқан ақ қырау мұз боп қатқан тердің тамшылары секілді; тоң жер табанның астында тоңқылдайды; құрғақ ауада ақырын дауыс та алысқа кетеді; көгілдір аспан айнаша жалтырайды, сол аспаннан мұздаған жер бетіне өзінің салқын сәулесін төгіп, өзі де суық күн көз қаратпай, шағылысып көтеріліп келеді.
— Пистолеттерді мен Гастин-Ренетадан сатып алдым, — деді Жак Риваль Дюруаға қарап. — Бәрін өзі оқтап берді. Жәшіктің аузын мөрлеп жаптық. Алайда жеребе тастауға тура келеді, кімнің пистолеттерімен атысатындарың — біздікімен бе, олардікімен бе — сонда шешіледі.
— Рахмет, — деді Дюруа үйреншікті әдетпен.
Өз қамқорлығындағы адамның титтей де қате жіберіп қоймауын ойлап, Риваль оған егжей-тегжейлі нұсқаулар беріп жатты. Әр нұсқауын бірнеше реттен қайталады:
— "Дайынсыңдар ма?" — деп сұрағанда, "Иә!" — деп қатты айтыңыз. Қашан: "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, қолыңызды жоғары көтеріп, "Үш!" — деп айтып үлгіргенше пистолеттің құлағын басып үлгеріңіз.
"Қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, мен қолымды жоғары көтерем, — деді Дюруа іштей пысықтап, — қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, мен қолымды жоғары көтерем, қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде мен қолымды жоғары көтерем.
Ривальдің үйреткендері есінде мықтап сақталуы үшін, қашан жатталып қалғанша айтқандарын оқушыға ұқсап қайталай берді: "Қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, мен қолымды жоғары көтерем".
Орманға кірген соң күйме он жақтағы аллеяға түсіп, сонан соң тағы оңға бұрылды. Риваль шапшаң қимылдап есікті ашты да, айдаушыға:
— Былай, мына жолмен жүр, — деді.
Ол тоғайдың ортасымен созылып жатқан таптаурын жол екен; ағаштардың басында қураған жапырақтар мұз шаша қалтырайды.
Дюруа әлі іштей өзіне-өзі күбірлеп келе жатты:
— Қашан "Атыңдар!" — деп бұйырғанда, мен қолымды жоғары көтерем.
Күйме аударылып кетсе, бәрі де біте қалар еді-ау деген ой кенет оған сап ете қалды. Күймеден құлап түсіп, аяғын сындырып алса ғой — қандай тамаша болар еді!..
Бірақ ол сол сәтте алаң шетінде тұрған күймені, әріректе жер тепкілеп жылынған төрт еркекті байқады. Кенет дем ала алмай қалғандықтан, оған дереу аузын ашуға тура келді.
Әуелі төрешілер, олардың соңын ала дәрігер мен Дюруа шықты. Риваль пистолеттерді жәшігімен көтерді де, Буаренармен бірге екі бейтанысқа қарай жүрді. Дюруа бәрін көріп тұрды, олар бір-бірімен сәндене бас иіп амандасты да, жерден ұшып шыққан немесе жерге құлап түскен әлденені іздегендей біресе аяқтарының астына, біресе ағаштардың басына қарап, төртеуі алаңмен алдыға қарай жүрді. Содан кейін арақашықтықты санады да, тоң жерге екі қазықты күшпен зорға кіргізді. Одан кейін қайта жиналып, құдды бір тиын лақтырып ойнап жатқандай қимылдар жасасты.
— Сіз өзіңізді жақсы сезініп тұрсыз ба? — деп сұрады Лe Брюман Дюруадан. — Сізге ештеңе қажет емес пе?
— Жоқ, ештеңе қажет емес, рахмет.
Дюруа өзін ақылынан адасқан адамдай сезінді, түс көріп тұрған секілді; құдды қияли дүниені кезіп келгендей, жан-жағынан өңкей бір адам білмейтін бірдемелер қаумалап алғандай.
Қорыққаны ма? Сірә, солай-ау! Оны өзі де білмепті. Айналасының бәрі басқаша боп өзгеріп кетіпті.
Жак Риваль қайтып келді де, риза пішінмен құлағына сыбыр етті:
— Бәрі дайын. Пистолеттерден біздің жолымыз болды.
Дюруаға оның енді мүлде бәрібір еді.
Оның пәлтесін шешіп алды. Ол қарсыласқан жоқ. Әмиянмен, тағы сол секілді әлденелермен қорғанып алмағанына көз жеткізу үшін, сүртігінің қалталарын сипап тексерді.
"Қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, мен қолымды жоғары көтерем", — деді ол дұға қылғандай қайталап.
Содан кейін оны жерге кіргізген бір таяқтың қасына әкелді де, қолына пистолет сұға салды. Тек сол кезде ғана ол қарсы алдында, тым жақын жерде көзілдірікті жуан қарын жалтырбас біреу тұрғанын байқады. Оның қарсыласы сол еді.
Ол оны өте анық көрді, бірақ ойы басқада болды: "Қашан "Атыңдар!" — деп бұйрық бергенде, мен қолымды жоғары көтерем де, пистолеттің құлағын басып үлгерем". Орманның өлі тыныштығын алыстан естілгендей әлдекімнің даусы тұтқиыл бұзып жіберді:
— Дайынсыңдар ма?
— Иә! — деді Жорж айқайлап.
— Атыңдар! — деп бұйырды әлгі дауыс.
Дюруа одан арғы ештеңені де аңғарған жоқ, ажыратпады, түсінбеді, тек қолын көтергенін және бар күшімен пистолеттің құлағын басып жатқанын ғана сезді.
Бірақ құлағы түкті де естімеді.
Алайда ол өз пистолетінің аузынан шыққан түтінді бірден байқады. Қарсы алдында тұрған адам да қозғалған жоқ, тұрысын өзгертпеді және оның да бас жағында ақ бұлт дөңгеленіп тұрды.
Екеуі де атты, бәрі бітті.
Төрешілер мен дәрігер оны тексеріп, сипалап, киімінің түймесін ағытып қарап, дауыстары дірілдей сұрады:
— Сіз жараланған жоқсыз ба?
— Жоқ, жараланбаған сияқтымын.
Лангремон де аман-сау екен.
— Бұл қарғыс атқыр пистолеттер ылғи осылай, — деді Риваль ренжіп, — не тимейді, не сеспей қатырады. Жексұрын қару!
Дюруа қозғалмады. Қуаныштан әрі таңғалғаннан оның денесі жансызданып қалғандай... "Жекпе-жек аяқталды!" Ол әлі қолында қысып ұстап тұрғандықтан, пистолетті одан күшпен алуға тура келді. Ол енді өзін бүкіл жарық дүниемен күш сынасудан қаймықпастай көрді. Жекпе-жек аяқталды. Қандай бақыт! Оның батыр боп кеткені соншалық, дәл қазір кіммен де болса атыса кетуге әзір еді.
Төрешілер бірнеше минут әңгімелесті де, хаттама жасау үшін бүгін жиналатын боп келісті, содан кейін бәрі көліктеріне қайта міністі, атшы мұртынан күліп қамшысын үйірді.
Біраз уақыттан кейін екі төреші, Дюруа және дәрігер мейрамханада таңертеңгі тамақтарын ішіп отырып жекпе-жек жайын әңгіме етті. Дюруа өз жағдайын былай суреттеді:
— Мен түк те толқығам жоқ. Түк те. Сірә, бәрің оны өздеріңіз де көрген боларсыздар?
— Иә, сіз өзіңізді жақсы ұстадыңыз, — деді Риваль қоштап.
Дюруаның қолына хаттама сол күні тиді, — ол оны хроникаға қосуы керек-ті. Оның "Луи Лангремон мырзамен екі оқ арқылы сөйлескені" таңғалдырды, сондықтан ептеп ыңғайсызданып Ривальден сұрады:
— Біз бір-бір оқтан ғана шығармадық па?
Риваль мырс етті.
— Иә, бір-бірден... әрқайсың — бір-бірден, демек барлығы екеу.
Ривальдің түсіндіруі Дюруаны қанағаттандырды, сондықтан ол одан ары қазбаламады.
Вальтер қарт оны құшақтап:
— Браво, браво, — деді, — сіз "Француз өмірін" ұятқа қалдырмадыңыз, браво!
Кешкісін Жорж ең ықпалды газеттер мен ең салтанатты мейрамханаларға көрініп шықты. Ол өзінің қарсыласымен екі мәрте ұшырасып қалды. Сірә, ол да өзін көрсетіп шығуды жөн санаған болу керек. Екеуі бір-біріне бас иіспеді. Екеуінің бірі жараланғанда ғана олар бір-бірінің қолын алуға тиіс еді. Әйткенмен екеуі де бастарынан оқтың ысқырып өткенін естідік деп ант-су ішісті.
Ертесі он бірлердің шамасында Дюруа "көгілдір қағаз" алды:
"Құдайым-ай, сен үшін қалай қорыққанымды сұрама! Тездетіп "Константинопольге" жет, сені сүйіп алғым келеді, қуанышым менің. Батырым менің!
Сені шексіз құрметтейтін Кло".
Ол кездесуге келгенде, Кло оның құшағына ұмтыла кіріп, бет-аузын түгел сүйіп шықты.
— Қымбаттым менің, бүгінгі газеттердің мені қаншалық толқытқанын білсең ғой! Ал қане, айтшы бәрін! Ең басынан баста. Менің қалай болғанын білгім келеді.
Ол оған бәрін бүге-шүгесіне дейін айтып беруге мәжбүр болды.
— Жекпе-жектің алдында сенің қандай қиямет түнді бастан кешкеніңді шамалаймын! — деді әйел айқайлай таңданып.
— Жоқ. Мен жақсы ұйықтадым.
— Мен сенің орныңда болсам, кірпігімді ілмес едім. Ал жекпе-жектің өзі қалай өтті?
Ол сол арада қолма-қол драмалық көрініс ойлап тапты:
— Біз бір-бірімізге жиырма қадам жерде қарама-қарсы тұрған кезде, — арақашықтығымыз осы бөлмеден бар-жоғы төрт есе ғана қашық қой, — Жак бізден: "Дайынсыңдар ма?" — деп сұрады да, "Атыңдар!" деп бұйрық берді. Сол секунтте-ақ мен қолымды жоғары көтеріп, содан тура алдыма қарата дәл оның басын көздедім, — менің қателігім сол болды. Маған құлағы қатты пистолет тап келіпті, ал мен жұмсағына үйренгем, — нәтижесінде құлақтың қаттылығынан менің оғым қиғаш кетті. Дегенмен мен оған сәл-сәл ғана тимей қалдым. Ол да өте жақсы атады екен, оңбаған. Оғы самайымды шарпып өтті. Мен оның желпіген лебін сездім.
Дюруаның тізесінде отырып, дәл бір оған төнген қауіпті тең бөліскісі келгендей, Марель ханым оны құшағына қатты қысты.
— Ой, байғұсым-ай, байғұсым-ай менің, — деп сыбырлады әйел.
Ол әңгімесін айтып біткен кезде, Марель ханым айқайлап жіберді:
— Білесің бе, мен енді сенсіз өмір сүре алмаймын! Менің сенімен жолығысуым қажет, бірақ әзірше күйеуім Парижде жүргенде ол мүмкін емес. Таңертең мен бір сағатқа шығып кетіп, сені әлі төсектен тұрмай жатқан кезде жүгіріп барып бір сүйіп кетер ем, бірақ сенін құбыжық үйіне мен бармаймын. Сонда не істеу керек?
Дюруаның басына бір сәтті ой сап ете қалды да:
— Сен мұнда қанша төлейсің? — деп сұрады.
— Айына жүз франк.
— Онда былай: мен осы бөлмелерге орналасам және олар үшін өзім төлеймін. Менің бұрынғы пәтерім енді маған ұнамайды.
— Жоқ. Мен қарсымын, — деді әйел бір сәт ойланып барып.
Дюруа таңғалды:
— Неге?
— Сол...
— Оның жауап емес. Маған бұл жер өте ұнайды. Сөз бітті. Мен орналастым. Оның үстіне пәтер менің атыма жалданған ғой, — деді күліп.
Әйел де өз айтқанынан танбады:
— Жоқ, жоқ, мен келіспеймін...
— Ал неге, айтшы?
Әйел оның құлағына еркелей сыбыр етті:
— Себебі сен мұнда әйелдерді әкелесің, ал мен оны қаламаймын.
Дюруа бұлқан-талқан болды:
— Ешқашан, еш жағдайда да өйтпеймін! Уәде берем.
— Жоқ, сөйтесің.
— Ант ішем...
— Шын ба?
— Шын. Шын сөзім. Бұл үй біздікі, басқа ешкімдікі де емес.
Әйел оны құшырлана құшақтады.
— Жарайды, жаным. Бірақ біліп қой: егер сен мені бір рет те болса алдасаң, бір-ақ рет, — онда екеуміздің арамыздағының бәрі бітеді, мәңгі.
Дюруа әйелді тағы иландырды, ант ішті, ақырында екеуі келісті, Дюруа бүгін-ақ көшіп келеді, ал Марель ханым жол үсті оған тез кіріп-шығып тұратын болды.
— Қалай болғанда да ертең біздікіне түстенуге кел, — деді Марель. — Күйеуім сені қатты ұнатып қалыпты.
Дюруа оған масаттанып қалды.
— Қалайша! Шынында ма?..
— Сен оны сиқырлап алдың. Айтпақшы, сен маған ауылда өстім демеп пе ең, жекеменшік жерде, солай ғой?
— Иә, солай, несі бар?
— Демек сен ауыл шаруашылығынан сол де болса бірдеңе білесің ғой?
— Әрине.
— Онда сен онымен бақша егу жайында, егіс туралы әңгімелес, ол соны сұмдық жақсы көреді.
— Жақсы. Сөз жоқ, сөйтемін.
Жекпе-жек әйелдің Дюруаға деген нәзік сезімін оятып, кетерінде оны басы-көзінен түк қалдырмай сыпыра сүйді.
Газет саралқасына келе жатып Дюруа Марель ханым туралы ойға шомды:
"Қандай таңғаларлық адам! Өмірінде құсқа ұқсап ұшып-қонады да жүреді! Оның ойына не келетінін, талғамына не татитынын ешқашан алдын ала таба алмайсың! Қандай күлкіңді келтіретін ерлі-зайыптылар! Ана қарт пен мына алақұйын әйелді қосу тентек тағдырға не үшін қажет болды екен? Темір жол ревизорын мынандай еш нәрседен тайынбайтын әйелге үйлендірген қандай күш болды екен? Жұмбақ! Кім білсін! Бәлкім, махаббат шығар?
Қалай болғанда да, — деп ойын түйіндеді ол, — ашыналыққа таптырмайтын әйел. Оны қолдан шығарып алу - — нағыз ақымақтық".
VIII
Жекпе-жек Дюруаны "Француз өмірінің" машықты фельетоншыларының дәрежесіне көтеріп кетті. Оған жаңа тақырыптар табу үшін ешқашан таусылып бітпейтін күш-қуат қажет болғандықтан, ол енді француздардағы әдептіліктің құлдырауы, жаппай азғындау, патриоттық сезімнің әлсіреуі және ұлттық мақтаныштың анемиясы сияқты айқайлап тұратын тіркестер бойынша маманданып алды. ("Ұлттық мақтаныштың анемиясы" деген тіркесті ол өзі ойлап тапты және соған өте риза боп жүрді).
Өзінің шүбәшіл, күлкілі әрі кекесінді париждік мінезімен ерекшеленетін Марель ханым оның ұзақ асқақ сөздерін әлдебір дәл айтқан бір ауыз сөзбен-ақ быт-шыт ете салғанда:
— Ештеңе етпейді. Маған бұның болашақта қажеті болады, — деп, Дюруа жымиып қана қоя салатын.
Ол қазір Константинопольде тұрады; мұнда ол өзінің шамаданын, шөткісін, ұстарасы мен сабынын алып келген-ді, — оның көшіп келуінің бар болған-біткені сол болатын. Ол әлі төсегінен тұрмай жатып екі-үш күнде бір оған Марель ханым асығыс келіп кетеді; жылынып үлгерместен, жылдам көрпенің астына кіріп кету үшін, тез-тез шешініп, содан біразға дейін дірілін баса алмай жататын.
Әр бейсенбі сайын Дюруа Марель ханымдікінен тамақтанып, күйеуінің көңілін табу үшін, онымен ауыл шаруашылығы жайында әңгіме қозғап қайтады. Өзі де ауылды өте жақсы көргендіктен, кейде әңгіменің қызығына батып кетіп, диванда қалғып отырған әйелді есінен шығарып та алады.
Бірде әкесінің, бірде Сүйкімді досының тізесіне отырып, Лорина да ұйықтап қалады.
Журналшы шығып кеткен соң, Марель мырза өзінің кәдімгі әр нәрсе жайында айта беретін ақылгөй даусымен міндетті түрде атап өтеді:
— Өте сүйкімді жігіт. Ақыл жағынан да өте жақсы дамыған.
Ақпанның аяғы болатын. Таңертең көшедегі гүл сататын арбашықтардың маңынан шегіргүлдің иісі де шыға бастаған.
Дюруа бұлт үйірілмеген бақыттың қызығына батып жүрді.
Бір күні кешкісін үйіне оралғанда, есікке қыстырылған хатты байқады. Мөр-таңбасында: "Канн" деген жазу тұр. Хатты ашып: "Канн, "Ару" вилласы" деген жазуды оқыды.
"Қымбатты дос! Барлық жағдайда да маған сеніңіз деген сөзіңіз есіңізде ме? Енді, міне, мен сізден өзіңіздің тыныш өміріңізді бұзуды сұрап отырмын; келіңізші, өмірінің соңғы сәтінде өлейін деп жатқан Шарльдің жанында мені жалғыз қалдыра көрмеңізші. Ол әлі бөлмеде жүріп жүргенмен, маған дәрігер оның шамамен аптадан артық өмір сүрмейтінін ескертті.
Сол ақырғы сәттерге дейін күні-түні қарауға менің күшім де, батылдығым да жетпейді. Сол соңғы минуттер жайында аса қорқынышпен ойлаймын. Күйеуімнің туыстары жоқ; менің сізден басқа жөнімді айтатын ешкімім жоқ. Ол сіздің жолдасыңыз; сізге газеттің есігін ашып берген — сол. Келіңізші, жалынам сізге. Менің шақыратын басқа адамым жоқ.
Сіздің сенімді досыңыз Мадлена Форестье".
Дюруаның жан дүниесін әлдебір түсініксіз сезім жел тербегендей тербеп өтті, ол азаттық сезімі, алдынан ашылған кеңістікті түйсінуі еді.
— Әрине, барамын, — деді күбірлеп. — Байғұс Шарль! Адамның өмірі деген, міне, осы!
Форестье ханымның хатын ол қожайынға көрсетіп еді, ол біраз бұрқылдады да, бірақ ақырында келісті.
— Тек тез қайтыңыз, сіз бізге қажетсіз, — деді Вальтер бірнеше рет қайталап.
Ертесі ерлі-зайыпты Марельге жеделхат салып жіберді де, Жорж Дюруа сағат жетідегі жедел пойызбен Каннға аттанып кетті.
Ол бір тәулікке жуық жүріп, кешкі төртке таман жетті.
Қарсы алушы оны "Ару" вилласына алып келді, вилла Каннан Жуан бұғазына дейін созылған қарағайлы орманның ақ үйлер сеуіп қойғандай тау етегіне салыныпты.
Форестьелер итальяндарша салған аласа шағын үйді жалдапты; үй ағаш арасымен бұралаңдап жатқан және әр бұрылысында ғажап көріністері көз тойдырған жолдың жағасында екен.
Есікті малай ашты.
— А-а, мырза, келіңіз! — деп айқайлап жіберді ол. — Форестье ханым сізді асыға күтіп отыр.
— Форестье мырзаның жағдайы қалай? — деп сұрады Дюруа.
— Еш мәз емес, мырза! Оған онша көп қалған жоқ.
Дюруа кірген қонақ бөлменің қабырғасы көгілдір өрнек салынған қызғылт шытпен қапталыпты. Дәу кең терезеден қала мен теңіз көрініп тұрды.
— Оһо, қатқан саяжай! — деді Дюруа таңданып. — Шайтан алғырлар, осыншама ақшаны қайдан табады бұлар?
Көйлектің сусылы оны жалт қарауға мәжбүр етті.
Форестье ханым оған қолын ұсынды:
— Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды! Қандай жақсы!
Дюруа күтпеген жағдайда әйел оны құшақтай алды. Сонан соң екеуі бір-біріне қарады.
Әйел ептеп жүдепті, бозарыпты, бірақ бұрынғысынша әлі жас көрінеді, тіпті, бұрынғысынан жақсы боп, кеудесі көз тарта түсіпті.
— Білсеңіз, ол өте қорқынышты жағдайда, — деді әйел сыбырлай сөйлеп, — санаулы күні қалғанын ол біліп жатыр, сол мені сұмдық қинайды. Мен оған сіз келді деп айттым. Ал сіздің шамаданыңыз қайда?
— Мен оны вокзалға қалдырып кеттім, — деді Дюруа, — сіздерге жақынырақ жерге орналасу үшін, сіз менің қай қонақ үйге орналасқаныма кеңес беретініңізді білмедім ғой.
— Осында қалыңыз, біздің қасымызда, — деді әйел біраз шешімсіздіктен кейін. — Айтпақшы, сізге бөлме дайындалып та қойған. Оның кез келген минутте қайтыс болып кетуі мүмкін, егер ондай жағдай түн ішінде болса, онда мен мүлде жалғыз қалам ғой. Мен сіздің заттарыңызды алып келуге адам жұмсайын.
Дюруа тағзым етті.
— Сіздің дегеніңіз болсын.
— Ал енді жоғарыға барайық, — деді әйел.
Ол әйелдің соңынан ілесті. Екінші қабатқа көтеріліп, әйел есікті ашты, Дюруа қарсы алдынан көрпеге оранған тірі өлікті көрді: кешкі шапақтың сәулесінде қан-сөлсіз Форестье терезе түбіндегі креслода бұған қарап отыр еді. Оның өз досы екендігін Дюруа тек жорамалдады, — ол соншалық өзгеріп кетіпті.
Бөлменің ішін адам терінің, дәрінің, эфирдің, шайырдың иістері жайлап алыпты — иіс болғанда да құрт ауруымен ауырған адамның демін сіңірген бөлменің тыныс тарылтқан, айтып жеткізуге болмайтын иісі.
Форестье баяу, қинала қолын көтерді.
— А, сенсің бе? — деді. — Менің қалай өлетінімді көруге келдің бе? Рахмет.
— Сенің қалай өлетініңді көруге ме? — Дюруа өзін зорлап зорға күлді: — Ол соншалық сонау Каннан келуге татитындай көңілді көрініс емес қой. Менің аз да болса демалғым келді және сенің көңіліңді сұрай кетейін дедім.
Форестье сыбырлаған үнмен:
— Отыр, — деді де, басын төмен салып, мұңдана ойланып қалды.
Ауру жиілеп, үзік-үзік дем алады; кейде ол өзінің қалай қиналғанын айналасындағылардың есіне салғысы келетін секілді, сонда кеудесінен ыңқылмен бірге демі де шығып жатқан тәрізді.
Оның әңгімені одан әрі жалғастырмайтынын байқап, Форестье ханым терезенің астыңғы жақтауына асылды да, иегімен көкжиекті нұсқады:
— Қараңызшы, қандай әдемі!
Бұлардың қарсы алдында баурайына виллаларды жапсырып алған тау жотасы жағаны тағаша қаусырып жатқан қалаға жетіп еңістепті; оң жақта, айлақтың үстінде көне мұнараға дейін қаланың ескі бөлігі асқақтайды, ал сол жағы Круазет мүйісіне, дәл Лерен аралдарының тұсына барып тұйықталады. Көкпеңбек судың ортасында ол аралдар екі жап-жасыл даққа ұқсап ерекше көрінеді. Оларды жүзіп жүрген орасан дәу жапырақ деп қалуға да болар еді, өйткені жоғарыдан қарағанда, олар теп-тегіс боп көрінеді.
Ал сонау алыста, бұғаздың ар жағында, айлақ пен мұнараның үстін ала көкжиекті көмкере алаулаған аспанда тау жотасының ұзын көгілдір тізбегі таңғажайып сызықпен айшықтанып көрінеді: жотаның найзадай үшкірі, иілгені, дөңгелегі; етегін ашық теңіздің толқыны жауса, басы пирамидаға ұқсаған жартаспен аяқталып жатқаны да бар.
— Анау Эстерель, — деп түсіндірді Форестье ханым.
Тау шыңдарының теріскей жағындағы қан жалатқандай сарғылт аспан жалтылдап көз қаратпайды.
Батып бара жатқан күннің алаулаған көрінісі Дюруаны еріксіз таңдантты.
— О-о! Міне ғажап! — деді күбірлеп. Өз таңданысын білдіруге басқа бейнелі сөз аузына түспеді.
Форестье әйеліне көзін аударып:
— Менің таза ауа жұтқым келеді, — деді.
— Қарасаңшы, қазір кеш қой, күн батып барады, — деді әйелі құптамай, — тағы суық тиіп қалар, оның саған мүлдем пайдасы жоқ екенін өзің де білуге тиіссің ғой.
Форестье, сірә, жұдырығымен қойып қалмақ болған сияқты, алайда оның орнына оң қолын әлсіз ғана әрі шыдамсыздықпен жыбырлатты да қойды, ал ызалы кіжіністен бет-аузы тыржиып өзгеріп кетті, өлейін деп жатқан адамның тістенісі оның семіп қалған ернін, суалған жағы мен солпиған бет сүйегін одан бетер айқындап көрсетті.
— Тұншығып барам дедім ғой саған, — деді ол қырылдап, — бір күн бұрын өлем бе, бір күн кеш өлем бе, саған бәрібір емес пе, ақыры өлетінім айқын ғой.
Форестье ханым терезені айқара ашып тастады.
Самалдың лебінен үшеуі де еркелеткендей әсер алды. Бұл леп тау баурайында өскен гүлдер мен ағаштардың бас айналдыратын жұпар иістерін сіңірген жұмсақ, жылы, жалаңаштап сипағандай жазғытұрғы жел еді. Оның ішінен майқарағайдың өткір иісі мен аршаның хош иісі айрықша аңғарылады.
Форестье ауаны асығып алқына жұтты.
Кенет артынша-ақ креслоның тұтқасын шеңгелдей ұстап, ысқырған ызалы қырылмен:
— Жап терезені, — деді. — Мені одан бетер құртты. Жертөлеге барып өлгенім артық шығар осы.
Форестье ханым терезені ақырын жапты да, әйнекке маңдайын тіреп тұрып, алысқа көз тастады.
Дюруа өзін ыңғайсыз сезініп, ауруға әл-қуат беру үшін, онымен сөйлескенді жөн көрді.
Бірақ ол оны жұбататындай жөнді ештеме ойлап таба алмады.
— Саған бұл ара жақпады ма? — деді күңкілдеп.
Форестье тыржың етіп, иығын күрсіне қиқаң еткізді.
— Көріп тұрсың ғой, — деді де, тағы басын салбыратып жіберді.
— Сұмдық-ай десеңші! Париждегіден бұл ара қаншалық жақсы! Онда қазір қақаған қыс. Қар, жауын, бұршақ; сағат үште онда әбден түн, шам жағуға тура келеді.
— Саралқада қандай жаңалық бар? — деп сұрады Форестье.
— Ешқандай. Сен ауырып қалған соң орныңа әлгі аласа бойлы Лакренді шақырған. Бірақ ол әлі піспеген. Сен өзің қайта оралуың керек!
— Мен бе? — деді ауру әрең сөйлеп. — Мен енді мақалаларымды жердің астында, алты фут тереңдікте жатып жазам ғой.
Қоңыраудың жиілігіндей ырғақпен осы бір жабысқақ идея оған қайта-қайта орала берді, оның әрбір ескертпесі мен әрбір сөзіне қисынды-қисынсыз қыстырыла беретін болды.
Ауыр әрі терең үнсіздік орнады. Күннің батар кездегі өрті бірте-бірте бәсеңдей берді, алқызыл аспанның аясындағы таулар да қараңғылық құшағына еніп қарая бастады. Түннің хабаршысы саналатын қараңғылық бөлмелерге енгенде, әлі де сөніп бара жатқан жалынның жарқылын сақтап, қабырғаларды, бұрыш-бұрышты, түсқағаздар мен жиһаздарды сиякөк пен қарақошқыл араласқан түспен бояп қойғандай. Ашық пештің үстінде сыртты көрсетіп тұрған айна қанды даққа ұқсайды.
Форестье ханым бетін терезеге басқан күйі қозғалмастан тұра берді.
Кенет Форестье үзік-үзік, тұншыққан, жан қинаған дауыспен сөйлеп қоя берді:
— Маған тағы қанша рет күннің батқанын көруге жазды екен?.. Сегіз... тоғыз... он бес, жиырма, бәлкім, отыз, — бірақ одан көп емес... Сендердің әлі уақыттарың бар... Ал мен үшін бәрі бітті... Бәрі өз ретімен өте береді... Мен өлген соң да, — дәп сол менің тірі кезімдегідей... Қай нәрсеге қарасам да, — деді аз үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғастырған Форестье, — бәрі менің бірнеше күннен кейін ештеңені де көрмейтінімді еске салады... Ештеңені... тіршілікте бар нәрсенің ешбірін... ең қарапайым нәрселерді... стақандарды... тақсыларды... демалғанға қолайлы кереуеттерді... көліктерді көрмеу қандай қорқынышты. Кешкісін көлікпен қыдырған қандай рақат... Мен оны өте жақсы көруші ем!
Күйсандықта ойнағандай оның саусақтары креслоның тұтқышы бойымен тез-тез әрі қалтырай жүгіріп өтті. Оның сөзінен гөрі үндемей кідіріп қалғаны қатты әсер етті, — сол сәт оның өте үрейлі нәрселерді ойлайтыны сезіліп тұрды.
Дәл осы арада Норбер де Вареннің өткенде айтқаны Дюруаның есіне түсті: "Қазір менің өлімді өте жақын арадан көретінім соншалық, кейде қолымды созып, оны итеріп жібергім келеді. Мен оны барлық жерден көрем. Жол үстінде жаншылып қалған шыбын-шіркей, қураған жапырақ, досымның сақалына түскен ақ — бәрі менің жүрегімді жаралайды және бәрі де: "Ол — міне!" — деп айқайлап тұрғандай".
Ол кезде бұл оны ұқпаған; қазір, Форестьеге қарап тұрып, ұқты. Оның өне бойын бұрын бастан кешіп көрмеген бір жабырқау күй басты: кенет оған жап-жақын қол созым жерде, ауру қиналып отырған креслода сұмпайы құбыжықтай өлім тығылып жатқандай боп көрінді. Ол тұра caп бұл арадан кетпек болды, қашып, мүмкіндігінше Парижге тезірек оралғысы келді! О, бұлай боларын білгенде, Канн қаласына біреу айдаса да келмес еді!
Әлі өлмеген адамның үстіне жауып қойған кебін құсап түн қараңғылығы ақырын-ақырын бүкіл бөлмені қымтап алды. Тек терезені және оның жарық сұлбасында қозғалмай тұрған жас әйелдің бейнесін ғана байқауға болады.
— Немене, мен бүгін шам көрмеймін бе? — деді Форестье шамдана сөйлеп. — Осы да ауруды күту деп санала ма?!
Терезенің алдыңдағы қараңғы бейне жоқ болып кетіп еді, соның артынша үйдің тыныштығын бұзып кілт қоңырау соғылды.
Сәлден соң малай кіріп, ашық пештің үстіне шам қойды.
— Жатасың ба, жоқ төменге тамақтануға барасың ба? — деді күйеуіне Форестье ханым.
— Төменге барам, — деді күйеуі сыбырлай сөйлеп.
Үшеуі тамақты күтіп бір сағаттай қозғалмай отырды, құдды ұзақ үнсіздік әлдебір қауіпті, қауіп болғанда да құпия қауіпті бүркемелеп тұрғандай көрініп, мына өлім жайлаған бөлмеде — сол бөлменің тыныштығымен бірге қатып қалмас үшін, олар анда-санда үзік-үзік, түкке де қажеті жоқ сөздерді айтып отырысты.
Ақыры ауқаттану да басталды. Дюруаға ол ұзақ, ұзақ болғанда да ұшы-қиыры жоқтай болып көрінді. Бәрі үндемей, дыбырын білдірмей жеді, сонан соң бәрі нанды саусақтарымен домалақтап отырды. Өкшенің тақылы да Шарльді тыжырынта берген соң, жұмсақ туфли киген малай тамақ бергенде білінбей кіріп, білінбей шығып жүрді. Тыныштықты тек сағаттың тықылдаған біркелкі дыбысы ғана бұзып тұрды.
Тамақтан кейін Дюруа шаршағанын сылтауратып, өз бөлмесіне кетіп қалды. Ол терезенің төменгі жақтауына асыла тұрып толған айға қарады: өлеусіреген бозғыл сәулесін виллалардың аппақ қабырғаларына төгілтіп, теңіздің бетіне жұп-жұқа, діріл қаққан жалтырақ қабыршағын шашыратып тұрған ай құдды алып дөңгелек шам тәрізді. Дюруа қайтып кетудің нанымды амалын қарастыра бастады, — Вальтер шақырып жатыр, жеделхат алдым деп пе, сол тәрізді сан алуан сылтау ойлап табуға кірісті.
Бірақ ертесі таңертең қашу жоспарының бәрі оған орындалмастай болып көрінді. Форестье ханымды бәрібір алдай алмайды, берілгендігі үшін алатын алғыстан тек өзінің қорқақтығына бола құр қалады. "Әрине, бұл көңілді жағдай емес, — деді ол өзін жұбатып, — алайда ештеңе етпейді, өмірде жайсыз жағдайлар бола береді. Оның үстіне бұл жағдай, сірә, созыла бермес".
Оңтүстіктің бақыттан жүрегің тоқтап қала жаздайтын, жер-әлемді көгілдір ауа кернеген күндерінің бірі еді. Форестьелердің қасында отыруға әлі үлгерем ғой деп, Дюруа төменге, теңізге қарай аяңдаған.
Ол таңертеңгі тамағын ішуге оралғанда, малай оған:
— Дюруа мырза! Форестье мырза сізді жаңа сұрап еді, — деді. — Дюруа мырза, Форестье мырзаға кіріп шыққаныңыз жөн болмас па екен?
Ол жоғарыға көтерілді. Форестье креслода қалғып отырғандай көрінді. Әйелі диванда кітап оқып жатыр екен.
Ауру басын көтерді.
— Бүгін қалайсың? — деді Жорж. — Түрің жақсы сияқты ғой.
— Иә, жақсымын, — деді Форестье сыбырлай сөйлеп, — бүгін өзімді мықтырақ сезініп тұрмын. Мадлена екеуің тезірек тамақтарыңды ішіңдер, — біз қыдырып қайтамыз.
— Көрдіңіз бе? Бүгін ол өзін дені сау адамдай сезінеді, — деді Форестье ханым Дюруа екеуі оңашаланғанда. — Таңертеңнен бері жоспар құрумен әлек. Қазір біз Париждегі үйімізге ыдыс-аяқ сатып алу үшін Жуан бұғазына бармақпыз. Ол қайткенде де баруымыз керек дейді, ал мен бір нәрсе болып қала ма деп сұмдық қорқам. Жолдың селкіліне ол шыдай алмайды.
Төрт кісілік жабық арба келгенде, малайдың сүйемелдеуімен Форестье баспалдақпен баяу төмендеп келе жатқан. Ол көлікті көрді де, дереу оның үстін ашып тастауды талап етті.
Әйелі оған қарсы болды.
— Саған суық тиіп қалады. Оның ақылға сыймайды.
Бірақ ол өз айтқанынан қайтпады.
— Жоқ, менің жағдайым өте жақсы. Мен өзімді білем.
Бақтың арасын қақ бөліп жатқан, сонысымен Каннды Англияның паркіне ұқсататын көлеңкелі саяжолдан өтіп, олардың көлігі теңізді жағалай жүретін Антип жолына түсті.
Форестье бұл араның көрікті жерлерін айтып отырды. Париждік графтың вилласын, тағы басқаларын көрсетті. Ол көңілді еді, бірақ онысы үмітсіз адамның әдейі істеген, жасанды, алдамшы көңілділігі болатын. Әр нәрсені көрсеткісі келгенде, қолын көтеруге шамасы жетпей, ол тек саусағын ғана шошайтты.
— Қара, мынау Сент-Маргарит аралы, ал анау — Базен қашып шыққан қорған. Иә, бұған бола ол кезде біз біраз әуреленгенбіз!
Одан кейін ол өзінің полктегі қызметін еске түсірді, офицерлердің атын атап, соларға қатысты оқиғаларды әңгіме етті.
Шұғыл бұрылыстан кейін кенет алдыдан кең көрініс ашылды: Жуан бұғазы да, арғы беттегі аппақ ауыл да, алдыңғы жақтағы Антип мүйісі де - бәрі де енді алақаныңдағыдай айқын көрінді.
— Әне эскадра! Қазір сен эскадраны көресің! — деді балаша қуанған Форестье сыбырлай дауыстап.
Шынында да, кең шығанақтың ортасында қалың бұта өскен жартасқа ұқсап тұрған алты үлкен кемені байқауға болатын еді. Таңғаларлықтай ұсқынсыз, тым дәу, әлдебір шошайғандармен не мұнаралармен, сутілгішпен жабдықталған кемелердің суға терең батып тұрғаны соншалық, олар құдды сол араға тамыр жайғалы даярланғандай еді.
Түбі тамырланып кеткендей көрінген кемелердің ауырлығы соншалық, — олардың қалай қозғалып, қайтіп орын ауыстыратынын түсіну қиын еді. Жүзбелі обсерватория секілді әрі биік, әрі дөңгелек батарея су бетіндегі жартасқа орнатқан манарды елестетеді.
Олардың қасынан ақ желкенін желбіретіп ашық теңізге қарай үш діңгекті үлкен кеме өтті. Ана әскери құбыжықтардың, теңізге терең шөгіп тұрған жиіркенішті темір құбыжықтардың қасында ол өзінің әдемілігімен, сәнімен көз қуантады.
Форестье кемелердің атын есіне түсірмек болды:
— "Көлбер", "Сюфрен", "Адмирал Дюперре", "Айбынды", "Аямас"... Жоқ, мен қателесіппін, "Аямас" — мынау тұрған.
Бұлардың көлігі "Жуан шығанағының фаяныстан жасалған көркем заттары" деген жазуы бар кең мол павилионға тақап келді де, шағын шалшықты айналып өтіп, кірер жолдың аузына тоқтады.
Форестье өзінің Париждегі кабинетіне екі ваза сатып алмақ болды. Ол арбадан түсе алмады, сондықтан оған үлгілердің бірінен кейін бірін әкеліп көрсете бастады. Ол ұзақ таңдады, әйелімен, Дюруамен ақылдасты.
— Сен білесің ғой, мынау менің кабинетімде тұрған кітап шкабына қоюға. Мен кресломда бұларға қараймын да отырам. Мен ежелгі дәуірдегі немесе гректердің бірдемесі болса деп едім.
Ол әкелген үлгілерді айналдыра қарады, басқа үлгілерді көрсетуді талап етті, қайтадан алғашқы көргенін әкелдірді. Ақыры таңдап алғандарының ақысын төледі де, дереу вазаларды Парижге жөнелтуді бұйырды.
— Мен бұл арадан жақында кетем, — деді бекем үнмен.
Олар шығанақ бойымен қайтып келе жатқанда, кенет алқаптан суық жел соқты да, ауру жөтеліп кетті.
Әуелде оны аурудың жай жеңіл ғана қозғаны шығар деп ойлап еді, бірақ ол бірте-бірте күшейіп, бір секунд те тыныс алдырмады, ақырында ықылық атқызып, қырылға ұласты.
Форестье тұншыға бастады; әр демін алған сайын кеудесін қырылдатқан жөтел тамағын жыртып жібере жаздайды. Оны еш нәрсе тыныштандырып тоқтата алмады. Ауруды бөлмесіне дейін көтеріп апаруға тура келді. Дюруа оның аяғын ұстап жүрді де, өкпесі қалтырап қысылған сайын аяғының да қалай селкілдегенін алақанымен сезді.
Жылы төсек Форестьеге көмектеспеді, — аурудың қысылуы түн жарымға дейін созылды. Ақырында өлім алдындағы бұл жанталасын есірткі дәрі ғана тоқтатты. Содан ауру таңға дейін көз ілместен креслода отырды.
Оның алғашқы сөзі: "Шаштаразды шақырыңдаршы!" — болды, — қашанғы әдетінше Форестье күнде таңертең қырынады. Ол қырыну үшін орнынан тұруға күш жинап еді, бірақ оны дереу қайтадан төсекке жатқызуға тура келді, Форестье ханымды оның қысқа, ауыр, қинала жөтелгені қорқытқаны соншама, ол дереу жаңа ғана ұйықтауға жатқан Дюруаны оятуға жұмсады да, одан докторды шақырып келуін өтінді:
Дюруа дереу барып Гаво деген докторды шақырып келді. Доктор микстура жазды да, өйт-бүйт деген нұсқаулар берді. Бірақ шындықты білгісі келіп оны әдейі шығарып салып тұрған Жоржға былай деді:
— Бұл — соңғы тұяқ серпуі. Ертеңге жетпейді. Әйеліне ескертіңіз және священникті шақыртыңыз. Маған енді бұл арада істейтін ештеңе жоқ. Әйткенмен мен әрқашан сіздің қызметіңізге дайынмын.
Дюруа Форестье ханымды өзіне шақырды.
— Ол енді о дүниелік. Доктор священникті шақырыңдар деген кеңес берді. Сіз қалай ойлайсыз?
Әйел ұзақ толқыды, бірақ ақырында бәрін ойлап-пішіп келіп, баяу ғана былай деді:
— Иә, сол дұрыс болар... Барлық жағдайды есептегенде... Мен оны дайындайын, сені священниктің көргісі келеді дейін... Қысқасы, бір нәрсе ойлап табармын. Ал сіз, көп жасағыр, священникті іздеп табыңызшы. Қарапайымдау біреуін қарастырыңызшы, өзін-өзі әлдеқандай санамайтындай біреу болсын. Уағызын оқумен шектелсін де, бізді басқалай әрекеттен аулақ қылсын, солай ұйымдастырыңызшы.
Дюруа не істеу керегін бірден түсінген сөзшең қартты алып келді. Ол кіріп келген кезде-ақ Форестье ханым көрші бөлмеден шығып Дюруаның қасына келіп отырды.
— Бұл оған ауыр тиді, — деді ол — Мен священник жайында айта бастағанымда, өңі соншалық бұзылып кетті, тап бір, ...суық демін сезіп тұрғандай болып... сіз мені түсініп тұрсыз ба? Қысқасы, бәрінің біткенін, санаулы ғана сағаты қалғанын ол түсінді...
Форестье ханым боп-боз болып кетті.
— Мен оның сол кездегі бет әлпетін ешқашан ұмыта алмаспын, — деді ол сөзін жалғастырып. — Сол сәтте ол, сөз жоқ, өлімді бетпе-бет көрді. Ол көрді оны.
Оларға священниктің даусы жетіп жатты, — құлағы нашар еститіндіктен, ол әжептәуір қатты сөйледі:
— Жоқ, олай емес, сіздің жағдай соншалық жаман емес. Сіз аурусыз, бірақ тіпті де қауіпті емес. Мен сізге жолдастықпен, көрші болған соң кірдім, — бірінші дәлелім осы.
Оған Форестье бірдеме деп жауап берді, бірақ оны бұлар ести алмады.
— Жоқ, мен сізге атаукере бере алмаймын, — деп жатты қарт. — Біз әлі ол жайында сіз жазылған кезде әңгімелесеміз. Егер сіз менің осында отырғанымды күнәңізден арылу үшін пайдалансаңыз, онда мәселе басқа. Мен уағызшымын, мен әрбір қолайлы жағдайды пайдаланып, өз пенделерімді дұрыс жолға бағыттап отыруға тиіспін.
Тып-тыныш бола қалды. Сірә, енді үні шықпай, үзіп-үзіп Форестье сөйлеп жатқан болу керек.
Сонан соң басқаша үнмен, шіркеу қызметкерінің үнімен қайтадан қарт сөйлеп жатты:
— Құдайдың қайырымдылығы шексіз. "Сопfіtеоrды" оқыңыз, балам. Егер ұмытып қалған болсаңыз, онда есіңізге салайын. Маған ілесіп отырыңыз: "Confiteor Deo omnipotenti... Bietae Mariea semper virgini..."
Анда-санда дұғаның сөзін өзімен ілесіп қайталап жатқан ауруға мүмкіндік беру үшін, қарт үндемей күтіп қалады.
— Ал енді тәубе жасауға кірісіңіз, — деді ақырында қарт.
Айрықша толқу билеп, күтуден әбден титықтаған Форестье ханым мен Дюруа тырп етпей отырды.
Ауру әлдене деп күбірледі.
— Сіздің ұятыңызбен құпияласқан келісімің болып па еді, — деді священник. — Ол қай түрдегі келісім еді, балам?
Форестье ханым орнынан тұрды.
— Баққа барып кішкене қыдырып қайтайық, — деді ол сыр білдірмейтін сабырлы үнмен. — Біз оның құпиясын білмеуіміз керек.
Олар бақтың кіреберісіндегі таза ауаға өзінің күшті әрі тәтті иісін таратып тұрған қалампырдың қасына келіп, гүл ашқан раушан бұтасының түбіндегі отырғышқа отырды.
— Сіз әзірге Парижге бармассыз? — деді Дюруа біраз үнсіздіктен кейін.
— Кешікпеймін! Қалай бәрі бітеді, мен де дереу кетем бұл арадан.
— Он шақты күнде ме?
— Иә, одан ұзамас.
— Демек оның ешбір туысы жоқ қой?
— Немере бауырларынан басқа ешкімі жоқ. Әке-шешесі оның әлі жас кезінде қайтыс болып кетіпті.
Екеуі де қалампырдың шырынын сорып жатқан көбелектен көз алмады: гүлден-гүлге ұшқан оның қанаты дамыл таппайды, тіпті қонып тұрған кезде де білінер-білінбес дір-дір қағады. Форестье ханым мен Дюруа бақ ішінде ұзақ үнсіз отырды.
Бір кезде малай келіп, священниктің тәубе жасауды аяқтағанын мәлім етті. Сонан кейін ғана екеуі жоғарыға көтерілді.
Форестье кешегісінен де жүдеп кеткендей көрінді.
Священник оның қолын жібермей ұстап тұр екен.
— Көріскенше, балам, мен таңертең келем.
Соны айтты да, священник шығып кетті.
Ол есіктен шыға салысымен өлгелі жатқан адам сол ауыр дем алып жатқан қалпы бар күшін жиып әйеліне қарай қолын созды.
— Құтқаршы мені... — деді сыбырлап. — Құтқаршы мені... сүйіктім... менің өлгім келмейді... менің өлгім келмейді... Құтқара көрші мені!.. Айтыңдаршы, мен не істеуім керек, шақырыңдаршы докторды... Мен бәрін де, нені болса да қабылдаймын... Менің... жоқ, келмейді!
Ол жылап жіберді. Оның суалған жақтарынан көз жасы моншақтап сырғыды, жәбір көрген баланікі құсап қан-сөлі қалмаған ерні ырсия тыржиып кетті.
Артынша қолы төсекке сылқ ете қалды, содан ол саусақтарын баяу жыбырлатты да жатты, сол біркелкі қимылы құдды көрпенің үстінен әлденені жинап жатқанға ұқсайтын еді.
Оның әйелі де жылады.
— Жоқ, бұл әншейін жай ғой, — деді өксіп. — Аурудың жай ұстамасы ғой, ертең жақсы боп кетесің, сені кешегі қыдыру ғой шаршатып тастаған.
Форестьенің дем алысы қатты жүгірген иттің алқынысынан да жиілеп кетті, жиілігі сондай, оны санау мүмкін емес еді, ал әлсіздігі соншалық, тіпті мүлдем естілмейді де.
Ол әлі қайталай берді:
— Менің өлгім келмейді!.. Құдайым, оу... Құдайым, оу... Құдайым, оу... енді мені не күтіп тұр? Мен енді ештеңені көрмеймін... ештеңені... ешқашан... О, құдайым!
Оның үрейден қатып қалған жанары әлдебір құбыжықты, өзгелер көре алмайтын әлденені ажыратты. Саусақтарының көрпе үстімен кісіні әрі қорқытып, әрі қажытып жыбырлауы әлі тоқтамады.
Кенет оның бүкіл өне бойы жиырылып-тартыла бастады.
— Мені қабірге... Құдайым, оу! — деді сандырақтап.
Содан үндемей қалды. Енді ол айналасына көз тоқтата алмай қарап, аузын ашып ауаны қармай берді.
Уақыт өтіп жатты; көрші монастырдың сағаты он екіні соқты. Тамақтану үшін Дюруа басқа бөлмеге барды. Бір сағаттан соң оралды. Форестье ханым тамақтанудан бас тартты. Ауру қозғалмай жатты. Тек оның құр сүйегі қалған саусақтары, көрпені бетіне тартып жауып алғысы келгендей, әлі баяғысынша қыбырлап жатты.
Форестье ханым креслода оның аяқ жағында отырған. Дюруа әйелдің қасына басқа креслоға барып отырды. Олар үнсіз күтті.
Терезенің түбінде дәрігер жіберген күтімші әйел қалғып отырды.
Дюруа да қалғып бара жатыр еді, бірақ оған аяқ асты әлдене елестегендей болды. Ол көзін ашып алған сәтте Форестьенің көзі кәдімгі сөнген отша жабылып бара жатыр екен. Ақырын ықылық атқаннан аурудың басы шалқайып, артынша екі езуінен жылымшы қан көрінді де, содан кейін жейдесіне барып тамды. Саусақтардың көрпе үстінде қыбырлаған сүйкімсіз қылығы сап тыйылды. Оның дем алысы тоқтады.
Форестье ханым бәрін түсінді. Ол шыңғырып жіберіп, тізерлеп отыра қалды, бетін көрпеге басып, еңіреп жылады. Сасып, абыржыған Жорж ойланбастан шоқына берді. Күтімші әйел оянып, кереуеттің қасына келді.
— Бітті, — деді сонан соң.
Дюруаға әдеткі сабырлылығы оралып, жеңіл күрсінді:
— Мен ұзаққа созылар деп ойлап ем, — деп күбірледі ол.
Алғашқы сын сәт өтісімен-ақ, бірінші шыққан көз жасы кебер-кеппестен өлім шыққан үйдің міндетті қам-қаракеттері мен машақаттары басталды. Дюруа жарым түнге дейін тыным таппай жүгірді.
Ол аш қасқырша араны ашылып оралды. Онымен бірге Форестье ханым да ептеп тамақ ішті. Кешкі астан кейін екеуі өлік жатқан, түнімен сонда болуға тиіс бөлмеге өтті.
Түнгі үстелдің үстінде екі балауыз шырақ жанып тұрды, оның қасында су толған тақсыда мимозаның сабағы жүзіп жүрді, — дәстүрлі букси ағашының бұтағын табу мүмкін болмады.
Ол екеуі — жас жігіт пен жас келіншек, бұдан былай өмір сүрмейтін кісінің қасында отырды. Екеуі оған үнсіз, ойлана қарады.
Форестьенің өлі денесін ораған бұлыңғырлық Жоржды қатты қорқытты, бірақ ол сонда да өзін зорлап оған байыптап қарауын қоймады. Дюруаның ойын да, жанарын да өзіне еріксіз тартқан адамның әбден семіп арықтаған жүзін діріл қаққан шырақтың жарығы ерекше айқындап тұр. Кеше ғана бұл әңгімелескен досы, Шарль Форестье, міне жатыр! Тірі жанның біржола өлуі қандай сұмдық және қандай ақылға сыймайтын нәрсе! О, енді өлімнің үрейі әбден сілесін қатырған Норбер де Вареннің: "Ол жақтан ешкім де қайтып оралмайды", — деген сөзі мұның құлағынан бір кетер емес. Барлық жағынан да Форестьеге ұқсас дерлік миллиондар, миллиардтар туады әлі, оларда да бұда болғанның бәрі болады: көзі, мұрны, аузы, ойлайтын бас сүйегі, бірақ қазір мына кереуетте жатқан адам енді қайтып бұл өмірге ешқашан оралмайды.
Барлық адам сияқты ол бәлен жыл өмір сүрді, тамақ жеді, күлді, әлденеден үміттенді, әлдекімді сүйді. Ал енді ол үшін бәрі бітті, мәңгі бітті. Әне, өмір дегенің — осы! Андай-мұндай біраз күн, сонан соң — бос қуыс! Сен өмірге келесің, өсесің, бақыттысың, әлденені күтесің, сонан соң өлесің. Кім болсаң да, — мейлі еркек, мейлі әйел бол — қош, енді сен жер бетіне қайта оралмайсың! Әйткенмен біздің әрқайсымыз өзімізбен бірге өлмейтін мәңгіліктің жанталасқан әрі ешқашан қанбайтын шөлін де ала жүреміз, біздің әрқайсымыз әлемнің ішінде жүрген жеке әлембіз және біз жаңа өскінге тыңайтқыш болу үшін, еш қалдық қалмай түгел шіріп кетеміз. Өсімдіктер, жануарлар, адамдар, жұлдыздар, елдер -бәрі туады және басқа бір нәрсеге айналып кету үшін, бәрі де өледі. Алайда олардың бірде-бірі қайтадан кері оралмайды — құрт-құмырсқа, адам немесе планета болса да!
Түсіндіріп болмайтын, шеті мен шегі жоқ азапты үрей Дюруаның жүрегін қара тастай жаншып тұрды, — ол үрей мына соншалық сұрықсыз, соншалық тез өте шығатын өмірді тоқтаусыз жұтып жатқан, қашып құтылуға болмайтын, тойымсыз о дүние алдындағы үрей еді. Ол өзіне төніп тұрған қауіпке бас иіп те қойған-ды. Ол бар-жоғы бірер сағат қана өмір сүретін шыбын-шіркейлерді, бар-жоғы бірер күн ғана өмір сүретін жануарларды, бар-жоғы бірер жыл ғана өмір сүретін адамдарды, бар-жоғы бірер ғасыр ғана тіршілік жасайтын планеталарды ойлады. Олардың арасында қандай айырма бар? Бар айырма күннің бірнеше рет шығуы мен батуында - бар-жоғы тек сол ғана.
Өлікке қарамас үшін, ол көзін басқа жаққа бұрып әкетті.
Форестье ханым басын салбыратып төмен қарап отыр, — оны да, сірә, мұңды ойлар иектеп алған тәрізді. Ақсары шашы оның мұңды жүзіне жарасымды әдемілік беріп тұрғанын көріп, құдды үміт шұғыласы жүрегін түртіп өткендей, Дюруаның ішінде әлдебір тәтті сезім қозғалып кеткендей көрінді. Бар өмірі әлі алда тұрғанда, несіне қайғырады?
Ол Форестье ханымға қарады. Өз ойымен болып отырған ол мұны байқамады. "Әне, — деді ол өзіне-өзі, — өмірдің жалғыз жұбанышы — махаббат! Сүйікті әйеліңді құшағыңа қысу — адам рақатының ең биігі сол!"
Мынандай ақылды, тартымды өмірсерік тапқан марқұмның маңдайына қандай бақыт қонған еді!
Екеуі қалай танысты екен? Не ақылымен, не байлығымен мақтана алмайтын ол шіркінге бұл қалайша күйеуге шығуға келісті екен? Бәрін айт та бірін айт, оны бұл қайтіп адам қылды екен?
Әркімнің өз құпиясы өзінде деп ойлады ол. Сол арада мұның жасауын төлеп күйеуге берген кісі дейтін граф Водрек туралы көп қауесет есіне түсті.
Енді не істейді ол? Өзіне күйеу етуге кімді таңдайды? Марель ханым ойлағандай, депутатты ма, әлде үміт күттіріп жүрген жас жігіттердің ішінен одан гөрі жоғары сортты екінші Форестьені ме? Қазір оның берік мақсаты, ойы, жоспары бар ма екен? О, соның бәрін білсе ғой, шіркін! Әйткенмен мұны оның тағдыры неге сонша алаңдатады? Өзіне осы сұрақты қойған соң, ол өзінің мазасыздануының себебі біз кейде өзіміз-өзімізден де жасыратын, оны тек өз жанымыздың түкпір-түкпіріндегі құпия қоймаларды ақтарып көргенде ғана анықтай алатын бұлдыр әрі құпия арам ойлардың біріне байланысты екенін бірден түсіне қойды.
Иә деймін-ау, оны қолға түсіруге бұл неге талпынып көрмейді? Оның қолдауымен бұл қандай қуатты әрі қаһарлы күшке айналған болар еді! Аяғын нық басып және жылдам бірден алысқа шырқар еді-ау!
Ал неге бұл табысқа жетпеуге тиіс? Ол өзінің оған ұнайтынын сезеді, ол бұған көңілі кеткеннен гөрі тереңірек бір ынта аңғартады, ондай сезім тек табиғаты ұқсас адамдарда ғана болуға тиіс және оны бір-біріне деген құмарлық қана емес, олардың арасындағы үнсіз астыртын қастандық та бекіте түседі. Мұның ақылды, бекем, қайтпас адам екенін ол біледі; бұл оның сенімділігін нығайта беруі керек.
Қиын сәтте ол бұған хабарласпады ма? Неге мұны шақырды? Соның өзі оның іштей бір таңдау жасағанының, өзі үшін бір шешімге келгенінің, бұған бір сыр білдіргенінің белгісі емес пе? Сондықтан сол бір өзі жесір қалайын деп тұрған сәтте, бұдан кейін өмірдегі серігім, одақтасым кім болады деп ойлана бастаған кезде, оның есіне бұл түскен жоқ па?
Ол шыдамсызданып, бәрін, әйелдің бар сырын, ең қасиетті ойларын да біліп алуға асықты. Ол бүрсігүні қайтуға тиіс, бұл үйде жас әйелмен оңаша қалу оған ыңғайсыз. Демек бөгелуге болмайды, қайтқанға дейін сақтықпен әрі сыпайылап әйелдің ыңғайын біліп алу керек; оның қайта ойлануына, әлдекімді дәмелендіріп, кейін қайта алмастай уәде беріп қоюына жол бермеу керек.
Бөлме ішін ерен тыныштық еңсеріп, тек сағаттың біркелкі темір тықылы ғана естіліп тұрды.
— Сіз, сірә, қатты шаршаған шығарсыз? — деп сұрады Дюруа.
— Иә, — деді әйел. — Шаршағаннан бұрын уайым қажытты.
Бұлыңғыр бөлмеде екеуінің даусы бір түрлі шықты, оны екеуі де сезді. Құдды Форестье өзінің ежелгі әдетімен осыдан бірнеше сағат бұрынғыдай қозғалып, бұлардың сөзіне құлақ түре қоятындай көрініп, екеуі де сол сәт мәйітке жалт қарасты.
— Иә, бұл жағдай сізге үлкен соққы болды, — деді Дюруа тағы сөз қозғап, — өміріңіздің бүкіл қалыпты жағдайы бұзылып, басы аяғына, аяғы басына қарап кетті, соның бәрі жаныңызды қатты жаралайтын жағдай ғой!
Әйелдің оған қайтарған жауабы терең күрсініс болды.
— Жас әйелге жалғыз қалу аса қиын шығар! — деді ол тағы қосымшалап.
Әйел үндемеді.
— Қалай болғанда да, мен сізден біздің уағдамызды ұмытпауыңызды сұраймын, — деді Дюруа сыбырлай сөйлеп. — Сіздің мені өз қалауыңыз бойынша пайдалана беруіңізге болады. Мен сіздің құзырыңыздамын.
Форестье ханым біздің жанымызды төңкеріп тастайтын қарастың бірімен оған мұңды әрі жылы тарта қарады.
— Сізге рахмет, сіз жанашыр, тамаша адамсыз, — деді әйел оған қолын созып. — Егер менің қолымнан келсе, егер мен сіз үшін бірдеме істей алсам, онда мен де сізге: "Мендей сүйенішім бар деп есептеңіз!" — деген болар едім.
Ол әйелдің созған қолын алып, сүйіп алғысы келген құштарлықпен жібермей, өз алақанында ұстап тұрып, қысып қойды. Сонан соң батылданып, әйелдің қолын баяу көтеріп ерніне басты, сол сәт ерні жұп-жұқа, ып-ыстық, жұпар иісі дірілдеген теріні сезді.
Бұл достық еркелетудің тым шектен тыс созылып бара жатқанын сезіп, ол алақанын жазып жіберді. Форестье ханымның кішкентай қолы босаң төмендеп, тізесінің үстіне сылқ етті.
— Иә, енді мен жалғызбын, бірақ мен берік болуға тырысамын, — деді ол өте шешімді дауыспен.
Егер ол әйелі болуға келіссе, Дюруа өзінің бақытты, әбден бақытты болатынын оған қайтіп аңғартарын білмеді. Әрине, бұл ол жайында дәл қазір, бөлмеде мәйіт жатқанда айта алмайды. Әйткенмен өзі көп мағыналы, сыпайы, астарлы, терең мәнге ымдайтын сөздерден ғана тұратын, бірақ айтқысы келгеннің бәрін де аңғарта алатындай сөз тіркестерін тапса ғой.
Бірақ Дюруаны ана жатқан мәйіт дәл бір алдарында емес, ол екеуінің ортасында жатқандай сезім билеп, сол оны күмілжіте берді. Оның үстіне оған біраздан бері бөлменің бұзылған ауасына іріп-шіріген кеуденің сасық демі, мәйіттен төсекте тірі жатқан кезінде де шығып, лебі туыстарын шарпып жатқан, кейін өзінің тар табытының ішін де толтырып жіберетін бір жағымсыз күлімсі иіс қосылғандай көрінді.
— Терезені ашуға болмай ма? — деп сұрады Дюруа. — Меніңше, мұнда тымырсық боп кетті.
— Әрине, — деді әйел — Маған да солай сияқты.
Ол барып терезені ашты. Шырақтардың жалынын шайқақтатып, бөлме ішіне бірден түннің жұпарлы салқын ауасы соқты. Ай да өткен кештегісінше өзінің жұқа сәулесін вилланың аппақ қабырғаларына, жалтырап жатқан теп-тегіс су айдынына аямай төгіп тұр. Дюруа кеудесін кере терең дем алды, жан дүниесіне үміт толқыны лықсып кіріп, бақыттың жүрек тулатқан жақындығы оны жерден көтеріп әкетіп бара жатқандай көрінді.
— Таза ауамен дем алсаңызшы, — деді ол артына бұрылып. — Түн ғажап.
Форестье ханым асықпай терезенің алдына келді де, Дюруаның қасына тұрып, терезенің төменгі жақтауына асылды.
— Менің сөзіме құлақ қойыңызшы, — деді Дюруа сыбырлай сөйлеп, — сіздің мені дұрыс түсінгеніңіз қажет. Ең бастысы, мынандай жағдайда басқа нәрсе туралы әңгіме айтып тұрғаныма ашуланбаңыз, себебі бүрсігүні мен қайтып кетем, ал сіз Парижге оралған кезде, бәлкім, бәрі кеш болуы мүмкін. Сондықтан... Мен ғой кедей адаммын, сақтап жүрген көк тиыным да жоқ, қол жеткен белгілі бір мансабым да жоқ, оның бәрі сізге белгілі. Бірақ менің жігерім бар, өз ойымша, мен ақымақ емеспін және дұрыс жолда тұрмын. Өз мақсатына жеткен адам сіздің көз алдыңызда. Өмірді жаңа бастаған адам жайында одан болашақта не шығатынын айту — қиын. Оның өзіндік жаман жағы да, жақсы жағы да бар. Қысқасы, сіздікінде болғанымда, менің бірде айтқаным бар, "менің қасиетті арманым — сіз секілді әйелге үйлену" деп. Мен қазір сол айтқанымды қайталаймын. Қазір маған еш жауап бермей-ақ қойыңыз. Сөзімді аяғына дейін тыңдаңызшы. Мен қазір сізге үйлену туралы ұсыныс жасамаймын. Мынандай жерде, мынандай жағдайда өйткенім жиіркенішті болған болар еді. Маған тек сіздің бір сөзіңіз-ақ мені бақытты ете алатынын білгеніңіз қажет; сіз мені қаласаңыз, өзіңіздің жақын досыңыз да, қаласаңыз, күйеуіңіз де ете аласыз, оны өзіңіздің қалауыңыз біледі, ал менің жүрегім де, бүкіл өмірім де сіздікі, сіздің ырқыңызда. Мен сіздің қазір жауап беруіңізді қаламаймын, мынандай жағдайда әңгімелескенді де жақтырмаймын. Парижде сіз бен біз жолыққан кезде, сонда сіз өз шешіміңізді маған аңғартарсыз. Ал оған дейін — ешқандай сөз болмай-ақ қойсын, келісесіз бе?
Ол осының бәрін оның бетіне қарамай, құдды қарсы алдындағы ұшы-қиырсыз түнге сөйлеп тұрған кісіше айты. Әйел де естімеген адамша, қозғалмай, ол да қарсы алдына көз тігіп, айдың бозғылт сәулесі жарығын түсіріп тұрған ұшы-қиырсыз алысқа самарқау, бірақ қадала қарап тұрған.
Екеуі солай бір-біріне шынтақтары тиісіп, әрі ойланып, әрі үнсіз ұзақ қатар тұрды.
— Салқын тартып барады, — деп күбір етті де, әйел кереует жаққа бет алды.
Дюруа оның соңынан ерді.
Шынында да, мәйіттен бір иіс шығатынына көзі жеткен соң, Дюруа креслоны алысыраққа сырғытып қойды: ол бәрібір ана мүңкіген нәрсеге ұзақ шыдай алмас еді.
— Таңертең оны табытқа салу керек, — деп ескертті.
— Әрине, мен тапсырма бердім, ағашшы таңертең сегізге таман келеді.
— Байғұс! — деді Дюруа күрсініп.
Әйел де күрсініп салды — бәріне бойсұнған мұңды ауыр күрсініс.
Енді олар мәйітке көз салуды сирете бастады; екеуі де ол сияқты ажалды пенде, өлім жайында ойлауға екеуі де үйренді, о дүниеге аттану әзірде ғана мазаларын алып, ашындырған болса, қазір жан түкпірлерінде оған да келісті.
Әдеп сақтап ұйықтап қалмауға тырысып, екеуі үнсіз отырысты. Алайда түн жарымға таман Дюруа бірінші ұйықтап қалды. Оянып кетіп қараса, Форестье ханым да қалғып отыр екен, сонан соң ыңғайланыңқырап жатты да, қайтадан көзін жұмды.
— Шайтан алғыр, өз төсегіңдей қайдан жайлы болсын! — деді бұрқылдап.
Оны бір тарсыл оятты. Қараушы әйел келді. Кәдімгідей жарық түсіп қалыпты. Форестье ханым қарсысында отыр екен; ол да, сірә, ұйқылы-ояу өзіне-өзі келе алмай отырған сияқты. Күндегісінен гөрі жүдеулеу, бірақ бәрібір баяғысынша сүйкімді, әдемі, баяғысынша жап-жас көрінеді, — түні бойы креслода отырып шыққаны түк те әсер етпепті.
Дюруа өлікке қарады да, селк ете қалды.
— Қараңызшы! Сақал! — деді айқайлап.
Бірнеше сағаттың ішінде ана шіріп бара жатқан бетке тірі адамға бірнеше күнде өспейтін сақал шығып кетіпті. Өлі адамның бойында әлі сақталып қалған тіршілікті көріп, тырп ете алмай қалды, бір сұмдық керемет, қайта тірілудің ғажап ескертпесі, табиғатқа жат, қорқынышты, кісіні таңғалдырып, ақылынан адастыратын нәрсе сияқтанып, екеуі де тырп ете алмай тұрып қалды.
Екеуі он бірге дейін демалды. Содан кейін Шарльді табытқа салған соң екеуінің де жаны жай тауып, тынышталғандай болды. Таңертеңгі ас кезінде бір-біріне қарама-қарсы отырған олардың әлдебір көңілді, қуанышты әңгіме айтқылары келді, өлім енді бітті, енді олар өмірге оралуға ұмтылды.
Ашық терезеден көктемнің жылы, жұмсақ лебімен бірге үй алдында өсіп тұрған қалампыр гүлінің жұпары да бұрқ ете қалды.
Форестье ханым Дюруаға бақты аралап қайтайық деген ұсыныс жасады да, екеуі самырсын қарағайы мен аршаның иісі жайылған жылы ауаны сүйсіне жұтып, көгал шалшықты айнала баяу адымдай жүрді.
— Қымбатты дос, маған құлақ салыңызшы, мен... сіздің айтқандарыңызды... ойға сап көрдім, — деп бастады Форестье ханым оған басын бұрмаған қалпы, дәлме-дәл оның өзі түнде жоғарыда тұрып айтқандай ақырын, айқын, салмақты дауыспен. — Мен де сіздің жауапқа бір сөз естімей кеткеніңізді қаламаймын. Әйткенмен мен иә да, жоқ та демеймін. Күте тұрайық, жан-жағымызға қарайық, бір-бірімізді жақынырақ білейік. Сіз де жақсылап ойланыңыз. Сіз қызықтыңыз, — оған соншалық мән бермеңіз. Мен мұны Шарль бейшараны әлі көрге жатқызбай тұрып айтып тұрғаным, сіздің әңгімелеріңізден кейін мен сізге қандай адаммен байланысқалы тұрғаныңызды түсіндіруім қажет шығар деп шештім; егер сіздің мені түсінуге қабілетіңіз жетпесе, мені дәл осы күйімде, дәл осылайша қабылдай алмасаңыз, онда сіз маған сыр қылып айтқан арманыңызбен қош айтыса беріңіз.
Мені түсінуге тырысыңыз. Үйлену деген мен үшін шынжыр емес, ортақтастық. Демек менің іс-әрекеттеріме толық еркіндік беріледі, яғни өз іс-әрекеттерім жайында есеп беруге міндетті болмаймын, қайда баратынымды айтуға да міндетті емеспін. Мен артымнан қадағалағанға да, қызғанғанға да, ақыл айтқанға да төзбеймін. Айтпаса да түсінікті, мен күйеуге шыққан адамымның абыройын еш нәрсемен төкпеуді, оны жалған немесе күлкілі жағдайға қалдырмауды өз міндетіме аламын. Бірақ ол да менен күнді немесе момын, бағынышты әйелді емес, өзіне одақтас, бар жағынан өзіне тең адамды көрсін. Мен білем, көп адамға менің көзқарасым тым батыл сияқтанып көрінеді, бірақ мен одан бас тартпаймын. Бар болғаны осы.
Бұған қосарым, мен де сіздің айтқаныңызды қайталаймын: маған жауапты қазір қайтармаңыз, ол әрі пайдасыз, әрі ыңғайсыз болар еді. Біз әлі кездесеміз, сонда, бәлкім, сөйлесерміз. Ал енді жалғыз қыдыра беріңіз. Мен қасына барайын. Кешке жолыққанша.
Ол ернін әйелдің қолына ұзақ басып тұрды да, сонан соң бір сөз де айтпастан қыдыруға кетті.
Олар кешкісін тамақтан кейін ғана жолықты. Екеуі де шаршағандықтан құлайын деп тұрды, сондықтан әркім өз бөлмесіне жетуге асықты.
Шарль Форестьені келесі күні ешқандай дабыра-дақпыртсыз Канндағы бейітке жерледі. Жорж Дюруа бір жарымда жедел пойызбен кетуді ұйғарды.
Форестье ханым оны вокзалға шығарып салды. Пойызды күте жүріп олар асықпай перронмен әрі-бері қыдырыстап, қайдағы бір көлденең нәрселерді әңгіме етті.
Пойыз келді, аз ғана вагон тіркелген нағыз жедел пойыз: бар-жоғы бес-ақ вагон.
Вагондағы орнын жайғап көрген соң, Дюруа тағы бірер секунд Форестье ханымның қасында бола тұру үшін платформаға шықты; оның қасынан кетіп барам деген ойдан тап бір біржола кетіп бара жатқандай оны кенет ауыр мұң мен сағыныш басты.
— Марсель — Лион — Парижге баратындар, орындарыңызға отырыңыздар! — деді жолсерік.
Вагонға кірген соң, әйелге тағы бір-екі сөз айтпақ болып, Дюруа терезеден қарады. Паровоз ысқырып, пойыз орнынан баяу қозғалды.
Дюруа вагоннан басын шығарып, Форестье ханымға қарады: ол перронда қозғалмай тұрып, мұны көзімен шығарып салды. Әйел көзінен таса боп бара жатқанда, ол кенет екі қолын ерніне басып, оған әуемен сүйіс жолдады.
Ол да солай жауап берді, тек оның сүйісі мұныкіне қарағанда қорқақтау, ұялшақтау, байқалар-байқалмастау болды.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Жорж Дюруа өзінің бұрынғы әдетіне қайта басты.
Константинополь көшесіндегі үйдің төменгі қабатындағы кішкентай пәтерінде тұрып жатқан ол өз өмірінде болуға тиіс өзгерісті күту қалпына қайта көшіп еді. Тіпті оның де Марель ханыммен арақатынасы да өзін жаңа рөлге алдын ала даярлағысы келген адамның некелік одағы сияқтанып көрінді де, оның ашынасы бұл байланыстарының мінсіз үйлесіміне таңырқап, оны күлкіге айналдыратын:
— Сен тіпті менің күйеуімнен мешеу болып шықтың-ау. Екеуіңді алмастырудың да қажеті жоқ еді, тегі.
Форестье ханымның келетін түрі көрінбейді. Ол Каннан шыға алмай жатыр. Бұған жазған хатында ол сәуірдің ортасынсыз келе алмайтынын білдірді, бірақ қоштасарда екеуінің бір-біріне айтқан сөздері туралы ләм-мим демепті. Жігіт тосуға бел байлады. Және егер ол сырғытпаға салатын болса, ретін тауып оған қайткенде де үйленуім керек деген шешім қабылдады. Оның өзіне деген сенімі кәміл еді, көздегеніне қол жеткізбей қоймайтынына, өзінің көзі түскен әйел затынан десі қайтпайтын қасиеті барына сенімді еді.
Қысқа ғана жазылған хат шешімді сәттің таяу қалғанынан хабардар еткендей болды:
"Мен Париждемін. Келіп кетсеңіз екен.
Мадлена Форестье".
Бар-жоғы осы ғана. Бұл хат таңғы сағат тоғыздағы поштамен келді. Сағат үште ол Форестье ханымның алдында тұрды. Өзінің сүйкімді, жайдары жымиысымен әйел оған екі қолын бірдей созды. Бірнеше секунд олар бір-біріне көз айырмастан қадала қарады.
— Мен үшін сондай ауыр кезде қасымнан табылғаныңыз қандай жақсы! — деп сыбырлай сөйледі Форестье ханым.
— Не бұйырсаңыз да орындауға әзірмін, — деді ол.
Екеуі де қатарласа отырды. Форестье ханым одан қандай жаңалық барын, ерлі-зайыпты Вальтерлер туралы, басқа да қызметкерлер, газет жайын сұрастырды. Ол газет туралы жиі еске алады екен.
— Мен онсыз құрғақта қалған балықтаймын, — деді әйел. — Журналшылық жанымның қалауы екен. Не десеңіз де, бұл менің сүйікті ісім.
Ол үндемей қалды. Оның күлкісінде, сөзінде, дауыс ырғағында әлдебір ишара жатқандай көрініп, бұл жағдайдың аңысын аңдау жайлы жігіттің бастапқы шешімінен бас тартуына түрткі болды.
— Онда... Неліктен... неге сізге енді бұл іспен... Дюруа ханым деген атпен айналыспасқа? — деп, тұтыға сөйледі ол.
Форестье ханым бірден ойлы қалыпқа ауысты.
— Мұны әзірше қоя тұрайық,— деді ол ақырын дауыспен, қолын жігіттің иығына салып.
Дюруа өз ұсынысының аяқсыз қалмайтынын сезіп, әйел алдына тізерлей отыра кетті.
— Ризамын, ризамын, сізді шексіз сүйемін! — деп күбірледі ол оның қолын құшырлана сүйіп жатып.
Форестье ханым түрегелді. Оған ілесе көтерілген жігіт оның түрі бозарып кеткенін байқады. Осы сәтте ол әйелдің өзін көптен ұнататынын ұқты. Екеуі қарама-қарсы тұрған еді; жігіт ыңғайлы сәтті құр жібермей, оны құшағына алып, маңдайынан асқан әдептілікпен ұзақ қадала сүйді.
— Тоқтай тұрыңыз, достым,— деді құшағынан сытылып шыққан әйел қатаңдау үнмен, — мен әлі бір шешімге келген жоқпын. Алайда менің келісіп қалуым да мүмкін. Бірақ сіз мұны, менің өзім рұқсат етпейінше, құпия ұстауға уәде беруіңіз керек.
Жігіт уәдесін бекітіп, үйіне алып-ұшқан қуанышпен оралды.
Осы күннен бастап ол Форестье ханыммен сөйлескенде ұстамдылық танытып, нақты жауабын беруге асықтырмады, өйткені әйелдің болашақ жайлы сөйлеу мәнерінен, екеуінің алда бірге өтер өмірінің жоспарындай "бұдан былай" дегенді айтқан дауыс ырғағынан жай ғана келісімнен гөрі маңыздырақ іш тартушылық сезіліп тұратын-ды.
Дюруа күн-түн демей жұмыс істеп, шығынын барынша азайтып, үйленген кезде көк тиынсыз қалмас үшін, біраз қаржы жинап алуға тырысты, сондықтан оның қазіргі сараңдығы бұрынғы шашпалығына пара-пар деуге боларлықтай еді.
Жаз өтті, күз де аяқталды, алайда ол екеуі өте сирек жолығысып, өздерін мықты ұстай білгендіктен, ешкім ештеңеден сезіктене қойған жоқ.
Бір күні Мадлена оның көзіне тура қарап:
— Сіз біздің жоспарымыз туралы де Марель ханымға ештеңе деген жоқсыз ба? — деп сұрады.
— Жоқ, қымбаттым. Мен оны құпия сақтаймын деп сізге уәде бергенмін, тірі жан білмейді.
— Онда енді оған айтуыңызға болады. Ал мен Вальтерлерге айтамын. Осы аптада. Жарай ма?
Жігіт қызарып сала берді.
— Тіпті ертең-ақ.
— Қалауыңыз білсін, - көзін баяу аударып әкеткен әйел, оның қысылып қалғанын байқамағандай сөзін жалғастыра берді, — біз мамыр айының басында үйленейік. Нағыз дер кезі сол болар.
— Айтқаныңыздың бәріне мақұлмын.
— Мен мамырдың онында, сенбі күні болғанын қалар едім. Бұл менің туған күніме тура келеді.
— Мамырдың оны, өте жақсы.
— Сіздің ата-анаңыз Руан маңында тұра ма? Сіз бір рет солай дегендей болғансыз.
— Иә, Руан маңында, Кантильде.
— Олар немен айналысады?
— Олар... ұсақ өсімқорлықпен.
— Ә! Мен олармен танысқым келеді.
Дюруа ыңғайсызданып күмілжи берді:
— Бірақ... олар... былай ғой...
Ішінен өзін батылырақ болуға көндіріп, шешімді түрде сөзін жалғастырды:
— Қымбаттым, олар шаруа баққан жандар, дәмхана ұстайды, мені оқыту үшін қолынан келгенін аяған емес. Мен оларды қорсынбаймын, бірақ олардың қораштығы... дөрекіліктері... сізге ұнамай қалуы мүмкін.
Әйел әдемі жымиысымен күлімсіреп еді, өңі нұрланып сала берді.
— Жоқ. Мен оларды жақсы көріп кетемін. Біз оларға барып қайтуымыз керек. Міндетті түрде. Біз әлі бұл туралы сөйлесеміз. Менің әке-шешем де қарапайым адамдар болған. Олар қайтыс болды. Бұл жалғанда менің ешкімім жоқ... сізден басқа, — дегенді қосып, жігітке қолын созды.
Ол толқып, елжіреп, елтіп кетті, — бұған дейін ешбір әйелге мұндайды сезініп көрмеген еді.
— Менің бір ойым бар еді, — деді Форестье ханым, — бірақ мұны түсіндіру қиындау.
— Ол не? — деп сұрады жігіт.
— Білесің бе, қымбаттым, әрбір әйел сияқты менің де өзіндік... ерекшеліктерім бар, мен жарқырап көрінгенді, үндестікті жақсы көремін. Фамилиям ақсүйекше болса, мен өзімді бақытты сезінер ем. Сіз біздің некелесуіміз құрметіне... дворянға айнала алмас па екенсіз?
Енді ол қызарды, бейәдеп сөз айтып қойғандай-ақ бетіне қызыл жүгірді.
— Бұл туралы мен де ойлап ем, — деді Дюруа, — алайда бұл оңай бола қоймас деймін.
— Неге олай дейсіз?
Жігіт күлді.
— Жұртқа күлкі болғым келмейді.
Форестье ханым иығын көтерді.
— Жоқ, о не дегеніңіз! Көпшілігі осылай істейді, оны ешкім де күлкі қылмайды. Фамилияңызды екіге бөлсеңіз, жетіп жатыр: "Дю Руа". Тамаша ғой.
— Олай етуге болмайды,— деді жігіт білгіш адамша. — Бұл тым қарапайым, тым жайдақ, тым қарабайыр тәсіл. Мен әуелде әдеби лақап ат ретінде туған қыстағымның атын алып, кейін оны ақырындап фамилияма қосуды, содан кейін барып, сіз айтқандай, екі бөліп қолдануды ойлап едім.
— Сіздің қыстақ Кантиль деп аталады ғой?
— Иә.
Әйел ойланып қалды.
— Маған соңғы буыны ұнамайды. Бұл сөзге аздаған өзгеріс енгізуге болмас па екен?
Форестье ханым үстелден қауырсын қаламды алып, қағазға әр түрлі фамилияларды жаза бастады әрі олардың жазылу сипатын мұқият қадағалаумен болды.
— Болды, міне, қараңыз! — деп, кенет қуана дауыстап жіберді де, "Дюруа де Кантель ханым" деп жазылған қағазды ұсына берді.
— Иә, мынауыңыз сәтті шықты,— деді бірнеше секунттей ойланған жігіт маңыздана сөйлеп.
— Дюруа де Кантель, Дюруа де Кантель, Дюруа де Кантель ханым. Тамаша! Керемет! — деп шаттана қайталай берді Форестье ханым.
— Көрерсіз, жұрт бұны жылдам қабылдайды,— деді ол сенімді үнмен. — Тек уақыт оздырмайық. Кейін кеш болады. Ертеңнен бастап мақалаларыңызға "Дюруа де Кантель" деп қол қойыңыз, ал қысқа хабарларға жай ғана "Дюруа" дей салыңыз. Журналшылар үшін бұл үйреншікті жайт, бұл лақап ат ешкімге де ерсі көріне қоймас. Тойымыз болғанша біз тағы бір өзгерістер енгіземіз, ал достарымызға бұған дейін "де" шылауын сіз сыпайылықпен қолданбай келгеніңізді, бұған қоғамдағы жағдайыңыз мәжбүр еткенін айтармыз, мүмкін, тіпті ақталып та жатпаспыз. Сіздің әкеңіздің аты кім?
— Александр.
— Александр, Александр, — Форестье ханым бұл сөздің дыбысталу ерекшелігіне мән бере бірнеше рет қайталады. Содан кейін бір парақ қағаз алып жаза бастады:
"Александр Дю Руа де Кантель мырза мен зайыбы сіздерге ұлдары Жорж Дю Руа де Кантельдің Мадлена Форестье ханыммен некелесуі жөнінде хабарлайды".
Өзі жазған қағазын алысырақ созып сынай қараған ол риза кейіппен:
— Жазуға машықтанған жанға түк те қиындығы жоқ, — деп мәлімдеді.
Қалыңдығының қасынан бұдан былай "Дю Руа", тіпті "Дю Руа де Кантель" атануға бекініп шыққан жігіт өзінің мерейі өсіп қалғанын сезінді. Жүріс-тұрысы бұрынғыдан бетер маңызданып, басы қайқайып, тіпті мұрты да ширатыла түскендей, — өзінің ойынша дворян осындай болуға тиісті. Көңілі шарықтағаны сондай, тіпті қарсы кезіккен адамдарға:
— Менің атым Дю Руа де Кантель,— деп жар салғысы келетіндей.
Алайда үйіне келісімен ол де Марель ханымды есіне алып, сәл абыржығандай болды. Дереу хат жазып, оны ертең кездесуге шақырды. Содан кейін өзінің әдеттегі не нәрсеге де жеңіл қарайтын қамсыздығына басып, бұған қолын бір-ақ сілтеді де, өзі мемлекеттік бюджетті нығайту мақсатында жаңа салықтар енгізу туралы батыл мақаласын жазуға кірісті. Ол дворяндық текті білдіретін шылау үшін жылына жүз франк, ал бароннан бастап князьға дейінгі дәрежесі үшін бес жүзден мыңға дейін франк ақша алынғаны дұрыс деп есептейтіндігін білдірді. Соңына "Д. де Кантель" деп қол қойды.
Келесі күні ашынасынан жеткен "көгілдір қағаздан" ол оның сағат бірде келетінін білді.
Дюруа оны едәуір дегбірсіздене күтті; ол бірден іске кірісіп, бетіне тура айтуға, тек сол кейіндеу, алғашқы соққы әсері бәсеңдеген кезде, сенімді дәлелдерін келтіріп, өзінің өмір бойы бойдақ болып өте алмайтынын, де Марель мырзаның ана дүниеге аттанар ойы жоқ болғандықтан, өзіне заңды жұбай қарастыруына тура келгенін түсіндіруді ойлады.
Сонда да өзіне-өзі келе алмай-ақ қойды. Қоңырау соғылған сәтте оның жүрегі тарсылдай соғып кетті.
Ол бұған құшағын жая ұмтылды:
— Сәлем, Сүйкімді дос!
Жігіт құшағының салқындығын де Марель ханым бірден аңғарды.
— Саған не болған? — деп сұрады ол бетіне тіке қарап.
— Отыр, — деді жігіт, — сөйлесу керек.
Қалпағын шешпей, тек бет шілтерін сол ғана көтеріңкіреген де Марель ханым сұраулы кескінмен отыра кетті.
Дюруа көзін төмен аударды — оған ойын жинақтап алу керек еді.
— Қымбаттым менің, — деп бастады ол баяу үнмен, — менің саған айтпақ хабарымнан өзімнің берекем кетіп, қынжылып, қамығып отырмын. Мен сені шын сүйемін, шын жүрегіммен сүйемін, сондықтан сені азапқа салатыным мені айтар жаңалығымнан гөрі қатты қапаландырады.
Де Марель ханым құп-қу болып, дірілдеп кетті.
— Не болды? Айтсаңшы! — деп сыбырлай сөйледі ол.
Осы кезде жігіт қамыққан, бірақ шешімді түрмен, әдетте ренішті болғанмен, өзіне жағымды жағдайды хабарлағанда айтылатын жалған қайғылы үнмен айтарын айтып тынды:
— Болғаны сол — мен үйленемін.
Әйелдің көкірегінен ышқынған ауыр күрсініс шықты, — әдетте есінен танып бара жатқан адам осындай дыбыс шығаратын, дем ала алмай булыққан әйелдің сөйлеуге шамасы келмеді.
— Мұндай шешім қабылдамас бұрын менің қаншалықты қиналғанымды білсең ғой. — Әйел үндемеген соң, ол сөзін одан әрі жалғастырды. — Менің ақшам да, қоғамда айқын салмағым да жоқ.
Парижде мен жалғызбын, елеусізбін. Маған қиналғанда ақыл беретін, жұбататын, арқама тірек болатын бір адамның керегін сезіндім. Мен өзіме одақтас, серіктес болар әйел іздедім, мен оны таптым да!
Дюруа әйел өзіне бірдеңе деп тіл қатар деп үміттенді. Оның ашулануын, ауыр сөздермен қорлай сөйлеуін күтті.
Де Марель ханым нақ бір жүрегінің соғуына кедергі жасағысы келгендей-ақ кеуде тұсын басты. Бұрынғыша үзілтіп-үзілтіп ауыр дем алғанда кеудесі көтеріліп-басылып, басы да қалтаңдап кетеді.
Жігіт оның кресло арқалығында жатқан қолын ұстай беріп еді, ол қолын жұлып алды.
— Құдайым-ай! — деп сыбырлады әйел жаны шығып бара жатқан адамша.
Жігіт тізерлеп отыра кетті, бірақ қолын тигізуге батпады: әйел тарапынан болар кез келген әрекет оны мына үнсіздіктей қорқытпаған болар еді.
— Кло, кішкентайым менің,— деп күбірледі ол, — менің жағдайымды түсінуге тырыссаңшы. Аһ, егер мен саған үйлене алар болсам, — одан басқа бақыттың керегі болмас еді! Бірақ сенің күйеуің бар. Мен не істеуім керек? Ойланшы өзің, ойлап көрші! Менің де қоғамда өз орным болуы керек, ал ол үшін өз ошағым болуы қажет. Сен білсең ғой... Кейде мен сенің күйеуіңді өлтіріп тастағым келетін...
Оның ақырын шыққан көлгір, жұмсақ үні музыка әуеніндей баурайды.
Әйелдің мұздай қатып қалған көзінен шыққан ірі-ірі екі тамшы жас бетін қуалай төмен сырғанай жөнелді, ал қалған тамшылар кірпігінде мөлдіреп тұрды.
— Жылама, Кло, жыламашы,— деп сыбырлай сөйледі жігіт. — Жанымды ауыртпашы.
Қайткенде сыр алдырмауды ойлап, намысын қамшылаған әйел әрең дегенде өзіне-өзі келгендей болды.
— Кім ол? — деді Марель ханым тамағына жас кептелген әйелдің өксікті үнімен.
Жігіт бір сәт үнсіз қалды, дегенмен айтпай болмайтын болған соң жауап қатты:
— Мадлена Форестье.
Де Марель ханым бар денесімен селк етті де, тағы тастай қатып қалды; өз ойымен болған әйел жігіттің әлі тізерлеп тұрғанын да аңғармағандай еді.
Мөлдір тамшылар бірін-бірі қуалай сырғанап жатты.
Әйел орнынан тұрды. Дюруа оның тіл қатпай, бір ауыз кінәласпай кететінін ұқты. Ол бұған ренжіп, бар жанымен қорланды. Жібермес үшін ол әйелдің топ-толық аяғынан құшақтай алды, бірақ мата сыртынан-ақ аяқтарының сіресе қалғанынан оның қарсылығын сезінді.
— Бүйтіп кетпеші, жалынамын, — деп өтінді ол.
Әйел оған жоғарыдан төмен жас бұлдыратқан қапалы көзбен қарады, жан жүрегін булықтырған қайғысын білдіре сөйлеп тұрған аянышты көзқарас еді ол.
— Менің... айтарым жоқ... — деп булыға сөйледі ол, — маған бұл жерде ештеңе қалған жоқ... Сен., сен рас айтасың... сен... теңіңді таптың...
Мұның қолынан жұлқына шыққан әйел есікке беттеді, бұл да енді ұмтылмады.
Орнынан көтерілгенде Жорж өзін балтамен басқа соққан адамдай сезінді. Бірақ ол бойын тез жиып алды.
— Несі бар... Осылай болғаны тіпті жақсы,— деді ол өзіне-өзі. — Жанжалсыз... оңай құтылдым. Маған керегі де осы.
Иығынан тас түскендей жеңілденіп, өзінін бәрінен азат екенін, жаңа өмір жолындағы кедергіден арылғанын сезінген ол ойлағаны болғанына жаны семіріп, бойын кернеген күшті қайда жіберерін білмегендей, дәл бір өз тағдырымен жекпе-жекке түскендей-ақ жұдырығымен қабырғаны қойып-қойып қалды.
Форестье ханымның: "Сіз де Марель ханымға айттыңыз ба?" — деген сұрағына ол беті бүлк етпестен:
— Әрине — деп жауап берді.
Әйел оған мөлдір көздерімен сынай қарады.
— Ол бұған ренжімеді ме?
— Ешқандай. Керісінше, бұл өте жақсы болған екен деді.
Жаналық тез тарады. Біреулер таңғалып жатты, екіншілері бұлай боларын алдын ала білгендігін айтты, үшіншілері мұны осылай болуға тиісті нәрседей қабылдады.
Ендігі жазған фельетондарына "Д. де Кантель" деп, хабарларына "Дюруа" деп, ал газетке анда-санда беріп тұратын саяси мақалаларына "Дю Руа" деп қол қоя бастаған Жорж жарты күнін қалыңдығының қасында өткізіп жүрді. Форестье ханым өзін онымен қарындасы сияқты соншалықты еркін, табиғи ұстады, бірақ бұл еркіндігінде шынайы елжіреуімен қатар өзі әлсіздігім деп бүркемелеуге тырысатын ынтықтығы да байқалып қалатын-ды. Екеуара келісім бойынша, бұлар некелескенде куәгерлерден басқа ешкім де болмайды және олар сол күні кешкісін Руанға жүріп кетпек.
Қалыңдық бірнеше күн жігіттің әке-шешесіне қонақтап қайтуға шешім қабылдаған-ды.
Дюруа оны бұл ойынан бас тартуға біраз үгіттеп бақты, бірақ сөзін өткізе алмағаннан кейін ырқына көнуіне тура келді.
Ешкімнің қатысуын қаламағандықтан, шіркеу ғұрпын өткізуден де бас тартқан олар оныншы мамыр күні қала басшылығы ғимаратына кіріп шықты, содан кейін үйлеріне келіп заттарын жинастырды да, Сен-Лазар вокзалынан жүретін кешкі алтының пойызымен Нормандияға жол тартты.
Олар екеуден-екеу вагонда оңаша қалған мезетке дейін сөйлесуге мұршалары болмаған еді. Пойыздың қозғалғанын сезген сәтте екеуі бір-біріне жалт қарады да, аздаған қолайсыздықты сездірмеу үшін күліп жіберді.
Ұзыннан-ұзақ Батиньоль дебаркадерінен өткен пойыз ақырында жазыққа — қала қамалдарынан Сенаға дейін созылатын қураған кең жазыққа ілікті.
Жорж әйелімен екеуі анда-санда жоқ-барды айтып тіл қатысқаны болмаса, екеуі де терезеге үңіле қараумен болды.
Аньер көпірінен өтіп бара жатқанда, олар түрлі кемелер, төрт ескекті және балықшы қайықтары сыңсып жүрген өзенді көріп, қуанышты толқыныс сезіміне бөленді. Мамырдың өткір сәулесі кемелер мен тып-тынық қыбыр-жыбырсыз, шалпыл-шайқалыссыз, нақ бір батып бара жатқан күннің жарқылында ұйып қалғандай көрінетін су бетіне қиғаштай төгіліп тұрды. Өзен ортасында желдің әрбір лүпілін қалт жібермей бағатын екі үлкен аппақ үшбұрышты матаны кере жайған желкені бар қайық ұшуға даярланған бір алып құсты көзге елестеткендей.
— Мен Париждің төңірегін ұнатамын,— деді Дюруа баяу үнмен, — менің есімнен қалмайтын бір елес — осы жақта балық жегенімді ұмытпаймын.
— Қайықтар ше? — деп іліп әкетті әйел. — Батып бара жатқан күн шапағын дыбыссыз сырғыған қайықта отырып тамашалаған қандай керемет!
Өткенді мақтай беруден сақтану керектігін кенет ұққандай екеуі де үнсіз қалды; осы үнсіздігімен екеуі де, мүмкін, өкініш әуеніне еліге жөнелген болар-ау.
Дюруа әйеліне қарама-қарсы отырған; енді оның қолын алақанына салып сүйе бастады.
— Парижге оралған соң біз ара-тұра тамақтану үшін, Шатуға барып тұратын боламыз, — деді Дюруа.
— Жұмыстан қолымыз босаса! — деді Мадлена, оның үнінен: "Жан тыныштығынан гөрі пайдалы енбекті ойлайық", — дегісі келген сыңай сезілді.
Жігіт оның қолын уысынан босата қоймай, қалай еркелету жолын ойластырумен болды. Егер алдында аңқаулау қыз отырса, ол еш ойланбас еді, ал Мадленаның аңғарғыш та мысқылшыл ақыл иесі екендігі оны тежей берді. Ол арандап қалудан, тым жасқаншақ немесе керісінше, тым кеудемсоқ, қолапайсыз немесе керісінше, тым өлермен болып көрінуден қорықты.
Қолын қаттырақ қысып еді, ол жауап қайырмады.
— Сіздің әйелім болғаныңызға әлі сене алмай отырғаным, — деді ол.
Мадлена бұған таңырқағандай болды.
— Неге олай?
— Білмеймін. Бір түрлі сияқты. Мен сізді сүйіп алғым келеді және оған хақым бар екендігіне өзім таңғалам.
Мадлена оған бетін тосты, ол оны қарындасын өпкендей-ақ сүйіп алды.
— Мен сізді ең алғаш көргенде, — деп сөзін жалғады ол, — есіңізде ме, мен Форестьенің шақыруымен сіздің үйге барғанымда, — "Шіркін, осындай әйелім болса!" — деп ойлаған ем. Ойым орындалды. Сондай әйелді таптым.
— Сіз әзілқой екенсіз, — деді әйел қулана, оның көзіне тура қараған күйі сыбырлай күліп.
"Мен тым салқынмын. Бұл дұрыс емес. Батылдау болған жөн", деп ойлаған Дюруа оны әңгімеге тартқысы келді:
— Сіздер Форестьемен қалай таныстыңыздар?
— Біз осы Руанға сол туралы сөйлесу үшін бара жатырмыз ба? — Мадлена қуақылана күлімдеген күйі қарсы сұрақ қойды.
Жігіт қызарып кетті.
— Мен ақымақпын. Сіздің алдыңызда жүрексініп отырмын.
Бұл сөз әйелге ұнады.
— Қойыңызшы, неге олай?
Жігіт әйелінің қасына, тақала отырды.
— Бұғы! — деп, Мадлена кенет дауыстап қалды.
Пойыз Сен-Жермен орманын қақ жарып келе жатқан. Үрейі ұшқан елік көзді ашып-жұмғанша ашық алаңнан қарғып өтті.
Мадлена әлі де ашық терезеден көз алмай отыр еді, Дюруа кенет еңкейіп оның мойнынан қадала сүйді, — бұл ашыналық сүйіс еді.
Мадлена біраз уақыт қозғалыссыз қалды, сонан соң басын көтеріп:
— Қойыңыз, қытығым келеді, — деді.
Алайда еркелету тоқталған жоқ: аса сақтықпен ақырын-ақырын ол ширатылған мұртымен әйелдің аппақ терісін қытықтай берді.
Мадлена бойын жиып алды:
— Қойсаңызшы енді!
Жігіт оң қолымен әйелдің басынан орай құшақтап, бетін өзіне бұрып алды да, олжасына шүйілген қаршығадай ерніне төнді.
Әйел бұлқынып, оны итеріп, қолынан босап шығуға әрекеттенді. Бір сәт бойын ажыратып алғанда:
— Қой дедім ғой сізге! — деп қайталады ол.
Бірақ жігіт оны тыңдамады; әйелді құшағына қыса түсіп, дірілдеген ынтық еріндерімен қадала сүйген ол оны жастыққа шалқалата берді.
Әрең дегенде оның құшағынан сытылып шыққан Мадлена орнынан ұшып тұрды.
— Тыңдаңызшы, Жорж, қойыңыз енді! Біз бала емеспіз ғой, Руанға жеткенше шыдамайтындай не көрінді.
Әйелдің ақылдылығы есін жиғызған жігіт қып-қызыл болып отырды.
Бұрынғы қалпына түскен кезде, ол көңілдене үн қатты:
— Жарайды, мен шыдайын, бірақ Руанға жеткенше сіз менен бір ауыз сөз ести алмайсыз, — сізді солай қатырамын. Есіңізде болсын: біз Пуассиден жаңа өтіп барамыз.
— Мен-ақ сөйлейін, — деді әйел.
Содан кейін оның қасына отырып алып, қалаға қайтып оралғаннан кейін немен айналысатындарын рет-ретімен айта бастады. Олар Мадлена бұрынғы күйеуімен тұрып келген пәтерде қала береді, оның үстіне Форестьенің саралқада атқарып келген міндеттері түгелдей жалақысымен қоса Дюруаға көшетін болады.
Жалпы, ол екеуінің некелік өмірінің барлық материалдық жағын ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай ұсынақты әйел дәлдігімен алдын ала есептеп қойған сияқты.
Олардың одағы бастапқы кезде өз мүліктеріне жеке иелік етуге негізделеді және өмірде болар барлық жағдайларды — ажал, айырылысу, бір немесе бірнеше сәбидің өмірге келуі -бәрін де олар алдын ала қарастырып қояды. Дюруада, өзінің айтуы бойынша, төрт мың франк бар, оның бір жарым мыңын ол қарызға алған. Қалғанын ол биылғы жылы өз өмірінде болар өзгерісті күту үстінде жинақтаған қаражаты құрайды. Мадленада, өзінің айтуына қарағанда, Форестье қалдырған қырық мың франк ақша бар.
Шарльді еске алғанда, ол оны мақтаңқырай сөйледі:
— Ол өте құнтты, өте ұқыпты, еңбекқор адам еді. Қысқа мерзімде ол қыруар қаржы жинап алар еді.
Бірақ өз ойымен болып кеткен Дюруа оны естіген жоқ.
Ара-арасында Мадлена үнсіз қалып, әлдебір ойға беріліп кетеді, содан кейін басталған әңгімені әрі қарай жалғастырып әкетеді:
— Үш-төрт жылдан кейін сіз отыздан қырық мың франкке дейін ақша жинай аласыз. Шарль әлі де өмір сүре бергенде, ол да осынша ақша табар еді.
Оның ақыл айтуынан жалыққан Жорж сөзін бөліп жіберді:
— Менің білуімше, біз осы Руанға сол туралы сөйлесу үшін бара жатқан жоқ сияқты едік қой.
Мадлена оның жағынан ақырын ғана ұрып қойды.
— Расында, мен тіпті ұмытып кетіппін, — деді күле сөйлеп.
Тәрбиелі бала кейпіне түскен жігіт екі қолын тізесіне салып отырды.
— Ақымақтың қылығын істеп отырсыз, — деді Мадлена.
— Мені мұндай күйге түсірген өзіңіз, — деп қарсылық білдірді жігіт, — енді мен осы қалыптан шықпаймын.
— Неге?
— Өйткені сіз біздің шаруашылығымызды ғана жүргізіп қоймайсыз, мені тәрбиелеумен де айналыспақсыз. Әрине, өмір көрген жесір ретінде оған қақыңыз да бар.
Әйел шынымен таңырқады:
— Сіз мұнымен не айтпақсыз?
— Менің айтайын дегенім, сіздің ақылыңыз менің саңылауыма сәуле түсірсе, тәжірибелі әйел ретінде сіз мен сияқты күнәден пәк бойдақтың көзін ашуға тиіссіз!
— Мұныңыз мүмкін емес! — Мадленаның даусы қаттырақ шығып кетті.
— Әбден мүмкін, — деп қарсыласты жігіт. — Мен әйел көрген жан емеспін, солай ма? — ал сіз еркек көрдіңіз, — өйткені сіз жесірсіз ғой, солай ма? — демек сіз мені тәрбиелеуді... бүгінгі кештен бастайтын боласыз, солай ма? — алайда үйретуді дәл қазір бастасаңыз да қарсы емеспін.
— О, егер сіз дәл осы мәселеде маған сенім артатын болсаңыз!.. — деп әйел көңілдене сөйледі.
— Әрине, сізге ғана үміт артып отырмын, — Дюруа сабақта жауап беріп тұрған мектеп оқушысының даусына сала сөйледі.
Ол ғана емес, бір жиырма сабақтан кейін сіз мені тәжірибелі адам етіп шығарады деп сенемін... Он сабақта негізгі пәндерден... оқу және грамматикасын, қалған он сабақта жаттығу және шешендікке үйретсеңіз... Мен, шынында, түкті білмеймін ғой, нағыз түк білместің өзімін!
— Сен ақымақсың! — деп салды мына сөз жанына жаққан әйел өз сөзіне мән берместен.
— Демек сен маған "сен" дей бастасаң, — деп іліп әкетті жігіт, — мен де соны қаладым, менің айтайын дегенім, қымбаттым, саған деген құштарлығым секунд сайын артып барады, ал Руанның жолы маған тіпті жеткізбейтіндей болып көрінеді!
Дюруаның енді актерлік мәнермен, сөз ыңғайына қарай күлдіргі қылықтар жасап тәлімси сөйлеуі зиялы әдеби ортаның көңіл күй ерекшелігіне үйренген әйелге қызықты болып көрінді.
Ол жігітке енді басқаша көзбен қарай бастады, барған сайын оның тартымдылығы артып, ағаш басында салбырап тұрған жеміске аңсары ауып, бірақ санасы дәл қазір жеуге болмайды, азырақ төзімділік танытып, тамақтан кейін жеу керек дегендей қызығушылығын оятты.
Санасын билей бастаған күнәкар ойынан әйелдің өңі қызғылт тартты.
— Сүйікті шәкіртім-ау, — деді Мадлена, — менің тәжірибеме, менің аса мол тәжірибеме сеніңіз. Вагондағы өбісудің еш жақсылығы жоқ, ол тек тәбетіңді азайтады.
Одан әрі қызара түсіп, сөзін сыбырмен аяқтады:
— Пісуі жетпеген астыққа орақ салмайды.
Дюруа күлді, — мынау әдемі ауыздан шыққан астарлы сөз оның ынтығын арттыра түсті. Ол дұға оқыған жандай-ақ үнсіз ернін жыбырлатты, содан кейін шоқынды да, салтанатты үнмен тіл қатты:
— Азғырудан сақтаушы әулие Антонийдің ырқына берілдім. Міне, енді мен таспын.
Ақырындап ымырт түсіп келеді, іңір қараңғылығы он жақта созылып жатқан көз жеткісіз алқапты жұқа кездемедей жеңіл мұнарымен көлегейлей бастапты. Пойыз Сенамен қатарласа жүйткіп келеді. Жас жұбайлар темір жолмен жарыса, жарқырата тазартылған металдай жалтыраған жалпақ таспадай созылған өзенге және аспаннан төгіліп түсіп, батып бара жатқан күн сәулесінің қызыл шоқтай жайнаған қан қызыл шұғыласынан көз ала алмай отырды. Шұғыла біртін-біртін күңгірттеніп, күл түстеніп барып біржола жоғалды. Ал ымырт қоюланған сайын тұнжырай түскен дала да біртіндеп қараңғылық құшағына енді.
Ашық терезеден сыздықтаған кешкі мұң бұдан біраз уақыт бұрын ғана желпініскен көңілдерді тұнжыратып, олар да үнсіз отырып қалған еді. Бір-біріне тығыла түскен олар сондай тамаша, жайдары мамыр айының бір күні қалай таусылғанын көздерінен өткерді.
Пойыз Мантеде тоқтаған кезде вагонда майлы шырақ жағылды да, ол жыпылықтаған сарғыш жарығымен купенің сұрғылт реңіне жылу жүгіртті.
Дюруа Мадленаны құшақтап өзіне тартты. Оның тағатсыз ынтықтығы үздіккен мейірімділікке, алып-ұшусыз бәсең, сәбише әлдилейтін, тыныш қана еміренуге ауысқан.
— Мен сені әрқашанда сүйіп өтемін, Мад, кішкентайым менің, — деген сыбыры естілер-естілмес болып шықты.
Оның көлгір үні Мадленаның жанына жағымды тиді, әйелдің денесі дірілдеп, жып-жылы омырауына бетін басып жатқан жігітке еңкейе түсіп, ернін тосты.
Екеуі үнсіз, қадала ұзақ сүйісті, содан кейін алқын-жұлқын қимылмен кенеттен денелері айқаса қалды, әлсіз қарсылықты баса-көктеген қысқа ғана алыс-жұлыс, көзді ашып-жұмғанша өте шыққан құмар қандыру. Содан кейін екеуі де аздап абыржыған, әлсіреген, бірақ еміренуден таңбаған күйі паровоз дабылы аялдаманың жақын қалғанынан хабар бергенше құшақтарын жазбастан жата берді.
— Ұят-ай! — деді әйел саусақтарымен қобыраған самай шашын жөндеп жатып. — Біз бала боп кеттік пе.
Ал Дюруа оның екі қолын кезек-кезек асыға-үсіге сүйе берді.
— Мен сені жақсы көремін, Мад, кішкентайым менің, — деді ол.
Содан Руанға жеткенше олар беттерін-беттеріне тақап, ашық терезеден көздерін алмай, анда-санда шамы жарқыраған үйлер көрініс беретін түн қараңғылығына қараумен болды. Бір-бірінің жылуын сезіне отырып, бұдан да ыстық жақындықты, ес-түссіз аймаласуды аңсаған олар қиял дүниесінде қалықтап жүргендей еді.
Олар қонақ үйдің терезесі жағалауға қараған бөлмесін алып, асығыс тамақтанды да, ұйқыға жатты. Ертеңгілік қызметкер әйел оларды таңғы сегізде оятты.
Шайды оларға түнгі үстелшеге әкеліп берді, бір-бір шыны шай ішкен соң Дюруа әйеліне көз салды да, тап бір мол қазынаның үстінен шыққан жандай оны шаттана құшақтап:
— Кішкентайым менің, — деп сыбырлады, — мен сені сондай сүйем, сондай сүйем...
Мадлена оған қалтқысыз сене ризалықпен күлімсіреді:
— Мен де... солай сияқтымын... — деді ол жігітті сүйіп жатып.
Алайда Жорж туған үйіне жақындаған сайын абыржулы еді. Ол әйелін бірнеше рет бас тартуға үгіттеп бақты, оның бойын үйрете беруге тырысты. Қазір ол тағы осы әңгімені қозғады.
— Сен түсінші, операдан көретініңдей емес, бұлар нағыз шаруа адамдар.
Мадлена күлді.
— Білемін, айтқансың. Одан да түрегел, әйтпесе мен тұра алмай отырмын.
Жігіт төсектен секіріп түсіп, нәскиін кие бастады.
— Бізге ол үйде ешқандай жағдай болмайды. Менің бөлмемде сабан нығыздалған қанар төселген ескі кереует қана тұр, — басқа ештеңе жоқ. Кантльде жүн матырас дегенді білмейді.
Мадлена қуанып кеткендей болды:
— Тіпті жақсы. Бұдан артық не керек... сенімен бірге ... ұйқысыз өткен түннен кейін ... кенет әтештің шақырған даусын естігенге не жетсін!
Әйел жұмсақ ақ матадан кең етіп тігілген үй көйлегін киді. Дюруа оны тани кетті де, әлденеге өзін қолайсыз сезінді. Неге? Ол әйелінің таңғы мезгілге арналған киімдері жетерлік екенін біледі. Сонда не, ол оның бәрін де жаңамен алмастыруы керек пе? Ол қалай ойласа да, Дюруа мына сияқты өзіне дейінгі біреумен өткізген түннен кейін киілген киімдерді енді оның үстінен көруді қаламайды-ақ. Онда тіпті мына жұп-жұмсақ, жып-жылы матада Форестьенің жақындасуынан бірдеңе сақталып қалғандай сезім пайда болды.
Темекісін тұтатқан ол терезеге жақындады.
Айлақтағы желкенді жеңіл қайықтар және жүк көтергіш шығырлардың көмегімен тарсыл-гүрсілді молайта жүктерін түсіріп жатқан ауыр кемелерге толы жалпақ өзен көрінісі оған бұрыннан таныс болса да, бұл жолы ғажап әсерге бөленді.
— Түу, қандай әдемі еді! — деп сүйсіне тіл қатты ол.
Жүгіріп келген Мадлена оның иығынан еркінси құшақтап, жабыса қалды да, таңырқағандықтан дауыстап жіберді:
— Аһ, қандай тамаша, қандай ғажап! — деп қайталай берді ол — өзенде осынша кемелер топырлап жүреді деп ойламаппын!
Ерлі-зайыптылар таңғы тамақты бұдан бірнеше күн бұрын хабар жіберіп қойған әке-шешелерінің үйінде ішуге тиісті болатын. Бір сағаттан кейін олар ескі қазандай сақырлаған ашық көлік үстінде келе жатты. Бұлар алдымен көңілсіз бульвар арасымен ұзақ жүрді, содан кейін үстінде өзен ағып жатқан жайылым басталды, одан әрі жол тауға қарай өрмеледі.
Мадлена шаршаған еді; тура түскен күн сәулесінің жанға жайлы жылуы мен дала ауасының тазалығынан маужыраған ол ескі экипаждың бұрышына тығыла түсіп, ұзамай қалғып кетті.
Оны күйеуі оятты.
— Қарашы, — деді ол.
Таудың үштен біріндей жерге көтерілген олар кез келген саяхатшыға мақтанышпен көрсетерліктей тамаша көрініс ашылған жерге тоқтаған екен.
Төменде ақшыл өзен кең-байтақ жазықта ирелеңдей ағып жатыр. Сансыз көп аралмен шұбартқан өзен көз жеткісіз әлдеқайдан ағып келеді де, Руанға жетпей доғаша иіліп кетеді. Өзеннің оң жағалауындағы таңғы дымқыл тұман арасынан шатырлары күнге шағылыса жарқыраған, көптеген сүйір, жалпақ және алып бір бағалы тас сияқты нәзік өңделген аспанмен таласқан доғалы күмбездер мен гербті тәждермен, үшкір сүмбілермен және қоңыраулармен безенген жұмыр және төртбұрышты мұнаралар, ал мұның бәрінен жоғарыда, готикалық шіркеулерден де биікте үп-үшкір собор инесі, әлемдегі ең қолапайсыз да еренсіз биік таңғажайып қола ине асқақтап тұрды.
Қарсы жағалауда біршама жерге шашырай орналасқан Сен-Север елді мекенінің көкке өрлеген сайын кеңейе беретін, жұмыр, жіңішке зауыт мұржалары мен мұндалайды.
Өздеріне ұқсас биікке ұмтылған қоңырау мұнараларынан да саны басым бұл ұзын кірпіш мұржалардан шыққан қап-қара көмір түтіні аспанды ластап, алыс бір қиырларға қарай ұшып сіңіп кетіп жатыр.
Бәрінен көтеріңкі бір мұржа, Хеопс пирамидасы сияқты биік (ол адам қолымен жасалған туындылардың ішінде биіктігі жағынан екінші орында) және өзінің асқақ құрбысы — собор инесіне пара-пар алып "Найзағай" су айдаушы мұнарасы үнемі түтін құсып жататын еңбекқор зауыттардың патшайымы сияқты болса, оның көршісі сүйір төбелі храмдар жиынтығының патшайымы секілді көрінер еді.
Шеттегі жұмысшы ауданынан әрі қарағайлы орман созылып жатыр. Ескі және жаңа қала арасын кесіп өткен Сена тік жарлы, орман жамылған жағалауын бойлай, ал кейбір жерінде ақтасты жарын жалаңаштай аға отырып, тағы бір үлкен жарты шеңбер жасайды да, көз жеткісіз әлдеқайда жөнеп береді. Ағыс бойымен жоғарылы-төменді үлкендігі шыбындай ғана кемелер жосылып, қою түтіндерін бұрқылдата, баржаларын сүйретіп барады. Су ортасында көрінетін аралдар біресе ұзыннан-ұзақ тізбек жасай жалғасса, енді бірде әр түрлі көлемдегі жасыл моншақтар тізбегіндей, бір-бірінен алысырақ орналасыпты.
Ат айдаушы жолаушылардың таңданысы аяқталуын тосып тұр. Ол әрқилы тектегі адамдардың тамашалауы қаншаға созылатынын жақсы білетін тәжірибелі жан еді.
Олар орнынан қозғалысымен-ақ Дюруа бірнеше жүз метр жерде өздеріне қарсы келе жатқан екі қарияны көріп қалды да, экипаждан басын шығарып, айғайлап жіберді:
— Бұл солар! Мен танып қалдым!
Екі шаруа — бір әйел мен бір еркек — теңселе басып, бір-бірін иықтарымен қағып-соға жүріп келеді. Еркегі аласа бойлы, мығым денелі, бет-аузы қып-қызыл, қарынды, жасына қарамай ол өзі шып-шымыр көрінеді; әйелі ұзын бойлы, арық, бүкірейгендеу, уайымды жүзді, жасынан қара жұмысқа жегілген, күйеуі келушілермен арақ ішіп, гүжілдетіп жүргенде, еш езу тартып күліп көрмеген нағыз ауыл еңбеккері еді.
Экипаждан шығып, мына екі жұпыны жанға көз салған Мадлена кенет жүрегінің аяныштан сығымдалып кеткенін сезінді. Олар мына маңғаз мырзаның өз ұлдары екенін танымады, ал мына бір ақ көйлекті сәнді ханым келіндерің десе, тіпті сенбестей еді.
Олар артынан экипаж еріп келе жатқан бұл қалалықтарға көз салып әуре болмастан, асыға-аптыға жүріп келеді.
Олар тіпті қастарынан өте шығуға сәл қалды.
— Амансың ба, Дюруа әкей! — деп күле дауыстады Жорж.
Екеуі де қалт тоқтай қалып, қатты да қалды. Кемпір алдымен ес жиып, орнынан қозғалмаған күйі күбірлей тіл қатты:
— Бұл сенсің бе, балам?
— Әрине, басқа кім дейсің, Дюруа шешей! — деген Жорж жақындап барып, оның екі бетінен сағынғандығын білдіре шолпылдатып сүйді. Содан кейін саудагерлер киетін қара жібектен тігілген биік руандық фуражкасын қолына алған әкесінің бетіне бетін тигізді.
— Міне, менің әйелім,— деді сонсын Жорж.
Шаруалар Мадленаға көз тоқтатты. Олар оған бір керемет көргендей, қорқынышпен, мазасыздана қарады, бұл қат-қабат сезімнің үстіне шалда қанағаттану және мақұлдаушылық, ал кемпірде қызғанышты жақтырмаушылық секілді қосымша түйсіктер пайда болды.
Табиғатынан шат көңілді, оның үстіне ішілген арақ пен тәтті сидрден көңілі көтеріңкі шал батылданып, қулана көзін қысты:
— Бетінен сүюге болатын шығар?
— Сүйе бер, — деді ұлы.
Онсыз да өзін жайсыз сезініп тұрған Мадлена шалға бетін тосуға мәжбүр болды да, шал оны ауыл адамдарынша шөлп еткізіп сүйіп, аузын қолының сыртымен сүртті.
Кемпір де оны бетінен сүйді, бірақ бұл іш тартуы жоқ салқын қанды ерін тигізу болды. Жоқ, оның армандаған келіні мұндай емес болатын: ол келісті, күш-қуаты сыртына теуіп тұрған, екі беті алмадай, сауын биедей жұп-жұмыр фермада өскен қызды елестетіп еді көз алдына. Ал мына үлбірекке оранған, мускус иісі аңқып тұрған ханшайымды ол жезөкшеге ұқсатты. Кемпір әтірден тек мускус иісі аңқып тұрады деп қабылдаушы еді.
Енді бәрі жас жұбайлардың шамадандарын әкеле жатқан экипаждың соңынан ілесті.
Шал ұлын қолтығынан алды да, аяңға көшіп, әуестене сұрақ қойды.
— Ал жағдайың қалай?
— Айтарлықтай жақсы!
— Дұрыс, дұрыс! Әйелден қанша ақшаға ие болдың?
— Қырық мың франк,— деді Жорж.
Шал таңданғаннан ысқырып жіберді.
— Қарай гөр мұны! — Аталған сома мөлшерінен есі шыққан шал осыдан басқа сөз айта алмады.
Содан кейін маңызданып, сенімді үнмен:
— Айтары жоқ, сұлу-ақ! — деді.
Мадлена оған шынымен ұнаған еді. Кезінде оның өзі де бұл салада нағыз білгірдің бірі болған-ды.
Мадлена мен енесі қатарласа үн-түнсіз жүріп келе жатты. Еркектер оларды қуып жетті.
Олар қыстаққа — жолдың екі қапталына, сол жағына он үй, оң жағына он үй орналасқан кішігірім қыстаққа — жетіп қалды, мұнда қалалықтарша салынған үйлер де, сонымен қатар кірпіштен, балшықтан салынып, сабанмен және шипырмен жабылған қарапайым лашық үйлер де бар еді. Қыстақтың сол жақ шетінде тұрған шатырлы бір қабатты үй Дюруа шалдың "әсем көрініс" атты иелігі екен. Көне дәстүр бойынша, есік маңдайшасына қағылған қарағай бұтағы — қалаған адамдарға есік ашық екендігін білдіретін белгі.
Залдағы екі үстелді тіркестіріп, кішірек екі дастарқанмен жауып, таңғы ас жасалған екен. Шаруашылыққа көмектесіп жүрген көрші әйел салтанатты ханымды көріп, иіле амандасты да, Жоржды көріп:
— Исус құдайым-ай, бұл сенбісің, балақайым? — деп дауыстап жіберді.
— Иә, бұл менмін, Брюлен шешей! — деп көңілдене жауап қатқан Жорж оны да әлгінде әке-шешесін сүйгендей етіп бетінен сүйді.
Содан кейін ол әйеліне бұрылды:
— Жүр, өз бөлмемізге баралық, қалпағыңды қоятын жер сонан табылар.
Оң жақтағы есік арқылы ол әйелін тас еденді қоңыр салқын бөлмеге бастап келді, бөлменің қабырғалары әкпен ақталғандықтан, аппақ болып көрінді, ал кереуеттің тұсына коленкор түскиіз ілініпті. Осы жып-жылмағай көңілсіз бөлменің реңін кіргізіп тұрған нәрселер — су себелегіштің үстінде тұрған Иса пайғамбардың айқышқа шегеленген суреті және көк пальманың астында тұрған Пол мен Виргиния, сондай-ақ жирен атқа мінген I Наполеон бейнеленген екі олеография ғана еді.
Екеуі оңаша қалысымен Жорж Мадленаны сүйіп алды.
— Сәлем, Мад. Мен қарттарымды көргеніме қуаныштымын. Парижде жүргенде оларды ойламайсың, ал көріскен шақта дегенмен ішің елжірейді.
Осы кезде бөлме қабырғасын тоқылдатқан әкесі:
— Тезірек, тезірек, сорпа суып қалады! — деп дауыстады.
Залға баруға тура келді.
Ауыл әдетінше ұзақ ішілетін таңертеңгі тамаққа отырысты, ас мәзірінде еш талғам жоқ: қой етінен кейін колбаса, колбасадан кейін қуырылған жұмыртқа берілді. Сидр және бірнеше стақан шараптан кейін Дюруа шалдың көңілі шарықтап, ауыз жаппай сөйлеуге айналды: тек үлкен отырыстарда айтуға сақтап жүрген қалжыңдарын қардай боратып, өз достарының басынан кешкен оқиға деген боп, ыңғайсыз, әдепсіз қалжыңдарды да жіберіп-жіберіп алды. Жорж оларды бұрыннан білетін, сонда да ішек-сілесі қата күлумен болды, ол туған ауылының ауасынан мас болғандай, туған жерге деген сағынышы, бала кезінен таныс көріністер, кез келген заттар, кез келген ұсақ-түйектің бәрі: есікке салынған кертік белгілер, ұмытыла бастаған сәл нәрсені ойына салған үш аяқты орындық, топырақ иісі, таяу арадағы орманнан аңқып тұрған шайыр мен ағаштың хош иістері, таныс үй иісі, өңезденген су иісі, көң иісі — оның қалғып жатқан бұрынғы сезімдерін түртіп оятып, көкейіндегі көп нәрселерді тірілткендей.
Дюруа кемпір бұрынғы қатаң да қапалы түрінен өзгере қоймай, келініне үнсіз ғана ұнатпай қарап отырды, әрине, өмір бойы ауыр бейнеттен бел жазбаған, қолы күсті еңбек торысына мына үлбіреген қалалық келіншек әлдебір күнәкар, салдақы көрініп, тек еркектердің ермегі үшін жаралған қуыршақ ретінде қабылдаған жиіркеніш сезімін жеңе алмай-ақ қойды. Ол минут сайын орнынан тұрып, дастарқанға тамақ әкеліп, графиннен стақандарға сарғыш қышқыл шараптан немесе газдалған лимонад құсап шөлмекке сыймай көбігі бұрқыраған жирен сидрден құйып беріп отырды.
Мадлена көңілсіз отырды: ол ештеңе жемеді, ешкіммен сөйлеспеді; әдетінше езу жимай күлімсірегенімен, бұл жымиысынан еріксіз мойынсұнғандық байқалып тұрды. Ол әлденеге көңілі толмай, күйініш сезімінде отырды. Неге? Мұнда келгісі келіп қоймай қойған өзі ғой.
Мұндағылар шаруа адамдары, қарапайым шаруалар екендігін одан ешкім жасырған жоқ. Онда ол неге оларды басқаша елестетті,— өмірінде еш нәрсені артық дәріптеуді қаламайтыны қайда?
Бірақ ол мұны түсінді ме? Әйелдер қашанда бір ерекше нәрсені, өмірдегі шындығынан өзгеше бір нәрсені күтумен жүреді ғой. Мүмкін, сырттай олар оған бұдан гөрі сыпайылау болып елестеген шығар? Бұдан гөрі әсерлірек деген де жай сөз, бұдан гөрі мәндірек, бұдан гөрі мейірбандылау, ақжарқындау, көріктілеу, тәуірірек болып елестеген болар. Әрине, олар романдарда жазылатындай өнегелі адамдар емес екендігін өзі де білді. Енді неге көзіне көрінгеннің бәрі, олардың дөрекіліктері, әрбір сөзі, әр қимылы, күлкісі түрпідей тиіп, жиырылып отыр?
Мадлена өз анасын есіне алды, Сен-Дениде білім алған қызметші қыз, біреудің азғыруынан балалы болып, жоқшылық пен қайғыдан ерте, Мадленаның он екі жасында қайтыс болған анасы жайлы ол тірі жанға тіс жармаушы еді. Бір белгісіз адам Мадленаның оқуына жағдай жасады. Мүмкін, әкесі шығар? Кім екен ол? Аздаған күдігі болғанымен, оның кім екенін Мадлена сол күйі біле алмады.
Таңғы ас аяқталатын емес. Келушілердің алды көріне бастады, — олар Дюруа шалмен амандасып жатты, Жоржды танып ішектерін тартады, ал жас келінге ұрлана көз тастап, "ой, Жорж, жігіт екенсің, керемет әйел тауыпсың" дегендей, Жоржға қарап қулана көз қысады.
Ал шала таныстары ағаш үстелдерге жағалай жайғасып алып: "Бір литр!", "Бір саптаяқ!", "Екі рөмке коньяк!", "Рапайлядан бір стақан!" — деп айқайлап қойып, ақ және қара тастарын тарсылдатып домино ойнауға кіріседі.
Дюруа кемпірдің кіріп-шығуы жиілеп, келушілерге жабырқау күйде қызмет көрсетіп жүр, олардан ақша алып, көк алжапқышының шетімен үстелдерді сүртіп қояды.
Бөлменің іші қыш трубкалар мен арзан сигарлардың бұрқыраған түтініне тола бастады. Мадлена булыға жөтелді.
— Далаға шығайықшы. Шыдай алар емеспін.
Алайда тамақтану әлі аяқталмаған еді. Дюруа шал кейіген түр танытты. Содан кейін Мадлена орнынан тұрды да, еркектер кофелері мен коньяктарын ішіп болғанша тоса тұру үшін, кіреберіс есік алдындағы орындыққа отырды.
Аздан кейін оның қасына Жорж келді.
— Сенаға барып қайтайық па? — деп сұрады ол.
— Иә, иә! Кеттік, — деп, қуана келісті әйелі.
Олар таудан түсіп, Круасседе қайық жалдады. Ыстық маужыратқан олар күннің қалған бөлігін көктемгі жайма-шуақ күн сәулесі қыздырып, жеңіл толқын әлдилеген арал жағалауында, сәмбіталдың көлеңкесінде өткізді.
Қараңғы түскенде ғана олар үйге қайтты.
Майшамның жарығында ішілген кешкі тамақ Мадленаға ертеңгі астан да ауыр тиді. Мас болған Дюруа шал жұмған аузын ашқан жоқ. Шешесі томсарған күйінен жазбады.
Болар-болмас жарық түскен сұрқай қабырғаларда арбаңдаған дәу мұрынды көлеңкелердің ерепейсіз қозғалыстары тым ерсі көрінеді. Біреу-міреу дірілдей жанған шырақ жарығына қырынан бұрылса-ақ қабырғада пайда болатын алып қол айырға ұқсаған шанышқысын бетіне таман апарады, сол кезде дәу құбыжықтың аранындай болып ауыз ашылады.
Тамақтанып болысымен Мадлена мына темекінің ащы түтіні аңқыған сұрқай бөлмеде отырмау үшін, күйеуін таза ауаға алып шықты.
— Міне, сенің ішің пысты, — деді Жорж олар далаға шығысымен.
Әйел қарсыласайын деп еді, ол сөз бермеді:
— Жоқ. Мен бәрін көріп отырмын. Кеткің келсе, ертең-ақ қайтып кетейік.
— Иә. Қайтайықшы, — деп күбірледі ол.
Екеуі ілгері аяңдап келе жатты. Жып-жылы тамылжыған түнгі қараңғылықта түрлі қыбыр-жыбыр, сыбдырлаған дыбыстар естіледі. Олар биік-биік ағаштардың арасында салынған жолмен, қарауыта мұнартқан екі қатар ағаш қабырғаның арасымен жүріп келеді.
— Біз қайдамыз? — деп сұрады Мадлена.
— Ормандамыз, — деді жігіт.
— Бұл орман үлкен бе?
— Өте үлкен, бүкіл Франциядағы үлкен ормандардың бірі.
Топырақтың, ағаштардың, мүктің, шіріген томар иісі, шырыны аққан бұтақтар иісі, — айнала осы ежелгі де жаңа иістер орман ішінде бөгіп тұрғандай болып сезіледі. Мадлена басын шалқайтып, ағаш арасынан көрінген жұлдыздарға қарады, бірде-бір ағаш дір етпей мүлгіп тұрса да, айналадағы жапырақтар мұхитының болар-болмас толқыған дыбысын оның құлағы шалғандай болды.
Денесін шымырлатып өткен дірілден оның жүрегінде беймәлім бір аңсау сезімі пайда болғандай сезілді. Оның не екенін өзі түсіне алмады. Ол өзін айдалада жалғыз қалып қойғандай, тірідей көміліп, енді осы жерден ешқашан шыға алмайтындай, жан-жағынан неше түрлі қауіп-қатер төніп келе жатқандай, жоғарыда білінер-білінбес толқынданып жатқан мынау аспан астында өзінен басқа тірі жан қалмағандай сезінді.
— Мен қорқып тұрмын. Қайтайықшы, — деп сыбырлады ол.
— Қайтсақ, қайтайық.
— Ал Парижге ертең қайтамыз ғой?
— Иә, ертең.
— Ертең таңертең!
— Қалауың білсін. Таңертең десең, таңертең.
Олар үйге келгенде қарттар жатып қалған екен.
Мадлена түнде жайсыз ұйықтады. Ол үйренбеген ауыл дыбыстарынан: жапалақтың даусы, үй сыртындағы қорадан шошқаның қорсылдағаны, түн ортасынан бастап шақыруға кіріскен әтештің айқайы қайта-қайта шошытып ояна берді.
Таң сәулесі түсер-түспестен ол аяғынан тік тұрып, жолға жинала бастады.
Жорж әке-шешесіне қайтатындығын айтқанда, олар әуелі абыржып қалғанымен, сөздің қайдан шығып жатқанын бірден ұқты.
Шал бір-ақ сұрақ қойды:
— Енді кездесе алар ма екенбіз?
— Әрине. Биыл жазда.
— Жарайды онда.
— Тек кейін өкініп жүрмесең болды да, — деп күңк етті анасы.
Реніштерін тарқату үшін, ол қарттарына екі жүз франк берді.
Жұмсап жіберген бала экипажды сағат онда алып келді де, кемпір-шалды беттерінен сүйіп қоштасқан жастар жүріп кетті.
Таудан төменге түсіп болған кезде, Дюруа күле тіл қатты:
— Мінекей, мен саған ескерткен едім ғой. Мен сені ата-анаммен — Дю Руа де Кантель мырзамен, және басқа да ханымдармен таныстырмай-ақ қоюым керек еді.
Мадлена да күліп жіберді.
— Олар маған өте ұнады, — деп қарсылық білдірді ол. — Олар тамаша адамдар, мен оларды жақсы көріп кететін сияқтымын. Парижге барған соң мен оларға біраз сыйлық салып жіберемін.
Біраз үнсіз отырып барып, тағы сөзін жалғады:
— Дю Руа де Кантель... Көрерсің, біздің шақыру хатымызға ешкім де таңырқамайды. Біз оларға бір апта сенің ата-анаңның үйінде болып келдік дейміз.
Жігітке жабыса түсіп, оның мұртына ернін тигізді:
— Сәлем, Жорж!
— Сәлем, Мад, — деп жауап қатқан жігіт әйелін белінен орай құшақтады.
Алыста, таңғы күн сәулесіне шомылған жазықтың ортасында күміс таспадай жарқыраған өзен ирелеңдейді, зауыт мұржаларының бәрінен аспанға қап-қара түтін будақтайды, ал көне қала үстінде үшкір күмбездер көкке шаншыла асқақтайды.
II
Дю Руалардың астанаға қайтып оралғанына екі күн болғанда, Жорж өзінің жұмысына қайта кірісті, ол іштей өзін хроника бөлімі бастығы міндетінен босатып, Форестьенің орнына тағайындаудан дәмеленіп жүрді, сонда ол басы бүтін саясатпен айналысар еді-ау.
Бұл күні кешкісін ол тамақтану үшін көтеріңкі көңіл күймен үйіне — бір кезде өзіне дейінгі Форестье тұрған үйге тезірек жетіп, әйелін, күн өткен сайын көркімен көңілін баурап, өміріне ерекше әсерін тигізе бастаған келіншегіне асығып келе жатты. Нотр-Дам- де-Лорет бұрышында тұрған гүл сатушының қасынан өте бере ол Мадленаға гүл алғысы келді де, дереу әлі қауашағын аша қоймаған хош иісті раушан гүлдерінің үлкен бір шоғын таңдады.
Баспалдақтың әр орамынан бұрылған сайын ол айнаға көз салып, осы үйге тұңғыш қалай келгенін есіне түсірді.
Кілтін үйде ұмытып кеткен екен, есікті Мадленаның кеңесімен алып қалған сол баяғы малай ашты.
— Дю Руа ханым үйде ме? — деп сұрады ол.
— Иә, мырза.
Асхана тұсынан өте бергенде, ол дастарқанның үш адамға арналып жасалғанын көріп, таңғалды. Асхананы қонақжайдан бөліп тұрған шымылдық көтеріліп қойылған екен, сондықтан ол дәл осы сәтте ашық пеш үстіндегі көзеге тура өз қолындағыдай бір шоқ гүлді салып жатқан Мадленаны көріп қалды. Оның лезде көңілі түсіп, әйеліне ізет білдіріп, риза ету арқылы рақатқа бөленбек болған талабына біреу кесе-көлденең тұрғандай жағымсыздық сезінді.
— Сен біреуді шақырып па едің? — деп сұрады ол кіре бере.
— Атап шақырмасам да, — деді әйелі бұрылып қарамастан гүлмен айналысып жатқан күйі, — бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша, менің ескі досым, граф де Водрек келеді: ол ылғи дүйсенбі күндері түстікті бізбен ішеді.
— Ә! Жақсы екен, — деп күбірлей сөйледі Жорж.
Әйелінің артында гүл шоғын ұстап тұрған ол оны не тығарын, не лақтырып жіберерін білмей дағдарды.
— Қарашы, мен саған раушан әкелдім, — деді ақыры.
Мадлена бұрылып қарады да, жымиып күлді.
— Сен қандай жақсы едің! — деп, келіншек шын қуанған түрмен қолын созып, ернін тосқанда, жігіттің көңілі бірден жайланып сала берді.
Содан кейін гүлді алып құмарлана иіскеді де, көңілі көншіген бала сияқты жылдам қимылмен оны алғашқы гүлдің қасындағы екінші бос көзеге орналастырды.
— Неткен қуаныш! — деді сонан соң оларға сүйсіне қарап тұрып, — Міне, менің үйім жайнап сала берді.
Содан кейін күйеуін сендіре сөйледі:
— Білесің бе, Водрек сондай тамаша адам, сендер тез тіл табысып кетесіңдер.
Қоңырау графтың келгендігінен хабар берді. Ол салмақпен, сенімді, өз үйіне келгендей жайбарақат кірді. Сырбаз иіліп Мадленаның саусағынан сүйді, содан кейін күйеуіне бұрылып, жайдары жүзбен қолын ұсынып жатып:
— Қалай жүріп жатырсыз, қадірлі Дю Руа? — деп сұрады.
Оның менмендігі мен тәкаппарлығы, жағдайдың өзгеруінің белгісіндей ымырашыл тілектестікке ауысқандай. Оның мұншалық өзгерісіне таңырқаған журналшы да сыпайы болуға тырысты. Бес минуттен кейін олар он жылдан бері жан қиыспас дос адамдардай күйде отырды.
— Мен сіздерді оңаша қалдырып кетемін,— деді жарқылдай сөйлеген Мадлена. — Ас үйге барып келейін.
Еркектер оның соңынан қарап отырып қалды.
Мадлена қайтып келген соң, олар бір жаңа пьесаға байланысты театр туралы сөз қылды. Бұл жөнде олардың пікірлері үйлескені сондай, олардың жүздерінде осыншалықты пікірлес болып шыққандарына деген ризалықтан бір-бірін жақсы көргендік белгісі байқалып тұрды.
Түстік жайма-шуақ, жақсы жағдайда өтті. Граф осы үйде, мына сүйкімді ерлі-зайыптылар қасында өзін жақсы сезінгендіктен, кеш болғанша отырып қалды.
Ол кеткен соң, Мадлена күйеуіне бұрылып:
— Шынында, керемет адам емес пе? Жақын танып-білген сайын ол ұнай түседі. Ол нағыз сыннан өткен, сенімді, күмәнсіз дос. Ah, егер ол болмаса...
Ол өз ойын аяқтамай тоқтап қалды.
— Иә, сондай сүйкімді адам, — деді Жорж. — Меніңше, біз жақын дос болып кететін сияқтымыз.
— Ал бізге жатар алдында біраз жұмыс істеу керек, — деді тағы Мадлена. — Водрек келіп қалғандықтан, мен саған бұл туралы тамақтың алдында айтып үлгермедім. Мен бүгін Мароккода маңызды оқиға болғандығын білдім. Бұл туралы маған депутат, болашақ міністір, Ларош-Матье хабарлады. Біз сенсация тудырарлық үлкен мақала жазуымыз керек. Фактлер мен цифрлар менде бар. Дереу жұмыс жасауға отырайық. Шамды ал. Дю Руа шамды алып, екеуі кабинетке ауысты. Кітаптар бұрынғыша қатар-қатарымен жинаулы, ал ең жоғарысында Форестье өлер алдында Жуан шығанағына барып алып келген үш көзе жарқырап тұр. Үстел астында жатқан марқұм Шарльдің жүнді кілемшесіне аяғын салған Дю Руа қолына өзіне дейінгі иесі ұшын аздап тістелеп тастаған піл сүйегінен жасалған қаламды алды.
Мадлена ашық пешке сүйеніп тұрып, темекісін тұтатып алды да, жаңалықты түгел айтып шықты, содан кейін ол туралы өзінің ойын білдіріп, жазылуға тиіс мақаланың жобасын әңгімеледі.
Дю Руа оны мұқият тыңдай отырып, ескертпелерін жазып отырды. Әйелі сөзін аяқтаған кезде, ол бұл мәселеге байланысты өз көзқарасын айтты, оны тереңдете түсіп, өз жоспарын ұсынды, ол енді бір мақаланың жобасы емес, қазіргі міністірлікке қарсы тұтас бір науқанның жоспары болып шықты. Бұл шабуыл жасаудың тек басталуы ғана болмақ. Жорж ойынан туған үлкен мүмкіндіктер Мадленаны қызықтырғаны сондай, ол темекісін де ұмытып кетті.
— Иә.. иә... өте жақсы... Тамаша... Керемет... — деп күбірлей қостап отырды.
Дю Руа сөзін аяқтағанда әйелі:
— Енді жазуға кіріселік, — деді.
Алайда бастап кету жігітке қашанда ауыр тиетін, бұл жолы да ол әр сөзін қинала құрастырумен болды. Мұны аңғарған Мадлена оның иығына жеңіл ғана сүйеніп, құлағына сөйлемдерді бірінен соң бірін сыбырлап айтып тұрды.
Ара-тұра ол күйеуіне күмандана қарап:
— Сен осыны айтайын деп пе едің? — деп сұрап отырды.
— Иә, дәл осыны,— дейді ол.
Әйелдерге тән аяусыздықпен Мадлена міністірлер кеңесінің төрағасын кекесінді улы сөздермен әшкерелеп, оның сырт келбетін келемеждеуін ол жүргізіп отырған саясатты келекелеумен шебер ұштастырғанда, езуге күлкі үйіріліп, жазушының тапқыр байқағыштығына таңданбасқа шара қалмайды.
Арасында Дю Руа оның сөздерінің мағынасын тереңдете түсетін және сонымен қатар өткірлік беретін бірнеше сөзін қосып жіберіп отырды. Оның үстіне, ол өз хабарларын өңдеу үстінде үйренген сөзді астарлап айту өнерімен жақсы таныс болатын, сондықтан ол Мадлена айтып отырған қандай да бір оқиғаның шындығы күмәнді көрінеді-ау деген тұста немесе ол біреу-міреуге көлеңкесін түсірер деп ойласа, ол туралы тек тұспалдаумен шектеліп, сонысымен оқырмандар алдында тура сөз еткеннен де гөрі ұтымды жол тауып отырды.
Мақала жазылып біткенде, Жорж оны шабыттана дауыстап оқып шықты.
Мақала екеуіне де ұнады да, олар бір-бірінің бағасын енді ғана білгендей, таңырқай, қуана күлімсіреді. Бір-біріне елжірей, ғашық көзбен қарап тұрды да, рухани жақындықтарын сезіну тән құмарлығын қоздырғандай, қатты құшақтасып сүйісті.Дю Руа шамды алды.
— Енді ұйықтаймыз, — деді ол көзі оттай жанып.
— Алға түсіңіз, әміршім, жолды жарық қылатын сіз ғой, — деді әйелі.
Күйеуі жатын бөлмеге беттегенде, соңынан ілескен әйелі саусақ ұшымен оның мойнынан қытықтап, қытықтан қорқатын күйеуін қуалап отырды.
"Жорж Дю Руа де Кантель" деген атпен жарық көрген мақала үлкен шу көтерді. Палатада абыржу басталды. Вальтер қария авторды құттықтап, оны дереу "Француз өмірі" газетінің саяси бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Хабар бөлімі тағы да Буаренарға көшті.
Осы күннен бастап, "Француз өмірі" міністірлікке қарсы терең ойластырылған, тегеурінді науқан жүргізді. Қашанда бұлтартпайтын фактілерге сүйенетін, бірде кекесінді, бірде салмақты, бірде әзілге, бірде ашуға құрылған бұл мақалалар өзінің қайтпайтын табандылығымен, сенімділігімен таңғалдыратын. Өзге газеттер бұлардан ылғи үзінді келтіріп, тұтас азат жолдарын көшіріп басатын, ал билік басындағылар қандай да бір мекеменің көмегімен белгісіз әдепсіз жаудың аузын жабу жолдарын іздестірумен болды.
Дю Руа саяси ортада атаққа іліне бастады. Ол қол алысулар мен иіле амандасуларға қарап, өз беделінің өсіп бара жатқанын біліп жүрді. Ал зайыбы болса, ол қашанда ерін ақылдылығымен, бәрін қапысыз білгіштігімен және байланыстарының кеңдігімен таңғалдыратын.
Үйіне қайтқан сайын ол қонақжайда бірде сенаторды, бірде депутатты, сотты немесе генералды кездестіретін, олардың бәрі Мадленаны құрметтеп, өздерін ескі достарындай емін-еркін ұстайды. Олардың бәрімен қайда танысып жүр? Жиындарда дейді өзі. Ал қалайша олардың сеніміне кіріп ала қояды? Бұл Жорж үшін жұмбақ еді.
"Мадлена тамаша дипломат бола алар еді", — деп ойлайтын ол Мадлена көбіне түскі тамаққа кешігіп келіп жүрді, асыға басып ентігіп, қызара бөртіп, көтеріңкі көңілмен келген ол қалпағын шешпей жатып, білген жаңалықтарын айта бастайтын:
— Бүгін біздің айтарымыз бар. Тыңдашы, әділет міністірі бұрынғы аралас комиссияның екі мүшесін сот қылып тағайындапты. Өмірі есінен кетпейтіндей етіп сазайын танытайық бәлемнің!
Шынында, бұлар бірнеше күн қатарынан міністірдің есін шығарды. Фонтен көшесіне граф де Водректен кейін сейсенбі күндері түстік ішуге келе бастаған депутат Ларош-Матье ерлі-зайыптылардың қолдарын қатты қысып, шексіз қуанғандығын танытып жүрді.
— Міне, нағыз науқан! — дейтін ол әр жолы. — Енді осыдан кейін жеңіске жете алмасақ...
Көңіл түкпірінде ол өзі көптен бері көз тігіп жүрген шетел істері міністірінің орнын тартып алу мүмкіндігіне сенімді болатын.
Бұл өзіндік бет-бейнесі, өзіндік пікірі жоқ, не мүмкіндігімен, не батылдығымен көзге түсіп көрмеген, ауыз толтырып айтарлық білімі де шамалы, — бір шалғай қалашықтан шыққан адвокат, провинция үшін ғана арыстан дәрежесіндегі, республикашыл бетпердесін жамылған иезуит, өзара өш партиялар арасында шеберлікпен пайда табушы, жалпыхалықтық сайлау құқығы көң-қоқсығында қаптап өсетін сапасы күмәнді либералдар саңырауқұлағының бірі еді.
Өзінің тұрпайы макиавеллизмі арқасында ол өз серіктестерінің — депутат болып сайлануға құмар сілімтіктер мен елден шыққан шалағайлардың — арасында ақылды деп есептелетін. Ол біраз дәрежеге қол жеткізе аларлықтай сыртын жылтыратуға шебер, біраз жақсы тәрбиесі бар, жүгенсіздігі мен сыпайыгершілігі де бір басына жетерлік адам болатын. Игі жақсылар арасында, осы бір үнемі ауысып-түйісіп жататын әр алуан жұрттың арасында, жоғары талапқа сай келмейтін, жоғарыға аңдаусызда жол тауып көтерілген көрнекті шенеуніктер қоғамында ол беделді саналатын.
Ол туралы барлық жерде: "Ларош міністір болады", — десетін, оның өзі болса бұған өзгелерден бұрын сенетін.
Ол Вальтер қарияның газетінде жарнашыларының бірі, оның компанионы және көптеген қаржылық операциясы ортақ серіктесі болатын.
Дю Руа Ларош-Матьені қолдады, оған сенді және келешекте өзіне керек адамдардың бірі болуы мүмкін деп есептеп, оған біраз үміт артып жүрді. Негізінен алғанда, ол Ларош-Матье Форестьеге арманына жеткен кезде Құрметті легион орденімен сыяпаттауға уәде берген істі жалғастырушы ғана болды. Енді бұл орден Мадленаның екінші күйеуіне берілуге тиісті болды — бар өзгеріс сол ғана. Шындап келгенде, өзгерген ештеңе жоқ.
Бұл белгілі жайт болғандықтан, Дю Руаның қызметтестері оны үнемі көзге шұқып түртпектеумен болды да, бұл оның жынын қайнататын.
Оны енді тек "Форестье" деп атау ғана қалғандай еді.
Ол саралқа босағасын аттасымен біреу:
— Бері қарашы, Форестье! — деп айғай салды.
Ол естімеген қалып танытып, жәшіктегі хаттарды ақтарыстыра берді.
Бірақ жаңағы дауыс қояр болмады, одан да қаттырақ дауыстады:
— Ей, Форестье!
Дю Руа баспагерлер кабинетіне қарай беттеп еді, қызметтес жігіт енді алдынан көлденеңдеді:
— Аһ, кешір, мен саған айтып тұр екем ғой. Ақымақтық, әрине, бірақ мен сені үнемі Шарль байғұспен шатастыра беремін. Бұл, сірә, сенің жазғандарың Форестьенің мақалаларына жолма-жол ұқсастығынан болар. Бұл жерде кез келген адам шатасады.
Дю Руа жауап қатқан жоқ, бірақ іші қазандай қайнады. Ол тіпті іштей марқұмды жек көре бастады.
Вальтердің өзі де бір рет саясат бөлімінің жаңа бастығының мақалалары түрі жағынан да, мазмұны жағынан да бұған дейінгі бастықтың жазғанына ұқсайды екен дегенді таңдана айтып:
— Иә, бұл нағыз Форестье, тек қана одан гөрі қызулау, батылдау және көрегендеу, — деді.
Тағы бір жолы аңдаусызда шкапты ашып қалған Дю Руа Форестьенің билбөкесі қаралы шүберекпен оралғанын, ал өзінің Сен-Потен басшылығымен ойын үйреніп жүрген билбөкесіне алқызыл лента байланып қойылғанын көрді. Барлық билбөкелер сол сөреге қатарластыра тізіліп қойылыпты да, астына: "Форестье және К-нің бұрынғы коллекциясы. Мұрагері — Форестье Дю Руа. Патенттелген. Барлық жерде, тіпті жол жүргенде де пайдалануға болатын қажетті тауар" деп жазылыпты.
Ол шкапты жай ғана жапты да, бәріне естірте:
— Ақымақтар мен іші тарларға дауа жоқ екен-ау, — деді.
Алайда мұның бәрі қатардағы тілші немесе мықты ақын болсын, әрбір әдебиетші сияқты намысқой әрі мансапқор Дю Руаны ренжітпей қоймады, асқан өзімшілдік пен намысқорлық реніш пен секемшіл күмәнданушылықты тудырады.
"Форестье" сөзі оның жанына тиетін болды: сол сөзді естімеуге тырысып, құлағына тие қалса, өзінен-өзі қызарып кететін.
Ол бұл сөзді кекесінді сықақ ретінде қабылдады, тіпті қорлау деп ұқты. Бұл сөз оған: "Сен үшін бәрін әйелің істеп береді, ол бұрынғы күйеуіне де жазып беретін. Онсыз сен адам болмас ең", — дегендей болып естілетін.
Мадленасыз Форестье күн көре алмайтын еді дегенге ол келісер еді, бірақ оның орнына өзін қою — кешірерсіз!
Әзәзілдік үйде де соңынан қалмады. Енді оған үйдегінің бәрі: жиһаздар, оның қолы тиді-ау дегеннің барлығы марқұмды еске салып тұратын болды. Алғашында бұл туралы ойына кіріп-шықпайтын, ал қазір қызметтестерінің шақпа сөздері жанына батқан ол бұрын мән бермеген кез келген түкке тұрғысыз нәрседен күдіктенетін болды.
Ол не нәрсеге қол созса да, бәрінен Шарльдің қолын көріп тұрғандай болады.
Оның көзі не нәрсеге түссе де, мұның бәрі бір кезде Шарль пайдаланған, ол қымбат санаған заттар болып шығады. Тіпті Мадленаның бір кезде досымен бір төсекте жатқаны да жынына тие бастады.
Өз ішінде болып жатқан бұл қарсылыққа оның өзі де таңғалып: "Маған не болды бұл? Мен Мадленаны тірі достарынан қызғанбаймын ғой? Ол уақытын қалай өткізіп жүргені маған бәрібір. Одан мен қайда барасың, қашан келесің деп тықақтамаймын, ал мына жексұрын Форестьені ойыма алсам-ақ — қаным қайнап шыға келеді!" — деп ойлайтын.
"Шындығына келгенде, Шарль нақұрыс болатын, — дейтін ол өзіне-өзі, — мен, сірә, осыған налитын болуым керек. Мадленаның осындай есекке күйеуге шыққаны мені жындандырып жібере жаздайды".
Ол үнемі өзінен-өзі: "Мадленаға сол жануар несімен ұнады екен?" — деп сұрайтын.
Өзіне инедей қадалған ұсақ-түйекке еліккен ол Мадленаның, малайдың, қызметші әйелдің сөздерінен Шарльді еске алғандай ыңғай сезілгенде, ашуын тежей алмай қалатын болды.
Дю Руа тәттіні ұнататын.
— Бізде неге тәтті тағамдар болмайды? — деп сұрады ол бір кеште. — Неге тапсырыс бермейсің?
— Рас айтасың, мен ылғи ұмытып кете беремін, — деді Мадлена жарқын жүзбен, — өйткені Шарль тәттіні ұнатпайтын еді...
— Білесің бе, бұл менің шегіме жетті, — деді өзін ұстай алмай қалған Жорж оның сөзін бөліп кетіп. — Еститінім тек сол: Шарль, Шарль... Шарль өйтті, Шарль бүйтті. Шарль өлген — жайына қалдырсаңдаршы енді.
Бұл күтпеген ашудан есі шыққан Мадлена оған бақырайып қарап қалды. Алайда өзіне тән сезімталдықпен ол күйеуінің бойында ақырындап қызғаныш, марқұмның аты аталған сайын күшейе түсетін қызғаныш бой көтеріп келе жатқанын аңғарды.
Мүмкін, бұл әйелге балалық сияқты болып көрінген болар, сонымен қатар бұл әйелге жағымды тиді де, ол үнсіз қалды.
Дю Руаның өзі де бұл қылығы үшін қысылып қалды, бірақ ол ештеңе істей алмады. Сол күні кеште, келесі мақаланы жазуға кіріскен кезде, оның аяғы кілемшеге ілініп қалды. Кілемшені аудара алмаған ол оны теуіп жіберді де:
— Шарльдің аяғы үнемі тоңып жүрген болуы керек? — деп сұрады күле түсіп.
Әйел де күлді:
— Иә, ол тоңазып қалудан қорқатын. Оның өкпесі әлсіз болатын.
— Солай екенін дәлелдеді де ғой, — деп зілдене сөйледі Дю Руа. Сонан соң сәл жұмсарған раймен: — Менің бақытыма орай, — дегенді қосып, әйелінің қолына ернін тигізді.
Бірақ жатарда да Дю Руа сол ойдан арыла алмады.
— Шарль, сірә, жатарда құлағына суық тиіп қалмас үшін, бас киім киіп жатқан шығар? — деп кекетті ол.
— Жоқ, басына жібек орамал байлап жататын, — деді мұның бәрін қалжыңға бұрғысы келген Мадлена.
Жорж иығын көтеріп, өзінің артықшылығына сенімді жанның үнімен:
— Өй, бозөкпе! — деді ысылдай сөйлеп.
Осы күннен бастап ол Шарльді аузына алмай сөйлемеуге айналды. Ол реті келген жердің бәрінде оны сөзге араластырып, "байғұс Шарль" деп қомсынып отыратын болды.
Саралқада өзін күніне бірнеше рет "Форестье" деп атайтынын естіп қайтатын ол марқұмды көрінде тыныш жатқызбайтын осындай әдіспен өшін қайтарып жүргендей еді. Ол оның кемшіліктерін, күлкілі әрекеттерін, әлсіздіктерін термелеп, кегі қайтқандай санамалап, тұшынып, өсіре сөйлеп, осынысымен әйелінің жүрегінен белгісіз бәсекелесіне деген барлық сезімін біржола өшіруге әрекет жасағысы келетіндей еді.
— Есіңде ме, Мад, — деді ол бірде, — бір жолы Шарль түлей семіз еркектер арықтардан гөрі күштірек деп дәлелдегісі келгені бар еді ғой?
Біраз уақыт өткеннен кейін ол әйелінен марқұмға байланысы ішкілдік жағдайларын сұрап білмек болып ынтықты, алайда Мадлена ыңғайсызданып, оған жауап беруден қашқақтады. Ол бірақ қоймай қойды:
— Айтсаңшы енді! Ондай минуттерде оның түрі сұмырайға ұқсап кететін болған шығар,ә?
— Жетер енді, жайына қалдырсаңшы оны, — деп тістене сөйледі әйелі.
Қояды деген не.
— Жоқ, айтшы енді! Төсекте ол аюша қорбаңдайтын шығар, иә ғой? Мал ғой, мал! — деп барған сайын жаныға түседі.
Бір жолы, мамыр айының аяғында, ашық терезенің алдында темекісін тартып тұрған. Қала сондай қапырық болатын, кенет таза ауаға шыққысы келді.
— Мад, Булон орманына барайықшы!
— Барсақ, барайық.
Олар ашық экипажға мініп, Елисей даласын кесіп өтіп, Булон орманы саяжолына енді. Тып-тынық желсіз түн еді, Парижде күн соншалықты ысып, ауа дәп бір моншадағыдай ашық түтіктерден шыққан бумен дем алғандай сезінетін түндердің бірі. Сансыз көліктер қалың ағаш қойнауына көптеген сүйіскен жасты алып келіп табыстырып жатыр.
Әуестене қараған Мадлена мен Жорждың көз алдынан экипаж ішінде құшақтасып отырған ақшыл киінген әйелдер мен қара киімді еркектер қылт-қылт етіп көрініп қалады. Жұлдыздары жамыраған от жалындай аспан астында сансыз сүйіспеншілікке бөленген жүректер Булон орманына ағылып келіп жатты. Айналада жерге тоқылдай тиген доңғалақтар дыбысынан басқа ештеңе естілмейді. Ал әрбір көлікте екеу-екеуден бір-біріне жабыса түсіп, алдағы рақат сәттің елесіне үнсіз елтіген ғашықтар нөпірі тіпті таусылар емес. Тамылжыған кештің қапырығы ыстық сүйістердің әсерінен сияқты көрінеді. Ауа да махаббат құмарлығына бөгіп, тән ләззатының аңсарынан ауырлай түскендей. Бәрін де бір ғана мақсат еліктірген, қандарында біркелкі от ойнаған жұптардан айналаға шыдамсыз діріл таралып жатқандай. Осы махаббат бесігіне айналған арбалардан елжіреген мейірім шашырап, ауа да сезімнен алабұртып кеткендей сезіледі.
Бұл мамыражай хал Жорж бен Мадленаға да берілген сияқты. Қапырық маужыратқан олар әлдебір толқу жетегінде үнсіз ғана бір-бірінің қолдарын тапты.
Қала бекіністерінен басталатын бұрылысқа жеткенде, олар сүйісіп алды.
— Біз тағы да өткендегі Руанға барар жолдағыдай мектеп оқушыларының қалпына түсіп келеміз,— деп ұяла сыбырлады Мадлена.
Тоғайға кірер жерде экипаждар ағыны бөліне бастады. Жас жұбайлар жүріп келе жатқан Көл саяжолында көлік саны азайып, ағаштар арасында тұнып тұрған қою қараңғылық, жапырақтар дірілі мен ағаш арасында сылдырлай ағып жатқан бұлақтардан ескен салқын самал, — осының бәрі арбаларда сүйісіп келе жатқан жұптардың бақыттарына ерекше бір құпия ләззат үстемелей түсетіндей.
— Кішкентайым менің Мад! — деп сыбырлады әйелін құшағына қыса түскен Жорж.
— Есіңде ме, сенің ауылыңның тұсындағы орманға барғанымыз, — қандай қорқынышты болып еді! — деді Мадлена. — Маған ол шет-шегі жоқ әрі тағы аңдар толып жүргендей сезілген-ді. Ал мұнда мүлде басқаша. Самал жел жұмсақ аймалайды, ал орманның арғы бетінде Севр бар екенін жақсы білесің.
— Жоқ, менің орманымда тек қана бұғылар, түлкілер, еліктер мен қабандар ғана мекендейді, — деп қарсылық білдірді ол, — анда-санда орманшының үйі кездесіп қалып отырады.
Байқаусызда айтып қалған осы сөз — марқұмның фамилиясы (Форестье Forestier — орманшы оған қатты әсер еткені сондай, біреу орман ішінен айғай салғандай болып, бірден жабырқау тартып сала берді: жүрегі сыздап, біраздан бері жанын қинап жүрген қызғаныш сезімі тұла бойын жайлап алды.
— Сен мұнда осындай кешкілік Шарльмен келіп көрдің бе? — деп сұрады ол сәл үнсіздіктен кейін.
— Келдік, жиі келетінбіз,— деді Мадлена.
Кенет Жорж үйге қайтқысы келіп, жүрегі сыздап ала жөнелді. Форестье бейнесі оның санасын жаулап алды. Енді Дю Руа тек сол туралы ғана ойлауға қабілетті болып қалғандай.
— Тыңдашы, Мад... — деді ол ашумен.
— Не, қымбаттым?
— Сен Шарль байғұстың көзіне шөп салдың ба?
— Сен тағы ескі әніңе бастың ба, мұның ақымақтық қой! — деді әйелі жек көрген үнмен.
Қою қайда.
— Қойсаңшы, мойындасаңшы! Сен оның көзіне шөп салдың ғой, ә?
Әйел үндемеді, барлық әйел сияқты, ол да бұл сұрақты ұнатпады.
— Сайтан алғыр, егер біреудің көзіне шөп салу керек болса, нағыз ыңғайлы адам сол еді ғой, — деп қояр емес Дю Руа — Иә, иә, иә! Форестьенің мүйізді болғанын білсем, қандай қуанар едім. Оның ақылсыз келбетіне мүйіз қандай жарасар еді, ә?
Мадленаның есіне бір нәрсе түскендей күлімсірегенін аңғарған ол одан әрі жабыса түсті:
— Айтшы енді, нең кетеді! Қайта оның көзіне шөп салғаныңды өзге біреуге емес, мына маған айтқаның артық емес пе?
Ол, шынында да, өзі жек көретін жексұрын Шарльдің сондай масқараға ұшырағанын әйелдің өз аузынан естуге өлердей құмартты. Сонымен қатар не екенін өзі де толық аңғармаған бұлдыр бір сезік оның әуесқойлығын арттыра түсті.
— Мад, кішкентайым менің, өтінемін, айтшы, — деп жалынды ол. — Ол өзі соған лайық еді ғой. Оның ақымақ басын мүйізбен әшекейлемеуің үлкен қателік болар еді. Мойындай қойшы енді!
Мадлена оның мына жанталасын қызық көргендей, мырс етіп күлді де қойды.
Ол болса әйелінің құлағын жеп қоярдай тақала түсті.
— Бол енді, бол... мойындашы!
Мадлена оны ытырына итеріп тастады.
— Қандай ақымақ едің! — деді ол ашулы үнмен — Сірә, адам осындай сұраққа жауап берер ме?
Осы сөзді айтқандағы әйелінің үніндегі салқындықтан Дю Руаның тұла бойы мұздап кетті; ол жүрегі тас боп қатып қалғандай, ауа жетпей алқына берді.
Бұл кезде экипаж қол жағалап келе жатқан, көл бетінде жыпырлаған жұлдызын аспан қимастықпен теріп алып жатқандай. Қараңғылықта көрінер-көрінбес екі аққу көл бетін баяу сыза жүзіп барады.
Жорж айдаушыға: "Кейін бұрыл!" — деп айқайлады да, көлік жарқыраған шамдары орман түнегін тілгілей жарқылдаған өзге экипаждардың арасымен кейін беттеді.
"Даусы қалай өзгеріп кетті жаңағыны айтқанда! Бұл не, мойындау ма?" — деп, өзінен-өзі сұрады ол. Мадленаның алғашқы күйеуіне опасыздық жасағандығына қалтқысыз сенген ол ызаға булықты. Ол әйелінің алқымынан шап беріп, қылқындыра ұрып-соққысы келді.
Егерде ол: "Жоқ, қымбаттым, мен Шарльге опасыздық жасаған болсам, тек сенімен ғана", — деген болса, ол оны жаны қалмай еркелетіп, төбесіне көтерер еді-ау.
Дю Руа қолдарын айқастыра салып, аспанға қараған күйі қимылсыз отыр: оның бірдеме ойлауға да шамасы қалмағандай еді. Ол тек іші қазандай қайнап жатқанын, әйелге байланысты машақаттың басталып келе жатқанын ғана сезіп отырды. Көңіліне күдік кірген күйеудің халін тұңғыш сезінді ол.
Шындығына келгенде, ол марқұм болып кеткен Форестье үшін қызғанды, жүрегін өртеген қызғаныштан ол Мадленаны жан-тәнімен жек көріп кеткендей сезінді. Ол Шарльге опасыздық жасаған болса, оған, Дю Руаға да жасамасына кім кепіл?
Ол ақырындап өз ойын жинақтап алды да, сыздаған жүрегін елемеуге тырысып: "Әйелдердің бәрі де шеттерінен жәлеп, оларды жай ғана пайдалану керек, оларға жаныңмен берілуге болмайды", — деген ойға берілді.
Ызалы ойдан оның тіліне небір ащы сөздер үйірілгенімен, ол оған ерік бермеді. "Әлемді күштілер ғана билейді, — деп қайталады ол өзіне-өзі. — Күшті бола білу керек. Бұдан биік тұру керек".
Экипаж жүрісін жылдамдата түсті. Қала бекінісі артта қалды. Дю Руа алдынан алып оттың шашырандысындай қалың сәулені көрді. Құлағына көптеген әрқилы үннің жиынтығынан тұратын үздіксіз гуіл келді, ол осынау жазғы түнде күндізгі аласапыраннан қалжырап барып дамыл тапқан аса зор алыптың — Париждің ауыр тынысы еді.
"Бұл үшін жаныңды жегідей жеуге ерік беру ақымақтық, — деп ойлады Жорж. — Әркім өзі үшін өмір сүреді. Жеңіс батылдардың қолында. Өзіңді ғана ойлауың керек. Байлық пен даңқ жолындағы өзімшілдікті махаббат пен әйел мейірімі жолындағы өзімшілдіктен жоғары қоя білу керек".
Аса зор аяқтарымен алшайып тұрған Салтанат арқасы көзге шалынды, — дәп бір қалаға кіреберісте аялдаған қорбиған алып дәу қазір мына алдында сайрап жатқан кең көшеге түсіп алып, адымдай жөнелетіндей.
Жорж бен Мадлена тағы да ағылған экипаждар толқынына килікті, енді олар бағанағы денелері үнсіз айқасқан шаршаулы жұптарды аңсаған төсектеріне жеткізуге асығып келе жатқан сияқты. Бұларға қуаныш пен бақыттан, рақаттан балқыған адамдар нөпірінің шет-шегі жоқ секілді болып көрінді.
Мадлена күйеуінің көкірегінде қандай дауыл жүріп жатқанын сезгендей.
— Не ойлап отырсың, достым? — деп сұрады ол өзіне тән назды үнімен. — Сен үнсіз қалғалы жарты сағат болды ғой.
— Мен мына мисыздардың құшақтасқандарына қарап отырмын, — деді ол мысқылды жымиыспақ — сөйтіп, мына өмірде, расында, қызығуға тұрарлық бірдеңе бар-ау деген ойға қалдым.
— Иә, кейде бұл да қызықтырады, — деді әйелі баяу үнмен.
— Иә, одан артық ештеңе таппағанда, әрине!
Жорждың ащы кекесінге толы ойы өмірдің жылтырақ бетпердесін аяусыз тырналап жыртып жатты. "Әлденеден ұялу, бірдеңеден бас тарту ақымақтық, соңғы кезде өзімді іштей мүжіп, қибыжықтап жүргенім нағыз ақымақтың ісі". Көз алдына елестеген Форестье бейнесі бұл жолы оны еш абыржыта алмады. Екеуі татуласып, қайтадан достық қалыпқа түскендей сезім биледі. Ол тіпті: "Сәлем, достым!" — деп дауыстап жібере жаздады.
Мадлена бұл үнсіздікке шыдай алмады.
— Жолда Тортониге соғып, балмұздақ жесек болар еді, — деп ұсыныс жасады ол Жорж оған көз қиығын тастады. Осы кезде Мадленаның қырынан қарағандағы нәзік бет бейнесі мен ақшулан шашы сауықшыл дәмханаларға кіруге шақырған жарқылдақ оттар жарығынан анық көрінген еді.
"Сұлу-ақ, — деп ойлады ол. — Несі бар, өте жақсы. Біз екеуіміз жайлы, көгершінім, ұшқан құс, жүгірген аң қашып құтылмайды дейді. Ал енді қызметтестерім мені тағы мазақтай бастаса, көкелерін көздеріне көрсететін боламын".
Осы ойға бекінген ол әйелінің күдігін сейілту үшін, "Қуана келісемін, қымбаттым", — деп, оның ернінен сүйді.
Мадленаға күйеуінің ерні мұздай салқын болып тиді.
Алайда дәмхананың алдында әйелінің экипаждан түсуіне көмектесіп жатып ол өзінің әдеттегі үйреншікті жымиысымен күле қарады.
ІII
Екінші күні саралқаға келісімен Дю Руа Буаренардың қасына жақындады.
— Қадірлі дос! — деді ол. — Саған бір өтінішім бар еді. Соңғы кезде кейбір бейпілауыздарға мені "Форестье" деп атау қызық көрінетін болып жүр. Тілеуіңді бергір, сен оларға бұдан былай маған сол әзілін қайталамақ болған алғашқы адамды аямайтынымды ескертіп қойшы. Бұл қуақылығы сүңгі айқастыруға тұра ма, жоқ па, алдымен ойланып алсын. Мұны саған айтып тұрған себебім, сен сабырлы, істі бейбіт жолмен шешуге қабілетті жансың. екіншіден, сен бір рет менің төрешім болғансың.
Буаренар оның тапсырмасын орындауға келісті.
Дю Руа шаруаларымен шығып кетті де, бір сағаттан кейін қайтып оралды. Қайтып ешкім оны "Форестье" деп атаған жоқ.
Ол үйінің табалдырығын аттағанда, қонақжайдан әйел дауыстары естіліп жатты.
— Кімдер ол? — деп сұрады ол.
— Вальтер және де Марель ханымдар, — деп жауап берді малай.
Жорждың жүрегі дір ете қалды, бірақ ол өзін-өзі: "Көріп алармын",— деп қайрады да, кіріп барды.
Клотильда ашық пештің қасында отыр екен; терезеден түскен күн сәулесі оған құйылып тұрды. Жоржға, өзін көрген кезде ол бозарып кеткендей болып көрінді. Алдымен Вальтер ханымға және оның сақшылары құсап екі жағында отырған қыздарына иіле амандасқан ол бұрынғы ашынасына бұрылды. Ол бұған қолын ұсынды, оның қолын алған жігіт дәп бір: "Мен сізді бұрынғыша сүйемін", — дегенді білдіргісі келгендей ақырын қысып қойды. Ол да жауап ретінде қолын қысты.
— Қалай тұрып жатырсыз? — деп сұрады жігіт — Біз көріспегелі қашан.
— Жақсы. Ал сіз ше, Сүйкімді дос? — ештеңе болмағандай жарқын үнмен сөйлеген Клотильда енді Мадленаға бұрылды: — Сен оны бұрынғыша Сүйкімді дос деп атағаныма қарсы емессің бе?
— Әрине, жоқ, қымбаттым, мен саған бәріне рұқсат етемін.
Оның үнінен болар-болмас кекесін сезілгендей болды.
Вальтер ханым Жак Риваль өз үйінде ұйымдастырмақ болған мереке жайлы, — сайысудан жарыс өткізу шарасы туралы сөз етіп, оған барлық игі жақсылардың әйелі баратындығын айтты.
— Бұл өте тамаша, — деді ол. — Бірақ мен дағдарып отырмын. Күйеуім нақ сол кезде үйде болмайды, мені ертіп баратын адам жоқ.
Дю Руа дереу өзі ертіп баруға ұсыныс білдіріп, әйел келісімін берді.
— Қыздарым да, мен де сізге сондай ризамыз.
Дю Руа апалы-сіңлілі қыздардың кішісіне көз салып, ішінен: "Мына кішкентай Сюзанна тәп-тәуір-ақ екен, тіпті сүйкімді", — деп ойлады. Аласа бойлы болғанмен, мүсінді, қыпша бел, тар мықын, омырауы жаңа түйіндей бастаған, кішкене ғана көгілдір-сұр түсті көздері суретшінің қаламынан шыққандай айшықты көрінетін ол ақшыл шашы бұрқыраған әдемі қуыршақ сияқты, оның үстіне тым аппақ, үтіктеп қойғандай бір сызықсыз, бір нүктесіз, бір тамшы қаны жоқ қағаздай терісі мен әдейі бұрқырата көтеріңкіреп қойған бұрқыраған бұйра шаштары оны, шынында, кейбір қыз балалардың қолынан көретін қымбат қуыршақтарға ұқсатады.
Үлкені, Роза, көріксіз, арық, ажарсыз, ешкім ескермейтін, ешкім сөзге тартпайтын, айтуға тұрарлық ештеңесі жоқ қыздардың сапынан еді.
Вальтер ханым орнынан тұрды.
— Сонымен, мен сізге сенемін, — деді ол Жоржға қарап. — Алдағы аптаның бейсенбісінде, сағат екіде.
— Қызметіңізге әзірмін, — деді ол.
Олар шығысымен Марель ханым да орнынан тұрды.
— Қош-сау болыңыз, Сүйкімді дос.
Бұл жолы әйел жігіттің қолын ұзағырақ ұстап, қатты қысты. Осынау үнсіз тілдесуден алабұртқан жігіт кенет осы бір ауыштау, ақкөңіл, бірақ өзін шын сүйетін сияқты көрінетін әйелге ынтықтығы қайта оянғанын сезді.
"Ертең-ақ барамын оған", — деп шешті ол.
Ерлі-зайыптылар оңаша қалысымен, Мадлена жарқырай күлді де, күйеуінің бетіне қадала қарап отырып:
— Вальтер ханымның саған ғашық екенін білесің бе? — деп сұрады.
— Қойсаңшы! — деді ол сенімсіз үнмен.
— Иә, иә, шын айтам, саған ынтық екенін сөзінен аңғардым. Ол да осындай екен-ау! Ол қыздарына сендей күйеу тап болғанын қалайды. Менің бақытыма орай, оның өзі үшін бұл қауіпті емес.
Оның мұнымен не айтқысы келгенін Жорж түсінген жоқ.
— Қауіпті емес дегенің не?
— О. Вальтер ханым бірде-бір рет өсекке тамызық боларлық қылық көрсеткен жан емес, сенесің бе? — бірде-бір рет! — Мадленаның даусы өз сөзіне сенімді естілді. — Ол өзін бар жағынан мінсіз ұстай алады. Күйеуін сен менсіз-ақ жақсы білесің. Алайда әйелі мүлде басқа адам. Ол еврейге күйеуге шыққанына қатты уайымдады, бірақ оған адал әйел бола білді. Ол — нағыз парасатты әйел
Дю Руа таңдана сөйледі:
— Мен ол да еврей әйел екен десем.
— Тіпті де олай емес. Ол Магдалина мақаласындағы барлық қайырымдылық мекемелерінің құрметті басшысы. Ол тіпті күйеуге шығу рәсімін шіркеуде өткізген. Тек қана бұл жерде бастығымыз рәсім үшін шоқынғанын әлде дінбасылары бұған көз жұма қарағанын айта алмаймын.
— Демек... ол маған... ғашық дейсің, ә... — деп күбірледі Жорж.
— Сөзсіз ғашық. Егер сенің басын бос болғанда, мен саған Сюзаннаға үйлен деп кеңес берген болар ем, ол Розадан әдемі ғой, солай емес пе?
— Иә, шешесі де қартайып тұрған жоқ! — деді Жорж мұртын ширата отырып.
Мадлена ашуланып қалды:
— Шешесі жайында айтарым, қымбаттым менің, ол ойыңды таста. Мен одан қорықпаймын. Ол тұңғыш күнәкарлық жасайтын жастан кеткен. Ертерек ойлануың керек еді.
"Шынымен, мен Сюзаннаға үйлене алған болар ма едім!.." — деп сұрады Жорж өз-өзінен.
Содан кейін иығын қиқаң еткізді.
"Бос сөз!.. Әкесі оны маған беруге ешқашан келіспес еді!"
Өзі бұдан қандай пайда табарын ойланып жатпастан, ол Вальтер ханымға назар салып көруге бекінді.
Кеш бойы ол Клотильдамен өткізген күндерін еске алып, сезімге беріліп, естелікке шомылып жатты. Ол әйелдің тентектігін, шолжаң еркеліктерін, бірге қыдырған кездерін еске түсірді. "Иә, ол сондай сүйікті, — деді ол өзіне-өзі. — Ертең-ақ барамын оған".
Ертеңіне таңғы тамақтан кейін ол шынында Верней көшесіне бет алды. Есікті ашқан бұрынғы қызметші әйел тоғышарлар үйлеріндегі барлық қызметшілерге тән ашықтықпен:
— Қалай жүріп жатсыз, мырза? — деп сұрады.
— Өте жақсы, көгершінім, — деп жауап берді де, ол біреудің тәжірибесіз қолы күйсандықта гамма үйреніп жатқан қонақжайға кірді. Бұл Лорина екен. Жорж қыз бала мойныма асылар деп ойлап еді. Бірақ ол орнынан асықпай көтеріліп, салтқа лайық үлкен адамша амандасты да сыпайы ғана шығып кетті.
Қыз баланың әлденеге өкпелеген әйелдерше қылық көрсетуіне Дю Руа таңғалды. Осы кезде шешесі кірді де, Дю Руа оның қолынан сүйді.
— Мен ылғи сізді ойлаумен болдым! — деді ол.
— Ал мен сізді, — деп мойындады Клотильда.
Екеуі де отырды. Бір-бірінің көзіне қарап, екеуі де күлімсіреді, сүйіскілері келгенін сезінді.
— Кішкентай ғана қымбаттым Кло, мен сізді сүйемін.
— Ал мен сені.
— Демек... демек... сен мені кешіргенің ғой?
— Иә десем де, жоқ десем де болады. Алғашында ауыр болды, содан кейін сенің айтқаныңның шын екенін түсіндім де, өзіме өзім: "Шыда! Бүгін болмаса, ертең ол маған қайтып келеді", — дедім.
— Мен саған келуге қорықтым, сен мені қабылдамай қояр деп ойладым. Қорықсам да, келуге сондай құмарттым. Айтпақшы, Лоринаға не болған? Менімен әрең амандасып, ренішті түрмен кетіп қалды.
— Білмеймін. Сен үйленгелі онымен сен туралы сөйлесу мүмкін емес. Шынында, меніңше, ол сені қызғанатын сияқты.
— Мүмкін емес!
— Шын айтам, жаным. Ол сені бұрынғыдай Сүйкімді дос деп атамайды, сыртыңнан сені "Форестье мырза" дейді.
Дю Руа қызарып кетті.
— Ерніңді әкелші,— деді ол ұмсына түсіп.
Клотильда ол тілегін орындады.
— Қайда кездессек екен? — деп сұрады ол.
— Бұрынғы... Константинополь көшесінде.
— Қалайша, пәтер әлі өткізілген жоқ па?
— Өткізген жоқпын.
— Өткізген жоқсың?
— Иә, мен сен қайтып оралар деп үміттендім.
Жорждың жүрегін мақтаныш кернеп, тарсылдай соғып кетті. Демек мына әйел оны сүйетін болғаны ғой, демек мұныкі шынайы, өзгермейтін, терең сезім болғаны ғой.
— Қадірлім менің,— деп сыбырлады ол, содан кейін біраз үнсіз отырып барып, — Күйеуің қайда? — деп сұрады.
— Ол мұнда бір ай болып, қайта кеткелі үш-ақ күн болды.
Дю Руа күлді:
— Нағыз дер кезінде кеткен екен.
— Иә, дер кезінде, — деді Клотильда жай ғана. — Бірақ ол бар болса да менің тосылмайтынымды білесің ғой.
— Иә, оның дұрыс. Дегенмен ол жақсы адам.
— Ал өзің ше? Жаңа өмірің өзіңе ұнай ма?
— Жаман емес. Әйелім — менің досым, одақтасым.
— Сол ғана ма?
— Сол ғана... Ал жүрек...
— Түсінемін. Бірақ ол әдемі әйел.
— Білемін, бірақ ол мені еліктіре алмайды. Қашан кездесеміз? — деп сыбырлады ол Клотильдаға таяна түсіп.
— Тіпті ертең-ақ... қажет етсең?
— Жарайды. Ертең сағат 2-де?
— Екіде.
Ол орнынан тұрды да, кетер алдында қысылған түрмен:
— Білесің бе, Константинопольдегі пәтерді мен өз атыма ауыстырып алсам деймін. Сөйтемін. Бұдан былай да сенің мен үшін ақша шығарғаның еді қалғаны!
Клотильда наздана оның қолынан сүйді.
— Еркің білсін, — деді ол сыбырлай сөйлеп. — Оны бұдан былай да кездесе алуымыз үшін сақтап қалғаныма ризамын.
Дю Руа көңілі көншіген адамның түрімен шығып кетті.
Фотосуретші жаймасының қасынан өте бергенде, үлкен көзді толық әйелдің портретіне көзі түсті, бұл сурет оның есіне Вальтер ханымды салды. "Ештеңе етпейді, — деді ол өзіне-өзі, — ол әлі де тәп-тәуір. Бұған дейін оны неге көрмей келгенмін! Бейсенбі күні ол мені қалай қарсы алар екен?"
Ол тұла бойын кернеген қуаныштан алақанын ысқылап қойды, өзінің бар жерде де жолы болып келе жатқанын сезінуден туған мақтаныш, өзінің ептейлі де оңтайлы еркек екенін, әйелдер алдында жұлдызы ыстық болып шыққанына қанағаттануы еді бұл.
Бейсенбі күні ол Мадленадан:
— Сен Ривальдің үйіндегі жарысқа бармайсың ба? — деп сұрады.
— Жо-жоқ, онда баруға еш құлқым соқпайды, мен депутаттар палатасына барамын.
Ауа райы тамаша болып тұрғандықтан, Дю Руа Вальтер ханымға ашық экипажбен барды.
Оны көрген сәтте Дю Руа аузын ашып тұрып қалды, — әйел оған сондай жап-жас әрі сұлу болып көрінді. Оның ашық түсті көйлегінің аса үлкен емес ойығынан сәнді, биік омырауының шеті көрініп тұрды. Ол әйелді осынша жас көрінеді деп ойламаған екен. Бұл ханым, шынында, еркек қызығуға тұрарлық әйел деген қорытындыға келді. Бірақ оның сырт келбетінде — жақсы тәрбие алған, өмірден қажыған, парасатты аналық кейпінде жеңіл ойлы еркекті тарта қоймайтын бір бөгесін байқалып тұрды. Оның үстіне саналы да ақылды әйел ретінде шетін қылық көрсетіп алудан барынша сақтанатын ол әр сөзін ойланып айтуға, тек қана бұрыннан белгілі, ешкімнің көңіліне келмейтін нәрселерді ғана сөз етуге тамаша машықтанып алған жан болатын.
Бастан-аяқ алқызыл түсті киінген Сюзанна Ваттоның жаңа ғана лакпен жылтыратып қойған картинасындай болып көрінді, ал Роза осы тамаша қуыршақтың күтушісіндей ғана әсер береді.
Ривальдің үйінің алды қаз-қатар тізілген экипаждарға толып қалыпты. Дю Руа серігіне қолын ұсынып, түсіріп алды.
Бұл жарыс Алтыншы Париж округіндегі жетім балалар пайдасы үшін өткізіліп отырған және оны өткізуге "Француз өмірі" газетіне қатысы бар сенаторлар мен депутаттардың әйелдері басшы-ханымдар дәрежесінде қатысып отырған болатын.
Вальтер ханым қыздарын ертіп келуге уәде бергенімен, басшы-ханым дәрежесінен бас тартқан-ды: оның қамқоршылығы діншілдер рұқсат ететін шеңберден шығып көрген емес-ті, мұнысы оның діндарлығынан емес, оның ойынша, иудеймен некелесуі оған бірқатар міндет жүктейтін сияқты, ал журналшы ұйымдастырған мына мерекенің республикалық сипат алуы кейбіреулерге клерикалдыққа қарсылық әсерін туғызуы ықтимал деп ойлағандықтан.
Жарысқа дейінгі үш апта бұрын барлық бағыттағы газет беттерінен мынандай сөздерді оқуға болатын еді:
"Біздің қадірлі әріптесіміз Жак Риваль өзінің бойдақтық пәтеріндегі сайыс залында Алтыншы Париж жетімдері пайдасына үлкен жарыс өткізу туралы шешімге келді.
Шақыру билеттері сенаторлардың зайыптары: Лалуань, Ремонтель және Рисолен ханымдар мен олардың жұбайлары, белгілі депутаттар: Ларош-Матье, Персероль және Фирмен мырзалар атынан таратылады. Қайыр-садақа жинау үзілісте жүргізіліп, жиналған барлық сома сол жерде-ақ Алтыншы округтің қалабасына немесе оның орынбасарына тапсырылады".
Бұл епті журналшының пайда көздеген мақсатын жүзеге асырудағы үлкен жарнамасы еді.
Жак Риваль қонақтарын өз пәтерінің дәмхана ұйымдастырылған кіреберісінде қарсы алып тұрды, — оның шығыны жалпы түсімнен өтелуге тиісті болатын.
Ол өтінген түрмен қонақтарға тар баспалдақты нұсқап тұрды, онымен төмен, сайыс залы мен тир орналасқан жертөлеге түсуге болатын-ды.
— Төмен түсіңіздер, ханым, төмен қарай. Жарыс жертөле залында өтеді.
Өз баспагерінің әйелін көрген ол оған қарсы ұмтылды. Содан кейін Дю Руаның қолын қысты.
— Сәлеметсің бе, Сүйкімді дос!
Ол таңырқай сұрады.
— Сіз мұны қайдан білесіз?..
Риваль оның сөзін бөліп кетті:
— Мына тұрған Вальтер ханым, ол кісіге бұл ат қатты ұнайды.
Вальтер ханым қызарып кетті.
— Иә, егерде біз сізбен жақынырақ танысқан болсақ, мен де кішкентай Лорина сияқты сізді Сүйкімді дос деп атаған болар ем. Бұл ат сізге сондай жарасады.
Дю Руа күлді.
— Сөйтіңізші, ханым, өтінемін.
Әйел көзін төмен аударды.
— Жоқ. Біз бұлай атауға болатындай жақын емеспіз.
— Уақыт өте келе біз жақын болармыз деп үміттенуіме бола ма? — деп сұрады Жорж даусын бәсеңдете түсіп.
— Келешек көрсетер, — деді әйел.
Әйелді алға салып, екеуі газды шырақ жарықтандырып тұрған тар баспалдақпен төмен түсе бастады. Күндізгі жарықтан кейін бірден сарғылт газ жарығына тап болған адамдар бір қолайсыздық сезінгендей болды. Осы айналмалы баспалдақтан-ақ жертөленің иісі, дымқыл жылулық, сыз иісі сезіле бастады, осынау шара құрметіне тазартылған қабырғадан шіркеулік ладан иісі мен сарыгүл, вербена, шегіргүл сияқты әйел әтірлерінің хош иістері бұрқырай мұрынға ұрады.
Төменнен жиналған тобырдың мазасыздана тұтасқан гуілі естіледі.
Жертөле мүк басқан тас қабырғаны жасырып тұрған қалың өсімдіктің ара-арасына жасырынған газды мүйіздер мен венециялық шамдармен жарықтандырылған. Қайда көз салсаң да, — жасыл бұтақтар. Тебе папоротниктермен, еден гүлдермен және жапырақтармен жабылған. Ұйымдастырушылардың ерекше тапқырлықтарының куәсіндей осынау безендіруге көрермендер ризалықтарын білдіріп жатты.
Түкпірде, кішірек қосымша жертөледе эстрада жасалып, оның екі жағынан екі қатар етіп, әділқазылар алқасы отыратын орындықтар қойылыпты.
Көрермендер үшін оң және сол жағынан әр қатарда он-оннан қойылған орындықтарға екі жүздей адам сиятындай көрінеді. Шақырылғаны төрт жүздей адам болатын.
Эстраданың қасында тұрған сайыскер кәстөмін киген сұңғақ бойлы, ұзын қолды жас жігіттер мұрттарын шиырып, кеуделерін кере түсіп, көрермен алдында ойқастап жүр. Жұрт оларды фамилияларымен атап, бір-біріне сайыс өнерінің қайсы әуесқой, қайсы кәсіпқой атақты шеберлері екендіктерін көрсетіп жатыр. Шетінен сүртік киген, арнайы кәстөмдегі сайыскерлерге бірсыпыра ұқсастықтары байқалатын кәрі-жасы аралас біраз еркек олардың қасында қоршалай тұрып, өзара әңгіме-дүкен құруда. Штаттағы серілер, рапираның білгірлері, олар да өздерін көрсетіп қалуға, жұрт танып, фамилияларымен атауына құштар түр танытады.
Орындықтың бәріне дерлік жайғасып алған әйелдер қауымы залды сыбыр-күбірлерімен, көйлектерінің судырымен толтырып жіберген. Осынау көпшіліктен дем алатын ауа да ауырлап, олар енді театрдағыдай желпуіштерімен желпіне бастапты.
— Оршад! Лимонад! Сыра! — деп, бір қушыкеш анда-санда дауыстап қояды.
Вальтер ханым мен оның қыздары өздеріне арнап бірінші қатардан дайындалып қойған орындарға қарай өтті. Дю Руа оларды жайғастырып болып, ығысып кетуге ыңғайланды:
— Мен сіздерді қалдырып кетуге тиіспін, орындық ер адамдарға арналмаған.
— Ал мен сіздің кетпегеніңізді қалар едім, — деді Вальтер ханым сенімсіз үнмен. — Сіз маған сайыскерлер жайлы мәлімет беріп отырар едіңіз. Мүмкін, сіз отырғыштың шетінде түрегеп тұрарсыз, бұл арада сіз ешкімге кедергі жасамайсыз.
Ол Жоржға өзінің үлкен де момын көздерін қадады.
— Шынында, кетпеңізші, мырза... Сүйкімді дос мырза, — деп өтінді ол. — Сіз бізге керексіз.
— Айтқаныңыз болсын, ханым... өзім де соны қалап тұрмын, — деді Жорж.
Жан-жақтан естілген сыбыр сөздер:
— Тамаша жер екен мына жертөле, өте ыңғайлы,- десіп жатты.
Бұл төбесі күмбезделіп келген зал Жоржға жақсы таныс. Ол жекпе-жек алдындағы таңда осы жерде, екінші жертөле түкпірінен үп-үлкен қорқынышты жалғыз көз сияқты болып көрінген дөңгелек аппақ катырка алдында жападан-жалғыз отырғанын еске түсірді.
Баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан Жак Ривальдің:
— Қазір, қазір бастаймыз, — деген даусы естілді.
Осы сәтте дене мүшелерін айқын көрсетіп, еттеріне жабысқан сүртік киген алты еркек эстрадаға көтеріліп, әділ қазыларға арналған орындықтарға жайғасты.
Зал оларды танып жатты. Бұлар: әділқазылар алқасының төрағасы, қалың мұртты кішкентай ғана кісі — генерал де Рейнальди, сұңғақ бойлы, жалтыр басты, ұзын сақалды суретші Жозефен Руде және үшеуі де сымбатты жас жігіттер: Матео де Южар, Симон Рамонсель, Пьер де Карвен; сондай-ақ атақты шебер Гаспар Мерлерондар еді.
Эстраданың оң және сол жағына екі плакат ілінді. Оның бірінде: "Кревкер мырза", енді біреуінде: Плюмо мырза" деп жазылған.
Бұл екеуі де екінші санаттағы нағыз шебер болатын. Екеуі де арықша, әскерилерше сымдай тартылған, олар эстрадаға көтерілді. Автомат құсап бір-біріне салют берген олар шабуылдауға кірісіп те кетті. Тығыз ақ мата мен теріден тігілген киімдері оларды халық көңілін көтеруге арналған қылжақбас солдаттарға ұқсатып тұрды.
Ара-тұра "Тигізді!" деген сөз естіліп, алты төреші білгіш адамдарша бастарын изеп отырды. Көрермен алға созылған қолдарымен эстрадада ойнақтап жүрген екі тірі қуыршақты ғана көріп, ештеңе түсінбесе де, риза болып отырды. Дегенмен олар мына екі манекеннің айтарлықтай сүйкімді емес, тіпті кейбір қимылдары күлкілі көрінетінін аңғарып отырды. Бұл Жаңа жыл қарсаңында бульварларда сатылатын ағаштан жасалған балуандарды еріксіз ойға түсірді.
Алғашқы екі сайыскерді әскери және кәдімгі азаматтар — Карапен мен Плантон мырзалар алмастырды. Мэтр Плантонның бойы өте аласа болса, мэтр Карапен өте толық еді. Рапираның бірінші шаншуынан қалмай ол желі шыққан резіңке піл құсап тарс ете қалатындай болып көрінді. Жұрт арасында күлкі естіле бастады. Плантон маймылша секіреді. Ал Карапен семіздіктен артық қимылдай алмай, тек қолын ғана қозғалтады. Әрбір бес минут сайын ол ақырындап, доп бір өте маңызды шешім қабылдағандай түрмен алға ұмтылыс жасайды. Әр жолы осыдан кейін бойын түзеу оған үлкен күшке түседі. Білгіштер оның ойнау стилі өте байсалды және ұстамды деп сендіруде. Аңқау көрермен оған да иланды.
Одан кейін кәсіпқой және әуесқой ойыншылар — Порьон мен Лапальм шықты да, көрермендер алдында бір түрлі жабайылау гимнастика басталды: олар бір-біріне тап беріп ұмтылғанда, төрешілер бірнеше рет орындықтарын көтере-мөтере тұра қашуға мәжбүр болды, аналар болса эстраданың бір шетінен екінші шетіне дейін ойқастап, біреуі шабуылдағанда, екіншісі орғи секіріп қорғана қашып, бірін-бірі қуалаумен болды. Олардың артқа секірген түрлері әйелдердің күлкісін келтірсе, керісінше алға өлермендене ұмтылыстары сүйсініс тудырып жатты. Олардың бұл гимнастикалық жаттығуларын ұнатпаған бір желөкпе:
— Неге сонша жанталасып жатырсыңдар, сендерге бәрібір сағат бойынша төленеді ғой! — деді.
Оның бұл әдепсіздігін ұнатпаған көпшілік "тыныштал" дегендей қолдарын сермеді. Сарапшылар пікірі ауыздан-ауызға таралып жатты: сайыскерлер аса қызу шайқасты, бірақ кейде тапқырлық жетіспегені байқалып тұрыпты.
Бірінші бөлім Жак Риваль мен белгілі белгиялық шебер Лебег арасында өткен тамаша жекпе-жекпен аяқталды. Риваль әйелдерге айрықша ұнады. Ол шынында, әдемі жігіт болатын, мүсінді, епті, әдісқой, өзіне дейінгілердің бәрінен анағұрлым әсерлі қозғалады. Оның қорғану және шабуылдау мәнері ізетті әсемдігімен көз арбап, қарсыласының тегеурінді болса да үйреншікті тәсілдеріне қарама-қарсы әсер туғызды.
— Тәрбиелі адамға дауа жоқ-ау, — десті көпшілік.
Жеңістің соған тиесілі болуы да ду қол шапалақтауға ұласты.
Алайда көрермендер бірнеше минуттен бері жоғарыдан естіліп жатқан гуілге мазасыздана құлақ түрді. Мұнда шақырылғанмен, жертөлеге сыймай қалған екі жүздей адам, сірә, өздерінше көңіл көтеріп жатқан болса керек. Тар айналма баспалдақтың өзінде елу шақты адам топырласып тұр. Төменде адам төзгісіз қапырық басталды. "Ауа!", "Сусын!" — деген айқайлар естіледі. Бағанағы желөкпе даусын бәрінен асыра: "Оршад! Лимонад! Сыра!" — деп қышқырды.
Қып-қызыл болып, әлі сайыскер кәстөмін де шешіп үлгірмеген Жак Риваль көрінді.
— Мен қазір салқын сусын әкелдірейін, — деп, ол баспалдаққа қарай ұмтылды.
Алайда бірінші қабатпен қатынас тарс жабық болатын. Баспалдаққа лықа толған жұртты киіп-жарып өткеннен де төбені тесіп өткен оңай сияқты.
— Ханымдарға балмұздақ әкелсін деп айтыңдаршы! — деп айқайлады Риваль.
— Балмұздақ! — деп іліп әкетті елу шақты дауыс.
Ақырында поднос та көрінді. Бірақ онда тек бос стақандар ғана тұрды, — балмұздақты жолшыбай талап алған еді.
— Мына жерде тұншығып өлуге болады,— деп күркіреді бір жуан дауыс, — аяқтаңдар, үйді-үйімізге тарау керек.
— Ақша жинау! — деп айқайлады тағы бір дауыс.
Сол-ақ екен, тыныс алуы ауырласа да, қуана қоштаған халық іліп әкетті:
— Ақша жинау! Ақша жинау!
Алты әйел қатарларды аралап өтуге кірісті де, сөмкелерге түскен күміс сөлкебайлар сыңғыры естіле бастады.
Дю Руа Вальтер ханымға белгілі адамдарды атап таныстырып тұрды. Бұлар игі жақсылар, баяғыдан бері шығарып келе жатқан ірі газеттердің "Француз өміріне" мұрын шүйіре, өз биіктерінің тәжірибесінен шүбәлана қарайтын қызметкерлері еді. Қаншама бір күмәнді қулық-сұмдықтардың әсерінен пайда болып, құлаған міністірлік қирандысының астында жаншылып қалатын саяси-қаржылық парақтардың талайын олар көз алдынан өткізген болатын. Суретшілер мен мүсіншілердің көпшілігі спортпен айналысады, ал мына жерде осы екі мамандық та тоғысқандықтан, бұл арада көпшілік танитын академик-ақын да, екі сазгер және көптеген атақты шетелдіктер де бар еді, Дю Руа фамилияларына ағылшындардың өздерек кәртішкесіндегі өз фамилияларына "эск" дегенді қосып жазатынына еліктеп, олардың фамилияларына (эск — ағ. эсквайр, яғни помещик, дворян деген сөзден), "про" дегенді ("протобестия" деген сөзден) қосып айтып отырды.
— Сәлеметсіз бе, қымбатты дос! — деп амандасты онымен біреу.
Бұл граф де Водрек еді. Ханымдардан кешірім өтініп, Дю Руа оның қасына барды.
— Водрек сүйкімді адам,— деді ол қайтып оралған соң — Текті жан екені көзге ұрып тұрады!
Вальтер ханым жауап қатқан жоқ. Ол шаршай бастаған еді, тыныс алған сайын оның омырауы Дю Руаның көзін арбап, көтеріліп-басылып тұрды. Ара-арасында ол әйелдің өзіне ұрлана көз тастап, дереу тайдырып әкететінін аңғарып қалды. "Иә.. иә... — деді ол өзіне. — Шынымен, бұл да қармаққа түскені ме?"
Жинаушылар залды түгел адақтап шықты. Олардың қолындағы сөмкелер күміс пен алтынға толы еді. Эстрадаға бір "аса үлкен сыйлық" болатынын хабарлаған жаңа плакат ілініпті. Әділқазылар қайта өз орындарына жайғасты. Көрермендер де тағатсыздана көз тікті.
Ортаға сайыскерлер кәстөмін: кеуделеріне қара трико, тізелерінен жоғары қысқа юбка, бастарын үнемі шалқайта ұстауға мәжбүр еткен аса биік пластрон киіп, қолдарына рапира ұстаған екі әйел шықты. Екеуі де жап-жас әрі әдемі екен. Олар күле қарап көпке басын иіп еді, жұрт ұзақ қол шапалақтады.
Олар сайыс бастар сәттегі позицияға тұрғанда, көрермендер көңілдене күбірлесіп, қатарларды келемеж күлкі аралап өтті.
Төрешілер соққыларды "жарайсың" деген үнмен қошаметтеп, күлімсіреуден бір танбады.
Көрермендер бұл екі сайыскерге керемет разы болды: еркектер сезімдерін жанығаны үшін, ал әйелдер — олардың өз бойларында париждік төмен етектілерге тән ерсі көңіл көтерулерге, анайы қалыптағы ойын-сауыққа, жасанды әдемілікке, :қолдан жасалған сұлулыққа, оперетталық шумақтарға және сайраншыл орта әншілеріне деген туабітті құмарлықтарын оятқандары үшін.
Сайыскер әйелдердің біреуі алға еңкейген сайын залда көңілді қозғалыс басталады. Бұл мезетте екіншісі көрермендерге серіппелі арқасын бұрған сәтте сайыскер әйелдің қаншалықты өнер сала сайысқанына назар аудармаса да, көрермендер ауыздарын аша, көздері дөңгелене қарап қалады.
Оларға қол аямай соғылды.
Бұдан кейін қылыштасу өнері көрсетілді, бірақ оған ешкім қараған жоқ, өйткені көрермендер назары жоғарыда болып жатқан оқиғаларға ауып кеткен еді. Ол жақта бірнеше минуттен бері үй көшіп жатқандай қозғалған жиһаздар дыбысы шыға бастаған-ды. Содан кейін кенет күйсандық ойналды да, біркелкі ырғақпен қозғалған аяқ дыбысы шыға бастады. Жарысқа қатыса алмай қалғандар өздерінің көңілін көтеру үшін бал ұйымдастырып жатса керек.
Көрермендер ду күлді, ханымдар билегісі келіп тықыршып, эстрадаға қарауды қойып, өзара дауыстап сөйлесе бастады.
Жоғарыда басталған бал бәрін еліктіріп әкетті. Кешігіп келгендердің өкінетін түрлері көрінбейді. Көрермендер де оларға қосылып кетуге даяр ыңғай танытуда.
Осы кезде екі қарсылас бір-біріне иіліп, сондай айбынды түрмен позицияға тұрғанда, барлық көз еріксіз соларға бұрылды.
Олар бір бүгіліп, бір тіктелгенде сондай икемді әсем қимыл жасағандары, сондай есепті батылдық көрсеткендері, сондай сенімді күш, сондай көркем тәсілдер мен ұстамды қылық танытқандары соншалықты, тіпті бұл өнердің қыр-сырынан хабары жоқ көрермендердің өзі таң-тамаша болып, қатты әсерленді.
Олардың шебер ойластырылған, сондықтан да қалқып жүргендей көрінетін байсалды ептіліктері, ойлы әккіліктері мен батыл қозғалыстары нағыз өнер туындысының өзіндей көрініп, көз арбайды. Көрермен өз алдарында ең бір ғажап көріністің өтіп жатқанын, көріп отырғандары нағыз күшті суретшілер, шыңдалған екі шебер екенін, олар бар қол жеткен жетістіктерін, бар айла-тәсілдерін көрсетіп, өз назарларын сан тәжірибеден өткен біліктерімен және дене сымбатының әсемдігімен жаулап алғысы келетінін ұқты.
Бәрі оларды үнсіз, көз алмай бақылады да отырды. Ал олар ойынды аяқтап, өзара қол алысқан сәтте зал ду ете қалды. Көрермен гуілдеп, аяқтарымен еденді тепкіледі. Олардың есімін де бәрі біліп алған: Сержан мен Равиньяк еді бұлар.
Еркектер жағы жауынгерлік рухына мінгендей. Көрші отырғандар бір-біріне қоқилана қарасады. Езуден байқалған сәл жымиыс жекпе-жекке шақыруға түрткі болардай. Өмірі қолдарына рапира ұстап көрмеген жандар таяқтарын көтеріп, әуеде шабуыл жасау қимылдарын көрсетіп жатты.
Ұзамай көрермендер бірінің соңынан бірі тар баспалдақпен көтеріле бастады. Ақырында шөл басуға мүмкіндік туды-ау. Алайда бишілер буфетті жылан жалағандай сыпыра ішіп-жеп, екі жүздей адамды босқа шақырып, түк көрсетпей қайтару нағыз иттік дегенді айтып, қайтып кеткенін білгенде, бәрі жаман ашуланды.
Бір самса, бір тамшы шампан, бір тамшы сыра не шырын, бір тал кәмпит не алма қалмапты. Бәрін талап-тонап әкетіпті.
Қызметшілерді тергеуге алысты, олар қиналған түр көрсеткенімен, өздері күлкілерін зорға тыйып тұрды. "Ханымдар еркектерден бетер жапырып жіберді, — деп сендірді олар, — ауыздарына талғаусыз тықпалағаны сондай, артынан бірдеңе болып жүрмесе игі еді". Оларды тыңдасаң, бұл жау шапқан қала тұрғындары жайлы айтылған әңгіме сияқты.
Қайтудан басқа ештеңе қалмады. Еркектер садақаға берген жиырма франктеріне іші ашыды; олар мына жерде тойлап-тойлап, түк төлемей кетіп қалғандарға жындары қайнады.
Басшы-ханымдар үш мыңнан астам франк жинады. Шығындарды шығарып тастағанда, Алтыншы округ жетімдеріне екі жүз жиырма франк қалды.
Вальтерлерді қошаметтеп келген Дю Руаға экипаж берілді.
Жолда баспагер әйелінің қарсысында отырған Жорж оның тағы да бірнеше мәрте өзіне елжірей қараған тайғанақ көзқарасын аңғарды. "Еһе, тұзаққа түсетін түрі бар!" — деп ойлаған ол өзінің әйелдер алдында жолы болғыштығына риза кейіппен жымиып қойды: өйткені де Марель ханым да екеуінің байланысы басталған күннен бастап бұған өле ғашық болып келеді ғой.
Ол үйіне көтеріңкі көңілмен оралды.
Мадлена оны қонақжайда қарсы алды.
— Менің саған айтар жаңалығым бар, — деді ол — Мароккодағы жағдай асқынып тұр. Бірнеше айдың ішінде Франция ол жаққа әскер жіберуі мүмкін. Шынын айтқанда, осыны пайдаланып, үкіметті құлатулары мүмкін, ал Ларош, әрине, жағдайды пайдаланып, шетел істері міністірінің партпелін иеленуі мүмкін.
Әйелін мазақтау үшін Дю Руа мұның біріне де сенбейтіндей қалып көрсетті. Тунисте болған ақымақтықты қайталау жындылардың ісі ғой.Мадлена шыдамсыздана иығын көтерді.
— Ал мен нақ осылай болып шығарына сенемін! Демек олар үшін бұл өте маңызды мәселе, қаржы мәселесі екенін сенің түсінбегенің. Қазіргі кезде, қымбаттым менің, саяси ойындарға көз жібергенде, "әйел табу" емес, "пайда табу" дегенге көңіл бөлген жөн.
— Солай де! — оны ызаландыра түсу үшін, бұл менсінбеген түр көрсетті.
Әйел шырт ете қалды:
— Сен де Форестье сияқты аңғал екенсің өзің!
Мадлена оны жәбірледім деп ойлап, ашу байқатуын күтті. Бірақ ол күлімсірей түсіп:
— Мүйізді Форестье сияқты ма? — деді.
Әйел сылқ түсті.
— Жорж! — деді ол бәсең үнмен.
— Немене? — деді Дю Руа кекете сөйлеп. — Анау күні кешкілік сен Форестьенің мүйізді екенін мойындамап па едің? Байғұс-ай! — дегенді шын аянышпен қосып қойды.
Мадлена оған жауап қатпай, теріс қарады.
— Сейсенбіде үйге қонақтар келеді, — деді аз үнсіздіктен кейін тіл қатқан ол — Ларош-Матье ханым мен виконтесса де Перемюр түстікке келеді. Сен Риваль мен Норбер де Варенді шақырмас па екенсің? Мен ертең Вальтер және де Марель ханымдарға барамын. Мүмкін, Рисолен ханым да келіп қалар.
Біраздан бері күйеуінің саяси ортадағы беделін пайдаланып, Мадлена игі жақсылар арасында таныстығын молайтып, қандай жолмен болса да "Француз өмірінің" қолдауын қажет ететін сенаторлар мен депутаттардың әйелдерімен жақындасып алуға тырысатын болған еді.
— Өте жақсы, — деді Дю Руа. — Мен Риваль мен Норберді шақырамын.
Ол риза кейіппен алақанын ысқылап қойды: енді ол әйелінің діңкесін қалай құртып, сонау Булон орманына қыдырып барған күні жанын жеген қызғаныштың ашуын қайтару жолын біледі. Бұдан былай Форестье жайлы сөз бола қалса-ақ, оның мүйізді екенін ескертеді де отырады. Ол осынысымен Мадленаны жындану жағдайына жеткізуді көздеді. Осы кештің өзінде-ақ ол кекесінді түрмен "әлгі мүйізді Форестье" дегенді он шақты рет қайталады.
Мұнысы енді марқұмға өшпенділіктен емес, ол үшін өш алуға кіріскендігі еді.
Күйеуінің қарсы алдында отырған Мадлена оны естімеген түр байқатып, әдетінше немқұрайды күлімсіреумен болды.
Ертеңіне Мадленаның Вальтер ханымды шақырмақ болғаны есіне түскен Жорж оның алдын алып, бастығының әйелін оңашада кезіктіріп, оның өзінде ойы бар-жоғын тексеріп көруге шешім қабылдады. Ол мұны қызық көрді әрі үміттендірді. Сонымен бірге... егер мүмкін болып жатса... неге бас тартсың?
Сағат екіде ол Мальзерба бульварындағы үйде болды. Оны қонақжайға енгізді. Сол жерде біраз күтуге тура келді.
Ақыры Вальтер ханым кіріп, шын қуанған түрмен қолын созды:
— Қайдан жүрсіз?
— Сізді сондай көргім келді. Белгісіз бір күш алды-артыма қаратпай осында алып келді, неге екенін де білмеймін, әйтпесе сізге айтайын деген сөзім де жоқ еді. Міне, келдім, бар болғаны осы. Сіз менің мұншалықты ерте келіп мазаңызды алғанымды және жасырмай айтқанымды кешірерсіз деп ойлаймын.
Ол мұның бәрін күле тұрып, ойнақы, сыпайы үнмен айтты, бірақ артында шынайы бірдеңе бары сезіліп тұрды.
Вальтер ханым шын таңырқады, бетіне қызыл реңк жүгірді.
— Бірақ мен... шынында... түсінбеймін... қызық екен... — деп, ол тұтыға сөйледі.
— Бұл ғашық болған жанның айтатын сөзі, бірақ сізді шошытпау үшін ойнақыландырып тұрмын, — деді Жорж.
Екеуі қатарласа отырды. Әйел мұны қалжың деп, қабылдағысы келгендей ыңғай танытты:
— Солай деңіз, мұныңыз шын мойындау болды ғой, шамасы?
— Әрине! Мен мұны ойланғалы көп болды. Бірақ батылым жетпеді. Сізді қатал, жібімейтін адам деп еститінмін...
Вальтер ханым өзіне-өзі келе бастады.
— Онда неге нақ бүгін бел буып отырсыз? — деп сұрады ол.
— Білмеймін, — деді жігіт, содан кейін даусын бәсеңдете түсіп: — Мүмкін, кешеден бері тек сіз туралы ғана ойлағандығымнан болар, — деп қосып қойды.
Әйел кенет бозарып кетті.
— Жетеді, балалықты қоялық, басқа бірдеңе жайында сөйлескен жөн.
Осы сот Жорж оның аяғына құлай кеткенде, мұндайды күтпеген әйел шошып қалды. Ол тұрып кетпекші болып еді, қос қолдап белінен орап алған жігіт жіберер болмады.
— Иә, бұл шыным, — деді ол үздіккен үнмен, — мен сізді сүйемін, ессіз сүйемін, көптен бері сүйемін. Жауап қатпай-ақ қойыңыз. Ақыл-есімнен айырылсам, не істе дейсіз маған! Мен сізді сүйемін... Сізді қалай сүйетінімді білсеңіз ғой!
Әйел алқынып, бірдеңе дегісі келгендей аузын ашқанмен, ештеңе айта алмады. Ол Дю Руаны екі қолымен итерді, содан кейін ерніне төніп келе жатқан аузын қашықтатпақ болып шашынан ұстай алды. Оның үстіне жігітті көрмеу үшін көзін жұмып алған ол жанталасып басын біресе оңға, біресе солға бұра берді.
Жорж әйелдің денесін көйлегі сыртынан сипалап, қысып, шымши берді, ал ол мұншалықты батыл әрекеттен босаңси дымы құрып, әлсірей бастады. Кенет жігіт тізерлеген қалпынан көтеріліп, құшақтамақ болды, осы сәтте бір минут қолы босап кеткенін пайдаланған әйел оның қолынан жұлқына шығып, бір креслодан екінші креслоны паналай қашып, бөлмеде зыр жүгірді.
Оны қууды ерсі көрген жігіт креслоға сылқ түсіп, жасқа булыққандай қолымен бетін басты.
Іле орнынан атып тұрып: "Қош болыңыз, қош болыңыз!" — деп дауыстады да, бөлмеден шыға жөнелді.
Кіреберісте ол ештеңе болмағандай-ақ таяғын алды да далаға шықты.
"Орайы келген сияқты!" — деп ойлаған ол Клотильданы ертең кездесуге шақыратын "көгілдір қағаз" жіберу үшін телеграфқа беттеді.
Үйіне ол күндегі уақытында келді.
— Не, қонақтарың түстікке келетін болды ма? — деп сұрады ол әйелінен.
— Иә, — деп жауап қатты әйелі, — тек қана Вальтер ханымның келер-келмесі белгісіз. Ол екіұшты болып отыр, менімен қайдағы бір адамдық міндет, ар-ұят туралы әңгіме қозғады. Өзінің өңі келіспей отырды. Дегенмен келетін шығар деп ойлаймын.
Жорж иығын көтерді.
— Келмегенде қайда барады.
Деуін дегенмен оған өзі иланған жоқ, сондықтан түстік болар күнге дейін ол толқумен жүрді.
Таңертеңгісін Мадлена Вальтер ханымнан қысқа хат алды:
"Әзер дегенде сіздерге баруға мүмкіндік таптым-ау. Бірақ күйеуім келе алмайды".
"Оған қайтып бармағаным жақсы болыпты! — деп ойлады Дю Руа. — Ол өзіне-өзі келiп те үлгеріпті. Енді не боларын көрейік".
Дегенмен екеуінің қалай бет көрісетіндігі туралы ойлап, аздап қобалжыды. Ақырында ол сәт те туды — әйел салмақты, аздап салқындау, тәкаппар кейіпте көрінді. Жорж дереу қарапайым, көнбіс, тілалғыш адам кейпіне түсе қалды.
Ларош-Матье және Рисолен ханымдар күйеулерімен келді. Виконтесса де Персмюр жоғары жақтағылар туралы жаңалық айта бастады. Де Марель ханым өте тартымды көрінді; қара мен сары түстен тұратын ерекше испан кәстөмі оның қыпша белі қаз омырауы мен топ-толық қолдарын айқындап, құс басты келбетіне албырттық кейіп беріп тұрды.
Дю Руа Вальтер ханымның оң жағына жайғасып, бүкіл түстік бойына онымен салмақты мәселелер жөнінде ғана үлкен құрмет таныта сөйлесіп отырды. Анда-санда ол Клотильдаға көз тастап қояды. "Әрине, ол әдемірек әрі жасырақ",— деп ойлады ол Содан кейін көзі әйеліне түсті: жүрек түкпіріндегі орнығып алған жаулық пиғыл мен ашу-ызасына қарамастан, ол да әп-әдемі болып көрінді.
Алайда Вальтер ханымға оны жеңістің қиындығы және еркектер үшін әрқашанда еліктіргіштік қасиет болып табылатын сезім жаңалығы ынтықтырумен болды.
Ол үйіне қайтуға ерте жиналды.
— Мен сізді шығарып салайын, — деп ұсыныс жасады Жорж.
Әйел қарсылық білдірді.
— Неге қарсы боласыз? — деп қоймады ол — Сіз мұныңызбен мені қатты ренжітесіз. Сіз маған әлі ренжіп жүргеніңіз ғой онда. Менің байсал тартқанымды көрдіңіз ғой.
— Сізге қонақтарыңызды қалдырып кетуге болмайды, — деп, әйел қарсылық білдірді.
— Менің жиырма минут жоқ боп кеткенімді ешкім сезбей де қалады. Ал сіз қарсылығыңызды қайтып алмасаңыз, менің сізге деген ең ізгі сезімімді қорлағаныңыз деп білем.
— Жарайды, келістім, — деді ол баяу ғана.
Алайда екеуі күймеде оңаша қалысымен-ақ Дю Руа оның қолын ұстай алып, шөпілдетіп сүйе бастады:
— Мен сізді сүйемін, сүйемін сізді. Осылай деуіме рұқсат етіңізші. Мен сізге тиіспеймін. Мен сізге тек қана өз махаббатым туралы айтқым келеді.
— Аһ... сіз уәде берген едіңіз ғой... дұрыс емес... дұрыс емес, — деп сыбырлай сөйледі әйел.
Дю Руа өзін-өзі әрең дегенде қолға алғансыды.
— Тыңдаңызшы, мен өзіме ие бола алатынымды көрдіңіз ғой, — деп тұншыға үн қатты ол — Дегенмен... Менің сізді сүйетінімді айтуға рұқсат етіңізші. Мұны күн сайын айтуға рұқсат етіңізші... Тым болмаса бес минут аяғыңызды құшақтап жатып, сүйікті бетіңізге қадала қараған күйі осы үш сөзді айтуыма рұқсат етіңізші.
Вальтер ханым одан қолын тартып алған жоқ.
— Жоқ, мен өйте алмаймын, қолымнан келмейді, — деп алқына сөйледі ол — Жұрт мен туралы не дейді, малайлар, менің қыздарым не ойлайды... Жо-жоқ, бұл мүмкін емес...
— Мен сізсіз өмір сүре алмаймын, — деп жалғастырды жігіт. — Сіздің үйіңізде немесе басқа бір жерде мен сізді күнде көргім келеді, тым болмаса бір минут қолыңыздан ұстап, сіздің көйлегіңіздің етегінен көтерілген лепті сезінгім келеді, тұла бойыңызға көз суарып, мені есімнен тандыратын мына үп-үлкен ғажайып көзіңізге келеді.
Осы әдепсіз сөздерді тыңдай отырып, тұла бойымен дірілдеген әйел:
— Жоқ, жоқ, болмайды... Сөйлемеңізші! — дей берді.
Дю Руа бұл ашықауыз әйелді қолына бірте-бірте түсіру қажет екенін білді, — өйткені ең бастысы екеуінің кездесе бастауы ғой — әуелі әйелдің өзі тілек білдірген жерде, ал содан кейін кездесуге ол өзі шақыра бастайтын болады.
— Тыңдаңызшы... бұл өте қажет... — деп сыбырлады ол әйелдің құлағына, — мен сізді көру үшін қайыршы құсап есігіңіздің алдында тосып тұратын боламын... Ал егер сіз көрінбесеңіз, үйіңізге кіремін... Бәрібір мен сізді көремін... мен сізді... ертең көремін.
— Жоқ, жоқ, келмеңіз. Мен сізді қабылдамаймын. Қыздарым не ойлайды.
— Онда мен сізді кездестіре алатын басқа жерді атаңыз... далада немесе... тағы басқа жерде... маған бәрібір... тек сізді көрсем болды... Мен сізге иіліп... "сүйемін" деген сөзді айтамын да, өз бетіме кете барамын.
Мүлде есінен айырылған әйел не жауап берерін білмеді. Кенет күйменің өз үйіне жақындап қалғанын көріп, асыға сыбырлады:
— Жақсы, ертең үш жарымда Троицк шіркеуінде боламын.
Өзі күймеден шыға сала айдаушыға дауыстап:
— Дю Руа мырзаны үйіне апарып салыңыз, — деді.
Ол үйіне қайтып келгенде әйелі одан:
— Сен қайда жоғалып кеттің? — деп сұрады.
— Бір тығыз жеделхат жіберуім керек болды.
Оның қасына Марель ханым келді.
— Сіз мені шығарып саласыз ба, Сүйкімді дос? Мен үйден алысырақ жерге қонаққа тек осы шартпен шығамын ғой, — деген ол үй иесінің әйеліне бұрылды: — Сен қызғанбаймысың?
— Жоқ, онша қызғана қоймаймын, — деді Дю Руа ханым даусын әдейі созыңқырай сөйлеп.
Қонақтар тарай бастады. Ларош-Матье ханым ауылдық жердегі қызметкер әйел сияқты көрінетін. Нотариустың қызы ол Ларошқа оны әлі ешкім білмейтін адвокат кезінде тұрмысқа шыққан-ды. Ал қылымсып қалған Рисолен кемпір оқу залдарынан білім алған көне дәуір акушеркаларын еске түсірер еді. Виконтесса де Персмюр оларға асқақтай қарайды. Виконтессаның "Аппақ алақаны" олардың тоғышарлық қолдарына жиіркенішпен ғана жанасады.
Шілтерге оранып алған Клотильда есік аузында Мадленамен қоштасып тұрып:
— Сенің түстігің ойдағыдай жақсы өтті. Ұзамай сен Париждегі ең беделді саяси салонның иесі болып шығасың, — деді.
Жорж екеуі оңаша қалысымен ол оның мойнына асыла кетті.
— Менің қымбатты Сүйкімді досым, күн өткен сайын менің сені жақсы көруім артып барады!
Олардың экипажы кемеше шайқалды.
— Бәрібір өз бөлмеміздегіге жетпейді! — деді әйел.
— Әрине! — деді Жорж.
Алайда бұл сәтте ол Вальтер ханымды ойлап отыр еді.
IV
Троица алаңында шілде айының бұл тамаша күні адам аз болды. Париж қапырық ыстықтан азап шегуде болатын: тыныс алуды қиындатқан аптапты, ауыр, қою, шыжыған ыстық ауа өз ауырлығымен оны тұмшалап тұрғандай еді.
Шіркеу алдындағы бұрқақ жалқау атқылап тұрды, — тіпті судың да сарылдап ағар күші таусылып, ол да ыстықтан шаршап тұрғандай. Әуіттегі қоп-қою жасыл түсті лай сұйықтың бетінде жапырақтар мен қағаз жыртындылары қалқып жүр. Тас қоршауынан қарғып өткен бір ит осынау тазалығы күмәнді суға күмп берді. Порталды айнала өскен ағаштардың көлеңкесіндегі орындықтарда отырған адамдар оған қызыға қарасты.
Дю Руа сағатын суырып алып қарағанда, кіші тілі үште тұрды. Ол жарты сағат ерте келіпті.
Вальтер ханыммен болатын кездесу оған ермек сияқты болып көрінді. "Ол кез келген мақсатына шіркеуді пайдаланады,— деп ойлады Жорж. - Шіркеу оның еврейге күйеуге шыққан күнәсін жеңілдетеді, саяси ортада оны ағынға қарсы жүзуші әйел деген ұғымды қалыптастырады, игі жақсылардың ол туралы пікірін көтереді, ең ақырында шіркеу ол үшін кездесу орнына айналмақ. Дінді қолшатыр сияқты пайдалану оның әдетіне айналып кетсе керек. Ашық күні қолшатыр әсем таяққа айналса, шыжыған ыстықта күннен ықтасын, бұлтты күні жауыннан қорғайды, ал үйде отырғаныңда, босағада шаң басып жатады. Вальтер ханым сияқтылар жүздеп кездеседі; олар ішінен құдіретті құдайды мойындамайды; бірақ өзгелердің аузын аштырмайды, сөйтіп жүріп, басына күн туғанда, оны қалқан етіп пайдаланғысы келеді. Оларды бөлмеге шақырып көр — мұны өзін қорлағандық деп қабылдайды, ал мехрап алдында қылымсу олар үшін қалыпты жағдайға айналған."
Әуітті баяу аяңмен айналып шыққан ол шіркеу сағатына қарады. Ол өзінің сағатынан екі минут озық екен: үштен бес минут кетіпті.
Шіркеу ішінде күткен ыңғайлы болар деп ойлаған ол сонда кірді.
Мұрнына жертөле иісі келді, — салқын лепті құмарта жұтқан ол, храм құрылысын зерттеу үшін, басты бөлмесін аралауға кірісті.
Зәулім храмның түкпірінен біреудің бір тоқтап, бір жүрген аяқ алысы биік күмбез астында жаңғырыға естіліп, оның өз жүрісін айнытпай қайталап жатты. Жорждың шіркеу аралап жүрген кісіні көруге әуесі кетті. Әдейі қарсы жүрді. Қалпағын арқасына ұстаған толық денелі қасқабас мырза маңыздана аяңдап келеді.
Бір-бірінен бірдей қашықтықта тізелерін бүгіп, қолдарымен бетін басқан кемпірлер құдайға сиынып жатыр.
Адамды тыныштық әлдилеп, жалғыздық, оңашалық сезімі баурайды. Түрлі-түсті шыныдан түскен күн сәулесі көзге шағылыспайды.
Дю Руаға бұл жер "керемет ұнады".
Ол есікке жақындап, тағы да сағатына көз салды. Үштен он бес минут қана кетіпті. Бұл жерде темекі тартуға болмайтынына қынжылып, ол басты есікке таяу жердегі орындыққа отырды. Толық денелі мырза храмның қарсы бетінде, мінбенің қасында әлі де ақырын аяңдап жүр.
Біреу кірді. Дю Руа бұрылып қарады. Бұл жұпыны киінген жүн етекшелі қарапайым әйел екен; ол бірінші орындықтың қасына тізерлеп отыра кетті де, қолдарын кеудесіне қойып, көзін аспанға көтерген күйі сиынуға берілді.
Дю Руа оған қадала қарап, байғұс әйелді қандай қапа, қандай уайым, қандай қайғы қинап жүргенін білуге тырысты. Оның нағыз кедейлікте өмір сүріп жатқаны айтпай-ақ белгілі болып тұр. Ол аздай-ақ, мүмкін, оны күйеуі ұратын шығар, әлде баласы хал үстінде жатыр ма екен.
"Байғұстар! Небір сорлылар бар-ау өмірде!" — деді ол өз-өзіне. Оның жүрегінде қатыгез тағдырға деген қарсылық оянды. Содан кейін ол осы жарлы-жақыбайлардың бәрінің көкірегінде көзге көрінбейтін біреу оларды ұмытпайды, аспандағы бір есепшілер олардың жақсы-жаман істерін екі бөлек кітапқа жазып отырады да. ақыр аяғында теңгермешілік жасайды деген сеніммен өмір сүріп жатқанын ойлады... әйтеуір, бір кезде... Қашан екені белгісіз...
Храм ішіндегі тұнған тыныштық ойды шарықтатып әкетеді, ойша ғаламды шолып шыққан Дю Руа ақырында тістене сөйледі:
— Әлем неткен шым-шытырық еді!
Көйлек сыбдырынан ол селк ете қалды. Бұл сол еді.
Ол орнынан тұрып, қасына жақындады.
— Бірнеше минут қана уақытым бар, — деп сыбырлады әйел қолын ұсынбастан. — Үйге қайтуым керек. Қасыма тізерлеп отырыңыз, әйтпесе бізді танып қояды.
Осыны айтып ол елеусіздеу ыңғайлы орын іздеп, басты бөлікке қарай беттеді, — оның бұл шіркеуді жақсы білетіндігі көрініп тұрды. Бетін қалың шілтермен перделеп алған ол еденге аяғы тиер-тиместей абайлап аттайды.
Мінбеге жете бере ол кері бұрылды.
— Бүйір бөліктерге барғанымыз дұрыс екен. Мұнда көзге түсу оңай, — деді ол шіркеуде қалыптасқан әдетпен сыбырлай сөйлеп.
Мехрап алдына тоқтаған ол тізерлегісі келгендей басын төмен ие берді де, кенет оң жақ шығар есікке бұрылды, содан кейін бір шешімге келгендей, орындықты өзіне тартып, тізесін бүкті.
Жорж қатар тұрған екінші орындықты алды да, екеуі де дұға оқыған қалыпқа түскеннен кейін бірден сөйлей бастады:
— Ризамын сізге, ризамын. Мен сізді жақсы көремін. Мен мұны сансыз қайталауға бармын, мен сізді қалай сүйіп қалғанымды, бір көргеннен жүрегімді қалай жаулап алғаныңызды айтайын деген едім... Осының бәрін айтып, бір жүктен арылуыма жағдай тудырсаңыз екен.
Әйел терең ойға батып, мұны мүлде естімеген сияқты еді.
— Сізге менімен осылай сөйлесуге ерік беруімнің өзі менің ақылсыздығым, — деді ол әлі де қолын бетінен алмаған күйі. — Менің осында келуім де, істеп жүргенімнің бәрі де ақылсыздық, екеуміздің... арамызда... болғанды жалғастыруға сізді үміттендіруімнің өзі де ақылсыздық. Бәрін ұмытыңыз, ұмыту керек, енді қайтып менімен бұл туралы сөз қозғаушы болмаңыз.
Әйел жауап күткендей іркіліп қалды. Ал Жорж болса оған не айтуды, шешімді, отты сөздерді іздестірді, бірақ оған сөзінің құдіретін қимылымен күшейте алмайтындығы бөгесін болып көрінді.
— Мен бірдеңе болады деп үміттеніп... күтіп жүргенім жоқ,— деп бастады ол, — мен сізді сүйемін. Сіз не істесеңіз де, мен оны жиі-жиі бар күшіммен, бар махаббатыммен қайталай бермекпін, сонда ақыр аяғында сіз мені түсінесіз. Менің әр сөзімде тұнып тұрған сүйіспеншілік сіздің жүрегіңізге жол тауып, күн сайын, сағат сайын тамшы болып тамып, ылғалдай сіңіп, ақырында жібіген, елжіреген жүрегіңіз бір күні маған: "Мен де сізді сүйемін", — дегенін күтемін.
Ол әйелдің иықтары дір-дір қағып, омырауы көтеріліп-басылғанын сезді. Кенет оның құлағына сыбыр еткен сөзі шалынды:
— Мен де сізді сүйемін.
Жігіт біреу басынан қойып қалғандай селк етті.
— Құдай-ау!.. — деп күрсіне тіл қатты ол:
— Неге мен сізге бұлай дедім? — деп, Вальтер ханым алқына сөйледі. — Мен қылмыскермін, күнәкармын... мен... екі қыздың анасы... қолымнан келмеді... келмеді...Мен ешқашан сенбес ем... ешқашан ойламап ем... бірақ бұл күшті нәрсе екен... шамам келмеді. Тыңдаңызшы... тыңдаңызшы... мен ешқашан ешкімді сүйіп көргем жоқ... сізден басқа... ант ішейін... Мен де сізді... бір жыл болды, жүрек түкпірінде ұрланып сүйетін ем, көз ғашық ем. Сіз білсеңіз ғой, қалай қиналдым, өзіммен өзім алысудан шаршадым, бұдан әрі жасыру қолымнан келмеді: мен сізді сүйемін...
Ол бетін қолымен басып егіле жылады, ішкі толқыныстан бүкіл денесі дір-дір қағып, қалшылдап кетті.
— Қолыңызды беріңізші, — деп сыбырлады Жорж, — қолыңызды сезінгім, қысқым келеді.
Әйел ақырындап бетінен қолын алды. Беті жасқа шыланып, кірпіктерінде тамшы ілініп тұр екен.
Жігіт оның қолын қысты:
— О, сіздің көз жасыңызды сүйіп құрғатсам ғой!
— Мені азғырмаңыз... — деді ол ақырын ыңырана сөйлеп. — Мен біттім!
Жорж күліп жібере жаздады. Бұл жерде оны қалай азғырмақ? Сөздік қорындағы еркелету сөздерін тауысқан ол әйелдің қолын өз жүрегіне басып:
— Қалай соққанын естимісіз? — деумен шектелді.
Осы сөзді айтпас бұрын ол толық денелі мырзаның жақындап қалған аяқ дыбысын естіген-ді. Ол бүкіл мехрап атаулыны қарап шығып, енді оң қанатты екінші рет аралап жүргендей. Өздерін қалқалап тұрған бағанаға таяп қалғанын сезген Вальтер ханым қолын тартып алып, тағы бетін жапты.
Дем сәтте екеуі де тізерлеп тұрып, аспанға қарап ынтыға дұға оқыған адамдардай қозғалыссыз қатып қалды. Толық денелі мырза оларды бір шолып өтіп, бұрынғыша қалпағын артына ұстаған күйі сол жақ қанатқа беттеді.
Бұл кезде Дю Руа әйелді басқа жерде кездесуге қалай көндіруді ойлап тұрған.
— Сізді ертең қайда көремін? — деп сыбырлады ол.
Вальтер ханым үндеген жоқ. Ол тас болып қатып қалған сияқты, — қазір ол мүсінші "Жалбарыну" деп атайтындай мүсінге айналып кеткендей.
— Ертең Монсо саябағында кездессек ше? — деп қайталады жігіт.
Қолын түсірген әйел оған қиналғаннан боп-боз болып кеткен жүзін бұрды.
— Барыңызшы... — деді ол үзіп-үзіп сөйлеп. — Бара тұрыңызшы... мені біраз.. тым болмаса... бес минут жалғыз қалдырыңызшы... маған сондай қиын... менің құдайға жалбарынғым келеді... құдайдан кешірім өтінгім келеді... құтқар деп жалынсам... жалғыз қалдырыңызшы мені... бес минут.
Оның түрі сондай аянышты, сондай жалынышты көрінгендіктен, Дю Руа үнсіз орнынан тұрып, кішкене мүдіріп барып тіл қатты:
— Мен қайтып келемін? Жарай ма?
Әйел келіскендей басын изеді де, ол мінбе жаққа беттеді.
Вальтер ханым өзін дұғаға ұйытпақ болды. Ол әрең дегенде бойын билеп, аспанға қарап, денесінің дірілін баса алмаған күйі жалбарына тіл қатты:
— Құдайым, аяй көр мен бейбақты!
Ол ана адамның соңынан қарамау үшін көзін жыпылықтатты. Өз басынан ол туралы ойды қууға тырысты, бірақ қанша қашқақтаса да, оның көз алдында аспан бейнесі емес, Жорждың ширатылған мұрты тұрып алды.
Бір жыл бойы, күні мен түні, ол осы бір барған сайын ұлғая түскен жабысқақ ойдан құтылу үшін күресті, сонда да бұл бейне оның бар ойын жаулап алып, денесін қызындырып, тіпті түсінен де шықпауға айналған-ды. Оны тап бір торға шырмалғандай, қол-аяғын байлап, осы бір көзінің өзгеше түсімен, ұлпа мұртымен ғана арбап алған еркектің құшағына өзін лақтыра салғандай сезім биледі.
Қазір мына храмда құдайдың тап қасында тұрғандай болса да, ол өзін үйіндегіден де соншалықты әлсіз, жалғыз әрі қорғансыз сезінді. Ол тіпті дұға да оқи алмады — ол тек сол туралы ғана ойлай алатын еді. Оның кетіп қалғанына қапаланды. Соған қарамастан әйел жанталаса қарсыласты, — қорғанып бақты және жан-тәнімен жәрдем өтінді. Ол ешқашан күйеуінің көзіне шөп салмаған еді, сондықтан да әлсіздік таныту ол үшін өліммен тең болып көрінді. Ол бір-біріне байланыссыз дұға сөздерін сыбырлағанымен, екі құлағы күмбезден арырақ барып өшкен Жорж аяғының дыбысында еді.
Ол өзінің жеңілгенін, қарсылық ету пайдасыз екенін мойындады. Сонда да қасарыса қарсы тұрып бақты. Ақырында ол дірілдетіп, бүктетіп, айғайлатып жерге алып ұратын әйелдерге тән жүйке талмасы ұстай бастағанын сезді. Әйел безгек қысқандай қалшылдап, қазір құлап түсіп, шыңғыра жанталасып қалатынын ойлады.
Біреу бері қарай асыға басып келе жатты. Жалт қараса, священник екен. Оны көрген әйел тез көтеріліп, оған қолын жая ұмтылды.
— Құтқарыңыз! Құтқара көріңіз! — деп ышқынды ол.
Священник таңырқай қалт тоқтады.
— Сізге не керек, ханым?
— Құтқарыңызшы мені. Аяңызшы мені. Егер сіз көмектеспейтін болсаңыз, мен біттім.
Ол әйелге жынды адамға қарағандай қарады.
— Мен не көмек көрсете аламын?
Бұл жап-жас, ұзын бойлы, томпиған, салбыраңқы, топ-толық жағын көгергенше қырынған, діндәр әйелдердің жомарт сыйлықтарына үйренген, бай діни қауымның ортасында тұратын әдемі, қалалық дінбасының орынбасары болатын.
— Мені тәубеме келтіріңізші, — деді әйел, — ақыл беріп, демеу жасаңызшы, не істеуім керегін айтыңызшы!
— Мен тек сенбі күндері, үштен алтыға дейін ғана күнәден арылтамын, — деп қарсылық білдірді ол
— Жоқ! Жоқ! Жоқ! — деп ышқынды оның қолын қыса жалбарынған әйел. — Қазір! Қазір! Маған сондай қажет. Ол осында! Шіркеуде! Ол мені күтіп жүр.
— Кім сізді күтіп жүр? — деп сұрады священник.
— Мені құртатын адам... Сіз мені құтқармасаңыз, ол маған білгенін істейді... Мен одан қашып құтыла алмаймын... Мен сондай әлсізбін... әлім жоқ... әлім жоқ!
Еңірей жылап, оның аяғын құша құлады.
— Аяңыз мені, әкетай! Құтқарыңыз, құдай үшін, құтқарыңыз!
Священник кетіп қалар дегендей, ол оның қара сутанына жармасты, ал ол біреу-міреу мына аяғын құшып жатқан әйелдің теріс ниетті немесе тым құдайға берілген түрін көріп, басқаша ойлап қала ма деген қауіппен айналасына көз жүгіртті.
Ақырында әйелден оңайшылықпен құтыла алмасына көзі жеткен ол:
— Тұрыңыз, ғибадатхананың кілті менде, — деді.
Қалтасына қол жүгіртіп, бір бума кілт алып шыққан ол, өзіне қажеттіні таңдап алды да, ойыншық үйге ұқсайтын ғибадатханаға — ішіне діндәрлер жанын ауырлатқан қоқысын тастап шығатын күнәге арналған жәшікке қарай асыға беттеді.
Ол ортаңғы есікке кіріп, есігін ішінен бекітіп алды, ал Вальтер ханым тар бүйір торлардың біріне ұмтылып, кірер-кірмес асыға-аптыға ішіндегін ашып салды:
— Кешір мені, әкетайым, — мен күнәкармын!
Дю Руа мінбені айналып өтіп, сол қанатқа беттеді. Жол ортаға жете бере ол бағанағы толық денелі қасқабас мырзаны көрді, — ол әлі де сабырлы қалыппен қыдырып жүрді.
"Бұл кісіге мына жерде не қажет болды екен?" — деп ойлады ол.
Мырза да жүрісін баяулатып, сөйлескісі келген адамдай Жоржға қарады. Жақындап келген ол иілді де, сыпайы үнмен:
— Мазалағаным үшін кешірім өтінемін, сіз бұл храмның қашан салынғанын айтып бере алмас па екенсіз? — деп сұрады.
— Шынын айтсам, білмеймін, — деді Дю Руа, — меніңше, жиырма-жиырма бес жыл бұрын салынған болар. Мен мұнда бірінші рет келіп тұрмын.
— Мен де. Бұрын болмаған едім.
Журналшыны әуесқойлық биледі.
— Сіз оны мұқият қарап жүрген сияқтысыз. Зерттеп жүрмісіз?
— Жоқ, зерттеп жүргенім жоқ, мен әйелімді күтіп жүр едім, — деді ол көңілсіз түрмен, — ол осында кездесеміз деп еді, өзі кешігіп жатыр.
Бірер минут үнсіз тұрып барып:
— Далада адам төзгісіз ыстық, — деді.
Оның мейірбанды кескініне қарап, Дю Руа оны Форестьеге ұқсатты.
— Сіз шет аймақтан емессіз бе?
— Иә. Мен Ренде туғанмын. Ал сіз мұнда жай келдіңіз бе?
— Жоқ. Мен бір әйелді күтіп жүрмін.
Дю Руа иілді де, күлімдеген күйі алға озды.
Басты есік алдында ол жұпыны киінген әйелді тағы көрді, — ол бұрынғыша тізерлеген күйі жалбарынуда екен. "Міне, нағыз берілген жан!" — деп ойлады ол Бірақ бұл жолы ол бағанағыдай аяныш сезінген жоқ.
Оның қасынан өтіп, өзін Вальтер ханым тосуға тиісті оң қапталға қарай аяңдады.
Ол алыстан-ақ әйел қалған жерде ешкім жоғын байқап, таңғалды. Бұл ол бағана емес шығар деп, аяғына дейін барып, қайта оралды. Демек әйел кетіп қалған болды той. Ол бұған таңданды әрі ашуланды. Осы кезде оған мүмкін ол мұны іздеп жүрген шығар деген ой келіп, шіркеу ішін тағы бір айналып шықты. Ешқайдан таба алмай, ол осы жерге қайтып келер деген үмітпен бағана ол отырған орындыққа құйрық басты. Ол тосуға бекінді.
Оның құлағына бір сыбыр шалынды. Шіркеудің бұл бұрышында ешкім жоқ. Сыбыр қайдан естіліп жатыр? Орнынан көтерілген ол ғибадатханаларға апаратын бірнеше есікті көрді. Бір есіктің астынан әйел көйлегінің етегі шығып жатты. Ол әйелдің түрін көру үшін жақындап келді. Бұл Вальтер ханым еді. Ол күнәден арылып отыр!..
Ол әйелді иығынан ұстай алып, мына тордан сүйреп шығарғысы келді. Іле: "Ештеңе емес! Бүгін священник болса, ертең менің кезегім", — деп ойлады. Содан кейін бұл оқиғаны келекелей күліп, ғибадатхана терезесіне қарсы жерге отыра кетті.
Ол көп күткен жоқ. Ақырында Вальтер ханым орнынан тұрып, артына қарады, мұны көріп, қасына келді. Оның түрі суық, қатал еді.
— Қайырымды мырза! — деді ол — Өтінемін: мені шығарып салмаңыз, артымнан ермеңіз және бұдан былай маған ешқашан жалғыз келмеңіз. Мен сізді қабылдамаймын. Қош болыңыз!
Дю Руа оны тоқтатпады: ол жағдайды асықтыруға болмайтынын баяғыдан білетін. Өз інінен аздап абыржыған түрмен шыққан священникті көрген ол оған жақындап барып, көзіне тура қарап тұрып, ысылдай тіл қатты:
— Мына белдемшеңіз болмағанда, жексұрын бетіңізден шарт еткізер едім!
Осыны айтқан ол шалт бұрылып, ысқырған күйі шіркеуден шықты. Баспалдақ үстінде қалпағын басына киген жуан мырза қолын арқасына салып, іші пысқан түрмен алдындағы алаңды және оған жалғасып жатқан көшелерге шола қарап тұр екен.
Екеуі бір-біріне иіліп қоштасты.
Журналшы саралқаға беттеді. Кіре бергенде-ақ қағаз тасушылардың абыржыған түрлерінен бір оқыс жағдай болғанын біліп, бірден баспагердің кабинетіне беттеді.
Вальтер қария түрегеп тұрған күйі қысқа сөйлемдермен мақала мәтінін айтып жаздырып тұр да, екі абзацтың арасында айналасындағы журналшыларға тапсырма беріп, Буаренарге нұсқау жасап, келген хатты ашып та үлгереді.
— Ah, дегендей келдіңіз, Сүйкімді дос! — деп, мұны көрген кезде ол қуана дауыстап жіберді де, кенет есін жиғандай, қипақтап, кешірім сұрай бастады: — Бұлай атағаныма кешіріңіз, болған оқиға есімді шығарып жіберіпті. Оның үстіне әйелім мен қыздарымнан еститінім тек осы: "Сүйкімді дос, Сүйкімді дос", — құлағың үйреніп кетеді екен. Сіз маған ренжіген жоқсыз ба?
— Тіпті де, — деп Жорж күле жауап берді. — Бұл ренжитін лақап ат емес.
— Өте жақсы, демек мен де сізді Сүйкімді дос деп атаймын,— деді Вальтер қария. — Сонымен, біз маңызды оқиғалар алдында тұрмыз... Міністірлікке сенімсіздік вотумы жүз екіге қарсы үш жүз он дауыспен қабылданды. Парламент каникулы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды, ал бүгін шілденің жиырма сегізі. Испания бізге Марокко үшін ашулы, өйткені Дюран де Лен өз жақтастарымен ұшып кетті. Нағыз ботқа болып жатыр. Жаңа кабинетті жасақтау Мароға тапсырылды. Әскери міністір партпелін ол генерал Бутен д'Акрге, шетел істері міністірі партпелін — біздің досымыз Ларош-Матьеге ұсынды. Өзіне ішкі істер міністірлігі мен міністірлер кеңесі төрағасының орнын қалдырды. Біздің газет ресмилеу баспасөзге айналды. Басмақалада мен біздің принцибімізді қысқаша айтып өтіп, жаңа міністірлерге жол көрсетпекпін. Әрине, — деді ол мейірбанды күлкімен, — олардың өздері де ойлап отырған жол той ол. Алайда маған Марокко мәселесіне байланысты қызықты бір нәрсе, бүгінге лайықты, ұтымды, елең еткізер мақала керек. Жазуға қалайсыз?
— Мен сізді түсіндім, — деді Дю Руа ойлана сөйлеп. — Біздің Африкадағы отарларымыз — ортасында Алжир, оң жағында Тунис, сол жағында Марокко — ендеше мен сізге біздің иеліктеріміздегі саяси ахуалды бейнелейтін, осы кең-байтақ жерді мекендейтін тайпалардың тарихы жөнінде және әлі бірде-бір еуропалықтың аяғы баспаған Фигиг жазирасына дейінгі марокколық шекараға жасалған жорықты суреттеп беруге тырысайын,. өйткені қазіргі жанжалдың себебі сол болып отыр емес пе. Бұл сізге жарай ма?
— Қатып кетті! — деп ризалық білдірді Вальтер қария. — Ал тақырыбы қандай?
— "Тунистен Танжерге дейін".
— Тамаша.
Дю Руа "Француз өмірінің" жинағынан өзінің тұңғыш "Африкалық атқыштың естелігі" мақаласын іздеуге беттеді, — тек оның тақырыбын өзгертіп, бірер жерін өңдеп, жөндеп жіберсе болды, ол өзі тұтас алғанда талапқа сай келеді, өйткені онда отарлық саясат та, Алжир халқы жайлы да, Оран шет аймағына жасалған жорық жайлы да жазылған болатын.
Төрттен он бес минут кеткенде мақала өңделіп, жамап-жасқалып, қажетті түрге келтіріліп, жаңа кабинетке арналған мақтау сөздермен толықтырылып, дайын болды.
— Керемет, керемет, керемет, — деді мақаланы оқып шыққан баспагер. — Сіз нағыз алтынсыз. Ризамын сізге.
Түстікке дейін тындырған бүгінгі күн шаруасына риза кейіппен Дю Руа үйіне қайтты; шіркеудегі қолайсыздыққа ол қайғырған жоқ: оның өз пайдасына шешілеріне сенімі кәміл еді.
Мадлена оны тағатсыздана күтіп отыр екен. Күйеуін көргенде оның бірінші айтқаны:
— Ларош міністір болғанын білесің бе? — болды.
— Иә, осыған байланысты мен Алжир жайлы мақала жазып бердім.
— Қандай мақала?
— Сен білесің, — оны біз бірге жазғанбыз: "Африкалық атқыштың естелігі"; мен оны қарап шығып, бүгінгі жағдайға орай өңдедім.
Мадлена күлімсіреді.
— Иә, ол нағыз қазіргі күнге сай нәрсе. Ал мен оның сол кезде сен жазбай, тастап кеткен жалғасы туралы ойлап жүрмін. Соны қолға алатын кез келді. Бұдан қазіргі оқиғаларға орайлас бірнеше тамаша мақала шығады.
— Өте жақсы, — деді ол үстелге отырып жатып. — Енді бізге ешкім кедергі жасамайды, — өйткені мүйізді Форестье ана дүниеде ғой.
Бұл әйелдің шамына тиді.
— Сенің қалжыңың мүлде орынсыз, бұдан былай бұл жөнінде ауыз ашпауыңды өтінем, — деді ол қатаң дауыспен. — Шыдамның да шегі бар.
Ол одан әрі түртпектей түсейін деп еді, осы сәтте қолына тиген аты-жөні белгісіз жеделхатта мынадай бір-ақ ауыз сөз жазылған екен: "Мен мүлде есімнен айырылдым, мені кешіріңіз де, ертең сағат 4-те "Монсо" саябағына келіңіз".
Ол түсіне қойды, жүрегі кеудесін жарып шығардай тарсылдап ала жөнелді.
— Енді айтпаймын, қымбаттым. Рас айтасың, бұл ақымақтық, — деді ол көгілдір қағазды қалтасына тығып жатып.
Сөйтті де, кеспе ішуге кірісті.
Тамақ ішіп отырғанда, ол осы сөздерді ішінен бірнеше қайталады: "Мен мүлде есімнен айырылдым, мені кешіріңіз де, ертең сағат 4-те "Монсо" саябағына келіңіз". Демек ол берілді деген сөз. Бұл дегенің: "Мен сіздің еркіңіздемін, менен не қаласаңыз да, қашан, қай жерде қаласаңыз да еріктісіз", — дегені емес пе.
Ол күліп жіберді.
— Не болды? — деп сұрады Мадлена.
— Ештеңе. Бір попты көрген едім, соның былшиған беті есіме түсіп кеткені.
Ертеңіне Дю Руа кездесуге тура 4-те келді. "Монсо" саябағындағы барлық отырғыштар ыстықтан қалжыраған байлар мен құмда асыр салып жүрген балаларға тіпті де көңіл аудармайтын бейғам күтушілерден босамайтын сияқты.
Вальтер ханымды ол бастау алдындағы жасанды қиранды қасынан тапты. Үрейге толы бақытсыз түрмен ол кішігірім бағаналарды айнала аяңдап жүр екен.
— Бұл жерде адам неткен көп еді! — деді ол Дю Руа амандасып үлгірмей жатып.
Жігіт сылтау табылғанына қуанып кетті:
— Иә, рас айтасыз. Басқа жерге барайық па?
— Қайда сонда?
— Бәрібір емес пе, күйме алуға болады. Пердесін түсірсеңіз болды, еш қауіпсіз болады да шығады.
— Сол дұрыс шығар. Мұнда мен жүрегім жарылып өлермін.
— Онда мені ішкі бульвардың шыға берісінде тосыңыз. Бес минуттен кейін мен экипаж алып жетемін.
Ол жүгіре жөнелді.
Экипажда екеуі оңаша қалысымен, Вальтер ханым өз жағындағы терезені мұқият қымтап жапты.
— Сіз атшыға не айттыңыз? — деп сұрады ол.
— Қорықпаңыз, ол қайда апаратынын біледі, — деді ол.
Ол ат айдаушыға Константинополь көшесін айтқан болатын.
— Сіз мені қалай қинап жүргеніңізді білмейсіз, — деп сөзін жалғады әйел — Кеше шіркеуде мен сізге қаталдық көрсеттім, қалай болғанда да сізден қашып құтылуды ойладым. Мен сізбен оңаша қалудан сондай қорықтым! Сіз мені кешірдіңіз бе?
Жігіт оның қолын қысты.
— Әрине, әрине. Менің сізге кешірмейтін нем бар, мен сізді сондай сүйемін ғой!
Әйел оған жалбарына қарады.
— Тыңдаңызшы, сіз маған тимеймін деп уәде беруіңіз керек... және... Әйтпесе бұл біздің соңғы кездесуіміз болады.
Әуелі жігіт оған жауап қайтарған жоқ, бірақ оның мұртының бүлкілінде әйел атаулыға сондай ұнайтын күлкісі жасырынып жатты.
— Не айтсаңыз да құлмын, — деді ақырында ол.
Осыдан кейін Вальтер ханым алғаш оның Мадленаға үйленетін болғанын естігенде, оны сүйетінін тұңғыш ұққанын айтты. Ол сол күні бастан кешкен оқиғаларын біртіндеп еске түсірумен болды.
Кенет ол сөзін қоя қойды. Күйме тоқтаған еді. Дю Руа есікті ашты.
— Біз қайдамыз? — деп сұрады әйел.
— Шығыңыз да мына үйге кіріп кетіңіз, — деді Дю Руа, — бұл жерде ешкімнен қорықпауға болады.
— Бұл қай жер?
— Менің үйім. Бойдақ кезімде тұрған пәтерім... оны мен... сізбен кездесетін жер керек болған соң... бірнеше күнге жалдап алдым.
Вальтер ханым көліктің жақтауына жармасты.
— Жоқ, жоқ, керегі жоқ! Барғым келмейді! — деп, алдағы оңаша кездесуден қорыққан әйел жанталаса жалына бастады.
— Мен сізге тиіспеуге уәде беремін,— деді жігіт сенімді үнмен. — Жүріңіз. Әнекей адамдар бізге қарап тұр. Тез... тез... шығыңыз. Тиіспеуге уәде етемін, — деп қайталады ол.
Өз есігінің алдында тұрған шарапханашы бұларға әуестене көз салды. Қысылып қалған әйел жүгіре басып кіреберіске кіріп кетті.
Ол баспалдақпен көтеріліп бара жатыр еді, Дю Руа қолынан ұстай алды.
— Мында, төменде, — деген ол әйелді өз пәтеріне сүңгітіп жіберді.
Есікті жаба салысымен жігіт оған олжасына шүйілген жыртқыштай тарпа бас салды.
Әйел бұлқына алысып жатып: "Құдайым-ай!.. О, құдайым!.." — деп күбірлей берді.
Жігіт оның мойнынан, көзінен, ернінен түк қалдырмай шөпілдете сүйе бастады, күйдіріп-жандырған аймалаудан есі шыққан әйел оның ыстық сүйісінен қашамын дегенде, абайсызда өзінің еріндері де оған тиіп кетіп жатты.
Кенет әйел қарсылығын қоя қойды да, әлсіреген, мойынсұнған қалыппен оның өзін шешіндіруіне мүмкіндік беріп, тұра берді. Күтуші әйел сияқты тәжірибелі қимылмен Дю Руа оның киімдерін бірінен соң бірін асқан ептілікпен шешіп тастай берді.
Оның қолынан жұлып алған іштартқышымен бетін басқан әйел аяқ астында шашылып қалған киімдерінің ортасында аппақ болып жалаңаш қалды.
Тек қана аяғындағы бәтіңкесін қалдырған жігіт оны көтеріп алып, кереуетке беттеді. Осы сәтте әйел оның құлағына естілер-естілмес етіп:
— Ант ішейін... ант ішейін... менің ешқашан ашынам болып көрген емес, — деді.
Мұнысы жас қыздардың: "Ант ішейін, мен пәк қызбын", — дейтіндеріне ұқсап кетті.
"Ал одан маған келіп-кетер ештеңе жоқ", — деп ойлады Жорж.
V
Күз түсті. Ерлі-зайыпты Дю Руа жаз бойы Парижден шықпай, ұзаққа созылмаған парламенттік каникул кезінде "Француз өмірі" газетінің бетінде жаңа үкімет пайдасына тегеурінді науқан жүргізді.
Мароккодағы жағдай қауіпті бола түсті, осыған байланысты әлі қазан айының басы болса да, екі палата мәжілістерін жалғастыруға жиналды.
Парламентті тарату кезінде оңшыл депутат граф де Ламбер-Саразен тіпті орталықтың өзіне қол соқтырған тапқыр сөзінде бәрібір жаңа кабинет бұрынғы кабинеттің жолымен жүруге мәжбүр болатындығына бас тігіп, бір кездегі Үндістанның атақты вице-королі құсап, өзінің мұртын міністірлер кеңесі төрағасының жақ сақалына қарсы қойды, сонымен қатар тек қана симметрия үшін, ашық пештің екі жағына екі көзе қойылатыны сияқты, Тунис экспедициясына қосымша Танжерге экспедициялық армия жіберуге ұсыныс енгізілетінін де айтқан болатын, бірақ соған қарамастан іс жүзінде ешкім де Танжер экспедициясының шындығына сенбес еді.
"Шынында да, мырзалар, — деп ол өз ойын дамыта түсті, — Африка — Франция үшін, біздің ең жақсы отынымыз жағылып жатқан, банктік билеттерімізді жұмырына жүк құрлы көрмей жалмап жатқан алды ашық пеш.
Сіздер әдемі қиялға беріліп, ашық пештің сол жақ бұрышын қымбатқа түскен тунистік әлеміштермен әшекейледіңіздер, — енді асықпасаңыздар, Маро мырза да өзіне дейінгілер сияқты, оның оң жақ бұрышын марокколық әлеміштермен әшекейлегенін көретін боласыздар".
Бұл сөз жалпыға таралып, Дю Руага өзі саралқа жұмысына кірісісімен үзіліп қалған серияны жалғастырып, Алжир туралы он шақты мақала жазуға түрткі болды. Ол әскери экспедиция идеясын қызу қолдады, бірақ жүрек түкпірінде оның орындалмайтынына сенімді болды. Ол патриоттық сезімдерді қозғап, басқа бір мемлекеттің мүддесі өз мүддемізге кереғар келген жағдайда тілге оралатын келемеж сөздерді кеңінен қолданып бақты.
"Француз өмірінің" үкімет адамдарымен ашық қарым-қатынаста болуы оның беделін арттыра түсті. Ол саяси хабарларды, тіпті өте ресмилерін де өзге газеттерден бұрын жеткізіп тұрды, сөйтіп өздеріне дос міністірлер пікіріне оқырмандарды ұйыту жағын көздеді. Ол өзге астаналық және шет аймақтық газеттер үшін ақпарат көзіне айналды. Оған сілтеме жасаушылар, одан сескенетіндер, онымен есептесетіндер көбейе берді. Күмәнді саяси алаяқтар ұйымының органы енді беделді үкімет органына айналды. Газеттің жүрегі Ларош-Матье болды. Дю Руа оның ойын таратып жеткізуші еді. Сөйлемейтін депутат әрі икемді баспагер, қажет болғанда бұғып қалуға да бар Вальтер қария даңғазаның арасында, ұзынқұлақтың айтуынша, марокколық мыс кеніштеріне байланысты үлкен іс тындырған көрінеді.
Мадленаның салоны апта сайын кейбір кабинет мүшелері жиналатын ықпалды орталыққа айналды. Міністірлер кеңесі төрағасының өзі мұнда екі рет түстікке келді. Ал таяуда ғана оның босағасынан аттауға ойланатын мемлекет қайраткерлерінің әйелдері енді онымен таныстығын мақтан етіп, жиі келіп тұруға айналды.
Шетел істерінің міністірі мұнда өзін қожайындай сезінеді. Ол кез келген уақытта есік ашып, неше түрлі мәліметтер, жеделхаттарды ала келіп, дәп бір бұлар оның хатшыларындай-ақ үй иелеріне ақпараттарды айтып жазғызып жүрді.
Міністір кетісімен-ақ Дю Руа, Мадленамен оңаша қалғанда, осы бір дарынсыз қуыс кеуде жанды өшіге мазақтай бастайтын: оның даусында қауіпті реңк пайда болып, сөздері уға толы болып келеді. Алайда Мадлена жаратпай иығын көтереді.
— Сен әуелі оның істегенін істеп ал, — дейтін ол. — Алдымен міністір болып ал, содан кейін мұрныңды көтеруіңе болады. Ал оған дейін аузыңды жап.
Жорж оған көзін қиғаштай қарап, мұртын ширатады.
— Менің қолымнан не келетінін білмейсіңдер ғой, — дейтін ол қарсылық білдіріп, — мүмкін, әлі көрерсіңдер де.
— Тірі болсақ көрерміз, — дейтін Мадлена екіұшты етіп.
Парламент ашылатын күні Жорж Ларош-Матьеге барып, ертеңгі бірінші бетке ақпарат алу үшін киініп жатқанда, төсекте жатқан Мадлена күйеуін үйретумен болды.
— Ең бастысы, генерал Белонклді, басында жорамалданғандай Оранға аттандыра ма, жоқ па, соны біл, — деді ол — Мұның маңызы үлкен болуы мүмкін.
— Үйрете бермеші, — деп Жорж кіржің ете қалды. — Не істеу керегін мен сенен жақсы білемін.
— Қымбаттым, сен менің міністірге деген тапсырмаларымның жартысын ылғи ұмытып кетесің, — деді әйелі байсалды үнмен.
— Сенің міністірің мені жалықтырды! — деп күңкілдеді Жорж. — өңкиген ақымақ біреу.
— Менікі емес, ол сенікі де, — деді Мадлена салқын үнмен. — Саған ол менен де гөрі пайдалырақ.
— Кешірерсіз, ол мені айналдырып жүрген жоқ, — деді оған күйеуі көз қиығымен жылмия қарап.
— Мені де, бірақ біз оның көмегімен жағдайымызды жақсартып жатырмыз, — деді ол даусын әдейі құбылта созып.
— Егер маған ғашық болғандарды таңдауыма тура келсе, — деп, сәл үнсіз қалған Жорж сөзін жалғады, — онда мен кәртамыш есалаң Водректі артық бағалаған болар ем. Айтпақшы, ол өзі қайда жүр? Мен оны көрмегелі тұтас бір апта болды.
— Ол ауырып жатыр, — деді Мадлена сабырлы қалпын бұзбастан, — ол маған подагра ұстамасынан төсек тартып жатып қалғанын айтып хат жіберіпті. Сен көңілін сұрап шықсаң болар еді. Ол сені жақсы көреді ғой, қуанып қалар еді.
— Иә, әрине, — деді Жорж келісім білдіріп, — бүгін-ақ кіріп шығамын.
Киініп болған ол қалпағын киіп, тағы бірдеңем ұмыт қалмады ма дегендей, сынай қарады. Бәрі дұрыс екеніне көзі жеткен соң, кереуетке жақындап, келіншегін маңдайынан сүйді.
— Әзірге, қымбаттым, мен жетіден ерте келе алмаспын.
Ларош-Матье оны тосып жүр екен; міністірлер кеңесі күндізгі сағат он екіде жиналатындықтан, ол бүгін ертеңгі асын онда ішпек болған-ды.
Ларош-Матье ханым болса, тамақ уақытын өзгерткісі келмеді, сондықтан міністірдің қасында жеке хатшысынан басқа ешкім жоқ екен. Үшеуі үстел басына отырысымен Дю Руа мақала туралы сөз бастады; өздерек кәртішкесіндегі шимайланған ескертпелеріне қарап қойып, ол мақаланың негізгі ойларын айтып шықты.
— Сіздің алып-қосарыңыз бар ма, қымбатты міністір? — деп сұрады ол ақырында.
— Айтарлықтай ештеңем жоқ, достым. Дегенмен сіз Марокко мәселесіне тым тереңдеп барыпсыз. Одан гөрі экспедиция жайлы сөз еткенде, оның болғаны қажет дегендей етіп, сонымен қатар оның жүзеге аспайтындығын, сіз өзгелердей оған сене алмайтындығыңызды баса көрсеткеніңіз жөн. Оқырман біздің мұндай күмәнді жолға аяқ баспайтынымызды жол арасынан түсінетіндей болсын.
— Өте жақсы. Мен сізді түсіндім, енді өзгелер де мені түсінетіндей етіп жазармын. Айтпақшы, әйелім генерал Белонкл Оранға жіберіле ме, жоқ па деп сұра деп еді. Сіздің маған айтқан ескертпеңізге қарап, жіберілмейді деген қорытындыға келіп отырмын.
— Жоқ, — деді мемлекеттік қайраткер.
Одан кейін алда тұрған парламенттік сессия сөз болды. Ларош-Матье бірнеше сағаттан кейін өз серіктестері алдында сөйлеуге даярлаған сөзінің әсеріне өзі сүйсіне мылжыңдай бастады. Ол оң қолын көтере сермеп, қолына ұстаған шанышқысын, пышағын, нан тілімін жалаулата сілкілеп, ешкімнің бетіне тура қарамаған күйі, өзі ғана көріп отырған халыққа арнап, өзінің шаштаразға ұқсаған келбетіне лайық шешендік сөздерін тәтті судай ағызды. Кішкентай ғана ширатпа мұрты үстіңгі ерніне жабысқан сары-шаянның бізгегіндей дірілдейді, ал ортасынан қақ жарылып, бриллиантинмен опаланған шашының самай тұсын ауылдық сәнқойлар құсап, дөңгелектей шиыршықтап қойыпты. Жастығына қарамастан, ол май басып, семіре бастаған-ды, дөңгелене қалған қарны жилетін кере тырсылдап тұр.
Жеке хатшысы оның ағыл-тегіл сөзіне үйренген болуы керек, былқ етпестен тамағын іше берді, ал Лароштың бағын күндеуден танбаған Дю Руа болса ішінен: "Неткен дүлей! Бұл саясаткерлер дегенің нағыз топастар ғой!" — деп отырды.
Өзін мына елірмемен салыстыра келе ол: "Еһ, мен де өзім туған Руанымның атынан депутаттыққа үміткер болып ұсыныла алатындай жүз мың франк ақшам болар ма еді, сонда мен өзімнің нормандықтарымның, — қушыкештеу, ақылы аздау, дөкірлеу келетін, шабан ойлы жерлестерімнің аузын майлай алсам, мынау сияқты саяси қайраткер деп аталатын мисыз шалағайларды көріп алар едім-ау", — деп ойлады.
Ларош-Матье содан кофе әкелінгенге дейін сөйледі, сол кезде ғана уақыттың болып қалғанын аңдап, өзіне күйме келтіруге бұйрық берді де, журналшыға қолын созды:
— Сіз мені ұқтыңыз ғой, қымбатты достым?
— Әрине, қымбатты міністір, қам жемеңіз.
Сағат төртке дейін Жорждың қолы бос еді, сондықтан ол мақаласын жазу үшін саралқаға қарай аяңдады. Сағат төртте Константинополь көшесіндегі үйде Марель ханыммен кездесуі керек-ті, ол онда аптасына екі рет: дүйсенбі және жұма күндері келіп тұрады.
Алайда саралқа табалдырығын аттамай жатып, оның қолына жеделхат тиді. Жеделхат Вальтер ханымнан екен, онда мынадай жазу бар:
"Мен бүгін міндетті түрде сізбен өте, өте маңызды мәселе бойынша сөйлесуім керек. Сағат екіде мені Константинопольде тос. Мен саған үлкен көмек көрсете аламын.
Өлгенше сендік Виргиния".
"Сайтан алғыр! Сүлікше жабысты ғой!" — деп күбірледі ол.
Оның бірден қабағы түсіп кетті, мұндай ашумен ол жұмыс істей алмады да, саралқадан шыға жөнелді.
Соңғы бір жарым ай бойы ол Вальтер ханыммен қатынасын үзбек болып жүр еді, бірақ қайтсе де оның жүрек жалынының бетін қайтара алмай-ақ қойды.
Ол өзінің жіптің қармағына түсіп қалғанына қатты қайғырып, үш кездесу бойы ашынасын қарғап-сілеумен болды. Бұл жағдайдан жігіттің жүрегі айнып, өзін мелодрама кейіпкеріне айналдырып алған кәртамыс әйелден жерінген ол арақатынасымыз өз-өзінен тоқталар деген үмітпен одан қашқақтай бастаған-ды. Алайда әйел оған жабысып алды, мойнына тас байлап суға секірген адамша өлермендене ұмтылды. Аяғандықтан, сыпайыгершіліктен, оның жұбайы — бастығына деген құрметінен Жорж әйелге тағы қайырылып соғып еді, әйел оны жабысқақ ынтызарлығымен мезі етіп, көзінен таса етпеуге тырысты. Ол жігітті күнде көруге ынтығып, жеделхат арқылы көше қиылыстарында, дүкендерде, қала бақшаларында бір сәттік көрісуге шақырумен болды.
Әр жолы ол өзгеріссіз бірсарынды сөздермен оны сүйетінін, құдайындай көретінін ант іше қайталап, кетерінде енді өзінің "бақытты екенін, оны көрудің өзі бақыт екенін" айтудан жалықпайтын.
Вальтер ханым жігіт ойлағаннан мүлде басқа адам болып шықты: ол өзін ғашық болған қыз баладай көрсетіп, жасына лайықсыз қылықтармен арбап алуға тырысатын еді. Бұған дейін нағыз ізгі жанды, қылымсушылықтан ада, құштарлықты білмейтін, бұзылмаған, осы бір өнегелі, парасатты қырықтағы әйелдің қоңыр салқын жазына ұласқан жылусыз күзі күтпеген жерден қураған, үсік ұрған гүлдері ашылмаған бүршіктерге толы аянышты көктемге айналғанда, кезінде бүр жармай солып қалған қыз махаббаты кеш болса да гүл ашып, өзіндік албырт сезімін ерепейсіз қылықтармен, он алты жасар қызға ұқсап кенет айғайлап жіберіп, мүләйімси еркелеп, жас кезінде жарыққа шықпай, қартайып үлгерген қылымсу мәнері арқылы танытатын әдет тапқан еді. Жорж одан күніне он шақты астарлы, екіұшты мағыналы, үнділердің сөзіндей көтеріңкі леппен жазылатын жылымшы, аң мен құстар атауы өріп жүретін хаттар алады.
Екеуі оңаша қалса-ақ әйел оны бас салып сүйіп, бәденді бөксесін бұраңдата секеңдеп, қолапайсыз, дөкір бозбалаша асыр салып, аузын бұртитқаны күлкіңді келтіреді. Жігіт оның еркелете айтатын: "мысығым", "күшігім", "көгершінім", "баға жетпес асылым", "қазынам менің" секілді сөздерінен, төсекке жатар алдында бет-моншағы төгіле қалатынынан, өзіне бір керемет болып көрінетін елеңдеп шошығанситынынан, бұзылған әйелдерше қылымсуынан жүрегі айниды.
"Мына ауыз кімдікі?" — деп сұрайды ол, егер Жорж "менікі", — деп құтылмаса, желімдей жабысып, жігіт ашудан көгеріп кеткенше қоймайды.
Махаббат тек қана әдептілік, сыпайылық, сақтық, сезімталдықты қалайтынын, мына сияқты ересек әйел өзімен жолығысқанда жас қызша бұраңдамай, өзін лайықты ұстап, тіпті жыласа да Джуьлетташа емес, Дидонаның көз жасымен берілсе болмас па еді деп күйінеді Жорж.
— Мен сені сондай сүйемін, балақайым менің! — деп қайталаудан жалықпайды. — Сен де мені сүйесің ғой, құртақандайым менің?
Ол өзін "балақайым", "құртақандайым" деп атаған сайын, оған "менің кәртамышым" деп жауап қатқысы келіп тілі қышиды.
— Саған көніп қалғаным ақылсыздық болды, — дейді ол үнемі. — Бірақ мен өкінбеймін. Ғашық болу — сондай жақсы.
Оның аузынан шыққанның бәрі Жорждың жынын келтіреді. "Ғашық болу — сондай жақсы" дегенді ол сахнада айтып тұрғандай сәндеп бағады.
Оның өрескел еркелетуі де жігіттің жиіркенішін тудырады. Сұлу жігіттің сүюі оның қанын қыздырып, сезімін жаниды, бірақ өзі оны қолапайсыз ынтықтықпен, әр қимылына барынша мән бере құшақтауын Дю Руа қартайғанда "әліппемен" сауат ашуға кіріскен адамға ұқсатып, күліп жібермеуге тырысады.
Одан гөрі ол кейбір қартая бастаған, бірақ соңғы махаббатының әсерінен әлі де әдемі көрінетін кейбір әйелдер құсап, ашынасына жалын атқан, терең де қорқынышты көздерін қадаған күйі құшағына қатты қысып алса; дірілдеген ыстық еріндерімен қадала сүйіп, семіз, ып-ыстық, жасы ұлғайса да тойымсыз денесіне айырылмай қысқан жарасар еді, оның орнына ол жас қызша ойнақтап, былдырлап:
— Мен сені сондай сүйемін, балақайым менің! Балапаныңды жақсылап еркелете түсші! — деп, тілін бұрағаны өзіне керемет қонымды деп ойлайтын болса керек.
Мұндай кездері ол оны қатырып бір боқтап, қалпағын алып шығып кеткісі келеді.
Алғашқы кездері олар Константинопольде жиі кездесіп жүрді. Кейін Дю Руа Марель ханыммен кездесіп қалудан сақтанып, мұндай кездесулерден қашқақтай бастады.
Оның есесіне ол енді әйелдің үйіне ертеңгі, түскі асқа жиі келуге міндетті болды. Әйел үстел астынан оның қолын қысып, есік қалтарысында ернін тосады. Ал жігітке одан гөрі Сюзаннамен қалжыңдасу анағұрлым ұнайтын еді. Қуыршаққа ұқсайтын бұл қыздың көрерменнің көңілін көтеруге құмар жәрмеңке қушыкештері құсап, аяқ астынан сөз тауып, білдірмей қыршып алатыны бар. Ол кім-кімді де, нені болсын, кемшілігін дәл басып, өлтіре сықақтайды. Жорж оның ащы тілін қолпаштап, қалжыңбастығын көтермелеп отырады, сөйтіп олар бірін-бірі қабақ қағыстан түсінетін жағдайға жетті.
Қыз оны жиі-жиі: "Тыңдаңызшы, Сүйкімді дос!", "Бері келіңізші, Сүйкімді дос!" — деп шақыра береді.
Жігіт дереу шешесін тастап, қызға жетіп келеді, ол жігіттің құлағына тұздықты сөздердің бірін сыбырлайды да, екеуі ішек-сілесі қатқанша күліп, мәз болады.
Бұл кезде шешесінің махаббатынан әбден жеріп болған ол оны көруден де, даусын естуден де жалығып, ойына түскеннің өзіне зығырданы қайнайтын болды. Оның үйіне баруды қойды, хатына жауап қатпайды, шақырған жеріне аттап баспайды.
Ақырында жігіттің өзін сүймейтінін түсінген әйел сұмдық азаптанды. Бірақ сонда да бас тартпады: оның жүрген ізін аңдып, жолынан көлденеңдеумен болды, саралқа алдында, үйінің есігі алдында, көшеде кездестіріп қалуы мүмкін деген жердің бәрінде терезесі қымтаулы күймемен тосып тұратын болды.
Жорж оны аузына келген сөзбен тілдеп, турасынан: "Сенен тойып болдым, мазамды алма", — деп айтып салғысы, тіпті ұрып жібергісі келеді, бірақ ол саралқадағы қызметінен айырылғысы келмейтін, сондықтан қатты айтуға батпай, өзінің салқын, ресми сыпайы, кей-кейде шалт үнімен екеуінің арасында бәрі біткенін сездірмек болады.
Әйел оны Константинополь көшесіндегі үйге келтіру үшін неше түрлі қулыққа басты, ал ол бір күні екі әйел есік алдында тоқайласып қалуынан қатты қорқатын.
Дю Руаның бұл жазда Марель ханымға құштарлығы арта түсті. Ол әйелді "тентегім" деп атап, барынша жақсы көретін. Ол екеуі бір-біріне сай еді: екеуі де қызу оқиғаларды, қаңғыбастықты, үйсіз-күйсіз, үлкен жолдың бойында көшіп-қонып жүретін зиялы қаңғыбастықты ұнататын.
Олар жазды керемет өткізді: үнемі ертеңгі асты немесе түстікті бірге ішу үшін біресе Аржантейльге, біресе Бруживальге, біресе Мезон немесе Пуассиге кетіп қалатын, сағаттап қайықпен қыдырып, даладан гүлдер теретін. Марель ханым осы Сенаның өзінен ұсталатын балықтан жасалатын тағамдарды, сондай-ақ үй қоянынан жасалған фрика сені ұнататын, қала сыртындағы шағын қабақтар мен ескекшілердің айқайына да мәз болатын. Ал Жорж онымен бірге жарқыраған ашық күні Париж төңірегінде қыдырғанды, көңілді әңгіме-дүкен құра жүріп, байлардың көріксіз саяжайларына көз тастағаннан ләззат алатын.
Содан кейін Парижге, түстікке тосып отырған Вальтер ханымға оралып келе жатып ол кенеше жабысқан кәртамыш ашынасына деген жеккөрінішін сезінетін, ол жеккөрініші жаңа ғана өзен жағасының жібектей шалғыны үстінде құмарын қандырып, махаббат жалынын басқан жас ашынасын ойлаған сайын еселене түсетін-ді.
Ол Вальтер ханымнан біржола құтылдым ғой деп ойлап еді, өйткені онымен қатынасын үзгісі келетінін қатыгездікпен ашып айтқан болатын, ал мына жеделхатта ол тағы да сағат екіде Константинопольге келуін қатты өтініпті.
Жолда ол жеделхатқа тағы көз жүгіртті:
"Мен бүгін сенімен бір өте, өте маңызды іс жайында сөйлесуім керек. Сағат екіде мені Константинопольдегі үйде тос. Мен саған үлкен пайда келтіруім мүмкін.
Сені өлгенше сүйетін
Виргиния".
"Бұл кәрі жапалаққа менен тағы не керек? — деп ойлады ол — Бәрі сылтау екеніне бос тігемін. Тағы да мені қалай жақсы көретінін айту үшін ғана. Дегенмен білген артық емес. Бір маңызды іс жайында депті, үлкен пайдасы не болды екен, — мүмкін, шын болып қалуы. Клотильда төртте келеді. Демек мен ананы үштен қалдырмай ізін суытуым керек. Құрысын, тек екеуі ұшырасып қалмаса екен. Бұл әйелдердің бәлесі көп-ау!"
Осы арада ол еріксіз Мадленаны ойлады: тек сол ғана мұның мазасын алмайды. Ол мұнымен бір үйде тұрады, тіпті сүйетін де сияқты, бірақ бір кезде орнатқан қатаң тәртібі бойынша, екеуі махаббатпен арнайы белгіленген уақытта ғана айналысады, басқа уақытта өзін мазалағанды ұнатпайды.
Жорж кездесу үйіне аяңдап келе жатып, іштей Вальтер ханымды тілдеумен болды:
"Егер ол сөз етуге тұрарлық бірдеңе айтпайтын болса, мен оған кездескенді көрсетемін. Менің айтқандарыма қарағанда, Камбронның тіліне жылап көріскендей боларсың. Ең алдымен енді қайтып үйіне аяқ баспайтынымды айтамын".
Ол пәтеріне кіріп, Вальтер ханымды күтті.
Әйел одан кейін іле-шала кіріп келді де, жігітті көріп қуанып кетті:
— Ә-ә, сен менің жеделхатымды алған екенсің ғой? Неткен бақыт!
Жігіт түнеріп кетті.
— Иә, оны мен парламентке баруға жиналып жатқанда әкеп берді. Саған не керек еді?
Әйел оны сүю үшін бетпердесін көтеріп, таяқ жеген иттің түрімен қасына жақындады.
— Қандай қаталсың маған... Менімен сондай дөрекі сөйлесесің... Мен саған не жаздым? Мұның мені қалай қайғыға бөлейтінін білсең ғой!
— Тағы бастадың ба?
Қасына келген Вальтер ханым оның мойнына асыла кету үшін бір ишаратын, күлімсіреуін күтіп тұрды.
— Неге менімен бұлай сөйлесесің, — деді ол даусы әрең шығып. — Онда мені неге азғырдың, менің маңыма жоламауың, бұған дейінгі таза да бақытты қалпымды бұзбауын керек еді. Маған шіркеуде не айтқаның, осы үйге қалай күштеп кіргізгенің есіңде ме?! Енді менімен былай сөйлесесің! Тіпті қарсы алғың да келмейді. Құдайым-ай, құдайым-ай, не жазығым бар еді!
Жорж ашумен жерді теуіп қалды:
— Жетті! Тоқтат енді! Менімен бір минут қалсаң-ақ осы әніңе қайта басасың. Дәп бір мен сені он екі жасар періштедей пәк күйінде азғырғандай. Жоқ, қымбаттым менің, өйтіп адаспа, мен кәмелетке толмағандарды азғырған емеспін. Сен маған ақыл-есі орныққан жаста берілгенсің. Оныңа мен ризамын, бірақ өмір бойы сенің етегіңе байланып өтпек емеспін. Сенің күйеуің, менің әйелім бар. Аздап көңіл көтердік, ешкімге ештеңе сездірген жоқпыз — жетеді енді.
— О, неткен дөкір жан едің! Неткен оңбаған, жексұрын едің! Мен жас қыз болмасам да, ешқашан ешкімге ғашық болып, опасыздық жасап көрмеген едім ғой...
Жігіт сөзін бөліп кетті:
— Білемін, бұл туралы үнемі айтып келесің. Сенің... екі баласы бар әйелдің қыздығын мен бұзған жоқпын.
Әйел теңселіп кетті.
— Жорж, мұның иттік!..
Тамағына өксік тығылған ол екі қолымен кеудесін басып, жыламсырай бастады.
Төгілгелі тұрған көз жасын көрген жігіт алды ашық пеш үстінен қалпағын алды.
— Сен жылауға келген екенсің ғой. Онда қош бол Мені жылағаныңды көруге шақырған екенсің ғой.
Әйел бір аттап оның жолын бөгеді де, қалтасынан орамалын алып, тез көз жасын сүртті. Ол барынша сабырлы болып көрінуге тырысты, алайда жаны ауырғаны даусының үзіле, дірілдей шыққанынан білініп тұрды.
— Жоқ, мен саған жаңалықты... саяси жаңалықты айтуға келдім, сен елу мың франк, тіпті қаласаң... одан да көп ақша тапсын деп едім.
Жорж демде жұмсарды.
— Қандай жолмен? Не айтайын деп тұрсың?
— Кеше кешкісін мен байқаусызда күйеуім мен Лароштың сөздерін естіп қалдым. Шынын айтқанда, олар менен жасырынған да жоқ. Ал құпияны саған ашпау жөнінде Вальтер міністірге тапсырып жатты, өйткені сен оларды ұстап беруің мүмкін.
Дю Руа қалпағын үстелге қойды. Ол күдіктене бастады.
— Сонда мәселе не жайында?
— Олар Марокконы басып алуға дайындалып жатыр!
— Жалған! Мен бүгін ертеңгілік асты Ларошпен іштім, сонда ол маған жаңа кабинеттің жұмыс жоспарын түгел баяндап берді.
— Жоқ, қымбаттым, олар сені алдап жүр. Сен олардың қулық-сұмдықтарын біліп қояды деп қорқады.
— Отыршы, — деді Жорж, өзі де креслоға құйрық басты.
Тапал орындықты сүйреп әкеліп, Вальтер ханым ашынасының тізесінің арасына сұғына отырды.
— Мен ылғи сен туралы ойлаймын да жүремін,— деді ол жағымпаздана сөйлеп, — сондықтан айналамда біреулер сыбырласа бастаса, міндетті түрде құлақ түремін.
Содан кейін ол бәсең дауыспен біраздан бері Жорждың сыртынан бір әрекеттер жүзеге асырылып жатқанын, оның қызметін пайдаланғанымен, өзін жақтас етуден қашқақтайтындарын айта бастады.
— Білесің бе, сүйген адам неше түрлі қулықтарға барады, — деді әйел.
Ақырында, кеше ол бәрін түсінеді. Енді Вальтер ханым өзінің қулығына ризалықпен күлімдеп, беріле сөйледі, көз алдында биржаның күйреуі даярланып жатқанын, акцияның құлдырауын немесе кенет көтерілуін, — тағы да осы секілді енді бір-екі сағаттан соң өз жинақ қорларын банкирлер және саяси қайраткерлер сияқты құрметті, атақты адамдардың есімі кепілдік беретін кәсіпорындарға салып қойған мыңдаған ұсақ буржуаны, ұсақ өсімқорларды тып-типыл ететін алыпсатарлық істер жайында хабардар болып отырған қаржыгердің әйеліндей-ақ ойлы пікірлер айтты.
— Иә, олар мұны шебер ойластырды. Тіпті мінсіз деуге болады, — деп қайталады әйел — Негізінен бәрін ұсақ-түйегіне дейін ойластырған Вальтер, мұндайға ол ұста. Әділдігін айту керек, өте оңтайлы жасалды.
Бұл кіріспе сөздер Жорждың қанын қайнатты.
— Тезірек айтсаңшы енді.
— Айтсам былай. Танжерге экспедиция жасау Ларош шетел істері міністірі болған күні-ақ шешілген мәселе болатын. Бұған дейін марокколық займ облигациялары алпыс төрт — алпыс бес франкке дейін құлдырап кетті де, олар оның бәрін сатып алды. Оны олар өте құпия, ешқандай күдік тудырмайтын ұсақ, жұрт сене қоймайтын биржалық қоңыздар арқылы жүзеге асырды. Ротшильдер марокколық заемный сұранысы неге артқанына түсіне алмады, оларды да алдап түсірді. Оларға делдалдардың аттарын атайды: ал олардың бәрі де қолдары былғанған, сыртқа лақтырылып қалған жандар. Дөкейлер сабаларына түседі. Ал енді экспедиция жүзеге асырылмақ, біз Танжерге енісімен француз үкіметі бірден заемды қамтамасыз етеді. Біздің достарымыздың бәрі елу-алпыс миллионная ақшалы болып шыға келеді. Істің мәнісін түсінесің бе? Олардың сол де болса жария болудан қорқып отырғандары сондықтан.
Әйел басын жігіттің жилетіне төсеп, қолын оның тізесіне салып қойды; енді өзінің оған керек екенін сезген ол еркелеп, оған жабыса түсті, жігіттің бір еркелетуі, бір күле қарағаны үшін ол бәріне де баруға даяр еді.
— Сен қателескен жоқсың ба? — деп сұрады жігіт.
— О не дегенің! — әйел даусы аса сенімді шықты.
— Иә, бұл керемет, — деді Жорж. — Бұл арамза Ларошқа мен де қарыздар боп қалмаспын. Тұра тұр, жексұрын!.. Тұра тұр!.. Мына міністірлігіңнен допша ұшып кеткеніңді білмей қаларсың!
Ол ойланып қалды.
— Алайда бұдан пайда тауып қалса да болар еді, — деп күбірледі ол.
— Заем сатып алуға әлі де мүмкіндік бар, — деді Вальтер ханым.
— Бір облигация жетпіс екі франк тұрады.
— Бірақ менің артық ақшам жоқ қой, — деді жігіт. Әйел оған жалбарына қарады.
— Мен оны ойлағанмын, мысықайым, егер сен мені аздап болса да сүйетін болсаң, құдай үшін, саған қарыз беруіме кеңшілік етші.
— Жоқ, кешірерсіз, — деп бірден, дөрекі түрде қайырып тастады ол.
— Тыңдашы, — деп жалынды әйел — былай етсек қайтеді, сен тіпті де қарыз алмайсың. Біраз ақша жиып алу үшін, мен он мың франкке облигация сатып алсам ба деп едім. Енді мен он мың емес, жиырма мыңға сатып аламын. Жартысы сенікі. Әрине, мен ол үшін Вальтерге ақша төлемеймін. Демек әзірге ақша қозғаусыз жата береді. Жолымыз бола қалса, сен жетпіс мың франктің иесі болып шыға келесің. Сәтсіздік болса, сен маған он мың франк қарыз болып, мүмкіндігің болған кезде қайтарарсың.
— Жоқ, бұл әрекет маған жақпайды, — деп, тағы қарсылық білдірді Жорж.
Енді әйел түрлі дәлелдер келтіріп, Жорж бар-жоғы Вальтер ханымның сөзіне сеніп, одан он мың доллар алатын болса, демек ол тәуекелге барғаны, ал облигациялар үшін "Вальтер банкі" төлейтіндіктен, ол әйелдің өзіне бір де франк қарыз болмайтындығын түсіндіруге тырысып бақты.
Ақыр соңында ол осы істі жүзеге асыруға мүмкіндік берген науқанды Жорждың өзі "Француз өмірінің" бетінде жүргізгенін есіне салып, енді бұдан пайда көрмей құр қалуы оның тарапынан ақылсыздық болатынын ескертті.
Жігіт әлі де солқылдай берді.
— Ойласаңшы өзің, — деді әйел, — Вальтер саған бар-жоғы он мың франк қарыз береді, ал сенің оған көрсеткен көмегің анағұрлым қымбат тұрады ғой.
— Жарайды онда! — деді Жорж. — Саған жарты үлеске кіремін. Егер біз ұтылсақ, сенің он мың франкіңді қайтарамын.
Қуанғаннан есі шыққан әйел орнынан ұшып тұрып, оның басын құшақтай алды да, шөпілдетіп сүйе бастады.
Алғашында ол қарсылық білдірген жоқ еді, осыдан еркінсіген әйел оны құмарынан шыға сүйіп, еркелетуге көшкен кезде, кенет қазір басқа әйелдің келетіні есіне түсіп, дер кезінде бетін қайтармаса, жас ашынасына сақтауға тиісті күш-қайратын мына кортамыштың құшағында жұмсап қоятынын ойлады.
Ол жайлап әйелді кері итерді.
— Тоқта, сабаңа түс!
Әйел оған қамыға қарады.
— Ah, Жорж! Енді сені сүюге де болмай ма?
— Тек бүгін емес, — деді жігіт. — Менің басым ауырып, жағдайым болмай тұр.
Әйел тез көніп, қайтадан оның аяғының қасына отырды.
— Ертең бізге түстікке кел, — деді ол — Мен қандай қуанар едім!
Жігіт біраз кібіртіктеді, бірақ ақыр аяғында қарсылық білдіруге батпады.
— Жарайды, келемін.
— Рахмет, қымбаттым.
Жігітке еркелеп, бетін оның кеудесіне үйкелеген әйел кенет бір тал ұзын қара шашының жилет түймесіне оралып қалғанын байқады. Осы сәтте оның басына кей кездері әйелдердің ақыл-есін билеп алатын қияли ырым келе қалды. Ол ақырындап бұл шашын түймеге орай түсті. Содан кейін екінші, үшінші тал шаштарын орады. Сөйтіп, шаш оралмаған түйме қалдырмады.
Қазір жігіт орнынан тұрғанда, олар жұлынып кетеді. Сүйген жігітіңнің жұлқып ауыртқаны қандай бақыт! Ол өзі де білместен, әйелдің бір бөлшегін өзімен бірге ала кетеді. Осы көзге көрінбес шаш талымен әйел оны өзіне байлап қояды. Әйелдің бойтұмарын ала кеткен жігіт еріксіз ол туралы ойлайды, түсінде көреді, сөйтіп ертең көріскенде бұған елжіреп тұратын болады.
— Менің кетуім керек, — деді Жорж, — мәжіліс аяғына дейін палатаға жетуім керек. Одан қалуыма болмайды.
— Аһ, қалай аз! — деп күрсіне тіл қатқан әйел іле көнбістік танытқандай болды: — Бара ғой, қымбаттым, тек ертең түстікке міндетті түрде келетін бол — Сөйтті де басын жылдам тартып қалды.
Сол сәт бас терісіне қатарынан бірнеше ине шаншығандай қатты ауырып кетті. Жүрегі дүрсілдеп сала берген ол сүйгені үшін қиналыс білдірмей төзді.
— Қош бол! — деді әйел.
Мейірбандана күлімсіреген жігіт оны құшақтап, көзінен салқын ғана сүйді.
Вальтер ханым осының өзіне есінен айырыла мәз болды.
— Сондай аз! — деді ол тағы да күрсіне күбір етіп.
Жалынышқа толы көзімен ол ашық тұрған жатын бөлменің есігін нұсқады.
Жорж оны қолымен ысырып жіберді.
— Менің кетуім керек, әйтпесе кешігіп қаламын,— деді ол асыққан түрмен.
Әйел ернін тосты, оған ернін тигізер-тигізбестен, ұмытып бара жатқан қолшатырын әперді де, Жорж есікке беттеді:
— Кеттік, кеттік, уақыт боп қалды, үштен асып кетіпті.
Оның алдында келе жатып та әйел қайталаумен болды:
— Ертең жетіде.
— Ертең жетіде, — деп қайталады ол.
Екеуі екі жаққа: Вальтер ханым оңға, Жорж солға бұрылды.
Дю Руа ішкі бульварға дейін барды. Одан кейін асықпай аяңдап Мальзерба бульварының бойымен жүрді. Кондитер дүкенінің қасынан өтіп бара жатып оның көзі хрусталь көзедегі қант себілген жаңғаққа түсті. "Клотильдаға бір фунттай алайыншы", — деп ойлады оның мұны өлердей ұнататынын білетін ол сағат төртте ол үйге қайтып келіп, жас ашынасын күтіп отырды.
Ол біраз кешігіңкіреп келді, сөйтсе, күйеуі бір аптаға келіп қалған екен.
— Ертең бізге түстікке кел, — деп ұсыныс жасады әйел — Ол сені көргеніне қуанып қалады.
— Жоқ, мен бастығымның үйінде боламын. Жұмыс деген шаш-етектен, саясат, қаржы мәселелерін қарастырып жатырмыз.
Марель ханым қалпағын шешті, содан кейін тарлау көрінетін іштартқышын ағыта бастады.
Жігіт көзімен ашық пеш үстінде жатқан дорбаны нұсқады.
— Мен саған қант себілген жаңғақ алдым.
Ол алақандарын шарт еткізді.
— Қандай тамаша! Жаным-ау сол!
Дорбаны алып, жаңғақтың дәмін татып көрді.
— Қандай дәмді! Қазір-ақ жоқ болады-ау енді.
Содан кейін Жоржға көңілді, мағыналы көз тастап:
— Демек сен менің осалдықтарыма түсіністікпен қарай бастағаның ғой? — дегенді қосып қойды.
Ол жаңғақты асықпай жеп, анда-санда бітіп қалмады ма дегендей дорбаның ішіне үңіле қарап қояды.
— Кел, креслоға жайғасшы, ал мен аяғыңның қасына отырып, жеуді жалғастыра берейін. Маған солай ыңғайлы.
Күлімсірей келіп отырған жігіт оны, жаңа ғана Вальтер ханыммен отырғандай, тізелерімен қыса құшақтап алды.
Оған тіл қатқан сайын Клотильда басын жоғары көтеріп, бетіне көз салады.
— Білесің бе, қымбаттым менің, — деді ол шайнаңдай отырып, — мен сені түсімде көрдім: екеуіміз түйеге мініп, алыс бір жаққа кетіп барады екенбіз деймін. Оның екі өркеші бар, ал біз екеуіміз екі өркешке мініп алыппыз: біреуінде сен, екіншісінде мен, сөйтіп шөл даламен жүріп келеміз... өркеште отырып, бір шөлмек шарап пен арасында еті бар нан жеп келеміз. Ал басқа ештеңе істей алмайтындықтан, екеуіміздің арамыздың алшақтығынан менің ішім пысып, түсіп қалғым келеді.
— Менің де түсіп қалғым келеді, — деп мойындады жігіт.
Әйелдің әңгімесі қызықтырған ол Клотильданы әзілге тартып, қалжыңдасқысы, ғашық жандардың әдетімен не болса соны айтып, сөзін күлкіге айналдырғысы келді. Балаша бұртаңдай сөйлеу мәнері Вальтер ханымның аузынан шыққанда жынын келтірсе, Марель ханымға керемет жарасып тұрады.
Клотильда да оны "Менің қымбаттым, балақайым менің, мысықайым менің" деп атайды. Онысы нәзік те жанға жайлы болып естіледі. Осыдан біраз бұрын басқа әйелдің аузынан шыққанда ол сөздер мұны ызаландырып, ашуын келтіріп еді. Махаббат сөздерінің бәрі бірдей, мәселе оның кімнің аузынан шыққанында.
Алайда Клотильданың қылықтарына күліп отырғанмен, Дю Руа ұтып алуы мүмкін жетпіс мың франк жайындағы ойдан арыла алмады. Кенет ол құрбысының басына саусағын тигізіп, сөзін бөліп жіберді:
— Тұра тұршы, мысықайым, мен саған күйеуіңе байланысты бір тапсырма берейін деп ем. Сен оған менің атымнан сәлем айтып, ертеңнен қалдырмай, он мыңға марокколық заем сатып алуын тапсыршы, — әрбір облигация жетпіс екі франк тұрады. Үш айға жетер-жетпес мерзім ішінде ол бұдан алпыстан жетпіс мың франкке дейін пайда табарына мен кепілдік беремін. Тек ол бұл туралы ешкімге айтып қоймауын қадағала. Менің атымнан Танжерге экспедиция жасау ісі шешімін тапқанын айт және француз үкіметі марокколық заемды қамтамасыз ететіндігін жеткіз. Бірақ басқа ешкімге тіс жарушы болмаңдар. Мен саған мемлекеттік құпияны ашып отырмын.
Клотильда оны мұқият тыңдады.
— Рахмет, — деп сыбырлай сөйледі ол — Бүгін кешке күйеуіммен сөйлесемін. Сен оған сенуіңе болады, ол ешкімге айтпайды. Ол — сенімді адам. Одан қауіптенбесең де болады.
Клотильда жаңғақты бітірген еді. Қағаз дорбасын умаждап ашық пешке лақтырып жіберген ол орнынан тұрды да:
— Ал енді төсекке, — деп, Жорждың жилетінің түймелерін ағыта бастады.
Кенет ол еңкейіп, екі саусағымен ілгектен ұзын шаш талын алып шықты.
— Қара! — деді ол күліп. — Сенің үстіңде Мадленаның шашы жүр. Қандай сенімді күйеусің!
Сөйтті де дереу қабағын түйіп, алақанындағы шашқа үңіле қалды.
— Жоқ, мынау Мадленанікі емес, қара шаш,— деп күбірледі ол.
Жорж күлді:
— Онда күтуші әйелдікі болар.
Алайда Клотильда тыңшы құсап, жилетті зерттеуін жалғастыра түсті: түймеге оралған екінші шашты, содан соң үшіншісін тапты. Ол боп-боз болып, дірілдеп кетті.
— Ә-ә! — деді ол даусын шығарыңқырап. — Сен бір әйелмен жатқансың, ал ол сенің түймеңе шашын орап жіберіпті.
Жорж таңғалды.
— Жоқ, ол не дегенің. Есің ауысқан ба? — деп ақталды ол
Осы сот ол Вальтер ханымды есіне алып, бәріне түсіне қалды, алғашында қысылыңқырап қалғанымен, іле күлкіге айналдырып, мойындамай бақты, жүрек түкпірінде ол Клотильданың өзін жігітшілік жасады деп күдіктенгенін айыптаған жоқ.
Ал ол болса іздестіруін жалғастырып, тағы да шаштар тауып алумен болды, оларды шиыршықтап, кілемге лақтырып жіберді.
Тәжірибелі әйел түйсігімен ол мәселенің мәнісін түсініп қойды.
— Ол сені сүйеді екен... — деп күбірлей сөйледі ызадан жылағалы тұрған Клотильда. — Ол өзінің бір бөлігін сенің алып кеткеніңді қалаған... Опасыз!
Кенет ол шыңғыра айғайлап жіберді:
— А! А! Оның кемпір екен ғой... Мына ақ шашты қара... Ә-ә, сен енді кемпірлерге ауыз салдың ба... Олар саған ақша төлейтін шығар?.. Ақша төлей ме деймін? Демек менің саған енді керегім жоқ екен ғой?.. Сол кемпіріңмен-ақ бол онда...
Орнынан ұшып тұрған ол іштартқышын жұлып алып, асығыс киіне бастады.
Жорж оны тоқтатпақ болды.
— Олай емес қой, Кло... — деп ол қысыла сөйледі. — Жоқтан өзгені айтпашы... Түсінсем бұйырмасын... Кетпеші... қойшы, кетпеші!..
— Кәртамышыңмен-ақ бола бер... кәртамышыңмен-ақ бола бер... — деп қайталай берді Марель ханым. — Оның шашынан жүзік жасатып ал... аппақ шашынан... Жүзікке жетерлік шашын алып қапсың ғой...
Әйел тез-тез киініп болып, қалпағын басына қондырды да, бетшілтерін түсірді. Жорж оның соңынан ұмтыла беріп еді, қолын құлаштай сермеп, жағынан шарт еткізді де, ол есін жиғанша, есікті ашып. бөлмеден атыла шығып кетті.
Жалғыз қалған жігіт кәрі қақбас Вальтер шешейге деген өшпенділіктен қалшылдап кетті. Енді оны бас-көз демей, жіберетін жеріне айдап салмаса ма!
Дуылдаған бетін сумен шылады. Содан кейін кек қайтару жоспарымен көшеге шықты. Мұнысын ол енді кешірмейді. Ешқашан кешірмейді!
Бульварда қыдырып келе жатқан оның көзі зергерлік дүкеннің жаймасында жатқан хронометрге (өте дәл жүретін қалта сағаты) түсе кетті. Дю Руа оны сатып алуды көптен бері ойлап жүргенімен, ол мың сегіз жүз тұратын қымбат еді.
Кенет оның жүрегі қуаныштан дүрсілдеп кетті: "Жетпіс мың ұтсам, бірден сатып аламын",— деп ойлады ол.
Ең алдымен депутат болып сайланады. Содан кейін хронометрді сатып алады, одан соң биржада ойнайды, одан соң... одан соң...
Саралқаға барғысы келмеді; әуелі Мадленамен сөйлесіп алып, содан кейін ғана Вальтермен кездесіп, мақалаға кірісу үшін ол үйіне қарай беттеді.
Друо көшесіне жете бере ол кенет тоқтай қалды: граф де Водректің көңілін сұрауды ұмытып кеткен екен, ол Шоссе-д Антенде тұратын. Аяңынан таймаған қалпы ол кейін бұрылды, көптеген жағымды нәрсе жайлы, болашақ байлық туралы тәтті арманға берілген оның басынан жексұрын Ларош пен сұмпайы Вальтер ханым да шықпай қойды. Ал Клотильданың ашуына ол титтей де мән берген жоқ: оның қайтымы тез екенін жақсы біледі.
Граф де Водрек тұратын үйге кірген ол күзетшіден:
— Де Водрек мырзаның денсаулығы қалай? Сырқаттанып қалды деп естіп едім,— деді.
— Графтың халі өте нашар, мырза, — деді күзетші. — Ертеңнен қалмас десіп отыр, — подагра жүрекке ауыз салыпты.
Дю Руа сілейіп тұрып қалды, ол не істерін білмеді. Водрек жан тапсырғалы жатыр! Оның басында өзге түгіл, өзіне де мойындауға батылы бармайтын түсініксіз бір ойлар шырматыла берді.
— Рахмет... мен кейінірек келермін... — деп күбірледі ол не айтып тұрғанын өзі де білместен.
Содан соң экипажға қарғып мініп, үйіне жүріп кетті.
Мадлена үйде екен. Оның бөлмесіне алқына жүгіріп кірген Жорж:
— Сен білмейсің бе? Водрек өлгелі жатыр, — деп қойып қалды.
Мадлена хат оқып отыр еді. Жаңағы сөзден соң күйеуіне жалт қараған ол бір сөзді қатарынан үш рет қайталады:
— Ә? Не дедің?.. Не дедің?.. Не дедің?..
— Водрек өлгелі жатыр деймін, подагра жүрегіне өтіп кетіпті. Не істемексің енді?
Мадлена құп-қу болып кетті, бет.терісі жыбырлай жөнелді; орнынан тұрып, қолымен бетін басқан ол солқылдап жылап жіберді. Қатты қайғырған ол біраз уақыт қозғалыссыз тұрып қалды, тек екі иіні ғана дір-дір етеді.
Бір кезде өзіне-өзі келгендей болып, көзін сүртті.
— Мен барайын... мен барайын оған... Сен алаң болма... қашан келерім белгісіз... мені күтпей-ақ қой...
— Жақсы. Бара ғой, — деді Жорж.
Олар бір-бірінің қолдарын қысты да, асығыста қолғабын алуды да ұмытқан әйел үйден шыға жөнелді.
Жорж тамағын ішіп, мақала жазуға отырды. Ол міністірдің нұсқауын қатаң сақтап, Мароккоға жорық болмайтындығын оқушылардың өздері түсінетіндей етіп жазды. Содан кейін мақаланы саралқаға апарып беріп, бастығымен біраз әңгімелесті де, неге осынша көңілді екеніне мән берместен, темекісін езуіне қыстырған күйі үйіне қайтты.
Әйелі әлі келмепті. Ол төсекке жатты да ұйқыға кірісті.
Мадлена түн жарымында келді. Ұйқысы шайдай ашылған Жорж басын көтерді.
— Не болды? — деп сұрады ол.
— Қайтты, — деп күбірледі әйелі.
— Ә! Қайтеміз енді... саған ештеңе айтпады ма?
— Ештеңе. Мен келгенде ол есін білмейтін еді.
Жорж ойланып қалды. Бірақ тіліне оралған сұрақтарын қоюға батпады.
— Жат енді, ұйықта, — деді ол.
Әйелі жылдам шешініп, көрпе астына қойып кетті.
— Ол қайтқанда қасында туысқандарынан біреу-міреу болды ма? — деп, сұрағын жалғастырды күйеуі.
— Бір жиені ғана.
— Ә! Ол жиені жиі келуші ме еді оған?
— Ешқашан келген емес. Олар он жылдан бері көріскен жоқ.
— Ал оның басқа туысқандары бар ма?
— Жоқ... Жоқ қой деймін.
— Демек... бәрі жиеніне қалғаны ма?
— Білмеймін.
— Водрек соншалықты бай ма еді?
— Өте бай.
— Оның қанша ақшасы бар екенін сен білмейсің бе?
— Анық білмеймін. Бір немесе екі миллионның мөлшерінде болар.
Бұдан кейін ол қайтып ештеңе сұрамады. Мадлена майшамды сөндірді. Екеуі де үнсіз, әлдебір ойлардың жетегінде жатты.
Дю Руаның ұйқысы ашылып кеткен. Вальтер ханым айтқан жетпіс мың франк қазір ол үшін маңызын жоғалтқан. Кенет оған Мадлена жылап жатқандай болып көрінді. Оған көз жеткізу үшін ол тіл қатты:
— Сен ұйықтап қалдың ба?
— Жоқ.
Даусынан жылағаны білінді.
— Мен саған айтуды ұмытып кетіппін, сенің міністірің бізді ақымақ қылып жүр.
— Қалайша?
Жорж оған Вальтер мен Лароштың қитұрқылары жайлы асықпай, рет-ретімен түсіндіріп айта бастады.
— Сен мұны қайдан білесің? — деп сұрады Мадлена ол әңгімесін аяқтаған кезде.
— Бұл туралы үндемей қалуыма рұқсат ет, — деді Жорж. — Сенің өз ақпарат алу көздерің бар, мен ол туралы сұрамаймын ғой. Мен де құпия сақтасам деймін. Дегенмен бұл мәліметтің анықтығына кепілдік бере аламын.
— Иә, мүмкін, — деп Мадлена сыбырлай сөйледі. — Мен олардың бізден жасырып бірдеңе жасап жүргендерінен күдіктенетін едім.
Жорждың ұйқысы келмеді; ол әйеліне жақындап, құлағынан ақырын ғана өпті. Ол болса мұны итеріп тастады:
— Өтінем, қойшы! Ерігіп жатқам жоқ.
Күйеуі бойсұнып, қабырғаға бұрылып жатты да, ұзамай ұйқыға кетті.
VI
Шіркеу түгел қараға оранған, есік маңдайшасына ілінген үлкен, тәжді қалқан өткен-кеткенге қайтыс болған жанның ақсүйек екенін әйгілеп тұрды.
Жерлеу ғұрпы жаңа ғана аяқталған, енді жиналғандар табыттың қасынан және өздерінің қолдарын иіле тұрып қысқан граф де Водректің жиені алдынан салтанатпен өтіп, тарай бастады.
Жорж бен Мадлена үйге бірге қайтты. Екеуі де әлденеге мазасызданған түрмен үн-түнсіз келеді.
— Дегенмен бұл түсініксіз! — деді кенет Жорж өзімен-өзі сөйлескендей.
— Не түсініксіз, достым? — деп сұрады Мадлена.
— Водректің бізге ештеңе қалдырмағанын айтам да.
Мадлена кенет қызарып кетті, — сырт қарағанда тамағынан басталып, бетіне дейінгі аппақ терісін қызғылт бояу жуып өткендей болды.
— Ол неге бізге бірдеңе қалдыруы керек еді? — деп сұрады ол — Ол үшін де бір негіз болуы керек емес пе?
Біраз үнсіз жүріп барып:
— Өсиет қағазы бір нотариуста жатқан шығар. Біз әлі ештеңе білмейміз ғой, — деді.
— Иә, мүмкін, — деп келісті Жорж ойлы түрмен, — енді ол біздің, сені мен менің ең жақын досымыз еді ғой. Аптасына екі рет бізбен тамақ ішетін, өз үйіне келгендей емін-еркін жүретін. Сені туған әкеңдей жақсы көрді, өз отбасы, не балалары, не аға-інілері — ешкімі жоқ, тек жаңағы бір алыстан туысатын жиені болмаса. Иә, өсиет қағазы болуы керек. Ірі бірдеңеден дәметпеймін, бірақ ол естелік ретінде, бізді ойлағаны, жақсы көргені, өзіне бауыр басып қалғанымызды бағалағаны ретінде сыйлық жасауы керек еді ғой. Қандай да бір достық белгісін қалдырады деп күтуге хақылымыз ғой деп ойлаймын.
— Шынында да, ол өсиет қалдыруы мүмкін, — дей салды Мадлена өзіне қатысы жоқтай ойлы үнмен.
Үйге келгенде малай оған хат ұсынды. Ол оқып көрді де, күйеуіне ұсынды.
"Нотариус Ламанердің кеңсесі, Богезов көшесі, 17.
Мархабатты ханым,
Өзіңізге қатысы бар іске байланысты менің кеңсеме сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндерінің бірінде сағат 2 мен 4-тің арасында бас сұғуыңызды өтінемін.
Қабыл алыңыз,
Ламанер
Енді Жорж қызарды.
— Бұл, сірә, жаңағы айтқанымыз болуы керек. Алайда оның мені, заңды үй иесін емес, сені шақырғаны несі?
Біраз үнсіз қалған Мадлена оған бұрылды:
— Мақұл көрсең, қазір барайық.
— Иә, барайық.
Ауқаттанып алған соң олар нотариусқа беттеді.
Ламанер кеңсесінің табалдырығын аттасымен, аға клерк орнынан атып тұрып, асқан сыпайыгершілікпен бастығына ертіп барды.
Нотариус кіп-кішкентай, доп-домалақ адам екен. Оның шарға ұқсаған басы екінші бір үлкенірек шарға бұрап бекітілгендей де, осының бәрін көтеріп тұрған сондай қып-қысқа, кіп-кішкентай аяқтарында да әлдеқандай шарға ұқсастық көзге ұрады.
Иіле амандасқан ол бұларға креслоны нұсқады да, Мадленаға қарап тіл қатты:
— Ханым! Мен сізді граф де Водректің сізге қатысы бар өсиетімен таныстыру үшін шақырған едім.
— Өзім де біліп едім,— деп сыбырлады шыдай алмаған Жорж.
— Қазір мен осы, өте қысқа құжатты оқып берейін.
Нотариус папкадан өсиет қағазды алып, оқи бастады:
"Мен, төменде қолымды қойған, Поль-Эмиль-Сиприен-Гонтран граф де Водрек, ақыл-есім бүтін кезінде өзімнің соңғы қалауымды білдіремін.
Ажалдың ешқашан айтып келмейтінін білетіндіктен, оның алдын алу үшін, мен нотариус Ламанерде сақталатын өсиет қағазымды жасап қоюды жөн көрдім.
Тікелей мұрагерім жоқ болғандықтан, мен өзімнің барлық — пайыздық қағазда алты жүз мың франк болатын және жылжымайтын мүлікте шамамен бес жүз мың франк болатын байлығымды Клер-Мадлена Дю Руа ханымға өсиет етемін және бұған қосымша оған ешқандай шарт қойып, міндеттер артпайтынымды мәлімдеймін. Ол менің бұл сыйлығымды берілгендігім және құрметпен жақсы көргендігімнің белгісі ретінде қабыл алуын өтінемін."
— Бар-жоғы осы, — деді нотариус. — Бұл өсиеттің аяғына өткен жылғы тамыз айында қол қойылған, бұның алдындағы екі жыл бұрын жасалған құжат Клер-Мадлена Форестьенің атына жасалған болатын.
— Алғашқы өсиет те менде сақтаулы тұр, егер туысқандары тарапынан қарсылық бола қалған жағдайда граф де Водректің қалауында өзгеріс болмағанын дәлелдеп бере алады.
Қағаздай аппақ болып кеткен Мадлена құныса түсіп отыр. Жорж күйгелектене мұртын шиыра береді.
— Есте болатын бір нәрсе, — деді нотариус біраз үнсіздіктен соң, — сіздің келісіміңіз болмаса, зайыбыңыз мұраны қабылдай алмайды.
Дю Руа орнынан тұрды.
— Мен ойлануым керек, — деді ол салқын ғана.
Нотариус сүйкімді күлімсіреп, басын иді.
— Сізге кінәмшілдік бөгет болып тұрғанын түсінемін. Қосымша ескертейін дегенім -бүгін таңертең нағашы ағасының қалауымен танысқан граф де Водректің жиені егер жүз мың франк төлейтін болсаңыз, келісім беретіндігін білдірді. Меніңше, өсиетке дау жоқ, бірақ іс қозғалса шу шығуы мүмкін, ал сіздерге оның қажеті аз ғой деймін. Қоғамда теріс ниетті сөз таралып кетуі мүмкін. Қысқартып айтқанда, сіздер сенбіге дейін маған бар тармақ бойынша жауаптарыңызды берсеңіздер, жақсы болар еді.
Дю Руа келіскендігін білдіріп бас изеді:
— Жақсы.
Ол салтанатпен иіліп, манадан бері бір ауыз тіл қатпаған әйелін алға оздырды да, абыройына дақ түскен адамның кейпімен шыға берді, тіпті нотариус күлімсіреуге де батпады.
Үйіне келісімен Дю Руа есікті тарс жауып, қалпағын кереуетке лақтырып жіберді.
— Сен Водректің ашынасы болғансың ба?
Бет шілтерін сыпырып жатқан Мадлена жалт бұрылды.
— Мен бе? О!..
— Иә, сен. Ашынасы болмаса, кім бар байлығын бөтен әйелге қалдырып кетеді...
Қалшылдап кеткен Мадлена жұқа мата бекітілген түйреуішті ағыта алмай-ақ қойды.
— Жетер... жетер... — деді біраздан кейін ол даусының дірілін баса алмай, — есіңнен ауысқанбысың... өзін... емес пе... бағана... бізге бірдеңе қалдыруы керек еді деген.
Қасында тұрған Жорж айыпкерді мүлт еткен жерінен ұстап алмақ болған тергеушідей-ақ оның бет-әлпетінен көз алмай бақылаумен болды.
— Иә, Водрек маған бір нәрсе қалдыруына болар еді... — деп, ол әрбір сөзін шегелей сөйледі, —маған, сенін күйеуіңе... маған, өзінің сыйласына... ұғамысың?.. тек қана саған емес... әйел сыйласына емес... менің әйеліме емес... Ақсүйектер салты... және қоғамдық пікір тұрғысынан қарағанда, бұл жердегі айырма айтарлықтай үлкен.
Мадлена да оның мөлдір көздерінен көз алмай қадала, бір түрлі қарады — дәл бір одан бірдеңені ұғып алғысы келгендей, адам санасының ешкім түсіне алмайтын, тек қана біз асып-сасып, өзімізді ұстай алмай абдырап қалған сәл ғана сәтте, жүрек құпиясының шымылдығы сәл ғана желп еткен мезетінде түпсіз тереңіне көз жүгірте қойғысы келгендей мұқият үңілді.
— Дегенмен, менің ойымша,.. — деп ақырын, бірақ шегелей сөйледі ол, — көл-көсір байлықтың саған қалдырылуы да дәл осындай ұғымсыз болып көрінер еді...
— Неге олай деп ойлайсың? — деп сұрады Жорж жұлып алғандай.
— Өйткені... — әйел айтар сөзін таба алмағандай бөгеліп барып жалғастырды: -Өйткені сен менің күйеуімсің... өйткені, шындығына келгенде, ол сені аз білетін... өйткені мен оның ескі досымын... сен емес, мен,., өйткені оның Форестье тірі кезінде жазылған бірінші өсиеті де менің атыма арналған болатын.
Жорж бөлменің ішінде ірі адымдап жүре бастады.
— Сен мұрадан бас тартуың керек, — деді ол.
— Жақсы,— деді әйелі немқұрайды үнмен, — онда сенбіні күтіп қайтеміз, Ламанерге қазір-ақ барып хабардар етуімізге болады.
Жорж әйелінің қарсы алдына тұра қалды. Екеуі тағы да бірсыпыра бір-біріне тесіле қарасты, — әрқайсысы екіншісінің жүрегіндегі құпияны ашып көргісі келгендей, оның ойының түкпіріне бойламақты көздегендей, екеуінің де көздерінде екіншісінің ар-ұятының тереңдігін анықтап алғысы келетін үнсіз сұрақ тұнып тұрды. Бұл бір үйде бірге тұрса да, бір-біріне жаттығы сақталып қалған, бір-бірінен үнемі күдіктеніп, сезіктеніп, аңдысып жүргенімен, бір-бірінің ылайлы көкіректеріне бойлап көре алмаған жандардың үнсіз арбасуы еді.
— Жоқ, сен Водректің ашынасы болғаныңды мойында, — деп, баяу дауыспен-ақ әйелінің бетіне былш еткізді Жорж.
Ол иығын көтерді.
— Сөз емес айтып тұрғаның... Водрек мені қатты сыйлайтын... басқа ештеңе жоқ... болған да емес... ешқашан...
Күйеуі жерді теуіп қалды.
— Өтірік айтасың. Олай болуы мүмкін емес!
— Дегенмен шыным осы, — деді Мадлена сабырлы үнмен.
Жорж тағы да үйді кезіп жүре бастады, тағы тоқтады.
— Онда ол бүкіл байлығын саған қалдырғанын немен түсіндіресің...
— Оп-оңай, — деді Мадлена беті бүлк етпестен. — Өзің айттың ғой, бізден басқа, дұрысы, менен басқа оның достары болған жоқ, — ал мені ол бала кезімнен біледі. Менің анам оның туысқандарымен серіктес болған-ды. Ол бізге жиі келіп тұратын, содан тікелей мұрагері болмағандықтан, ол мені есіне алған. Ол маған аздап ғашық болған болуы мүмкін. Бірақ қай әйелдің ондай қозғашығы болмапты? Мүмкін, оның нақ осы құпия, жасырын сыры ол қалауын білдірмек болып қолына қалам алған кезде менің атымды аузына салған болуы да, онда тұрған не бар? Әрбір дүйсенбі күні ол маған гүл әкелетін. Сен оған тіпті мән берген емессің, ал саған ол гүл әкелген жоқ қой, солай емес пе? Осы себепті ол байлығын да маған қалдырып кетті, өйткені басқа қалдыратын ешкімі де жоқ қой. Керісінше, егер ол саған қалдырса, сол нағыз оғаштық болып көрінер еді ғой. Ол үшін сен кімсің?
Оның даусынан еш бөгде ой сезілмеді, сондай жайбарақат, Жорж толқи бастады.
— Бәрібір, — деді ол, — мұндай шартпен біз мұраны қабылдай алмаймыз. Бұл бізге зиянын тигізуі мүмкін. Өсек таралады, жұрт мені сан-саққа жүгіртіп, сыртымнан күлкі ететін болады. Қызметтестерім онсыз да мені көре алмайды, кит етіп шалыс басқанымды аңдып жүреді. Мен басқалардан да гөрі өз арымды таза ұстап, беделімді сақтауым керек. Бейпіл ауыздар онсыз да ашынасына балап жүрген адамның мына сыйлығын әйелімнің қабылдауына жол бере алмаймын. Форестье, мүмкін, келісер де еді, ал мен өйте алмаймын.
— Жақсы, достым, — деді Мадлена жуас қана, — бар-жоғы бір миллион ақшамыз болмайды, сол-ақ.
Жорж бұрыштан-бұрышқа адымдай жүріп, өзімен-өзі ойша дауыстап сөйлескендей болып жүргенімен, сөзі түгелдей дерлік әйеліне арналған еді:
— Иә, бір миллионға!.. Солай болса ше... Не істеуге болады... Өзінің өсиетін осылай жасағанда ол, сірә, мұнысы еш әдепке жатпайтындығын, дағдыға сай келмейтіндігін ойламаған болуы керек. Мені қандай тұйыққа тірейтіндігін білмеген болуы керек... Сәл-пәл өзгеріс болса, жетіп жатыр еді ғой... Жартысын маған қалдырса, бәрі дұрыс болып шыға келер еді.
Ол құйрық басып отырып, бір аяғын екінші аяғына қойды да, ренжіген, толқыған немесе терең ойға батқан кезінде істейтін әдетімен, мұртын тынымсыз ширатуға кірісті.
Мадлена анда-санда айналысатын кестесін қолына алды да, иірілген жібін жөндеуге кірісті.
— Менің шаруам жоқ. Шешім қабылдайтын сен.
Жорж ұзақ үнсіз отырды, содан кейін сенімсіз дауыспен сөйлей бастады:
— Жұрт Водректің неге сені жалғыз мұрагері деп танығанын, менің оған неге келіскенімді түсінбейді. Қазіргі жағдай мынадай, егер біз мұраны қабылдасақ, мұнымыз... сенің қылмысты байланысыңды мойындағаның, ал мен оған көз жұма қарағаным болып шығады... Біздің келісіміміздің қандай ойларға жетелейтінін көрдің бе? Осының бәріне лайықты сылтау боларлықтай айла ойлап табуымыз керек. Мысалы, ол байлығын екеуімізге тең бөліп қалдырды: жартысы күйеуіне, жартысы әйеліне деп жазыпты деген сөз таратуымызға болар еді.
— Нақты өсиетінде ондай сөз болмағандықтан, мұны қалай етуге болатыны миыма кіріп-шығар емес, — деді Мадлена.
— О, бұл оп-оңай! Сен мұраның жартысынан менің пайдама бас тартып, сыйлық ретінде рәсімдеуіңе болар еді. Баламыз жоқ, сондықтан ешкім қарсылық та білдірмейді. Сөйтіп біз көре алмаушылардың аузын жабар едік.
— Мен бәрібір Водректің өзі қол қойған құжат тұрғанда, бәлеқорлардың аузын қалай жабуға болатынын түсіне алмадым. — Мадленаның даусынан сабырсыздық сезілді.
— Қалай түсінбейсің! — деп Жорж күйгелектене жауап берді. — Өсиет қағазды көрсет немесе жарға іліп қой деп бізді біреу зорлай ма? Граф Водрек байлығын екеуімізге тең бөліп қалдырды деп өзіміз айтамыз... Бар болғаны сол... Ал менің келісімімсіз сен ол мұраны қабылдай алмас едің ғой. Ал мен саған келісімді бір ғана шартпен — тең бөлісу шартымен беремін, әйтпесе мен жұрттың мазағына айналамын.
Мадлена оған тағы да сынай қарады.
— Өзің біл Мен келістім.
Мұны естіген Жорж тағы орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүре бастады.
Ол тағы күдік торына шырмалғандай, бірақ бұл жолы әйелінің қадала қараған көзқарасынан қашқақтап жүргендей сезілді.
— Жоқ... — деді ол. — Жоқ, жоқ, жоқ... Меніңше, мүлде бас тартқанымыз артық... Мұнымыз адалдық, орынды, лайықты болмақ... Дегенмен бізге қандай мін тағуға болады, не үшін? Ең бір кінәмшіл жандардың өзі бұл жерден сөз қылуға тұрарлық ештеңе таппайды.
Ол Мадленаның алдына келiп тоқтады.
— Былай болсын, қымбаттым, мақұл десең, мен Ламанерге жалғыз барып, неге олай екенін түсіндірейін. Оған өз күдігімді айтып, артық сөз болмас үшін бөлісуге келіскенімізді жеткізейін. Ал мұраның жартысы маған тиесілі болғандықтан, ешкім езу тартып та күле алмайды. Бұл деген, мен жұрттың бәріне: "Мен мұраны қабылдағандықтан, әйелім де қабылдады, оның ар-ұяты таза екеніне мен куәмін", — деген сенімім болып шығады. Әйтпесе жанжал тууы мүмкін.
Мадлена қысқа қайырды.
— Өзің біл, — деді ақырын ғана.
Ал күйеуі тағы да ұзын-сонар толғауға түсіп кетті:
— Иә, осы мағынадағы бөлісу кезінде бәрі тайға таңба басқандай анық болады. Біздің досымыз екеуімізді бөле-жармай, бірдей көріп, өз өсиетімен: "Мен өмірдегі сияқты, өлгеннен кейін де біреуін артық жақсы көремін" деп айтқысы келмеген болып шығады. Әрине, ол әйелін артық жақсы көргені белгілі, бірақ байлығын екеуіне тең бөліп қалдыру арқылы ол мұнысы тек қана алыстан қызығу болғанын аңғартқысы келгені. Егерде ол бұлай ойлай алғанда, міндетті түрде осылай жасар еді. Бұл оның басына кіріп-шықпаған, ақырына көз жүгірте алмаған. Сен өте дұрыс айттың, ол апта сайын гүлді де саған әкелетіні сияқты, мына сыйлығын да өзіне-өзі есеп берместен саған ғана арнаған...
— Бұл шешілген мәселе, — деп шытынаңқырай сөйлеген әйелі оның сөзін бөліп кетті. — Мен бәрін түсіндім. Бүйтіп егжей-тегжейлі қайталай бергеннің керегі жоқ. Тезірек нотариусқа бар.
— Дұрыс айтасың, — деп, қызара түскен күйеуі, қалпағын алып, шығар алдында әйеліне тағы қайырылды: — Мен анау жиені елу мыңға келісетіндей етемін. Жарай ма?
— Жоқ, — деді Мадлена иегін көтере түсіп. — Оның өз сұрағанын жүз мың франк бер. Егер қажет деп тапсаң, бәрін менің үлесімнен ал.
Жігіт ұялып қалды.
— Жо-жоқ, бірдей шығарамыз. Әрқайсымыз елу мыңнан бергеннің өзінде бізде тұтас бір миллион қалады. Көріскенше, кішкентайым менің, — деді Жорж.
Нотариуске келген ол бұл ойын әйелінің қалауы етіп жеткізді.
Келесі күні олар сыйлық жазбаға қол қойып, ол бойынша Мадлена Дю Руа күйеуіне бес жүз мың франк төледі.
Дала тамылжып тұр еді, кеңседен шыққан соң Жорж Мадленаға жаяу жүруге ұсыныс жасады. Ол қамқоршы, ықыласты, жақсы көретін сүйікті күйеу болып көрінуге тырысты. Оның көңілі көтеріліп. алып-ұшып келе жатты, ал Мадленаның түрі ойлы, аздап қатаңдау көрінді.
Салқындау күздің күні еді. Жүргіншілер бір жаққа асыққандай екпіндей басады. Дю Руа әйелін өзінің арманына айналған хронометрге қарап тұру үшін жиі аялдайтын дүкеннің алдына алып келді.
— Саған бір зат сыйлауыма рұқсат етші, — деді ол.
— Өзін біл, — деді әйелі немқұрайды үнмен.
Олар дүкенге кірді.
— Не алғың келеді: сырға, жүзік, білезік?
Алтын әшекейлер мен бағалы тастарды көрген кезде әйелдің бояма салқындығы дереу жоғалып, әуесқойлық ойнап шыға келген жанарын зергерлік бұйымдар толы жаймадан ала алмады.
— Мына бір әсем білезікті, — деді қызығуын жасыра алмаған түрмен.
Онысы күрделі жасалған, әрбір орамын әр түрлі бағалы таспен көмкерген шынжыр еді.
— Мына білезік қанша тұрады? — деп сұрады Жорж.
— Үш мың франк, — деді зергер.
— Екі жарым мыңға келіссеңіз, аламын.
— Жоқ, мырза, бере алмаймын, — деді сәл ойланған зергер.
— Тыңдаңызшы, бұған қосымша мына хронометрді мың жарымға аламын, — сонда барлығы төрт мың болады, қолма-қол төлеймін. Келістік пе? Келіспесеңіз — өзіңіз біліңіз, мен басқа дүкенге барамын.
Зергер кішкене күмілжіп тұрды да, ақыр аяғында бағасын түсірді:
— Солай-ақ болсын, мырза!
Журналшы өз әдірісін беріп жатып:
— Хронометрге барондық тәжді ойып салып, астына менің есімімнің басқы әріптері: Ж. P. К. жазылсын.
Мадлена таңғалғандықтан, жымия күліп жіберді. Ал далаға шыққан кезде ол сондай бір еркелікпен Жорждың қолтығына жабысты. Ол күйеуінің шынында да күшті де ептейлі адам екеніне көзі жетті. Қазіргідей ақшалы болған кезде оған атақтың қажеттігі де сөзсіз.
Зергер оларды иіле шығарып салды.
— Мазасызданбаңыз, барон мырза, бейсенбі күні бәрі даяр болады.
Олар Водевил театрының қасынан өтіп бара жатты. Онда жаңа пьеса жүріп жатыр екен.
— Кешке театрға барғың келе ме? — деп ұсыныс жасады Дю Руа. — Ложа болса, алып қою керек.
Ложа бар екен, олар оны сатып алды.
— Мейрамханаға кірсек қайтеді? — деді Жорж.
— Қарсы емеспін.
Өзін билеушідей бақытты сезінген ол тағы бірдеңе ойлап тапты.
— Марель ханымға соғып, кешті бірге өткізуге ұсыныс жасасақ қайтеді? Оның күйеуі келді деп естігем. Онымен көріспегелі де көп болды.
Олар сонда беттеді. Жорж ашынасымен алғаш көрісуден қорықты, сондықтан қасында әйелінің жүргенін қалаған еді, ең болмаса, ұрыс-керіссіз бет ашып алады.
Алайда Клотильда бұған тіпті ренжімеген сияқты, ұсынысты қабылдауға күйеуін өзі көндірді.
Көңілді отырыс болып, кешті олар жақсы өткізді.
Жорж бен Мадлена үйлеріне кеш оралды. Баспалдақтағы газ сөнген екен. Журналшы сіріңкенің шиін бірінен соң бірін жағумен болды.
Екінші қабаттағы алаңшада жарқ етіп сөнген сіріңке жарығында қараңғыдан айна жалт етіп, ондағы екі адамның сұлбасы да көрініп қалды.
Доп бір екі елес көлбең етіп қараңғылыққа сіңіп жоғалғандай болды.
Оларды анықтап көру үшін Дю Руа қолын жоғары көтере түсіп, жарқын күлкімен даусын шығара тіл қатты:
— Міне, миллионерлер келе жатыр!
VII
Марокконы бағындырғалы да екі ай өтті. Танжерді жаулап алған Франция Жерорта теңізінің Триполиге дейінгі барлық Африкалық жағалауының қожайынына айналып, күшпен басып алынған елдердің бәрінің зайымын қамтамасыз етті.
Жұрт екі міністір бұдан жиырма миллионнан пайда тауыпты десіп. Ларош-Матьенің есімін ашықтан-ашық ауызға алып жүрді.
Ал Вальтердің бір оқпен екі қоянды бірден атып алғанын бүкіл Париж біледі — зайымнан ол отыз-қырық миллиондай, мыс және темір кеніштерінен сегіз бен тоғыз миллионның арасында пайда түсірсе, жаулап алынғанға дейін болымсыз ақшаға сатып алған ал француз отарлауының келесі күні-ақ отарлаушы компанияларға қайта сатылған орасан ірі жер үлестерінен пайданың астында қалды.
Бар-жоғы бірнеше күннің ішінде ол әлемді билеушілердің біріне, тіпті корольдерден де күшті қаржыгерлердің бірегейіне, — алдында жұрт басын иіп, ауыз аша алмай тұратын, адамзат жаратылысының терең түкпірінде бұғып жататын ұждансыздық, оңбағандық және қызғаныш тәрізді жағымсыз сезімдерін жарыққа алып шығатын қаржыгер алпауыттардың біріне айналды.
Бұл енді бұған дейін ешкімнің сеніміне ене алмаған банктің деректірі, күмәнді газеттің шығарушысы, ұзынқұлаққа сенсек, лас істерге белшесінен батқан депутат жид Вальтер емес, бұл енді Вальтер мырза, бай еврей.
Ол мұнысын әлемге жария етуді ойлады.
Фобур-Сент-Оноре көшесіндегі Елисей бульварына шығатын бауы бар ең салтанатты оңаша үйлердің бірінің иесі князь Карлсбургскийдің қиын жағдайға душар болғанын білген ол оған жиырма төрт сағаттың ішінде бұл жылжымайтын мүлікті барлық заттарымен, бірде-бір креслосына тиместен түгел өзіне сатуға ұсыныс жасады. Ол үшін үш миллион ақша беретін болды. Ақшаға қызыққан князь келісім берді.
Екінші күні-ақ Вальтер жаңа жайға көшіп алды.
Сол-ақ екен оның басына жаңа бір ой келді — бұл тек Бонапарт сияқты Парижді жаулап алғысы келген жеңімпаздың ғана басына келетін ой еді.
Ол кезде бүкіл Париж венгер суретшісі Карл Марковичтің су бетімен жүріп келе жатқан Иса бейнеленген картинасын көру үшін, Жак Ленобльдің делдалдық дүкеніне баратын-ды.
Сурет сыншылары оны ауыздарының суы құри мақтап, бұл біздің ғасырымыздың мақтанышына айналатын ең үздік туынды деп жүретін.
Вальтер картинаны бес жүз мың франкке сатып алып, өз үйіне алып келді, сөйтіп, көпшіліктің әуесқой назарын өзге арнаға бұрып, бүкіл Париж тек өзіне қызығатын, қолдайтын немесе қаралайтын, қысқасын айтқанда, бәрінің аузындағы сөз тек өзі болатын етті.
Содан кейін ол газеттерге жарнама беріп, өнер туындысын жасырын ұстап отыр деген сөзге қалмас үшін, жақын арадағы кештердің бірінде Париж қоғамының көрнекті өкілдерін үйіне, шетелдік суретшінің тамаша картинасын тамашалауға шақыратынын білдірді.
Оның үйінің есігі бәріне ашық болады. Қош келдіңіздер. Тек қана кіреберісте шақыру билетін көрсетсеңіз болды.
Шақыру билетіне былай деп жазылды: "Мырза және ханым Вальтерлер сізді отызыншы желтоқсан күні кешкі тоғыз бен он екінің арасында электр жарығымен Карл Марковичтің "Су бетімен жүріп келе жатқан Иса" картинасын тамашалауға қатысу арқылы құрмет көрсетуіңізді өтінеді".
Аяғына кіші әріптермен "Он екіден кейін би болады" деп ескертіліпті.
Демек ынта білдіргендер қалуына болады, олардың ішінен Вальтерлер өздеріне жаңа таныстар таңдап алады.
Өзгелері ақсүйектерге тән әуесқойлықпен, бетпақтықпен немесе немқұрайды түрмен картинаны, үйді, үй иелерін қарап көреді де, үйлеріне қайтады. Алайда Вальтер қария олардың ұзамай қайта келетінін біледі, өзінің тайпаластары — өзі сияқты байып кеткен иудейлердің айналасынан ол мұндай адамдарды ылғи көріп жүр ғой.
Ал қазірге керегі — оның үйіне аттары газеттің алғашқы беттерінен түспейтін атақтылардың келе бастауы. Олар, әрине, келеді, — олар бір жарым айдың ішінде елу миллионға ие болған адамды көру үшін, оның қонақтарына көз жүгіртіп, санын шамалау үшін-ақ келеді, өйткені ол өнегелі, зейінді жан екендігін білдіріп, оларды өзіне, Израиль ұлының үйіне, Інжіл тақырыбына салынған суретті көруге шақырып отыр ғой.
Бұл әрекетімен ол өзгелерге: "Қараңдар, мен Марковичтің "Су бетімен жүріп келе жатқан Иса" картинасы үшін, христиан өнерінің жауһары үшін бес жүз мың франк төледім. Бұл жауһар бұдан былай менің көз алдымда тұрады, ол жид Вальтердің иелігі" дегенді білдіргісі келген-ді.
Игі жақсылар, герцогинялар мен Жокей-клуб мүшелері бұл шақыруды ұзақ талқыға салып. ақырында шындап келгенде, ол бұларға еш міндет артпайды деген шешімге келді. Барлығы бұрын Пети мырзаға барып, акварельді көргендеріндей ғана мән беруге тырысады. Вальтерлердің қолына бір жауһар дүние түскен екен; олар бір кеш есігін айқара ашып, жұрттың тамашалауына мүмкіндік жасағысы келген екен, онда тұрған не бар?
Екі апта бойы "Француз өмірі" қоғамның әуесқойлығын қоздыру үшін, отызыншы желтоқсанға тағайындалған осы кеш жайлы қандай да бір хабарлар жариялаумен болды.
Бастығының салтанатты жеңісі Дю Руаны жындандырып жібере жаздады.
Әйелінен бес жүз мың франкті тартып алғандай болған ол өзін бай адам санай бастаған, бірақ қазір ол өзінің болмашы ақшасының қасынан өте шыққан миллиондар жаңбырымен салыстырғанда, өзін түкке тұрмайтын кедей адам сезінді.
Оның қызғанышы күннен-күнге ұлғая берді. Ол бәріне ызалы еді: үйіне баруды доғарған Вальтерлерге де, Ларошқа сеніп, марокколық зайымды алдырмай қойған әйеліне де, ең бастысы өзін алдап түсіргенімен қоймай, бұрынғыша өзінің қызметін пайдаланып, бұрынғыша үйіне келіп, аптасына екі рет тамақ ішіп жүрген міністірге де ашуы қара қазандай болатын. Жорж Лароштың атқосшысы, оның хатшысы, жазғышы сияқты еді, әр жолы оның айтқандарын қағазға түсіріп отырғанда, осы бір кісімсінген немені қылқындырып өлтіргісі келеді. Міністір ретінде Ларош атаққа іліне қоймады, сондықтан партпелден айырылып қалмас үшін, оған бұл партпелі алтынға лық толы екенін мұқият жасыруға тура келді. Ал Дю Руа оның айналасынан түгел, осы бір мансапқұмар адвокаттың соңғы кезде асқақтай сөйлеуінен, шектен шыға бастаған арсыздығынан, үзілді-кесілді сарындағы сөздерінен, өзіне шексіз сенімділігінен де алтынның буын сезінетін.
Ларош Дю Руаның үйінде билеушіге айналды: ол граф де Водректің орнын басты, сол келетін күндері түстікке келіп, қызметшілермен қожайынындай сөйлеседі.
Жорж оны жек көріп кетті; ол барда қауып алғысы келгенімен, батылы бармайтын иттей ызадан қалшылдап кететін. Оның есесіне Мадленаға жиі-жиі мінез көрсетіп қалатын болды, ал ол оны тәрбиесі нашар баладай ғана қабылдап, иығын көтеріп қана қоятын. Дегенмен ол күйеуінің үнемі қабағы түсіп жүретін болғанына таңырқайтын.
— Мен сені түсінбеймін, — дейді Мадлена. —Сіркең су көтермейді де жүреді. Ал жағдайың өте жақсы ғой сенің.
Ол үн-түнсіз бұрылып кетеді.
Алғаш ол бастығының үйіндегі кешке бармайтынын, ол жидтің үйіне бұдан былай аттап баспайтынын мәлімдеді.
Вальтер ханым екі ай бойы бұған күн сайын хат жазып, үйіне шақырды, өзі бұл үшін ұтып алған жетпіс мың франк ақшаны қолына ұстату үшін қай жерде болса да кездесуге шақыруын өтінумен болды.
Жігіт бұл жалынышты хаттарға жауап қатпады, алысымен отқа өртеп жіберіп отырды. Мұнысы ортақ ұтыстағы өз үлесінен еш бас тартқаны емес, алайда әйелді өзінің немқұрайдылығымен сілесін қатырып, жерге таптағысы келді. Ол қазір шылқыған бай! Жігіт оған өзінің тәкаппар екенін көрсетуі керек.
Картинаны көретін күні Мадлена оны, егер ол Вальтерлерге бармайтын болса, үлкен қателік болып шығатынын айтып, үгіттеп бақты.
— Мазамды алмашы, — деп бұрқ етті Дю Руа. — Мен ешқайда да бармаймын.
Алайда тамақтанып болғаннан кейін ол кенет өзгерді:
— Дегенмен бұл міндеткерлікті де атқару керек. Киін.
Әйелдің де күткені осы болатын.
— Он бес минутте даяр боламын.
Киініп жатып та Жорж күңкілдеумен болды, тіпті күймеде де кеюін қоймады.
Карлсбург үйінің салтанатты ауласының төрт бұрышында кішігірім көгілдір айға ұқсаған төрт электр панарлар ілініпті. Биік кіреберіс баспалдаққа ғажап әдемі кілем төселіпті де, оның әр сатысында тас мүсіндей қатып зерлі бас киім киген малайлар тұрды.
— Көзді арбауын! — деп күңк етті Дю Руа.
Ол жаратпағандай иығын қиқайтты, бірақ жүрегін қызғаныш уыты сығымдап жатқан еді.
— Осындай үйде тұрсаң кім қой депті, ал оған дейін тіліңе ие бол, — деді әйелі жақтырмай.
Үйге кірісімен олар ауыр сырт киімдерін жүгіріп келген малайларға ұстатты.
Бұл жерде шешініп жатқан ерлі-зайыптылар көп екен.
— Тамаша! Тамаша! — деген сыбыр сөздер естіледі.
Зәулім кіреберіс залдың қабырғасы Марс пен Венераның хикаялары кестеленіп бедерленген зерлі матамен қапталыпты. Оң жақта да, сол жақта да екінші қабатқа барып қосылатын шалқардай кең баспалдақтар қанаты көрінеді. Темірден құйылған баспалдақ жақтаулары көздің жауын алады; оған жалатылған алтынның бояуы қызыл мәрмәрдан жасалған сатыларға күңгірт сәулесін түсіріп тұрды.
Залға кіреберісте екі қыз бала — біреуі делдиген қызғылт көйлек, екіншісі көгілдір көйлек киген - ханымдарға гүл үлестіріп тұрды. Бәрі бұған ризашылық білдіріп жатты.
Зал адамға лық толы екен.
Әйелдердің көбі жабық көйлек киіпті, — сірә, олар мұнысымен бұл шақырумен келген кешті кәдімгі жеке көрме деп қабылдаған сыңай танытқысы келгендей. Ал биге даярланып келгендер ашық-шашық көйлекпен жүр.
Вальтер ханым екінші залда сыйлас әйелдердің қоршауында, келушілердің құттықтауына жауап қайтарып отыр екен. Оны танымайтындар үй иелеріне көңіл аудармастан, мұражайға келгендей, бірден бөлмелерді аралап көруге кірісті.
Дю Руаны көргенде әйел құп-қу болып кетті де, алдынан шыққысы келгендей ұмтылып қалды, бірақ ол өзі келеді деп ойлады ма, іркіліс жасады. Ол әйелге салтанатты түрмен иіле амандасты, ал Мадлена оған мадақ сөздерді жаңбырша жаудырды. Әйелін Вальтер ханымның қасында қалдырып, Дю Руа көпке араласып кетті: ол осындағылардың көпшілігі өзі сияқты теріс ниеттілер деген сеніммен олардың жамандаған сөздерін естігісі келді.
Қымбат маталармен, итальяндық зерлі кестелермен, түрлі-түсті жинақтағы шығыс кілемдерімен және көне шеберлер картиналарымен әшекейленген бес зал бірінен-біріне өте беретіндей етіп жасалыпты. Көрерменге әсіресе XVI Людовик стилінде жабдықталған, шет-шетіне ашық көгілдір реңк жүгіртіп, қызғылт түсті жібек матамен қапталған жатынжай деуге боларлық бөлме қатты ұнады. Алтын жалатылып, ғажап нәзіктікпен жасалған жиһаз да нақ осындай матамен қапталыпты.
Жорждың көз алдынан атақты адамдар: де Феррачини герцогиня, граф және графиня де Равенелдер, генерал князь д'Андремон, сұлулардың сұлуы маркиза де Дюн және басқа театр премьераларынан ғана тұрақты көруге болатын игі жақсылар өтіп жатты.
Біреу оның қолынан шап беріп, құлағына жас адамның қуанышты үні сыбыр етті:
— Ah, сізді де көретін күн болады екен-ау, қырсыққан Сүйкімді дос! Неге сонша көрінбей кеттіңіз?
Бұрқыраған ақшыл шаштың астынан оған Сюзанна Вальтердің жылтыр көзі қадалып тұрды.
Жорж оны көргеніне қуанып қалды да, қолын қатты қысып, кешірім өтіне бастады:
— Еш қолым тимеді. Екі ай бойы жан-жағыма қарауға шамам болмай, ешқайда шыға алмадым.
— Жақсы емес, жақсы емес, жақсы емес, — деп қайталады қыз шын ниетімен. — Сіз бізді ренжіттіңіз, біз сізді шын жақсы көреміз ғой, — мен де, апам да. Мен, мысалы, сізсіз өмір сүре алмаймын. Сіз жоқ кезде, мен сағынғаннан асылып өлгім келеді. Мен мұны әдейі, сіз бұдан былай бүйтіп жоғалып кетпесін деп ашық айтып тұрмын. Қолыңызды беріңіз, "Су бетімен жүріп келе жатқан Исаны" сізге мен өзім көрсетсем деймін, ол анау шетте, жылыжайдың артында. Әкемнің ол орынды таңдағандағы мақсаты — қонақтар оған жеткенше барлық залдарды басып өтуін қалағандықтан. Ол осы үйді мақтан еткенде бар ғой, тіпті сұмдық!
Олар ақырындап топты жарып келе жатты. Осы бір сұлу жігіт пен сүйкімді қуыршақ қызға бәрі бұрылып қарап қалып жатты.
— Керемет жұп! Сирек кездесетін жұп! — деді бір белгілі суретші.
"Егер мен, шынында, қу адам болсам, осыған үйленген болар едім ғой,— деп ойлады Жорж. — Қолымнан да келіп тұр еді. Қалай ойыма келмеген? Анаған неге үйлендім десеңші! Неткен жосықсыздық! Алдымен жақсылап ойланып алып, сонан соң барып әрекет етуім керек еді".
Қызғаныш, зәрлі қызғаныш жүрегінің түбіне тамшы болып тамған сайын оның барлық қуанышын, жан дүниесін уландыра бастады.
— Рас айтам, Сүйкімді дос, жиі келіп тұрыңызшы, — деді Сюзанна. — Әкем байып кетті, енді біз қанша тентектік жасап, қалай асыр саламыз десек те болады.
Ал жігіттің ойы өз бағытынан ауытқыған жоқ.
— Енді сіз күйеуге шығасыз! Өзіңізге сай бір керемет, бірақ сәл кедейленген ханзаданы тауып аласыз, сонда ойынымыз жайына қалады.
— О, жоқ, әзірге ондай ойым жоқ! — деді қыз шын көңілмен. — Мен тек қана өзіме ұнаған, шын ұнаған адамға ғана күйеуге шығамын. Менің байлығым екі адамға жетеді.
Кекесінді, жымысқы күлкімен Жорж қасынан өтіп жатқан адамдардың аттарын атай бастады: белгілі ақсүйектер өздерінің тот басқан атақтарын мына Сюзанна сияқты бай қаржыгерлердің қызына сатып, содан кейін әйелдерімен бірге немесе бөлек бір-біріне байланыссыз, бұзықтық істермен айналысады, алайда сый-құрметтен кенде болмайды.
— Жарты жыл өтпей-ақ сіздің де осылардай қармаққа түсетініңізге сенімдімін, — деді Жорж. — Маркиза, герцогиня, княгиня болып аласыз да, сүйкімді қарындас, маған аспандай қарайтын боласыз.
Қыз қарсылық білдіріп, оның қолына желпуішімен соққылады, тек жүрегі қалаған адамға ғана күйеуге шығатынын айтып ант ішкендей болды.
— Көрерміз, көрерміз, сіз махаббат үшін тым ақшалысыз, — деп шымшылай түсті жігіт.
— Сіз де байсыз, сіз мұрагер болдыңыз ғой, — деп жалтарды қыз.
— Айтуға тұрмайды! — деп тыжырына сөйледі Жорж. — Бар-жоғы жиырма мың рента. Қазіргі уақытта бұл түк емес.
— Жоқ, сіздің әйеліңіз де мұрагер болды емес пе?
— Иә, екеуімізге бір миллион. Қырық мың жылдық табыс. Мұнымен бір жаққа шыға да алмайсың.
Олар соңғы залға енгенде, алдарынан жылыжай — неше түрлі көптеген тропикалық ағаштың төмен иілген бұтақтары қаулап өскен сирек кездесетін гүлдер тасқынымен астасып кеткен үлкен қысқы бақ көрінісі ашылды. Арасынан күн сәулесі күміс толқындай төгіліп тұрған осынау қалың жасыл өскін астынан дымқыл топырақтың жағымды иісі мен өсімдіктердің хош иісі араласа бұрқырап тұр. Бірақ осы тәтті де құшырлы иістерден бір түрлі қажығандық, жасандылық, кінәраттық сезіліп, денені түршіктіретіндей. Екі қатар бұталардың арасындағы аяқжолға төселген кілемдер кәдімгі қынадан айырып алғысыз болып көрінеді. Сол жақта, биік пальма ағаштарының бұтақтарынан иіп келтірілген кең күмбез астынан Дю Руаның көзіне шалынған, сондай үлкен, адам шомылуға да боларлықтай хауыз ақ мәрмәрмен өріліп, жағалауына төрт дәу жанан аққулар орнатылыпты; аққулардың ашық ауыздарынан су атқылап тұр.
Түбі алтындай жарқыраған құммен жабылған хауызда үлкен-үлкен қызыл балықтар -көздері шарасынан шыға адырайған, қабыршақтарына көгілдір түс жалатылғандай, күрделі қытай кестелеріндей құлпырып, бірқатары әрі-бері жүзіп жүрсе, бірқатары алтын құмға іліп қойғандай қозғалыссыз тұр.
Дю Руа тоқтай қалды, оның жүрегі атқақтай соғып кетті. "Міне, салтанат! — деді ол өзіне-өзі. — Міне, қандай үйде тұру керек. Жұрттың қолы жетеді. Менің неге қолымнан келмеуі керек?" Ол қол жеткізу тәсілін дереу ойлап таппақ болды, бірақ ойына ештеңе түсе қоймаған ол өзінің әлсіздігіне ызаланды.
Оның серіктесі де өз ойымен болып үнсіз қалған. Дю Руа оған қиғаштай көз салды. "Бар-жоғы мына жанды қуыршаққа үйленсем жетіп жатыр еді-ау!" — деп ойлады ол Сюзанна кенет өзгерді.
— Дайындалыңыз! — деді де, ол алдарында тұрған топты жарып өтіп, шұғыл оңға бұрылды.
Жапырақтары адамның ашылған алақанындай жіңішке саусақты таңғажайып өсімдіктер арасында, теңіз толқындарының үстінде қозғалмай тұрған адам көрінді.
Алғашқы әсер айтып жеткізгісіз керемет болды. Шет-шеті тірі өскіндермен көмкерілген картина белгісіз бір қиял-ғажайып дүниесіне жетелеп ала жөнелетін қақпа, қара тесіктей болып көрінді.
Тек картинаға тесіліп қарағанда ғана шынайы өмірге орала бастайсың. Жақтау қайықты екіге бөліп тастапты, ал ол қайықта қиғаш түскен шам жарығының көлеңкесінде қалған апостолдар отыр да, олардың бергі шеткісі шам жарығын жақындап келіп қалған Исаға бағыттапты.
Исаның бір аяғын толқынға тигізер-тигізбес шағы, ал толқын өзіне тақай берген құдай табанына өзі жабыса кетердей өбектеп жайыла қалған. Құдай-адамның айналасы қаракөлеңкеге айналған. Тек қана аспанда жұлдыздар жымыңдайды.
Құдайға бағытталған шамның солғын жарығында шәкірттердің жүздері қасиетті үрейден қисайып кеткендей көрінеді.
Бұл шын мәнінде қуаты күшті, ойды астан-кестен етіп, санада мәңгі сақталып қалатын, нағыз шебердің қолынан шыққан әсерлі туынды екен.
Жұрт картинаға үн-түнсіз тесіле қарап, ойлы қалыппен бұрылып кетеді, содан біраз уақыт өткеннен кейін ғана тілге келіп, оның ерекшеліктерін сөз қыла бастайды.
Дю Руа картинаға қарап тұрып:
— Мұндай картинаға не болу салтанаты — ең тамаша нәрсе! — деді.
Бірақ оны басқа да көргісі келіп үздіккендер итермелеп шығарып жіберді, содан кейін ол әлі де алақанында жүрген Сюзаннаның қолын қыса түскен күйі кейін шегінді.
— Шампан ішкіңіз келе ме? — деп сұрады Сюзанна. — Жүріңіз дәмхана жаққа барайық. Әкем де сол жерде.
Олар аяңдап кейін қарай жүрді. Мұнда өзін үйдегідей сезінген адамдар тобының — сәнді киінген, дабыр-дұбыры мол көңілді топтар қарасыны арта түсіпті.
Кенет Жоржды біреудің даусы елең еткізді.
— Әне Ларош пен Дю Руа ханым.
Бұл сөз оның құлағына алыстан желмен жеткен сыбырдай болып естілді. Кім екен мұны айтқан?
Айналасына көз салған ол, шынында, әйелін көрді, — ол міністір екеуі қолтықтасып алыпты. Бір-бірінен көз алмай ақырын құпиялай сөйлесіп, күлімсіреп қояды.
Жоржға жұрттың бәрі тек соларға қарап сыбырласып жатқандай болып көрінді. Қаны қайнап шыға келген ол аналарға тап беріп, екеуінің де быт-шытын шығарғысы келіп кетті.
Әйелі өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ол Форестьені ойына алды. Мүмкін мұның сыртынан да: "Әлгі мүйізді Дю Руа" десетін шығар. Сондай-ақ ол кім еді? Айтарлықтай ептілігі бар, бірақ дарыннан құралақан қалған мансапқұмар. Оның үйіне қонаққа келеді, өйткені одан қорқады, оның күшті екенін сезеді, алайда осы ерлі-зайыпты журналшылар туралы сөз бола қалса, ешкім де аянып қалмас-ау. Мына сияқты үнемі өзіне сөз келтіретін, барлық қылығы жұрттың назарын аударумен болатын, үйіне абырой әпермейтін әйелмен бұл ешқашан өсе алмайды. Тек аяғына оралғы болады. АҺ, осының бәрін алдын ала білгенде ғой! Қандай ірі де батыл ойындарға барар еді. Көзірге мына кішкентай Сюзаннаны салғанда, қандай ұтысқа ие болған болар еді! Бұрын көзі қайда қараған, неткен көрсоқырлық!
Олар асханаға — қабырғалары көне зерлі маталармен қапталған, мәрмәр бағаналары бар зәулім залға кірді.
Қызметкерін көрген Вальтер оған құшағын жая ұмтылды. Ол шаттықтың шыңына шығып алған екен.
— Сіз бәрін көрдіңіз бе? Сюзанна, сен оған бәрін көрсеттің бе? Халық деген қырғын, — солай емес пе, Сүйкімді дос? Князь де Гершті көрдіңіз бе? Жаңа ғана осында келіп, бір стақан пунш ішіп шықты.
Осы кезде ол сенатор Рисоленді көріп, қарсы ұмтылды, оның қасында жәрмеңкедегі сатушы құсап әлем-жәлем киінген әйелі бар екен; әйелінің есі шығып келе жатқаны бірден байқалады.
Сюзаннаға ұзын бойлы, жарау аттай жас жігіт келіп иілді, — ақшыл жақ сақалы мен аздап селдірей бастаған шашы бар оның шаруасы шайқалған ақсүйектер өкілі екені бірден байқалып тұрды. Біреу оның атын атады: "Маркиз де Казоль", — сол-ақ екен Жорж Сюзаннаны одан қызғана бастады. Екеуі көптен таныс па екен? Әрине, қыздың байлығы белгілі болғаннан кейін шығар? Ол жігіттің үміткер екенін сезді.
Біреу Жорждың қолтығынан ұстады. Бұл Норбер де Варен екен. Немқұрайды, шаршаңқы жүзді қарт ақынның майлы шашы мен көнетоз фрагі көзге ұрып тұрды.
— Осыны олар көңіл көтеру деп атайды, — деді ол — Қазір би басталады, содан кейін бәрі үйді-үйіне тарасып, ұйқыға жатады, қыздарға сол да жетіп жатыр. Шампан жақсы екен, ішесіз бе?
Осылай деп, ол өзінің бокалына шарап құйып алды, Жорж да қолына бокал алды.
— Рухани байлықтың миллиондарды жеңуі үшін ішемін, — деп Норбер Жоржға иілді де, даусын жұмсарта түсіп сөзін жалғады: — Бөтен қалтадағы ақша маған кедергі емес, әрине, мен оны иесінен қызғанбаймын, мен принципті түрде қарсымын.
Дю Руа оны тыңдаған жоқ. Маркиз де Казольмен жоғалып кеткен Сюзаннаны көзімен іздеп тұрған ол Норбердің қасынан ығысып шығып, оларды іздеуге кірісті.
Шөл қандыруға асыққан қалың топ оның жолын бөгеді. Оларды киіп-жарып өткен сәтте ол Марельдермен бетпе-бет жолығып қалды.
Әйелімен ол жиі кездесіп тұрады, ал күйеуін көптен көрмеген еді. Ол бұған қос қолын бірдей созды:
— Қымбаттым менің, сенің Клотильда арқылы айтқан кеңесіңе мен сондай ризамын! Марокколық зайымнан мен жүз мыңдай ұттым. Бұл үшін тек қана сізге борыштармын. Нағыз дос деп сізді айтуға болар!
Еркектер сүп-сүйкімді нәзік қара торы әйелге бұрылып қарап өтіп жатты.
— Қызметіме қызмет, қымбаттым менің,— деді оған Дю Руа, — мен сіздің әйеліңізді алып кетсем деп тұрмын, дұрысы мен ол кісіге қолымды ұсынамын. Жұбайларды үнемі бөліп әкету керек.
Марель мырза басын иді:
— Дұрыс айтасыз. Егер бір-бірімізді таба алмай қалсақ, бір сағаттан кейін осы жерде жолығысайық.
— Өте жақсы.
Дю Руа мен Клотильда көп арасына сүңгіп кетті, ал күйеуі олардың соңынан ерді.
— Вальтерлердің жолы болды, — деді Клотильда. — Шамдағай іскер адам осындай болады.
— Иә, мықты адамдар қайткенде де қалағанына қол жеткізеді.
— Қыздарының әрқайсысына жиырма-отыз миллионнан жасау беріледі, — деп сөзін жалғады әйел — Ал Сюзаннасы оның үстіне әп-әдемі қыз.
Жігіт үндемеді. Өзінің ойын біреу қайталауы оның ызасын келтірді.
Марель ханым "Су бетімен жүріп келе жатқан Исаны" әлі көрмепті. Жігіт оны сонда ертіп баруға ұсыныс жасады. Жол бойы олар бейтаныс жандарды келекелеп күлумен болды. Қастарынан өткен Сен-Потен фрагінің өңіріне ордендерін жыпырлатып қадап алыпты, — ол бұлардың күлкісін келтірді. Тіпті оның соңын ала өткен бұрынғы елшінің өзі де мына журналшыдай орденге бай емес көрінеді.
— Қоғам емес, қырық жамау құрақ! — деді Дю Руа.
Бұларға амандасу үшін бұрылған Буаренар да жекпе-жек күні киген сарғыш жасыл таспа бауын тағып алыпты.
Бір кішірек әйелдер бөлмесінде әлем-жәлем киінген семіз виконтесса де Персмиур бір герцогпен әңгімелесіп отырды.
— Махаббат шырғалаңы, — деп сыбырлады Жорж.
Ал жылыжайда қатарласып отырған өз әйелі мен Ларош-Матьені көрді, — өсімдіктердің қалқасынан олар анық байқалмайды. Сонда да олардың түрінде: "Біз осы жерде жұрттың көз алдында кездесуге келіскенбіз. Жұрт не десе де, түкіргеніміз бар", — деген ой жазулы тұрғандай.
Марель ханым Карл Марковичтің "Исасы" керемет екен деген пікірге келді. Олар кері қайтты. Күйеуінің қайда қалып қойғаны белгісіз.
— Не, Лорина маған әлі де өкпелі ме? — деп сұрады Жорж.
— Иә, өкпелі. Сені көргісі келмейді, сен туралы сөз бола қалса, шығып кетеді.
Жорж үнсіз қалды. Кішкентай қыздың өзін кенет жек көріп кеткені оған қатты батты.
Есік алдында оларды Сюзанна тоқтатты.
— Ә, сіздер мында екенсіздер ғой! Ал, Сүйкімді дос, сіз жалғыз қаласыз, мен Клотильда сұлуды алып кетпекпін, — ол кісіге өз бөлмемді көрсеткім келеді.
Ол екеуі көптің арасымен тек әйел затының ғана қолынан келетін ептілікпен — жыланша бұралаңдай басып жөнеле берді.
Сол сәтте құлағының түбінен біреу сыбыр ете қалды:
— Жорж!
Бұл Вальтер ханым еді.
— О, сіз неткен тас жүрек едіңіз! — деді ол даусын одан әрі бәсеңдете түсіп. — Неге мені сонша қинайсыз! Сізге айтайын деген сөзім бар еді, сондықтан Сюзаннаға қасыңыздағыны алып кетуді өтіндім. Тыңдаңызшы, мен сізбен бүгін кешке сөйлесуім керек... әйтпесе... әйтпесе менің не істей алатынымды сіз білмейсіз. Жылыжайға барыңыз. Сол жақта баққа шығатын есік бар. Саяжолмен тура жүре беріңіз. Барып тірелген жерде қалқалы отырғышты көресіз. Мен он минуттен кейін келемін. Егер келіспейтін болсаңыз, ант етем, мен осы жерде қазір-ақ жанжал шығарамын!
— Жақсы, — деді оны тәкаппар көзбен шолып өткен жігіт. — Он минуттен кейін айтқан жеріңізде болайын.
Екеуі екі жаққа кетті. Бірақ жігіт Жак Ривальдің кесірінен кешігіп қала жаздады. Ол мұны қолтықтап алып, жаңалықтарын айта бастады. Ол өзі жаңа ғана дәмханадан шыққан сияқты. Ақырында Дю Руа оны есік алдында ұшырасып қалған Марель мырзаның қолына беріп құтылды да, тайып тұрды. Енді өз әйелі мен Лароштың қасынан көзге түспей өту қажет еді. Олардың әңгіме қызығына түскені сондай, қастарынан оп-оңай өте шығып, баққа келіп кірді.
Ашық ауада Дю Руа мұздай суға түскендей тітіркенді. "Сайтан алғыр, суық тигізіп алмасам етті", — деп ойлаған ол мойнына қол орамалын байлап алды. Содан кейін саяжолмен абайлап ілгері басты, — іштегі жарықтан кейін оның көзі түк көрмеді.
Оңнан да, солдан да жіңішке жапырақсыз жалаңаш бұтақтар теңселіп тұрды. Кенет алдынан ағараңдаған бірдеңе жалт етті де, сол сәт ол өзіне қарсы асыға басып келе жатқан ашық көйлекті Вальтер ханымның дірілдей шыққан даусын естіді.
— Ә, бұл сен бе? Сен не, мені көрге тыққың келіп жүр ме? — деп сыбырлай сөйледі ол.
— Тек қана ашуға бой бермей сөйле, — деді Жорж сабырлы үнмен. — Әйтпесе мен бұрылам да кетем.
Әйел оның мойнына асылып, ерніне ерні тиер-тимес қалыпта сыбырлай тіл қатты:
— Мен саған не жаздым? Сен менімен оңбаған адамша сөйлесесің. Не істедім мен саған?
Жорж оны өзінен аулақтатуға тырысты.
— Соңғы рет көріскенімізде, сен менің барлық түймелеріме шашынды орап жіберіпсің. Әйеліміз екеуміз ажырасып кетудің аз-ақ алдында қалдық.
Ол әуелі таңданған қалып көрсетті, содан кейін басын шайқады.
— Жоқ, сенің әйеліңе бәрібір. Сірә, көп ашыналарыңның бірі шығар қызғаныш білдірген.
— Менде ашына жоқ.
— Жаман қатты жоқ! Неге сен мен шақырғанда үйге келмейсің? Аптасына бір рет келіп тұруға болатын еді ғой? Мен тек сен туралы ғана ойлаймын, бейнең көз алдымнан кетпейді, масқара болғанда, атыңды атап жіберуден өзімді шаққа ұстап қаламын, — сені қаншалықты сүйетінімді осыдан-ақ біле бер. Сен оны ешқашан түсінбейсің! Мен бір қыспақта, қапшықтың ішінде жүргендеймін, маған не болғанын өзім де түсіне алмай-ақ қойдым. Сен туралы ойлағанда, тынысым тарылып, жүрегім тілімденіп кеткендей болады, аяқтарым шалынысып, жүре алмай қаламын. Күні бойы сен жайлы ой жетегінде сілейіп отырамын да қоямын.
Жорж оған таңдана қарады. Оның алдында бұрынғы шалдуарланған кәртамыш қыз емес, уайымнан мүжілген, енді ештеңеден тайынбайтындай жағдайға жеткен қайғылы әйел тұрды.
Дегенмен оның басында бұлдыр бір ойлар туындап жатты.
— Қымбаттым менің, дүниеде мәңгілік махаббат деген болмайды, — деп бастады ол. — Адамдар қосылысады, содан кейін ажырасады. Ал егер бұл екеуміздікі құсап созыла берсе, ол ауыртпалыққа айналады. Мен біттім. Саған ашық айтып тұрмын. Алайда егер сен ақылыңа иелік етіп, мені досым ғана деп қабылдай алсаң, мен саған бұрынғыша келіп тұрамын. Қалай, өзіңе күшің жете ме?
— Мен бәріне даярмын, тек сені көріп тұрсам болды, — деді Вальтер ханым жалаңаш білегін оның иығына салып.
— Демек мәселенің басы ашық, біз тек қана доспыз.
— Иә, келістік, — деп күбірледі де, әйел оған ернін тосты. — Бір сүйші... соңғы рет.
— Жоқ, — деді ол жұмсақ қана. — Сөзде тұру керек.
Әйел бұрылып кетіп, көз жасын сүртті де, іштартқышынан қызғылт лентамен байланған ораманы алып, Дю Руаға ұсынды.
— Мә, ал. Бұл марокколық зайымнан ұтқан сенің үлесің. Сен үшін осыны ұтқаныма қуанамын! Алсаңшы...
Жорж бас тартты:
— Жоқ, мен бұл ақшаны алмаймын!
Әйел шарт кетті:
— Сенің тарапыңнан мұның тым қаталдық! Бұл басқа ешкімдікі емес, тек сенің ақшаң. Сен алмасаң, мен мұны қоқысқа лақтыра салуға мәжбүр боламын. Бірақ сен алуға тиіссің, Жорж, аласың ғой?
Дю Руа ақшаны алып, қалтасына сүңгітті.
— Кету керек,— деді ол, — сен өкпеңе суық тигізіп аласың.
— Жақсы болар еді! — деді әйел баяу үнмен. — Аһ, өліп қалсам ғой!
Ол Жорждың қолына жабысып, елжірей, бар жанымен елбірей сүйді де, үйге қарай жүгіре жөнелді.
Жорж ойға шомған қалыппен оның соңынан ерді. Жылыжайға енгенде оның басы қақшия түсіп, ернінде күлкі ойнап тұрды.
Әйелі мен Ларош кетіп қалған екен. Тобыр азаяйын депті. Балға қалатындар аз болатыны байқалып тұр. Кенет ол әпкесімен қол ұстасып алған Сюзаннаны көріп қалды. Олар бұған келіп, өздерімен бірге граф де Латур-Ивеленге қосыла алғашқы кадрильді билеуін өтінді.
— Оларың кім тағы? — деп таңдана сұрады ол.
— Ол әпкемнің жаңа досы, — деді Сюзанна қулана күлімдеп.
Роза шырт ете қалды.
— Қалай ұялмайсың, Сюзетта, ол қаншалықты менікі болса, соншалықты сенікі де!
— Мен айтар сөзімді білемін.
Роза ашуланып, кетіп қалды.
Дю Руа әдеппен Сюзаннаны қолтықтап алды.
— Тыңдашы, кішкентайым, — деп бастады ол өзінің бал татыған тілімен, — сіз мені досым деп санайсыз ғой?
— Әрине, Сүйкімді дос.
— Сіз маған сенесіз бе?
— Әбден сенемін.
— Бағанағы әңгіме есіңізде ме?
— Қайсы?
— Сіздің күйеуге шығуыңыз туралы, дәлірек айтсам, сіз күйеуге шығатын жан туралы.
— Иә.
— Ал енді сіз маған бір уәде бере аласыз ба?
— Иә. Бірақ қандай уәде?
— Егер біреу-міреу сізге күйеуге шығу жөнінде ұсыныс жасай қалса, бұған менің қалай қарайтынымды біліп алмай тұрып, ешкімге келісім бермеуге уәде етіңізші.
— Жақсы, уәде етемін.
— Бұл екеуміздің арамызда қалсын. Әкеңе де, шешеңе де айтушы болмаңыз.
— Айтпаймын.
— Ант етіңіз.
— Ант етемін.
Бұлардың қасына іскер адамның кейпімен Риваль жүгіріп келді.
— Бикеш, әкеңіз сізді балға шақырып жатыр.
— Жүріңіз, Сүйкімді дос, — деді қыз.
Бірақ ол қайтуды ойлап тұр еді, ол оңаша кетіп, қолы боста жақсылап ойланып алуға шешім қабылдады. Оның жаны бүгін жаңа әсерлерге толы еді. Ол әйелін іздеп, ұзамай оны дәмханада бір-екі еркекпен шоколад ішіп отырған жерінен тапты. Ол қасындағыларға "күйеуін таныстырды, бірақ олардың атын бұған атаған жоқ.
— Кеттік пе? — деді біраздан кейін ол әйеліне қарап.
— Кетсек кетейік.
Екеуі қолтықтасқан күйі босап қалған залдарды басып өтті.
— Үй иесі ханым қайда? — деді Мадлена. — Онымен қоштаспаймыз ба?
— Қажет емес. Ол бізді балға қалыңдар деп үгіттей бастайды, мен тойып болдым.
— Рас айтасың.
Жол бойы екеуі жақ ашпады. Тек жатын бөлмеге енісімен, Мадлена бет пердесін сыпыра бере күйеуіне күле қарады:
— Саған айтатын бір сүйіншім бар.
— Тағы қандай сүйінші? — деді Жорж ұнатпай.
— Тапшы.
— Басымды ауыртарым жоқ.
— Жақсы онда. Бүрсігүні бірінші қаңтар ғой.
— Иә.
— Бүгін нағыз жаңажылдық сыйлық тапсыратын күн.
— Иә.
— Міне саған жаңажылдық сыйлығым, — жаңа ғана оны Лароштан алдым.
Осылай деп ол зергерлік бұйымдар салынатын қаптамаға ұқсас кішкентай қара қорапшаны ұсынды.
Дю Руа оны беймарал кейіппен ашып, Құрметті легион орденін көрді.
Ол сәл бозарып кетті де, езу тартты:
— Мен он миллионға келісер ем. Ал мынауың оған арзанға түсті.
Қуаныштан есі шығады деп күткен күйеуінің мына салқындығына әйелі ренжіп қалды.
— Не боп кеткенсің өзің? Саған ештеңе жақпайды.
— Ол маған өзінің қарызын өтемек боп жатыр, бар-жоғы сол ғана, — деді Жорж сабырлы үнмен. — Оның маған берешегі әлі көп.
Оның сөз сарыны Мадленаны таңдандырды.
— Алайда сенің жасыңда бұл да аз емес, — деді ол.
— Бәрі шартты, — деді Жорж қарсылық білдіріп. — Дәл қазір менің қолымда көп нәрсе болар еді.
Ол қорапшасын алды да ашық пештің үстіне қойып, жарқыраған жұлдызды анықтап қарады. Содан кейін оны қорабына салып қойды да, иығын бір көтеріп, шешіне бастады.
Бірінші қаңтар күнгі "Үкімет хабаршысында" шынында көсемсөзші Проспер-Жорж Дю Руа үздік еңбегі үшін Құрметті легион орденінің иегері болғаны туралы хабар басылды. Дю Руа орденнің өзінен гөрі фамилиясының екі рет жазылғанына қуанды.
Осы хабарды газеттен оқып, өзінің орден алуы қоғамдық маңызға ие болғанына көзі жетіп отырғанда, бір сағаттан кейін қолына Вальтер ханымның хаты тиді: ол мұның бүгін түстікке әйелімен келіп, мына марапаттауды атап өтуге мүмкіндік беруін өтініпті. Алдында бас тартқысы келгенімен, артынан оның басқаша түсінуге де болатын хатын отқа жағып жіберді де, Мадленага келіп:
— Бүгін біз Вальтерлердің үйінде түстенеміз, — деп мәлімдеді.
Ол таңғалды.
Қызық екен! Енді табалдырығынан аттамаспын деген кім еді?
— Ол ойымнан қайттым, — деді де қойды ол.
Бұлар келгенде, Вальтер ханым адамдарды оңаша қабылдайтын кішігірім бөлмеде отыр екен. Ол бастан-аяқ қара киініпті, опаланған шашы өзіне сондай жарасып тұрды. Алысырақтан қарағанда ол кәрілеу көрінгенімен, жақындап келгенде жап-жас сияқты, байқағыш адамға бұл кереғар әсер оны тартымды ете түсетіндей.
— Сіздің біреуіңіз қайтыс болды ма? — деп сұрады Мадлена.
— Иә деуге де, жоқ деуге де болады, — деді ол қайғылы дауыспен. — Жақындарымнан ешкім қайтқан жоқ. Бірақ қазір мен өткен өмірімді аза тұтатын жастамын. Бүгін мен бірінші рет кидім, енді қалған ғұмырымда жүрегіммен аза тұтып өтемін.
"Төзе алар ма екем?" — деп ойлады Дю Руа.
Түстік жабырқау жағдайда өтті. Тек Сюзанна ғана ауыз жаппай сөйлеумен болды. Роза да әлденеге алаңдап отырғандай көрінді. Бәрі журналшыны қызу құттықтады.
Кешкілік барлығы бір-бірімен әңгіме-дүкен құра жүріп, залдарды, қысқы бақты аралап кетті. Дю Руаның соңынан келе жатқан Вальтер ханым оны қолынан тартып тоқтатты.
— Тыңдаңызшы, — деді ол ақырын сөйлеп. — Мен енді сіздің мазаңызды алмаймын, ешқашан... Тек қана келіп тұрыңызшы, Жорж. Көрдіңіз ғой, мен енді "сен" деуді де қойдым. Бірақ сізді көрмей өмір сүру мүмкін емес, мүмкін емес. Бұл бір сұмдық қиналыс. Күндіз-түні тек сіз көз алдымда тұрасыз да қоясыз, жан-жүрегіме, денеме сіңіп кеткендейсіз. Сіз маған у берген сияқтысыз да, сол у мені ішімнен мүжіп жеп барады. Шыдай алар емеспін. Шыдамым жетер емес. Мені кемпір санай беріңіз, — қарсылығым жоқ. Шашымды да әдейі сіз менің ақ шашымды көрсін деп опалап алдым, — мейлі, тек қана келіп, көрініп тұрыңызшы, анда-санда болса да, дос ретінде.
Әйел оның қолын қатты қысқаны сондай, тырнағы етіне батып кетті.
— Бұл шешілген мәселе, — деді Жорж беті бүлк етпестен. — Қайталай беріп керегі не. Көрдіңіз ғой, сіздің хатыңызды алысымен жетіп келдім.
Вальтер қыздарымен және Мадленамен алда келе жатқан; "Су бетімен жүріп келе жатқан Исаның" қасына тоқтай қалған Вальтер Дю Руаны тосып алды.
— Қызық бар, — деді ол күле сөйлеп, — кеше әйелімнің мына сурет алдында ғибадатханадағыдай тізерлеп тұрғанын көріп қалдым. Ол жалбарынып тұрды. Күлгенім-ай!
— Исаның бұл бейнесі менің жаныма шипа дарытады, — Вальтер ханымның сенімді шыққан үнінен ризалығы сезіліп қалды. — Көз алмай қараған сайын бойыма күш-қайрат құйылғанын сеземін.
Теңіз толқынында тұрған құдайға бұрылып, сөзін сыбырлай аяқтады:
— Қандай ғажап! Ол мына адамдарға қаншалықты үрей тудырса да, олар оны соншалықты жақсы көреді! Басына, көзіне қараңдаршы, — бәрі сондай қарапайым әрі санаға сыймайтындай құдіретті!
— Ол өзі сізден аумайды ғой, Сүйкімді дос! — деп дауыстап жіберді Сюзанна. — Құдайақы, ұқсайды. Егер сіз сақал қойсаңыз немесе ол сақалын қырып тастаса, — құйып қойғандайсыздар. Керемет!
Ол Жорждан суреттің қасына тұруын өтінді. Бәрі де екеуінің өңінде ұқсастықтар бар деп тапты.
Бұған бәрі де таңғалып жатты. Вальтерге бұл ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінді. Мадлена күле түсіп, Исаның өңі қатаңдау екенін айтты.
Вальтер ханым қалшиып тұрып, біресе өз ашынасының жүзіне, біресе Исаның бейнесіне кезек қарай берді. Осы сәт оның өңі де шашы сияқты аппақ болып кетті.
VIII
Ерлі-зайыпты Дю Руалар қыс аяғына қарай Вальтерлер үйіне жиі қатынап тұрды. Мадлена көбінесе шаршап тұрғанын айтып, үйде қалғысы келген кездері Жорж жалғыз өзі-ақ келіп жүрді.
Ол жұма күндері келетін, ал Вальтер ханым бұл күні басқа ешкімді қабылдамайды. Бұл күн Сүйкімді достың, тек қана соның күніне айналды. Тамақтанып болғаннан кейін карта ойнайды, қытайлық балықтарға қолдарынан жем шашады, үй ішілік уақыттарын қалайда көңілді өткізіп жүрді. Бірнеше рет есік қалтарысында, жылыжайдағы бұталар қалқасында, кез келген қараңғы бұрышта Вальтер ханым Жоржды шап беріп құшақтап, кеудесіне қыса түсіп, құлағына алқына сыбырлайтын:
— Мен сені сүйемін!.. Сүйемін сені!.. Ес-түссіз сүйемін!
Ал ол әйелді салқынқандылықпен ысырып тастап, жай ғана:
— Ескіні қозғай беретін болсаң, келмей қоямын,— дейді.
Наурыз айының соңында күтпеген жерден апалы-сіңлілі қыздардың екеуі де күйеуге шығады екен деген сөз тарады. Розаның жігіті граф де Латур-Ивелен, Сюзаннанікі -маркиз де Казоль десіп жүрді. Аталған екі мырза бұл үйде айрықша құрметке бөленіп, өз адамдарындай болып кетті.
Жорж бен Сюзанна кәдімгі аға мен қарындастай тату қатынаста болды; олар бірнеше сағат бойы ауыз жаппай әңгімелесіп, жұрттың бәрін келекелеп күлісіп отыратын, сырттай қарағанда, екеуіне де бірге болу ұнайтындай көрінеді.
Олардың ешқайсысы қыздың алдағы болар тойы жөнінде, жұрттың аузындағы сөз туралы тіс жарған емес.
Бір күні таңертең бастығы Дю Руаны өз үйіне сүйрегендей етіп алып келді де, таңғы тамақтан кейін Вальтер ханымды бір жабдықтаушымен сөйлесуге шақырып кетті, Жорж сол кезде Сюзаннаға:
— Жүріңіз, қызыл балықтарға жем берейік, — деген ұсыныс жасады.
Олар үстелден жұмсақ нанды уыстап алып, жылыжайға қарай беттеді.
Мәрмәр тоспаның жиегінде тізерлеп тұрып судағы жәндіктерге үңіле қарауға болатын жастықтар жататын-ды. Сюзанна мен Дю Руа қатарласа тізелерін бүгіп, суға еңкейген күйі нанды уқалап домалақтап, балықтарға лақтыра бастады. Мұны көрген балықтар жүзіп келіп, құйрықтарын былғаңдатып, арқа қанаттары жыбырлап, адырайған көздерін алақтатып, суға түскен нанды сүңги қақшып алып, іле қайта шығып, тағы дәметкендей айнала жүзіп жүрді.
Олар ауыздарын ашып-жауып, алға орғи секіргенде, адам қорқатындай құбыжыққа ұқсап кетеді. Хауыз түбін жапқан алтын құм аясында олар қан қызыл түсімен жанар суырғандай болса, мөп-мөлдір су бетінде секірген кезде жарқ еткен жалындай шалынып, тоқтаған кезде қабыршағындағы көгілдір түсін көзге тосады.
Жорж бен Сюзанна өздерінің суға төңкерілген бейнелеріне қарап күлді.
Кенет Жорж ақырын ғана:
— Сіз менен сыр жасыра бастадыңыз, Сюзанна, бұл жақсы емес, — деді.
— Қандай сыр, Сүйкімді дос? — деп сұрады қыз.
— Анау жолғы атаулы кеште дәл осы жерде нендей уәде бергеніңіз есіңізде ме?
— Жоқ.
— Сізге біреу-міреу үйлену туралы ұсыныс жасай қалса, алдымен менімен ақылдасамын деп уәде бергенсіз.
— Солай болса ше?
— Біреу сізге ұсыныс жасады ғой. Кім екен ол?
— Өзіңіз де жақсы білесіз кім екенін.
— Білмеймін. Шын айтам.
— Білесіз! Анау ұзынтұра сәнқой, маркиз де Казоль.
— Ең алдымен ол сәнқой емес.
— Мүмкін. Бірақ ол ақымақ. Қарта ойнап, сауық-сайран құрумен-ақ азып-тозып біткен жан. Айтары жоқ, мына сен сияқты жап-жас, әдемі де ақылды қызға керемет жарасады.
— Оған бір қарсылығыңыз бар ғой, сірә? — деп сұрады қыз күлімдей түсіп.
— Менің бе? Ешқандай.
— Жоқ, бар. Бірақ ол мүлде сіз айтқандай жан емес.
— Қойыңызшы енді. Ақымақ әрі қаскүнем.
Қыз суға үңілуді қойып, басын бұған бұрды.
— Сізге не болған?
— Мен... мен... мен сізді қызғанамын, — деді ол дәп бір жүрегіндегі қасиетті құпиясын амалсыз суырып салғандай үнмен.
Қыз оншалықты таңырқай қойған жоқ.
— Сіз бе?
— Иә, мен!
— Солай ма! Неге олай?
— Өйткені мен сізді сүйемін, ал сіз, жаман қыз, мұны өзіңіз де жақсы білесіз.
— Есіңізден адасқаннан саумысыз, Сүйкімді дос! — деді ол қатаң үнмен.
— Есімнен адасқанымды өзім де білемін, — деді жігіт. — Әйтпесе мен сияқты үйлі-баранды адам сіз сияқты жас қызбен осылай сөйлесер ме еді! Мен жарымес қана емес, қылмыскер, оңбаған адаммын. Ешбір үміттенуге хақым жоқ екенін білген сайын есімнен айырыла түсемін. Ал менің көзімше сіздің күйеуге шығатыныңыз жөнінде сөз бола қалса, біреуді өлтіріп тастағым келеді. Сіз мені кешіріңіз, Сюзанна!
Ол үнсіз қалды. Нан лақтыруды қойғаннан кейін балықтар ағылшын солдаттары құсап, сапқа тізіле тұрып, төмен еңкейген адамдардың жүздеріне бақырая қарап қалыпты. Алайда адамдардың енді олармен істері жоқ еді.
— Сіздің әйеліңіз бары өкінішті-ақ, — деді қыз әзіл-шыны аралас. — Бұған не істеуге болады? Бос әуре. Бәрі бітті!
Жігіт жалт бұрылып, қыздың бетіне төне түсті:
— Басым бос болса, маған күйеуге шығар ма едіңіз?
— Иә, Сүйкімді дос, мен сізге күйеуге шығар едім: сіз маған бәрінен артық ұнайсыз, — деп ол шынын ашып айтты.
— Ризамын... ризамын,.. — деп күбірледі ол — Сізден жалына өтінемін: ешкімге келісім бермеңізші. Тағы біраз тосыңызшы. өтінемін! Уәде бересіз бе?
— Уәде етемін, — мұның не үшін қажет екенін түсінбесе де, қысылыңқырай тұрып қыз уәдесін берді.
Дю Руа алақанында қалған нанның қалдығын суға тастай салды да, әбден басынан айырылған адамша қоштаспастан жүгіре басып кетіп қалды.
Бұл соңғы нан кесегі алақанда езілмегендіктен, ол судың түбіне кетпей, бетінде қалқып жүрді де, балықтар жапатармағай тұра ұмтылысты, — жыртқыш ауыздар нанды жан-жақтан жұлмалап жатты. Таласа-тармаса олар хауыздың келесі басына ауысты, нанға үймелеген балықтар енді алыстан су ішінде жайқалып тұрған тірі гүл шашақтарының басына ұқсап кетті.
Абыржып қалған Сюзанна таңырқаған күйі орнынан тұрып, өз бөлмесіне беттеді.
Жорж үйіне түк болмағандай қалыппен келді де, бұл кезде хат жазып отырған әйеліне бұрылып:
— Жұма күні Вальтерлердің үйіне түстікке барасың ба? Мен барамын,— деді.
— Жоқ, — деді әйелі сенімсіздеу үнмен. — Мен ауырыңқырап жүрмін. Үйде отырғаным дұрыс.
— Өзің біл сені ешкім зорламайды, — деді де, қалпағын алған Жорж қайтадан шығып кетті.
Ол көптен бері әйелінің қыр соңына түсіп, аңдып, әр адымын бақылаумен жүрген-ді. Ақырында күткен сәт те туды. Ол мына: "Үйде отырғаным дұрыс", — дегеннің астарында не жатқанын бірден аңғарды.
Кейінгі күндері ол әйелімен өзін өте сақ ұстады. Әдеттегісінен тыс ол тіпті көңілді болып жүрді.
— Бұрынғы сүйкімді Жорж қалпына келіп қапсың, — деді Мадлена.
Жұма күні ол ерте жинала бастады, өзінің айтуынша, бастығының үйіндегі түстікке дейін бір жерлерге барып шығуы керек екен.
Сағат алтыға таман ол әйелін бір сүйіп, үйінен шықты да, Нотр-Дам-де Лорет алаңына барып, күйме жалдады.
— Фонтен көшесіндегі он жетінші үйдің қарсысына тоқтаңыз да, мен айтқанша қозғалмаңыз, — деді ол ат айдаушыға. — Содан кейін мені Лафайет көшесіне, "Қырғауыл" мейрамханасына алып барасыз.
Ат желе аяңдап жөнелгенде, Дю Руа пердені түсіріп қойды. Он минуттен кейін үйден Мадлена шығып, ішкі бульварға қарай беттеді. Ол біраз ұзады-ау дегенде, Жорж есіктен басын шығарып айғай салды:
— Кеттік!
Біраздан кейін күйме оны "Қырғауыл" мейрамханасына — осы көше орамындағы ең әйгілі орта қол мейрамханаға — алып келді. Жорж жалпы залға кіріп, тамаққа тапсырыс берді. Асықпай тамақтанып отырып, ол әлсін-әлсін сағатына қараумен болды. Ақырында кофе мен екі рөмке кәниәк ішіп, хош иісті сигарды рақаттана шегіп болғаннан кейін, сағат тура жеті жарымда мейрамханадан шықты да, өтіп бара жатқан күймені тоқтатып, Ларошфуко көшесіне алып баруды бұйырды.
Күймені бір үйдің қасына тоқтатқан Дю Руа есіккүзетке ештеңе айтпастан төртінші қабатқа көтерілді де, есік ашқан қызметші әйелден:
— Гибер де Лорм мырза үйде ме? — деп сұрады.
— Иә, мырза.
Оны қонақжайға ертіп барды; біраз күттіріп барып оның қасына сұңғақ бойлы, айбынды, ордендері сыңғырлаған ақ шашты адам келді.
Дю Руа иіліп құрмет көрсетті.
— Менің жорамалдағанымдай, әйелім қазір өзінің ашынасымен Мартир көшесіндегі жалдап алған жиһазды бөлмелерінде түстеніп отыр, полиция комиссары мырза, — деді ол.
Тәртіп сақшысы басын иді.
— Қызметіңізге әзірмін.
— Біз бәрін сағат тоғызға дейін үлгеруіміз қажет, солай емес пе? — деп Жорж сөзін жалғады. — Өйткені тоғыздан кейін зинақорлық ісінің үстінен түсу үшін жеке пәтерлерге басып кіруге сіздің хақыңыз болмайды ғой?
— Нақтылай түссек: қыста — жетіге дейін, ал отыз бірінші наурыздан бастап тоғызға дейін. Бүгін сәуірдің бесі, демек сағат тоғызға дейін әлі уақытымыз бар.
— Онда былай, комиссар мырза, төменде мені күйме тосып тұр, сондықтан бізбен бірге болуға тиісті агенттерді ала кетейік, содан кейін есік алдында кішкене тоса тұрамыз. Неғұрлым кешірек кірсек, соғұрлым оларды қылмыс үстінде басу ықтималдығымыз нақты болмақ.
— Өзіңіз біліңіз.
Комиссар шығып кетіп, үш түсті белдігін жасыратын пәлтесін киіп оралды. Ол шығар бетте Дю Руаны алға оздырғысы келіп ығысып еді, бірақ өз ойының жетегінде тұрған ол да шегіншектеп:
— Сізден кейін... сізден кейін... — деп қайталай берді.
— Өтіңіз, Дю Руа мырза, мен өз үйімдемін, — деп ескертті тәртіп сақшысы.
Дю Руа иіліп құрмет көрсетті де, табалдырықтан аттады.
Ол кешқұрым біреулерді ұстауға шығатындықтарын күндіз ескертіп қойған болатын, сондықтан бұлар комиссариатқа келгенде, киімдерін ауыстырып киген үш агент сақадай-сай отыр екен. Олардың біреуі ат айдаушының қасына отырып, қалған екеуі арбаға сыйысты да, арбакеш бұларды Мартир көшесіне алып келді.
Пәтердің жоспары менде бар, — деді жолда Дю Руа. — Бұлар үшінші қабатта. Оң жақта кішігірім кіреберіс, содан кейін ас үй, одан әрі жатын бөлме. Үш бөлме бірінен-біріне өтеді. Құпия есік жоқ, сондықтан қашып кете алмайды. Темір ұстасы осы маңда тұрады. Ол сіздің бұйрығыңызды күтіп отыр.
Олар көрсетілген үйдің қасына келгенде, сегізден он бес минут қана кеткен еді. Есік алдында жиырма минуттей үнсіз тосып тұрысты. Қазір он бес минутсіз тоғызды соғатынын байқаған сәтте ғана Дю Руа:
— Ал енді кеттік, — деді.
Есіккүзетке көңіл де аудармастан, ал ол бұларға тіпті көз де салған жоқ, олар баспалдақпен көтеріле бастады. Кіреберісте агенттердің біреуі күзетте қалды.
Төрт еркек үшінші қабатқа көтеріліп тоқтады. Дю Руа есікке құлағын тосты, содан кейін кілт тесігінен сығалады. Бірақ ештеңе көрініп, естіле қоймады. Содан кейін ол қоңырауды басты.
— Осы жерде дайын тұрыңдар, — деп ескертті комиссар өз агенттеріне.
Екі-үш минуттен кейін Жорж тағы да бірнеше рет қатарынан қоңырауды шырылдатты. Бөлме ішінде бір қозғалыстар сезілді, жеңіл аяқ дыбысы естілді. Біреу барлауға келгендей. Журналшы бүгілген саусағымен есікті қатты-қатты қағып жіберді.
— Бұл кім? — деп сұрады ар жақтан біреу; даусын өзгертуге тырысқан әйел үні.
— Заң атымен бұйырамын: ашыңыз, — деді тәртіп сақшысы.
— Сіз кімсіз? — деп сұрады жаңағы дауыс.
— Полиция комиссарымын. Ашыңыз, әйтпесе мен есікті бұзуға әмір беремін.
— Сізге не керек?
— Бұл менмін, — деді Дю Руа. — Енді бізден құтыла алмайсыңдар.
Жалаң аяқ дыбысы есіктен ұзай берді де, бірнеше секөнттен кейін қайтып келді.
— Ашпасаңдар, есікті бұзамыз, — деді Дю Руа.
Ол мыс тұтқаны сығымдай ұстап, иығымен есікті итеріп қойды. Жауап болмады; сол кезде ол бар күшін салып жұлқына итеріп жібергенде, ескі құлып шыдас бермеді. Жұлынған бұрандалар жан-жаққа шашырап, Дю Руа Мадленаға соқтығып құлай жаздады, — қолына майшам ұстаған ол есік алдында тұр екен, — жалаңаяқ, шашын арқасына бос жіберген үстінде тек төсек көйлегі ғана бар.
— Мынау сол, біз үстінен түстік! — деп айқайлаған Жорж бөлмеге ұмтылды.
Қалпағын қолына алған комиссар оның соңынан ерді. Не істерін білмей абыржыған Мадлена олардың жолына жарық түсіріп арттарында келе жатты.
Ас үйдегі жиюсыз қалған үстел үстінде тағам қалдықтары: шампан шөлмегі, ашылған паштет қалбыры, мүжілген тауық сүйектері және жартылай тістелген нан турамдары көзге түсті. Буфетте екі тақсыда устрица қабыршақтары үйіліп қалыпты.
Жатынжай астан-кестен. Орындық арқалығында әйел көйлегі ілулі тұр, кресло жақтауында шалбар жатыр. Кереует алдында екі үлкен, екі кіші — төрт бәтеңке домалап қалыпты.
Осы бір жиһазымен бірге жалданатын үйлердің бір-біріне ұқсас қалыптағы жатын жайында, қонақүйлік жиіркенішті, жүрек айнытатын қолаңса иісі бар. орындықтардан, қабырғадан, төсектен, перделерден аңқып тұрған жағымсыз иісі үзілмейтін бөлмеде бар-жоғы бір түнеп шыққан, бір күн немесе жарты жыл тұрған адамның әрқайсысы мұнда өзіне тән бір иісін қалдырып кетеді де, осы иіс бұған дейінгі болғандардың иісіне араласып, ақыр аяғында сондай бір түсініксіз, тәттілеу әрі сонымен қатар адам төзгісіз сасық иіске айналып, осындай мекемелерге ортақ сіңісті иіске айналады.
Алды ашық пеш үстінде тәттілер салынған-тақсылар, шартрез шөлмегі мен ішіндегісі жартылай ішілмеген екі рөмке тұрды. Қола сағаттың төбесіне цилиндр қалпақ орналасыпты.
Комиссар жалт бұрылып, Мадленаға тесіле қарады.
— Сіз Клер-Мадлена Дю Руа ханым, осы жерде тұрған көсемсөзші Проспер-Жорж Дю Руа мырзаның заңды әйелі боласыз ба?
— Иә, — деп, даусы қарлығыңқы шықса да, анық жауап қатты Мадлена.
— Бұл жерде не істеп жүрсіз?
Әйел жауап бермеді.
— Бұл жерде не істеп жүрсіз? — деп қайта сұрады полиция шеніндегі адам. — Сіз өз үйіңізде емес, жалдамалы үйде әрі жалаңаш-жалпы дерлік қалыпта жүрсіз. Мұнда неге келдіңіз?
Ол жауап күтті. Бірақ Мадлена тырс етіп үн шығармады.
— Өзіңіз айтпасаңыз, мұны мен өзім анықтаймын онда, — деді комиссар.
Кереуетте жұқа көрпенің астындағы адам сұлбасы анық байқалып жатыр.
Комиссар жақындап келді.
— Шапағатты мырза! — деп үн қатты ол жатқан адамға.
Төсектегі адам қозғала қоймады. Ол қабырғаға қарап, басын жастықтың астына тығып жатқан сияқты.
Лауазымды полицей жатқан адамның иығы-ау деген тұсқа қолын тигізді:
— Шапағатты мырза! Өтінемін, мені күш қолдануға мәжбүр етпеңіз.
Алайда оранып алған денеде жан белгісі жоқтай, тырп етпеді.
Осы кезде Дю Руа кереуетке қарай бір-ақ қарғып келіп, көрпені жұлып алып, жастықты аударып тастаған кезде, астынан аппақ қудай болып кеткен Ларош-Матьенің жүзі көзге шалынды. Жорж оны тамағынан шап беріп, қылқындыра салғысы келген адамдай үңіле түсіп. тісін шықырлатты:
— Тым болмаса ұждансыздығыңызды мойындауға батылыңыз жетсеші.
— Сіз кімсіз? — деп сұрады тәртіп сақшысы.
Есі шыққан ашынамыз үндемеді.
— Мен полиция комиссарымын, аты-жөніңізді атауыңызды өтінем.
— Айтсаңызшы, су жүрек неме, әйтпесе кім екеніңізді мен-ақ айтып берейін! — деп, ашудан қалшылдап кеткен Дю Руа айқайлап жіберді.
— Комиссар мырза! — деп күмілжи сөйледі төсекте жатқан кісі. — Мына біреудің мені қорлай сөйлеуіне тыйым салыңыз. Мен кімге жауап беруім керек: сізге ме, әлде мынаған ба?
Тамағы кеуіп қалғандай даусы қылғына шықты.
— Маған, әрине, маған, — деді лауазымды жан. — Мен сізден сұрап тұрмын: сіз кімсіз?
Ашынамыз тағы үнсіз қалды. Көрпені иегіне дейін тарта түскен ол жан-жағына мағынасыз көз жүгіртті. Қысқа ғана ширатпа мұрты бозарып кеткен жүзінде тіпті қап-қара болып көрінді.
— Демек сіздің жауап бергіңіз келмейді ғой? — деді комиссар. — Онда сізді тұтқындауға тура келеді. Тым болмаса түрегеліңіз. Әңгімені сіз киінген соң жалғастырамыз.
Төсектегі дене қозғалақтап, еріндері жыбыр етті:
— Жұрттың көзінше тұра алмаймын.
— Неге? — деп сұрады тәртіп сақшысы.
— Өйткені... өйткені... мен жалаңашпын, — деп, күмілжи жауап қатты ол.
Дю Руа мырс етіп, еденде жатқан жейдені алды да, төсекке лақтырып жіберді.
— Ештеңе етпейді!.. Тұра бер!.. — деп айғайлады ол. — Әйелімнің алдында шешінуге ұялмаған жан менің алдымда киінуге бетінен баспай-ақ қойсын.
Ол бұрылып, ашық пешке қарай кетті.
Есін жиып алған Мадлена бәрінің орнына келместей быт-шыт болғанына көзі жетіп, енді нені болса да қайыспай көтеруге белін буғандай түр байқатты. Басын тәкаппарлана көтеріп алған оның көзі от шашып тұрғандай. Қағаз қиығын умаждап алып, қонақ күткендегідей-ақ ашық пеш жиегіне орналасқан дөкірлеу шырағдандардағы он майшамның бәрін жағып шықты. Содан кейін ашық пештің мәрмәр жақтауына сүйене тұрып, жалаң аяғын оның сөне бастаған жалынына тосып еді, мықынына әрең ілігіп жүрген белдемшесінің арт жағы көтеріліп кетті. Қызғылт қорапшадан темекі алып тартты.
Оның ашынасы төсегінен тұрып болғанша, комиссар Мадленаның қасына келді.
— Мұндай іспен жиі айналысасыз ба, қайырымды мырза? — деп сұрады әйел асқақтай сөйлеп.
— Неғұрлым аз болғанын қалаймын, ханым, — деп, оған комиссар шын жауап қатты.
Әйел кекесінді мырс етті:
— Оныңыз жақсы екен, абырой әпермейтін іс қой.
Ол өз күйеуін көзіне де ілмейтін түр байқатты.
Төсектегі мырза бұл кезде киініп болған екен. Шалбарын іліп, бәтіңкесін киіп, жилетін жүре түймелеп бұлардың қасына келді.
Лауазым иесі оған бұрылды:
— Ал енді, шапағатты мырза, кім екеніңізді, мүмкін, айтарсыз?
Ол үндей қоймады.
— Онда мен сізді тұтқындауға мәжбүрмін,— деді комиссар.
— Тиіспеңіз маған! — деп, бақырып жіберді кенет мырзамыз. — Менің жеке басыма тиісуге болмайды.
Дю Руа оның қасына ұрып жығардай екпінмен жетіп келді.
— Сіз қылмыс үстінде ұсталдыңыз... қылмыс үстінде... — деп, ысылдай сөйледі ол. — Менің сізді қамауға алуға құқығым бар... иә, бар. — Содан кейін ашудан тұтыға айғайлап жіберді: — Бұл Ларош-Матье, сыртқы істер міністірі!
Мұны күтпеген полиция комиссары ыршып түсті.
— Шынында да, шапағатты мырза, сіз кімсіз өзі, айтсаңызшы? — деп абыржи күбірледі ол
Бұл жолы рухтана түскен мырза даусын шығара тіл қатты:
— Бұл жолы мына сұмырай шындығын айтты. Мен шынында міністір Ларош-Матьемін.
Сөйтті де, Жорждың кеудесінде қып-қызыл болып жарқырап тұрған темірді нұсқап:
— Бұл жексұрынға мына орденді мен бергенмін! — деді.
Дю Руа құп-қу болып кетті. Ол бір-ақ шалт қимыл жасады — келесі сәтте ілгегінен жұлынған таспа әуеде от жалынындай желбіреп, ашық пешке қарай ұшып бара жатты.
— Сен сияқты арамзалар беретін ордендердің құны, міне, осындай.
Қолдары құшырлана түйілген, тістерін шықырлата ашудан ісіне қабартқан олар бір-біріне қасқая қарап тұрды: бірі — арықша келген, едірейген мұртты да, екіншісі — толық денелі, мұрты шиыршықтала сақиналанған екі еркек.
Комиссар олардың ортасына түсті.
— Сабыр етіңіздер, мырзалар, тәртіп сақтаңыздар!
Олар үн-түнсіз бұрылып кетісті. Мадлена орнынан қозғалмастан, темекісін сорған күйі күлімсіреп қойды.
— Міністір мырза! — деп сөз бастады лауазымды полицей. — Мен сіз бен мына тұрған Дю Руа ханым екеуіңіздің оңаша үйде үстеріңізден түстім: сіз төсекте жатырсыз, бұл кісі жартылай жалаңаш. Киімдеріңіз бөлме ішінде жайрап жатыр. Бұл — зинақорлықтың айқын көрінісі. Сіз мұны жоққа шығара алмайсыз. Бұған не айтасыз?
— Айтарым жоқ, міндетіңізді атқара беріңіз,— деп күбір етті Ларош-Матье.
Комиссар Мадленаға бұрылды:
— Ал сіз қайырымды ханым, мына мырза ашынаңыз екенін мойындайсыз ба?
— Ашынам екені рас! — деп шамдана сөйледі ол.
— Басқа сұрағым жоқ.
Тәртіп сақшысы пәтердің жалпы жағдайы, бөлмелердің орналасуы жөнінде тағы бір деректерді жазып жатты. Бұл кезде міністір киініп болып, пәлтесін білегіне аса салды да, қалпағын алып, жазуын тоқтатқан комиссарға бұрылды:
— Мен сізге енді керекпін бе? Не істеуім керек? Кете берсем болатын шығар?..
Дю Руа оның бетіне арсыздықпен күле қарады:
— Не үшін кетпексіз? Біз болдық. Төсекке қайта жатыңыз, шапағатты мырза. Біз кетеміз.
Ол полиция комиссарының жеңінен шымши ұстап, есікке икемдеді:
— Жүріңіз, комиссар мырза, бұл жерде енді біз істейтін ештеңе қалған жоқ.
Тәртіп сақшысы таңырқаған түрмен оның соңынан ілесті. Табалдырық алдында Жорж тоқтап, оны алға оздырмақ болды. Комиссар әдеп сақтап, бас тартты.
— Өтіңіз! — деп болмады Жорж.
— Сізден кейін, — деді комиссар.
Сол кезде журналшы иіліп, құрметпен әрі кекесінді үнмен:
— Өту сіздің кезегіңіз, комиссар мырза. Бұл менің өз үйімдей боп қалды ғой,— деді.
Сөйтті де, абайлап, әдейі әдепті түрмен есікті жауып шықты.
Бір сағаттан кейін Жорж Дю Руа "Француз өмірі" саралқасына келіп кірді.
Вальтер сонда отыр еді, — соңғы кезде таралымы көбейіп, оның банкінің барған сайын шарықтай бастаған табысына қосар үлесі кеңейе түскен "Француз өмірінің" шығуын ол бұрынғыша өзі бақылап, өзі басшылық жасайтын.
Баспагер оның бетіне қарады:
— Ә, бұл сіз бе?! Түріңіз неге өзгеріп кеткен? Бүгін неге түстікке келмедіңіз? Қайдан жүрсіз?
Өз сөзінің әсері қандай боларына сенімі мол Дю Руа әр сөзін қадай айтты:
— Мен жаңа ғана сыртқы істер міністірін құлатып келдім.
Вальтер оны қалжыңдап тұр деп ойлады.
— Құлатып келдің... Қалайша?
— Мен кабинет құрамын өзгертемін. Бары сол-ақ. Ол сұмырайдың көзін баяғыда құрту керек еді.
Қария күмілжіп қалды, — ол қызметкері мас екен деп ойлады.
— Сіз есіңізден адасқан шығарсыз, — деп күбірлей сөйледі ол.
— Есім дұрыс. Мен жаңа ғана әйелім мен Ларош-Матье мырзаның үстінен түстім. Полиция комиссары зинақорлық жасалғанын өз көзімен көрді. Міністіріңіз құрыды.
Вальтер сенер-сенбесін білмей, көзәйнегін маңдайына сырғытты.
— Сіз қалжыңдап тұрған шығарсыз? — деп сұрады ол.
— Қалжың емес. Мен тіпті бұл туралы жаңалықтарға хабар жазамын.
— Сонда не істегіңіз келеді?
— Мен ана алдамшыны, қоғамға қауіпті оңбағанды аластасам деймін! Жолыма көлденең тұрам деушілер жанынан түңілетіндей етемін! Ешкімді де аямаймын! — деді Жорж қалпағын креслоға қойып жатып.
Баспагер мәселенің мәнісіне түсіне алмады.
— Ал... әйеліңіз ше? — деп сұрады ол.
— Ертең-ақ айырылысу жайлы іс қозғаймын. Марқұм Форестьесіне қайтып барсын.
— Сіздің айырылысқыңыз келе ме?
— Әрине. Мен күлкі болдым. Оларды қылмыс үстінде ұстау үшін түк сезбеген боп көрінуге тура келді. Енді бәрі бітті. Бәрі менің қолымда.
Вальтер әлі де есін жия алмай, Дю Руаға жалтақтап қарай берді, ал ішінен: "Сайтан алғыр, мына пысықпен жауласпаған жөн", — деп ойлады.
— Мен енді еркінмін... — деп сөзін жалғастырды Жорж. — Аздаған байлығым да бар. Қазан айында, жаңа сайлау алдында мен өзім туған жерімнен дауысқа түспекпін, — ол жақтағылар мені жақсы біледі. Жұрттың көзінше беделімді түсірген әйелмен абыройға жете алмайтын едім, өзімді ешкімге сыйлата алмайтын едім. Ол менің басымды айналдырып, қақпанына түсіріп алған болатын. Алайда оның сиқырлығын сезгеннен-ақ басқан ізін аңдумен болдым.
Ол қарқылдай күлді.
— Байғұс Форестье, алаңсыз, сенгіш Форестье мүйізді қалпында кете барды. Ал мен абайсызда мойныма артып алған қырсықтан дер кезінде құтылдым. Қолымды шешіп алдым. Енді мен ұзаққа шабамын.
Ол орындықтың арқалығын алдына қарата аттай мініп отырып, ойын дауыстап айтқандай-ақ:
— Ұзаққа барамын... — деп қайталады.
Вальтер қария көзәйнегін маңдайынан түсірмеген күйі оған бажырая қарап тұрып, ішінен: "Иә, бұл оңбаған алысқа барар-ақ — деп ойлады.
Жорж орнынан тұрды.
— Мен қазір мақала жазамын. Әрине, сақтықты ұмытпау керек. Есіңізде болсын: міністір үшін бұл қатты соққы болады. Ол су түбіне кетті дей беріңіз. Оған ешкім қол ұшын созбайды. "Француз өміріне" енді оны қорғаштаудың түкке де қажеті жоқ.
Вальтер қария кішкене бұлталақтап тұрды да, ақыры қолын бір-ақ сілтеді.
— Тартынбаңыз, — деді ол, — өзіне де сол керек.
IX
Арада үш ай өтті. Дю Руа бұл арада айырылысуға қол жеткізіп, оның әйелі бұрынғы Форестье фамилиясын қайтып алды. Шілденің он бесі күні Вальтерлер Трувильге жүріп кетуді жоспарлады да, қоштасу үшін бір күнді қала сыртында өткізуге шешім қабылдады.
Серуен бейсенбі күнге белгіленді. Таңғы сағат тоғызда төрт ат жегілген алты орындық үлкен күйме бұларды жолға алып шықты.
Таңғы асты Сен-Жерменде, IV Генрихтің бақ ішіндегі үйінде ішу жоспарланған. Маркиз де Казольды жан-тәнімен жек көретін, тіпті түрін көргісі келмейтін Сүйкімді дос бұл сапарда жалғыз жігіт өзі болуға тілек білдірген. Алайда соңғы сәтте үй иелері таңертеңгілік граф де Латур-Ивеленді ала кетуді ұйғарды. Оған бұл жөнінде кешкісін хабар жіберілді.
Аттар Елисей даласы көшесімен желе жортып өтіп, осы жүріспен Булон орманын да артта қалдырды.
Онша ыстық емес, тамаша жазғы күн тамылжып тұрды. Көгілдір аспанда қарлығаш қанаттарынан пайда болған дөңгелек сызықтар әуеде көпке дейін тарқамай тұрып алатындай болып сезіледі.
Әйелдер жағы артта отырды: ортасында анасы, екі қызы екі жағында; еркектер оларға қарама-қарсы: Вальтер қонақтарын екі жағына ала жайғасты.
Сенаны, Мон-Валерьенді айналып өтті, Буживаль да артта қалды, одан соң Пекке дейінгі жол өзенді жағалады да отырды.
Розаға елжірей көз тастаумен болған жасы біразға келіп қалған граф де Латур-Ивеленнің адамда сирек кездесетін жақ сақалын жел ұйтқытуын қоймады (оны көрген Дю Руаның басына: "Жел оның сақалымен ойнауға құмар болды", — деген ой келді). Олар бір ай бұрын атастырылған болатын.
Жорж анда-санда Сюзаннаға қарап қойып отырды; олардың екеуі де боп-боз еді. Көздері кезігіп қалғанда екеуі тек өздеріне ғана белгілі нәрсе жайлы ойша тіл қатысқандай болады да, тез көздерін аударып әкетеді. Вальтер ханым бақытты әрі байсалды кейіпте отыр.
Таңғы ас ұзаққа созылды. Дю Руа Парижге оралмас бұрын үй алдындағы бастырмада қыдырыстауға ұсыныс жасады. Әуелі бәрі қабырғаны жағалай қаз-қатар тұрып, алдарынан ашылған көрініске тамашалай қарады. Ұзыннан-ұзақ көлбеу жатқан тау етегіндегі жасыл шалғында Сена алып айдаһардай ирелеңдеп, суын Мезон-Лафитке қарай әкетіп барады. Оң жақтағы төбенің жотасындағы Марлидің суағар науасы аспаннан дәу аяқтары жыбырлап салбырап түскен алып жұлдыз құрт сияқтанып көрінеді, ал Марлидің өзі төмендегі қалың орманнан көзге шалынбай қалыпты.
Бұлардың көз алдында жазылып жатқан кең-байтақ жазықтың әр жерінде шашырай орналасқан қыстақтар көрінеді. Кішігірім тоғайдың тозыңқы көгінің арасынан Везине тоғандары жылтырайды. Сол жақта, алыс бір жерден аспанға шаншылған үшкір Сартрувиль шіркеуінің мұнарасы асқақтайды.
— Әлемнің еш жерінен мұндай көріністі таппайсың, — деді Вальтер. — Тіпті Швейцарияның өзінде кездеспейтін әдемілік.
Бұлар аяңдап әрі қарай жылжыды, — бәрі де тағы біраз жүре түсіп, айналаға көз суаруды қалайды.
Жорж бен Сюзанна артта келе жатты. Алдағылар бірнеше адым ұзаған кезде ол қызға басын еңкейте түсіп, ақырын дауыспен сыбырлай сөйледі:
— Мен сізді ұнатамын, Сюзанна. Ессіз сүйемін сізді.
— Мен де, Сүйкімді дос, — деп сыбыр етті қыз.
— Егерде сіз маған әйел болмасаңыз, мен Парижде қалмаймын, Франциядан кетіп қаламын.
— Әкеммен сөйлесіп көріңіз. Мүмкін, келісіп қалар.
Жорждың тамағынан қарсылық белгісіндей асығыс дыбыс шықты.
— Жоқ, тағы қайталап айтамын: одан пайда жоқ. Сіздің үйдің есігі мен үшін тарс жабылады, мені саралқадан да айдап шығады, сізбен көрісудің өзі мұң болады. Ресми ұсыныс жасауым тек осылай ғана аяқталарына сене беріңіз. Сізді маркиз де Казольға беруді ұйғарып отыр. Ата-анаңыз сіз, әйтеуір, бір келіседі деп күтіп жүр.
— Сонда мен не істеуім керек? — деп сұрады қыз.
Жігіт бірден жауап қатпай, оның бетіне қиғаштай қарады.
— Мен үшін батыл қадам жасай алар ма едіңіз?
— Иә, — деді қыз ойланбастан.
— Жанкешті әрекетке?
— Иә.
— Әкеңіз бен анаңызға қарсы шығуға батылыңыз жетер ме екен?
— Иә.
— Шын ба?
— Шын.
— Онда жалғыз ғана бір әдіс бар. Бәрін мен емес, сіз бастауыңыз керек. Сіз бір үйдің алақанына салған еркесісіз, ешкім бетіңізден қақпайды, тағы бір тентектігі деп қоя салады. Енді құлақ салыңыз. Бүгін кешке, үйге келген соң анаңызбен ғана оңаша сөйлесіп көріңіз. Менің әйелім болғыңыз келетінін айтыңыз. Ол бұған, әрине, шектен шыға ашуланады...
— Жо, апам қайта қуанады! — деп Сюзанна сөзін бөліп кетті.
— Қуанбайды, — деді жігіт шешімді үнмен, — сіз анаңызды білмейсіз. Қайта әкеңізден әрман ашуға булығып, ызаланады, көріңіз де тұрыңыз. Бірақ сіз айтқаныңыздан қайтпай тұрып алыңыз, менен басқа ешкімге күйеуге шықпаймын деңіз. Жарай ма?
— Жарайды.
— Анаңыздан шыққан соң әкеңізге барып, үзілді-кесілді сенімді түрмен жаңағы сөзді оған да айтыңыз.
— Иә, иә. Ал содан соң?
— Одан арғысы ең маңызды қадам. Егер сіз өзіңізге сенімді болсаңыз, менің әйелім болуға шын бел байласаңыз, менің қымбаттым, менің кішкентай ғана Сюзаннам... онда мен... мен сізді алып қашамын!
Қыз қуанғаннан алақан соғып жібере жаздады.
— Неткен бақыт! Сіз мені алып қашасыз! Қашан, қашан?
Кітаптардан оқыған қараңғылықты жамылып қашып шығу, пошта тасушы арбалар, арзанқол асханалар, шытырман оқиғалар — шынға айналғалы тұрған сиқырлы түстей — қыз қиялын қозғап өтті.
— Қашан болады бұл? — деп қайта сұрады ол.
— Тіпті бүгін кешке... түнде, — деді жігіт ақырын ғана.
— Сонда қайда барамыз? — деп ынтыға сұрады қыз.
— Ол менің құпиям. Әр қадамыңызды сараптаңыз. Бірге қашқаннан кейін сіз менен басқа ешкімге күйеуге шыға алмайтыныңызды білуіңіз керек. Жалғыз жолы осы, бірақ ол... сіз үшін аса қауіпті жол..
— Мен сөзімнен танбаймын... — деді қыз. — Мен сізбен қалай кездесемін?
— Сіз үйден жалғыз шыға аласыз ба?
— Иә, мен қақпаны аша аламын.
— Онда былай, түн ортасында, есік күзетуші ұйқыға жатқаннан кейін, Келісім алаңына келіңіз. Мен Теңіз міністірлігінің алдында күймемен тосып тұрамын.
— Келемін.
— Міндетті түрде ме?
— Міндетті түрде.
Жігіт оның қолын қатты қысты.
— Мен сізді сүйемін! Сіз қандай жақсы, батыл едіңіз! Сонымен, сіздің маркиз де Казолға тұрмысқа шыққыңыз келмейтіні рас қой?
— Әрине, рас!
— Бүгін сіз осыны айтқанда әкеңіз қатты ашуланды ма?
— Ашуланғанда қандай! Мені монастырға жіберемін деді.
— Көріп тұрсыз ғой, батыл қимылдамасақ болмайды.
— Мен батыл боламын.
Қашып кету туралы ойға берілген ол алыс көкжиекке көз тікті. Мына жігітпен алысқа-алысқа сапар шегеді... Ол мұны алып қашады!.. Қыздың көкірегін мақтаныш кернеді. Ол өзінің абыройына дақ түсуі мүмкін екенін, ұятын ойлап жатпады. Бұл қадамы қайда бастарына да ой жүгірте алмады, оған өресі жетпейтін еді.
Вальтер ханым артына бұрылды.
— Қызым, мұнда кел! — деп дауыстады ол. — Неғып Сүйкімді дос екеуін кейіндеп қалдыңдар?
Бұлар қатарға келіп қосылды. Олар таяу арада Вальтерлер аттанғалы жатқан теңіз курорты туралы сөз етіп тұр екен.
Келген жолды қайталамас үшін, Шату арқылы қайтуға шешім қабылданды.
Жорж үнсіз отырды. Ол терең ойда еді. Сонымен, егер мына қыздың батылдығы жетсе, ол ақырында өз мақсатына қол жеткізбек. Үш ай бойы ол қыздың басын айналдырумен болды. Тек өзінің ғана қолынан келетін өнерін аямай жұмсап, қызды алдады, арбады, ақыры табындырып алды. Жеңіл ойлы қуыршақтың жанын жаулап алу аса қиынға түсе қоймады.
Ең алдымен ол қыздың маркиз де Казольге күйеуге шығудан бас тартуына қол жеткізді. Енді, міне, өзімен қашып кетуге көндіріп отыр. Бұдан басқа жол жоғына сендірді.
Вальтер ханым бұған қызын беруге ешқашанда келіспейтінін ол жақсы біледі. Әйел бұны әлі де сүйеді және өмір бойы сүйіп өтетін түрі бар. Оны Жорждың есепке құрылған салқындығы ғана тежеп келеді, әйтпесе үмітсіз де ырықсыз құмарлықтан мүжіліп жүргенін іші сезеді. Ол әйелді еш көндіре алмас еді. Мұның Сюзаннаға үйленуіне жол бермейді ол.
Ал қызды қолға түсіріп, ата-анасының қасынан алып кете алса, ол қыз әкесімен терезесі тең адамша келіссөз жүргізер еді.
Терең ойға батқан Дю Руа өзіне қарата айтылған сөздерге мән беріп жатпастан, қостай берді. Тек қалаға кірген кезде ғана бойын жиып алды.
Сюзанна да ойлы қалыпта келеді. Төрт аттың мойнына тағылған қоңыраулар шылдырлап, осы әуеннен оның көз алдына ай сәулесімен ғана ажыратарлық шетсіз-шексіз түнгі жол, қарауытқан орман, жол тоғысындағы арзанқол асхана, соңынан шыққан қуғын келіп қала ма деп асыға-аптыға аттарын ауыстырып жатқан арбакештер елесі көлбеңдеді.
Күйме зәулім үйдің ауласына кіріп тоқтаған кезде, Вальтерлер Жоржды түстік ішуге қалуға үгіттей бастады. Бірақ ол бас тартып, үйіне кетіп қалды.
Үйінде ол жеңіл ғана шайланып, дәп бір алыс сапарға шығатындай-ақ қағаздарын реттеуге кірісті. Кесірі тиеді-ау деген хаттарды отқа салды, біразын алысырақ тықты, кейбір достарына хат жазды.
Ара-арасында сағатына қарап қойған ол: "Қазір ана жақта нағыз майдан боп жатқан шығар", — деп ойлады. Көкейіне күдік жүгірді. Егер ойлағаны болмай қалса ше? Бірақ қорқатын не бар? Сүттен ақ болып шығу қиын емес. Дегенмен ірі ойынға бос тігіп отыр ол!
Он бірдің кезінде ол үйден шығып, біраз аяңдап жүрді, содан кейін күйме жалдады да, келісім алаңындағы Теңіз міністірлігінің қасына келіп тұрды.
Ара-тұра сіріңкенің шиін жағып, сағатына қарайды. Сағат он екіге жақындағанда ол шыдамсыздана бастады. Сәт сайын есіктен басын шығарып, Сюзанна келе жатқан жоқ па деп көз жүгіртеді.
Алысырақ жердегі бір сағат он екіні соқты, іле жақынырақ жердегі бір сағат, одан кейін екі сағат қосыла, ең ақырында мүлдем алыстан тағы бір сағат он екіні соқты. Соңғы қоңырау басыла бере ол: "Бәрі бітті. Құрыдым. Қыз келмейді", — деп ойлады.
Дегенмен таң атқанша күтуге бел байлады. .Мұндай жағдайда төзімді болған жөн.
Біраздан кейін он екіден он бес минут кеткенін, одан кейін он екі жарымды, сонан соң он бес минутсіз бірді және ақырында барлық сағат бағана он екіні соққанындай ретпен бірінен кейін бірі түнгі бірді соқты. Ол енді күтуді қойып, ана жақта не болып қалғанын түсінуге тырысып, бас қатырып отырған еді. Кенет күйме терезесінен әйел басы қылтиды.
— Сіз осындамысыз, Сүйкімді дос?
Ол орнынан ұшып тұрды. Тынысы тарылып кеткендей.
— Сюзаннасыз ба?
— Иә, бұл менмін.
Сасқанынан есіктің тұтқасын бұрай алмай жатып:
— Ә, бұл сіз бе... сіз... кіріңіз... — деп қайталай берді.
Қыз кірісімен оның қасына сылқ етіп құлай кетті. Жорж арбакешке: "Айдаңыз!" — деп айғай салды да, аттар ала жөнелді.
Сюзанна алқына дем алып, сөйлеуге тілі келе қоймады.
— Қалайша бұлай болды? — деп сұрады жігіт.
— О, сұмдық болды, әсіресе апаммен сөйлескенім сұмдық, — деп сыбырлады есінен тануға жақын отырған қыз.
Жорж толқығаннан дірілдеп кетті.
— Апаңызбен бе? Ол сізге не деді? Айтыңызшы.
— Айтары жоқ, сұмдық! Мен бәрін ойлап алдым да, кірісімен бірден ашық айттым. Ол бозарып кетті де, айқайға басты: "Ешқашанда! Ешқашанда!" Ал мен жыладым, долданып, сізден басқа ешкімге күйеуге шықпаймын деп ант-су іштім. Ол мені ұрып жібере ме деп едім. Есінен адасқандай қалшылдап, мені ертең-ақ монастырға жібермек болды. Мен оны мұндай күйде ешқашан көрген емеспін. Осы кезде айқай-шуды естіп, әкем кіріп келді. Ол апам құсап ашу шақыра қойған жоқ, бірақ сіздің мен үшін жақсы серік емес екеніңізді айтты. Олардың сөзіне ызаланған мен олардан да асыра айқайладым. Әкем өзіне тіпті жараспайтын қайғылы түрмен менің шығып кетуімді талап етті. Сол кезде мен сізбен қашуға белді бекем байладым. Сонымен, мен осында отырмын. Ал біз қайда барамыз?
Дю Руа оны белінен еркелете құшақтап, әңгімесін бір сөзін қалт жібермей тыңдады, оның әке-шешесіне жыны ұстады. Әйтеуір, қыздары қолында. Көкелерің көздеріне көрсетеді енді.
— Пойызға кешігіп қалдық, — деді ол. — Күйме бізді Севрге апарады, сонда қонып шығамыз. Ал ертең Ларош-Гийонға барамыз. Бұл Сена жағалауындағы, Мант пен Боннер арасында орналасқан қыстақ.
— Ал мен өзіммен ешқандай киім алған жоқпын. Соқа басым шығып кеттім, — деді Сюзанна.
Жігіт алаңсыз күлімсіреді:
— Ештеңе етпейді, сол жақта бір жөні табылар.
Күйме көшемен зырлап келеді. Жорж қыздың қолын алып, ақырындап, құрметпен сүйе бастады. Құр ғана аймалаумен тынуды ол білмейтін, сондықтан қызбен қалай сөйлесуді білмей дағдарды. Кенет оған қыз жылап отырғандай көрінді.
— Сізге не болды, қымбаттым? — деп үрейлене сұрады ол.
— Байғұс апам, менің жоқ екенімді білген болса, көз іле алмай жатқан шығар, — деді ол көз жасына булыға өксіп.
Вальтер ханым, шынында, ұйықтаған жоқ болатын.
Сюзанна бөлмеден шығып кеткенде, ол күйеуімен оңаша қалды.
Әйелдің ұнжырғасы түсіп, қапаланып отырды.
— Құдайым-ай! Бұл неғылғандары?
— Бұл ана қаскүнем оның басын айналдырып алды деген сөз, — деді Вальтер бұрқ етіп. — Казольден бас тартуға көндірген де сол. Ол оңбағанның көздегені қыздың жасауы ғана.
Вальтер ашу қысып, бұрыштан бұрышқа адымдап жүре бастады.
— Сен де соны маңыңа үйір ғып, еліктіріп, әлпештедің келіп, бұзауындай етіп сылап-сипап бақтың. Таңертеңнен кешке дейін естігеніміз: "Сүйкімді дос, Сүйкімді дос". Ал тарт енді жазасын!
Әйел бозарып кетті.
— Мен... еліктірдім бе?
— Иә, сен! — деп бетіне былш еткізді ол — Бәрің тек соны ғана көре қалдыңдар: анау Марель, Сюзанна, бәрің, бәрің. Сенің онсыз бір күн де тұра алмайтыныңды мен сезбеді ғой деймісің?
Вальтер ханым бойын тіктеді.
— Менімен бұлай сөйлесуге хақыңыз жоқ, — деді ол қайғылы дауыспен. — Менің сіз сияқты көше тәрбиесінде өспегенімді ұмытпаңыз.
Күйеуі іркіліп қала жаздады да, қайта ашуға басып: "Құрыңдаршы бәрің!"— деп, есікті тарс жауып шығып кетті.
Жалғыз қалған Вальтер ханым әйелдік түйсікпен айнаға ұмтылды — жаңағы естігендері соншалықты жан сенгісіз сұмдық болып көрінгені сондай, өзін демде қартайып кеткендей сезінді. Сюзанна Сүйкімді досқа ғашық боп қалған! Сүйкімді дос Сюзаннаға үйленгісі келеді! Жоқ, ол қателеседі, бұлай болуы мүмкін емес! Әрине, қыздың сұлу жігітті ұнатуы мүмкін, ол өзін соған күйеуге бере қояды деп шолжаңдауы мүмкін. Ал жігіт? Жігіт онымен астыртын сөз байласуы мүмкін емес! Вальтер ханымның ойы аяқ астынан ауыр қайғы көрген адамдай шатасып кетті. Жоқ, Сүйкімді дос Сюзаннаның қылығынан хабарсыз болар.
Ол жігіттің бұл жерде қатысы бар ма, жоқ па деген ой төңірегінде ұзақ бас қатырды. Егер қызды айдап салған сол болса, неткен оңбағандық!
Енді не болмақ? Алда тек қана қауіп, азап күтіп тұрғандай болып көрінді әйелге.
Егер жігіттің қатысы болмаса, онда қорқатын ештеңе жоқ. Сюзаннаны жарты жылдай саяхатқа жіберсе, бәрі ұмытылады. Бірақ осыдан кейін өзі оған қалай қарар екен? Оны әлі күнге сүйетіні рас. Бұл құштарлық жүрегіне жебеше қадалып қалған, жұлып тастау мүмкін емес. Онсыз өмір сүруді ойлаудың өзі қорқынышты. Одан өлген артық.
Сағыныш пен күдік қамауында ол ұзақ жатты. Түсініксіздік пен ауыр ойдан басы солқылдап ауырды. Мына жағдайдың шешімін таба алмай сарсаң қылған белгісіздік торығуға ұласты. Сағатына қарап еді: екі болып қалыпты. "Мен шыдай алар емеспін, — деді ол өзіне-өзі, — ақылымнан адасатын түрім бар. Бәрін біліп алу керек. Сюзаннаны оятып, бәрін де сұрап білейін".
Тықырын сездірмес үшін бәтіңкесін шешіп, қолына майшам алды да, қызының бөлмесіне қарай беттеді. Есікті ақырын ашып, кереуетке көз салды. Төсектің қыры сынбапты. Алғашында ойына жамандық оралған жоқ, — қызы әлі әкесімен айтысып-тартысып жүрген болар деп ойлады. Кенет бірдеңеден секем алған әйел күйеуінің бөлмесіне қарай тұра жүгірді. Құп-қу болып алқынған күйі оның жатын жайына асығыс кіріп келді. Вальтер төсекте кітап оқып жатыр екен.
— Не боп қалды? Не болды саған? — деп үрейлене сұрады ол.
— Сюзаннаны көрдің бе?
— Мен? Жоқ. Не болды?
— Ол.. ол.. кетіп қалыпты. Бөлмесінде жоқ.
Вальтер төсегінен қарғып тұрып, аяқ киімін іле салды да, түнгі көйлегімен қызының бөлмесіне қарай жүгірді.
Кіріп келгенде-ақ ол бәрін ұқты. Қызы қашып кеткен.
Ол креслоға сылқ етіп отыра кетті де, шамды еденге қойды.
Әйелі соңынан ілесе кірді.
— Иә, не? — дегенді әзер айтты ол.
Вальтердің жауап қатуға да, ашулануға да шамасы қалмапты.
— Бәрі бітті,— деді ақырында ол ыңырси тіл қатып, — қыз соның қолында. Біз құрыдық.
Әйелдің жүзінде түсінбестік байқалды.
— Құрығаны несі?
— Оп-оңай құрыдық. Енді оларды үйлендірмеске әліміз жоқ.
Әйелдің көмейінен аң ырылына ұқсас дыбыс шықты.
— Оған! Ешқашанда! Есіңнен адасқанбысың?!
— Ұлығаннан пайда жоқ, — деді Вальтер жабырқау жүзбен. — Ол қызды алып кетіп, абыройын төкті. Енді қалғаны екеуін қосу ғана. Егер ақылмен істесек, ешкім сезбей де қалады.
— Бермеймін, бермеймін Сюзаннаны оған! — деп қайталай берді бүкіл денесімен қалшылдап кеткен әйел. — Ешқашанда келіспеймін!
— Қызды торына түсіріп те қойды ғой ол — деп Вальтер күйзеле сөйледі. — Іс бітті. Енді біз келісім бергенше ол оны босатпай, тығып ұстайды. Сондықтан жанжал шығармас үшін, біз қазір келісуіміз керек.
Вальтер ханымның ешкімге батып айта алмайтын қайғыдан іші ит ұлығандай ашыды.
— Жоқ, жоқ! Мен келіспеймін! — деп қайталай берді ол.
Күйеуі шыдамай кетті.
— Келіспегенде не істейсің! Басқа жол жоқ. Ah, оңбаған-ай десеңші, жанды жерден ұстағанын қарашы!.. Қулығына найза бойламайды! Тегі жағынан біз одан да артығын табар едік, ал ақылы мен мансапқорлығы жағынан ешкім мұның шаңына ілесе алмас. Оның болашағы зор. Депутат та, міністір де болады ол
— Мен оған Сюзаннаны ешқашан бермеймін... — деп мәлімдеді Вальтер ханым әлдеқандай өшпенділікпен. — Естіп тұрмысың?.. Ешқашанда!
Ақыр аяғында Вальтер ызаланып, парасатты адам ретінде Сүйкімді достың жағына шығып алды.
— Аузыңды жап енді... Айтып тұрмын ғой, осылай етпесек болмайды деп. Кім біледі? Мүмкін, кейін өкінбейтін болармыз. Мұндай адамдардың кім болып шығарын алдын ала болжау қиын. Оның ана Ларош-Матье ақымақты үш-ақ мақала жазып аяғын аспаннан келтіргенін көрдің ғой, оның үстіне өзінің абыройына шық жуытқан жоқ, ал алданған еркек жағдайында қалу оған адам айтқысыз емес пе? Келешек көрсетер. Әзірге ол бізді алқымнан алып тұр, судан таза боп сытылып шыға алмаймыз.
Әйел жерге жата қап шыңғыра домалағысы, өз шашын өз жұлып-жұлып алғысы келді.
— Ол қызды ала алмайды!.. — деп көкбеттене қайталады ол — Мен бер... мей... мін!..
Вальтер орнынан тұрып, шамды қолына алды:
— Сен барша әйелдер сияқты ақымақсың. Сендер тек сезім жетегінде кетесіңдер. Жағдайға бейімделу дегенді білмейсіңдер. Ал мен ол екеуін үйлендіремін. Сөз бітті!
Аяқ киімін сүйрете басып ол бөлмеден шығып кетті. Ұйқыға бөккен зәулім үйдің кең дәлізімен елес құсап елегізи жылжыған ол өз жатынжайына сып беріп жоғалды.
Вальтер ханым орнынан қозғала алмады, — айтып жеткізгісіз қайғы алқымынан алып буындырып тұрғандай. Ол болған оқиғаны ақыл елегіне салып таразылауға да дәрменсіз. Тек азап шегуде. Осылай қозғалыссыз таң атқанша тұра беруге де шамасы жоғын сезеді. Жүгіріп шығып, басы ауған жаққа қаңғып кеткісі келеді, жұрттан көмек, жәрдем тілегісі келеді.
Кімнен жәрдем сұраса екен? Кімге барса екен? Кім... кім... Қасиетті әкейге! Иә, қасиетті әкейге! Соның аяғына жығылып, бәрін мойындайды, күнәкарлығын айтады, мына қасіретін баяндайды. Ол ана жексұрынның Сюзаннаға үйленуге болмайтынын түсінеді де, оған жол бермейді.
Тез қасиетті әкейді табу керек!
Бірақ оны қайдан табады? Дәл қазір қайда жүгіргендей? Мына жерде қалуға да төзімі жетер емес.
Осы сәтте оның көз алдына су үстімен жүріп келе жатқан Исаның жарқын бейнесі елестей қалды. Ол Исаны дәл қазір суретке қарап тұрғандай анық көрді. Демек ол мұны шақырып тұрғаны.
Ол бұған: "Маған кел. Аяғыма жығыл Мен сені жұбатамын, не істеу керегін айтып беремін", — деп тұрғандай еді.
Әйел қолына майшам алып, төмен түсті де, жылыжай жаққа беттеді. Иса ең түкпірдегі, кенепті ылғалдан сақтау үшін шыны есігі үнемі жабық тұратын кішігірім орналасқан болатын.
Мұны бір ғажайып орман арасындағы кішкентай шіркеуге ұқсатуға да болар еді.
Бұған дейін қысқы бақты тек күндізгі жарықта ғана көріп жүрген Вальтер ханым қазір кіріп келгенде, қаракөлеңке ну тоғайдың көрінісіне еріксіз таңданды. Жайқалып тұрған ыстық жақ өсімдіктерінің иісі адамды мас қылғандай. Есік-терезе жабық болғандықтан, ерекше ағаштардың өзгеше иісі адамды азапты рақатқа бөлеп, тұла бойды қоздыра балқытып, жан тапсырар алдындағыдай қалжыратқан мамыражай сезімге бөлейді.
Байғұс әйел аяғын үрейлене аңдып басады: майшамның жалпылдақ жарығы түнек қойнауынан таңғаларлық өсімдік бейнелерін суырып шығарған кезде, көзіне бірде жан шошырлық құбыжықтар, әлдебір елес бейнелер немесе қисық-қыңыр кесірсіз бірдеңелер болып шалынады.
Кенет Исаны көзі шалып қалды. Арасын бөліп тұрған есікті аша сала әйел тізерлеп құлай кетті.
Әуелі ол ынты-шынтысымен жалбарынып, құдайға деген бар сүйіспеншілігін жеткізуге тырысып бақты. Содан кейін дұға оқуы саябырлаған кезде құдай бетіне көз салған әйел қорқыныштан дірілдеп кетті. Майшамның әлсіз жарығы төменнен әрең жарықтандырып тұрған ол осы сәтте Сүйкімді достың нақ өзі болып көрінді, құдай емес, ашынасының өзі қарап тұрғандай еді әйелге. Иә, соның көзі, соның маңдайы, соның бет бейнесі, соның салқын да тәкаппар көзқарасы.
"Құдайым! Құдайым! Құдайым!" — деп сыбырлады ол. Ал аузына Жорж есімі ілінді. Кенет оның басына, мүмкін, дәл осы сәтте Жорж өзінің қызын құшып жатқан болар деген ой келе қалды. Бір жерде, бір бөлмеде екеуі ғана, оңаша. Ол, ол Сюзанна екеуі!
— Құдайым-ай!.. Құдайым-ай! — деп жанталаса күбірледі Вальтер ханым. Алайда ойы қызы мен ашынасы төңірегінен айналшықтап шықпайды. Екеуі бір бөлмеде... ал далада түн. Әйел оларды көріп тұр. Мына суреттің орнында солар тұрғандай анық көріп тұр. Олар бір-біріне күле қарайды. Сонан соң сүйісті. Бөлме қап-қараңғы. Төсекте көрпе түріліп қалған. Әйел орнынан тұрды: қазір қастарына жетіп барып, Сюзаннаны шашынан шап береді де, ананың қойнынан суырып алады. Содан кейін сол оңбағанға құшағын ашқан жексұрын қызын қылқындырып, тұншықтырып өлтіреді. Міне, қолына қызы ілікті-ау... алайда бұл кенеп еді. Ол Исаның аяғын сипалады.
Шыңғыра айқай салған әйел бүгіле құлады. Майшам төңкеріліп, сөніп қалды.
Одан кейін не болды? Көпке дейін қорқынышты бірдеңелер маза бермей қойды. Құшақтасқан Жорж бен Сюзанна көз алдынан кетпей тұрып алды, ал Иса олардың қылмысты істеріне бата беріп жатқан сияқты.
Ол өз бөлмесінен басқа жерде жатқанын еміс-еміс сезеді. Орнынан атып тұрып, жүгіре жөнелмек болады, бірақ әл-дәрмені жоқ. Бір алапат күш оның аяқ-қолын құрсаулап тастағандай, қозғала алар емес, алайда санасы еркін сияқты, бірақ оның өзі тұманданып, шындықтан алыс бір құбыжықтар әлеміне алып кеткен, ыстық жақта өсетін әрқилы ағаштардың сейілмей тұрған қою хош иістерінен басы айналған әйел қорқынышты түс көріп бастырылғандай қалыптан енді қайтып оянбастай өлі ұйқыға батып бара жатты.
Ертеңгілік ес-түссіз талып жатқан Вальтер ханымды "Су үстімен жүріп келе жатқан Исаның" қасынан тауып алды. Оның жағдайы аса қауіпті десті. Ол тек келесі күні ғана ес жинады. Сол-ақ екен еңіреп жылай бастады.
Сюзаннаның жоқтығын түсіндіру үшін, қызметшілерге ол аяқ астынан монастырға жүріп кетті делінді. Дю Руадан ұзақ етіп жазылған хат алған Вальтер оның Сюзаннаға үйленуіне келісім беретіндігін айтып жауап жазды.
Сүйкімді дос бұл хатын үйінен шығарда жазып, Парижден шыға бергенде пошта жәшігіне тастап кеткен-ді. Бұл хатында ол асқан сыпайылықпен өзінің Сюзаннаны көптен жақсы көріп жүргендігін, бірақ екеуінің арасында алдын ала ешқандай сөз болмағандығын, алайда қыз өз аяғымен келіп: "Мен сіздің әйеліңіз болғым келеді", — дегенде, оны өзінің қасында қалдыруға және ата-анасынан жауап алғанша тыға тұруға мәжбүр болғанын жазыпты, дегенмен өзі үшін олардың жауабынан қалыңдықтың тілегі анағұрлым маңызды, екенін де білдіріпті.
Ол Вальтер мырзаға жауабын хат алушы өзі келіп алатын хат түрінде жіберуді өтініп, достарының бірі алып өзіне салып жіберетінін білдіріпті.
Дю Руа тілеген хаты қолына тигеннен кейін Сюзаннаны Парижге алып келіп, үйіне жіберді, бірақ өзі оның әке-шешесімен бет көрісуден әзірге тежеле тұруды жөн көрді.
Ларош-Гийонда, Сена жағалауында олар алты күн болды.
Сюзанна үшін бұл керемет көңілді күндер еді. Ол өзін бақташы қыздай сезінді. Дю Руа оны қарындасым деп таныстырды. Шынында да, екеуінің арасында бір жақындық, сонымен қатар таза қатынас орнады. Ларош-Гийонға келісімен қыз келесі күні-ақ өзіне іш киімдер мен ауыл киімдерін сатып алып, дала гүлдерімен әшекейленген үлкен ши қалпақ киіп, балық аулауға кетті. Дала оған ғажап әдемі болып көрінді. Осы далаға жарасқан көне мұнара мен көне замок та оған керемет ұнады.
Жорж жергілікті саудагерден сатып алған күртені киіп, Сюзаннамен өзен жағасында қыдырды, қайықпен серуендеді. Олар сәт сайын сүйіседі. Қыздың сүйісі күнәсіз, ал жігіт құштарлығын әзер тежейді. Ол қызға: "Ертең Парижге қайтамыз, әкеңіз некелесуімізге келісімін берді", — дегенде, қыз жай ғана:
— Қалай тез? Маған сізге әйел болу ұнап қалды! — деді.
X
Константинополь көшесіндегі шағын пәтердің іші қараңғы еді, — Клотилда де Марель есіктен кірген бетте Жоржбен қақтығысып қалды да, оның терезе қақпағын ашуына мұрша берместен, бірден бас салды:
— Сонымен, сен Сюзанна Вальтерге үйленбексің бе?
Жорж бірден мойындады.
— Не, сен естімедің бе? — деп сұрады ол.
— Сен Сюзанна Вальтерге үйленбек екенсің ғой? — деп қайталады әйел ызғарлана сөйлеп. — Мұның енді шектен шыққандық! Шектен шыққандық! Үш ай бойы менің алдымда жылпылдап жүргенің көз алдау екен ғой. Менен басқаның бәрі біліп алыпты. Ал мен күйеуімнен естимін!
Дю Руа еріксіз күліп, қалпағын ашық пештің жиегіне ілді де, креслоға отырды.
— Демек сен әйеліңнен ажыраса салысымен қармақ лақтырған екенсің ғой, ал мені уақытша пайдалану үшін ұстап жүрген болдың ғой? — деп, бетіне қадала қараған әйел ызбарлана сыбырлады. — Қандай оңбаған едің!
— Соншалықты не болды? — деп сұрады Жорж. — Әйелім көзіме шөп салды, мен оның үстінен түскеннен кейін ажырастым, енді басқаға үйленбекпін. Онда тұрған не бар?
— Неткен қу әрі қауіпті жексұрын едің! — деді әйел даусы дірілдей шығып.
Жігіт езу тартты.
— Сайтан алғыр! Есалаңдар мен ашықауыздар қашанда сыбағадан құр қалады.
Алайда әйел өз ойынан қайтпады.
— Мен сенің мұндай екеніңді басында неге байқамадым екен? Сені мұндай оңбаған деп ойласамшы.
— Байқап сөйлеуіңді өтінер едім, — деп, намыстана ескертті жігіт.
Әйел өршелене түсті:
— Не? Мен сенімен ақ қолғап киіп тұрып сөйлесуім керек екен ғой? Сен мені ылғи қорлайсың, ал мен ауыз ашпауым керек екен ғой? Сен жұрттың бәрін алдап түсіресің, өз керегіңе пайдаланасың, тоят алу мен қомақты пайда табуға келгенде қызыл көрген қырғидайсың, осыны көре-біле тұра мен сенімен парасатты адамша сөйлесуім керек екен ғой!
Ерні дірілдеп кеткен жігіт орнынан тұрды.
— Аузыңды жап, әйтпесе мен сені қуып шығамын.
— Қуып шығасың... Қуып шығасың... Сен мені қуып шығасың ба... сен... сен?..
Клотильданың долданғаны сондай, аузына сөз түспей қалды, кенет ашуын тежеп тұрған бөгесіні бұзылып кеткендей, аузынан сөз тасқыны ақтарылды дейсің:
— Мені қуып шығады екенсің ғой! Ал мына пәтер үшін басынан-ақ мен төлеп келгенімді ұмыттың ба? Ә, иә, ара-тұра сен де төлеп келген екенсің ғой? Ал оны жалдап алған мен болатынмын. Мен... Сақтап қалған кім?.. Мен... Тағы мені қуып шықпақсың. Сөйлеме, арсыз! Сенің Мадленадан Водрек қалдырған мұраның жартысын ұрлап алғаныңды мен білмейді ғой деймісің? Сюзаннаны өзіңе күйеуге шығуға мәжбүр ету үшін, төсекке сүйрегеніңді мен білмейді екем ғой...
Жорж оны иығынан шап беріп жұлқып-жұлқып жіберді.
— Ол туралы ештеңе айтпа! Айтушы болма.
— Сен онымен жатып жүрсің, мен білемін! — деп айғайлады әйел.
Жорж оның бар сөзін көтерер еді, бірақ мына жаласы күйдіріп жіберді. Ол шындықты бетіне басқанда жүрегі тарсылдай соғып кетті, ал қалыңдығына жала жабуынан ашуы қозғаны сонша, Клотильданы ұрып жібергісі келіп қолы дірілдеп кетті.
— Жап... жап... аузыңды жап... — деп қайталаған ол әйелді жемісін жерге түсіргісі келген ағаш бұтағындай сілкіледі.
Шашы қобырап кеткен ол ессіз адамдай бар даусымен бақырып жіберді.
— Сен онымен жатып жүрсің!
Жорж әйелді бар күшімен салып жібергенде, ол қабырғаға барып құлады, бірақ төрттағандап тұра бере тағы бақырды:
— Сен онымен жатып жүрсің!
Жорж атылып барып әйелді жұмарлай жығып салды да, әйел емес, еркекті ұрғандай-ақ төмпештей жөнелді.
Клотильданың үні өшті, тек соққы тиген сайын ыңқ-ыңқ етеді. Ол қозғалыссыз қалды. Бетін қабырға бұрышына тығып алып, аянышты ыңырсыды.
Ақырында Дю Руа оны ұруын қойып, орнынан тұрды. Өз-өзіне келу үшін әрі-бері адымдап біраз жүрді. Содан кейін сәл ойланып, жатын бөлмеге өтті, легенге суық су құйып, оған басын тығып алды. Сол суға қолын да жуып, құрғата сүртті де, әйелдің қандай күйде жатқанын байқау үшін қасына жақындады.
Клотильда сол орнында жатыр еді. Еденде жатқан қалпы өксіп қояды.
— Жылауыңды қоймайсың ба? — деп сұрады ол.
Ол жауап қатпады.
Бөлменің ортасында сілейіп тұрған жігіт жайрап жатқан денеге аздап абыржи, қысыла қарады. Ақыры, ұялысын жеңіп, ашық пештің үстіндегі қалпағын алды.
— Қош бол. Кетеріңде кілтті күзетшіге бере саларсың. Сен түрегеп болғанша күтетін уақытым жоқ.
Ол есікті жауып шығып кетті де, жолай есіктегі күзетшіге бұрылды.
— Ханым қазір шығады,— деді ол. — Қожайынға айта салыңыз, қазан айының бірінен пәтерін қайтып алсын. Бүгін тамыздың он алтысы, демек мен дәл уақытында ескертіп тұрмын.
Ол дүкен аралап, қалыңдығына сыйлық сатып алмақ болған-ды.
Үйлену тойы қазан айының жиырмасында, парламент демалысы аяқталысымен өткізілмек болған. Неке қию Магдалина шіркеуінде өтеді. Бұл той хабары көптің аузында жүр, бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Әр түрлі сөздер айтылуда. Алып қашу туралы да сөз болды, бірақ анық-қанығын ешкім білмейді.
Вальтер ханым болашақ күйеу баласымен сөйлеспейді; малайлардың айтуынша, бұл мәселе сөз болысымен ол қызын монастырға аттандырып, өзі ызадан у ішкен көрінеді.
Жұрт оны ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Содан әлі өз-өзіне келетін түрі көрінбейді. Өзі тез арада қартайып шыға келіпті; шашы аппақ боп кеткен. Басы бүтін дінге беріліп, жексенбі сайын шіркеуге барады.
Қыркүйектің басында "Француз өмірі" Вальтер мырза тек баспа иесі болып қалатынын, ал бас сарашы міндеті барон Дю Руа де Кантельге ауысатынын хабарлады.
Сонымен қатар көптеген белгілі фельетоншы, тілші, көсемсөзші, көркем әдебиет және театр сыншысы жұмысқа қабылданды. Оларды баяғыдан шығып келе жатқан беделді де орнықты газеттерден мол ақшамен қызықтырып, тартып алды.
Мосқал тартқан құрметті де атақты журналшылар енді "Француз өмірінің" атын естігенде, иықтарын көтермейтін болған. Ол аз уақытта толық жеңіске қол жеткізе білді, сондықтан да байыпты әдебиетшілердің оған деген алғашқы көзқарасы түбегейлі өзгеріске ұшырады.
Жорж Дю Руа мен Вальтерлер отбасы біраздан бері жалпы жұрттың әуесқойлығына айналған, сондықтан да "Француз өмірі" газеті бас сарашысының үйлену тойы Париждің басты маусымдық жаңалығы болып қабылданды. Қысқа хабарларда аты аталатындардың бәрі де некелесу рәсіміне міндетті түрде қатысуға шешім қабылдады.
Бұл оқиға күздің бір жаймашуақ күнінде өтті.
Таңғы сағат сегізде Король көшесіндегі Магдалина шіркеуінің қызметшілері өтіп жатқан жұрттың назарын аудара кіреберіс биік баспалдаққа жалпақ қызыл кілемді төсеп жатты, — олар осынысымен-ақ париждіктерге мұнда бір ұлы салтанат өткелі жатқанын аңғартты.
Кеңселеріне беттеген қызметкерлер, қарапайым жұмысшы әйелдер, сатушылардың бәрі мына көрініске тоқтай қалып қарап, дәулеттілер өздерінің неке қию рәсіміне қаншалықты мол шығынданатынына ой жүгіртті.
Сағат онға таман қызық көруге ынтыққандар біраз жиналып қалды. Әне-міне басталып қалар деп ойлаған олар біраз тұрғаннан кейін тарап кетті.
Сағат он бірде полиция келіп жетті, сәт сайын топ-топ адам жиналып қалатынын байқаған олар тобырды таратуға кірісті.
Ұзамай шақырылғандардың алды — ештеңені қағыс қалдырмас үшін жақсы орындарды иеленіп алмақ болғандар — келе бастады. Олар басты орынға жағалай жайғасты.
Іле-шала өзгелері де келе бастады: жібек көйлектері судыраған ханымдар мен шетінен бастары жалтыраған, ақсүйек жандарға тән мүлтіксіз қимыл-қозғалысы бұрынғыдан арман маңыздана түскен тәкаппар еркектер.
Шіркеу біртіндеп лық толды. Кең ашылған есіктерден сауылдай құйылған күн сәулесі алғашқы қатардағы орындықтарды жарқыратып жіберіпті. Ал осы жарқыраған кіреберіспен салыстырғанда, айнала майшамдармен қоршалған биік үстелдің айналасы сарғыш сәуледен күңгірт тартып, төр жақ қаракөлеңке көрінеді.
Жиналғандар жан-жағына көз салып, бір-біріне белгі беріп шақырып, топтанысып тұр. Ақсүйектерден гөрі ықыласқа сараң әдебиетшілер күбірлесе әңгіме-дүкен құруда. Еркектер жағының көзі әйелдерде.
Таныстарынан біреу-міреу кездесіп қала ма дегендей мойнын созған Норбер де Варен ортаңғы қатарлардың бірінен Жак Ривальді көзі шалып, қасына жақындады.
— Сонымен, — деді ол, — болашақ алаяқтардың қолында!
Риваль қызғаншақ емес-ті.
— Оның жолы болды, — деп қарсылық білдірді ол — Мансапқа төте асу тапты.
Енді олар айналаға көз салып, жиналғандарды атай бастады.
— Оның әйелі не болғанын білмейсің бе? — деп сұрады Риваль.
Ақын езу тартты:
— Білем десем де болады. Естуімше, ол Монмартр ауданында оңаша өмір сүріп жатқан көрінеді. Бірақ... осы жерде бір кілтипан бар. Біраздан бері "Қаламсап" газетінен мен Форестье мен Дю Руаның жазғандарына айнымай ұқсайтын саяси мақалаларды оқып жүрмін. Оның аяғына Жан Ледоль атты жас жігіт қол қояды; көркем де ақылды, біздің Жорж досымыз тектес бұл жігіт оның бұрынғы әйелімен жуырда танысыпты. Осыған қарап мен ол әйел қашаннан-ақ жаңадан жаза бастағандарға тәлім бергенді ұнатады-ау деп ойлаймын. Оның үстіне байлығы өзіне жетерлік. Водрек пен Ларош-Матьенің сол үйде қонақ болып шықпай қойғаны тегін дейсің бе.
— Кіп-кішкентай болып алып сол Мадленаң бәле, — деді Риваль. — Мүттайым, жылпос әйел! Жақын танысқанды баурап алатын қасиеті бар болуы керек. Бірақ менің бір түсінбейтінім — Дю Руа ресми ажырасқаннан кейін қалайша шіркеуде некелесіп жатыр?
— Өйткені шіркеу оны әлі үйленбеген деп санайды, — деп жауап берді Норбер де Варен.
— Қалайша?
— Дінге құлықсыз болғандықтан, мүмкін, артық шығынға барғысы келмегендіктен, біздің Сүйкімді досымыз Мадлена Форестьемен қала басшылығында тіркелгені жеткілікті деп санаған көрінеді. Қысқасын айтқанда, олар дінбасының батасын алмағандықтан, ол некелері шіркеу-анамыздың көзқарасы бойынша әншейін тамырлық қана. Сондықтан ол бүгін шіркеу табалдырығын бойдақ болып аттамақ, ал шіркеу Вальтер қарияның қалтасын біршама жеңілдететіндей даярлық жасап жатқанын көзің көріп тұр ғой.
Үсті-үстіне келіп жатқан халықтың гуілі храм күмбезінің астын кернеп барады. Кейбіреулер тіпті айғайлап сөйлеседі. Көпшілік бір-біріне саусақтарымен нұсқап көрсетіп жатқан атақтылар да келіпті: олар жұрттың мұнысын ризалықпен қабылдап, өздерінің әбден меңгеріп алған мәнерлерінен бір ауытқымай, өздерін осы тобырдың сәнін енгізетін көркем туындыдай сезініп, басқа да мереке-мейрамдардағы сияқты жарқылдап жүрді.
— Қымбатты достым! Сіз бастықтың үйіне жиі барып жүресіз ғой, — деп сөзін жалғады Риваль, — айтыңызшы, Вальтер ханымның Дю Руамен сөйлеспейтіні шын ба?
— Шын. Ол кісі қызын бұған бергісі келмепті. Ал Дю Руа қайдағы бір өлген кісілер -Мароккода көмілген мәйіттер турасында қарияның құпиясын әшкерелеймін деп қорқытып, уысына мықтап түсірген сияқты. Вальтер Ларош-Матьенің тағдырын еске алып, сылқ түссе керек. Ал барша әйелдер сияқты алған бетінен қайтқысы келмеген анасы күйеу баласының бетіне қарамаймын деп ант еткен көрінеді. Олар бірге отырғанда мырс етпей қалу қиын. Вальтер ханым қақиған тас мүсін — кек қайтарушы мүсіні сияқты, ал Дю Руа өзін сондай қолайсыз сезінеді, бірақ сыр бермейді, — басқа-басқа, ол жігіт көлгірсуге ұста ғой!
Бұлармен әдебиетшілер амандасып жатты. Саясат туралы әңгімелер үзігі құлаққа шалынып қалады. Ал кіреберіс есіктен шіркеу алдында жиналып тұрған халықтың жарға соққан толқын дыбысындай тұтас гуілге айналған үні күн сәулесімен таласа ішке еніп, храм ішіндегі игі жақсылардың бірқалыпты күбір сөздерін баса-көктеп күмбез төрінде қалықтап тұрды.
Міне, қақпашы айбалтасының сабымен тақтай еденді үш рет соғып-соғып жіберді. Жұрт жаппай бұрылып, орындықтар қозғалып, көйлектер сусылдап кетті. Күн сәулесі төгілген есіктен әкесінің қолтығынан ұстаған жас қыз көрінді.
Ол бұрынғыша қуыршаққа ұқсас еді — ақсары шашты әдемі қуыршақты көзге елестетеді.
Кіре бере сол бөгелген ол енді алға аттай берген сәтте орган даусы күркірей жөнелді, аса зор металл шыңылымен ол некелесушілердің келгенін жұртқа жария етті.
Сүп-сүйкімді ойыншыққа ұқсаған қалыңдық сәл абыржулы көрінді, басын төмен салғанменен, жасқаншақтаудан аулақ. Ханымдар оған күле қарап, сыбырласып жатты. "Сүйкімді, көрікті екен", — деп күбірлесті еркектер жағы. Вальтердің өңі бозарыңқы, көзәйнегі сұстана жалтылдап, маңғаздана басып келе жатыр.
Бұл қуыршақ қалыңдыққа нөкер болып ерген бірінен-бірі әдемі төрт құрбысының бәрі алқызыл киім киіпті. Өздерінің атқарар міндеттеріне толық сай мұқият таразыланған төрт куәгер балетмейстердің жетекшілігімен келе жатқандай қозғалады.
Бұлардың соңынан өзінің екінші күйеу баласының әкесі, жетпіс екі жастағы маркиз де Латур-Ивеленді қолтығынан алған Вальтер ханым келеді. Ол жүріп емес, сүйретіліп келеді; енді бір аттаса, есінен танып құлап түсетін адамның түрі. Оның түріне қараған жан еденге жабыса беретін аяғын әрең көтеріп келе жатыр деп ойлардай еді, ал жүрегі кеудесін жарып шыққысы келіп талпынған тордағы аңдай бұлқынады.
Ол азып кетіпті. Шаршаңқы жүзін көмкерген шашының ағы өңінің қуқылдығын айқындай түскен.
Ешкімді көргісі келмегендей немесе жанын жеген ойдан арыла алмағандай, тура алдына ғана қадалып алған.
Олардан кейін бір мосқалдау, ешкім танымайтын әйелдің қолтығынан алған Жорж Дю Руа көрінді.
Басын кекжите көтеріп, қастарын түйістіре, салқын көзқараспен ол да алдынан көз алмайды. Мұрттарының ұшы тікірейіп кеткен. Бәрі оны өте сұлу жігіт деп қабылдады. Оның сымбатты дене бітімі, қыпша белі, түп-түзу аяқтарына жұрт тамсанып жатты. Омырауында Құрметті легион орденінің таспасы жарқырап көрінген фрагі өзіне құйып қойғандай.
Одан кейін жұрт сенатор Рисоленді қолтығынан алған Розаны көрді. Ол бұдан бір жарым ай бұрын ғана күйеуге шыққан болатын. Граф де Латур-Ивелен виконтесса де Персмиурді қолтықтап келеді.
Салтанатты шерудің соңында Дю Руаның жаңа туысқандарына таныстырмақ болған таныстары мен достарынан тұратын ала-құла топ — олардың арасында Париж қоғамына белгілі болып көзге түсе бастағандары да, байлыққа қол жеткізген мансапқұмарға қас қаққанша жан аямас дос болып, қажет болса тіпті екі туып бір қалғаны бола салуға даяр жандар да бар, — құлдырап, қайыршыланған, атақ-беделі күмәнді дворяндар тобы келе жатты. Олардың арасында Бельвин мырза, маркиз де Банжолен, граф және графиня де Равенельдер, герцог де Раморано, князь Кравалов, шевалье Валреали жоне Вальтер шақырғандардан: князь де Герш, герцог және герцогиня де Феррачинилер, сұлу маркиза де Дюн бар. Осылардың арасында келе жатқан Вальтер ханымның туысқандарын тәкаппар-ауылдық түрлерінен танып алғандайсың.
Ал орган әлі күркіреп тұр; аспанға бағытталған тұрбалардың жарқыраған көмейлері жердегі қуаныш пен қайғы сазын зәулім храм ішіне біркелкі ырғақты дыбыстар арқылы жария етіп жатты.
Екі жақтаулы салмақты есік жабылды да, осы жерден күн сәулесін қуып шыққандай-ақ шіркеу іші бірден қараңғы тартты.
Майшам жарқыратқан мехрап алдындағы алаңшада Жорж қалыңдығымен екеуі тізерлеп тұрды. Жаңадан тағайындалған епископ Танжерский дәрежелі бас киім киіп, асатаяқ ұстап шіркеу киімдері сақталатын бөлмеден шықты да, құдай атынан олардың некесін қиюға кірісті.
Оларға әдеттегі сұрақтарды қойып, жүзік алмастыру рәсімін жасатып, бір-біріне шынжырдай қосақтайтын сөздерін айтып болған соң, ол христиандық құлық жайлы уағызға ауысты. Ерлі-зайыптық адалдық турасында ол ұзақ та көтеріңкі леппен сөйледі. Бұл өзі сұңғақ бойлы, толық денелі, қозы қарны өзіне жарасып тұратын сүйкімді адамдарға жататын еркек еді.
Біреудің жылаған даусына біраз адамдар бұрылып қарасты. Вальтер ханым қолымен бетін басып алыпты.
Ол келісім беруге мәжбүр болды. Басқа не істей алар еді? Алайда үйіне қайтып оралған қызын сүюден бас тартып, бөлмесінен қуып шыққан күннен бастап, алдына келіп әдеппен иілген Дю Руаға: "Мен білетін адамдардың ішіндегі ең арамы сізсіз, бұдан былай бетіме қарап сөз айтпаңыз, бәрібір жауап ала алмайсыз", — деген күннен бастап, ол үшін өмір сүру тек азап пен қиналысқа айналды. Ол Сюзаннаны жек көріп кетті: бұл арада аналық және ашыналық қызғаныш араласып, үңірейген ашық жараға тұз сепкендей іштен кеміріп жеумен болды.
Ал мына жерде епископ екі мыңдай адам мен өзінің көз алдында өз қызы мен ашынасының некесін қиып жатыр! Ал өзі аузын ашып бірдеңе деуге дәрменсіз. Мына сұмдыққа кедергі жасай алар емес. Бар даусымен айқай салып: "Ол менікі, мына адам менің ашынам! Сіз қылмысты одаққа бата бермеңіз!" — деп айта алмайды.
Кейбір көңілшек әйелдер:
— Байғұс ананың іші уылжып тұр-ау! — десіп жатты.
— Сіздер бұл әлемдегі таңдаулы жандарға, ең құрметті де дәулетті адамдар қатарына жатасыздар, — деп епископ уағызын жалғастырды. — Сіздің мүмкіндігіңіз, шапағатты мырза, сізді өзгелерден оқ бойы озық етіп тұр, сіз жазу арқылы өзгелерді үйретесіз, тәлім бересіз, бағыт-бағдар нұсқайсыз, сіз халыққа жол көрсетуге тиісті адам ретінде үлгілі өнеге иесі болуыңыз керек...
Дю Руаның көкірегін мақтаныш кернеді. Осының бәрі римдік-католиктік шіркеу князьдерінің бірінің аузынан шығып жатыр-ау. Ал өзі желкесімен әлгі айтылған халық демін, осында өзі үшін келіп тұрған тобырды сезініп тұрды. Ол өзін бір күш көтермелеп, аспандатып бара жатқандай сезінді. Ол әлемді билеушілердің біріне айналды, ол — ешкім білмейтін Кантель тұрғындарының бірі!
Кенет ол кең-байтақ руандық алқаптағы жота төбесіндегі қарапайым асханада ауылдастарына қызмет етіп жүрген әке-шешесін көз алдына әкелді. Водрек мұрасын алғанда оларға бес мың франк жіберген болатын. Енді елу мыңын бір-ақ салып жібереді, ал олар оған жерімен қоса жеке үй сатып алады да, бақытты да шат өмір сүретін болады.
Өзінің уағызын аяқтаған епископ алтынды шапаны жарқырап мехрапқа қарай беттеді. Орган тағы да жас жұбайларға арналған мадақ жырын аспандата жөнелді.
Ара-арасында оның көмейінен суырыла шыққан сұрапыл теңіз толқыны тәріздес қуатты үн найзағай шатырлағандай құдіреттене кернегенде, үй шатырын қақырата быт-шыт етіп, көгілдір аспанға сіңіп жоғалатындай болып көрінеді. Храм қабырғасын солқылдатқан бұл діріл адамдар тәні мен жанын жапырақтай қалтыратып жібереді. Бұл үн кенет бәсеңдеп, енді құлаққа жеңіл сазды әуен самал желдей аймалай жетеді. Ойсыз, әуелеген әуен бірде тамшылай тамылжып төгілсе, енді бірде әуеде .қалықтаған құс қанатындай дірілдей толқып тұрып алады. Тағы бір сәт ұсақ құм түйіршіктері бірігіп, тұтас әлемге айналып шыға келгендей екпіндеп, біртіндеп кеңейе, күшейе түсіп, қатал әлем көрінісіндей қуатты әуенге қайта ауысады.
Одан кейін төмен иілген бастардың төбесінен адам үні сорғалады да кетті. Бұлар Опера әншілері Ворн мен Ландек еді. Мехрап маңында бір құпия іс жүзеге асқандай, діндарлардың шақыруымен, барон Жорж Дю Руаның салтанатына қасиетті батасын беру үшін жерге адам-құдайдың өзі түсіп, үн қатып тұрғандай сезілді.
Сюзаннаның қасында тізерлеп тұрған Сүйкімді дос басын иді. Осы сәтте ол өзін нағыз құдайға берілген адамдай сезінді, өзіне ақ жол ашып, байлыққа белшесінен батырған құдайдың жарылқаушылық құдіретіне шексіз ризашылық білдіргендей еді. Кімге екенін бұлдыр сезінсе де, ол осынау береке-байлыққа қолын жеткізгені үшін алғысын аямай жаудырды.
Рәсім аяқталған кезде ол орнынан тұрып, әйелінің қолынан ұстаған күйі шығар есікке беттеді. Осы сәтте құттықтаушылар нөпірі оған лап қойды. Жорждың бақыттан басы айналып кетті, — ол өзін халқы қолпаштап жатқан билеушідей сезінді. Ол иіліп-бүгіліп, мән-мағынасыз сөздерді қайталай берді. "Мен ризамын, ризамын", — дей берді ол құттықтаушыларға.
Кенет ол Марель ханымды көріп қалды, сол сәт оның сүйгені, еркелегені, тентек қылықтары есіне түсіп, құлағына даусы мен аузына ернінің дәмі келгенде, — оның қаны басына шапшып, әйелді құшып-сүюге ынтызарлығы қайнап шыға келді. Ол бұрынғыша сұлу да сүйкімді көрініп, көздері баяғыша жайнап тұрды.
"Дегенмен ашыналықта оған жан жетпейді!" — деп ойлады Жорж.
Азырақ қипақтап, сақтана қараған әйел оған жақын келіп қолын созды. Жігіт ол қолды алақанында ұзағырақ ұстап қалды. Сол сәтте ол саусақтардың оған бәрін кешіргенін, қайта шақырғандай нәзік қимылмен қысқанын сезді. Жігіт те бұл қолға: "Мен сені бұрынғыша сүйемін, мен сендікпін!" — дегісі келгендей қысып қойды.
Олардың көздерінде жарқыл ойнап, бірі-біріне күлімдей, ынтыға қарасты.
— Тезірек кездескенше! — деді әйел майыса тіл қатып.
— Тезірек кездескенше! — деп көңілдене жауап қатты ол.
Әйел бұрылып кетті.
Оның орнын басқа құттықтаушылар басты. Халық нөпірі толассыз ағылуда. Ақырында баяулайын деді. Соңғы құттықтаушылар да шығып бара жатты. Сюзаннаны қолтықтап Жорж далаға беттеді. Жаңағы құттықтаушылардың барлығы өз орындарына оралып, жас жұбайларды шығарып салу үшін тосып тұр екен. Дю Руа асықпай аяңдап, басын асқақ ұстаған күйі шіркеу есігінен төгілген күн сәулесінен көз алмай келе жатты. Оның денесі асқан бақыттылық сезімінен түршігіп кеткендей болды. Ол ешкімді көрмеді. Ол тек өзі жайлы ойлап келе жатты.
Есіктен шыға бере ол шуылдап тұрған қарақұрым тобырды, осында өзін, Жорж Дю Руаны — көру үшін келген халықты көрді. Париж халқы оған қызғанышпен қарап тұрды.
Одан әрі көзін көтерген кезде ол Келісім алаңының шетіндегі депутаттар палатасын көрді. Оған өзі Магдалина шіркеуінің табалдырығынан Бурбон сарайының табалдырығына дейін бір-ақ аттап жететіндей сенім пайда болды.
Ол көрермендер анталай қоршап тұрған биік шіркеу баспалдағымен асықпай аяңдап түсіп келе жатты. Бірақ көзі ешкімді көрген жоқ. Ол ойша әлгі бір сәтке қайта оралып, көз алдынан төсекте жатқанда ылғи бұйраланып қалатын самай шашын айна алдында жөнге келтіріп тұрған Марель ханымның бейнесі күн сәулесіндей жарқырап кетпей тұрып алды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі